Тарихы терең Тараз
1-серия
Талас және ер-тұрман
Автор: Бұл оқиға бұдан екі мың жыл бұрын жүз берген еді. Онда Тараз қаласы бой көтермеген, орнында шағын елді-мекен – жиырма шақты қараша киіз үйлі ауыл бар еді. Ауылдағы кедей-жалшылардың балалары ауыл шетіндегі жазаңда қозы-лақ бағатын. Қозы-лақ жайып жүріп, киіз басқан әжелері қой жүнінен жұмбаздап, киіз сияқты бастырып жасап берген жүн доптарын ермек етіп тепкілеп, аяқ доп ойнайтын.
Сондай бір ойынның қызу кезінде өңкей жарау құнан мінген бір топ бай балалары жетіп келді. Олар жалшы балаларының бір нәресте таласып теуіп жүргенін көрді де.
– Бұл не нәрсе? – деді.
– Жұмбаз доп.
– Мұны қайдан алдыңдар?
– Киіз басқан әжелеріміз жасап берді.
– Кәне, әкеліңдерші көрейік.
Баланың біреуі допты алып, бай баласының қолына ұстатады.
– Ой жеңіл әрі жұмсақ ойыншық екен. Мұнымен не ойнап жатырсыңдар?
– Доп талас ойынын ойнап жүрміз. Кәне, аттарыңнан түсіңдер, бірге ойнайық.
– Жо–оқ, – деді бай баласы. – Біз жаяу жүріп доп теппейміз. Ат үстінде жүріп ойнаймыз.
– Ха–ха–ха–ха! – деп күлді жалшы балалары. Ат үстінен допты қалай теппекшісіңдер?!
Бұған бай балалары қатты намыстанып қалды.
– Көрерсіңдер әлі, тебеміз! – деді де, аттарының басын бұрып, жөнеле берді.
– Әй–әй, допты қалдырып кетіңдер!
– Әжелеріңе тағы біреуін жасатып аларсыңдар. Бұл – біздікі болады.
Кедей балалары аңтарылып қала берді.
***
– Доңғар, олай дегенің не? Ат үстінде жүріп допты қалай тебеміз?
– Кедей балаларына күлкі болатын болдық қой.
– Саспа, бір амалын табамыз. Үй жасайтын ұста Ер атаға барып, уық сияқты басы иілген таяқ жасап беруін өтінеміз. Допты сонымен ойнаймыз.
– Ой, бұл – тапқан ақыл болды! – деп балалар жадырап сала берді.
***
Ер аталары олардың өтініштерін орындап, иілген басы жалпақтау, сабы ұзын бірнеше таяқ жасап берді. Балалар әр қайсысы бір–бір таяқтан ұстап алды да, допты жерге тастай салып, сол арада талас ойынын ойнай жөнелді. Балалардың өтінішін толық орындап, мерейі үстем болып отырған Ер ата олардың ойындарын сырттай тамашалауға көшті. Балалардың бір допқа таласып, мәз болып жүргендерін көріп отырып ұста қария бір қызық жайларды аңғарды. Балалар шауып жүріп делебесі қызған аттарының басын бұра алмай қалады немесе қамшымен жасқаған кезде оқыс бұрылып, өздері доптай ауып өқдап қала береді. Сол кемшіліктерді көрді де, ұста қария басын шайқап, ойланып қалды.
– Әй, балалар, бері келіңдер? – деп, оларды жанына шақырып алды.
– Иә, Ер ата, не айтпақшысыз?
– Сендердің аттарыңның басын бұра алмағандарыңды, домалап түсіп құлағандарыңды көріп, ойланып қалдым. Бір аптадан кейін алдыма келіңдер, сендерге қызық нәрселер көрсетемін.
– Жарайды, Ер ата, – деп балалар ойындарына қайта кірісті.
***
Балалар бір жұмадан кейін Ер аталарыңның алдына келгенде, жасап қойған заттарын көріп қайран қалысты.
– Ой, бұлар не, Ер ата?! – деп, бұрын көрмеген заттарды көріп, тосырқап қалды.
– Бұл дүниелерді, – деді Ер ата басында темірі бар қайыстан жасалған әбзелдерді қолына алып. – Аттарыңның басына кигізесіңдер. Кәне, ноқталарын шешіңдер, – деп, өзі аттың басындағы ноқтаны шешіп, орнына әлгі әбзелді басындағы темірін аттың аузына салып кигізді. – Бұл – жүген болады, аттарыңды осымен жүгендейсіңдер.
– Ал, мынау, – деді ұста қария үйрек тұмсық ағаш орындықты қолына алып. – Астарыңа орындық болады. Кәне, атыңнан түсші, балам. – Ол аттың арқасындағы киіз тоқымның үстіне әлгі орындықты қойды да, жалпақ қайыспен тартып байлап тастады. Сөйтіп, басқа балалардың аттарына да солай жасап берді. – Ал, енді, балалар, әлгі «талас» ойындарыңды ойнаңдаршы, – деді әдемі күлімдеп.
Таң қалысқан балалар әлгі ағаш орындықтың баспалдақ – үзеңгілеріне аяқтарын қойып, жүгендерін ұстап топ–топ етіп мініп алды да, «талас» ойындарына қызу кірісіп кетті. Бұл жолы олар аттарының басына қамшы үйірген жоқ, әлгі жүгендерінің бір басын тарта қойса, аттары бұрыла кетеді. Аттары оқыс бұрылған кезде, балалар доптай ұшып кеткен жоқ, астарындағы ағаш орындықтың үйрек «тұмсығынан» ұстай алады. Сөйтіп, «талас» ойындарын бұрынғыдай қиналмай жеңіл әрі жақсы ойнады. Соған қуанғандары болар, балалар ойындарын аяқтағаннан кейін Ер аталарының алдына шауып келді.
– Ер ата, сіз нағыз ер екенсіз!
– Мына жасаған дүниелеріңіз де ер екен!
– Иә, ер екен!
– Сізге үйірімен бір тоғыз қарыздарымыз! – деп балалар сүйсініс, қуаныштарын ақжарылқап білдіріп жатты.
– Бәрекелді, балаларым, – деді Ер ата да мәз болып. – Айтқандарың болсын!
Автор: Міне, осылайша түркі ата–бабаларымыз дүние жүзінде алғаш рет жүген мен ер–тұрманды ойлап тауып, атты ауыздықтап мініпті. Жүн доп, аяқ доп, ат доп ойындарын да ойлап тауып, Ұлы Жібек жолы арқылы бұл жаңалықтар дүние жүзіне кең таралыпты. Ал, баяғы жалшы балалар «талас» ойынын ойнаған елді мекен Талас аталып, кейіннен Жібек жолы арқылы үлкен қалаға айналыпты. Біздің бұл сөзімізді ХІ–ғасырда өмір сүрген ғұлама бабамыз Махмұд Қашқаридың «Түркі сөздігі» еңбегіндегі мына сөздер қуаттай түседі: «Талас» деген сөздің бір мағынасы ат үстінде жүріп киіз доп қуалауды айтады» дейді бабамыз.
Иә, жасампаз ата–бабаларымыздың бұл ашқан жаңалықтары елеусіз, ескерусіз қалмасын дейміз біз де.
2-серия
Тараз қағазы
Талас өңірінде, Жібек жолы бойындағы бір шағын ауылда Сайлау атты ағаш ұстасы болды. Ол ағаштан түйін түйіп, есік-терезе, ыдыс-аяқ жасап, соларды сатып күн көретін. Жасаған заттарын Жібек жолымен сауда жасайтын Сәлім атты саудагерге өткізіп, еңбек ақысын алып тұратын. Сәлім Қытайдан тең-тең жібек матасын артып алып, парсы, Соғды еліне апарып сататын. Қайтарда керуені бос қайтатын. Сөйтіп жүргенде Сайлаудың қолынан шыққан әйбат ағаш дүниелерін көріп, бос қайтпай, Қытайға соларды апарып сатып, екі жақты пайда көретін болды.
Бірде Сәлім саудагер Сайлау досының үйінің алдындағы тау-тау болып үйіліп жатқан майда ағаш жоңқаларын көріп:
– Ой-о-ой! – деп басын шайқады. – Бұларды неге пайдаға асырмайсың?
– Пайдаға асырғанда не істеймін? – деді Сайлау. – Отын онсыз да көп. Далаға шашып тастауға – обал.
– Дегенімен ойлан, – деді Сәлім досының иығынан қағып. – Пайдаға аспайтын дүние жоқ.
Ол есік-терезе, ыдыс-аяқты керуеніне артты да, өз жөнімен кете барды.
Сайлау бір дөңбекке жайғасып алып, тау-тау болып үйіліп жатқан ағаш жоңқаларына қарап отырып, ұзақ ойланды. «Бұл майда жоңқаларды желіммен араластырып, тақтай үстіне жаймалап жайып, кептіріп көрсем қайтеді? Мата сияқты оны да қытайлар бір пайдасына жаратар?»
Ол сол ойын жүзеге асырып, көлеңкеге кептіріп көріп еді, ағаш мата сияқты шұбатылған бір дүние болып шықты. Шыбықтан кішкентай оқтау жасап, әлгі дүниені соған орап, бір жерге жинастырып қоя берді. Сәлім досы бір сауда жасап келгенінде, әлгі дүниелерді бір қапқа салып, досының керуеніне артып беріп жіберді. Жұмыртқадан жүн қырқатын қу досы оны қытай базарына апарып, саудаға салды.
Қытай патшасының бір уәзірі базар аралап жүріп, соны көрді де, қызығып Сәлімнің жанына келді.
– Бұл не нәрсе?
Уәзірді көріп сасқалақтап қалған Сәлім, үрейленіп, қатты қысылып, «ағаш жоңқасы» деудің орнына:
– Қ-қ-қ, қ-қағас!.. – деді тұтығып. – Бетіне сурет салуға, жазуға болады. – Ол жерде жатқан бір көмір түйіршігін ала салып, бетіне сызып көрсетіп еді, көмір ізі қара дақ болып бетіне жазыла қалғаны.
Мұны көріп көзі жайнап қатты қуанған уәзір, жібек шапанының қойнынан бір қалташа тіллә алып, Сәлімге ұстатты да:
– Бәрін сатып аламын! – деді тоқ еткізіп.
Бет-аузы терлеп-тепшіп кеткен Сәлім үстінен бір ауыр жүк түскендей жеңілдеп:
– Ух-х! Оңай құтылдым ғой! – деді қуанып.
Уәзір сатып алған дүниесін патшасының алдына әкеліп, бір орамасын алып қолына ұстатты.
– Бұл не?!
– Қағаз, – деді уәзір, дорбасынан бір түйір көмір алып, бетіне жазу түсіріп көрсетті. Бұл таңғажайыпты көріп, патша да қуанды.
– Бұны кім жасады, қалай жасаған?
– Білмеймін, – деді уәзірі иығын көтеріп.
– Ендеше бұл қағазды ойлап тапқан адамды тездетіп менің алдыма әкеліңдер!
Уәзірі:
– Құп болады! – деп, иіліп тағзым етіп, шығып кетті.
***
Уәзір базарға келіп, Сәлім саудагерді тауып алды да, қолындағы бір орам қағазды көрсетіп:
– Бұл қағаз жасауды ойлап тапқан кім?! – деді.
– Сайлау деген таластық түркі.
– Онда саған қарауымдағы мына әскерімді ертіп жіберемін. Дәл қазір жинал да, сол Сайлау түркіңді тездетіп патшамыздың алдына әкелетін бол!
– Құп болады, тақсыр!
***
Патша алдындағы Сайлауға қарап тұрып:
– Цай-Лун шебер, сенің бұл өнеріңнің құпиясын өзіңнен басқа тағы кім біледі? – деді.
– Менен басқа ешкім білмейді.
– Сәлім досың да білмей ме?
– Ол да білмейді.
– Онда, – деді патша уәзіріне қарап. – Қағаз жасауды да жібек құрты сияқты құпияда ұстау керек. Сондықтан бұл шеберді үйқамақта ұстаңдар. Тамақпен, киіммен толық қамтамасыз етіңдер!
– Сонда, – деді таң қалған Сайлау ұста. – Менің өнерім – бостандықта, өмірім қамауда болады ма?
– Иә, басқа амалыңыз жоқ, жарқыным. Өнерің шет жұртқа жария болмау үшін солай етуге тура келеді.
***
Сайлау алдындағы тордағы тотықұс сияқты биік қоршаудың ішінде үйқамақта отыр. Үстінде малынған, алтындатылған жібек киім, дастарқаны толы неше түрлі тағам. Бірақ өзі бостандықта емес. Тар ауланың ішінде әрі-бері кезіп жүріп шаршап жалықты да, мамық креслоға отырып, сыртқа көз тастап телмірумен болды. Сөйтіп отырғанда, сыртта керуенін жетектеп келе жатқан Сәлім досын көріп қалды. Қатты қуанып:
– Сәлім! – деп шақырды.
Сәлім де досын көріп қуанып, әрі таң қалып:
– Сені қамап қойған ба?! – деді.
– Иә, олардың маған көрсеткен құрметтері осы болды.
Сәлім жан-жағына қарап алды да:
– Ой, малғұндар! – деді.
– Сен әкеліп тықтың, енді сен мені құтқарып ал, досым, – деді Сайлау темір тордың артында тұрып.
Сайлау жан-жағына қарап алды да, түйесінің бұйда жібін тордың бір теміріне байлады. Түйесін «шу-шу!» деп айдап еді, ол жібін тартып, темірді майыстырып жіберді. Сайлау сол пайда болған қуыстан сыртқа атып шықты. Сәлім оны түйесіне мінгізіп, үстіне сырмақты жаба қойды. Сөйтіп оны мата артқан керуенмен бірге жасырып өтіп, еліне, Талас өңіріне әкеліп тастады.
Сайлау жасырынған теңнің арасынан шығып, жерге «дік» етіп түсті. Бойын кере жазып, сахараның ауасын рахаттана жұтып, бір терең тыныс алып:
– О, кіндік қаным тамған туған өлкем, Таласым! Саған жеткеніме, ыстық топырағыңды мына жалаң аяғыммен бастырғаныңа шүкір! Сені хан сарайына алмастырмаспын! – деп жердегі тасты сүйіп, тағзым етті. Содан кейін Сәлім досына жақындап, оны құшақтай алды. Сәлім досын бір қолымен қапсыра қысып тұрып, былай деді:
– Досым, сен өзің ойлап тапқан қағазыңды осында жасай бер. Ал, мен бұдан былай қытай жібегін сатпаймын. Оның орнына сенің дайындаған қағазыңды керуеніме артып, оларды Соғды, парсы еліне апарып сатумен айналысамын.
– Мені қытайлар тағы алып кетіп жүрмей ме?
– Оған қам жеме. Мен Тараздағы ескі танысым түркі патшасына айтып, әскерімен сені қорғауын өтінемін.
Автор: Міне, осылайша түркі бабамыз Сайлау – Цай-Лун ойлап тапқан Тараз қағазы Соғды, парсылар арқылы бүкіл әлемге таралыпты. Сол қағаз арқылы білім қазынасы кітап пайда болып, дүйім жұртты оқу-білімге, ілімге жұмылдырыпты.
3-серия
Талаc-Атлах шайқасы
Таң империясының аттылы, жаяулы сансыз әскері Шу өзенінен лек-легімен өтіп жатыр. Ұзағынан шұбап, таусылар емес тіпті.
Алатау сілемдерінің батыс беткейлерінен де ағараңдап аттылы, түйелі, жаяуы бар қалың әскер қаптап келеді. Олардың да екпінінен табандағы қалың қау шөп сұлап түсіп жатыр.
Тараз қаласының үстіндегі Тектұрмас жотасында қарлығаштардай қонақтап тұрған Оғұлшақ Қадырдың аттылы әскері екі жақтан қаптап келе жатқан әлгі әскерлерді жоғарыдан бақылап тұр.
– Хан ием, – деді Зордан қолбасшы. – Оң бүйірімізден – Таң империясының қалың әскері, сол бүйірімізден Араб халифатының қалың әскері қаптап келеді. Екеуі де басқыншылықпен бізді, Түркеш қағанатын жаулап алмақшы. Ал біздің осылай қол қусырып тұрғанымыз жараспас. Не істейміз, бұйырыңыз?
– Дұрыс айтасың, Зордан батыр, екеуі де басқыншы. Екеуі де соғысқалы келеді. Ал соғыста үшінші жақ болмайды. Біреуіне қосылып, жақтасуымыз керек. Дегенімен, қайсысына?.. Соның шешімін мен де таппай тұрмын.
– Хан ием, – деді оң жағында тұрған уәзірі. – Оң бүйірімізден жүк артқан үлкен түйелі керуен көрінді. Әне, беткейден бері жылжып келеді.
Жұрттың бәрінің назары сол жаққа ауды.
***
– Аса құрметті, жабғу тақсыр, – деді сардар Ду Хуан басын иіп. – Сізге Таң патшасы дұғай-дұғай сәлем жолдап, достық құшағын ұсынады. Сол ыстық ықыластың белгісі ретінде өзінің қызы, айдай сұлу Ляу Шаң бастаған мына бай керуенді Сізге сый-тарту ретінде ұсынып отыр. Қабыл алыңыз!
Оғұлшақ Қадыр бір миығынан жымиып күлді де:
– Қабыл алдым, – деді басын изеп.
***
Атлах кентінің терістігіндегі кең жазықта алапат соғыс жүріп жатыр. Бір-біріне қарама-қарсы ұшқан қалың жебе жауыны күннің көзін тұмшалап тастаған. Ала шұбар Таң империясының әскері мен ақ жамылғылы Халифат әскерінің қалың қолы иін тіресіп, бір-бірін ала алмай жағаласып жатқан. Бір кезде ала шұбар қолға бір бүйірден Түркеш- Қарлұқтың жау жүрек жасақтары жаңа леп болып қосылды. Бір уақытт а олар екі жақтап, тықсырғаннан кейін қоя ма, Араб
халифатының әскері кері ығыса бастады.
***
Бұл уақытта Атлах кентінің түстік бетінде бір топ бала қырғи, қаршығаларын ұшырып, саят құрып жүрген. Біреуінің қаршығасы қоянға түссе, енді біреуінің құсы қырғауылды бүріп, балалар мәз-мейрам болып жүрген. Ал Кентал ханзаданың қаршығасы көкте қалықтап жүріп, кенет, өз жөнімен ұшып бара жатқан бір көгершінді іліп түсті. Кентал атымен шауып келіп, атынан қарғып түсті де, жемтігін астына басып отырған қаршығасына таяп келді. Қаршығасының шеңгелінде жатқан көгершінді көрді де, оған таң қала қарады. Өйткені ол бұл жердің көгершіндеріне тіптен ұқсамайтын, басында тәжі, аяғында балақ жүндері бар қол көгершін еді. Ол көгершінді жылдам босатып жатып, аяғындағы бір ораулы затқа көзі түсті. Орауын ашып қараса, иероглифпен жазылған хат екен. Ханзада басқаның бәрін ұмытып, хатты уысына қысқан күйі атына қонып, кентке қарай құстай ұшты.
***
Оғұлшақ Қадыр жабғы баласы әкелген хатты орауын ашып қарап еді, иероглифпен жазылған екен, тісі батпай, хатшысын шақыртты. Хатшысы жылдам жетіп келіп, хатты көпшілік алдында дауыстап оқи жөнелді: «Қолбасым, Гау Шиянжы! Неге кешігіп жатырсың? «Қарлұқ-Түркештерді жеңдік!»деген хабарыңды тықыршып күтудемін! ...Ешқандай аяушылық болмасын, жабайылар ер-әйел, кәрі-жас демей түгел қырып тасталсын! Бізге адамсыз Түркеш жері, адамсыз Қарлұқ жері керек. Ыстық сәлеммен, Таң патшасы Шиян Лұң».
Хатты тыңдап отырған қолбасшылар мен уәзірлер – бәрі бір ауыздан:
– Уа-а-а!!!
– Не деген сұмдық!
– Қандай қаныпезерлік!
– Біз оларға болысып, алданып жүр екенбіз ғой! – деп шошынып, таң қалысқандарын жасыра алмады.
Оғұлшақ Қадыр беті безеріп бір уақ үнсіз тұрды да:
– Ә, екі жүзді жауыз неме! Мені алдап-жалдап, арабтарға қарсы соғысқа пайдаланып, ісің біткен соң қақпаныңа түсірмек болған екенсің ғой! Бұл қара ниетің іске аспас!.. Кәне, – деп иек артты хатшысына. – Осы хаттың артына былай деп жаз: «Иттің күшігі, Гау Шиянжы! Бұл арам ниетің жүзеге аспайтын болды! Енді өзіңді қойдай қырамын! Ал, дайындала бер! Түркеш-Қарлұқтардың көкжалы Оғұлшақ Қадырдан!» Болдың ба?
– Болдым, – деді хатшысы.
– Болсаң, бұл хатты иттің баласына тездетіп жібер!
– Құп болады, тақсыр!
– Ал, Кентал, ұлым, – деп баласының иығына қолын қойды. – Көзімізді шырадай ашқаның үшін саған мың алғыс! – деп, Кенталдың маңдайынан шөпілдетіп сүйді. – Таң империясының қақпанына оңбай түсіп едік, сенің арқаңда қырылудан аман қалдық. Нағыз ұлан екенсің! – деді риза болып.
Енді ол сұсты жүзін әскербасыларына бұрды:
– Ал, сайыпқыран арыстарым! Тастүйін дайынсыңдар ма?!
– Тастүйін дайынбыз!!!
– Онда атқа қоныңдар! Енді Таң әскерінің өзін жайпаймыз!!!
***
Ертеңіне Түркеш-Қарлұқ қолы Араб халифатымен тізе біріктіріп, Таң әскеріне қарсы жойқын өрттей лап қойды.
Автор: Сонымен 751 жылдың шілде айында Атлах-Талас жеріндегі әйгілі қанды шайқас араб-түркі одақтастардың жеңісімен аяқталды. Бұл туралы Қытай дерек көздерінен мынандай хабарларды көреміз: «Екі жақ бес күн бойы шайқасты, Қарлұқ-Түргештер жаппай бет бұрып кетті де, арабтарға болысып, екі жақтап Таң армиясын қыспаққа алды. Гау Шиянжыны ойсырата жеңді.
Таң әскері бірін-бірі таптай, түн жамыла қашады. Жол тар, адам мен ат-көлік жолға кептеліп қалады. Қаптаған ат пен түйе қашқан адамдарға жол бермеді. Гау Шиянжының бір генералы Лй Сыйе қолына жуан таяқ алып, алдыға шығып, адам мен ат көліктің өлігінен тазалап, жол ашып отырды. Гау Шиянжының аздаған тобырымен Ән Ши бекінісіне аман-есен жетті».
Атлах-Таластағы масқара жеңілістің Таң империясы үшін қандай ауыр соққы болғанын тарихшы Шуе мырза былай бағалайды: «Төрт қалашықтың таңдаулы армиясы түгелдей дерлік жоқ болды. Осы соғыстан кейін Таң патшалығының абыройы түсті, бұрынғы құдіретінен айырылды. Сөйтіп, Таң патшалығының дәурені өтіп, құлдырауы басталды».
4-серия
«Құтты біліктің» құтты жолы
Соғды әмірі Исмаил Самани Тараз қаласындағы сарай тағында отыр. Оның алдына екі күзетші қолында кітабы бар, ою шапанды, сәлделі бір кісіні келтіреді.
–Иә, аты шулы Жүсіп Баласағұн деген ақын сенбісің?
– Иә, менмін, тақсыр. Бірақ, «аты шулы» дегеніңізге түсінбедім?
– Менің адамдарым сені Тараз жұртының алдында жыр оқып, халықты бізге қарсы күреске шақырып, дүрліктіріп жүр дейді ғой?
– Олай емес, хан ием. Мен жыр жазатын ақынмын. Жазған жаңа жыр–өлеңдерімді халық алдында оқымағанда, қайда оқимын?
– Дегенімен, «Ақын бастаса, халық ереді» деген сөз бар. Біз содан сескенеміз. Сен неге өлең–жырларыңды түркі тілінде жазасың?
– Түркі тілі, бұл – өз ана тілім емес пе?
– Сөзіңе қарағанда, біздің парсышына да жетік білетін сияқтысың ғой. Менде мынандай ұсыныс бар: Егер сен өлең–жырларыңды парсыша жазатын болсаң, сол күннен бастап сені өз жаныма сарай ақыны етіп алар едім. Соған қалай қарайсың?
– Ықылас – ниетіңізге рақмет. Бірақ жүрекке әмір жүрмейді, тақсыр.
– Онда мен сені қауіпті адам ретінде зынданға тастаймын?
– Тағдардың жазғаны сол болса, амал нешік.
– Онда, өз обалың өзіңе, – күзетшілеріне қарайды. – Зынданға апарып тығыңдар!
– Құп болады!
***
Тектұрмас сардар Сатук Бограханның алдына келді.
– Ұлы ақынымыз Жүсіп Юаласағұнды парсы басқыншылары зынданға тоғытыпты, хан ием.
– Иә–ә, бұл қиын болған екен, – деді Сатук Бограхан қолын маңдайына қойып. – Ақынымызды жауып, біздің де күрескерлік рухымызды түсірмек болған екен ғой. Оны тез арада осатып алуымыз керек. Қалай босатамыз?
– Алғыншылардың айтуынша, қаланың күзеті өте мықты. Тіпті шыбын өте алмайтындай. Жүсіп ақынды босатып алудың тек бір ғана жолы бар.
– Ол қандай жол?
– Қаланың түстік бетінде, Талас бойында қаланың үстінен төніп тұрған бір биік жота бар. Ондағы күзет мұнарасы біздің адамдардың қолында. Сол арадан қалаға, яғни зынданға дейін жер асты жолын қазып, сол арқылы ғана ақынымзды босата аламыз.
– Жер асты жолдарың зынданға емес, басқа жаққа бұрыс кетсе қайтпексіңдер?
– Бұрыс кетпеспіз деп ойлаймыз, – деп Тектұрмас қойнынан бір дөңгелек айнала затты шығарып көрсетті. – Менде мынау қытай тұсбағдары бар. Осы тұсбағдармен белгілеп алып қазбақпыз.
– Ә, онда дұрыс болған екен, – деді Сатук Бограхан тұсбағдарға шұқшия қарап тұрып. – «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дейді, жақсылап, зерттеп алып қазасыңдар ғой. Бұл іске өзің бас–көз бол, сардарым Тектұрмас, оқыған–тоқығаның бар адамсың ғой.
– Сеніміңізден шығуға бар күш–жігерімізді саламын, Сатук Бограхан.
– Онда кісілеріңді сайла да, бүгін аттаныңдар!
– Құп болады!
***
Күрек, сүймен, қаптарын сайлап алған жұмыскерлер түн жамыла жер қазу жұмыстарын қызу бастап кетті. Ал мұнара басындағы қарауылдар қалаға отпен «бәрі тыныш» деген сигналды үзбей беріп тұрады.
***
Көп өтпей тұтқыннан босаған Жүсіп Баласағұн хан ордасында Сатук Бограханмен құшақ айқасып, төс түйістіріп, ыстық ықыласпен көріседі.
***
Жүсіп Баласағұн қалың халық жналған базар алаңында жалынды өлең–жырларын оқып, бұқара жұртты Сатук Бограханның төңірегіне топтасуға, Соғды басқыншыларына қарсы ұлы күреске шақырады.
***
Сатук Бограхан мен Тектұрмас сардардың ақ тауының астына ұйысқан қарахандық қалың әскер Тараз қаласына атойлап, ұрандатып лап қойып, Соғды басқыншыларын қаладан қуып шығады.
***
Тараздағы Сатук Бограханның зәулім сарайы. Биіктеу тақытта отырған Сатук Бограханды айнала қоршай ту көтерген қолбасшылар мен сарарлар тұр. Тектұрмас қолбасшы алға шығып:
– Біздің арыстандай қаһарлы, жолбарыстай жүректі сайыпқыран сардарлар мен сарбаздар саманилік басқыншыларды сонау Испиджап, Иасы, Шаштан асыра тырқырата қуып тастап, Ұлы Жеңіспен алдыңызға келіп отырмыз!
– Бәрекелді! Жеңісіміз құтты да баянды болсын! Тәуелсіздігім мәңгі болсын!
– Бір тәңірім, ата–бабаларымыз аруағы қолдасын!
– Ұр–ра–а–а!!!
Кенет сап қақ жарылып, Жүсіп Баласағұн ақынға жол береді. Ол алға озып, Тектұрмас сардардың жанына келіп тұрады.
– Қарахан елінің жеңісі құтты болсын! Әрдайым осылай мәртебелеріңіз биік болсын! – деді жырау да көтеріңкі леппен.
– Айтсын! Әй, Тектұрмас сардар – деді қаған кенет сардарына күлімдей қарап. – Жеңісті өзің ғана иемденіп отырғаныңа жол болсын! – деді оған түйіле қарап.
– Кешіріңіз, тақсыр, тағы кім бар еді?
– Бұл шарапаттың басты себепкері мына тұрғын Жүсіп Баласағұн емес пе? Оны қайда қоясың?!
– Ә–ә!..
Жұрт ду күліп жіберді.
– Болды, болды! Мен жеңіс шапанын Жүсіп ағама беремін! – деп ол үстіндегі шапанын шешіп алып, ақынның үстіне жауып жатты.
Жұрт тағы ду күліп жатыр.
– Ой, бауырым, жеңіс бәрімізге ортақ, – деп Жүсіп Баласағұн ыңғайсызданып қалды.
– Сатук Бограхан тақсыр, – деді ол сөзін қайта жалғап. – Сіздің ел басқару ісіңіздегі төрт ұстанымыңыз бар емес пе: Әділдік – Әділеттілік, Адалдық – Тазалық, Білімділік – Батылдық, Адамгершілік – Имандылық деген.
– Иә, айта бер.
– Сол төрт ұстанымыңызды негізгі ала отырып, «Құтты Білік» деген мына үлкен дастан кітабымызды жазып келіп едім, – деп қолындағы жасыл жібекке оралған төрт бұрышты үлкен түйіншекті көрсетті. – Осы кітапты өзіңізге табыстауға рұқсат етіңіз.
– Рұқсат.
Ол кітапты қағанның қолына ұстатады. Сатук Бограхан жібекті жазып, кітапты парақтап ашып көреді де, күлімдеп, көпшілікке қарайды.
– Бұл қу ақын менің де шапанымды шешкізіп, олжаламақшы ғой! – деп еді, жұрт тағы ду күлді. Ол үстіндегі шапанын шешіп, Жүсіп Баласағұнның иығына жапты.
– Ыңғайсызданба, бұл да өзіннің адал еңбегің! Осы ұлы еңбегің үшін өзіңе сарайдың бас ақыны, бас уәзірі – «Хас–Хажип» деген атақты беремін! – деп, ұлы ақынды қапсыра құшақтай алды.
Жұрт бір ауыздан ду қол шапалақтап, ризалығын білдіріп жатты...
Автор: Өздеріңіз куә болған бұл оқиғадан бері міне, мың жылға жуық уақыт өтті. Ұлы ақын бабамыз Хас–Хажип Жүсіп Баласағұнның аты мен жазған кітабы «Құтты білік» еңбегі бүгінде Еуропа, Азия елдеріне кең тарап, ел басқару ісіне араласатын адамдарға, ғылым–білім жолындағы ғалымдарға, көпшілік оқырманға жөн сілтейтін оқулық болды. Дүниежүзілік ғұлама ойшыл, философтар мен ірі ғалымдардың еңбектерімен қатар жоғары бағаланатын дәрежеге жетті.
5-серия
Хақ дінін қабылдаған Қарахан
Сатук Бограхан сарайында, ақылман уәзірлері мен абыздарының ортасында отыр. Сатук Бограхан алдындағы «Құтты білікті» парақтап отырып былай дейді:
– Бұл кітапта дәріптелетін «Әділдік – Әділеттілік, Адалдық – Тазалық, Білімділік – Батылдық, Адамгершілік – Имандылық» атты төрт ұстанымды енді қалың бұқара халыққа қай жолмен насихаттасақ екен? – деп, ақылман–кеңесшілеріне қарайды. Сонда Жүсіп Баласағұн:
– Бұл кітапты көбейтіп, кітап арқылы насихаттасақ қайтеді? – дейді.
– Құрметті Хас Хажип, сіздің айтып отырған жолыңыз дұрыс. Бірақ оған көп жылдар керек, халықты оқытып, сауаттандыру керек. Ал қазір дені сауатсыз қалың бұқара–халыққа насихаттың қандай жолы тиімді? Міне, мен соны сұрап тұрмын.
Бәрі тосылып қалады. Бұл үнсіздікті абыздың бірі бұзды:
– Дін арқылы насихат жүргізу керек.
– Мейлі, солай болсын, бірақ қайсы дін арқылы?
– Ордаңыздың сыртында бірнеше діннің өкіілдері отыр. Соларды осында шақырып, айтыстырайық, қайсысы жеңсе, сол дінді таңдайық, – дейді әлгі абыз қария.
– Онда бәрін шақыртыңдар!
Олар келіп, қағанның алдында тізіліп тұрады.
– Сіздер кімсіздер, не істеп жүрсіздер? – дейді Сатук Бограхан.
Дін өкілдерінің бір тобын бастап келген Баба Туклас екен, ол:
– Біз мұсылманбыз. Алла тағаланың әмірімен сіздерді мұсылман қылуға келгенбіз, – дейді.
Сол заматта екінші жақтан бір шайқы қығып:
– Бұлар жаман кісілер! Бұлардың көзін жою керек! – деп зарлап қоя береді. Сонда Сатук Бограхан:
– Не үшін өлтірмекпін?! Мен – қағанмын, сіздердің ешқайсыңызда кеткен ақым жоқ. Дегенімен, қайсыңыздың дініңіз хақ болса, сонымен бірге болмақпын. Кәне, екі жақ болып сөз таластырыңыздар. Кімнің діні хақ болса, менің халқым соны мойындайды, – дейді.
Содан бұл екі жамағат бір–бірімен айтысып, шуласып ұзақ дауласады. Бірақ даудың аяғы көрінбейді. Соны түсінген Сатук Бограхан дауды тоқтатып, былай дейді:
– Онда былай болсын, сендерді бүкіл халқымның көз алдында отпен сынаймын. Кәне, халықты жинаңыздар, мәселенің бәрін сонда шешеміз, – деп үлемдеріне бұйрық береді.
***
Қаған жиналған халықтың орта тұсына екі жерден ұра қаздырады. Әр ұраға бірнеше арба сексеуіл әкеліп төгіп, от жағып қыздырады.
Сатук Бограхан оң жағындағы шайқыларға қарап:
– Кәне, қайсың түсесіңдер, қалағаның шығыңдар?! – дейді.
Шайқылар өз ара керілдесіп қалды.
– Ұраға сен түсесің!
– Жо–оқ, мен емес, мынау түссін!
– Мен неге түседі екем, өзің түс...
Ақырында бәрі араларындағы момындау бір ұзынтұраны таңдап, соны алдыға итеріп шығарады. Дайын тұрған сарбаздар оға темір сауытты кигізіп, оны қоярда–қоймай итеріп апарып, ішінде оты қызарып тұрған ұраға итеріп жібереді. Көп өтпей әлгі ұзынтұра:
– А–а! – деп ақырып, ұрадан секіріп шығады да, беті ауған жаққа қаша жөнеледі.
Жұрт қыран–топан күлкіге қарық болады.
– Ал, енді сіздер жақтан кім түседі? – деп қаған мұсылмандарға қарайды.
Сонда мұсылмандардың басшысы Баба Туклас серіктеріне қарап:
– Маған рұқсат етіңздер, мен кірейін. Ал сіздер мен үшін дұға оқып, жалбарыныңыздар, – дейді.
– Болсын, Баба Туклас, оған қам жемеңіз, – дейді серіктері бір ауыздан.
Баба туклас үстіндегі киімдерін шешіп, сарбаздар берген темір сауыт пен дулығаны киеді. Сонда Бабаның денесіндегі түктері сауыттың ашық жерлерінен тікірейіп шығып тұрады. Ол қағанға қарап:
– Мен ұраға түскеннен кейін үстіне қойдың ұшасын асып қойыңыздар. Сол қызарып піскен кезде мені шығарыңыздар, – дейді.
– Болсын, Туклас Баба! – деп қаған оған сынай қарайды.
Туклас Баба асықпай адымдап барып, оты қызып тұрған ұраның ішіне секіріп түседі. Айнала тұрған қалың жұрт:
– О–ох!!! – деп үрей мен таңданыстан ауыздарын ашып қалады.
Екі сарбаз қойдың ұшасын көтеріп апарып, ұраның үстіне асып қойып, айналдырып үйіте бастайды.
Біраз уақыттан кейін қойдың еті қызарып піскенін көрген қаған қызметшілеріне:
– Баба Тукласты шығарыңдар! – дейді.
Сарбаздар ұраның аузындағы қойдың қызарып піскен ұшасын бір шетке алып қояды да, ұраға темір сатыны түсіреді. Баба Туклас сатымен көтеріліп, сыртқа шыққанда, үстіндегі темір сауыт қып–қызыл шоқ болып қызарып тұрады. Мұны көрген халықта ес жоқ. Бірнеше сарбаз жүгіріп барып, шелектеріндегі суды үстіне шашып жібереді. Шоқтай боп қызарып тұрған сауыт «шыж–быж» етіп, аппақ буы бұрқ етіп тұмшалап тастайды. Буы сейіле бергенде, Баба Туклас басындағы тұмшалаған дулығасын шешіп алып, жерге тастайды. Жүзіндегі борша–борша терін сүртіп тұрып:
– Неге асықтыңыздар? Кішкене күте тұрсаңыздар, Аллаға тәуап қылған дұғамды аяқтар едім, – деп мейірлене күлімдейді.
Қуанып әрі сүйсінген жұрт:
– Мың жаса, Туклас Баба!
– Дініңіз хақ екен! – деп ризашылықтарын жасыра алмайды.
– Ал, қария, – деді Сатук Бограхан да риза кейіппен. – Біз мұсылман дінін қабылдаймыз! Ол үшін не істеу керек?
– Мұсылмандықтың бес парызын орындап, жер–жерде Алланың құт дарыған үйі – мешіттер салу керек.
– Онда бұлардың бәрі болатын іс, – деді қаған басын изеп. – Ал, жұртым, естідіңдер ғой, Алланың бес парызын орындап, осы Тараздан бастап менің дәргейіме қарайтын өңірлердің бәріңде Алланың құт дарыған үйі – мешіттер салынатын болсын!
***
Содан біршама уақыт өткенде, Тараздың орталығынан салынған зәулім де кең сарайдай үлкен мешітте Сатук Бограхан бастаған халық жұма намазына бас қойып жатты.
Автор: Иә, содан былай Сатук Бограхан бастаған Қарахан жұрты мұсылмандыққа бас қойып, оның өзі негіздеген, Жүсіп Баласағұн кітапқа түсірген төрт ұстанымды қалың жұртына насихаттай бастапты. Ал Сатук Бограханның өзі әлгі ізгі қасиеттерімен еліне Қара Бура әулие, Әулиеата деген атпен кең танылып, мұсылманшылықпен 96 жыл ғұмыр кешіпті. Кейін оның ұрпағы Шамахмұд хан халқының қолдауымен әкесінің басына зәулім де сымбатты кесене тұрғызыпты. Тараздың орталығындағы бұл кесене бүгінде Қарахан кешені деп аталады.
6-серия
Ақыртас құпиясы
Көне Тараз қаласының хан сарайында, биік тақытта қаланың жаңа әмірі Саид Ибн Хүмейд шай ішіп, ойға шомып отыр. Арқа тұсындағы екі қызметші ұзын сырықты желпуішпен жайымен, кезегімен желпіп қояды. Кенет осы тыныштықты уәзірі Ибн Мансұр бұзды.
– Тақсыр, сыртта екі хариджит* бір түркі шаруасын ұстап әкелді. Ол Тараз базарында алтын құмайларын саудалап тұр екен. Сіздің алдыңызға кіргізе берейін бе?
– Кіргізіңдер!
Екі араб сарбазы бір шаруаны қолтығынан жетектеген күйі әмірдің алдына алып келеді. Сарбаздың біреуі:
– Қолыңдағыны көрсет! – деп еді, шаруа орамалға оралған дүниесін ашып көрсетеді. Орамалын жазған кезде, асықтың үлкендігіндей бірнеше түйір сарғыш түсті жылтыраған зат жарқ етіп көздің жауын алады.
– Бұл алтын құймаларды қайдан алдың?
– Мен – ұры-қары емес, қарапайым бақташымын, тақсыр. Тәңіртау* етегіндегі Ақыртас жайлауында мал бағып жүргенмін. Мына алтын
Хариджит* – араб сарбазы.
Тәңіртау* – Алатау.
құймаларды сол жайлаудан тауып алдым. Бала-шағама киім-кешек әперейін деп базарда саудалап тұр едім. Мына сарбаздарыңыз ұстап алды. Менің ешқандай айыбым жоқ, тақсыр.
– Олай болса, мол алтын тапқан Ақыртасты бізге көрсет.
– Кейін мені жібересіз ғой?
– Иә, бала-шағаңа қанша киім қажет болса, соның бәрін береміз.
– Ой, мың жасағыр, онда көрсетейін!
***
Бақташы шаруа араб сардарларын тау баурайындағы жасыл жайлауға ертіп әкеледі. Сарбаздар сол арадан тағы бірнеше алтын құймаларын тауып алып, сардарларына көрсетеді. Сардарлардың көздері ұшқын атып қатты қуанады.
***
Келесі жолы алтын шыққан бұл жайлауға Саид Ибн Хұмейд әмірдің өзі де келеді. Ол бүкіл атырапты бір топ нөкерлерімен аралап шығады да, бір жотада тұрып, нөкерлеріне қарап, былай дейді:
– Сәулетші, Жауһари, жаныма келші.
Басына сәлде орағанымен, түркіше киінген кісі әмірге жақындайды.
– Мен мынандай шешімге келдім: Анау беткейдегі кең жазаңды көріп тұрсын ба?
– Иә, тақсыр.
– Мен сол жазыққа халифатымыздың ең теріскейіндегі қамал-қаланы тұрғызбақшымын. Қамал-қалада тас бағаналармен тұрғызылған үлкен мешіт, қызыл тастармен көмкерілген керуен сарай, базар, монша, тұрғын үйлер, тастармен шегенделген хауіздер салынады. Өзен жағалауына бау-бақшалар егіледі. Ал мына тұстағы өзеннің арнасына бөген, үлкен тоған саламыз. Ол тоғаннан төмендегі қалаға қыш құбырлар тартылады. Сөйтіп, қаланы сумен толық жабдықтаймыз. Әрі бұл тоған мына тұстан қазылатын алтын кенішіне де қажет. Алтынды жуып өңдеу үшін.
Сөйтіп бұл қала хауыз, бау-бақша, гүлзарларға бөленген халифаттағы ең әсем кенттердің біріне айналады. Атын Ақыртас деп қоямыз. Иә, менің ойым қалай екен? – деді әмір жанындағы сәулетшіге паңдана әрі риза кейіппен қарап.
Сәулетші әл-Жауһари жауап берместен бұрып айнала атырапқа сыни көзбен қарап, төңіректі асықпай бағдарлап шықты. Содан кейін түстік беттегі Тәңіртаудың биік қарлы шыңдарына көз жіберіп тұрып, басын шайқады.
– Иә, неге басыңды шайқадың?
– Өте қауіпті екен, хан ием. Егер жазғытұрым қатты нөсер жауып, оның үстіне мына Тәңіртаудың қар-мұздары еріп көшкін болса, орасан үлкен тасқын, сел жүріп, өзен мен тоғанды бұзып өтіп, төмендегі Сіз тұрғызған қаланы жойқын күшпен жуып-шайып, басып қалуы мүмкін. Мен сол қатерді болжап, басымды шайқап уайымдап тұрмын.
– Е-е, қайдағы жоқты уайымдайды екенсің! Оған басыңды қатырма! Ондай апат болмайды! Сенің міндетің көріпкелдік емес, қала салу! Сенің қарамағыңа Атлах-Талас шайқасында қолға түскен 20 мың шүршіт тұтқынын бүтіндей беремін. Екі-үш жылдың ішінде әлгінде мен айтқандай қаланы салып бітіресің. Одан да сол қаланы қалай салудың жөнін ойла!
– Енді амал нешік, тақсыр. Мен қауіптің алдын ескерттім. Сіз бұйырсаңыз, мен салайын. Қашан кірісейік?
– Қолыңа 20 мың тұтқынды айдап әкелдіремін. Сол күннен бастап кірісесің. Ал, қазірше, салатын қалаңды жобалай бер.
– Құп болады!
***
Күндердің күнінде сәулетші әл-Жауһари болашақ қаланың сызба-нысанын әмрге әкеліп көрсетті.
– Міне, мынау – мешіт, жанында керуен сарай, тұрғын үйлер, мына жерде екі хауыз орналасады. Мына тұстан тоғанға құбыр тартылады.
– Кәне, кәне, – Әмір қағазға шұқшиып қарайды. – Өте тамаша! Жобаң ұнады. Енді «ұрыста тұрыс жоқ» дейді. Ертеңнен бастап кірісе берсең болады. Алла сәтін салсын!
– Сәтін салсын!
***
Жиырма мың жұмыс күші қоя ма, құрылыс қызу жүріп кетті. Жұмыскерлердің бір тобы кен қазып, алтын жуса, енді бір тобы өздері тұратын жеркепелер қазумен болды. Енді бір тобы тау шатқалында үй қалайтын қызыл тастар мен бағандарды қашаса, қалғандары жұмыла жер қазып, үй, сарайлардың қабырғаларын көтеріп, болашақ қаланың сұлбасы жыл, ай санап емес, күн, сағат санап өрлей бастады. Жиырма сан адам жұмыла жабылғаннан кейін қоя ма, қаланың негізгі ғимараттары әмір айтқандай үш жылда емес, екі жылда салынып бітті. Ал үшінші жылында тау баурайындағы беткейлі жазаңда бау-бақша, гүлзарлармен, хауыздармен көмкерілген Ақыртас қамал-қаласының тас көшелерімен тұрғындар мен ат-көліктер әрі-бері жүріп, базары сапырылысып, керуен сарайы Жібек жолының керуендерін қабылдап, мешіттің биік минаретінен азан шақырылып жатты.
***
Автор: Ақыртас қамал-қаласы салынып біткеннен кейін тағы екі-үш жыл өтті ме, өтпеді ме, бір жылы жазғытұрым бастала Ақыртас өңірінде бұршақ аралас қатты нөсер болды. Күн күркіреп, найзағай ойнап, айнала төңіректі қара бұлт тұмшалап, қара нөсер шелектеп құйды дейсің! Жоғарыдағы тау шатқалдарында да еріген мұз-тоңдар төмен сырғып, тырсыл-гүрсіл құлап, орасан жарылыс болып, қала тұрғындарының үрейін ұшырды. Олар жас-кәрі, бала-шаға демей, алдағы болар жойқын көшкіннің хабарын сезіп, бар шаруаларын тастап, қала іргесіндегі биік жоталардың басына жөңкіле қашты. Көп өтпей олар тау аңғарынан түбімен қопарылған ағаш, бөренелер мен шоңғал тастарды шопақ құрлы көрмей екпіндей ағызған лай сулы жойқын көшкінді көрді. Алапат сел-тасқын жолындағысын өрттей жалмап, тоғанды бұза-жарып, сол екпінмен қала ғимараттарын қопара қиратып, жөңкіген лай суымен түгел көміп тастады.
Жота басында тұрған ел-жұрт үдере үрпиісіп, көз алдарында лай көшкіннің астында жоқ болған қала жұртын көріп, өкініштен «аһ» ұрып, сандарын соғып қала берді. Солардың арасында Саид Ибн Хұмейд әмір мен әл-Жауһари де бар еді. Қала әмірі көзі бозарып, беті қызарып, екі қолымен басын соққылай берді. Ал әл-Жауһари болса:
– Қайран еңбегім! – деп, өкініштен басын шайқады.
7-серия
Айша бибінің серті
Шаш қаласының маңындағы әскери-жаттығу алаңында сауыт киінген шымыр жігіттердің әскери жаттығуы қызу жүріп жатыр. Олар аттарымен әрі-бері ойқастап, өз ара қарсы шауып келеді де, жаттығуға арналған доғал басты найзаларымен бір-бірін соққылап, түйгіштеп өтеді. Сондай тұста біреуі аттан аунап, құлап, екіншісі жеңіске кенеліп, үстем түсіп жатты. Солардың арасында әсіресе біреуі – кеуделі келген қара торы жігіт ерекше өнерімен, күшімен бәрінен үстем түсіп, жеңіске жетумен болды.
Алаңның сыртындағы үймелеген жанкүйерлер де сол жігітті көп қолпаштап, әдіс-айласына риза болып, лепірген көңілдерін білдіріп жатты. Бірақ ол жігіт мұндай мақтауға еті үйреніп кеткен бе, өзгелер сияқты есірмей, салмақты қалпын сақтап, қарсыластарын қалпақтай ұшыруды ғана біледі. Дегенімен, оның отты жанары көрермендердің арасында киімдерімен оқшауланып тұрған бір топ қыздың ортасындағы ақ құба, мөлдіреген көздерімен қиылып қарап тұрған бір бойжеткеннен ауған емес.
Келесі кезекті жаттығуда да қара торы жігіт сол бойжеткенді көпшіліктің арасынан көзімен іздеп тауып, бар жеңісін іштей соған арнаумен болды. Бір қаға берісте жігіт көрермендерге жақындап барып, білегіндегі орамалын шешіп алып, сол бойжеткенге туралап лақтырды. Қыз да күтіп тұрғандай орамалды қағып алды. Арасындағы қағазды оқыды да, жігітке көз тастап, басын изеп жымиды.
***
Олар өзен жағасындағы сәмбі талдың түбінде кездесті.
– Атың кім, қарындас, – деді жігіт қызға жақындап келіп.
– Айша бикеш.
– Ал менің атым Ша-Махмұд. Тараздық Қарахан әулетіненмін.
– Мен Шаш кентінің бегі Айқожаның қызымын.
– Сізден көптен бері көз алмай жүр едім, кездескеніме, танысқаныма өте қуаныштымын!
– Мен де сіздің жаугершілік өнеріңізге тәнтімін.
Екеуі аттарын жетектеп, өзен жағасын біршама аралап қайтты. Айша бикештің күтушісі Бабажы қатын келмегенде, әлі де әңгімелері жарасып жүре берер ме еді...
***
Олардың келесі жарастықты кездесуін де Ша-Махмұдтың шабарманы бұзды. Ол келген бойда:
– Сізді әкеңіз Сатұқ Боғра қаған «тезірек жетсін» деп шақыртып жатыр. Елімізге тұрфандықтар шабуыл жасапты, – деп суыт хабар жеткізді.
***
Ша-Махмұд әскерін жинап еліне аттанарда Айша бикешке тағы жолықты.
– Айша, жаным, мен жауыммен жағаласқалы еліме аттанып барамын. Егер тірі қалсам, саған құс болып ұшып жетемін. Асыл жарым ретінде еліме әкетемін. Мені күт!
– Екі көзім төрт болып күтем, жаным! Тірі қалуыңды тілеп, тілекшің боламын. Мә, мына көгершіндерімді алып кет, хабарыңды осылар арқылы жеткізіп тұрғайсың! – деп қыз ішінде үш көгершіні бар торды ұстатты.
***
Автор: Жігіт сөзінде тұрып, ай сайын бір көгершінді ұшырып, ыстық сезімін хат арқылы жеткізіп тұрды. Қыз да хатты көзінен жасы сорғалап, егіле оқып, күтуден танбады. Алайда, қыздың қолына екі көгершіні келіп қонғанымен, үшіншісінен хабар болмады. Оны орта жолда бір мерген садағымен атып өлтірген еді. Жаздың үш айы өтіп, сарғайып күз де келді. Бірақ жігіттен хабар болмады. Қыз да үздігіп күтуден сарғайып, бір күні әкесінің алдына барды:
– Бір хабарын білейін, аман болса, алдыңызға келіп, ақ батаңызды алып қосылармыз, – деп рұқсат сұрады. Бірақ әкесі:
– Көлденең көк аттыға берер қызым жоқ. Ертең-ақ қара жамылып, жесір боп қалсаң қайтпекпін?! Болмайды!– деп әкесі рұқсат бермеді.
Қызының жылай-жылай құса болып жүргенін көрген анасы Әнбар бибі бірде:
– Қызым, әкең рұқсат бермесе де мен келістім. Тәрбиешің Бабажы қатынды ертіп, жолға шық! – деп, Айша бикешті күтушісі Бабажы қатынмен, қырық қызбен бірге жолға шығарып салды.
***
Қайсар қыз қырық құрбысымен бірге бірнеше күн жол жүріп, Таразға түстік жер қалғанда, Аса өзенінің бойында дамылдап, өздерін ретке келтіріп алмақ болды. Суға түсіп шомылып, таранып, киімдерін ауыстырады. Қоржынынан сәукелесін алып енді кие бергенде, басы «тыз» етіп, қатты ауырсынып, сәукелесі жерге түсіп кетті. Сәукеле ішінен бір қара шұбар жылан айыр тілі жалаңдап сусып шыға бергенде, қыз шыңғырып жіберді.
– А-а! Қыздар, мені жылан шақты! – деді де басы айналғаннан көзін жұмып, жерге сылқ құлады. Қыздар жанына жетіп келгенде, – Құрбылар, егер тірі болса, Ша-Махмұдқа тезірек хабар беріңдер! Сүйіктімді тірі кезімде көріп кетейін! – деді үздігіп.
Бұны естігенде жаны қалмаған Бабажы қатын атына қарғып мінді де, Тараз жаққа қарай құстай ұшты.
***
Көп өтпей Ша-Махмұд бастаған топ жеделдетіп жеткенде, Айша ентіге дем алып, өлім мен өмір аузында жатыр еді. Қыз кірпігін әзер қимылдатып:
– Ша-Махмұд, амансың ба?! Мен сертімде тұрып келдім, – деді жымиып. Жүзі бозарып, әлсіреп жатқан қыздың ажалына араша бола алмасын түсінген жігіттің жүзін ащы жас жуып кетті.
– Жаным, айым, күнім! – деп жігіт еңкілдеп қыздың бетінен сүйе берді. Кенет есін жиып, жанындағы еріп келген молдаға:
– Тезірек некемізді қиыңыз! Қосылуды армандаған ғашығым еді, қайтейін. Ең болмаса о дүниеде қосылайық, – деп, Айшаның басын тізесіне қойды.
– Шырағым, Айша, Ша-Махмұдты қабыл тұттың ба? – дегені сол, қыз әлсіз ғана иек қағып, ризалық білдірді де, көз жұмды.
– Мен де Айшаны қабыл тұттым! – деп жігіт еңкілдеп еңіреп жіберді.
***
Автор: Айшаның денесі Аса өзенінің жағасына қойылды. Қыздың соңғы демі өз қолында шыққанына әрі риза, әрі құса болған Қарахан қағаны Ша-Махмұд сүйіктісінің басына зәулім кесене тұрғызды. Ал тәрбиешісі Бабажы қатын өле-өлгенше қыз бейітінің басында шырақшысы болған екен. Дүние салған соң Ша-Махмұд оның басына да күмбез тұрғызыпты.
8-серия
Қастандық
Кашмир қаласының базары. Жайма алдында тұрған бірнеше сатушы өз ара сыпсың сөзге кіріскен.
Бірінші сатушы: Естідіңдер ме? Қала әмірі Мұхаммед Хайдар мырза өз еліне қашып кетпекші екен.
Екінші сатушы: Қойыңыз! Ол әмір болғалы қаламызда қақтығыс, соғыс болмай тынышталып қалған еді ғой. Ол неге кетеді?
Үшінші сатушы: Иә, дұрыс айтасыз. Өзі білімді абыз, тарихшы ғаым адам емес пе. Ол кісінің «Тарихи–Рашиди» атты кітабын мен оқып шықтым. Өте құнды кітап екен.
Бірінші сатушы (ренжіп): Мен опақ десем, сіздер сопақ дейсіздер. Ол бізден жиған салықты қаптап, тонап, еліне әкетпекші екен. Мен өз құлағыммен естідім.
Екінші сатушы: Қашып кететін адам бізден жинаған салығын көбейтуі тиіс еді ғой. Ол керісінше халықтың жайын ойлап, азайтқан жоқ па.
Үшінші сатушы: Иә, дұрыс айтасың. Сен айтқанының бәрі ол кісіні көре алмайтын жаулардың арандатуы ғой.
Бірінші сатушы: Бекер сенбейсіздер. Мен шындықты айтып тұрмын.
Үшінші сатушы: Алушыларды алдап жүрген сендей саудагерден қандай шындық шығушы еді.
Екеуі де күледі. Ал, бірінші сатушы оларға ренжіп, қолын бір сілкіп кетіп қалады.
***
Мұхаммед Хайдардың іс жүргізушісі Саржан, бас күзетші және Суқан үшеуі құпия түрде ақылдасып отырады.
Саржан (Суқанға қарап): Суқан, ел–жұртқа сыпсың сөзді тараттың ба?
Суқан: Иә, Саржан мырза, тараттым. Естіп, үдерген жұрт жиналып, ертең мырзамыздың сарайының алдына жиылып келмекші.
Саржан (қуана жымиып): Бәрекелді! Мырзамыз бар есіл–дерті кітап оқып, дәптер шимайлап жүргенде, оның орнын басып қалудың жағдайын жасайық. (Ол риза түрде қолын ысқылайды. Бас күзетшіге қарап). Сен де дайынсың ба?
Бас күзетші: Дайынбыз.
Саржан: Онда ертеңге дейін.
Үшеуі жан–жақтарына қара, есіктен сығалап, бір–бірлеп шығып кетеді.
***
Мұхаммед Хайдар Дулатидің сарайы. Жұмыс үстелінде бірнеше кітап жатыр. Өзі алдындағы дәптерге асықпай жазу жазып отыр. Бір кезде жазғандарын дауыстап оқиды: «Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті–Қыпшақ даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Жәнібек хан мен Керей хан одан бөлініп, Моғолстанға келеді. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батысындағы Шу өзені алабындағы Қозыбасыны берді. Әбілқайыр қайтыс болған соң, Дешті Қыпшақ жұрты түгелімен Керей мен Жәнібек ханға келіп қосылды. Қазақ сұлтандары билігінің бастауы 1465 жылдан басталады. Ал, Алла жақсы біледі...»
Кенет бір қызметкері келеді.
Қызметкері: Хайдар мырза! Бір жаушы суыт келіп тұр, сіздің қабылдауыңызды сұрайды.
Хайдар Дулати: Кірсін.
Жаушы алқын–жұлқын жетіп келеді де, Хайдар мырзаның қолына бір хатты ұстатады. Оқымай жатып өзі сол хаттың мазмұнын айтып берді.
Жаушы (алқынып): Хайдар мырза! Бұл жиеніңіз Әбді–Рашидтің хаты. Өзі Қабулда, жауларының қоршауында қалған. Сізден жедел түрде әскери көмек сұрайды.
Хайдар дулати: Әбді–Рашид мені қуып жіберген туысқаным, әрі шәкіртім ғой. Бірақ мына хаттағы жазу оның қолына тіпті ұқсамайды әрі мөрі де жоқ.
Жаушы: Ол кісі соғыс қамында жүріп хатшысына жаздырған ғой. Қарбаласта жүріп, мөрін де ұмытқан болуы керек.
Хайдар Дулати: Кім қоршауға алған?
Жаушы: Үндістанның әмірі Шерхан.
Хайдар Дулати: Ә, ол бізді қойып енді Ауғанстанға тиісті ме. (Ол бір шетте тұрған қолбасшысы Қара Баһадүрге қарайды). Қара Баһадүр қолбасшым, әскерді жина да, Әбді–Рашидке көмекке аттаныңдар. Лажы болса бүгін қозғалыңдар.
Қара Баһадүр: Құп болады, мырза.
Олар шығып кетеді.
***
Қара Баһадүр жасағымен екі жағы биік тік жарлы сайдан өтіп бара жатқан. Кенет, екі жақтан биік қырдан қарулы әскерлер шыға келеді. Олар садақтарын төмендегі жасақтарға кезенеді.
Оң жағындағы жардан олардың әскербасы айқайлайды: Әй, тоқтаңдар! Қаруларыңды тастаңдар! Әне, қараңдар, сендер қоршаудасыңдар!
Қара Баһадүр екі тарапқа көз салып қарап еді, самсап тұрған сарбаздарды көреді. Бірақ саспайды, әскерлеріне жоғарыдағылар естімейтіндей дауыспен: Қаруларыңды тастамаңдар! Қазір алға қарай құйғытып шаба жөнелеміз де, екіге бөлініп, олардың өздеріне қайта шабуылдаймыз. Ал, қамшыларыңды басыңдар!
Қара Баһадүрдің әскері сол шапқаннан шауып отырып, жардың аяқталған жерінде екі бөлінеді де, қайта кері шабады. Олар сол екіге бөлінген күйі екі жақтап жар басындағы сасқалақтаған жау әскеріне лап қояды. Екіпндеген бетімен жау әскеріне жетіп барып, қоян–қолтық айқасқа кіріседі. Оларды жайпап, тықсырып, кері шегіндіреді. Қара Баһадүр жаудың арасынан әлгі әскербасыны көреді де тура соған ұмтылады. Ол қорқып қаша жөнеледі, бұл қуып береді. Бір уақытта жете бере арқан лақтырып, оны атынан аударып түсіреді. Қара Баһадүр атынан түсіп, тұзаққа түскен әскербасыны аударып қарайды.
Қара Баһадүр (қабағын түйіп): Әй, сен Хайдар мырзаның бас күзетшісі едің ғой! Бәсе, әлгінде даусың таныс көрінеді. (Қайтадан қабағын түйіп). Неге бізге қарсы соғысып жүрсің?! (Найзасын оның кеудесіне тіреп). Кәне, шыныңды айт!
Бас күзетші: Баһадүр мырза, өлтірме мені! Барлығына айтамын.
Қара Баһадүр (найзасын батыра түседі): Айт, кәне, тез?
Бас күзетші: Бұның бәрі Саржанның ісі. Ол Хайдар мырзаның орнын тартып алмақшы.
Қара Баһадүр: Ал, Әбді–Рашидтің қоршалды дегені не?!
Бас күзетші: ОЛ да соның ойлап тапқаны.
Қара Баһадүр (тіке қарап): Оңбаған! (Бас күзетшіге қарап). Кәне, тұр орныңнан! Алдыға түс!
***
Хайдар Дулатидің срайы.
Қызметкер: Қала халқы көтеріліп, сізді шақырып жатыр.
Мұхаммед Хайдар еш нәрседен күдіктенбей сыртқа шығады. Көшенің арғы бетінен айыр, күрек, таяқ ұстаған тобыр халықты көреді. Ортада лаулап от жинап жатыр. Соның бергі алдында үлкен сандықты ұстап екі адам тұр. Олардың жанында өзінің іс басқарушысы Саржан тұр.
Саржан: Мына ел–жұртты көрдіңіз бе? Бұлар сіздің әмірлігіңізге нарзы. Сіздің ораныңыздан түсуіңізді қалайды.
Хайдар Дулати: Қандай себеппен?
Саржан: Сіз елден қашы кеткелі жүрсіз.
Хайдар Дулати (ашуланып): Бұл өтірікті кім шығарып жүрген?!
Саржан (біраз абдырып қалады да, кейін тез қалпына келіп): Хайдар мырза! Мына сандықты көрдіңіз бе? Ішіндегінің бәрі сіздің жазған кітаптарыңыз. Кәне, ашып көрсетіңдерші.
Әлгі екі адам ашып көрсетеді. Іші толған кітаптар екен.
Саржан: Бұл кітаптарды қазір ана отқа тастап, өртейміз. (Арттарында лаулап жанып жатқан отты көрсетеді). Көрдіңіз бе?
Хайдар Дулати (кітаптарына зәресі қалмай ұмтылады): Не үшін?!
Саржан: Тоқтаңыз! Егер әмірлік орныңызды маған берсеңіз, онда кітаптарыңыз сау қалады. Әйтпесе... (Жанандығаларға). Кәне, дайындалыңдар!
Хайдар Дулати (қатты қобалжып): Мейлі! Бірақ кітаптарды өртей көрме!
Саржан: Онда мына қол қойыңыз! Бұл – әсірліктен өз еркіммен түсем деген қағаз.
Хайдар Дулати: Кәне, әкел, бірақ кітаптарымды өртей көрме!
Ол жақындап, қаламды ұстап, қол қойып бола бергенде, ұзағырақтан әскерімен шауып келе жатқан Қара Баһадүр көреніде.
Қара Баһадүр (айқайлайды): Мырза, тоқтай тұрыңыз!..
Дәл сол кезде Саржан арт жақта садақ ұстап тұрға сатқынға ат дегендей ымдайды. Ол Хайдар мырзанығ арқа тұсынан көздеп тұрып атып қалады. Оқ зулап ұшып барып, Хайдар мырзаның жауырынынан қадалады. Қара Баһадүр де сондайдан садағының адырнасын құлаштай керіп, тартып қалады. Қозыжауырын оқ Саржанның кеудесіне қарыс бойы қадалады. Ол жиіркенішті түрде ыңырси керіліп, жерге гүрс етіп шалқасынан құлап түседі. Оның қолындағы әлгі қағаз екпінмен ұшып барып, сол қалқыған күйі отқа түсіп, лап беріп жанып кетеді.
Қара Баһадүр ұшыртып жетіп келіп, атынан лып етіп секіріп түсіп, құлап бара жатқан Хайдар мырзаны шап беріп ұстай алады. Оны тізесіне сүйемелдеп қойып, бетіне үрейлене үңіледі.
Қара Баһадүр: Қалайсыз, мырза?!
Хайдар Дулати (көзін ашып): Ә, Қара Баһадүр, жеттің бе? Сен мына адасқан қара халыққа тиіспе, олардың жазығы жоқ.
Қара Баһадүр: Айтқаныңыз болсын, мырза.
Хайдар Дулати (ауырсынып, ернін жымырып барып қайта сөйлейді): Менің ана сандықтағы кітаптарымды, сарайдағы жазған дүниелерімді – бәрін жиыстырып, туып–өскен өлкем Түркістанға, Таразға апарып, сенімді қолға аман–есен тапсырасың ғой.
Қара Баһадүр: Оған қам жемеңіз, мырзам. Бәрі сіз айтқандай болады.
Хайдар Дулати: Билікті өзің қолға ал!..
Ол соңғы тынысын алады да, сылқ түсіп үзіліп кетеді.
Автор: Міне, осылайша орта ғасырдағы ұлы бабамыз, ғұлама тарихшы ғалым, дарынды әскербасы, ірі мемлекет қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулати 1551 жылы елу екі жасында Кашмирде қайтыс болды. Оның Қазақ хандығы жайлы жазған «Тарих–и–Рашиди» атты әйгілі тарихи еңбегі мен «Жаһаннаме» дастаны біздің заманымызға аман–есен жетіп, дүниежүзілік құнды еңбектердің қатарына қосылды.
9-серия
Қоңыр желімді Қордай батыр
Автор: Біз әңгімелегелі отырған Қордай батыр ХІХ–ғасырда өмір сүрген екен. Батырдың екі қолы тоқпақтай, басы бақырдай, құлағы тебінгідей, көзі өткір, сесті, екі иығына екі кісі мінгендей, бойы барлық адамнан биік екен. Мінезі ақкөңіл, жомарт, мейір–шапқатты, даусы күлгенде қарқылдап, сөйлегенде гүрілдеп шығады екен. Жорыққа шыққан жау сарбаздары «қоңыр желімді Қордай батыр» деп, ол жүрген жерлерге жоламауға тырысқан. Ал, енді әңгімемді бастайын.
Бір көктемде Берді, Бердібек деген екі ағайынды жігіт Қордай батырды желіктіріп, қалмақ ауылдарына барып, көп олжа тауып келмек болады. Ай қараңғы түнде үшеуі келе жатса, өрісте айғыр кісінеп, жалқы шұрқырап азан–қазан болып жатыр екен.
Көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде жылқыларға жақындап келе бергенде, алдарынан қалың мола шығады. Абайлап қараса, шеткерірек бір бейіттің төрт құлақ дуалына сүйенген әппақ бірдеңе тұр. Алдында өгіздей бір пәле қорбаңдап жүр.
Үш батыр:
– Бұл не, пері ме, шайтан ба, әлде аруақ па?
– Анау алдындағы қарайған дәу қарасы не болды екен? – деп аң–таң қалысады.
Жақындайын десе, аттары үркіп, осқырып жоламайды. Енді үшеуі сасайын деді. Сонда қордай батыр:
– Бұдан қашқанша өлген артық, кәне, не де болса көрейік, – деп аттан түседі. Берді мен Бердібек те аттарынан түсе–түсе қалысады.
– Шоқпарларыңды оңтайлап менің соңымнан еріңдер, – дейді Қордай ағайынды екеуіне. Әлгі екеуі:
– Әзірейіл ме, жын ба, оған тиісіп не қыламыз, қой кейін қайтайық, – десе, Қордай болмайды:
– Не де болса білейік, не қолында өлейік, көрінгеннен қашып, қоян емеспіз, – дейді. Қордай алда, екі жігіт артта, сорайған әппақ құбыжыққа жақындай бергенде, алдандағы таудай болып тұрған бәлі қазғалады. Екі жігіт үрейленіп:
– Апырау, анау қайтеді өзі? – дейді. Қордайда үн жоқ жақындай береді. Таяна бергенде, әлгі қорбаңдаған қара дәу оларға тұра ұмтылады. Қордай ақырып айқаса кетеді. Екі жігіт те шоқпармен ұра бастайды. Біраз алысып барып, Қордай әлгі дәуді жерге алып ұрады. Шақпақ жағып қараса, қара дәу деп алысқаны күжірейген қара аю екен. Бейіттің қабырғасына серейтіп сүйеп қойғаны – өлген әйелдің кебіндеген денесі екен. Қара шашы беліне түскен, біреудің ақ жауып арулап қойған аяулысы болса керек.
Сөйтіп, олар аюды жайратқанда таң да құланиектеніп ата бастайды. Аттарына мініп, алдындағы жотаға шықса, бір ауыл көрінеді. Ауыл маңы үйір–үйір жылқы, қора–қора қойлар өріске қаптап барады. Үшеуі үлкен бір ақ үйге жақындағанда, екі жігіт жүгіріп келіп аттарын байлайды. Олар үйге енеді, іші жиһазды, кілем, көрпе, отырып жайғаса бергенде, есік тағы ашылады. Сұлу мұратты, қара сақалды, ұзын бойлы кісі кіреді. Жасы қырық–елудің ортасында болар.
– Қайдан жүрсіңдер, киімдерің Қасқараудың үлгісі ғой? – дейді. Ауыр мінезді Қордай үндемейдң. Жауапты сөзге шешен, пысықтау Берді қайтарады:
– Иә, ақсақал, дұрыс таптыңыз, Қасқарау Байтүгел деге елміз.
– Шырақтарым, елдерің аман ба? Қарайбай, Кебекбай, Қордайлар аман ба? – дейді ақсақал.
– Ел–жұрт аман–есен. Қордай деген ініңіз мына кісі болады, –дейді Берді. Солай деуі мұң екен, әлгі кісі:
– Ау, Қордай батыр сен бе едің?! – деп бұрылып, оған қолын қайта ұсынады. – Мен осы ауылдың үлкені Бейсенбай деген боламын, шырақтарым. Сырттарыңнан аттарыңа қанықпын, ас жеп, қымыз ішіп демалыңдар. Күнде келіп жатқан жоқсыңдар, мен сыртқа шығып мал сойғызайын, – деді.
***
Үш жігіт дастарқандағы әңгіме үстінде түндегі көргендерін бастан–аяқ айтып еді, сол үйдің іші шулап жылап қалды.
– Неше күннен бері жылап, тірілтіп алдыңдар ма, қойыңдар енді, – деп Бейсенбай қарт тоқтау айтты. – Ол көргендерің өткенде жерлеген менің келінім ғой, – деп басын төмен салды.
***
Байсекең елді жинап, молаға барып, өлген әйелді қайтадан қойып, жаназа оқыды. Аюды арбаға салып ауылға әкеледі. Бейсенбай қарт сонда Қордайға қарап:
– Атағыңды естіп, өзіңді көрмеген едім, айналайын Қордай батыр. Көп раөмет, көсегең көгерсін, бақытты бол! – жанындағы баласына қарап. – Ал, Ноғай балам, үй көтер, бір апта жатқызып, мына Қордай батырды күт. Жылқыдан таңдап үшеуіне үш ат мінгіз! – депті.
***
Бір жорықта Қордай серіктерімен жаудың көп малын айдап қайтты. Олжалы қайтып келе жатқан Қордай таудың баурайына тоқтап, атала көже әзірлеуге кірісті. Кенет:
– Жігіттер, жау келіп қалды! – деген қарауылдың шошынған даусын естіп, серіктері дүрліге атқа қонады. Қордай батыр:
– Жейін деп отырған дәмді жауға тастап кетуге болмас, ішіп кетелік, – деп мосыдағы бақырды іліп алып, буы бұрқырап тұрған ыстық көжені аузына төңкереді. Жұтып жіберіп, қайта төккенде, ыстық көжеден аттың жалы жидіп түсті.
Қордай батыр түк болмағандай серіктеріне бұрылып:
– Сендер қолға түсірген жылқыны айдап алға тарта беріңдер. Жауды есебін тауып өзім–ақ қайырармын, – деді.
Серіктері жылқының соңынан жөңкіле қуып кетті. Өзі бір биік төбенің басына шауып шығып, аттан түсіп, белдігін шешіп, қару–жарағын ердің басына іліп қойып, түзге отырған кісіге ұқсап, сырт киімін жамылып отыра қалды.
Бір адамның төбе басына бұрылғанын, қалғандарының жылқыларды айдап қашып бара жатқанын жау алыстан көріп келе жатқан.
– Анау төбе басына жан сауғалап қашып барған ажалды пендені бір–екеуің барып өлтіріп, найза қандаңдар, – деді жау басшысы.
Жау тобынан екі адам төбеге қарай бұрылып, қалғандары алға ұмтылды.
Екі атты төбе басына келсе, басы қазандай бір дәу жалпайып отыр екен. Олар тақай бергенде:
– Әй, ез болсаңдар, қарусыз кісіні түйрей бергін. Ер болсаң, тоқта. Мен орнымнан тұрайын, киімімді киейін, атыма мініп, найзамды қолыма алайын, – деді Қордай батыр.
Әлгі екеуі бір–біріне қарап:
– Түзге отырған кісіні шаншығанымыз ұят болар. Атына мінсін, содан соң өлтіріп, найзамызды қандармыз, – десті.
Қордай асықпай, жайымен сауытын киіп, белін буып, ердің басында ілулі тұрған найзаны қолына алып, «Әл!» деп атына қарғып мінді. Аңдып тұрған екі жау найзаларын кезеп, алға ұмтылысты. Қордай екеуін ептілікпен бір–бір түйреп, аттарынан бұлай бір, олай бір ұшырып–ұшырып түсіреді. Содан бөрте атына қамшы басып, әлгі кеткен топтың соңынан қуа жөнеледі.
Жауды қуып жетіп, анаусын да бір түйреп, мынаусын да бір түйреп, аттан аударып тастай берді. Алдыңғылар оның Қордай екенін білмей, артымыздан қуып жеткен әлгі екі адамымыздың бірі екен деп ойлады.
Өстіп, жау топалаң тигендей аттарынан бытырлап құлап түсіп жатқан. Кенет біреуі артына қарап:
– Ойбай, Қордай! – деп жан даусы шығып айқайлап жіберіп еді, қалғандары да бас сауғалап, аттарын жалт бұрып, зәре–құты қалмай кейін қашты. Ал, Қордай болса олардың арттарынан ысқырып, қарқылдап күліп, серіктеріне қайта қосылды.
Автор: Иә, Қордай батыр осындай әдіс–айламен жауды талай рет жеңіп, талай рет шілдей қашырған көрінеді. Есі шығып жеңілген жау: «Бұл Қордайдың өзі емес, артымыздан қуып келген оның аруағы, қасиет–пірі» деп, қатты қорқады екен.
Ал, бүгінде талай жауды түсіріп, қашырған, жорық жолдары сайрап жатқан Қырғыз Алатауы етегіндегі, Алматы – Тараз тас жолның бойындағы юиік жоталы асу – сол әйгілі батыр бабамыздың құрметіне Қордай асуы деп аталатын көрінеді.
10-серия
Көк бөрілі көк байрақ
Ақ Ордада алқақотан жайғасқан қазақтың игі жақсылары мәжіліс құрып отыр. Төрде –Керей, Жәнібек сұлтандар мен Асан Қайғы, Қодан би, Шалкиіз, Қазтуған бастаған абыз ақсақалдар, би–жыраулар. Мәжілісті Қодан би бастап, Асан Қайғы қорытындылады.
– Иә, дұрыс, – деп жайымен сөз бастады ол. – Келер айдың алғашқы жұмасына сауын айтып, үлкен құрылтай шақырғалы отырсыңдар. Керей сұлтаны хан көтеріп, жаңа мемлекет – Қазақ хандығын құруға шешім қабылдадыңдар. Бұл игі ниеттеріңді мен барымды салып қолдаймын. Егенімен, жаңа мемлекет болғаннан кейін оның өз алдына тұғырлы туы, асқарлы байрағы болуы керек емес пе екен. Оның жайын қайттіңдер?
– Асеке, біз оны да ұмытқан жоқпыз, – деп іліп кетті Керей сұлтан. – Ежелгі шежіре бойынша, қазақ көк түріктен тарамайтын ба еді?! Біз сол көк түрікті негізге алып, байрағымызды көк бөрілі, көк түсті етіп жасатқалы отырмыз. Ісмер-ұстаға тапсырып та қойдық.
– Әп, бәрекелді! Онда болашақ туымыз тұғырлы болсын!
– Айтсын!
***
Алтын Орда ханы Әбілхайырдың ордасы. Тақта – Әбілайырдың өзі, алдында Қожақ батыр.
– Иә, сөйле, батырым. Керей мен Жәнібектен не біліп келдің?
– Хан ием, Керей мен Жәнібек келер айдың алғашқы жұмысына бүкіл еліне сауын айтып, Үлкен құрылтай шақырып отыр. Керейді хан сайлап, Қазақ ордасы атты мемлекет құрмақшы. Тіпті жаңа мемлекеттің туына дейін тапсырыс беріп қойған.
– Қап, құрып кеткір-ай, а! Дәл қазір менің қол астымда олардың жаңа ордасының ойран-ботқасын шығаратын күштің болмай тұрғанын-ай! Бар қолымды Қырымға жөнелткен едім. (Ойланып тұрып қалады). Тоқта, тоқта, былай болсын. Әлгінде сен жаңа мемлекеттің туына дейін тапсырыс беріп қойды дедің бе?
– Дәл солай, хн ием!
– Ендеше былай болсын, сен қарамағыңа мықты-мықты жиырма шақты жігіт ал да, Қазақ ордасының құрылтайына қатыс. Дәлірегі, дәл сол құрылтай болатын күннің таң алдында олардың дайындап қойған туын жымқырып аласың да, орнына бір қара туды қадап кетерсің. Бұл – жаңа мемлекетің құрылмай жатып, күйрегенінің алғашқы белгі нысаны болмақ. Қалай, тауып кеттім бе?! – деп зымияндықпен бір миығынан жымиды.
– Иә, дәл таптыңыз, тақсыр! – Қожақ батыр да шығыңқы еріндерін қисайтып, икемсіздеу ыржиды.
***
Кешкі елең алаң мезгіл. Бір табын жылқы қау шалғынға бас қойған. Қос басында Абат батыр жас жылқышы баланы атқа мінгізіп, ауылға аттандырып тұр:
– Азық-түлікті бір аптаға жетерліктей етіп қамдап келесің ғой. Таңғы салқыннан қалмай жет. Ал, Қасым батыр, жолың болсын!
– Әлей болсын, Абат аға, аман-есен болыңыздар, – ол желе жортып жөнеледі.
***
Таң құланиектенген мезгілде бір сардар соңына екі сарбазды ерткен күйі, боз үйдің алдына келіп, есігінің алдындағы екі күзетшіден рапорт қабылады.
– Ту құтты орнында тұр, сардар!
– Бәрі жайында! – деді екеуі.
Сардар есікті ашып қарады да, көңілі жайланып, әлгі екеуіне:
– Орындарыңды жаңа келген күзетшілерге тапсырыңдар! Өздерің маған еріңдер! – деді.
– Құп болады! – олар орындарын жаңа күзетшілерге тапсырды да, өздері сардардың артынан ілесті.
***
Таң алагеуімде тұрған Қасым азық-түлік толтырылған қоржынды атына артып, өзі атын жетектеген күйі ауыл-үйдің арасынан өте берген. Бір үйдің тасасынан шыға бергенде Ақ Орданың жанындағы ту сақталған боз үйдің артқы тұсынан бірнеше адамның қараңдағанын байқап қалды. Ол үй тасасына қайта жасырына қалды да, әлгі адамдардың не істеп жатқанын бақылауға көшті. Әлгі адамдардың төрт-бесеуі үйді астыңғы керегесінен ұстап көтеріп еді, қолында ақ жаймалы таяқ ұстаған біреуі аунай кетіп, үйдің астынан ішке «зып» беріп кіріп кетті. Әлгі адам қалай тез кірсе, солай тез шыға келеді. Қолында баяғы ақ жаймалы таяқ. Қасым мұның мәнісін түк түсінбей, аузы ашылып аң-таң қалды. Бірақ әлгі адамдардың үйдің керегесін қайта түсіріп, жан-жақтарына секемдене қарап, аяқтарын еппен басып, ауыл сыртындағы сайға суыт жүріп кеткендерінен – бұның бәрі бекер емес екенін түсініп, қауіп ойлады. Ол да атын жылдам жетектеген күйі әлгілер жасырынған жотаға қарай жүгірді. Жота басына шығып, сайға қарап еді, әлгілер атқа қонған екен. Олар екіге бөлініп, бір бөлігі ауылға қарай бет бұрды да, екінші бөлігі батыс бағдарды бетке алып, тура тартып отырды. Мұны көрген Қасым да тез атқа қонып, қамшы басып, жылқышылар қосын бетке алып, ұшырта жөнелді.
***
Ол қосқа жете бере жылқы өргізіп жүрген Абат батырды байқап қалып:
– Абат аға, Абат аға!!! – деп, желдіртіп жанына жетіп бары.
Ол Абат ағасына болған жайдың бәрін асыға-үсіге айтып берді.
– Ә, сұмырайлар, олар туды ауыстырған екен ғой! – деп, Абат батыр бәрін түсіне қойды.
– Әй, Серікбай, тез бері кел! – деп серігін шақырып алды да. – Сендер жылқының басында болыңдар! Ал, Қасым, сен Серікбайдың тың атына мін де, мені әлгілер кеткен жаққа қарай баста! – деп, өзі қосқа қарай жүгіріп, сауыт-саймандарын жылдам киіп, қару-жарақтарын асынып, Қасыммен бірге шаба жөнелді.
***
Абат батыр мен Қасым суыт жолаушыларды түс әлетінде қуып жетті. Олар оқ атым жер қалғанда, әлгілер арттарынан қуғыншы түскенін аңғарып, он шақты кісі екендеріне қарамай, аттарына қамшы басып, қаша жөнелді. Абат батыр мен Қасым оларды қуып бара жатып, садақтарымен арттарынан оқ атумен болды. Кенет бір оқ дөп тиіп, ақ жаймалы таяқ ұстаған адам ерінен ауа құлады. Өзгелері оның қалып қойғанын көрді де, қашқандарын сап тиып, найзаларын алға ұстап, кері ұмтылды. Бұл кезде Абат батыр сол ұшыртқан күйі, аттың бір жағына жантая құлаған әлгі адамға жетіп қалған еді. Ол оның қолындағы ақ жайманы жете бере қолынан жұлып алды да, оны «Мә, ұста!» деп, артындағы Қасымға лақтырдым. Қасым оны қағып алғаны сол еді:
– Мен бұлармен өзім ұстасам! Сен Қозыбасыға қарай шап! Ақ Ордаға жегіп бар да, еш нәрсеге алаңдамай туды алмастырып үлгер!.. – дегені сол, әлгілер төніп келгені. Абат батыр олардың найзаларын қағып тастап, айбат шегіп, арыстандай алыса жөнелді.
***
Күн бесінге ауған шақ. Қозыбасы тауының етегіндегі үлкен алаңда қарақұрым халық. Орта тұстағы отыз алты қанат еңселі Ақ орданың алдында бір топ адам Керейді ақ киізге көтерген күйі, биік тақыттың алдына әкеледі. Керей таққа көтеріліп, айналасына асықпай қарады да, айнала үдеріскен халық:
– Уа, халқым! Қазақ жұртым! Жер дүниені, бүкіл жарты әлемді билеп, айбыны асып тұрған. Алтын Ордадан шағын мемлекет – Қазақ Ордасының бөлініп шығып, өз алдына шаңырақ көтеруі оңай іс емес. Уа, ақжүрек халқым, біз осындай қатерлі де қиямет қадамға барып отырмыз . Халық қалауымен өз алдына тәуелсіз мемлекет құрып отырмыз. Мемлекетіміз, мәңгілік болсын!
– Әруақ, әруақ!
– Керей хан жасасын! Қазақ хандығы мәңгілік болсын!
– Алаш мемлекетінің тұғыры биік болсын! –деп, лепіре ұранап жатты.
Керей қолдарын көтеріп, халықты тыныштандырды да:
– Ал, халқым, енді жаңа мемлекетіміздің туын көтерейік. Кәне, Ту әклеінсін! – деді күшті дауыспен.
Салтанат өз жөнімен жалғасып, ту ұстаушы сардар екі күзетші сарбаздың алдында, ақ жайманы көлденең ұстаған күйі атын аяңдатып, Ақ Ордаға қарай беттеп бара жатты. Оны көрген Қожақ батыр жанында тұрған серіктеріне:
– Анаң қараңдар, қазір қызық болады, – деп, сойдақ тістерін ырсита жымиды. – Туды орданың тутұғырына бекітіп, көтеріп, ақ жаймасын сыпырыс алған кезде көресіңдер, көк бөрінде көк тудың орнына, қара ту желбірейді. Сөйтіп, Керей хан мемлекетінің күні тумай жатып батқанының нышан-белгісіне куә боласыңдар. Бұл жаман ырымды мына қарақұрым халық қалай қабылдар екен, байқап қараңдаршы, – деп, өзіне-өзі риза болып ыржалаңдады. Жанындағы серіктері ле оны қостап, бір-біріне көздерін қысып қойып, миығынан күлумен болды.
Дәл осы кезде ешкім күтпеген бір жай жүз берді. Бір жас бала атын табындап ұшыртқан күйі ту ұстаушының жанынан жанат ағызып өтті де, сол құйындай ызғыиқан күйі ары қарай тоқтамастан шауып кетті. Ту ұстаушыны күзеткен екі сарбаз оның соңынан қуып ала жөнелді. Ештеңенің мәніне түсінбеген қалың жұрт сол қашқан баланың артынан ұзарта, қарап ауыздарын ашып қала берді. Дегенімен бұл уақытта ту ұстаушы ғана өзінің қолындағы ақ жайманың ауысып үлгергенін аңғарып, үрейлене матасын көтеріп қарады да, көңілі қайта жайланып, Ақ Орданың алдына сол аяңатқан күйі жақындай берді. Ол қолындағ ақ жайманы Орда маңдайындағы биік тутұғырға жалғап, оны биікке, көк төріне жайымен көтере бастады.
Осы кезде Қожақ батыр алақандарын құрышы қана ысқылап:
– Дәл қазір қараңдар, үлкен қызық болады! Қазақ хандығының қараңдығын бейнелейтін қара ту желбірейді! – деп, риза болғаны сондай, айқайлап жібергенін білмей қалды.
– Даусыңыз қатты шығып кетті, ақырын, батыр! – деп, серіктері оған басу айтып, қобалжып қалған.
Дәл сол мезет ақ жайма сыпырылып түсті де, көк төрінде Қазақ ханығының көк бөрілі көк туы жарқ етіп желбіреп шыға келгені!
Бұл ерекше көрініске Қожақ пен оның серіктері аң-таң қалып, еңселері түсіп, көздері бозарып, жүздерінен суық тер бұрқ еткен. Ал қара құрым халық қалпақтары н көкке атып:
– Көк туымыз жоғары болсын!
– Мәңгілік желбіресін!
– Қазақ хандығы құтты болсын! – деп тілек-лебіздерін жаудыртумен болды.
Әлгі баланы ұстап, екі қолынан жетелеп әкелген күзетші сарбаздар да оны ұмыта қоя беріп, көтерілген туға алаңдап, көңілері лепіре қуанумен болды. Сарбаздардан босанған Қасым болса арғы шеттен Абат ағасын көріп, саусағымен туды көрсетіп, жүзі бал-бұл жайнап, қуаныштан секірумен болды. Абат батыр басын изеп, екі алаңнын қабыстыра көкке көтеріп, ризалығын білдіріп жатты.
Автор: Иә, осылайша 1465 жылы Қозыбасы басында Керей, Жәнібек бастаған Қазақ сұлтандары таққа отырып, Қазақ хандығының көк туы зәулім биіктен желбіреп еді. Осылайша Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып Қазақ мемлекеті дүниеге келіп, тұғыры қалыптасқан еді!..
ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ ТАРИХИ ОҚИҒАЛАРЫ
ЖЕТІСУ – ШЕЖІРЕЛІ ӨЛКЕ
(1-серия)
Тәңірқұттан тараған мүшел
Автор: Мұнда баяндалғалы отырған оқиғалар көне тарихи аңыздар негізінде дайындалған еді.
Біздің дәуірімізден бұрынғы екі мыңыншы жылдарда сақтардың арғы атасы Тарғытай деген тәңірқұт өмір сүрді. Оның үш ұлы болды, аттары – Липоксай, Арпаксай және Қолақсай.
Тарғытай билік құрған кезде сақ даласына Көктен алтын заттар: соқа, мойынтұрық, айбалта және тостаған түседі.
Көрініс. Бұл заттарды үлкен ағалары Липоксай бірінші болып көреді. Ол әлгі заттарды жанына барып жерден көтерейін десе, алтын заттар «лап» етіп жалынға оранады. Ол шегініп, ортаншы ұл Арпаксай жақындайды. Алтындар тағы да от-жалын болып лаулайды. Лапылдап жанған алтынның ыстығы беттерін қарпыған ағалары кейін шегініп, кенже ұл – Қолақсай жақындағанда ғана жалын өшеді. Қолақсай ол заттарды үйінің төріне іліп, ағалары оған билік құрудың жолын береді.
Автор. Тәңірдің назары түскен Қолақсай сақтарға билік құрып тұрған кезде жауларынан жеңіліс көрмейді. Ол тағы бір кезекті жеңісінен кейін еліне оралып, жеңіс құрметіне үлкен ас береді. Ас үстінде ақсақал, сенімді нөкерлерін жиып, кеңес құрады.
Қолақсай (төңірегіне қарап): Менің алғаш жеңіс қазанғаным кай жыл еді?
Қалша ақсақал: Е-е, оған да он, он бес шақты жыл өтіпті ғой. Бірақ дәл қай жыл екені жадымызда калмапты.
Қолақсай тәңірқұт: Ал, яушыларды, сейінпилерді қай жылдары жеңген едім? (Ол енді есепші Қауыс ақсақалға қарады).
Қауыс ақсақал (ойланып): Оу, тақсыр ием, жылдан жылдың айырмасы бар ма? Мәселен, айларды – көктегі шоқжұлдыздарды Тәңірі ием жаратты, біз оларға Қозы, Үді, Ерентүз, Қучық деп ат қойып шықтық. Бір жылда он екі ай, әр айдың айырмасы бар, сол айларға орай жыл мезгілдері, шаруашылық кезеңдері алмасып отырады. Ал жылдарда ондай белгі бар дейсіз бе?
Қолақсай тәңірқұт: Міне, әңгіме сонда болып тұр. Осылайша жеңістерімізді, айшықты жылдарымызды ұмыта берсек, не болғаны? Бүйте берсек, бүгінгі тойлап жатқан ұлы жеңісімізді де естен шығарармыз. Одан кейін өмірде мағына бола ма?
Көпшілік: Рас айтасыз, тақсыр ием. Өмірде мағына бола ма?
Қалша ақсақал: Уа, тақсыр, әлгінде сіз яушыларды, сейінпилерді жеңген жыл дедіңіз. Жылдарды солардың атымен есте қалдырса болмас па?
Қолақсай тәңірқұт (бірден кесіп): Жоқ, болмайды! Мен жауларымды бүйтіп дәріптемеймін. Одан басқа қандай амал бар?
Қауыс аусақал: Әлгінде бір жылда он екі шоқжұлдыз ай бар екенін айтып өтіп едім. Жылдарды да сондай он екі жылдан мүшелдесе болмас па екен?
Қолақсай тәңірқұт (риза болып): Болғанда қандай! Бірақ аттарын қайдан аламыз?
Бәрі үнсіз ойланып кідіріп қалды.
Арғанат аңшы (үнсіздікті бұзып): Тақсыр ием!
Бәрі соның жүзіне аңтарыла қарайды.
Қолақсай тәңірқұт: Иә, Арғанат аңшы, сөйле!
Арғанат аңшы: Мен аңшылардың өкілімін. Содан бұл мәселеге де аңшылық тұрғыдан келмекпін. Егер рұқсат етсеңіз, алдағы Балық айында Іле бойына салбұрынға шықсақ. Сол алқаптағы малы бар ма, аңы бар ма, жануарлардың бәрін қамалай айдап, Іле өзенінен айдап өткізсек. Ең алғашқы өткен он екі жануардың атын әлгіндегі жылдарға қойсақ?!
Қолақсай тәңірқұт (қуана құптап): Бәрекелді! Бұл енді болатындай іс! Бұл жолы менің есепшім Қауыс пен бас аңшым Арғанат жарады! Кәне, қымыздан тағы құйыңдар, кеңесіміз осымен тәмам! (Осы сөзден кейін отырған жұрттың арқа-басы кеңіп, өз ара қауқылдасты да қалды).
***
Балық айы туа Қолақсай тәңірқұт Қалжат бастаған бір түмен әскері мен Арғанат бастаған аңшыларын Іле алқабына салбурынға жіберді. Қалжаттың жасағы Іле алқабындағы кең жазықтықты қаумалай қоршап, дауылпаз, дабылдарымен, қамшы, сойылдарымен жер жаңғырықтыра ұрғылап, үркітіп, алқаптағы малы бар, аңы бар – бәрін өзенге қарай айдайды. Қоршауда қалған жануарлар – жыртқышы, қоңыр аңы, үй малы, құсы, жәндігі бар – бәрі топырлап өзенге секіріп, арғы жағалауға жанұшырып жүзе жөнелді.
Ал арғы жағалауда Арғанат бастаған аңшылар тор құрып, оларды күтіп тұрған еді.
***
Көп өтпей салбурынға шыққан аңшылар ордаға олжалы оралды. Түсірген мол аңдарын орда жұртшылығына таратып берді. Ал Арғанаттың өзі бірнеше аңшымен «болашақ мүшел жылдарын» тірі күйінде көліктеріне артып, жетелеп, тәңірқұттың ордасына қарай беттеді. Арғанат орда маңына жайғасқан тәңірқұттың алдына келіп, қолын кеудесіне қойып, басын иді.
Арғанат аңшы: Тақсыр, он екі «жылды» құзіретіңізге әкеліп тұрмын.
Қолақсай тәңірқұт: Иә, баяндай бер.
Арғанат аңшы (күліп): Қызық болғанда, құрған торымызға алғашқылардың бірі болып мына шиқылдаған бәле түсті. (Кісе қалтасынан кішкентай тышқанды шиқылдатып алып шығады).
Отырғандардың бәрі шек-сілесі қатып күліп алады.
Бірінші нөкер: Өзі – шынашақтай, аты – келісаптай дегеннің нағыз өзі болды ғой.
Екінші нөкер: Иә, айтпа. Жылдың басын ең болмаса анау сиыр немесе түйе бастап берсе де бір жөн еді.
Бірақ жұрттың айтысын тәңірқұттың өзі тоқтатты.
Қолақсай тәңірқұт (қарқылдап күліп тұрып): Несі бар, тышқан да Тәңірі жаратқан жәндіктің бірі емес пе. Әңгіме оның бойында емес, атында болып тұр ғой. Жылдың басын осы тышқан-ақ бастап берсін.
Арғанат аңшы (аңшылардың тұсындағы жануарларды көрсетіп): Тышқаннан кейін торымызға кезегімен мына жануарлар: сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит түсті. Ең соңында он екінші болып мүшел жылымызды мына доңыз деген бәле қорытындылап тұр. (Ол қорсылдаған доңызды көрсетеді).
Жұрт тағы да қыран-жопан күлкіге қарық болады.
Бірінші нөкер: Құрығыр, жылымызды аяқтайтын бұдан басқа жануар табылмаған ба?
Екінші нөкер: Иә, ең болмаса еті арам болғанымен, күші адал есектің түспегенін айтсайшы!
Жұрттың көңілді айтысын тағы да тәңірқұт тиянақтайды.
Қолақсай тәңірқұт (күлген күйі): Бұл да Тәңірдің жаратқан мақұлығы. Қалай десеңдер де бізге оның заты емес, аты керек. Ендеше он екі жылды осы доңызбен бір үйірейік. (Ол жанындағы Қауыс есепшіге назар аударады). Осы аталған жануарлардың бәрін кезегімен алтын табаққа шекіп түсіріп жатырсың ба?
Қауыс ақсақал: Иә, тақсыр, міне, (алдындағы беті жайпақ алтын табақты көрсетеді). Бетіне аталған жануарлардың бейнелерін шекіп түсіріп жатырмын.
Қолақсай тәңірқұт: Бәрекелді! Онда аяқтай бер. Кейін оны Орда төріне іліп қоямыз. Мүшел санауда жаңылыспау үшін керек болады.
Қауыс ақсақал: Тақсыр, бір ұсынысым бар.
Қолақсай тәңірқұт: Иә, айта ғой.
Қауыс ақсақал: Жұрттың көңілінде: «Бұл мүшел жылдары қай уақытта басталып, қай уақытта алмасады?» деген сауал туады. Есепші болғандықтан, мұны алдын ала ойлап жүр едім. Осы көктемнің алдағы күндері күн мен түн теңеледі. Мүшел жылдары сол теңелген күннен тұрақты түрде бастау алып, алмасып отырса деген ұсыныс қой.
Қолақсай тәңірқұт: Бұл ұсынысың орынды екен, назарда ұстаймыз. (Өзі орнынан тұрады да, жиылған көпшілікке қарап сөзін жалғайды). Уа, қара халқым, бұдан былай, биылғы жылдан бастап жыл санауды осы он екі мүшел жылдарымен есептейтін боламыз. Мүшел жылдың басы – Тышқан жылы – алдағы күн мен түн теңелетін күннен бастап күшіне енеді. Сол күн Жаңа жылдың басы болып белгіленсін! Міне, осы Жарлығымды нөкерлерім қарауымдағы ел-жұрттың бәріне түгел таратсын!
Айнала тұрған нөкерлер (бастарын иіп тағзым етеді): Құп болады!!!
Қолақсай тәңірқұт: Ал, аңшылар, мүшел жылдардың құрметіне сендер ұстап келген олжаларыңа бостандық беремін! Жануарлардың бәрі босатылсын!
Аңшылар олжа аңдарын босатып еді, олар не болғанын түсінбей жан-жақтарына алақтап қарай берген. Жұрт қолдарын шапалақтап, балалар ысқырып еді, олар беті ауған жаққа тым-тырақай қаша жөнелді.
***
Көктемнің жылы шуақты күні «Таңбалы тастар» қорымының маңына Ақ орда мен бірнеше шатыр тігіледі. Сол арадағы жақпар тастың біріне сақ жұрты құдайы мал шалып, үлкен тай қазанға ас қамдауға кіріседі.
Жиылған қара жұрт ер, әйел, бала демей өз ара төс қағысып амандасып, бір-біріне жақсы тілектер айтысып жатты:
– Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
– Тышқан жылы құт-береке әкелсін!
Балбал тас – Тәңірге, Ұмай анаға тағзым етіп, ағаш, бұталарға ақтық байлап, салттық рәсімдер жасалады.
Ал бұл кезде Қауыс ақсақал Қолақсай тәңірқұтты ертіп алып, «Таңбалы тастарды» аралатып жүр еді.
Тастар алқабында қашалып жасалған әр түрлі бейне-суреттер: адамдар, жануарлар, ат шабармандар, қос доңғалақты арбалар, аң аулау көріністері, жылқы, аңдарды бұғалықтау, құрбандық шалу рәсімі, салттық билер көрінісі.
Қауыс ақсақал бір жақпар тастың тұсына келеді.
Қауыс ақсақал: Мына таста Көк Тәңірім мен он екі шоқжұлдыз бедерленген.
Қолақсай тәңірқұт: Көріп тұрмын. Бұл белгілермен не айтпақ едің?
Қауыс ақсақал: Біз пайдаланып жүрген он екі ай – көктегі он екі шоқжұлдызды Тәңірім жаратты деген белгі еді.
Қолақсай тәңірқұт: Түсінікті.
Олар тағы бір тастың тұсына келеді.
Қауыс ақсақал: Ал мұнда он екі мүшел жылдары және сіз бедерлендіңіз.
Қолақсай тәңірқұт: Бұл белгілермен не айтпақ едің?
Қауыс ақсақал: Біз бүгіннен бастап пайдаланғалы жүрген мүшел жылдарды сіз жараттыңыз.
Қолақсай тәңірқұт: Ал, өздерің, ат салысқан жұрт ше?
Қауыс ақсақал: Олар сіздің ойыңызды іске асырып, қалауыңызды, жарлығыңызды орындады.
Қолақсай тәңірқұт: Е, бұл да түсінікті болды.
Олар әрі қарай жүреді.
Автор: Міне, осылайша, біздің дәуірімізден бұрынғы екі мыңыншы жылдарда немесе төрт мың жыл бұрын сақ даласында, Жетісу өңірінде он екі жылдық мүшел есебін жүргізу мен Жаңа жыл немесе Наурызды тойлау салты дүниеге келген екен. Бұл салтты кейін түстіктегі көршілеріміз қытай мен парсылар еншілеп, солар арқылы Ұлы Жібек жолы бойымен бүкіл әлемге тарап, оларды да өркениет жолына бастапты.
Осы жерде айта кетейік, бұл жаңалықпен бірге сақтардың өнері де жаңа мазмұнмен байи түседі. Яғни, сақтардың дүниежүзілік өркениетке қосқан тағы бір үлесі – мүшел жылдарымен бірге зергерлік өнерде аң мәнерлі (зверийный стиль) өрнегінің негізі дүниеге келген еді.
2-серия
Арсақ – Шоң – дос!
Автор: Біздің жыл санауымыздан бұрынғы мың жылдықта Тәңіртаудың терістік бетіндегі кең жазықтықты бір қауым ел жайлады. Олардың бір бөлігі егіншілікпен, қолөнермен шұғылданса, қалған басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысатын. Мал шаруашылығымен айналысатын қауымның бір шаңырағында Арсақ деген талапшыл бақташы бала өмір сүреді. Оның талапшыл болатыны сол, өрісте қой бағып құр жалығып отырмай, қолына түскен тас, таяқпен жер, тас бетін шұқылап сызып, кескін салумен әуестенетін. Айналасында қандай құбылыс болса, соны кескіндеуден жалықпайды. Өрісте жылқы жайылып жүрсе – жылқыларды, сиыр жайылып жүрсе – сиырларды, жанынан аң-құс өтсе - аң-құсты, балалар ойнап жүрсе – балаларды кескіндейді. Жерге сызған күні бойғы еңбегі еш болғанымен ісі жоқ.
Дегенімен жүре келе еңбегі еш болмаудың да әдісін тапты. Енді ол қолына таяқ орнына ұшы үшкір біз алып, ою-кескіндерді асықтың бүк бетіне түсіретін дағды тапты. Қалтасына бір уыс асық салып алып, түзде жүрсе, тас, балбал бетіндегі ру, ел таңбаларды асығына көшіріп салады. Ауылда жүрсе, қой-ешкінің құлағындағы, жылқы, сиырдың бүйіріндегі ен-таңбаларды асығына айнытпай көшіріп ала қояды.
Бірде сол еңбегін ауыл балалары көріп, қатты қызықты.
Қарық: Арсақ, менің де асығыма таңба салшы!
Екінші бала: Менікіне де таңба сала қойшы!
Арсақ (жымиып): Мақұл! Әрқайсыңа өздерің таңдаған таңбаларыңды салып берейін. Еңбегіме асық берсеңдер болды.
Балалар (қуанып): Болады!
Қарық: Арсақ, менің асығыма «ошақ» белгісін шекисің ғой. Асықтаңбам «ошақ» болсын.
Арсақ: Жарайды! (Оның асық салған дорбасына көк шөппен шеңбер белгісін сызып, оны өзінің жан дорбасына тоғытты.
Екінші бала: Ал, маған «абақ» белгісін шекі.
Үшінші бала: Менікіне «тарақ» белгісін...
Төртінші бала: Ал маған «шөміш»...
Бесінші бала: Маған «босаға»...
Арсақ олардың да асық қалталарына шөппен белгі соғып, бәрін дорбасына тоғытты да, өзі алдындағы малын өріске айдады.
Арсақ: Кешке өрістен қайтқанда, өрнек салып үлгерген асықтарды иелеріне таратып беремін.
Балалар: Мақұл, Арсақ, күтеміз.
***
Жасылала тастақта бір топ бала асық атып ойнап жүр.
Балалардың бірі: Ал, Шоң ханзада, енді сіздің кезегіңіз.
Өзгелерден ерекше киінген ханзада сақасын көздеп тұрып шеңбер ортасында тізіліп тұрған асықтарға қаратып атып қалып еді, орта тұсындағы екі асықты ұшырып түсіреді. Ол арсалаңдап қуанып, сызықтан асып түскен асықтарды бір-бірлеп көтеріп алды. Қолындағы бір асыққа шұқшия қарады.
Шоң ханзада (балаларға қарап): Мынау кімнің тіккен асығы?
Қарық: Менің асығым.
Шоң ханзада: Мына бетіндегі таңбаны кім шекіген?
Қарық: Біздің ауылда Арсақ деген бала бар. Сол біздің ауылдың балаларының бәріне осындай асықтаңбалар соғып берген.
Шоң ханзада: Онда сен сол Арсақты ертең осында ертіп ала кел, жарай ма?
Қарық: Жарайды.
Шоң ханзада жердегі сақасына ұмтылып, ойынға қайта кіріседі.
***
Ертеңіне Қарық Арсақты өзімен бірге ертіп әкеліп, ханзадаға таныстырады.
Шоң ханзада (оның қолын қысып тұрып): Танысқаныма қуаныштымын. Сен мына Қарықтың айтуынша, асықтарға таңба-белгі соғудың ұстасы екенсің ғой?
Арсақ: Ұстасы болмасақ та, әдіскері деп айтуға болады.
Шоң ханзада: Онда менің де асықтарыма таңба соғып берсейші? (Иегімен жерде тұрған бір қоржын асықты көрсетеді).
Арсақ: Жарайды. Қандай белгі соғайын?
Шоң ханзада: «Күн» белгісін.
Арсақ: Болсын.
Шоң ханзада: Онда мына Қарық асықтарды апаруға көмектеседі. Бүгіннен бастап кірісесің ғой. Бір-екі аптада бітіре аласың ба?
Арсақ: Үлгеруге тырысайын.
Шоң ханзада риза көңілмен қол ұсынып, екеуі қол қысысып бәтуаласады.
***
Бір күні Арсақ ханзаданың қоржын толы асығын есекке тиеп, асық ойнайтын алаңға жетіп келді.
Шоң ханзада: Ой, сен екі аптаға жеткізбей бітіріп келіпсің ғой! (Асықтарды бір-бірлеп алып көріп жатып). Бәріне таңба соқтың ба?
Арсақ: Бәріне.
Шоң ханзада: Жарайсың , мықты жігіт екенсің! (Арсақты қапсыра құшақтай алды). Мына есегің не?
Арсақ: Көрші үйдің есегі ғой.
Шоң ханзада: Саған бұл еңбегің үшін бір тұлпар мінгіземін. Қой баққанды қой. Бүгіннен бастап сен менің жанымда жүретін өнерпаз достарымның бірі боласың.
Арсақ (қуанып): Жарайды.
Шоң ханзада: Сен мына зергер досыммен танысып қой. Аты – Долан. (Арсақ пен Долан қол алысады). Әкесі екеуі алтыннан түйін түйген ұста. Мен өнерпаз балаларды жақсы көремін, ондай балалармен дос болуға құмармын.
***
Астында көк боз дөнен, үстіне жаңа шапан, бөрік киген, беліне кісе белбеу, ақинақ таққан Арсақ, Шоң ханзада екеуі ауылдың бір шетіндегі Доланның үйіне беттеді. Екеуі ала көлеңке ұста дүкеніне кіріп еді, Долан әкесі Дешті екеуі қатар жайғасып алып, бір күміс бұйымдарға зер соғып отыр екен.
Дешті: Ә, балалар кіріңдер.
Арсақ кірген бойда түрлі жаймаларға қойылған, қабырғаларда ілулі тұрған алтын, күміс, қоладан жасалған неше алуан бұйымдарды көріп, солардың алуан түрлі өрнектерін аузынан сілекейі аға таңдана тамашалап, сипалап көрумен болды.
Арсақ (Бір күміс құмыраны қолына алып, айналдыра көріп): Бетіндегі қиял- ғажайып жануарларды қарашы! Не деген шиыршық атып, жұлқынып тұр өздері!
Шоң ханзада: Бұларды аң мәнерлі өрнек деп атайды. Тек сақ зергерлері ғана жасайды мұндай ғажайып өрнекті. Хань, Рум, парсы елінен келген жатжұрттықтар мұндай дүниелерді қатты бағалайтыны сондай, ақшаларын аямай көтерісіне сатып алады. Солай ғой?
Долан (күлімдеп):Иә.
Арсақ: Мұндай ғажайып өрнекті соғатын, Долан, сен бақытты екенсің!
Долан жауап орнына күрек тістерін көрсете күлімдеп, қабырғада ілулі тұрған ақинағы бар күміс зерлі кісе белбеуді алып, Арсаққа ұсынды.
Долан: Мә, досым, саған сыйладым. Өзім жасағанмын.
Арсақ (қашқақтап): Қо-ой, ұят қой!
Шоң ханзада кісені алды да, Арсақтың беліне таға бастады.
Шоң ханзада: Несі ұят?! Досың сыйлаған соң алуың керек.
Арсақ: Менде сыйлайтындай дүние жоқ қой. (Кенет ол жүгіре басып сыртқа шығып кетті де, біршамадан кейін қолына дорба ұстап қайта оралды. Мә, Долан досым, саған есесіне асықтарымды сыйлаймын!
Долан (алады): Рақмет!
***
Күндердің күнінде Шоңның әкесі Дулы күнби өзінің Ақ ордасында Хань елінен келген елшілікті салтанатты түрде қабылдады.
Елшілердің үстінде жарқырап, көздің жауын алатын түрлі түсті киім. Алтын зерлі былғары күртеше мен басы қайқы етік. Бар салтанатымен адымдап күнбидің алдына жақындады.
Дулы күнби (елшіге тесіле қарап): Иә, Хань елінің патшасы маған қандай тілек-лебізін айтып жіберген екен? Хатынды оқы!
Елші қолындағы шиыршақталып оралған былғарыны екі қолымен жазып жіберіп, хатты мәнерлеп оқи бастады.
Хань елшілерінің салтанатына таңдана қарап тұрған жұрттың қатарында Арсақ мен Долан да бар еді. Арсақ жанындағы ханзаданың құлағына сыбырлап, өзіне түсініксіз жайттарды сұрап жатыр.
Арсақ: Шоң ханзада, Хань патшасының өзі келмесе, жансыз былғары оның сөзін қалай жеткізіп тұр?
Шоң ханзада: Патшаның өзі келмесе де, былғарыға оның айтқан сөздері жазылған. Елші бізге сол жазу болып түскен сөздерді оқып тұр.
Арсақ (таңданып): Жазу?! Ол не нәрсе?
Шоң ханзада: Сен өткенде асықтарға таңба түсірдің ғой. Бұл жазу да сондай таңбалардың жиынтығы. Елші бізге соларды патшаның айтқан сөздері деп оқып беріп тұр.
Арсақ: Қызық?! Бізде де сондай жазу бар ма?
Шоң ханзада: Жоқ. Ондай жазуды ақылды адамдар ойлап табады. Хань елінде ақылды адамдар көп болса керек.
Арсақ: Маған сол жазуларды көрсетесің бе?
Шоң ханзада: Көрсетейін. Бірақ оны біздің адамдар оқи алмайды.
Арсақ: Сен де оқи алмайсың ба?
Шоң ханзада: Оқи алмаймын. Өйткені ол жазу Хань елінің құпиясы болса керек.
Арсақ (ойланып): Қызық?!.
***
Арсақ өз үйінде төсегінде жатып, түні бойы көз ілмей шықты. Әрі аунап, бері аунап дөңбекшіді. Көзін ашса да, жұмса да, ханзада көрсеткен былғарыға шекілген иероглиф жазулар бар ой-қаперінен елес боп кетпей қойды. Таңға жуық қана көзі ілініп кеткен екен. Селк етіп тұра салып, төсегінің астындағы асық дорбасына ұмтылды. Дорбадағы асықтарды едендегі киіз үстіне төкті де, оларды бүк күйінде қатарластырып тізіп қойып шықты. Асықтардың бетінде өзі ойған әр түрлі таңбалар айқыш-ұйқыш болып самсап тұрған. Әрбәр асықты бір-бірлеп ұстап көріп, таңбаларын оқыды.
Арсақ: «Абақ» - а, «Дөңгелек» - д, «Көз» - к, «Балта» - б.
Осылай оқып тұрды да, кенет есіне бір нәрсе сап ете қалғандай басын бір қойып қалып, тізілген асықтардың арасынан өзіне керектісін таңдап алып, оларды өз алдына тізіп қоя бастады. Кейін сұқ саусағымен таңбаларды оңнан солға қарай кезегімен бір-бірлеп нұқып шықты.
Арсақ (нұқып тұрып): А-р-с-а-қ! (Оларды көзін жұмып, іштей қайталап оқып, бақырып жіберді). Ар-сақ! (Асықтардың арасынан тағы үш асықты бөлек алып, қатарластырып койды). Ш-о-ң! (Тағы үш асықты тізді). Д-о-с! (Артынша ұшып тұрды да, екі қолын жоғары көтере көкке секірумен болды) Арсақ – Шоң – дос! Арсақ – Шоң – дос!
Ол асықтарын дорбаға асығыс-асығыс салды да, далаға атып шығып, белдеуде байлаулы тұрған атына қарғып мініп, ханзада досына қарай ұшты.
Ақ ордаға жақындай бере секіріп түсіп, ордаға қарай жылдам аяндады.
Күзетші: Тоқта! Кімге келдің?
Арсақ: Шоң ханзада керек еді.
Күзетші: Қазір. (Ішке кіреді де, қайта шығады). Күте тұр.
Бір кезде ханзада ұйқысынан жаңа тұрған болуы керек, керіліп-созылып шығады. Аузын кере есінейді.
Шоң ханзада: Иә, Арсақ, таң атпай келіпсің. Тыныштық па?!
Арсақ: Тыныштық, ханзада! Мен жазуды ойлап таптым!
Шоң ханзада (танданып): Қандай жазу?!
Арсақ: Өзіміздің жазу! Сына жазу!
Шоң ханзада: Қой-ей?!
Арсақ: Қазір көрсетемін! (Ол дорбадағы асықтарын тегіс жерге шашып жібереді).
***
Күндердің күнінде Дулы күнби де Хань еліне елші жібермек болып дайындыққа кірісті. Ордасына ұста, ісмер, зергер, шеберлерін шақырып, бәріне тапсырма беріп жатты.
Дулы күнби (Дешті мен Доланға): Сендер алтын зерлі сауыт пен дулыға дайындаңдар!
Екеуі: Құп болады!
***
Әкелі-балалы екі зергер алтын сауыт пен дулығаны жасауға күн-түн демей қызу кірісіп кетті. Оларға көрік басып, алтын қаңылтырларын дайындап дегендей, Арсақ та көмектесті.
***
Дулы күнби Шоң ханзада мен Арсақ, Долан бастаған, сенімді әскерлері қостаған сақ елінің бір қауым елшілігін ауыл шетіндегі жотаға дейін шығарып салды.
Шоң ханзаданың үстінде алтын қапсырмалармен қапталған күртеше, басында төбесі биік, жебе қауырсында алтын дулыға, биік қонышты алтын қапсырмалы етік. Арсақ пен Доланның үстінде де сондай киім, бірақ бәрі күмістен. Қорғаушы әскерлері де жап-жаңа жарқыраған сауыт, дулыға киінген. Бәрі өте салтанатты көрінеді.
Дулы күнбидің өзі елшілерінің салтанатына, әсіресе жарқыраған, сәулеті келіскен алтын киімді баласына әр қырынан сүйсініп қарай берді.
Дулы күнби (сүйсініп): Сендердің киім салтанаттарың Хань елі елшілерін он орап алатындай асып кетті! Иә, Хань елінің қалың жұртына сақтардың өнер қонған, сан-салтанаты асқан жауынгер жұрт екенін танытып келіңдер!
Шоң ханзада: Бүкіл дүйім жұртқа паш етеміз, әке!
Дулы күнби: Иә, солай, Хань патшасына менің былғарыға жазылған хатымды оқып беріңдер! Олар біздің де жазу-сызуы бар білікті ел екенімізді көрсін!
Шоң ханзада: Жазу-сызуы бар білікті ел екеніміздің көкесін көрсетеміз, әке!
Дулы күнби: Бәрекелді! Ал, Тәңір жарылқап, жолдарың болсын! Аман барып, абыроймен оралыңдар, әумин!
Бәрі беттерін сипап, елшілік көші қозғалады.
Бес- алты нөкерімен қалған Дулы күнби оларды келесі бір қыр асқанша марқайған, сүйінішті көзбен шығарып салады.
***
Дулы күнби Шоң ханзада мен Арсақ білге, Долан зергер бастап оралған елшілікті сол өзі шығарып салған жотаның басында күтіп алды. Оларды қарсы алуға бүкіл сақ жауынгерлері, сақ елі шыққан еді. Сақ жұрты оларды екі алау оттың арасынан аластап өткізіп, құрт-ірімшіктен шашу шашып күтіп алды.
Дулы күнби: Иә, Хань патшалығы қалай қарсы алды, қалай күтіп алды?
Шоң ханзада: Қарсы алғанында да, күтіп алғанында да мін болмады. Хань жұрты қоғадай жапырылып, қамыстай иіліп, ал біздің мерейіміз тасып, мәртебеміз асып отырды.
Дулы күнби: Ал киім салтанаттарыңа, оқыған хаттарыңа, сақ жазуына қалай әсерленді?
Шоң ханзада: Халқының қызығушылығыңда шек болған жоқ. Әсіресе киіміміздің аң мәнерлі өрнегіне тап-тамаша қалды. Ал патшасы мен қолбасшыларының алтын, күміс сауыттарымызға қызыққандары сондай, ұсталарыңыз тағы жасасын, бағасына қарамай сатып аламыз деп, құда түсіп жатты.
Бәрі қыран-топан күліп жіберді.
Дулы күнби (марқайып): Иә, қолымыздан өнер келетін жұрт екенімізді көрсетіпсіңдер.
Шоң ханзада: Ал, сіздің хатыңызды оқығанымда, Хань жұртының таңданғандары сондай, патшасына дейін ауыздарын ашып, көздерін жұмып тұрып тыңдады. Хатты патшасына табыстағанымда, қызық болғанда, патша, уәзірлері – бәрі жабыла біздің жазуға шұқшия үңілумен болды.
Сақ жұрты тағы да қыран-топан күлкіге қарық болды.
Дулы күнби: Иә, «жабайы» сақ жұртының білімдарлығын да танытқан екенсіңдер, ұландарым.
Шоң ханзада: Дәл солай, мұны хана патшасы да мойындады: «Дүние жүзінде бізден кейінгі жазуы бар ел сендер екенсіңдер» деді.
Дулы күнби: Солай деді ме?
Шоң ханзада: Иә, дәл солай деді. «Сақ жұртымен бейбітшілікте болып, екі арадағы сауда-саттықты өрістетуге дайынбыз» деді.
Дулы күнби (ойланып): Иә, көп іс бітіріп келіпсіңдер, ұлым. Бәрекелді! Ал, қалғанын кейін сұрап-біле жатармыз, шаршап келдіңдер ғой. Жақсылап тамақтанып, дем алыңдар.
***
Тәңіртаудың баурайында, етектегі ауылдың үстінен төнген биік көк шалғынды, қызғалдақтар мен сарғалдақтарға тұнған жотаның басында үш баһадүр отыр – Шоң ханзада, Арсақ білге, Долан зергер.
Шоң ханзада (екеуіне кезек қарап): Сендерге арнайы екі отау дайындатып жатырмын. Жақын күндері, Қымызмұрындық мейрамына дейін дайын болады. Біреуіне сен, Арсақ білге, өзің ойлап тапқан сына жазуыңды сақ балаларына үйрететін мектеп ашасың.
Арсақ (риза болып): Ой, бәрекелді! Ғұмырлы бол!
Шоң ханзада: Ал екіншісінде, Долан зергер, сен сақ балаларын алтын мен күмістен түйін түйген зергерлікке үйретесің.
Долан (риза болып): Ой, бәрекелді! Жүз жаса!
Шоң ханзада: Ал, маған әкем бір түмен қол тапсырмақшы. Мен оларды сақ жауынгерлік соғыс өнеріне баулимын.
Екеуі: Дегеніңе жет, ханзада!
Шоң ханзада: Айтсын!
Үшеуі бір сәт төменде сайдың тасындай шашылып жатқан сақ ордасына қарап, үнсіз тұрып қалды.
***
Күндердің күнінде Арсақ пен Долан екеуін күнби Ақ ордасына шақырып алды. Іште, төрдегі төсекте Шоң ханзада көрпе-жастыққа көміліп, төсек тартып жатыр екен. Басында Дулы күнби мен оның бәйбішесі.
Шоң ханзада: Ақтық сәтім таянып қалған сияқты. Жан достарым, сендермен қоштасып қалсам деп едім.
Арсақ: Ол не дегеніңіз, ханзада...
Ханзада әлсіз қолдарын көтереді – тоқтаңдар дегені.
Шоң ханзада: Арсақ, Долан, өткенде Хань еліне елшілікке барғанда, тамақтарынан ұшынып ауырып қалғаным естеріңде ме?
Екеуі: Иә, есімізде.
Шоң ханзада: Сонда мені Хань патшасының бұйрығымен арқама ине салып емдетіп еді ғой. Сол ине сұққан жерлері қарайып кетіпті. Менің бұл ауруым соның зардабы болу керек... Өткендегі аманаттарыңды әкеме айтқам.
Дулы күнби: Иә, ол аманаттарыңды орындаймын, балам. Алаң болма.
Шоң ханзада: Енді сендерге айтарым, сақтардың кім екенін әлемге танытыңдар... (Ол осы сөздерді айтып үлгерді де, басы сылқ етіп үзіліп кетті...)
***
Бүкіл сақ жұрты Шоң ханзаданы өткендегі Алтын киімдеріне малыңдырып киіндіріп, тау қойнауынан әкелген бөренелермен шегенделген қабіріне арулап қойды. Оның жанына Долан зергер күмістен соққан, түбіне Арсақ білге шекіп жазған сақ жазулы күміс тостағанды жаңа сауған саумал қымызға толтырып қойған еді.
***
Автор:1970 жылдары әйгілі археологтар Қ.Ақышев пен Б.Нұрмаханбетов Есік қаласы түбіндегі сақ обаларының бірінен осы «Алтын адам» мен түбінде сына жазуы бар күміс тостағанды қазып алып, ата-бабаларымыз сақ мәдениеті мен өркениетін бүкіл әлемге машхүр еткен болатын. Ал, әлгі 2500 жыл бұрын көмілген
күміс тостағанның түбінде сақ-түркі тілінде* «Аз елінің иесі Чоң өлді, алты бір таңы үзілді. Көктаста, ал сен сүйін, Жер, ұйықта», – деген жазу шекілген еді.
3-серия
Елжау күнби
Автор: Үйсін елінің өз алдына мемлекет болып құралуына ұйытқы болған Елжау күнби туралы бұл оқиға біздің заманымыздан бұрынғы 170-150 жылдары жүз берген еді. Бұл кездері ғұндардың билеушісі Мөде тәңірқұт айнала-төңіректегі 26 елді өзіне бағындырып, қағанаты дәуірлеп тұрған.
Мөде сондай елдердің бірі дунхуандарды тас-талқанын шығарып жеңіп, еліне мерейлері өсіп, шат-шадыман болып оралған. Бірақ Ордасына жақындағанда, Заура бәйбішесі оны жылап-сықтап қарсы алғаны. Мұны көрген Мөде айналасын түгендегендей барлап қарап алды да, бәйбішесіне жақындады.
Мөде: Бәйбіше, мұның не, саған не болды?
Заура одан бетер дауыс шығарып жылады.
Заура (орамалымен жасқа малынған жүзін басып тұрып): Елімді, төркінімді жау шапты! Шаңырағымызды ойрандап, әке-шешемді, бауырларымды тігерге тұяқ қалдырмай кескілеп тастапты... (Дегені сол Заура талықсып, құлап түседі. Жанындағы күтушілері оны көтеріп, қайта тұрғызып, бетіне су шашып әлек болады).
Мөде (айналасына бажайлап қарайды): Кімдер шапты?
Қашып келгендердің бірі (даусы дірілдеп): Иузилер...
Мөде тәңірқұттың көз алдына өзінің сол иузилерде аманатта, қол-аяғы бұғауда жатқаны, олардың көсемінің өзіне ақырып, бұлқан-талқан болғаны елестеп кетті.
Мөде (бойын тіктеп, тісін қайрап): Мен олардың өздерінің шаңырағын ойран-ботқасын шығарып, өздерін мүрдем кетірермін! (Бәйбішесінің ес жиғанын көрді де, қолбасшыларына қарады). Қолды қайта жиыңдар! Үйсін еліне аттанамыз!
***
Мөде бүкіл қолымен өкпесін қолына алып, суыт жүріспен жетсе, Үйсін елін шапқан жау ізін суытып үлгерген екен. Олар шаңырақтары ортасына түсіп, қирап, өртенген орда мен қараша үйлерді, мал-мүлкі таланып, тоз-тозы шыққан бір шоғыр ғана елдің үстінен түседі. Нәнди бидің өзі, бәйбішесі мен балалары түгел кескіленіп
*Жазуды оқыған – Самат Сыпатайұлы, тарихшы.
өлтірілген, мәйіттері бір жерге жиналып, қатарластырылып қойылған екен. Басында қарғалардай болып қарайып, еңселері түскен бес-алты шал-кемпірлер отыр. Мөде мен жауынгерлері оларды арулап жерлеп, естерін енді жиып жатқан жұртқа келсе, бәйбішесі жүрегі қарс айырыла еңіреп, жоқтау айтып отыр екен.
Заура: Мамыражай жатқан ақ ордам едің, шаңырағың кескіленіп, ортасына түсті. Тәңіртаудай пана болған әке-шешем, Еренқабырғадай қорған болған бауырларым келместің кемесіне мініп қайда кеттің?! Төрт құбыласы тең болған Үйсін елімді қайдан табам?! Үрім-бұтақсыз, қайта тіктерге тұяқсыз қалған Ордаңды бұдан былай кім көтереді!..
Заура етегі жасқа толып, езіліп, еңіреп отырғанда, жанына бір әйел етегіне сүріне жайлап жақындайды.
Бөже қатын (айналасына күдіктене, сенімсіздене қарап, сыбырлап): Ха-ным, бір бауыр-ың-ыз тірі қалды...
Заура (жылауын сап тыйып, әлгі әйелге жабысты): Кәне, қайда ол?!.
Бөже қатын: Жүріңіздер, мен оны жау көріп қоймасын деп, өзен жағасындағы қау шөптердің арасына жасырып қойған едім.
Заура (еңсесін тіктеп): Кәне, тез, бізді сонда баста!
Бөже қатын Мөде мен Заура ханымды және бірнеше адамды бастап, алға түсіп, құлдыраңдай жөнеледі.
Заура (соныңан ілесіп келе жатып): Ол қалай аман қалды?
Бөже қатын: Ордамызды жау басып, аласапыран болып жатқанда...
Көрініс. Жау сарбаздары Нәнди би мен бәйбішені қол-аяғын байлап, Ордадан алып шығады.
Жау сардары (сарбазына): Орданы өртеңдер! (Өзі кетеді).
Салт атты сарбаз қолындағы басы лаулаған оттықты Орданың әр жерінен тигізіп, от қояды. Орда лаулап жана бастайды, өзі келесі үйге от қоюға кетеді. Орданың ішінен сәбидің ыңырсыған даусы шығады. Бөже қатын үйге жүгіріп кіріп кетеді де, баланы көтеріп, түтіннің арасынан қайта шығады. Әріректе жау сарбаздары әрі-бері ойқастап жүр. Бөже қатын баланы етегіне жасырған күйі жүгіріп барып, далада төңкерулі жатқан қазанның астына баланы жасыра қояды. Артынша бір атты сарбаз шауып келген бойы Бөже қатынды шоқпарымен бір қояды. Бөже қатын омақаса құлап, қимылсыз қалады. Шоқпар жанай тиген бе, ол қайта есін жияды. Қазан астындағы бала тұншыққан ба, жылай бастайды. Бөже қатын басын көтеріп қараса, жау жасақтары алаңға жиылып, жұрттың көз алдында үйсін көсемдерін дарға асып жатыр екен. Бөже қатын баланың жылағаны қатты шыға бастаған соң, қазанды көтеріп, астынан баланы алды да, етегіне жасырған күйі ақсаңдай басып жанып жатқан үйдің тасасына жасырынып, ары қарай өзенге, сайға жүгіреді.
Бөже қатын: Сөйтіп оны батпақ арасындағы қау шөпке апарып жасырдым.
Заура: Ендеше оны баяғыдан бері неге айтпадыңыз?
Бөже қатын: Бойымды үрей билеп алғаны сондай, аузымды аша алмадым ғой. Сіздің сай-сүйекті сырқыратқан ащы жоқтауыңыздан кейін барып жүрегім жібіді.
Ол елді өзен жағасына ертіп әкелді.
Олар қорыс батпақтан жайлап, абайлап өтіп келсе, жұмсақ шөпте шалқасынан жатқан қызылшақа баланы бір ене қасқыр емшектерін аузына тосып емізіп жатыр екен. Олардың үстерінде қараторғай, қарлығаш сияқты бірнеше құс әрі-бері зулай ұшып, шыбын-шіркей, масаларды тұмсықтарымен ұстап, теріп жеп жүр. Мұны көргенде, жұрттың бәрі таң қалысып, қызықтап тұрып қалды.
Мөде (басын шайқап): Даланың ит-құсына дейін еміреніп, көк бөрінің иігеніне қарағанда, бұл бала тегін болмады.
Бір ақсақал: Иә, бойында бір кие-қасиет болғаны ғой.
Бөрі бұларды көре салып, қамыс арасына кіріп кетті. Мөде баланы екі алақанымен көтеріп алып, балбыраған жүзіне мейірлене қарады.
Мөде: Бұл баланың аты кім?
Бөже қатын: Елжау.
Мөде (салтанатты үнмен): Ендеше бұл тәлейі бар ұлан бүгіннен бастап Елжау би болсын. Өсіп ер жеткенше менің қамқорлығымда болады. Кейін бұл оғланды үйсін елінің тағына отырғызам. Үйсіндердің отын қайта жағам.
Заура: Айтқаның келсін! (Баланы қолына алып, егіліп жылап жібереді). «Өшкенім жанып, өлгенім тірілді» деген осы. Ата тегім, тұқымым құрып, өмір бойы жылап өтем бе деп ойлаған едім. Тәңірімнің көзі оң екен. (Бөже қатынға қарап). Сізге де алғысым шексіз. Бүгіннен бастап Елжау бидің өкіл анасы боласыз! (Ол әйелді бауырына қысты).
Ақсақал (бойынан жүк түскендей жеңілдеп): «Орнында бар оңалар» деген осы!
***
Ақ Орданың тұсынан арнайы тігілген ақ боз үйден Заура ханын мен Бөже қатын кішкентай Елжау биді екі қолынан жетелеп әкеліп, үй алдындағы алашаның үстіне тұрғызды. Бір кемпір келді де Елжау бидің аяғын ала жіппен тұсап байлады. Арнайы дайындалған екінші әйел балаға жақындап, Елжау бидің аяғындағы әлгі тұсау жіпті өткір қанжармен кесіп жіберді. Келесі бір кемпір Елжау бидің алдынан құрт пен ірімшіктен шашу шашып:
Қаз-қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Тағы-тағы баса ғой,
Тақымыңды жаз балам, – деп «Тұсаукесер» жырын айтып, қолынан ұстаған әйелдер Елжау биді тез-тез жүргізе бастады.
Дәл осы уақытта Мөде тәңірқұт келді.
Мөде: Ә, Елжау бидің тұсауын кестіңдер ме, онда оның жүруге жарағаны. Ал жүруге жараса, атқа мінуге де жарағаны. Кәне, жігіттер, Елжау бидің тайын әкеліңдер, ат құлағында ойнайтын нағыз жауынгер болсын, мінгізіп төңіректі бір айналдырып келіңдер.
Екі жігіт, біреуі тайды әкеліп, екіншісі Елжау биді тайына мінгізіп, төңіректі аралатуға кетеді.
***
Әскери жаттығу алаңы. Сардарлар мен сарбаздар бәрі өз ара араласа, әр түрлі жаттығулармен шұғылдану үстінде. Ат үстінен аударыспақ, ат үстінен көздеп ату, ту, жалау белгілері арқылы алыстан түсінісу ойындары – жауынгерлер барлық жаттығу, тәжірибелерден өтуде. Шеткерірек бір бүйірде де осындай жаттығулар қызу жүруде. Тек айырмашылығы анда – ересек жауынгерлер болса, мұнда 10-15 жас аралығындағы балалар мен жас жеткіншіктер. Солардың арасында танауы делеңдеп 10 жасар Елжау би күш сынасудың қызу ортасында жүрген. Бір кезде оның жанына Мөде тәңірқұт та келді.
Мөде: Иә, Елжау би, жаттығу қалай жүруде?
Елжау би: Жоғары деңгейде, жезде.
Мөде: Жоғары деңгейде дейсің бе, кәне, онда күш сынасайық. Қандай жаттығуды таңдайсың, айт?
Елжау би: «Екі жалау, он оқ».
Мөде: Қиынын айттың ғой, мейлі, көрейік.
Екеуі қорамсақтарына он оқтан салып алып, бірінші жалау тұрған мәреге келді. Екінші жалау екі жүз елу үш жүз қадамдай жерге тігілген. Бір бүйірде, жүз-жүз елу қадамдай жерде ағаш діңіне жапсырылған, беті бормен сызылған былғары нысана тұр.
Мөде: Ал, кезек сенікі.
Елжау би атына қамшы басып еді, аты екінші жалауға қарай ұшыртып шаба жөнелді. Елжау би сол аралықта қорамсағындағы он оқты нысанаға қарай жеделдетіп атып үлгерді. Бір бала жүгіріп нысанаға барып келді.
Бала: Бесеуі ондыққа тиіпті.
Мөде: Жаман емес, жарайсың, Елжау би!
Енді өзі шауып, он оқты боратты.
Бала (шауып барып-келіп): Оны да ондыққа дәл тиген.
Жанкүйер балалар (таңданып): Охо! Нағыз ер екен!
Елжау би: Жарайсыз! Жеңіс сіздің қолда! Ал,екінші сайысты сіз таңдаңыз.
Мөде: Таңдасам, «Ер аудармаққа» қалайсың?
Елжау би: Болсын!
Мөде: Онда баста!
Елжау би екі жалау аралығына атын тағы шаптырды. Шауып бара жатып, өзі ат бауырынан өтті де, сол әрекеті үстінде тартпасын шешіп, жалауға жеткенше басаған ерін бір шетке лақтырып жібереді.
Жанкүйер балалар: Бәрекелді, үлгерді!
Мөде тәңірқұт та бұл жаттығудан мінсіз өтті. Ол Елжау биге жақындап, алақандарын «сарт-сүрт» соғысты.
Мөде: Жарайсың, Елжау би!
Елжау би: Сіз де жарадыңыз, жезде!
***
Мөде тәңірқұт Елжау биді ордасына шақыртып алды.
Мөде: Иә, Елжау би, түменіңнің әскери дайындығы қалай? Соғыс өнерін меңгердіңдер ме?
Елжау би: Түстік өлкелердегі екі-үш қақтығысқа қатысқан. Енді нағыз шайқастардың күні туып қалар ма екен деп күтіп жүрміз.
Мөде: Нағыз шайқас дейсің бе?
Елжау би: Иә, шар болатты да қызған отқа салып шыңдап алмай ма?
Мөде: Ә, жас қыраным, томағамды сыпыр деп тұсың ғой?! Ендеше ондай күнің келді. Сенің түменіңді батыс өлкелерге жіберсем деп тұр едім. Өздеріңнің, яғни, үйсіндердің ежелден келе жатқан қас жауы иузилер бар емес пе?
Елжау би (көзі оттай жанып): Иә?!
Мөде: Солар Жетісу өлкесіндегі иелігімді қайта-қайта шауып маза бермей жүр. Соларды жәукемдеуге қалай қарайсың?
Елжау би: Дәл қазір аттануға дайынмын!
Мөде: Онда рұқсат. Тек бір айтарым, жастықпен, көзсіз емес, ақылды соғыс жүргізесің ғой?
Елжау би: Дәл солай соғысамын!
***
Барлаушы: Олар әскери күшін Іле бойына шоғырландырып жатыр екен.
Елжау би: Күш қарымдары қандай?
Барлаушы: Үш түмендей бар-ау.
Қалша батыр: Демек, бізден үш еседей көп деген сөз.
Елжау би (ойланып тұрып): Онда былай етейік...
***
Елжау бидің әскері иузилердің лагеріне оқ жетер жерге дейін таяп келіп, олардың қалың қолына ысқырғыш жебелерді қара нөсердей боратты дейсің. Бұл қара нөсер сүт пісірім уақытқа дейін толастамады. Өйткені, Елжау бидің қолы үш лекке топтанып, бірінші лек атып болса, кейін шегініп, екінші топқа ату кезегін беріп, олар атып болған соң үшінші топқа орын беріп, ажал оғын толассыз жаудырумен болды.
Мұндай шабуылды күтпеген иузилер біршама уақытқа дейін ес жия алмай, шалғыға түскен шөптей баудай түсіп, орылып жатты.
Иузилердің көсемі мен қолбасшылары біршама уақыттан кейін барып ес жиып, жасақтарын тәртіпке шақырып, қорғаныстарын қалпына келтірді. Сонымен бірге иузи көсемі Елжау бидің әскерін шамалап та үлгерген еді. Талай жауынгерінен айырылып, ыза кернеген Бұрхан көсем қолбасыларын жанына шақырды.
Бұрхан (ақырып): Сендердің бұл иттіктеріңді қалай түсінсе болады, ат төбеліндей жаудан тайсақтап! (Қолбасылар қырдың арғы басынан бес-алты отар қойдай жау жасақтарын көріп, ыңғайсызданып қалды). Бұйырамын, дәл қазір атқа қоныңдар да, әскерлеріңді қаптатып шабуылға шығып, оларды таптап жоқ қылыңдар!
Қолбасылар: Тап солай етеміз, тақсыр!
Олар дабыл қаққызып, әскерлерін атқа қондырды да, өздері ұрандатып алға ұмтылып, шабуылды бастап кеп берді.
Елжау би сарбаздары шегініп, қашып бара жатып та, қуғын салған жауларына қайырылып оқ атуларын тоқтатпады. Осылайша қаша соғыс аша отырып, Елжау би қолын алда көрінген кең аңғарға қарай бастады. Аңғардың екі жағы биік жоталарынан өте бергенде Елжау би әскері екі жаққа қақ айырылып, жота басына көтерілді. Ал бұл кезде жота басына жасырынған Елжау бидің тосқауылдағы тың күші екі жақтан оқ атып, тас домалатып, қуғыншы иузи әскерінің ойран-ботқасын шығарып жатты.
***
Өзіне қарасты сенімді жасағымен лагерьде қалған Бұрхан көсем қалың әскерінің жеңісті де олжалы оралуын тағатсыздана күтіп жатқан. Оның орнына жау қырғынынан аман сытылып келген өз әскерінің тамтығы мен алыстан шаңдатып шауып келе жатқан бөрі басты жау байрағын көріп, қатты таң қалып, сасқалақтап қалды. Көсемдерінің есін жеке оққағарлары жиғызды. Оның атқа отыруына қолқабыстарын тигізіп, безе қашуына жағдай туғызып берді.
Осылайша Елжау би ата жауы иузилердің қалың қолың ең алғаш рет және тікелей өзінің басқаруымен тас-талқан етіп жеңіп, жеңістің тәтті дәмін татқан еді.
***
Автор: Мөде тәңірқұт Елжау бидің бұл жеңісін жоғары бағалап, өзінің оған деген құрметі ретінде осы Жетісу өңірін оның иелігіне берді. Сөйтіп, Елжау биді күнби ретінде таққа отырғызып, өзінің ілгерідегі уәдесі бойынша, үйсін елінің іргесін қайта тіктеуіне жағдай жасады.
Елжау би таққа отырған соң оның Көк бөрілі байрағының астына әр өңірлерде шашырып, азып-тозып жүрген үйсін жұрты ұйыса жиналып, мемлекет шегарасын терістігінде – Балқаш көліне дейін, шығысында Тарбағатай, Алтай тауларына дейін, түстігін – Тарым, Қашқарға дейін, батысын Алай, Ферғана жоталарына дейін кеңейтіп, айнала-төңіректегі алқалы жұрт санасатындай іргелі мемлекетке айналды.
4-серия
Жүсіппен құрдас, теңгемен жасты қала
Автор: Алматы қаласының мың жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде 2016 жылы тойланды. Бір қызығы, әлемге әйгілі ғұлама бабамыз, түркі тілінде жазылған «Құтты білік» кітабының авторы Жүсіп Бвласағұн да Жетісу өлкесінде, Алматының іргесіндегі Баласағұн кентінде осыдан мың жыл бұрын, яғни, 1015-16 жылдары дүниеге келген екен. Былайша айтқанда, Жүсіп Баласағұн мен Алматы қаласы түйдей құрдас. Бұл – бекер болмаса керек...
Көрініс. Басына жеңіл сәлде, үстіне жасыл шапан киінген түбіт иек жас жігіт жеміс-жидек сатылып жатқан жаймаларды жайымен аралап келе жатып, алмалар қатарына келгенде, оның иесі – әдемі жас қызды көріп, қыздың жүзінен көзін алмай кідіріп қалады.
Айтолды: Иә, жас жігіт, алма аласыз ба?
Жүсіп: Қанша тұрады?
Айтолды (күлімдеп): Сіз маған емес, алмаға қараңыз... Килосы елу бақырдан, тартайын ба?
Жүсіп: Қып-қызыл әдемі екен, дәмі қандай?
Айтолды: Сіз алмаға қараңыз.... Тәтті, міне, жеп көріңіз. (Қыз алманың біреуін пышақпен кесіп, бір түйірін жігітке ұсынады. Жігіт шайнаңдап жейді).
Айтолды: Қалай, дәмді ме?
Жүсіп: Атыңыз кім, ай жүзді ару?
Айтолды (тағы күліп жіберді): Сіз алманы емес, мені саудалап тұрсыз ба?
Жүсіп (қызға есі кеткені сондай, жауап берудің орнына): Менің атым Жүсіп.
Артында тұрған әйел Жүсіпті иығынан түртеді.
Әйел: Сіз алма аласыз ба, алмайсыз ба?
Жігіт артындағы әйелге жалт қарап, оған мән бермей қызға қайта бұрылады.
Жүсіп: Саудаңызды қай уақытта аяқтайсыз?
Айтолды (жымиып): Кешке...
Жүсіп: Онда мен сізді шыға берісте күтемін... (Ол қозғала берген).
Айтолды: Жас жігіт.
Жүсіп: Әу?
Айтолды: Мә, мына алмаларды алыңыз... (Қыз оған алқызыл екі алма ұсынады. Жүсіп қыз ұсынған алмаларды алады да, шыға беріске беттейді).
***
Қыз саудасын аяқтап, қолына кәрзіңкесін іліп, базардың ауласынан сыртқа шыға беріп еді, әлгі жігітті көрді. Қолында өзі берген екі қызыл алма.
Айтолды (таң қалып): Ту-у , сонша уақыт... Сіз мені күтіп тұрсыз ба?
Жүсіп: Иә... Атыңыз кім?
Айтолды: Айтолды.
Жүсіп: Менің атым Жүсіп болады.
Қыз сыңғырлап күліп жіберді. Жігіт те күледі.
Жүсіп: Атыңыз әдемі екен.
Айтолды: Өзім ше?
Жүсіп: Өзіңіз де әдемісіз.
Қаланың тас көшесінен былай шыға бергендері сол еді, «Жүсіп! Жүсіп!» деген дауыс шығады. Базардың ірі қара мал, жылқы сатып жатқан бөлігінде тұрған жігіт екен. Жүсіп оған қолын көтеріп, белгі беріп еді, ол қолымен шақыру ишаратын жасады. Жүсіп оған мән бермей, қызға қайта бұрылды.
Жүсіп: Менің ауылдас Жарғақ деген досым ғой.
Айтолды: Жылқы сатумен айналысады ма?
Жүсіп: Иә.
Айтолды: Ал, өзіңіз ше?..
Жүсіп (иегімен Алатауды нұсқады): Мен мына таудың арғы бетіндегі Баласағұнда тұрамын. Алматы «Жібек жолының» бойындағы үлкен қала болған соң, кітапханасына келіп жүр едім.
Айтолды: Ту-у, сол жерден келіп кітап оқып жүсіз бе?
Жүсіп: Иә, білімімді толықтырып...
Айтолды: Мықты жігіт екенсіз! Ал, қайда қонасыз?
Жүсіп: Осындағы діни медресенің жатақханасында қонып жүрмін. Сізді үйіңізге дейін шығарып салсам бола ма?
Айтолды: Болады.
Екеуі сылдырап аққан суағары бар тас көшені бойлай жүріп, ағаш саясынан көрінбей кетті.
***
Ерте таңғы уақыт. Екеуі Есентай өзенінің бойындағы ағаш көлеңкесінде, жасыл дөңдегі түйе тастың екі басында отыр. Қарсы бетте бөренемен салынған мешіт, медресе, кітапхана ғимараттары. Мешіттен уағыз үні естіледі.
Жүсіп: Айтолды, сіздің атыңызды кейіпкерім етіп алсам бола ма?
Айтолды: Қандай кейіпкер?
Жүсіп: Бір үлкен кітап жазғалы жүр едім. Атын да ойластырып қойғам – «Құтты білік».
Айтолды: «Құтты білік»?.. Өте мағыналы, қасиетті ат екен... Кітап не жөнінде?
Жүсіп: Ел, қала әкімдерінің басқару мәдениеті жайлы болмақ.
Айтолды (таң қалып): О-о! Ондай кітап жазуға сіздің күшіңіз жете ме?
Жүсіп: Сол үшін ізденіп жүр емеспін бе? Әлі кө-өп, кө-өп ізденуім керек. Мына шөптей... (Ол алақанымен жердегі көк майса шөпті сипалап көрсетеді). Ой! (Ол шөптің арасынан жылтыраған бір нәрсені алады).
Айтолды: Ол не?
Жүсіп: Алтын теңге! Міне, қараңыз: «Ал-ма-ты»! Алматының өзінде шыққан теңге екен. (Аударыстырып көреді). Қызық! Өзі менімен түйдей құрдас!
Айтолды: Кім құрдас?!
Жүсіп: Мына теңге. Осыдан жиырма жыл бұрын шыққан екен.
Айтолды: Қойыңыз! Кәне, көруге бола ма?
Жүсіп: Мә, алыңыз! (Қыздың алақанына салады). Сізге бүтіндей сыйладым.
Айтолды: Қойыңыз! Мен жәй көруге сұрағым.
Жүсіп: Алыңыз енді. (Қыздың теңге тұрған ашық алақанын қолымен жұмып, ұстап тұрып қалады). Сізге құт болсын!
Қыздың бидай өңді әдемі жүзі қызарып кетеді.
***
Дәл өткендегідей мезгіл. Екеуі сол бұрынғы таста отыр.
Айтолды: Қой, мен саудамнан қалып қойдым. (Ол тұра беріп еді, жігіт қолынан ұстап қайта отырғызды).
Жүсіп: Тағы біршама отыра тұрайықшы.
Айтолды (жымиып): Өткендегідей теңге тауып бермекшісіз бе?
Жүсіп: Кәнекей, солай болса! (Екеуі күледі. Ол айналасындағы жасыл шөпті сипалап ізденеді).
Айтолды: Мен ол теңгені орамалға түйіп, сақтап қойғам.
Жүсіп: Сіз саудамен көптен бері айналысасыз ба?
Айтолды: Жо-оқ, әке-шешемді алмастырып, қолқабыс жасап жүргенім ғой. Олар жер өңдеп, бағбаншылықпен айналысады. Және өздері қартейіп те қалды.
Жүсіп: Ә, түсінікті. Алмаларыңыз жақсы өтеді ме?
Айтолды: Өйткенде қандай! (Қыздың көзі жайнап кетеді). Көбіне «Жібек жолымен» сауда жасайтын көпестер қаптап әкетеді. Ұзақтағы қалаларға апарып сатады.
Жүсіп: Қызық! Ол жақтарда алма өспей ме екен?
Айтолды:Көпестер солай дейді ғой. Тіптен бар ғой, со-на-ау Шын, Машын, Соғды, Парсы, Рум елдерінен де әдейілеп келіп, бізден алма көшеттерін көптеп әкетеді.
Жүсіп: Міне, тамаша!
Айтолды: Иә-ә, біздің қаланы «Алматы», алманың атасы, Отаны дейтіндері содан ғой!..
***
Базар іші. Жарғақ алдына келген шаруаға атын саудалап тұрған. Бір бала келіп, оның жеңінен тартады.
Бала: Баласағұндық Жарғақ деген сіз боласыз ба?
Жарғақ: Иә, дәл өзімін.
Бала: Мына хатты әпкем беріп жіберді. (Бір жапырақ қағазды Жарғақтың қолына ұстатады). «Жүсіп Баласағұн деген досыңызға тезірек апарып берсін» деді.
Жарғақ: Мақұл, апарып берейін. Кім беріп жіберді дейін? (Бірақ бала келген жағына жүгіре жөнелген. Жарғақ басын шайқап, хатты қойын қалтасына салып жатыр еді, әлгі ат саудалаушы ойын бөлді).
Ат саудалаушы: Атыңыз қай өңірдің малы?
Жарғақ: Ә, осы Жетісудан ғой...
***
Жүсіп күн сәскеге таман ауласында кітап оқып отыр еді, асып-сасып аптыққан Жарғақ досы жетті.
Жарғақ (санын соғып): Ой-бу-уй! Мені қара басып, ұмытып кетіппін. Мына хатты саған беріп жіберген.
Жүсіп: Кәне?! (Жүсіп хатты асыға көз жүгіртіп оқиды да, ұшып тұрып, ол да әбігерге түседі). Хатты қашан беріп еді?
Жарғақ: Кеше.
Жүсіп: Кеше?! Кәне, тез жинал, атқа қонайық!
Жарғақ: Не болды, түсіндірші?!
Жүсіп: Айтолдыға Долақ деген бай тоқалдыққа алмақ болып құда түсіпті. Бүгін алып кетпек екен!
Жарғақ: Қа-ап! Хатты кешіктіріп, мені Тәңірі соққан екен!
Жүсіп: Енді үлгерсек жарар еді!
Жарғақ: Онда тез атқа қонайық! Үлгерерміз!..
Екеуі аттарымен көшені тасырлатып шаба жөнеледі.
***
Олар қаланың базарынан өте бергендері сол еді, көшенің арғы басынан бай жабдықталған екі күйме мен олардың алды-артында қолпаштаған бір топ салт аттылар көрінді.
Жарғақ (көшедегі бір жүргіншіден): Бұлар кімдер?
Жүргінші: Долақ деген байдың күймелері ғой.
Бұл сөзді естігенде Жүсіп есеңгіреп тұрып қалды.
Жүсіп (өкінішпен): Кешігіппіз!..
Жарғақ (біраз үнсіздіктен кейін): Тоқта! Әлі де амалдауға болады.
Жүсіп: Қалай?!
Жарғақ: Жүсіп, сен мына аттарды анау үйдің тасасына байлап қойшы. (Өзі атынан түсіп, шылбырын Жүсіпке ұстатады).
Жүсіп: Сен не істемекшісің?
Жарғақ: Мен қазір ат базарына кіремін де, жылқыларды көшеге шығарып, саудалап, олардың жолын бөгеймін. Долақ байдың өзі шыққанша жолды ашпаймын. Ал сен сол кезде...
Жүсіп: Түсіндім!..
Жарғақ: Онда жылдам бара ғой!
***
Долақ байдың салтанатты көші алдарында кесе көлденең топтанын тұрған жылқылардан, жанында үймелеген сатушы-алушы жұрттан өте алмай, тосылып тұрып қалады. Алдында келе жатқан салт атты нөкерлер оларға ақырады.
Бірінші нөкер: Жолдан былай қашыңдар!
Екінші нөкер: Долақ мырзаның жолын бөгемеңдер!
Оларға құлақ салған, ыққан жұрт болмады. Бұған ыза болған нөкерлер жолды ашпақ болып, қамшыларын үйіре бастап еді, көпшілік жұрт жабыла кетіп, оларды аттарынан аударып тастады. Бір кезде шыдай алмаған болуы керек, күймеден Долақ мырзаның өзі шықты.
Долақ: Бұл не берекетсіздік?! Әй, малғұндар, сендер әкелеріңді танымай жүр екенсіңдер, көрсетемін сендерге!..
Дәл осы кезде Жүсіп Долақ бай шыққан күйменің бергі есігін ашады.
Жүсіп: Айтолды, жаным! Кешіккеніме кешір!.. (Қыз жылап жібереді). Қой, жылама, кәне, қолаңды бер.
Айтолды (қолын бергенімен): Бұдан бір нәрсе өзгереді ме?
Жүсіп: Иә, өзгереді, кәне, арбадан түсе ғой. Анда аттар дайын тұр. Қашамыз!
Жігіт осы сөздерді айтқаны сол, қыздың бойында батылдық пайда болып, Жүсіптің сүйемелдеуімен жерге «дік» ете қалды. Екеуі қол ұстасқан күйі арықтан ырғып өтіп, үй тасасына қарай қашты. Артта тұрған үлкен ала көзді нөкер байқап қалған болуы керек.
Ала көз нөкер (есі шыға бажылдады): Қыз қашып кетті, ана үйдің тасасына!
Серіктері (түсінбей): Қандай қыз?!
Ала көз нөкер: Біз алып келе жатқан қыз. Әне, күймесінің есігі ашық!
Олар түсінбей тұрар ма еді, Долақ мырзаның өзі ақырады.
Долақ: Әй, шошқалар, неге түсінбей тұрсыңдар?! Қашқан тоқалды қуыңдар, ұзатпай ұстап әкеліңдер!
Нөкерлер: Кәне, қайда кетті, баста!.. (Олар ала көз нөкердің соңынан ере шабады).
Бұл кезде қыз бен жігіт аттарына қамшы басып, әжептеуір жерге ұзап кеткен еді. Қуғыншылар олардың қарасын көре сала, шабыстарын үдете түсті.
***
Қуғыншылар арқан тастам жер жетіп қалып еді, алда бара жатқан Жүсіп жүзін бұрып қарады да, атының басын бір бүйірдегі жабайы алма бағына қарай бұрды. Бұтақтары бір-бірімен қайшыланып ұйыса өскен алма бақтары аттылы адамды өткізбейтіндей қалың еді.
Жүсіп: Айтолды, енді жерге түсейік. (Өзі алма бағына жете бере жерге «дік» ете қалды. Қыз да атынан түсе сала жігіттің артынан еріп еді, Жүсіп оның да атының шылбырын ұстады).
Жүсіп: Менің соңымнан қалма, жаным. (Өзі аттарды сүйрей жетелеп, ағаштардың арасынан бұралаңдай зулады).
Қуғыншылардың бастығы ағаштардың арасынан атпен жүру қиын екенін түсініп, әлгі ала көз нөкерге атын ұстатты.
Басшы нөкер: Сен осында аттарды қарап қал, біз жаяу қуамыз.
Өзгелері де аттарын қалдырып, басшыларының соңынан ілесті.
Нөкердің бірі: Иә, көп ұзамай оларды ұстап әкелеміз.
Жүсіп аяқ тықырынан басын бұрып, олардың жаяу қуып келе жатқанын көріп қалды.
Жүсіп: Айтолды, енді мына жаққа қарай қиыс жүрейік. (Қолын сілтеп көрсетеді). Мен бұл жерлерді білемін.
Айтолды (алқынып): Білгеніңмен пайда бар ма, мына қуғыншылар жетіп қалды...
Жүсіп: Пайда болғанда қандай, іркілмей соңымнан ере бер! Жотаға көтерілсек, ар жағы ағашсыз ашық сай!
Жігіт айтқандай-ақ бар екен, жоннан асқандары сол, ашық алаңқайға шыға келді.
Жүсіп (шылбырдың бірін қыздың қолына ұстатты): Ал, енді атқа мін!
Айтолдының артынан өзі де атқа қонып, екеуі ары қарай желдей есе жөнелді.
Қуғыншылар: Қа-ап, жетіп қалып едік, әттеген-ай!.. (Бармақтарын шайнап, аңқайып қала берді).
Олар сол құйғытып шапқан күйі, сайдың арғы басындағы қырға көтерілді. Қыз артына жүзін бұрып еді, қуғыншылар әлгі жотада қарғадай шоқиып-шоқиып қалып қойған екен.
Айтолды (балаша қуанып): Ала-қа-ай, біз құтылып кеттік!
Жүсіп (те елжіреп): Иә, құтылдық, жаным. Енді анау асыудан өтсек, ар жағынан біздің Баласағұн көрінеді.
Айтолды: Ал, мына төменде қалған сонау ағараңдаған үйлер ше?
Жүсіп: Ол сенің Алматың ғой.
Айтолды: О-о! Жоғарыдан ғажап көрінеді екен!
Жүсіп: Иә, алақанға салғандай!
Айтолды (елжіреп): Шіркін-ай, қанжығаңа байлап алып кетер ме еді!
Жүсіп: Алаңдама, сағынғаныңда, келіп тұрамыз.
Қыздың жанарынан бір-екі мөлдір жас ыршып кетті.
***
Автор: Алматының бай кітапханасынан мол білім алып сусындаған Жүсіп Баласағұн бабамыз кейінірек «Құтты білік» атты өте бағалы кітап жазып, бүкіл әлемді мойындатқан ғұлама атанды. Ұлы Жібек жолының бойындағы Алматы сол кезде де алмаларымен жарты әлемге танылып, алма көшеттерін жер жүзіне таратып, алманың Отаны болған тұғын. Бүгінде де сол даңқынан айырылған жоқ. Өйткені, жер жүзінде жабайы алмалар тек Алматының іргесінде ғана орман-бақ болып жайқалып өседі. Ал, үлкендігі баланың басындай, алқызыл, хош иісті Алматы Апорты бүгінде бүкіл республикамыздың мәшһүр брендіне айналған.
5-серия
Орбұлақ шайқасы
Көрініс. Жәңгір сұлтан бір топ батырымен жорық шатыры алдында отырған. Олардың алдына атын жетекке алған Көкі батыр келеді. Ол келе аттың үстіндегі ерге көлденең сұлата сылған қол-аяғы байланған бір адамды көтеріп алып, жерге сылқ еткізіп тастайды.
Көкі батыр: Міне, тақсыр, жоңғардың бір «тілін» әкелдім. Сонау қырғыз айылынан ұстадым.
Жәңгір сұлтан: Бәрекелді, Көкі батырым, енді боссың, тамақтанып, тынығып ал.
Көкі батыр: Қалмақтың беті қатты. Таудан құлап жөңкілген жойқын селдей қырғыз айылдарын бірінен соң бірін қиратып, халқын қырып, тонап, енді бізге қарай беттен келеді екен.
Жәңгір сұлтан: Бізге жақындап қалды ма?
Көкі батыр: Бір күндік жерде.
Жәңгір сұлтан (енді тұтқынға қарайды): Иә, пендем, сөйле. Егер жаның аман қалсын деген, тек шындықты айт! Батур қонтайшының күші қандай, қандай қару-жарақтары бар?
Тұтқын: Қонтайшының қол астында бес түмен әскері, он шақты зеңбірегі бар.
Қарасай батыр: Демек елу мың қалмақ.
Жәңгір сұлтан: Қанша мылтығы бар?
Тұтқын: Екі түмені мылтықпен жабдықталған.
Сүлеймен мерген: Иә-ә, жауымыз осал емес.
Ағынтай батыр: Бізге қарай қашан жылжымақшы?
Тұтқын: Қырғыздарды шапқаннан кейін әскеріне екі-үш күнге дамыл берген. Енді ертең бері қарай жылжимын деп отырған.
Қарасай батыр: Айтып отырғандарың бәрі қоспасыз шындық па? Егер өтірік қоссаң, тіліңді кесеміз.
Тұтқын: Тақсыр, бір сөзім өтірік болса, Тәңірім атсын.
Жәңгір сұлтан: Иә-ә, әзірге жетер, алып кетіңдер!
Екі нөкер оны қолтығынан демеп тұрғызып, алып кетеді.
Жәңгір сұлтан: Ал, батырларым, бәрің естідіңдер ғой. Сендер не дейсіңдер? Олар елу мың болса, біз алты жүзбіз, төтеп бере аламыз ба?
Батырлар бастарын шайқайды.
Жәңгір сұлтан: Неге бастарыңды шайқайсыңдар?
Сүлеймен мерген: Өте қиын есеп, тақсыр.
Қарасай батыр: Самарқаннан шыққан Жалаңтөс батыр үлгеріп келсе жарар еді. Сөйтіп алты жүз бен жиырма мың біріксе, бұл да үлкен күш болар еді.
Жәңгір сұлтан: Иә, Тәңірім, сәтін салсын. Дегенімен, олар жеткенше қалай амалдаймыз?
Батырлар үнсіз ойланып қалады.
Бір кезде оттың басында оқшау отырған Жиенбет батыр сұлтанға қарай бұрылды да, қолындағы күйген жауырынды көрсетіп жымиды.
Жәңгір сұлтан: Иә, Жиенбет батырым, жауырының не дейді?
Жиенбет батыр: Тақсыр, жауырынның бізге деген болжамы жақсы Жоңғарларды ойран-ботқасын шығарып жеңесіңдер деген белгісі бар.
Сарбұқа батыр: О, аруақ!
Сүлеймен мерген: Айтқаның келсін, батырым!
Әлгінде ғана еңсесі түсіп отырған батырлар көтеріліп қалды.
Жәңгір сұлтан: Сенің жауырының қате айтпаушы еді, «аузыңа – май, астыңа – тай», жауырыншым. Дегенімен, сол жеңістің құрышын қалай қайнатамыз, бар әңгіме сонда болып тұр ғой, батырлар?
Қарасай мен Ағынтай батыр бағанадан бері өз ара шүйіркелесіп, бір жайды талқылап отырған. Жәңгір сұлтан соны байқап қалса керек.
Жәңгір сұлтан: Қарасай, Ағынтай, жаужүрек батырларым, сендер қандай амал ойлап отырсыңдар, ортаға тастаңдар, бірге талқылайық?!
Қарасай мен Ағынтай бір-біріне қарасып қалып еді, Ағынтай сен баста дегендей белгі берді.
Қарасай батыр: Жәңгір тақсыр, сіздер білесіздер, мен осы Жетісу өлкесінің тумасымын. Бұл өңірлерді бес саусағымдай білемін. Сонау қырдың артында Белжайлау алабында Орбұлақ деген қойнауы кеңдеу биік жота бар. Сол жотаның бауырына көлденеңінен ұзына бойы ор қазып, жасақтың бір жартысы жауды сонда күтсе. Ал екінші жартысы таудың келесі бетіне жасырына тұрып, жоңғарлар орға шабуылдаған кезде, арттарынан лап қойып, олардың есін шығаратындай ұрыс ашсақ деп, Ағынтай екеуміз ақылдасып отыр едік.
Жәңгір сұлтан: Е-е, бұларың тапқан ақыл екен! Бағанадан бері осылай демейсіңдер ме?!
Сарбұқа батыр: Бұл тапқырлық бастарыңа қалай келді ей?!
Жәңгір сұлтан: Дегенімен, жоңғарларды бұл құрған қақпандарыңа қалай айдап апарамыз?
Ағынтай батыр (сөзге араласты): Ол өте оңай, тақсыр. Сол жотадан бәріміз жабылып ор қазып жатқанда, әлгіндегі «тілдің» қашуына жағдай туғызып қоямыз. Ол бізден сытылып барып, жоңғарларды тура сол орымызға мүйізді серкедей бастап келмей ме?!
Бәрі қыран-топан күліп жіберді.
Жиенбет батыр: Амалдарың не деген керемет еді!
Сарбұқа батыр: Жасаңдар, батырлар!
Қолбасшылардың бәрі аруақтанып кетті.
Жәңгір сұлтан: Онда қарап отырмайық. Кәне, дәл қазір бізді сол Орбұлаққа бастаңдар, ерлерім!
Қарасай мен Ағынтай: Құп болады!
***
Жәңгір жасағы жотаның бел ортасына көтеріле салап, жер қазу жұмыстарын бірден бастап кетті. Сөйтіп, күндіз бастап, түн жарымынан ауғанша ұзына бойы терең орды қазып тастады. Түн жарымында барлық жауынгерлер ор жанына жиылып, ас ішуге отырды.
Ал бұл кезде төменде жалғыз өзі қалған тұтқын жоңғар бір жауынгердің «абайсызда түсіріп алған» кездігін алып, қол-аяғындағы арқандарды кесіп, түн қараңғылығына сүңгіп кетіп еді.
***
Күн сәскеге таман қолбасшылар келіп, Жәңгір сұлтанға ор-бекіністің дайын болғанын хабарлады.
Қарасай батыр: Ұзындығы үш жарым шақырымдай, алды биіктетілген, арты аласа, терең ор дайын болды.
Ағынтай батыр: Ордың әр тұсына екі адам аралатып, жұмыр қой тастардан тас үйіп қойдық. Жауымызға төмен домалатамыз.
Жәңгір сұлтан: Ой, бәрекелді, жарайсыңдар, арыстарым! Мылтық, садақтарың, оқ-дәрілерің дайын ба?
Сарбұқа батыр: Бәрін сайлап қойғанбыз, қолбасшы!
Сүлеймен мерген: Тақсыр, соғысқа тағы бір әдісті пайдалансақ деп отырмын.
Жәңгір сұлтан: Ол қандай әдіс, Сүлеймен батырым?
Сүлеймен мерген: Ол – түтінмен улау әдісі. Мұндағы баурайларда сасықтеке атты улы өсімдік өседі. Оны біз аңшылықта қолданатынбыз. Соларды жинап, суға қайнатып, оған шүберек малып, кептіріп, лап еткізіп жандырмай, жау жолына бықсытып қойсақ, жауымыз түтінге уланып, домалап түсе береді.
Жәңгір сұлтан: Олармен қоса өзіміз де уланып қалмаймыз ба?
Сүлеймен мерген: Жо-ға, біздің жауынгерлер аузы-басын тұмшалап, ешкінің майын майлап алып қорғанады. Ал, уланып қалғандары болса, қымызға меңдуананы қосып, уды қайтаратын сарысу дайындап қоямыз.
Жәңгір сұлтан (қуанып): Бәллі, жарайсың, батырым! Онда қарауыңдағы сарбаздарды жұмылдырып, дайындыққа жылдам кіріс.
Сүлеймен мерген: Құп болады! (Ол кетеді).
Жәңгір сұлтан: Ал, Қарасай, Ағынтай батырларым, сендерге мылтықпен қаруланған үш жүз жауынгерді қалдырып кетпекпін. Қорғаныстарыңды мықты ұстайсыңдар ғой.
Қарасай батыр: Ол жағынан қам жемеңіз, қолбасы.
Жәңгір сұлтан: Ал, қалған жауынгерлер менің соңымнан ереді. Таудың арғы бетіне жасырына тұрамыз. Жоңғарлар сендерге лап қойған кезде, біз де ту сырттарынан тап береміз.
Ағынтай батыр: Сіздің де шабуылыңыз сәтті болсын!
Жәңгір сұлтан: Айтсын! (Ол атына қонып, қалған жауынгерлерді жинап, сайға қарай жөнеле берді).
***
Шайқастың беталысы Қарасай мен Ағынтай батыр болжағандай өрбіді. Оған Батур қонтайшының өзі де себепкер болып еді. Ол қалың қолын Орбұлақтың қарсы бетіндегі кең беткейге шоғырландырып, шабуылға дайындыққа кірісті.
Доржы түменбасы (қазақ ор-бекінісін бақылап тұрып): Батур қонтайшы, алдымен олардың ор-бекіністерін зеңбіректермен атқылап, ойран-ботқасын шығарып алсақ қайтеді? Содан кейін қалған тамтықтарын бір шабуылмен-ақ жәукемдей саламыз.
Батур қонтайшы (миығынан күлді): Доржы, айтшы, менің мына сансыз қолым тұрғанда, қазақтың алты жүз сарбазы жұмырыма жұқ бола ма?
Доржы түменбасы: Әрине, жұқ болмайды!
Батур қонтайшы: Ендеше орға жасырынған оларға зеңбірек оғын шығындап не қыламын. Одан да мына быжынаған әскерімді шегірткедей жауып жібермеймін бе. Олар ат төбеліндей қазақты мына сенің дулығаңдай басып қалмай ма?! (Қонтайшы өз тапқырлығына сойдақ тістерін көрсете ыржияды).
Доржы түменбасы (да жымиды): Бұл да жөн екен!
Кенет Батур қонтайшы қыран құстай қомданып, атын тебініп қалып, алға шықты.
Батур қонтайшы: Ал, менің қабыландарым, жолбарыстарым, шабуылға дайынсыңдар ма?!
Қалың әскер: Дайынбыз!!!
Батур қонтайшы (қолындағы туын сілтеп қалады): Онда ал-ға!!!
Жоңғардың құмырсқадай қаптаған қолы сел-тасқындай жөңкіле жөнелді.
Бұл кезде Сүлеймен батырдың етек жақта дайын тұрған жасағы әр тұста шашылып жатқан улы маталарды тұтандырып, түтіндетіп бықсытты да, өздері аттарына қарғып мініп, ор-бекіністеріне қарай шапты. Жоңғарлар шабуылға шыққан кезде бықсыған түтін қалың тұман сияқты тұтаса қалқып, жота етегін, қойнау төңірегін жаппай басып қалған еді.
Қалың жоңғар жота басына шегірткедей лап қойғанымен, олардың алдыңғы лектері түтінге уланып, шыбын құрттай етекте домаланып-домаланып қала берді. Одан аман өткендері улы жебе, мылтық оғы мен төмен жөңкілген қой тастардан баудай түсіп, шалғы тиген шөптей жапырылып жатты. Соңдарынан жылжыған келесі толқын бас-көзге қарамай алдыңғыларды баса-көктеп, жота басына өршелене ұмтылғанымен, олар да жел жайпаған қау шөптей сулап түсіп, бұрынғылардың кебін құшып жатты.
Жоңғар қолы осылай шабуылдарынан нәтиже болмай, лек-легімен оталып жатқан кезде тағы бір қыспаққа тап болды. Олардың ту сырттарынан Жәңгір бастаған жасақ күтпеген жерден «аруақтап» атой салды.
Бұл кезде күн батып, ымырт үйіріліп қалғандықтан, жоңғарлар қазаққа тағы бір тың күш қосылды, қоршауда қалдық деп ойлап, жауынгерлік қайрат-жігерден, басшыларына бағыну тәртібінен айырылып, бойларын қорқыныш пен үрей билеп, отар-отар қойдай жөңкіле қашты. Үрейге бой алдырған ессіз жауда береке бола ма, олар осылай жанталасып жатқанда, қазақ қолы екі жақтан қыспаққа алып, қаруларын оңды-солды жұмсап, қоршауда қалып қойғандарын баудай түсіріп, жусатып жатты.
***
Келесі күні таң сәскеде қазақ жасағы орларынан бастарын қылқитып төмен қараса, жоңғар қолының бір бөлігі жота баурайында шыбындай қырылып, жайрап жатыр екен. Ал арғы беткейде қатары әлі де қалың жоңғар қолы ес жиып, тағы бір үлкен шабуылға дайындалу үстінде. Соның айғағындай бұл жолы зеңбіректеріне кезек беріп, ор-бекіністің айнала-төңірегін атқылай бастады. Әр-әр тұстан ор-шұқыр қылып қазғылап, берекені алып төмпештеген зеңбірек оқтарына қайран көрсете алмаған қазақ жасақтары бекіністеріне бұғынып жатқанды ғана білді.
Сарбұқа батыр: Ой сұмдық-ай, бұлар біздің моламызды қазып жатқан жоқ па?!
Сүлеймен мерген: Әне, жоңғарлар тағы бір үлкен шабуылға дайындыққа кіріскен сияқты.
Жиенбет батыр: Енді бұл шабуылына төтеп бере алар ма екенбіз?
Сарбұқа батыр: Әй, Жиенбет, сен өткенде «жауырыныңмен» жеңісті бізге берген жоқ па едің?! Енді бұл не дегенің?!
Жиенбет батыр: Бұл пенделігімді кешір, Сарбұқа. Бірақ айтқаным айтқан, біз жеңеміз!
Сарбұқа батыр: Е, солай десейші!.. (Сарбұқа батырдың еңсесі көтеріліп қалды). Әй, анаң қараңдар! Жоңғарлардың желке тұсынан тағы бір үлкен қол келеді!..
Сүлеймен мерген: О, аруақ! Бұл Жалаңтөс баһадүрдің жиырма мыңдық қолы болды ғой!
Оның осы сөзін қостағандай әлгі көрінген үлкен қол дабыл, дауылпаздарын ұрғылап, ұрандатып, жоңғарлардың ту сыртынан бас салды. Мұны байқап қалған Жәңгір сұлтанның да арқасы қозып кетті.
Жәңгір сұлтан: О, аруақ! Ал, арыстарым, атқа қоныңдар! Ал-ға-а!!!
Сөйтіп, қазақ жасағы бір қолдың саласындай болып бұл жақтан атой салды. Жоңғар қолы тағы да қос тұстан қыспаққа түсіп, көп өтпей шыдас бере алмай бір бүйірге ығысып, сол шегінгеннен ұрыс алаңын тастай қашуға мәжбүр болды.
Автор: Міне, осылайша, 1643 жылдың жазында Жәңгір сұлтан бастаған, Қарасай, Ағынтай, Сүлеймен, Жиенбет, Сарбұқа, Көкі батырлар қостаған қазақтың ер жүрек алты жүз жасағы жоңғардың он мың қолын жайратып, қаһармандық соғыстың үлгісін көрсетіп еді. Артынша қазаққа көмекке келген Жалаңтөс баһадүрдің жиырма мың қолы бірігіп, жоңғардың қалған әскерін еліне қуып ығыстырып, айтулы жеңіске жеткен болатын.
6-серия
Хан Көшек
Автор: Қалмақтар Есім хан бастаған қазақ қолын Іле Алатауы жоталарының біріндегі кең шатқалға алдап түсіреді. Олар шатқалдың шыға беріс тар аузына, биік құз жартастың басындағы кең қуысқа мергендерін жасырған екен. Қазақ жасақтары шатқал аузына жақындап келе берсе болды, мергендер келгенін-келгендей жайратып сала береді. Қалмақтар өздерінің негізгі күштері келіп жеткенше қазақ қолын осылайша «қамап» ұстап тұрғанды жөн деп тапты. Бұл жағдайды қазақтар да түсінген еді. Енді бұл қиын қыспақтан қалай жол тауып шығуға болады? Есім хан бастаған қолбасыларды осы ой қатты мазалады.
Қожаберген: Шатқал аузына мергендері мықты жасырынған. Өздері қол жетпес биікте. Шатқалға жақындаған жасағымызды жусатып салып, әлегімізді шығаруда.
Есім хан: Иә, батырлар, қандай амал-әрекет бар? Қазанға түскен еттей тұрысымыз мынау. Мен әскерімнің қуырдаққа айналғанын қаламаймын.
Наймантай: Мына шатқалдың басқа бір түкпірінде жол жоқ па екен?
Есім хан: Батырым, ондай жолдарды іздеуге бізде уақыт жоқ. Жаудың негізгі күші келмей тұрғанда, бұл шатқалды тастап шығуымыз керек.
Қарасай: Иә, бізде бір-ақ жол бар, анау шатқал аузындағы мергендердің көзін жою.
Наймантай: Ойбай-ау, олар жолай берген жасағымызды қырып салып, жанына жуытпай тұр ғой! Өздері және тік жартасқа жасырынған, қалай жоямыз?!
Есім хан: Ол мергендердің көзін жоюдың жолын тапқан батырға мен «Хан» атағын берер едім. Кәне, араларыңда сондай тапқыр батыр бар ма?
Сардарлар біраз уақыт үнсіз тұрып қалып еді. Кенет, көптің ішінен біреу «Ба-ар!» деп дауыстады. Жұрттың бәрінің назары соған ауды. Әлгі жас батыр көптің арасынан сытылып шықты да, қолбасыларға жақындады.
Көшек батыр: Әке! (деді ол Қарасай батырға қарап). Менің бала кезімде сіз мені ертіп алып, қия биік жартас басындағы қыран балапандарын талай аулаушы едік қой. Есіңізде ме?
Қарасай: Иә, есімде! Сен арқанмен түсіп, сондай балапандардың талайын аулағансың.
Көшек батыр: Ендеше, әке, мен бұл жолы «жау балапандарын» ауламақпын. Рұқсат беріңіз.
Қарасай: Ой, балам-ау, бұл...
Есім хан (оның сөзін бөліп): Қарасай батыр, бұл балаңның аты кім?
Қарасай: Көшек.
Есім хан (Көшекке қарап): Онда, Көшек балам, жолыңды бердік. Егер жау мергендерінің көзін жоятын болсаң, қазақ қолын жау қырғынынан аман алып қана қалмай, «Хан Көшек» атын иеленесің! Ал, жас қыран, жолың оңғарылсын! Әумин!
Бәрі: Әумин!
Қарасай: Мә, балам, менің мылтығымды ал.
Есім хан: Иә, Көшек батырға ерген жасақтарына да от қару беріңдер!
Көп өтпей Көшек батыр мен от қару, иықтарына арқан асынған оның он шақты жасағы қалың әскерден бөлініп шығып, тау жартастарына өрмелеп бара жатты.
***
Олар тік жартасты құзға бірнеше тұстан арқан лақтырып шығып бара жатқанда, төмендегі жау жасақтары байқап қалып, мылтық пен садақтан оқ жаудыра бастады. Екі сарбаз оққа ұшты.
Көшек батыр (сарбаздарына): Бір жартымыз арқанмен көтеріліп бара жатқанда, қалғанымыз садақпен оларды қорғап отырайық. Осылайша кезектесіп көтерілейік, әйтпесе, жау бізді қоймас.
Сарбаздар: Құп болады!
Олар осылайша амал жасады. Бір жартысы биікке арқан лақтырып, көтеріліп бара жатса, екінші жартысы серіктерін қорғап, төмендегі қылт еткен жау сарбазын оқтың астына алды. Олар осылайша кезектесіп өрмелеп отырып, жау мергендері бекінген қуыстың деңгейіне жетті. Сол тұстан бәрі келісіп қойғандай биіктегі бір жартасқа арқан тұзақтарын лақтырды.
Көшек батыр (сарбаздарына қарап): Бауырлар, қазір мен бастап, жау апанына секіремін, сендер де менің артымнан ілесе секіріңдер.
Қалғандары: Иә, оған қам жеме.
Көшек батыр: О, аруақ! Ол жартасқа тебініп қалды да, арқанмен тербеліп барып жартастың келесі бетіндегі апанға, жаудың бір сарбазының дәл үстіне жолбарыстай қарғып, құлай кетті. Ол қолындағы өткір қанжарымен жау мергендерін бауыздап, алысып жатқанда, қалған серіктері де ілесе секіріп, жау ордасының ойранын шығарып жатты. Қалмақ мергендерінің бәрін жайратып болғаннан кейін Көшек батыр қазақтың ақ туын көтеріп, желбіретіп, төмендегі қазақ қолына белгі берді. Дайын тұрған қазақ қолы жолындағы қалмақ жасақтарын таптай, жылжып, ашық алаңға, қазақтың кең даласына жөңкілді. Ал бұл кезде Көшек батыр мергендері қалмақтың өз керін өздеріне келтіріп, тау-тасқа жасырынған жау жасақтарын жоғарыдан жусатып жатты.
***
Есім ханның қалың қолы кыр беткейіне сап түзеп, Көшек батыр жасағын салтанатты түрде күтіп алды. Есім хан Көшек батыр жасағының алдына келіп, бәрін ықыластана бауырына қысып, көрісіп шықты.
Есім хан (көтеріңкі көңілмен): Жас қырандарым, жау мергендерін ұясында «құс балапандарындай» жайратып, қалың қазақ қолына жол ашып берген асқан ерліктерің үшін бәріңе алғыс жариялаймын!
Жасақ (бір ауыздан): Ерлік істерге қашанда дайынбыз!!!
Есім хан (Көшекке қарап): Ал, балам, сен бүгіннен бастап «Хан Көшек» деген атаққа ие болдың, құтты болсын!
Қалың қол (ту, найзаларын көтеріп, жар салады): Құтты болсын! Хан Көшек! Хан Көшек! Хан Көшек!
Қарасай: Балам, сенің бұл атағың менің «Қарасай қол» деген атағымнан да асып кетті ғой. (Бәрі қыран-топан күледі. Қарасай да күлімсіреген күйі баласын құшақтай алады).
***
Есім ханның қолы осылай салтанатты, шарапатты жағдайда тұрған кезде, шығыс беттегі бел астынан шаңдатып қалмақтың қалың қолы шыға келді. Олар оқ жетім жерге келгенде жиналып, қазақ қолына сес көрсете қару-жарақтарын көтерді. Кенет қалмақтың басы жылтыраған тақырбас бір жардай батыры қара сұр атын ойнақтатып ортаға шықты.
Қаражар: Әй, қазақтар, шығар батырыңды жекпе-жекке! Жекпе-жек! Жекпе-жек!
Есім хан бір батырын шығарып еді, сүт пісірім айқасқан ол Қаражарға бәс келе алмады. Қалмақ батыры Қаражар десе, қара жардай екен, алып күшке шыдас бермеген батыр атынан ауып түсті.
Есім хан екінші батырын - түр-тұлғасы Қаражармен сай келетін алып батырын шығарған. Дегенімен мәселе бой-тұлға мен күште емес, әдіс-айлада екен. Қалмақ батыры бұл сайыста да амал-әрекетін асырып, қазақ батырын атынан аударып тастады да, «Жекпе жек! Жекпе жек!» деп, әрі-бері ойқастады.
Бұл жеңілістен кейін қазақ қолының жауынгерлік еңсесі күрт түсіп кеткені байқалды. Мұны көрген Хан Көшек шыдай алмады. Есім ханның алдына жетіп барды.
Хан Көшек (тісін қайрап тұрып): Тақсыр, енді маған кезек беріңіз.
Есім хан: Ой, балам-ау, сен жассың ғой.
Хан Көшек: Тақсыр, әлгі айқастарды көрдіңіз. Әңгіме, жаста да,күш-қуатта да емес, әдіс-айлада екенін байқадыңыз. Мен бұл жағынан өзіме сенімдімін.
Есім хан: Жақсы, өзіңе сенімді болсаң, батамды бердім. Әумин! Шыға ғой.
Хан Көшек Қаражарға қарсы бойындағы барлық қасиетін – жастық жалынын, тасқындаған күш-қайратын, құрық бойламас амал-әрекетін жұмсап, ет пісірім уақыт айқасты. Сайыстың көріністі жағынан әсерлі болғаны соншалық, қазақ қолы рухтанып: «Хан Көшек! Жарайсың, Хан Көшек! Е, бәсе, сөйтіп арсалаңын шығаршы, қара қалмақтың!» деген көтеріңкі лебіздері жаудікін басып кетті.
Хан Көшектің бойында әлгі аталғандардан да асқан бұла күш қайнап жатыр екен. Кенет, ол сонысын көрсетті. Бір уақыт ол астындағы тіл ұққыш қара кер атын ойнақтатып, құйрық-жалын желпілдетіп, көз ілеспес шапшаңдықпен Қаражарды бір айналып шықты. Атының басын қарсы бұрып, жүгенін тартып кеп қалып еді, аты кісінеп, көкке шапшыды да, екі аяғы жерге түскенше қылышын қос қолдап ұстаған күйі көз ілеспес шапшаңдықпен бар екпінімен сілтеп қалды. Батырдың епті де жылдам қимылына ілесе алмаған Қаражар төбесінен төніп келген тажалға қарсы әрекет жасауға үлгермей, «е» деп аңтарылып қалғанда, Хан Көшектің найзағайдай жарқ еткен қылышы оның тақырбас төбесін қақ бөліп, жаудың кіндігіне дейін жарып түсті. Сонда жау батырының екі бөлінген денесінің бір жартысы құлап, екінші жартысы қан-дала болып тік қалпында бір сәт тұрып қалған екен. Мұны көрген қазақ қолының рухы аспандап кетті.
Қазақ қолы: Е, аруақ! Жарайсың Хан Көшек!
Енді бір батырлар: Қаражар қызыл қан болды!
Тағы бір батырлар: Қызылқан қызылжар болды!
Енді бұл жолы Хан Көшек алаңда ат ойнатты.
Хан Көшек: Кәне, қалмақ, кім шығады! Жекпе-жек! Жекпе-жек!
Біраз тосылып қалған жоңғарлар ақыры бір батырын шығарды. Ол «Қарадөң, Қарадөң!» - деп өз атын ұрандай келді. Бірақ оның ұран-айбаты мен күш-қайраты сай келмеді. Хан Көшек оны үшінші рет ұмтылғанда сайып түсірді.
Қазақ қолы жағынан дауыс: О, аруақ! Хан Көшекке қонтайшының өзі шықсын!
Екінші дауыс: Хан Көшекке қонтайшы! Оншан қонтайшы!
Оншан қонтайшы да шыдай алмай тұрса керек. Қазақ батыры «ә» дегенше екі батырын жарып тастады. Және қандай батырлар, ашу-ызадан жарылардай болып тұрған. Оның үстіне мына даңғаза қазақтар өзін шақырып тұр, шыдай алмады. Оншан қонтайшы ақ боз атын жорғалатып шыға келді.
Оншан қонтайшы: Ханға хан десеңдер, міне, мен шықтым! «Ханға хан» дейсіңдер, ендеше қанға қан болсын! Кәне, шық бері!
Хан Көшек: О, қанды басың бері тарт! Бұқ қане!
Алыптардың айқасы опыр-топыр басталды да кетті. Хан Көшектің күш-айбаты әлі бойында, бабында екен. Сүт пісірім уақыт сайысты ма, сайыспады ма, бір уақыт ол атын тағы да көкке шапшытып келіп, бар екпінімен қылышын «жарқ» еткізіп қойып қалады. Оншан қалқанын тосып қалады. Бірақ қылыштың алапат екпіні болса керек, қалқан қақ жарылып, Оншанның өзі атынан ауып түседі. Аттан құлаған қонтайшыны көрген қазақ қолы «О, аруақ!» деп, шыдап тұра алмай лап береді. Өз қонтайшыларының сұлап түскенін көрген жоңғар әскерлері жүні жығылып қашуға бет алады. Қазақ қолы қашқан қолды қуалап жүріп соғумен болды.
Автор: Есім хан би-қолбасшылармен кеңескен соң, қолға түскен Оншан қонтайшыны қазақтарға енді қайтып оралмау, қазақтармен соғыспау туралы ант алып, еліне қайтарады. Оншан еліне жеткенде, інісі Сеңге оны өлдіге санап, әйелін алып, қонтайшылық билікті қолында ұстап, елді басқарып отыр екен. Ол адамдарына жасырын жарлық беріп, Оншанды ордаға жеткізбей мерт қылады.