Төңкеріс
КЕЙІПКЕРЛЕР:
Ғабдуррахман – шейх, «Әл-хизб» партиясының жетекшісі.
Асқар – мешіт имамы.
Жамал – Асқардың зайыбы.
Гүлнәр – Асқардың қызы, бойжеткен.
Берік – Асқардың ұлы.
Иван – Гүлнәрдың жігіті.
Мария – Иванның шешесі.
Лариса – Иванның қарындасы.
Халел – ҰҚК қызметкері.
Қази, оның хатшысы, сарбаздар, жендеттер, шейхтың көмекшілері және қылмыскерлер мен куәгерлер.
Қала тұрғындары, стадиондағы тұтқындар мен күзетшілер.
ПРОЛОГ
Қала саябағы. Ағаштар қызыл-сары жапырақтарға бөленген, яғни күн күз. Бір орындықтың жанында, тыныштық таба алмай, Иван ерсілі-қарсылы жүріп жүр. Ол қайта-қайта ағаш арасындағы соқпаққа көз тастап қояды. Со жақтан Лариса келеді.
Иван. (қарындасына ұмтыла) Лариса, сенбісің? Гүлнәр қайда?
Лариса. (орындыққа отыра кетіп) Ол келмейді.
Иван. Неге?
Лариса. Неге, неге! Келмеймін деді, бітті.
Иван. Неге келмейді? Қандай себеппен?
Лариса. Қолым тимейді дейді.
Иван. Қолы тимейтіндей не істеп жатыр?
Лариса. Демалып жатыр.
Иван. Демалып?! О не деген сөз өзі?!
Лариса. Білмейсің бе? Демалып жатыр дегені – дем алып жатыр. Не түсінбейтіні бар?
Иван. (ашулана бастап) Әй, Лариса! Қылжақты қойсаңшы. Жөніңді айт – Гүлнәр қайда?
Лариса. Кім қылжақатап тұр? Келмеймін деді, қолым тимейді деді, дем аламын деді. Ал саған ол...
Иван. Не? Айтсаңшы енді! Не деді ол маған?
Гүлнәр. (ағаш тасасынан шыға келіп) Ол саған да демалсын деді.
Иван. Гүлнәр! (құшақтай алып сүйгісі келеді)
Гүлнәр. (жігіттің көкірегіне қолдарын тіреп сүйгізбейді) Сабыр, сабыр! (құшағынан сытылып шығып орындыққа отырады, Иван да оның жанына жайғасады) Ұмытпа, біз мұнда жалғыз емеспіз.
Иван. (Ларисаға) Лариса, бар, үйге кет!
Лариса. Кетпеймін.
Иван. Бар дедім ғой!
Лариса. (одан алыстап отырып, басын шайқайды) А-а! Бармаймын.
Иван. (орнынан тұра беріп) Әй! Мен саған не дедім!
Гүлнәр. Тиме, отыра берсін. Ол бізге бөгет болмайды.
Иван. (қарындасына біраз қарап тұрады, сосын оның қозғалмасына көзі жеткенсоң орнына отырады да Гүлнәрға бұрылады) Гүлнәр, меніңше...
Гүлнәр. Ваня, жанарларыңды сондай қайғылы қылмашы. Бұлай қарайтындай еш себеп жоқ.
Иван. Неге себеп жоқ?! Меніңше... меніңше, біздің екеуміздің болашағымыз... қалай десем екен... меніңше, біздің болашағымыз өте бұлыңғыр.
Гүлнәр. Неге сен солай ойлайсың?
Иван. Сен Асқар ағамен сөйлестің бе?
Гүлнәр. Папаммен бе? Не жөнінде?
Иван. Екеуміз жөнінде.
Гүлнәр. (күліп жібереді, оған Лариса қосылады) Сен де қайдағыны айтады екенсің. Қалай мен әкеммен ондай сөз қозғамақпын?
Иван. Жарайды. Ал Жамал апаймен сөйлестің бе?
Гүлнәр. Мамам бәрін біледі.
Иван. Сонда ол кісі не дейді? Қарсы емес пе?
Гүлнәр. Қалай деп айтсам екен... сен білесің ғой, папам да, мамам да сені өте жақсы көреді. Алайда, бұл мәселе жәй мәселе емес.
Иван. Неге? Осыны сен өзің ойлап таптың ба?
Гүлнәр. Жоқ. Бұл мамамның сөзі. Ал мәселе неде? Мәселе папамның имам болғанында.
Иван. Түк түсінсем бұйырмасын! Имам болса не?..
Гүлнәр. Тү-ү! Түсінбейтін не бар! Өзің ойлашы - имамның қызы мұсылман емес адамға тұрмысқа шықса не болғаны?
Иван. Иә, не болғаны?! Гүлнәр, сен Асқар ағамен сөйлесуің керек еді. Мен білемін – ол қарсы болмайды. (пауза) Жоқ! Мен ол кісімен өзім сөйлесемін! Иә, мен өзім сөйлесемін. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланады)
Гүлнәр. (оның қолынан тартып орына отырғызады) Тоқтай тұр, Ваня. Иә, папам қарсылық білдірмес. Бірақ біз оның жағдайын да ойлаумыз керек.
Иван. Оның жағдайын?
Гүлнәр. Иә. Мешіттегі жамағат не дейді? Біз соны да ойлауымыз керек. Папам жанындағы ақсақалдарымен санаспай қоймайды ғой. Ал сол ақсақалдар екеуміздің қосылуымызға қалай қарайды? Мамамның айтуынша, папам мен сол ақсақалдардың арасында проблема пайда болыпты.
Иван. Неліктен? Екеуміз бір-бірімізді ұнатқанымыздан ба?
Гүлнәр. (тағы да күледі, оған тағы да Лариса қосылады) Жоқ, әрине! Олар әлі екеуміз жөнінде ештеңе білмейді. Ол проблеманы тудырған мамам. Ақсақалдар мамамның мұсылман әйелге тән киім кимейтінін айтып папамның бетіне басатын көрінеді. Ал мамам: «Мен мектепте пәренже киіп жүре алмаймын», дейді.
Иван. Иә-ә, мәселе осыншама қиындап кетеді деп ойламап едім. Және де Жамал апай дұрыс айтқан екен – қалай қазіргі заманның әйелі, мұғалима пәренже киіп жүрмекші? Бұл миға сыймайтын жәйт қой!
Гүлнәр. Жоқ, оған пәренже ки деп тұрған ешкім жоқ. Папам: «Ұзын етек көйлек, хиджап киіңдер» дейді. Ал мамам: «Мен ұзын етек пен хиджапқа қарсы емеспін. Бірақ оларды әйел өз қалауымен киуге тиісті. Еріксіз, дүре астына алып киіндірген дұрыс емес» дейді. Мен де солай ойлаймын. Ал папам... ол болса... мен өзі оны кейде аяймын да. Меніңше, ол өмір мен дінді сәйкестіре алмай жүрген сияқты. Дін өзінің қағидаларын ұстануды талап етеді, ал өмір... ол өзі басқа бағытпен кетіп бара жатқан жоқ па.
Иван. Жақсы, ол солай-ақ болсын. Алайда, егер сен ұзын етек көйлек пен хиджап кисең мен қарсы болмас едім. Ақсақалдардікі де дұрыс шығар – қазіргі қыздар мен келіншектер тым жалаңаш жүреді. Ал егер... егер де Асқар аға біздің қосылуымызға қарсы болса біз не істейміз?
Гүлнәр. Білмеймін... жоқ, ол мүлдем қарсы болмауға тиісті. Бірақ... (жігітіне қарап күлімсірейді) Ваня, сен осы... ислам дінін қабылдасаң қайтер еді, ә?
Иван. (таңырқаған кейіпте Гүлнәрға бүкіл денесімен бұрылады) Ислам дінін?! Мен?! Қабылдасам?!
Гүлнәр. Иә. Неге сен соншама таңырқайсың? Мешіт жамағатының арасында бір орыс мұсылман бар екен, онда тұрған не бар?
Иван. Жо-жоқ, мен ислам дініне еш қарсылығым жоқ. Алайда... біз христиан емеспіз бе... (қарындасына қарап қойып) біз православие дінінің өкіліміз ғой.
Гүлнәр. Сонда сен не - сондай діндар адаммын дейсің бе? Сен не – шіркеуге барып жүрмісің?
Иван. Жоқ... бірақ...
Гүлнәр. Ваня, сен ештеңені ойлама. Мен саған «ислам дінін қабылда» деген шарт қойып тұрған жоқпын. Өзің біл. Алайда, егер сен мұсылман дінін қабылдасаң бізде еш проблема болмас еді. Папама да ешқандай сөз келмеуші еді. Ал маған келсек... маған бәрібір, менің күйеуім мұсылман болсын мейлі, христиан болсын мейлі, православиені ұстанатын адам болсын мейлі. Тіпті атеист болса да! Мүмкін сен ислам дінін қабылдағасын ата-бабаңды сатып кетемін деп ойларсың. Ал меніңше оның бәрі түкке тұрмайтын нәрсе. Қарашы өзің – қазіргі жастар түрлі секталарға өтіп жатыр. Қайдағы жоқ куәгерлер мен кришнаиттер де болып жатыр. Ал бірақ, тату-тәтті өмір сүруде. Меніңше, ең бастысы – біз бір-бірімізді шын сүйсек, бір-бірімізді сыйлап өтсек болғаны. Солай емес пе?
Иван. Иә-ә... (сәл ойланып үндемей отырып қалады)
Гүлнәр. (оның басын сипап отырып) Жә, қайтесің, ойланбай-ақ қой. Мен өзі сенің басыңды тым қатырып жіберген сияқтымын.
Иван. Жоқ, Гүлнәр. Қатырған жоқсың. Өйткені бұл өте маңызды мәселе. Бізге қазір бүкіл мәселелердің басын ашып алған дұрыс болады. Ал маған келсек, мен, Гүлнәр... өзің білесің ғой – мен сен үшін бәріне дайынмын. Сен үшін, сенің махаббатың үшін, біздің болашағымыз үшін. Керек болса, ислам дінін де қабылдауға дайынбын. Ол үшін не істеу керек?
Лариса. (атып түрегеліп қол шапалақтап жібіреді) Алақай! Менің ағам мұсылман болады! Оны енді сүндетке отырғызады! (Гүлнәр шек-сілесі қата күледі) Сүндетке отырғызады!
Иван. Қап бәлем, мына қыздың ызасы ма! (орнынан атып түрегеліп қарындасына ұмтылады, бірақ қыз орындықты айнала қашып ұстатпайды)
Лариса. Иә, иә! Сені сүндетке отырғызады. Сосын сенде мы-ына-андай сақал болады! Мы-ына-андай сапсиған сақал!
Гүлнәр. (күлкісін зорға тыйып, қарындасын орындықты айнала қуып жүрген Иванды тоқтатады) Ваня! Лариса! Қойыңдар енді. Мәселе сүндетке отырғызуда емес. Мен папамнан сұрап білейін, ислам дінін қабылдау үшін не істеу керек екенін. Мүмкін сен өзің онымен сөйлесерсің?
Иван. (ентігін зорға басады) Иә! Иә! Дұрыс! Дұрыс, мен Асқан ағамен өзім сөйлесемін. (кетуге ыңғайланады) Ол қазір қайда? Мешітте ме?
Гүлнәр. Тоқта, отыр. Ол қазір қалада жоқ, жол жүріп кеткен. Ертең келеді. Сонда сөйлесесің. Тек оған: «Ислам дінін сіздің қызыңызға үйлену үшін қабылдаймын» деп жүрме. Онда бар шаруаны бүлдіресің.
Иван. Жоға, олай демеймін. Мені мүлдем ақымақ деймісің? Мен өз ықыласыммен мұсылман боламын. Өйткені мен Асқар ағаны сыйлаймын. Сондықтан оның дінін де сыйлауға тиістімін. Ал мамам... мамам қарсы болмайды. Ол бір сөзінде: «Егер мен православие дінінде тумасам, мұсылман болар едім», - деген. Және ол: «Осы екі дінде айтарлықтай айырмашылық жоқ», - дейді. Мама мен Асқар аға екеуі әрдайым дін жөнінде әңгімелеседі, ал солардың сөз таластырып, бірінің дінін бірі жоққа шығарып жатқанын көргенім жоқ. Сондықтан менің мұсылман болатын шешіміме мамам қарсы келмес. Меніңше, ол мені түсінуге тиісті.
Гүлнәр. Иә, Мария тәте қарсылық білдірмесе жақсы болар еді. Ал енді кетейік, маған университетке бару керек.
Иван. Ал онда кеттік, мен сені жеткізіп тастайын. (екеуі кетеді)
Лариса. Ой, қандай қызық! Мен де ислам дінін қабылдасам қайтер екен? Маған өзі хиджап жараса ма? Киіп көру керек. Осы біздің қалада хиджап сата ма екен? Әлде паранжа киіп аламын ба... (ұзын етек көйлек киген әйелдің жүрісін келтіріп кете барады)
БІРІНШІ КӨРІНІС
Спортзал. Ішінде қос-қостап бөлініп, шығыс жекпе-жек күрестерінің бір түрімен жаттығу жүргізіп жатқан жігіттер. Олардың үстінде біркелкі униформа. Барлығы шетінен қара қаба сақалдылар. Олардың арасында бір мосқал адам жүр, ол жаттықтырушы. Ол, кезекпен, бір жұптан екінші жұпқа жақындап келіп, жекпе-жекті тоқтатып ескерту жасайды. Сонан кейін күрес тағы да жалғастырылады. Жігіттер еміс-еміс айқайлап қояды, дауыстары спортзал ішінде жаңғырып тұр. Ғабдуррахман шейх келеді. Оның үстінде шапан, басында ақ сәлде, аяқтарында мәсі. Шейх кірісімен жаттықтырушы күресті тоқтатады да жігіттер Ғабдуррахманға жүздерін бұрып тұра қалады.
Ғабдуррахман. Ассаламү ғалайкүм, уа рахматуллаһи уа баракәтүһ!
Жігіттер. Уа ғалайкүм ассалам, уа рахматуллаһи уа баракәтүһ!
Ғабдуррахман. Мұсылмандар! Ұлы Халифат орнату үшін басталатын жиһадқа дайын болыңдар. Рухтарыңды да, денелеріңді де шынықтырып, пайғамбарымыздың зульфикар семсеріндей өткір болып шыңдалыңдар. Өйткені біз жақын арада исламның жасыл туын көтереміз. Иә, біздің қатарымыз әлі сирек, сарбаздар әлі аз, бірақ біз күннен күнге көбейіп келе жатырмыз. Біздің туымыздың астына жақын уақытта жүздеген, мыңдаған мұсылман қосылады. Ол күн алыс емес. Ол күн келеді, сонда біз бүкіл жамандық атаулыны, бүкіл күнәһарлар мен қылмыскерлерді, бүкіл кәпірлерді жер бетінен жойып жібереміз. Аллаһтың сарбаздары! Сол күнге дайын болыңдар! Лә иләһа иллаллаһ, Мұхаммад расулуллаһ!
Жігіттер. Лә иләһә иллалаһ, Мұхаммад расулуллаһ!
Ғабдуррахман. (оң қолының жұдырығын жоғары көтеріп отырып көтерінкі дауыспен) Аллаһү Акбар!
Жігіттер. Аллаһү Акбар!
Ғабдуррахман. Аллаһү Акбар!
Жігіттер. Аллаһү Акбар!
Ғабдуррахман. Аллаһү Акбар!
Жігіттер. Аллаһү Акбар!
Басқа бір есік ашылып бір жігіт Асқарды ертіп кіреді. Имамның үстінде тон, басында бөрік – осының бәрі күннің қыс екенін айқындап тұр.
Асқар. Ассаламү ғалайкүм, мұхтарам жамағат!
Жамағат. (бірауыздан) Уа ғалайкүм ассалам!
Ғабдуррахман. (имамды қарсы алып, сәлемдесіп екі қолын береді) Ассаламү ғалайкүм.
Асқар. (шейхтың қолын алып) Уа ғалайкүм ассалам. Менің есімім Асқар. Мен осы қаланың мешітінің имамымын. Мені осында шақырған сіз бе?
Ғабдуррахман.(Асқардың сыртқы киімін шешісіп есіктің жанындағы ілгішке іліп жатып) Иә, мен. Асеке, сізбен танысқаныма өте ризамын. Менің есімім Ғабдуррахман. Мен біздің ұйымның шейхімін.
Асқар. Ұйымның? Қандай ұйымды айтасыз? Мына жігіттердің киімі біртүрлі ғой. Сіздер өзі қай жақтан келіп едіңіздер?
Ғабдуррахман. Асеке, жоғарлатыңыз. Отырыңыз. Сосын саспай әңгімелесейік. (екеуі залдың бір жағындағы кілем төсеп тасталған жеріне жайғасады, жігіттер де жаттырықтырушының белгісімен қатар-қатар, мешітте отырғандай имам мен шейхтің қарсы алдына отырады) Бұл жігіттер жәй жігіттер емес. Бұл жігіттер – біздің партиямыздың негізі, орталығы, жұдырығы.
Асқар. Ол қай партия айтып тұрғаныңыз?
Ғабдуррахман. «Әл-хизб» партиясы.
Асқар. Әл-хизб? Ондай партия бар ма еді?
Ғабдуррахман. Бар. Енді бар деп есептеуге болады. Бірақ бұны бізден басқа ешкім білмейді. Міне, көрдіңіз бе, біз сізге ең маңызды құпиямызды ашып отырмыз.
Асқар. Сонда не? Партияңыз құпия партия ма? Тіркеуден өтпеп пе еді?
Ғабдуррахман. (мырс етіп) Қандай тіркеуді айтып отырсыз?
Асқар. Қандай тіркеу болушы еді? Заң бойынша кез-келген ұйым әділет министрлігінде тіркеуден өтуге тиісті. Тіркелмеген партия заңсыз саналады.
Ғабдуррахман. Бізге ондай тіркеу қажет емес. Ал заңды-заңсыздығына келсек... біздің мемлекетімізде қазір бәрі заңсыз. Өйткені сіздің заң деп отырғаныңыз заң емес. Аллаһтың бір-ақ заңы бар – ол шариғат заңы. Біз сол заңға жүгінеміз, сол заңды құптаймыз, сол заңмен өмір сүреміз, және сол заңды мемлекет заңы ету үшін күресеміз.
Асқар. М-м... Бірақ біздің мемлекет - зайырлы мемлекет, ал шариғат заңын қабылдау үшін бүкіл мемлекет жүйесін өзгерту керек. Ата заңымызды өзгерту керек.
Ғабдуррахман. Міне, сол мемлекет жүйесі мен ата заңды өзгерту үшін біз осы партияны ұйымдастырдық.
Асқар. Сонда қалай оларды өзгертпексіздер?
Ғабдуррахман. Тәсілдер көп. Мәселен, мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде билікті қолға алып мемлекеттік жүйені де, заң жүйесін де өзгертуге болады.
Асқар. Төңкеріс?! Сіз мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырайын деп жүрсіз бе?
Ғабдуррахман. Иә, ол да мүмкін. Бірақ әзірше мұндай мақсат біздің күн тәртібімізде тұрған жоқ. Біз жаңа ғана құрылған ұйымбыз. Партия әлі жас, қатарымыз әлі аз. Ал мемлекет билеу үшін мыңдаған жақтастарымыз болуы керек. Ал сол жақтастарымыз шариғат заңын білуі тиіс. Осында отырған жігіттердің өзі сол заңды дұрыс білмейді. Ал менің барлығына қолым тимейді, мен ұйымдастыру жұмысынан шыға алмаймын. Сондықтан да біз сізді өзіміздің қатарымызға шақырып отырмыз, осы жігіттерге ұстаз болыңыз деп ұсыныс жасап отырмыз. Сіздің діни біліміңіз жоғары, сіз бәлен жыл Мәккә-Мәдинада дәріс алдыңыз, енді шариғатты сіз білмесеңіз кім білмек?
Асқар. Жігіттер, сіздер қауіпті жолға түсіпсіздер. Әрине, мен бізде ислами мемлекеттің құрылғанын қолдаймын. Бірақ шариғат заңын төңкеріс арқылы орнатуға қарсымын. Бұл жол үлкен қантөгіске апарып соғады. Мемлекеттік жүйені, заңды өзгерту бейбітшілік түрде жүзеге асқаны жөн. Және де сол заңға біртіндеп көшу керек, ең алдымен қоғам сол заңмен өмір сүруге дайындалып, дағдылану керек. Қазіргі біздің қоғам шариғат заңымен өмір сүруге дайын емес. Басқа ұлт өкілдерін айтпағанда да біздің халқымыз дайын емес. Және де халықты сол үшін айыптауға да болмайды. Шариғат заңынан аластатылғанына бір жарым, екі ғасырдай уақыт өтті. Ақиқатына жүгінсек, қазақ жерінде шариғат заңы толық түрде ешқашан қолданылған да емес. Және де біздің мемлекетімізде басқа ұлт өкілдері, басқа дін ұстанған миллиондаған адамдар бар. Оларға шариғат заңымен өмір сүр деген дұрыс бола ма?
Ғабдуррахман. Шариғат заңы орнағаннан кейін сол ұлт өкілдері, басқа дін мүшелері сол заңға бағынғысы келмесе өздерінің ата мекеніне, отанына қайтсын. Біз ешкімді еріксіз ұстамаймыз. Жалғыз олар емес – қазақтың ішінде мұсылман болғысы келмейтін кәпірлерді де ұстамаймыз. Бірақ қазір қай қазақтан сұрамасаң – мұсылманмын дейді. Ал сол мұсылман қалай өмір сүріп жатыр? Сіз өзіңіз білесіз – біздің қоғамымыз ислам дінінің қағидаларынан мүлдем алыс жерде жүр. Біздің халық айдалада адасып жүр. Әбден азып-тозып, жынойнаққа, күнәға белуарынан батып, не оңын, не солын білмейді. Қыз келіншектеріміз көшеде тыр жалаңаш жүр деуге болады, отандастарымыз әбден жабайы түрге айналудан аз ақ қалды. Енді осылай бір он жылдан кейін көшеде, жұрттың көзінше бір-біріне, мал құсап артылып жатса ғажап емес. Бұл масқараны тоқтату керек. Қалай? Мен, шариғат заңын қабылдап, қатал болса да әділ жазалардың күшімен тоқтатқаннан басқа жол көріп тұрған жоқпын.
Асқар. Иә, сіздің айтқаныңыз орынды болар. Алайда адам, қай ұлттың өкілі болмасын, қандай дін ұстануын өзі шешуі керек. Және де қандай заңмен өмір сүруді халық өзі шешуі тиіс. Сондықтан сіз партияңызды қазіргі заң бойынша тіркеп, халық арасында үгіт-насихат жүргізіп, ашық сайлау нәтижесінде билікке келгендеріңіз жөн. Ешқандай қарулы көтеріліссіз, қан төгіссіз, мәселен, партияңыздың мүшелерін мәжіліс депутаттығына сайлап, парламент көпшілігін құрып, заң өзгерту арқылы мемлекеттік жүйені өзгертуге болады. Ал қоғамның бұзылғанына келсек... қоғамды, адамдарды дұрыс жолға күшпен, зорлықпен түсіре алмайсыз, оларға тиісті тәрбие беру керек, Алланың жолын көрсету керек, содан кейін олар өздері де сол тура жолға басады.
Ғабдуррахман. Біздің қазіргі заң жүйесі екіжүзді. Егер де біз, сіз айтқандай, мәжіліске сайланып, парламент көпшілігін құрып ата заң ретінде шариғат заңын еңгіземіз десек, президент «бұл парламент заңсыз» деп жариялайды да таратып жібереді. Қазіргі заң оған сондай құқық беріп тұр. Мен ол жөнінде еш күмәнім жоқ. Және де сіздің нұсқап отырған жолыңыз – тым ұзақ жол. Мәселен, сіз осы қаланың мешітінің имамы болғаныңызға бес жыл болыпты. Сол мерзімде жамағатыңыз қанша пайызға өсті?
Асқар. Мен ондай арнайы есеп жүргізген жоқпын.
Ғабдуррахман. Сонда да... жәй, тек мөлшерлеп айтқанда, неше пайызға өсті сіздің жамағат? Және оның саны өсті ме?
Асқар. Өсуін өсті ғой... тек... мойындау керек – айтарлықтай көп өскен жоқ.
Ғабдуррахман. Мінеки! Менің естуімше, осы өткен бесжылдықта мұсылман қатарына он бес, көп болса, жиырма адам өтіпті. Ал сол адамдарды нағыз мұсылман деуге бола ма? Олардың көбі жәй тек Жұмабектер ғой.
Асқар. (таңырқап) Жұмабектер?! Қандай Жұмабектер?
Ғабдуррахман. (күліп жібереді, онымен бірге бөлмеде отырғандар да күледі) Жұмабек дегеніміз лақап атама, ол – тек қана жұма намазына қатысушы, күнделікті бес намазын өтемейтін мұсылман-сымақ.
Асқар. Мен сіздің бұлай мысқылдауыңызды қолдамаймын. Адам кейде дінге тікелей жолмен емес, күрделі де, ұзақ та жолдармен келеді. Мен үшін сол сіз айтқан «жұмабектердің» ықыласы, ниеті қымбат. Тек сол ниеттерін Алла тағала қабыл алса екен деп тілеймін. Ал сіздің соларға жоғарыдан төмен қарағаныңыз дұрыс емес, бұл көзқарас – тәкәппарлықтың белгісі. Ал Алла тағала Құран Кәрімде тәкәппарларды сүймейтінін айтқан.
Ғабдуррахман. (қабағын түйіп, дауысын зілдендіріп) Бұл тәкәппарлық емес, бұл тек жалаңаш фактты мойындау. Ал сіз айтыңызшы – Аллаһ тағала парыз еткен бес мезгіл намазды өтемегендерді сүйе ме? Ондай адамды мұсылман деуге бола ма?
Асқар. Әрине, егер кімде-кім ислам дінінің бес парызының бірін елемесе, оның иманы үлкен күмән тудырады. Алайда, намаз оқымайтын кісіні кәпір деген дұрыс емес. Ең бастысы – адамның жүрегінде иманы, Аллаға деген сенімі болуға тиіс. Міне, егер ондай сенім, иман болмаса – мейлі маңдайын жарып алсын күні-түні сәждеге қойып – ол адам ешқашан мұсылман бола алмайды.
Ғабдуррахман. Ал мен білетін хадис шарифке жүгінсек, пайғамбарымыз Мұхаммад, салаллаһу ғалайһи уассалам, «адам мен иманның арасында намаз тұр» деген. Яғни, иманға жету үшін адам әуелі намазды игеруі керек.
Асқар. Жөн-ақ! Бірақ сол хадисті сіз білесіз, мен білемін... ал қарапайым адам, қазіргі біздің замандасымыз біле ме? Білмегені үшін оны кіналауға бола ма? Ол бала кезінен советтік, атеисттік тәрбие алған, совет үкіметі тарағаннан кейін де тәрбие мен білім беру саласы атеисттік болмаса да зайырлы түрде жүргізіліп келеді. Сондықтан қарапайым азаматты намаз оқымадың деп кәпір қатарына жатқызған дұрыс емес. Ал басқа дін ұстанғандарды алсақ, мәселен, христиандарды, оларды да мен кәпір деп есептемеймін. Өйткені олар да біз сияқты Жаратқанға иман келтіріп отыр. Ал олар бес мезгіл намаз өтемейді, көбісі аптасына бір рет, жексенбі күні шіркеулеріне барып сыйынады. Сонда не? Оларды Жексембай дейік пе? (бөлмеде отырғандар күліп жібереді)
Ғабдуррахман. (қабағын түйіп күлгендерге қарайды – олар жым болады) Христиандарда жұмысым жоқ. Олар мұсылман емес, олар нағыз мүшріктер – бір Алланы үшеу дейді. Оларға айтатыным: «Біздің дінімізді қабылдаңдар, шариғат заңымен өмір сүріңдер, немесе біздің елімізден кетіңдер!» Бітті әңгіме!
Асқар. Ал сонда олар, не ислам дінін қабылдамай, не кетпей осында отыра берсе не істейсіз? Олар біздің республикамызды өздерінің отаны деп санайды, көбісінің ата-бабалары осында туып-өскен, қалай сіз оларды өз отанынан қуасыз?
Ғабдуррахман. Біз ешкімді қумаймыз. Біз тек шариғат заңын орнатамыз, сол заңды қолданамыз, ал сол заңды мойындамағандар, сол заңға қайшы әрекет істегендер қылмыскер деп танылып тиісті жазасын алады.
Асқар. Сонда оларға қандай жаза бермексіз?
Ғабдуррахман. Шариғат заңы қандай жаза беруді талап етсе, сондай жаза береміз. Мәселен, мен қазіргі мемлекетіміздегі заң-сымақты мойындамасам, соған қайшы келетін әрекет жасасам, соның тарауларына сәйкес жазаланамын. Бас бостандығымнан айырыламын ба, айып пұл төлеймін бе, әлде өлім жазасына кесілемін бе – оны сол тараулар біледі. Ал біз, билікті қолға алысымен, қылмыскерлерге шариғат заңының тараулары бойынша жаза тағайындаймыз. Зынданға тастау керек пе, дүре соғу керек пе, таспен атып өлтіру керек пе әлде атып тастау керек пе – соның бәрін шариғат заңы мен соты белгілеп тиісті жаза тағайындайды.
Асқар. Шариғат заңы көбінесе адамды бас бостандығынан айырмайды. Көбіне айып-пұл төлеумен, дүре соғумен шектеледі. Ұрылардың қолдарын шауып тастайды. Ауыр қылмыс жасағандарды өлім жазасына кеседі. Кісі өлтіргендерге, өлген адамның туыстарының қалауынша, немесе құнын төлетеді, немесе өзін өлтіреді. Бірақ, мен тағы да қайталаймын: шариғат заңына көшуді қоғам өзі таңдап алуы тиісті. Еріксіз, күшпен, зорлықпен қоғамды сол заңды қабылдауға мәжбүр етуге болмайды.
Ғабдуррахман. Неге? Мәселен, мен өз басым қазіргі заңдарды әділ деп санамаймын. Алайда, сол заң менің пікіріммен санаспайды. Мемлекет мені сол заңды ұстануыма мәжбүр етіп отыр, зорлықпен, күшпен мәжбүр етіп отыр. Жалғыз мені емес – міне осында отырған мұсылмандарды, тағы да біз сияқты мыңдаған адамдарды. Қай заң болмасын – ол күштің, зорлықтың белгісі. Қай заң болмасын қоғамның бір тобының басқа топтарына көрсетіп отырған үстемдігі. Ал шариғатты алсақ, ол адам заңы емес, ол Аллаһтың заңы. Аллаһтың үстемдігі, Аллаһтың күші, Аллаһтың нұсқауы. Солай емес пе?
Асқар. Жоқ! Алла тағала зорлыққа қарсы. Құран Кәрімнің бірінші аяты не дейді? «Бисмиллаһир-Рахман ир-Рахим!» - «Мейірімді, Рақымды Алланың атымен!» Бұл аят қасиетті Құранның басынан аяғына шейін бәлен рет қайталанады. Ал осы аятты қайталай отырып біз қалай ғана мейірімсіз, рақымсыз болмақпыз, а? (осы жерде Асқар Ғабдуррахманға тесірейіп қарайды – ол үндемейді) Мәселен, Аллаһ тағала кәпірлерге: «Сендер менің дінімді, заңымды ұстанасыңдар, ұстанғыларың келмесе де ұстанасыңдар, күшпен, зорлықпен ұстандырам» деген жоқ. Керісінше, Кафирун сүресінде Ол былай деген: «Айт: Әй кәпірлер! Сендердің табынғандарыңа табынбаймын. Сендер де менің құлшылық қылғаныма құлшылық қылмайсыңдар. Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме». Өйткені Аллаһ мейірімді, рақымды, және де ол бүкіл адамдардың мұсылман болғанын қаламайды. Егер ол соны қалағанда бүкіл адамзат бір күнде, бір сәтте мұсылман болып шыға келуші еді. Мұхаммед пайғамбар да, саллаллаһу ғалайһи уассалам, өз отанында шариғат заңын орнатудың алдында ең әуелі отандастарының ислам дінін жүректерімен, сана-сезімдерімен қабылдауын қамтамасыз етті, және де сол уағыз ұзақ уақытқа созылды - жиырма үш жыл бойғы үгіт-насихат нәтижесінде ислам діні қабылданды. Мінеки, біз де солай істеуіміз керек. Әуелі шариғатты, ислам дінін, оның қағидаларын біздің отандастарымызға уағыздап, насихаттап, түсіндіріп, адамдарды тәрбиелеп, дінімізді жүректерімен, санасымен қабылдауын қамтамасыз етіп еңбектенсек, содан кейін сол адамдар шариғат заңын мемлекет заңы ретінде өздері де қабылдап алады. Мұның бәрі бір күндік жұмыс емес. Егер пайғамбарымыз, саллаллаһу ғалайһи уассалам, Алланың тікелей қолдауымен, ислам дінін уағыздауына жиырма үш жыл уақыт жұмсаса, ал бізге, біздің шектеулі қабілетімізбен, бізге қанша уақыт қажет? Сіздердің алдарыңызға қойған мақсаттарыңыз дұрыс, тек қана сол мақсатқа бір күнде жетеміз деп ойламаңыздар.
Ғабдуррахман. Бәрбір ешқашан, еш заңды бүкіл қоғам, бүкіл халық жаппай қабылдаған емес. Көпшілік қабылдаса неғайбіл. Көбінесе қоғамның бір тобы, және де шағын, кейде ең аз тобы, сол заңды қабылдайды да, қалған топтарды қабылдауға мәжбүр етеді. Кез келген жаңа заң күшпен, зорлықпен орнайды. Ал сол заңдардан шариғаттың не кемшілігі бар? Мәселен, пайғамбарымыз да, саллаллаһу ғалейһи уәссалам, кейбір кезеңдерде қолына қару алуға мәжбүр болған. Осыны білмеймін дей алмассыз.
Асқар. Білемін. Бірақ сіз бір нәрсені ескеріңіз - пайғамбарымыз Мұхаммед, саллалаһу ғалейһи уәссалам, қолына қаруды ешқашан өз еркімен алмаған. Тек қана Алланың тікелей нұсқауымен алған. Ал сізде сондай нұсқау бар ма? (жігіттер тағы да күліп жібереді)
Ғабдуррахман. (ашулана бастап жамағатқа көзін алайтып қарайды – күлкі пышақ кескендей тыйылады) Имам! Сіз не – мені келемеждеп отырсыз ба? Өзі біздің әңгімеміз айтысқа айналып кеткенге ұқсайды – сіз біздің жігіттерге шариғат заңы жөнінде дәріс беруге келісесіз бе, әлде басқа ұстаз іздеуге тура келе ме? Сіз соны айтыңыз.
Асқар. (біраз уақыт ойланып отырып, ақыры басын көтеріп) Әрине, мен ешқашан шариғат жөнінде дәріс беруден бас тартпаймын. Мен өзі әрдайым мешітте жамағатқа уағыз айтып отырамын. Сіздердің біздің жамағаттан жіктеліп, оңаша дәріс алғандарыңыз дұрыс емес...
Ғабдуррахман. (сөзін бөліп жіберіп) Жоқ! Сіз айтыңыз – бізге, осында отырған жігіттерге шариғат заңы жөнінде дәріс бересіз бе, жоқ па? Осы сұраққа жауап беріңіз!
Асқар. (күрсініп алып) Жақсы, мен сіздерге дәріс берейін.
Ғабдуррахман. Бәрекелді! Мен сізден басқа жауап күтпеп те едім. Шынын айтайын - мен сіз жөнінде тек өте жақсы лебіз естіп жүрмін. Қай мұсылманнан сұрамасаң, сізді адал адам, нағыз мұсылман деп сипаттайды. Қазіргі заманда кейбір молдалар, имамдар Аллаһтың заңын ұмытып, ақшаның соңына түсіп кеткені сізге мәлім болар. Ал сіз өз жұмысыңызға адал көрінесіз. Сондықтан да біз сізді өзіміздің қатарымызда көргіміз келеді. Және бізді жатырқамаңыз – сіз бен біздің мақсатымыз бір.
Асқар. Мақсат бір болғанмен, жолымыз бір ме? Мен сіздерге дәріс беруге келісім бергенде, бет алған жолдарыңыздан тосып, Алланың дұрыс, тура жолына түсіремін деген оймен келісім бердім. Иншалла, осы ниетім жүзеге асып сіздер әлі қателіктеріңізді түсінесіздер.
Ғабдуррахман. Асеке! Кімнің қателесіп, кімнің тура жолда екенін бір Аллаһ қана біледі. Солай емес пе?
Асқар. Әрине, солай. Сондықтан да біз әрдайым Алладан бізді тура жолға салғанын тілеп сиынамыз.
Алақандарын жайып дұға тілейді. Жамағат та сол дұғаға қосылады.
Асқар. Әлхамду лиллаһи раббил ғааламин! Ассалату, ассаламу ғала Мухаммадиу ұа ғала, аалиһи ұа асһабихи ажмағин. Иә, жаратушы ием! Біздің қателіктеріміз бен күнәмізді кешіре гөр. Бізді өзің нұсқаған тура жолға бастай гөр. Мемлекетімізге тыныштық, бейбіт өмір нәсіб ете гөр. Би рахматика иә әрхәмәр рахимин, Аллаһу акбар!
Ғабдуррахман. Аллаһу акбар!
Жамағат. Аллаһу акбар!
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Асқардың пәтерінің төр бөлмесі. Балкон есігі ашық. Сыртта өсіп тұрған ағаштардың жайқалған жапырақтары көрінеді, яғни, күн жаз. Телевизор істеп тұр, онда Чайковскийдің «Аққулар айдыны» балеті жүріп жатыр. Жамал диванда отыр, бірдеңе тоқып отырып анда-санда телевизорға көз тастап қояды. Ол қазіргі кездің әйелдеріндей киінген, басында шағын орамал. Асқар кіреді.
Жамал. (ісін қоя салып, пульт арқылы телевизордың дыбысын бәсеңдетеді, алайда музыка мүлдем өшпей, анда-санда күшейіп, бәсеңдеп ерлі-зайыптылардың диалогының фоны болып тұрады) Ә, келіп қалдың ба? Шәй ішесің бе? (Асқар үндеместен басын изейді) Тоқтай тұр! Сенің түріңе не болған? Өзің ауырып жүргеннен саумысың? Кешеден бері қабағыңды қар басып кеткендей бір ашылмады.
Асқар. (Жамалдың жанына отыра кетіп ауыр күрсінеді) Е-еһ... Бір мәселе мазалап тұрғаны...
Жамал. Ол нендей мәселе? (орнынан тұрып, электр шәйнекті іске қосады да бөлменің ортасында тұрған столға дастархан жайып, шайға әзірлеп жүріп сөйлеседі)
Асқар. (сәл ойланып отырып) Жамал, егер мен бір заңсыз, жасырын, құпия партияның мүшесі болдым десем не дер едің?
Жамал. (қолындағы бір ыдысты салдыр еткізіп түсіріп алады) Астафиралла! Қайдағыны қалай айтасың! Әлде бұл әзілдің бір түрі ме?
Асқар. Жоқ, мұндай нәрсемен әзілдеуге бола ма? Бірақ мен ол партияның қатарына әлі өткен жоқпын. Мен әлі ойланып жүрмін.
Жамал. Ол қандай партия өзі? Ондай партия бізде бар ма еді?
Асқар. Бар екен, Жамал. Әл-хизб деген партия. Соның жетекшісі мені партиясының мүшелігіне өтуге үгіттеп жүр.
Жамал. Сен не дедің?
Асқар. Не деуші едім? Ойланайын дедім, сенімен ақылдасайын дедім.
Жамал. Ал ол ше? Не деді ол?
Асқар. «Ойланыңыз, ақылдасыңыз» деді. «Тек қана біздің құпиямыз ашылып қалмасын» деді.
Жамал. Мен өсекшіл келіншек емеспін, көрген-естігенімді елге жаятын. Ал сонда, құпия дегенде нендей құпиясы бар сол партияның? Өкіметке қарсы ма?
Асқар. Иә... солай деуге болады.
Жамал. Алла сақтай гөр! Сонда сен... сен өкіметке қарсы шықпақсың ба?
Асқар. Ж-жоқ. Жаңағы айтып отырған партияның мақсаты – біздің елде шариғат заңын орнатып, ислами мемлекетін құру. Сол партияның мүшелері бұл мақсатқа мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде жетпекші. Ал мен оған қарсымын. Мен басқа жолдарды, басқа тәсілдерді көрсетіп отырмын.
Жамал. (орындыққа отыра кетіп, қолындағы ыдысын столға қоя салады) Басқа жолдарды?! Бұл сөзіңді қалай түсінуге болады? Сен сонда бізде шариғат заңын орнатпақпысың?
Асқар. Әрине! Мен бір қаланың имамы бола тұра, мұсылман бола тұра, сол заңды қолдамағанда кім қолдауға тиісті? Шариғат заңы – ең әділ заң. Ол Алла тағаланың заңы. Мен тек сол заңды зорлық-зомбылықсыз, қантөгіссіз қабылдауды ұсынып отырмын. Ал «Әл-хизб» басшылары...
Жамал. (орнынан тұрып кетіп, жүре сөйлейді) Ал меніңше – шариғат заңын қазіргі заманда қолдануға болмайды. Өзің ойлашы, қалай ғана жиырма бірінші ғасырдың қоғамына орта ғасырлық заңды ұсынбақсың? Қазіргі қоғам – дамыған, демократиялық қоғам.
Асқар. Жақсы. Ал біздің заң демократияға сай келіп тұр ма?
Жамал. Әлбетте! Біздің заң – ең гуманды заң. Әлде демократияға шариғат заңы сәйкес келе ме? Егер қателеспесем, шариғат бойынша қылмыскерлерге дүре соғу, таспен ұрып өлтіру жазалары қолданылады. Ұрылардың қолын шауып тастау деген сияқты...
Ашық тұрған балкон есігі арқылы бір алыс гүріл естіледі; ол бірте-бірте күшейе түседі, бірақ сөзталасқа кірісіп кеткен жұбайлар оны әлі аңғара қойған жоқ. Балет музыкасы мен түсініксіз гүріл бір-бірімен тайталасып қатар шығып тұрады.
Асқар. Жамал, мен бүгіннен бастап шариғат заңын еңгізу керек деп тұрған жоқпын. Жоқ, ең әуелі адамдарды діни тәрбиеден өткізу керек. Мемлекет азаматтары, мұсылмандар, адамдардың сотынан, жазалауынан қорықпай, Алланың сотынан, жазалауынан қорқуға тиісті. Адам сотын алдап кетуге болар, адам ойлап шығарған заңды айналып кете аларсың, ал Алланы алдай алмайсың, оны айналып кете алмайсың, әйтеуір бір алдына барасың. Осыны адамдар түсінген күні, осыған сенген күні қылмыс да тиылушы еді. Сонда шариғат заңы тек иманы жоқтарға, шайтанның арбауына түскендерге, іблістің олжасы болғандарға ғана қолданылар еді. Сондықтан біз халыққа діни тәрбие беруіміз керек. Мен осының бәрін «Әл-хизб» партиясының мүшелеріне түсіндіріп жүрмін. Оларды алғашқы ойларынан, шариғат заңын төңкеріс арқылы орнатамыз деген ниеттерінен тайдыруға тырысып бағудамын. Меніңше, олардың көбісі ойлана бастады, күннен-күнге менің пікірімді қолдаушылар саны артып келеді.
Жамал. Е, онда несіне мазасызданасың?
Асқар. (ол терезе жаққа қарайлап қояды, түсініксіз гүріл оның санасына жете бастаған сияқты) Кеше партия ұйымының кеңітілген жиналысы өтті. Сол жиналыста мен полковник Ысмаиловты кезіктіріп қалдым. Полковник – біздің әскери гарнизонының қолбасшысы, генерал Жақыповтың орынбасары. Алдыңғы күні генерал демалыс үйіне емделуге аттанып, орынына Ысмайыловты тағайындап кеткен. Енді біліп жатырмын – полковник Ысмаилов партияның басқару алқасының мүшесі екен. Тіпті, Ғабдуррахман шейхтен кейін екінші адам екен.
Жамал. Ғабдуррахманың кім өзі?
Асқар. Ол партияның жетекшісі, рухани лидері. Полковник Ысмаиловтың тіркеуден өтпеген партияның басшылығында жүргені мені жаман састырды. Ол біздің заңымыз бойынша қылмыскер болып табылады. Міне, қандай мәселе менің басымды қатырып тұрғаны.
Жамал. (ол да терезе жаққа қарай алаңдай бастады) Асқар, мына айтып отырғаныңның бәрі мені де мазасыздандырып жіберді. Меніңше, біздің қалаға бір қауіп төніп тұрған сияқты. (телевизорды нұсқап) Мына балет бүгін міне үшінші рет көрсетілуде. Және қалалық каналдан басқа бір де бір канал жұмыс істемей тұр. Біздің енді жайбырақат отыруымыз дұрыс болмайды. Сен бұл жағдайды қауіпсіздік комитетіне хабарлауға тиістісің. Онда өзің барасың ба, әлде телефон шаламыз ба? КНБ-ның телефон нөмірі қандай еді? (Асқар үнсіз басын шайқайды) Нөл-тоғыздан білуге болатын шығар. (телефонды өзінің жанына қарай жақындатып тұтқасын көтереді)
Асқар. (оның жанына келіп тұтқаны қолынан алып орнына қояды) Жоқ Жамал, мен ондай сатқындыққа бара алмаймын. Ғабдуррахман да, қалған «Әл-хизб» партиясының мүшелері де, мені адам деп, мұсылман деп өздерінің құпиясын маған сеніп тапсырды. Қалай мен енді сол сенімді аяқ асты қылып оларды сатып жіберемін? Жоқ, менде тек бір ғана жол қалды – үгіт-насихат арқылы оларды бет алған бағытынан тайдыру...
Осы кезде сырттан танк моторының ышқынған гүрілі, шынжыр табандарының шақұр-шұқыр еткен дыбысы естіледі. Асқар терезе жаққа қарап үндемей қалады. Жамал не болып жатқанын білейін деп балконға қарай ұмтыла берегенде, сыртта жарылыс болады да, балконның сыртқы есігі сарт етіп жабылады, әйнектері күл-талқан болып ұшып түседі. Жамал шыңғырып жіберіп кері қарай шегіншектеп кетеді. Асқар оны бассалып кейін тартып, сосын екеуі диванға құлай кетеді. Асқар зайыбын денесімен қорғалап астына басады. Көшеден біреулердің бұйрық беріп айғайлаған ащы даустары, біреулердің шыңғырғаны естіледі. Автомат пен пулемет гүрсілдейді. Біраз уақыттан кейін атыс басылып танктың шынжыр табанының шықырлаған дыбысы басқа жаққа ауып, басқа бір жерде тағы бір шайқас басталғаны белгілі болады.
Жамал. (басын көтере беріп) Бұл не?! Не шайқас бұл?
Асқар. Білмеймін...
Жамал. (телевизорға көзі түсіп кетіп) Асқар, телевизордың дыбысын қосшы...
Асқар диванда жатқан пультты алып телевизорға дыбыс қосады. Балет тоқтатылып, қалалық телеканалдың жаңалықтар студиясының көрінісі шығыпты. Ғадуррахман сөйлеп отыр. Оның үстінде «Әл-хизб» партиясының жасақтарының униформасы, денесі белбеу мен портупеялармен таңылып тастаған, белінде тапаншаның сауыты.
Ғабдуррахман. Қала тұрғындары! Менің есімім – Ғабдуррахман. Мен шейхпын, «Әл-хизб» партиясының жетекшісімін. Біз жаңа ғана қаланың билігін қолға алдық. Осы сағаттан бастап қалада төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілді. Кешкі сағат оннан таңғы жетіге дейін көшеде жүруге тиым салынады. Осы уақыт аралығында көшеде тек арнайы рұқсат қағазбен ғана жүруге болады. Кімде-кім рұқсатсыз көшеге шықса, біздің әскери патруль ешқандай ескертусіз абақтыға қамайды, ал қарсылық білдіргендер сол жерде оққа ұшады.
Осы сағаттан бастап қалада ислами автономия жарияланады. Автономия болашақта ислами мемлекеттің, одан әрі – ұлы халифаттың іргетасын қаламақшы. Бұрынғы заңдар осы күннен бастап өз күшін жоғалтты, біз енді шариғат заңымен өмір сүреміз . Сондықтан, кімде-кім өзін мұсылманмын деп санамаса, мәселен орыс және орыс тілдес ұлттардың өкілдері, исламнан басқа дін өкілдері, мәселен христиандар, біздің ислами автономиямыздан, яғни біздің қаламыздан алыстатылады. Ол үшін осы аталған топтарға жататын тұрғындар өздерінің ең қымбат заттарын, ақшалары мен құжаттарын алып орталық стадионда жиналуы тиіс. Олар арнайы көлікпен обылыс орталығына жеткізіледі.
Қала тұрғындары! Естеріңізде болсын – біз ешкімді қаладан қуып отырған жоқпыз! Егер кімде-кім ислам дінін қабылдап біздің автономиямыздың мүшесі болғысы келсе – мархабат! Ондай адамды, қандай ұлт өкілі болмасын, біз құшағымызды жайып қатарымызға қабылдаймыз. Ал қалада қалып мұсылман боламын деген адам бүгіннен бастап шариғат заңымен өмір сүретін болады. Яғни, бес мезгіл намаз оқитын болады, ұятты жерлерін жабатын киім киетін болады. Мұсылманша киім тігу қаланың бүкіл тігін ательелері мен тігін фабрикасында ұйымдастырылады. Бірінші киім тегін тігіледі, ал келешекте әркім өзіне ұнаған матадан, ұнаған фасонды киім тіктіріп алады. Мұсылманша киінуге бір күн мерзім беріледі, бір күннен кейін кімде-кім мұсылман адамға сәйкес киінбей көшеге шықса шариғат сотының үкімі бойынша жазаланады. Осы күннен бастап орталық мешітте, вокзал намазханасында, және мектептердің негізінде ұйымдастырылған медреселерде намаз үйрену курстары ашылады. Намаз оқу біле ме, білмей ме – қаланың әр тұрғыны азан шақырылысымен мешітке, немесе жақын арадағы мектеп-медереселерге намазға баруы шарт. Намазға бармай қалған ер адамдар үйлерінен күштеп шығарылады, бірақ, менің ойымша, ондайлар біздің қатарымыздан табыла да қоймас.
Бұл қысқаша хабарландыру. Толық үндеу әр үйдің кіреберісіне, көшедегі хабарландыру тумбаларына, қалада шығатын газеттердің беттерінде жарияланады. Ал, әзірше хош сау болыңыздар! Аллаһү Акбар!
Телевизордың экранында ислам дініне сәйкес сурет пайда болады да Құран оқыла бастайды.
Жамал. (пультпен телевизорды сөндіреді де Асқарға бұрылады) Бұл не? Мұны қалай түсінуге болады?
Асқар. (телевизордан көзін айырмай басын шайқайды) Ә-әй, Ғабдуррахман, Ғабдуррахман! Бүкіл шаруаны бүлдірдің ғой!
Жамал. Енді не істемекпіз?
Асқар. (есікке бетейді) Ғабдуррахманға барамын. Бұл бүлікті тоқтату керек.
Жамал. Асқар!
Асқар. Не?
Жамал. Барма. Ол сені тыңдамайды... ол енді ешкімді тыңдамайды. Ол тым қатты кетті... көрмейсің бе не болып жатқанын? Одан да отыр, ақылдасайық. Біз не істейміз, соны анықтап алайық.
Асқар. Біз? Сен нені айтып отырсың? Маған Ғабдуррахманмен жолығып бүлікті тоқтату керек.
Жамал. Сен оған енді ештеңе істей алмайсың. Сен әлі түсінбедің бе – ол сені алдап соқты. Менің ойымша, бізге кету керек. Бүгін кету керек – ертең кеш қаламыз.
Асқар. Кету керек? Қайда?
Жамал. Білмеймін. Ең әуелі, жолдарды жауып тастамай тұрғанда, қаладан шығып кету керек. Ал сосын табармыз қайда баруды... мәселен, біздің ауылға барайық. Бір-екі апта әкейдің үйінде бола тұрармыз, мүмкін, оған дейін бұл бүлік те басылар. Өкімет, президент жәй қарап отырмас.
Асқар. Жоқ, Жамал, болмайды. Дәл қазір мен ешқайда кете алмаймын. Қалай мен халықты, жамағатты тастап қашып кетпекпін? Мен олардың имамы емеспін бе! Және қашатындай бізге қауіп төніп тұрған жоқ. Дәл біздің отбасымызға қауіп төніп тұрған жоқ.
Жамал. Оны қайдан білесің?! Мына бүлікшілерден не хайыр күтуге болады? Ертең мені, не қызыңды пәренже кимедің деп дүреге жықса не істейсің?
Асқар. Енді киініңдер адам сияқты! Ешкім «пәренже ки» деп тұрған жоқ, хиджап, кимешек, ұзын етек көйлек, бастарыңа жаулық киіңдер! Неше жыл мен саған қақсап келемін – сенің мына киім кисіңмен менің көзімді шұқып бітті ғой ақсақалдар! Ана қыз да кисін хиджап, бұл киім мәселесі жөнінде мен Ғабдуррахманды жүз пайыз қолдаймын. Өйткені қазір мұсылмандарға біздің көшелермен жүруге болмайды – бүкіл қыз-келіншек жалаңаш жүр. Өздеріңді мұсылманмын деп санасаңдар, мұсылманға тән киім киіңдер, намазға жығылыңдар – Ғабдуррахманның бұл талаптары орынды. Бұл оның да талабы емес – бұл Алланың талаптары. Менің тек шейхпен келісе алмайтыным – басқа ұлттар мен басқа дін ұстанушыларға «қаладан кетесіңдер» дегені. Және біртұтас мемлекетімізді бөлшектеп автономия құрамын дегені – бұл өте қауіпті авантюра. Президент ешқашан оған келісім бермейді. Мұның бәрі үлкен қантөгіске апарып соғады.
Осы мезетте телефон шыр етеді. Асқар аппаратқа жетіп барып тұтқаны көтереді.
Асқар. Алло, бұл кім?
Ғабдуррахманның дауысы. Ассаламу ғалайкүм! Мен ғой, Ғабдуррахман. Асеке, сіз тезірек «Ақ үйге» жетіңіз, менің жұмыс орыным енді сонда, бұрынғы әкімнің кабинетінде. Шариғат сотын ұйымдастыру керек. Сол мәселе жөнінде ақылдасайық.
Асқар. Ғабдуррахман! Бұл не?! Бұл нағыз авантюра ғой! Және өте қауіпті авантюра. Біз бұлай келіспеген едік... (Жамал күйеуінің жанына келіп әңгімеге құлағын тосады)
Ғабдуррахман. Асеке, екеуміздің арамызда ешқандай келісім болған жоқ.
Асқар. Сіз мені алдап соқтыңыз! Сіз төңкерісті жүзеге асырып отырсыз, ал мен мүлдем бейхабар отырмын. Бұл қалай? Партияның минимум-жоспарында ешқандай төңкеріс жөнінде, ешқандай автономия жөнінде бірде-бір сөз жоқ еді ғой. Кеше ғана өткен жиналыста бұл сұрақ күн тәртібіне...
Ғабдуррахман. (сөзін бөліп жіберіп қатал үнмен) Имам! Сіз әлі біздің партиямыздың мүшесі емессіз. Менен жауап талап ететін сіздің ешқандай құқығыңыз жоқ. Төңкеріс – партияның ішкі ісі.
Асқар. Қателесесіз, шейх! Бұл сұмдық, бұл авантюра – біздің қаламыздың тұрғындарына, бүкіл республикамыздың халқына тікелей қатысы бар. Мен сізді дәл осындай авантюризмге баратын ақымақ деп санамап едім.
Ғабдуррахман. Бұл ақымақтық емес. Авантюризм де емес. Бұл...
Асқар. Енді не? Сіз сонда не - өкімет басшылары, президент сіздің мына заңсыз әрекеттеріңізге жайбырақат қарап отырады дейсіз бе? Сіздің жариялап отырған автономияңызға келісім береді деп ойлайсыз ба? Менде ешқандай ақпарат жоқ, сонда да – мүмкін дәл қазір біздің қалаға қарай әскери бөлімшелер аттанып жатқан болар. Қара да тұрыңыз – бүгін-ертең біздің қала қоршауға алынады. Содан кейін сіздің алдыңызға президенттің ультиматумы тарс етіп түспесе маған келіңіз.
Ғабдуррахман. (қарқылдап күледі) Тоқтай тұрыңыз, Асеке! Мені ақымақтар санатына қосуға асықпаңыз. Президент маған емес, мен өзім оның алдына ультиматумды тарс еткіземін!
Асқар ашуланып телефон тұтқасын тастай береді.
Асқар. (Жамалға бұрылып) Мен кеттім. Өзімен көзбе-көз сөйлесу керек...
Жамал. Асқар! Меніңше бұл есуаспен сөйлесудің өзі бекер. Естіген жоқсың ба – президентке ультиматум қоямын дейді.
Асқар. Иә, оның есі дұрыс емес. Сонда да оны бірдеңе қылып көндіру керек. Әйтпесе мұның бәрі үлкен қантөгіске айналып кетеді.
Жамал. Асқар, сен оны енді тоқтата алмайсың. Мүмкін, кеше ондай мүмкіндік болған да шығар. Ал бүгін тым кеш қалдың. Енді сен өзіміздің қамымызды ойла. Машинаңда бензин бар ма? Әлгі қыз қайда жүр? (соткасын алып қызына қоңырау шалады) Гүлнәр! Сен қайдасың? Ваняның жанында? Қай жердесің деймін! Қалада екеніңді біліп тұрмын ғой! Қалай алаңдамайын, қалай алаңдамайын?! Көрмейсің бе не болып жатқанын! Не? Саған қауіп төніп тұрған жоқ деймісің?! Әй! Әңгімені доғар! Үйге қайт! Кетеміз. Иә, сендер келгенше жолға алатын киім дайындап қоямын. Ал, тезірек қайт. Көшеде байқап жүр, абайла. (соткасын сөндіріп Асқарға қарайды) Не ғып тұрсың? Бар, Берікті мектептен алып кел, Гүлнәр қазір келеді.
Асқар. Жамал... Жамал, тыңдашы - мен қаладан ешқайда кетпеймін... мен кете алмаймын. Дәл қазір, біздің қалаға қауіп төніп тұрғанда, мен ешқайда кете алмаймын. Өзің ойлашы – қалайша мен, бас имам бола тұрып, бәрін тастап, бас сауғалап қашып кетпекпін? Жоқ, мен олай істей алмаймын. Сен де кетпейсің... ешкім ешқайда кетпейді. Мен қазір Берікті әкеліп тастаймын. Сонсоң қыз бен ұлға ие болып үйде отыра тұр. Меніңше, ұзақ отырмассыңдар. Бұл бүлік көпке созыла қоймас. (шығып кетеді)
Жамал. Әй, қайдам. Жүрегім бір жамандықты, бір сұмдықты сезіп тұрған сияқты. Кетпей, қалып қойғанымыз үшін әлі өкінеміз бе, Алла біледі. (соткасымен баласымен байланысқысы келеді, бірақ ол ісінен ештеңе шықпайды) Алло! Алло! Алло деймін! Тү-ү, мына байланысқа не болған, біресе бар, біресе жоқ.
Ол соткасын столға қоя салып сыпырғыш пен қалақ алып әйнек сынықтарын сыпырып жинайды да балконның ішкі есігін жабады. Осы кезде Берік пен Мария кіріп келеді. Беріктің басы бинтпен таңулы.
Берік. (шешесінің жанына жүгіріп келеді, Жамал оны құшақтай алады) Мама! Біз не көрдік – білесің бе?
Жамал. (баласының таңулы басын екі қолымен ұстап зерттей қарайды) Сен не? Қатты жарақаттандың ба?
Берік. (шешесінің қолдарын басынан алып тастайды) Ә! Ештеңе емес! Танк гүрілдеп біздің мектептің жанына келгенде біз терезеден қарап тұрғанбыз, содан ол зеңбірегінен гүрс еткізіп атқанда әйнектер күл болып ұшты да кетті. Сонда бір шынының сынығы маңдайыма тиіп кетті.
Мария. (Жамалға жақындап келіп Беріктің иығына қолын қояды) Жарасы терең емес, сәл ғана сызып өтті. Құдай сақтады.
Берік. Иә, жәй тек сызып өтті. Ештеңе емес. Мен басымды таңбайын деп едім, Мария Петровна болмады. (Марияға қарайды)
Жамал. Жарайды, ештеңе етпес. Әйтеуір аман-есен үйге жеткеніңе тәубе. Ал ана қыз қашан келеді екен? Берік, сен бар, жинал. Біз жол жүреміз... Джинсың мен бір-екі көйлек ал, тіс щеткаң мен пастаңды рюкзағыңа сал. (баласын бөлмесіне қарай итермелеп жібереді де Марияға бұрылады) Маша, кел, отыр, шай ішіп алайық. Мына оқиғалар ауыз кептірді (екеуі шайға отырысымен қонағына шай құйып берісімен) Мә, печеньеден ал.
Мария. (шайдан бір-екі ұрттап алып) Жоқ, тамақтан ас өтпейді. Не істерімді білмей отырмын. Ал сендер не – кететін болдыңдар ма?
Жамал. Енді не істемекпіз? Мен кеткім келеді – бірақ Асқар көнбей тұр. Ол кете алмаймын дейді, жамағатымды тастап қайда барамын дейді. Мүмкін оған қарамай, балаларды алып тайып отырам ба... Ал сендерге кету керек.
Мария. Иә, мен де соны ойлап отырмын. Бірақ, Ваня... ол... сен ештеңе білмейсің бе?
Жамал. Не жөнінде?
Мария. Оның ислам дінін қабылдағанын білесің ғой.
Жамал. Иә, білемін. Асқар айтқан.
Мария. Ал енді мен жаңа ғана біліп отырмын – ол жәй жүрмей әлгі «Әл-хизб» партиясының мүшелігіне өтіп кетіпті. Мына аласапыран басталысымен оған телефон шалып, «қаладан кетейік» деп едім, ол «мен ешқайда кетпеймін, мен партия мүшесімін, біз ислами автономия құрып шариғат заңын орнатамыз» демесін бе. Сол жерде құлай жаздадым! «Біз ешқайда кетпейміз, бізге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ» дейді. Енді міне – не істерімді білмей отырмын.
Жамал. Әй қайдам, дәл осындай сөзді жаңа Асқар да айтып еді. Ал мен бір сұмдық боларын сезіп тұрмын. Менің саған беретін кеңесім – мүмкіндік барында бұл қаладан шығып кет. Ертең әлгі шейх ислам дінін қабылда деп бұйырса не істейсің? Ларисаны ал да кет! Ал Ваня – ол өзі білсін. Ол енді бала емес, өзінің ақылымен өзінің тағдырын өзі шешкені дұрыс шығар. Тек қана бұлардың барлығы өз ақылымен жүргенге ұқсамайды. Әлгі шейх Ғабдуррахманның ықпалына түсіп кеткенге ұқсайды. Ал ол ше – ол адамдарды алдап-арбап алған. Әне, Асқарды да алдап соқты. Асқар оның төңкеріс дайындап жүргенін біліпті. Иә, Ваня да оны білді. Ал ол бозбаладан не сұрайсың! Ол әлі тым жас. Және де ол Асқардың соңынан еріп жүр. Ол өзі ислам дінін Асқар үшін қабылдаған жоқ па.
Мария. Ал меніңше – ол ислам дінін Гүлнәр үшін қабылдаған сияқты. Және де Асқар сол партияға мүше болмаған көрінеді...
Жамал. Иә, әрине, ол «Әл-хизб» қатарына кірген жоқ. Бірақ та ол солардың құпия жоспарларын біліп жүріпті. Сол партияның жиналыстарына қатысып жүріпті. Ал шейх ше – ол Асқардың мұсылмандар арасындағы беделін пайдаланып, жастарды, гарнизонның офицерлерін өзінің ықпалына түсіріп алғанға ұқсайды. Олардың барлығы Асқар мен Ғабдуррахманның ісі бір деп жүрген ғой.
Мария. Сонда олар бірге емес пе?
Жамал. Иә, Асқардың айтуынша, екеуінің жоспары бір. Алайда, Асқар сол жоспарды төңкеріс арқылы жүзеге асыруға қарсы болыпты.
Мария. Енді Асқар не істемекші?
Жамал. Білмеймін. Ол енді не істей алады? Ол енді ештеңе істей алмайды! Шейх енді оған құлақ та аспайды, ол өзінің дегеніне жетті. Жоқ, кету керек! Жол ашықта кетіп үлгеру керек! Асқар жамағатын тастай алмаймын дейді. Мүмкін соған қарамай, балаларды алып кетіп отырсам қайтеді, ә?
Мария. Білмеймін. Әрине, балалардың жағдайын ойлау керек. Бірақ, сендерге қауіп төніп тұрған жоқ тәрізді.
Жамал. Әй, қайдам! Кімге қандай қауіп төніп тұрғанын кім біледі? Мен...
Осы жерде Гүлнәр мен Иван кіреді. Иванның үстінде «Әл-хизб» жасақтарының униформасы. Белдігінде тапанша.
Гүлнәр. Сәлеметсіз бе, Мария тәте.
Мария. Сәлемет пе, Гүлнәр.
Иван. Сәлеметсіз бе, Жамал тәте.
Жамал. (жігітке тесірейіп қарап тұрып) Сәлеметпіз... Ваня. Сені тану қиын, үстіңдегі киімің бір түрлі...
Гүлнәр. (жігітінің абыржыңқырап тұрғанын сезіп алға шығады) Қалада не болғанынан хабардарсыздар ма?
Жамал. (қатал үнмен, көздерін Иваннан айырмай) Е! Керең, соқыр болып кеткен жоқ шығармыз! Сен қайда жүрсің?
Гүлнәр. Біз бе? Біз орталықта болдық. Онда...
Жамал. (сөзін бөліп жіберіп) Онда соғыс болды! Сен өзіңе қандай қауіп төніп тұрғанын білдің бе?!
Гүлнәр. Мен Ваняның жанында болдым.
Жамал. Сонда не?
Иван. Жамал тәте, сіз ол үшін алаңдамаңыз. Бізге ешқандай қауіп төнген жоқ.
Жамал. Сен не – путчист болып кеткенбісің?
Иван. Жоқ, біз путчист емеспіз?
Жамал. Сонда кімсіңдер? Сендер емес пе заңды өкімет орындарын құлатқан!
Иван. Жамал тәте, олай демеңіз. Бізде болған өкімет заңды емес еді. Ал біз енді нағыз заңды өкімет құрамыз. Бір Алланың заңына сүйенген өкімет құрамыз.
Мария. (Жамалға) Бұлармен сөйлесудің өзі бекер! Бұлар тек шейхтің ауыздарына салып берген сөздерін қайталаумен әлек.
Иван. Олай емес, мама! Мен өз еркіммен «Әл-хизб» партиясының мүшесі болдым, өз еркіммен біздің заңсыз билікті құлатуға шешім қабылдадым. Хазіреті шейхтің басшылығымен біз қоғамды Алланың тура жолына жетелейміз. Біз...
Жамал. Тамұққа жетелейді сенің хазіреті шейхың! Отқа түсіреді!
Гүлнәр. Мама! Не болды сонша Ваняға шүйіліп!
Жамал. Енді не істе дейсің? «Өлтір, өрте, қыр, жой!» дейін бе?!
Гүлнәр. Кім қырып-жойып жатыр?!
Жамал. Қырып-жоймағанда не қалды?! Әне, қара өзің терезеден, полиция бөлімшесінің не болғанын. Сонда біреу тірі қалды деймісің? Танктің зеңбірегімен талқандалған үйде кім тірі қалушы еді! Кім сол ғимаратты талқандаған? Ә?! Мүмкін Ваняның хазіреті шейхы емес шығар?
Гүлнәр терезеге беттей бергенде даладан бірдеңе гүрс ете түседі де, енді балконның ішкі есігі шалқасынан ашылып, әйнектері күл-талқаны шығып шашылады. Қыз шыңғырып жібереді де кері шегініп кетеді. Иван оны құшақтай алып денесімен қорғалайды. Жамал мен Мария бұғып қалады.
Берік. (келесі бөлмеден жүгіріп келіп балконға шығады) О! Қараңдар – Абылайханның ескерткішінің күл-паршасы шығыпты.
Жамал. Берік! (баланың жанына жетіп барып оны бөлмеге күштеп кіргізеді) Өле алмай жүрмісің, сорлы бала?!
Берік. Қорықпа, мама, бітті, енді ештеңе болмайды.
Жамал. (баласын өзіне қысып көшеге көз тастайды) Иә! Енді Абылайханның ескерткіші кімге бөгет болды екен?
Мария. Бұған таңырқауға болмайды. Енді қаладағы бүкіл ескерткіштер құлатылады. Бюсттер мен барельефтер талқандалады. Мекемелер мен мұражайдағы суреттер де жойылады. Өсімдік, жануар және адам бейнесі ислам дінінде харам болып есептеледі.
Жамал. Е-е! Бұл соққандар тек қана бейнелерді құртумен шектелсе жарар еді. Сурет пен мүсіндерден кейін адамдардың өздерін құрта бастамаса. (Иванға қарайды)
Иван. (Гүлнәрды қолынан тартып есікке қарай беттейді) Ал, біз кеттік.
Жамал. Бар, бар! Қыр, жой, жар, құлат! Өлтір! Тек қана Гүлнәрда жұмысың болмасын. Ол енді саған жоқ.
Гүлнәр. (Иванмен кетуге ыңғайланып) Мен қазір келемін, мама.
Жамал. (қызының жанына жетіп барып оның қолын жігіттің қолынан жұлып алып) Жоқ, сен ешқайда бармайсың! (басқа бөлменің есігіне қарай итермелеп) Бар, киіміңді жина, біз кетеміз.
Гүлнәр. Кетеміз?! Қайда?
Жамал. Әзірше білмеймін, әйтеуір осы қаладан шығып кетсек болғаны.
Гүлнәр. Ал папам ше? Папам да кете ме?
Жамал. Кетпегенде не?! Оны осында, мына есуастардың арасына қалтырып кетпекпісің?
Гүлнәр. Білмеймін. Папам имам емес пе еді...
Жамал. Имам болса не?!
Иван. Жоқ, Асқар аға ешқайда кетпеуге тиісті. О кісі...
Жамал. Сен әлі осындамысың?! Иван! Өз отбасымыздың мәселесін өзімізге шешуге рұқсат беретін шығарсың!
Иван. А! Иә, иә... кешіріңіз. Ал, мен кеттім... (кетіп бара жатып есік алдында бөгеледі, Гүлнәр да келесі бөлменің есігінің алдында тоқтап, екеуі бір мезгіл бір-біріне үнсіз қарап тұрады да шығып кетеді)
Мария. (ұлын көзімен шығарып салып Жамалға бұрылады) Иә, бұларды тез арада тоқтатпаса, бүлдіреді талай істі!
Жамал. Тоқтататын шығар. Президент бұл бүлікке жай қарап отырады деймісің. Бір шара қолданар.
Мария. Иә, өкімет қарап отырмайды. Жарайды, мен кеттім. Әлгі Лариса қайда жүр екен? Соны аламын да кетемін. Облыстағы ағама барып уақытша паналармыз. Ал Ваня қалғысы келсе – қалсын. Енді ол бала емес.
Жамал. (құрбысын шығарып салып) Аман-сау кездескенше, Мария. Жолдарың болсын.
Мария. Сау бол. Сендерге де оң сапар тілеймін. Мүмкін, жақын арада қайтып келіп кездесерміз.
Жамал. Мүмкін... (Марияның соңынан есік жабылысымен) Ия, мүмкін жақын арада кездесерміз. Ал, мүмкін, біз ешқашан бір-бірімізді көрмеспіз. Алла біледі, енді не болатынын...
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Мешіт алаңы. Алаң темір тормен қоршалған. Артқы планда мешіттің ғимараты. Темір шарбақтың оң жағынан әкімшіліктің ғимараты көрініп тұр, оның төбесінде ислам дінінің жасыл туы желбіреп тұр. Алаңда, мешіттен бері қарай, интірескен халық, көбіне мұсылманша киінген ер-жігіттер мен қыз-келіншек. Арасында орта жастағы ағайлар мен жеңгейлер, ақсақалдар мен әжейлер де бар. Олардың да кигені шапан мен тақия, кимешек пен хижап. Сахнаның бір жағында үйіліп жатқан жұдырықтай жұмыр тастар, екінші жағында – адамға дүре соққанда кісендеп қоятын баған. Жұмысшылар ағаштың діңін алып келіп қояды. Тағы бір жұмысшы қасапшының балтасын әкеліп діңге қадайды. Дің мен балтаны көрген жұрт шуласып кетеді.
Топтың ішінен бір дауыс. Мына балта мен дің не үшін керек?
Екінші дауыс. Қылмыскерлердің басын шабу үшін!
Бірінші дауыс. Кет әрі!
Екінші дауыс. Иә! Бұлар сені «әке-көке» демейді. Қылмысты болдың ба, күнәға баттың ба – қолма қол басыңды алады.
Үшінші дауыс. Әй! Түк білмесең жұртты бекер дүрліктірмей жәй тұр. Балта мен дің ұрылардың қолын шабуға керек.
Бірінші дауыс. Бәсе! Басын шабады дегені...
Халық тағы да гу-гу. Алаңның бір жағын қоршап «Әл-хизб» партиясының қарулы жасақтары келіп сап құрады. Олардың белдіктерінде тапанша, қолдарында резеңке шоқпар. Ал алаңның екінші жағына автомат асынған гарнизон сарбаздары келіп сап түзеп жатыр. Сахнаның бергі бетінде, көрермендерге қырын беріңкіреп үстел тұр, оның бір жағында үш орындық, ортаңғысының арқасы қалған екеуінен биігірек. Қази келіп ортаңғы орындыққа жайғасады. Оның соңынан, қолында арнайы дәптері бар хатшы келеді де қазидың сол қолындағы орындыққа отырып, дәптерін ашып, қаламын алып бірдеңе жаза бастайды. Олардың соңынан, көмекшілерін ертіп Ғабдуррахман шейх келеді. Шейхтің үстінде шапан, басында сәлде, аяғында мәсі, қолында қамшы.
Ғабдуррахман. (оң қолын қамшысымен бірге кеудесіне басып) Ассаламу ғаләйкүм!
Топтан бір-екі дауыс. Уа ғаләйкүм ассалам!
Ғабдуррахман. Мұсылмандар! Ағайындар! Бүгінгі күн тарихқа кіретін күн. Өйткені қазір, біздің жерімізде бірінші рет, шариғат соты өтпек. Біз көп уақыт заңсыз өмір сүрдік. Әлгі бұрынғы заң-сымақ біздің адамдарды тек азғындыруымен болды. Өйткені ол заңсымақтарды адамдар ойлап шығарған. Ал шариғат заңы – ол Аллаһтың заңы! Кейбіреулер ол заңды тым қатал дейді. Бұл жалған! Өтірік! Шариғат заңы – ең әділ заң. Иә, нағыз қылмыскерлер мен күнәһарлар үшін ол қатал болар. Алайда, бейкүнә адамды бұл заң жазаламайды. Мына мұсылманды мен өзімнің әмірімен қази етіп тағайындадым. Бұл кісі шариғат заңдарын жақсы біледі. Қази, бұрынғы сот-сымақтарға қарағанда өте әділ, заңның бұрмалауына жол бермейді, пара алмайды, өйткені ондай қылмыс үшін Аллаһтың алдында жауап береді. Әрине, бұрынғы сот-сымақтар да Жасағанның алдына барады, бірақ олар оны білмеді, олар оған сенбеді. Олар өздерінің қылмыстарын жұртқа білдірмей бақты. Алайда, Аллаһтан еш нәрсені жасыра алмайтынын ойламады. Ал, енді көп сөзге бармай, Аллаһтың атымен бастайық. Бисмилләһ!
Қази. Бисмилләһ! (үшінші орындық шейх үшін қойылған деп ойлап сол орындықты нұсқап) Келіңіз, хазіреті шейх, отырыңыз.
Ғабдуррахман. Жоқ, бұл орынға біздің хазреті имам отырмақ. Ол кісі сізге көмек көрсетеді. (жанындағы бір көмекшісіне) Кәне, мешітке барып кел, имамға сот басталайын деп жатыр, тезірек жетсін де. (көмекші кетеді)
Қази. Иә, иә, тезірек жетсін де! (шейхке) Ал, бастайық! Кім бар?
Ғабдуррахман. (қамшысымен мәсінің қонышын ақырын сабап тұрып, жанындағы көмекшілеріне) Кәне, әкеліңдер қылмыскерлерді.
Көмекшілері екі қызды алып келеді. Бірінші қыздың бұтында денесімен бір болып жабысқан, арғы жағынан бүкіл бөксесі айқын көрініп тұрған «лосина» деген дамбал тәрізді бірдеңе. Толық қыздың құйрық жағы тырсиып тұр. Екіншісі тым жас, бұтында джинсы, джинсы мен үстіндегі топик деген қысқа бірдеңенің арасы ашық, қыздың кіндігі көрініп тұр. Толық қыз ашулы, ал жас қыздың жүзі үрейлі.
Ғабдуррахман. Бұл не деген батпан құйрық, ен далада жатқан құйрық! (қыздың майлы құйрығынан қамшымен тартып жібереді - қыз шыңғырып қалып жұлқынады, бірақ екі жағынан ұстап тұрған шейхтің екі көмекшісі жібермейді)
Бірінші қыз. А-ай! Неге ұрасыз?!
Ғабдуррахман. Ұрмағанда не істейін? Сипа деймісің?
Бірінші қыз. Жоқ, сипамай-ақ қойыңыз. Бірақ неге ұрасыз, мына қамшыңыз жаман тиді ғой. И-и...
Ғабдуррахман. Ендеше неге көтіңді ашып жүресің?
Бірінші қыз. Ашып жүрген жоқпын.
Ғабдуррахман. Әй! Ашпағанда не қалды? Арт жағың тырсиып анадайдан менмендеп айқайлап тұрған жоқ па! (халыққа қарап) Бұл баланың ата-анасы бар ма? Анасы кім екен өзі?
Топтан бір әйел шығып шейхтің жанына келіп тоқтайды.
Қыздың анасы. (көз жасын сүртіп) Мен... мен бұл байғұстың шешесі.
Ғабдуррахман. Қызыңызды қалай тәрбиелегенсіз? Қалай ғана мына түрімен көшеге жібергенсіз?
Қыздың анасы. Е-е... бұлар қазір бізді тыңдай ма? Мода солай болды дейді. Көйлек кисеңші десем, арт жағыңды жапсаңшы десем, «менің арт жағым әдемі, сексуальный, оны жауып қайтемін?» дейді. Немесе «барлығы өзімнің байлығым – ешкімнен ұрлап алған жоқпын» дейді.
Ғабдуррахман. О Аллаһ! Ақыр заманың жақын болар. Қыздарымызда мынадай былқылдаған батпан құйрықтан басқа байлық қалмаса, ақыр заманның келмесі не?! Ақыл, парасат, инабат, ұят, – бәрі әдірем қалды. Қазақтың қызына тән ажарлы келбет, сұлу дидар, бота көз, қалам қас, оймақ ерін, көрікті де сымбатты бейне – мұның бәрінің қажеті болмай қалды. Мақтан тұтатын бір-ақ байлық қалды – тек мынадай, майдан тырсылдап жарылайын деп тұрған көт! (тағы да қыздың арт жағынан қамшымен салып қалады; қыз тағы да шыңғырып бұлқынады)
Ғабдуррахман. (Қазиден) Хазіреті қази, мына қызға қандай жаза тағайындайсыз?
Қази. Жиырма дүре берілсін.
Ғабдуррахман. Дұрыс. (қызды ұстап тұрған көмекшілеріне) Кәнеки, апарыңдар, беріңдер тиісті дүресін. Айтқан ақыл құлақ арқылы қонбаса санасына – арт жағынан қонатын шығар.
Шейхтың көмекшілері қызды дүре соғатын бағанға апарып қолдарын кісендейді. Жендет қызды қамшымен ұра бастайды. Бірақ, ұрысы тым әлсіз.
Ғабдуррахман. (жендеттің жанына жетіп барып) Әй, мұның не? Дүрені осылай соға ма? Сен мұны қамшыңмен сипап тұрсың ғой.
Жендетті орнынан ығыстырып қызды қамшының астына алады Қыз айғайға басып алаңды басына көтерді, оған қарайтын шейх жоқ, дүренің санын жария санап тұр. Халық гу-гу, кейбіреуі күліп жатыр, кейбіреулері қызды кекетіп бірдеңе деп жатыр, кейбіреулері шейхпен бірге дүре санап тұр. Дүре соғылып болғасын жендеттер қызды босатады, ол арт жағын ұстап, ақсаңдап жәйіне кетеді. Ол жылап барады, топтың ішінен қызды кекетіп-мұқатып жатыр, қыз оларға бірдеңе деп жауап қатып барады.
Ғабдуррахман. (Қазидың жанына оралып келіп, екінші қызға) Кіндігің неге ашық, ә?! (қыздың кіндік тұсын көздеп қамшысын сермейді, қыз шыңғырып жіберіп, ішін екі қолымен басып, бұғып қалады, оны ұстап тұрған шейхтің көмекшілері оның бойын түзетіп тұрғызады)
Екінші қыз. Ағатай! Ұрмаңызшы! Кешіріңіз, мен енді кіндігімді ашпаймын. Кешіріңіз, ағатай, кешіріңіз, мен енді дұрыс киініп жүремін! (жылап жібереді)
Ғабдуррахман. Киінесің, әрине киінесің! Енді жалғыз сен емес, барлық қыз-келіншек адам сияқты киініп жүретін болады. (Қазиға) Мына қызға қандай жаза тағайындайсыз?
Қази. Бала тым жас екен. Сондықтан бірінші ретке кешірсек қайтеді?
Ғабдуррахман. Менен несін сұрайсыз – бұл жерде қази сіз емес пе! Шариғат заңы бойынша жаза беріңіз. Тағайындаған жазаңыз тым жеңіл болса, немесе орынсыз кешірім жасасаңыз Аллаһтың алдында жауап бересіз.
Қази. Иә, иә, әрине. Ал бұл балаға он дүре берілсін.
Ғабдуррахман. (көмекшілеріне) Апарыңдар бағанға, соғыңдар он дүре!
Халық шуласып кетеді. «Аясаңдаршы, қаршадай баланы қалай сабайсыңдар!» «Мүлдем сәби әлі, қалай ғана қолдарың көтеріледі?!» деп жатыр.
Ғабдуррахман. Тынышталыңдар! Бұл не шу? Он дүреден ешкім өлмейді. Қайта жақсы сабақ болады. Өзіне де, басқа қыз балаларға да. Жандарың ашыса бұрын қайда болдыңдар? Неге жалаңаш жүргізіп қойдыңдар балаларыңды? Осылардың барлығы сендердің алдарыңда жүрмеп пе еді! Жалаңаштанып, күнәға белуарынан батып жүргенде аямадыңдар, ал енді әділ жаза аларында аяп қалыпсыңдар. (көмекшілеріне) Неғып тұрсыңдар? Апарыңдар, байлаңдар бағанға.
Қызметшілер қызды бағанға кісендейді де, жендет қыздың жалынып-жалпайғанына, көз жасына қарамастан дүре соғады. Халық гу-гу. Сонсоң бұл қыз да босатылып жәйіне кетеді.
Қази. Енді кім бар?
Ғабдуррахман. Келесі қылмыскерді әкеліңдер.
Шейхтың көмекшілері бір жас жігітті алып келеді.
Қази. Бұл жігіттің қылмысы неде?
Ғабдуррахман. Бұл ұры. Қалта қағып тазартатын ұры, қолының жылбысқасы бар. Бір азаматтың күмәжнігін ұрлап жатқан жерінде ұсталыпты.
Қази. Куәгерлер бар ма?
Ғабдуррахман. Бар. Куәгерлер, жақындаңдар. (екі куәгер келеді)
Қази. Бұл куәгерлер сенімді ме?
Ғабдуррахман. Әлбетте! Бұл мұсылмандарды біздің хазіреті имам сенімді адамдар деп сипаттаған. Екеуі де бұрыннан намазхан екен.
Қази. Жақсы. (бірінші куәгерге) Мына жігіттің ұрлық жасағанын өз көзіңізбен көрдіңіз бе?
Ұрланған адам. (топтың ішінен шығып қазидің жанына келеді) Әрине! Бұл ұрының қолынан мен өзім ұстап алдым. Мен бұл жігітті қатал түрде жазалауыңызды сұраймын. (шейхке) Мен сізді жүз пайызға қолдаймын. Бұл ұрылар мен қылмыскерлер әбден құтырып алды. Осылай қатал жаза қолданып тыймаса болмайды.
Ғабдуррахман. Тыямыз, біз енді бүкіл қылмысты тыямыз. Ол жөнінде ешкім күмәнданбасын. Ал сіз орныңызға барыңыз, шариғат сотының жұмысына кедергі жасамаңыз.
Ұрланған адам. Жақсы, мен кеттім. (кетеді)
Қази. (бірінші куәгерге) Мына жігіттің ана кісінің күмәжнігін ұрлағаны жөнінде куәлік етесің бе?
Бірінші куәгер. Иә! Бұ жігіттің ана кісінің күмәжнігін қалтасынан алып шыққанын мен өз көзіммен көрдім.
Қази. Күмәжнігін ұрлады ма, әлде қалтасынан алып шықты ма?
Бірінші куәгер. (таңырқай қарайды) Сіз қызық екенсіз. Осы екі сөздің қандай айырмашылығы бар?
Қази. Айырмашылық бар. Егер бұл жігіт күмәжнікті ұрласа, әшһәду – «бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады» деп куәлік ет. Ал егер ол күмәжнікті жәй қалтадан алып шықса, онда мәселе басқа.
Бірінші куәгер. (мырс етіп күледі, топтағылар да оған қосылады) Ұры күмәжнікті жәй ала ма?
Ғабдуррахман. Куәгер, сіз мысқылдамай қазидың сұрағына дұрыс жауап беріңіз.
Бірінші куәгер. (күлкі пышақ кескендей тиылады) Жарайды. Әшһәду, куәлік етемін - бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады.
Қази. Жақсы. (екінші куәгерге) Ал сіз не дейсіз?
Екінші куәгер. Иә, әшһәду, куәлік етемін – бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады. Мен базарда сауда жасаймын, ал бұл жігіт әрдайым сонда жүреді, және жәй жүрмейді, сатушыларды да, сатып алушыларды да қан қақсатып жүреді. Қолынан шап беріп ұсталған күнде де құтылып жүрді. Бұның ұрлығы жөнінде бүкіл базар біледі, тек мына екумізден басқа ешкім куәгер болғысы келмеді. Иллаһи, осы жігіт ұры! Баукеспе ұры!
Ғабдуррахман. Мінеки, біз ұрыларды әшкерелеп жазалаудың орнына қылмысын жасырып бағамыз. Содан кейін «қылмыскерлер саны күннен күнге артып бара жатыр» деп байбалам саламыз. Жақсы, сіздер боссыздар. (куәгерлер кетеді)
Қази. (ұрыға) Ал, жігітім, сен не дейсің?
Ұры. Кешіріңіз, мен ендігәрі ештеңе ұрламаймын.
Ғабдуррахман. Сен өзі неге ұрлықпен айналысасың? Ұрламасаң аштан қатасың ба?
Ұры. Жоқ. Қатпаймын...
Ғабдуррахман. Әлде жұмыс істей алмайтын мүгедекпісің?
Ұры. Жоқ, мен құрылыста жұмыс істеймін.
Ғабдуррахман. Жалақың аз ба? Отбасыңды асырауға жетпей ме?
Ұры. Жетеді. Отбасы дейтін ешкімім жоқ. Әке-шеше, ағайын-туысым жоқ, мен өзім жетімдер үйінде тәрбиеленгем. Және әлі үйленген жоқпын.
Ғабдуррахман. Онда не керек саған?! Не жетпейді?
Ұры. Білмеймін. (оң қолын көтеріп) Менің ұрлығыма мына қолым кінәлі. Осы қолымнан көретін болдым! Көлік ішінде, базарда, әйтеуір көпшілік ішінде жүрсем болды - дуылдап қышиды-ай кеп. Содан бірдеңе жымқырмағанымша қышуы басылмайды! Не істерімді білмеймін!
Ғабдуррахман. Не істеуіңді сен білмесең біз білеміз. (қазиға) Қандай жаза тағайындайсыз?
Қази. Бұл жігіттің қолын білезіктен шауып тастаңдар. Содан кейін ұрлауын қоймаса екінші қолынан да айрылады.
Ғабдуррахман. Дұрыс! (ұрыға) Жүр, жазайық қолыңның ауруын. Қандырайық қышуын.
Ұры. Ағай! Шаппаңызшы қолымды! Мен енді ештеңе ұрламаймын.
Ғабдуррахман. Иә, иә, мен бұл сөзіңе әбден сенемін. Жалғыз сен емес – қолыңнан айырылғаныңды көрген кез келген адамның енді ұрлыққа баруы екіталай. Сондықан да біз шариғат сотын енгізіп отырмыз. (көмекшілеріне) Не ғып тұрсыңдар? Орындаңдар қазидың үкімін.
Көмекшілері жігітті ойбайлатып апарады да қолын діңге қояды. Жендет балтаны көтеріп, қай жерден шабатынын көздеп біраз тұрады. Жігіт аппақ қудай болып қарап тұр. Жендет балтасын тарс еткізіп түсіргенде, демін ішіне тартып тұрған жігіт айқайлап жіберіп орнынан атып тұрады да, қан саулаған қолын екінші қолымен қысып алып зытып береді. Халық шуласып кетеді.
Бір дауыс. Әй! Тоқтатыңдар әлгіні! Қансырап өледі ғой! Қуып жетіп қолын таңу керек! (бір-екі жігіт ұрының соңынан кетеді)
Екінші дауыс. Оңбағандар! Қанішерлер!
Үшінші дауыс. Қанпезерлер! Хайуандар!
Ғабдуррахман. Ей! Сендер не білесіңдер?! Бұл жігітті біз жазалады деймісіңдер? Жоқ! Оны Аллаһ тағала жазалады! Және бұл жаза Жасағанның рақымы. Бұл жігіт қолынан айрылды, ал оның есесіне шайтанның азғыруынан құтылды. Ол енді ұрлық жасамайды, күнәсін өзінің қанымен жуып-шайып адал өмір сүруге мүмкіндік алды. Иншалла, Аллаһ енді мұның қылмыстарын кешіреді. Өйткені Аллаһ адамды екі рет жазаламайды. Түсіндіңдер ме енді? (көмекшілеріне) Кәні, әкеліңдер келесі қылмыскерді
Қази. Осымен доғарсақ қайтеді, хазіреті шейх? Бүгінгіге жетер...
Ғабдуррахман. О не дегеніңіз! Бұл тек бастама ғана. Халқымыз қылмыс пен күнаға белуарынан батып жүр. Жергілікті түрме істі болған қылмыскерлерге лық толы, қазір онда аяқ басар жер жоқ. Арақ істеп сататындар мен ішетіндер, есірткі тарататындар мен нашақорлар, жезөкшелер мен зинақорлар, құмар ойын ұйымдастырушылар мен ойнаушылар, пара алушылар мен пара берушілер, ақшаны өсімге берушілер мен аңқау еңбекшілдерді алуан түрлі қитұрқы әдістермен алдап байитын арамтамақтар, кісі өлтірушілер мен зорлаушылар, ұрылар мен адам тонаушылар, еркек пен еркек жынысты қатынасқа түсушілер, әйел мен әйел қосылып отбасын құрушылар және сол сияқты түрлі-түрлі азғындар өздерінің соттарын тосып отыр. Осындай қылмыскерлер мен азғындардан арылмай біз нағыз ислами мемлекет құра алмаймыз. Сондықтан ерінбей, шаршамай-шалдықпай, білегімізді түріп алып іске кірісейік.
Қази. Жарайды, әкеліңдер келесі қылмыскерді.
Шейхтің көмекшілері бір жас келіншекті алып келеді. Осы жерде имам Асқар келеді.
Ғабдуррахман. (қазидың жанындағы бос орынды нұсқап) Хазіреті имам, келіңіз, міне сіздің орныңыз. (Асқар отырады, оның екі көзі қылмыскерде)
Қази. Бұл келіншектің қылмысы неде?
Асқар. Не бүлдіре қойды екен бұл бала?
Ғабдуррахман. О хазіреті имам! Сіз адамның сыртқы пішініне қарамаңыз. Осындай, түк білмегенсіп, үлбіреп тұрғандардың ішінде өлген ит жатады. Бұл оңбаған жаңа туған нәрестесін перзенханада тастап кетіпті.
Асқар. (не дерін білмей қалып) М-м... кеткен екен бір қателік... жас қой...
Қази. Куәгерлер бар ма?
Ғабдуррахман. Бар. Бір дәрігер және екі медбике.
Куәгерлер жақындайды. Дәрігер ер адам.
Қази. (дәрігерге) Сіз мына келіншектің өз нәрестесін перзентханада тастап кеткенін растап куәлік етесіз бе?
Дәрігер. Иә, әшһәду, куәлік етемін – бұл келіншек өз баласын перзентханада тастап кетті.
Қази. Жақсы. (медбикелерге) Ал сіздер ше?
Екі медбике. (бірлесіп) Әшһәду, куәлік етеміз – бұл келіншек бала табысымен одан бас тартты да тастап кетті.
Қази. Жақсы, сіздер кете беріңіздер. (келіншекке) Балаңды неге тастап кеттің? Күйеуің қайда?
Келіншек. Күйеуім жоқ. Мені бір жігіт алдап кетті – аламын деді де екіқабат болып қалғанда тастап кетті. Сосын, баланы асырай алмайтын болғасын оны тастауға мәжбүр болдым.
Ғабдуррахман. Бұл себеп емес. Айналаңа қарашы – не? Жұрт баласын асырай алмай аштан қырылып жатыр ма? Бұл не сандырағың? Неке қиыспай еркектің қойнына неге жаттың? (келіншек үндемейді) Ал, жарайды, шайтанның азғыруына ұшыраған екенсің, некесіз бір азғынның қойнына жатқан екенсің, екі қабатты болып қалған екенсің, бала тапқан екенсің – не болмай жатыр қазіргі заманда. Неге сен өзіңнің сәбиіңді, бейкүнә, титтей нәрестеңді тастап кеттің? Содан кейін қалай жер бетін басып жүремін деп ойладың?! (келіншек төмен қарап үндемейді, шейх қазиға бұрылады) Қандай жаза тағайындайсыз?
Қази. Жүз дүре.
Асқар. Мен мұндай жазамен келіспеймін. Жүз дүре дегеніңіз – ол өлім жазасымен бара-бар! Елу дүренің өзі жетіп жатыр бұл балаға.
Ғабдуррахман. Жоқ, хазіреті имам! Бұл жерде аяушылық дегенді қою керек. Қылмыскерлерді аяп біз қоғамды дұрыс жолға бастай алмаймыз.
Асқар. Қылмыскер қылмысына сай жаза алуға тиісті. Баланы тастап кеткені үшін өлім жазасына қиюға бола ма?
Ғабдуррахман. Ал мұның некесіз бөтен еркектің қойнына жатқанын қайда қоясыз? Сіздіңше, ол қылмыс емес пе? Бұл жазамен біз бала тастап кететіндерге қоса зинақорларға да сабақ бермекпіз. Әлде сіз зинақорлықты қолдайсыз ба?
Асқар. Жоқ, қолдамаймын. Бұл баланы алдаған жігіт қайда екен? Оны да жауапқа тартып осы жүз дүрені екеуіне бөліп беру керек.
Ғабдуррахман. Ол сабазың ісін тындырып алып ізін суытыпты. Оңай құтылдым деп жүр ғой, сірә. Алланың жазасынан құтыла алмасын білмейді ғой ол сорлы. (көмекшілеріне) Сонымен, қази жүз дүре тағайындады. Апарыңдар, беріңдер қылмыскердің тиісті жазасын!
Халық тағы шуласып кетеді.
Бір дауыс. Ойбай-ау! Жүз дүреге бұл бейшара шыдай ма?! Өліп кетпей ме!
Екінші дауыс. Иә, қайдан шыдасын! Бұлар оны әдейі өлтірейін деп тұр!
Ғабдуррахман. Тынышталыңдар! Егер ажалы келсе - өлер. Ал егер сызығына жетпесе – тірі қалады, өмірін жаңадан бастайтын мүмкіндік алады. Не болса да бұл бейбаққа хайыр – жаңа айтқан жоқпын ба, Алла тағала қылмыскерді екі рет жазаламайды деп!
Келіншек. (өзін не тосып тұрғанын жаңа ғана түсінгендей тізерлеп отыра кетіп) Ағатай! Көкетай! Кешіріңіз! Мен жүз дүреге шыдай алмаймын. Өліп кетемін!
Ғабдуррахман. Өлсең - өрем қап! Сенің жер бетінде жүргеніңнен не пайда? Егер сен өз ішіңнен туған балаңды аямай тастап кетсең – біз сенен не қайыр күте алмақпыз? Өзің ойлашы – кімге сенің өмірің қажет? Біздің жаңа қоғамымызда сендей көкектерге орын жоқ!
Келіншек. (еңіреп жылап жібереді) Кешіріңізші! Мен баламды қайтып аламын! Бүгін барып аламын! Қазір барамын! Түсіндім қателігімді, түсіндім!
Ғабдуррахман. Әй, қарағым! Кім енді о баланы саған береді? Бір рет тастап кеткен мұйғылаға баланы сеніп беруге бола ма? (топқа бұрылып) Біздің ислами автономиямызда балалар үйі деген, тастанды бала деген болмайды. Балалар үйіндегі бүкіл балаларды біз, «Әл-хизб» партиясының мүшелері, өзара таратып алдық. Мен өзім бір ер бала мен бір қыз баланы асырап алдым. Біз сол балаларды нағыз мұсылман етіп тәрбиелейміз. (көмекшілеріне) Әй, неғып тұрсыңдар?! Апарыңдар, байлаңдар бағанға! Беріңдер әділ жазасын!
Қызметшілер келіншекті сүйреп бағанға апарып байлайды. Екі жендет екі жағынан сабай бастайды. Келіншек жылайды, шыңғырып айғайлайды, біраздан соң тек ыңқылдап ыңырсығаны ғана естіледі, аяқтарында тұра алмай, кісендерде асылып салбырап қалады, біраздан кейін мүлдем үні өшіп қозғалыссыз қалады. Халық толқып, кейбірелер: «Жетер! Тоқтатыңдар! Хайуандар! Жауыздар!» деп жатыр.
Ғабдуррахман. Кім бұл жерде жауыз? Ә?! Сендер не білесіңдер?! Осы сөзді айтқан адам кезінде тастанды бала болды ма екен? Шырылдап осы дүниеге келе сала, өзін туған анасы оны тәрк етіп тастап кетті ме екен? Содан есейіп жігіт болғанша, «Анам келіп мені алып кететін шығар...» деген үміт пен «Жоқ! Ол келмейді. Мен оған керек емеспін, мен бұ дүниеде ешкімге керек емеспін!» деген қасыреттің арасында дел-сал болып жүрді ме екен? Ә?! (халық үндемейді) Үндемейсіңдер, иә! Ал мына алдарыңда тұрған адам, (өзін өзі сұқ саусағымен нұсқайды) «жауыз» деп жазғырған адам, кезінде сондай тастанды бала болған, сол адам күндердің күнінде, есейіп, жігіт болып, өзін туған анасы... анасы емес-ау! өзін туған азғынның ендігі келмейтініне, ендігі алып кетпейтініне көзі жеткенде оған «Жауыз!» деген. Сосын сондай жауздарды тудырған, сондай азғындарға жол беріп қойған қоғамға соғыс жариялаған. Жиһад жариялаған! Өзінен туған баласын тастап кететін жауыздарға жиһад жариялаған! Міне, бүгін сол жиһадтың да уақыты келді...
Осыны айтып ол айналып кетеді. Жұртта үн жоқ. Өзінің дауысын ретке келтіріп Ғабдуррахман сөзін жалғастырады.
Ғабдуррахман. Біз бұл қылмысты жазаламай, тастанды балалардың саны азаймайды. Сендерге сол керек пе? Ә? Неге үндемей қалдыңдар? Ендеше қараңдар – ойнас жасап бала тауып, бейкүнә сәбиді тастап кеткендерге біздің ислами мемлекетімізде аяушылық болмайды!
Халық үндемейді. Жүз дүре беріп жендеттер тоқтайды. Қызметшілер келіншектің қолдарындағы кісенді ағытады – ол сылқ етіп құлап түседі.
Ғабдуррахман. Дәрігерді шақырыңдар! (носилка ұстаған екі санитар ертіп дәрігер келеді де әйелдің пульсын байқайды, кеудесіне құлағын тосады да орнынан тұрады) Не?
Дәрігер. Өтіп кетті... (алақандарымен бетін сипайды)
Ғабдуррахман. (бетін сипайды) Аллаһу акбар!
Сахнадағы барлық жұрт беттерін сипап «Аллаһу акбар» дейді. Топтың ішінде күбір-күбір, гу-гу әңгіме басталып кетеді. Санитарлар келіншектің қан-қан болған мәйітін носилкаға салып алып кетеді. Ғабдуррахман үсті-басын қағып орнына қайтып келеді.
Жамал. (топты жарып шығып шейхтың алдына келіп тоқтайды) Қанпезер! Қанішер! Тойдың ба қанға, құзғын? Осыдан кейін кім сені мұсылман, момын дейді?
Ғабдуррахман. Өшір үніңді, арсыз қатын! (қолындағы қамшыны сермеп қалады да, лезде есін жиып, көтерген қолын төмен түсіреді)
Жамал. (шейхке ұмтыла) Ұр! Ұр! Жық дүреге! Саба! Неге тоқтап қалдың?! Ұр, қыр, өлтір, жендет! Қорықпаймын сенен! (шейх теріс айналып кетеді, Жамал өзін сабырға шақыру мақсатымен жақындаған Асқарды итеріп жібереді) Осы сұмдықтың бәрі сенің мойныңда! Сен бәріне кінәлісің! Сен осының бәріне жол ашқан. Сенімен бір отбасылық болғанша мүлдем байсыз өткенім артық. (Ғабдуррахманға) Мен бұл қаладан кетемін. Балаларымды да қалтырмаймын. Бұл қала жын-шайтанның ордасына айналды, бұл жерде дені дұрыс адамға орын жоқ.
Ғабдуррахман. Жақсы. Қазір сізді стадионға жеткіземіз, онда қаладан шығуды тосып отырған біраз адамдар бар. Сосын арнайы көлікпен қаланың сыртына шығарып тастаймыз. Әрі қарай қайда баруыңызды өзіңіз біліңіз (бір көмекшісіне) Мына кісіні балаларымен бірге стадионға апарып таста.
Асқар. Жамал! Тоқта! Қаладан әлі бір де бір адам шығарылған жоқ. Стадион миналанып тасталған. Ондағы бүкіл халық өлімге кесілген. Олардың бәрі аманат ретінде ұсталып отыр. Қалаға шабуыл жасалса стадион бүкіл тұтқындармен бірге көкке ұшады. Ал шабуыл жасалады, қашан екенін білмеймін, бірақ жасалатыны хақ.
Жамал. Солай ма! (Ғабдуррахманға) Ал хазіреті шейх не деп еді? «Қаладан кеткісі келетіндер стадионға жиналсын, содан арнайы көлікпен облыс орталығына жеткіземіз» деп еді ғой. Соның бәрі өтірік болғаны ма? Мұсылманға, хазіреті шейхке өтірік айтуға бола ма?
Ғабдуррахман. Мұсылманның кәпірге өтірік айтқаны айып емес. Мен мұсылмандар мен кәпірлерді айырып алу үшін солай істедім.
Жамал. Сен жаңа мені де алдадың емес пе?
Ғабдуррахман. Иә, алдадым. Өйткені сізді мұсылман деуге болмайды. Иманды, ибалы әйел мұсылманға, шейхке тіл тигізбеуге тиісті еді.
Жамал. Сен кәпір дегенмен мен кәпір бола қалмаспын. Сендей қанішермен бірге мұсылман атанғанша кәпір атанғаным артық. (халық тобына беттей бере) Гүлнәр! Берік! Жүріңдер, кетейік бұл жерден.
Асқар. (соңынан ілесіп) Тоқтай тұр, Жамал! Қайда барасың?
Жамал. (Асқарға бұрылып, қолының ишаратымен оны тоқтатады) Талақ! Талақ! Талақ! Сенің екі қолың қанға малынған. Біз сендей қанішермен бірге тұра алмаймыз.
Асқар аңырап қала береді. Жамал балаларымен бірге кетеді. Осы жерде мешіттен азаншының дауысы естіледі. Халық тарай бастайды. Қази мен хатшы қағаздарын жинап алып кетеді. Офицер сарбаздарын әкетеді. Шейх жасақтарын қолының ишаратымен аттандырады да имамның жанына келіп қолын оның иығына салады.
Асқар. (селк ете түседі) Ә?! Не?!
Шейх. Азан шақырылып жатыр, хазіреті имам. Мешітке барайық, намаз оқиық.
Асқар. Ә, иә, иә... (басы төмен салбыраған күйде шейхтың соңынан еріп кете барады)
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Орталық стадион. Кеш. Футбол алаңында жатқан-отырған халық. Динамиктерден Құран оқыған қаридың дауысы естіледі. Бұл дауыс көріністің басынан аяғына дейін толастамайды, тек кей кезде ақырындайды да, кей кездері зорайып кетеді. Стадион тұтқындарының арасында күбір-күбір әңгіме, балалардың жылаған, қыңқылдаған үндері, біреулердің ыңырсыған, қарғап-сілеген дауыстары. Сахнаның орта тұсында, Ларисаның аяқтарына басын жастап Мария сұлап жатыр.
Мария. (сандырақтап жатыр) Су... су... Лариса, су берші...
Лариса. (жыламсырап) Мама! Суды қайдан алайын? Шыдашы!
Стадиондағылар қозғалмайды, тек анда-санда біреулер жүре бастаса, прожектор жарығына шалынып, мегафон арқылы жүрісті тоқтатуды талап етіп бұйрық беріледі.
Бір уақытта аспаннан ұшақтардың гүрілдеген дыбысы естіледі, гүріл күшейе түседі. Прожектор сәулелері көкке шаншылып, ауе зеңбіректері мен пулеметтер тарсылдатып оқ жаудырады. Тұтқындар бас сауғалап жата кетеді. Аспаннан шағын парашюттерге ілінген қапшықтарда азық-түлік, пластик бөтелкедегі су, қызыл крес пен қызыл ай бейнеленген қораптарда дәрі-дәрмек түсе бастайды. Және көптеген жапырақ қағаздар түседі. Ларисаның жанына бір бума пластик бөтелкелер қонады, қыз оларға қолын созғанымен қолы жетпейді. Ол шешесінің басын жерге қойып пластик бөтелкелерін ұстай бергенде, бір бала әлгі буманы парашюттің жіптерінен ұстап алып сүйрей жөнеледі. Лариса бөтелкелерге жармасып айырылмайды.
Лариса. Әй бала! Тоқтай тұр! Бір бөтелкесін маған тастап кет – мамам шөлден өлейін деп жатыр.
Бала тоқтай қалып бумадан бір бөтелкені алып берейін дегенде униформа киген стадион күзетушілері жетіп келіп тартып алады. Олардың белдерінде тапанша, қолдарында резеңке шоқпар.
Лариса. Бір бөтелке! Тым құрығанда бір бөтелке беріңізші!(бөтелкеге жармасып бағады, бірақ күзетші бөтелкені жұлып алып, қызды итеріп жібереді; Лариса құлап түседі, сосын жылап шешесінің жанына қайтып келеді)
Күзетшілер стадионның басқа тұтқындарының қолындағы азық-түлік салынған қапшықтарды, су мен дәрі-дәрмектерді тартып алып жатыр. Стадионның тұтқындарынан екі жігіт оларға килігеді.
1-ші тұтқын. Әй, оңбаған болмасаңдар, тым құрығанда балаларға су берсеңдерші!
Күзетші. Біз оңбаған емеспіз. Ал су беруге рұқсат жоқ.
2-ші тұтқын. Біз сендерден су сұрап тұрған жоқпыз, мына су мен азық-түлік аспаннан түскен жоқ па!
Күзетші. Айтқан жоқпын ба – бұйрық жоқ деп! (тапаншасын суырып алып) Кәні, кетіңдер! Орындарыңа барыңдар!
1-ші тұтқын тапаншаға қарамастан ілгері ұмтылады, ал 2-тұтқын оның қолына жармасып кері тартады.
2-ші тұтқын. Қой, сен оған ештеңе істей алмайсың. Текке оққа ұшасың.
Күзетші. Мен де соны айтамын! Жәй жүріңдер. Жоғарыдан бұйрық болса бәрін береміз. Су да, азық-түлік те, дәрі-дәрмек те аласыңдар. (күзетшілер азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді алып кетеді)
1-ші тұтқын. (соңдарынан жұдырығын түйеді) Оңбағандар! Қанішерлер! (не істерін білмей жан-жағына қарайды, жерде шашылып жатқан жапырақ қағаздарды көріп біреуін көтеріп оқи бастайды) Отандастар! Сіздердің қандай ауыр жағдайда отырғандарыңызды біз жақсы білеміз. Мына азық-түлік, дәрі-дәрмекпен жүрек жалғай тұрыңыздар, біз күнде осындай көмек көрсетіп отырамыз. Қала біздің мықты қоршауымызда, экстремисттердің бірі де қашып құтыла алмайды. Біз оларға күнде елші жіберіп сіздерге бостандық берілсін деген талап қоюдамыз, бірақ бүлікшілер әзірше біздің сөзімізге құлақ асып отырған жоқ. Біз бұл бүлікті қантөгіссіз басуға тырысып бағудамыз, алайда, көпке соза да бере алмаймыз. Жақын арада біз қаланы азат етеміз, ал әзірше сабыр мен төзімділікке шақырамын. Сіздер жалғыз емессіздер – біздің бүкіл халқымыз, бүкіл республикамыз сіздермен бірге. Жалынды сәлеммен, Республика Президенті.
Күзетшілер қайтып келеді, жеңінде «кезекші» деген жазуы бар біреуі тұтқынның қолындағы қағазды жұлып алады. Күзетшілер жерде жатқан қағаздарды жинай бастайды.
Кезекші. (қағазға көз жүгіртеді де) Бұның бәрі бос әңгіме! Президент ештеңе тындыра алмайды. Тындырса бәлен күн өтті емес пе – неғып жатыр? Оның бұл сөзіне сенбесеңдер де болады. (күзетшілер қағаздарды жинап алып, бір-бірімен дабдырлап сөйлесіп, күлісіп кете барады)
Мария. (тағы да сандырақтап) Ваня! Әй, Ваня деймін! Қайда кете бересің? Кел мұнда, жақында! Неге сен менімен сөйлескің келмейді? Әлде сен бізді кәпір деп жоламай жүрмісің? Бірақ мен сенің анаң емес пе едім! Әлде бұл сөз сен үшін мағынасын жоғалтқаны ма? А?!
Кезекші қайтып оралады. Оның соңында Жамал, Гүлнәр және Берік келеді. Жаңадан келген тұтқындар жан-жақтарына тіксіне қарайды.
Кезекші. (Мария мен Ларисаның жанына келіп) Новиковтар сендермісіңдер?
Лариса. Иә, біз. (Жамал мен Гүлнәрді көріп) Жамал тәте! Гүлнәр! (шыдай алмай жылап жібереді)
Жамал. (оның жанына отыра кетіп басын сипайды) Жылама Лариса, жә, жылама. Бәрі де жақсы болады. (қыздың көз жасын сүртіп) Мамаңа не болған?
Лариса. (өксігін баса алмай сөйлеседі) Міне... ауырып қалды... жүрегінің талмасы ұстады... енді көбіне... осылай ес-түссіз жатады... сандырақтай береді... Ваняны шақырумен болады. Су сұрайды.
Мария. Лариса! Қызым! Су әкеліп берші. Сондай шөлдеп жатқаным! Өзегім өртеніп барады. Өтінемін, су әкеліп берші...
Лариса. Міне, су сұраумен болады... қайдан аламын мен оны! Кішкентай балалардың өзіне бермейді.
Жамал. Мария! Әй, Мария! Сен мені естіп тұрсың ба? Мен Жамалмын ғой!
Мария. А-а... Жамал? Сен... сен...
Жамал. Иә, менмін ғой! Міне, Гүлнәр да, Берік те жанымда.
Гүлнәр. Саламатсыз ба, Мария тәте.
Мария. А-а... Гүлнәр... амансың ба? Сен Ваняның қайда жүргенін білмейсің бе?
Гүлнәр. Ж-жоқ... білмеймін. Мен оны осы күндері көрген жоқпын. Ол... ол... оның қолы бос емес... қолы тимейді.
Берік. (ол да жақындап келеді) Саламатсыз ба, Мария Петровна.
Мария. А... Берік? Амансың ба... (Жамалға басын бұрады) Бұл қалай, Жамал?
Жамал. Міне, әлгі шейх, ең үздік мұсылман, бізді кәпір деп осында қамады.
Мария. А... Асқар ше?
Жамал. Асқар не! Асқар енді бармағын шайнап жүр. (Марияның маңдайына алақанын тигізеді) Сен не – ауырып қалғанбысың?
Мария. Жоқ... жоқ, мен тек жаман шаршадым. Иә, мен шаршадым. Кішкене болса да демалсам деймін... ұйықтап, тынықсам деймін... бірақ ұйықтай алмаймын. Жүрегім қысып ұйықы бермейді... содан... (тағы да сандырақтап кетеді) Ваня келмей қойды... А! Әне! Келді! Ваня! Ваня деймін! Бері келсеңші, жақындасаңшы! Мен ғой, мен, мамаңмын ғой! Не болған саған? Сен не – мені танымай тұрмысың? Неге үндемейсің? Әлде танып тұрып жоламай жүрсің бе? Қайда кеттің тағы да? А? Ваня! Ва-аня!
Лариса көз жасын сүрте бастайды, Гүлнәр да жылап отыр.
Мария. Су! Су! Лариса, су берші. Өтінемін, су әкеп берші...
Жамал. (жан-жағына қарап) Не істесек енді?
Лариса. Білмеймін...
Жамал. (орнынан тұра беріп) Мен аналардан су сұрайын.
Лариса. Текке әуре болмаңыз. Бәрібір бермейді. Қаншама адам су сұрап шулайды, балаларға, бала емізіп жүрген әйелдерге де бермейді ғой!
Жамал отырған жерге тұтқындар жақындап жинала бастайды.
Бір ер адам. (Жамалға) Сіз жаңа ғана қаладан келдіңіз бе?
Жамал. Иә.
Ер адам. Ондағы жағдай қалай?
Жамал. Мұндағы жағдайдан сәл жақсы, алайда онда да жұмақ орнай қойған жоқ. Бүгін шейх Ғабдуррахман шариғат сотын ашып бір әйелді дүреге жығып, содан әлгі бейшара көтере алмай өліп кетті. Бір күмәжнік ұрлаған жігіттің қолын шауып тастады, және екі қаршадай қызды, «дұрыс киім кимедің» деп сабап жіберді. Шейхтің айтуынша бұл тек бастама ғана, сотын тосып отырған қылмыскерлер толып жатыр дейді. Сондықтан ол әлі біздің адамдардың қанын судай ағызады. Қалада азық-түліктің тапшылығы біліне бастады, нан мен қант, май мен сүт, ет пен шұжық, ұн, жарма және макарон өнімдері, әйтеуір, негізгі азық-түлік арнайы кәртішкемен норма бойынша сатылады.
Бір келіншек. (қолында емшектегі нәрестесі бар) Ал біз жөнінде жұрт не дейді? Өзі стадионда мұншама халық азап шегіп жатқанын қала тұрғындары біле ме? Әлде бізді «кәпір» деп, «оларға со керек» деп жүр ме екен?
Жамал. О не дегеніңіз! Сіздерді кәпір дейтін тек шейх пен оның сардарлары ғана. Мүмкін біреулер білген де шығар, ал өз басым бүгін ғана естідім. Айтайын ба – айтпайын ба, білмей тұрмын... бірақ, сіздер білуге тиістісіздер. Бағана күйеуім айтты: стадион басынан аяғына шейін миналанған екен. Қаланы қоршауға алған әскер шабуыл жасаса, шейх ең әуелі стадионды жарып көкке ұшырады. Сондықтан да президент қарулы күштерді қолдана алмай отыр.
Келіншек. Сонда не? Біз миналардың үстінде отырғанымыз ба?
Жамал. Иә, солай болғаны ғой. Әйтеуір күйеуім солай деді.
Ер адам. Сіздің күйеуіңіз кім еді?
Жамал. (бір мезет кідіріп қалады) Менің күйеуім имам. Қалалық мешіттің имамы Асқар. Білуші ме едіңіз?
Ер адам. Естігенім бар, бірақ таныс емеспін. Сонда не – сіздің күйеуіңіз экстремист пе?
Жамал. Жоқ, ол экстремист емес. Бірақ ол төңкерістен бұрын «Әл-хизб» партиясының жиналыстарына қатысып жүріпті. Шейх оны өзінің партиясына шақырған екен, ал күйеуім келісімін бермепті. Ол экстремисттердің мына істерін қолдаған жоқ, бірақ, өкінішке орай, оларға қарсы тұра алмады. Ал мен бүгін, шариғат сотында, көпшіліктің көзінше не ойлайтынымды шейхтің бетіне басып айтып салдым. Сол үшін ол мені осында қамады.
Ер адам. Ә-ә... Күйеуіңіз де осында ма?
Жамал. Жоқ, ол қалада қалды.
Ер адам. (қолын бұлғай салып) Қалада қалған адамдардың барлығы экстремисттермен бірге, соларды қолдап жүр.
Жамал. Жоқ, олай деуге болмайды. Шейх көздеген мақсатына жету үшін кез келген адамды пайдалана біледі. Мәселен, менің күйеуімнің беделін пайдаланып, гарнизон офицерлері мен сержанттарын өзінің партиясының мүшелігіне кіргізіп алды. Көрмейсіздер ме - мұндағы жастарды алдап-арбап, сіздерге айдап салып қойғанын. Бұлар не істеп жүргендерін өздері білмейді.
Жамалды қоршап тұрған топ үлкейіп кеткенін сезген күзетшілер прожектор жарығын шоғырландырып, мегафон арқылы халықтың тарағанын талап етеді. Адамдар өздерінің орындарына қайтып оралады.
Жамал. (орнынан тұрып, жан-жағына) Адамдар! Отандастар! Стадион жарылғыш заттармен миналанған. Бізге жарылыс қаупі төніп тұр. Енді қарап отыруға болмайды, қимылдап өзімізді азат етуге әрекет жасайық. Иә, экстремисттер бізді ұрып-соғар, иә, кейбіреуіміз оққа ұшармыз, алайда қораға қамалған қойдай, қашан құрбанға шалады деп отыра бергеніміз дұрыс болмас!
Жамалдың жанына кезекші бастаған екі-үш күзетші жетіп келеді. Олардың қолдарында бір-бір термос.
Кезекші. Сіз не – көтеріліске үгіттеп жатырсыз ба? Есіңізде болсын – бұл әрекетіңізден ештеңе шықпайды. Тұтқындардың барлығын қырып тастасақ та, бір де бір адамды сыртқа шығармаймыз. Стадионның жоғарғы жағында бәлен пулемет орнатылған, снайперлер отыр. Кімде-кім тәртіп бұзатын болса, сол жерде оққа ұшады. Бұйрық солай. Сондықтан халықты дүрліктірмей тыныш отырғаныңыз жөн. Стадион миналаныпты деп жалған мәлімет таратқаныңыз ұят болар. Білдей бір имамның жұбайы бола тұра өтірік айтасыз.
Жамал. Бұл жалған мәлімет емес. Бүны имам, Асқар айтты. Өздерің де ойланыңдар – шейх стадионды жарған кезде сендер де бізбен бірге көкке ұшасыңдар.
Кезекші. (күліп жібереді, оған жанындағылары қосылады) Қойыңызшы, жеңгей, жұртты күлдірмей! Хазіреті шейх бізді жарып тастайды дегенге сенетін біз ақымақ па едік? Әңгімені доғарыңыз да тамақтанып алыңыз. (жанындағы күзетші ұстап тұрған термосты Жамалға ұсынады, басқа күзетшілер қалған екі термосты Гүлнәр мен Берікке береді) Міне, бұл асты сіздерге хазіреті шейх беріп жіберді. Бүкіл халықтың алдында қаралағаныңызға қарамастан, хазіреті шейх сізді өз қамқорлығына алды. Оның пейілінің қандай кең екенін түсініңіз де ендігәрі халықты оған қарсы үгіттемеңіз.
Жамал. (термосын жерге қоя салып) Е! Ол не – бізді осындай арзан бағамен сатып алмақ па? Егер пейілі сондай кең болса, тым құрығанда балалар мен бала емізіп жүрген әйелдерді тамақтандырсын. Ауруларға дәрігерлік көмек көрсетсін.
Кезекші. Көрсетеміз, көрсетеміз. Уақыты келгенде бәрі де болады. Ал тамақтаныңыз, не ғып тұрсыз? Жеңіздер, біз тоса тұрамыз. Термостарды алып кету керек.
Берік өзінің термосын ашып, Ларисаға шай алып береді.
Берік. Лариса, мә, шай ішіп ал.
Лариса. (әуелі шайды ұрттап-ұрттап жібереді де, сосын шешесі есіне түсіп ыдысын оның аузына тосады) Мама, мә, шай ішші. Мама! Ояншы, міне, Берік шай берді, ішші...
Кезекші қыздың қолындағы шайды төге-мөге жұлып алады да Берікке қайтарып береді.
Кезекші. Әй бала, өзің іш! Бұларға беруге болмайды.
Жамал. (ол да өзінің термосындағы шайын Марияның аузына тосады) Мария! Есіңді жи! Міне, шай іш!
Кезекші. (ыдысқа жармасып) Айтқан жоқпын ба - өздерің ішіңдер деп! Бұларға беруге болмайды.
Жамал. (ыдысы бар қолын кері алып кетіп) Неге?! – шөлден өлейін деп жатқанын көрмейсің бе?
Кезекші. Болмайды деген жоқпын ба! Бұйрық сондай. Біз тек бұйрық орындаушымыз. Осындағыларды біз тамақтандырмаймыз, мына тамақты сізге шейх арнайы бұйрықпен бергізіп отыр. Тезірек ішіңіз, біздің уақытымыз жоқ.
Жамал. (шайды кезекшінің бетіне шашып жібереді) Онда осы тамақтарыңа қақалып өліңдер!
Кезекші. (шегініп кетіп, бетін алақанымен сипап, қалтасынан орамалын алып сүртіп, үсті-басын қағып-соғып жатып) Жеңгей! Мұныңыз не?!
Жамал. (орнынан атып тұрып кезекшіге төнеді) Ал сендердікі не?! Ә?! Мынау нағыз концлагерь ғой! Әлде фашист боп кеттіңдер ме?! (кезекші мен күзетшілер шегініп кетеді, не дерін білмей дағдарып қалады)
Гүлнәр. (өзінің ашылмаған термосын қоя салып, Беріктің термосын жинайды да соның жанына қояды) Дұрыс! Біздің өзгеден жанымыз бөлек емес. Бүкіл халық аш отырғанда тамағымыздан кесек өтетін біз хайуан деп пе едіңдер? Шынында да шейх оңбаған сұрқия екен.
Кезекші. Бикеш, хазіреті шейхке тіл тигізбеңіз!
Жамал. (оған және төнеді) Тигіземіз! Ал, не істейсің? Қылатыныңды қылып ал – қолыңда өлейік!
Кезекші. Жеңгей, қойыңыз, сабыр етіңіз. Сіздерді өлтірейін деп тұрған ешкім жоқ.
Күзетшілер термостарды жинап алып кетеді.
Гүлнәр. (Ларисаның жанына отыра бере) Қандай сұрқия еді әлгі шейх!
Жамал. (ол да Марияның жанына жайғаса бере кекете жауап қайтарады) Ол нағыз мұсылман емес пе! Мейірімді Алланың атымен өзі тамақтанады да, сол мейірімді Алланың атымен өзгелерді аштан қатырып, азаптап өлтіреді.
Гүлнәр. Иә, екі ұшты мораль.
Іңір түнге ауа бастайды, қараңғылық қоюлана түседі. Тұтқындар ұйқыға жайғасады. Жамал Марияны өзінің аяғына ауыстырып, жанына ана-мына киім төсеп, Лариса мен Берікті екі жағына жайғастырады. Гүлнәр сол отырған жерінде, маңдайын тізелеріне қойып қалың ойға шомып отыр. Бірте-бірте дыбыстар басылып, сахна қараңғылыққа батады. Тек Құран оқыған қаридың дауысы басылмайды. (пауза)
Сахнаны прожектордың жарығы тіліп өтіп, ортадағы топқа тіреліп тоқтайды. Барлығы сол орындарында. Кезекші келеді, оның соңында Иван.
Кезекші. Новиковтар! Тұрыңдар! Міне - сендерді алып кетуге келді.
Иван. Мама! Лариса!(шешесі мен қарындасына ұмтылады, сосын, Жамал мен Гүлнәрді танып, таңырқап кідіріп қалады) Гүлнәр?! Жамал тәте?! Сіздер мұнда не ғып отырсыздар?
Гүлнәр жігітпен сөйлеспейтінін білдіріп жүзін теріс бұрып әкетеді.
Жамал. Не ғып отымыз деймісің? Сенің анаң мен қарындасыңмен бірге миналардың үстінде ажалымызды тосып отырмыз. Сендер, нағыз мұсылмандар, бізді, кәпірлерді, не аштан қатырып, не жарып өлтіргендеріңді тосып отырмыз.
Иван. М-м... (қарындасына) Лариса, мен сендердің осында отырғандарыңды бүгін ғана білдім. Бірінші күні қаладан кеткен шығар деп жүргем. (шешесінің жанына тізерлей отыра кетеді) Мама! Мама! (Ларисаға) Мамама не болған?
Лариса. (жылап сөйлейді, дауысында ашу-ыза) Не, көрмейсің бе? Өлейін деп жатқан жоқ па!
Иван. (одан әрі сасқалақтайды) Қалай... өлейін деп? Неге?
Сөзі таусылған Лариса жүзін ағасынан бұрып әкетеді де солқылдап жылап жібереді.
Жамал. Сен осындай сұрақ қоюға ұялмайсың, иә! Неден өлейін деп жатқанын білмейсің бе? Көрмейсің бе, жұрттың қандай мүшкіл жағдайға түскенін? Неше күн болды бұлардың аш-жалаңаш отырғанына? Не су бермейді, не тамақтандырмайды, ауру-сырқаттарға дәрігерлік көмек көрсетілмейді, емшектегі балалар аналарының сүті тартылып қалғандығынан қырылып жатыр. Мүмкін сен осының барлығын білмедім дейтін шығарсың, ә?!
Иван. (Жамалға қарауға, оған жауап қатуға даты бармай, қарындасына) Лариса, мен сендерді алып кетуге келдім. Шейх маған рұқсат берді. Жүр, кетейік. (шешесін көтермек болады, сол жерде Мария ыңырсиды да бүкіл денесі мен аяқтарын созып, қырылдап өтіп кетеді, Иван оны орнына жатқыза қояды)
Лариса. (барлығын түсініп шешесінің үстіне жата кетіп боздап қоя береді) Ма-ма! Мама! Өлмеші, мама! Өлмеші деймін! Ма-ма!
Жамал. (Марияның тамырын ұстап, қайтып кеткеніне көзі жетіп бетін сипайды да Иванға қарайды) Иә, Иван, қайтып кетті шешең. Құтылды бұл дүниенің азабынан.
Иван аяғына тұрып, бас киімін шешіп, тер басып кеткен бетін сүрте бастайды.
Иван. Жо-жоқ! Мүмкін емес... мамам өлген жоқ... есінен танып қалған шығар...(отыра кетіп Марияның көкірегін тыңдағысы келгендей қарындасының иығынан тартады)
Лариса. (басын көтеріп алып) Мамам өліп қалды! Өліп қалды! Сен! Сен оны өлтірген! Сен оны өлтірдің! А-а!...
Иван. (шегіншектеп кетіп) Лариса! Олай деме... мен... мен емес... мен тек...
Лариса. Иә! Сен оны өлтірген! Сен! Сен! Мамамды өлтірген сен!
Иван шыдай алмай аяғына тұрады да не істерін білмей жан-жағына қарайды. Сосын Гүлнәрға бірдеңе дейін деп жақындайды.
Иван. Гүлнәр, енді сен бірдеңе деші! Менің не кінәм бар?
Гүлнәр. (бейне бір құбыжық жақындап келе жатқандай шошынып) Жо-жоқ! Жақындама маған! Жолама! Аулақ!
Жамал. (Иван оған «не істейін» дегендей қарайды) Иван, меніңше сенің осы жерден кеткенің дұрыс болар.
Иван. Жарайды... мен кетейін... кетейін. Лариса, кеттік, кетейік, маманы... алып кетейік.
Лариса. Кет! Өзің кет! Мен сенімен бармаймын! Мен сені көргім келмейді! Мына шайтанның формасын көргім келмейді! О-о! Мама! О-о, сорлы мамам-ай!
Иван. (Жамалға) Енді не істейін мен? Бұларды осында қалтырып кете алмаймын ғой. Шейх маған рұқсат берген...
Жамал. Бар қайтадан сол шейхіңе! Аяғына жығыласың ба, әлде кеңірдегінен аласың ба, не қылсаң о қыл – тек осындағыларға бостандық берсін. Тым құрығанда балалар мен әйелдерді босатсын. Бар! Не ғып тұрсың!
Иван оған қарайды, Гүлнәрға қарайды, сосын қарындасына қарайды, олардың біреуі де оның бар екенін, жандарында тұрғанын сезбегендей теріс қарап отыр. Ақыры мас адамдай тентіректеп жөніне кетеді. Тағы да үнсіздік орнайды, тек Құран оқыған қаридың дауысы естіліп тұрады.
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Асқардың үйінің төр бөлмесі. Түн, терезе перделері жабулы. Үстелге екі шынтағын тіреп қойып, алақандарымен басын ұстап Асқар отыр.
Асқар. (өзімен өзі) Сонымен не болды? Не бітірдік? Не тындырдық? Иә, енді ешкім зина жасамас, ұрлыққа бармас. Қыз-келіншектер жалаңаш жүрмес. Қылмыс тиылар.
Бірақ, шейх көздеген мақсатына жетті ме? Адамдарды өзгертті ме? Олардың ішкі дүниесі жаңарды ма? Жоқ! Олар енді тек қатал жазадан қорыққанынан ғана қылмысқа бармайды. Егер ертең шариғат заңы күшін жоғалтса сол адамдар тағы да сол қылмыстарын істейді. Ал адамдарды қылмыс пен күнәға ар-ұяты, иманы жібермеуге тиіс, олар хиджап пен ұзын етек көйлек кигенде, дүреден, таяқ жеуден қорққанынан емес, жалаңаш жүре алмайтындығынан, ұялғанынан киуге тиіс. «Күнә мен қылмысқа баруға болмайды!» деген қағида біздің адамдардың сана-сезімінде дұрыс тәрбиенің нәтижесінде орнауға тиіс. Алайда... (көрермендерге бұрылады) алайда, біздің тәрбиелеу жұмысымыз ілгері басып келе ме? Неліктен қоғамымызда қылмыстар саны жылдан жылға кемімей келеді? Және де қылмыстың небір сорақы түрлері пайда болған жоқ па! Балаларды зорлап әурелеп өлтіру деген не сұмдық! Жүкті әйелдің кім көрінгеннің қойнына жатқаны не азғындық?! Бейкүнә сәбиді, туа салысымен, шырылдатып, қоқыс жәшігі мен әжетһана шұңқырына тастап кету не деген хайуандық?! Хайуанның өзі балапанын тастамайды ғой!
Ғабдуррахманды да түсінуге болады. Ол тәрбие жұмысының, салихалы, салауатты өмір сүруге бағытталған үгіт-насихаттың нәтижесіздігінен, қатал жаза қолдануға мәжбүр болды. Иә, енді ол мақсатына жеткен сияқты. Егер оның орнатқан тәртібі ұзақ уақытқа сақталса қылмыстың бүкіл түрі мүлдем тиылады. Мүмкін соныкі дұрыс та шығар? Ә? Мүмкін адам баласына құлақтан құйған сөзден гөрі арт жағынан соққан дүре тиімді болар ма? Мүмкін тәлім-тәрбие таяқсыз, дүресіз адам бойына сіңбейтін шығар? Мүмкін «аюды намазға үйреткен таяқ» деген сөз бекер айтылмаған болар? (біраз уақыт үнсіз қалады) Ал бірақ... біз аю емеспіз ғой. Біз адам баласымыз. Әлде біздің аюдан еш айырмашылығымыз болмағаны ма? Жоқ! Олай емес! Адам баласын имандылыққа, мәдениеттілікке, тәрбиелілікке тек шын жүректен шыққан ақылды, жылы, өткір сөз арқылы, игі үлгі арқылы, шыдамдылықтың, сабырдың арқасында, төзімді де тынымсыз еңбектің нәтижесінде жеткізуге болады. Одан басқа жол да жоқ. Өйткені біз үлгілі аю емес, үлгілі адам тәрбиелеп өсіруіміз керек. Адам баласының тәрбиесін дрессировкаға айналдырған... бұл дегеніңіз адамды адамгершіліктен хайуандыққа, прогрессті регереске айналдырған деген сөз. Жоқ, Ғабдуррахман шейх, мен сізбен ешқашан келіспеймін! Сіздің тәсіліңізді, «тәрбие жүйеңізді» мен ешқашан қолдамаймын.
Осы тұста есік қоңырауы шыр ете қалады. Асқар селк етеді, сосын тұрып, есікке жақындап, оны ашады. Халел көмекшісімен кіреді.
Халел мен оның көмекшісі. Ассаламү ғалайкүм.
Асқар. Уағалейкүм ассалам. (сәл бөгеледі, сосын, дәлізге көз тастап, есікті жабады) Жоғарлатыңыздар.
Халел жоғары шығып, үй иесі нұсқаған орындықта жайғасады, көмекшісі есік көзінде қалып тың тыңдайды, ара-тұра терезеге жақындап келіп шымылдық арасынан далаға көз тастап қояды.
Асқар. (өзінің орнына отыра бере) Танымадым ғой... сіз кім боласыз?
Халел. Менің есімім Халел. Мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін, бүлікшілерге қарсы күрес ұйымдастыру үшін жіберілген арнайы бөлімшенің басшысымын. Біз қаланың естияр азаматтарымен бүлікке қарсы іс-қимыл жасайтын ұйым құрдық, гарнизонның есі дұрыс офицерлері мен сержанттарының арасында үгіт-насихат жүргізіп жатырмыз. «Әл хизб» партиясының мүшелерімен де сөйлесіп ақылға шақырып жатырмыз.
Асқар. Түсінікті. Ал маған қалай қорықпай келіп тұрсыз? Мені бүлікшілердің, Ғабдуррахман шейхтің сыбайласы деген жоқ па... сол естияр азаматтар?
Халел. Жоқ, керісінше, ол азаматтар сізге сенім артып отыр. Және бір тапсырма бар – оны сізден басқа ешкім орындай алмайды. Міне, оқыңыз. (қалтасынан бір қағаз алып Асқарға ұсынады)
Асқар. (қағазды алып жатып) Бұл не?
Халел. Бұл тапсырма. Біздің басшылығымыздың сізге берген тапсырмасы. Керек болса – президенттің тапсырмасы!
Асқар. (қағазды оқып шығып үстелге тастай береді) Астафиралла! Мен мұндай тапсырманы орындай алмаймын.
Халел. Орындайсыз. Иә, бұл тапсырманы орындау оңай болмас. Бірақ сізден басқа ешкімнің қолынан келмейді.
Асқар. О Алла! Енді кісі өлтіру тек имамның қолынан ғана келетін болғаны ма?!
Халел. Кешіріңіз, Асеке. Менің айтайын дегенім, шейх сізден басқа ешкімді маңына жолататын емес. Полковник Ысмаиловтың көзін жойғаннан бері ол мүлдем адам баласына сенуден қалды. Әсіресе бүгінгі шариғат сотынан кейін ол енді ешқайда бас сұға қоймас.
Асқар. Е-е! Полковник Ысмаиловты сіздер өлтірген екенсіздер ғой!
Халел. Асеке, олай демеңіз. Полковник Ысмаиловтың көзін жою жөнінде біз басшылығымыздан бұйрық алдық. Біз гарнизонның бірсыпыра офицерлерін үгіттеп өзіміздің жағымызға шығарып алдық, ал полковник нағыз фанатик екен, көнбей тұрып алды. Содан кейін оның көзін жоюдан басқа еш амал қалмады. Енді шейх Ғабудррахманды жоқ қылсақ қаланы қантөгіссіз азат етуге мүмкіндік туады. Бізге түскен мәліметтер бойынша стадионның жарылғыш миналарын іске қосатын пульт Ғабдуррахманның қолында екен. Біз гарнизон басшылығын қолға алып экстремисттерді тұтқындай бастасымен ол стадионды құртып жібереді. Тұтқындалған күнде дәл өзіне еш қайырымдылық болмайтынын шейх жақсы біледі. Сондықтан оның көзін жойғаннан басқа амал қалмады. Ал ол маңына ешкімді жолатпайды. Өзіне әбден берілген, шейх үшін жанын пида етуге дайын жасақтарымен қоршап алған. Сірә бірдеңені сезіп жүр-ау деймін. Содан, әрі ойлап, бері ойлап, осы тапсырманы сізге жүктегеннен басқа ештеңе ойлап таба алмадық.
Асқар. Жоқ, Халел, мен кісі өлтіре алмаймын. Жо-жоқ, атамаңыз! Кісі өлтіру – зор күнә.
Халел. Мен бәрін түсінемін, Асеке. Бірақ, біз өлтірмесек – ол өлтіреді. Өлтіріп жатыр да! Шариғат сотының үкімімен өлім жазасына кесілгендерден басқа, стадионнан күнде бәлен өлік шығарылады. Жақын арада сондағы тұтқындарды босатып алмасақ, жаппай қырыла бастайды. Тұтқындар әбден ашыққан екен, футбол алаңының шөбін тақырлап жеп қойыпты. Олар шөлден де азап шегіп отыр. Міне бүгін олардың сусыз отығандарына тоғызыншы тәулік кетті! Тоғыз тәулік сусыз отыру дегенді түсінетін шығарсыз. (Халел имамнан көзін айырмайды, ал ол шыдай алмай төмен қарайды) Ал біз бүгін басшылығымыздан таңғы беске дейін стадиондағы жарылғыш миналарды істен шығару жөнінде бұйрық алдық. Сағат бесте президент қалаға шабуыл жасауға пәрмен береді. Ал шабуыл басталысымен Ғабдуррахман стадионды жарып күлін көкке ұшырады. Ал онда он мың адам қамауда отыр. Ойланыңыз – он мың адам! Бір адамды өлтіру қалай – он мыңын қырып тастау қалай? Стадионда мыңдаған балалар, кішкентай сәбилер бар. Қателеспесем, сіздің қызыңыз бен ұлыңыз да сонда отыр. Жұбайыңыз жөнінде сөз қозғамай-ақ қояйын. Қалай сіз балаларыңызды ойламайсыз?
Асқар. (басын көтереді, жүзінде қасірет пен қайғы) Олар менің жадымнан ешқашан кетпейді, мен оларды әрбір сәтте ойдан шығара алмаспын.
Халел. Онда қалай қол қусырып отырмақсыз?
Асқар. Мен қол қусырып отырған жоқпын. Күнде сол шейхтен стадиондағы тұтқындарды босат деп өтінемін. Бірақ ол көнбей тұр.
Халел. Дұрыс, ол ешқашан оларды босатпайды. Өйткені стадиондағы тұтқындар шейхтің басты көзірі. Президент автономияны мойындап, шейхтің ұсынып отырған келісім шартына қол қоймағанша стадиондағы тұтқындарға бостандық жоқ. Ал президент ешқашан автономияны мойындамайды. Және де онысы дұрыс. Қазір осы автономияны мойында, ертең тағы біреу дәл осындай бүлік шығарып тағы бірдеңе деп талап қояды. Сонда мемлекетімізді ыдыратып, бөлшекетеп таратып жіберуге бола ма? Жоқ, болмайды! Президенттің автономияны мойындайтын ешқандай хақысы да жоқ. Және де ол кісі бұл бүлікті көпке соза да бере алмайды. Бізге берілген мерзім бітті, бүгін ақырғы түн. Ал біз, шейхты, оның қолындағы пультты істен шығармағанша ешқандай іс-қимыл бастай алмай отырмыз.
Асқар. Мен бәрін түсінемін. Мен... мен соны... өлтірудің де қажеттігін мойындауға дайынмын. Бірақ, мен... өз басым кісі өлтіре алмаймын. Жоқ, бұл іс менің қолымнан келмейді. Менің қолым біреудің өмірін қиуға бармайды. Мүлдем бармайды.
Халел. Барады! Барғызасыз! Егер де сіз мыңдаған адамдардың өміріне төніп тұрған қауіпті ойласаңыз, түсінсеңіз, соларды құтқару үшін сіз кісі өлтіруге барасыз. Былай деп ұғыңыз – сол он мың адамның тағдыры, өмірі бір өзіңіздің қолыңызда тұр.
Асқар. Сонда да мен кісі өлтіре алмаймын. Былай істесек қайтеді – мен қазір Ғабдуррахманға барып тағы да сөйлесейін, стадиондағы адамдарды босат дейін. Мен оны көндіремін, мен оны қалай да көндіруге тиістімін!
Халел. (шыдай алмай столды алақанымен қойып қалады) Имам! Ояныңыз! Есіңізді жиыңыз! Қалай түсінбейсіз – ол ешқашан тұтқындарды босатпайды, өлсе де босатпайды! Өлсе бірге алып кетеді, бірақ босатпайды. Бұл жерде енді сөздің қажеті аз. Енді істің кезегі келді. Сіз сол істі қолға аласыз, сіз оны өлтіресіз! Өлтіресіз де он мың адамды аман алып қаласыз. (қалтасынан тапанша алып шығады) Мінеки, осы тапаншамен сіз шейхті атып тастайсыз!
Асқар. (екі қолын ала қашып) Жо-жоқ! Атамаңыз! Мен өмірі қолыма қару ұстаған емеспін, мен тапаншадан ату білмеймін. Адам түгіл итті де ата алмаймын.
Халел. Бұл шейх иттен де жаман болып тұран жоқ па! (пауза) Ал тапаншадан ату оп-оңай. Бұның оқтары уландырған, сіз әйтеуір шейхтің денесінің бір жеріне тигізсеңіз болды, жеңіл жараның өзі жеткілікті. Және дәл жанында тұрып адамға оқ дарытпау мүмкін емес. (тапаншаның тетіктерін көрсетіп үйрете бастайды) Міне, мына тетікше тапанша өз бетімен атылып кетпеуі үшін былай басылады, яғни, атардың алдына оны былай шегіндіресіз. Содан кейін тапаншаны шейхке көздеп шүріппесін бассаңыз болды оқ атылады. Және саусағыңызды шүріппеден алмасаңыз бұл тапанша оқ жаудыра береді. Түсіндіңіз бе? Мінеки, қолыңызға алып атып көріңіз, қорықпаңыз, қазір мұнда оқ жоқ.
Асқар. (тапаншаны алуға асықпайды) Бұл істі жүктейтін басқа адам табылмағаны ма?
Халел. Табылмады. Табылмайды да! Бұл іс тек сіздің қолыңыздан келеді. Шейх тек сізге кәміл сенеді. Сіздің киіміңізді тексермей, тінітпей оған кіргізеді. Біз оның бәрін анықтадық. Мына тапаншаны ішкі қалтаңызға салып алыңыз. Бұл тапаншаны ешқандай электронды аспап та сезбейді, ит те иісін алмайды.
Асқар. Жақсы, мен шейхты өлтірдім делік, ал сонда оның жанындағы жасақтары сол пультты іске қосып стадионды жарып тастамай ма? Шейхті өлтіргенмен біз мақсатымызға жете аламыз ба?
Халел. Ол үшін қам жемеңіз. Біз мынадай жәйтті анықтадық – пультты іске қосу үшін құпия кодты қолдану керек. Ал кодты шейх өзі ғана біледі екен. Одан басқа тірі жан білмейді. Яғни шейхтен басқа жан жарылғыш миналарды іске қоса алмайды. Сіздің міндетіңіз - тапаншаны шейхке кезеп шүріппесін басу – ар жағын тапанша өзі біледі. (тапаншаға оқтарды салады да, іске қосып, өз бетімен атылып кетпеу үшін тетікшені басып Асқарға ұсынады) Тек, атардың алдында мына тетікшені былай қайтаруды ұмытпаңыз.
Асқар. (тапаншаны қолына алады да сол тетікшені басады) Осылай ма?
Халел. Иә. Енді тапанша оқ атуға дайын. (имамның тапанша ұстап тұрған қолын кілем ілініп тұрған іргеге қарай бұрып) Ал, басыңыз шүріппені.
Асқар. Қалай, дәл осы жерде ме? Үйдің ішінде ме?
Халел. Ата беріңіз, бұл тапаншаның дауысы қатты шықпайды. Оқ бұл қабырғаны тесіп шыға алмайды. Басыңыз, басыңыз шүріпені! Қорқпаңыз. Қаттырақ басыңыз.
Асқар шүріппені басып қалады, тапанша сәл ғана шырт етіп оқ атады.
Асқар. Ойбай! (тапаншаны столға қоя салады)
Халел. Міне, көрдіңіз ғой – оп-оңай. Шейхті атып тастасымен тапаншаны ұстаған бойы қолыңызды қалтаңызға салыңыз да ақырын ғана шейхтің кабинетінен шығып кетіңіз. Сізді ешкім бөгей қоймас. Ал егер біреу-міреу бөгесе – тапаншаны қолданыңыз, ойланбастан қарсы келгенді де атып тастаңыз. Тапсырма орындалысымен біз сізге көмекке келеміз. Әрине, бұл қатерлі іс, сіз оны менсіз де түсінген боларсыз. Бәлен мың отандастарымыздың өміріне қатер төніп тұрғанда біз өзіміздің қауіпсіздігімізді ойлай аламыз ба.
Асқар. Иә, әрине, мен өзімнің қауіпсіздігімді ойлап тұрған жоқпын.
Халел тапаншаны алып қайтадан оқтап, имамға қайтарып береді. Асқар тапаншаны қолына алып, не істерін білмей, қайда қоярын білмей кідіреді.
Халел. Ал енді шейхке телефон шалып қабылдауын сұраңыз. Өте маңызды шаруа жөнінде сөз бар, ертеңге қалдыруға болмайды деңіз. Қалай да болса оңаша қабылдауын талап етіңіз. Ол сіздің сөзіңізді жерге тастамайды, міндетті түрде қабылдайды.
Асқар. (әлі де тапаншаны қайда қоярын білмей әрі-бірі аударыстырып отырып) Иә, мүмкін... мүмкін келісер...
Осы тұста есіктің қоңырауы соғады. Халел есік көзінде тұрған көмекшісіне қарайды, ол есіктегі тесік арқылы сыртқа көз тастап, сосын Халелге белгі береді. Халел аңырап тұрып қалған Асқарға қарайды.
Халел. (сыбырлап) Бүлікшілердің біреуі көрінеді. Ол кім болуы мүмкін?
Асқар. Білмеймін.
Халел. Сіз ешкімді тосып отыған жоқ па едіңіз?
Асқар. Ж-жоқ... егер әйелім мен балаларымды ертіп әкелген болмаса... бірақ оларды кім босатар дейсің.
Халел. Біз ана бөлмеге кіре тұрайық, сіз есікті ашыңыз. (келесі бөлмеге беттей бере, Асқарға қайтып келеді) Асеке, тапаншаны қалтаңызға салып қойсаңыз.
Асқар. Ә! Иә, иә! (тапаншаны қалтасына салып есікті ашады – босағада Иван тұр) Иван?! Сен не ғып жүрсің түнделетіп?
Иван. (ішке кіріп есікті жабады, еңсесі түсіңкі) Ассаламү ғалайкүм...
Асқар. Уағалайкүм ассалам. Не ғып тұрмыз? Жоғарлат. Кел, отыр мына орындыққа. (өзі басқа орындыққа отырып жігіттің бетіне үңіледі) Саған не болған? Ауырып қалғаннан саумысың? Бірдеңе болып қалды ма, Ваня?
Иван. (Асқардың ұсынған орындығына жайғасып) Иә... Асқар аға, мамам қайтыс болды...
Асқар. Қайдағы мамаң? Ә! Не дейсің?
Иван. Иә, Асеке, мамам қайтыс болды. Ол Лариса екеуі қаладан ешқайда кетпепті, стадионда аштан аш отырыпты. Мен оны бүгін ғана білдім, маған олар жөнінде стадионда күзетші болып істейтін танысым айтты. Сосын шейхтен шешем мен қарындасымды үйге алып кетейін деп рұқсат сұрап алып барғам... сөйтсем, стадион нағыз концлагерьге айналыпты. Ондағы мыңдаған адамдардың жағдайын көріп жаным түршігіп кетті. Олар әбден арыған, балалар су сұрап ыңырсиды, жылауға әлі келмейді. Футбол алаңының шөбін тақырлап жеп қойыпты. Жақсы, Асқар аға, олар кәпір болсын. Бірақ, балалардың не жазығы бар? Емшектегі балаларды, кішкентай сәбилерді кәпірлер қатарына жатқызуға бола ма? (имамға қарайды, ол ше үнсіз төмен қараған бойы отыр) Сосын... сосын мен мамам мен Ларисаны тауып алдым. Ал олардың жанында Жамал тәте мен Гүлнәр отыр екен. Берік те сонда. Мен оларды сонда отырар деп ешқашан ойламап едім. Егер оларды кәпір десек, онда... онда түк түсінсем бұйырмасын! (ол имам бірдеңе дей ме деп тоқтайды, бірақ имам сол отырған бойы қозғалмайды) Сосын... мамам ес-түссіз жатыр екен, мен оны көтеріп әкетейін деп едім, ол сол жерде жан тапсырды... сол жерде, менің қолымда кете барды... тұп-тура менің қолымда өтіп кетті... Ал Лариса... ол... ол маманы сен өлтірдің деп бетіме басты. Енді... енді ойлап көрсем, оның сөзі дұрыс екен. Мен... мамамның өліміне мен кінәлімін.
Асқар. Жоқ Ваня, олай деме. Сен кінәлі емессің...
Иван. Иә, менде барлық кінә. Жамал тәте де солай деді, Гүлнәр да... ол ашық айтпаса да жүзі соны білдіріп тұрды. Олардың маған қараған жанарларын көрсеңіз ғой! Мен оларға құбыжықтай көрінген шығармын. Ондай көздердің қарасына шыдау мүмкін емес-ті. Сосын мен кеттім. Ал мамам мен Лариса қалды. Тым құрығанда мамамның мәйітін алып кетейін деп едім, Лариса көнбеді. Жамал тәте: «Шейхке бар, стадиондағы тым құрығанда балалар мен бала емізіп жүрген әйелдерді босат де», - деді. Шейхке барып едім, ол мені қабылдамады. Көмекшілері жібермеді. «Не жөнінде келдің?», - дейді. Бұйымтайымды айтып едім, «Стадиондағылар кәпір, олар үшін сен неге қам жеп жүрсің, сен өзің мұсылман емессің-ау», - деп бас салды. Ал стадиондағылар... олар да адам баласы емес пе? Кешегі арамызда жүрген тамыр достарымыз, кеше ғана мектепте бірге оқыған кластастарымыз емес пе? Және де кішкентай балалар, сәби бөбектер... олардың не жазығы бар? Мен осыны түсінбеймін. (жігіт мұңайып бір күрсініп алады) Және, біздің мақсатымыз осы ма еді? Біз халықтың алғысының орнына қарғысына тап болдық қой! Бәрінен бұрын батып тұрғаны – шешем марқұмның мәйіті әлі сол футбол алаңында жатыр. (біраз уақыт үндемей қалады) Сосын... міне, сізге келдім. Сіз не дей аласыз, аға? Шариғат заңы адам баласын мал құсатып шөп жегізіп, оттатып қой дей ме?!
Асқар. (бір күрсініп алып Иванға қайғылы көзімен қарайды) Эх Ваня, Ваня! Біз алданып қалыппыз. Иә, сен сияқты тәжірибесіз жас жігітке алданып қалу ғажап емес. Бірақ мына мен сияқты, оқыған, білімі толық адам да алданады екен. Енді менің де көзім ашылды. Иә, ислам діні, шариғат заңы адам баласын хайуанға айналдыр, мал қылып жібер демейді. Жоқ, ол керісінше, имандылыққа, адамгершілікке жетелеуге тиісті. Сен дұрыс айтасың – стадиондағылар кәпір емес. Олардың бәрі кәпір емес. Стадионнан тыс жерде де кәпірлер бар. Сенікіндей униформа кигендердің ішінде де, өздерін «Мен мұсылманмын!», - деп кеуделерін соғып жүргендердің ішінде де кәпірлер бар. Ал сол кәпірлер – ең қауіпті кәпір. Олар нағыз шайтанның сапалақтары. Шайтан да кейде имандылықтың киімін киіп жылтырап жүреді, адамдарды адастырады. О-о! Ол лағнет келгірдің білімі де, сұрқиялығы адам баласын есінен адастырып, ең игі ойын, пиғылын, ниетін бұрып жіберіп қатыгездікке, оңбағандыққа, зұлымдыққа апарып соқтырады. Сондықтан сен өзіңді кіналай берме.
Иван. Сонда мен енді не істейін, аға? Стадионға барғым келмейді. Ал бірақ мамамның мәйітін бірдеме қылып алып шығу керек, адам сияқты о дүниеге аттандыру керек. Жалпы, енді біз не істеуіміз керек? Сіз маған бір кеңес бере аласыз ба?
Халел. (бөлмеге кіріп келеді – Иван сасып қалып орнынан атып тұрады) Қорықпа, інішек, мен Асекеңнің досымын.
Иван. Ассаламү ғалайкүм...
Халел. Уағалайкүм ассалам. (екеуі қол алысып амандасады) Отыр Иван, ақылдасу керек. Менің есімім Халел. Мен бүлікшілермен күресу үшін жіберілген арнайы бөлімшенің командирімін. Мен бәрін естідім, сенің қайғыңа ортақтасам, қайырлы қаза болсын. Әрине, қазір сенің есі-дертің шешеңнің мәйіті мен қарындасыңды алып шығуда. Бірақ стадионда отырған қалған жұртты да ойлау керек. Оларды күзетіп отырған жігіттердің ішінде сен сияқты алданып қалған жандар бар шығар. Енді көбінің көзі ашылды ғой. Сол жігіттердің де бастары қатып жүрген болар. Солармен сен арқылы байланыс жасап көрсек деймін. Бірақ асығу керек. Уақыт тығыз. Таңертең біз іс-қимылға көшпекпіз. Бірақ бір мәселе бізді бөгеп тұр. Сен стадионның миналанып тасталғанын білесің бе?
Иван. Мен о жөнінде бүгін ғана естідім. Бағана стадионда болғам. Сонда кезекші күзетші айтты: Жамал тәте... ол Асекеңнің зайыбы, со кісі стадион миналанып тасталған депті. Бірақ оған ешкім сенбейді.
Халел. Сенуге тура келеді, Иван. Миналардың санын ешкім белмейді, ал оларды іске қосатын пульт шейхтың қолында. Сондықтан ол пультты қолға түсірмей, істен шығармай стадиондағыларды құтқара алмаймыз. Әрине, егер біз тұтқындарды шейхке білдірмей стадионнан шығарып алсақ... бұл, бір қарағанда, мүлдем мүмкін емес сияқты. Алайда, біз барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тырысуымыз керек. Стадион күзетушілердің арасында сенімді достарың бар ма?
Иван. Бар ғой.
Халел. Ал, онда, Иван, кетейік. Стадион күзетінің арасындағы мүлдем ақыл-есінен айырылмаған жігіттермен байланыс жасап сондағы тұтқындарды азат етіп көрейік. (Асқарға) Ал, Асеке біз кеттік. Есіңізде болсын –біз сізге ең үлкен үміт артып отырмыз. Аман сау кездескенше.
Асқар. Иә, Алла тағала аман-сау кездесуге жазсын...
Халел көмекшісімен Иванды ертіп кетеді. Асқар олардың кетісімен есікті жауып бекітіп орнына қайтып келеді. Қалтасынан тапаншаны алып шығып жан-жақты зерттеген боп қарайды.
Асқар. (өз-өзімен сөйлеседі) Сонымен мен енді жендет болдым. Мен енді адам өлтіруге тиістімін. Басқа амал жоқ дейді... иә, солай. Ал мүмкін шейх... мүмкін ол сөзге көнер? Не де болса тағы бір рет, ақырғы рет сөйлесіп көру керек. Ал содан кейін... содан кейін көнбесе. Көнбесе... содан кейін көнбесе... көнбесе... сонда... һм... (тапаншаға тағы бір рет көз тастап орнынан тұрып кетеді) Жоқ! Көндіру керек! Қалай да болса көндіру керек. Одан басқа амал жоқ!
Ұялы телефонын алып шейхтің нөмірін тере бастайды. Осы тұста есік қоңырауы тағы да шылдыр етеді. Асқар бір мезет сол жаққа қарап тұрып, содан кейін есікке беттейді. Есіктің құлыпына қолын соза бере қолындағы тапаншаны қалтасына салады. Есік ашып аңырап қарап қалады. Бөлмеге Иван кіріп келеді.
Асқар. Ваня?! Не болып қалды? (есікті жабады) Сен неге қайтып келдің? Халел қайда?
Иван. Асеке, мен бір минутке оралдым. Халел мені төменде тосып тұр. Мен... мен мана сізге келгенім... сізге келгенде...
Асқар. Ваня, саған не болған? Сабыр қыл, жаным. Жүр, орындыққа отырайықшы, сосын баппен әңгімелесейік.
Иван. Жоқ, Асеке, отыратын уақыт жоқ. Мен тек сізге бір өте маңызды жәйтті айтайын деп едім. Ол мәселе ... қысқасы, Гүлнәр...
Асқар. Гүлнәр?! Онымен бірдеңе болды ма? Ол өзі аман ба?!
Иван. Жоқ... Иә, иә, аман! Ол аман-есен. Мәселе онда емес, мәселе менде. Сіз ештеңе білген жоқсыз, ал мен... біз... қысқасы - Гүлнәр екеуміз бір-бірімізді қатты ұнаттық, бір-бірімізге ғашық болдық. Иә, ол енді мені сүймейді... иә... Бірақ мен оны бұрынғыдай... иә... ал ол енді мені жек көреді. Сонда менің кінәм тек нағыз мұсылман боламын дегенімде. Мен сізден Гүлнәрдың қолын сұрайын деп жүргем, ал ол... ол маған Ислам дінін қабылдау керек деді. Сонымен міне...
Асқар. (Иванға бүкіл денесімен бұрылып) Не?! Сен Ислам дінін тек менің қызымды алу үшін ғана қабылдадың ба?! (Иван төмен қарап күрсінеді) Жо-жоқ! Мүмкін емес!
Иван. (басын көтереді) Иә, Асеке, мен бір балалық жасадым. Бірақ сіз ол үшін ашуланбаңыз. Мен бұрыннан дін жөнінде ойланып жүргем. Мен мұсылмандарды ең адал, ең әділ, ең мейірімді жандар деп есептейтінмін. Бала кезімнен сіздің үлгіңіз көз алдымда тұрды емес пе! Бала кезімнен сіздің әулие-әмбиелер, әз пайғамбарлар туралы әңгімелеріңіз, ең соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед саллалаһу ғалейһи уәссалам мен оның сахабаларының өмірі мен істері жөнінде айтқан әңгімелеріңіз жадымда сақталып қалған-ды. Сондықтан, Гүлнәр ислам дінін қабылдау керектігін айтқанда мен бір минут та ойланбастан шешім қабылдадым. Содан бәрі жақсы болушы еді, егер... егер мына шейх кездеспегенде. Ол... ол, білмеймін не қылғанын, әйтеуір со кісімен кездесуім мұң екен, ақыл-есімнен айырылдым да қалдым. Сосын соңына қалай түсіп кеткенімді өзім де білмей қалдым.
Асқар. (бірер уақыт жігітке қарап тұрып, сосын қолын иығына салады) Өзіңді кінәлай берме, Ваня, жалғыз сен емес шейхтің арбауына тап болған.
Иван. Иә, қаншама жігіттер шейхтің соңында кете барды. Бір жағынан сіз соның жанында жүрдіңіз ғой. Сондықтан бізде еш күмән да болған жоқ.
Асқар. (ауыр күрсініп) Иә, оның маған соншама жабысқаны енді түсінікті болды...
Осы жерде есіктің қоңырауы тағы да шылдыр етеді. Имамның қолы құлыпқа созыла бергенде Иван есіктегі тесікке қарайды да оның қолын ұстап қалады.
Иван. (сыбырлап) Тоқтай тұрыңыз. Бұл кім өзі?
Имам да тесікке қарайды, сосын Иванға келесі бөлмеге тығыла тұр деп белгі береді. Иван ол бөлмеге кіріп кеткеннен кейін имам есік ашады. Шейх кіреді. Оның үстінде капюшоны бар үлкен плащ.
Ғабдуррахман. (табалдырықты аттап өтіп тоқтайды да капюшонды артқа қарай сыпырып тастайды) Ассаламү ғалайкүм, Асеке!
Асқар. Уа ғалайкүм ассалам. (шегіншектеп кетіп кідіріп қалады)
Ғабдуррахман. (бөгеліп қалып) Кіруге рұқсат па?
Асқар. Иә... иә, жоғары шығыңыз. (жоғары жаққа қарай қол сілтеп ишарат жасайды)
Ғабдуррахман. (жоғары өтіп, столдың жанында тұрған орындыққа жайғасады, есік құлыпталмай қалады) Кешіріңіз, Асеке, түн жамылып келгенімді. Бірақ, астыртын жағдай... (имамға тесірейіп қарайды да) Асеке, сізге не болған? Жүзіңіз боп-боз ғой.
Асқар. Жо... жоқ, ештеңе емес. Тек... сізді бүгін... дәл осы жерде көрем деп ойламап едім. Алайда мен де сізбен оңаша сөйлесейін деп едім.
Ғабдуррахман. Кешіріңіз, жағдай солай болды. Сізді тек үйіңізде оңаша кездестірмесем... мешітте жаныңызда әрдайым біреулер жүреді. Ал өзіме шақырайын десем... білесіз ғой – менің сарбаздарым мені ешқашан жалғыз қалтырмайды. Міне, сондықтан түнделетіп, жасырын келдім. Мен сізді ұйықтап қалған шығар деп ойладым... бірақ, сіз әлі жатпапсыз.
Асқар. Енді қайдағы ұйқы! Не ұйқы келмейді, не ас жүрмейді...
Ғабдуррахман. Асеке, сіз мені кешіріңіз. Мен сіздің үйдегі жеңгейді, қызыңыз бен ұлыңызды босатсын деп бұйрық бердім. Жаңа, осында келердің алдында стадионға жігіттерді жібердім. Менің оларды тұтқындайтын ойым жоқ еді. Ол кісі өзі, қоярда қоймай кіріпті стадионға. «Мен халықтың, отандастарымның жанына барамын, солардың тағдырымен ортақтас боламын, менің олардан жаным қадірлі емес» депті. Әрине, менің ызамның қайнағаны да бар - өзіңіз білесіз ғой, қандай сөздерді жұрттың көзінше менің бетіме басқанын. Сізді де табалап кетті ғой. Сосын ойладым, бір-екі күн отырып біраз есін жисын деп. Сіз олар үшін уайымдамаңыз – қазір олар азат етіледі. Бірақ үйіңізге қайтып келе ме – келмей ме, оны білмеймін. Мен жігіттеріме жеңгейді апар деген жеріне жеткізіп тастаңдар деп бұйырдым. Тек қана қаланың сыртына шығара алмайды – оққа ұшатын қауіп бар. Қаланы қоршап тұрған әскердің снайперлері қимылдаған, қыбырлаған адамды қағып түсіруі мүмкін. Қалада жеңгейдің туыстары, құрбылары бар ма еді? Баратын жері бар ма?
Асқар. Білмеймін... бар болар... тек сіз оларды шынында да азат етсеңіз.
Ғабдуррахман. Азат етеміз! Ол үшін күмәнданбаңыз. Міне бүгін Иван Новиков та шешесі мен қарындасын стадионнан алып кетуге рұқсат сұраған, мен оған рұқсат бердім. Алайда оның шешесі өліп қалыпты. Ал қарындасы шешесінің мәйітінің жанында қалыпты. Мен ол баланы мәйітпен бірге үйіне жеткізсін дедім, жерлеуге қажет қаражатты партияның қорынан бөліп бердім. Мүмкін осы үйдегі жеңгей солармен бірге болар. Міне, көрдіңіз бе – уайымдайтын ештеңе жоқ.
Асқар. Мен өз отбасым үшін ғана уайымдап отырған жоқпын. Мен бүкіл стадиондағылар үшін, бүкіл қала тұрғындары үшін уайым жеп отырмын. Сіз енді өзіңіз де түсінген боларсыз – сіздің экспериментіңізден ештеңе шықпады. Сондықтан енді қару-жарағыңызды тастағаннан басқа амал қалмады. Иә, сіз сөзсіз сотталасыз... біз бәріміз де сотталамыз. Бірақ, өз еркіңізбен қару-жарақ тастап, қаланы мемлекет қарулы күштеріне тапсырсаңыз, сот сізге кешірім жасайды. Әлбетте жасайды.
Ғабдуррахман. (өңі бұзылып кетеді) Жоқ! Мен ол сотты заңды деп санамаймын. Мен тек Аллаһтың сотын, Аллаһтың заңын мойындаймын. Қару-жарағымызды да тастамаймыз – алдымызға қойған мақсатымызға жетпей тастамаймыз. Біздің мемлекетімізді, біздің қоғамымызды күнәһарлардан, қылмыскерлерден тазартпай тоқтамаймын. Ал мына біздің, сіз айтпақшы, экспериментімізден түк шықпады дегенмен мен келіспеймін. Өзіңіз білесіз – осы қысқа мерзімнің ішінде қаламыз әжептәуір тазарып қалды. Біз қылмыстың барлық түрлерін тыйдық. Мұсылмандар оң мен солын аңғара бастады, намаз оқуды үйренді, адам сияқты киім киуге дағдыланды. Қазір еш қауіпсіз түнгі көшелермен жүруге болады. Қала тұрғындары бір-бірімен сыпайы сөйлеседі, адал сауда-саттық жүріп жатыр, ешкім ешкімді алдамайды, ешкім ешкімді қанамайды, азық-түлік пен басқа тұтынатын тауарлар таза, хәләл. Біз арақ пен есірткіні жойдық, темекі шегушілер мен насыбай ататындардың да саны азайып келеді. Банкілер дұрыс жұмыс істей бастады, олар мұсылмандарға дұрыс қызмет көрсетуде, бұрынғыдай өсім пайызын алып ашықтан-ашық тонау деген жоқ. Шенеуніктер жұмысын адал, әділ атқаруда. Ешкім пара алмайды – пара бермейді. Бұдан басқа не керек?!.. (шейх имамға қарайды, бірақ ол үндемейді) Иә, мүмкін біздің бастамамыздың болашағы жоқ та болар. Бірақ мен кәміл сенемін – қалай да болса, түбінде, егер халық әбден малғұндыққа, азғындыққа батып, құрып кеткісі келмесе, бәрібір, ерте ме, кеш пе, болашақта бір шариғат заңын қабылдайды. Мен... тек сол болашақ қоғамға алғашқы жол салушымын. Менің ізіме түсетіндер болады әлі, болады, иншалла! Олар тіпті менен де асқан мұсылман болады, адамзат әлі түседі Алланың тура жолына, түседі! Иншалла, түседі!
Асқар. Мен шариғат заңының, ислам дінінің болашағы жоқ деп тұрған жоқпын. Иә, адамзат түседі тура жолға, иншалла түседі. Ал бірақ сол жарқын болашаққа сіздің салған қатерлі соқпағыңыз апармайды. Болашаққа ізгілік, рақымдылық, мейірбандық, адамгершілік, шынайы имандылық ғана апара алады. Зұлымдық, қатыгездік тек артқа, кері тартатын жол. Сіздің жаңағы мақтан етіп отырған жетістіктеріңіз шын мәнінде жетістік емес. Өйткені ол жетістіктерге сіз тек қатал жазаның нәтижесінде жеттіңіз. Егер ертең шариғат заңы өз күшін жойса, қоғам бұрынғы арнасына түседі. Өйткені сіз адамдарды өзгерткен жоқсыз, сіз оларды тәрбиелеген жоқсыз, сіз тек оларды оңдап тұрып үрейледіріп алдыңыз. Сіз әлгі жарқын болашаққа адамдарды қамшымен айдап апарғыңыз келеді. Сіз болашаққа бір күнде, бір-ақ секіріп түсемін деп ойлайсыз. Сізден де бұрын сондайлар болған. Тарих сіз сияқтыларың бірсыпырасын біледі. Тек қана сіз сияқтылар тарихты білмейді. Тарихтан сабақ алмайды. Алысқа бармай-ақ қояйық. Жүз жыл бұрын Ленин деген біреу бір күнгі төңкерістің нәтижесінде жер бетінде жұмақ орнатпақшы болған. Халықты қандай «жұмаққа» түсіргенін өзіңіз де білетін шығарсыз.
Ғабдуррахман. Сонымен сіз мені Ленинге теңедіңіз, иә?! Бірақ, ол кәпір емес пе еді! Және де оның қателігі...
Асқар. Оның қателігі – сіздің қателігіңіз! Халықты жұмаққа дүренің астына алып, қамшымен айдап апарып қамауға болмайды. Адам баласы жұмаққа өз еркімен, өзінің имандылығының, тақуалығының нәтижесінде кіре алады. Басқа жол жоқ, басқадай Алла тағала оны жұмаққа кіргізбейді де.
Ғабдуррахман. (сағатына қарап қойып) Асеке, кімнің жұмаққа кіріп, кімнің кірмейтінін бір Аллаһ біледі. Менің сізбен сөз таластыратын уақытым жоқ. Сіздің көз қарасыңыз өзіңізге, менің көз қарасым өзіме. Меніңше, біздің халықты тек таяқтың көмегімен тәртіпке шақыруға болады. Оңдап тұрып сабап алмасаң райынан қайтар емес. Менің оған көзім әбден жетті. Қайткенде мен өз жолымнан таймаймын.
Асқар. Егер менімен сөз таластырғыңыз келмесе, менімен сөйлескіңіз келмесе, мұнда неге келдіңіз?
Ғабдуррахман. Жоқ, Асеке, мен сізбен сөйлескім келеді. Мен сізбен әрдайым сөйлескім келеді. Бірақ қазір уақыт жоқ. Уақыт тығыз. Өйткені бағана, күн батысымен, маған қаланың сыртынан елші келді. Ол президенттің ультиматумын алып келіпті. «Таң атқанша қару-жарақ тастап қаланы тапсырыңыз» депті президент. «Таң атысымен шабуыл жасауға пәрмен беремін» дейді. Міне... сізге келген себеп осы. (Асқарға ультиматумды береді)
Асқар. (оқып шығып) Мен сізді әуелден ескерттім ғой – президент ешқашан автономияға келісім бермейді деп. Ол енді шабуылға бел байлады. Сізге беретін кеңесім – қару-жарақ тастап ақ жалау көтеріңіз. Ең әуелі стадиондағы тұтқындарды босатыңыз.
Ғабдуррахман. Мен сізден кеңес сұрауға келген жоқпын. Мен ешқашан қолыма алған қаруды тастамаймын, ақ жалау көтермеймін.
Асқар. (көтеріңкі дауыспен, тағаты таусыла) Менің кеңесім керек болмаса, онда бұл әңгімені несіне бастадыңыз?!
Ғабдуррахман. (тесірейіп қарап тұрып) Мен сізге бір ұсыныспен келдім. Сіз менің елшім болмақсыз. Сіз президентке менің бір ұсынысымды жеткізесіз.
Асқар. Ол қандай ұсыныс? Ғабдуррахман! Президент енді сізден ешқандай ұсыныс қабылдамайды. Ол ультиматум қойды – сізде енді көп уақыт қалған жоқ. Қазір, бір-екі сағаттан кейін таң атады. Сосын... арғы жағын өзіңіз білесіз. Шабуыл басталысымен қан судай ағады.
Ғабдуррахман. Бір-екі сағат жеткілікті мерзім. Сіз елші болып барып президентпен жолығасыз. Иә, ол автономияға келіспейді... келісе алмайды. Менің оған көзім жетті. Енді мен оған тағы бір ұсыныс жасайын деп отырмын. Біріншіден, біз оның талабына сәйкес қаруымызды тастап қаланы қарулы күштерге тапсырамыз, ал ол мені және менің партиялас жолдастарымды, сарбаздарымды қудаламайды, соттамайды. Екіншіден, бізге өзеннің арғы жағындағы шағын ауданды береді – біз онда жеке үмбет болып, жеке қоғам құрамыз. Иә, иә, біз енді мемлекеттің заңын мойындаймыз. Тек жергілікті билік біздің ішкі өмірімізге кіріспейді. Біз, өзіміздің арамызда, өзіміздің жеке ұйымымызда, өзіміздің қоғамымызда шариғат заңымен өмір сүреміз. Біздің шағын ауданымызда кәпірлер тұрмайды. Біздің балаларымыз медереседе дәріс алады. Біздің қыздарымыз, әйелдеріміз, ер-жігіттеріміз мұсылманша киініп жүреді. Өзіміздің шағын ауданымызда біз өзіміз тәртіп орнатамыз. Бұзықтыққа жол бермейміз. Тұжырымдап айтқанда, біз үлгілі, ислами шағын аудан орнатамыз. Сонсоң кімнің заңы жақсы, кімнің заңы дұрыс, ал кімнің заңы бұрыс екеніне халықтың көзі жетеді. Біз өзіміздің қатарымызға нағыз мұсылман болғысы келгендерді қабылдап отырамыз. Нәтижесінде біздің шағын ауданымыз, бірте-бірте, жылдан жылға өсіп, кеңейіп, болашақ ислами мемлекеттің, одан әрі ұлы халифаттың негізін құрайды.
Асқар. Халифат! Шейх, сіздің айтып отырған халифатыңыз нағыз утопия!
Ғабдуррахман. Жоқ, утопия емес! Ұлы халифат – бүкіл адамзаттың болашағы. Халифат жер жүзінде орнайды, мен оған кәміл сенемін.
Асқар. Ғабдуррахман, сіз әлі ештеңе түсінбепсіз. Халифат жөнінде әңгімені қоя тұрайық. Президент мына ультиматумында ешқандай шартсыз, ешқандай жаңа ұсыныссыз қару-жарақтарыңызды тапсырып ақ жалау көтеруді талап етіп отыр. Ал сіздің тағы бір идеяңыз, мына ислами шағын ауданыңыз – ол нағыз әлдиярдың, монастырдың идеясы. Егер білсеңіз, ислам дінінде бұқара халықтан жекеленген үмбет, әлдияр деген болмаған. Өйткені нағыз мұсылман ешқашан қоғамнан бөлініп оңашаланбаған. Жоқ, керісінше, нағыз мұсылман халықтың, қалың бұқараның арасында, өмірдің ауыртпалығын елмен, халықпен бірге көтеріп, отандастарымен ақырғы тілім нанын бөлісіп жеп өткен. Нағыз мұсылман қоғамның, көштің алды болуға тырысып, салихалы да иманды өмірдің насихатшысы болып қалған жұртқа үлгі болуға тырысқан. Сіз әлі де өзіңіздің тәкаппарлығыңыздан арыла алмай отырсыз. Сіздің ойыңызша нағыз мұсылмандар сіздің үлгілі шағын ауданыңызда оңашаланып, қалған жұртқа, сіздің айтуыңызша «өңкей кәпір мен күнәһарларға» жоғарыдан төмен қарап отырмақшы.
Ғабдуррахман. Жоқ, менің бойымда тәкаппарлық жоқ. Мен тек күнәға, азғындыққа ашық соғыс жарияладым. Мен кәпірлерге жихад жарияладым. Және оларды мен кәпір деп отырған жоқпын, іс жүзінде олар кәпір!
Асқар. Сіз тәкаппарлығыңызды мойындамай отырсыз, алайда сіздің шағын ауданда оңашалануыңыздың түбі неде? Күнәға батқан жұрттың арасында жүріп өзіңіздің «пәк» тәніңізбен «пәк» жаныңызды кірлетіп аламын деп қауіптенгеніңізде емес пе. Сіз өзіңізді тым пәк сезінесіз. Сіз өзіңізді қалған жұрттан жоғары дәрежедемін деп санайсыз. Сіз өзіңізді әулие деп санайсыз. Ал бұл нағыз тәкаппарлық. Иә, біздің кейбір отандастарымыздың күнәға белуарынан батып жүргенін мен де мойындаймын. Ал бірақ оларға жоғарыдан түкіріп, оларды төменгі дәрежеде, төмен сатыда тұрған адамдар деп санап, немесе хайуанға теңеген дұрыс емес. Керісінше, біз өзіміздің күнәларымызды мойындап сол күнәлардан арылуға тырысып, жанымыздағы адамдардан, отандастарымыздан бірдеңеміз артылып бара жатса оларға жоғарыдан төмен түкірмей қол ұшын беріп тура жолға шығуға атсалысуға тиістіміз. Мінеки, менің пікірім осы. Мен сіздің идеяңызды қолдамаймын. Сондықтан ешкімнің алдына ондай ұсыныспен бармаймын.
Ғабдуррахман. (сол тесірейген көздерін имамнан айырмай біраз отырады да серпіліп бойын түзейді) Сонымен маған үзілді-кесілді «жоқ» дедіңіз, иә?
Асқар. Иә. Мен сізден қантөгіске жол бермей бүлікті доғаруыңызды талап етемін. Тоқтаңыз, шейх! Әлі де кеш емес. Істеген ісіңізді мойыныңызбен көтеріп жазаңызды алыңыз. Қазір тоқтасаңыз президент өз тарабынан кешірім жасауға дайын. Мына ультиматум соған кепіл.
Ғабдуррахман. Маған оның кешірімі керек емес. Ал егер қан төгілсе, ол қан менің мойыныма артылмайды – менің қан төккім келіп тұрған жоқ. Ол қан өкіметтің, президенттің мойнына артылады. Өйткені мен емес – ол маған шабуыл жасайын деп тұр. Мен мәселені бейбітті түрде шешуге бір емес, екі ұсыныс жасап отырмын. Ал егер қабылдамаса, қабылдамай-ақ қойсын – біз оңайлықпен берілмейміз. Біз автономиямыз үшін бір қасық қанымыз қалғанша шайқасамыз. Президент тып-типыл болған қаланың орнын сипап қалады. Егер ол соны мақсат тұтып тұрса – бастасын шабуылды. Мен айтқанымнан қайтпаймын. Ең әуелі стадионның күлі көкке ұшады.
Асқар. Сіз оны істемейсіз, Ғабдуррахман! Стадиондағы адамдардың, қаланың бейбіт тұрғындарының еш жазасы жоқ. Егер тіпті өзіңіздің идеяңыз үшін шайқасып қаза болғыңыз келіп тұрса, сарбаздарыңызбен бірге қаладан тыс жерге шығып шайқасыңыз. Мен тіпті президентке, сіздерге қаладан шығуға мұрсат берсін деген ұсыныспен баруға дайынмын.
Ғабдуррахман. Тапқан екенсіз ақымақты! Президенттің әскері бізді ен далада бес минутта қырып тастамай ма! Жоқ! Мен өлсем өзіммен бірге мыңдаған кәпірлерді ала кетемін. Олардың саны неғұрлым азайса, соғұрлым жердің беті тазара түседі. Міне – менің ақырғы сөзім. Егер сіз менің ұсынысыммен президентке барғыңыз келмесе, мен жихадымды осы жерде бастаймын. (қалтасынан ұялы телефон алып бір нөмірді тере бастайды)
Асқар. Не істейін деп тұрсыз? Кімге телефон шалайын деп тұрсыз?
Ғабдуррахман. Ешкімге емес. Мен дәл қазір стадионды жарайын деп тұрмын. Мен бір нөмірге телефон шалсам болды, жүздеген миналар іске қосылып, стадион бүкіл тұтқындарымен көкке ұшады. (кнопкаларды пипылдатып нөмірді тере береді)
Иван. (қолында атуға даяр тапаншамен бөлмеден шығып қаруын шейхке кезейді) Шейх! Сіз оны істей алмайсыз! Телефоныңызды столдың үстіне қойыңыз да кейін шегініңіз. Әйтпесе мен атамын.
Ғабдуррахман. (орнынан тұра бере) Әй, мұның кім өзі! Мұсылман! Қалай ғана өзіңнің шейхіңе қару көтеруге датың барды, а?!
Иван. (Асқар да орнынан тұрып, біресе Иванға, біресе Ғабдуррахманға қарап тұрады) Ал егер ол шейх жынданып кетсе ше? Егер ол қанпезер жыртқыштай адамдарды жалмап жатса ше? Сонда не істеуім керек?! Енді былшылды доғарыңыз! Телефоныңызды столға қойып кері шегініңіз! (жақындай түседі)
Ғабдуррахман. (екінші қолымен тапаншасын суырып алып) Жоқ! Ғабдуррахман шейх ешқашан кері шегінбейді! Сен, боқмұрын, оны білуге тиістісің! (тапаншаның тетікшесін басып қалып Иванға кезейді) Бала! Таста қаруыңды! Білесің ғой – мен атқанда мүлт жібермеймін.
Иван. Ақырғы рет ескертемін: қойыңыз телефонды столға!
Екі оқ қатар атылады, Иван шалқасынан түседі де, ал оның оғы шейхке дарымайды. Шейх түк болмағандай тапаншасының тетікшесін басып жерде қимылсыз жатқан Иванға қарайды. Асқар Иванның жанына тізерлей отыра кетіп құлағын оның көкірегіне тосады, сосын аяғына тұрады.
Асқар. (көздерімен шейхті ішіп-жеп барады) Қанішер! Бұл жазықсыз жанның не кінәсі болды? Бұны не үшін өлтірдің?
Ғабдуррахман. Бұл «жазықсыз жанның» орнында мен де жатушы едім. Әрине, егер Аллаһ солай жазған күнде. Бұл кісі өлтіру емес – бұл әділ жекпе-жек. Бұл жігіт қаруын бірінші көтерді, бірінші болып атты, содан міне, жазасын алды. Әлін білмеген әлек! (қайтадан ұялы телефонның кнопкаларын басып керекті нөмірді теріп болып имамға қарайды) Міне, керекті нөмір терілді, енді тек дозвон кнопкасын басып қалсам, стадион бір үлкен қоқыс үйіндісіне айналады. Сонымен, имам, сіз менің ұсынысымды қабылдайсыз ба, әлде қабылдамайсыз ба?
Асқар. (қалтасынан Халел берген тапаншаны алып шығып шейхке кезейді) Телефонды столға қойыңыз, шейх! Қойыңыз да, қолдарыңызды көтеріп кері шегініңіз.
Ғабдуррахман. О-һо! Асеке, мұныңыз не? Дәл сізді қолыңызға қару алады деп ешқашан ойламап едім.
Асқар. Алуға тура келді. Сіз маған басқа амал қалтырмадыңыз. Мен сізді теріс жолдан тайдырамын деп бақтым. Аллаһ куә - сіз сөзге көнбедіңіз. Енді қарудың күшімен көндіргеннен басқа амал қалмады. Өйткені мен сол мыңдаған адамдарды, бейкүнә балаларды өлтіргізіп қоя алмаймын. Сөзбен тоқтата алмасам, қарудың күшімен тоқтатамын.
Ғабдуррахман. (күледі) Қызық екен! Бірдей бір қаланың имамы, кеше ғана мешіттің мінберінен имандылыққа, ізгілікке, рақым мен мейірбандыққа шақырып жалынды уағыз айтқан адам енді өзінің мұсылман бауырына қол көтеріп, оны өлтіріп тастауға дайын тұр. Қойыңыз, Асеке, сізге бұл іс жараспайды. Сіз өзіңізді айнадан көрсеңіз... (тағы да күледі) жоқ, сіз ата алмайсыз. Сіз адамды өлтіре алмайсыз. Адам өлтіру оңай шаруа емес.
Асқар. Иә, мен ешкімді өлтіргім келмейді. Бірақ, он мың... барлық қаланың тұрғындарын санағанда алпыс мың адамның өмірін сақтап қалу үшін мен сол күнәні мойыныма артып алуға бармын. Ал, қойыңыз телефонды столға. Қолыңызды көтеріңіз де шегініп кетіңіз. (Ғабдуррахманның қозғала қоймағанын көріп) Ғабдуррахман, мен сізді шынында да атып тастаймын!
Ғабдуррахман. Ата алмайсыз! (тапаншасын көтеріп Асқарға кезейді) Ал мен сізді оп-оңай атып тастаймын. Есіңізде болсын – мен ешқашан мүлт жібермеймін. Егер тапаншаңызды шошаңдатуыңызды қоймасаңыз мен стадионды жарып тастаймын! (телефон ұстап тұрған қолын жоғары көтереді)
Асқар. Ғабдуррахман! Тоқтат! Тоқтат деймін! А-а! (тапаншаның шүріппесін басады, тапанша екі-үш оқ атып жібереді. Бір оқ Ғабдуррахманның телефон ұстап тұрған қолына тиіп ол телефонды еденге түсіріп алады; іле Асқардың ұстап тұрған тапаншасы да тарс етіп еденге құлап түседі)
Ғабдуррахман. (таңқалған кейіппен) Ә?! Сіз... сіз шынымен маған оқ аттыңыз ба?! (құлай жаздап, үстелге сүйенеді, еденде жатқан телефонына қарайды, ол тым алыс жатыр, оны алмақшы болып бір қадам жасайды, бірақ басы айналып, теңселіп біраз тұрады да, телефонға жете алмайтынына көзі жетісімен бойын түзеп тапаншасын имамға кезейді) Мына оқ... маған тиген оқ жәй емес... бұл уландырылған оқ. Бұл оқты... бұл тапаншаны сізге кім берді? Ә... түсінікті. Олар... әлгі полковник Ысмайыловты өлтіргендер... иә, дәл солар. Полковник те тап осындай жеңіл жарақат алып жан тапсырған. Сонда оның ағзасынан күшті у табылды. Сонымен, мен қазір жан... жан тапсырамын. Сіз... имам Асқар, сіз сонда жендет болғаныңыз ба? (имам үндемейді) Иә, иә! Білемін не айтпағыңызды... «Сен де жендетсің» дейсіз ғой. Бірақ мен Алла тағаланың жендетімін... ал сіз ше? Сіз... сіз шайтанның жендетісіз. Иә, дәл солай... Ал онда... онда ренжімеңіз, Асеке. Онда мен жәй кете алмаймын. (жерде жатқан телефонға қарайды) Әттең! Әлгі кәпірлерді бірге ала кете алмадым. Сіз дегеніңізге жеттіңіз. Сондықтан сізге кешірім жоқ. Ал, қош... Асеке... мүмкін кездесерміз... қиямет күні... сонда... сонда... Аллаһ тағала... егер ол... ол... бізді сонда кездестірсе...
Тапанша гүрс етіп оқ атып шейхың қолынан еденге құлап түседі. Асқар шалқасынан түседі; Ғабдуррахман бір-екі секунд теңселіп тұрады да, ол да сылқ етіп құлап түседі. Біраз уақыт тыныштық орнайды. Ашық қалған есіктен Халел кіреді, оның қолында атуға дайын тапанша. Оның соңында көмекшісі.
Халел. (сұлап жатқан шейхті көріп) Шейх Ғабдуррахман?! (көмекшісіне) Көрдің бе, біздің жанымыздан сып беріп өте шыққан адамның кім екенін? (столды айнала беріп Асқар мен Иванның мәйіттерін көріп тізерлей кетіп тамырларын басып олардың өтіп кеткеніне көзі жетіп алақандарымен бетін сипайды да орнынан тұрады) Аллаһү акбар! Қайтып кетіпті. Өкінішке орай біз шейхті танымай қалдық.
Көмекшісі. (жерде жатқан шейхтің ұялы телефонын көріп оны алайын деп еңкейе беріп) Мынау не? Шейхтің соткасы ма?
Халел. (қатал үнмен) Тиме! Еш нәрсеге тиме. (көмекшісін ығыстыра телефонды зор абайлықпен, екі саусағымен алып столға қояды) Мен білсем, әлгі жарылғыш миналарды іске қосатын пульт осы телефон. (көзімен бөлмені шалып өтіп) Иә, бұл жерде болған оқиғаның астары енді түсінікті. (телефонды бұзып батареясын алып тастайды) Шейх стадионды жармақшы болған тәрізді, ал мына жігіт оған қарсы шыққан. Алайда шейх оқ атқанда мүлт жібермейді, ал мына жігіттің тәжірибесі жоқ. Ал имам… ол кісі де шейхті тоқтатпақшы болған, ол оны тоқтатты да… алайда, өзі де оққа ұшты. Жарайды, болған іс болды. Енді уақыт тығыз… (ұялы телефонын алып шығып орталықпен байланыс жасайды) Орталық! Орталық! Байланыста – «Ақ сұңкар». Стадиондағы жарылғыш миналарды іске қосатын пульт біздің қолымызға түсті де істен шығарылды. Шейх Ғабдуррахман мерт болды. Жоқ, біз емес, - оны имам Асқар атып тастады. Жоқ, ол кісі де қаза тапты. Имам Асқар ерен ерлік көрсетті, мыңдаған адамдардың өмірі үшін өзінің өмірін пида етті. Иә, иә! Біз енді қаланы азат етуге арналған жоспарымыздың екінші тарауына кірісеміз. Қалаға шабуылды бастамай тұра тұруды өтінемін. Иә! Құп болады! (телефонын сөндіріп, көмешісіне) Ал, мен кеттім! Сен қазір мешітке тарт! Намазхандар таң намазына жиналып жатқан болар. Оларға имамның қазасын естірт, ақсақалдар келіп мәйіттерді оң жаққа жатқызсын. Содан кейін гарнизонға кел, мен біздің офицерлер мен сержанттарды көтере берейін.
Көмекшісі басын изейді де екеуі кетеді. Біраз уақыттан кейін бөлмеге Жамал, Гүлнәр, Берік және Лариса енеді.
Гүлнәр. (сұлап жатқан Ғабдуррахманды көріп, столдың арғы жағында жатқан Асқар мен Иванды көрмейді) Ой! Мынау кім-ей?!
Жамал. О Алла! Бұл шейх Ғабдуррахман ғой! Бұған не болған? Мынау не ағып жатқан оның астынан? Ойбай! Мынау қан ғой!
Гүлнәр. (Ғабдуррахманды айналып өтіп Асқар мен Иванға көзі түседі де шыңғырып жібереді) Папа! Ваня! (не істерін білмей екі мәйітке кезекпен қарап тұрып қалады)
Жамал. Гүлнәр! Не болды? Асқар... (столды айналып өтіп Асқардың өлігінің жанына тізерлей отыра кетеді де күйеуінің басын қолына алып көз жасын ағытады)
Лариса. (жүгіріп барып ағасының мәйітінің жанына отыра кетіп ол да егіледі) Аға! Ағатай! Енді сенен де айырылдым ба?! Кешір! Манағы сөздерім үшін кеш мені... а-а...
Жамал. Е-ей! Асыл ерім ай! Асқарым ай! Өз қолыңмен жіберген қателігіңді өз қолыңмен түзеген екенсің ғой. Өз күнәңді өз қаныңмен жуған екенсің ғой. Иә Алла! Кеш мені! Кешегі сөзімді қайтып алдым. Қайтып алдым. (егіліп жылайды)
Гүлнәр әкесі мен жігітінің ортасына отыра кетеді, оның екі қолы екеуінің үстінде, ол да егіліп отыр. Берік шешесінің жанында отыр, Жамал оны бір қолымен құшақтап алған.
Жамал. (басын көтеріп залдағы көрермендерге) Адамдар! Отандастар! Мұсылмандар! Сақ болыңдар! Осындай жалған шейхтердің азғыруына еріп кетіп, бейбіт тұрмыстарыңнан айырылып қалмаңдар! Өзара жарастықты арттырып, бір-біріңді: «мұсылман - кәпір» демей, «ақ – қызыл, бай - кедей» демей, «жоғарғы нәсіл, арийец - төменгі нәсіл, құл» демей, «орыс – қазақ» демей, қоғамды жіктеп – жарып, біреулеріңді екіншілеріңе айдап салуға жол бермеңдер! Сақ болыңдар! Бейбітшілікті сақтаңдар...
Жамал күйеуінің мәйітіне басын қойып егіледі. Осы кезде мешіттен азан шақырыла бастайды. Муәззиннің дауысы біртіндеп әуендеп, шарықтап кетеді. Сол әуенмен шымылдық жабылады.
Соңы.