Адам қарады: 59 | Жарияланды: 2018-05-03 07:40:47

Мүйіз тарақ

нәзік фарс

Бастық шал     

Әйел – Бастық шалдың кемпірі. Қатты күйзелістен есі ауысқан.

Прансыз кемпір

Әртіс шал

Көзілдірікті кемпір

Жас Жігіт     - Бастық шалдың екінші әйелінен туған ұлы

Өткіншілер

 

                                                           1АКТ

1 - сахна      

Таңғы азанның дауысы естіледі. Көше бойындағы мешіттің алдындағы келушілерге арналған орындықта отырған Әйелдің шашын, Бастық шал мүйіз тарақпен тарап тұр. Әйелдің түрінен рахаттанып отырғаны көрінеді.

Бастық шал. (Әйелдің шашын тарап тұрып елжіре)  Жаңа Жыл қарсаңы болатын... Жапалақтап қар жауып тұрды. Жұмыстан шаршаған жас қыз, кофе ішкісі келіп, қарсы беттегі кофеханаға асығыс жүгіріп шыға бере... Шыршаға соқтығысып, тайып құлады. Қыздың соқтығысынан шырша қосыла құлады. Тұрғысы келген қыздың биік өкшелі етігі қайта тайып, шыршаның үстіне құлады. Шыршаның астынан әлдекімнің жан дауысы шықты. Апыр-топыр... (Әйел сықылықтай күледі) Көшеден өтіп бара жатқан бір жігіт, қыздың орнынан тұруына көмектесті. Сол кезде... Дәу шыршаның астынан, көрікті жас жігіт тұрып келе жатты... Ашулы жігіт, алдында тұрған ару қызды көрген сәтте-ақ, жас қыздың сұлу жүзінен тілі байланып, сілейіп тұрып қалды!..

Әйел. (шапалақ ұра іліп кетіп) Көздері түйіскен екеу... Бір-біріне ғашық болып қалады?!  

Бастық шал.(мұңлы күрсіне) Иә... Қос ғашық бас қосып, отау тігеді...

Әйел. (бұртыйып)  Ең бастысын қалдырып кеттіңіз?!

Бастық шал. Қай жерін?

Әйел. (қуаныштан көздерін жұма тұщынып) Қос ғашықтың бақытты ғұмыр кешкенін?!. А?! Ең бастысы – бақытты қызға сүйіктісінің мүйіз тарақ сыйлағанын!..

Бастық шал. Ә?.. Неге ұмытайын?.. Ол сәт – қыз өміріндегі ең бақытты сәт болатын...

Әйел. (таңдана шаттанып) Тоқтай тұрыңыз?.. Екеуі ғана білетін құпия сырды... Сіз қайдан білесіз?

Бастық шал. (қалтасынан кішкене айнаны шығарып, Әйелдің көзіне тосып) Айнаға қараймыз... Шашымызды тараймыз...

Әйел. (сұрағын ұмытып, мәз бола) Тууһ, қолыңыз қандай жағымды?! Неге екені, шашымды сіз тарасаңыз, басымның ауырғаны қойып қалады?.. Мүйіз тарағымды айтамын... Тек, сіздің ғана тарағаныңызды қалайды. Қолыңыздың ерекше шипасы бар!..

Бастық шал. Рақмет?!. Көңіліңнен шыққанына қуаныштымын!.. Мінеки... Шаш та таралды... Айнаға да қарадық!..

Әйел. (жас балаша шапаттана қуанып) Қандай әдемі тарадыңыз?!

Бастық шал.Өйткені, өзің әдемісің...

Әйел. Рас па?!

Бастық шал. Рас болғанда қандай?!

Әйел. (мәз болып) Рақмет?! Осындай әдемі сөзді Сіз... Өз әйеліңізге айтасыз ба?

Бастық шал. Айту керектігін түсінбеппін?!.

Әйел. Оһ?!. Айту керек еді?..  Әлде, қимадыңыз ба?

Бастық шал. Ол жағына бас қатырмасам керек? Бәлкім... «Әйелім ғой, қайда барар дейсің?!.» деген ойдан... айтуды қажетсінбегеннен болар?..

Әйел. Қап, бекер айтпапсыз?! Оқасы жоқ... Әлі де айтуға кеш емес. Үйіңізге барысымен «онсыз өмір сүре алмастай сүйетініңізді» айтыңыз!.. Жиірек айтсаңыз, әйеліңізді бақытқа бөлейсіз. Мына өмірде, бақытты сәттер өте сирек қой?!

Бастық шал. Сирек сәттердің болғанын байқадым ба екен?.. «Өмір бойы қасымда жүре береді» деген астамшылық...көрсоқырлыққа жеткізгенін білмей қалыппын?! Дүние-ай, десеңші?!.

Әйел. (Бастық шалдың иығынан сипалай қағып) Оған бола қынжылмаңыз. Еркектердің көбі солай... Менің де күйеуім шынайы сүйетінін... Еш жанға айырбастамастай қымбат екенімді ешқашан айтқан емес.

Бастық шал. Тәккәппарлығы бойынан асып – ойын ойрандап кеткендіктен болар?

Әйел. Жо-жоқ, олай демеңіз?! Күйеуім жайлы қатты сөз айтуға қандай хақыңыз бар?! Білгіңіз келсе, менің күйеуім жер бетіндегі ең ғажайып жан?! Иә... Ол маған сүйетінін айтпағанымен, жүрегіммен сезетінмін. Оның кешке, жұмыстан оралған сәті мен үшін ең бақытты сәттерім!.. Ақтөсті айтамын... Қанша жерден алдымен қарсы алайын десем де, менен бұрын арсалаңдай жетіп барады?! Онысымен қоймай, күйеуімнің иығына асыла кететінін қайтерсіз?! Қызғанып кетемін?! Күлмеңіз?! Күйеуімнің күні бойы жиналған мейірімін итім менен тартып алатын секілді көрініп кетеді?.. Күлкілі ме?.. (сықылықтай күліп) Бірде, күйеуім жұмыстан келетін уақытта, итімді үйшігіне қамап қойдым?! Сөйтсем?.. Күйеуімнің машинасын дауысынан танып, үйшіктің есігін бұзып, ақыры менен бұрын жетті?! Түсінесіз бе, менен бұрын жетіп, мойнына асыла кетті?! Күйеуім... Арсалаңдай асылған Ақтөске бар мейірімін беріп қойған күйеуім, маңдайыма жәй ғана ернін тигізумен шектелуге мәжбүр болды?.. Бастық болған соң, аршап келеді ғой?.. Шетелге, жұмыс бабымен сапармен кетті. Аһ?! Айтпақшы, ендігі келіп қалған болар?! (айнаға қарап, шашын сипап) Тап осы түрімді күйеуіме көрсетіп келейінші?! (жүгіре басып кетеді)

Бастық шал. (күрсінеді) Көрсетіп келе ғой, көрсет?.. (Әйелдің соңынан айғайлап) Сосын... Қайтып келуді ұмытпа?! (өз-өзіне айтқандай күбірлеп) Өтінемін... Басқа жаққа кетпеші?!

Бастық шал орнынан тұрып, мешіттің ауласын сыпыра бастайды.

                                      2 - сахна

      Әртіс шал келіп, орындыққа жайғаса отырады.

Әртіс шал. (Бастық шалға) Ассалауғималейкум?!

Бастық шал. Уағаликумассалам?!

Әртіс шал. Тап-таза жерді несіне шаңын шығарып сыпыра бересің?! Мен кеткенше шаңдатпай қоя тұршы?!

Көзілдірікті кемпір. (қолына себет көтерген) Әй, шалдар, амансыңдар ма?!

Әртіс шал. Ә-әә... Көзілдірікті кемпір... Келіп қалдың ба?!

Көзілдірікті кемпір. Сен немене, осында қонғансың ба?!

Әртіс шал. Адам өзіне қараса ғой?! Таң атпай өзің не жоғалттың?!

Көзілдірікті кемпір. Ойыбой, қай жетіскеннен келді дейсің?! Таң алдында шалым түсіме кіріпті?..

Әртіс шал. Басталды?..

Көзілдірікті кемпір. Біртүрлі... Жықпыр тастардың арасында жүрген сияқты ма... Көңіліме ұнамады.

Әртіс шал. Сенен тығылып жүрген де?!

Көзілдірікті кемпір. Төуһ, тығылатындай не істеппін?! Сен шал сөзімді бөле бермеші?! Әйтпесе, түсімді ұмытып қаламын. Қай жеріне келіп едім?

Әртіс шал. Жықпыр тастардың арасында жансауғалап жүрген...

Көзілдірікті кемпір. Е, айтпақшы, солай екен ғой?! Шалымды әлігі.. Түсі суық жықпыр тастардың арасынан тегіс жерге шығарып алғым келіп; «Әй, әкесі-ау, ол жерде неғып жүрсің, бермен шықсаңшы?!» десем...

Әртіс шал. Өліп әрең құтылған байғұс, сені көріп, одан әрі қарай қашқан болар?!

Көзілдірікті кемпір. Әй, Әртіс шал?.. Ел-жұрттың бәрі кемпірімен ит пен мысық боп өмір сүріп жатқан сен ғой деймісің?!

Әртіс шал. Пау, шіркін?.. Менімен бірге тұратын немеше сайрауын?!

Көзілдірікті кемпір.  Күтіміңнің қандай екенін білу үшін, бірге тұру міндет емес. Кемпірің қараса, көйлегіңнің жеңіндегі түйме - орнында тұрар еді. Қашан көрсем, түймесі үзілген көйлекпен жүргенің?!

Әртіс шал. (кібіртіктеп) Соңғы кезде денсаулығы сыр білдіріп жүр. Қан қысымы көтеріліп кете береді. Бала мен келін қызмет бабымен шетелде... (аңсай күлімсіреп) Жағама шаң жуытпайтын... Спектаклімнен ешқашан қалған емес. Әсіресе, ұлымыз туылатын күнін айтамын... Отеллоны ойнайтын күнім болатын. Әйелім не істеген дейсіңдер ғой?!

Көзілдірікті кемпір. Сенен қайран жоғын біліп, перзентханаға өзі барған болар?

Әртіс шал. Осы жерде сүріндің?!. Тыңда!..

Көзілдірікті кемпір. Бірдемені қатыратын неме ғұсап, ал... Тыңдадық.

Әртіс шал. Әйелімнің жасағанын – сен жасай алмас едің?! Толғағы басталғанына қарамай, спектакльге келген. Отеллоның өзін-өзі қанжармен тамағын орып жіберетін сахнасында, әйелімнің жан дауысы шықсын?! Сасқанымна қолымнан қанжарым ұшып түсті. Абырой болғанда, сол сахнада шамдар сөнеді. Қараңғылықты пайдаланып, сахнаның арт жағын айнала жүгіріп, гриміммен көрермен залына жүгірейін? Абырой болғанда, администратор қыздар сүйемелеп, сыртқа шығарып үлгеріпті?!

Көзілдірікті кемпір. (мәз бола күліп)Ал, әйтпесе?! Сосын қайттің?!

Әртіс шал. Қайтушы ем?.. Отеллоның костюмі мен гримінде әйелімді перзентханаға әкеттім?! Бәрінен де, мені көргенде перзентханадағылардың қорқып кеткенін айт?!

Көзілдірікті кемпір. Енді ше?! Қай-қайдағы қап-қара Отелло жетіп келсе?!

Әртіс шал. Сондағысы, мені қаншалық құрметтейтінін білдіргісі келгеннен... (тамағына тас тірелгендей)  Ең соңғы қатарда... Түпкіргі орында, елеусіз ғана отырады. Қашан көрсең, күлімсірей қол соғып тұрғаны?.. Мен болсам... Көрерменнің қошеметіне елігіп, кейде, әйелімді ұмытып, дүбірге еріп, кетіп қалатынмын. Иә... Дүбір бітпестей көрініпті?..

Көзілдірікті кемпір.  Е?.. Қадыріңнің неден кеткені енді түсінікті болды.

Әртіс шал. (күйіне) Әй, құдайым-ай, тірісінде қадырін білмей, өлгеннен соң шелпегін пісіріп жүрген өзіне қарап алсайшы, адам деген?!

Көзілдірікті кемпір. Шалымда жұмысың болмасын?!

Бастық шал. (керісті қаламай) О баста біреулер шалы жайлы түс көрген секілді еді?

Көзілдірікті кемпір.  Ойбууу, мына шалмен айтысамын деп, түсімді ұмытып кетіппін ғой?! Қай жеріне келген едім?!

Бастық шал. Жықпыр тасттардан шығарып жатқансың.

Көзілдірікті кемпір.  Е, есіме түсті?!(жыламсырап) Байғұс шалым; «Кемпір, қарным ашты... Тамақ іздеп жүрмін...» дейді?! Шошып ояндым. Тұра сала қамыр ашытып, жеті шелпек пісіре қойдым. Құдай атқанда, дұға оқи алмаймын ғой?! Мешітке апарсам біреу-міреу шалыма арнап дұға оқып берер деген үмітпен келген түрім?.. (орамалының ұшымен көзін сүрткілейді)

Әртіс шал. Тарататын жеті шелпегіңді жыламай таратшы?! Әйел халқын түсініп болмайсың?!. Өлгеннен соң дұға оқыту үшін, міндетті түрде түстеріңе кіріп, шошытуымыз керек па?!

Көзілдірікті кемпір. Әй, Әртіс шал, жөнсіз килікпей отыршы?! Біз ғой, түсімізде көргенімізге жеті нан құдайымызды пісіреміз. Мына сендер, түстеріңе кірмек түгілі, аяқтарыңнан көрге тартса да жеті шелпек таратпассыңдар?!

Әртіс шал. (сылқ-сылқ күліп) Көксоққан-ау, сендерден әрең құтылсақ, шелпек таратқан немді алған?! «Түсіме де кірмесін!..» деп, ақысын төлеп, дұға оқытуымыз мүмкін?..

Көзілдірікті кемпір. Қыршаңқы?! Мұншалық тіліңнің зәрі барын білгенде, сен ойнайтын күні театрға ешқашан бармас едім.

Әртіс шал. Қиын ғылдың?! Сен бармасаң да спектакль өтетін?!

Көзілдірікті кемпір. Сен шал бар ғой, ойнап тұрғанда, кейіпкеріңнен гөрі – өзіңді ойнап кететінсің?!

Әртіс шал. Депсің?! Білгің келсе, актер – кейіпкерін бойына сіңірген соң, өзі – кейіпкеріне айналып кетеді. Ойнап тұрған мен болғандықтан, өз болмысымның болуы заңдылық. Әй бірақ, сен кемпір оны қайдан түсінбексің?!

Көзілдірікті кемпір. Түсінгішім сен екенсің ғой?! Қай білгіштің айтқаны есімде жоқ; «Халыққа түсініксіз нәрсенің – халыққа қажеті жоқ...» дегенін?..

Бастық шал. Орыстың революциенері Ленин айтқан.

Көзілдірікті кемпір. Кім айтса да, дөп айтқан?! Сондықтан, әртіс шал... Көрерменің мына мен түсінбеген рөлің – көрерменге керек емес, білдің бе?!

Әртіс шал. (мысқылмен) Көрерменнің де – көрермені бар!.. Көрерменнің ойлау деңгейі алуан түрлі екенін де ұмытпағайсың?!

Көзілдірікті кемпір. Қап, мына Әртіс шалды-ай, ә?! Осыншалық у-ыңмен, үзілдірген рольдерді қалай ойнадың ей, ә?!

Әртіс шал. «Қалай ойнадың» деймісің?.. Еее?.. Сахна дегенің ғажайып әлем ғой?! Сахнада тұрғанда күллі тауқыметті, жаныңды жегідей жеген ауыр ойларды ысырып тастап, сұлулық айдынына сүңгіп кетесің?! Ей, кемпір?.. Сен екеуміздің тыртаңбай тіршілігімізден – сахнада ойнау, аттылы кісідей?! Әй бірақ, сен оны түсінбейсің?!

Көзілдірікті кемпір.Түсінбейтін несі бар?..

Бастық шал. (екеуінің салғыласын бөліп) Сабыр, замандастар, сабыр?.. (мешітті нұсқап) Қай жерде отырғандарыңды ұмытпасаңдаршы?!

 Айтысып отырған екеу, мешітке бұрылып, үнсіз қалысады. Көзілдірікті кемпір, жеті шелпегін мешітке қарай ағылған адамдарғатаратып жүр.                                             

3 – сахна

Соңғы сәнмен киінген Прансыз кемпір, асыға басып келеді. 

Көзілдірікті кемпір. Астапыралла?! Түрін-ай, мына кемпірдің?!

Әртіс шал. Оһ?! Прансыз кемпір де жетті?!

Прансыз кемпір. (отырғандарға имене қарап, Әртіс шалмен иек қағыса сәлемдеседі) Сәлеметсіздер ме?..

Көзілдірікті кемпір. Осы сенің танымайтының жердің астында?!.

Әртіс шал. Жем жеген ақырымды ешқашан ұмытқан емеспін?!.

Көзілдірікті кемпір. Тфу, саған дауа жоқ?! (Тұсынан өтіп бара жатқан Прансыз кемпірге) Әй кемпір, қайда асығып барасың?!

Прансыз кемпір. Кешіріңіз... Кімге айтасыз?

Көзілдірікті кемпір. Өзіңнен басқа асыққан кімді көріп тұрсың?! Мешітке асықсаң, намаздың уақыты бағана өтіп кеткен. Келесіге әлі уақыт бар. (соңғы шелпегін ұсынып) Мә?.. Құдайы нанымнан дәм тат?!

Прансыз кемпір. Кешіріңіз... Диетадамын... Маған майлы тағам жеуіме болмайды. (Жан-жағына алаңдай қарайды. Сыпырғысын сүйеніп тұрған Бастық шалға көзі түсіп, қасына жақындап) Сәлеметсіз бе?.. Кешіріңіз... Сізбен сөйлесуіме бола ма?

Бастық шал. Әлбетте?! Сәлеметсіз бе?..

Прансыз кемпір. Аһ, иә... Сәлеметпіз?.. (мешітті иегімен нұсқап) Бұрын-соңды мына жерге кіріп көрмеген едім... Соған... Сізден ақыл сұрайын деп?..

Бастық шал. Иә... Сұраңыз?.. Қолымнан келсе, көмекке дайынмын.

Көзілдірікті кемпір. Әй, Әртіс шал... Мына екеуі неге оңашаланып алған?!

Әртіс шал. Ел-жұрттың бәрі саған есеп беруі керек пе, нең бар?!

Прансыз кемпір. (Көзілдірікті кемпірдің сөздерінен ыңғайсыздана) Кешіріңіздер... Мына кісі осы жерде жұмыс істейтін болған соң, сұрайын дегенім ғой?! (сөмкесінен бір әшмонке шәйді Бастық шалға беріп) Бүгін жұма... Мына шәйді алыңызшы?.. (Бастық шал алар-алмасын білмей, аңтарыла қарап қалады) Алыңыз, алыңыз?!

Көзілдірікті кемпір. Әй, кемпір, садақаны кімге беріп тұрғаныңды білесің бе? (Прансыз кемпір иығын қиқаң еткізеді) Бақандай Бастық шалға беріп тұрсың?! Оның үйінде, шәй атаулының жеті атасы бар!

Прансыз кемпір. Кешіріңіз?.. Сыпырғы ұстағанына қарап?..

Көзілдірікті кемпір. Сыпырғы ұстағанның бәрі қайыршы деп кім айтты?!

Әртіс шал. Туһ, сен де бір қылқылдап қоймайды екенсің?! Алғаш көрген адамына берді де?  Таскенеше сөзіне  сонша неге жабыса қалдың?!

Көзілдірікті кемпір. Неменеме жаның ашый қалды?! Ә?.. Ақырдан жеген жемнің дәмі есіңе түсіп, сілекейің аға қалған екен ғой?!

Әртіс шал. Тфу?.. Саған дауа жоқ?!

Прансыз кемпір. (Көзілдірікті кемпірге таңдана кіртиіп) Сіз... Бір көрген адамыңызға сонша тіл тигізетініңіз қызық екен?

Көзілдірікті кемпір. Ой, шіркін-ай, сөйлеу-сөйлемеуді сізден сұрауды ұмытып кеттік?!.

Бастық шал. (Прансыз кемпірді аяп, Көзілдірікті кемпірдің сөзін бөліп) Садақаңыз қабыл болсын?! Уайымдамаңыз. Тиесілі адамына берермін. Иә, не сұрағыңыз келіп еді?

Прансыз кемпір. Күнің еңкейген сайын тіршілік өлшемі өзгере береді екен?.. Кім айтқаны есімде жоқ... «Сағат соғады. Бәрін соғады...» дегені?.. (Бастық шалдың абдырай қарағанын түсінбеді деп ойлап) Бұл жерде, сағат тілінің қаһары бөліп-жармай, адамзатқа бірдей сынақ нәсіп ететінін айтып тұр...

Бастық шал. А?.. Түсінікті.

Прансыз кемпір. Айтқым келгені...

Көзілдірікті кемпір. (екеудің сөзін бөліп, даусын көтере жақтырмай) Әй, Прансыз кемпір... Сұрағың келсе ішке кіріп, имамнан сұрасаңшы?

Әртіс шал. Сен кемпір жағаласа бермей, тыныш отырсаңшы?!

Бастық шал. (Прансыз кемпірге) Иә?.. Құлағым сізде дедім ғой, сұраңыз?!

Прансыз кемпір. Аһ, иә... Рақмет?.. Білесіз бе... (кібіртіктеп, күмілжи)Ана жаққа кетер алдын?..

Бастық шал. Қайда кетерде?

Прансыз кемпір. Енді... (саусағын көкке шошайта) Ана жақты айтамын?!

Көзілдірікті кемпір. Әй, екеуің немене... Бірің - меңіреу, бірің – өтірік қорқа қалғансыңдар?.. Оданда бірден; «Өлгенде!..» десеңдерші?!

Прансыз кемпір. (Мақұлдағандай Бастық шалға қарап басын изейді) Соның алдында... Шіле түсіру керек дейді?!

Бастық шал. Шіле түсіреді?! Оның не қажеті бар?

Прансыз кемпір. Қалай десем екен?.. Ең мықты деген дұғаларды арнайы имамына оқытса, кетер алдын жеңіл болады дейді?..

Көзілдірікті кемпір. Немене, шіле түсірмегенді о жаққа қабылдамайды ма екен?!

Әртіс шал. Орынсыз килігіп... Сен кемпірге не көрінген бүгін?! Ау, алдымен адамды жөндеп тыңдап алайық та?

Көзілдірікті кемпір. Құлаққа түрпідей тиетін пәлекетті ойлап тапса, қалай килікпеске?!

Прансыз кемпір. (Бастық шалдан араша сұрағандай) Түсінесіз бе... Мен, жалғызбастымын... Жо-жоқ, құдайға шүкір, қызым бар?! Көрші қалада тұрады. Күйеу балам.... Немерелерім, бәрі жеткілікті. Бірақ... Сирек көрісеміз. Өз тіршіліктері – өзінде дегендей... Жиі араласуға қызмет бабымен қолдары тие бермейді.

Бастық шал. Таныс жайт. Айта беріңіз?..

Прансыз кемпір. Түсінесіз бе... Менің күнім санаулы...

Бастық шал. А?..

Көзілдірікті кемпір. Астапыралла?.. Оны қайдан білдің?!

Прансыз кемпір. (сөмкесінен қағаздарды шығарып) Міне... Қанымдағы қанттың мөлшері қаншалық асқынып кеткені жайында анықтамаларым... Сусамыр ауруы. Соңғы кезеңге жетіппін?!.

Бастық шал.Апыр-ай?..

Прансыз кемпір. Жо-жоқ, оқасы жоқ... Ақыры белгілі өмір ғой?.. (Бастық шалға жалынышты) Кеше, дәрігерімді күтіп отырғанымда, бір қариямен сөйлесіп қалдым. Оның да... Түсінесіз бе, соңғы кезеңге жетіпті?.. Әңгіме үстінде;«Дайындалып жүргенін... О дүниеге жүзі жарық болып бару үшін, шіле түсіргенін» айтты. Мән бермеген екенмін... Сөйтсем... Ана жаққа барарда, шіле түсіргеннің сауабы өте мол екен?!

Көзілдірікті кемпір. Ол шалдан не күтіп тұрсың? Оданда, түбіңде тұрған мешітке кірсеңші?!

Прансыз кемпір. Белгілі бір себеппен әлі күнге бір рет те мешітке кіріп, құдайға жалбарынып, намаз оқып көрмеппін?! Жо-жоқ, күнде жатар алдын өз білгенімше құдайға жалбарынып жатамын дегендей?.. Айтқым келгені... Құдай үшін, дұрыс түсініздерші?.. Маған шіле түсіретін имам керек?!.

Отырғандар аңтарылысып, үнсіз қалады.

Көзілдірікті кемпір. «Пәлен күні» деп, дәрігер нақтылы күнін жазбаған шығар?! Дәм-тұзің таусылмаса... (Әртіс шалға сөзін қоштатқысы келіп) Мына кемпірдің өлмей жатып жамандық шақырғаны,  қай сасқаны?!

Прансыз кемпір. Түк те жамандығы жоқ?! (сөмкесінен тағы бір қағазды алып, Бастық шалға көрсетіп) Мына жерде бәрінің тізімін жазып қойдым.

Көзілдірікті кемпір. Ненің?!

Прансыз кемпір. Жаназаға қажеттінің...

Көзілдірікті кемпір. Астапыралла?! Не дейді?! Айдың күннің аманында мына кемпірдің есі ауысқан шығар?!

Прансыз кемпір. Есім орнында болғандықтан, алдын-ала қамданып жатырмын. Ал, жаназа мәселесіне келетін болсақ, о жағын жақында туысы қайтыс болған көршімнен анықтап сұрап, айтқанының бәрін түгелдей сатып алып, құрбыма тапсырып қойдым. Алғашқы күнге қажеттісін жөн-жөнімен дегендей?..

Көзілдірікті кемпір. Алда ғана сормаңдай... (Әртіс шалға мақұлдатқысы келіп) Жалғыз қызы қарамай кеткен екен ғой?!

Прансыз кемпір. Қарамай кеткен түгі де жоқ?! Білгіңіз келсе, қызым күнде телефон шалып, хабарласып тұрады. Адам шынын айтса, дереу жаман жағын тірей қоятындарыңыз не?!

Көзілдірікті кемпір. Ендеше не сандырақтап тұрсың?! Бала-шаға сол үшін... Ата-анасын соңғы сапарға арулап шығарып салу үшін бала емес пе?! Мынау – қай өнегең?!

Прансыз кемпір. (Әртіс шалға Көзілдірікті кемпірді нұсқап) Ана кісі жайлы Сіздің пікіріңізге қосыламын. Жөнсіз жағаласа береді екен? (Бастық шалдың қолтығынан ұстап, оңашаланғысы келіп) Қалай десем екен?.. Түріңізге қарасам, өте мейірімді екеніңіз көрініп тұр. Егер, жаназама атсалысамын десеңіз, алдын-ала көмегіңізді төлеп қояйын?!

Бастық шал. О не дегеніңіз?! Жаназаға қол ұшын беру, әр мұсылманның парызы!

Прансыз кемпір. Солай ма... Онысы жақсы екен?!. Иә... Қызым жайлы жаман ойламауыңызды өтінемін?! Қызым өте мейірімді!.. Керек десеңіз, қызым бірге тұруға ұсыныс та жасады. Тек... Құдағиым, қызымның үйіне барғанымды қаламайды. Енді, түсінікті жайт қой?.. Ара-қатынастың қайшылығын тереңдеткеннен не табамын? Қызым бақытты болса, сол да жеткілікті. Мәселе онда емес... Әйтеуір, шығарып саларда ие болар адам бар ғой. Соған да шүкір. (тағы бір қағазды көрсетіп) Мінеки...

Бастық шал ала беремін дегенде, қағаз ұшып Көзілдірікті кемпірдің алдына түседі. Көзілдірікті кемпір жерден  жалма-жан қағазды көтеріп, оқи бастайды. 

Көзілдірікті кемпір. Астапыралла, мына кемпірдің шынымен есі ауысқан?! Мынаны қараңдар?!

Әртіс шал. Тағы немене? (қағазды жұлып алып оқып, үнсіз сілейіп қалады)

Бастық шал. Сендерге не болған?.. Жөн айтатын біреу бар ма? (Әртіс шал, қағазды үнсіз Бастық шалға береді. Оқиды) Қалайша?..

Көзілдірікті кемпір. Соны айтам?!. О заманда бұ заман, соңында ұрпағы бола тұра жерленетін орнын дайындап қойғанды қайдан көрдің?!

Прансыз кемпір.  Онда тұрған не бар?! Қазір, бәрі сатулы. Айналасын әдемілеп, қоршатып... А... Маған қара түс ұнайды. Қара мраморға туған күнімді жаздырып, ілдіріп қойдым.

Көзілдірікті кемпір. Ақыры жаздырыпсың... Сызықшаның екінші басын да жаздыра салмадың ба?

Әртіс шал. Тіл өзімдікі екен деп, жөнсіз жерге сұқпалаймай, тыныш отыршы сен кемпір?! Прансыз кемпірдің миы керемет істеп кетіпті?! Ақыр түбі баратын жер болған соң, алдын-ала дайындап қойғанның несі айып?! Ойланатын нәрсе екен?!

Көзілдірікті кемпір. Масқара?! Сен де қалыспайын дедің бе?!

Әртіс шал. Енді... «Жатар жерің қараңғы, шам-шырағың сайлап ал...» дегенді сонау... Қожа Ахмет Иассауй бекер айтты деймісің?!

Прансыз кемпір. Дұрыс түсінбепсіз?.. Меніңше, «шам-шырағың сайлап ал» дегенде, Қожа Ахмет дұға оқи білуді меңзеп тұр?.. Өзіме келсем, сол мәселем шешілмегендіктен... Жанталасқан түрім ғой? Өзім оқи алмасам да, оқитындарға...

Бастық шал. Дұрыс айтасыз. Ол жақтан оралған ешкім жоқ. Десе де, барлық дінде Әзірейіл мен Жебірейілдің сұраққа алары дәлелденген. Мойындамасқа лажың жоқ. Көнедегілердің айтқандарын түсіне бермейтініміз өкінішті?.. (Прансыз кемпірге күлімсірей) Сіздің ақылыңызға тамсанып отырмын?! Ойлап қарасаң, соңында қалғандарға салмақ салғанша, мүмкіндігінше өзі қамданғанның несі жаман?! Жалғыз қыз шетте болса, келген күнде... Сізді жерлейтін жер іздеп шапқылайды ма, әлде, келгендермен көріседі ме?!

Прансыз кемпір. Соны айтамын?!

Бастық шал. Мынауыңыз табылған ақыл екен?!

Көзілдірікті кемпір. Бір-біріңнен асыра қолпаштап, екеуіңді бірдей жын соққан шығар?!

Прансыз кемпір. Кешіріңіз... Не себепті тіл тигізіп отырсыз?

Көзілдірікті кемпір. Иібаий?.. «Не себепті тіл тигізіп отырсыз» дейді ғой?! Мынадайын ерсі қылыққа қалай үндемей қаласың?! Өз моласын – өзі дайындағаны аздай, айналасын қоршатып қойғанды қайдан көрдіңдер?!

                                            4 - сахна

Әйел қайта оралып, Прансыз кемпірге жақындайды.

Әйел. Кешіріңіз... Күйеуім осында келуі керек еді... Көрмедіңіз бе?

Прансыз кемпір. А?!. Кешіріңіз, келгенім осы... Күйеуіңізді танымайды екенмін?..

Әйел. Солай ма?!. Күйеуімді тану өте оңай.

Прансыз кемпір. Сонда қалай?..

Әйел.  Егер, жақындап келе жатқан еркектің жүзінен нұр шашырап келе жатса, ол – менің күйеуім болғаны?!

Прансыз кемпір. Түсінбедім?..

Көзілдірікті кемпір«Тыныш отыр!..» дегендей, басын шайқайды.

Әйел. Түсінбейтін несі бар?! Күйеуім – жер бетіндегі ең ғажайып, мейірімді, сұлу жан!.. (Бастық шалға жақындап) Сіз ше?.. Күйеуімді көрмедіңіз бе?

Бастық шал. Осында жүрген... Келіп қалар?

Әйел. (қуана шаттанып) Рас па?! Шынымен бе?

Көзілдірікті кемпір. Алда ғана, бейшара-ай?!. (көз жасын орамалының ұшымен сүртеді)

Әртіс шал; «Тыныш отыр!..» дегендей, Көзілдірікті кемпірге басын шайқайды.

Әйел. (Бастық шалдың көздеріне үңіле қарап) Рас айтасыз ғой, иә?

Бастық шал. Рас айтамын.

Әйел. Ой?!. Ендеше, тұрысым не?! Шашым?.. Шашымды әдемілеп тарауым керек... Тезірек мүйіз тарағымды тауып келейін?!

Әйел. Қане?! Қайда кетті, қайда?! (Көзілдірікті кемпірді бассалып) Қайтар?!

Көзілдірікті кемпір.(жылауын ұмытып, есі шыға) Нені?!

Әйел. Тарақты?.. Мүйіз тарағымды қайтар өзіме, қайтар деймін?!

Бастық шал. (қалтасынан мүйіз тарақты алып, сүріне-қабына Әйелге жетіп) Міне?.. Мүйіз тарағың міне, ал?!

Әйел. (мүйіз тарақты жұлып алып) Мүйіз тарақ... Мүйіз тарағым?! (кеудесіне тарағын басқан күйі екі иығы селкілдеп жылайды, Бастық шалға қарап) Рақмет сізге?! Сіз болмағанда, мүйіз тарағымнан айрылатын едім?! Мүйіз тарқты жоғалтсам, күнім не болмақ?! Күйеуім ренжіп, келмей қояды ғой?!

Прансыз кемпір. Түсінсем бұйырмасын... Мүйіз тараққа бола келмейтін қандай күйеу?! (Көзілдірікті кемпір, «үндеме» дегендей,  түртіп қалады) Кешіріңіздер... Бірдеңе бүлдірсем?..

Бастық шал. (абдыраған Прансыз кемпірді жұбатып) Ештеңе бүлдірген жоқсыз. (Әйелге күлімсіреп) Қанеки... Мүйіз тарақпен шашыңызды тарап берсем... Қалай қарайсыз?

Әйел. Шынымен тарайсыз ба? (Бастық шалдың бас изегеніне қуанып, тарағын ұсынып) Мінеки, тараңыз?! Ә?.. Есіме түсті?! (Бастық шалға жақындап) Сіз менің есіме түстіңіз... Мен Сізді білемін?!

Бастық шал. (қуаныштиан тілі күрмеліп) Рас па?!

Әйел. Иә?.. Мүйіз тарағым сізді жақсы көреді?.. Сіз тарасаңыз, шашым әдемі таралады?! Сізге мүйіз тарағымды ұстатуыма болады. (жас балаша тарағын қайта кеудесіне баса бұртыйып) Ескертемін... Мүйіз тарағымды міндетті түрде қайтаратын болыңыз?!

Бастық шал. (Қуанышы су сепкендей басылып, Әйелдің көңілін қимағаннан солдатша аяқтарын сарт еткізе қолын шекесіне қойып) Қайтаруға ант етемін?! (мәз боп күлген Әйелді орындыққа отырғызып, шашын мүйіз тарақпен тара, жәймен әндете бастайды) Мүйіз тарақ дегенде, мүйіз тарақ!.. Шашты әдемі етіңіз, тарап-тарап?! (Әйел сықылықтап күледі) Айнаға біз қараймыз, шашымызды тараймыз!..

Прансыз кемпір. (Көзілдірікті кемпірге сыбырлап) Мына жерде не боп жатыр өзі?! Тым құрыса сіз түсіндіріңізші?!

Көзілдірікті кемпір «тыныш отыр!..» дегендей нұқып қалып, иегін Бастық шалға қарай меңзейді.

Әйел. (Бастық шалдың алдына жақын тұрған орындыққа отырып) Сіз менің шашымды әдемі тарайсыз!..

Прансыз кемпір. А... Еркек адам шаш тарай алушы ма еді... Қаласаңыз, мен... Мен тарап берейін?!

Көзілдірікті кемпір, Прансыз кемпірді нұқып қалады.

Әйел. Бейтаныс адамның шашымды тарағанын қаламаймын?!. (Бастық шалды нұсқап) Мына кісі шашымды ылғи тарап береді. Тарайсыз ғой, иә?

Бастық шал. Әрине, тараймын?.. (Әйелдің шашын елжіреген көңілмен тарай бастайды) Жаңа Жыл қарсаңы болатын. Жапалақтап қар жауып тұрды. Жұмыстан шаршаған жас қыз, кофе ішкісі келіп, қарсы беттегі кофеханаға асығыс, жүгіріп шыға бере... Шыршаға соқтығысып, тайып құлады. Қыздың соқтығысынан шырша қосыла құлады. Тұрғысы келген қыздың биік өкшелі етігі қайта тайып, шыршаның үстіне құлады. Шыршаның астынан әлдекімнің жан дауысы шықты. Апыр-топыр... (Әйел сықылықтай күледі) Көшеден өтіп бара жатқан бір жігіт, қыздың орнынан тұруына көмектесті. (Қалған үшеу, ғажайып ертегі тыңдағандай үнсіз отыр) Сол кезде... Дәу шыршаның астынан, көрікті жас жігіт тұрып келе жатты... Ашулы жігіт, алдында тұрған ару қызды көрген сәтте-ақ, жас қыздың сұлу жүзінен тілі байланып, сілейіп тұрып қалды!..

Әйел. (шапалақ ұра) Қыз да... Қыз да таңдана қарап қалады!

Прансыз кемпір. (еліге сөзге кірісіп) Кешіріңіз... Неге?!. Неге таңданады?

Әйел. (Прансыз кемпірге таңдана қарап) Өйткені, жігіт... (қиялдай күлімсіреп) Көрген қыз ғашық болып қалардай көрікті еді?! Алғашында көздерінде ұрып жіберердей ашу тұнып тұрды. Сосын... Үсті қар-қар, шашы... Жаңа жауған мамық қарға шомылған қызды көріп, күлімсіреп қоя берді. Күлімсіреген жігіттің көркіне еліткен қыздың аяқтары қимылсыз қақайып, тұрып қалды.

Прансыз кемпір. Кешіріңіздер... Айтып жатқан киноның аты қандай? Не деген махаббат?!  Көргім келіп кеткені?.. 

Көзілдірікті кемпір, Прансыз кемпірді нұқып қалады.

Бастық шал.(мұңлы күрсіне) Иә...Сол сәттен бастап, екі жас, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтынын түсінеді. Қос ғашық бас қосып, отау тігеді...

Әйел. (бұртыйып)  Ең бастысын қалдырып кеттіңіз?!

Бастық шал. Қай жерін?

Әйел. (қуаныштан көздерін жұма тұщынып) Қос ғашықтың бақытты ғұмыр кешкенін?!. А?! Ең бастысы – бақытты қызға сүйіктісінің мүйіз тарақ сыйлағанын!..

Бастық шал. А... Иә?..

Прансыз кемпір. Мүйіз тарақ?! Қазір, мүйіз тарақпен тарау сәннен қалған жоқ па?!

Әйел. Басқалар үшін болар, тек... Мен үшін емес!.. Өз басыма, жаңа мода түк те ұнамайды!.. (көздерін жұма рахаттанып) Һіммм... Неткен рахат?! Ой... Қар?.. Жапалақтап қар жауып жатыр?!

Прансыз кемпір. Қайдағы қар?! Күн жарқырап тұр ғой?!

Әйел. Қызық екенсіз?!. Ең бақытты сәтте қар жауатынын қалайша білмейсіз?! (таралған шашына қарап, Бастық шалға мәз бола риза болып) Ой, айттым ғой, сіз өте әдемі тарайсыз?! (мүйіз тарақты жұлып алып, жалма-жан қалтасына салып) Әдемі таралған шашымды күйеуіме көрсетіп келейінші?! Ой, мен мұнда жүргенде, ендігі үйге келіп қойған шығар?! Мені іздеп қалар?!   (жүгіріп кетіп қалады)

Көзілдірікті кемпір. (көңілі босап) Алда байғұс-ай?!.  

Прансыз кемпір. (Әйелдің соңынан сүйсіне қарап) Қандай кішіпейіл өзі?! Жан-дүниесі романтикаға тұнып тұрған неткен керемет жан екен?!

Әртіс шал. Һіммм, иә?... Ғажап?! Исі әлемді ұмытса да, мүйіз тарағын ұмытпайды?! Соған таңқаламын?!

Көзілдірікті кемпір. Неге екені, Ол байғұстың әлемінде ылғи қар жауып тұрады.

Бастық шал. Оның ең бақытты сәтінде қар жауып тұрған болатын...

Прансыз кемпір. (Бастық шалға таңдана қарап) Демек сіз, Оның?.. (Бастық шал басын изейд. Мүйіз тарақты ұстаған күйі, Әйелдің соңынан күрсіне қарап тұр)

Отырғандар үнсіз қалысады.

ІІ АКТ

5 – сахна

Бастық шал. Апармаған жерім қалмады. Еш ем қонбайды. Дәрігерлердің айтуынша; «Алып бара жатқан кеселі жоқ. Әйеліңіз қатты күйзелістен өзіне жеке әлем жасап, қауашаққа тығылғандай ішіне кіріп алған. Сыртқы әлемге шыққысы келмейді. Қауашақты іші өзіне ерекше ұнайды. Санасына тек ең бақытты сәттерді ғана сақтап, қалғанын жойып тастаған» дейді...

Прансыз кемпір. Қалайша?.. Қолдап есінен ауды демексіз бе? (Бастық шал басын изейді) Әдемі әлемді салып алғаны неткен ғажап ә? Әйеліңіздің жаны сұлу болғаны ғой?! Кешіріңіз?.. Қандай күйзеліске ұшырап еді?..

Бастық шал. Өмір ғой?.. Орта жастан асқанымда, арманымның ақ құсындай жас қызды тосыннан кездестіріп қалдым. Арамызда махаббат оты лап етті. Әйелімді қимай, екі жаққа бөліне арпалыспен өмір сүрдім. Ұлды болдым. Сүйіктім, екі жарылғаныма ренжіместен, ұлымызды өсіріп жатты. Әйелімнен екі қызым бар. Екеуі де бүгінде отбасылы. Қыздарыммен арақатынасым өте жақсы. Маған түсіністікпен қарады. Ұлым ержете бастағанда, қасында болғанды қаладым. Мүйіз тараққа келсек... Енем, көз жұмарында әжесінен қалған мүйіз тарағын «әулеттің көзіндей көр» деп, әйеліме сыйлаған болатын. Бірде, кішкентай немереміз ойнап жүріп, су құбырына лақтырып жіберіпті. Мүйіз тарағынан айырлғанына әйелім қатты күйзелді. Анасынан қалған жалғыз көз ғой?.. Осыдан екі жыл бұрын, шетелге барған сапарымнан, әйеліме мүйіз тарақ әкеп сыйладым. Неге екені, мүйіз тарақты беріп тұрып, «басқа әйелден ұлым барын, кететінімді» айттым. Киім-кешегімді жинап жатып байқаймын, әйелім, отырған жерінде қыбыр етпестен отыр?!. Кеттім... Шығып бара жатқанымда, тым құрыса «айғайлар» деп ойладым. Үндемеді. Ертеңіне, «жұмысыма келіп шу шығарар?..» деген ойым адыра қалды. Келмеді. Таң қалдым?!. Екі жұмадан соң, үлкен қызым; «Анасының мүйіз тарақты кеудесіне қысып, көшенің басында, мені күтіп тұратынын» айтты. Сенбедім. Тағы апта күн сенбей, бармадым. Досым хабарласып, қызымның сөзін қайталады. Сенбесем де, бардым. Көшеге машинаммен бұрыла бере, әйелімді кездестірдім. Айтқан сөздің бәрі рас болып шықты. Танымайды. Мені күтіп жүргенін айта береді. «Көрмедіңіз бе?» деп сұрайды.  Ұлымды тастап, әйеліме оралуға мәжбүр болдым. Ұлым ержетіп қалған. Түсінді. Сосын... Қалғаны өздеріңіз көргендей... (ауыр күрсінді) 

Отырғандар ауыр үнсіздікте.

Көзілдірікті кемпір. Әй, Прансыз кемпір, сөздерімді көңіліңе алма?! Менікі жәй... Өмірімде алдын-ала қағаздарын дайындаған адамды көрмеген соң, «сасқан үйрек – артымен сүңгидінің» кері ғой?! Ойлап қарасам, сенікі жөн?!

Прансыз кемпір. Рас айтасыз ба?!

Әртіс шал. Расы сол... Түсінде шалы шақырып жүрген көрінеді. Әне, нанын пісіріп, шалының соңынан кетпеудің жолын қарастырып отыр?!

Көзілдірікті кемпір. Е... Қашқанмен құтылдыра қоймас?!. (Прансыз кемпірге) Сен кемпір, мына шалды тыңдама?! Әртіс болған соң, сөйлей береді де? Оданда мынаны айт... Сүйегіңе кіретін адамды түгелдеп қойдың ба?

Бастық шал. Сіздер, тым тереңдетіп жіберген жоқсыздар ма?

Көзілдірікті кемпір. Саязға тірелгенді көрмей тұрсың ба?! Ақыры бастаған екен, аяғына жетейік те?!

Прансыз кемпір. Дұрыс айтсыз?! (сөмкесінен тағы бір қағазды шығарып, Көзілдірікті кемпірге береді) Міне?!

Көзілдірікті кемпір. (тез оқып шығып) Неге төртеу?

Прансыз кемпір. Енді қанша болуы керек?

Көзілдірікті кемпір. Бесеу!..

Прансыз кемпір. Бесеу?!.

Көзілдірікті кемпір. Сүйекке бес адам кіретінін ана... Көршің айтпады ма?

Прансыз кемпір. (басын шайқап) Көршім орыс болатын?..

Көзілдірікті кемпір. Құдай тас төбеңнен?.. Әй, кемпір?! Діні бөлектен сұрап, жын ұрды ма?

Прансыз кемпір.Қызық екенсіз... Өлгеннен соң бәрі-бір емес пе?

Әртіс шал. Тұп-тура?! Өлгеннен соң, қай дінмен көмсе де, баратын жеріңнің адресі біреу-ақ?! Адам санын көбейткеннен не шығады?!

Көзілдірікті кемпір. Ауыз – өзімдікі деп, жөнсіз былшыл неме керек?! Әй, Прансыз кемпір!.. Төртеу шыққан жерден – бесіншісі де табылар?. Бесіншіні міндетті түрде қосып қой?!

Прансыз кемпір. Солай ма?.. «Ең жаныңа жақын адамдар болуы керек  деген соң... Етжақындарым төртеуден аспады?.. Енді қайттім?!

Әртіс шал. Сонша неге қиналасың?! Әңкүр-Мәңкүр; «Сүйегіңе төрт-ақ адам кірді. Бесіншісін тауып кел!..» деп, қайта тірілтіп жібереді дейсің бе?! Төртеуден артылатын шаруа жоқ. Барымен – базар ғыл?!

Көзілдірікті кемпір. Өмәй деген?! Білмейтін жерге тұмсығыңды тықпай отыр, сен шал?! Өзің айтқандай, «қайта тірлмейтін» болған соң, адам санын түгендеп қойғаны дұрыс!..

Прансыз кемпір. Аянып жатқан түгім жоқ.

Көзілдірікті кемпір. Әй, Прансыз кемпір, сонша дайындығыңды тыянақтап қойғанда, бір адамға шамаң келмей қалды ма?

Прансыз кемпір. (ауыр күрсіне) Тағдырымның бір адамға тірелетінін білсемші?! Оның үстіне... «Міндетті түрде бесеу болу керек» деп қатып қалған... Өлгенннің жанын қинарлық қағида қайдан шыққан?!

Әртіс шал. Соны айтамын?! Бір адамға бола күйзелмей-ақ қойсаңшы?!

Бастық шал. Меніңше, бесеуді ойлап тапқандары текке емес?..

Көзілдірікті кемпір. Оһ-оо, Бастық шал да мені қолдайды екен ғой?!

Бастық шал. Өздерің ойлаңдаршы?.. Тіршілігімізде «ешқашан өлместей» тәкәппар ғұмыр кешеміз. Сүйіктімізді бағаламаймыз. Сәл кінәсі үшін досты итере саламыз. Қасты кешпейміз. Күнәміз үшін кешірім сұрамаймыз. Себебі; әрдайым өзімізді ақтап аламыз. Басымызға қонған бақты бағаламаймыз. Түймедейді – түйедейге айналдырып, кешірімді болу қолымыздан келмейді. Бесеу... Бәлкім, соңғы сапарға аттандырып жатқан бесеу, сенің тәніңді соңғы рет жуып отырып, ғұмырдың қаншалық қысқа екенін ұғынуын... Жақсы жағын көбірек еске түсіруін... Арадағы бар кемшілікті кешіруін... Өзі де кешірім сұрау үшін ойлап табылған болар?!

Бәрі үнсіз қалады.

Прансыз кемпір. Енді түсіндім?!. Қорқынышты екен?..

Бастық шал. Нені айтасыз?

Прансыз кемпір. Егер... Еске түсірердей жақсы жағым аз болып қалса ше?! Енді... Кімді қай кезде ренжіткенім есімде жоқ қой? Қалай ойлайсыз... Жақсым аз болып, жаман тұсы басып кетпес па екен?..

Бастық шал. Ол жағын уайымдамаңыз. Жансыз тәнді көргенде, көкейге қатқан мұз – мойын бұрғызбас шындықтың алдында еріп кетеді.

Прансыз кемпір. Сіз соған сенесіз бе?

Бастық шал. Сенемін... Сізбен ендігәрі тілдеспейтінін, кездеспейтініне көзі жеткен кезде, сол сәттің өзін де күтіп тұрғанын түйсіккеннен...(үнсіз қалады)

Прансыз кемпір. Не болады?.. Кешірмей қояды ма?

Бастық шал. Жоқ-ә?.. Өз бойындағы қателігі зорайып шыға келетіне... Кезінде жіберген қателігіне өкінетіне күмәніңіз болмасын. Бір сөзіңізде; «Өлгеннен соң бәрі-бір емес пе?» деп қалдыңыз...

Прансыз кемпір. Иә?.. Келіспейсіз бе?

Бастық шал. Бәлкім, солай да болар, бірақ... Сүйіспеншілік пен қадырлеу, дер кезінде жылы сөзіңді аямау - тірі мен өліге бірдей қажет сияқты?.. Бірін-бірі мойындамаған адамдар, соңғы сапарға аттанар сәтте өмір пәлсапасын көзге шұқып, көрсетіп кететінін айтамын?.. Жаратқанның шеберлігі де сонда болар?..

Прансыз кемпір. Миыма бұрын қалай келмеген?! Сізге рақмет... Қорқынышымды сейілттіңіз..

Әртіс шал. Қандай әдемі айттың?! Шынында, келерде ешкімнің рұқсатынсыз келіп алып, кетерде неге сонша қорқамыз?!

Бастық шал. Жаратқанның рұқсатымен деңіз?..

Әртіс шал. Енді... Ол жағы айтпаса да түсінікті жайт қой?! Прансыз кемпір өте орынды бастама көтеріп отырсың.  Жататын жеріңнің қасында бос орын бар ма екен?

Көзілдірікті кемпір. Оны қайтпексің?!

Әртіс шал. Жас кезімде қолым жетпеп еді, ендігі жерде, ерегіскенде қасына барып жатып алайын деп едім?!

Көзілдірікті кемпір. Жетпегені сен едің?!

Әртіс шал. Немене, сені таңдамай, Прансыз кемпірге көңілім ауғанын қызғанып отырмысың?!

Көзілдірікті кемпір. Далбасаңа болайын?! Қызғанарлық нем қалды деп отырсың? Алдымен, жас кезіңде жолатпаған адам, өлгенде қасында жатқаныңды қалар ма екен, соны біліп ал?! О несі екен?!.

Прансыз кемпір. Бос орын жоқ... Ол орынды бұдан отыз бес жыл бұрын белгілеп қойғанмын.

Көзілдірікті кемпір. Не дейді?! Отыз бес жыл бұрын?! Сен... Осы жаңа; «Жерленетін орнымның айналасын қоршатып қойдым» деген жоқ па едің?

Прансыз кемпір. Иә...

Көзілдірікті кемпір. Сонда... Қай кезде үлгеріп жүрсің?

Прансыз кемпір. Зиратта жұмыс істейтін кісі... Әлігі, көр қазатын?.. Иә, сол кісі менің жанкүйерім екен.

Көзілдірікті кемпір. Мынауың енді томпақ?

Әртіс шал. Неге?!

Көзілдірікті кемпір. Көр қазушы театрға барады дегенге кім сенеді?

Прансыз кемпір. (Бастық шалды нұсқап) Мына кісінің сөзінің жаны бар. Ол, өзінің «тірі мен өлінің айырмасын терең түсіну үшін» театрға баратынын айтқан болатын. Рольдерімді жатқа біледі. Өтінген едім, сөзге келместен, ешкімге білдірместен сыммен қоршап берді.

Көзілдірікті кемпір. Апыр-ай, адамнан айла артылмайды ә?! Айтпақшы, отыз бес жыл бұрын қоршап қоярдай, ол жерден не таптың?

Прансыз кемпір. Қасында... Отыз бес жыл бұрын көз жұмған ұлым жатыр...

Отырғандар үнсіз қалады.

Бастық шал. Кешіріңіз?..

Әртіс шал. Қате ойладым ба, әлде?..

Прансыз кемпір. Дұрыс ойладың... Сенің ұлың жатыр...(отырғандардың таңданған түрлерін көріп) Иә... Таңдануларыңыз орынды. (Әртіс шалды меңзеп) Бір театрда жұмыс істедік. Көрікті. Басты рольдердің бәрін ойнайды. Есім кете ғашық болдым.

Көзілдірікті кемпір. Бұл сөзіңе сенемін... Кезінде, сахнадан көргенде көркіне есіміз кетіп қалатынын мойындаймын...

Әртіс шал. Тым құрыса өстіп мойындап қойсаңшы?!

Көзілдірікті кемпір. Шындықты мойындаудан ешқашан қашқан емеспін. Сен шал, тыныш отыршы?  Иә... Ары... Ары қарай не болды?

Прансыз кемпір. О, қыз-қырқын соңынан шұбап жүретін. Мен болсам, сахнада бірге ойнағаныма мәзбін. Отеллоны ойнайтынын естігенде, Дездемонаның ролін алу үшін режиссерге не істемедім десеңші?! Жылап-еңіреп жүріп, Дездемонаға қолымды жеткіздім.

Көзілдірікті кемпір. Тоқтай тұр?! Бәсе, қай жерден көрдім десем?.. Дездемонаны сен ойнаған ба едің?

Прансыз кемпір. Басқа актрисаны көрген боларсыз? Мен... Ертеректе кетіп қалғанмын.

Бастық шал. (Көзілдірікті кемпірге ренжи) Өтініш... Сөзін бөле бермеңізші?! (Прансыз кемпірге) Иә... Айта беріңіз?..

Прансыз кемпір. О?.. Қаншама рольдерде ойнап жүріп, Дездемонаны ойнаған сәттегідей бақытты болған емеспін?! Бақыттан басым айналды. Дайындық кезінде әсіресе, Отеллоның Дездемонаны қылғындыратын сәтін асыға күтетінмін.

Көзілдірікті кемпір. Ал, әйтпесе?! Қылғындыратын жерінен не таптың?!

Прансыз кемпір. Қалай десем екен?.. Бір-бірімізбен тәніміздің қабысатын жері – сол сахна... Құшағына ала қос қолдап мойнымнан қылғындырғанда?..

Әртіс шал. Тоқтай тұр... Сен... Қылғындырып жатқанымда жәудірей қарайтының?..

Прансыз кемпір. Иә!.. Мен сені Отелло деп емес – жаныммен сүйетін еркектің аймалағыны деп қабылдайтынмын.

Көзілдірікті кемпір. Алда ғана, сормаңдай-ай?!

Прансыз кемпір. Керісінше... Ең бақытты сәтім!.. Қарымды қолдарымен жіңішке белімді үзіп жіберердей бар пәрменімен қапсыра құшқанда?!.

Әртіс шал. Иә, иә?.. Ашу-ызамды жойып алмас үшін, ынтыққан көздеріңе қарамауға тырысатынмын. Апыр-ай... Соншалық сүйетініңді білсемші?!

Прансыз кемпір. Сүйген жүрек қашанда әлсіз ғой... Осалдығым омақаса құлатты. Бойыма бала біткенін естіген сәтте-ақ, құйрығын сипап шыға келді...

Көзілдірікті кемпір. (Әртіс шалға) Бәсе?.. Опасыздығыңды сезуші едім?.. (Прансыз кемпірге) Сотқа бермедің бе?!

Прансыз кемпір. Қажеті не? Сезім, күшпен қайтарып алатындай зат емес қой?! Налыдым. Жыладым. Ақыры, басқа театрға ауысып тындым. Ұлды болғанымды ести тұра, келмедің. Құдай тілеуіңді берді білем, ұлым бес ай болғанда өкпесіне суық тиіп, қайтыс болды. Жұдырықтай періштемді қара жер қойнауына бердім. Сәбиімді жоғалтқаныма құдайға налығаным сонша, дұға жасамақ түгілі,  сенбейтін болдым. Уақыт шіркін бәрін орнына қояды екен. Енді міне, науқас меңдеген кезде... (Әртіс күрсінеді. Бірдеңе айтуға оқталғанда, сөзін бөліп) Жо-жоқ, күнәлімін деп өзіңді қинама. Шындап келгенде, соңыңнан жүгірген менмін ғой?!. Ұмыт... Ештеңе болмады деп есепте. Иә... Ұлымнан соң күйеуге шығу ойыма кіріп те шықпады. Туасында, ерлі-зайыпты ғұмыр үшін жаралмасам керек?.. Қызымның әкесі де менен гөрі жасырақ әйелге қашып кеткен... Тіршілік  өз дегенін орындатады екен. Қызымның барына шүкіршілік етумен өмір сүруді жалғастырдым. Сондықтан, анау... Соңғы сәттен қорықпаймын. Ұлымның қасына барамын ғой? Тек... Құдайға сенбеген сәттерім үшін өкінемін...

Ұзақ ауыр үнсіздік орнайды.

Әртіс шал. Кешір... Кешіре алсаң, кеш мені?!. Сені тыңдап отырып, «тағы кімдерге опасыздық жасадым екен?» деп, күйзелумен болдым. Ұлымнан... Сенен, кеш болса да кешірім сұраймын?..

Прансыз кемпір. Кешіктің...

Әртіс шал. Неге?! Кеудемізде жанымыз шырыл қағып тұрғанда, кешірім сұрау ешқашан кеш емес!..

Бастық шал. Дұрыс айтасыз... Кешірім сұрауға ешқашан кеш емес. Сұрауға үлгермей қалу міне, мойныңа жүк боларлық қасырет?.. Сондықтан, кешірім сұрауы орынды...

                                             6 – сахна

Азан естіледі. Бәрі үнсіз, азанды ұйып тыңдап отыр. Азан аяқталады.

Прансыз кемпір. Ғажап?! Әлемнің жауһарына айналған опера әні, азанның ғажайыптығына жетпейтінін қалайша білмегенмін?!

Әртіс шал. Оныңа келісемін!.. Мынадайын сұлу азанды, Павароттидің өзі де айта алмаса керек?! Туһ?! Жаным рахаттанып қалды ғой?!

Бастық шал. Ғажайыпты бағаламау – пендешілік келбетіміздің айғағы ғой?..

Көзілдірікті кемпір. Айтпа деймін?.. Бұрындары... Әсіресе жазды күндері «ұйқымды бұзды» деп, таңғы азанды қаламайтынмын. О, құдай, өзің кешіре гөр?! Бүгінде, таңғы азанды естігенге қуанатын болдым.

Әртіс шал. Азанға ма, әлде, «тірі екеніңе» қуанғаннан ба?

Көзілдірікті кемпір. Екеуіне де?!. Мына біздер... Тірілер... Өміріміз таусылмайтындай тырбаңдаймыз. Шындап келсек, тіршілік дегенің – азан мен азанның арасындағы қысқа ғана ғұмыр екен ғой?! Марқұм шалым?..

Әртіс шал. Басталды?!.

Прансыз кемпір. Қараңыздар?.. Мешітке қарай кіл жастар ағылып бара жатыр?! Неткен бақытты адамдар?! «Менен гөрі» дегенім ғой?.. Өзімді айтамын... Сонша уақыт құдайға несіне өкпелегенмін?.. (Көзілдірікті кемпірге бажайлай қарап) Шыли жаман адамға ұқсамайсыз. Мүмкін... Сізді қоссам бола ма?

Әртіс шал. (қарқылдап күліп) Қос!.. Қос?! Мына кемпірдің қолы тигені үшін, Әңкүр-Мәңкүр сұраққа басын қатырмастан, бірден тозаққа әкетіп қалсын?!

Көзілдірікті кемпір. (мұңлы) Сонша жеккөрердей жаман адам болғаным ба?!

Көзілдірікті кемпірден бұндай өзгерісті күтпеген үшеу, аңтарылыса тұрып қалады. Әртіс шал, тосын мінезден тығырыққа тіреледі.

Әртіс шал. Апыр-ай... Артық тілім тисе, айып етпе?.. Мен жәй... Қалжыңдаған түрім ғой?!

Көзілдірікті кемпір. (мұңлы үнмен) Сөзіңнің жаны бар, Әртіс шал... Жас кезімізде, мына өмір құлпырған күйінде тұра береді деп ойлаппыз?!. Шалым екеуміз, бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Махаббаттан басқа ештеңеміз жоқ кез. Баспанамыз жоқтығынан, пәтерден-пәтерге көшеміз де жатамыз... Сөйтіп жүргенде, тұңғышымды көтердім. Күйеуім қуанудың орнына; «Өзіміз бас сұғатын жер таппай жүргенімізде, баланың күні не болмақ? Алдырып таста. Кейін... Жағдайымыз жөнделгенде туарсың» деп, алдыртып тастады. Құдайдың қаһарына ұшырап, бала көтермедім... Араға жылдар салып, күйеуім; «балалар үйінен бала асырап алуға» ұсыныс жасады. Балпанақтай ұлды болдық. Нәресте аңсап қаңсыған кеуде, қуанышқа кенелдім де қалдым?! Байқаймын, күйеуімнің балаға деген ықыласы ерекше?! Алғашында, «тумадың» деп мазаламай, асыранды баланы жатсынбастан бауырына басқанына қуанып жүрдім. Алланың шеберлігі, ұлым – күйеуімнен айнымайды?! Өскен сайын қылығы, мінезі, түрі... Сырт көз сыншыл ғой? Бір күні, жақын құрбым; «Осы балаң, күйеуіңнің өз ұлы емес пе?! Мұншалық аумай қалуы мүмкін емес қой?» деген күдігін айтты. Әззәзіл сөз – нысанға дөп тиеді ғой?! Ойлана бастадым. Шындықты біле бергеннен зиян шегесің. Сөйтсем... Күйеуім жұмысындағы қызбен ашына болып... Аяғы ауырлағанда балалар үйіне өткізуін... Баланы өзі асырап алатына көзін жеткізген. Кезінде бойыма біткен баланы күштеп алдыртқан күйеуім, өз ұлын – менің бауырыма салған?!. Күйеуім бар шындықты жайып салғанда, үйге кіре құлағанымды білемін. Ертеңгісін саяжайдағы үйге кеткен болатын. Телефоны жауап бермей қойған соң, баламмен бірге заулата жетіп бармаймын ба?! Сөйтсем?.. (еңіреп жылап) Бір жапырақ қағазға; «Бұдан әрі көзіңе қарауға дәтім жетпейді. Күнәмді кешір?!» деп жазып, достары сыйлаған мылтықпен өзін... (екі иығы селкілдей жылап) Әлігі жартастың арасында адасып жүргенін айтамын... «Өз-өзіне қол жұмсағандар тозаққа барады» деуші еді? Байғұс шалым, ана жақта қиналып жүр ма деген ойдан, жанымды қоярға жер таппаймын. Өз күнәсін – өзі жуып, мені ұлды... Немерелі етіп кетті ғой?! Айтыңдаршы... Шалым күнәсін жуып кетті ғой, иә?! (отырғандар үнсіз) О, құдай... Шалымның күнәсін кеше гөр?! (жылап отыр)   

Мешіттен шыққан Қыз, Көзілдірікті кемпірдің қолына садақа ақша ұстатады.Көзілдірікті кемпірдің аузына сөз түпей., аңтарылып отырып қалады.

Прансыз кемпір. (соңынан айқайлап) Қызым?!. Садақаңды қайтарып ал!.. Біз... Қайыршы емеспіз?!

Қыз. Ендеше, намаз кезінде мешіттің алдында неменеге тізіліп отырсыздар? (иығын қиқаң еткізе, кетіп қалады)

Көзілдірікті кемпіреңкілдеп жылайды.

Бастық шал. Жыла?!. Жылап ал?.. Адамның емес – құдайдың алдында жылап отырмын деп жылап ал!.. 

Жас жігітті жетелеген Әйел, мәз-мейрам боп, келеді.

Әйел. Алақай?! Күйеуім... Күйеуім келді?! Міне, бағанадан бері күтіп жүрген күйеуім?! Өзінше, танымағансып қасымнан өтіп барады?! Ұстап алдым?! Ендігәрі сені ешқайда жібермеймін, естимісің, ешқайда жібермеймін?!

Отырғандар жас Жігітке аңтарылыса қарайды. Бастық шалдың көздері атыздай болады. Жас Жігіт пен Бастық шал, бір-біріне қарап, сілейіп қалған.

Жігіт. Әке?!

Әйел. Қайдағы әке?! Танысып қойыңыздар?!. Алдарыңызда тұрған – менің күйеуім!.. 

Отырғандардың таңданғаннан тілдері байланып қалған.

Прансыз кемпір. Жап-жас жігіт... Қалайша?

Көзілдірікті кемпір. «Қалайшаң» не?.. Әкесінен аумай қалғанын көрмеймісің?!

Прансыз кемпір. Аһ?!. Солай екен ғой?! Мына кісі?..

Жігіт. (ыңғайсыздана амандасып) Сәлеметсіздер ме? Әке, сіздің хабарыңызды біліп келуге мамам жұмсаған еді. Мұнда екеніңізді білмедім... Өтіп бара жатсам мына кісі ұстап алып, қоярда-қоймай сүйрелеп әкелді?! Түкке түсінсем бұйырмасын?

Бастық шал. Балам... Кейін түсіндіремін... (иықтары селкілдей жылап, Әйелді кеудесіне құшады) Кешір?!. Қолыңнан келсе, күнәмді кеш менің?!

Әйел. (босанғысы келіп жұлқынып) Кісінің әйелін құшып, есіңіз дұрыс па? Әне?!.. Дәл қасыңызда күйеуім қарап тұр?! Жібер!.. Жіберіңіз деймін?! (жұлқына босанып, жүгіріп барып, жас Жігітті құшақтай алады) Ренжімеші?!. Ана кісі мені әйеліне ұқсатты білем?! Жүр, кеттік... Үйге барайықшы?!

Бастық шал. О, құдай?! Мендей күнәһарыңды кеше гөр?!

Әр жерде состыйысып тұрғандар... Жас Жігіт басын ұстап, отыра кетеді. Әйел, қуаныштан шаттана күлуде.

С о ң ы                                  

 

 

                                                                                               

       

 

 

Қазақ тілінде жазылған