Асылдың сынығы
Жаралы жүрек жарасы
Самайына ақ шаш біткен Айсұлу әжем кеш қарайған кезде тілінен бал тамған ертегілер айтудың шебері болатын. Бірақ бұл жолғы бастаған ертегісінің мәні де, мағынасы да, астары да, бір ғасырға татитын ұмытылмас тарихтың алғашқы беттері болатынын, сонда мен, білмеген едім. Әжем айтқан сол кештегі әңгіменің қыр-сыры қанша уақыт өтсе де жадымнан кетпепті. Сірә, сол кезде бұл жай айтылған өмірлік сабақ емес, Айсұлу әженің естелік аманаты екенін қазір түсіндім.
-Апа ертегі айтшы?- деп еркелеген күйі әжемнің қойынына тығыла кеттім. Кеш қарайған кез еді. Осы күнге дейін сол кешті есіме алсам, қарт ертегіші апамның үстінен шыққан тәтті күлшенің иісі мұрыныма келіп, балалық шақтың тәтті дәмі ауызыма келеді де тұрады.
- Әй, балам, қой кеш қарайды, апаңның да ертегілері таусылды, жата ғой ботам, - деп маңдайымнан иіскеп маған күлімсірей қарады.
Ұл балалардың арасында өскен жалғыз қыз болғандықтан ба кім білсін, жастайымнан ерке болып өстім. Үйдегі үлкендердің барлығы бетімнен қақпай, айтқанымды екі етпейтін. Әсіресе, Айсұлу әжеме етене жақын болатынмын. Әке-шешем жұмыс басты адамдар болғандықтан бар бос уақытымды әжемнің қасында, ошақ басында өткіздім. Сондықтан да әжем мен балалық шағымның оралмас шаттық кезеңдері бір-бірінен ажырамас болып көрінеді.
-Айтпасаң жатпаймын, - деп мен де қырсығып жатпай, отырған күйі аузымды бұртитып, қабағымды түйіп алдым. Білмеймін, менің еркелігім ба, әлде сол кеш қарт анама көңілсіз естеліктің белестерін ашты ма, кім білсін. Қарт ертегіші маған мейірлене қарап, көзіне келген жасты білдірмейін деп, ақ орамалының шетімен жанарын сүртіп, өз әңгімесін бастады.
- Үлкен атаң, менің әкем Даданбай - ертегілерде айтылатын үйір-үйір жылқы айдаған, бір сөзбен айтқанда төрт түлігі сай, бір ауылды аузына қаратып отырған басшы, әрі бай адам болатын. Мен оның үш қызының үлкені болатынмын. Анам кедей отбасынан шыққан хас сұлудың нақ өзі еді. Әкем анама әрқашан үлкен сыйластықпен қарайтын. Тек дүниеге қанша ұл келсе де ерте шетінеп кететініне қатты налитын. «Бір ұрпақ жалғастырар мұрагерге зар болдым», - деп кейде өкпе ренжішін анама айтып қалатын. Апам әрқашан, «Даданбайдың бәйібшесі байдың көзі тірісінде артынан қалар тұяқ тумады», - деп, ел артынан сөз етеді деп, қатты уайымға салынып жүруші еді. Алладан жатса да, тұрса да бір ұл беруін сұрап, орнына өз жанын құрбан етуге даяр екенін күнде айтып құлшылық ететін. Құлшылығы бекер болмағананын уақыт өте келе біз түсіндік. Анам жүкті болып, тоғыз ай көтеріп айы мен күні толған кезде мені жанына шақырып ұзақ әңгіме айтты. Сол күнді есіме алсам осы уақытқа дейін өзімді қатты кінәлі сезінетінім бар. Неге сол сұхбаттың соңғы екенін сезбедім екен? Неге құшағына жармасып мейірлене иіскеп алмадым екен? Неге бұл анамды тірі көріп отырған соңғы мүмкіндігім екенін білмеген екем? Сол кеш менің өмірімдегі өкінішпен өткен кешім екенін кейін білдім. Жанарының ұшқыны таймаған ақ дидарлы анам, кейде көзімді жұмсам маған сол кештегі жанарының астындағы астарлы құпияға толы сырлы көзімен маған қарап тұрғандай сезіледі. Тіпті махаббат пен мейірге толы қоңыр дауысы құлағыма келіп тұрғандай болады. Сол шақта тұла бойымды бір белгісіз күш билеп жылағым да, қуанғым да, өзіме-өзім ашуланғым да келеді де тұрады. Әттен, ертегілердегідей сыйқырлы шамым болса ғой, тіпті үш тілегімді орындамай-ақ қойсын, тек мені сол кешке қайтып апарса ғой, шіркін. Кейде адам қиялының шексіздігі сонша, қайтып барсам не айтатынымды, не қылатынымды ойлап қойғанымда бар. Әттен! – деп апам ауыр күрсініп әңгімесін жалғастыра жөнелді.- Анам сол күні көп сырын шертті, уақыты таянғанын сезінді ма кім білсін. Маған әңгімесін тәмамдай келе уәде беруімді өтінді.
- Сұлуым, мен алда – жалда жарық дүниенің есігін жауып кетіп қалсам...
- Апа не деп тұрсыз, бұл қай сөзіңіз, - деп сөзімді бастай беріп едім. Анам мені тоқтатып тастады.
- Тыңда балам, бұл менің саған айтқан аманатым болсын. Егер мен қастарыңда болмасам сіңлілеріңе бас-көз өзің боласын деп сенемін. Әкеңе де көз қырын сала жүр. Ең бастысы мына дүниеге келетін сәбиді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіресің деп сенемін. Білем саған ауыр жүк артып отырғанымды. Бірақ сен осы сынақтан сүрінбей өтетініңе де сенемін, - деді де толғағы қысып жіберді ма, әлде жүрегі сыр берді ма білмеймін, кенеттен сөз ортасында анамның бет жүзінде ауыр сызаттың белгісі білінді де, кеудесінен ащы дауыс сыртқа шықты. Мен шошып кеттім. Алайда қай бала анасының өлетініне көнгісі келеді дейсің. Сәбилік пәктікпен жаман ойларымды жоққа шығарып, апамның бұл сөздері жай толғақтың ауырлығынан айтылған шығар деп, қолынан қатты қысып тұрып, еш уайымға салынбасын деп:
- Иә, апа уайымға салынбаңыз уәде беремін, - дедім де, көзімнен жас ыршып кетті, сол сәтте анамды құшақтайын деп икемдене беріп едім, бала босандыратын Әнипа апа келіп қалыпты. Емші әже қолымды қағып жіберіп, маған сұстана қарады да:
- Тәйт, бұл не қылған бассыздық, жылап жамандық шақырғаның не, шық анаңды одан сайын уайымға сала берме, - деді де мені киіз үйдің сыртына шығарып салды. Сыртта мені кенже сіңлім Тоты тосып тұр екен. Менің жасқа толы көзімді көріп, үндеместен құшақтай кетті.
- Әпке қапаланба деймін апам аман болады. Әлгінде Әнипа апаның әкеммен сөйлескенін естіп қалдым. Бәрі жақсы болады деп кепілдік берді. Ол кісі көпті көрген жан емес пе, өтірік айта қоймас. Қой кеш қарайғанда сенің көз жасыңды бұлдап тұрғаның болмас, жүр үйге баралық. Әкем тойға қамданып жатыр. Әнші сері ағалар да келіп қалған шығар, жүр, ауылдың алты ауызын естіп қайталық, - деп мені үлкен үйге ертіп кетті.
Қас қарайған шақ еді. Ауыл халқы малдарын жайғастырып у-шу болып жатыр. Таудан соққан самал жел қос бұрымымды сипалап тұрғандай. Аспанға көз жүгіртсем алғашқы жұлдыздар қылаң беріпті. Ауылдың таза ауасы кеудме жетпей тұрғандай сезімде келем. Жан-жағымды әйнекпен қаптап тастағандай. Тұншыққандаймын. Тоты уайымдамасын деп сездірмей келем. Бәлкім, «анамды ойлағаннан болар», деп ішімнен түйдім. Сіңліме қарасам, оның да дидарынан бір ауыр ойдың елегінде келе жатқаны білініп тұр. Әңгіме айтып көңілін көтерейін десем, жадымнан барлығын өшіріп тастағандай, тек апам жайлы қобалжыған сезім қалыпты. Үйге қалай жеткенімізді сезбей де қалдым. Кілең ауыл жастары біздің аулада жиналып қалыпты. Алыстан ақсақалдардың дауысы естіледі. Үйде қызу әңгіме айтылып жатқандай...
Кеш көңілді өтті. Апамдардан таңға дейін хабар болмады. Жалшы бала екі-үш рет менің өтінуіммен босанатын киіз үйдің жанына барып тың тыңдап келіп отырды. Хабар жоқ. Таң қылаң берген кезде қонақтар жайғасып ауыл тыныштыққа оранды. Қанша уайымға салынсам да қатты шаршағаннан ба, әлде көппен бірге той қызығына құмарлана қанып мен де ұйқыға батып кеттім. Қанша жатқанымды білмеймін, мені біреу қатты түрткендей болды. Атып тұрып көзімді ашсам, жанымда көзі қып-қызыл Тоты отыр екен. Не сұрарымды. Не айтарымды білмей мен де сілейіп қарап қалыппын. Өңім бе, түсім бе түк түсінсем бұйырмасын, есімді енді жия бергенде, жанымызға Аққыз да қызарған көздерімен жетіп келіп мойыныма асыла кетті.
- Апам... Апам... Апам... – деді де өкси жөнелді.
- Апама не болды? – деп сіңлілеріме айғай салдым. – Таң атпастан не болған сендерге? Апам аман ба?
- Апам... Апам ұл тапты!
- Бұл жақсы жаңалық емес па? Жылағандарың не?
- Апам есін жинай алмай жатыр. Әнипа апа барлығың жиналыңдар деді. Әкем көңілсіз. Не болғанын бізге жарытып айтып жатқан жан жоқ. Тек апама кіргізбей, Сұлумен бәрің бірге келіңдер деді емші апаның көмекшісі.
Бір жаман суыт хабар айтқалы жатқанын ішім сезгендей болды. Атып тұрып үстіме шапанымды жаба сала, сыртқа жүгіріп кеттім. Қарсы алдымнан әкем шықты. Түрі сұп-сұр, маған бірдеңе айтқысы келіп тұрғандай көрінді. Бірақ мен ауызымды ашқанша сырт айналып лезде жоқ болып кетті. Артымнан Тоты мен Аққыздың айғайлаған дауыстары естілді. Бірақ мен тоқтамадым, жүгірген бойы киіз үйге жетіп келдім. Есік тас жабық. Сыртта толып жүрген адамдар. Бәрі біздің ауылдың халқы. Құлағым ештеңе естімей қалды, таза бір саңырау адамдаймын. Бәрі мені құшақтап жылап бірдеңе айтып жатқандай болады. Бірақ мен олардың дауысын ести алмай тұрмын. Жабық тұрған есікке қараймын. Ашып кірейін десем аяқтарым басқа біреудікіндей мені тыңдамайды. Ебедейсіз құбыжықтар секілді қолдарыммен жан-жаққа сермегендеймін, бірақ қол-аяғыма тас біткендей қозғала алмай тұрдым...
Көзімді ашсам тас қараңғы. Жан-жағымда тірі жан жоқ. Болғанның бәрі түс екен деп, іштей қуанып қалдым. Бісімілләмді айтып, орнымнан тұра бергенде, үй сыртынан жоқтау айтып зарлап жатқан ауыл әйелдерінің ащы дауыстары құлағыма келіп естілді. Мен аулаға жүгіріп шықтым. Үй маңы толған адам, бәрі көңілсіз. Аспанда түнеріп кеткендей. Уақыт шамасы неше болғанын жорамалдай алмай тұрмын. Кімнен сұрарымды білмеймін. Қазір жолап қалсам, бір жамандықты бастан кешетіндеймін. Не болса да естиін деп ауылдастарыма қарай оқтала беріп едім, көзіме жансыз адамдардай есік жанында отырған Аққыз түсті. Есінен танып қалған ба, білмеймін. Түрі суық, сіңлім қартайып кеткендей көрінді. Жанарының оты сөніп, өмірден күдер үзген адамдарша айдалаға қарап отыр.
- Аққыз, Аққыз, - деп айғай салдым. Жанына жетіп барып, тұрғызайын десем маған қарамайды, тек көзінен жасы тоқтамай аузымен жай ғана бірдеңені күбірлеп отыра берді. Не деп жатқанын тыңдайын деп құлағымды тоссам:
- Апам менің апашым неге кетің, бізді неге тастадың – деген сөздерді ести сала есімнен алжасқандай күйге ендім. Апам өлген екен ғой...
Сол күні әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Тек жүрегімдегі ауыр сызаттың орны ғана осы күнге дейін ана махаббатынан айырылу жарасының қаншалықты үлкен азап екенін ұмыттырған емес. Ал жас келе жүрек құрғұр сыздап күніне бірнеше рет ауыратынды шығарды. Жә, бүгінге жетеді, ертең аман болсақ жалғастырармын, - деді де апам орнына барып жата қалды. Мен үнсіз жатып қалдым. Бөлме тыныштығын әжемнің көзінен аққан жастардың ауыр тамшылары жаңғыртып жатқандай сезілді. Сол сәтте не айтарымды, апамды не деп жұбатарымды білмедім. Мен де үнсіз жанарымдағы жасты сүртіп ойға шомып, қалай ұйықтап кеткенімді сезбей қалыппын.
Сол күннен бастап, апамның қолы қалт босап қалса болғаны жанына жетіп барып ата-бабамның өмірлік тарихын естуге құмар болып алдым. Әжем, «Әй, балам», - деп жанарының жанына жиналып қалған әжімдерін жастан сүртіп қойып, маған күлімсірей қарап өмірбаянының сырын шертетін. Сол кезде неге көзі жасаурап тұратынын түсінбейтінмін.