Адам қарады: 38 | Жарияланды: 2018-05-16 02:48:12

Ақын мен әкім

              КЕЙІПКЕРЛЕР:

 

Қалкен – журналист, ақын.

Басар   – аудан әкімі.

Жұмағали – әкімнің орынбасары.

Мерген –  мәдениент бөлімінің меңгерушісі.

Мақпал –  аудан әкімшілігі газетінің редакторы.

Жазира –  жеке-меншік газетінің редакторы.

Самал – Қалкеннің зайыбы.

Алма – Қалкеннің бойжеткен қызы.

Қайрат – Қалкеннің мектеп бітірген ұлы.

Шолпан - әкімнің хатшысы.

Балхан Жүсіпова - әйгілі әнші, эстрада жұлдызы; және оның продюсері.

Сергей Андреевич – білім беру бөлімінің меңгерушісі.

Васильев – кәсіпкер.

Имам.

 

Әкімшіліктің қызметкерлері, саудагерлер, аудармашы, оқушылар.

Официант қыздар: Гүлбаһрам, Юлия, оның досы Саша, бармен, крупье.

Презентацияға қатысушылар.

Ақын бала Ақынжан.

 

 

                                          БІРІНШІ  КӨРІНІС.

 

     Әкімнің жиналыс өткізетін кабинеті. Бастықтың үстеліне жалғасқан ұзын үстел. Әкім өзінің орнында. Ұзын үстелдің жағалауында: Жұмағали, Мерген, Қалкен, Мақпал, Сергей Андреевич, Жазира және аудан әкімшілігінің басқа қызметкерлері. Әкім сөйлеп отыр. Қалкеннің қолында блокнот пен қалам. Жазираның қолында диктофон.

 

Әкім. ... Енді кемшіліктерге көшелік. Менің анықтағаным – мемлекет тілінің нашар жағдайы. Ауылдарды алсақ - оларда қазақ мектептерінің саны 80 пайызға жуықтап қалыпты; бұл көрсеткіш жаман емес. Алайда, аудан орталығында жағдай нашарлау – қазақ тілінде сабақ беретін мектептер саны небары 40 пайыз. Қалалық 3 бала-бақшалардың біреуі де қазақ тілінде тәрбие бермейді. Бұл қалай, Сергей Андрей-ұлы?

 

        Сергей Андреевич орнынан тұра бастайды, бірақ әкім қолын сермеп салып оны отырғызады.

 

Әкім. Жолдастар! Біз қазақ мектептерінің санын арттырмай мемлекет тілін тиісті деңгейге көтере алмаймыз. Сондықтан, жедел түрде аудан мектептерінің барлығын мемлекет тіліне көшіруіміз керек. Бұл жөнінде аудан әкімшілігінің қаулысының жобасын дайындап, соны талқылап, келесі маслихаттың сессиясына ұсыну керек. Кәне, не дейсіңдер? (отырғандар үндемейді, сондықтан оларды көзімен шолып өтіп) Сергей Андрей-ұлы, бұл мәселе жөнінде айтарың бар ма?

 

     Сергей Андреевич елең етіп басын көтеріп әкімге қарайды. Бірдеме деу керегін түсініп сөзін бастайды.

 

Сергей Андреевич. Басар Базарович, в текущем году наш отдел образования проделал определенную работу по повышению роли государственного языка...

Әкім. Тоқтай тұр! Сергей Андрей-ұлы, егер бастықтың өзі қазақша сөйлемесе, онда қалай ол қарауындағы мекемелерде, мектептерде мемлекет тілінің жағдайын жақсартпақ?

 

       Сергей Андреевич түсінбегенін білдіріп Жұмағалиға қарайды.

 

Жұмағали.  Сергей Андреевич, Басар Базарович спрашивает: как вы сможете повысить роль государственного языка в подведомственных учреждениях и школах, если сами на нем не говорите? 

Сергей Андреевич. Но мы сейчас изучаем казахский язык.

Әкім. (түсінбегенсіп) Не дейді?

Жұмағали. «Қазақ тілін оқып жатырмыз», - дейді.

Әкім. Бәрекелді! (Сергей Андреевичке) Онда айтар сөзіңді қазақша айт. Түсіндің бе?

Сергей Андреевич. (басын шұлғып, қызараңдап) Һм! Биз... биз...  мем... мим... мемликет тилин... тилин... это... тилин... (қызарып кетіп, қағаздарын жинап кабинеттен шығып кетеді. Отырғандарда үн-түн жоқ).

Әкім. (көзімен оны шығарып салып) Міне – білім беру бөлімі меңгерушісінің түрі мынау. Жұмағали! Бұл орынға қазақты қою керек. Оқу бөлімінде қазақ қызметкер бар ма?

Жұмағали. Бар. Меңгерушінің орынбасары қазақ. Сәкен деген жас жігіт.

Әкім. Жастығы айып емес. Тек еті тірі болса болды.

Қалкен. Сергей Андреевич білім беру саласында қырық жылдан астам еңбек етіп келеді. Аяқ астында қазақша шүлдірлей сөйлеп кетпедің деп орнынан босатуға бола ма?

Әкім. (Қалкенге шүйіліп) Әй! Бұл қайдан шыққан адвокат?! Аққұлақтарды осы күнге дейін басыңа қойып жүрген қай бейбақсың өзің?

Қалкен. (атып тұрып) Сіз сөзіңізді бағып сөйлеңіз! Әкім екенмін деп ауызға келгенді шатуға бола ма? Ал сіздің бүкіл орыс мектептерін қазақшаға аударамызға жол болсын! Ия, мемлекет тілінің жағдайы тиісті дәрежеде емес. Бірақ сіз ішкі ұлтаралық жағдайды да ескеруге тиістісіз. Біздің қаламыздың тұрғындарының алпыс пайызы орыс тілде сөйлейтін ұлттар өкілі. Сондықтан мектептердің басымы орыс тілінде білім береді. Бұл мәселеге үлкен абайлықпен кіріспесе...

Әкім. Тоқтат! (орнынан тұрып ерсілі-қарсылы жүріп кетіп, қалтасынан темекі алып тұтатады. Сосын орнына келіп, темекі қыстырған екі саусағын Қалкенге кезеп) Дәл осы сен сияқты жамандардың кесірінен қазақ орысқа тәуелді болды. Өз тілінен айырыла жаздады.

Қалкен. (жанында отырған Мерген оның жеңін тартып бірдеңе деп сыбырлайды. Қалкен қолын жұлып алып) Қазақтардың қалай орыс мемлекетіне тәуелді болғаны жөнінде тарихта нақты деректер бар. Егер білмесеңіз, мен айтайын: ең әуелі Тәуке хан, содан кейін Әбілхайыр...

Әкім. Хандарда нең бар ей! Өткенді қопармай қазіргі жағдайды ойла. Қазақстан тәуелсіздік алғанына жиырма жылға жуықтап қалды, ал біз әлі орыстардың ықпалынан шыға алмай жүрміз. Неліктен? Қорқамыз. Неден? (Қалкеннің сөзін мазақтап қайталап)   «... ішкі ұлтаралық жағдайды да ескеруге тиістіміз», «... бұл мәселеге үлкен абайлықпен кірісу керек». Қашанға абайлай бермекпіз? Ә?! Кезінде орыс империасы бізді жаппай орысшаландырумен құртпақшы болды. Ендігі кезек біздікі. Енді біз жаппай қазақшаландыруға кірісеміз. Кімге ұнамаса – кетсін Ресейіне, жол ашық.

Қалкен. Сонда не?! Біздің демократиялық мемлекетіміз империалистік саясат жүргізбекші ме? Орыс империалистері мен шовинистерінің жолына түспекпіз бе? Онда олардан біздің қандай айырмашылығымыз болмақшы? Сіз мынаны айтыңыз – бұл жоғарыдан түсіп тұрған нұсқау ма, әлде өзіңіздің ойыңыздан шығарып алған бірдеңе ме?

Әкім. (Жұмағалиға) Жұмағали-ау, айтшы – түсінсем бұйырмасын - мынауың кім өзі? Қызметі не – соншама әкімге әкіреңдейтін?

 

      Жұмағали Мақпалға қарайды.

 

Мақпал. (қызараңдап орынан тұрып) Қалкен біздің газетіміздің тілшісі. Бірақ оның мына жеке пікірімен біздің ұжым келіспейді.

Қалкен. Мақпал Бәкеновна, сіз қалай бүкіл ұжымның атынан сөйлейсіз? Сіз тек өзіңіздің көзқарасыңызды білдіріңіз.

Мерген. Қалкен-әй, қойсаңшы енді! Қалай сен үп-үлкен адаммен тайталасасың? Мына Мақпал да, жақсы болсын, жаман болсын, бастығың емес пе! Және де бастық бола тұрып ұжым атынан сөйлемей қайтпекші?

Әкім. (өзінің орнына қайтып келіп отырған) Мерген! Тоқтай тұр! (Мақпалға) Мақпал Бәкен қызы, мына немені жұмыстан босатасың. Дәл қазір, осыннан шығысымен. Басқарып отырған газетің - әкімшіліктің газеті, сондықтан мұны бұйрық деп ұқ.

Мақпал. (Қалкенге кейіспен қарап) Жақсы, Басар Базарови...  Базар ұлы. Тек қана...

Әкім. Не?! Орнына кісі таба алмаймын дейсің бе? Табамыз! Мұндай аққұлақтардың адвокатымен қызметтес болғанша, мүлдем газет шығарамай-ақ қояйық.

Қалкен. (блокноты мен қаламын қалтасына салып, кетуге ыңғайланып) Жарайды... екі  қолға бір жұмыс табылар. Осымен менің аузымды жабамын деп ойламаңыз. Әкімшілік газетінен басқа да басылымдар бар. (кетеді)

Әкім. Бар, бар! Ол басылымдарды да көреміз. Билікке көнбейтіні қайдан келіпті.

Жазира. (орнынан тұрып) Осы сөзіңізді дұрыс деп айтып тұрсыз ғой, иә? Менің қоластымдағы басылым – менің жеке меншік газетім. Мен қазір Қалкенді жұмысқа қабылдап аламын. Сосын көреміз сіздің билігіңізді. Қандай әкім болсаңыз да заңға қарсы шыға алмассыз. (ол да кетеді)

Әкім. Өй, өңкей жаман неме! Көрсек көрерміз! ( столының үстіндегі қағаздарды ерсілі-қарсылы бір қозғап қойып, Жұмағалиға) Сонымен, білім беру бөлімінің бастығын орнынан түсіріп, орнына әлгі Сәкенді тағайындау жөнінде бұйрық дайында. (Мақпалға) Ал жаңағы неме бүгіннен қалмай жұмыстан босатылсын. Қолма-қол. Түсінікті ме?

Мақпал. Иә, түсінікті.

Әкім. Сосын орнына біреуді табармын – журфак бітіріп жатқан жастар жеткілікті. (отырғандарды бір шолып өтіп) Ал, тағы сұрақтар бар ма?

Мерген. (орнынан тұрып) Басеке, менде бір сұрақ бар еді.

Әкім. Ол нендей сұрақ?

Мерген. Жаңа маған Балхан Жүсіпованың продюсері келді.

Әкім. Не дейді?! Кәдімгі әнші Балхан Жүсіпованың ба?

Мерген. Иә, Балхан Жүсіпованың продюсері.

Әкім. (мырс етіп күліп) Ол мұнда неғып адасып жүр?

Мерген. (ол да ыржияды) Бұл қызық нәрсе, Басеке. О заманда қай заман бізге Алматының әртістері келмегені, Алматы түгілі, облыстық филармонияның өзі жоламайды, ал енді Балхан Жүсіпованың өзі гастрольмен келмекші.

Әкім. Жақсы. Келсін. Ал сонда оның продюсері не қыл дейді?

Мерген. Мәдениет сарайының концерттік залын сұрайды.

Әкім. Е, сұраса бер. Осы-ақ па сұрағың?

Мерген. Иә, алайда ол залды тегін бер дейді.

Әкім. Тегін?! Әй, қазіргі заманда тегін дегенді ұмытыңдар. Бұ несі ей!

Мерген. Соның есесіне концертті тегін қоямыз дейді.

Әкім. Міне қызық! Сонда не? Балхан Жүсіпова сонау Алматыдан бізге тегін концерт қою үшін келгені ме?

Мерген. Жалғыз бізге емес, бүкіл республикамызды аралап келеміз дейді. Берейін бе залды?

Әкім. Хм... Бұл бір бұрын естімеген жәйт екен. Бұнда бір гәп болып жүрмесін.

Мерген. Қандай гәп?

Әкім. Қайдан білейін! Неліктен Балхандай әйгілі әнші, эстрада жұлдызы, қаншама шығындалып, әр ауылға тегін концерт қойып жүреді? Ә?

Мерген. Білмеймін. Алайда ол онша шығындалған да жоқ шығар. Міне, концерттік залды тегін сұрап отыр.

Әкім. (біраз уақыт ойланып қалады) Жә! (екі алақанымен столды соғып қалып) Берейік мәдениет үйін Балханға. Ол бізге күнде келіп жатқан жоқ. Тек байқа - әлгі продюсерің алдап кетпесін. Концертті тегін қоямын деп, сосын билетті шытырлатып сатып жатпасын. Келісім-шартқа отыр, соған «концерт тегін қойылады» деген шарт енгіз. Түсіндің бе?

Мерген. Түсіндім, Басеке.

Әкім. Ал онда басқа сұрақтар болмаса бүгінше осы – Жұмағалидан басқаларың боссыңдар.

 

       Жұмағали орнында қалады да өзгелері кетеді.

 

Әкім. Әлгі журналист... ол кім өзі? Жергілікті тұрғын ба, әлде келімсек пе? 

Жұмағали. Негізі біздің ауданның тұрғыны. Бұрынғы «Жаңа дәуірден». Ал бірақ аталары кірме. Ертеректе Ресейден ауып келген.

Әкім. Бәсе! Бұл неге сонша орыстарға бауыры елжіреп тұр десем. Оларға деген малайлық қанына сіңіп кеткен ғой. Ал жаңағы маған қыр көрсеткен қатын кім?

Жұмағали. Жазира ма? Ол бұл жердікі емес. Кезінде казгудың журфакын бітірісімен жолдамамен келген. Біздің бір тентекке тұрмысқа шығып еді, ол тентегіміз қаңғып жүріп бір бомжды өлтірем деп сотталып кетті. «Оны ұстап берген өзінің әйелі» деседі жұрт. Яғни жаңағы Жазира. Бірақ сол сөздің, не шын, не өтірік екенін мен білмеймін – сотында болған жоқпын, сот облыс орталығында өткен.

Әкім. Өзі жеке меншік газетім бар дей ме?

Жұмағали. Иә. Бұл қатын бай, газеттен басқа да меншік сән салоны бар. Әкесі Алматыда дөкөй бастық болған деседі. Ал қазір бір банк ұстап отырған көрінеді.

Әкім. М-м... Жарайды... біз де осал емеспіз, арқамыздан демеп тұрған дөкөй банкир болмаса да баршылық... тәубә... (пауза) Әлгі жігіт... әгі... Қалкен бе еді?

Жұмағали. Иә, Қалкен.

Әкім. Соның қатыны бар ма?

Жұмағали. Бар. Мұғалім болып істейді. Және де бес пе, алты ма - әйтеуір бірсыпыра баласы бар.

Әкім. Ал жаңағы сұлу, Жазира... сонымен қандай қатынаста? Әлде жақындығы бар ма?

Жұмағали. Ешқандай жақындығы жоқ. Екеуі... қалай деп айтсам екен...

Әкім. Турасынан айтсей! (оң қолының алақанымен сол қолының жұдырығын уқалап) Мынадай жақындықта ма?

Жұмағали. Түсінбедім...

Әкім. Өй! «Ойнастары бар ма?» деймін!

Жұмағали. (мырс етіп күліп жібереді) Қайдан білейін, төсекте жатқан жерлерінде майшам ұстап тұрғам жоқ. Тек біреулердің «екеуі бір-бірімен тәуір» дегенін естігем.

Әкім. (екі қолының саусақтарын айқастырып орынбасарына жақындай түсіп) Иә, иә, айта бер...

Жұмағали. Бітті, бар білетінім осы-ақ.

Әкім. Шамалы екен. (шалқалай түсіп) Мен білсем, ал мен мұндайлардың талайын көргем, мен білсем, сол екеуі сау сиырдың боғы емес. Қай жерде байы жоқ қатын болса, әсіресе сол қатын сұлу болса, және де қалтасы толық болса – сол жерде ойнассыз болмайды. (Жұмағалиға жақындай түсіп) Енді жақсылап тыңдап ал – маған сол қатынды бірдеңе қылып қолға түсіріп алу керек.

Жұмағали. Ол қалай – сіз... сіз де Жазираны ұнатып қалдыңыз ба?

Әкім. (қарқ-қарқ күледі) Өй! Сен өзің қызық жігіт екенсің! Жо-жоқ, ештеңе айта алмаймын – қатын өте көрікті, дидары көз тойдырады. Бірақ маған оның өзі керек емес – ... һм... жоқ, мүмкін керек те боп қалар. Тек дәл қазір маған оның ойнасының үстінен түсіп, қылмысын әшкерелеу керек. Маған ол қатынды ең жанды жерінен шап беріп ұстап алу керек. Сонсоң менің жетегіме көнбегенін көрейін. Өзің естідің ғой, не деп кеткенін? «Әкім болмақ түгіл кім болсаң да бағынбаймын» деген жоқ па. Өзің ойлашы – егер мен бір жаман қатынды бағындыра алмасам, қалай мен бүкіл ауданды бағындырмақпын? Сондықтан саған мынадай тапсырма беремін – сол екеуінің былығын анықтап, ойнастарының үстінен түсіп ұстап аласың.

Жұмағали. Сонда не – маған оларды аңду керек пе?

Әкім. Тү-ү! Ештеңе түсінбейсің бе? Сенің міндетің - соларды аңдып компромат жинайтын адамды тауып алу. Әлгі жеке детектив дегендер бар емес пе? Түсіндің бе енді?

Жұмағали. Түсіндім. Бірақ сол детективты қайдан алмақпын? Біздің ауданда ондайлар жоқ. Тек РОВД - ның оперлеріне тапсырма бермесек...

Әкім. Өй, қой оныңды! Астанаға бар да жалдап әкел. Қашан бара аласың о жаққа?

Жұмағали. Білмеймін...

Әкім. Саспа –  сен онда әкімнің арнайы тапсырмасымен, әкімшіліктің жұмысымен барасың. Командировочный да төленеді. Детектив жалдауға ақшаны мен өзім беремін.

Жұмағали. Онда мен бүгін де аттануға дайынмын.

Әкім. Жақсы. Есіңде болсын - бұл іс жөнінде ешкімге тіс жарушы болма! Үйіңдегі замандасқа да айтушы болма, білдің бе! Сенің келіншегіңді айтам. Түсіндің бе?

Жұмағали. Түсіндім.

Әкім. Жақсы, бір істі тындырдық. Тағы не бар?

Жұмағали. Саудагерлер бар...

Әкім. Е-е, иә, иә! Олар жиналды ма екен? (селекторды басып хатшысынан) Шолпан, саудагерлер жиналды ма?

Шолпанның дауысы. Иә. Кіргізейін бе?

Әкім. Жібер, кірсін.

 

     Кабинетке оншақты ер, әйел саудагерлер кіріп, сәлемдесіп орындықтарға жайғасады.

 

Әкім. Осы қаланың бүкіл саудагерлері толық жиналды ма?

Жұмағали. (көзімен жиналғандарды шолып өтіп) Иә, ірі саудагерлер тегіс осында. Ә! Смағұлов жоқ...

 

      Саудагерлер дабдырласып бір-бірінен Смағұловтың қайда екенін сұрасып жатыр.

 

Әкім. (қаламмен столды тықылдатып) Тынышталыңдар! Бір кісіге бола соншама даурықпайық. Смағұловың ешқайда қашып кетпес. Сендерді жинап отырғанымыз – баға жөнінде әңгіме. Мен бүгін дүкендер мен базарды аралап шықтым. Сондағы тауарлар мен бұйымдардың бағасы маған ұнамады. Сондықтан сендерге талап қоямын... (алдындағы бірнеше парақ қағазды саудагерлер отырған столға сырғытып жіберіп) міне, мына тізімге назар аударыңдар.

 

       Саудагерлер бір-бір парақтан таратып алып көз жүгіртіп жатыр.

 

Әкім. Бұл негізгі тауарлардың, азық-түлік пен жиі пайдалантын бұйымдардың тізімі, және олардың халыққа тиімді бағалары. Бүгіннен бастап әркім өз қарамағындағы сауда орнындағы тауарлардың бағасын осы тізімдегі бағаларға сәйкестендіруге тиісті.

Бір саудагер. Сонда бұл не – бұйрық па?!

Әкім. Қалай деп түсінсеңдер өз еріктерің. Тек бағаларың осы тізімдегі бағалардан аспаса болды.

 

     Саудагерлер шуласып кетеді.

 

Әкім. (тағы да қаламмен столды тықылдатады) Тынышталыңдар! Бұл не?! Бұл сендерге базар емес. Қай жерде отырғандарыңды ұмыттыңдар ма?

2-ші саудагер. Мына шешіміңіз заңсыз! Әлде қазір нарық заманы екенін ұмыттыңыз ба?

Әкім. Қарағым, есіңде болсын - мен ешқашан, еш нәрсені ұмытпаймын. Және мен заңды да жақсы білемін. Мұны бұйрық деп қабылдағың келмесе, өтініш деп ұқ.

2-ші саудагер. Онда мен бұл өтінішіңізді орындай алмаймын.

Әкім. (иығын қиқаң еткізіп) Жақсы. Орындамасаң – орындама. Тек бұдан былай біз екеуміз дос бола алмаймыз. Ал дос болмағандар кім болады? Ә?

2-ші саудагер. Жоқ, мен сізбен қастасқым келмейді.

Әкім. (жымиып) Иә, мен де ондай ойдан аулақпын. Сонымен біз дос боламыз. Солай ма?

2-ші саудагер. Бірақ мен мына өтінішіңізді орындай алмаймын. Онсыз да менің дүкенімдегі бұйымдардың бағасы төмен. Енді қайда төмендетпекпін?

Әкім. Оны, ағайындар, өздерің біліңдер. Ол сендердің бастарыңның сақинасы. Ал маған өзімнің сақинам да жеткілікті.

 

      Саудагерлер бастарын төмен түсіріп, бір-бірімен ақырын күбірлесіп отырып қалады.

 

Әкім. Ал, тағы кім менің ұсынысыммен келіспейді? (көзімен барлығын шолып өтеді, бірақ біреуі де қарсылық білдірейін деп басын көтермейді) Е! Бәрекелді! Сонымен – келістік қой. Онда мен сіздерді бөгемеймін.

 

       Саудагерлер орындарынан тұрып есікке қарай беттейді.

 

Әкім. (қолына бір қағазды алып) Әй, біреуің мынаны әлгі Смағұловқа жеткізсін. Жаңағы менің өтінішімді де айтыңдар. Бір-екі күннен кейін мен тағы сауда орындарын тексеріп шығамын. Сосын менімен достасқысы келмегендермен оңаша сөйлесемін. Бірақ ондай ақымақ табылмайтын да шығар.

 

      Саудагерлер шығып кетісімен әкім Жұмағалиға қарап көзін қысады.

 

Әкім. Бұлармен осылай сөйлеспесең болмайды. Және осы бастан олардың тиісті оындарын көрсету керек. Әйтпесе басқа мініп алады.

Жұмағали. Ол дұрыс қой. Бірақ... бірақ саудагерлердің крыша дегенін қайтеміз? Ертең солардың мықтыларының біреуі келіп біздің басымызды қатырмай ма?

Әкім. Ха! Ал менде ше? Қалай ойлайсың – менде крыша жоқ па?

Жұмағали. Білмеймін... бар шығар...

Әкім. «Бар шыға-ар!» Сырт жағымда бір мықты тұрмай мен бір ауданды басқарып нем бар дейсің? Ал және қалай деп ойлайсың? Кімнің крышасы мықты – менікі ме? Әлде жаңағы саудагерлердікі ме? Ә?

 

      Жұмағали үндемей қалады.

 

Әкім. (қағаздарын ерсілі-қарсылы қозғап қойып селекторды басады) Шолпан! Тағы біреу бар ма?

Шолпанның дауысы. Горкомстройдың бастығы қабылдауыңызды сұрап отыр.

Әкім. Ол не ғыл дейді?

Шолпанның дауысы. Білмеймін. Жұмыс бабымен дейді.

Әкім. Жарайды, кірсін. Сосын бізге шай әкеп берсең – таңдай кепті.

 

      Кабинетке егде тартқан адам кіреді.

 

Горкомстройдың бастығы. Ассаламу ғалайкүм!

Әкім. Уағалайкүм ассалам! Жоғары шық! (алдындағы орындықты нұсқайды) Отыр. Сөйле.

Г. Бастығы. Менің ісім –әлеуметтік тұрғын үй құрылысының жоспары жөнінде. Жоспар тым үлкен.

Әкім. Жоспарды кемітпейміз. О жөнінде сөз қозғаудың да қажеті жоқ.

Г. Бастығы. Жақсы. Онда менің бір ұсынысым бар. Қаланың қақ ортасында, Әуезов көшесінде бір бес қабатты ғимарат тұр. Кезінде, тоқсаныншы жылдары, сол үй қаңырап есік-терезесінен айырылып қалған. Астыңғы қабатында асханамен дүкен болған. Ол ғимарат осы күнге дейін қаланың балансында тұр. Егер сол үйді қатарға қоссақ, әлеуметтік тұрғын үй құрылысының жоспарын толық орындауға болушы еді.

Әкім. Ол үшін не қажет?

Г. Бастығы. Қаржы керек. Көп емес - он миллион теңгеге жуық. Міне – смета бар. Біздің специалисттер ол үйді зерттеп шықты. (сметаны әкімге береді)

Әкім. (сметаға көз тастап, кекете сөйлеп) Он миллион! Шынында да көп емес екен! Оны қайдан алмақпын?

Г. Бастығы. Жаңа үй салуға бөлінген қаржыдан алуға болады.

Әкім. Жоқ, болмайды. Ол заңсыз. Жаңа үй салуға бөлінген қаржы жаңа үй салуға жұмсалу керек.

Г. Бастығы. Онда қалалық бюджеттен бөліңіз. Міне, қараңызшы... (әкімге тағы бір қағаз ұсынады) Ол үй іске қосылғаннан кейін тек бірінші қабатын саудагерлерге жалға беруімен ғана жылына бюджетке он екі миллион теңге қаржы түсіп отырады. Ал қалған төрт қабаты әлеуметтік пәтерлердің жоспарын толтырады.

Әкім. (біраз ойланып отырып) Жарайды. Мына қағаздарды мен алып қалайын. Бұл мәселе жөнінде мен әкімшіліктің қызметкерлерімен ақылдасармын.

 

     Горкомстройдың бастығы кетеді. Шолпан шай әкеліп әкім мен оның орынбасары шай ішуге кіріседі.

 

Шолпан. Қабылдау бөлмеде тағы екі кісі отыр.

Әкім. Ол екеуің кім?

Шолпан. Біреуі біздің молда. Ал екіншісі Васильев.

Әкім. Онысы тағы кім еді?

Жұмағали. Осы қаланың ірі кәсіпкерлерінің бірі.

Әкім. Оған не керек?

Шолпан. Білмеймін. Әйтеуір сізге жұмысым бар дейді.

Әкім. Жақсы, әуелі имамға кірсін де. Бірақ бес минуттан кейін – мына шәйімізді ішіп алайық.

 

      Шолпан кетеді.

 

Әкім. Молдекеңе не керек?

Жұмағали. Әлгі бітпейтін мешіттің жыры да! Одан басқа не дейсіз.

Әкім. Ол мешітке не болып еді?

Жұмағали. Кезінде қабырғалары көтеріліп, сосын күмбезін жабуы мен ішкі жұмыстарына жиналған қаржы жетпей іске қосылмай қалған. Одан бері міне он бес жылдан да асып кетті.

Әкім. Қаржы жеткілікті жиналмай жатып құрылысты неге бастаған?

Жұмағали. Қайдан білейін... білгіштердің сөзіне қарағанда қаржы жеткілікті жиналған, бірақ көрінгеннің қалтасында кеткен. Кім білсін, қалай болғанын, біздің қазақтан не шықпайды. Тек қана содан бері сол мешіт көзге түрткі болып тұр. Қаладағы христиандардың неше түрлі шіркеулері жұмыс істеп тұрғанда мешіттің мына мүшкіл жағдайы намысқа тиіп-ақ тұр. Сіздің алдыңызда болған әкімдер «мешітті пайдалануға береміз» деп ант-су ішкенімен ештеңе тындыра алмады. Біреуі тіпті орталықтан жаңа мешіт салдыратын да болған. Ақыры өзі кетіп тынды.

 

      Есік ашылып имам кіреді.

 

Имам. Ассаламу ғалайкүм, уа рахматуллаһи, уа баракатуһ!

Әкім. Уағалайкүм ассалам! Жоғарлатыңыз, ақсақал. (имам отырады)

Жұмағали. Сіз не – тағы да сол баяғы мешіттің мәселесімен келдіңіз бе?

Имам. (күрсініп алып) Әрине. Ол мәселе шешілмей маған жарық күн жоқ.

Әкім. Ақсақал, сіздің мәселеңіздің шет жағасымен мен таныстым. Менің алдымдағы әкімдер де сол мәселені шеше алмай кетіпті. Бірақ дін саласындағы жұмыстарды әкімге міндет қылып артып қойған дұрыс емес. Ата заң бойынша мемлекет пен дін жекеленген. Мешіттерге мен бюджеттен бір тиын да жұмсай алмаймын.

Имам. Оны білеміз ғой. Мен сізге мұсылман баласы шығар деп келіп отырмын.

Әкім. Иә, мен мұсылманмын! Әлбетте! Ал мен сияқты өздерін мұсылман санайтын қазақ аз ба? Бағана осында сөйлеген бір журналисттің дерегі дұрыс болса, осы қаланың қырық пайызы қазақ, яғни мұсылман. (Жұмағалиға) Қала тұрғындарының жалпы саны неше мың?

Жұмағали. Алпыс мыңға жуық.

Әкім. Алпыс мыңның қырық пайызы қанша болады?

Жұмағали. М-м... (сәл ойланып) Жиырма төрт мың.

Әкім. Мінеки – қалада жиырма төрт мың мұсылман тұрады, ал бір жалғыз мешітті жылдар бойы іске қоса алмайды. Бұл қалай?

Имам. Сол жиырма төрт мыңның мешітке баратынының саны жүзге де жетпейді.

Әкім. Ол сіздің жұмысыңыздың олқылығы. Яғни, халықтың арасында үгіт-насихат жүргізбейсіз. Уағыз айтпайсыз, дінге тартпайсыз. Алайда, сізді көп кіналай беруге де болмайды. Бұл елдің қазағы орыс болып кете жаздапты.  Мектептердің басым саны орысша болғасын өзгесін қояқ қой!

Имам. Бізге мектептерде дін уағыздауға рұқсат жоқ. Ал медресеге орын жоқ. Міне жаңа мешітті іске қоссақ онда мұсылмандарға дәріс беретін арнайы сынып болушы еді.

Әкім. Жақсы, сонымен мәселенің барлығы мешітке тіреліп тұр ғой? Солай ма?

Имам. Иә, солай.

Әкім. М-м... Өзі зекет деген болмаушы ма еді?

Имам. Болады ғой. Бірақ сол зекетті ешкім төлегісі келмейді.

Әкім. Әрине, оны ешкім өз еркімен төлемейді. Еріксіз төлеттіру керек. Меніңше сіз ол жұмыспен де айналыспайсыз.

Имам. Ойбай-ау, мен кімді еріксіз зекет төлеткізе аламын? Кім мені тыңдайды?

Әкім. Жақсы имамды кез-келген мұсылман тыңдайды.

Имам. (басын төмен түсіріп қызарып кетіп) Жақсы болуға тырысып-ақ бағып едім, болмады. Осы қаланың бүкіл қалталы деген қазақтарының алдына бәлен рет бардым. Біреуі де мойнын бұрмады. Не істей аламын мен оларға?

Жұмағали. Ақсақал, оларды да кіналауға болмайды. Кезінде солардың барлығы ақшаны төкті ғой сол мешіттің құрылысына. Ал сол ақша қайда кетті?

Әкім. Әй, сіздердің өздеріңізде екен ғой бәленің бәрі!

Имам. (ауыр күрсініп) Өз басым сол ақшадан бір де теңге алған жоқпын. Алсам – Алла оңдыртпасын. Және де со кезде мен имам емес - қатардағы мұсылман едім.

Жұмағали. Осы қаланың қай мұсылманынан сұрамасаң  «мен сол ақшадан бір тиын да алмадым» дейді.

Әкім. Жә! Қояйық бос әңгімені. Мешітке қаржы қандай көлемде керек?

Имам. Нақты қанша керек екенін мен білмеймін. Жұмысы көп. Күмбезін жабу керек, ішкі жұмыстарын бітіру керек, жылу жүйесін құру керек, сыртына қоршау орнатып есік алдына бірдеңе төсеу керек...

Әкім. Ойбой ақсақал, «керекті» көбейтіп жібердіңіз ғой!

Жұмағали. Меніңше мешітке жұмсайтын қаржының көлемін анықтау үшін комиссия құру керек. Ол комиссияға бір-екі прораб пен экономистті кіргізу керек. Сосын сол мамандар смета жазып нақты қаржының сомасын айтады.

Әкім. Онда, Жұмағали, сол жұмысты өз мойныңа ал.

Жұмағали. Кешіріңіз бастық, менің уақытым жоқ. Өзіңіз білесіз – маған командировкаға кету керек. (әкімге қадалып бір қарап алады, әкім «түсіндім» дегендей басын изейді) Одан да бұл жұмысты манағы горкомстройдың бастығына жүктеңіз. Оның қоластында мамандар да бар. Солар зерттеп смета жазып береді.

Әкім. Жақсы. Онда оған тапсырма бер менің атымнан. (имамға) Ал қаржының көзін мен табамын. Осы қаланың бүкіл саудагері мен кәсіпкеріне зекет төлетемін. Бірақ сіздің алдыңызға қоятын бір шартым бар.

Имам. Ол не шарт? Айтыңыз. Қолымнан келсе орындайын.

Әкім. Сол саударгерлер мен кәсіпкерледің қайсы-біреуі зекет төлеуден бас тартса, не сіз өзіңіз, не ешбір молда сол антұрғанға бармасын. Мәселен, әкесін, шешесін, немесе басқа туысын жерлеуге шақырса, әлде біреуіне ас бергісі келсе де. Тіпті өзі өліп қалса да жаназасын атқармайсыз. Келістік пе соған?

Имам. (орнынан тұра бере) Қалай мен қайтыс болған мұсылманның жаназасын атқармайын?! Ол менің бірінші міндетім ғой.

Әкім. Зекет беруден бас тартқан адам мұсылман ба? Мұсылман болмаса оған жаназа не керек? Экскаватор жалдап көр қазсын да көме салсын!

 

      Имам сылқ етіп отыра кетеді де үндемей қалады.

 

Әкім. Неге ойланып қалдыңыз? Мен бір аптаның ішінде мешітке тиісті қаражат тауып беремін. Алайда сіздің қарап отырғаныңыз дұрыс болмас. Жалғыз қалталы мұсылман емес, бүкіл мұсылмандардың алдына бұл сұрақты қырымен қойу керек: (алақанын қырымен қойып әр сөйлем сайын столды соққылайды) «Мұсылман атанғың келе ме? Өзің өлсең, немесе үйіңде біреу өлсе жаназа атқарылсын дейсің бе? Қайтқан әке-шешеңнің, ағайын-туысыңның асын беруге молданы шақырасың ба? Құран бағыштатасың ба? Балаңды сүндетке отырғызасың ба? Сол балаң ер жетіп үйленсе некесін қиясың ба? Одан туған немереңе азан шақырып ат қойғың келе ме? – Келеді! - Онда зекет төле!» Міне, осылай сөйлесу керек. Ал сіз қолыңызды созып, ақырғы бейшарадай қайыр сұрап жүргеніңіз. Кім қайыршыны адам құрлы санап сөйлеседі?

Имам. Мен мұсылмандар алқасымен, және ауылдардың молдаларымен ақылдасып көрейін. Бірақ...

Әкім. (имамның сөзін бөліп жіберіп) Ақылдасыңыз, ақылдасыңыз! Егер сіздер, молдалар, бір ауыздан мені қолдасаңыздар, мен сол зекетті жинау жұмысын қолға алайын. Келісім осындай болсын.

Имам. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланып) Иә-иә, мен ақылдасып көрейін...

Әкім. Жарайды, содан кейін тағы келерсіз. Ал біз оған дейін мешітті зерттеп смета дайындап қоямыз.

Имам. Сау болыңыздар.

Әкім. Сау болыңыз.

 

      Имамның артынан есік жабылысымен әкім тағы да орынбасарына қарап жымияды.

 

Әкім. Қалай? Менің жаңағы сөзім дұрыс па?

Жұмағали. Жүз пайызға дұрыс! Мұсылман болғың келе ме – төле!

Әкім. Дәл солай! (селекторды басып) Шолпан, жібер енді әлгі орысыңды.

 

      Кабинетке Васильев кіреді.

 

Васильев. Здравствуйте.

Әкім. (қағаздардан бас көтерместен) Сәлем. Отыр. (орындықты нұсқайды)

Жұмағали. Садитесь.

Васильев. (нұсқалған орынға отырысымен) Я бизнесмен. У меня строительно-монтажное предприятие. Я хочу...

Әкім. (басын шайқап) Түсінбеймін. Қазақша сөйле – мен орысша түсінбеймін.

Васильев. (Жұмағалиға) Что он сказал?

Жұмағали. Говорите по-казахски – он по-русски не понимает.

Васильев. Но я не умею по-казахски.

Жұмағали. (әкімге) Қазақша сөйлей алмаймын дейді.

Әкім. Ол оның проблемасы. Сөйлей алмаса аудармашы әкелсін.

Жұмағали. (Васильевке) Тогда приведите переводчика.

Васильев. Переводчика? Где я его возьму? (пауза) А вы не могли бы нам переводить?

Жұмағали. Не знаю... (әкімге) Маған аудармашы бол дейді.

Әкім. Әй мынауың мықты ғой! Белдей бір ауданның әкімінің орынбасарын тілмәш қылмақшы! Жоқ, болмайды!

Жұмағали. Я не могу стать переводчиком. Аким не разрешает. Знаете что – сходите в отдел государственного языка – там вам кого-нибудь дадут.

 

      Васильев кетеді. Әкім тағы да көмекшісіне қарап жымияды.

 

Әкім. Мен бұл аққұлақтарды әлі иттей қыламын. Не қазақша сөйлеуге үйретемін, не қаладан кетіремін.

 

     Васильев жанына аудармашы ертіп келеді.

 

Васильев. Вот, привел переводчика. (аудармашы екеуі отырады) Я бизнесмен. У меня строительно-монтажное предприятие...

Аудармашы. Мен кәсіпкермін. Менде құрылыс мекемесі бар...

Васильев. И я хочу купить у вас пустующее пятиэтажное здание в аварийном состоянии. Оно находится на улице Ауэзова.

Аудармашы. Мен...

Әкім. Тоқта! Мен бұл кісімен оңаша сөйлескім келеді. (Жұмағали мен аудармашыға) Сен екеуің боссыңдар.

 

        Жұмағали мен аудармашы бір-біріне таңырқай қарайды, сосын шығып кетеді.

 

Әкім. Итак, вы хотите купить ту пятиэтажку?

Васильев. (күліп жібереді) Ну-у, вы и шутник! А ведь я решил, что вы и впрямь не понимаете по-русски...

Әкім. Давайте ближе к делу! У меня мало времени. Итак, вы хотите купить пятиэтажку на пересечении Ауэзова и Сейфуллина...

Васильев. То здание пустует вот уже десять лет. Скоро оно совершенно разрушится. А я, если вы его мне продадите, я его восстановлю в два счета. Будет польза для жителей, да и внешний облик города только выиграет...

Әкім. В первую очередь выиграете вы, лично вы! И пользу из этого здания, опять-таки, извлечете вы. Не правда ли?

Васильев. (жымиып) Ну да, конечно, кто же это отрицает.

Әкім. Тогда оставим патетику в покое и приступим к делу. За сколько вы хотите купить то здание?

Васильев. Ну я, то есть мои спецы, подсчитали его остаточную стоимость...

Әкім. Меня не интересуют выкладки ваших спецов. Меня интересует, сколько вы можете выложить за эту пятиэтажку.

Васильев. Ну, скажем так: милионов пять я бы дал.

Әкім. Пять миллионов?! Да вы что – издеваетесь?!

Васильев. Хорошо – назовите свою цену. Поторгуемся.

Әкім. (горкомстройдың бастығының қағаздарын көтеріп) Вот, только перед вами здесь был  начальник горкомстроя. Согласно его расчетам, только аренда первого этажа принесет двенадцать миллионов чистого дохода в год. Двенадцать миллионов в год! И это только аренда одного этажа!

Васильев. Я сомневаюсь. Но вы должны учесть и те средства, которые мне придется затратить на восстановление здания.

Әкім. Это само собой! По подсчетам спецов горкомстроя восстановительные работы обойдутся в десять миллионов. Грубо говоря, вы вернете затраченные деньги за два... от силы три месяца эксплуатации. Три месяца! Это же фантастика! А вы – «пять миллионов»!

Васильев. Хорошо, я согласен с вами. Теперь скажите, за сколько вы продадите здание?

Әкім. Шестьдесят миллионов.

Васильев. Шестьдесят?! Вы с ума сошли! Да я не имею сейчас свободных средств в таком объеме.

Әкім. Так я не требую их все сейчас. Можно разделить эту сумму на... скажем, на десять траншей. Вы можете выплатить их в течение двух лет?

Васильев. (біраз уақыт ойланып) Пожалуй... что да. Да, такие условия приемлемые. Значит, вы готовы заключить со мной договор?

Әкім. Да. Только у меня есть одно условие. Это очень конфиденциальный разговор. Дело в том, что мы в договоре купли-продажи укажем остаточную стоимость в пять миллионов. И на специальный счет вы перегоните именно эту сумму. А остальные пятьдесят вы заплатите наличными. Мне. А пять миллиононв я вам, так и быть, прощаю. Идет?

Васильев. (әкімге тесірейіп қарап алып) Идет...

Әкім. (орнынан тұрып қолын созады) Значит, договорились?

Васильев. (ол да тұрып әкімнің қолын қысып) Договорились! Когда и где мы подпишем договор?

Әкім. Здесь. Завтра.

Васильев. Отлично! Мне нравится ваша деловитость и оперативность, Басар Базарович. Только мне требуется неделя, для выделения тех пяти миллионов, которые я обязан буду перегнать сразу по заключении договора купли-продажи. Ведь так?

Әкім. Конечно! А как вы думали? Тогда я приготовлю договора, и в следующий  понедельник я вас жду здесь. Пойдет?

Васильев. Пойдет.

Әкім. Ну, тогда до свидания. (Васильев кетеді; әкім столдың арғы жағынан шығып, темекі тұтатып ерсілі-қарсылы жүреді; терезеге жақындап келіп).  Елу миллион... Иә, бұл жақсы келісім.... өте жақсы келісім... (осы уақытта телефон шыр етеді де әкім дереу тұтқаны алады) Әлө? (арғы жақтан сөйлеген адамның сөзін тыңдап тұрып темекісін күлсалғышқа езіп сөндіреді де тек: «иә, иә, түсіндім, құп болады!» деп жауап қатып тұрады. Әңгіме бітісімен, тұтқаны аппаратқа қойып, өңі бұзылып кетіп селекторды басады) Шолпан!

Шолпанның дауысы. Иә, Басеке, тыңдап тұрмын.

Әкім. Дереу Мергенді тауып ал. Маған тез жетсін де!

Шолпанның дауысы. Жақсы, Басеке...

Әкім. (тағы бір темекіні тұтатып кабинетте ерсілі-қарсылы жүріп кетеді) Бәсе! Айттым ғой – мұнда бір гәп бар деп. Қайтіп қана эстрада жұлдызы тегін концерт қоймақшы...

Мерген. (кабинетке кіріп келіп, босаға жақта кідіріп қалады) Басеке, шақырттыңыз ба?

Әкім. (жұлып алғандай) Әлгі продюсерің қайда?

Мерген. Продюсер?

Әкім. Иә, иә, продюсер!

Мерген. Кетіп қалды.

Әкім. Қайда? Сен онымен шартқа отырдың ба?

Мерген. Иә... отырдым... сіз рұқсат бердіңіз ғой.

Әкім. Міне көрдің бе! Осыдан кейін сеніп көр адам баласына! Ол қу бәрімізді алдап кетті. Сездім ғой мен бұл істе бір гәп барын! Айттым ғой!

Мереген. Не болып қалды, Басеке?

Әкім. Әлгі Балханың жәй концертпен жүрмеген болып шықты. Жаңа ғана жоғарыдан бір көкей телефон шалды. «Жолатпа қалаңа Балханды!» дейді.

Мерген. Жолатпа?! Түк түсінсем бұйырмасын!

Әкім. Мәселе мынада - әлгі Балхан жәй жүрмей саясатқа араласайын депті. Мына гостролінің мақсаты, күйеуінің депутаттыққа сайлануы үшін үгіт-насихат жүргізу.

Мерген. Үгіт-насихат? Күйеуіне?

Әкім. Иә! Өзің не – керең боп кеткенбісің? Оның күйеуі оппозициялық партия атынан мәжіліске депутат болып сайланбақ екен, ал Балхан өзінің абыройымен оны қолдауға шығыпты. Міне тегін концерттің құпиясы қайда!

Мерген. М-м... енді не істейміз?

Әкім. Әлгі продюсерді тауып алу керек. Қайда кеткенін  айтқан жоқ па?

Мерген. Мәдениет сарайына барамын, концертке дайындық жүргіземін деді.

Әкім. (телефонның тұтқасын алып) Мәдениет сарайының нөмірі қандай еді?

Мерген. Төрт-отыз төрт-нөл бес. (әкім телефон шалады) Қап! Келісім-шартқа қол қойып қойғанымды қарашы!

Әкім. Тсс! (телефонға) Мәдениет сарайы? Бұл кім? Меңгеруші? Мен Басармын - әкіммін. Балхан Жүсіпованың продюсері бар ма? Ә, бер онда тұтқаны. ... Уағалайкүм ассалам. Тыныштық. Шүкір. Ә, жәй ғой. Бір сұрақ бар, маған келіп кетсеңіз. Иә, дәл қазір. Мен өзімдемін. Жәй, жаңағы мәдениет бөлімінде отырған келісім-шартқа тағы бір түзеу енгізу қажет. ...  Бұл телефон арқылы сөйлесетін әңгіме емес, маған келіңіз, осы жерде саспай әңгімелесеміз. (тұтқаны қоя салады) Мен саған көрсетем келісім-шарт өзгертілмейдіні! Қарашы өзін, өзінен басқаны ақымақ деп санайды! (Мергенге бұрылып) Сен де ендігәрі көрінгенге елпілдей бермей сақ бол. Әйтпесе қазіргі заманда су түбіне кетесің, басыңнан айрыласың.

Мерген. Қайдан білейін... Балхан Жүсіпова келеді дегесін...

Әкім. (орнына отыра бере) Міне-міне! Балханның атын естісімен ақылымыздан айрыла жаздадық. Бұл оқиға бізге сабақ болсын.

Шолпан. (есіктен басын сұғып) Басеке, бір кісі келіп тұр, продюсермін дейді.

Әкім. Кірсін, жібер!

Продюсер. (кіріп келіп) Ассаламу ғалайкүм!

Әкім. Уағалайкүм ассалам. Жоғарлатыңыз. (продюсер жанына келіп орындыққа жайғасқаннан кейін) Әлгі келісім-шартыңызды бере тұрыңызшы, оқып шығайын. Мына кісі бір қателік жіберіпті. Бір түзету енгізу қажет.

Продюсер. (папкасынан шартты алып әкімге беріп жатып) Ол қандай түзету?

Әкім. (шартты оқымастан жыртып тастайды да қоқыс шелегіне тастап жібердеі) Мынадай түзету!

Продюсер. (орынан атып тұрып) Бұл не?!

Әкім. Бұл - концерттік зал берілмейді деген сөз! Бұл - осы ауданда концерт қоймайсың деген сөз!

Продюсер. Сіз ештеңе білмейді екенсіз. Концертті кім қоятынын білесіз бе? Балхан Жүсіпова!

Әкім. Енді қайтейін? Балхан Жүсіповаң құдай ма еді?

Продюсер. Сіз не?! Балхан Жүсіпованы білмейсіз бе? Ол...

Әкім. Түсіндірем деп әлек болма. Ол толған қатындардың бірі. Ал қатын болдың ба – бір жеріңді қысып жөніңмен жүр. Менің сенімен салғыласатын уақытым жоқ. Менің тірісімде бұл ауданда концерт қоя алмайсыңдар.

Продюсер. (не істерін білмей тұрып-тұрып, папкасын жауып, кетуге ыңғайланады) Жарайды. Көреміз – қоя аламыз ба, әлде қоя алмаймыз ба. Ал сіздің республика деңгейінде әйгілі әншіге концерт қоюға орын бермегеніңіз бүкіл халыққа аян болады. Сол кезде бармағыңызды шайнап қалмаңыз.

Әкім. Шайнамаймын! Ол үшін сен қам жеме. (продюсер кетеді; әкім селекторды басып Шолпанға) Жұмағалиді маған тауып бер. Дереу жетсін де.

Шолпанның дауысы. Жақсы, бастық.

Әкім. (Мергенге) Сен нағып тұрсың?

Мерген. Не істейін?

Әкім. Бар, мәдениет сарайына бар. Бүкіл клуб меңгерушілеріңді ескерт – жаңағы суайтқа клубтарын беріп қоймасын. Бастарын жұлып аламын!

Мерген. Құп болады! (кетеді)

 

     Мерген кетеді – Жұмағали кіреді.

 

Әкім. Ә, келдің бе! Мені мұқият тыңдап ал. Сен қазір бүкіл мекемелерге телефон шаласың да менің мына бұйрығымды жеткізесің: егер де сол мекемелердің бір қызметшісі Балхан Жүсіпованың концертіне барса – жұмысынан айрылады. Түсіндің бе?

Жұмағали. Т-түсіндім... ал бірақ...

Әкім. Бірағыңды қой! Ол Балханың концерт қоя алмас, қойуға жер берілмейді, сонда да ескертіп қойған жөн. Бүкіл мектептер мен колледждерге де телефон шал – мұғалімдер не өздері бармасын, не оқушылары мен студенттерін жібермесін. Ол үішін бастарымен жауап береді. Енді түсіндің бе?

Жұмағали. Түсіндім!

Әкім. Түсінсең – бар! Орында тапсырманы. Қалғанын қайтып келген соң айтамын. (Жұмағали кетеді; ол кетісімен әкім тағы да орынынан тұрып темекі тартпақшы болады, бірақ үлгірмейді – телефон тағы шыр етіп әкім тұтқаға жармасады) Әлө? Иә! Иә, тиісті шара қолданып жатырмыз. Иә, дәл сіз айтқандай. Иә-иә! Құп болады!..    

 

                                     ЕКІНШІ  КӨРІНІС.

 

      Саябақтағы концерттік ашық алаңқай. Ағаштан істелген қарапайым эстрадада тұрған музыканттар бір әуен бастап кетті. Үстінде әдемі концерттік көйлегі бар Балхан шығып микрофон алдына келіп тоқтайды. Тақтай орындықтарға жайғасқан көрермендер әншіні  қол шапалақтап қарсы алады. Көрермендердің басым саны зейнеткерлер, кішкентай немерелерін ертіп келген апайлар мен әжейлер, бес-алты ағайлар мен атайлар да бар. Қалкен мен Жазира ең шеткі, ағаш тасасындағы орындыққа келіп жайғасады. Екеуінің назары сахнадағы әнші мен музыканттарда болғасын, өздерін аңдып жүрген детективты байқамайды. Детектив ағаш арасынан оларды бейнекамераға түсіріп жүр. Балханның белгісімен музыканттар аспаптарының үнін өшіріп, әнші бір әнді шырқап кетеді. Жазира мен Қалкеннің диалогы сол әннің фонында өтеді.

 

Жазира. Керемет! Бұл шынында Балхан Жүсіпова ма?

Қалкен. (күліп) Өз көзіңе сенбей тұрмысың?

Жазира. Сенбейін десем – дәл өзі, сенейін десем – Балхан мынадай жұпыны сахнада шырқайтын әнші ме еді? Мәдениет сарайынан орын табылмағаны ма?

Қалкен. Иә, мен де соған таңырқап тұрмын. Мүмкін сарайда концертті кешке қояр, ал мынау жәй әншейін, дайындық ретінде шығар.

Жазира. Әй қайдам! Және көрермен де аз. Оның өзі кілең қариялар. Оқушылар қайда? Осындай концертке бірінші боп жетіп келетін студенттер қайда? 

Қалкен. Оқуда шығар. Бүгін демалыс емес, жұмыс күні ғой. Зейнеткерлерден басқасы жұмыста. Кешке көрерсің – мәдениет сарайы лық толып, ертеректеу қамданбасақ орынсыз қалармыз.

Жазира. Жақсы, солай-ақ болсын. Сонда неге бір де бір афиша жоқ? Сенің көзіңе бүгін афиша түсті ме?

Қалкен. Жоқ...

Жазира. Міне, көрдің бе...

 

      Осы сәтте сахнаның  жанына динамик-колонка, музыкалық орталықтары бар бір топ жігіт пен қыз келеді. Сосын батыстық ритмикалық әуен, әншінің де, музыка аспаптарының да үнін басып тастайды. Жігіттер мен қыздар билей жөнеледі. Балхан әнін тоқтатып билеушелерге ашулана қарайды. Әншінің продюсері әлгі жастарға жетіп барып бірдеңе дейді, олар бір қағазды продюсердің көзінің алдында бұлғаңдатып, ыржыңдап жауап қатады. Продюсер музыкалық орталықты сөндіріп тастайды, бір жігіт оны қайтадан қосады. Продюсер қайтадан сөндірмек болып ұмтылған кезде жігіт оны итеріп жібереді. Екеуі ұстасып қалады. Бұл жерге музыканттар мен концерт жүргізуші килігеді, оның үстіне жастар кірісіп кетіп, нәтижесінде кішігірім алыс-жұлыс орын алады. Осы жерде полиция бөлімінің бастығы полковник басқарған бірнеше полиция қызметкерлері келіп араға түседі. Музыканың үні өшеді.

 

Полковник. (продюсерге) Бұл не шу? Тәртіпті неге бұзасыңдар?

Продюсер. (ентігіп сөйлейді) Біз емес – мына жастар тәртіпті бұзған! Біз концерт қойып жатырмыз, ал бұлар ше бізге бөгет жасап тұр.

Полковник. Бұл жерде концерт қоюға рұқсат алып па едіңдер?

Продюсер. Жоқ. Енді мынадай жерге де рұқсат керек пе еді?!

Полковник. Әрине! Ал рұқсат жоқ па – аспаптарыңды жинап тайып отырыңдар. Мына жастардың дискотека құруына рұқсат қағазы бар, яғни, олар сендеге емес, сендер оларға бөгет жасап тұрсыңдар.

 

      Балхан не істерін білмей, микрофонды колонканың үстіне қоя салып, жылап жібереді. Алақандарын бетіне басып сахнадан шығып кетеді, ал жастар күліп, ысқырып, қиқулатып шығарып салады.

 

Қалкен. Әй, бұлары несі ей? (орнынан атып тұрып полковниктің жанына жетіп барады, Жазира оның соңында) Бұл не деген масқара?! Сіз өзі бұл әншінің кім екенін білесіз бе? Бұл Балхан Жүсіпова!

Полковник. Е! Балхан болса не – тәртіп бұзу керек пе?

Қалкен. Тәртіпті бұзған мына боқмұрындар! Ал Балхан Жүсіповадай эстрада жұлдызы тегін концерт қойғанына қуанудың орнына сіз оны қуып тұрсыз. Бұны қалай түсін дейсіз?

Полковник. Қалай түсінсең олай түсін! Жұлдыз болсын – болмасын, тәртіп барлығына бірдей. Балханың түгілі Алла Пугачева келсе де мен оның тәртіп бұзуына жол бермеймін. Бітті әңгіме!

Жазира. (Қалкеннің жеңінен кері қарай тартып) Қалкен, кеттік, көрмеймісің – бұл кісімен сөйлесу бекер іс. Кеттік!

Полковник. Иә, иә, кет, жөніңмен жүр.

Қалкен. (Жазираның тартуымен шегініп жатып) Сіз бұл ісіңіз үшін әлі жауапқа тартыласыз. Мен бұл істі жәй қалдырмаймын.

Полковник. Бар, бар, қырып ал! Мен қызметтегі адаммын. Мен тек бұйрық орындаушымын. (полиция тобының командиріне) Ал, мен кеттім. Байқа, тағы бір ши шығып жүрмесін. Барлығы тарағанша кетпеңдер, ал әртісттерден көз жазып қалма –  тағы бір жерде концерт қойып жүрмесін. (кетеді)

 

     Көрермендер тарай бастайды да, көп ұзамай орындықтарда бірі де қалмайды. Балханның музыканттары аспаптарын жинап кетеді, олардың соңынан полиция қызметкерлері аттанады. Жастар да колонкалары мен музыкалық орталықтарын арқалап жоқ болады. Алаңқайда тек Қалкен мен Жазира қалады

 

Жазира. Мен бірдеңе түсіне бастадым. Мұның бәрі әлгі жаңадан келген әкімнің ісі. Бұл жастар да, полиция қызметкерлері де соның бұйрығын орындап жүр.

Қалкен. Ол әкімнің Балханда не құны бар? Неге оның концерт қоюына кедергі жасайды? Балхан орысша ән шырқамайды. Керісінше, нағыз дәстүрлі қазақ әндерін айтады. Қай жылда бір эстрада жұлдызы келгеніне қуанбай ма?  

Жазира. Бұл бір түсініксіз нәрсе. Бірақ мұның бәрі сол әкімнен шығып тұрғанында менің күмәнім жоқ. Кім білсін, мүмкін Балханда кегі бар шығар.

Қалкен. Қандай кек болушы еді? Жалпы, әкім мен әнші арасында қандай іс болуы мүмкін?

Жазира. Қайдан білейін. Қай заман болмасын, билік пен өнер адамының арасында бір кикілжің табылады. Жаяу Мұса мен Мұстафаны есіңе ал. Ал сен өзің ше? Әкім келмей жатып ақын оған қарсы шыққан жоқ па!

Қалкен. Әкімге қарсы шыққан ақын емес – журналист.

Жазира. Жоқ, ақын. Мүмкін журналист, әсіресе әкімнің қоластындағы журналист, үндемей де қалушы еді, бірақ ақын ешқашан әділетсіздікке жол бермейді. Берсе – ол ақын емес.

Қалкен. Мен ең әуелі журналистпін. Ал ақынмын ба, жоқ па...

Жазира. Жоқ, Қалкен, сен ең әуелі ақынсың. Нағыз ақынсың. Мүмкін журналист жаңағы жерде жанжалға кіріспес еді, журналист әрі кетсе оқиғаның оқырманға айқын жетуін қамтамасыз етеді. Ал нағыз ақын мұндай әділетсіздіктің жанынан өте алмайды, ол үндемей қала алмайды.

Қалкен. Сен шынында да мені нағыз ақын деп санайсың ба?  

Жазира. (Қалкенді құшақтап бетінен сүйеді) Әрине! Сен нағыз ақынсың. Қалкен-ай, мен саған емес, ақынға ғашық болғам. Міне – енді сенсіз бір де күн сүре алмаймын. Менің газетіме жұмысқа кірсең біз әрдайым бірге болар едік. Неге сен келіспей тұрсың? Әлде мені сүймейсің бе? Мүмкін сенің махаббатың махаббат емес – жәй тек ақындық, серілік шығар? (Қалкеннің қабағын шытқанын көріп күліп жібереді) Ойнаймын, ренжіп қалдың ба? Ал, егер шын сүйсең – көрсетші махаббатыңды. (еріндерін тосады - Қалкен сүйеді, сосын екеуі құшақтасып ұзақ сүйіседі – детектив олардың жанына жақын келіп камераға түсіріп тұр)

Қалкен. Білесің бе, Жазира, Самал сондай қызғаншақ. Және ол бірдеңе сезіп жүрген сияқты. Ақырғы кезде өзі маған шүйіліп алды. Сенің редакцияңа кірмей-ақ газетің үшін мақала жазып жүре берcем болмай ма?

Жазира. Мен сені сағынамын. Мен енді сенсіз бір минут та отыра алмаймын.  Не жазып, не қойғанымды білмеймін. Соның салдарынан өткен номірде бір ірі қателік те жіберіп қойыппын. Масқара бола жаздадым.

Қалкен. Бір жақсы журналист қарастырсаңшы. Бәріне жалғыз өзің үлгірмейсің ғой.

Жазира. Ба-аяғыда қарастырып қойғанмын! Өте жақсы журналист. Оған жақсы жалақы да тағайындап қойдым. Тек өзі келісімін бермей жүр. Бірдеңеден қорқады білем...

Қалкен. Ол кім өзі? (пауза) Ә! Мені айтып тұрсың ба?

Жазира. (күледі) Жоқ, сенің артыңдағыны.

Қалкен. (артына бұрылып детективты көзі шалып қалады, детектив ағаштың артына жасырынады) Әй, анау кім өзі?

Жазира. (ол да бірдеңені сезіп орнынан тұра беріп) Не?.. Қалкен, бізді біреу аңдып жүр. Мен әлгі кісіні бағана, саябаққа кірерде көзім шалып қалған.

Қалкен. (тұра келіп) Аңдып жүр?!

Жазира. Иә, бізді бейнекамераға түсіріп жүр.

Қалкен. Қап бәлем, тоқтай тұр!

 

     Қалкен детективтың соңынан қуып береді, детектив қаша жөнеледі. Жазира былай қарай шығып олардың соңынан қарап тұрады. Біраз уақыттан кейін бейнекамера ұстап Қалкен қайтып келеді.

 

Қалкен. (ентігіп сөйлейді) Қашып кетті... Міне, камерасын тартып алдым... Танымайтын біреу... Бұл кім болды екен, ә?

Жазира. (бейнекамераға қарап) Мынаны қара – су жаңа цифрлы камера! (Қалкенге) Танымаймын деймісің? Мен де бұрын көрген емеспін. Әлгі әкімнің адамы болмаса...

 

     Осы уақытта балалардың күлкісі, дабдырлаған дауыстары естіледі.

 

Самалдың дауысы. Балалар, бері жүріңдер! Жасұлан! Қойсаңшы қылжақты...

Қалкен. (орындыққа отыра берген жерінен қайта көтеріліп) Самал?! Жазира, бұл Самалдың дауысы ғой! Ол қайдан келіп қалды?

 

      Жазира ағаш арасына жасырынады. Алаңқайға Самал келеді. Оның жанында оқушылар бар. Самалдың қолында ағаштың бұтағын кесетін қайшы, балалардың қолдарында тырмауыш, күрек, с.с. құралдар. Балалар Қалкенмен жамырап амандасып жатыр.

 

Самал. Қалкен?! Сен мұнда не ғып жүрсің?

Қалкен. (артына қарағыштап) Жәй әншейін... өтіп бара жатып... сенің дауысыңды естіп... Ал сендерді не – басшылық жіберді ме?

Самал. Иә. Директор жіберді. Аяқ астында осы жерді жинау керек болыпты. Жинаса жаз бойы не бітірген? Әйтеуір бір сарсаңға салып қою оныкі!

Қалкен. Ал мен енді бәрін түсіндім. Директорың жаңа әкімнің бұйрығын орындап тұр.

Самал. Қайдағыны қайдан айтасың! Әкімнің осы саябақтан басқа жұмысы жоқ па?

Қалкен. Жоқ болып тұр ғой...

Самал. Жә, қайтесің оны! Сен өзің не бітірдің? Жұмыс қарастырдың ба?

Қалкен. (тағы да артына көз тастап) Қарастырдым...

Самал. (Қалкен қараған жаққа көз тастап) Артыңа неге қарағыштай бересің? Біреу бар ма?

Қалкен. Ешкім де жоқ. Кім болуға тиісті?

Самал. Қайдан білейін, жаңа жаныңда біреу тұрған сияқты да... бір келіншек пе... қыз ба... Қолыңдағы не?

Қалкен. (қолында бейнекамера бар екені есіне түсіп түрі бұзылып кетеді) Бұл ма... бұл... бұл бейнекамера.

Самал. Бейнекамера? Оны қайдан алдың?

Қалкен. Қайдан? М-м... бұл менікі емес...

Самал. Әрине сенікі емес – қайдан келсін саған мұндай бейнекамера! Сонда кімдікі? Әкелші көрейін. Не түсіріп едің?

Қалкен. (жаман сасады) А! Ештеңе емес...

Самал. (қолын созып камераға жармасады) Әкелші, көрейін! Саған не болған өзі!

Қалкен. Несін көресің? Бұл жарамай қалған камера... сынып қалды... жарамайды (камераны жанында тұрған қоқыс жәшігіне тастай салады) Жарамайтын камера.

Самал. (күйеуінің бұл қимылына таңырқап) Бұның не? Жарамаса да біреудің камерасын қоқысқа тастауға бола ма?

Қалкен. Енді не қылайын? Бәрібір жарамайды...

 

     Бір бала камераны алып шығып, басқалар оны қоршап алады.

 

Бір оқушы. Бұл камераны жөндеуге болатын шығар.

Екінші оқушы. Кәне, берші, көрейін несі сынғанын. Дискісі бар ма?

Үшінші оқушы. Жоға! Мұндай камерада диск болмайды, флешка болады.

Қалкен. (оқушының қолынан камераны жұлып алады да флеш-картасын қалай аларын білмей біраз әлектенеді) Мұның флешкасы қалай алынады?

Үшінші оқушы. Әкеліңіз, ағай, алып берейін. (Қалкен камераны береді – бала аспаптың бір жерінен флешкасын алып камерамен бірге ұсынады) Міне...

Қалкен. (флешканы қойын қалтасына салып алады да бейнекамераны балаға қайтарып береді) Ала бер, камера маған керек емес. (оқушылар уласа-шуласа әлгі баланы қоршап алып оның олжасын қызықтап дабдырласып жатыр)

Самал. Бұл флешкада не бар?

Қалкен. Ештеңе емес.

Самал. Қалай ештеңе емес? Ештеңе болмаса несіне қалтаңа салып алдың?

Қалкен. Самал, бұл флешкада... бұл флешкада... Оны әзірше айта алмаймын - ол құпия.

Самал. Құпия дейсің – ал өзің жаңа ғана камерамен бірге қоқысқа тастай салдың. Мұны қалай түсінуге болады?

Қалкен. Самал, сұрама, мен оны саған айта алмаймын.

Самал. Неге?

Қалкен. (ашулана бастап) Неге-неге! Осы сенің сұрақтарың біте ме? Саған бәрін білу керек, ия! Ал мен кейбір ақпараттың құпиясын саған да аша алмаймын. Ұмыттың ба? Мен журналистпін!

Самал. (біраз уақыт Қалкенге тесірейіп қарап тұрып, басын шайқайды) Жұмыссыз жүріп журналистпін дейсің.

Қалкен. Жұмыссыз жүрген жоқпын.

Самал. Сонда не? Жұмыс таптың ба?

Бір қыз бала. Апай, біз осы жерге бейнекамераны тамашалауға келдік пе?

Самал. Балалар! Кәні, беріңдер маған камераны. Бұл сендерге ойыншық емес, өзі біреудікі екен. Жұмысқа кірісіңдер. (балалар камераны оған табыс етеді)

Екінші қыз бала. Апай, қайшыңызды бере тұрыңызшы – ана ағаштың бұтақтары сынып қалыпты, соны қырқып тастайын.

Самал. Мә. Абайла - саусақтарыңды бірге қырқып тастама.

Бірінші қыз бала. Апай, ағаштардың түптерін қопсытайық па?

Самал. Әрине. Бірақ  байқаңдар – тамырларына зақым келмесін.

Екінші қыз бала. Апай, Жасұланға айтыңызшы – бұрымымнан тарта бермесін. (артында тұрған балаға қайшысын сартылдатып ұмтылады) Жасұлан! Айтпады деме - қолдарыңды қырқып тастаймын!

Самал. Әй Жасұлан! Қойсаңшы енді! Өзің не ғып тұрсың? Тырмауышың қайда?

Қалкен. Ал мен кеттім, сендерге бөгет болмайын. Кешке үйде сөйлесерміз.

Самал. Тоқтай тұр! Кетпе. (балаларға) Балалар, уламай-шуламай жұмыстарыңды істей беріңдер. Мен ағаларыңмен сөйлесіп алайын. (Қалкенге) Жүр, мына орындыққа отырып сөйлесейікші, күні бойы тыпырлап аяғым талды.

 

      Самал мен Қалкен орындыққа отырады да оқушылар жұмысқа кіріседі.

 

Самал. Сонымен, жұмыс таптың дедің бе? Қай жерге орналастың?

Қалкен. Аудан тынысына. Оның бас редакторы мені жұмысқа алатын болды. Ертеңнен бастап жұмысқа кіріспекпін.

Самал. Аудан тынысы? Тоқтай тұр... оның иесі әлгі Жазира емес пе еді!

Қалкен. Иә... сол. Ертең жұмысқа шық деді. Жақсы жалақы тағайындайтын болды.

Самал. М-м... Басқа жұмыс болмады ма? Жазираның күйеуі кісі өлтіріп сотталып кетпеп пе еді!

Қалкен. Мені оның күйеуі жұмысқа қабылдайын деп тұр ма? Осындай сөз не керек? Сосын біздің қалада бары-жоғы екі-ақ газет.

Самал. Газеттен басқа жұмыс жоқ па?

Қалкен. Қандай жұмысты айтасың? Менің мамандығым журналист. Әлде қара жұмысқа салайын деп пе едің?

Самал. Жоқ... кім саған қара жұмыс істе деп тұр. Тек... тек сол Жазираны сұханым сүймейді. Өзі сондай тәкәппар, өркөкірек.

Қалкен. Оның өзінде нең бар! Біз оны баламыздың кіндігін кесуге шақырайын  деп тұрмыз ба? Газетіне жұмысқа алатын болды, жалақың жаман болмайды дейді – одан басқа  не керек?

Самал. Сол өзіңнің бұрынғы жұмысыңда жүре берсең не етер еді...

Қалкен. Мен ол жұмыстан кетейін деп кеттім бе! Шығарып тастаған жоқ па!

Самал. Мен Мақпалмен сөйлестім. Ол бәріне сен өзің кінәлісің дейді. Жаңадан келген әкімге қарсы шығыпсың ғой.

Қалкен. Иә... бірақ сен мені кінәлауға асықпа – сол жерде қарсы шықпасқа болмады. Сергей Андреевичты қазақша сөйлемейсің деп орынан алып тастады. Сол дұрыс па?

Самал. Дұрыс болса, дұрыс шығар. Қазіргі заманда кез келген қызметкер мемлекеттік тілді білуге тиісті. Және де ол кісі зейнеткерлікке шығатын жасқа жетті. Кәрілер кетеді, жастар олардың орнын басады. Онда тұрған не бар?

Қалкен. Зейнеткерлікке шығуға әлі үш жылы бар, енді қайда бармақшы? Жаңа әкімнің кесірінен жақсы зейнетақыдан құр қалады енді. Қырық жыл үздік жұмыс істегені не керек, ақырғы үш жылдың жалақысы бойынша тағайындалмай ма зейнетақы!

Самал. Енді мүлдем жұмыссыз қалтырмайтын шығар о кісіні! Қалай болғанда да әкімді түзететін сен бе едің? Сен сол жиналысқа тек  тілші ретінде қатысқан жоқпысың? Сенің со жерде басшылардың сөзіне килігетін ешқандай құқығың да болған жоқ. Мақпал маған бәрін айтып берді. Сен, өзгесін былай қойғанда, журналисттік этиканың ережесін бұздың. Сондықтан ол сені алып қала алмапты.

Қалкен. Сондайда бәрі этикашыл бола қалады екен! Ал қырық жыл білім саласында аянбай еңбек еткен адамды болмашы айып тағып жұмыстан шығарып тастағаны қандай этикаға жатады?

Самал. Мемлекет тілін білмегенін «болмашы айып» деймісің?

Қалкен. Мемлекет тілі, мемлекет тілі! Сен шынында да сол әкім мемлекет тіліне жаны ашып тұр дейсің бе? Ол тек бір сылтау емес пе! Сергей Андреевич со жерде қазақша сайрап тұрса да оған басқа бір айып тағып жұмысынан босатушы еді әлгі әкімің. Өйткені оның мақсаты орыстарды  қуу. Ол бүкіл мектептерді қазақ тіліне аударамын дейді. Сен түсінуге тиістісің – қандай қасіретке сол мектептердің ұшырайтынын. Онда тек қана орыстардың балалары оқып жүрген жоқ, қаншама қазақ балалары бар. Балалардың тағдырын ойлап отырған біреу бар ма?

Самал. Олардың тағдырына не болады екен? Сен де қайдағыны айтасың осы!

Қалкен. Мына мені алшы – мен кезінде қазақ мектебінде оқуымды бастадым. Бесінші сыныптан кейін орыс тілінде оқуға тура келді. Енді міне – мен өзім білмеймін, мен қазақпын ба, әлде орыспын ба.

Самал. Енді міне өзің де мойындадың ғой - әлгі жаңа әкім соны ойлап отырған жоқ па! Қазақтың балалары қазақ болсын деп, қазақша сөйлесін деп, өзінің ана тілін жақсы білсін деп.

Қалкен. Жоқ, сен түсінбейсің! Өзің ойлашы – сол қазақ балалары 8-9 жыл орысша оқып келіп, ендігі қалған екі-үш сыныпты қазақ мектебінде бітірмекші. Сен шынында да сол балалар аяқ астында ана тілін игеріп кетеді деп ойлайсың ба?

Самал. Толық игермесе де бірдеңе үйреніп қалар. «Ештен кеш жақсы» демекші.

Қалкен. Жоқ, бұ жерде мұндай мақал орынсыз. Қазір орысша оқып жүрген балаларға оқуын орысша бітіруіне мүмкіндік беру керек. Және де орыс мектептерін мүлдем жауып тастауға болмайды. Орыс немесе орыс тілдес балалардың білімді өз ана тілінде алуына құқығы жоқ па? Біздің ана тіліміз ана тілі де, олардың ана тілдері не – бос сөз бе? Біреудің ана тілін сыйламай қалай сен өзіңнің ана тіліңді сыйлатпақсың? Осыны сол сенің әкімің ойлады ма?

Самал. Ол неге менің әкімім?

Қалкен. Сен соны жақтап тұрған жоқсың ба!

Самал. Жақтаймын! Мен оның орнында отырған кез келген адамды жақтаймын. Өйткені ол - әкім! Ол сол қызметке жоғарыдан тағайындалған.

Қалкен. Әй, оның осы ісін жоғарғы жақ нұсқап отырған жоқ шығар. Керісінше – біздің үкімет басшылары да, президентіміз де ұлтаралық қатынаста өзара сыйластықты, бүкіл ұлттардың мүдделерін қорғауға шақырады. Біздің жаңа әкім өз бетімен сол саясатты бұрмалап отыр.

Самал. Қайдан білесің кімнің қандай саясатты жүргізіп отырғанын? Екеумізге сол саясатқа араласатын не бар? Әкім үкімет адамы, не істесе де үкіметтің алдында жауап береді. Егер ұлтаралық қатынастарға кесірін тигізсе орнынан бір түсер.

Қалкен. Ойбай-ау! Ол орнынан түскенше ауданымыздың қоғамы не болмақшы?! Ал егер түспеше ше?

Самал. Түспесе түспей-ақ қойсын. Біздің онда не жұмысымыз бар?

Қалкен. Міне осындай көзқарастың кесірінен біз осы күнге дейін оңбай жүрміз. Үкіметтің ішкі саясаты біздің жұмысымыз емес, сыртқы саясаты да біздің жұмысымыз емес, парламентіміз қандай заң қабылдап жатыр – ол да бізге керек емес, сол заңдар жұмыс істеп жатыр ма, жоқ па – оны біз қайтеміз! Сонда бізге не керек? Ертең, жаман айтпай жақсы жоқ, тоталитарлық режим орнап қалса кімді кіналаймыз? Әрине, басшыларды! Ленин оңбаған, патшаны құлатып, ежелден келе жатқан ата заңымызды құртқан, Сталин мен Голощекин де оңбағандар, қазақтарды қырып, Қазақстанды үлкен бір концлагерге айналдырған, Хрущев те – біздің солтүстіктегі жерлерімізді Ресейге қоса жаздап, «тың игереміздің» сылтауымен біздің жерімізді орыстарға толтырған. Брежнев те былшыл қырт, қазақ мектептерін орысшаға аударып бізді орысқа айналдырған. Горбачев пен Колбин қазақтың жастарын қырып-жойып, соттап, қудалап, жоғарғы оқу орындарын орыстардың балаларына толтырған. Әрине, біздің бүкіл қасіретімізге солар кінәлі. Ал біз сонда қайда жүргенбіз? Неге біз, халық болып, қоғам болып сол оңбағандарға, олардың саясатына қарсы шықпадық? (Самалдың дауысын келтіріп) «Ол біздің жұмысымыз емес!» - міне, сенің жаңағы сөзің біздің халықтың аузынан, қай заманда болмасын, түскен емес.

Самал. Тү-ү! Осы сенің не ауруың бар – кез келген жәй әңгімені бір лекцияға, диспутқа айналдырып жіберетін? Маған керегі – менің күйеуім, балаларымның әкесі жұрт сияқты тұрақты жұмыс істеп үйге жақсы ақша әкелгені. Сенің бастапқы міндетің – отбасыңның жағдайын ойлау. Ал сен ше – тұтас бір қоғамның, мемлекеттің жағдайын ойлайсың. Ол не керек саған? Мемлекеттің жағдайын ойлайтын адамдар бар, жететін, сенсіз де бірдеңе қылып басқарады. Ана қызың мектеп бітірісімен базарда сатушы болды. Енді бүкіл қалған ғұмырын «базарная баба» боп кешпекші.

Қалкен. Ол қыз мектепте оқып жүргенде несін ойлады? Өзі ғой ешнәрсеге талпынбағаны. Мектеп бітірісімен «мен жоғарғы білім алғым келеді» - деп аузын ашты ма? Жоқ! «Мен саудагер боламын» - деді де базарға бір-ақ кірді.

Самал. Жарайды, ол қыздікі солай-ақ болсын. Жарайды, енді тұрмысқа шығып өзінің отбасын құрар. Ал ана ұлды не істейміз?

Қалкен. Ұлға не болыпты?

Самал. Не болғаны несі! Мектеп бітіріп жатқан жоқ па! Әлде оны да базарға тығайын деп пе едің?

Қалкен. Мен ешкімді базарға тыққан жоқпын. Базарда да адамдар жұмыс істейді. Егер ол ұлдың қабілеті басқаға жетпесе – барсын базарға. Ал базарда сауда жасау үшін де бас керек.

Самал. Әй, ол ұлдың оқуы жақсы! Сен олай жалтақтама! Бүкіл мұғалімдер бір ауыздан: «Ұлыңды оқыт – одан бірдеңе шығады» деп жамырап жүр. Қайратты оқыту керек.

Қалкен. Оқысын – оқығысы келсе! Мен оған қарсы емеспін ғой.

Самал. Сенен сонда не – тек осы сөзің ғана қажет пе? Оқу үшін қаражат керек. Көп қаражат. Менің жалғыз жалақым неге жетеді? Сенің болашағың бұлыңғыр. Сен әкімге қарсы шығарда сол балаңның оқуын ойладың ба? А?! Қайдам! Саған ол керек жоқ! Сен өз басыңның қамын ғана ойлайсың.

Қалкен. Сонымен мен өзімді ғана ойлаймын екен! Әй, егер де сол шын болса мен сол жерде, әкімнің кабинетінде үндемей отырмаймын ба! Нем бар сау басыма сақина тілеп? Әкімді өзіме ерегестіріп, жұмыстан айрылып қайтер едім? Мен қоғамды ойладым, халықтың жағдайын ойладым, балалардың жағдайын!

Самал. Ал сол халық саған алғысын айта ма? Жоқ! Керісінше, жұрт саған күліп жүр. «Әлін білмеген әлек!», «Дөкөйлермен тайталасып несі бар еді – бар бітіргені жұмысынан айрылып қалды!» - деп жүр.

Қалкен. Айта берсін ауызына келгенін ақымақтар!

Самал. Жақсы, солар-ақ ақымақ болсын. Сонда неге «Қалкендікі дұрыс, ол біздің бәріміздің мүддемізді қорғап жүр» - дейтін бір де бір адам табылған жоқ? Әлде бүкіл адамдар кілең ақымақтар ма? Мүмкін керісінше – сен өзің ақымақ шығарсың?

Қалкен. (қызарып кетіп) Ал сен кімсің сонда? Сен ақылды болсаң неге ақымақпен тұрмыс құрып жүрсің?

Самал. Кім мені ақылды дейді?! Ақымақпын! Ақымақпын! Ақылды болсам осы күнге дейін сенімен итшілеп жүрем бе? Баяғыда кетіп қалушы едім ғой. (көзіне жас алады)

Қалкен. Әне басталды! Мен былай сөйлесе алмаймын. (орындықтан тұрып, кетуге ыңғайланып) Ал мен кеттім. Тый көз жасыңды! Балалар қарап тұр. Ертең айтып жүрер – «жаман ағай екен - апайымызды жылатты» - деп. Ештеңе етпес, ертең ақ жұмысқа шығамын. Және де әлгі кітабым шықса гонорар аламын. Сосын жібереміз Қайратты оқуға, ол үшін қам жеме. (кетеді)

Самал. (көз жасын сүртіп, орнынан тұрып балалар жаққа бет алып бара жатып) Жарайды, бір жөні болар. Осыдан басқа бізде айтарлық сөз бар ма...

 

                                            

 

                                        ҮШІНШІ  КӨРІНІС

 

       Редакция бөлмесі. Жазира бір компьютермен жұмыс істеп отыр. Қарама қарсы тағы бір стол тұр. Оның да үстінде оргтехника. Қарсы қабырғаның тұсында диван, екі кресло. Есік ашылып Жұмағали кіреді.

 

Жұмағали. Амансың ба, Жазира?

Жазира. Аманбыз. Сізді де көретін күн болады екен. Қандай жел айдап келді біздің жаққа?

Жұмағали. (Өтірік күрсініп қойып) Е-е... жұмыс қой, Жазира, бітпейтін бір жұмыс...

Жазира. Сіздей үлкен кісіде біздей қарапайым адамдарға қандай жұмыс болмақшы? Әлде мақала жазып соны біздің газеттің бетінде басып шығармақсыз ба? (Мырс етіп күліп) Жаңа әкім Мақпалдың газетін жаулап алған көрінеді, басқа ешкімге орын беретін емес.

Жұмағали. Ол Мақпалдың газеті емес. Ол газет - әкімшілік газеті.

Жазира. Қазір оны қолға алған оқырман, газет әкімнің жеке меншігі деп қалар...

Жұмағали. Әй Жазира, сен неге сол кісіні күндеп біттің, ә? Қандай жамандық көрдің одан?

Жазира. Ешқандай жамандық көрген жоқпын. Тек ұнамайды маған со кісі!

Жұмағали. Ұнатқанда не қылайын деп едің? Есіңде болсын - оның басы бос емес.

Жазира. (Ашулана бастап) Сіз не – менімен қалжыңдайын деп келдіңіз бе?! Айтыңыз шаруаңызды – менде уақыт жоқ қалжың-мылжыңға!

Жұмағали. Ашуланба, ашуланба, Жазира. Бетіңді бері қарай бұр. Мені саған Басар Базарович жіберді.

Жазира. Ол кісі Базар ұлы еді ғой. Неғып Базарович боп қалған?

Жұмағали. Жазира, қалжыңды қоялық. Өзің айтқан жоқсың ба – бос сөзге уақыт жоқ деп.

Жазира. Жақсы, екі құлағым сізде. Ол кісі маған не қыл дейді?

Жұмағали. Өзің білесің ғой...

Жазира. Білмеймін. Білгім де келмейді!

Жұмағали. Әй, Жазира, Жазира! Адам сияқты сөйлескің келмейді, иә? Онда басқаша сөйлесуге тура келеді.

Жазира. Кәне, сөйлесейік басқаша.

Жұмағали. Сөйлессек - сөйлесейік. (Папкасын ашып бір компакт-диск алып Жазираға ұсынады) Ең әуелі мынаны көріп ал.

Жазира. Бұл не?

Жұмағали. Салсаңшы компьютеріңе – сосын өзің көресің не екенін.

 

      Жазира дискті компьютерге салып мониторға қарап отыр. Жұмағали диванға қарап, басын шайқап езу тартады. Ал компьютерден Жазира мен Қалкеннің, бір біріне айтқан, «сүйдім-күйдім, айым-күнім, жаным, ғашығым, махаббатым,», тағы сол сияқты сөздері естіледі, ақыры ыңқыл-сыңқылға айналып кеткесін, Жазира компьютерден дискіні алып Жұмағалиға лақтырып жібереді.

 

Жазира. Ох, оңбағандар! (орнынан тұрып кетіп басқа  бөлмеден швабра алып келеді, сонсоң бөлменің төбесінде ілулі тұрған құралды қаға бастайды, бойы жетпегесін орындыққа шығып алып ұрғылайды) Бәсе! Қайтып біздің өрт сөндірушілер пысықсып кетті десем! Әй, аңқау басым ай!

Жұмағали. (орнынан атып тұрып швабраға жармасады) Өй, Жазира! Бұл өте қымбат бейнекамера! Мұндай камера КНБ-да да жоқ.

Жазира. (Жұмағалиға бой бермей камераны қағып түсіреді. Жұмағали аппаратты аламын деп еңкее бергенде, оны итеріп жіберіп, күл парша қыла швабрамен соққылап, аяғымен таптап жатыр) «Өртке қарсы сигнализация!» - деп орнатқан жоқ па! Тұра тұрыңдар, бәлем, мен сендерді сотқа беремін!

Жұмағали. (Креслоға отыра кетіп) Қой Жазира, сен ештеңе тындыра алмайсың! Ашуыңды бас. Отыр. Одан да асықпай сөйлесейік.

Жазира. Сөйлеспеймін мен сендердей оңбағандармен! (жерде жатқан дискіні алып, тағы да  Жұмағалиға лақтырып жібереді. Мә, әкет мына бәлеңді!

Жұмағали. (Орнынан қозғалмастан) Өзіңде қала берсін. Сыйға тартты бұны саған Басекең. Бізде мұндай дисктер жететін. Сен ашуыңды бас та құлағыңды түр. Балалықты қой. Егер де бұл порнофильмді теледидардан көрсетсе... арғы жағын өзің де білесің. Бізді оңбаған деп айыптама – бәріне өзің кінәлісің.  Жарайды – Қалкенді ұнатқаның айып емес. Онда біздің жұмысымыз жоқ. Біз де адамбыз ғой, түсінеміз – сендей жас, көрікті келіншек еркексіз жүре алмайды. Және де Қалкендей жігіт аяқ астында жатпайды. Бірақ бастықпен жауласып нең бар еді? Қалкенді жұмысқа алып нең бар еді? (Жазира бірдеңе айтқысы келеді, бірақ Жұмағали қолын көтеріп тежейді) Иә, иә! Сенің оған жаның ашиды. Ол түсінікті. Бірақ оның өткен нөмірдегі мақаласы бізді пышақсыз бауыздады ғой. Сондықтан айып қылма – Басеке мына дискімен тек қорғанып отыр. Сендерді осылай тоқтатпаса ол кісі бүкіл беделінен айырылайын деп тұр.

Жазира. (орнына оралып біраз уақыт үндемей отырып) Қалай мен Қалкенді жұмыстан шығарып тастамақпын? Ә?

Жұмағали. (Күлімсіреп) Е! Міне, енді сабаға түсейін дедің. Мен сені әрдайым ақылды келіншек деп санайтынмын. Басеке: «Қалкенді жұмыстан босат» деп  отырған жоқ. Істей берсін, бала-шағасы бар демекші. Тек қана бізге тиісуін қойсын. Ол өзінің мақалаларымен әкімнің бүкіл жұмысын, бүкіл саясатын жоққа шығарып отыр. Басеке әбден ашуланғанда былай деген: «Осы ауданда не мен, не Қалкен қалады!» - деп. Алайда, егер Қалкен ақылға келіп оған тисуін қойса – жүре берсін. Немене? Онда әкімнен басқа тақырып жоқ па? Әбден ештеңе таба алмаса интернетке кірсін, онда жүз газетке жететін материал бар.

Жазира. Мен оған «мынаны жаз, мынаны жазба!» - деп бұйыра алмаймын. Сосын оқырманымды да ойлауым керек. Қалкен бізге келгеннен бері газеттің таралымы едәуір жоғарылады.

Жұмағали. Ештеңе етпейді. Мына дискті Қалкенге көрсет. Егер бұл порнофильм теледидардан көрсетілсе, саған тиген таяқтың бір ұшы оған да тиеді. Келіншегі жайбырақат отырмас. Лезде ажырасар. Отбасынан айрылады – бір. Және де мұндай масқарадан кейін ол журналист болып жұмыс істей алмайды. Оқырман екеуіңнің мына былықтарыңды ешқашан кешірмейді. Оны өзің де жақсы білесің. Және осындай диск министрдің қолына түссе, сен сол күні лицензияңмен қоштасасың. Сондықтан, Жазира, балалықты қойып, Қалкенмен бір шешімге келіңдер. Жо-жоқ, Жазира! Сен сондай қайғылы көзбен қарамашы! Бәрі жақсы болады. Ақырын жұмыс істей беріңдер. Басекең айтады... әй, ол кісі кең пейілді адам ғой! «Мен мүлдем сынға қарсы емеспін, - дейді, - Сынай берсін. Ақырын, байқап, баппен сынаса несі бар?» Әрине, біздің жұмысымызда ұсақ-түйек кемшіліктер бар. Кімде ондай болмайды? Тек қана бекер қараламасаңдар болғаны. (Жазираға қарайды, бірақ ол терезеден көзін айыра алмай үнсіз отыр.)

Жұмағали. (Орнынан тұрып) Иә, Жазира, ойлан. Ойланбасқа болмайды. (кетеді)

Жазира. (есік жабылысымен екі жұдырығымен столды періп кеп жіберіп) Ах, оңбаған! Сұрқия! Азғын! (Жұмағалидың дауысын келтіріп) «Әй, ол кісі кең пейілді адам ғой!» Пейіліне с-сиейін! (орнынан тұрып кетіп ерсілі-қарсылы жүріп кетіп) Енді не істесем екен? Ә? Не істесем екен... (быраз уақыт бөлмені кезіп жүріп компакт-дискіні көтереді де орнына қайтып оралады)

 

     Қалкен кіреді. Оның жүзі жайдарлы. Қолындағы папкасын бос столға тастай салып өзінің орнына отыра кетеді. Жазира оған үндемей қарап отыр.

 

Қалкен. Әй, өмір сүре берсең неше түрліні көреді екенсің! Ана әкімді айтамын да. Жарайды, орыстармен шайқассын. Саудагерлерді қыссын. Ал дін саласына кірісіп несі бар? Міне, тыңдашы – мен жаңа ғана мешіттен, мұсылмандар алқасының отырысынан келдім. Мұндайды ешкім бұрын-соңды естімеген шығар...

Жазира. Тоқта Қалкен. Компьютеріңді іске қосшы.

Қалкен. (Жазираға таңырқай қарайды) Жазира, саған не болған? Өңің боп-боз ғой. Ауырып қалғаннан саумысың?

Жазира. Ауырарсың мұндайда! (Қалкенге дискіні беріп жатып) Мә, мынаны көрші... тек құлап қалма.

Қалкен. (бейнефильмды көріп алып) Мынаны қайдан алдың? (бөлменің диванға қарсы бұрышына, төбедегі камераның орнына көз тастап) Бізді қалай түсіріп алған?

Жазира. (күл талқан болған камераны көрсетіп) Әне, біз «өртке қарсы сигнализация» деп жүргеніміз «шпиондық бейнеаппаратура» болып шықты.

Қалкен. Мұны кім істеп жүр өзі?

Жазира. Әлі де түсінбедің бе? Ойланшы... кімге керек мұның бәрі?

Қалкен. Әкім бе?

Жазира. Дәл өзі! Жаңа, сенің алдыңда Жұмағали келіп кетті. Көшеде кезіккен жоқ па?

Қалкен. Жоқ. Ал, Жұмағали не қыл дейді?

Жазира. (көздерін терезеге тайдырып) Белгілі ғой не дейтіні...

Қалкен. «Қалкенді жұмыстан босат, мақалаларын газетте жариялама», - дейтін шығар.

Жазира. Иә... жоқ, сені жұмыстан босат деген жоқ. Тек қана әкімге тиісуін қойсын дейді.

Қалкен. Оған тиісейін деп тиістік пе?! Өзі ғой, келісімен бәрімізге қырғидай тигені! (Жазираға қарайды, бірақ ол үндемейді) Сен не дедің? Не істемекшісің?

Жазира. Білмей отырмын. Шынын айтсам – бас қатты. Бір де бір дені дұрыс ой келмей тұр. Бір жағынан – мен не істей аламын? Көнбесең теледидардан көрсетеміз дейді. Бір данасын министірге жібереміз дейді. Лицензияңнан айырыласың дейді. Масқара қыламын дейді. Не істей аламын мен? Жаңағы айтқандардың бәрінен гөрі осындай бір дискі ұлымның қолына түссе не болмақпын деген ой миымды шағып отыр. (тітіркеніп дір етеді) Масқараның әкесі сонда болады! Ұлым жаңа ғана балалықпен қоштасып ер баланың өмірінің ең қиын да күрделі кезеңін бастан өткеріп жатыр. Мынадайды көргесін... арғы жағын ойлағым да келмейді. Сенің жараң жеңілдеу, сен еркексің. Сенің үлкен қызың мен ұлың бірдеңе түсінетін шаққа жетті, ал қалғандары кішкентай, әлі ештеңе түсінбейді. Соның өзінде де... Самал кешірмес сені. Отбасыңнан айырыласың - бір. Журналисттік карьерамен қоштасасың – екі. Шығарайын деп отырған кітабыңды шығара алмайсың – үш.

Қалкен. Білесің бе, Жазира... мен өзім ойланып жүргем. Самалмен ашық сөйлесейін деп едім. Саған деген махаббатымды айтып, сені тоқал қылып аламын десем қайтеді? Ә?

Жазира. (еріксіз күліп жібереді) Сонымен, мені тоқалдыққа жаратпақсың?! (езуін жиып) Жарайды, мен келісермін. Ал Самал келісе ме?

Қалкен. Келісер... мүмкін... әрине, бұл әңгіме оңай болмас. Бірақ одан басқа амал жоқ. Қашанға біз ұрланып жүрмекпіз. Ұрлығымыз ашылып та қалды ғой!

Жазира. Сенің айтып отырғаның тек бір қиял, Қалкен. Самал ешқашан көнбейді. Ол... не мені, не сені өлтіреді. Немесе, екеумізді де. (Қалкеннің бірдеңе дейін деген ұмтылысын қолын көтеріп тоқтатады) О-о! Сен оны білмейсің! Сен әйелдің затын білмейсің. Әйтпесе мұндай оймен басыңды қатырмас едің.

Қалкен. Сонда не – екеуміздің махаббатымыздың болашағы жоқ деймісің?

Жазира. Неге жоқ. Бар. Тек қана сен бос қиялмен басымызды қатырмай, не мені, не Самалды таңдауың керек. Егер маған деген махаббатың шын болса – ажырас Самалмен. Сосын біз кетеміз осыннан – осы қалаға жабысып қалған жоқпыз. Кетеміз Алматыға, бір іспен айналысармыз сонда. Сауда жасаймыз – журналистикасыз да көрерміз күнімізді.

Қалкен. (біраз уақыт Жазираға қарап отырып) Мәселе жалғыз Самалда емес. Балаларымды қайтем? Бес бірдей баланы тастап қайда кетемін?

Жазира. Сен оларды тастамайсың. Оларға деген қаражатты аямаймын. Ол үшін қам жеме.

Қалкен. Жоқ, мен ақша жағын айтып тұрған жоқпын. Бәлен жыл бірге тұрып, бала кезінен, сәби кезінен қолымда әлпештеп, енді қазір кенеттен тастап кеткенім адамгершілікке жата ма?

Жазира. Ой, Қалкен! Бастамашы ондай түбі жоқ әңгімені! Онсыз да басым мең-зең. Сен еркексің. Ер адам өзінің мәселелерін өзі шешуге тиісті. Ешкімге ауыртпалығын артпай. Мені сүйем, менсіз өмір сүре алмаймын десең – ажырас Самалмен. Балаларыңды қимаймысың – онда қал отбасыңда! Бірақ, мен білсем, сен ең әуелі оларды емес – Самалды қимай отырсың.

Қалкен. Әрине, қимаймын! Бәлен жыл бірге тұрып, бәлен пұт тұз бірге жеп, бес бала сүйіп, енді бір сәтте қалай тастап кетпекпін?

Жазира. Онда тастама! Қимайсың ба Самалды – ажыраспа! Мен саған ондай шарт қойып та тұрған жоқпын. Ешкім де ондай шарт қойып отырған жоқ. Ана әкім де айтып жіберіпті, «менің сендердің қатынастарыңда жұмысым жоқ, тек мені қаралауды қойсаңдар болды» деп.

Қалкен. Кім оны қаралап отыр?! Ол өзін өзі қаралап отыр! Міне, тыңдашы – имам әкімнен жаңа мешітті іске қосуға көмек сұрап барған екен. Ал әкім оған былай депті: «Мен қаланың бүкіл қазақтарынан зекет жинап беремін. Тек сіздер, молдалар, зекет төлеуден бас тартқандардың үйлеріне аяқ баспайсыңдар. Сол үйде біреу қайтыс болса да жаназасын атқармайсыңдар» депті. Бұл не сұмдық?! Енді әне – имам мен молдалар жүр не істерін білмей. Мешіт те керек, мұсылмандардың зекет төлеуі де заңды сияқты, ал қалай қайтыс болған адамның жаназасын атқармайды? «Зекет төлемеген мұсылман емес, экскаватормен ор қазсын да көме салсын» - депті имамға әлгі біздің әкіміміз. Осындай сөзді естіп қалай үндемей қалуға болады? Үндемесең ауызың қисаяр.

Жазира. Мен сенікі қате - әкімдікі дұрыс деп отырған жоқпын. Ол бізді, мені ең жанды жерімнен оңдап тұрып шап беріп ұстап алды. Енді мен ешқайда кетпеймін. Түсінесің бе?! Оған бағынбасам газетімнен айырылам, ар-ұятым тапталып, масқара боп кетемін осыннан. Ал бұл газетке қаншама күш-қайратымды жұмсадым! Сен оның бәрін білмейсің. Саған бәрі оңай сияқты көрінеді. Ал ана ұлым, мына мысқараны көргенсоң өзіне қол салса – мен ешқашан өзімді кешірмеспін. Онда маған өмір жоқ! Ондайды ойлағым да келмейді! Ондайдан бір Алла сақтасын.

Қалкен. Жазира, тыңдашы мені! Мен оның бәрін оңай деп отырған жоқпын. Бірақ біз екеуміз сол қиыншылыққа төтеп беруіміз керек. Маған да оңай болмас – мүмкін отбасымнан айрылармын. Оның жанында сенің жараң жеңілдеу болар. Жанұя мен газетті салыстыруға болмас. Бірақ біз бір нәрсені жоғалтпаймыз – біздің шынайы махаббатымызды. Біз енді еш нәрседен тайынбай күресуіміз керек. Мүмкін, сол күресіміздің нәтижесінде біз бүкілімізден айрылармыз. Мүмкін, жеңіске жетерміз. Сен лицензияңнан айырылмассың, министр да адам ғой, оған бәрін түсіндіру керек – мүмкін түсінер. Оқырмандарымызға да соны айтып көреміз – оқырман түсінеді, менің ол жөнінде күмәнім жоқ. Самалға да, балаларыма да бәрін ашық айтып беремін. Сен де ұлыңмен сөйлес – ол түсінеді, өзің айтқан жоқсың ба, балалықпен қоштасты деп. Қалай да болғанда ақиқатты айту керек. Алайда, күресіміз еш нәтиже бермесе де, бәрінен айырлсақ та райымыздан қайтпайық – не болса да бізде біздің махаббатымыз, бір-бірімізге деген сыйластық қалады. Ал күреспей, екі қолымызды жоғары көтергенде не табамыз? Оқырман түгіл біз өз-өзімізді сыйлаудан қаламыз. Содан кейін өмір сүрудің не қажеті бар? Махаббатсыз, достықсыз, сыйластықсыз – ол өмір емес – тек итшілеп күн көру.

Жазира. Жоқ, Қалкен, бұл сенің тағы бір қиялың. Бізге күресуге еш мүмкіндік берілмейді. Газеттен айырыламыз; басқа басылымдар біздің бір де бір мақаламызды қабылдамайды. «Ойнас жасаған зинақорлар!» - міне қандай таңба басылады екеуміздің маңдайымызға. Содан кейін бізбен ешкім де сөйлеспейді, бізді ешкім тыңдамайды. Біз бұл әкімге ештеңе істей алмаймыз. Біз оның торына оңдап тұрып түстік. Әсіресе мен... мен енді оның қолындамын.

Қалкен. Жоқ, олай емес! Әрине, ол қорқытады, үркітеді. Біз одан қорқпауымыз керек. Керісінше - өзіне шабуыл жасауымыз керек. Мына бейнефильмды теледидарға өткізсе – біз әкімді сотқа береміз. Сенің рұқсатыңсыз сенің жеке меншік бөлмеңде бейнекамера орнатқаны заңсыз.

Жазира. Қалкен, сен түсінбейсің! Сот не шешеді – ол әлі белгісіз. Әкім жәй қарап отырмас. Соттың шешімін өзінің пайдасына айналдыру үшін ол бәрін салады. Ал мен, «зинақор» деген атақпен, мен не бітірмекшімін? Кім мені жақтайды? Қандай сот?

Қалкен. Неге жақтамайды?! Заң сен жақта ғой.

Жазира. Әй, Қалкен-ай, Қалкен-ай! Сен бала сияқтысың. Орыстар текке айтпайды ғой: «Заң арыс, жетек тәрізді – қайда бұрсаң сонда бұрылады» деп. Қазір біз ардақты адамбыз, азаматпыз. Егер де бір іспен сотқа барсақ – сот қолдар, әсіресіе заң біздің жақта болса. Ал мына диск теледидардан көрсетілісімен біз кім атанамыз? «Зинақорлар, ойнасшылдар, күнәһарлар, азғындар» - міне кімге айналамыз біз екеуміз! Ал қай сот сол «азғындарды» қолдайды? Өмірі біз сол жығылған жерден тұра алмаймыз.

 

       Екеуі де біраз уақыт үндемей қалады.

 

Қалкен. (ұнжырғасы түсіп) Енді не істейін мен? «Өз еркіммен жұмыстан босаймын» деп өтініш жазайын ба?

Жазира. Жоқ, қажет емес. «Қалкенді жұмыстан босат деп талап етпеймін. Істей берсін – бала-шағасы бар ғой. Тек маған тиіспесе болды», - депті әлгі әкім. Амал жоқ, соған көнуге тура келеді. Шынында да, Қалкен, біз неге соншама шүйілдік сол әкімге? Басқа мәселелер жоқ па ауданда? Иә, иә, білемін - ол да тым қатты кетті. Ал бірақ, бастапқы кезде қай басшы қатты кетпейді? Халық тегін айтпайды ғой: «Жаңа сыпырғыш жаңаша сыпырады» деп. Сыпырсын біраз, жыны басылғанша. Сосын түсер ақырын арнасына.

Қалкен. Оның жыны басылғанша ауданнан не қалмақ?! Уыздай ұйып тұрған қоғамымызды астан-кестен қылады ғой. Жоқ, мен бұл іске жайбырақат қарап отыра алмаймын! (столдың жәшігінен бір тарақ қағаз алып бірдеңе жазады да Жазираға береді) Міне өтінішім, бастық. Мені жұмыстан босатыңыз.

Жазира. Қалкен, мен сені босата алмаймын. (өтінішін жыртып тастайды)

Қалкен. (Столдың жәшіктерінен өзінің ұсақ-түйек құралдарын алып пакетке салып жатып) Сен де таңдау жасауың керек, Жазира. Не мені, не әкімді. Кіммен боласың, кімді қолдайсың? Оны өзің шеш. Осылай, Жазира.

Жазира. Мен сені қолдағым келеді. Бірақ мен сен сияқты күрескер емеспін, және де мемлекеттік басқару жүйесімен күресудің өзі...

Қалкен. Мен сені мемлекеттік басқару жүйесімен күресуге шақырып тұрған жоқпын. Мен тек біздің жаңа әкіммен күресуге шақырып тұрмын.

Жазира. Ал сол әкімің мемлекеттік басқару жүйесінің бір бағаны емес пе?

Қалкен. Жоқ, ол тек бір жеке адам.

 

      Жазира үндемей қалады.

 

Қалкен. (папкасы мен пакетін алып есікке қарай беттейді. Босаға алдында тоқтап, Жазираға бұрылып) Қош, Жазира! Ұмытпа мені – мен сені шын жүрекпен сүйдім.

Жазира. (жүгіріп келіп Қалкеннің мойынына асылады) Мен де сені сүйемін! Мен сенен айрылғым келмейді... (жылап жібереді)

Қалкен. Жоқ Жазира, сен менен айырылып қалдың. Жаңа ғана өз таңдауыңды жасадың. (Жазираның қолдарын мойынынан алып тастап, оны өзінен ақырын ғана итеріп жібереді) Мен басқа басылым арқылы мақала жазып абыройыңды төгуге жол ашады деп қорықпа – саған деген махаббатымның құрметіне мен саған кесірімді тигізбеймін. Ол үшін алаңдама. (шығып кетеді)

Жазира. (Қалкеннің артынан жабылған есікті жұдырықтарымен соққылап жылайды) О-о! О-о! Құрысын! Құрысын бәрі! Не керек?!  Не керек мұның бәрі? Қандай мағына қалды енді өмірде? Қан-дай?!

 

                                             

 

                                     ТӨРТІНШІ  КӨРІНІС

 

      Аудан әкімшілігінің демалыс үйі, ойын-сауық залы. Бильярд, рулетка столы, карт ойнайтын стол, бар. Ритмикалық музыка. Бардың арғы жағында бармен ыдыстарын сүртіп тұр. Бергі жағында биік орындықтарда екі официант қыз отыр. Қыздар өте жеңіл киінген, мейілінше жалаңаштанған. Жұмағали мен Басар келеді.

 

Жұмағали. Не ойнаймыз Басеке? Бильярд, карт, рулетка?

Басар. (жан-жағын көзбен шолып өтіп) Өй! Мынау кішігірім казино ғой.

Жұмағали. (жымиып) Олай демеңіз, бастық. Казино қазіргі заманда заңсыз. Біз бұл жерді ойын-сауық орталығы дейміз. Мына рулетка мен карт ойнайтын стол сол бұрынғы заманнан қалған. Жаңа заң шығысымен бұзып алып тастауға қолымыз тимеді. Және де бұрынғы әкіміміз кейде рулетка ойнап жіберуді жақсы көретін. Азартты жан еді, марқұм. Бір күнде жоқ боламын деп ойламады ғой...

Басар. Жақсы, тұрса – тұра берсін. Нан сұрамайды ғой. Өзім өмірі ойнап көрген емеспін осы рулеткаңмен.

Жұмағали. О, бұл тамаша ойын! Мен бұрын-соңды мұндай ойынды көрген емеспін. Жүріңіз, Басеке, мен сізді үйретейін. Еш қиындығы жоқ. (бардағыларға) Әй, қыздар, крупье қайда? Өздеріңе не болған?! Гуля, Юлия! Шақырыңдар крупьені! Бізге бірдеңе жеткізіңдер.

 

     Бардың жанындағы қыздар қимылға кіріседі. Гуля крупьены іздеп кетеді. Юлия подносқа бармен құйып берген шарапты бастықтарға әкеліп ұсынады.

 

Жұмағали. (подностан рюмка алып жатып қыздың майлы құйрығынан алақанымен шарт еткізеді) Қал қалай, Юлечка?

Юлия. (жымиып) Жаксы, Жумеке.

Жұмағали. (ыржиып) Көрдіңіз бе, Басеке? Біздің қыздар қазақша судай судырап тұр. (қыздың лифына бір мың теңгені қыстырып жатып) А теперь иди, Юлия. И передай Султану – для нашего Басара Базаровича вечер по полной программе. Поняла? – по полной!

Юлия. Хорошо, Жумагали Сарсенбаевич. Постараемся. (кетеді)

Жұмағали. (кетіп бара жатқан қыздың арт жағынан тағы қағып қалып) Қалай мына бикеш, бастық? Ұнай ма? (күліп көзін қысады) Алды-арты бостау –  екі нөлі бар жасыл қағаз берсеңіз аянбай құрметтейді, бүкіл талабыңызды орындайды.

Басар. Шынын айтсам – осы көк көз келіншектерімен төсекте кездескен жоқпын.

Жұмағали. (таңырқап) Өлә! Шын ба? (әкім басын изейді) Жо-жоқ! Бұлардың біздің қара көздерімізден еш артықшылығы жоқ. Тек таңсық деп көруге болады. Егер ықыласыңыз болса, бүгін-ақ осы Юлечкамен кездестірейін... көрпе астында.

Басар. (бардың жанында отырған Юлияға көзін тастап, қуланып жымияды) Ойланайын. Өзі сау ма?

Жұмағали. Сау ма? Қай жағынан?

Басар. (күліп) Сол алды-артынан. Кездесуден кейін кож-веннен бірақ шықпайын масқара қылып.

Жұмағали. (өтірік реніш білдіріп) Обижа-аешь, Басеке! Бұл кез келген притон еме-ес! Бұл әкімшіліктің демалыс үйі, жоғарғы жақтан келетін меймандарды күтетін жер. Мында тек элита дем алады. Э-эли-ита! Біз анау-мынау шлюхаларды ұстамаймыз. Тек қана жоғарғы категорияны!

Басар. Түсінікті ғой. Сен ренжіме, Жұмеке. Бейтаныс адаммен бірден төсекке құлай кету біртүрлі өзі. Және де білесің ғой, қалай мен аққұлақтарды сүймейтінімді.

Жұмағали. Е, жақынырақ танысасыз әлі. Осы кешті бірге өткізсеңіз, саунаға түсіп  бассейнде шомылып шықсаңыздар ақырын достасып кетесіздер. Ал төсекте кездесу үшін сүйіспеншіліктің не керегі бар? Сүймесеңіз – сүймей-ақ қойыңыз. Сіз осында қожайынсыз, сондықтан сүйгеніңізді таңдап алыңыз. Юлечканы сүймесеңіз, әне, Гулечка бар.

Басар. (шөлмегін тауысып столдың үстіне қоя салып рулетканың дөңгелегін шыр айналдырып жіберіп) Айтпақшы, әлгі Жазира не болды? Көнді ме?

Жұмағали. Ә! Сіздің ойыңыз сол бикеште ме еді! Көнеді ғой ол, қайда барады? Дискідегі порнографияны көрісімен-ақ жуасыды да қалды. (күледі)

Басар. (қуанып) Солай ма! (тағы да тоқтап қалған рулетканы айналдырып жіберіп) Мен ендеше көнбей біраз тайталаса ма деп едім. Ондай көрікті, өткір келіншектер қарсыласқанда өне-бойыңа бір жігер бітіп, соның қарсыласуын сындырғанша бір түсініксіз ләззәтқа кенелесің. Және де  әлгі порнография естен шығатын емес.

Жұмағали. (қулана жымиып) Сіз өзі сол кербезге ғашық болып қалғаннан саумысыз? Мүмкін оны осында шақырып алармыз? Ол енді сіздің қармағыңызға оңдап тұрып түсті, ешқайда секіріп кете алмайды. Енді асау балықты жетектегендей, баппен сүйреп әкеп төсекке бір-ақ түсіруге болады. Шақырайын ба?

Басар. Шақыра аласың ба? Қалай?

Жұмағали. (соткасын алып жатып) Оңай. Нөмірі бар... (телефон шалады) Алло! Жазира?

Жазираның дауысы. Иә, мен. Бұл кім?

Жұмағали. Мен ғой, Жұмағали. Қалың қалай?

Жазира. Жақсы... жаман болсын деп пе едің?

Жұмағали. Иә, иә, жақсы болсын. Мен де соны тілеймін...

Жазира. Не керек өзі саған? Менің уақытым жоқ.

Жұмағали. А... жайшылық қой. Басекең сені біздің демалыс үйіне ойын-сауық кешіне шақырып тұр. Сенімен жақынырақ танысқым келеді дейді.

Жазира. Немене – оның қорлығы аз болып тұр ма?

Жұмағали. Жо-жоқ, о не дегенің! Басеке сені қорламайды! Ол кісі сені өте сыйлайды. Сені  сыйламайтын жан бар ма?! Басекең сенімен достасқысы келеді. (Басарға көзін қысып жымияды)

Жазира. Ал мен онымен достасқым келмейді.

Жұмағали. Ә-әй, Жазира-ай! Басекеңдей үлкен адаммен достасуды әр адам армандайды. Өйткені оның қолында кө-өп нәрсе бар, жәй қарапайым адамның қолында оның бірі жоқ.

Жазира. Оның қолында не нәрсе барын білмеймін. Мен оның бойында не нәрсе жоғын білемін. Онда ар-ұят деген нәрсе жоқ. Түп орнымен! Мүлдем! Жұрдай!

Жұмағали. Жазира, қайтесің ар-ұят жөнінде сөз қозғап? «Кімнің сиыры мөңіресе де, сенікі үндемей тұрса екен» демекші. Басекең жақсы, сабырлы адам...

Басар. Өй, қойшы соны мәймөңкелемей! (телефонды жұлып алып) Жазира! Сен мені ерегестірме - өзің білесің не боларын. Қысқасы – біз сені ойын-сауық орталығында күтіп отырмыз. Ұмытпа – біздің қолда әлгі компромат деген қызық нәрсе бар. Не бүгін сен біздің шақыруымызды қабылдайсың, не ертең әлгі боқмұрын балаң шешесі бас рөлде ойнайтын порнофильмды тамашалайды.  Ал қалай? Келесің бе?

Жазира. (бірер секунд үндемей қалады, оның жылап отырғаны білінеді) Жарайды... келейін. Амал не? «Бөрілермен бірге тұрсаң – бөріше ұлы» - демекші, сендердей жыртқыштарға тап болғасын не амал... Бірақ мен... дайын емеспін... киіну керек... мен жатып қалғанмын.

Басар. (Жұмағалиға көзін қысып бас бармағын шошайтып қойып) Иә, әрине, киін, дайындал - біз сені асықтырмаймыз. Саспай күтеміз, түн ұзақ. Машина жіберейік пе?

Жазира. Жоқ - өзімде бар...

Жұмағали. (Басар қайтарып берген телефонын құлағына қысып) Ә, жақсы, жақсы. Кел – біз асыға күтеміз. (соткасын сөндіріп қалтасына салып жатып Басарға қарап жымияды) Бітті шаруа! Қазір келемін дейді.

Басар. (үстіндегі костюмын түзеп жатып) Әй, Жұмеке, Жұмеке! Қыз-келіншектермен сөйлескенде сәл батыл болу керек. Ырбыңдата берсең ырбыңдай береді.

 

      Осы кезде крупье келеді. Гуля фишка әкеліп ұсынады.

 

Жұмағали. Қалайсың, Гүлбаһрам?

Гүлбаһрам. Жақсымыз. Фишка сатып аласыздар ма?

Жұмағали. (Басарға) Қалай ойнаймыз, бастық? Жәй мә, ақшаға ма?

Басар. (мырс етіп) Жәй ойнағанның не мағынасы бар? Әрине ақшаға. (күмәжнігін алып фишка сатып алады. Екі мың теңгелікті қыздың лифына қыстырады.)

Гүлбаһрам. Рахмет, аға.

Жұмағали. (ол да фишка сатып алып жатып) Ағаны қойсаң, Гүлеке. Біз бүгін бәріміз құрдаспыз. Әлде ұмыттың ба біздің ережелерді? Әлде жаңа бастықтан жатырқап тұрсың ба? Жатырқама. Басекең қыз жемейді, керісінше - ол сендерді жақсы көреді. (күледі, оған Басар мен қыз да қосылады)

Гүлбаһрам. (Басарға бұрылып сәл басын иіп, екі тізесін бүгіп тағзым етеді) Кешіріңіз Басеке! Рахмет, Басеке!

Басар. Оқасы жоқ, Гүлбаһрам. Есімің өзің сияқты әдемі екен. Сендей сұлу қызға мен ештеңе аямаймын. (қыз тағы тағзым етіп бос ыдыстарды алып кетеді)

Крупье. Ставка жасаңыздар, мырзалар.

 

      Басар мен Жұмағали фишкаларды жайғастырады.

 

Крупье. Енді ставка жоқ па?? Ставкалар қабылданды! (рулетканы айналдырып, сосын шарик бір шұңқырға түсісімен) Бестік қызыл алаңда! (қалақшасымен фишкалардың біразын өзіне қарай, ал көбісін Басардың алдына жылжытады.)

Жұмағали. О-һо! Бастық, сіздің фартыңыз бірден жанды ғой! Бұрын рулетка ойнамаған адамға ұқсамайсыз.

Басар. (қулана жымиып) Е-е, Жұмеке, бұл өмірде бүкіл іс бірыңғай болады. Тек сол істің ебін табу керек. Ебін таптың ба – бәрі сенікі. Таба алмадың ба? Онда өкінбе. Міне, менің өмірлік қағидам осындай.

Крупье. Ставка жасаңыздар, мырзалар! Ставка жоқ па? Ставкалар қабылданды.

 

     Ойын осылай жүріп жатады. Официант қыз тағы ішімдік әкеледі. Бір сәтте бұларға Мерген келіп қосылады. Бір-екі ойыннан кейін Жазира келеді.

 

Жұмағали. О-о! Какие люди в Голливуде! Кел, кел Жазира. Біз сені тағатсызданып күтіп отырмыз. Әсіресе Басекеңнің тағаты таусылды.

Жазира. (Басарға қарап) О не дегеніңіз? Біздей қарапайым адамды...

Басар. (орнынан тұрып Жазираның қолын ерніне апарып сүйеді) Жоқ, Жазира. Сіздей жанды мен қарапайым деп айтуға аузым бармайды. Сіз ханшайымсыз. Солай ғой, Жұмеке?

Жұмағали. Әрине, Басеке. (басын иіп Жазираға тағзым етеді) Тақсыр, келіңіз, отырыңыз. Міне, менің фишкаларым енді сіздікі болсын. (алдындағы фишкаларын Жазираның алдына ысырып қояды) Не ішесіз? Коньяк? Әлде шарап па?

Жазира. Коньяк. (алдында тұрған фишкаларды орналастырады)

 

     Крупье рулетканы айналдырады. Гүлбаһрам Жазираға коньяк әкеліп береді. Ол ішеді.

 

Крупье. Ондық қара алаңда! (фишкаларды Жазираның алдына үйіп қояды)

Жұмағали. О, Басеке, енді фарт сізден ханшайымға ауысты.

Басар. Ол өте заңды. Фартың да біліп тұр ғой кім бұл жерде қожайын екенін.

Жазира. Бұл жерде бір-ақ қожайын бар. Фарт тек адасып жүр.

Крупье. Ставка жасаңыздар, мырзалар! Ставка жоқ па? Ставкалар қабылданды.

 

     Олар осылай әзілдесіп біраз уақыт ойнап отырады. Жазира жиі-жиі шөлмектен ұрттап отыр.

 

Гүлбаһрам. (жақындап келіп) Сұлтан сіздерді асханаға шақырады. Дастархан жаюлы, тағамдар даяр.

Жұмағали. Бәрекелді! Басеке, Жазира, Мерген! Тастаңыздар ойынды – бір ауқаттанып алатын уақыт жетті.

Басар. (Жазираға қолын ұсынып) Жүріңіз, ханшайым, біздің тағамдардан ауыз тиіңіз.

 

     Жазира әкімнің ұсынған қолын алмайын деп еді, Басар оны еріксіз қолтықтап алып екеуі Гүлбаһрамның соңынан кетеді. Жұмағали мен Мерген ішімдіктерін тауысқан болып кідіріп қалады.

 

Жұмағали. (Мергенге) Жазира қалай? Басекең екеуі жарасып-ақ кетті ғой, ә?

Мерген. Иә. Менің оған таңым бар. Әнеу күні, әлгі біздің бастықтың бірінші жиналысында Қалкенді жақтап Басекеңе қарсы шығып еді ғой. Енді қайтып әмпәй-жәмпәй бола қалған?

Жұмағали. О-о! Сен әлі біздің бастықтың таланттарын білмейсің. Мен жаңа-жаңа біліп келемін - өзінің бойында бір сиқыр қасиет бар – кімді болса өзіне еріксіз қаратып алады.

Мерген. Бәсе, сондай бір әулиелігі бар. Әйтпесе дәл Жазирадай пантераны үйдің мысығындай бағындырып алу басқаның қолынан келе қоймас.

Жұмағали. Қайдан келсін!

 

      Екеуі күлісіп асханаға кетеді. Асханадан ыдыс-аяқ сылдыры, бір-біріне соғысқан дызылы, ер-әйелдің самбырлаған күлкісі, дабдырлаған дауыстары естіліп жатыр.

 

Жұмағалидың дауысы. Қадірлі меймандар! Сәл тынышталайық. Мен біздің жаңа бастығымыз, Басекең үшін тост көтергім келіп тұр.

Басардың дауысы. Жо-жоқ, Жұмеке! Ең әуелі біздің ханшайымымыз, Жазираның денсаулығы үшін көтерейік. (әкімнің сөзін қолдап, қостап жатқан дауыстар, рюмкалардың бір-біріне соғылысқан дыбыстар, т.с.с.)

 

      Бардың жанына күзетші келеді. Үстінде камуфляж, белбеуінде кобура, қолында резеңке шоқпар.

 

Күзетші. (резеңке шоқпармен алақанын соққылап табуретке жайғасады) Юлия қайда?

Бармен. Қайда болушы еді? (асхана жақты нұсқап) Анда.

Күзетші. Шақырып келші.

Бармен. Оны қайтесің?

Күзетші. Оған бір жігіт келіп тұр. Юлияның досымын дейді.

Бармен. Мен онда бармаймын – Жұмекең көрсе ұрсады. Сәл тоса тұр, қазір біреуі шығар. Отыр. (шөлмекке бірдеңе құйып) Мә, ұрттап қой.

Күзетші. Ішпеймін. Бастық сезіп қалса жұмыстан айрылармын.

Бармен. (мырс етіп) Сезбейді. Бастықтар өздері мас, сенің елу граммыңды сезейін деп тұрған жоқ.

Күзетші. (шөлмектегіні қағып салады) Онда тағы біреуін жіберейін – екеу болсын. (бармен толтырған шөлмекті ішіп алып) Е-е... бірдеңе барды ішке. (темекі тұтатып бір-екі сорғанда Юлия шығады)

Юлия. (күзетшіге жақтыртпай қарап) Ты чего здесь уселся?

Күзетші. Тебя жду.

Юлия. Меня?! Зачем?

Күзетші. Там один лох пришел – говорит, что твой жених. (бармен екеуі күледі)

Юлия. Чего смеетесь? Вот, дурачье! (күзетшіні арқасынан алақанымен соғып жіберіп шығып кетеді)

Бармен. Мұндай сайқалда да жених болады екен, ә!

Күзетші. Ол жігіт мұның кім екенін білмей жүр ғой. Әйтпесе маңына жолай ма? Жарайды, мен кетейін. Рахмет саған. (кетеді)

 

      Юлия Сашаны ертіп әкеледі.

 

Юлия. Саша, ты посиди здесь, выпей чего-нибудь. Я сейчас. (асханаға кіріп кетеді)

Бармен. Значит, тебя Сашей зовут?

Саша. Да. (орындыққа отырады да барменге қолын созады) А тебя как? Давай познакомимся.

Бармен. (созылған қолды көрмегенсіп) Что будешь пить? Водка? Коньяк?

Саша. Нет, налей минералки. Если есть.

Бармен. У нас все есть. Значит, ты трезвенник?

Саша. Да нет. Просто сейчас не могу пить. Предстоит серьезный разговор.

Бармен. М-м... (стақанға құйылған минералканы Сашаға стойкамен сырғытып жіберіп) Ты Юлин жених, да?

Саша. (іше бастаған минералкаға шашалып қалады) Кхе, кхе... кто?! Почему ты решил, что я ее жених? Кто тебе сказал? Она?

Бармен. (иығын қиқаң еткізіп)  Никто. Сам догадался. По вашим взглядам.

Саша. А-а...

 

     Асханадан Юлия, соңынан Жұмағали шығады. Жұмағали әжептәуір қызыңқы.

 

Юлия. (Сашаны нұсқап) Вот, Жумагали Сарсенбаевич, мой друг Александр. (Саша тұрып Жұмағалиға қолын созады, бірақ ол да оның қолын алмайды)

Жұмағали. Значит, Александр?

Саша. Да.

Жұмағали. (Юлияға) И чего хочет этот Александр?

Юлия. Устроиться сюда охранником.

Жұмағали. Охранником? Нет, не пойдет.

Юлия. Жумагали Сарсенбаевич, возьмите его пожалуйста. Я вас очень прошу! Пожа-алуйста!

Жұмағали. (ыржиып) Юлечка! Ты же не ребенок! Ты же знаешь, что у нас волшебные слова уже не действуют. Но, если ты просишь... и если я попрошу... и если ты не откажешь... то, может быть и...  (күледі)

Саша. Ты! Ты на что намекаешь? А?!

Жұмағали. А ты молчи, сопляк, когда взрослые меж собою договариваются.

Саша. Я тебе покажу «сопляка»! (Жұмағалидың мұрынынан соғып жібереді, Жұмағали құлайды, мұрнынан қан кетеді)

Жұмағали. (атып тұрып асханаға жүгіріп барып есіктен айқайлайды) Басеке! Мерген! Не қылып отырсыңдар мені сабап жатқанда?

 

      Басар мен Мерген жүгіріп шығады. Соңдарынан Жазира шығады да босағада тұрып қалады. Басар Сашаға жетіп келіп тиседі – ол қарсылық білдіріп көреді. Басар оны бір соғып құлатады. Содан соң Жұмағали екеуі аямай тепкілейді. Юлия екеуіне кезекпен жалынады, бірақ бастықтар көнбейді.

 

Юлия. (Мергенге, барменге кезекпен жалынып) Да остановите вы их – ведь убьют парня!

Мерген. Как я их остановлю? Ведь один аким, а другой - его заместитель.

Бармен. (стақандар мен шөлмектерді сүртіп жатып) Не-е, Юлия, уволь. Я не хочу из-за твоего лоха работу потерять. Не надо было его сюда приводить, раз знала, какой он дурак.

Юлия. (Жазираның жанына жүгіріп барып) Ханшаим, милая! Умоляю, вызволь парня. Ведь искалечили совсем!

Жазира. Ты ошибаешься, девушка. Я не ханшаим. Я была ханшаим, вчера еще была. А теперь я рабыня. Всего лишь рабыня. Такая же, как и ты.

 

     Бір уақытта Жұмағали есін жиады да Басарды тежейді.

 

Жұмағали. Жә, Басеке, жетер. (аяғымен сұлап жатқан жігіттің басын қозғап) Тірі ме өзі?

Басар. Арам қатсын! Бастаған өзі ме - өзі! (Сашаны тағы да теуіп жібереді)

Мерген. (әкімніңың екінші қолына жармасып) Қойыңыз, Басеке, жетер. Алды сыбағасын, енді жедел жәрдем шақыру керек, әйтпесе шынында да өліп қалар.

Басар. Жедел жәрдем?! Бұған жедел жәрдем шақырайын мен! (барменге) Әй, бар айт Сұлтанға, жігіттерімен мына өлімтікті машинаның багажнигіне салсын да қаланың сыртына апарып тастасын. Көмейіне арақ құйсын. Өлсе - өлер, тірілсе – тірілер. (бармен жүгіре басып шығып кетісімен, Жұмағалиға) Ал, Жұмеке, кеттік саунаға. (жылап тұрған Юлияға бұрылып) Юлия-жан! Саған не болған? Қой, бір жаман үшін сонша қайғырмай. Ол өзі кінәлі. Әкім мен оның орынбасарына қарсылық білдіруге бола ма екен?! А?! Өзің ойлашы! Ха-ха-ха!

Жұмағали. Болмайды! (Юлияны құшақтап саунаға қарай сүйрелей жөнеледі) Пойдем в сауну, Юлечка, там и обсохнут твои слезы. Ха-ха-ха!

Басар. (Жазираға) Жазира, жүр, кеттік саунаға.

Жазира. Кешіріңіз бастық, бара алмаймын.

Басар. (дауысын көтеріп) Неге?!

Жазира. Купальник алып келген жоқпын.

Басар. Купальник?! Ол не керек? Мен сені пляжға шақырып тұрған жоқпын. Саунада купальник қажет емес. Саунаға адамдар тыр жалаңаш кіреді. (қарқылдап күледі де Жазираның белінен қапсырып құшақтап сүйрелей жөнеледі. Жазира  төмен қарап кете барады)

Мерген. (Гүлбаһрамға) Кеттік, Гуля-жан! Сен енді менің еншіме тидің.

 

      Қыз кейіген пішін білдіреді, бірақ Мергеннің жетегінде кете барады. Жалғыз қалған Саша қозғалмастан тек ыңырсиды, ал сауна жақтан қыздардың шыңғырып-сықылықтағаны, бастықтардың қарқылдаған күлкісі мен мастықпен даурыққан дауыстары естіліп тұрады.

 

                                        

                                    БЕСІНШІ  КӨРІНІС

 

      Қалкеннің пәтері. Самал ас даярлаумен айналысып жүр. Арасында істеп тұрған телевизорға көз тастап қояды. Келесі бөлмеден екі ер бала мен қыздың асыр салып ойнап жүрген дауыстары естіледі. Самал анда-санда, олар тым шуласып кеткенде, есікке жақындап зекіп қояды. Балалардың үні қысқа мерзімге тынады да, содан әрі олар тағы шуласып кетеді. Қайрат келеді.

 

Самал. Ә, келіп қалдың ба! Бірыңғай ұлттық тест қалай өтті?

Қайрат. Нашар. Жетпіс-ақ ұпай алдым.

Самал. Жетпіс ұпай?! Бұ қалай? Мұғалімің «Қайрат кем дегенде жүз он ұпай алады» дегені қайда?

Қайрат. Мама! Мұғалім емес қой тест тапсырған!

Самал. Енді не болды саған? Қаншама дайындалып...

Қайрат. Дайындалып! Дайындалып! Бүгінгі тестте мүлдем түсініксіз сұрақтар болды.

Самал. Ол қалай?

Қайрат. Қайдан білейін! Мұғалімдер бірдеңені шатастырып алған шығар. Әлде әдейі істеді ме...

Самал. (тағы да келесі бөлменің есігіне жетіп барады) Әй! Сендерді жын шалды ма? Кәне, тынышталыңдар! Ағаларыңмен сөйлесіп жатырмын. (қайтып келіп, Қайратқа) Кім әдейі істейді дейсің! Және де ұлттық тесттің сұрақтарын алдын-ала ешкім біле алмайды. Ол құпия. Тек жобалары ғана...

Қайрат. Түсінікті ғой. Ал бүгінгі сұрақтар жобалауға да келмеді. Абылайханның атының тісінің санын сұрады ма керек...

Самал. Абылайханның атының тістерін?!

Қайрат. Иә. Тарихтан сондай сұрақ болды. Абылайханның аты түгіл мен жалпы жылқының ауызын ашып көріп пе едім!

Самал. Жарайды, текке күйінбейік. Болған іс болды. Жетпіс балл да жаман емес.

Қайрат. Аһа! Жетпіс баллмен грантқа алмайды.

Самал. Алмаса не істейміз – жай, ақшаға оқисың. Кешке әкең келгесін ақылдасамыз. Ол әлгі кітабын шығарам деп жүрген. Гонорар алады, соны оқуыңа төлейміз.

 

     Қалкен келеді. Түнерген қалыппен креслоға сылқ ете түседі.

 

Самал. Саған не болған? Қайдан келдің өзің?

Қалкен. Қаладан...

Самал. Бұл не жауап! Мен сені ауылдан келдің деп тұрмын ба? Жұмысың әдетте ерте бітпеуші еді ғой.

Қалкен. Мен жұмыстан шығып қалдым...

Самал. Кет әрі! Енді әлгі Жазира да қуып шықты ма? Айттым ғой соны оңбаған деп!

Қалкен. Ол оңбаған емес. Мен өз еркіммен өтініш жазып шықтым жұмыстан.

Самал. Өз еркіңмен? Неге?

Қалкен. Солай керек болды.

Самал. Кімге керек?

Қалкен. Самал! Сұрамашы менен ештеңе!

Самал. Жарайды, сұрамайын. Бірақ екі аптаның ішінде екі жұмыстан айрылғаның дұрыс па? Мына балаң ұлттық тесттен құлап келді. Енді грантты атама. Ақшаға оқыту керек. Ал сен жайдан-жәй, оп-оңды жұмысыңнан айырылып отырғаның мынау.

Қалкен. (Қайраттан) Тесттен қалай құлап жүрсің? Қырық та ұпай ала алмадың ба?

Қайрат. Неге?! Жетпіс ұпай алдым.

Қалкен. (Самалға) Сен жаңа ұлттық тесттен құлап келді дегенің қайда?

Самал. Енді құламағанда несі қалды жетпіс ұпаймен?

Қалкен. (Қайратқа) Неге сонша аз ұпай алдың?

Қайрат. (әкесінің дауысын келтіріп, кекете) Солай керек болды.

Қалкен. Кімге керек?

Қайрат. Папа! Сұрамашы менен ештеңе!

 

     Қалкен Самалға қарайды, ол «саған со керек!» деген сыңай танытады.

 

Самал. Немене қарайсың? Мына балаңа ақша тап – отырғызып қоймай оқуға жіберу керек. Әлгі кітабың не болды? Шығуға дайын деп жүр едің ғой.

Қалкен. Дайын деген... Мерген... қазір білейін. (телефон шалады) Сәләматсыз ба? Мен, Қалкенмін ғой. Мерген өзінде ме? А... келсе маған телефон шалсыншы... жоқ, мен үйдемін... иә, иә. (телефонның тұтқасын қояды да Қайратқа бұрылады) Қандай оқуға түсейін деп едің?

Қайрат. Экономисттың оқуына.

Қалкен. Журфакқа барамын дегенің қайда?

Самал. Журфакта не іздейді? Сен сияқты итшілеп жүрсін бе? Жетеді, бір үйге бір журналист. Баламның баласына айтармын – «журналист пен мұғалім болма» - деп. Оңбаған кәсіптер! Бәлен жыл жұмыс істеп неменеге жарыдық? Не өзіміздің баспанамыз жоқ. Не қалтамызда артық ақша жоқ. Егер мен де сен сияқты бастығыммен тайталасып жұмысымнан айрылсам, сонда әбден келісерміз. Ал менің де көкірегімде директордың бетіне басатын ауыр-ауыр сөздер бар. Бірақ мен оларды тіс жарып сыртқа шығара алмаймын. Ішімнен қайнап-қайнап тынамын. Неге? Үйді ойлауым керек, балаларды, бәріміздің жағдайымызды ойлауым керек. Ал сен неге ойлағың келмейді?!

 

      Пәтердің есігінің қоңырауы дызылдайды. Қайрат барып есік ашады.

 

Қайраттың дауысы. Ассаламу ғалайкүм.

Мергеннің дауысы. Уағаләйкүм ассалам. Әкең үйде ме?

Қайрат. Үйде...

Қалкен. (орнынан тұра бере) Қайрат, кім ол? Жоғарлат де!

Мерген. (ауыз үйден) Мен ғой, Мерген... (бөлмеге кіріп келіп) Ассаламу ғалайкүм!

Қалкен. (қарсы тұрып қолын береді, жүзінде қуаныш белгісі білінеді) Уағаләйкүм ассалам! Сізді де көретін күн болады екен. Жоғарлатыңыз, міне мына креслоға отырыңыз. (Самалға) Самал, асың дайын болды ма?

Мерген. (креслоға жайғасып жатып) Жә, текке әуре болмаңдар – ас-шәйға уақытым жоқ. Рахмет. Бір әңгіме бар, телефонмен сөйлесуге келмеді.

Қалкен. Самал, сен...

Мерген. Жо-жоқ, келінді қума. Мен өзі үйіңе келген себебім де осы – келін екеуіңмен сөйлесейін деп едім.

Қалкен. (Самалдың жанына диванға отыра беріп) Ал, онда... жақсы... айта беріңіз.

Мерген. (Қайраттың келесі бөлмеге кіргенін тосып) Мені неге іздегеніңді  сезіп тұрмын... әлгі кітабың жөнінде шығар әңгіме? Солай ма?

Қалкен. Солай...

Мерген. Солай болса мені мұқият тыңдап ал... (Самалға) Келін, темекі тартуға рұқсат па?

Самал. Тартыңыз (орнынан тұрып шкафтан күлсалғыш алып креслоның жанында тұрған тапал столға қояды). Сіріңке әкеліп берейін бе?

Мерген. Жоқ, рахмет, зажигалкам бар. (темекі тұтатып, тартып отырып сөйлейді) Қалкен, мен сені түсінбеймін... оп-оңды жұмыс істеп жаттың. Ең үздік журналист саналып жүрдің. Әне - өлеңдер мен дастандарыңның жинағын шығаратын болдық.  Астанаға конференцияға жібереміз деп жүрдік. Сосын... бәрі жақсы болып тұрғанда... бац! Жаңа ғана келген әкімге тиісемін деп барлығынан айырылдың. Бұл қалай? Мен сені түсінбеймін...

Самал. Иә, мен де...

Қалкен. (Самалға) Тоқтай тұршы ей! (Мергенге бұрылып) Түсінбейтін ештеңе жоқ. Жаңа әкім өкіметтің ішкі саясатын бұрмалап отыр. Біздің демократиялық принциптерімізге сәйкес келмейтін саясат қолданып, ұлтаралық жағдайды ушықтырып жіберетін қауып төндіріп тұр. Осының бәрін көре тұра мен қалай үнсіз қалмақпын? Мұндайға кез келген азамат қарсы шығуға тиісті – мен де, сіз де, мына Самал да!

Мерген. Жоқ, Қалкен! Мына сөзің – баланың сөзі. Тіпті жынды адамның сөзі деуші едім – ренжіскім келмейді. Мен сені ақыл-есі бар сақа жігіт деп санайтынмын.

Самал. Аға, мен де бұған күнде осы сөзді айтам. Жұмыс – жұмыспен, бірақ бір мезгіл өзіңнің де, отбасыңның да жағдайын ойлауың керек қой деп. Тыңдамайды!

Қалкен. Менің жаңағы айтқан қай сөзім балалық, қай сөзім жындылық?!

Мерген. Бүкіл сөзің! Әй, сен өзі кімсің? Мемлекет басқаратын адамсың ба? Әкім, жақсы болсын, жаман болсын, бір де бір ауданды басқарып отыр! Ал демократия-семократия – ол бізге, қарапайым адамдарға не керек? Біз өзіміздің жұмысымызды білуіміз керек.

Қалкен. Қоғамда не болып жатпасын, қандай кемшілік, зұлымдық болып жатпасын – біздің, журналисттердің басты міндетіміз – сол кемшіліктерді көпшілікке көрсетіп, әшкерелеп отыру. Мен тек өзімнің жұмысымды жақсы атқаруға тырысып жүрмін.

Мерген. Жоқ, Қалкен, сенімен дені дұрыс сөйлесуге болмайды екен! Келін, сен ренжіме, өзің көріп тұрсың ғой – мен Қалкенге бар ақылымды айтып бақтым. Түсінбейді. Тіпті түсінгісі келмейді!

Қалкен. Неге түсінбейін! Сіздердің барлығыңыздың айтып жүргендеріңіз бір - әкім бастық, сондықтан оның бүкіл ісі дұрыс. Бұрыс болса да дұрыс! Және... біз кішкентай адамбыз, мемлекеттің саясатын, қоғамның жағдайын ойлайтын дөкөйлер бар – міне солар басын қатырсын. Ал біз өзіміздің қамымызды, отбасымыздың, бала-шағамыздың қамын ғана ойлауымыз керек. Солай ғой?

Мерген. Әй қарағым! Сенің отбасыңның қамын мен ойлауым керек пе?! Менің өз отбасым, өз балаларым бар!

Самал. Бұл біздің отбасымыздың қамын менің мойныма артты да өзі басқа, мүлдем бізге қатысы жоқ мәселелермен айналысып жүр.

Қалкен. Қателесесің, Самал! Мен қоғамда болып жатқан процестерді ойлағанда біздің де семьямыздың жағдайын ойлап отырмын. Өйткені сол процестер әр отбасына қатысы бар. Әр отбасына әсері бар.

Мерген. Мен бір нәрсеге көзім жетті. Сені сөз таластырып жеңе алмаймын. Мен сені сөзбен жеңейін деп те келген жоқпын. Және менде сөз таласына уақыт та жоқ. Жағдай былай – кітабың баспадан шықсын десең біздің әкімді мақтап дастан жазасың. Сосын сол дастанды кітабыңа кіргізіп шығарамыз.

Қалкен. (орынан атып тұрып) Да-аста-ан?!

Мерген. Иә, дастан.

Қалкен. (бөлме бойымен жүріп кетіп басын шайқайды) Дастан! Тамағы қалған екен! (тағы бір сигаретті тұтатқан Мергеннің қарсысына тоқтап) Сонда сол дастанды не деп жазбақпын?

Мерген. Оны өзің білесің – менен несін сұрайсың? Сен ғой ақын! Қисынын келтіріп, Басекеңнің біздің ауданға келгеннен бергі қысқа мерзімнің ішінде тындырған істерін атап көрсетіп жаз.

Қалкен. Басекеңнің тындырған істеріне фельетоннан басқа ештеңе сәйкес келмейді. (тағы да басын шайқап) Дастан!

Мерген. Жақсы, дастан жазғың келмесе бір-екі өлең жаз. Ода жаз. Сосын Басекеңнің саған қоятын бір шарты бар - өткен аптада жазған мақалаңдағы фактілер жалған болып шықты деп, Жазираның газеті арқылы әкімнен кешірім сұрайсың. Міне, содан кейін жұмысыңа да қайтып кірісесің, кітабың да шығады, сол кітабыңа да жақсы ставкамен гонорар аласың. Басекең айтады – егер соған арнап жазған дастан оған ұнаса, кітабыңды мемлекет сыйлығына ұсынуға көмек көрсетемін дейді.

Қалкен. Мына әкімнің ұяты жоқ екен. Жо-жоқ! Мен ондай сатқындыққа бара алмаймын! Бұл бос сөз.

Мерген. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланып) Менің міндетім – саған бастықтың талабын жеткізу. Ал арғы жағын өзің біл. Егер тиісті шешімге келсең – мен әрқашан көмекке келуге дайынмын. Тек телефон шалсаң болды. (Самалға) Ал, келін, сау бол. Мына Қалкенге ақылыңды айт. (шығып кетеді)

Қалкен. (Мерген отырған креслоға отыра кетіп, күлсалғышты столиктің бетімен итеріп жібереді) Алла сақтасын! Не боп барамыз өзі! Көрдің бе енді әкімнің сиқын? Жаңағы сөзді естігесін де сен соны жақтайсың ба?

Самал. Менің жақтаған-жақтамағанымда бірдеңе бар ма? Мәселе менде ме? Мәселе қазір саған тіреліп тұр.

Қалкен. Жоқ, сен айтшы – сен кімді, өзіңнің күйеуіңді қолдайсың ба? Әлде...

Самал. Қалкен! Менің қолдауымда не тұр? Саған ап-анық ультиматум қойылды – не сен әкімге көнесің, басыңды иесің, не ол сені құртады. Бітті! Сенде екі-ақ жол бар – енді біреуін таңда. Бірақ, ақиқатына келсек, бізде барлығы жоғы бір-ақ жол қалды. Басқа жолмен кетсең... қысқасы, мен сенімен ол жолмен жүрмеймін.

 

      Қалкен тесірейіп Самалға қарап отырып қалады.

 

Самал. Немене соншама тесірейдің? Тесірейме! Мен өз сөзімді айттым. Арғы жағын өзің біл. Егер саған мен керек болсам, егер балаларың керек болса, егер саған жанұяң керек болса, онда көлденең, бізге қатысы жоқ жәйттерді таста да, отбасымыздың жағдайын ойла. Ана ұлыңның оқуын ойла, болашағын ойла!

 

      Қалкен үнсіз қалады. Самал да үндемейді, «ойлан, Қалкен, ойлан!» дегендей. Осы кезде сыртқы есіктің қоңырауы шыр етеді. Қалкен жалт қарайды.

 

Самал. (орынан тұрып ауыз үйге беттеп бара жатып) Тағы қайсысы екен? (есік ашылған дыбыс, сосын біреу Самалмен амандасады) Сәлеметсіз бе? Жоғарлатыңыз.

Бейтаныс дауыс. Жоқ, рахмет. Мен кетемін. Мына хабарландыруды сізге апарып бер деді біздің бастық. Мына жерге, хабарландыруды алдым, таныстым деп қол қойыңыз. Сау болыңыз.

Самал. Сау болыңыз... (бөлмеге кіреді, хабарландыруды оқып келеді де бөлменің ортасында кілт тоқтайды) Міне, енді пәтерге де жетті кезек.

Қалкен. Қай пәтер? Бұл не қағаз өзі?

Самал. Мә, оқы. (қолындағы қағазды Қалкенге береді де орнына отырады)

Қалкен. (хабарландыруды оқиды) Самал Арынқызы, сіздің отбасыңыз әлеуметтік қолдау көрсететін отбасы қатарынан шығып қалды. Сіздің үш қана оқушы балаларыңыз бар, өзіңіз де, жолдасыңыз да, қызыңыз да жұмыс істейді. Ұлыңыз мектеп бітіріп жұмыс істеуге жарап қалды. Сондықтан осы аптаның аяғына дейін тұрып жатқан пәтерді босатыңыз. Ол пәтер әлеуметтік баспанаға мұқтаж көп балалы отбасылардың біріне беріледі.

Самал. Ал, енді не дейсің?

Қалкен. Не деуші ем? Шынында да, біздің енді әлеуметтік пәтерде тұратын құқығымыз жоқ.

Самал. Мүмкін бізде жалпы ешқандай пәтерде тұратын құқығымыз жоқ шығар? Сеніңше, біз тек үңгірде тұруға хақтылы шығармыз!

Қалкен. Кім саған үңгірде тұр дейді? Жалға беретін пәтер қарастыру керек. Бүгінгі газет қайда? Әкел, оқиын, мүмкін бірдеңе табылар.

 

      Самал басқа бөлмеге барып газет әкеліп береді.

 

Самал. Жалға беретін пәтердің ақысы жанып тұр. Айына отыз мыңнан төмен сұрамайды. Оған ақша қайда?

 

      Қалкен газетті көзімен шолып жатып бірдеңе деп міңгірлейді. Сыртқы есік ашылғаны естіледі, пәтерге біреу кіреді.

 

Қалкен. (елең етіп) Тағы кімді жіберді екен Басекең?

Самал. Алма шығар, бөтен біреу есікті қалай ашпақ. Алма!

Алма. (бөлмеге кіреді, көзінде жас) Мен ғой. (сыртқы киімімен шешесінің жанына сылқ етіп отыра кетеді)

Самал. (оның бетіне үңіле) Әй, саған не болған? Біреу ренжітті ме?

Алма. Ешкім ренжіткен жоқ. Тауарымнан айрылдым.

Самал. Айрылдым? Қалай... айрылдым? Контейнеріңе ұры түсті ме?

Алма. Жоқ. Прокуратура мен санэпидстанциядан кісілер келіп бүкіл тауарларды актылап, контейнерге мөр басып жауып кетті.

Самал. Иә, оларға не керек?

Алма. Білмеймін... (көз жасын сүртіп жатып) «Тауарларыңның құрамында улы қоспалар бар, халықты уландырып жүрсің» - деп акт салды. «Мен бұл тауарларды істеп шығарған жоқпын ғой. Әне – бүкіл базардағы саудагерлердің тауарлары осындай. Сонда мен ғана қылмыскер болғанмын ба?» – деп едім, прокуратурадан келген кісі: «Басқаларда нең бар. Өзіңнің жайыңды ойла. Ана әкеңнен көр – соның кесірі тиіп тұр саған» - деді. Мен түк түсінбеймін – менің тауарларыма папамның қандай қатысы бар?

Қалкен. (газетті столға тастай беріп) Ох, оңбаға-ан!

Самал. Сенің тауарларыңа әкеңнің қатысы жоқ. Сенің әкең жәй жүрмей әкімнің өзімен жауласып жүр, әлгі прокуратураң соның әмірін орындап отыр. (Қалкенге) Енді не  істемексің?

Алма. (сұрақ өзіне қойылды деп ойлап) Білмеймін. Міне, ертеңгі сағат тоғызға повестка беріп кетті. «Егер тауарларыңда улы қоспалар табылса, үстіңнен қылмысты іс қозғаймыз» - деп кетті әлгі прокуратураның қызметкері.

Самал. Әрине, ол улы қоспалар табылады. Қазіргі тауарлардың құрамында не жоқ? (Қалкенге) Не істемексің деймін? Мына қызыңды соттатып жібермексің бе? Неге үндемейсің?

Қалкен. Соттай алмайды! Жәй... қорқытып отыр да. (Алмаға) Сен қорықпа. Мен ертең сенімен бірге барамын. Тапқан екен қорқытатын адамды. Біз заң білмейді деп ойлайды ма өздері?!

Самал. (айғайға басып) Әй! Заңның не қатысы бар? Табады олар қолданатын заңды. Сотталып түрмеге түспесе де, бұл қыз бүкіл тауарынан айырылады. Және бәлен мың теңге айыппұл төлеткізеді. Қайдан аласың ақшаны?

 

      Бірер уақыт бәрі үндемей қалады.

 

Алма. Папа... шынында да бізге әкім өшігіп жүр ме? Әлгі прокуратураның қызметкерінің сөзі соны айтып тұр ғой. Ол әкім бізге неге тиіседі?

Самал. Кім тиісіп тұр бізге! Әкең өзі тиіскен сол әкімге құрттанып! Әй, оның да кеудесінде жаны бар шығар! Қалай деп ойлайсың – бір ауданды басқарып тұрып, қалай ол өзінің беделін қорғамайды? Оның орнында кез келген адам сөйтеді! Қолындағы бар билікті пайдаланып бағады. Ал, енді істеп көр оған! Сотқа бар, заңға жүгін – не бітіресің? Кімді жақтайды сол сот? Сені ме? Әлде бүткіл бір ауданның әкімін бе? Неге сен төрт аяғын тіреп алған есектей тұғырланып алдың? Неге сен айдай анық нәрсені түсінгің келмейді? Түсініп тұрсың сен бәрін, кім болсаң да сен ақымақ емессің. Тек тәкәппарлығың, кеудең жібермей тұр. Сол тәкәппарлығыңның құрбандығына біздің бәрімізді шалайын деп тұрсың. Қызыңды да, ұлыңды да. Өзім жөнінде сөз де қозғамайын.

Алма. Папа, егер мамамның айтқаны шын болса... бірдеңе ғып... келісіп сол әкіммен... қайтарып берші тауарымды. Мен жаңа-жаңа кредитімді төлеп болып, енді өзім шет елге, Қытай мен Түркияға шығып тауар әкелем деп армандап жүргем. Бүгін сол арманымның күл-талқаны шыққандай болды.  Үш жыл бойы бір де теңге артық өзіме жұмсамай еңбектендім, тезірек кредитімнен құтылайын, тезірек шет елге баратын қаражат жиып алайын деп. Енді тауарымнан да, біраз жиған ақшамнан да айырылайын деп тұрмын. Егер сотты болсам не қалады сол ақшадан?

Самал. Айт, айт бәрін әкеңе! Мүмкін жететін шығар санасына. Осының бәрі ол үшін сөзге тұрмайтын ұсақ-түйек бірдеңе сияқты. 

Қалкен. Кім ұсақ-түйек дейді?! Мен бәрін түсініп тұрмын. Әкім қолындағы бар тетіктерді пайдаланып, қоластындағы қызметкерлердің барлығын маған қарсы айдап салып тұр. Оның мақсаты менің қарсылығымды талқандау. Өйткені дәл қазір біздің қаламызда оған қарсылық білдіріп отырған бір-ақ адам қалды – ол мен. Жұрттың бәрі біздің шайқасымыз немен тынады екен деп, демін ішіне тартып аңдып отыр. «Кім жеңеді?» Жоқ! Олай емес! Мәселе тіпті бізде емес! «Не жеңеді?» Міне, қандай сұрақ халықты толғандырып тұр! Не жеңеді? Ақиқат па? Әділеттік пе?  Сөз бостандығы ма? Адамдар арасындағы теңдік пе? Ұлттар арасындағы теңдік пе? - Әлде жалған ба? Әділетсіздік пе? Теңсіздік пе? Не жеңеді? Және мынадай сұраққа жауап күтіп отыр сол адамдар: «Біздің қоғам қандай? Шынында да, жоғарыдан радио, теледидар, газет-журнал арқылы айтылып жатқандай ашық, демократиялық, прогресстік қоғам ба, әлде теңдік жоқ, сөз бостандығы жоқ, қатыгездік пен өтірік, сыбайластық пен жемқорлық билеген қоғам ба?» Міне мәселе қайда! Мәселе менде емес, мен тек біздің адамдардың, жүздеген жерлестеріміздің ақырғы үмітімін. Енді мен басымды исем, егер айтқан сөзімді қайтып алсам... арғы жағын ойлағым да келмейді.

Алма. Папа, мүмкін мен сондай қараңғы шығармын. Бірақ жаңағы айтқаныңның бірін де түсінбеймін. Меніңше, ешкім жаңағы айтқан мәселелер жөнінде бастарын қатырып ойланып жатқан жоқ. Мен білетін қарапайым адамдар, жанымдағы құрбыларым – солардың неден бастары қатып жүр? Қандай мәселелер оларды толғандырып жүр? Күнделікті күн көріс, табыс... балаларының киетін киімі, ішетін асы. Біреуінің күйеуі арақ ішіп маскүнемдікке салынып барады, соған қандай ем табуға болады? Екіншісінің күйеуі басқа әйелді ұнатып жүр, соған кетіп қалмасы үшін не істеу керек? Үшіншісінің қызы бір ұрымен қосылып, сол күйеу баласы ұрлықпен ұсталып сотталайын деп отыр, оны қалай алып қалуға болады? Және алып қалу керек пе, әлде күйеуінен айырып алған жөн бе? Төртіншісінің ер баласы бұзақы жігіттердің бандасына кіріп үйден безіп кетті, қалай оны сол «достарынан» ажыратып үйге қайтарып алуға болады? Бесіншісі... тағы, тағысы, сол сияқты толып жатқан шешуін күтіп тұрған сұрақтар бастарын қатырып жүр менің жанымдағы құрбыларымның. Ертең менімен бірге базарға барып сөйлесші солармен, «сендерге сөз бостандығы керек пе?» деп сұрашы, - «Ол не?» – дейді. Өйткені олар, онсыз да ауздарына келгенін шатады. «Демократия керек пе сендерге?» – десең, «Басты қатырмашы!» - дер, одан да сорақы сөзді бетіңе былш еткізбесе. Меніңше, жаңағы айтылған сөздердің бірі керек емес біздің халыққа. Міне, менің пікірім. Иә, мүмкін мен қателесіп тұрған шығармын, бірақ мен күнделікті өмірден көріп, естігенімді айттым. Ал қалғанын өздерің біліңдер, мен сендердің ұрыс-керістеріңе араласқым келмейді. (ауыр күрсініп орнынан тұрады) Кеттім, жатамын – шаршадым бүгін.(кетеді)

 

      Қалкен Самалға қарайды. Самал екі қолын екі жаққа жаяды. Қалкен төмен қарайды. Солай біраз уақыт үнсіз отырады. Сосын телефонның тұтқасын алып кнопкаларын басады.

 

Қалкен. Алло... Жазира? 

Жазираның дауысы. Қалкен?! Сен... сен...

Қалкен. Иә, менмін. Мен... сенің газетің арқылы, өткен жолғы мақаламдағы фактілерді жалған деп мойындап... әкімнен кешірім сұрайын деп едім. Қашан келуге болады редакцияңа?

 

      Жазира үндемейді.

 

Қалкен. Жазира! Естіп тұрсың ба?

Жазира. Естіп тұрмын... (өксіп жылап жатқаны естіледі)

Қалкен. Ертең тоғызға қарай келемін... орныңда боласың ба?

Жазираның дауысы. (сөздерін өксікпен араластыра) Ә-әй, арысым-ай!.. Бір сен едің... соққан дүлей дауылды керек қылмай төтеп тұрған алып емендей... Сені де құлатты ма?.. Енді не болдық?...(тағы да жылайды)

Қалкен. (телефонның тетігін басады да тағы біреудің нөмірін теріп алады) Алло! Мен... Қалкенмін. Ертең... жаңа өлең... ода әкелемін. Орныңызда боласыз ба?

Мергеннің дауысы. Бәрекелді! Міне нағыз ақылды жігіттің шешімі! Әкел, әкел, мен тосамын. Сен үшін есік ашық, сені тосып түні бойы отыруға дайынмын...

 

     Қалкен тұтқаны тастай береді. Екі алақанымен бетін басып төмен қарап қатып қалады. Самал аяқтарын ақырын басып бөлмеден шығып кетеді.

 

Қалкен. (басын көтеріп залға қарап) Міне, өмір прозасы дегеніңіз осы... бұл проза басталысымен поэзиямен қоштасуға тура келеді. Көпшілік поэзияны ұйқас жазылған сөйлемдер жинағы деп біледі. Ал ол олай емес. Ұйқас сөйлемдерден құралған шумақтар – ол поэзияның сыртқы пішіні. Ал нағыз поэзия, нағыз ақындық – ол өміріңді өзің ойлағандай, өзің жоспарлағандай, өзіңнің еркіңмен бағдарлап сүріп өткеруіңде. Ондай өмір тек нағыз ақындардың еншісіне беріледі. Және де сол ақындар поэзияның биік шыңына қымбат баға төлеп шығады. Мен сол биік поэзияның шыңына шыға алмадым. Мен төменде жер бауырлап қалдым. Сондықтан... сондықтан мен енді өзімді ақын деп санай алмаймын. Өлеңдер жинағым да жарық көрер... мүмкін, сыйлықтарға да ие болар. Бірақ, мен ақын емеспін. Енді ақын емеспін. Мен енді тек ұйқас сөйлемдер құрастырушымын. Иә, тек өлең шумақтарын құрастырушымын...

                                                    

 

                                  АЛТЫНШЫ  КӨРІНІС

 

 

       Қалкеннің жаңа кітабының тұсау кесер салтанаты. Бірінші планда түрлі жеміс, печенье, пирожное, лимонад, минералды сусынға сіресіп тұрған стол. Екінші планда, тағы бір столдың жанында Алма кітап сатып тұр. Самал столдың жанында тұрған бумалардан кітаптарды алып Алманың алдына қойып тұр, Қайрат сол бумаларды сырттан әкеліп жүр. Тағы бір столдың жанында Қалкен өзінің кітабын сатып алғандарға автограф жазып отыр. Әр столдың жанында бір-бір кітап ұстаған адамдардан құралған кезек. Ең арғы планда тұсау кесерге жиналған адамдар, мінбер, президиумға дайындалған, үстіне бір-екі шоқ гүл қойылған, стол. Залда музыка ойнап тұр, халық гу-гу етеді.

 

     Бірінші планда тұрған столдың жанына  қолтықтарына бір-бір кітап қысып ер адам мен әйел келіп, жемістен ауыз тиіп тұрып әңгімелеседі.

 

Ер адам. Кітап қалай? Бірдеңе оқып үлгердің бе?

Әйел. Иә, біздің жаңа әкімге арналған оданы оқып шықтым.

Ер адам. Қалай екен?

Әйел. Не деуге болады? Сол одада жаңа әкім ұлттық батырдай мадақталыпты.

Ер адам. Оның бізге келгеніне бір-ақ ай болған жоқ па? Бір айдың ішінде не тындырыпты сонша ода арнайтындай?

Әйел. (мырс етіп күліп) Е-е... сол ода болмаса бұл кітап та жарық көрмеуші еді. Аудан бюджетінен қаржыланыпты деген сыбыс бар.

Ер адам. Ендеше түсінікті! Қазіргі заманда кітап басып шығарғың келсе, не биліктегі біреуді, не қалталы біреуді мадақтау керек...

 

     Екеуі де столға жақындаған Мерген мен Мақпалды көріп, әңгімелерін жалғастырып кете барады.

 

Мерген. (екі стаканға сусын құйып, біреуін Мақпалға ұсынады) Ода қалай?

Мақпал. Жарап-ақ тұр. Алайда...

Мерген. (мырс етіп) Алайда басқа өлеңдерге қарағанда нашарлау дейсің ғой...

Мақпал. Иә, дәл өзі! (ол да күледі)

Мерген. Әрине, ол заңды ғой. Еріксіз жазылған ән қандай, жүрек жарып шыққан сөз қандай?

Мақпал. Иә... әсіресе маған, «Қош, қайран ғашығым!» деген өлең ұнады. Қандай түбсіз мұң! Кімге арналған сол өлең? Самалға дейін десем... (күледі)

Мерген. Сен шынында да ештеңе білмейсің бе?

Мақпал. Жоқ... не білуім керек?

Мерген. Мен саған бір нәрсе айтайын. Саған өтірік – маған шын...

Мақпал. Жоға! Мен саған сенемін ғой.

Мерген. Сен шынында Қалкен мен Жазира туралы ештеңе естімедің бе?

Мақпал. А-а, онда түсінікті! Арғы жағын айтпасаң да болады.

Мерген. Ал сен сол Жазираның біздің Басекеңнің тоқалы болғанын да білетін шығарсың?

Мақпал. (Мергенді көкірегінен итеріп жіберіп) Кет әрі! Не дейд?!

Мерген. (күліп жеберіп) Ой! Ол өзі бір дастанға лайық оқиға. Ол оқиғаның басын өзің де білесің - әкімнің бірінші жиналысында басталған... (Самал мен Алманың жақындап келе жатқандарын көріп, Мақпалды қолтықтап кетіп бара жатып) Есіңде ме? Қалкен сол жиналыста Басекеңе қарсы шығып оны Жазира қолдағанын?

Мақпал. Иә, иә! Айта бер...

 

     Самал мен Алма Қайраттың жеткізген кітаптары бітіп қалғандықтан сусын ішіп, жемістерден ауыз тиюге столға жақындайды. Олардың соңынан бір жігіт пен қыз келеді.

 

Жігіт. Енді кітап сатылмай ма?

Алма. Кітап таусылып қалды.

Қыз. (күледі) Осы мен дегенде бәрі таусылып қалатын несі бар екен?

Алма. Жоқ, кітап бар, жететін. Қазір інім әкеледі.

Самал. Кешіріңіздер, біз осыншама көп сұраныс болады деп ойламап едік. Сәл тоса тұрыңыздар, қазір балам жеткізеді.

 

     Жігіт пен қыз кетеді.

 

Алма. Шынында да папам нағыз ақын екен! Мен оның өлеңдерін оқырман дәл осындай ынтамен қарсы алады деп ойламағам. Қарашы – тұсау кесерге келген халықты - құмырсқадай құжынайды!

Самал. (сусын ұрттап жатып, мырс етіп күледі) Осылардың бәрі әкеңнің поэзиясына құштар оқырман деп ойлайсың ба?

Алма. (шешесіне таңырқай қарап) Бөтен адам мұндай кешке келе ме?

Самал. Әй, баламысың деген осы! Бұл халықтың көбін әкімшілік жинап отыр. Әкімнің атынан әр мекемеге, мәселен, біздің мектепке: «Бәлен кісі тұсау кесерге барсын» - деген үкім келіп түсті. Сосын біздің директор мұғалімдерді жинап алып: «Сен тұсау кесерге барасың, сен, сен және сен!» - деп бұйырды. «Тұсау кесерде әрқайсың бір-бір кітап сатып аласыңдар, дүйсенбі күні өзім тексерем. Кімде кітап болмаса, кім тұсау кесерге қатыспаса – менен жақсылық күтпеңдер» деген. Қандай шаралардың арқасында мына зал халыққа толтырылғанын, неліктен әкеңнің кітабына осындай сұраныс туып отырғанын түсіндің бе енді?

Алма. (жүзіндегі қуаныш арайы су сепкендей басылып) А-а... солай ма еді... Сонда не үшін әкім папама мұндай сый-сыяпат көрсетіп отыр?

Самал. (күліп жіберіп) Әкім сенің әкеңді қайтсын!  Ол өзінің қамын ойлап отыр. Кітаптың бірінші бетіндегі соған арналған, соны мадақтап жазылған оданы көрген жоқсың ба? Әкім бұл тұсау кесермен өзінің беделін тағы бір биік дәрежеге көтерейін деп тұр. Көрмейсің бе – ұлттық теледидардан корреспонденттік топ келгенін?

Алма. Ода? Ол ода әкімге арналған ба еді? Бір... Басеке деген кісі туралы емес пе.

Самал. Басеке – сол әкімнің өзі!  Басар Базарұлы! Атын атасаң да Басеке, бастық десең де басеке! Осы күнге дейін әкімнің есімін білмей қайда жүргенсің?

Алма. Жоқ... папамның әкімді мақтап ода жазатынына сену қиын. Мұндай іс папама мүлдем лайықты емес.

Самал. Енді не істемек? Сол ода болмаса кітап басылымнан шықпайды. Ода болмаса оған мұндай тұсау кесер қайда? Мына құмырсқадай құжынаған халықты қалай жинап алушы едік? Мына залды бізге кім береді?

Алма. Иә, залды берсе несі бар? Папамдай ақынның тұсау кесеріне бермегенде, кімге береді?

Самал. Папамдай ақын! Кім оны біліп жатыр? Ал Балхан Жүсіпова қандай әйгілі әнші еді! Эстрада жұлдызы емес пе еді! Ал соған осы залды бермеді ғой. Ол осында концерт қоя алмай кетті. Соның бәрін істеген біздің әкім. Ол бүкіл мекемелердің басшыларына «Балханның концертіне ешкім бармасын» деген бұйрық беріпті. О жолы біздің директор «оқушыларыңа ие болыңдар, концертке біреуі барып қалса жауапты әкімнің алдына өздерің барып бересіңдер» деді. Содан «Балхан қаладан кетіпті» деген хабар келгенше балаларды сыныптан шығармай ұстап отырдым. Тіпті әжетханаға да шығармадым. Ал Балхан Жүсіпова кім – сенің әкең кім - өзің ойлашы.

Алма. (төмен қарап) Е-е... м-м...

Самал. Не? Не дедің?

Алма. Жәй... тек... маған енді бұл тұсау кесер қызық болмай қалды. Кітап та сатқым келмейді.

Самал. О не дегенің?! Кітап өтіп тұрғанда сатып қалу керек. Әсіресе мынадай жоғары бағамен. Саудадан түскен ақшаның отыз пайызы біздікі. Ертең, кітап дүкендеріне мұндай бағамен өткізе алмаймыз.

Алма. Бұл кітаптың бағасы мен үшін түсіп қалды. Кітаптың да, папамның да. Меніңше, папам бекер осы оданы жазып, текке шығармаларын арзандатып алды.

Самал. Үй! Сен не – ұмыттың ба? Әкеңді көндірген сен  емес пе едің? Сенің көз жасың әкең үшін ақырғы тамшы болған жоқ па! «Әкім екеуіңнің қатынастарыңда жұмысым жоқ – тек тауарларымды қайтартып берсең болды, Қытай мен Түркияға баруға армандап жүр едім...» - сен емес пе осының бәрін айтқан?!

Алма. (жылап жібереді) Иә! Мен, мен! Бірақ мынадай сұмдық боларын, мұндай масқараға папамды батыратынымды білгенде, мен сол арманымнан бас тартар едім. (фартугін шешіп столдың үстіне тастай беріп жүгіре басып шығып кетеді)

Самал. (фартукты қолына алып жатып) Мынаны қарай гөр! Мен осы қызды түсінбеймін... (кетеді).

 

     Кітап сатылысы доғарылғасын Қалкеннің жанындағы кезек те бітіп ол автограф жазудан босайды. Кезектің ақырғысы болып Жазира кітабын оған ұсынады. Қалкен ол кітапқа ештеңе жазбай орнынан тұрып бірінші планда тұрған столға беттейді. Жазира оған еріп келеді.

 

Қалкен. (сусын құйып жатып) Кешір, Жазира, мен саған автограф жаза алмаймын.

Жазира. Неге?

Қалкен. Не деп жазайын? «Бір сатқын екінші сатқынға кітап арнайды» - дейін бе? Бұл кітаптағы өлеңдерді мен саған арнап жазғам дың. Бірақ оның бәрі өткен өмірде қалды. Енді міне – мен бұл кітапты да сатып жібердім. Өте арзан бағаға саттым...

Жазира. (көзінің жасын сүртіп тастап) Сонымен біз сатқын атандық... иә, солай болды. Мен қазір өзімді жаман түс көріп жатқандай сезінем. Әне-міне оянып, осының бәрі тек түс екен ғой деп қуанып көкірегімді толтыра бір дем алсам ғой деп армандаймын. Әттең! Ояна алмаймын. Әрине, менің сатқындығым айқын... мен сені... сенімен бірге өзімді де бірінші болып сатып кеттім. Ал сен ше? Сен қалай құладың? Есіңде ме – мені күреске шақырғаның? Жарайды, менің затым әйел... қанша қауқарлансамда мен тек бір осал әйелмін. Ал сен неге күреспедің? Жаумен жалғыз қалып ойсырадың ба?

Қалкен. Жалғыз қалғаным шын. Бірақ, жалғыз да күресуге болар еді. Егер сол жау күрес ережелерін ұстанса. Ал егер ол ережелерді өрескел бұзса ше? Кіндіктен төмен ұрса ше? Орыстың мақалына сәйкес келмесе де жалғыз сарбаз да жауға төтеп бере алады. Тек қана сол жау ашық шайқасқа шықса. Ал егер жау сол сарбазды айналып кетіп, ту сыртындағы қорғансыз жатқан қатын-қалашты тұтқындап алып, «бала-шағаң өлмесін десең қаруыңды таста!» - десе не амал қалады?!

Жазира. Е-ей, адал арысым-ай! Сен мұның бәрін оу бастан білмедің бе? Өзің адал болғасын бұкіл жұртты да адал деп жүрдің ғой. Өзіңдей бүкіл жұрт өмірдің мағынасы адал еңбек пен биік нысаналар деп ойлап жүр дедің бе?  Жо-оқ! Егер солай болса адамзат баяғыда жерұйықты тауып алушы еді. Биік нысаналар тек асыл даралардың еншісі. Еншісі де, соры да! Сен сол даралардың бірісің, сондықтан да әрдайым жалғыз боласың. Және де өмірдің бүкіл ауыртпалығы сенің, сен сияқты ардақтылардың басына түспекші. Бүкіл қиянаты, қатыгездігі мен әділетсіздігі, бүкіл зұлымдығы мен енжарлығы сенің еншіңе тимек.

Қалкен. Жоқ Жазира, мен дара емеспін. Мен сол ардақтылардың қатарына ене алмадым. Мен соларға сай бола алмадым. Мен, өкінішке орай, сол төніп келген зұлымдық пен қатыгездіктен басымды сауғалап алып кеттім. Ең ақырғы мезетте бұғып қалдым. Сен өзіңді менің алдымда кінәлімін деп санап жүрсің, өзіңді менің деңгейіме, дәрежеме жете алмадым, сай бола алмадым деп жүрген боларсың. Жоқ, олай ойлама. Сен айтқандай – сенің затың әйел. Ал менің ер деген атым бар еді. Сол ер деген атағыма сай бола алмадым, ерлік жасай алмадым, жауға төтеп бере алмадым, оған айламды асыра алмадым. Өжет сарбазбын деп жүріп, биік нысананы аламын деп жүріп, күнделікті ұсақ-түйек, күйбең тірліктің, тұрмыстың алдында екі қолымды көтеріп жауға берілдім де кеттім. Мені құртқан сол тұрмыс деген түбі жоқ тұңғиық, мен соған белуарымнан баттым да қалдым. Өжет сарбаз қатын болып шыға келді...

 

     Кітап сатылуы қайтадан басталады, енді Қайрат өзі әкелген бумаларды өзі ашып, Самал сауданы жалғастырады. Қалкеннің сөзін тағы бір автограф алғыш топ бөліп жібереді.

 

Топ. «Қалкен аға, автограф жазып беріңізші!»; «Маған да!» «Міне, менің кітабыма да!» (Қалкенді қоршап алып Жазирадан алыстатып әкетеді)

 

      Жазира солардың соңына біраз уақыт қарап тұрып, тұрып кетеді. Залға Жұмағали келеді.

 

Жұмағали. (Асығыс жүріспен мінберге өтіп кетіп жұрттың назарын өзіне қаратпақшы болып алақандарымен мінберді соғады) Тынышталыңыздар! Тыныштық!  Тынышталыңыздар! Әй! Сөндір музыканы! (жұрт тынышталғасын) Астыртын хабар! Бүгін ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері біздің ауданымыздың әкімі Басар Базарұлыны өзінің кабинетінде, бес миллион теңге пара алып жатқан жерінде ұстап алып, тұтқындап абақтыға жапты. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Обылыс әкімінің  бұйрығы бойынша, біздің ауданға жаңа әкім тағайындалғанша, әкімнің қызметі уақытша маған міндеттелді. Әкімшілік қызметкерлерін әкімнің жиналыс кабинетіне жиналысқа шақырып отырмын. Ал, енді тараңыздар, тұсау кесер бүгін болмайды.

Тұсау кесерге қатысушы біреу. Ал сонда қашан болады?

Жұмағали. Шынын айтсам – білмеймін. Қазіргі жағдайға қарағанда, мүмкін мүлдем болмайытын шығар.

Тағы бір дауыс. Қызық екен! Енді мына сатып алған кітаптарды не істемекпіз?

Жұмағали. Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Жалпы, бұл тұсау кесерді ұйымдастырған бұрынғы әкім-дің. Менің бұл іс шараға еш қатысым жоқ. Бұл сұрақты кітап авторына қойған дұрыс болар. (кетеді)

Сол дауыс. Автор, мына кітапты қайтып алыңыз. Ақшамды қайтып беріңіз.

Тағы бір дауыс. Мен де соны талап етемін.

Үшінші дауыс. Мен де...

Самал. (ашуланып айғайға басады) Жоқ! Болмайды! Сатылып кеткен тауар қайтып алынбайды! О несі ей!

 

      Халық шуласып Қалкен тұрған столдың жанынынан өтіп жатады. Қалкен  алақандарымен бетін басып төмен қарап үнсіз отырып қалады. Кейбіреулері сатып алған кітаптарын сол столдың үстіне тастап кетіп жатыр. Тіпті кейбір кітап жерге құлап түсіп жатыр. Самал өтпей қалған кітаптарын жинап, Қайрат екеуі соларды алып кетеді.

     Ақырғы адам кетісімен Қалкен залда жалғыз қалады. Оның жанына ақын бала келеді. Оның қолында кітап.

 

Ақын бала. (Қалкенді түртіп) Аға, жұрттың бәрі қайда кетіп қойған?

 

      Қалкен басын көтереді, оның көздерінен жас сорғалап отыр.

 

Бала. Аға! Сіз... неге жылап отырсыз? Үлкен кісі жылай ма?

Қалкен. (бетін сүртіп жатып жымияды) Жоқ... жылап отырғам жоқ. Жәй... көзіме бірдеңе түсіп кеткен-ау деймін. Сен... сен өзің қайдан келдің? (залда баланың ата-анасы бар ма дегендей жан-жағына қарайды) Сенің есімің кім болады?

Бала. Ақынжан. Мен ақын боламын.

Қалкен. (жымиып) Есімің жақсы екен. Ал ақын бала Ақынжан, шығарған өлеңдерің бар ма?

Бала. Иә, бар.

Қалкен. (баланы жанына отырғызып, қолындағы кітабын алып жатып) Кәне, оқып берші.

 

Бала. Мен Ақынжан баламын

          Ата-ана тілін аламын.

          Үлкен ақын болғанда

          Өз жолымды табамын.

 

Қалкен. Бәрекелді! Сен шынында да Ақынжан екенсің. Ал мына кітапты саған кім берді?

Бала. Ешкім берген жоқ. Тауып алдым. Ә-әнеу гүл тұрған столдің жанында жерде жатыр екен, сосын көтеріп алдым. Кітап жерде жатпау керек қой, иә?

Қалкен. Иә, дұрыс айтасың. Не жатса да кітап жатпауы керек еді. Ал осы кітапты оқыдың ба?

Бала. Иә, оқыдым.

Қалкен. Ұнады ма?

Бала. (кітабын Қалкеннің қолынан алып, бетін ашады) Иә, ұнады. (бірінші бетін аттап өтіп) Жоқ, мына ода ұнаған жоқ. Ә! Мына өлең тамаша екен! Оқып берейін бе?

Қалкен. Оқышы...

Бала. «Болашақ ақындарға».

 

Келеді басқа заман, келеді әлі

Ақындар бас бостандық алар бәрі

Көкірегін еркін кернеп, бар дауыспен

Шырқатар ән-өлеңін жас пен кәрі.

 

Келеді әлі, келеді басқа дәуір

Адамдар бір-біріне болар бауыр

Сол дәуірге, шіркін-ай, жетер ме екен?

Өлеңімнің тым құрғанда бір шумағы.

 

Кім білсін, мүмкін жетер, мүмкін жетпес,

Жетсе де түсіне ме екен бір әріптес.

«Ақынның қолын байлау, тілін кесу,

Ешқашан, еш заманда мүмкін емес!» -

 

Десе де көрінбейтін кісен қолда

Кесілмеген тілің де тіс қорғанда.

Сол қорғаннан байқаусызда шығып кетсе

Тіл түгілі алынар қу басың да!

 

Келер ме екен басқа заман, келер ме екен?

Ақындар тіл бостандық алар мекен?..

 

Қалкен. Жақсы өлең екен. Кім жазғанын білмейсің бе?

Бала. Жоқ... Бірақ, кім болса да жақсы ақын жазыпты. Нағыз ақын екен.

Қалкен. (балаға байқатпай көзіне келген жасын сүртіп) Иә, мүмкін... мүмкін солай да болар... (орнынан тұрып балаға қолын береді) Ал, балақай, кеш болды ғой, кетейік.

Бала. (орындықтан түсіп Қалкенге еріп кетіп бара жатып) Иә, кетейік...

 

                                        ШЫМЫЛДЫҚ

 

 

 

 

 

    

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған