Адам қарады: 13 | Жарияланды: 2018-06-28 03:14:52

Туған жердің киесі

Тарс-тұрс! Тарс-тұрс!

Тамыздың тамылжыған тыныштығын бұзған дауыстан  жұрттың алды шошып оянып, тарсыл шыққан жаққа беттеді. О,тоба! Кеше ғана «мені көр» деп асқақтап тұрған көршілерінің үйінің орнында қабірге ұқсап қаңқиып төрт қабырға ғана қалыпты. Көп өтпей-ақ ауладан үстеріне тау ғып жүк артқан қос машина қайқайып шығып, үлкен көшеге түсе берді. Таудай жүктің үстінде жабусыз тал бесік бара жатты қалқайып. Ескі жұртта қалған Құтжол қожайыны мінген көлікті біраз жерге дейін қуалап барып, тілі салақтап, қыңсылап қала берді.

         Бұзылған там.. Тапталған бақ.. Қыңсылай ұлыған Құтжол.. Жиылып қалған жұрт көршілерінің тосын әрекетіне түсіне алмай, даурығысып жатты:

         -Мұнысы несі? Елге хош деместен кеткені ме?

         -Апыр-ай, «су ішкен құдығына түкіргеннің» керін келтірді-ау..

         -Өз елінен, жерінен безінген жан айдалада көмусіз қалады деуші еді..

         -Тым болмаса, елмен қайырласып, Құран да беріп кетпеді-ау. Әруақ атып, қор болмаса болғаны...

                                         ............................................

 

Тарс-тұрс! Тарс-тұрс!

Тамыздың тамылжыған тыныштығын бұзған дауыстан  жұрттың алды шошып оянып, тарсыл шыққан жаққа беттеді. О, тоба! Жыл бойы қаңқайып төрт қабырғасы ғана тұрған көршілерінің үйіне есік-терезелер салыныпты. Сайдың тасындай төрт-бес жігіт жаұшыра қимылдап, үйдің төбесін жауып жатыр. Қара-құра болып жиылып қалған жұрт көп ұзамай істің мән-жайына да қанықты. Бір түннің ішінде үйін бұзып, керекті ағаш-пағаштарын көлікке артып, ел-жұртпен қайырласпастан көше жөнелген көршіге жаңа жер, жаңа қоныс қайырлы бола қоймапты. Алдымен бөтен жерді жерсінбеген малдары өліпті тырайып. Қап-қап егін ексе де, өніміне уыс толмапты. Ол ол ма, бөтен жердің ауасы жақпай, өзінің де денесін жара басып, қатты қиналыпты. Дәрігердің емі, тәуіптің демі қонбай, төсек тартып, жамбасы тесіліпті. Ең қиыны, сондай сәтте «қалайсың?» деп бір көршісі есіктен бас сұқпапты. Тұла бойы жарадан іріп-шіріп, күннен-күнге беті кейін қарап, өмірмен қоштасар сәт тақағанда, бала-шағасын жанына жинапты. Дем жетсе, туған жерге жетіп тағзым етіп, елімен қоштасып, шаңыраққа қарап жатып көз жұмғысы келетінін айтып, аманат жүктепті. Осылайша көрші «Елге жеткізе гөр деп» Жаратқанға жалынып, туған жерге жеткенше асығып келеді екен.

         Сәскеге таман жұрт күткен көлік те екпіндей келіп, төбесі жайдақ жабылған тоқал тамға тұмсығын тірей кілт тоқтады. Көпшілік көлікке қарай лап қойды. Бірақ, көліктен көршілері емес, оның әйелі мен бала-шағасы жылап-еңірей түсіп, ауыл адамдарымен көрісе бастады.

         Байғұс көрші ауылдың шетіне іліге бере туған жердің ауасын соңғы рет кеуде кере жұтып, «О, туған жер!» деуге ғана тілі кеп, бақилыққа аттанып жүре беріпті.

         Ағайын, ел болып жылап-сықтап, көршінің соңғы аманат-тілегін орындап, ақ арулап жуып, өз босағасынан шығарып, мәңгілік мекеніне шығарып салып қайтты.

         Ия, Алла кең ғой. Бір кездері жер-ұйықты бөтен ел, бөтен жерден іздеп адасқан көршіге туған жерден бір құлаш жер бұйырды. Ең соңғы аманат-тілегі орындалып, байғұс көршінің жүрегі тыным табуын тапты-ау.. Бірақ неге екенін қайдам, қатарда жұртпен көрісіп тұрған бала-шағасы әлденеге кінәлідей көздерімен жер шұқып, іштей егіліп тұрды.

 

Қазақ тілінде жазылған