Құраубай
Мынау бiздiң ауыл. Орта Азия қақпасы - Арыс қаласына апарар үлкен жолдың күншығыс бетiнен үркiңкiреп барып кейiндеу қоныстанған елдi мекен. Кәртөшкенiң қарығындай түп-түзу үш көшенiң қос қапталына сымға қонған қарлығаштай қатарласа қалған жүз шақты үйi бар.
Темiрлан-Арыс трассасынан еменнiң иiр бiткен бұтағындай бөлiнiп шыққан асфальт жол ауылымыздың батыс жағын қақ жарып өтiп, бiзден әрiректегi «Мәдениет», «Семхоз» деген ауылдарды аралап барып таусылады.
Үлкен жолдың бұрыла қашқан бұл тармағы әлгi айтқан ауылдарға сiңiп жоғалғанымен, одан әрi топырақ жолға ұласып, кең даланың қойны-қонышын аралап кете барады. Бiлетiндер, шиырланған бұл «ұры» жолдар Ташкентке мал артқанға жақсы, сырт көзге шалындырмай, жеңiл жеткiзедi дейдi. Ол сөздiң де жаны бары рас. Қайта құруға дейiн «Камаз» мiнiп, қауын-қарбыз, бәдiрең, помидор, алма артқан «поливальщик» дейтiн пайда тапқыштар қу даланы көктей өтiп, бiздiң ауылға жетiп, оның таң қараңғы тыныштығын тiлгiлеп, «қызыл шәпкiлiлердiң» көзiне түспей, құтылып кетуге тырысатын. Әсiресе, бұл қалай көктем қылтиысымен-ақ қоңыр күздiң мол дастарханы қазан болғанша бiр таусылмайтын. Көбiнесе түнде, кейде күндiз де «Камаздардың» ышқына ауыр жүк тартқан үндерi естiлiп тұратын. Пайда тапқыштардың бұл жолды таңдап алуында үлкен гәп бар екен. Ташкент төңiрегiнен 150-200 шақырым iз салып осында келгенше - қауiпсiз, кең далада жол тосар көкатты жоқ. Ал, асфальт жолмен Шымкент айнала алмайсың. Жолшыбай араша талайды. Әрi ұзақ, шығыны көп. Бiздiң бағыт оңтайлы. Осы жерден бiр өтiп алса, қыр қуалап Қызылқұмның құмына судай сiңiп, билiк бермей кетедi. Ары қарай Қазақстанның көкөнiске қат боп отырған облыстарына, жүрегiнiң түгi барлары итжеккен жер - Сiбiр өлкесiне дейін кете беретiн көрiнедi.
«Жар басындағы жантақты жанына безген нар жейдi» демекшi, сол жылдары осы «поливальщиктерге» байланысты күлкiлi оқиғалар көп естiлетiн. Е бар, е жоқ деп қиын сапарға бел буып, шыбын жанын шүберекке түйiп шыққан пайда тапқыштар кейде қорқынышты да қатал келетiн. Айдалада атысып, жол тосқан милициялардың машинасын жаншып та кеткен кездерi болған. Қаншасы ұсталып, сотталып жатса да, сол жылдары оған бiратала тиым салу мүмкiн еместей көрiнетiн.
Басқаны былай қоялық, әңгiме еткелi отырған белдi кейiпкерiмiз Құрайбайды алалық. Ол бұдан бұрын өзiнiң айтуынша, «Заман жақсы, қарын тоқ, қайғы жоқ» кезде Арыс қалалық милициясы күзет бөлiмiнiң бiраз жыл нанын жептi.
Арыс ауылға тиiп тұр. Бар-жоғы 15 шақырым. Сегiз сағаттық жұмыстан соң қолы бос. Басқалар қайдан бiлсiн, сөйтсе, ол «қып-қызыл» киiнiп, жол ториды екен ғой. Әр машинадан пәлен сом қағып қалатын көрiнедi.
Алғашында халық қалың ұйқыға шомғанда ғана өтiп кетуге тырысатын «Камаздар» келе-келе құдайдың тапа-тал түсiнде ел-жұртты таңдандырып гүжiлдеп өтетiндi шығарған. «Қап, мыналардың басынғанын-ай, сескенудi қойды ғой, жүдә. Бiреулермен әбден ауыз жаласып алған. Әйтпесе, о заман да, бұ заман ұры-қарының бұлай тасыраңдағанын қай атаңнан көрдiң» деп жаны жәннатта болғыр ауылдың әлдеқашан көз жұмған қариялары өстiп айтып отыратын.
Сөйтсе, оларға жарқыратып жол ашқан Құрекең екен. «Дәндеген қарсақ құлағымен iн қазады». Сол Құрекең өзiнен өзi ағып кеп жатқан ен байлықты мiсе тұтпапты. Қозы қарыны бұлтиып, қортық бойы домаланып, бетi майланып жылтырай бастағаннан-ақ «салықтың» салмағын екi есеге артырып жiберсе керек. Тиын санап, тау асқан олар бұған қайдан көнсiн. Бұрынғыдан асарымыз жоқ. Көнсең мiне, көнбесең аулақ жүр дептi. Бiр күндерi «Не дейсiң, ойбай, Құраубай үш «Камазды» Арысқа ұстап апарып, олардың әке-көке деп жалынғанына қарамастан, милиция бөлiмiне тапсырса, олар актiлеп, магазинге салып, тиын-тебенге саттырып жiберiптi деген сөз гу ете қалды. Сөйтiп, межелi жерiнде тiлегi бiр сомнан айналатын қанттай тәттi қауын-қарбызға арыстықтар қарық боп қалыпты. Есiл еңбегi итрәсуә болған «поливальщиктер» әкесiн өлтiргендей күреңiтiп, қабырғаларына қан қатып кетiптi дескен ел. Содан ауылдың шаңы басылып, күшенген «Камаздар» үнi саппа тиылып қалған едi. Әйткенмен, сирек те болса, түннiң елеусiз бiр уағында ұрланып өтiп жүргендерi болды.
Сонда да алдын тосып жанын қоймаған болу керек, бiр күнi ертелеп қоза баптауға шыққан тракторшы Әскен жол жағалай өскен қара ағаштардың бiрiнде байлаулы Құрекеңдi тауып алыпты. «Камаз» мiнген қулар бұтын жалаңаштап, талға таңып кетiптi. Сар жағал мотоциклi тырқ-тырқ оталып қасында тұр дейдi. Өтiрiк-шынын қайдам, естуiмiзше, аузына өңкей бiр сомдықтың жиырма шақтысын сиғанынша ұмаждап тығып кетiптi. Аузы босаған Құрекең «Айналайын, құлдығың болайын, ешкiмге айта көрме» деп жата жалыныпты.
Әскен дiнi берiк, уәдеге тұрақты, шаруа баққан момын жан ғой. Көзi ғана жылтырай күлiп, үндемей кетiптi. Бұл кейiн Құраубай жұмысынан қуылғасын тараған әңгiме ғой. Соның ертесiне отыз екi тiстен шыққан сөз дүйiм елге тарап, масқара болам ба деп уәйiм жесе керек. Құраубай қоза басындағы Әскенге жүз сом апарып берген екен, анау алмапты. Қайта «Мұныңыз не, аға-ау, қарызыңыз жоқ едi! Бiр ауылда тұрып, бiр арықтан су iшiп отырып, ақшаға ар сатқанымыз, сөз сатқанымыз ұят қой» деп кеңк-кең күлiп, ақшаға қол тигiзбептi.
Оқиғаның мәлiм болуы милициялардың өз ортасынан шығыпты. Сымсыз телефонды тыңдаушылар оларға «Камаз» мiнгендердiң өздерi сыбырлап кетiптi» деседi. Содан гу-гу, жас-кәрi Құраубайдың аузы толы ақша, жалаңбұт байлаулы тұрысын айға жуық жыр ғып тауыса алмай жүрдi. Милицияның саржағал мотоциклi содан қайтып ауылға келген емес. Құрайбайдың да қарасы өте сирек көрiнетiн. Бұрынғыдай көлiк мiнiп керiлмейдi - жаяу. Үстiнде өкiметтiң формасы жоқ, кәдiмгi киiм.
Бiздiң кейiпкерiмiз көзге шыққан терiскендей ауылда бос көп жүрмедi. Өмiр сүрудiң техникасын бiршама бiлiп, жөн-жосығын түсiнiп қалған ба, Арыстағы АЗС-ке бензовоз айдаушы боп шыға келдi. Астында су жаңа машина «Газ-53». Қашан көрсең-қара жолды қақ айырып аңыратып жүргенi.
Ауыл-аймақта жеңiл машина көбейген кез. Әсiресе, жағар май мақта терiмi кезiнде қасқалдақтың қанындай көзден бұлбұл ұшады. Осы кезде Құрекеңнiң қолы жүрiп бередi. Пұлын уыстап отырғандардың бiр түнде бөшке-бөшкесiн толтырып кете бередi. Бәрi есептеулi: оны қайдан алады, оны көк тәңiрiнiң өзi ғана бiледi.
Ал, бiз ол жағына тереңдемеймiз. Бiлетiнiмiз сол - Құрекеңнiң қай жерде жүрсе де, жұмыртқадан жүн қырқар жылпостығы. Дәлiрек айтқанда, пайда тапқыштығы. Мiнезi де құлыптаулы қара құлып сияқты. Iшкi сырын өзiнен өзге бiлер пенде жоқ. Айтса әйелiне айтар. Бiрақ, егде еместiгiне қарамастан, бiрiнiң аузына бiрi түкiрiп қойғандай, ол да ернiн жыбырлатып амандасудан арыға аттамайды. Қашан көрсең, тұнжырап жабық жүргенi.
Сонымен, бiздiң Құрекең есiктiң алдына завод майы әлi кеппеген қан қызыл «ноль алтыны» арқандағалы мұрнына құрт түсiп кеттi. Ханыңа сәлем бермейдi. Барар жағыңа жете алмай, жолда қалып бақырсаң да қарамайды, бетi бүлк етпестен өте шығады. Содан ба, ауылдағылар оны соңғы жылдары бардың санатынан шығара бастаған.
Ауыл болғасын, ауылда тола адам болғасын, онда қайнаған өмiр болғасын оның тiршiлiгi қайдан тоқтасын. Күн сайын өзгерiс, жаңалық. Ара-тұра, кейде жиi ауыл адамдары тайлы-таяғымен жиылып, дүние есiгiн ендi ашқан балбөбекке бауы берiк болсын айтып, әйтпесе алтын босағаға алғаш аттаған айдай сұлу келiнге құтты болсын айтып немесе татар дәмi таусылып, тiршiлiк түндiгiн түсiрген кәрi-жасқа қайырлы болсын айтып, жақсы-жаманшылығын ортақ көтерiп, жылы туыс көңiлiн бiлдiрiп, бiр қазаннан ас iшiп, бауырмалдықпен тарасып жатады.
Көпшiлiк байқағыш ғой: қой ғана көтерер семiздiктi Құраубайдың көтере алмай жүргенiн сезедi. Осылай сырттай сөз еткенмен, бетпе-бет ешкiм тiс жарған емес. Ол отырған жерде оның бар-жоғы еленбейдi. Әркiм өз шаруасын күйттегенсiп, әңгiмеге қоспай сөйлеседi. Бұған шамырқанатын шығар - Құраубай көп отырмай кетiп қалады. Сондықтан ба ондай жиынға өзi де жуымайды, суқаны сүймейдi.
Ауылда өскенмен, тыста жорытқаны көп. Ол үйден ешкiм бөлiмше жұмысына араласып, қолына кетпен ұстамапты. Әйелi бес-алты карадомалағына қарап, қоғамдық жұмыстан қалғалы қай заман! Өзi болса, тыстың тарысын терiп жеп жүр. Және ол маңдай тердi теңiздей қажет етпесе, Құраубайдың қара жұмысқа басының пiскенi бар ма? Жап-жаңа бензовоз, жап-жаңа «Жигули» зырылдап жүрiп жатқаны анау. Бұдан артық не рахат керек?
Ауылдастары осылай ойлағанымен, асылық болыпты. Сөйтсе, бұл рахат өмiр Кұрекеңе жетiмсiз көрiнiптi ғой.
Бiр күнi «Ойбай, не дейсiң, Құраубай әлгi Әбдiбектiң әйелiн құртып қоя жаздапты» деген сыпсың сөз күзгi суық желдей үй-үйдi аралап кетсiн! Бақсақ-бақа екен дегендей, әңгiме былай болыпты. Бадамдағы мұнай базасынан бензин толтырып, әндетiп Арысқа тартып келе жатқан Құрекең ауылдағы Әбдiбек деген сушы жiгiттiң төркiндеп, үйiне қайтып келе жатқан әдемi келiншегiн жолдан мiнгiзiп алады ғой. Төңiрек көкжасыл әлем. Қара жолдың қос қапталы тұнып тұрған қырмызы гүл маужыраған майдың жұмсақ самалымен қуана қол бұлғап, қимай қоштасып қалып жатса керек. Құрекең де кәдiмгi сау-саламат он екi мүшесi бар көп пенденiң бiрi емес пе?! Өз тiл шеберлiгiне салып, бiраз нәрсенiң басын қайырса керек.
Әптiштiң сұлу екенiн, бiр жаманға қор боп отырғанын, ауылға келiн боп келгелi ғашықтықтан итқұса боп, оңаша бiр кездесудi тәңiрден көптен тiленiп жүргенiн, өз әйелiне көңiлi толмайтынын, құда қаласа осы жазда Қырым асып, қыдырып қайтпақ ниетi бар екенiн, мақұл десе еркелетiп ерте кететiнiн, шаш-етектен дүниесi жететiнiн жол үстiнде келе жатырмын, адал шыным деп бар ойын жасырмай сыр ғып айтады ғой.
Өзiнен мүшел жас үлкен қағынған қақпас қайнағасының айтқан әуейiн әзiлге шаптырып Әптiш ыңғай бермептi. Ашуланбағасын Құрекең дәмеленiп, моторға су құямын деп машинасын хош иiсi аңқыған қалың жиде талды Арыс өзенiнiң жағасына бұра бередi ғой.
Ар жағы не болсын, денесi тып-тығыз, сұлу өңдi Әптiш құрбақаның тамағындай қарны былқылдаған Құрекеңнiң өңiрiн айырып, бетiнiң шиедей қанын шығарып, қашып кетедi. Арты әупiрiмдеп әрең тынады. Ауыл ақсақалдары басу айтып, заң орындарына арыздандырмай әрең алып қалыпты. Ел Құрекеңнiң қатыны Қатира әңгiртаяғын ойнатып, ендi төбесiн оятын шығар. Жүдә болмағанда, қараборбайларын шұбыртып елiне кетiп қалар деп қауiптенген. Өйте қалса, басалқы айтпаққа да бекiнген едi. Қайта Қатираның «есi» бар екен. «Еркек иттi көрсе иидi!» деген. Көзiн сатып жүрген ол қаншықтың өзi да. Әйтпесе, бiреудiң қаңсығына таңсық болатындай, бiздiң байдың басына не күн туыпты?» де-еп отыр дейдi.
«Е, тәйiрi... жөн... жөн...» деп кiмдi қостағаны белгiсiз ауылдың ақсақалдары жадырай күлiп, әйтеуiр ел iшiнiң ала тайдай бүлiнбегенiне қуаныпты.
Кiшiгiрiм күлкiлi жәйт Құрекең үшiн iзсiз кетпедi. Нан жеп отырған жұмысынан айырылып қалды. Мұнай базасының бастығы коллективтi масқара еттiң, ашылған ауыздың айта жүрер анекдотына қалдырдың, қайда барсаң, онда бар деп босатып қоя берiптi. Содан бiраз жердi түрткiлеп көрген екен маңайлатпапты. Өзiмiзде де сокращение-орын жоқ деп ат-тондарын ала қашыпты. Басар жер, барар тауы таусылғасын қайтсын жақында ғана сал ауруға ұшырап құлап қалған Қосайдың қарауылдығына қабылданады.
Ауылда егiстiкке түсер бейсауыт мал некенсаяқ. Көктем шыға ауыл адамдары он шақты қозылы қойын жекеменшiк мал бағатын қойшыға тапсырады да, жиын-терiм бiткесiн-қазан айында қайтып алады. Ала жаз сөйтiп қоғамдық еңбекпен алаңсыз шұғылданады. Ал қолдағы бiр-екi тана-торпағын, сауын сиырын күнделiктi падаға қосып, кешқұрым күтiп алады. Бұл мiндет көбiне әке-шешелерi жұмыста ауыл балаларының үлесiне тиедi. Олар қарауыл қамшысының қаншалықты ұзын, жыландай ысқырғыш екенiн жақсы бiледi. Сондықтан ауыл төңiрегiне егiлген мақталық, жүгерiлiк, жоңышқалыққа түсiрмейдi.
Соңғы жылдары суармалы егiстiктiң үлес салмағы арттырылып, ауыл маңындағы Иiрiм, Қазанарық деп аталатын үлкен қос арықтың арасындағы бос шұрайлы жер мен Байжанкөл деген құр аты қалған көл табаны игерiлiп, қазiр ол жер көкжасыл егiске айналған. Жыл сайын тонна-тонна арпа, бидай, мақта, жүгерi, жоңышқа өсiрiлiп, бөлiмше шаш етектен пайда көруде. Есесiне мал жайылымы тарылып кеттi. Баяғыдай малды айдап салып, анда-санда түгендеп қайтар кез көзден бұл-бұл ұшқан.
Құрекеңнiң осы мiндеттi дөңгелетiп жүргiзiп жатқанына да айға жуық уақыт өткен. Бұрын Арыстағы күзет жұмысын тып-тыныш атқарып жүрген алғашқы жылдары елге үйiрсек, шалдардың айтуынша, қолда өскен қолбала екен. Қалай түнгi табыс табудың жолына түскелi құлыптаулы қара есiкке айналыпты. Аңқылдаған мiнезiнен айнып, жора-жолдастарынан шеттеп, түрлi сылтаумен сытылып кетуге тырысатын болыпты. Сол әдетi содан кешегi күнге дейiн сағыздай созылса керек.
Астына ат мiнiп, қолына сегiз өрме қамшы ұстағалы баяғы Құраубай қайта құруға байланысты «қайта құрылды». Баяғы кiсiлiктiң бәрiн тастап, баяғы өзiмiздiң ауыл адамы болып шыға келген. Үлкенге иiлiп сәлем берiп, денсаулық сұрасады. Бұрын бастан түк өтпегендей, бетке күйе жағылмағандай қыз-қырқынға қытықтай әзiл-қалжың айтады. Дос-жарандарына да қайта оралып, жадырай қол соғыстырып, стакан түйiстiрiп те жүр. Не керек, ауылдағылар айдың күнi аманында бiр-бiрiн қалай сыртқа тепсiн - iшке тартқан. «Бас жарылса - бөрiк iшiнде, қол сынса-жең iшiнде» деп алдына келсе атасының құнын кеше салатын қайран дарқан дала-ай! Адасып табылған тай жабағасына сен дескен жоқ, ортасынан ойып орын берген.
Қолда бар мал ендi сол егiстiктiң шет-шетiне, арық-атыздың жағасындағы жалбыз, қамыс-құраққа арқандалатын болды. Кешкiлiк бөлiмше активiнiң отырысында егiстiкке түскен мал иесiнiң мәселесi қаралып, айып салынып, ауылдастары арасында бiрi ұялса, ол үйдiң баласы кластастары алдында екi қызаратынын ескерсек, малын бос жiберуге, не босанып кетуiне ешкiмнiң құлқы соқпас едi.
Осы кез жер-жерде қайта құру салтанат құрып, еңбекшi халықтың үнi айқын естiле бастаған шақ едi. Төменгi буыннан жоғарыға дейiн сайлап қою тәртiбi бiздiң ауылға да жеткен.
Клубқа халық көп жиналып, сыймағандары сыртта қалды. «Шаңқай түсте қапырық тамға қамағаны несi!? Өйтiп пысынап өлгенше, далада отырып, жиылысты неге өткiзбеймiз?» деген пәтуәлi уәждi ауданнан келген уәкiл қабылдамапты. Уәкiлге бас шұлғып қалған әдетiмiз. Ақсақалдардың сөзi жерде қалды. Сонымен, сыйлы дегендер ғана iшке енiп, жер жыртып, тұқым сеуiп жүрген еңбекшi ел естiп келгенi есiк алдында, естiмей қалғаны егiс басында қала берiптi.
Бәрiнен де жиылысқа құрқылтайдың миы қайнар ыстыққа қарамай, қара костюм-шалбармен, галстук тағынып, ауылдастарының аузын аштыра алабөтен киiнiп келген Қараубайды айтсайшы! «Осының упр-дан дәмесi бар ма, қалай?» деп жұрт секемденiп қалады.
Ұзамай жиналыс басталып берсiн. Алғаш упр сайланады. Бұл орынға халық бiраз жылдан агрономдықты ойдағыдай дөңгелетiп келе жатқан жас маман Өтендi сайлап алады. Жоғары бiлiмдi Өтен ауылда өскен iскер жас. Аз уақытта өзiн жақсы қырымен көрсете бiлген. Бiреулер совхоздан, ауданнан келген екi адамды кандидаттыққа ұсынған екен, жергiлiктi көпшiлiк теңдiк бермей кетiптi. Қойшы, содан не керек, қызық мақта бригадирiне келгенде басталады. Жоғарыдан келгендер бұл кезде «Ендiгiсiн өздерiң-ақ өткiзе берiңдер. Ол ендi бөлiмше бастығынан артылмайды» деп, упр орнына өтпей қалған кандидаттарын iлестiрiп қайтып кетiптi.
Бөлiмшеде мақталық үш бригадаға бөлiнедi. Оның екеуiне алды жиырма, соңы бес-алты жылдан тәжiрибесi бар мақташылар қайта сайланып, соңғы бос орынға екi ұсыныс түседi. Бiрi - бұрын совхоз кассирлiгiнен сырғи-сырғи есепшiлiкке түскен Идаят деген денелi сары жiгiт те, екiншiсi - кәдiмгi өзiмiздiң Құраубай.
Идаят ақкөңiл, бармақ басты, көз қысты қулық-сұмдығы, алдар арамдығы жоқ бiр сыдырғы, жайлы мiнездi адал жан. Жасыратын несi бар, өзiн өсiрмей келе жатқан бар кiнәсi-ептеп ұрттайтындығы. Жиылыста сол аяғына тұсау боп жүргенi тәптiштелiп, бригадирлiкке «iстiң көзiн табатын пысық» деп мiнездеме берiлген Құраубай бiраз қарсылық дауысқа қарамай бекiп кетедi. Мұны бригада мүшелерi кеш естидi. Жиылысқа қатысқан аз ғана «делегаттардың» қарсы дауысы жерде қалады.
Ертеңiне-ақ Құраубай көптен күткен гаражында қаңтарулы тұрған қызыл «Жигулиiн» ерттеп мiнiп, таң ата қоза басына жетедi ғой. Жетедi де сағатына қарап тұрып, кетпеншiлердiң келгенiн келгенiнше санап алады ғой. Санап алады да кешiккендерiне қабағын түйiп, түсiн суытып, ақыл айтады. Қайта құрудан, халықаралық жағдайдан бiраз көсiлiп, қозғаса керек. Сөйтсе, «Жоқ, бiзде әлi перестройка басталған жоқ» дептi оған әйелдер. Олардың неге бұлай айтқанын кiм бiлсiн?
Қыз-келiншектердiң сызылта салған әндерi аспан ашық, жел тымық күндерi ауылға естiлiп тұратын. Қазiр әсем ән, күмiс күлкi тиылған,тек көкжасыл қозаның арамшөбiн отаған кетпендердiң дауыстары тынбай естiледi. Әйелдердiң жел сүйiп, күн тотықтырған қызыл қоңыр жүздерi мен салмақты кетпендi құлаштай сiлтеген қажырлы бiлектерi ғана жасымас жiгердi танытқандай.
Қойшы, сонымен қатындар Құраубайдың бағындырмақ болған бақырығын құлақтарына да қыстырмапты. «Сенi бiз сайлап алған жоқпыз. Сайланған жерiңе барып, билiгiңдi жүргiзе бер» дейдi. Оған Құраубай долдансын. Күнiне төрт дөңгелегiмен қоза басына төрт келiп, төрт кетсiн. Даланың қайбiр оңған жолы бар. Құйындай құтырынған төрт доңғалақтың астынан будақ-будақ көтерiлген қою шаң мақталық үстiнде әлдене уақыт тұманданып жайылып тұрып алады. Шаң жұтқан кетпеншiлер бар ызасын әрең сиғызып жүр екен. Шу шығарып, жиырмасы жиылып кеп, қоза басында-ақ өз жиналысын ашып жiберiп, әлгi Идаятты бригадирлiкке сырттай сайлап алады да, коллективтiң келiсiмiнсiз келген Құраубайды «алып тастайды». Бүгiнгi кетпеншiнiң бәрi сауатты: қалам, қағаз да табыла кетсе керек. Қаулы жазып, оған тегiс қол қойып, бiр данасын ауданға салып жiбередi ғой.
«Оқалақ тиген танадай осының бәрiн бүлдiрiп жүрген сенсiң» деп Құраубай ауылға келiн боп түскелi кетпен арқалап, қоза баптап құрметке бөленiп келе жатқан Нұрсәуле деген кiшкене арық қара келiншекке кәрiн де, зәрiн де төккен екен. Онысы өзiне бәле боп жабысыпты. Әйелдер арадай талап, қырық жылғы күнәсiн бетiне басып, сүтке тиген күшiктей бездiрiп жiберiптi.
Содан Құраубай елге көрiне алмай, апта бойы үйiнде жатып қалады. «Қой бүлiнген ештеңе жоқ. Тiлiн таппай, қарсы қойып алыпсың. Ештеңе етпес. Қарауылдығыңа кiрiс» деп бiр-екi актив келiп кетiптi. Содан Құраубай жетi күн өтiп, сегiзiншi күнi таңалакеуiмнен жоңышқалыққа түстi деп оншақты торпақ, тана, ешкi, есектi жау көргендей құтырына қуалап, биiк балшық дуалды трактор ауласына апарып, қамап тастайды. Кейбiреулер «Ол арам. Арқандаулы малды да қазығынан суырып ала кетiптi» десiп жүр. Әйтпесе, жоңышқалыққа түскен екi есектен өзге ештеңе жоқ екен. Мұны көршi ауылдың қызына қырындап, таң бозара қайтқан Сабыралының сары жапалағы айтып келiптi.
- Құраубайдың басына ендi шындап әңгiртаяқ ойнататын шығар. Әй, бiр топалаң болары анық. Мына бiздiң қатындардың рәпаты жаман, әсiресе, малы «кiнәсiз» қамалғандары түтiгулi. Әй, қайдам, оларды Шыңғысханның жасаулы жасағы да жасқай алмас. Қағынып алған, жүдә. Тоқтамайды. Қайран Құрекеңнiң түте-түтесiн шығарып, талдап шашын жұлатын болды ендi,-деп азанымен кеңсе алдына жиналған қатарлары жымың-жымың күлiсiптi.
- Осы кезге дейiн қабақтарына қарап келгенiмiз жетедi. Бiздiң де жанымыз бар шығар. Қашанғы төземiз. Ана бiреусi таразыдан жейдi - үндемеймiз, қалтадан да қағады - үндемеймiз. Қашанғы үндемеймiз. Бұға берсең, сұға бермекшi... Ендi кеп мынаусы...
Таң бозынан падаға сиыр қосқан ауылдың әйелдерi осылай бұрқылдасыпты.
Шынында да, қайта құрудың ауылымызда кетпеншi әйелдерден басталғаны қызық болды.
* * *
Бұл әңгiменi жазып болған кезде тағы бiр жайсыз хабар тарады. Қарауылшы Құраубайды түнде жоңышқа-пресс ұрлап жатқан жерiнен упрдiң өзi ұстап алыпты. Ана жолы әупiрiмдеп әрең қалған байғұсқа қиын тиетiн болды ендi. Iсiн жолдастық сотта қарайды дейдi.