Адам қарады: 40 | Жарияланды: 2018-05-15 04:27:52

Компьютер ойыны

Кейіпкерлер:

 

Арлан – виртуалды нақтылықтағы компьютерлік ойынды құрастырып шығарған 11-ші сынып оқушысы.

Жапар – Арланның әкесі.

Самал – Арланның өгей шешесі.

Жанат – Арланның қарындасы.

Қанат – Арланның інісі.

Шопан – Арланның сыныптасы, футболдық фанат-жанкүйер.

Диқан – Арланның сыныптасы, мотосайыскер.

Айша – Арланның сыныптасы, суретші.

Мариям апай – мұғалима.

Компьютер ойынының кейіпкерлері.

 

 

                                   Бірінші көрініс

 

      Арланның бөлмесі. Арғы жақ бетте екі есік. Бірі Жанаттың бөлмесіне кіретін, ал екіншісі ауыз үйге шығатын есік. Сол жақ қабырғада айқарыла ашылып тұрған терезе.  Арқасын терезеге тіреп диван тұр. Оның жанында сабақ дайындайтын шағын үстөл бар, оның үстінде айна тұр, және бірнеше оқулықтар мен дәптерлер жатыр. Үстөлдің бергі бетінде орындық бар. Оң жақ қабырғада істеп тұрған компьютердің алдында Арлан отыр.

 

Арлан. (желкесін қасып) Кілт... кілт... қалай тапсам екен бұл ойынның кілтін? (клавиатураны басып мониторға қарап басын шайқайды) Жоқ! Дұрыс емес!

Самал. (ауыз үйден кіріп келіп) Иә! Сен не? Күні бойы осы орныңнан тұрмағансың ба?

Арлан. (көздерін монитордан айырмай) Тұрдым.

Самал. Сен өзі кісімен сөйлескенде көзіңді компьютерден айырсаңшы! (пауза) Арлан! Мен кіммен сөйлесіп тұрмын!

Арлан. (еріксіз бұрылып) Біреумен сөйлесу үшін оған міндетті түрде қарау керек пе? Менің жауабымды естідіңіз ғой.

Самал. Сен олай ақылсыма! Қарап тұрсам тілің шығып қалыпты. Сөндір компьютерді! Бол! Қанатты көшеге апарып қыдыртып әкел. Менің қолым тимей тұр.

Арлан. Ол өз бетімен қыдыратын жасқа келген жоқ па. Қашанға қолынан жетелеп жүреміз?

Самал. Мынаны қарай гөр! Әй! Көшеде зуылдап жатқан машина. Біреуінің астына түсіп өлсін деймісің? Жедел орныңнан тұр!

Арлан. Маған мектепке кету керек.

Самал. Түскен екен мектеп ойыңа! Құдай біледі – мен кірмесем сен со бойы орныңнан қозғалмас едің. Мектепте не бар?

Арлан. (жүзін мониторға бұрып әкетіп) Мәриәм апай кел деген.

Самал. Неменеге?

Арлан. Білмеймін. Кел деді... әйтеуір...

Самал. Өтірік айтасың. Арлан! Мен қазір мектепке телефон шаламын. Осыдан өтірігің шықсын – өз обалың өзіңе, әкеңе айтамын.

Арлан. Жарайды, қыдыртып келейін Қанатты… (еріксіз компьютерді сөндіріп, орнынан тұрып есікке қарай беттейді). Мектепке баруға әлі ертерек... уақыт бар.

Самал. Осыны менімен керіспей істей салуға болмаушы ма еді?! Бірдеңе айтсам әрдайым бір сылтау табасың. Компьютерді алғанымыз бір пәле  болды! Айтпады деме – мына түріңмен көзіңнен айырыласың. Күні-түні қозғалмастан ойнайсың.

Арлан. Мен компьютермен ойнап жүрген жоқпын.

Самал. Е! Ойнамағанда не істейсің?

Арлан. (ауыз ұйге шығып бара жатып) Компьютер ойын ойнайтын автомат емес.

Самал. (соңынан кетіп бара жатып) Бірақ сен бұны оқуың үшін пайдаланып жүрген жоқсың. Мені ештеңе білмейді деп ойлама... (шығып кетеді)

 

      Өзінің бөлмесінен Жанат шығып компьютерді іске қосады.

 

Жанат. Осы Арлан қандай ойын ойнап жүр, ә? (ана-мына ойындарды қосып) Карта ойнап жүр ме?.. (пауза) Жоқ, ойнамаған сияқты. (тағы бір-екі ойынды ашып-жауып) Жоқ, бұлармен де ойнамапты. Онда не істейді күнімен? Мүмкін мына папка шығар? Мынаны қара – ашылмайды! Құлыптап қойыпты. Бұл сонда не құпия папка? Жарайды, сосын білермін. Одан да ол жоқта косынка ойнап алайын. (картамен ойнайтын ойынды ашып алады)

Самал. (қайтып келіп) Сен де ойынға кіріскенбісің? (мониторға көз тастап) Әй! Осы бастан карта ойнайсың ба?

Жанат. Арлан ойнағанда маған ойнауға болмай ма?!

Самал. Ойна! Бірақ басқа да ойын бар ғой. Шахмат ойнасаң қайтер еді?

Жанат. Сонда не - шахмат ойнауға болады да, карта ойнауға болмай ма?

Самал. Шахмат ақылыңды толтырады.

Жанат. Карта да ақыл толтырады.

Самал. Карта ақыл толтырмайды, ол адамды аздырады! Ол қызбаушылыққа апарып соғады. Сабағыңды оқыдың ба?

Жанат. Бізге сабақ берген жоқ.

Самал. Неге?

Жанат. Білмеймін.

Самал. Ал мен қазір мұғаліміңе телефон шалып, неге сабақ бермейтінін сұрасам не дейсің?

Жанат. А! Есіме жаңа түсті! Бір есеп шығару керек еді. Бағана, мектептен келісімен шығарып көріп едім, шығара алмадым.

Самал. Шығара алмадым деп со бойы қоя салу керек пе? Үлкендерге неге айтпайсың? Неге көмек сұрамайсың?

Жанат. Сұрадым.

Самал. Кімнен?

Жанат. Ағамнан.

Самал. Ол не деді?

Жанат. Не деуші еді? – қолым тимейді деді. Мамаң келгесін соған шығарғыз деді.

 

      Қанатты ертіп Арлан қайтып келеді.

 

Арлан. Міне, қыдыртып әкелдім.

Қанат. (жыламсырап) Ма-ма! Мен аулада ойнағым келеді.

Самал. (Арланға) Сол-ақ па? Шыққандарыңа бес минут те болған жоқ қой!

Арлан. Өзі «үйге барам, үйге барам!» деп қыңқылдады.

Қанат. Өтірік айтады! Мен олай деген жоқпын! (Арлан оның желкесінен мытып қалады)

Самал. Арлан! Сен неге өтірік айтасың, ә?

Арлан. Айтқан жоқпын! (Жанатты тұрғызып жіберіп, компьютердің алдына отырады) Қанат өзі өтірік айтып тұр. Ол менімен қыдырғысы келмейді, біреу жанында жүргенде ойнағысы келмейді. Өзі дара басымен жүргенді қалайды.

Самал. Әрине! Сен оны ұрған шығарсың.

Арлан. Ұрған жоқпын.

Самал. (компьютердің сымын розеткадан жұлып алып) Мен саған сенбеймін! Жанаттың есебін шығаруға неге көмектеспедің?

Арлан. Тәте! Компьютерді бұлай сөндіруге болмайды ғой! Істен шығады. (Жанатқа бұрылып) Қайдағы есепті айтып тұрсың?

Жанат. Қайдағы болушы еді?! Үйге берілген есеп те! Бағана, «шығара алмай тұрмын, көмектесіп жіберші» дегенімде, «қолым тимейді, мамаңа шығарт» дегеніңді ұмыттың ба?

Арлан. Жанат! Қандай өтірікшісің, ә! Сен маған жақындап келдің бе? Өзі бүгін екеуміз сөйлестік пе? (Самалға) Жанат мектептен келісімен бөлмесіне кіріп кетті де, содан бері көріп тұрғаным осы.

Самал. Мен саған сенбеймін, Арлан! Айтатының өтірік. Әбден жалқауланып алдың. Түк істегің келмейді. Өзің сабағыңды оқыдың ба? Мен осы сенің оқулық ашып, дәптерге бірдеңе жазып отырғаныңды көрген емеспін.

 

      Жапар кіріп келеді.

 

Қанат. (әкесіне жармасады, Жапар оны көтеріп алып бетінен сүйеді) Папа! Мен аулада ойнағым келіп тұр.

Жанат. (әкесі мен шешесі бірігіп, Арлан екеуінің оқуын қолға алатынын сезіп, одан құтылу мақсатпен) Жүр, мен ойнатайын сені. (Жапар баланы Жанатқа ертіп жібереді)

Жапар. (диванға жайғасып) Бұл не айғай? Не болды? Арлан сабақ оқымайды деймісің?

Самал. Міне, Жапар, енді саған айтпасқа болмады. Мына балаң сабақ оқымайды! Және түк істемейді. Мектептен келісімен компьютермен бір бітпейтін ойындарын бастайды да, күні бойы содан бас көтермейді. Бұл бала көздерінен айырылады. Айтпады деме.

Жапар. Жә, Самал, қойшы! Сен де ақырзаманды төндіріп қоясың. (Арланға) Ал бірақ, Арлан, компьютердің алдында күні бойы отыруға болмайды. Ол не ойын сонша ұзақ ойнайтын?

Арлан. (әр сөзін бөліп-бөліп) Мен... компьютермен... ойын... ойнамаймын! Бала болып кетті деймісіз?!

Жапар. Сонда не істейсің?

Арлан. Мен?.. мен... мен сурет саламын, ана... не... реферат жазамын...

Самал. Өтірік айтасың! Көрсетші сол рефераттарыңның бірін.

Арлан. Мен оларды принтермен басысымен өшіріп тастаймын. Оларды сақтап не керек?

Самал. Ал суреттеріңді ше? Оларды да өшіріп тастайсың ба?

Арлан. Иә.

Самал. Неге? Адам суретті не үшін салады? Қай суретші бейнеттеніп салған суретін өшіріп тастайды?

Арлан. Ұнамаса өшіріп тастайды. Жағып жіберетіндері де болған. Ол жөнінде тарихтан қаншама мысал келтіруге болады.

Самал. (күйеуіне) Мына балаңның айтатыны өтірік. Сабағын оқымайды, үйде ештеңе істемейді, жаңа Қанатты қыдыртып әкел деп жібергем, бес минут өтпей қайтып келді. Есіктен шығысымен ұрды ма, қорқытты ма, қайдан білейін, не істегенін, әйтеуір, «үйге қайтамын, қыдырмаймын деді» деп алып келді. Жанат «есебімді шығара алмадым, көмектесші» деген екен, «қолым тимейді» депті. Енді «ондай сөз болған жоқ, Жанатты мүлдем көрген жоқпын» деп бой бермей тұр. Мына балаңа бірдеңе істе, немесе мен компьютерді сатып жіберем.

Жапар. Неге сатасың? «Балалардың оқуына керек» деп өзің алған жоқсың ба.

Самал. Арлан бұл компьютерді оқуына пайдаланайын деп тұр ма? Мектептен келісімен жаулап алады да, сосын түннің ортасына дейін ойын ойнайды... (сыртқы есіктегі қоңырау шылдырлағанын естіп шығып кетеді)

Жапар. (компьютерлік үстөлды шұқылап тұрған баласына) Арлан, отыршы, саспай әңгімелесейік. Осы сен не ойлап жүрсің? Биыл, Алла қаласа, мектеп бітіресің. Алдыңа қойған мақсатың бар ма? Не оқитын кітабың жоқ, не еш нәрсемен айналыспайсың. Оп-оңды қазақша күреске барып жүріп сайыстарда жүлделер ала бастап едің, оны да тастап кеттің. Кеше бапкерің көшеде кездесіп қалып: «Арланның күреске ебі бар, ол неге жаттығуға келмей қойды?» дегенде не айтарымды білмедім. Әне, өзіңдей Диқан, мотоспортпен айналысып жүр. Оның әкесі: «Диқан бес минутсыз чемпион, өткен жолғы сайыста күміс жүлдеге ие болды» деп мақтанады. Ал ана Шопан ше? Ол да спорт десе ішер асын жерге қояды. Стадиондағы футболды көрмей жібермейді. «Біздің Шопан қазақстандық түгіл, бүкіл әлемнің клубтарының аты мен футболшыларының есімдерін біледі» - деп мақтанады оның көкесі.

Арлан. Папа, мен балуан болғым келмейді. Өзіңді қинап, басқаларды қинап, қара терге түсіп, өзің мен қарсыласыңның денесін көгала қойдай қылып ауыртып алған жүлдесі құрысын. Диқан құсап мотосайыскер де болғым келмейді. Жынды кісіше мотоциклмен айдатып, өміріне қауіп төндіріп, чемпион атанған да мақтаныш болып па? Ал Шопандікі не? «Ана команда жеңді, мына команда жеңілді» деп дүрлігеді де жүреді. Сол командалармен бірге келген жанкүйерлермен қырылысып елдің мазасын алып жүр. Солай спортпен айналыса ма? Ал мен ешкімге тиіспеймін, тыныш қана үйде отырамын, сонда да сіздерге жақпаймын...

Жапар. Сабағыңды неге оқымайсың?

Арлан. Оқимын...

 

      Бөлмеге Мәриәм апайды ертіп Самал қайтып келеді. Арлан қипақтап қалады.

 

Арлан. Ал, жарайды, мен кеттім...

Жапар. Тоқта! Мұғалимаң келгенде кетем дегенің не? (орнынан тұрып мейманға қарсы жүреді) Сәлеметсіз бе Мәриәм апай. Жоғарлатыңыз. (диванға отырғызады) Иә, мал-жан аман ба?

Мәриәм. Шүкір, аман.

Самал. (бөлмеден шығуға ыңғай білдіріп) Мен шай қояйын...

Мәриәм. Рахмет, мен асығыспын. Жолда болғасын кіріп шығайын дедім. Көптен бері сіздерге жолығуға қолым тимей жүрген.

Жапар. Ал, құлағым сізде. Не, - Арлан бірдеңе бүлдірді ме?

Мәриәм. Жоқ, ештеңе бүлдірген жоқ. Алайда... қалай деп айтсам екен... биыл Арланға бірдеңе болды. Бұрын сабағын да оқитын, үлгерісі де жақсы-дың. Оқуы үздік болмаса да, талпынысы жаман емес-тің. Ал енді биыл... биыл не болғанын мен түсіне алмадым. Өзімен қанша оңаша сөйлесіп бұл өзгерістің себебін анықтап алайын деп едім, ештеңе шықпады. Үндемейді. Міне, енді өздеріңізге келдім. Мүмкін, үй жағдайында бір өзгеріс болды ма, әлде не...

Самал. Бұл өзгерістің себебін мен сізге айтайын. Балалардың оқуына жақсы ықпал етер деп биыл мына компьютерді алғанбыз. Міне, енді Арлан күні-түні осының жанынан кетпей қойды. Үй жұмысы да қалды, сабақ та қалды... күресі де жайымен қалды. Биыл бұның қолынан оқулық көрсем, не дәптерге бірдеңе жазып отырғанын көрсем, көзім шықсын. Қашан келсем де шұқшиып отырғаны осы компьютердің алдында. Бүгін де міне, сіздің алдыңызда ғана сөз қылып отырғанбыз.

Мәриәм. Компьютермен айналысқаны жаман емес. Бірақ оқуды ұмытуға бола ма?

Самал. Мен де соны айтамын! Жалғыз оқуды емес, бұл бүкілін ұмытты. Үйде ештеңе істемейді. Әйтеуір туған шешесі болмағансоң мен көбіне үндемеймін де. Алайда, добалдай бозбаланы күні бойы шалжитып отырғызып қоюға бола ма?! «Өгей шешенің балада жұмысы болмасын» деген заң жоқ шығар. Ал Арлан солай деп ойлайды. Сондықтан да менің сөзім бұл үшін тек бір мағынасы жоқ дыбыс. Сондықтан да ол менің бір де бір тапсырмамды орындамайды. Тек бір бітпейтін компьютерлік ойындарды ойнайды да отырады...

Жапар. Тоқтай тұршы, Самал! (Арланға бұрылып) Бұл не ойындар сонша бітпейтін, Арлан?

Арлан. Мен ойын ойнап жүрген жоқпын. Жаңа айтқан жоқпын ба!

Самал. (сөреден екі қолымен ойындардың компакт-дискілерін алып Арланның алдына, компьютерлік үстөлдың үстіне тастай салып) Ойын ойнамасаң мыналарды не үшін сатып алдың? Мектептің буфетінен тамақтансын деп берген ақшаның бәрін осы ойындарға салған жоқсың ба? (мұғалимаға қарап) Аштан бұралып жүріп мына ойындарды сатып алған. Мен оны да анықтадым.

Мәриәм. Арлан, сен кішкентай бала емессің. Биыл ақырғы оқу жылың. Ересек адам сияқты сөйлесейікші. Ойын ойнамасаң осынша ойын дискілері не керек?

 

      Бәрі Арланға қарайды. Арлан төмен қарап үндемейді.

 

Жапар. Неге үндемейсің, Арлан? Шынында да – егер ойнамасаң неге аштан аш жүріп ойын сатып аласың?

Арлан. (басын көтерместен) Мен аштан аш жүрген жоқпын.

Самал. Сен мені өтірікші қылғың келеді, иә! Мен Жанаттан күнде сұраймын: «Арлан буфеттен тамақтанады ма?» деп. Ол: «Жоқ, тамақтанбайды» дейді.

Арлан. Иә, мен буфетте тамақтанбаймын. Бірақ аш жүрген жоқпын. Менің тамақ ішкім келмейді.

Самал. Онда несіне «буфетке» деп ақша аласың? Анығын неге айтпайсың, «компьютерлік ойын сатып алуға» деп? Енді міне шығып тұрған жоқ па өтірігің! Соған қарамастан, «өтірік айтпаймын» деп даурығасың. (Мәриәм апай мен Жапарға) Міне, айдан анық – бұл бала біздің басымызды қатырып тұр. Аш жүрсе де ойын сатып алады да, сосын безеріп «ойын ойнамаймын» дейді. Мен бұл баламен сөйлесе алмаймын!

Мәриәм. Арлан! Мүмкін біз бірдеңе түсінбейтін шығармыз. Онда түсіндіріп берші – компьютермен ойын ойнамайтын адамға сол ойындарды сатып алу қажет пе?

Арлан. (сол төмен қараған бойы) Мен бұл ойындарды ойнау үшін сатып алған жоқпын.

 

    «Міне, сөйлесіп көріңдер!» дегендей, Самал қолдарымен сандарын салып қалады.

 

Жапар. Онда не үшін? (Арлан үндемейді) Арлан! Неге үндемейсің? Айтсаңшы енді, не үшін сатып алағансың бұл ойындарды? Сән үшін бе? Келген достарыңның алдында мақтану үшін бе? Және, егер ойын ойнамасаң, компьютердің алдында күні бойы не істеп отырасың? Күні-түні реферат жазады дегенге мен сенбеймін. Кәне, осы сұрақтарға жауап берші. (Арлан үндемейді)

Мәриәм. (пауза тым ұзарып кеткенін сезіп) Жақсы, айтқың келмесе, айтпай-ақ қой. Компьютермен ойын ойна – ойнама, бірақ оқуды да ойлау керек. Бүкіл мұғалімдер айтады, - сен үйге берілген тапсырмаларды орындауды қойыпсың. Бұл қалай?

Самал. Енді мен айтып тұрған жоқпын ба! Бұл не өзінің тапсырмаларын орындамайды, не Жанаттың сабағына көмектеспейді. Мектептен келісімен осы орындыққа қонады да, содан тапжылмай түнге шейін отырады. Тамақ ішуге бірнеше рет шақырғасын ғана келеді, әбден қақсатып... қалай шыдайтынын білмеймін, әжетханаға да артық рет бармайды. Достары келсе, қалаға, не аулаға шақырса, бармайды. Әр түрлі себеп тауып үйден шықпайды. Бұл бала мына түрімен көзінен айырылып зағип болады! Енді тек компьютерді сатып жіберуден басқа амал көріп тұрған жоқпын.

Арлан. Сатпаңыз, тәте! Сатпаңызшы, өтінем! Мен орындаймын сабағымды. Жанатқа да көмектесем. Қанатты да қыдыртып ойнатам. Тек сатпаңыз компьютерді.

Самал. Әй, білмеймін! Мен сенің сөзіңе сенуден әбден қалғанбын. Міне әкең, міне мұғалимаң – соларға бер уәдеңді. Содан кейін сөзіңде тұра алмасаң... онда...

Арлан. Папа! Мен енді сабағымды қолға аламын... тек сатқызбаңызшы компьютерді. Мәриәм апай, уәде беремін – оқуымды қолға аламын.

Мәриәм. Жақсы, Арлан, мен осы сөзіңе сендім. Маған керегі осы да. (орнынан тұрып кетуге ыңғайланып) Ал, онда мен кеттім.

Самал. (соңынан ере тұрып) Шай ішіп кетіңіз.

Жапар. Иә, шай ішіңіз.

Мәриәм. Жоқ, рахмет, уақыт тығыз. Маған әлі тағы бір-екі оқушының үйіне кіріп шығу керек. Өкінішке орай, сабақ оқымайтын жалғыз Арлан емес. (кетеді, оны шығарып салуға Самал да шығады)

Жапар. Ал енді берген сөзіңде тұр. Компьютермен ойнама демеймін, алайда егер сол үшін сабағың ақсаса, онда бұл бәледен құтылудан басқа амал қалмайды. Өзі осыны алғанда, оқуыңа қажет болар деп алғанбыз. Ұмытпа – осы жылы мектеп бітіресің. Оқуды қалай аяқтайсың, соны қазірден ойланайық. Ал енді сабағыңды дайында, бөгет болмайын.

 

      Арлан сабақ дайындайтын үстелдің жанындағы орындыққа отырып оқулықтары мен дәптерлерін ашады. Жапар кетеді.

 

Арлан. (әкесінің артынан есік жабылысымен) У-ух! Құтылдым ба?! «Ойын ойнамағанда не істейсің?!». Компьютер ойын автоматы болар ма! (бірдеңе күбірлеп сабағына кірісіп біраз уақыт отырады)

 

     Терезенің арғы жағына Шопан келіп тоқтайды.

 

Шопан. Сен не? Әлі сабағыңды оқып болған жоқсың ба?

Арлан. Жоқ, кіріскенім жаңа. Қолым тимеді.

Шопан. Не - компьютермен ойын ойнадың ба?

Арлан. Шопан! Есіңде болсын - мен компьютермен ойын ойнамаймын.

Шопан. (күліп жібереді) Өй, суайт! Кімге судыратып тұрсың? Ойын ойнамасаң күні бойы шошқа тағалап отырасың ба бұның алдында?

Арлан. Тс-с! Ақырын! Сен де, папам мен тәтемдей маған сенбейсің бе? Айтып тұрған жоқпын ба – компьютермен ойын ойнамаймын деп.

Шопан. Ойнамасаң не үшін оларды сатып аласың?

Арлан. Осы сендердің барлықтарыңның «не үшін?» - дерің қалмайды екен! Маған ол ойындар басқа нәрсеге керек.

Шопан. Басқа нәрсеге? Неменеге? Сәнге ме? Әлде мақтанышқа ма?

Арлан. Осы сөзді жаңа ғана папамнан естідім. Екеуің келісіп алғансыңдар-ау деймін!

Шопан. Жо-оға. Егер...

Арлан. (сөзін бөліп жіберіп) Мен бұл дискілерді компьютерлік ойын құрастыру үшін сатып алғанмын.

Шопан. Компьютерлік ойын?  Дүкенде соншама ойын бола тұра тағы бір ойын құрастырып не керек?

Арлан. Менің ойыным дүкенде сатылатын ойын емес. Менің ойыным – виртуалды нақтылықтағы ойын. Бұл ойынға кіріскен адам сол ойынның кейіпкері болып кетеді. Түсіндің бе енді? (досының түсінбегенін сезіп) Ойыншы ойынның ішіне кіріп кеткендей болады.

Шопан. Ол қалай? Сен де қызық екенсің! Сонда адам компьютердің ішіне кіріп кете ме?

Арлан. Жоқ, кірмейді. Бірақ өзін кіріп кеткендей сезінеді. Ол ойында бәрі нағыз өмірдегідей болады. Түсіндің бе енді?

Шопан. Жарайды, ойыныңды құрастырып болғасын ойнап көрерміз. Мен не үшін келдім, білесің бе? Бүгін бізге «Локомотив» келеді. Біздің «Оқжетпеспен» ойнайды. Міне осыны ойын де!

Арлан. Шопан, мен бармаймын футболыңа.

Шопан. Неге? Сабағыңды кешке шейін оқисың ба?

Арлан. Мәселе жалғыз сабақта емес. Мен бүгін қайтсем де ойынымды құрастырып бітіруім керек. Сол ойынның кілтін таба алмай отырмын.

Шопан. Өй! Тасташы сол ойынды! Оның бәрі жасанды ойын, ал мен сені нағыз ойынға шақырып отырмын. Футболға!

Арлан. Оның несі нағыз ойын? Сойталдай-сойталдай жігіттер жандарын жеп бір допқа таласып шапқылағаны ма? Мен осы футболыңды түсінбеймін.

Шопан. Түсінбеймін! Ей! Футбол – ол... ол, білсең, ол бір алып әлем! Иә, біртұтас алып әлем! (қолымен бір-ақ сермеп қалып) А! Сен бәрібір ештеңе түсінбейсің. Мен кеттім. Кешке шейін ойлан, матчқа барарда тағы бір соғармын. (кетеді)

Арлан. (қайтадан сабағына кірісіп күбірлейді) Футбол-мутбол, матч-сатч... басты қатырды ғой мына фанат! (пауза) Мына есепке менің миым жететін емес. Жанат есеп шығара алмаса оған мен көмектесуім керек. Ал мен өзімнің есебімді шығара алмасам ше? Кім маған көмекке келуге тиісті? Тәтем бе? Ол: «Сабағыңды оқы, сабағыңды оқы!» - дан басқаны білмейді. Ал папамның әрдайым қолы тимейді, уақыты жоқ, ол біресе Түркияға кетеді тауар әкелуге, біресе Қытайға... Саудагер!

 

      Дәптеріне бірдеңе жазып біраз уақыт отырады. Ашық терезеден мотоциклдың дыбысы естіледі де мотоцикл мінген Диқан келіп тоқтайды.

 

Диқан. (моторын өшіріп, дулығасын шешеді де мотоцикілдің үстінен түспей сөйлеседі) Арлан! Сен не - әлі сабағыңды оқып бітірмегенсің бе?

Арлан. Жоқ, қол тимеді.

Диқан. Е! Не істедің? Тағы да компьютермен ойын ойнадың ба бала құсап? (кекете күледі)

Арлан.(ашулаңқырап) Диқан! Есіңде болсын - мен компьютермен ойын ойнамаймын. Керісінше, мен өзім жаңа ойын құрастырып жүрмін. Ол барлық ойындардың көкесі болмақ! Ондай ойын жер жүзінде жоқ! Түсіндің бе? Ал мотоциклге мініп ап, дырылдатып ерсілі-қарсылы шапқылаған – міне, нағыз балалық осы! Сойталдай-сойталдай жігіттер, біріңнің алдыңда бірің мақтанып шапқылайсыңдар да жүресіңдер. Сол да спорт болып па?

Диқан. Сен ештеңе түсінбейсің, Арлан. Мотоспорт дегенің... ол... ол өзі бір ғажайып әлем! Мотоцикл! Ол... ол... жоқ, сен бәрібір ештеңе түсінбейсің.

Арлан. Иә, Диқан, мен ештеңе түсінбеймін.  Мен баламын, немесе су ми ақымақпын, өтірікшімін. Ал сендер барлығың шетінен спортсменсіңдер, бес минутсыз чемпионсыңдар! Сендер өз әкелеріңнің мақтанышысыңдар!

Диқан. Арлан, менің сенімен сөз таластырып тұратын уақытым жоқ. Бүгін кешке мотодромда сайыс болады, республиканың бүкіл аймақтарынан мотосайыскерлер жиналады, соған дайындалу керек. Кешке тағы соғармын, сайысты тамашалауға алып барамын, сонда өзің көресің нағыз мотоспорттың не екенін.

 

     Диқан кетейін деп, дулығасын басына киіп, ыңғайланғанда Айша келеді.

 

Айша. Арлан, сен не істеп отырсың?

Арлан. Көрмейсің бе - сабақ оқып отырмын.

Диқан. Бұл бүгін пысықсып қалыпты. Сабақ есіне түсіпті. Сол үшін компьютерін де ұмытыпты.

Айша. Иә? Қызық екен. Ал бізде бір үлкен жаңалық бар. Біздің мұражайда бүгін кешке көрме ашылады. Бүкіл республиканың суретшілерінің шығармаларының көрмесі. Арлан, барасың ба?

Арлан. Жоқ, Айша, бармаймын, қолым тимейді. Және де... мен сурет көруді жақсы көрмеймін. Сурет көрудің не қызығы бар? Табиғаттың қатып қалған өлі бейнесін қызықтағанша, сол табиғаттың өзін тамашалаған жөн емес пе?

Айша. Арлан, сен ештеңе түсінбейсің. Сурет дегенің... жалпы бейнелеу өнері дегенің... ол... ол өзі бір әсем әлем.

Арлан. Осы сендердің барлығыңның жаттап алғандарың не әлем? Шопан келді, «Футбол – ол бір алып әлем!» деп. Ал мына Диқан: «Мотоцикл – ол ғажайып әлем!» деп даурығып тұр. Енді сен: «Сурет, бейнелеу өнері дегенің әсем әлем!» деп тұрсың. Ал менің өзімнің, алып, ғажайып, әсем әлемім бар. Ол - виртуалдық әлем. Міне – тек сол ғана нағыз, кәдімгі, нақтылы әлем!

Диқан. (мотоцикліне от алдырып, газын бұрап-бұрап, ырылдатып жіберіп) Жарайды, мен кеттім. (Айшаға) Бұған ештеңе түсіндіре алмайсың – бекер әуре болма. Кел, отыр артыма, баратын жеріңе жеткізіп тастайын.

Айша. (мотоциклдің артқы орындығына отырып Диқан ұсынған дулығаны басына киіп жатып) Арлан, көрмеге барарда тағы соға кетермін, ойлан... (Арлан иықтарын қиқаң еткізеді – Диқан мен Айша кетеді)

Арлан. Жарайды, сосын шығарармын бұл есепті. (оқулықтары мен дәптерлерін жауып, компьютердің алдына барып отырып іске  қосады да клавиатураны  басып-басып жіберіп мониторға үңіледі) Кілт... кілт... бұл ойынның кілті қандай болуға тиісті? Мүмкін мынадай шығар... (тағы да клавиатурамен бірдеңе теріп, мониторға қарайды; сосын тағы бір-екі рет солай қайталайды) Жоқ, болмады. Ал былай көрсек ше?

 

      Арлан біраз уақыт компьютермен әлектенеді. Біртіндеп жоғарғы жарық сөніп сахнада қараңғылық орнайды. 

 

Арлан. (ісінен түк шықпағанына кейіп) Жоқ! Менен ешқашан бағдарламашы шықпайды! Бос әлек! Мен ешқашан виртуалды нақтылықтағы ойынды құрастырып шығара алмаспын. (компьютерді сөндіріп тастап, қолдарын компьютерлік үстөлдың үстіне жастап, қолдарына басын қойып, бір мезгіл қозғалыссыз отырып, ұйықтап кетеді)

 

                                          

                                         Екінші көрініс

 

     Қараңғы сахна. Бірінші көріністе компьютер тұрған жерде, бір діңнің үстіне қолдарын жастап, ал қолдарының үстіне басын қойып, Арлан ұйықтап отыр. Үстінде бағзы заманның адамдарына тән киім. Қолындағы үлкен, әшекейлі аса таяғымен сахнаның еденін тықылдатып Компьютермен келеді. Ол зор денелі, зор дауысты, сақал-мұрты желбіреген, басында тәжы бар, үстіне кең де ұзын шапан киген қария.

 

Компьютермен. Арлан! Оу, Арлан! Оян, Арлан!

Арлан. (басын көтеріп алып, көзідерін уқалап жан-жағына қарайды да орнынан атып тұрады) А? Не? (Компьютерменді көзі шалып қалып) Ассаламу ғалайкүм!

Компьютермен. Уағалайкүм ассалам! Ұйқың қанды ма?

Арлан. (жан-жағына таңырқай көз тастайды) Ә? Мен ұйықтап кетіп пе ем? (діңді аяғымен түртіп қалып) Мына дің қайдан келген? Мен жаңа компьютердің алдында отырған жоқ па едім? (тағы да жан-жағына қарайды) Бұл қай жер өзі?

Компьютермен. Бұл өзің құрастырған компьютерлік ойын. Виртуалды нақтылықтағы әлемге хош келіпсің!

Арлан. Виртуалды нақтылықтағы әлем?! Мүмкін емес!

Компьютермен. Неге? Сен өзің ғой бұл мүмкіндікті тудырған. Енді өзіңнің туындыңа  өзің сенбей тұрмысың?

Арлан. Иә... мен... жақсы, солай-ақ болсын. Ал, онда сіз кім боласыз?

Компьютермен. Менің атым Компьютермен. Мен осы әлемнің патшасымын. Сенің бейнеттеніп құрастырып жүрген ойының құрастырылып болып ашылды.

Арлан. Сонда не? Мен сол ойынның ішіндемін бе?

Компьютермен. Иә.

Арлан. Сонда мен мұнда не істеймін?

Компьютермен. Не істеймің не! Ойын ойнайсың.

Арлан. Ойын ойнаймын?!

Компьютермен. (Арланның жанына келіп арқасынан қағады) Несіне таңғаласың, Арлан? Сен өзің емес пе едің осы ойынды құрастырамын деп сонша әлектенген. Міне, енді мақсатыңа жеттің.

 

     Осы жерде авансценамен секеңдеп Марио жүгіріп өтеді. Ол әрдайым осылай жүгіріп өткенде соның қатысуымен жүретін «Денди» ойынының әуені естіледі.

 

Марио. (айқайлап) Арлан, сәлем! Мені ұмытқан жоқсың ба?

Арлан. Мына бала кім? Бала ма өзі... әлде ергежейлі адам ба? Түрі сондай таныс...

Компьютермен. Марио ғой ол, Арлан! Марио! Есіңе түсірші – ол сенің ең бірінші компьютерлік ойыныңның кейіпкері.

Арлан. Марио?! Баяғы «Денди»-дегі Марио ма?

Компьютермен. Дәл өзі. Марио менің ең сүйікті немерем. Сондықтан мен оны жанымнан тастамаймын.

Арлан. Марио менің де ең сүйікті ойынымның кейіпкері-дің. Ол мұнда не істейді? Ойынға қатыса ма?

Компьютермен. Жоқ, қатыспайды. Марио сені тосып тұрған қауіптерден хабардар етіп ескертіп жүреді. Сенде қанша өмір қалғанын айтып отырады. Және Марионы сенен басқа ешкім көрмейді де, естімейді де. (кетуге ыңғайланып) Ал, енді мен сені бөгемейін. Бастайық ойынды.

Арлан. Тоқтай тұрыңыз... ата...

Компьютермен. (мырс етіп күледі) Мен саған ата емеспін – «Компьютермен, тақсыр» де!

Арлан. А, иә! Компьютермен, тақсыр! Бір сұрақ бар. Бұл ойынның ережелері қандай?

Компьютермен. (күліп жібереді) Сен өзі  қызық екенсің, Арлан! Қандай ережелері болушы еді?! Сен өзің бағдарламаңа енгізген ережелер-дағы. Есіңе салайын, - сенде қазір үш өмірің бар. Үшеуінен де айырылып қалсаң өлесің. Бірақ, есіңде болсын – мүлдем өлесің. Кәдімгідей. Түсіндің бе? Сондықтан абайла. Ал бірақ, жоғалтып алған өміріңді тапқырлық жасап қайтарып отыруыңа болады. Ойынның мәні-мағынасы мынада - дүние жүзінің қиыр шетінде бір ел бар. Ол елді билеп тұрған хан Қаһар. Ханның айдай сұлу бойжеткен қызы бар. Қаһар хан жарлық жариялапты.  «Менің қызымның қолын сұрап келген ханзадалар арасында сайыс өткізем, - депті ол сол жарлығында, - Сол сайыстың жеңімпазына қызыма қосып жарты хандығымды тарту етемін. Егер сайыста біреудің басы семсердің жүзімен қырқылып түссе, немесе шоқпарға жем болса - өз обалы өзіне. Мен ешкімді зорламаймын - әліңді білмейсің бе, әлектенбе!»  Міне, енді сен жолыңдағы үш кезеңнен аман өтіп, сайысқа қатысатын барлық үміткерлерді жеңіп шығып, ойынның мәресіне жетіп бас жүлдені – ханшайым мен жарты хандықты ұтып алуға тиістісің. Өзің білесің - әр сынақ тапқырлықты, епті, шапшаңдықты, өжеттілікті, ақылды талап етеді. Мұндай қасиеттерді өзіңнің бойыңда сезінесің бе – қатыс ойынға. Сезінбейсің бе, ойыннан аман өтуіңе күмәнің бар ма – онда ойыннан шық, аман-сауыңда үйіңде қал. Осыған не дейсің?

Арлан. (бір сәт ойланып) Жоқ! Менде енді кейін шегінетін жер жоқ. Тәуекел! Будым белді! Қаншама бейнеттеніп құрастырған ойынымнан енді өзім бас тартсам не болғаны? Тәуекел! Мен дайынмын.

Компьютермен. Бәрекелді! (қолын созып) Әкел онда қолыңды! Ал, не тұрыс? Бастайық ойынды! (аса таяғымен еденді үш рет соғып қалады) Ойын басталсын деп әмір етемін! (кетеді)

Марио. (авансценамен секеңдеп жүгіріп өтіп айқайлайды) Ойын басталды! Ойын басталды! Ойын басталды-ы!

 

     Осы жерде жоғарғы жарық жанып сахнаның көрінісі білінеді. Үш жағын ну орман қоршап тұрған алаңқай. Алаңқайдың орта тұсында «тырна» құдық бар. Оның теңгергішінің басында шынжыр, шынжырға ағаш күбі байланған. Құдықтың теңгергішінің жүгі бар жағында үлкен қойтас жатыр, екінші жағында тастан қаланған жер ошақта үлкен қазан тұр. Арлан жан-жағына бір қарап, үстіндегі көне заманның адамдарына  лайық киіміне екі қарап, құдықтың басына барып ішіне үңіледі. Үстінде күміс түсті сауыт, басында ай белгісі бекітілген дулығасы бар, бір қолында найза, екінші қолында ай суреті бар дөңгелек қалқан ұстаған, беліне шағын қылыш асынған Айзада келеді. Оның рөлін Шопанның рөлін атқаратын актер ойнайды.

 

Айзада. (маңдай терін жеңімен сыпырып тастап) Фу! Шөлдегенім ай! (Арланға жақындап келіп) Әй малай! Неғып тұрсың? Маған су тартып әпер!

Арлан. Шопан?! Сен де ойынға қатысатын болдың ба?

Айзада. Қайдағы шопан?! (тағы да біреу бар ма дегендей жан-жағына қарайды, және ешкімнің жоғына көзі жетіп Арланға бас салады) Сен, малай, ханзадамен қалай сөйлесесің, ә? Мені қойбағар шопанға теңегеніңе жол болсын! Мен ай асты елдің әйгілі ханзадасы Айзадамын. Есіңде болсын! Ал маған дереу су тартып әпер. Бол!

Арлан. Әй, Шопан, қойсаңшы қылжақты.

Айзада. Қап! Өтті-ау мына малайдың ызасы. Мә, саған шопаның! (найзасымен Арланды түйреп құлатады)

Арлан. (шалқасынан түсіп, өліп қалғандай бір секунд қимылсыз жатып, атып тұрады да айғайды салады) Өй, мына футболшы фанат жынданған ба?!

Айзада. Мен мына малайды жаңа ғана өлтірмеп пе едім?

Марио. (авансценамен жүгіріп өтіп) Арлан! Бір өміріңнен айырылып қалдың! Бетімен даурығып ойынның басында өліп қалма! Бұл сенің сыныптас досың Шопан фанат емес! Бұл шынында да Айзада!

Арлан. (найзасымен ұмтылып келе жатқан Айзададан құдықты айнала қашады ) Жә! Тоқта! Тоқта! Д-дат... дат, т-тақсыр!

Айзада. (тоқтай қалып) Дат, айта бер.

Арлан. Мен малай емеспін. Мен... мен... коммерсантпын... а! Ана... не... мен саудагермін... иә, саудагермін. Ал сен... кешіріңіз, сіз бір Шопан деген досыма ұқсайды екенсіз, тіпті егіздің сыңарындай екенсіз. Ол ағаттығымды кешірерсіз.

Айзада. Саудагермін де. (Арланның басы-аяғына көз тастап) Саудагерге онша ұқсамайсың. Мына киімің тым жұпыны...

Арлан. (үсті-басын қағып-соғып) Иә-иә! Алайда, мен бір жаман оқиғаға тап болдым. Кеше машинама рэкетирлер шабуыл жасап... А! Олай емес! Кеше керуеніме қарақшылар шабуыл жасап бүкіл тауарларым мен көлігімді тартып алды. Өзім зорға қашып құтылдым. Міне, енді не істерімді, қайда барарымды білмей тұрмын.

Айзада. Ендеше, маған атқосшы бол. Мен дүние жүзінің арғы шетіндегі Қаһар ханның еліне бара жатырмын. Сол ханның жарлығын естіп пе едің?

Арлан. Естігем.

Айзада. Естісең, мен сол ханның қызын алып, жарты хандығына ие боламақпын. Түсіндің бе? Елден алып шыққан атқосшы мен атымнан сол қарақшылардың кесірінен айырылып қалдым. Сондықтан сен маған атқосшы боласың. Осыған келісесің, ал келіспесең тұрған жеріңде жайратамын!

Арлан. (өзіне төнген Айзаданы тоқтатып) Келістім-келістім! Бірақ ескертіп қояйын - Қаһар ханның еліне жеткенше талай кезең, талай сынақ бар. Солардан өте аламын деген сеніміңіз бар ма?

Айзада. (шіреніп, көкірегін кере) Әлбетте! Өзіме сенбесем бұл сапарға аттанып нем бар еді?

 

     Айзада найзасы мен қалқанын құдыққа сүйеп қояды. Арлан құдықтан су тартып шығарып, Айзада екеуі ішіп тұрғанда, Жұлдыззада келеді. Оның үстінде көк түсті сауыт-сайман, басында сегіз бұрышты жұлдызы бар дулыға. Бір қолында жұлдыз суреттелген қалқан, екінші қолында шоқпар бар, белінде шағын қылыш асынған. Жұлдыззаданың рөлін  Диқанның рөлін атқаратын актер ойнайды.

 

Жұлдыззада. Уһ! Мына күннің аптабын қарашы. Шөлден өлетін болдым ғой. (Арланға) Әй, малай! Маған да суыңнан бер.

Арлан. Диқан?! Сен де осында ма едің? (өзінің қателігін түсініп тілін тістей қалады)

Жұлдыззада. Қайдағы Диқан? Бұл не сандырағың, сорлы малай? Білдей ханзаданы егінші Диқан дегеніңе жол болсын! (шоқпарымен Арланның басынан бір соғып құлатады)

Айзада. (найзасы мен қалқанын алып оған қарсы шығады) Әй, сен кім едің менің атқосшыма қол көтеретін?

Жұлдыззада. (шоқпарын айналдыра Айзадаға ұмтылады, екеуі шайқаса кетеді) Кім екенімді қазір өзің де түсінерсің!

Марио. (есін жиып аяғына тұрған Арланды ескертіп) Арлан! Абайла! Сен жаңа тағы да бір өміріңнен айырылдың. Енді сенде ақырғы, жалғыз ғана өмірің қалды! Есіңде болсын – бұлар сенің достарың емес, тек Шопан мен Диқандың бейнелеріне ие.

Арлан. (бір-бірінің қалқандарын қаруларымен соққылап жатқан ханзадалардың арасына түседі) Ханзадалар, сабыр етіңіздер! Тоқтаңыздар! (Айзадаға) Ханзада-екем! Ұмыттыңыз ба? Біз Қаһар ханның еліне жетуіміз керек емес пе. Сапар басталмай тұрып өміріңізге қауіп төндіруге бола ма. (Жұлдыззадаға) Сабыр етіңіз, тақсыр! Сіз өзі кім боласыз?

Жұлдыззада. (Арланға ұмтылады) Кіміңе жол болсын! Көрмей тұрсың ба дулығадағы белгіні? Мен әйгілі жұлдыз асты елінің ханзадасы Жұлдыззадамын.

Арлан. (өзіне төніп келе жатқан ханазададан суға толы шелекпен қорғанады ) Кешіріңіз, тақсыр! Ашуыңызды басыңыз. Менің бір Диқан деген досым бар еді, соған сіз ұқсайды екенсіз, тіпті егіз балалардай аумайсыздар, сондықтан мен сізді сонымен шатастырып алдым. Міне, су ішіңіз.

Жұлдыззада. (шоқпары мен қалқанын құдыққа сүйей салып Арлан ұсынған шелекті алып су ішеді) Ал, жақсы, бір жолға кешірейін. (Айзадаға) Егер қателеспесем, сен осы әйгілі Айзадамысың?

Айзада. Дәл өзімін. (Жұлдыззадаға қолын беріп) Атағы жер жарған Жұлдыззадамен кездескеніме қуаныштымын. Саған жол болсын?

Жұлдыззада. Қаһар ханның жарлығын естіп сонда бара жатырмын. Ал сен ше?

Айзада. Мен де сонда барып ханшайымды ханның жарты хандығымен қоса алмақпын. Бір-бірімізге серік болайық. Мына жігіт – менің атқосшым.

Жұлдыззада. Ал менде атқосшы жоқ – бүгін қарақшылар тұтқиылдан шабуыл жасап, атқосшымды өлтіріп кетті. Атымнан да айырылдым. Өзім мына балуан білек пен батпан шоқпардың арқасында құтылып кеттім. (Арланға) Сен маған да атқосшы болсаң қайтеді, ә?

Арлан. Болайын. Әйтеуір екеуіңіз де бір жерге баратын екенсіздер.

Жұлдыззада. (шоқпарын Арланға ұсынады) Мә, шоқпарымды ұстап жүресің. Бұны сүйрей-сүйрей қолым талды.

Арлан. (шоқпарды алып жатып) Құп болады, ханзада ием!

Айзада. (найзасын Арланға беріп) Мә, менің найзамды да ұстап жүр! Менің де қолым талып қалды.

Арлан. (күрсініп қойып екінші қолымен найзаны алады) Құп болады, ханзада ием!

Жұлдыззада. Ал, не тұрыс? Аттанайық сапарға.

Айзада. Иә, иә! Жылжиық.

 

     Алдында Айзада, артында Жұлдыззада, орталарында атқосшы – үшеуі, бірінің соңында бірі, алаңқайдан кете бергенде бір сатыр-гүтір дыбыс естіледі. Саяхатшылар кері шегініп қойтастың артына жасырынады. Апыр-топыр басып орманнан жалғыз көзді  дәу шыға келеді. Дәудің  қолында сандық, ол сандықты қойтастың үстіне қойып, аһілеп-уһілеп құдықтан су тартып қазанға құяды да орманға беттейді.

 

Дәу. Отын теріп әкелейін. (орманға кіріп кетеді)

 

     Арлан мен екі ханзада тастың артынан шығып сандықты айналдырады.

 

Арлан. Жаңағы не диу??

Айзада. Дәу ғой, білмейсің бе?

Арлан. (сандықта ілініп тұрған құлыпты тартып қалып) Ал мына сандықта не бар екен?

Айзада. Қазына шығар. Бұл дәулер қазына қараушы болады дейтін үлкендер. Өйткені олардың жалғыз көзі ұйқы дегенді білмейді.

Жұлдыззада. Онда не ғып тұрмыз? Құлыпты бұзып қазынасын алып кетейік. Әй атқосшы! Әкел мұнда шоқпарымды.

 

     Атқосшының қолынан шоқпарын алып, құлпты соққылай бастайды. .

 

Айшаның дауысы. (сандықтың ішінен) Әй! Тоқта! Миымды шайқайсың ба?!

 

    Ханзадалар шошып шегініп кетеді. Арлан ше, керісінше, сандыққа жақындайды.

 

Арлан. (өз-өзіне күбірлеп) Мына дауыс сондай таныс, кім екен, ә? (сандықтың саңылауына үңіліп) Бұл кім сандықта отырған – адам ба, жын ба?

Дауыс. Мен бір соры қайнаған жанмын. Есімім Дүниязада. Бағана орман ішімен келе жатыр едім, жолда осы сандық тұр екен. Ішінен бір жалынышты дауыс: «Құтқар, босата гөр! Мен күн асты елінің ханзадасы едім...» деп үзілгенсоң, аңқау басым, осы сандықтың үстінде жатқан кілтті алып, ашып қалып ем, ішінен жаңағы дәу шыға келді. Ләм-мим деместен, еш сөзге келместен, өзімді сандыққа бір-ақ тығып ала жөнелді. Қанша жалынып, босат деп едім, көнбеді. Енді бірдеңе қылып құтқармасаңдар өлдім. Қазір отын жинап әкеліп су қайнатады да тірідей пісіріп жейді.

Арлан. Ханзадалар, мына құлыпты бұзайық. Дүниязаданы азат етейік. (Айзада найзасының ұшын құлыптың ілгегіне тығып бұрап сындырмақ болады, Жұлдыззада шоқпарымен ұрғылайды, бірақ бұл істерінен ештеңе шықпайды - құлып бұзылмайды)

 

     Әлгі апыр-топыр тағы да естіледі.

 

Арлан. Дәу келе жатыр. Ханзадалар, бәріміз жабылып ол найсапты қуып жіберейік! Дүниязаданы құтқарайық!

Айзада. Жындандың ба?! Дәуге адам қарсы келіпті дегенді қай жерде, кімнен естіп ең? Жоқ, мен кеттім, біз оған ештеңе істей алмаймыз, текке өзіміз мерт боламыз. (қойтастың артына жасырынады)

Жұлдыззада. Жоқ, атқосшы, сен дәудің күшін білмейді екенсің. Үшеулеп түгіл, он адам жабылса да жыға алмас ол албастыны. Өзіне не оқ дарымайды, не ешқандай қару алмайды. Жоқ, біз қызды құтқара алмаймыз. Текке өзіміз мерт боламыз. Жүр, кеттік! (ол да қойтастың артына жасырынады – Арлан тапжылмастан орнында қалады)

Дәу. (қолындағы бір құшақ отынын жер-ошақтың жанына тастай беріп) Әй, мынау кім-ей? (екі алақанын бір-біріне уқалап) Тү-у!  Тамаша болды ғой. Мына қыздың еті аздау бола ма деп уайымдап жүрсем, алдымнан тағы бір тегін олжа шықты ғой.

Арлан. (екі қолын қусырып кеуесіне басады) Дат тақсыр!

Дәу. Дат, дат! (қазан астына отын салып жатып) Айта ғой, шырағым, су қайнатым уақытың бар.

Арлан. Мына сандықтағы қыз, Дүниязада, сізді осы сандықтан босаттым дейді. Менің соған күмәнім бар.

Дәу. Е! Оған неге күмәнданасың? Мені осы сандыққа бір сиқыршы мыстан жауып кеткеніне міне бүгін бір апта болыпты. Бір апта бойы отырдым бұл құрығырдың ішінде аштан аш!

Арлан. Жоқ, мен бұған сене алмаймын!

Дәу. Неге?

Арлан. Сіз өзіңізге қараңыз да сандыққа қараңыз. Осындай дәу тұлғаңызбен мынадай кішкентай сандыққа сияды дегенге қалай сенуге болады? (саңылаудан сандықтың ішіне көз тастайды) Әне, қыздың өзі екі бүктеліп отыр.

Дәу. Сонымен сенбейсің, иә?

Арлан. Сенуге болмайтын шаруа.

Дәу. Онда қара! (қалтасынан кілт алып, құлыпты ашып Дүниязаданы босатады. Дүниязаданың басында ешкінің мүйіздері бар, және үстінде бағзы заманның адамдарының киімі, оның рөлін Айшаның рөлін атқаратын актриса ойнайды)

Дүниязада. Ой! (сандықтың ішінен сәукеле алып  басына кие қояды)

Арлан. (таңырқай тіл қатып) Айша?! Сен қайдан жүрсің? Басыңдағың не?

Дүниязада. Мен Айша емеспін. Айтқан жоқпын ба – атым Дүниязада деп!

Арлан. А-а... (сандықтың ішіне бір қарап алып, дәуге) Ой тақсыр! Текке әуреленбеңіз. Сіз бәрібір мына сандыққа симайсыз.

Дәу. Сенбейсің, иә! (масаттана күледі) Ха-ха-ха! Ал, сенбесең қарап тұр. (сандыққа кіріп кетіп) Ал енді көзің жетті ме?

Арлан. Жетті! Жетті ақымақ дәу! (сандықтың қақпағын жауып қалып) Айша! Сал дереу құлыпты! (Дүниязада оған аңтарылып қарайды) Ә! Айша емес - Дүниязада! Сал деймін құлыпты.

 

     Дүниязада құлып саламын деп әлектенеді, бірақ дәу сандықтың қақпағын көтеріп мұрша бермейді.

 

Арлан. Ханзадалар! Айзада! Жұлдыззада! Келіңдер! Көмектесіңдер!

 

     Ханзадалар көмекке келіп үшеулеп сандықтың қақпағын зорға жабады да қыз құлыпты іле қояды.

 

Дүниязада. (құлыпты жауып, кілтті құдыққа тастап жібіреді) Жоғал мүлдем! Құры! Әйтпесе тағы соры қайнаған біреу құлыпты ашып пәлесіне қалар. Уф! Зәремді алды ғой. (Арланға қарап) Ал сен, батырым, ерледің. Айлаңды асырдың. Өзің де өжет екенсің. Сені де менімен бірге жеп қоюшы еді жаңағы дәу.

Марио. (бұрынғыдай тоқтамай жүгіріп өтіп) Арлан! Сен жаңа ғана бір өміріңді қайтарып алдың! Бір сынақтан аман өттің! Бірақ сақ бол – алдыңда әлі талайы бар!

Дүниязада. Ал, жігіттер, танысып қояйық. Менің есімімді білесіңдер. (Арланға) Сен кім боласың?

Арлан. Мен?.. Мен саудагермін... Ә, жоқ! Дәл қазір мына ханзадалардың атқосшысымын.

Айзада. Мен ай асты елдің ханзадасы Айзадамын.

Жұлдыззада. Мен жұлдыз асты елдің ханзадасы Жұлдыззадамын.

Дүниязада. Өте жақсы. Сендерге алғысымды білдіремін. Әсіресе, атқосшы-екем, саған. Сенің тапқырлығың болмағанда мен дәуге жем болар едім. Есімің кім болады?

Арлан. Арлан.

Дүниязада. Иә, Арлан, атың жақсы екен, нағыз жігіттің сырттан-арланы екенсің! (ханзадаларға) Сендерге жол болсын?

Айзада. Жер жүзінің қиыр шетінде бір ел бар екен.

Жұлдыззада. Сол елді билеп тұрған Қаһар хан жар салыпты: «Ай мен күндей сұлу жалғыз қызымды жарты хандығыммен қоса, сайыста жеңімпаз атанған ханзадаға беремін!» деп.

Айзада мен Жұлдыззада. Міне, бағымызды сынамақ болып сонда бет алдық.

Дүниязада. Е-е... Сонымен, Қаһар ханда барлығы жоғы бір-ақ қыз бар екен ғой. Оның өзі ай мен күндей сұлу дей ме?

Айзада. Иә, адам баласы көрмеген сұлу дейді.

Жұлдыззада. Сол сұлуды аламыз деп аңсап келеміз. Сенің өзіңе жол болсын?

Дүниязада. Мен бір бағым ашылмаған жанмын. Басыма күн түскенсоң беталды дүние кезіп келемін. Қайда баратынымды өзім де білмеймін.

Арлан. Онда бізбен бірге жүр. Өңің сондай таныс, менің бір Айша деген құрбым бар, содан бір аумайсың. Тек басыңдағы...

Дүниязада. (сұқ саусағын еріндеріне тоса қойып) Тсс!

Арлан. Тек басыңдағы... м-м...

Айзада.. «Басыңдағы?»

Жұлдыззада. Нені айтайын деп тұрсың? Бұның басында не бар еді?

Арлан. М-м... А! Басындағы сәукелені айтамын да! Сәукелесі менің сол құрбымдікіндей емес екен.

Дүниязада. (Арланның тапқырлығына риза болып жымияды) Иә, адам адамға ұқсай береді. Және әр қыздың бас киімі әр түрлі болады.

Арлан. Иә, иә... ал, енді неғып тұрмыз? Кетейік.

Дүниязада. Иә, кетсек – кетейік.

Дәу. (сандықтың ішінен тарсылдатып) Әй! Мені тастап қайда кетпексіңдер? Босатыңдар! Мен енді ешқайсыңа тимеймін. Дүниязада! Менің еш кінәм жоқ, бәріне сенің өгей шешең кінәлі. Ол мені сиқырлап дәуге айналдырып, осы сандыққа отырғызып сенің жолыңа тастап кетті. «Дүниязада келгенде «мен күн асты елінің ханзадасымын» десең сандықтан босайсың, және ол қызды тірідей пісіріп жесең қайтадан бұрынғы адам қалпыңа келесің» деді ол мыстан. Менің еш кінәм жоқ! Босат енді мына сандықтан!

Дүниязада. М-м... сонымен менің өгей шешем сиқыршы мыстан екен ғой. Енді маған барлығы түсінікті болды. (дәуге) Жоқ, дәу-екем, сені босата алмаймын. Сен сиқырдан арылу үшін мені жеуге тиістісің, ал мен өз сиқырымнан арылу үшін өз еліме аман жетуге тиістімін. (жігіттерге) Кеттік бұл жерден.

Арлан. Қай жаққа? Қаһар ханның елі қай жақта еді?

Айзада мен Жұлдыззада. (дәу келмей тұрып алаңқайдан аттанған бағытты меңзеп) Ана жақта.

Дүниязада. Эх! Өздерің ханның қызын аламын деп сапарға аттаныпсыңдар, ал сонда біреуің де жол білмейсіңдер. Бұл қалай? (ханзадалар төмен қарап үндемейді) Жарайды, мен көрсетейін жолды.

Арлан. Сен білесің бе?

Дүниязада. Мен білмегенде кім білсін? Жүріңдер. Атқосшы-екем, әкел, найзаны мен алып жүрейін. (жол бастап орнынан қозғалады,  бағыты манағы ханзадалар көрсеткен бағытқа мүлдем кереғар) 

 

     Төртеуі сап құрып, алдында Дүниязада, сосын Арлан, соңдарында ханзадалар орманға кіре бере алдарынан сықылықтап екі жалмауыз кемпір шыға келеді. Кемпірлердің қолында керілген жарқ-жұрқ еткен сиқырлы арқан.

 

Жалмауыз. Жарымауыз! Сен арғы жағын айнала бер. Хи-хи-хи...

Жарымауыз. Жалмауыз! Біреуінен де айырылып қалма! Ха-ха-ха...

 

      Жалмауыз бен Жарымауыз бөгеліп қалған топты айнала беріп, арқанның шеңберінде қалтырып қоршап алады.

 

Жалмауыз. Бітті! Түсті тұзаққа! Енді қашып шыға алмайды. Хи-хи-хи...

Жарымауыз. Иә, енді тұзақтан шығып көрсін. Ха-ха-ха...

Арлан. (есін жиып Дүниязаданың қолынан шап беріп сүйрей жөнеледі) Ханзадалар!  Қашыңдар! (жерде жатқан арқаннан аттап өткісі келеді, бірақ аттай алмайды. Бір сиқырлы күш кері итеріп жібереді. Ханзадалар да арқанның басқа тұстарынан өткісі келіп қарекет жасайды, бірақ арқан өзінің үстінен аттатпайды) Мынаны қара, сиқырлы арқан!

Дүниязада. (қолындағы Айзаданың найзасымен арқанды іліп алып көтергісі келеді, бірақ арқан  көтерілмейді) Мынау өзі арқан ба, әлде зіл батпан ба?

Арлан. (қолындағы Жұлдыззаданың шоқпарымен арқанды ұрғылайды – нәтиже жоқ) Жоқ! Бұл арқан ешнәрсеге көнер емес.

Айзада. (қылышын суырып алып шаппақ болады, бірақ арқан шабылмайды) Бұл не арқан, ә?! Менің алмас қылышым шаба алмады.

Жұлдыззада. (ол да арқанды семсерімен шапқысы келеді – шаба алмайды) Міз бақпайды! Бұл не ғажап?

 

      Жалмауыз бен Жарымауыз арқанның шеңберін тарылтып топты айнала береді, ханзадалар, Арлан және Дүниязада шегіншектеп бір уыс болып жиналып қалады. Ақыры кемпірлер сықылықтап күліп жүріп оларды мықтап матап тастайды.

 

Жалмауыз. Бітті шаруа!

Жарымауыз. Бітті, бітті! Жарыдық адам етіне!

 

     Екі кемпір пышақтарын жалақтатып арқанмен буып тастағандарды асыр салып айналады.

 

Жалмауыз. Мыналарды бөліп алайық. Барлығы төртеу. Әрқайсымызға екеуден келеді. Тамаша!

Жарымауыз. Иә! Тең бөлініп тұр. Еш талас жоқ. Саған бір ханзада мен атқосшы да – маған екінші ханзада мен қыз. Алақай!

Жалмауыз. (тоқтай қалып) Тапқан екенсің! Екі ханзада мен атқосшыны өзің ал да маған қызды бер. Қызды мен жейін. Жігіттердің еті қатты, тарамыс келеді. Мүжіліп қалған тісім батпайды. Жылы-жұмсаққа бір тойып қалайын да!

Жарымауыз. Иә! Сонда не? Жылы-жұмсақтар әрдайым сенің ауызыңа да, тарамыс шандыры маған ба? Жоқ! Осы жолы қызды мен жеймін.

Жалмауыз. Жоқ, мен жеймін!

Жарымауыз. Сен жемейсің, мен жеймін!

 

      Екі кемпір бір-бірімен таласып қалады.

 

Арлан. Мыстан әжейлер! Тоқтаңыздар! Бұл не жанжал? Тыныш бөлісіп алуға болмай ма?

Жалмауыз. Мен де соны айтамын! Сіңілім бола тұра кішілік білдіріп қызды маған қия салғысы келмейді мына Жарымауыз.

Жарымауыз. Иә! Кішілік жасай-жасай әбден жарымағыр Жарымауыз атандым. Қашанға мен сенен қалған сүйектерді кеміріп аш  жүрмекпін? Болмайды! Қыз менікі!

Жалмауыз. Жоқ, менікі. Айтпады деме – қызды мен жеймін.

Жарымауыз. Жемейсің! Көре де тұр – қызды мен жеймін.

Арлан. Мыстан әжейлер! Тынышталыңыздар! Текке босқа даурықпай сайысқа түсіңіздер. Кім жеңеді – сол осы қызды жесін.

Дүниязада. Кет әрі! Не? Сен мені құрбандыққа шалайын деп тұрсың ба?

Арлан. Тс-с! Үндеме! (кемпірлерге) Былай істейік. Біз екеуіңізді мына арқанмен мықтап тұрып байлайық.  Бірінші болып босанып кеткеніңнің олжасы мына қыз болсын. Ал мына екі ханзада жеңіліп қалғаныңа беріледі.

Жалмауыз. Ал сен ше? Сені кім жейді.

Арлан. Мені босатып жібересіздер. Сіздердің дауларыңды шешкенім үшін бостандық бересіздер. Келістік пе?

Айзада. Ах, оңбаған! Бізден оңай құтылып кетпексің, иә!

Жұлдыззада. Мұндай тапқырлығыңды ұрайын! (ханзадалар бұлқынады, бірақ арқан мықтап ұстап жібермейді)

Жалмауыз. (сіңлісіне) Не? Келісеміз бе?

Жарымауыз. Келісейік. Бір қыздың еті екі жігіттің тарамыс етіне тұрады. Ал мынаны қоя жіберейік. Әйтеуір орманда адасып жүріп біздің қолымызға тағы бір түсер. Қайда барар дейсің?

Жалмауыз. Иә, иә! Сөйтейік.

 

     Екі кемпір арқанды шешіп саяхатшыларды босатады. Арлан арқанның екі басына екі жалмауыз кемпірді байлайды да оларды айналдырып-айналдырып жіберіп бір-біріне тақап жүздестіреді.

 

Арлан. (кемпірлерге) Ал, енді босап көріңдер!

Жалмауыз. О, ол мен үшін оп-оңай!

Жарымауыз. Мен үшін де оңай!

 

     Мыстандар арқаннан босану үшін кері айналуға миы жетпей бір-бірін итермелейді.

 

Жалмауыз. Әй, Жарымауыз! Не ғып тұрсың алдымда? Жоғал деймін!

 

     Сіңлісін итермелейді, ал ол ше оған қарсылық білдіріп бағады.

 

Жарымауыз. Өзің кет алдымнан, неге әрдайым мен саған жол бермекпін?

Жалмауыз. Жоқ, мен кетпеймін, сен кетесің!

Жарымауыз. Тапқан екенсің көнгішті! Мен кетпеймін, сен кетесің.

 

     Екі мыстан бірін бірі итермелеп біраз уақыт әуре болады, нәтиже жоқ.

 

Арлан. (кетуге ыңғайланып, серіктеріне) Ал, не тұрыс? Кеттік бұ жерден!

Жалмауыз. Әй, қу атқосшы! Сен бізді алдап кеттің. Арқанмен байлаймын дедің, ал өзің бізді буып тастадың. Босат бізді дереу!

Жарымауыз. Иә, атқосшы, бұның әділ емес! Біз бұлай келіспеп едік. Ұят деген болу керек қой! Дереу босат бізді!

Арлан. Әділдікті де естеріңе түсірген екенсіңдер!  Ал бейкүнә адамдарды сиқырдың күшімен байлап-матап, сосын бауыздап жегендерің әділдікке жата ма, а?

Дүниязада. Ұятты да еске алған екенсіңдер! Ал, сонда жап-жас жігіт-қыздарды тұтқындап, пышақтарыңды жалаңдатып айнала асыр сала секеңдегенде ұятты неге ұмыттыңдар, а?

Айзада. Ендеше, қақпастар, қалыңдар осы жерде буулы!

Жұлдыззада. Иә, қалыңдар өздеріңнің сиқырларыңның тұтқыны болып! Біз кеттік.

Жалмауыз. Жоқ, кетпеңдер! Алтын керек пе? Гаухар-жаухар керек пе? Барлығын береміз – тек босатыңдар бізді.

Жарымауыз. Інжу-маржан, күміске бөленесіңдер. Тек қалтырмаңдар мына түрімізбен мұнда.

Арлан. Керек емес бізге сендердің қазыналарың. Өздерің бай болыңдар еш пайдасы жоқ тастармен.    

Марио. Арлан! Сен тағы бір өміріңді қайтарып алдың, енді сенде толық үш өмірің бар. Алайда босаңсыма – алдыңда тосып тұрған қатерлер әлі жеткілікті.

Арлан. (Мариоға басын изеп, серіктеріне бұрылады) Ал енді бөгелмей кетейік бұл кесірлі жерден.

Дүниязада. Иә, тағы да бір құбыжықтар келіп қалмай тұрғанда кетейік.

 

     Дүниязада жол бастап жүре жөнеледі. Оның соңынан ханзадалар аттанады, олардың соңында сәл бөгелген Арлан, авансценаның ортасында тұрған Мариоға қол бұлғап кете барады.

 

                                                                      

                                       

                                        Үшінші көрініс

 

      

      Қаһар ханның сарайы. Төрде екі үлкен тақ, олардан төмендеу жерде кішіректеу екі тақ тұр. Сарайдың іші бос, тірі жан жоқ. Кенеттен еденге төсеулі кілем көтеріліп, астынан  қақпақ айқарыла ашылып, сыртқа Дүниязада шығады. Ол жан-жағына көз тастап, содан кейін еңкейіп өзі шыққан тесікке үңіледі.

 

Дүниязада. (бәсең дауыспен)Ханзадалар! Арлан! Шығыңдар, ешкім жоқ.

 

     Ханзадалар мен Арлан бірінен соң бірі сыртқа шығып, жан-жаққа көз жүгіртеді. Дүниязада қақпақты орнына қойып үстіндегі кілемді қалыпына келтіреді.

 

Айзада. Бұл қай жер?

Дүниязада. Бұл әйгілі Қаһар ханның сарайы. Бізің жаңағы жер астымен келген жолымыз – астыртын жағдайда сарайдан қашып шығу үшін салынған жол. Бұл жолды тек ханның отбасының мүшелері ғана біледі.

Жұлдыззада. Ал сен оны қайдан біліп қойдың?

Дүниязада. (жүзін бұрып әкетіп) Мен көп нәрсені білемін. Жердің үстіндегіні де, астындағыны да.

Айзада. Солай ма?! Онда айтшы – Қаһар ханның қызы үшін сайысқа көп ханзадалар қатыса ма?

Жұлдыззада. Иә-иә, соны айтшы! Және солардың ішінде бізге қауіп төндірері бар ма?

Дүниязада. Жер бетінде кім көп - ханзада көп, олардың қайсысы сайысқа қатысатынын, қайсысы қатыспайтынын білмеймін. Бірақ Қаһар ханның қызына құда түсіп жүргендердің арасында біреуі бар, өзі алпамсадай, білегі берік, найзасы сойталдай, шоқпары адам басындай, семсері қылшылдап тұр. Ал өзі мейірім мен рақымнан жұрдай.

Ханзадалар. (жарыса сөйлейді) Кім ол, кім?! Кім деген ханзада?

Дүниязада. Ол түнерген түн асты елінің ханзадасы Түнзада. Ол қарсыласына қайырым жасамайды, сондықтан, сайысқа түсер алдында ойланыңдар. Оның қолынан мерт боласыңдар, айтпады демеңдер. Және Қаһар ханның қызы сол үшін өз өмірлеріңе қауіп төндіретіндей жан емес. Мінезі жаман, тәрбиесіз өскен, мәдениетсіз дарақы қыз.

Айзада. (қарқылдап күледі) Ха-ха-ха! Өй! Сен де соғып жібереді екенсің! Ханның қызы жаман болушы ма еді! Әсіресе ол қыз жарты хандық мүлкімен бірге ұзатылса. Мен сайысқа түсемін, ханшайымды, Қаһар ханның жарты хандығымен бірге ұтып аламын. Әлгі Түнзадаңды мына найзамның ұшына қонжитпасам Айзада атым мүлдем өшсін! (Арланның қолынан найзасын жұлып алып, Түнзаданы түйреп алғандай шошаңдатады)

Жұлдыззада. Дұрыс айтасың! Егер ханшайым жаман болса оған қоса хан жарты хандығын берер ме еді. Мен де сайысқа түсемін, ханның қызы мен жарты хандығын ұтып аламын. Түнзада ма, Мұңзада ма, кім боса о болсын – мына шоқпарыммен басының мылжа-мылжасын шығарамын! (Арланнан шоқпарын алып шыр көбелек айналдырып шошаңдатады)

Дүниязада. Еріктерің өздеріңде – сол жаман қызға бола бастарыңды бәйгеге тігетін екенсіңдер – жол болсын. Тек бір айтарым – ханның жарты мүлкі болмағанда ол қыздың өту-өтпеуі неғайбыл.

Арлан. Ал мен болсам, Қаһар ханның қызы үшін сайысқа түспес едім. Мен... мен...

Айзада. Ей, атқосшы! Жөніңді біл! Сен үшін бұл жерде сөз қозғаудың  да қажеті жоқ. Ұмытпа – сен тек ханзадалардың атқосшысың.

Жұлдыззада. Иә, орныңды біл! Ұмыттың ба – сайысқа біз тәрізді хан текті төрелер ғана қатысады.

 

     Арлан бірдеңе айтқысы келеді, бірақ осы жерде Дүниязада терезені ашып жібереді де сырттан халықтың шуласқан дауыстары естіледі.

 

Уәзірдің дауысы. Оу, халайық, халайық! Тынышталыңдар! Аса мәртебелі, жер бетінде теңдесі жоқ, ең дәулетті, ең әулетті Қаһар ханның жарлығы бойынша ай мен күндей сұлу ханшайымның қолы үшін сайыс жүріп жатыр. Әзірше аман келе жатқан түн асты елінің ханзадасы Түнзада. Ол бірсыпыра қарсыластарын о дүниеге аттандырып үлгерді. Естеріңе салайын - сайысқа қатысушылардың жекпе-жек шайқасы үш кезеңнен тұрады. Екі кезеңдегі қару-жарақты олар өзара келісіп таңдайды. Егер осы екі кезеңнен сайыскерлер аман шығып итжығыс болса, үшінші кезеңде олар еш қарусыз белдесіп күреседі. Кімнің жамбасы жерге тиеді – сол ұтылды деп саналады да сайыстан шығып қалады. Жеңгені келесі сайыскермен шайқасады. Сөйтіп, ақыры бүкіл сайыстың жеңімпазы анықталады. Яғни, соған ханның қызы мен жарты хандығы бұйырады. Ал, енді түн асты елінің ханзадасы Түнзадамен жекпе-жекке шығу кезегі мұхит жағалауындағы елдің ханзадасы Мұхитзадаға бұйырды.

 

      Ханзадалар ортаға шығып халықтың оларды хошеметтеп шуласқан дауыстары естіледі.

 

Уәзірдің дауысы. Ханзадалар дайын ба?

Түнзаданың гүжілдеген дауысы. Атақты түн асты елінің ханзадасы Түнзада қарсыласының басын допша домалатуға дайын!

Мұхитзаданың дауысы. Мұхит жағалауындағы елдің ханзадасы Мұхитзада  қарсыласының басын алуға дайын!

Уәзірдің дауысы. Онда бастаңдар!

 

     Гонг дыбысы шығысымен Түнзаданың «Түнерген түн!» деп, Мұхитзаданың «Толқыған мұхит!» деп ұрандаған дауыстары естіледі де ханзадалардың  семсерлері бір біріне қайралып шақыр-шұқыр етеді.

 

Айзада. Сайыс жүріп жатыр. Мен кеттім. Дүниязада, сыртқа қалай шығуға болады? (қару-жарағын түзеп орнынан қозғалады)

Дүниязада. Әне, ана есік арқылы шығасың. (Айзада кетеді)

Жұлдыззада. Иә, мен де кеттім. Атқосшы-еке, Дүниязаданы саған тапсырдық!

Дүниязада. Ал,  ханзадалар, сендерге сәт тілейміз.

Арлан. Иә, және бір-біріңізбен шайқасатын болсаңыздар мейірімді болыңыздар.

 

     Ханзадалар бас изесіп кетеді.

 

Арлан. Ал біз не істейміз?

Дүниязада. Сен осы жерде тұра тұр, мен қазір келемін. Тек осы жерден ешқайда кетпе, жарай ма?

Арлан. Жарайды, кетпейін. Ал саған жол болсын?

Дүниязада. Қазір өзің бәрін көресің, тек сәл шыдай тұр. (кетеді)

Арлан. (жалғыз қалысымен сарайдың ішінде ерсілі-қарсылы жүріп көрермендерге бұрылып өзімен өзі сөйлеседі) Міне, ойынның мәресіне де жетіп қалдым, ал бірақ ең басты сайысқа қатыса алмаймын. Өйткені, Қаһар ханның қызы мен жарты хандығы үшін сайысқа тек хан текті төрелер, сұлтандар мен ханзадалар ғана қатыса алады. Және әлгі Дүниязада бейнелеген дарақы қыз үшін өз өміріме қауіп төндіргім келмейді. (пауза) Сонда не? Мен ойынымды аяқтамай жатып ұтылғаным ба? (сыртта өтіп жатқан сайысқа қатысқан ханзадалардың ышқынғаны, жұрттың кеукеулеп шуласқан дауыстары сәл ғана білініп тұрады, Арлан бір мезетте құлағын түріп, терезеге жақындап келіп сыртқа көз тастайды)

Уәзірдің дауысы. Түн асты елінің ханзадасы Түнзада тағы бір қарсыласын жеңді. Мұхит жағалауы елінің ханзадасы Мұхитзада оның қолынан мерт болды. Ендігі кезек ай асты елінің ханзадасы Айзадаға келді! Сайыскерлер шайқасқа дайын ба?

Түнзаданың гүжілдеген дауысы. Түнзада тағы бір қарсыласының басын допша домалатып түсіруге дайын!

Айзаданың шіңкілдеген дауысы. Айзаданың найзасы қарсыласын түйреп көтеруге әрдайым даяр!

Уәзірдің дауысы. Онда бастаңдар!

 

    Түнзада «Түнерген түн!» деп, Айзада «Туған ай!» деп ұрандап шайқаса кетеді де, тағы да қарудың тарс-тұрс дыбысы естіледі. Арлан шайқас немен тынады екен деп терезеден қарап тұрады.

 

Арлан. (халықтың гу еткен дауысы естілісімен екі қолымен басын ұстай алады) Ой-бу! Біреуді найзаңмен көкке көтерем деп жүргенде, кеттің-ау өзің біреудің найзасының ұшында, Шопан достым!

Сырттан естілген дауыстар. Жаса Түнзада! Жаса! Тағы бір ханзаданы мерт қылдың!

Арлан. (өңі бұзылып кетіп, терезеден шегініп сарайдың ішін кезіп кетеді) Әй, Шопан-ай, Шопан! Қалай ғана сен мына алпамсадай Түнзаданы жеңем деп ойладың, ә? Әй Айзада-ай, Айзада! 

 

      Дүниязада қайтып келеді. Оның үстінде жарқыраған, алтын мен күміспен әрленген ханшайымның киімі, басындағы сәукелесі маржан моншақпен әшекейленген, құлақтарында алтын сырға, саусақтарында асыл тасты алтын жүзіктер.

 

Дүниязада. «Айзада» дедің бе? Оған не болды?

Арлан. (аң-таң) О-о! Сіз кім... сіз кім боласыз?.. (тесірейіп қарап тұрып таниды) Дүниязада?! Сенбісің?

Дүниязада. Мен ғой. (терезе жақты нұсқап) Айзадаға не болды? Аман ба өзі?

Арлан. О Тәңірім! Танымай қалдым ғой! Мынадай киім! Мынадай асыл тастар!

Дүниязада. (үні қатал шығады) Айзадаға не болды деймін?!

Арлан. Айзадамыз мерт болды. Түнзаданы найзаға түйіремін деп жүргенде, өзі оның найзасына тап болды.

Дүниязада. М-м... солай болды де. Ал Жұлдыззада ше? Ол аман ба?

Арлан. Әзірше аман көрінеді. Айзаданың өлімінен кейін сайыстан бас тартатын шығар. Ана Түнзадаң алпамсадай дәу ғой. Есі дұрыс адам оған қарсы шықпас. (Дүниязаданың жанына келіп оны айналып жүріп үстіндегі киімін тамашалайды) Дүниязада, мына жарқыраған асыл киімді қайдан алдың, ә?

Дүниязада. Ойланып көрші – қайдан алуым мүмкін? Ақылды, тапқыр жігіт едің ғой.

Арлан. (бір уақыт ойланады) Сен... мен бірдеңе білсем, сен, Дүниязада, Қаһар ханның қызысың. 

Дүниязада. Бәрекелді! Сен шынында да тапқыр жігіт екенсің! Енді еш күмәнім қалмады.

Арлан. Сонда... сонда әлгі жер жүзіне жар салып ұзатып жатқан қыз – сенің сіңлің бе?

Дүниязада. (бетін тыржың еткізіп айналып кетеді) Мен ол саппасты сіңлім деуге ауызым бармайды. Ол менің өгей шешемнің қызы. Сол қызы үшін өгей шешем мені сиқырлап қаңғыртып жіберді. Ол болмағанда ханзадалар қазір мен үшін сайысқа түсіп әбігер болып жатушы еді.

Арлан. М-м... енді бәрі түсінікті болды. Сонда сен не істемексің?

Дүниязада. Мен не істемекпін?.. Мен не істемекпін?! Өзің ойлашы – менің қолымда не бар?! (басындағы сәукелесін шешіп лақтырып тастайды да мүйіздерін шап беріп жұлқылайды) Мына мүйіздер болмаса бір сәрі, ханзадалары құрысын, сен сияқты бір қарапайым  саудагерге еріп кете барар едім. Ханзадалардың келіп құда түскенін де қаламас едім. Жаңағы Айзада мен Жұлдыззаданың біреуі маған ғашық болып мүйіздерден арылта ма деп үміттеніп едім, оларға ханшайым емес, ханның жарты хандығы қажет болды-ау деймін.  Ал мына түріммен мен кімге керекпін, а?! (кіші тақтардың біріне отыра кетеді, бетін басып солқылдап жылайды)

Арлан. (жерде жатқан сәукелені көтеріп, қыздың жанына келіп басына  кигізеді, арқасын сипап жұбатады) Жылама, Дүниязада. Мен енді не істеу керегін түсіндім.

Дүниязада. (өксігін басып, көз жасын сүртіп Арланға қарайды) Сен? Не істемексің сен? Сенің қолыңнан не келмек?

Арлан. Иә, мен енді түсіндім, не істеу керегін. Мен Қаһар ханның қызы үшін сайысқа түсемін. Маған енді басқа жол жоқ. Маған сайысқа түсіп әлгі алпамсадай Түнзаданы жеңіп шығу керек.

Дүниязада. (Арланға таңырқай қарайды) Түнзаданы жеңіп шығамын деймісің? Арлан, жаңа ғана өзің айтпап па едің: «Есі дұрыс адам оған қарсы шықпас» деп.

Арлан. Иә, солай дегем. Бірақ сол кезде мен не істейтінімді білген жоқ едім. Ал енді білемін. Және, ол ханзаданы күшпен емес, айламен ғана жеңуге болады. Тек айламен, шапшаңдық пен ептілікпен оның жамбасын жерге тигізуге болады. Және менің бір артықшылығым бар.

Дүниязада. Ол нендей артықшылық?

Арлан. Ол әзірше құпия, оны кезінде көресің.

Дүниязада. Иә, әр нәрсенің өзінің ебі болады. Және әр адамның осал тұстары мен артықшылығы болады, соларды дұрыс пайдалана білу керек. Жарайды, сайысқа түссең түс. Мүмкін солай дұрыс та болар. Сонау жерден бейнеттеніп келіп қалай құр кетпексің? Ал сіңлім... (киімін түзеген болып бұрылып кетеді) мүмкін онымен тіл табысып та кетерсің. Кім біледі...

Арлан. Жоқ, мен ол сіңліңмен тіл табыса алмаспын. Бірақ сайысқа түсуім керек. (үстіндегі киіміне қарайды) Алайда, мына киіммен мені сайыстың маңына да жолатпайды. Дүниязада, сен маған осы сарайдан дені дұрыс киім мен қару-жарақ тауып бере аласың ба?

Дүниязада. (жалт бұрылады) А! Ия! Тоқтай тұр, осы жерден кетпе, мен қазір келемін. (шығып кетеді)

Арлан. (тағы да ерсілі-қарсылы жүріп кетеді де, сырттан жұрттың даурыққан дауыстарын естіп терезге жақындап сайыс өтіп жатқан алаңға көз тастайды) О! Енді Түнзадаға қарсы шайқасқа Жұлдыззада шықты! Әй, ханзадам-ай, бекер, бекер сен солай істедің! Бұл алпамсаны күшпен жеңу мүмкін емес.

Уәзірдің дауысы. Енді біздің атақты Түнзадамен шайқасқа жұлдыз асты елінің ханзадасы Жұлдыззада шығады! Сайыскерлер дайын ба?

Түнзаданың гүжілдеген дауысы. Атақты Түнзада ақырғы қарсыласының басын допша домалатып түсіруге дайын!

Жұлдыззаданың шаңқылдаған дауысы. Жұлдыззаданың шоқпары қарсыласының басының мылжа-мылжасын шығаруға даяр!

Уәзірдің дауысы. Ал онда бастаңдар!

 

      Тағы да Түнзада «Түнерген түн!» деп, Жұлдыззада «Жарқыраған жұлдыз!» деп ұрандайды да шартпа-шұрт шайқастың басталып кеткені естіледі. Түнзаданың гүжілдеген дауысы Жұлдыззаданың шаңқылдағанымен алма-кезек ауысып оларға жұрттың шуылы қосылады. Арлан қозғалмастан шайқастың немен тынарын күтіп тұрады.

 

Арлан. (кенеттен бойын түзеп серпіледі) Ах! Диқан-ай, Диқан! Түнзаданың басының мылжасын шығарамын деп жүргенде өз басыңның мипалауға айналғанын білмей қалдың-ау! Әй, Жұлдыззада-ай, Жұлдыззада!

Жеке дауыстар. Әй жарайсың, Түнзада! Ақырғы ханзаданың түбіне жеттің! Қаһар ханның күйеу баласы болдың! Қызына қоса жарты хандығына ие болдың! Жаса Түнзада! Жасасын Қаһар ханның күйеу баласы!

 

Арлан. (халық тым шуласып кеткенсоң терезені жауып тастап залға бұрылады да өзімен өзі сөйлеп кетеді) Иә, Арлан, ойлан! Әбден ойлан! Бұл Түнзаданы жеңу оңайға түспес! Ана екі ханзада да осал жау емес-ті, ал бұл алпамса олардың көзін ойнап жүріп ағызды. Мүмкін сайысқа кіріспеген дұрыс болар, а? (пауза) Ал, онда Дүниязада не болмақшы? Оны осы қалыпта, мүйіздерін қарағайдай қайқайтып қалай қалтырмақсың? Және де ойынның мәресіне жақындап келіп, қалай шегініп кетесің? Не үшін онда оны бейнеттеніп құрастырдың? Қаншама уақыт компьютердің алдында көзіңнің нұрын кетіріп отырдың ғой. Неше рет тәтеңнен сол үшін сөз естідің. Неше күн аштан-аш жүріп ойындардың дискілерін сатып алдың. Не үшін сол бейнеттің барлығы? Жоқ, олай болмас! Мен ойынның мәресіне жетіп жеңіп шығуым керек! Басқа жол жоқ! Тәуекел!

 

      Дүниязада  қайтып келеді, қолында ханзадаға лайық киім, алтын жалатқан сауыт-сайман, қару-жарақ. Алтын түсті дулығаның маңдайшасына жарқыраған күн орнатылған, шағын дөңгелек қалқанда да сол күннің белгісі. Жүзі жарқыраған айбалтаны таққа сүйеп қояды. Қыз осының барлығын мана өзі отырған кіші таққа қойып, Арланға қарап терезе жақты нұсқайды.

 

Дүниязада. Сыртта не болды? Сайыс аяқталды ма?

Арлан. Аяқталды. Тағы бір ханзаданың басының мылжа-мылжасы шықты.

Дүниязада. Ол қай ханзаданың басы? Жұлдыззаданың басы болып жүрмесін?..

Арлан. Иә, Дүниязада, екінші ханзадамыздан да айырылдық. Сайыс аяқталды, Түнзада бүкіл үміткерлердің үмітін құм қылды. Тек ақырғы үміткер үмітін үзетін емес.

Дүниязада. Арлан...

Арлан. Не? Мына киім мен қару-жарақ маған ба?

Дүниязада. Иә. Арлан, енді сен күн асты елінің ханзадасы Күнзада боласың. Бірақ...

Арлан. (ханшайымның ұсынған киімдерінің ішінен маңдайшасында жарқыраған күні бар дулығаны алып басына киеді) Күнзада деймісің?

Дүниязада. Иә, Күнзада. Бұл өзі соған арнап тігілген киім еді, соған арнап дайындалған сауыт-сайман еді, соған арнап соғылған қару-жарақ еді. Тек қана сол ханзада келмей қалды.  Қанша тостым – келмеді.

Арлан. Неліктен келмеді екен ол ханзада?

Дүниязада. Кім білсін? Мүмкін жер жүзін кезіп жүріп өзін осында сарғайып тосып отырған жан бар екенін білмеген де шығар. Мүмкін ондай ханзада жер бетінде жоқ та шығар... кім білсін?

Арлан. (ханзаданың киімін киіп жатып, сауыт-сайманы мен қару-жарағын асынып жатып, өзінің бір ойына шомып кетіп қыздың сөзінің астарында не  жатқанын сезбейді) Дүниязада, сөзің жұмбақтанып кетті ғой. Жер жүзін кезіп жүрген ханзада содан кейін жер бетінде болмай шығуы мүмкін бе?

Дүниязада. Иә, мүмкін. Егер ол ханзада тек қана біреудің қиялында жер жүзін кезіп жүрсе...

Арлан. Түсінбедім. Кімнің қиялында?

Дүниязада. Арлан, сенің ойың басқа жерде-ау деймін. Меніңше, сенің есі-дертің әлгі алпамсадай Түнзадамен болатын шайқаста. Олай болмағанда сен мені бірден түсінер едің.

Арлан. (қызға тесірейіп қарап тұрып) Иә, Дүниязада, сен дәл айттың – менің есі дертім келешек шайқаста. Ал мен сенің жұмбағыңды енді түсіндім. Күнзада – тек сенің қиялыңдағы ханзада.

Дүниязада. Иә, Арлан, сен өте ақылды жігітсің. Әттең, тегің төре емес. Мен осы Күнзаданы ойлап таптым, ол менің арманым еді. Мен оны көп тостым, тоса-тоса сарғайдым. Әйтеуір бір келетін шығар деп сол үшін осы асыл киім тіктім, сауыт-сайман дайындатқыздым, қару-жарақ соққыздым. Бірақ ол со бойы келмей қалды.

Арлан. Жоқ Дүниязада! Ол келді! Кешіксе де келді сенің Күнзадаң! (киімін толық киіп, сауыт-сайманы мен қару-жарағын асынып болып, бойын түзеп қыздың алдына келіп тұрады) Сенің қиялыңда туған ханзадаң алдыңда тұр.

Дүниязада. (жақындап келіп Арланның алдына тоқтайды да бір мезет екеуі бір-біріне үнсіз қарасып тұрады) Арлан...

Арлан. Енді баяғы атқосшы Арлан жоқ, енді күн асты елінің ханзадасы Күнзада бар. Ол Қаһар ханның қызы үшін сайысқа аттанайын деп тұр.

Дүниязада. Күнзада, бармашы! Қойшы, қайтесің сол жаман ханның хаман қызын. Ол жерде сен ешқашан бақыт таба алмайсың. Байлық пен атақ жүрген жерде бақыт болмайды, оны мен баяғыда түсінгем. Бақытсыз өмір кешіп хан сарайында тұрғанша, бақытты болып өмір бақи кедейдің қара қосында отырғаның артық. (Арланның бір қолынан ұстап едендегі есікке қарай тартады) Арлан! Жүр, кеттік! Бұл алтын жалатқан сарайда біз сияқты жандарға орын жоқ! Жүр, кеттік! Мен енді түсіндім – маған ханзаданың еш керегі жоқ. Маған өзің сияқты қарапайып болса да ақылды, тапқыр және сезімтал жігіт керек. Жүр, кетейік! Келген ізімізбен сол кең әлемге қайтайық, саяхат құрайық, жер көрейік, сосын әлемнің бір пұшпағында кедейдің қара шаңырағын көтерейік. Сен аң аулайсың, мал өсіресің, сауда жасайсың, мен үй шаруасымен айналысамын, алтын-күміссіз де, асыл тассыз да, ханның жарты мүлкісіз да бақытты өмір сүреміз.

Арлан. (тұрған орнынан қозғалмайды, қолын қыздың қолынан босатып алады) Жоқ, Дүниязада! Мен әлгі жаман ханның жақсы қызы үшін сайысқа түсуім керек, сол үшін қасық қаным қалғанша шайқасуым керек. Онсыз осы елден кетпеймін.

 

     Дүниязада бір уақыт тұрады да, үнсіз басын изеп теріс бұрылып кетеді. Көз жасын сүртіп бара жатады.

 

Арлан. (қыздың соңынан ұмтылып, иығынан тартып өзіне қаратады) Дүниязада! Жылама! Мен әлгі сенің дарақы сіңлің үшін шайқасайын деп тұрған жоқпын.

Дүниязада. (жылап тұрып сөйлейді) Онда кім үшін? Кім үшін?! Мен сені түсінбедім, Арлан!

Арлан. Өзің ойлашы, Дүниязада! Ақылды, тапқыр қыз едің ғой! Қаһар ханның басқа да қызы бар емес пе еді.

Дүниязада. (қуанып кетіп жігітті бас салады) Шын ба?! Сен мен үшін Түнзадамен шайқасайын деп тұрсың ба, Арлан?

Арлан. Түнзадамен шайқасқа атқосшы Арлан емес, күн асты елінің ханзадасы Күнзада шығайын деп тұр! Ұмытыпа, менің ақылды ханшайымым!

 

    Осы жерде үлкен қақпа айқарылып ашылады да сарайға ханның уәзірі кіреді. Арлан мен Дүниязада жасырынады.

 

Уәзір. Аса мәртебелі, дүние жүзіндегі ең күшті, ең бай, ең әулетті де дәулетті Қаһар хан мен оның аса мәртебелі бәйбішесі Қамал ханшаханым! Және ай мен күндей сұлу Салтанат ханшайым мен кішкентай мұрагер ханзада Манат! Және ханымыздың жаңа күйеу баласы, түн асты  елінің ханзадасы Түнзада!

 

     Уәзір иіліп тағзым етеді де жол беріп ығысады. Қаһар хан, оның жанында Қамал ханшаханым, олардан кейін Салтанат ханшайым мен Түнзада, олардың соңында тәрбиеші әйелдің жетегінде  Манат ханзада келеді. Қаһарды Жапарды ойнайтын актер, Қамалды – Самалды ойнайтын актриса, Салтанатты – Жанатты ойнайтын актриса, Манатты – Қанаттың рөлін атқаратын актер, тәрбиеші әйелді Мәриәм мұғалиманың рөлін атқаратын актриса ойнайды. Хан мен ханшаханым үлкен тақтарға, ал ханшайым мен мұрагер ханзада кішірек тақтарға жайғасады. Түнзада Салтанат ханшайымның жанына тоқтайды, ал тәрбиеші әйел Манат  ханзаданың тағының жанына келіп тұрады. Хан отбасының мүшелерінен кейін  сарайға ақ сәлделі хазіреті молда, нөкерлер, меймандар, түрлі-түрлі  киім киген шетел елшілері келеді. Нөкерлер тақтарды қоршап тұра қалады, ал меймандар мен елшілер сахнаның алдыңғы жағына, жүздерін тақта отырғандарға қаратып тұрады. Күнзада мен Дүниязада жасырынған жерінен шығып меймандармен араласып кетеді.

 

Уәзір. (ортаға шығып) Оу, халайық! Біздің теңдесі жоқ Қаһар ханымыздың жарлығы бойынша өткізілген сайыс аяқталды. Сайыстың жеңімпазы, түн асты елінің ханзадасы Түнзадаға  ай мен күндей сұлу Салтанат ханшайыммен бірге жарты хандықтың жерлері мен дүниесі табыс етіледі. (ханға иіліп тағзым етіп шегініп кетеді)

Қаһар. Салтанат! Түнзада! Шығыңдар ортаға! Хазіреті молдамыз да шықсын, осы жерде екі жастың некесі қиылсын.

Күнзада. (меймандардың арт жағынан айқай салады) Дат, тақсыр! (халық гу етіп жалт қарасады)

Қаһар. (қабағын түйіп дауыс шыққан жаққа қарайды, ханшаханым елең етеді, және осы жерде жұрт жым болып сарайдың іші тыныштыққа бөленеді) Әй! Кім өзі бұл салтанатты отырыстың шырқын бұзған?

Күнзада. Мен - күн асты елінің ханзадасы Күнзада!

 

     Меймандар тобы қақ  жарылып Күнзадаға жол береді. Ол  тақта отырғандардың алдына жақындай бере ханға тағзым ету үшін бір тізесін бүге бастайды да кенеттен бойын түзеп алады.

 

Күнзада. Папа?! (ханға қарай ұмтылады, бірақ алдында тұрған нөкерлер найзаларын айқастырып жолын бөгейді) Папа!

Марио. (әдеттегідей авансценамен жүгіріп өтеді) Арлан! Есіңді жи! Бұл сенің әкең емес! Сен ойын ішінде жүргеніңді ұмыттың ба?!

Қаһар. Астафиралла! Мені! - мұсылман елінің ханын, шоқынған насаралардың басшысы Папаға теңеген бұл нендей бейбақ?!  (нөкерлеріне) Ұстаңдар! Матаңдар! Әкетіңдер! Тапсырыңдар жендетімнің қолына! Алсын басын!

 

      Нөкерлер Арланның қолдарын қайырып кісендейді.

 

Күнзада. Дат тақсыр! Сіз дұрыс естімедіңіз. Мен сізге папа деген жоқпын. Мен бата дедім, сізден бата тіледім.

Қаһар. Қайдағы бата?

Күнзада. Тұңғыш қызыңыз, Дүниязада сізге сәлем айтты! Сол сіздің батаңызды ал деген.

Қамал. (орнынан атып тұрады) Өтірік! Бұл анық өтірік! Ханның тұңғыш қызы жоқ, ол баяғыда өлген!

Қаһар. (Күнзаданы қақпа жаққа сүйрей жөнелген нөкерлеріне) Тоқтаңдар! Босатыңдар! Бұл жігіт менің тұңғыш қызым Дүниязада жөнінде жақсы хабар әкелген көрінеді. (нөкерлер Күнзаданың қолдарын босатып ханның алдына алып келеді) Ия, сөйле, екі құлағым сенде – Дүниязаданы қайда көрдің?

Күнзада. Біз бір ну орманның қақ ортасында кездестік. Менің сіздің жарлығыңыз бойынша өткізілетін сайысқа бара жатқанымды естіп сәлем айта бар деп өтінді. Және хан әкемнің батасын ал деді.

Қаһар. Өзі аман-сау ма?

Күнзада. Аллаға шүкір, аман!

Қамал. (беті аппақ қудай болып кетеді) Ия, сосын не болды? Не деді ол?

Күнзада. Сізге сәлем айтты. «Мен өзіме ғашық болған ханзада тауып алдым, енді жақын арада үйге оралам», - деді.

Қамал. М-м... солай ма...

Қаһар. Жігітім, сен жақсы хабар әкелдің. Өлді деген қызымды тірілттің. Сүйіншіге не сұрайсың?

Күнзада. Ештен кеш жақсы демекші, сіздің қызыңыз бен жарты хандығыңыз үшін сайысқа қатысуға рұқсат етіңіз.

Қамал. (тағы да орнынан атып тұрады) Жоқ, болмайды! Сайыс аяқталды, жеңімпаз анықталды. Кеш қалдың, жігітім!

Қаһар. (қолын көтеріп шуласып кеткен меймандарды тәртіпке шақырады) Тынышталыңдар! (Қамалға) Сәл кешіккені айып емес – оның есесіне жақсы хабар әкелді. Және біз әлі Түнзада мен Салтанаттың некесін қиған жоқпыз, жарты хандықты растайтын құжат жазған жоқпыз. Сондықтан рұқсат беремін – бұл ханзада да бағын сынап көрсін. Түнзада! Тағы бір үміткермен шайқасқа шығасың ба?

Түнзада. (ілгері шығады) Неге шықпайын? Егер бұл жаман неме о дүниеге аттануға үміттеніп тұрса, барсын, үзбейін үмітін. (қарқылдап күледі, тұрған жұрт оған қосылады, бірақ хан тағы қолын көтеріп күлкіні басады)

Қаһар. (Күнзадаға) Ал, Күнзада, мына Түнзадамен шайқасуға жүрегің дуаламай ма?

Күнзада. Иә, тақсыр, мен шайқасқа дайынмын.

Қаһар. Бәрекелді! (меймандарға) Ал, неғып тұрсыңдар?! Сайыскерлерге орын босатыңдар.

 

     Ортадан босаған орынға Түнзадамен Күнзада шығып бір-біріне қарама-қарсы келіп тоқтайды.

 

Уәзір. Хан-иемнің теңдесі жоқ қызы мен хандықтың қақ жартысына таласқан сайыскерлер түн асты елінің ханзадасы Түнзада мен күн асты елдің ханзадасы Күнзада. Ханзадалар дайын ба?

Түнзада. (семсерін жарқылдатып) Атақты Түнзада тағы бір соры айдап әкелген қарсыласының басын допша домалатуға дайын.

Күнзада. (қарусыз қолын көтеріп) Атағым шықпаса да қарсыласымның жамбасын жерге тигізуге дайынмын. Оның басын алып қайтейін – бір өзіме бір бас жеткілікті!

Уәзір. Бәрекелді! Онда бастаңдар!

 

     Түнзада «Түнерген түн!» деп ұрандап ілгері ұмтылады. Оның семсері жарқ-жұрқ етіп Күнзадаға төнеді, ал ол «Күншуақ!» деп ұрандап, семсерін жалаңаштап қарсыласады.

 

Марио. (авансценамен жүгіріп өтіп айқайлайды) Арлан! Сенде қазір үш өмір бар, сонда да абайла – Түнзада фехтованиені әбден игеріп алған!

 

     Күнзада қарсыласып бағады, бірақ Түнзада оның қылышын қағып жіберіп, мойнын тіліп жібіреді. Халық шу етіп, жерге құлап түскен Күнзаданы қоршап алады. Түнзада семсерін қынабына салып, белінен ағытып атқосшысына береді де тақта отырғандарға қарай беттей бергенде қоршап тұрған топты жарып сап-сау Күнзада шыға келеді. Оның қолына Дүниязада айбалтаны ұстатады.

 

Қамал. (орынан атып тұрып айқайға салады) Сиқыр! Анық сиқыр! Нөкерлер! Матаңдар, байлаңдар мынаны!

Қаһар. (Күнзадаға ұмтылған нөкерлерін тоқтатып қолын көтереді) Тоқаңдар! Тиіспеңдер, жекпе-жек жалғассын!

Түнзада. (төніп келе жатқан қарсыласына бұрылып бір сәт таңырқап тұрып қалады) Ә?! Бұның мойынын жаңа ғана қиып түсірмеп пе едім?!

 

     Сөйтіп Түнзада да атқосшысы ұсынған айбалтасын алып Арланға қарсы шығады. Екі айбалта бір-біріне соғылған кезде Күнзаданың қаруы қолынан ұшып түседі де Түнзада оны шауып құлатады. Халық тағы да шуласып Күнзаданы қоршап алады. Бірақ көп ұзамай ол тағы да топтың ішінен аман-сау шығады.

 

Түнзада. (қарсыласының шаруасы бітті дегендей айбалтасын атқосшысына қайтарып береді де ханға бұрылады) Тақсыр, енді қандай сиқыры болса да жатқан жерінен тұрмайды! Менің айбалтам тиген жетін жайратып тастайды.

Қаһар. (Күнзаданың Түнзадаға ұмтылғанын көріп) Асықпа, ардақты ханзадам. Қарсыласың сап-сау, аман-есен.

Түнзада. (Күнзадаға бұрылады, жүзінде абыржу нышаны пайда болған) Әй! Мынау адам емес - шынында да сиқырлы жын екен.

Күнзада. Ешқандай сиқыр жоқ – мен дәл өзіңдей адам баласымын. Тек бір айырмашылығым – мен сен сияқты біреудің жанын алуға әуес емеспін. Сондықтан періштелер мені әрдайым қорғап жүреді. Ал, енді кел, бел байласып ұстасайық. Қазақша күресте күш салыстырайық.

 

      Күнзада сауыт-сайманын шешіп күреске ыңғайланады, Дүниязаданың топтың арасынан берген аппақ орамалын беліне байлайды, ал Түнзада өзінің беліне Салтанат ханшайым берген қап-қара орамалды байлайды. .

 

Марио. (әдеттегідей авансценамен жүгіріп өтіп ескерту жасайды) Арлан, абай бол! Бұл гүжбанның қолына түсуші болма – екі бүктеп бел омыртқаңды сындырады!  

Уәзір. ( қолын сермеп қалып) Бастаңдар!

 

     Гонг дыбысы шығысымен Түнзада сүзеген бұқадай қарсыласына ұмтылады, оны ұстап алам деп  қолдарымен қармайды, бірақ Күнзада шапшаң да епті, шыр көбелек айналып Түнзаданың әр жер-әр жерлерінен тартып жұлқылайды. Сарайда тұрғандар дымдарын ішіне тартып күрестің немен бітетінін тосып, сайыскерлердің әр қимылын аңдып, Түнзада қолын қармаған сайын «ах!» ұрып, Күнзада шапшаң қимылдың арқасында құтылып кеткен сайын «у-ух!» деп демдерін алып тұрады. Алып денелі Түнзада лезде демы бітіп ентігіп қалады, ол ағыл-тегіл қара терге малшынады, аяқ басысы баяулап тәнтіректей бастайды, қолдарының қимылы бәсеңдеп, әлі құрығаны байқалады. Ақыры Күнзада ебін тауып оны жамбасқа салады да алып ұрып жерге жастайды. Тұрған халық гу етіп шуласып кетеді.

 

Күнзада. (орнынан атып тұрып, екі қолын көкке тігіп бір орнында секіреді) Ура-а! Ура-а! Айтпадым ба – жамбасын жерге тигізем деп!

Халайық. Жарайсың Күнзада! Жарайсың! Сен бүгінгі сайыстың жеңімпазы атандың! Енді ханшайым мен ханның жарты хандығы сенің еншіңе тиеді.

Уәзір. (Күнзаданың оң қолын жоғары көтеріп, Қаһар ханның алдына жетелеп апарады) Жеңіс мына ханзаданікі, тақсыр!

Қаһар. Бәрекелді! (орнынан тұрып ілгері шығып Күнзаданы құшағына алып тақта отырған қызына бұрылады) Ал, ендеше, менің жарлығым бойынша саған мына қызымды тарту етемін. Оған қоса жарты хандығымды беремін. (уәзіріне) Жарты хандығымды мына Күнзадаға бекіту жөнінде құжат дайында.

Уәзір. Құп болады! (анадайда тұрған хатшысына жақындап барып) Кәне, былай деп жаз...

 

     Хатшы қағазы мен қаламын ыңғайлап уәзірдің айтуымен құжат жаза бастайды.

 

Күнзада. Тақсыр, мен осы сайысқа түскенімде сіздің жарты хандығыңыз үшін түскен жоқпын. Мен сіздің қызыңызға ғашық болдым, сол үшін де сонау жердің қиырынан сапар шегіп келдім.

Қаһар. О! Бәрекелді, бәрекелді! Оның дұрыс қой, тек мен өз сөзімді жерге тастамаймын. Айтым ба – айтқаным болады! (уәзір мен хатшыға) Жазыңдар менің үкімімді! Дайындаңдар құжатты! (тақта отырған қызына) Қызым, кел, жақында. Мына Күнзадаға қолыңды өзім ұстатайын. (Салтанат ханшайым ыржалаңдап әкесінің жанына келеді, хан оның қолын Күнзадаға ұстатпақшы болады, бірақ Күнзада қыздың қолын алмайды)

Қаһар. (ашуланып) Әй, Күнзада! Сен не – менің қызымды менсінбей тұрғаннан саумысың?

Күнзада. Тақсыр, мен сайысқа бұл қызыңыз үшін түскен жоқпын. Бұның орнында сіздің тұңғыш қызыңыз тұруы керек еді. (артына бұрылып) Дүниязада! Кел, ортаға шық, енді сенің уақытың да келді.

 

      Дүниязада ортаға шығады да Күнзаданың қасына келіп тоқтайды. Ханзада оның қолын алып ханға бұрылады. Қамал ханшаханым шыдай алмай, олардың жанына жетіп келеді.

 

Қамал. Сиқыр! Жала! Өсек! Бұл ханның тұңғыш қызы емес – ол қызды баяғыда бір дәу жеп қойған!

Күнзада. Сабыр етіңіз, мәртебелі ханшаханым! Сіздің сиқырлап, сосын сандыққа отырғызып кеткен дәуіңіз сол сандыққа қайтадан түсіп қалды, ол онда әлі отыр.

Қамал. Ах! Солай ма еді?! (үндемей қалады)

Күнзада. (ханға бұрылады) Тақсыр, мына Дүниязада ешқандай сиқыршы емес, ол сіздің нағыз тұңғыш қызыңыз.

Қаһар. (Дүниязадаға жақындап келеді, қыз әкесінің құшағына енеді, хан оның басындағы сәукелені сипайды да астындағы мүйіздерді сезеді) Иә, бұл менің тұңғыш қызым Дүниязада екеніне менің көзім жетіп тұр. Бірақ ол...

Күнзада. (ханшаханымға көз тастап) Иә, сізге бір адам оны бұл дүниеде жоқ деп айтқан болар. Алайда, өзіңіз көріп тұрсыз – Дүниязада тірі, міне, алдыңызда тұр. Ал енді кімді маған ұсынасыз? Мына кіші қызыңызды ма? Әлде тұңғыш қызыңызды ма? Рет, жол кімдікі осы жерде?

Қамал. Тақсыр! Хан ием! Есіңізге сала кетейін – сіздің жарлығыңызда Дүниязаданың есімі жоқ. Ал сіз, жаңа ғана өзіңіз айттыңыз, ешқашан екі сөйлемейсіз.

Қаһар. Иә, мен екі сөйлемеймін. Алайда, менің жарлығымда кіші қызым Салтанаттың да есімі аталмаған. Менің жарлығымда тек «қызымды, ханшайымды жарты хандығыммен қоса беремін» делінген. Ал Дүниязада менің қызым емес пе?! Ол ханшайым емес пе? Және біздің ата заңымыз бойынша жарты хандық тек тұңғыш қыздың еншісіне беріледі. Кіші қызға ол енші тек әпкесінің қазасынан кейін бұйырмақ.

Күнзада. Иә, сондықтан да мен сізден дәл осы тұңғыш қызыңыздың қолын талап етемін.

Қамал. Әй, аңқау жігітім-ау! Бұл сиқыршы сенің басыңды әбден айналдырып тастаған екен. Алайда сен оның құпиясын білмейсің. Міне қара – енді кімді таңдайды екенсің?! Екі ханшайымның қайсысын талап етер екенсің?! (Дүниязаданың басындағы сәукелені жұлып алады, қыз мүйіздерін бір қолымен көлегейлеп, екінші қолын сәукелеге созады, ал Қамал оны жоғары көтеріп бұлғап мазақ қылады. Халық қыздың басындағы мүйіздерді көрісімен шу етеді де іле «енді не болады екен?» дегендей тыныштала қалады)

Қамал. (сықылықтап күліп) Хи-хи-хи! Қараңдар! Басындағы мүйізі қарағайдай бола тұра дәмесі жаман емес – сайыстың жеңімпазы атанған ханзада керек бұған. (меймандарға бұрылып) Ау, халайық! Енді өздеріңіз айтыңдаршы – кім мүйізі бар ханшайымды  алуға келіседі? Ешкім келіспейді! Сондықтан...

Күнзада. Жоқ, қателесесіз, мәртебелі ханшаханым! Мен келісемін! (Қаһар ханның алдына бір тізесін бүгіп басын иеді) Тақсыр! Мен  сізден дәл осы қызыңыздың қолын сұраймын. Кіші қызыңызды алмаймын, тіпті оған қоса тұтас хандығыңызды берсеңіз де керегі жоқ.

Дүниязада. (ол да тізерлей отыра кетеді) Тақсыр, хан-әкем, менің қолымды мына ханзадаға табыс етуіңізді сұраймын. Ал егер осы өтінішімді орындамасаңыз мен өмір бақи мүйізді қыз боп өтпекпін.

Қаһар. Әй, балаларым-ай! Сендердің өтініштеріңді орындамайтын мен жауыз ба екем! (Күнзадаға) Сонымен, ханзада, сен Дүниязаданы қалап тұрсың, иә? Оның мына мүйіздеріне қарамастан алуға бел байладың ба?

Күнзада. Иә, байладым. Тәуекел!

Қаһар. Бәрекелді! Онда бердім батамды. Бақытты болыңдар! (екі жасты орнынан тұрғызып қолдарын бір-бірне ұстатады да меймандарға бұрылып) Ал, құрметті меймандар мен шет мемелекет елшілері! Куәгер болыңдар! Мен тұңғыш қызым Дүниязаданы мына Күнзадаға ұзатуға келістім. Бақытты болыңдар! Үбірлі-шөбірлі болыңдар! (уәзіріне) Құжат даярланды ма?

Уәзір. Иә, хан ием. Тек қолыңызды қойыңыз да  мемлекеттік мөрді басыңыз. (құжатты ханға табыс етеді)

Қаһар. (құжатқа қолын қойып, мөр басып Күнзадаға ұстатады)  Осы күннен бастап хандығымның жарты жері мен суын, дүние-мүлкін Дүниязада екеуің иемденесіңдер.

Күнзада. (құжатты алып) Рахмет, тақсыр! Аллаһ сізге разы болсын деп тілеймін. Ал енді маған қызыңыздың мүйіздерін сүйуге рұқсат етіңіз.

Қамал. Жо-жоқ! Тақсыр, бермеңіз рұқсатыңызды! Онысы несі-ей! Бізді бүкіл халықтың алдында келемеждегені ме? Бермеңіз рұқсатыңызды!

Күнзада. Жоқ, тақсыр! Ешқандай келемеж жоқ! Мен тек Дүниязаданың мүйіздерін де дәл өзіндей сүйетінімді білдіргім келеді.

Қаһар. Жақсы. Менің сенің ниетіңе күмәнім жоқ. Сүйсең сүйе ғой.

 

      Күнзада Дүниязаданың бір мүйізін сүйеді де түсе ме екен деп оған тесірейе қарайды, бірақ мүйізі түспейді. Дүниязада мүйізін жұлқылап көреді, бірақ мүйіздің түсетін түрі жоқ. Сосын Күнзада екінші мүйізді сүйеді, алайда екінші мүйіз де міз бақпайды.

 

Дүниязада. (жыламсырап) Мүйіздерім түскен жоқ! (мүйіздерін тағы да жұлқылайды – еш нәтижесіз) Күнзада-ау, мүйіздерім түспеді ғой!

Күнзада. Сабыр ет, Дүниязада! Қазір түседі! (тағы да мүйіздерді кезек-мезек сүйеді, бірақ мүйіздер түспейді)

Дүниязада. Мүйізім түскен жоқ! Аңыз өтірік болып шықты! Өтірік! Жалған! (Қамалға) Өтірік! Сіз маған өтірік айттыңыз! Мені алдап соқтыңыз! Мүйіздер түспеді! Енді мен өмір бақи мүйізді қыз болып өтемін. (жылап жібереді)

Қамал. (қарқылдап күледі, саусағын шошайтып өгей қызының мүйіздеріне кезейді) Ха-ха-ха! Мүйізі түскен жоқ! Ха-ха-ха! Аңыз өтірік! Өтірік! Жалған! Ха-ха-ха!

Дүниязада. (өгей шешесін бас салып жұлқылайды) Сіз осының бәрін істеп жүрген! Сіз нағыз сиқыршы мыстансыз!

Қамал. (итеріп жібереді, Дүниязада шегіншектеп кетіп құлай жаздайды) Әй, байқап сөйле сөзіңді! Менің не кінәм бар? Аңыз солай деген, оның жалған болатынын мен қайдан білейін. Алайда, егер мүйіздерің түспесе... онда пәленің бәрі мына ханзадада болар. Мүмкін ол саған ғашық емес шығар. Мүмкін ол тек сенің еншіңе тиетін жарты хандықты көздеген шығар. Мүмкін ол тіпті  ханзада емес шығар? Қаңғырып жүрген біреуді алып келіп «ханзада, Күнзада!» деп біздің басымызды қатырған өзің, ал енді өз обалың өзіңе! Нағыз тума төре, хан текті ханзада болғанда мүйізің түсіп те қалар еді.

Дүниязада. А! Солай ма?! (Күнзадаға бір сәт қарап тұрып қалады да жігіт оған ұмтылған кезде одан безіп кері шегінеді) Жо-жоқ, жолама! Жалған! Барлығы жалған! Біз тағдырымызды алдаймыз деп ойладық, алайда оны алдай алмайсың! Міне, сенің төре емесің білініп қалды емес пе!

Күнзада. Дүниязада, тыңдашы! Ия, мен ханзада емеспін. Бірақ мен сені шын сүйемін. Мен сені мүйізіңмен бірге алуға дайынмын. Маған сен солай да ұнайсың.

Дүниязада. Жоқ! Олай емес! Сен мені аяп айтып тұрсың! Маған сенің аяғаның керек емес. Маған... маған... мен... О-о! Мен бір бақытсыз жанмын. Мен енді осылай жалғыз өтемін. Мен енді адам аяғын баспайтын жаққа, барса келмеске кетемін, мен енді еш адамның көзіне көріне алмаймын! Қош! Қош болыңдар! (жүгіре басып сарайдан шығып кетеді)

Күнзада. (оның соңынан кетіп бара жатып) Дүниязада! Тоқта! Тоқтай тұр! Мен сенімен бірге кетемін! Мен сенімен бірге боламын! (қолындағы құжатты тастай салады, оны уәзір көтеріп алады)

Қамал. (Қаһар ханға) Ал, тақсыр, не істейміз? Тұңғыш қызың барса келмеске кетті. Ол енді бізге жоқ. Яғни, мына кіші қызыңызды ұзатыңыз.

Қаһар. (иықтарын қиқаң еткізеді) Ұзатсақ - ұзатайық. Алайда, бұл қызды кімге ұзатамыз? Әлгі жалған ханзада да кетіп қалды ғой...

Түнзада. (ілгері аттайды) Тақсыр, маған ұзатыңыз!

Қаһар. (күрсініп қойып) А?.. иә, иә, онда солай-ақ болсын. (ханшаханымға) Ал, ұстат қызыңның қолын мына ханзадаға.

 

      Қамал қуана-қуана қызын жетелеп әкеліп Түнзадаға ұсынады, ол қыздың қолын алады.

 

Қамал. Тақсыр, ал қызымызбен қоса беретін жарты хандығыңыз қайда? Үкіміңізді растайтын құжат бермейміз бе бұл екі жасқа?

Қаһар. (уәзіріне) Әкел бері құжатты.

Уәзір. (құжатты ханға ұсынып жатып) Мінеки, хан ием. Бірақ... Тақсыр, бұл құжат бойынша жарты хандығыңыз жаңағы Күнзада мен Дүниязаданың еншісіне берілуге тиісті.

Қамал. Онда бұл құжатты жыртып тастаңдар да басқа құжат дайындаңдар!

Қаһар. Бұ не дегеніңіз, мәртебелі ханшаханым? Ханның қолы қойылып, мемлекеттік мөр басылған құжатты жыртуға бола ма екен?! Жоқ! Бұл құжат күшіне енді, заң бойынша оны менің өзім де өзгерте алмаймын. (уәзірге құжатты қайтарып беріп) Мына құжатты иелеріне апарып бер.

 

      Уәзір құжатты алып кетеді.

 

Қамал. (айқайға басады) Ойбай! Хан ием-ау! Сонда мына қызыңа не бермексің?

Қаһар. Бұл қызға ештеңе берілмейді. Ата заң солай. Жарты хандық тек тұңғыш ханшайымға беріледі. Күнзада жалған ханзада болғанымен Дүниязада жалған ханшайым емес, енші соныкі.

Түнзада. Оу, тақсыр! Мен сонда сайысқа не үшін қатыстым? Не үшін соншама тер төгіп, соншама ханзадалардың бастарын не үшін допша домалаттым? Не үшін сайыстың жеңімпазы атандым?

Қаһар. Жігітім, сен сайыстың жеңімпазы болған жоқсың. Әлде жамбасыңның жерге қалай тигенін ұмыттың ба?

Уәзір. (ханның үкімі жазылған құжаттың қақ бөлінген бөлшектерін қолына ұстап қайтып келеді) Дат тақсыр!

Қаһар. Дат, айта бер.

Уәзір. Күнзада сіздің жарты хандығыңызды алмаймын деп бас тартты. Ал Дүниязада ханшайым мына құжатты қақ айырып тастады. Ол екеуі барса келмеске аттанып кетті. (жарлықтың жыртындыларын ханға табыс етеді де басын иіп шегініп кетеді)

Қаһар. (күрсініп алып) Солай ма? Иә, дүние тек дүниеқоңыздардың еншісінде болмақшы. Олар сонысымен бақытты болмақ. Ал адал жандарға, таза жүректерге бақыт үшін шынайы махаббат керек. (бір сәт төмен қарап ойланып тұрып басын көтереді) Жә! Егер алмаса, алмай-ақ қойсын. Үкім сол күшінде қалады. Менің жарты хандығым Күнзада мен Дүниязаданың еншісінде болады. Күндердің күнінде олар қайтып келсе табыс етермін. (жан-жағына қарап шығып) Ал, бұл не тұрыс? (Түнзадаға) Сонымен не, жігітім? Қызымнан бас тарттың ба?

Түнзада. Егер жарты хандығыңызды қоса бермесеңіз бұл қыз маған тегін де керек емес. О несі-ей! Қанша бейнеттеніп, арам тер болып қаншама ханзадалардың бастарын домалатып түсіргенде қолыма ұстатқаныңыз мына қаршадай қыз ғана ма? Оны қайтейін? Не керегіме жаратамын?! (қолын бір сілтеп,  жөніне кетеді)

Қаһар. Керек болмаса алмай-ақ қой. Сендей дүниеқоңыз және қанпезер күйеуі болғанша, қызым өмір бақи кәрі қыз болып өткені дұрыс болар.

Қамал. Тақсыр! Туған қызымызды кәрі қыз қылып өмір бақи отырғызып қойғанда не табамыз? Берсеңізші қалған жарты хандығыңызды!

Қаһар. Хандығымды қыздарым мен күйеу балаларыма таратып бергесін өзім далада қаламын ба? Ертең мына мұрагер ұлыма не қалтырмақпын? Ал бұл қыз кәрі қыз болғысы келмесе өзін ұнататын, дүниесіне, атағына қызықпай өзіне қызығатын жігіт тауып алсын. Сондай жігіттің махаббатына сай болсын. Бола алсын. Ал, бола алмай отырып қалса өз обалы өзіне. Әне, ана Күнзада Дүниязаданың мүйізіне қарамастан одан бас тартқан жоқ, соңынан еріп барса келмеске кетті. Кедейдің қара қосында тұрса да бақытты болады олар, иншалла. Сондықтан доғар бос сөзді! (Қамал амалы таусылып үнсіз қалады, Салтанат дағдарған кейіпте әкесі мен шешесіне кезек-мезек қарайды, шешесі иығын қиқаң еткізіп ханды нұсқайды) Ал, не тұрыс? Кеттік, тәмәм! Тарайық.

 

     Қаһар хан кетеді, Қамал ханшаханым, оның соңынан басын төмен салбыратып Салтанат ханшайым, оның соңынан Манат ханзада, уәзір, нөкерлер және бүкіл меймандар кетеді де шымылдық жабылады.

 

 

                                   Төртінші көрініс

 

     Арланның бөлмесі. Бірінші көріністің аяғындағыдай, Арлан компьютерлік үстөлге қолдарын жастап, қолдарына басын қойып ұйықтап отыр. Айша сырттан келіп ашық тұрған терезе арқылы ішке қарайды.

 

Айша. (ұйықтап отырған Арланды көріп күліп жібереді) Ой-да! Мына виртуалды әлемінің фанатын қара! Ұйықтап отыр. (дауысын көтере) Арлан! Әй, Арлан! Оян Арлан!

 

      Арлан оянып,  басын көтеріп терезеге таңырқай көз тастайды.

 

Арлан. (орнынан атып тұрып терезеге қарай ұмтылады) Дүниязада! Мүйіздерің түсіп қалыпты ғой! Айтқан жоқ па едім – сабыр қыл, мүйіздер міндетті түрде түседі деп! Мен төре текті болмасам да, ханзадалардан еш кем түспеймін.

Айша. (таңырқай қарайды) «Дүниязада?! Мүйізің түсіп қалыпты?!» Нені айтып тұрсың, Арлан? 

Арлан. Иә, мүйіздерің жоқ қой! (үстөлдің үстінде тұрған айнаны қызға ұсынады) Дүниязада, мә, айнаға қарашы – мүйіздерің жоқ, түсіп қалыпты!

Айша. (айнаға көз тастап бет-ауызын, шашын сипайды да Арланға қайтарып береді) Арлан! Саған не болған? Ауырып қалғаннан саумысың? Қайдағы мүйіздерді айтып тұрсың? Бұл не сандырақ?! Дүниязадаң кім өзі?

Арлан. (көздерін уқалап) Сен не? Сен... тоқтай тұр! (айналасына көз жүгіртіп) Біз не – ойыннан шығып кеткенбіз бе?

Айша. Сен өзі ұйқы сұрап тұрсың-ау деймін. Әлде толық оянған жоқсың. Арлан, оян! Мен Айшамын. Қайдағы ойынды айтып тұрсың?

Арлан. А-а... сен... Айша ма едің...

Айша. (күліп жібереді) Немене? Он бір жыл бір партада отырған сыныптасыңды танымай тұрмысың?! Сен шынында да компьютермен ойнай-ойнай есіңнен айрыласың. Жүр менімен, бір мезгіл таза ауамен тыныстап қайт. Біздің мұражайдағы көрмеге барып қайтайық. Сондағы жаңа суреттерді тамашалайық. Барасың ба?

Арлан. Барайын... тек... (артына алақтай береді) Тек... мен бірдеңе ұмытқан сияқтымын... жаңағы ғажайып виртуалды нақтылықтағы ойын... әлде түс пе еді?.. (қипақтап тұрып-тұрып қызға бұрылады) Дүниязада... А! Айша! Мен әлгі бірдеңені... мен саған  бірдеңе айтайын деп едім...

Айша. Арлан, сен өзі ауырып қалғаннан саумысың? Не айтатын едің?

Арлан. Жоқ... денім сау...  (әлі де есін жия алмай тұрғандай жан-жағына қипақтап қарай береді) Алайда... мен... мен... сені...

 

      Осы жерде Жанаттың бөлмесінің есігі ашылып, Жапар, Самал, Жанат пен Қанат кіріп келеді. Олар Қаһар хан мен Қамал ханшаханымның, Салтанат ханшайым мен Манат  ханзаданың кейіптерінде.

 

Арлан. (оларға бір мезгіл таңырқай қарап тұрып, сосын ханның аяғына жығылады) О тақсыр! Аса мәртебелі Қаһар хан! Қамал ханшаханым! 

Жапар. (жығылып жатқан баласын көтеріп жатып) Өй, Арлан, бұның не? Тұр! Аяғыма жығылғаның не? (Арланның үсті-басын қағып-соғып жатып) Өзің жаңа: «Тақсыр, аса мәртебелі Қаһар хан?! Қамал ханшаханым?!» - дедің бе?  (Самалға) Міне, Самал, біздің кейіпкерлеріміздің дәрежелері мен есімдері қандай болмақ! (қабағын түйіп, өңін суытып) Қаһар хан! Қаһ-һа-ар! Хха-ан! (өңін қайтадан қалпына келтіріп, Арланға) Арлан, біз бүкіл отбасымызбен «Алтын күз» мейрамына спектакль қойып берейік деп едік. Сен қатыспайсың ба?

Арлан. Е-е... м-м... тақсыр, сіз... сіз...  сіз менің папамсыз ба?

Жапар. Мәссаған! Бұл не сөз? Әкеңді танымай тұрмысың?! Әлде бұл әзілдің жаңаша түрі ме, әлде сондай ойын ба?

Арлан. Жоқ, мен ойыннан шығып кеткен сияқты едім. Ал сіздер... мына кейіптеріңізде... Мен жаңа компьютердің алдында отырып ұйықтап кетіп, содан бір ғажайып түс көрдім. Сол түсте сіз де, тәтем де, мына Жанат пен Қанат та – барлығыңыз дәл осы  киімдеріңізде ханның сарайында тақта отырдыңыздар. Мен сізге «папа» деп едім сіз ашуланып менің басымды алуды бұйырдыңыз.

Жапар. (күліп жібереді, оған бәрі қосылады) Иә! Қызық екен! Сосын не? Мойныңа жендеттің айбалтасы сарт етіп тигенде оянып кеттің бе?

Арлан. Жоқ. Мен тапқырлықпен ебін тауып аман қалдым. Бірақ мен онша сасқан да жоқпын, өйткені ойынның шарты бойынша менде үш өмір бар-ды.

Самал. Қандай ойынның? Сен түсіңде болғаныңды айтып тұрған жоқсың ба?

Арлан. Иә, тек түсімде мен өзім құрастырған ойынның ішіне түсіп кетіппін.

Жапар. Е, бәсе! Сонда сол ойынды түсіңде құрастырып жүрсің бе?

Арлан. Жоқ, өңімде. Мен компьютерлік ойындардың мүлдем жаңа түрін – виртуалды нақтылықтағы ойын құрастырамын деп әлектеніп жүргем. Сіздерге айтуға ұялып, ойынды істеп шығарған соң бірақ көрсетемін деп ойлағам. Алайда ол әрекетімнен ештеңе шықпады. Мен ойынның ең маңызды түйінін шеше алмадым, кілтін таба алмадым. Әбден шаршап, ақыры ұйықтап кетіппін. Түсімде сол ойынның кілтін тауып, іске қосып, соның ішінде жүр екенмін.

Жапар. Арлан, сен компьютердің алдына күні-түні тапжылмай отырып жүйкеңді жұқартып алғансың-ау деймін. Бір мезгіл серпіліп, серуендеп отырсаңшы. Міне, бізбен бірге қойылымға қатыссаң жақсы болар еді. Мәселен, сен ханның жарлығы бойынша сайысқа түскен ханзаданың рөлін ойнасаң...

Арлан. (күліп жібереді) Папа! Мен жаңа ғана сол рөлді ойнап шықтым. Тіпті сол сайыстың жеңімпазы атандым. Бірақ мен Салтанат ханшайымды емес, ана Дүниязаданы... ә!  Түсімде Жанат Салтанат ханшайымның рөлін ойнап жүр екен де, ал мына Айша оның әпкесі Дүниязада екен, және ол сіздің, яғни, Қаһар ханның, тұңғыш қызы болыпты. Оның басына тәтем... А! Олай емес, Қамал ханшаханым  сиқырдың күшімен Дүниязаданың басына ешкінің мүйіздерін орнатып қойыпты. Сол мүйіздерінен арыла алмағандықтан Дүниязада еңіреп жылап жүр екен. Жаңа, ояна келе  Айшаның басыңда мүйіздердің жоғын көріп мен қатты қуанып кеттім.

 

      Бәрі қосылып күледі.

 

Самал. Арлан, шынында да сен компьютердің алдында көп отырып қалдың. Бізбен бірге спектакльге қатысып бір серпіліп алсаң жаман болмас.

Арлан. Жақсы, мен спектакльге қатысайын.

Самал. Онда жүр, саған әлі кейіпкердің бейнесі мен есімін ойлап табу керек. Және тиісті костюмыңды ойластырып тігу керек.

Арлан. Ойластыратын ештеңе жоқ. Мен күн асты елінің ханзадасы Күнзада боламын. Менің үстімде алтын жалатқан сауыт, дулығамның маңдайшасында күн жарқырап тұрады. (Айшаға) Айша, сен де бізбен спектаклге қатыссаң қайтеді. Сен Қаһар ханның тұңғыш қызы Дүниязаданың рөлін ойнаушы едің. Сенің басыңда ешкінің мүйіздері болады. Ол спектаклге Шопан мен Диқан да қатысушы еді, мен олармен келісемін. Шопан ай асты елінің ханзадасы Айзада, ал Диқан жұлдыз асты елдің ханзадасы Жұлдыззада болушы еді. Және қойылымның сценарийы де дайын.

Жапар. Иә, айтпақшы, сценарий жөнінде не ақыл саласың?

Арлан. Тақсыр... А!.. Папа, тәте, мен Айшамен көрмеге барып келейін. Келгесін асықпай сценарий жөнінде сөйлесерміз. Міне Айша да қатысатын шығар спектаклімізге. Айша, қатысасың ба?

Айша. Қатысайын. Егер спектакль қызық болса.

Арлан. О! Спектакль нағыздың өзі болмақ! Шопан мен Диқанды да қатыстыру керек. Біздің спектакль мынандай спектакль болмақшы. (бас бармағын шошайта көтереді)

Жапар. Жақсы, онда достарыңмен жолығып сөйлесіп көр. Келісімдерін берсе, дайындықты тезедетейік. Өйткені уақыт тығыз – «Алтын күз» мейрамына небары бір-ақ апта қалды. Ал қазір сендерді бөгемейік, барып келіңдер көрмеге.

Арлан. Иә, біз кеттік. (терезеден сыртқа секіріп шығады)

Самал. Арлан!

Арлан. Не, ханшаханым?.. фу, мен әбден шатасыппын! Не, тәте?

Самал. Есік бар ғой, Арлан!

Арлан. А-а... кешіріңіз, тәте, бірақ... бірақ уақыт тығыз. (Айшаға иіліп қолын ұсынады) Ханшайым, кеттік көрмеге. (Айша күлімдеп ұсынған қолды алып екеуі қолұстасып кетеді)

Самал. (Жапарға) Көрдің бе – Арлан біртүрлі өзгеріп кеткен сияқты. Бұрын ол ешқашан сыртқа терезе арқылы секіріп шықпас еді. Және... байқадың ба – ол менен бірінші рет кешірім сұрады ғой.

Жапар. Иә, байқап қалдым. Арлан батылдау да, ашықтау сияқты болып көрінді. Бәлкім, есейіп қалғанның белгісі болар.

Самал. Иә, есейетін уақыты да келді ғой. Ал, не тұрыс? Кетейік.

 

      Екеуі шығып кетеді.

 

Жанат. (компьютерге қарай жылжиды) Әлгі Арлан қандай ойын құрастырдым деді? Кілтін таба алмадым деп еді, сонда не - ойнауға келмей ме?

Қанат. (компьютерге  жармасады) Жоқ, Жанат, осы жолы мен ойнаймын! Арлан екеуің мені компьютерге мүлдем жолатпайсыңдар. (компьютерді іске қоса бастайды)

Жанат. (терезеге қарай жақындап) Ойна, ойна, тек ағаң құсап сол ойынның ішіне түсіп кетпе.

Шопан. (сырттан келіп терезеге үңіледі, ол футболдық фанатқа сай киінген) Жанат! Сәлем! О! Мына киімдерің не?

Жанат. Біз бүкіл отбасымызбен «Алтын күз» мейрамына спектакль қоямыз, соған дайындық. Арланның айтуынша қойылымға сен де қатысасың.

Шопан. Е! Енді спектакльге қатыспағаным қалып еді! Ол өзі қайда?

Жанат. Ол Айшамен мұражайға кетті.

Шопан. Мұражайға? Онда не бар?

Қанат. Көрме ашылыпты дейді.

Шопан. (иықтарын қиқаң еткізіп) Көрме? Қашаннан Арлан көрме аралайтын болған? Қызық екен!

Жанат. Иә, мен де соған таңырқап тұрмын.

Шопан. Жарайды, мен кеттім. Қазір «Оқжетпес» пен «Локомотив» шешуші матчын бастайды.

Қанат. (компьютерді тастай салып диванның үстіне секіріп мініп терезеге жармасады) Шопан аға! Мені ала баршы стадионға. Футбол көргім келеді.

Шопан. Сені? Стадионға? М-м... (Жанатқа қарайды – ол иықтарын қиқаң еткізеді) Қанат, сен футбол жақсы көресің бе?

Қанат. Иә! Ала баршы мені – үйде отыра-отыра жалықтым. Ағам мені ешқайда апармайды.

Шопан. Жарайды, апарайын. Тек қана сен нағыз футболдық фанат боламын деп уәде бер, жарай ма?

Қанат. (қуана-қуана терезе арқылы сыртқа шығып жатып) Жарайды, мен нағыз-нағыз футболдық фанат боламын деп уәде беремін!

Шопан. Жарайсың, Қанат! Өзің көресің – футбол дегенің, ол өзі бір алып әлем! (екеуі кетеді)

Жанат. Жолдарың болсын алып әлемге. (компьютердің алдына отыра беріп) Осы Арланның құрастырып жүрген ойынының кілтін таба алам ба екен? (клавиатураның кнопкаларын басып-басып жіберіп) О! Таптым! Ойын ашылды! (пауза) Не дейді?! (мониторға үңіліп оқи бастайды)  «Қаһар ханның жарлығы, немесе мүйізді ханшайым» атты виртуалды нақтылықтағы ойынға хош келіпсіз. О! Көрейік, көрейік, қандай екен бұл жаңа түрлі ойын!

 

      Осы жерде Диқан мотоцикілмен терезенің арғы жағына келіп тоқтайды.

 

Диқан. Сәлем, Жанат! О! Мына киімің не?

Жанат. (терезеге жақындайды) Біз «Алтын күз» мейрамына қойылым  дайындап жатырмыз. Арланның айтуынша сол қойылымға сен де қатысасың.

Диқан. Иә, енді тек қойылымға қатысуым ғана қалып еді! Арлан үйде ме?

Жанат. Жоқ, Айшамен мұражайға, көрмеге кетті.

Диқан. Оған не болған? Компьютерден бір адым алыстамаушы еді ғой.

Жанат. Арлан ғажайып түс көріпті, сол түсінде сен де, Шопан де, Айша да, тіпті біз бәріміз, мамам мен папам, Арлан, мен және Қанат бір виртуалды нақтылықтағы ойын ойнап жүріппіз.

Диқан. Виртуалды нақтылықтағы ойын?

Жанат. Иә. Сол ойында сенің атың Жұлдыззада болыпты, Шопанның аты Айзада, ал Айша Дүниязада деген ханшайым екен. Ал Арлан Күнзада деген ханзаданың кейіпінде барлық ханзадаларды жеңіп шығыпты. Енді сол түсі бойынша біз «Алтын күз» мейрамына спектакль қоймақпыз.

Диқан. Бізің кім?

Жанат. Біз бәріміз. Оның ішінде Шопан екеуің де өз рөлдеріңді ойнайсыңдар.

Диқан. (мотоциклін бір теуіп от алдырып) Енді ойнамағаным спектакльдегі роль еді! Арлан есінен ауған шығар. Мен оны мотосайысқа шақыруға келгем. (кетуге ыңғайланады да, орнынан қозғала бере тоқтайды) Жанат, жүр менімен, мотосайысқа барайық!

Жанат. (таң қалған кейіпте Диқанға қарайды) Мен?! Мотосайысқа?!

Диқан. Иә, сен! Несіне таңғаласың? Мотосайысты тамашалауға қыздар да барады. Менімен барсаң өзің көресің – мотоспорт дегенің, ол өзі бір ғажайып әлем! Кеттік, міңгес артыма.

Жанат. О! (компьютерді сөндірместен терезе арқылы сыртқа секіріп шығып мотоциклдің артқы орындығына отырады да Диқан ұсынған мотодулыға киіп алып, екеуі кетеді)

 

     Бөлме бос қалады. Жоғарғы жарық біртіндеп сөнеді, сосын компьютердің мониторынан түрлі-түсті сәулелер ойнай бастайды, музыка күшейіп жан-жақтан түтін будақтап шығып, бір уақытта авансценаға Компьютермен шығады.

 

Компьютермен. Міне, Арлан таба алмаған виртуалды ойынның кілтін  Жанат тауып ашты. Енді ойын дұрысталып реттелді. (аса таяғымен еденді үш рет қойып қалып) Ойын басталсын деп әмір етемін! (кетеді)

Марио. (авансценамен жүгіріп өтіп айқай салады) Ойын басталды! Ойын басталды! Ойын басталды!

 

     Монитор сөніп сахна бір мезетке қараңғылыққа батады. Сосын жоғарғы жарық жанады. Қаһар ханның сарайының көрінісі. Қақпа ашылып Уәзір кіреді.

 

Уәзір. Жоғары мәртебелі, теңдесі жоқ, ең бай, ең күшті, ең әулетті де дәулетті Қаһар хан мен аса мәртебелі Қамал ханшаханым!

 

     Хан мен ханшаханым келіп өздерінің тақтарына жайғасады.

 

Уәзір. Салтанат ханшайым мен мұрагер Манат ханзада!

 

     Ханшайым мен ханзада келіп өздерінің тақтарына отырады. Олардың соңдарынан хазіреті молда, нөкерлер, меймандар мен шетел елшілері келіп, өздерінің орындарына тұрады.

 

Уәзір. Қаһар ханның тұңғыш қызы, ай мен күндей сұлу Дүниязада ханшайым мен ханның жарлығы бойынша өткізілген сайыстың жеңімпазы, күн асты елінің ханзадасы Күнзада!

 

     Қол ұстасып Күнзада мен Дүниязада келеді де ортадағы ашық жерге тоқтайды.

 

Қаһар хан. Менің жарлығым бойынша өткізілген сайыстың жеңімпазы атанған Күнзада ханзадаға өзімнің тұңғыш қызым Дүниязада ханшайымды ұзатамын, және оған қоса жарты хандығымды сыйға тарту етемін. Хазіреті молда! Мына екі жастың некесін қиып беріңіз.

Дүниязада. Дат тақсыр! Некемізді қимай тұрып бір шаруаны бітіргеніміз жөн болар.

Қаһар хан. Ол нендей шаруа?

Дүниязада. (басындағы сәукелесін шешіп басындағы мүйіздерді көрсетеді, жұрт шуласып кетеді) Оу, халайық!  Тынышталыңыздар! Немене? Өмірі мүйіз көрмеп пе едіңдер?! Бұл мүйіздер менің басыма бір сиқырдың нәтижесінде пайда болды. Бір сәуегейдің айтуынша, маған ғашық болып, үйленуге келісімін берген ханзада осы мүйіздерді халықтың алдында, көпшіліктің көзінше сүйсе ғана мен бұл пәледен құтыла аламын. Егер ханзада мені шын сүймей, менімен қоса берілетін әкемнің жарты хандығына қызығып үйленуге келісімін берсе, бұл мүйіздер түспей со бойы қалады, және мен өмір бақи «мүйізді ханшайым» деген атақпен өтуге мәжбүр боламын. Міне, енді мына ханзадамен неке қиыспай тұрып оның шын ықыласын білуге уақыт келді. (Күнзадаға бұрылып) Құрметті  ханзада! Мүйізімді сүйюге келісім бересіз бе? Әлде, егер келісім бермесеңіз, егер маған деген махаббатыңыз болмаса, осы жерде ажырасып, әрқайсымыз өз жолымызбен кетеміз бе?

Күнзада. Жоқ, ханшайым. Екеуіміздің тағдырымыз бір болмақ. Менің ықыласым таза, махаббатым шынайы, мен сізді шын жүрекпен сүйемін.

 

     Күнзада Дүниязаданың мүйіздерін сүйеді, со жерде мүйіздер тырс-тырс етіп жерге түседі де кетеді. Мұны көрген халық гу етіп шуласып кетеді. Дүниязада мен Күнзада қол ұстасып залдағы көрермендерге бұрылады. Оларды меймандар қоршап алады. Қаһар хан мен Қамал ханшайым, Салтанат ханша мен Манат ханзада орындарынан тұрып ортадағы топқа қосылады.

 

Меймандар. Жасасын Күнзада! Жасасын Дүниязада! Жасасын жаңа хан мен ханшаханым!

Қаһар. Оу, халайық! Тынышталыңдар! Мына екі жастың некесін қияйық. Хазіреті имам, жақындаңыз.

 

     Хазіреті имам екі жастың некесін қияды. Содан кейін оларды құттықтап Қаһар хан мен Қамал ханшаханым, Салтанат ханшайым мен Манат ханзада, Айзада мен Жұлдыззада, уәзір мен төрелер, меймандар мен елшілер құттықтап шығады.  Музыка ойнап екі жасқа арналған салтанат басталып кетеді. Би басталады. Әуелі екі жас шығып биге қатысады, олардың соңынан хан мен ханшаханым, ханшайым мен ханзада, Айзада мен Жұлдыззада, және басқа меймандар билей кетеді. Ақырында Компьютермен мен Марио келіп қосылады.

Марио. Арлан! Құттықтаймын – сен өзің құрастырған ойынның мәресіне жетіп жеңімпаз атандың! Жарайсың, Арлан! Жарайсың, Арлан! Жара-айсы-ың! 

 

 

                                          Шымылдық.

 

 

  

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған