Есен қалай жоғалып кетті?
КЕЙІПКЕРЛЕР:
Есен – жоғалып кеткен оқушы.
Үсен, Айна, Асан, Жайна – Есеннің сыныптастары.
Директор, мұғалима, тергеуші, Есеннің ата-анасы, сапер, экстрасенс, балгер, кинолог пен оның иті, дәрігер мен санитарлар, басқа оқушылар.
ТҮСІНІКТЕМЕ
Есен деген оқушы жоғалып кетіпті. Шын мәнінде, ол жоғалған жоқ, өзі дайындап әкелген дәрінің түтінінің әсерімен көрінбейтін жағдайға түсіп қалған. Ал өзі бәрін көреді, естиді, бірақ ештеңе айта алмайды. Алайда, ол іс-қимыл жасай алады. Мәселен, біреуді итеріп жібереді, аяғынан шалып қалады, заттарды қимылдатады, тартады, шашады т. с. с. Оның кейіпкерлерді итергенін, аяғын шалғанын, бұрымын жұлғанын, және басқадай амалдарын сол кейіпкерді ойнайтын актер (актриса) бейнелейді. Пьесада мұның бәрін шынында да Есен істеп жатқандай, «Есен бәленшені итеріп жіберді, Есен бәлен затты шашып жіберді...» т.с.с. делінеді.
БІРІНШІ КӨРІНІС
Сынып бөлмесінің ішкі көрінісі. Екі қатар парта, мұғалімнің үстелі, оның артында шкаф тұр. Іргеде тақта ілулі тұр. Ашылатын терезе және оның астында жылыту жүйесінің трубасы бар. Үсен мен Айнадан басқа ешкім жоқ, олар бүгін кезекші. Үсен еден жуып жатыр, Айна шаң сүртіп жүр. Тергеушіні ертіп мұғалима келеді.
Тергеуші. Амансыңдар ма, балалар!
Үсен. (еден жуатын шүберекті тастай салып тергеушіге қолын созады) Ассаламу ғаләйкүм!
Тергеуші. (созған қолға сенімсіздікпен қарап қойып қолының ұшын ғана береді) Уа ғаләйкүм ассалам!
Айна. (бір мезетке жұмыстан басын көтеріп) Сәлеметсіз бе, ағай.
Мұғалима. Балалар, бұл ағай тергеуші. Яғни, жоғалып кеткен Есенді тауып беруге келген полиция қызметкері.
Тергеуші. (сынып бөлмесін аралап жүріп мұғалиманың үстелінің астын, шкафтың ішін тексеріп шығады) Сонымен, әлгі жоғалып кеткен бала...
Мұғалима. Есен о баланың есімі.
Тергеуші. Жақсы. Есен осы бөлмеде жоғалды ма?
Мұғалима. Иә, дәл осы сынып бөлмесінде жоғалып кетті. (парталардың бірінің үстін алақанымен қағып қалып) Міне, мына партада отырған жерінде жоғалды да кетті.
Тергеуші. (партаның астына үңіліп Есеннің сөмкесін алып шығады) Мынау со баланың сөмкесі ме?
Мұғалима. Иә. (сөмкені алмақшы болып қолын созады, бірақ тергеуші оған бермей жанынан өте шығады)
Тергеуші. (сөмкені мұғалімнің үстеліне қойып ақтарып жатып) Оқиға қалай болды?
Мұғалима. Мен сабақ бастардың алдында оқушыларды журналдағы тізім бойынша түгендеп алдым. Солай ғой, Айна?
Айна. (сүртіп тұрған тақтасынан мойнын бұрып) Солай, мұғалима-апай.
Мұғалима. Сонда Есен өзінің орнында отырған. Солай емес пе, Үсен?
Үсен. (еденді сүртіп жүріп тоқтайды) Дәл солай, мұғалима-апай.
Мұғалима. (тақтаның жанына барып сыртын Айнаға беріп тергеушіге бұрылады) Міне, сосын, оны тақтаға шақырып сабақ сұрайын десем, Есенім... (екі қолын жайып жан-жағына қарайды) жоқ!
Тергеуші. (сөмкені қоя салып) Қалай жоқ?! Мүлдем жоқ па?
Мұғалима. Иә, мүлдем жоқ. Мен әуелде партасының астына тығылып қалды ма деп ойладым. Ол бала нашар оқитын, сондықтан тақтаға шақырғанда партаның астына тығылып қалатын жаман әдеті болатын. (Есен өзі жөнінде жаман сөз естігенді жақтырмайды, сондықтан ол мұғалиманы сырт жағынан итеріп жібереді; мұғалима құлап қала жаздайды да Айнаға жалт бұрылады) Айна!
Айна. Не апай?
Мұғалима. Мені неге итеріп қалдың?
Айна. Мен бе?
Мұғалима. Иә, сен! Құлап қала жаздадым ғой.
Айна. Жоқ, апай, мен сізді итергем жоқ. Сіз өзіңіз... тұрып, тұрып құлап қала жаздадыңыз.
Мұғалима. Айна! Неге өтірік айтасың? Маған не жазыпты сонша қарадан-қарап құлайтындай?
Айна. Қайдан білейін. Әйтеуір мен сізді итергем жоқ. Мен тақтаны сүртіп жаттым.
Тергеуші. (екеуіне кезек-мезек қарап қойып) Сонымен, мұғалима-апай, сіз Есеннің партасының астын тексердіңіз бе?
Мұғалима. (орын ауыстырып, енді сыртын Үсенге қаратып тұрады) Иә, мен Есеннің партасының астын қарап шықтым – жоқ!
Тергеуші. Хм! (есік жаққа қолын сермеп қалып) Мүмкін ол сыныптан шығып кеткен шығар?
Мұғалима. Мүмкін емес. Өйткені мен сыныпқа кірісімен есікті кілттеп қоямын. (ол шығыршыққа тізілген бірнеше кілтті көтеріп сылдыратады) Әйтпесе Есен сияқты тентектер сабақтан қашып кетеді. (Есен оны итеріп жібереді де апай тағы да құлап қала жаздайды) Үсен!
Үсен. Не апай?
Мұғалима. Мені неге итеріп жібердің?
Үсен. Сізді итеріп?!
Мұғалима. Иә! Жаңа Айнаның жанында тұрғанда ол итеріп қалып еді, енді міне сен мені итердің.
Үсен мен Айна. Жоқ, апай, біз сізді итерген жоқпыз!
Мұғалима. (ашуланып) Қалай итерген жоқсыңдар?! Мені итеріп жіберіп енді мойындамай тұрсыңдар! Бұл нағыз тәртіпсіздік! (кетіп бара жатып) Қазір директорды шақырып келемін! (кетеді)
Тергеуші. Мұғалима-апай! Мүмкін Есен терезе арқылы қашып кеткен шығар? (бұл сұрағы жауапсыз қалады, сондықтан ол терезеге жақындап келіп сыртқа көз тастайды) Терезе ашыла ма?
Айна. (оның жанына барып терезенің шаңын сүртеді де сосын ашады) Иә, бұл терезе ашылады. Алайда, Есен қандай тентек болса да бесінші қабаттан жерге түсе алмас еді. Өйткені ол биіктіктен жама-андай қорқатын. (күледі де ашық терезеден төмен қарай бергенде Есен оны арқасынан итере бастайды) А-ай! Тергеуші ағай! Неге сіз мені итересіз? Өтінемін, қойыңыз! Мен құлап кетемін. (Есен итеруін қоймады, қыз жанталасып терезенің жақтауларына жармасып, қарсылық білдіріп, жан дауысы шығып айқайлап жатыр)
Тергеуші. (бірер секунд қызға таңырқай қарап тұрады да, бір қолынан шап беріп кері тартады) Айна, саған не болған? Мен сені итергем жоқ.
Тергеушіге Үсен көмекке келіп екеулеп Айнаны кері тартып алады да терезені жаба қояды.
Айна (қып-қызыл боп кеткен, ентіге әзер сөйлеп тұр) Тергеуші ағай! Мына қылығыңызды қалай түсінуге болады? Мен құлап кете жаздадым ғой.
Тергеуші. Айна, мен... (қызға қарай ұмтылады, одан қауіптенген Айна айғайға басады)
Айна. А-ай! Жақындамаңыз маған! (шегініп кетіп есікке қарай зыта жөнеледі)
Тергеуші. Айна! Тоқтай тұр! Қайда барасың?
Директор мен мұғалима кіріп келеді. Айна тіпті директормен соқтығысып қала жаздайды. Директордың қолында қысқа балдақ (трость) бар. Оның сөйлегенде сол балдақпен адамдар мен заттарға сілтеп отыратын әдеті бар.
Директор. Айна, Айна! Айна, қарағым, саған не болған?
Айна. Директор-ағай, ана кісі, тергеуші ағай... мені итеріп терезеден сыртқа, жерге құлата жаздады.
Директор. (мұғалима екеуі тергеушіге таңырқай қарайды) Тергеуші мырза, сіз шынында да Айнаны терезеден құлатпақшы болдыңыз ба?
Тергеуші. (директорға жақындап келеді, сонда Айна мұғалиманың артына жасырынады) Жоқ, директор мырза, мен Айнаны итергем жоқ. Керісінше, ол терезе арқылы сыртқа құлайын деп жатқан жерінен мен оны құтқарып қалдым. Солай емес пе, Үсен?
Үсен. Иә. Айна терезені ашып сыртқа құламақшы болды. Сосын тергеуші ағай екеуміз оны кері тартып алдық.
Айна. Сонда мен өзім терезеден құламақшы болыппын, иә?! Мен не? Өмір сүруден жалығыппын ба?
Үсен. Қайдан білейін. Өмір сүруден жалықпасаң шаң сүртуден жалыққан шығарсың.
Директор. Тынышталыңдар! Тергеуші мырза, сонымен, Есен қалай жоғалып кетті? Есік кілттеулі болды, (балдағын есік жаққа сілтейді) терезе арқылы (балдағын терезе жаққа сілтейді) қашып кету мүмкін емес.
Тергеуші. Неге мүмкін емес! Терезе оп-оңай ашылады. Міне, өзіңіз көріңіз. (терезені ашады)
Айна. (ашық тұрған терезеге бара жатқан директорға) Директор ағай, терезеге жақындамаңыз! Ол сізді де сыртқа итеріп жіберейін деп тұр.
Директор. (терезеге бір-екі метр жетпей тоқтап қалады, тергеушіге күдікпен қарайды) М-м... Терезе оңай ашылғанымен Есен бесінші қабаттан жерге аман түсе алмас еді.
Тергеуші. Неге түсе алмайды! Егер ол сөмкесіне арқан салып әкеліп оның бір ұшын мына жылыту трубасына байласа, сосын арқан бойымен жерге оп-оңай сырғып түсуші еді. (Есеннің арқанды сөмкесінен алғанын, сосын трубаға байлағанын бейнелейді)
Мұғалима. Сонда ол терезені ашып жатқанда, арқанды трубаға байлап ап жерге сырғып бара жатқанда мен не қарап отырыппын?
Тергеуші. Сіз? Бәлкім журнал қарап отырған шығарсыз?
Директор. Жақсы, мұғалима (балдағын мұғалимаға қарай сілтейді) Есеннің терезе ашқанын аңғармады делік, арқанды трубаға (балдақпен трубаны тарс еткізеді) байлағанын көрмей қалды делік, оның сыртқа арқан бойымен сырғып кеткенін байқамады дейік. Сонда ашық тұрған терезені, трубаға байлаулы арқанды да көрмегені ме?
Мұғалима. Мені тіпті зағип деп пе едіңіз?
Тергеуші. Жоқ, мен сізді зағип деп тұрған жоқпын. Есен жерге түсісімен арқанды басқа бір оқушы шешіп жіберіп терезені жаба қойса ше? (байлаулы арқанды шешіп жібергендей қимыл жасайды да терезені сарт еткізіп жабады) А?! Солай болуы мүмкін бе?
Директор. (ойланып қалады) Иә, мүмкін... мүмкін солай болған да шығар.
Мұғалима. Сонда оны істеген кім? (Үсенге бұрылады)
Үсен. Жоқ, мұғалима апай, мен емес.
Тергеуші. (Үсеннің жанына жетіп барып) Онда кім? Кім арқанды шешіп жіберіп терезені жапқан?
Үсен. Білмеймін, тергеуші ағай. Мен со кезде тіпті сыныпта болған жоқпын.
Тергеуші. Сонда қайда болдың?
Үсен. Мұғалима апай мені бор алып келуге жұмсады. Мен кеткенде Есен бар тұғын, бор алып келсем бүкіл сынып болып оны іздеп жатыр.
Тергеуші. Есік кілттеулі болса бөлмеден қалай шықтың?
Үсен. Мұғалима апай мені шығарды. Сосын кіргізді.
Мұғалима. А, иә, иә, солай болған. (тергеушіге) Үсен емес арқанды шешіп терезені жаба қойған. Оны басқа біреу істеді.
Тергеуші. Онда басқа оқушыларды шақырыңыз. Оларды тергеу керек.
Директор. Үсен, бар, сыныптастарыңды шақырып кел.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Үсен басқа сыныптастарын шақырып келеді.
Директор. (балдағымен тергеушінің алдын тықылдатады) Келіңдер, келіңдер! Міне, мына тергеуші мырзаның алдына тұрыңдар.
Тергеуші алдында сап құрып тұрған оқушылардың алдымен жүріп өтіп, әрқайсысына сұқтанып қарап шығады. Оның жанында жүрген Есен балалардың маңдайынан, қыздардың мұрындарынан шертіп қалып жүр. Сонда олар оны тергеушіден көріп жатыр. (шерткенге сай дыбыс шығады да оқушы басын жұлқып қалып маңдайын немесе мұрнын сипап жатып, ай! ой! деп қояды)
Балалар. Директор ағай! Мына кісі менің маңдайымнан шертіп қалды! Мұғалима апай! Мына тергеуші мырза менің мұрнымнан шертіп қалды, мұнысы несі?! (Тағы сол сияқты)
Директор мен мұғалима тергеушіге таңырқай қарайды.
Тергеуші. Жоқ, мен ешкімнің еш жерінен шерткем жоқ!
Балалар «Шерттіңіз, шерттіңіз, міне менің мына жерімнен!» десіп шуласып жатыр.
Директор. Балалар! Тынышталыңдар! Тергеуші мырза бала болып кетті деймісіңдер? Ол ешкімді шеркен жоқ. Тынышталып соны тыңдаңдар. (балалар тынышталады)
Тергеуші. (терезенің жанына барып) Балалар, Есен үйінен арқан алып келіпті. Сосын арқанның бір ұшын мына трубаға байлап терезе арқылы қашып кетіпті. Ол жерге түсісімен іштеріңнен біреуің арқанды шешіп, жерге тастап, терезені жаба қойыпты. (айтқанының бәрін бейнелеп ақыры терезені сарт еткізіп жабады да балаларға бұрылады) Кім осыны істеген, ә?
Оқушылар иықтарын қиқаңдатып, «мен емес, мен емес» деп жатыр.
Асан. (саптан шығып) Тергеуші ағай, кімнің арқанды шешіп терезені жапқанын білмеймін. Әйтеуір, Есен мектептен қашып кетемін дейтұғын.
Тергеуші. (Асанға жақындап) Иә, иә, айта бер. Сонда ол қайда қашпақшы еді?
Асан. Африкаға қашып кетемін деген. Өйткені Африкада балалар мектепке бармайды, оқымайды, онда ойыңа келгенді істейсің екен.
Бөлмеде тұрғандар күледі. Соған намыстанған Есен Асанның жағынан тартып-тартып жібереді. (шарт-шұрт еткен дыбыс шығады да Асанның басы оңға-солға изеңдейді) Асан айғайға басып, одан қорғанып, қолдарын ербеңдетіп шегініп кетеді. (бөлмедегілер аң-таң) Есен Асанның, біресе ана бүйірінен, біресе мына бүйірінен түйіп-түйіп қалады, сонда ол ыңқ-ыңқ етіп соққы алған жағына бүгіледі. Ақыры Есен оны құлатып тепкіге алады, сонда Асан еденде жатып ап ерсілі-қарсылы домалайды.
Мұғалима. Ойбай, Асанның қояншығы ұстап қалыпты!
Директор. (ұялы телефонға) Алло! Жедел жәрдем! Дереу орталық мектепке жетіңіздер! Мұнда бір оқушының қояншығы ұстап қалды. (балаларға) Әй, балалар! Неғып тұрсыңдар? Ұстаңдар ана Асанды!
Балалар бар, тергеуші бар Асанның аяқ-қолдарынан ұстап тоқтатпақшы болады, ал ол қарсыласып көнбей жатыр. Жедел жәрдем машинасының дыбысы естіледі, сосын дәрігер мен носилка ұстаған екі санитар жүгіріп келеді. Дәрігер укол салайын дегенде Асан қарсыласып салдырмайды. Санитарлардың бірі дәрігерге көмекке келеді. Екеуі Асанды байбайлатып укол салып жатқанда Есен носилкаға жармасады. Носилканың бір жағынан ұстап тұрған санитар носилканы жұлқылап жатқан белгісіз күштен тартып алмақ болып шыр-көбелек айналады. Ақыры дәрігердің жанындағы санитар әріптесіне көмекке келіп олар екеулеп Есеннен носилканы тартып алады да жерге қояды. Уколдың әсерінен есеңгіреп қалған Асан оған жатқызылады да санитарлар оны алып кетеді.
Директор. О тоба! Бұл сұмдық қой. (барлығы есін жинап тынышталғасын) Тергеуші мырза, сонымен кім арқанды шешіп терезені жапқан?
Тергеуші. Кім дейсіз бе? Әлгі қояншығы ұстап қалған бала шығар. Асан ба еді?
Директор. Иә, иә, Асан. О, жазған бала! Өзі не деп еді? Есен Африкаға қашып кетті деді ме?
Жайна. (саптан шығып) Директор ағай, меніңше Есен Африкаға қашып кеткен жоқ.
Тергеуші. (қызға жақындап) Иә, иә! Сонда ол қайда қашып кетті?
Жайна. Мен оны білмеймін. Менің білетінім – жоғалып кетерінің алдында ол партаның астында сіріңке жағып бірдеңені тұтатты. Түтін бұрқ еткенде темекі шегіп жатыр ма деп қалдым. Қарасам...
Есен оның бұрымынан шап беріп кері тартады. Бұрым көтеріліп, Жайна басын артқа қарай шалқайтып шегіне береді, өзі зәре-құты қалмай шыңғырып жатыр. (бұрым мен желкесіндегі шаштың ішіне айырбақай серіппе орнату керек те оны жіппен байлап қою керек, дер кезінде актриса әлгі жіптің бір ұшынан тартып түйінді шешеді де серіппе бұрымды көтеріп жібереді немесе бұрым жіңішке жіппен жоғары жақтағы сахна механизмдерінің біріне байланып тұрады да дер кезінде жоғары көтеріледі)
Мұғалима. Ойбай! Енді Жайнаның қояншығы ұстады ма?
Мұғалима Жайнаны шап береді де сабырға шақырады. Есен бұрымнан тартқан сайын қыздың басы шалқая түседі.
Мұғалима. Жайна, қарағым, саған не болған? Мұндайың жоқ еді ғой.
Жайна. Мұғалима апай! Өтінем, бұрымымды жұлмаңызшы!
Мұғалима. Ойбай-ау, Жайна, мен сенің бұрымыңды жұлып жатқан жоқпын.
Жайна мұғалиманың құшағынан құтылғысы келеді. Бірақ Есен бұрымнан сүйрегенін қоймағансоң, ол екеуін бөлмеден шығып кетеді. Дәлізден Жайна мен мұғалиманың дауыстары естіледі.
Мұғалиманың дауысы. Жайна, қарағым, сабыр ет!
Жайнаның дауысы. Мұғалима апай! Өтінем, маған жақындамаңыз. Жаңағы көрсеткеніңіз де жетер. (жылап жіберіп жүгіре басып кетіп қойғаны естіледі)
Мұғалима. (бөлмеге қайтып келіп) Ойбай-ау! Мына оқушыларға не болған?
Директор. (балдағын изеңдетіп қойып) Әрине, білдей бір сыныптасы жоғалып кеткесін балалардың жүйке тамырлары шыдамаған ғой. (қалған оқушыларға) Балалар, қояншықтарың ұстамай тұрғанда үйлеріңе қайтыңдар. (оқушылар кетеді, Үсен еден жуатын шүберегі мен шелегіне қайтып барады, Айна шаң сүртуге кіріседі) Енді не істейміз?
Тергеуші. Жоғалған баланың ата-анасымен байланысу керек. Біз мұнда Есен жоғалды деп қояншығымыз ұстап жатқанда ол тып-тыныш үйінде отырмасын.
Директор. Мен Есеннің ата-анасын шақырғам. Олар дәлізде тұр. Үсен, бар, шақырып кел.
Үсен барып Есеннің ата-анасын шақырып келеді. Есеннің әкесінің басында қалпағы бар.
Есеннің әкесі. Амансыз ба, директор мырза.
Директор. Біз аманбыз ғой. Ал Есен болса...
Есеннің шешесі. (істің мән-жайынан бейхабар, Есен тағы бірдеңе бүлдірді деп ойлайды) Жо-жоқ, директор мырза! Жала, өтірік! Есенжаным ондайға бармайды.
Тергеуші. Ол қайда бармайды дейсіз? Африкаға ма?
Есеннің шешесі. Ешқайда бармайды. Яғни, ол ештеңе бүлдірмейді. Ол жақсы, тәрбиелі бала.
Директор. Жеңгей, біз Есен бірдеңе бүлдірді деп тұрған жоқпыз. Көрдіңіз бе, ағай, (Есеннің әкесіне қарай балдағын сілтеп қалып) көрдіңіз бе, жеңгей, (Есеннің шешесіне қарай балдағын сілтеп қалып) қалай деп айтсам екен... бір сөзбен айтқанда, Есен бүгін жоғалып кетті.
Есеннің ата-анасы. Есен жоғалып кетті?! Қалай?
Директор. Солай. Осы бөлменің ішінде, (балдағы бөлмені кезеп бір айналып түседі) сабақтың ортасында, (балдағын еденге тарс еткізеді) жоқ болып кетті.
Есеннің шешесі. Не дейді?! Жоқ болып кетті? (күйеуін бас салып) Ойбай! Неғып тұрсың? Есенжаным жоғалып кетіпті ғой!
Тергеуші. Жеңгей! Сабыр етіңіз. Балаңыз жоғалған жоқ. Ол сөмкесіне арқан салып әкеп мына терезе арқылы сабақтан қашып кетіпті. Шаруаны бүлдіріп, мектеп ұжымы мен полиция бөлімін дүрліктіріп, ал өзі ендігі тып-тыныш үйде отырған болар. (тергеушіні Есен итеріп қалады, сонда ол жанындағы Есеннің әкесінен көреді) Ағай, мені неге итересіз? Мен сіздің балаңызға жала жауып тұрғам жоқ. Мен істі толық зерттеп алып осындай тұжырымға келдім.
Есеннің әкесі. Мен сізді итергем жоқ. Егер Есен сабақтан қашса, ол үйреншікті нәрсе. Ол басқа бірдеңені бүлдірді ме десем, сабақтан қашып кеткеніне сонша дүрліккендеріңіз. (әйеліне) Әй, сен қал, мен кеттім. Жұмыс қауырт. Есен үйде отырса қоңырау шал да басты қатырмай мектепке оралсын де.
Кетіп бара жатқанда Есен оның қалпағын басынан қағып түсіреді (қалпаққа жіңішке мықты жіп байлап қою керек, жіптің екінші ұшын сахнадан тыс жерде тұрған біреу тартып отырады).
Есеннің әкесі. (қалпағының ұшып кеткенін тергеушіден көреді) Менің қалпағымды неге қағып түсірдің? (қалпағын жерден көтеріп басына киеді)
Тергеуші. Мен сіздің қалпағыңызды қаққан жоқпын. Ол өзі ұшып түсті.
Есеннің әкесі. Өзі ұшатындай оған қанат бітіп пе?
Тергеуші. Бітсе – біткен шығар. Әйтеуір мен сіздің қалпағыңызға тиіскем жоқ.
Есеннің әкесі оған тесірейіп қарап қойып, басын шайқап-шайқап кетеді. Әйелімен қатарласа бергенде қалпағы тағы да ұшып түседі. Осы жолы ол оны әйелінен көреді.
Есеннің әкесі. (әйеліне) Әй! Менің қалпағымды неге қағып түсірдің?
Есеннің шешесі. Кет-ей! Мен сенің қалпағыңа тиіскем жоқ. Ол өзі басыңнан секіріп түсті.
Есеннің әкесі. Секіріп түсетіндей оған аяқ бітіп пе?
Есеннің шешесі. Бітсе – біткен шығар. Әйтеуір мен сенің қалпағыңа тиіскем жоқ.
Есеннің әкесі әйеліне тесірейіп қарап қойып, қалпағын жерден алып басына киеді де жүрісін жалғастырады. Бірақ Есен ол қалпақты үшінші рет қағып түсіреді, сонда оның әкесі жан-жағына қарайды, бірақ осы жолы оның маңында ешкім болмағасын ол ешкімнен көре алмайды. Ендігі ол қалпағын алайын деп еңкейгенде Есен ол қалпақты теуіп жібереді. Қалпақтың иесі қалпағын қуып кете барады.
Есеннің шешесі. (Есенге қоңырау шалады) Алло! Алло! Есен! (сөмкенің қалтасында жатқан Есеннің соткасы шырылдайды, шешесі сөмкенің жанына барып сотканы алып шығып сөндіреді) Ойбай-ау! Мынау соның соткасы ғой. Есенжаным шынында да жоғалып кеткен екен. (сотканы орнына қайтарып сөмкені алады да құшағына қысып ап құшырлана иіскейді) Есенжаным-ау! Өзіңнен осы сөмкеден басқа ештеңе қалмағаны ма? (жылап жібереді)
Директор. Жеңгей, жыламаңыз. Есен табылады, ол үшін қам жемеңіз. Міне, тергеуші мырза (балдағымен тергеушіні түртіп қалады) оны тауып береді. Солай емес пе, тергеуші мырза.
Тергеуші. Әрине. Жеңгей, сіз енді үйіңізге қайтыңыз. Балаңызды міндетті түрде тауып береміз. (кетіп бара жатқан әйелден сөмкені алып қалады) Тек сөмкені тастап кетіңіз. Бұл тергеу барысында әлі қажет болады.
Есеннің шешесі кетеді.
Тергеуші. Ал, директор мырза, маған полиция бөліміне қайту керек. Жоғалған балаға іздеу үйымдастырамын.
Директор. Жақсы, тергеуші мырза. Тезірек оқушымызды тауып берсеңіз жақсы болар еді.
Тергеуші. Табамыз. Ол ешқайда кетпейді, бүгіннен қалмай осы қаладан ұсталады.
Кеткісі келеді, бірақ Есен сөмкесіне жармасып жібермейді.
Тергеуші. (сөмкені әрі-бері тартқылап жатып) Әй, әй! Жібер! Жібер деймін!
Директор. Тергеуші мырза, сізге не болды?
Тергеуші. (жасанды күлімсіреп) Ә? Жәй ғой. Дене шынықтырып жатырмын.
Сөмкені тартып алмасына көзі жеткен тергеуші оны үстелге қоя салады.
Тергеуші. Жарайды, сөмке осында бола тұрсын.
Директор. Иә, бола тұрсын. Мен оны кабинетіме апарып қоярмын.
Тергеуші кетеді. Ол кетісімен директор сөмкені алып кетпекші болады. Есен тағы да сөмкеге жармасады, тағы да тартыс басталады.
Директор. Әй! Қайсың әй? Қой деймін! Тартпа деймін!
Айна. Директор ағай, сізге не болған?
Үсен. Сіз кіммен сөйлесіп жатырсыз?
Директор. Ә? (жасанды күлімсіреп) Ешкіммен сөйлескен жоқпын. Жәй, дене шынықтырып жатырмын. (сөмкені алған жеріне қоя салады да бірдеңеден қауіптенгендей жан-жағына қарағыштап ұялы телефонмен бір нөмір тереді) Алло! Төтенше жағдайлар министірлігі? Мен орталық мектептің директорымын. Бізде бір бала жоғалып кетті. Соны іздеп табатын біреуді жіберсеңіздер. Жарайды, күтеміз. (телефонын сөндіріп) Ал балалар, мен өз кабинетіме кеттім. Біреу келсе мені шақырыңдар. (жан-жағына қауіптене қарап қойып кетеді)
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Директор кетісімен Үсен швабрасын сүйреп Айнаға жақындайды.
Үсен. Айна, сен не білдің?
Айна. Не білуім керек еді?
Үсен. Осы бөлмеде не болып жатыр?
Айна. Не болушы еді? Біз бөлмені жинап жатырмыз.
Үсен. (үстелдің үстіне отыра кетіп) Мен оны айтпаймын. Мәселен, сен өз бетіңмен терезеден секіре жаздадың. Сосын Жайна бұрымын тікірейтіп ап шегініп кетті.
Айна. Терезеден мені тергеуші итеріп құлатқысы келді. Ал Жайнаның бұрымын мұғалима апай жұлды.
Үсен. (басын шайқап қойып) Ал Асанды кім ұрды?
Айна. (күліп жібереді) Үсен, сен қызық екенсің! Асанды кім ұрыпты? Оның қояншығы ұстап қалған жоқ па.
Үсен. Неше жыл осы мектепте оқығанда ұстамаған қояншығына бүгін не болыпты?
Айна. Енді, Есен жоғалып кеткесін Асанның жүйкесі жұқарған шығар.
Үсен. Сенің де жүйкең жұқарды ма?
Айна. Менің жүйкем несіне жұқарады?
Үсен. Есен жоғалып кеткен жоқ па.
Айна. Жоғала берсін! Ол жоғалды деп менің жүйкем жұқара ма?
Үсен. Жақсы, жұқармай-ақ қойсын. Ал мына Есеннің сөмкесіне не болған? Кім оны әуелі тергеушіден, содан кейін директордан тартып алмақшы болды?
Айна. (таңырқай) Есен, сен осы қайдағыны айтасың. Кім сөмкені тартып алушы еді? Тергеуші мен директор денелерін шынықтырды емес пе.
Үсен. Сөмкеден басқа дене шынықтыруға лайықты ештеңе таба алмағаны ма?
Айна. Сөйткен шығар. (сөмкені алып оңға-солға, ілгері кейін теңселтеді де сосын екі қолымен ұстап алып шыр-көбелек айналады) Нағыз дене шынықтыруға лайықты сөмке. Ап-ауыр, зілдей қара! Өзінің ішіне не - кірпіш салып алған ба?
Сөмкені үстелге қойып ашқысы келеді, сонда Есен алақанымен оның қолдарын шарт еткізіп тартып жібереді.
Айна. Ай! (қолдарын кері тарта қояды да тағы да сөмкеге соза бергенде Есен тағы да оның қолдарын қағып қалады) Ай!
Айна сөмкені тастай сала шаң сүртетін шүберегін алып тақтаны сүрте бастайды.
Үсен. Айна, не болды? Сөмкенің ішін тексермедің бе?
Айна. Ж-жоқ. Бұл сөмкеде не бар дейсің. Тезірек шаң сүртіп үйге кету керек.
Мұғалима кіріп келеді. Үсен үстелден секіріп түсіп еден сүртуге кіріседі.
Мұғалима. Үсен! Айна! Әлі сыныпты жинап болмағансыңдар ма!
Айна. Үсен еден жуудың орнына бос әңгімемен әлек.
Үсен. Ол бос әңгіме емес. Мен Есеннің қалай жоғалып кеткенін анықтайын дегем.
Мұғалима. Онда шатағың болмасын! Ол полиция қызметкерінің жұмысы. Ал сен тезірек еденді жу да үйіңе қайт.
Бөлмеге төтенше жағдайлар министірлігінің саперы кіріп келеді. Оның үстінде скафандр тәрізді жарылыстан қорғанатын арнайы киім, кеудесі мен арқасында ТЖМ деген әріптер бар, қолында жарылғыш мина іздейтін құрал (минаискатель).
Сапер. Азаматтар! Сіздердің өмірлеріңізге қауіп төніп тұр. Дереу бөлмені босатыңыздар! Қазір бұл жерде жарылғыш минаға іздеу жүргізіледі.
Мұғалима. Ә?! Не дейт? Сіз өзі кім боласыз?
Сапер. Мен төтенше жағдайлар министірлігінің саперымын. (мұғалиманы итермелейді) Дереу бөлмені босатыңыздар! Сіздердің өмірлеріңізге қауіп төніп тұр. (Үсен мен Айнаға) Әй балалар! Неғып тұрсыңдар? Дереу бөлмені босатыңдар! (мұғалиманы және Айна мен Үсенді минаискателімен айдағандай бөлмеден шығарып жібереді)
Сапер минаискателін анда-мында кезеп бөлмені тінтеді. Жерде тұрған шелектің үстінен айналдырады, сөмкенің үстіне ұстайды. Шкафтың асты-үстін зерттеп сосын ішіне тығады. Минаискатель бір затқа жақындаған кезде шиқылдаған дыбыс шығарады. Есен оны тартып алмақшы болады, сапер одан айырылмай қарсылық білдіреді.
Сапер. Әй, әй! Бұл кім әй? Жібер! Жібер деймін!
Минаискательдің де жан дауысы шығып шиқылдап жатыр. Ақыры, әрі-бері тартып Есен құралды қоя жібереді, сонда сапер шалқасынан құлап түседі.
Сапер. (тұра алмай аяқ-қолын ербеңдетіп біраз уақыт жатады да сосын жан дауысы шығып айқайлайды) Құтқарыңдар! Тұрғызыңдар!
Директор. (жүгіріп шығады, онымен бірге Үсен де келеді) Не болып қалды тағы да?
Сапер. Мен құлап қалдым.
Директор. (Үсен екеуі бірігіп саперды тұрғызады) Неге жайдан-жай құладыңыз?
Сапер. Біреу мына минаискательді тартып алмақшы болды. Сосын, ол жіберіп қалғанда мен шалқамнан құлап түстім.
Үсен. Бұл бөлмеде сізден басқа ешкім болған жоқ қой.
Сапер. Иә, бұл бөлмеде менен басқа ешкім болған жоқ. Бірақ біреу минаискательді тартып алмақ болды.
Директор. Бұл не шатақ?! Ешкім жоқ, бірақ біреу минаискательді тартып алмақ болады. Сіз өзі кім боласыз? Есіңіз дұрыс па? Мына киіміңіз не? Мұнда не істеп жүрсіз?
Сапер. Не істеп жүрсізге жол болсын! Мен төтенше жағдайлар министірлігінің саперымын. Ал мұнда жарылғыш мина іздеуге келдім. Бірақ бір де бір мина табылмады. Сабақ оқығысы келмейтін балалардың біреуі сынып бөлмесі миналанып тасталды деп қоңырау шалған ғой.
Директор. Қайдағы сабақ оқығысы келмейтін балалар! Төтенше жағдайлар министірлігіне қоңырау шалған мен.
Сапер. Сіз бе?! Неге? Кім сізге мұнда жарылғыш мина бар деді?
Директор. Ешкім жарылғыш мина бар деген жоқ. Біздің іздеп жүргеніміз мина емес. Біз жоғалған бала іздеп жүрміз.
Сапер. Жоғалған бала?! Қайдағы бала?
Директор. Есен деген оқушы. Ол бүгін осы бөлмеде жоғалып кетті.
Сапер. Директор мырза, біз бала іздемейміз. Біз жарылғыш мина іздейміз. Ал жоғалған баланы іздеу үшін кинологты шақыру керек. (рация арқылы министірлікпен байланысады) Дереу кинологты орталық мектепке аттандырыңдар. (кетеді)
Мұғалима мен Айна келеді.
Мұғалима. Үсен! Сен қашан еденді жуып бітіресің?
Үсен. (швабраны ала сала еденді жуа жөнеледі) Қізір, мұғалима апай, қазір. Ана сапер қуып жібермегенде бітіруші едім.
Мұғалима. Айна! Шаң сүртіп болдың ба?
Айна. (шүберекті ала сала тақтаны сүрткілей жөнеледі) Қазір, мұғалима апай, қазір боламын. Біресе тергеуші ағай, сосын сапер ағай жұмысыма кедергі боп тұрмағанда баяғыда бөлмені жинап үйге қайтушы едік.
Мұғалима. Жә, жә! Оларды сылтау қылмаңдар. (директорға бұрылып) Директор мырза, дәлізде бір кісі тұр. Экстрасенспін дейді.
Директор. Ә?! Шақыр онда экстрасенспін десе.
Мұғалима экстрасенсті шақырып келеді. Ол қолдарын ербеңдетіп бөлмені аралап кетеді. Ақыры директордың алдына келіп тоқтайды.
Директор. Не дейсіз, экстрасенс мырза?
Экстрасенс. Бұл бөлмеде ол бала жоқ.
Мұғалима. Осыны анықтау үшін экстрасенстің қажеті жоқ еді.
Директор. Иә, иә! Сіз бізге Есеннің қайда екенін айтсаңыз.
Экстрасенс. Жақсы, айтайын.
Ол тағы да қолдарын ербеңдетіп бөлмені шарлап кетеді, сонда Есен оның аяғын шалып құлата жаздайды. Ақыры экстрасенс мұғалиманың алдына келіп тоқтайды.
Экстрасенс. Ол бала осында жүр.
Мұғалима. Түк түсінсем бұйырмасын! Біресе Есен мұнда жоқ дейсіз, біресе ол осында жүр дейсіз. Сонымен ол қайда?
Экстрасенс. Ол бала осында. Ал бірақ та... (жан-жағына қарайды) ол мұнда жоқ.
Директор. (балдағын шолтаң еткізіп) Хм! Түсінікті. Рахмет, экстрасенс мырза. Сіз боссыз.
Экстрасенс кетеді. Итін жетегінен ұстап кинолог келеді. Иті иесін сүйрелеп еден жуып жатқан Үсенге арс етеді. Үсен швабрамен қорғанады. Ит оны тастай салып Айнаға бас салады. Айна шыңғырып қалып мұғалиманың орындығымен қорғанады. Енді ит директорға жетіп барады.
Кинолог. Осында ма бала жоғалған? (иті директорға үріп жатыр)
Директор. (иттен балдағымен қорғанады) Иә, иә, осында.
Кинолог. Ол баланың заты бар ма?
Мұғалима. Міне, сөмкесі бар. (жанына жетіп келген итке сөмкені тастай бере үстелдің арғы жағына шығып кетеді)
Кинолог. (итке Есеннің сөмкесін иіскетеді) Ізтабар! Ізде! Ізде! (иті Есен тұрған бос бұрышқа үреді, кинолог итті сүйреп бөлменің басқа жерлеріне апарады) Ізтабар, ізде, ізде! (ит әлгі бұрышқа қайтып келіп үреді, кинолог тағы да сүйреп алып кетіп шкафты тексертеді) Ізтабар! Ізде! Ізде! (ит шкафты тастай салып әлгі бұрышқа қайтып келеді де үріп тұрып алады)
Директор. Неге ит бос бұрышқа үре береді?
Кинолог. Иіс сезіп тұр.
Мұғалима. Есенді әрдайым осы бұрышқа тұрғызып қоятынмын, оның иісі бұл жерге әбден сіңіп кеткен ғой.
Ит үруін қоймағасын бұрышта тұрған Есен оны теуіп жібереді. Ит қаңқ етіп қашады, Есен оны қуып береді. Ит қыңсылап бара жатыр.
Кинолог. (сүрініп-қабынып иттің соңында кете барады) Бұл бөлмеде-е ол бала-а жо-оқ!
Мұғалима. Осыны анықтау үшін иттің қажеті бар ма еді?! (директорға) Тағы кімді шақырмақсыз?
Директор. (ұялы телефонымен біреумен сөйлесіп алып) Дәлізде құмалақшы балгер тұр. Соны шақырып келіңіз.
Мұғалима барып балгерді ертіп келеді.
Балгер. Ассаламу ғаләйкүм!
Директор. Уа ғаләйкүм ассалам! Жоғарлатыңыз, балгер мырза. (мұғалімнің үстелін балдағымен тықылдатады) Міне, мына үстелге құмалағыңызды жайыңыз.
Балгер. (үстелге құмалақтарын жайып жатып) Мен жайған құмалақ ешқашан өтірік айтпайды. Жоғалған затыңызды лезде тауып беремін.
Мұғалима. Бізде зат емес, Есен деген оқушы жоғалды.
Балгер. (директор, мұғалима, Үсен және Айна үстелді қоршауға алып тұрады) Мен жайған құмалаққа бәрібір – жоғалған адам болсын, мал болсын, зат болсын – лезде тауып береді. Мінеки (құмалақтарды қолымен түртіп-түртіп қойып) – ол бала, Есен, жаман бала екен, сабақ оқымайды, балалармен төбелеседі, қыздарды бұрымдарын жұлып жылатады, мұғалиманы, яғни сізді, сөмкеңізге талай рет бақа-шаян салып шошытыпты. Ал енді ол бала...
Осы жерде Есен оның құмалақтарын шашып жібереді. (үстелге құмалақ шашатын механизм орнату керек)
Балгер. Астапыралла! (үстелге ентелеп тұрған Үсен пен Айнаға) Әй, балалар! Неге сонша ентеледіңдер. Құмалағымды шашып жібердіңдер ғой.
Үсен. Біз ентелеген жоқпыз.
Айна. Біз құмалағыңызды шашқан жоқпыз.
Балгер. Сонда оны кім шашты?
Үсен пен Айна. Олар өздері шашылып кетті.
Балгер. (шашылып кеткен құмалақтарын жинап жатыр) Өздері шашылатындай бұларға жан бітіп пе?
Мұғалима. Үсен, Айна, сендер неғып тұрсыңдар? Жұмыстарың қайда? (кезекшілер жұмыстарына қайтып оралады)
Балгер тағы да құмалақтарын жаяды. Мұғалима Үсен мен Айна тұрған жерге ауысады.
Балгер. Сонымен, әлгі бала, Есен, тентек екен. Әрдайым оқудан қашып кетеді. Немесе, тақтаға шығып сабақ айтпау үшін партаның астына тығылып қалады.
Есен тағы да құмалақтарын шашып жібереді.
Балгер. (ол енді мұғалимадан көреді) Құмалағымды неге шашасыз? Әлде Есеннің оқудан қашқаны, парта астына тығылғаны өтірік пе?
Мұғалима. Жоқ, өтірік емес. Бірақ мен құмалағыңызды шашқан жоқпын. Бұлар өз бетімен шашылып кетті.
Балгер. Өз бетімен шашылатындай бұларды жын ұрып па?
Мұғалима. (ашуланып) Ұрса – ұрған шығар! (бұрылып кетіп) Айна, Үсен! Сыныпты жинап болғасын есікті құлыптап кілтті маған әкеп тастаңдар. (Айнаға кілттерін береді де кетеді)
Балгер құмалақтарын жинап алып жаяды. Осы жолы оның жанында директор жалғыз тұр.
Директор. (жайылып тұрған құмалақтарды балдағымен кезеп) Сонымен, балгер мырза, құмалақтарыңыз не дейді? Есеннің қандай екенін біз құмалақсыз да білеміз. Сіз оның қалай жоғалып кеткенін айтыңыз.
Балгер. Жарайды, айтайын. Ол бала әр түрлі дәрілерден қоспа жасап осында алып келіпті. Сосын...
Есен балдақпен құмалақтарды соққылай бастайды. Директор балдағына ие бола алмай екі қолдап қарсыласып жатыр.
Балгер. Директор мырза! Сізге не болған? Құмалағымды неге шашып жатырсыз? (балдақ оның өзіне тиіп кетеді) Ойбай! Мұныңыз не? Менің не жазығым бар?
Директор. (балдағына зорға ие болып) Ол мен емес, мен емес! Балдақ өзі, өзі!
Балгер. (ашуланып) Сіз не, мені тәлкек етіп тұрсыз ба? Қай заманда балдақ өзі адамды ұрып еді? (құмалақтарын жинап алып) Мен мұндай жағдайда жұмыс істей алмаймын. Сау болыңыз. (кетеді)
Директор. (балдағын екі қолымен ұстап тұрып) Қайдан білейін, балдақтың мұндайы жоқ еді, бүгін бұған не болғанын. (кезекшілерге) Ал, мен кеттім. Полиция бөліміне қоңырау шалайын. Біз мұнда құмалақ шашып жатқанда ол ендігі табылған да шығар. (жан-жағына қарап-қарап кетеді)
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Айна қайтадан шаң сүртуге кіріседі. Үсен еденді сүртіп тұрады да, директор кетісімен швабраны тастай салып Айнаға жақындайды. Ақырын келіп бүйірінен түртіп қалады.
Айна. Ай! (шұғыл бұрылып) Фу! Үсен! Зәремді алдың ғой.
Үсен. (күліп) Неге сонша зәрең кетті, Айна?
Айна. Мені бүйірімнен сен емес, басқа біреу түртіп қалды ма деп қалдым.
Үсен. Демек, сен бұл бөлмеде екеуімізден басқа тағы біреу бар деп тұрсың, иә? Солай ма?
Айна. (жан-жағына қарап қойып) Жоқ... мұнда бізден басқа ешкім жоқ.
Үсен. Ал сонда Есен қайда кетті?
Айна. Ол трубаға арқан байлап терезе арқылы қашып кетті.
Үсен. Сен соған сенесің, иә?
Айна. Енді тергеуші солай демеп пе еді.
Үсен. Айна, кел, мына жерге отыршы. (мұғалімнің орнын нұсқайды)
Айна. Неге?
Үсен. Кел, отыр. Қорықпа, үстелдің астында ешкім жоқ.
Айна. (сақтықпен үстел астына қарап қойып отырады) Ал, отырдым.
Үсен. Қазір мен бір тәжірибе қоямын. (шкафтан кітап алып Айнаның алдына ашып қояды) Міне, Айна, сен қазір мына кітапты оқисың.
Айна. Не үшін? (кітапты өзінен алыстатып итереді)
Үсен. Тәжірибе үшін. (кітапты тағы қыздың алдына жақындатады) Айна, оқы! Бірақ та, не болса да көзіңді бұл кітаптан айырма. Жарай ма?
Айна. (үлкен сақтықпен жан-жағына қарап қойып кітапқа үңіледі) Жарайды.
Үсен Есеннің орнына барып отырады.
Үсен. Ал, енді, Айна, кітапты оқи бер. Есіңде болсын, не болса да көздеріңді кітап бетінен айырма.
Орнынан тұрып ақырын басып терезенің жанына барады да терезені ашады.
Айна. (көздерін кітап бетінен айырмай) Не істеп жатырсың, Үсен?! Терезені неге аштың?
Үсен. Міне! Қалай ақырын қимылдасам да сен менің терезеге барғанымды, оны ашқанымды сезіп қалдың. Мұғалиманың көзі журналда болды делік, алайда оның құлақтары бос емес пе еді! Есен терезенің жанына барғанын, терезені ашқанын, трубаға арқан байлап жерге сырғып кеткенін естімей ме, сезбей ме? Тіпті Есен арқан алып келген күнде де ол онымен бесінші қабаттан жерге сырғып түспес еді. Өзің айтқандай ол биіктіктен жама-андай қорқатын. Демек...
Айна. (көздерін кітаптан айырмай) Демек?
Үсен. (терезені сарт еткізіп жауып) Демек, Есен бұл бөлмеден терезе арқылы шыққан жоқ.
Айна. (әлі де көздерін кітаптан айырмай отыр) Қызық екен. Терезе арқылы шыққан жоқ, есік кілттеулі болды. Сонда ол осы бөлмеден қалай шығып кетті?
Үсен. (Айнаның жанына барып, бір қолымен кітапты жауып, екінші қолымен қыздың иегінен көтеріп өзіне қаратады) Ол ма? Ол осы бөлмеден шыққан жоқ. Түсіндің бе?
Айна. Жоқ, түсінбедім.
Үсен. Есен осы бөлмеден шыға алмады. Демек, ол осы бөлмеде қалды. Ол осында.
Айна. (бөлмені көзімен шолып өтіп) Ол осында болса, қайда? Көрсетші маған оны!
Үсен. Мен оны саған көрсете алмаймын. Білесің бе неліктен?
Айна. Білемін. Өйткені ол мұнда жоқ.
Үсен. Жоқ, ол осында. Экстрасенс не деп еді? «Есен мұнда жоқ, ал бірақ та ол осында» демеді ме.
Айна. Керісінше, экстрасенс: «Ол осында, ал бірақ та ол мұнда жоқ» деген.
Үсен. Солай деген шығар. Айырмашылық жоқ. Ең бастысы – Есен бөлмеде болмағанымен ол осында.
Айна. (кітаппен үстелді соғып қалып) Үсен, менің басым қатты! Бұл бір шима-шатақ сандырақ. Шынын айтсам, маған енді бәрібір. Есен бар ма, жоқ па, ол мүлдем жоғалып кетті ме әлде табыла ма, ол есіктен шықты ма әлде терезе арқылы қашып кетті ме – маған бәрібір! Шынын айтсам, сол тентек табылмаса екен деймін. Есен болмаса сыныпта тыныштық орнаушы еді. Мен тіпті Есеннің жоғалғанына қуаныштымын.
Мұны естіп тұрған Есен Айнаның астындағы орындығын жұлып алады. Қыз еденге жалп етіп отыра кетеді. Ол мұны өзін айналшықтап жүрген Үсеннен көреді.
Айна. (атып тұрып) Сені жын шалды ма?! (қолындағы шүберегі мен бөлменің кілтін Үсенге лақтырып жіберіп есікке беттейді) Жәйдан-жәй құлатқаны несі-ей! Онда бөлмені өзің жина. (кетіп бара жатыр)
Үсен. Айна! Айна! Кетпе, орындықты жұлып алған мен емес.
Айна. (кетіп бара жатып бұрылады) Сен болмағанда кім – көлеңкең бе?
Үсен. Қайтып келші, бәрін түсіндіремін.
Айна. Түсіндіретін ештеңе жоқ! (кетіп қалады)
Үсен. (сөмкені көтеріп үстелдің үстіне қояды) Есен!.. Есен!.. Есен деймін! (Есен оны итеріп қалады) А, достым, бар екенсің. Ал енді мен сені тергеймін. Яғни, сұрақтың астына аламын. «Иә» деп жауап қайтару үшін мені оң жағымнан итересің, ал «жоқ» деу үшін сол жағымнан итеріп қаласың. Түсіндің бе? (Есен оны оң жағынан итеріп қалады) Аһа! Сен өзі осындасың, тек қана көрінбейсің, иә? (Есен тағы да оң жағынан итеріп қалады) Дұрыс! Мен әуелден солай ойлағам. Ал енді айтшы – көрінбей кеткеніңе сен өзің кінәлісің бе? (оң жағынан итеріледі) Түсінікті. Сен жәй жүрмей бірдеңе жеп қойдың ба? (сол жағынан итеріледі) Жоқ. Әлде бірдеңе іштің бе? (сол жағынан итеріледі) Жоқ, ештеңе ішкен жоқсың. Сонда не істедің? (пауза) Не істегеніңді білсем ғой, мен де соны істеп көрінбей кетуші едім. Тамаша! Ешкім сені көрмейді, ал сен өзің бәрін көріп тұрасың. Не істегің келсе соны істейсің – ешкім оны сенен көрмейді. Мен өмір бақи солай жүруге келісер едім.
Есен оны кеудесінен итеріп жібереді, Үсен еденге отыра қалады.
Үсен. (аяғына тұрып үсті басын қағып-соғып жатыр) Бұл сөзім саған ұнамай қалды. Сонда не? Көрінбеген жаман ба екен? (оң жағынан итеріледі) Солай де, жаман де. (иықтарын қиқаң еткізеді) Шынында да, оның несі жақсы дейсің. Ешкім сенің бар-жоғыңды білмейді, ешкім сені керек қылмайды. Жақсы. Енді не істемексің? Қайтадан баяғы қалпыңа келгің келе ме? (оң жағынан итеріледі) Түсінікті. Ол үшін не істеу керек? (бірер секунд жауабын күтеді де өзінің қателігін түсінеді) Ә! Сенің сөйлей алмайтыныңды ұмытып кетіппін. Былай дейін – сені қайтадан адам қалпына келтіретін амал бар ма? (оң жағынан итеріледі) Демек, бар екен. Ол не нәрсе? Дәрі ме? (оң жағынан итеріледі) Дұрыс. Балгер де солай деген. Ал ол дәрі қайда? Үйіңде ме? (сол жағынан итеріледі) Жоқ, үйіңде емес. Демек, осында болғаны ғой. (жан-жағына қарап сөмкеге жақындайды) Сөмкеңнің ішінде ме? (оң жағынан итеріледі) Дұрыс, дәрі сенің сөмкеңнің ішінде.
Есеннің сөмкесін ақтарады, оқулықтар мен дәптерлерді, қалам, қарындаш, фломастер, альбомдарды бір-бірлеп шығарып отырып ақыры бір темір қалбырды алып шыққанда Есен оның оң жағынан қағып қалады.
Үсен. Түсіндім. (қалбырдың қақпағын ашады, иіскеп көреді) Фу! Иісі қандай жаман еді. Ал енді бұл дәріні не істейін? Үстіңе шашайын ба? (сол жағынан итеріледі) Жоқ, шашуға болмайды. Және сенің қай жерде тұрғаныңды қайдан білмекпін. Енді не істеу керек? Суға езіп ішкізейін бе? (сол жағынан итеріледі) Жоқ, суға езіп ішпейсің. Іше де алмайсың. Ішетін сенде ауыз да жоқ. Хм! Мүмкін майға араластырып денеңе жағу керек шығар? (сол жағынан итеріледі) Жоқ, сенің денең де жоқ қой. Онда не істейін? (сәл ойланып тұрып қалады, сонда Есен оны кеудесінен итермелейді) Есен! Тыныш тұра тұршы, ойланып көрейін! (қолындағы қалбырмен ерсілі-қарсылы жүріп кенеттен тоқтай қалады) А! Жайна не деп еді? Есен жоғалып кетердің алдында партаның астында бірдеңе жағып тұтатты демеп пе еді. Мүмкін бұл дәріні жағып жіберу керек шығар? (Есеннің оны оң жағынан итергені сонша, ол құлап қала жаздайды) Өй! Ақырын дағы! Қалбырды түсіріп ала жаздадым ғой. (Есен оны итере бергесін) Болды, болды! Түсіндім. Қазір тұтатамын. (қалбырды үстелдің үстіне немесе еденге қойып қалталарын тінтеді) Сіріңке жоқ, Есен. (Есен оны сөмкеге қарай итермелейді) Ә! Түсіндім! Сіріңке сенің сөмкеңде бар.
Ол сөмкенің ішінен сіріңке алып дәріні тұтатады. Есен бұрқыраған түтіннің ішінде адам қалпына келеді де (актер түтінді таса қылып сахнаға шығады) Үсенге құшағын жая ұмтылады.
Есен. Үсен, достым!
Үсен. Есен! Тентек Есен! Бармысың, бауырым?
Екеуі құшақтаса кетеді.
Үсен. Есен! Сені көргеніме өте қуаныштымын. Шынын айтсам сені енді ешқашан көрмейтін шығармын деп ойлағам.
Есен. Мен де солай қауіптенгем. Рахмет, достым, сен болмағанда мен қайтадан адам қалпына қайтып келе алмас едім. Өйткені сен ғана менің қашып кетпегенімді түсіндің, менің осында жүргенімді біліп қойдың. Сен өте ақылдысың, Үсен!
Үсен. (күліп) Сенің осында жүргеніңді түсіну үшін көп ақыл қажет емес еді. Өйткені сен жәй жүрмедің. Бұрынғыдай біреуді итердің, тағы біреудің аяғын шалдың, ал Асанды тепкілеп тастадың. Жайнаның бұрымынан жұлқылап әуреге түсірдің, Айнаны терезеден құлата жаздадың, ақыры оның астындағы орындықты жұлып алып құлаттың.
Есен. Ол менің ашуымды тудырды. Мен оны ұнатып жүрсем, ол менің жоғалғаныма қайғырған да жоқ. Тіпті «Есен мүлдем табылмаса екен» деді.
Үсен. Оның солай деуіне сен өзің кінәлісің. Өйткені сен ешқандай қызды дәл Айнадай ренжітпеп едің.
Есен. Өйткені мен оны қатты ұнатамын.
Айна. (кіріп келіп) Шын ба, Есен? Жаңағы айтқаныңның бәрі шын ба?
Есен. Иә, Айна, шын! (оған да құшағын жая ұмтылады)
Айна. (Есеннің жағынан тартып жібереді) Оңбаған! Ал сонда мен терезеден құлап өлсем не болғаны? А?!
Есен. (жағын сипап кері шегініп кетеді) Мен... мен сені құлатпас едім, Айна. Ол менің көп әзілімнің бірі емес пе.
Айна. Әзіл, иә?! Ал астымдағы орындықты жұлып алып құлатқаның да әзіл шығар? (тағы да жағынан тартып жібереді)
Есен. (екінші жағын сипайды) Иә, иә, ол да әзіл.
Айна. Ах, әзіл екен ғой! Сонда мен белімді үзіп алсам ше? (Айна оны тағы да ұрмақшы болады)
Үсен. (екеуінің арасына түсіп) Айна! Болды енді. Есеннің табылғанына қуана ма десем оны сабағаның не? Ал, енді татуласыңдар, мен директор мен мұғалимадан сүйінші сұрайын. (жүгіріп кетеді)
Есен. (Айнадан қашқақтап жүріп) Қайдам. Олар менің табылғанымды естіп сүйінші бере ме, әлде таяқтың астына сала ма?
Үсен директор мен мұғалиманы ертіп келеді.
Директор. Есен! Сотқар Есен!
Мұғалима. Есен! Тентек Есен!
Екеуі бірге. Әйтеуір табылдың ба!
Есен екеуінің жанына барады.
Есен. (екеуінен де жасқанады) Директор ағай, мұғалима апай! Мені кешіріңіздерші. Мен енді тентек болмаймын. Сабақтан қашпаймын, балалармен төбелеспеймін, қыздардың бұрымдарын жұлмаймын, сөмкеге бақа-шаян салмаймын. Енді оқуды жақсы оқимын.
Мұғалима. (Есенді құшақтап басын сипайды) Есен, мен сенің табылғаныңа өте қуаныштымын. Мен сенің уәдеңе сенемін.
Директор. (балдағымен Есенді оң жақ – сол жағынан қағып қалып) Есен, сен өте дұрыс істедің. Қалай жоғалдың – солай табылдың. Тек қана ендігәрі олай істеме, жарай ма?
Есен. Істемеймін, директор ағай. Енді ешқашан жоғалмаймын.
Директор. Ал енді жүр, тезірек үйіңе жеткізіп ата-анаңды қуантайық.
Мұғалима. Иә, иә! Мамаңнан сүйінші сұрайық.
Есен. Жақсы. Мен сөмкемді жинап алайын. (оқулық-дәптерлерін сөмкесіне жинап салады)
Үсеннен басқасы кетеді. Ол шелегі мен швабрасын алып кетуге ыңғайланады.
Үсен. (көрермендерге) Балалар! Сендер де ешқашан жоғалмаңдар. Тентек болмаңдар, оқуды жақсы оқыңдар. Жарай ма?
Көрермендер. Жарайды!
Шымылдық.