Адам қарады: 45 | Жарияланды: 2018-05-03 07:32:53

Адам емес, маймыл болып барамыз

О, ағайын, теріс кетті кемеміз,

Адамдықтан алыстадық неге біз?

Маймылдардан жаралмадық десек те,

Ақырындап маймыл болып келеміз.

 

Ұл-қызымыз ұшпай жатып ұядан,

Ұялмастан ұялыны береміз.

Үн шығармай отырғанға мәз болып

Ұяң болып қанаттанса сөгеміз.

 

Пайдамызға жарасын деп жаратқан

Пайдалының көп зиянын шегеміз.

Жақындарың болмаған соң жаныңда

Ойланбастан оңай алдай береміз.

 

Жұртқа жайып жақсылығын өмірдің,

Кемшілігін көрсетпеуде "теле"-міз.

Желі ішінде тек жеңіспен желпініп

Ел ішінде жеңіс көрмей келеміз.

 

Құлшылыққа уақыт таппай жүрсек те,

Хат-хабарды уақытылы көреміз.

Әке менен анамызға бөлмеген

Сағаттарды интернетке бөлеміз.

 

Денсаулықтың ұқпай алтын қадірін

Бас аманда барлығына көнеміз.

Түні бойы телефоннан көз алмай

Қуат-күші сөнсе, бірге сөнеміз.

 

Сымсыз желі арнасына шынымен

Сымсыз-дымсыз байланған ба денеміз?

Адамдармен араласпай бетпе-бет

Бетсіздердің мекеніне енеміз.

 

Қайдан болсын  ұят-ождан, ар-намыс

Интернетте оның бәрі жалған іс.

Сыпайы боп көрінгіңіз келсе егер

Күліп тұрған смайликтер алданыш.

 

Телефонмен уланғандай санамыз,

Келешекке кері жылжып барамыз.

Тілін, дінін ұлықтаған дәстүрін

Қазақ қана!

Қазақ болып қаламыз.

 

Сөге көрме, артық кетсем, ұлыңды

Шындық айтқан, кімнің тілі жұлынды?!

Ессіздерге шығын етпен сөзімді

Есі барлар естісе екен үнімді!

Қазақ тілінде жазылған