Адам қарады: 18 | Жарияланды: 2018-06-28 03:16:01

Шарықтау мен құлдырау

Шоқпыт киіз төселген қоржын тамда дүниеге келді. Жоқшылық, кедейшіліктің дәмін ерте татты.  Әке-шешеден де ерте айрылып, ерте есейді. «Мен тас жетіммін, тақыр кедеймін» деп көз жасын селдетіп жата бермей тіршілікке қам жасады. Жігерін жанып, намысын қамшылап өз қатарынан қалмай оқыды, «шоқыды». Өз білімімен жоғары оқу орнын үздік бітіріп, білікті маман, белді қызметкер болды. Жауапты қызметтер атқара жүріп, өз күшімен қаладағы бір ауданның Әкімі қызметіне дейін көтерілді. Қызметке кіріскен күннен-ақ ақты ақ, қараны қара деп көрсетіп, қордаланып жатқан талай былықтың бетін ашып тастады. Үлкен-кіші, бай-кедей деп бөліп жатпастан, алдына келгендерді жылы қабылдап, таңнан түн ортасына дейін жұмыс істеді. Соғыс және еңбек ардагері есебінде кезекте тұрса да, көптен бері үй ала алмай жүрген қария үйлі болды. Қажетті құжаттарды дайындап, барлық есіктен өтсе де, еш жолы болмай қойған жас жігіт жер алды. Тағы бір кейуана мен жас келіншек...

Көп өтпей қызметіне құтты болсын айтушылар мен жасаған жақсылығына ризалығын білдірушілер де келе бастады. Ең алдымен  үй алған қария келді. Ризашылығын ауызбен айтып жеткізе алмай, көз жасы сақалын жуды. Ризашылығымның белгісі деп мүйізді қара атады. Әдепкіде қатты ашуланып тулағанмен, қарияның шынайы ниетінен, ақ сақалынан  аттап кете алмай, жылы қабақпен шығарып салды. Қария есіктен шықпай жатып-ақ  жер алған жас жігіт те жетті. Ол да жүрек жарды ризашылығын білдіріп, шамасы келгенше тай атай келіпті. Қариядан бетер ағынан жарылып, әппақ ниетін білдірген жас жігітке де «шығып кет» дей алмады. Ақжаулықты, ақ шашты кейуанаға да.. Желегі төгілген жас келіншекке де..

                                   ..................................................

 

Бірте-бірте біреуге жақсылық жасаса, одан бірдеңе дәмететін болды. Алдын ала бірдеңе бермесе, алдына келгендердің шаруасы шешілмейтін болды. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендей, «майлық пұл» тұрмақ беретін «шайлық пұлы» да жоқ кедейлерге қол ұшын беруден  қашқақтай бастады. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» дегендей қалталары қалың байлардың шаруасын жүгіріп жүріп бітіріп беретін болды. Біреу қалтасына бірдеңе салса, оның тілегін орындау үшін ардан аттап, заңды белден басуға дейін барды. Қалтасына бірдеңе түспесе, түні бойы ұйықтамайтындай күйге жетті. Жемқор, парақор, тойымсыз әкім атанды. Ақыры  сол тойымсыздығы,  қанағатсыздығы түбіне жетіп тынды.  Қолына кісен салынып, барлық  дүние-мүлкі, жиған-тергені тәркіленіп, темір тордан бір-ақ шықты. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, «ертең орнымды басып, барлық дүние-байлығыма ие болады» деп жүрген жалғызы көлік аптынан мерт болып, қайғыдан қан жұтты.

Жалғыз ұлын  ақтық сапарға шығарып салу үшін тиісті жерлер әрең дегенде бір күнге  ғана босатты. Қатарда тұрған бұған ауылдың «Құдайдан қорыққан» екі-үш қариясы мен той болған жерді айналшықтап арағын,  ас берген жерді төңіректеп тамағын тауып жүретін «белгілі» үш-төрт жігіт қана келіп көрісті. Басқа бірде-бір танысы төбе көрсетпеді. Кешегі төселіп төсек, жайылып жастық болып, табанын жалауға дейін баратын жалпаңдардың қарасы да көрінбеді. Өз қолымен жұмсақ орынтаққа отырғызған шенуніктерінің де... Төсіне төсін түйістіріп, көңіл айтып, қайғысын бөлісетін бір дос табылмағанына қатты қамығып, жүрегі қан жылады.

Көр қазатын жігіттер тез арада шыға  қоймай, жер дайын болмай, шоқпыт киізге оралған жалғызының мәйіті оң жақта ұзақ жатып қалды..

Қазақ тілінде жазылған