Адам қарады: 62 | Жарияланды: 2017-09-02 01:39:19

Менің құрбыларым

                                               АЙНҰР

 

        Бала кезімде, тәтті ұйқының құшағында жатқанда  әжемнің дауысы менің ертегі түстерімнің арасынан естіліп жататын. «Құлыншақ, таң атты, қорадағы қиқар қораз Керім тұрсын деп жатыр»–дейтін. Тұруым қиындап кетсе «Айнұр келді, сенімен ойнаймын дейді»–деген әжемнің бір ауыз сөзінен ұйқымды лезде ашып алатынмын. Шіркін, сол сәттер қайта оралар ма...

 

                                                       ***

       Мен Айнұрмен балалық шағымда таныстым. Ол кезде біз Ақтөбенің  «Сазды» деген шағын ауданында тұратынбыз. Біздің көшеде аш ішектей шұбатылған ұзы-ы-н жол болатын да, сол жолдың оң жақ бетінде тоғыз қабатты биік үй көшенің сол жақ бетіндегі  біздің үймен қатар тұрған жер үйлерге тұмсығын шүйіріп, төбесінен қарап тұратын.  

       Түскі уақытта күн тас төбеге шығып алып, күйдіріп тұрған кезде әжем ылғи мені үйге қуатын. «Басыңа күн өтеді, ауырып қаласың!» – дейтін. Ал менің кері кеткендей дәл сол уақытта кіре қойғым жоқ еді.

      Жаз. Шілде айы еді. Бір тұтам бойымның қай жерінде жүргенін қайдам, бір қырсық айналдырып, мен тағы да жападан-жалғыз шыжыған күнде балықтай қақталып,  сыры қашқан көк қақпалы жер үйдің есік алдындағы қара балонның үстінде отырдым.  Балон үсті ыстық. Ол балонды атам екеуміз арғы көшедегі қоқыс арасынан тауып алғанбыз. Атам оны әдейі Самиға кемпір мен біздің үйдің  қақ ортасына қойды. Балон жанына тізбектеп бірнеше ағаш та тастады. Неге екенін қайдам, атам сол Самиғаны жек көретін. Атамның ойынша Самиға кемпір осы кедергілер арқасында біздің үйге келмейтін болады. Бірақ оны елеп жатқан ол жоқ, бәрібір күніне кемінде бір рет қарасын көрсетіп кетеді. Келген сайын :«Әлгі бәлелеріңді неменеге шұбыртып тастағансыңдар, адамның аяғына оралтып» –  деп  күңкілдейтін .  Оның тұшымды әңгімесі де жоқ, келе қалса болды өзінің ауыратын әрбір мүшесін санап, одан қалды  саусағына таққан сансыз сақиналарымен мақтанатын. Мұндай кездері атам қолын бір сілтеп, сыртқа шығып кететін.         

         Әжем  мені шақыра-шақыра  жалықты ма, әлде өзі де бір шаруа тауып алып, аулада күйбеңдеп жүрме, әйтеуір шықпады. Күнде бірге ойнайтын балалардың барлығы жоқ. Әбден зерігіп отырғам, бір уақытта аспаннан түскендей тоғыз қабатты үй жақтан бір кішкене қыз маған қарай жүгіріп келді. Оны бұрын соңды көргенім жоқ болатын. Күндегі қаланың балаларынан бөлектеу, үстіне алқызыл гүлдердің суреті бар аппақ көйлек киген, шашы ұзын, өзі қара қыз екен. Оның осы қаралығынан-ақ ауылдың күніне күйгені қөрініп тұр. Себебі қаланың баласы бәрібір қоңырқайланып қана тұрады. Жаныма жетіп келді де тостағандай көздерімен  бір қарап алды да: 

  • Сәлем! Менің есімім Айнұр!–деді.

Мен өз есімімді айттым. Айнұрдың отбасы  жуық арада ғана  біздің көшеге көшіп келіпті. Жалғызсырап отырғанымда досымның табыла кеткеніне қатты қуандым. Айнұрдың жасы да биыл алтыға келеді екен. Демек, екеуміз түйдей құрдас болып шықтық. Айтар әңгімеміз, ойнар ойынымыздың барлығы бір-біріне сай болып, екеуміз сол күннен бастап айнымас дос болып алдық. Мен әжеме өзімнің жаңа досымды таныстырдым. Әжемнің мейірімі шексіз ғой шіркін, ол оны өз немересіндей айналып-толғанып, келген сайын сандығына тыққан тәттілерді енді Айнұр екеумізге тең бөліп беретін болды.

Күн артынан күн еріп, таң қылаңдап атқан сәттен қас қарайғанша Айнұр екеуміздің жұбымыз жазылмайтын болды. Атам тауып әкелген қара балон Самиғаның аяғына тұсау болмаса да, біздің көп ойынымыздың дәнекеріне айналып кетті. Қос үйдің қақ ортасына қонжиа қалған ол бірде дүкен сөресі, бірде ат, бірде тағы бір қиялдан құралған ойынымыздың жабдығы бола беретін. Сондай күндері Самиға кемпір терезесінен мойнын қылтитып созып бізге бір қарап қоятын. Кейде қақпасынан шығып, бізге естілер-естілмес бір нәрселерді күңкілдеп айтып, өзінше кейіп жүретін. Сол күні ол өзінен өзі ашуға булығып, шәңкілдеп қоя берді. Ұрысқан кезде дауысы сондай жағымсыз болып кететіні бар.

  • Әй, ойында бастарың қалғыр немелер! Шу-шу етпей кетіңдер әрі-і-і! О нес-әй ?! Әй сен Нәзипаның қызы– деп ол мені шақырды.
  • Қайтесің ол мылқаудың баласын? Онымен ойнама, әке-шешесінен бәле болар, олар жаман, кекшіл болады! Қарашы оны, әке-шешесі бір ауыз сөз айту білмейді, ал мынаның тілі сайрап тұр!

    Самиға кемпір солай деді де, үйіне кіріп кетті.

  • Нені айтып тұр?-дедім мен Айнұрдың жүзіне сұраулы жүзіммен қадалып.
  • Білмеймін-деді Айнұр. Бірақ оның сол кездегі үні дірілдеп шыққан болатын.  Айнұрдың жүзіне қарасам жанарынан бір тамшы жас сырғып барады екен. Оны қолыммен сүртіп тастадым да:

       – Жылама, оның сөзін елемеу керек, атам солай дейді– дедім өзімше үлкендерше сөйлеген болып.  Ол үнсіз қалды. Содан кейін үйіне қайтып кетті. Ертеңінде мен Айнұрды әкесімен бірге кетіп бара жатқандарын көрдім. Жүгіре кетпекші болып едім, олардың маған таныс емес бір әрекеттері мені кілт тоқтатты. Олар әлдебір қимылдармен қолдарын кезек-кезек ербеңдетіп, арасында үнсіз ғана жымиып, сөйлесіп келеді екен. Бұрын теледидардан жаңалықтар көрсеткен кезде экранның бір бұрышында осылар секілді сөйлейтін бір апай отыратыны есіме түсті. Мен әкемнен –«Ол не істеп отыр?» деп сұрағанымда –Жарымжан адамдарға арналған «сурдо аудармашы» -деді әкем. Оның сол кезде мағынасын түсінбесем де, түсінген болып кете барып едім, ал бүгін менің санам алғаш рет мына өмірде мүлде сөйлей алмайтын адамдардың өмір сүретінін, олардың ештеңе естімейтінін ұқты. Олар маған өзге ғаламшардан келген адамдар секілді елестеді. Ал  Айнұрды ондай ата-анаға алғашында қимадым. Ол өте зерек, ақылды қыз ғой.

     Кейінгі уақытта Айнұрмен ойнап жүрген кезде ата-анасы туралы мүлдем сөз қозғалмады. Бәз байағы қалпымызда араласып жүре бердік. Тек бір күні ойнап отырғанымызда  Айнұрдың аяғына байқаусызда шеге кіріп кетті. Шыңғырып жылап жіберген ол алыстан әкесін көріп қалды. Мен Айнұрды қолтығынан демеп, екеуміз оның әкесіне қарай жүрдік. Ол бізді байқар емес. Айқайлайық десек естімейді. Айнұр жүре алатын емес. Аяғы қанап барады. «Досың соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» демейтін бе еді, мен де Айнұрға ілесіп ақсаңдап келемін. Ұзақ жүрдік пе, әлде аз ба білмеймін, бір кезде ашуға булыққан Айнұр қолына үлкен тас алып әкесіне қарай лақтырып қалды.  Тас әкесінің арқасына тиді. Оқыстан тиген соққыдан шошып кеткен әкесі артына жалт қарады. Аяғы ақсаңдап келе жатқан қызын көріп жанына асыға жетті. Бірақ Айнұр оның қолын қағып жіберіп аяғының әбден қансырап, ауырып келетініне де қарамай үйіне қарай өзі жалғыз кете барды. Сол кезде оның жанын аяғына кірген шегеден гөрі әкесінің дәрменсіздігі қаттырақ ауыртып еді.

  Сол күннен кейін Айнұр ұзақ уақыт ойнауға шықпады. Досымның жағдайын білмекші болып өзім іздеп бардым. Екінші қабатқа көтеріліп, Айнұр тұратын ақ есікті ақырын қағып көрдім. Ұзақ жауап болмады. Тағы да қақтым. Сол кезде бір аққұбаша әйел есік ашты. Құлағына бір нәрсе жабысып тұр. Онысы бір жанып, бір сөніп тұр. Сірә анасы, ал анау құлақ аппараты шығар.

  • Айнұрға келгем-дедім. Ол «естімедім»  дегендей ишарат жасады.

 Енді қалай түсіндірсем екен деп қиналып қалдым. Содан бір кезде ойыма сарт ете қалды, Айнұрдың оң қолында үлкен қалы бар болатын, сол қалдың орнын көрсеттім. Анасы ұға қойды.  Мені үйге кіргізді. Айнұрдың аяғы жазылып қалыпты. Жарасын орап қойыпты. Мені көріп ол да қуанып қалды. Сол күннен кейін мен олардың үйлеріне жиі барып тұратын болдым. Самиға апа айтқандай емес, оның әке-шешесі өте мейірбан жандар болып шықты. Атамның «Самиғаның қырық өтірігінің бірі» дейтіні бартын, бұл да сол көп өтіріктің бірі болды.

        Жаз бітуге қараған кез. Биыл мен мектепке барамын. Әжем екеуміз сол үшін базаршылап шыққан болатынбыз. Кенеттен мен өзіме таныс алқызыл көйлек киген кішкене қызды көріп қалдым. Жазбай таныдым, Айнұр!

 Әжем де таныса керек, Айнұрдан бөлек оның жанында кетіп бара жатқан ата-анасына ұмтылды. Мен әжеме әлдене айтпақшы болып тырысқам, бірақ болмады.

  • Ой, айналайын балам, мынау сенің әке-шешең бе? Өздерің қай жерден көшіп келіп едіңдер? Мына Айнұр біздің қызбен  жақсы ойнайды, өте тәрбиелі бала, сол баланың әке-шешесін бір көрсем деп жүргем. –деп әжем өзінің байырғы әдетіне салып, сұрақтың соңынан сұрақ қойып, бізді сөйлетпей қойды.

     Айнұрдың ата-анасының жайы маған таныс, енді қайтер екен? Әжеме неге ертерек ескертіп қоймадым екен деп қатты өкіндім. Бірақ кішкентай Айнұр тағы өзінің ақылдылығы ма, әлде менің әжемді өзімсінгені ме еш саспастан, арада дәнекер болып әңгімелерін жалғай жөнелді. Мән-жайға қанық болған әжем біраз ыңғайсызданып, маған «неге айтпадың?» –  дегендей бір қарады да:

  • Қой балам, жарайды, жолдарыңнан қалмаңдар! Бізде кетейік, жүр!–деп мені жетелеп жүріп кетті. Артыма бұрылып қарағанда олар өз тілдерінде сөйлеп бара жатты, бірақ үнсіз.

                          

                                    МАРИАННА

 

        Мектеп десе ойыма бірінші болып:  « Мектебің мынау класың, осында он жыл тұрасың. Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың!» – деген өлең оралады. Ал екінші оралатын адам, ол–Марианна атты қыз. Менің парталасым. Оның бойы сыныптағы бар баладан ұзын болатын. Өзі бізден жасы үлкен, өз қатарластарымен оқи алмай, қалып қойған оқушы еді.  Қаланың сыртындағы саяжайлардың бірінде тұрады. Өзінің айтысы бойынша үйінде ұсақ бала көп, өзі үлкені. Шешесі ғана бар, әкесі жоғалып кеткен. Ол бізбен төртінші сыныпқа дейін бірге оқыды. Біз жыл сайын жаңа киім алып, оқуға асығып келсек, ол мамасының үлкен киімдерін, ескі-құсқыны үстіне ілдебайлап киетін. Аяғында биік өкше туфли, кейде тұмсығы тесіліп қалған кеды болатын . Бір ерекшелігі ол ешқашан сабақтан қалып көрген емес. Ылғи ерте келіп алатын. Шашы ұйпа-тұйпа, бір уыс жүнді басына жабыстырып алғандай қобырап жүретін. Тілінде мүкістігі бар.Кей әріптерге тілі келмей, тілі күрмеліп қалатын. Жөнді оқи да алмайтын. Ұстаған заттары кір-кір, киімі сауыс-сауыс, аузы ылғи жара-жара болып, сыныптағылардың барлығының кірпідей жиырылатын үрейі еді. Жандарына Марианна жолап кетсе құбыжық көргендей :

  • Өй, кетші әрі! Жақындама сен сасықсың! Жуынбайсыңба?!-деп шулап жататын балалар. Ал оған намыстанып жатқан Марианна жоқ, ыржиып күледі де қояды. Кейде :
  • Өй шен өшін шашық! Шөйлемеш!»-деп ұрсып та алатын.

Жаздың жайсаң күндерін көңіліміз қанша қимаса да, суығын арқалап күз келді. Жаңа оқу жылы басталды. Таңертеңнен сіркіреп жауған жаңбыр, біз сабақтан шыққан кезде де жауып тұрды. Сыныбымызда Марианна ғана алыс тұрады. Ол үйіне жеткенше жаурап қалар деп, мен оны біздің үйге шақырдым. Әжемнің тәтті бәліші мен ыстық шайына қарық болдық. Жауын басылған бетте,  менің тағы біраз бола тұруын өтінгеніме қарамастан, Марианна үйіне асықты. Босағада аяқ-киімін киіп жатқан оған, әжем ұзақ қарады. Алғашында әжеме Марианна жайлы айтқанымда : О нес әй, «жаман иттің атын бөрібасар қояр»-демекші, «Мәрәннә» деген не нәрсе, Мәриам болса жөн екен–деген болатын. Бүгінде ол өз әдетіне салып Марианнаны Мәриам деп атады.  Ол кеткесін маған :

  • Бейшара не жетісіп жүр ғой дейсің,  киімдері әбден тозып кетіпті. Өзіңе керегі жоғын апарып бер, сенде көп қой! Мұршаң келсе жоқ-жітікке көмектесу керек. Бәрібір қаптаған киімді қайтесің?–деді.

Мен Марианнаға киімдерді алып барғанымда ол :

  • Мамадан шұрайын кажыр күте тұршы аха?– деп үйіне қарай жүгіріп кетті.

Есігінің алды толған бұзылған пайдасыз заттар, ауласын шөп басып кетіпті. Қақпасының есігі сынып қалыпты. Үйдің есігінен іркес-тіркес болып кішкентай балалар шыға бастады. Өздері көп екен. Бірінен-бірі айнымаған мырқымбайлар. Үсті бастары сатпақ-сатпақ. Бір бүтін киім киіп жүргені көрінбейді. Ұйпа-тұйпа шаштарын тыр-тыр қасып қояды. Маған көз алмай қарап та қояды бәрі.  Бір кезде Марианна үйден шықты.

  • Киімдерің көп па? Мамаға болатыны бар ма?-деп сұрады.
  • Жоға, менің киімдерім ғой, саған ғана келетін шығар
  • Жарайды, әкел, мама ала бер деді-деп қолымдағы дорбаны ала сап үйіне зыта жөнелді.

   Мен үйге келгесін әжеме оның анасына да киім сұрағанын айттым. Әжем анамнан керексіз деген киімдерін сұрап алып, оны да салып берді. Анам көйлектерін беріп жатып : Бәрібір модадан өткендер, бере сал!-деген. Анау жақтан әжемнің күңкілдеген дауысы естіліп жатты: «Моды-соды» не керек?  Бүтін болса болды да. Өй әдрәм қалғыр...

                                                  

                                                     ***

        Оқу жылының үшінші тоқсаны. Ең ұзақ тоқсан. Ең маңызды тоқсан. Және сол жылғы Марианна үшін ең ауыр тоқсан...

Күн әдеттегіден суық. Боран соғып тұрды. Мені мектепке атам алып барды. Сол күні Марианна алғаш рет сабаққа кешігіп келді. Беті-қолы қызарып, қатты тоңғанға ұқсайды. Оның үстіне жол бойы жылап келгендей, көзі қызарып тұрды. Үстіндегі пәлтесін шешіп қойды да, басындағы бас киімін шешпестен менің жаныма жайғасты. Онсызда сабағының ортасында келіп, кедергі болған оған мұғалім енді одан әрмен ызалы кейіппен қарап тұрды да:

  • Немене, сабаққа бүгін бірінші күн келіп тұрсың ба? Шеш ана бәлеңді басыңнан!–деп айқай салды.

Марианна үндемеді, шәпкесін шешпеді де. Қаны басына шапшыған мұғалім жылдам басып біздің жанымызға келді де  оның басындағы шәпкені өз қолымен жұлып алды. Сынып іші шу ете түсті. Марианнаның ұйпа-тұйпа болған шаштарынан бір тал қалмапты, оның басы шыбын тайып жығылардай тап-тақыр. Сыбырласқан, күліскен дыбыстар шықты сыныптан. Мұғалім мұндайды күтпесе керек, сасып қалды. Қолындағы шәпкені парта үстіне тастай сап сыртқа шығып кетті. Ертеңгі күннен бастап Марианна басына жұқа орамал байлап келетін болды. Оның шашы биттеп кеткен соң қырылыпты, оны артынан білдік. Сол күннен бері әбден тұйықталып, ешкіммен сөйлеспей қалған Марианна үшін сорақы жағдай әлі алда екенін біз де, ол да сезбеп еді. Бір күні аспаннан түскендей мектепке  «Қалалық білім бөлімінен» тексеру келді. Кез келген уақытта, кез келген сабаққа кіріп, артта отырып оқушылар үлгерімін тексеріп жүрді. Кезек бізге де келді. Олар бізді минутқа оқытумен сынады. Сыныпта мәнерлеп оқи алмайтын жалғыз Марианна. Тізім бойынша шақыртылып, мұғалім нұсқаған мәтінді судыратып оқып бердік. Кезек Марианнаға келгенде барлығымыз  иманымызды ішімізден айтып отырып қалдық. Бұрын соңды оны мазақ етіп жүргендердің өзі ол үшін алаңдап отырды. Мәтін Махмұд Қашғаридің өмірі жайлы болатын.

  • Ал оқы, баста!–деді басқармадан келген мұғалім.
  • Мах..мұд  Шах..мұд...–деді Марианна тұтығып, одан кейін жылап қоя берді.

                                                     ***

    

      Оқу жылы аяқталды. Соңғы қоңырауда мектеп басшылығы бізді бастауышты бітіріп, орта буынға өткенімізбен құттықтап, жақсы оқитын оқушыларды мақтау қағазымен марапаттады. Ал Марианна келесі сыныпқа көшпеді. Сол жылы оның анасы мектепке еден жуушы болып орналасқан. Біздің қолымызда «мақтау қағазы», ал Марианна қолына анасының еден жуғанда киетін қолғаптарын ұстап, ұзын көшені бойлап кетіп бара жатты.

 

                                      ШЫНАР                                       

     

       Нағыз өлара кезең. Енді студент атандым. Ақшасы жоқ, қарны аш тағдырластарыммен бірге жатақханадан орын алдым. Жатақхана аты айтып тұрғандай, безген студенттер, ортақ ас бөлме, ортақ дәретхана, ортақ жуыну бөлмесі және бәрінде бітпейтін кезек. Күнде таңертең ерте қамданбасаң сабағыңа кешігесің, ал мұғалім оны түсінбейді. «Өзіңнен көр, ұйқыны азайту керек»– дейді. Құдды өздері студент болып көрмегендей сайрайды келіп. Амал нешік, солайша көппен бірге сол көптің бірі болып өмір сүресің, маңдайыңа жазған төрт жыл. Ал Шынар секілділер үшін бәлкім ондай қиындықтар болмайтын да шығар.

        ...Жатақханадағы бір керуетке әзер дегенде қолым жетіп, әбден шаршап, шалдығып, барлығын ұмытып тәтті ұйқыда жатқам. Бір мазасыз бейбақ есікте өші бардай тарсылдатып қақсын кеп. Басқа есік құрып қалғандай кетпей қойды. Ұйқымды аша алмай, есікке дейін сүйегімді сүйретіп әрең барып, аузында тұрған кілтті бұрап аштым. Кешегі сап-сары орыс әйел! О, құдайым, тағы сол! Комендант!

  • Здраствуйте девочки! К вам одна новинькая пришла! –деді  көпше түрде сөйлейтін әдетінен танбай.  
  • Жарайды, кірсін – дедім.

Біздің бөлме екі адамдық. Соның терезе жақта тұрған қос керуетінің біріне мен, біріне жаңадан келген қыз орналасты. Иығынан төмен төгілген жалбыр шашын одан әрмен жалбырлатып, күйіс қайырған сиырдай шәйнаңдап ол заттарын әр бұрышқа бір лақтырды да, өзі үстіндегі қылдай көйлекпен керек десеңіз аяқ киімін де шешпей төсекке құлай кетті. Бөлмелес көршімнің біраз дарақы мінезіне таңырқап, не істерімді білмей қалған мен, бөлмені бір құдайға тапсырып, сабағыма кеттім.  Алғашқы күн айтарлықтай керемет өтпеді. Себебі әлі барлығы орныға қоймаған, ешкім бір-бірін танымайды, бөтен қораға кіріп кеткен балапандай бір-бір бұрышта үрпейісіп жүрдік те қойдық. Бөлмеге қайта оралсам еш өзгеріс жоқ екен, есік ашық күйі көршім қорылға салып, әлі ұйықтап жатыр. Мен қарным шұрылдап кеткесін ас дайындауға кірістім. Танауына тамақтың иісі бардыма, «ұйқыдағы ханшайымымыз» оянды. Таңертеңнен аузы ашылып жанында жатқан арбиған шабаданынан киімін алып, ауыстырып киді. Жалбырлаған шаштарын жинап алып, көзіндегі бояумен бірге қатып қалған былшықтарын жуып еді, керемет әп-әсем қыз болып шыға келді. Екеуміз дастархан басында отырып таныстық. Дастархан дейтіндей, керемет әжемдікіндей емес, оқушы партасының үстіне газет жайып, қолда бар ыдыстарға үйден әкелген базарлықтарымызды салып, етсіз макарон қуырып жегенге әзірге мәз болдық.

  • Анау сөмке толған кітапқой, оны қайтесің? –деді Шынар таңданып.(Шамасы бағана ішінен кітап алып бара жатқанымды көрсе керек)
  • Қайткені несі... Оқимын.
  • Ойбай! Ужас какой, сен менің сумкамды қарашы, іші толған бояу мен киім, еще бір сумқам түгел толған аяқ-киім!– деп қарқылдап кеп күлді. (Расында оның бір басында бес сөмке бар екен)

Несі күлкілі екенін қайдам, өз басым берекетсіз шашылған ақшаны ойладым, одан да пайдалы бір нәрсеге жұмсаса қайтеді.  Шынар маған алғаш көргеннен ұнамады. Оның ұнамсыз қылықтары күннен күнге көбейе берді.

        Күз кетіп, қыс келді. Қыс қатты болды. Аяз күннен күнге үдеп барады. Үйден қалың киімдерімді сұратып алдым. Әжем маған жаңа ақ жемпір тоқып беріп жіберіпті. Қатты қуандым. Өзі үстіме құйып қойғандай. Таңертең оны сабаққа киіп барайын деп арнайы іліп қойдым. Қазір алғашқы сессия басталған еді. Қарбалас өмір.Ұйқыдан маза кетті, түн тыныштығын бұзып күбір-күбір сабақ оқыған студенттер жарқанат секілді біреуі корридорда, біреуі оқу залында шашырап жүреді.  Ал Шынар шырылдауық шегіртке секілді сайран салып жүр. Ештеңемен ісі жоқ. Бүгін де ол бөлмеде жоқ. Өзге бөлмелердегідей бізде тамақ дайындауға және өзге нәрселерге кезекшілік жоқ. Сондықтан өз қамымды өзіп ойламасам менің бөлмелесімнің оған уақыты жоқ. Жүрек жалғап алып, сабағымды бір қайталап алған соң, жатуға ыңғайландым. Есіктің кілтін енді ғана ілмекші болғам, біреу ар жағынан дыбыс берді, ашсам сол баяғы Шынар ханым екен. Өзі мас па, аузынан ащы судың иісі мүңкіп тұр. Көзінің ағы қып-қызыл. Тілін бұрап бетіме қарап бірдеңе айтып, ыржың қағады. Ызам кеп, қолынан сүйреп бөлмеге кіргіздім де, керуетіне итеріп кеп қалдым. Ол гүрс ете қалған. Көзім ілініп кетіпті. Түн ортасында бөлмедегі бір ыңғайсыз дыбыстан ояндым. Шынардың керуетінде өзінен өзге біреу барына ұқсайды. Ыңырсыған әйел дауысы, селкілдеген керует... Ұйқымды лезде аштым да, орнымнан ытып тұрып, жарықты жақтым. Сорайған бір еркек бұтына шалбарын киер-киместен, ана арсыздың керуетінен сойдаңдап тұра жүгірді. Бетін қолымен жауып барады, істерін істеп алып, ұялған түрі шығар. Есімді жыйа алмай тұрып қалдым, көзім Шынарға түсті. Ол тырдай жалаңаш күйі төмен қарап отыр.

  • Арсыз! Жоғал бұл жерден!-деп айқайлап жібердім. Ол болса аяқ жағында жатқан көрпені  басына дейін орап, жата қалды. Одан кейін менің де оған бірдеңе деуге шамам келмеді.  

 Сағат таңғы бес екен. Есік жақтағы легенде жатқан киімге көзім оттай басылды... Көзім шарасынан шығып кете жаздады, менің аппақ жемпірімді кигенімен қоймай, оған қып-қызыл қылып бір нәрсе төгіпті. Шамасы шарап болар. Онысы бадырайып тұр.Кешегі әжемнің аппақ махаббатындай болған ақ жемпірімді кір судан суырып алдым. Қып-қызыл тамшылар оның етегінен көз жасындай тамшылап жатты.

 

 

                                              САЯГҮЛ

 

      Түскі уақыт. Үйдегі күйбең тірліктен ығыр боп, өз-өзіме күңкілдеп жүрген қалпыма сырттан кәрі есіктің сүйегін сықырлатып, біреу кірді. Қадамы баяу, әлсіз. Шамасы төрде бесікке бөлеулі жатқан баланы оятып алмаудың әлегі. Бұрылсам, өзімнің  көптен көріспеген, сарғая күтіп жүрген қайын сіңлім Саягүл екен. Қуанып кеттім. Құрбыға жарымаған мен  осы Саямен керемет жақын болып кеттім. Өзімен еркін әрі тез тіл табысып кеткеніміз жасымыздың шамалас болғанынан да болар. Сая ағасы екеуміз алғаш шаңырақ көтерген жылдары маған үлкен қолғабыс болды.

   Мен бірден бар шаруамды тастап, ас үйдегі сары шайнекті іздедім.

  • Саяш, қайда жоғалып кеттің?
  • Жеңеше, сенсеңіз оқу-жұмыс уақыт тапшы...
  • Қойшы, сол қарбаластан жеңгеңе бір титімдей уақыт бөле алмағаның ба?
  • Ренжімеңізші енді...-деп Сая төмен қарай берді.
  • Өңің қуарып кетіпті ғой, не болған?
  • Жай, қаным азайып жүр
  • Е,е кім екен менің Саяшымның қанын ішіп жүрген?
  • Жоға жеңеше, қазір экология ғой?!
  • М.м.м Экология де.. Жарайды.

 Сол күні ол біздің үйде қонып қалды. Екеуміз ұзақ әңгімелестік.    Жолдасым  осы Саяны еш ұнатпайтын, «тексіз» деп жазғырады. Бүгінде оны көре сап, күңк ете қалды. Саяның көңіліне келіп қалмасын деп, барынша алдарқатуға тырысып бақтым. Одан кейін Сая тағы хабарсыз кетті. Көңілім алаңдап, оны өзім іздеп барайын дегем, жолдасым тағы да : Сенің не шаруаң  бар онда, тексіз неме, жүрген шығар қаңғырып! Оданда үйіңде тыныш отыр, бәлесінен аулақ!-деп бастыртпады. Жолдасым оны тегіннен «тексіз» деп жазғырмайтын. Расында оның анасы өмірдің жазуымен уақытында тұрмысқа шықпай қалады. Солайша жалғыз қалмауы үшін бізге  беймәлім жандардан осы Саяны асырап алған. Оның қазіргі анасы Гүлсім Саяны барынша баптап, асырап, оқытып-тоқытып отыр. Осы жайларды естіп білгенде қатты таң қалғанмын. Себебі Саяны олай деуге қимайсың, анасы екеуі өте тату болатын.

      Саяның сол күнгі келіп кеткенінен кейін ол ойымнан кетпей қойды. Бір пәлеге ұрынып қалмаса болар еді деп уайымдадым.  Өңі бозарып жүргенінде бір гәп бар-ау деген ой маған маза бермеді. Ақыры жолдасым жұмыста болған кезде оны іздеп бармақшы болдым. Сая осы уақытта қалада пәтер жалдап тұрып жатқан. Анасы ауылда. Көп қабатты үйдің бірінші қабатында тұратын Саяның пәтеріне де келіп жеттім. Есігін ақырын қағып көрдім, ол ашылатын сыңай танытпады. Үйінде жоқ шығар деп бір ойладым да, біраз тұрып сыртқа шықтым. Бір кезде көзім анадай жерде дәріханаға кіріп бара жатқан Саяны шалып қалды. Жылдам ізінен менде кіруге асықтым. Мен барғанша ол алатынын алып алыпты, есікке беттеп келеді екен. Мені көріп біраз сасыңқырап қалды да, амалсыз жымиа салды.

  • Жеңеше, не істеп жүрсіз мында?
  • Ау, алдымен амандық сұраспайсың ба? Не болды бірден жағадан алдың ғой?
  • Кешіріңіз, аздап ауырып қалғанмын.
  • Бәсе, өңің боп-боз! Өзің әбден жүдеп, қу сүйегің ғана қалыпты ғой?

Екеуміздің бітпес диологымыз дәріхананың тура босағасында жүріп жатқасын, жұрттың аяғына орау бола бастадық. Кейінгі тергеуімді үйде жалғайын деп Саяны үйіне ертіп әкеттім.

    Үйдің іші әбден азып кетіпті. Қоқыс шелегі әлдеқашан толып, қалған қоқыстар үйдің кез-келген бұрышынан жайлы орын тауыпты. Ыдыс жуғыштың ішінде толған жуылмаған ыдыс, үйдің ауасы лас. Менің ең бірінші басыма келгені терезенің желдеткішін ашу болды, өйткені үйдегі сасық иіс демалуға мүмкіндік беретін емес. Сая болса ешнәрсені елемей, әлсіреп, төсегіне жатып қалды. Тықақтап сұрай бергенше, ыстық сорпа дайындайын деп ойладым. Үйдің ішін қоқыстан тазалап, суық сумен жуып шықтым. Ауасы тазарып, жақсы болып қалды. Саяны оятып дастарханға шақырдым. Көзі ісіп кеткен ол, кенет дәретханаға сүріне-қабына жүгіре жөнелді. Есіктің саңылауынан оның құсып жатқанын байқадым. Күдігім расталып жатқандай... Тез арада оның бағана үстіне киген киімінің қалтасын қарай бастадым. Ойым ол дәріханадан алған затын көру. Жоқ болып шықты. Демек басқа жерге жасырып қойды. Бөлме ішін жылдам шолып шықтым. Терезенің алдында қолданылған «жүктілікті тексеретін тест» жатты. Енді мүлдем күмәнім жоқ, Саяның аяғы ауыр. Тас төбемнен суық су құйып жібергендей... Қалайша?.. Саяның дәретхана суын ағызып жатқаны естілді. Мен дереу бөлмеден шықтым. Оны сұрақтың астына алып, оған ұрысқанша онымен досы ретінде сырласпақшы болдым.

  • Саяш, жаным-ау, мұның қалай? –дедім дауысым дірілдеп.

Оның көздері мөлтілдеп кетті. Не айтып тұрғанымды лезде ұға қойды да, иығы дірілдеп, тұншыға жылап жіберді. Өз-өзіне келсін деп суық су құйып бердім. Біраз үнсіз отырған соң, Сая есін жинап мән-жайды баяндап берді.

 – Жеңеше, білесіз бе? Мына өмір мені әлі де қинай түскісі, әлі де жылата түскісі келеді екен. Өзімнің асыранды екенімді білген кезде жанымды қоярға жер таппай, қатты қиналып едім ғой, анамды жазғырдым. Мені мына өмірге әкелуге себепкер болған әкемді қарғадым. Соным бекер-ақ екен... Мен өмірімде алғаш рет ғашық болған едім. Шын ғашық болдым.  Ол менің жүрегімдегі жараны жазуға көмектесті. Маған үміт сыйлады. Мені жаңаша армандауға үйретті. Сөйте тұра қайтадан жерлеп кетті мені. Аяғымның ауыр екенін айтқанымда «Мен әлі жаспын, әке болуға дайын емеспін!Алдырып таста!»– деді. Ал одан кейін мүлде жоғалып кетті.  Сонда ол жас, ол әлі өмір көруі керек, ол әлі сайран сап жүруі керек те, мен сол үшін әлі өмірге келмеген кішкене шарананың өмірін құрбан етуім керек пе? Жоқ! Ал енді ең жаманы мен осы жағдайдан кейін у ішіп өле қалсам жағдайым жеңілдер ме еді, бірақ менің енді олай жасауға хақым жоқ. Себебі менің құрсағымда кішкентай тіршілік иесі бар. Ол нәресте ата-анасының ақымақтығы үшін жапа шегуі тиіс емес. Енді менің болашағым не болары белгісіз.  Ол біреулер үшін қайдағы бір ессіз еркектің бір күндік ляззатынан пайда болған бала болса да, мен үшін олай  емес. Себебі мендегі жүрек адал сезімнің жаршысы еді, менің махаббатым зор еді. Енді осы бір кішкентай періштемді махаббатымның айғағы ретінде жарық дүниеге әкелмекпін – деді Сая. Оған не дерімді, қалай көмектесерімді де білмедім.

  • Саяш, бұл сенің өмірің. Қалай шешім қабылдасаң да өзің білесің. Мен қашанда өзіңді қолдаймын, қолымнан келгенінше көмектесемін. Бірақ ағаң...
  • Жеңеше, көп рахмет сізге! Маған сіздің осы көмектескеніңіз де жетеді. Білемін, ағам енді мені мүлдем жек көретін болды. Сізді де түсінемін.  Сіз енді келіп әуре болмаңыз, буыны қатпаған балаңыз бар. Маған бір Алла жар болады.

Саяның пәтерінен шықсам қас қарайып қалыпты. Жолдасымның келер уақыты болып қалғанын ұғынып, үйге асықтым. Оған жағдайды қалай жеткіземін? Білмеймін. Саяның батылдығына таң қалдым. Оның орнында өзім болсам не істер едім?..

 Үйге келген соң бар күшімді жинап, жолдасыма барлығын айтып бердім. Ол болса қабағын тас қып түйіп біраз үнсіз отырды да:

  • Мен саған айттым емес пе? Ол «тексіз» адам болмайды деп!–деді де орнынан тұрып кетті.

Ер адамдар неге сонша қатал болады екен... Бөлмеге үнсіз бардым да, өзіме алған бір жаңа халат пен баланың жаялықтарын бір сөмкеге салдым. Тағы  бір қажет деген заттарды, өзім жүкті кезімде  киген киімдер мен дәрумендерді жинап, ертең Саяға апарып беремін деп шештім. Жолдасым төр бөлмеде ұлына телміре қарап отыр екен.  Бірер уақыттан соң   жаныма келіп: – Саяға не керек екен?  Мүмкін қаражат жағынан көмектесерміз? Ертең онымен дұрыстап сөйлес, не қажет болса да, барлығын алып бер!– деді. Ол оны алғаш рет өз атымен атады сол кеште.

                                                                               

                                                                                    2015 жыл, тамыз

Қазақ тілінде жазылған