Адам қарады: 173 | Жарияланды: 2018-05-03 07:36:00

Қызғалдақ

Бала күннен табиғатқа тамсанам,

Таңның нұрын таңданыспен  қарсы алам.

Ер жеткелі, жұпар шашқан жанынан

Таудың қызыл қызғалдағын аңсағам.

 

Қыр басында қызыл гүлдің қырманы

Үзілердей үкім сұрап тұрғаны.

Жігіт те көп жақсылардан дәметкен

Өзге жанның бақыты еді - жұлғаны.

 

Тілер едім, адаспауын тағдырдың,

Адасқанға тағдыр - қатал, тағдыр - мұң.

Солған гүлге нәр бермейді көз жасы

Тамшысындай жаңбырдың.

 

Мен де барам, жиі-жиі қырманға,

Бақыт гүлім жасырулы бұл маңда.

Неге менің ғашық отым лауламас

Өр кеудеде жанартауым тұрғанда.

 

Аяласын құшағында жер сені,

Тек әзірге тіктей көрме еңсені.

Гүлдене бер, қызғалдағым жасырын

Иісіңнен тауып алам, мен сені!

Қазақ тілінде жазылған