Адам қарады: 78 | Жарияланды: 2019-05-08 02:34:32

Күйген нан                

-Әй, кемпір, бір мәмілеге кел, келін жылап жүр,-деді қария тағы төсегінен басын көтере, келіннің бөлмесін иегімен нұсқап.-Шешейік те бұны!

-Әй, қу дүние, әй қу дүние!,-деген кемпір көзінің жасына ерік бере, еңкілдеп қоя берді. ..

         Бөлме іші сұп-суық. Терезе нық жабылып тұрса да, нәзік самал жел бетті шалып, шаштан есіп, құлаққа жетіп, сыбырлап тұрғандай. Тым тырыс бөлмеде келіннің ыңылдап салған әні ғана естіледі. Жүректе ғана салынып жатқандай. Көзіндегі мөлт жас шығар-шықпасын білмей, гауһар тасқа айналғандай, мөлдіреп қана тұр. Өзі тербеліп билейтін де секілді...

Иманай үшін, дүние демін ішіне тартып, бұлыққандай жым-жырт бола қалған. Өзіне сезіліп, тынымсыз сыбырлап, мұңдасып тұратын самал жел ғана бар. Бұл самалды құшағына алып, кейде солай ыңылдап әндете, өз ырғағына теңселіп, құшағына ауа толтырып, айналып билейтіні бар. Би дейтін би де емес. Иманайдың қазіргі кейібі өзіне ғана мәлім, желдің қасіреті, жер мен көктің де қасіреті сияқтанып, әлемнің бауырына кіре алмай, жападан-жалғыз кешкен күйі.

-Жалғызды қиып, енді келінді де қимақпын ба?,-деген кемпір орнынан ауыр көтерілді. –Қайт дейсің енді? Не бітір дейсің? Бұ сормаңдай кімге керек еді?

Ақ самайындағы аппақ шаштарын түсі кетіп, тозығы жеткен орамалының ішіне кіргізген Сарқыт  күңкілдеп жүр. –Екеуіміздің пешенемізге жазылған тағдыр бес елі. Осылай сорлап отырамыз енді!

-Тәйт, кемпір, бала қайтты екен деп, келінді де жылату керек пе?

Әбдіразақ қария жантайып жатқан жерінен түре келе, жамбастап отырып қалды. –Өй, белім! Қылт ете қалғанын қарашы.  Кемсеңдей берме, бәйбіше! Болған іске болат болмай, боркемік болып бордай тозғанымыз жарамас. Құдағи қызын алып кетсем деп ниет білдірді, ақ жол тілеп, отанына жіберейік. Қу бас екеуіміздің күніміз таяр да. Келін әлі жас!. Әбдіразақ қария шоқша сақалын сипап, кемпіріне келісім бер дегендей басын шұлғып-шұлғып жіберді.

Қарияның күнігі күңкіліне шыдамы жетпеген Сарқыт:

-Е, мақұл, барса барсын! Жөн-жосықты өзің білесің, барсын!,-деді.

...Таң алдында, күн көтерілмей, үркер жетіқарақшыға жақындағанда, бозарған таңның өзіндік бір қасиеті бар. Айналаны жым –жырт басып, анда-санда әр үйдің күзетші иттерінің бірі  әуп-әуп деп қалса, артынша бір көше жоғары тағы бір үйлердің төбеттері қайтара тіл қатқандай шәуілдеп қояды. Көктемнің қоңыр салқын самал лебі денеңді аймалай сипап,  көкірегіңді кең ауаға толтырып, артынша деміңді шығарғанда, сәл дір-дір еткізген  сезім денеңді билей жөнеледі. Сәулесін шашқан айдың жанындағы жұлдыздар біртінеп өз ұяларына сүңгіп, кезекті күнге бергендей, жымың-жымың еткен күйде, көзге көрінуден қалып бара жатыр.  Айдың нұрлы сәулесі де басын изей, үркерге де «Кездескенше қош» дегендей, ізінен ерттіріп бара жатыр.

Көзін түні-бойы іле алмаған Иманай әр сәтті қызықтап, есіне анау-мынауды түсіріп, көңілі бірде пәс,бірде миығынан жымиып, басын шайқап, бірде көздері жәутең-жәутең етіп, домаланып түскен жасын аппақ сүйрік саусақтарымен сүртіп қойып, түрі солыңқы тартады. Қазір тіпті, түнімен көз ілмегенімен, күн көтеріліп, мал өріске шауып, тауықтық қыт-қыттап шақырғаны, көліктің зуылы, ара-тұра көршілердің дауыстарын естімес үшін, ұйқыға кетеді. Көзін тарс жұмып, жастықты құшақтай, көрпені басына жабады. Ара тұра бөлменің терезесі көршінің үйіне қарайтын болғандықтан, сол жақтан әйелі мен күйеуінің бірде ұрысып, бірде күлгенін, балаларын тілдеп, еркелеткенін «Өй, жүгермек, ана бұзауға су берсеңші, тауықтарға жем шашсаңшы, өй сені ма! Сүт ішкенде бәледей, тауық жұмыртқа салса, бірінші болып жүгіріп барып, пісіріп жегенде бәледей, сені солай аш қалдырса ғой» деп әйелі күңкілмен күн өткізеді. Иманай осы дауыстардан кейде оянып, кейде сол дауыстар өз түсіне еніп, өзі сол әйелдің орнында жүргендей, баласын қуып, еркелетіп, күйеуіне бірде еркелеп, бірде ұрсысып тұрғандай сезінеді. Мұндай түстер көргенде Иманай өзінше мас күйге еніп, арманына қиял бітіп, алыс-алыс ойларға шомып, жан тербеген көңілге саяхаттап кетеді...

-Иманай қайда?,-деген құдағиына «Қызың ұйықтап жатыр» деп жауап бергісі келсе де, абдырап, күнделікті келіп жүрмеген құтты қонағын сыйлап, кешегі телефон соғуында бір ауыз сөзге келіп, «алып кетіңдер, мақұл көрдік» деп Әбдіразақ айтқан соң, келіп отырған Иманайдың анасын ерекше құрметпен күтіп алу керек болған соң, Сарқыт келіні жатқан бөлмені көзімен бір шалып өтті де:

-Келіңіз, құдағи, Иманай сәл демалып жатқан еді,-деді.

-Тал түсте демалғаны несі? Күн шақырайған, көк төбеге көтерілгенде, не жатыс бұныкі?,-деді Иманайдың шешесі Жамал. Жамалдың жасы алпысты қусырып жүрсе де, өңін бермеген, ақ құба, денесі тік, адуынды әйел. Иманайдың бір тартымды сұлулығы осы анасына тартқаны болмаса, адуынды мінезі тартпаған. Десе де, осы адуынды мінезінің арқасында, елге сыйлы, құрметті отанасы болып отыр. Сонау бір кезде, баласының қиқар мінезінің кесірінен, келіншегі баласын алып, төркініне кетіп қалған еді. Ашуға ерік берген Жамал алдына баласы мен бір екі жеңге болып жүрген кемпірлерді алып, тұп-тұра келінінің төркініне тартып кірген.

-Бала қиқар болса, әттең менің кінәм. Жалғыз деп, жалмауызыма айналса да, қыздың қырық жаны бар, елің-менің жұртым. Мен де сен сияқты жасымда, мына қара шалдан шапалақ жегенмін. Өткен өтті, сүйегің менің босағамнан шығу керек. Олай болмаса, міне басым, сүйегімді осы жерден шығарыңдар,-деп келіні мен баласының қолын ұстатып, жетектеп тұрып, өз ошағына алып келген. Содан бері, келіні қыңқ деген емес. Баласы да қиқарлығын қойып, отбасы тыныштығының жанкүйері болып келеді.

Қызының жағдайын естіп, адуынды Жамал Әбдіразақ қарияға қолқа салып жүр еді. «Алып кетейін, өз үйінде, анасының қасында керек екенін сезінсін» дейтін. Оған Әбдіразақ келіссе де, Сарқыт келіспей жүрген. «Біздің қолқанатымыз, қартайғанда, баламыздың жоқтығын сездірмейтін, жұбанышымыз болсын» дейтін.

-Бала да жоқ, баладан қалған тұяқ та жоқ, қандай жұбаныш,-деп Әбдіразақ кейде кейіп, кейде көніп, өмір ағымымен жүре беретін. Иманайдың соңғы күндері күрт азып, томаға тұйықталып, кейде бөлмесіне тығылып алып, ыңылдап зарлы әуенді сыздатып, тал түске дейін ұйықтап, тіпті тірлік дегенді ұмытып, сауын сиырды саууға барамын деп, тек бұзауын емізітіп, бос шелекпен келетінін көрген қария терең ойға бататын.

-Сүт жоқ па, қарағым,-деген Сарқыт келінінің бос шелекті құшақтап келіп, есік аузына қоя салғанын көріп.

-Сүт жоқ, анасының баласына арнаған сүтін, мен қалай баласынан тартып аламын, қиянат қой,-деді Иманай, еш кідірместен.

Сарқыт Иманайдың бұл қылығын басында жан-ашырлыққа балап: «жарайды, қарғам, келесі жолы болады» дей салған. Келесі күні де бос шелекпен келген соң, сиырды да Сарқыт өз мойнына алып, сүтке жарып қалды.

-Иманай, қызым, анаң келді, тұра ғой,-деп, жылы төсегінде тапжылмай жатқан Иманайға Сарқыт тіл қатты. –Қызым, жүр, анаңмен амандас.

Иманай тапжылмай жатқанымен, көзі бақырайып, төбедегі бір нүктеге аларып қарап жатыр.

-Ммм,-деп ыңырсыды сосын. –Мама ма? Не керек екен?

-Болды, қызым, жүр, өзінен сұрарсың!

Сарқыт бөлмеден аяғын әлсін баса, аһілеген күйде шығып кетті.

Орнынан сүйретіле тұрып, көйлегін киген Иманай, айнаға да қарауға зауқы соқпай, шашын түзеген күйде сыртқа шығып кетті. Түзге барып, беті қолын жуып, анасы мен енесі шүйіркелесіп отырған ас бөлмеге келді.

-Амансың ба, мама?

-Аманбыз қызым, тал түсте не демалыс, қызым?,-деді Жамал иіліп келіп бетінен сүйген Иманайға. –Тірлік қайда? жаның қайда?

-Тірлік қайда қашар дейсіз, тірлікке разы жаным болмағасын!. Иманай жүре тіл қатып, енесінен төмен отырып, Сарқыттың жанындағы шәйнекті өзіне бұрды.

Әбдіразақ қария бұларға жалт беріп қарағаны болмаса, төргі бөлмеде отыра берді.Әйелдердің ісіне араласуды жөн санамағанмен,мазасызданып, қайта-қайта қозғалақтай берді.  Арты не болар екен деген ой да маза бермей, сабырын кетірді.

-Қызым, кеткен қыз шиден тысқары деген,-деп бастады сөз түбірін Жамал. –Ал, қазір бұл мақалдың кебі кетіп отыр. Жаныңның жарасын түсінемін, оған не шара бар дейсің. Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді екен. Ал, сенің жағдайыңа бақандай алты айдан асты. Көн, сабыр, шүкір. Елге өсек керек, бізге сенің амандығың керек! Ішіме сыйған едің, сыртыма да сыйясың. Жар төсегі енді жоқ, еліңе қайт қызым, сені алып кетуге келдім,-деді Жамал.

Иманайдың анасының қолқасын Жамал келгенімен-ақ түсініп қойған еді. Анасының бұл сөзін естігісі келмесе де, тыңдады. Жамалдың осы бір сөзіне жүрегі селт ете қалған Иманай, анасының жүзіне ұзаңқырап қарап қалды.  Аққұба бетін азын-аулақ әжім торлап, орамалынан көрініп отырған самайындағы ақ шаштарына көзі түсті. Көзі шүңірейіп,көрікті ажары әп сәтте өзгеріп кеткендей, денесін қорқыныш биледі. Көз астымен енесіне қарап еді, басын төмен салбыратып, көзін төмен түсірген енесінің де жүзі солыңқы тартып, біршама азып кеткендей көрінді.Жүзінен «бара ғой, қызым» деген сөзді естігендей болды да,  тынысы жиілеп, көкірегіне тараған дімкәс у, Иманайдың тілін бұрағандай, ойы кібіртіктеп, үздік –создық тіл қатты:

-Мен ешқайда бармаймын!,-деді. –Бармаймын, мама!

-Қызым, бара ғой, сені ұстамаймын, жолың ашық. Өмірің алда, жассың,-деді Сарқыт әрең дегенде жүзін көтеріп, Иманайға қарады.

-Апа, сізде мені керек етпей тұрсыз ба?Енді осы жерде тастай батып, судай сің дегеніңіз қайда? ,-деп Иманай көзіне келген жасты тоқтатып, саусақтарымен қағып түсірді. –Бармаймын,-деп кесіп айтты.

-Қызым, жетер енді! Болды, бай жоқ, бала жоқ. Еліңе қайт,-деп шап берді Жамал жаңадан бері қызының тойтарысына үнсіз шыдап, үндемей отырған жерінен өре түре келе. –Ең болмағанда бауырыңның балаларының иісіне тойып, қолғанат боларсың!

-Жоқ, бармаймын.

-Жүр, деймін!

-Бармаймын, мама!

Бұлардың таластарына ендігі шыдай алмаған Әбдіразақ орынан сүйретіле тұрып, қастарын келді.

-Бір-біріңді шықпыртып өлтіресіңдер ме?  Жөндеріңе келіңдер,-деді.

-Ата, сіз де мені өз еліме жібергіңіз келеді ме?

Қарт үндемеді. Кет деп те , кетпе деп те айта алмайды. Кет десе, баласының аманаты деп, келінін қимайды, кетпе дейін десе, қазіргі Иманайдың жағдайы тым ауырлап бара жатқандай.

-Қызым, қайтайық, жиен інілерің күтіп жүр. Иманай әпкеме мына сыйлықты берем деп, сіңілің де орамал кестелеп жүрген. Жүр қызым!,-деді Жамал.

-Жоқ, Жоқ, Жоқ. Бармаймын. Өлігің сол үйден шықсын деп едің! Енді осы үйде ғана жаным мен тәнім. Қинамаңыз, мама!,-деп Иманай жаңадан бері өздігінен шығып жатқан жасына енді ерік бере, еңіреп қоя берді.

-Өй, жылауық, жетер енді,-деген Жамал орынан ұшып тұра адуынды қолымен Иманайдың бетінен шарт еткізді.

-Ойбай, құдағи, тиме!,-деп Сарқыт та шаңқ етті.

-Өлігім дейді, онсызда өлген адамсың ғой. Сорлым –ау, сормаңдай болған. Бай жоқ, бала да жоқ, тіпті ана атанатын қаухарың да жоқ қой, байғұсым-ай. Енді тіпті, ерді де көре алмайсың!,-деп Жамал  тұншыға жылап, отырған Иманайдың төбесінен төкпіштеп, ұра берді. –Сорландың ғой, сорлым-ау. Сені ойлап жүрегім қан жылайды ғой. Сенің бақытты жүзіңді көріп қаламын ба деп, қапияда арман қуып өлетін болдым!

Жамал Иманайдың тоқпақтап ұрғаны, қызына емес, оның тағдырына налып, жан-айқайына үлес қосқандай, еріксіз жылап, еміреуін білдіргені. «Не жазып еді бұл, қандай күнәсі бар еді?» деп , талай рет Құдайына да ренжіген. «Менің күнәм ба еді?». Жамал қызының өмірі осы бір жылдың ішінде күрт өзгеріп кеткенін ойлап, көкірегі қан жұтып, жанарын еріксіз сулап, кейінгі күндері тіпті ас ішпей, немерелеріне де көңіл бөлмей, өз жымын ішіне тартып, үнсіздікті жанына серік етіп алған. Ызыңдаған масадай, өз өздігінен күбірлеп, әр нәрсеге ренжіп, келініне кейіп те жүреді. Кешегі  Сарқыттың «болады» деген сөзінен соң, алып-ұщып, таң қылаң бере, тәтті-пұттысын алып, бір барқыт мата мен сандықта қалып кеткен шекпенді алып, ауыл арасына қатынайдың автобусқа отырып келген беті осы. «Шекпені несі, апа, ұят емес пе?» деген келінінің сөзіне де мән бермеді. «Қызымды ұзатқанда атаңа шекпен, маған алқа тағып кеткен еді, енді сол қызымды қайтару үшін олардың бергендерінің алдында менікі не тәйірі.» деді де кете барды.

-Иманай, айтшы, енді не бітірмексің! Не етпексің, сорлым-ау, сен енді кімге керексің?,-деп Жамал қызына тағы тіл қатты.- Ана ағаңның бір баласын саған теліп қоямыз ба деп едік!

-Бармаймын! Иманай айтқан сөзінен тапжылмай, кесіліп айтқан сөзін тағы қайталады.

-Қызым!,-деді Әбдіразақ қария енді біраз сабырға келген Жамалға басын изеп, «Сөз кезегін маған бер» дегендей. –Қызым, сені сыртқа теуіп жатқанымыз жоқ. Ерлігім сені алып келгенде, сені қызымыздай көріп, ұрпағымыздың анасы деп, болашағынан зор үміт күттік. Тағдырға не шара, Ерлік кетті, қайтпас қамалына, ұрпағы да кетті қасына. Сенің Ерлік үшін ақ отауыңның түтінін сөндіргің келмейтінін білеміз. Бірақ, ертең, қарғам, мына Сарқыт та, менде сол Ерлігіміздің артынан еріп, мәңгі мекенімізге етеміз. Сол кезде сенің жалғыз қалып қалғаныңды қаламаймыз. Қызым, өз елің, өз жұртың. Сені сыртқа теппейді. Бауырына басып, тынысыңды ашады. Қашанғы жыламақсың. Төркініңе орал, қызым!,-деді де, көзіне жас алған күйі: -  Ерлігім тірі болғанда, бұлай қан жұтпас едік қой. Сені сорлатып қоймас едік. Көзге көрінер тұяқ та қалмады ғой, қайтейін,-деп қалтасынан бет орамалын алып жатып, Әбдіразақ қария жылап жіберді.

Біраз үнсіздік жайлады. Кемсеңдеп жылап отырған екі кемпір мен қарияға қарап отырған Иманайдың да жүрегі тынар емес. «-Кетпеймін, кете алмаймын!» деді іштей өз -өзіне тіл қатып. Бұл үнсіздікті сырттан шәуілдеп кеткен иттің даусы бұзды.

-Біреу келді ме екен?,-деген Сарқыт жалма-жан орынан тұра, есікке қарай ұмтылды. –Кім, ей?

-Апа, мен ғой, Жантас, әлгіндегі атай берген арқанды алып келдім. Мына жерге қояйын,-деген дауыс естілді де, артынша, иттің шәуіліне үн қосылып «ей, кет-ей» деген дауыспен  ұзап бара жатты...

-Мен бармаймын, мама, мені қинама, кеткен жеріңенен тек өлігің шықсың, сенің отаның сол, қайтіп келіп қарабет етпе, өз еліңе сіңіп кетуді ойла деген мына, дәл өзіңізсіз. Менің басыма не түссе де, бұл төркініме қайта оралу деген сөз емес, мен осында қаламын. Ерліктің отауында қаламын,-деді Иманай , манадан бергі үнсіздікті бұзып, еңсесін тіктеген күйде.

-Жарайды, қалауың болсын. Өлігім шықсын десең,  бұл үйдің есігінен аттап басушы болма. ...

Жамал құда-құдағиларымен қош алысып кете барды...

Жанды қозғап, сүйектен өтер сөздер естіген соң, Иманай мазасы кетіп, түн жамылса да ұйқыға кете алмады. Дөңбекшіп ары аунайды, бері аунайды. Дала жым –жырт.  Түн желсіз, көкте жамыраған жұлдыздар мен айдың толықсыған ғана болмаса, Иманай үшін, біресе дауыл, біресе қасқырдың үніне қосылған жел ұлып, күн күркіреп, нөсер жауын жауып жатқан секілді көрінді. Анда санда, ата-енесіңнің бөлме жағынан «Әй белім-ай, үһ жалған-ай» деген ауыр тартқан сөздер естіліп қояды. «Олар да қиналды-ау» дейді іштен Иманай. «Ерлік неге мені тастап кеттің?»

Толықсыған айға қарап, ойына өзінің алған Ерлікпен қосылған кезі түсті. Ол кезде де ай толықсып, бұлардың тәтті күлкісімен мен аймаласуына терезеден ай сығалап, ұрланып қарап тұрғандай көрінген. Аппақ көйлегін кигенде «мына айдан аумай қалдың, бірақ сен бәрібір айдан да аппақ, сұлусың» деген еді Ерлік. Ақ көйлегінің түймесін ағытып, құшағына алғанда Иманай өзін сондай бақытты, патшайымнан да сұлу сезінген еді. Сол ақ көйлекте арлығы мен тектілігінің белгісі де қалған еді...

Сандығын ашып, сол естеліктің ізі болған көйлегін алды да, ай жарығымен киіп алды. Өз сұлулығына тамсанғандай, ары –бері айналып, теңселіп билегендей болды. Айнаға анықтап қара еді, артына қарай шегіншектеп барып, тоқтап қалды.

-Бұл мен бе?-деді ақырын тіл қата, сенімсіз үнімен.

-Өліксің,тірі өлік,-деді артынша тағы ашу кернеген сұсты көздерін өз бейнесіне қадап. Көз айналасы қарауытып, ісіп кеткен екен. Иманайдың сұлулығына жұрт тамсанып, бұл ұзатылып кеткенде, «көршінің қызы керемет еді» деген жігіттер көп болды. Аққұба келіп, ботадай домаланған көздері тұп-тұнық құдық суындай, қоңыр тартқан. Жаңа туған айдай қиылып қана тұрған қасы мен аққудың ұлпасындай кірпіктері қайырылып, жазық қабағын жапқан. Екі бетінің ұшында аз-маз даланың қызыл шоқ гүлдеріне ұқсас қызылдығы бар еді. Қып-қызыл толықсыған анарлы еріндерінің арасынан бұл күлгенде аппақ маржандай тістері жарқыраушы еді. Тұла бойы артық етсіз, еркін жүріп қозғалатын, ерікті қыз еді Иманай.

Иманайдың есіне жалма-жан бірдеңе түскендей, селк етті. Айнаға ұзақ қарады да, айнадағы бейнесін, ап-арық сүйір саусақтарымен аймалады да, кері шегіне келе, аяғының ұшымен жәймен сыртқа қарай лып берді.

Түннің жарығы ұрыны ұстап беретіндей-ақ. Түстегі көрші баланың алып келген арқанын сүрете сыртқы есікке беттеді.Алпыс үйлі шағын ауыл болғандықтан, Әбдіразақ қария сыртқы есікті ешқашан бекітпейтін. «Өз ауылым, өз  жұртым. Құтты қонақ болса, менің үйіме-ақ түссін» дейтін. Сол себепті де, Иманайға сыртқы есіктен тыныш қана шығып кетуіне мүмкіндік туды.

Түн тыныштығымен көкірек жасына малынып, еңбіл- деңбіл өксіп келеді. «Саған барамын» дейді. Ай жарығынмен желсіз түнде ұзын арқанды шұбатып, ақ көйлекті қыз келеді. Алдына шығып кездескен сүйір, бұлдыр тастар бұған тосқауыл жасап тұрғандай аяғына оратылып, шалындырып келеді. Иманай сонда да тоқтар емес. Енді міне желсіз түнге салқын самал араласып, Иманайдың басынан сипап құшағына кіріп, «мен қасыңдамын» дейтін секілді. Тұла бойын дір-дір еткізген самалға да мойымай келеді. Біресе тасқа шалынып, біресе желге бет қарай алмай келе жатқан Иманай, әзер дегенде ауыл шетіндегі алып ағашқа да жетті. Талай ғашықтардың алғашқы ыстық құшағы мен сүйісіне күә болған қара ағаш. Ауылдан шыға берерде жұрттың бірден көзі түсетін ағашы. Бұдан басқа терек те жоқ. Болса да, ауылдағы өрік, алма ағаштары ғана. Ал, бұл ағаш, талай жылдардан бері біраз оқиға, зұлматтардың күәсі болып, тамырын кеңге жайған еді. Кей еріккендер бұл ағашқа ойып тұрып өздерінің есімдерін жазып кеткен. Пышақ тиген жері жасаурап, бұл ағаш сол есімді өзіне мәңгі таңба етіп қала берген.

Иманай  биік теректі бір айналып шықты. «Күәгерім! Күәсің сен. Ғашықтықтың зауалына  да! Өмірдің соңына да! Маған да соңғы рет күә бол!» деді. Арқанды ағаш бұтағына аса салып, бәйтеректің жанындағы бір қарыстай болатын тасқа шықты. Мөлт-мөлт жасын бір сілкіп , көзін жұмып, ұзақ тыныс алды. Арқанды мойнына іле берді де, аяқ астындағы тасты теуіп қалды. Дүние бір сәтке тыным тауып, өзін қолпаштаған туған-туыстар көздеріне жас ала, бұнымен қол бұлғап қоштасып тұрғандай көрінді. Алып ағаш та, самал жел де бір бірімен сыбырласып, құс –құмайларға үн бітіп «қоштастың ба Иманай?» «Садағаң кетейін, кетпеші!»деп егілетін сияқты көрінді. Тынысы тарылып, көз алдына Ерліктің елесі келгендей болды. Өзінің бақытты шағы бұлдыр-бұлдыр болып, сағымдай елестей кетті...

Айттым сәлем, қалам қас,

Саған құрбан мал мен бас.

Сағынғаннан сені ойлап,

Келер көзге ыстық жас,-деп әндетіп, киелі қара домбырасының қоңыр сазды үні Ерліктің орындауында Иманайға бек атылған оқ тәрізді, тұла бойын шымырлатып, жүрегіне садақ оғы тұра қадалып, арты ақ көйлек киіп, махаббат майданындағы ыстық құшақтар айқасып, ләззәт бағына  айналған еді.

Дүркіреген той, беташар, келін шәй, есік төр көрсету-арты-артынан болған қызық та шыжығы таусылмас өмірдің бастамасы Ерлік пен Иманайға жұмақ тәріздес көрінді.

Ыстық құшақтар түнімен айқасып, тыным таппай жүргенде күндер де өтіп жатты.

Ерліктің Иманайдың көз жасын көлдетіп, езіліп отырған жерінен түскен еді.

-Имаш, не болды? Бір жерің ауырып тұр ма?,-деп елпектеп қалды.

-Жоқ, жоқ. Мама нанды күйдіргенім үшін кейіді,-деп Иманай көз жасын одан сайын төге беріп, қорсылдап-қорсылдап, танауын тартты.

-Е, қойшы енді, өзің де, қызықсың, нанның бәрін күйдіріп тастағаның не? Нанды бірінші рет пісіріп жүрген жоқсың ғой?

-Күйген нан тәтті ғой:

-Күйген нанның несі тәтті, ауызды қуырып, жеуге де келмейді!

-Жоқ, нанның күйігін жегім келгені үшін кінәлімін бе? Күйген нан жегім келеді,-деп Иманай тағы еңірей кетті.

Ол кезде нанның күйген жерін Иманай емес, құрсағына біткен бала қалап тұрғанын қайдан білсін жастар. Келесі күні нанның күйген жерін соншалықты ашкөзденіп, ләззатына батып, тамсанып жет отырғанын көрген Сарқыт ене сезіп-ақ қалды.

-Жей ғой, қызым, жей ғой,-деп келініне қарай нан күйіктерін итере берген еді. –Ерлік, отыныңды көптеп жарып қойшы, тағы нан пісірейін,-деді. Сөйтіп жүрді де, бірінің артынан бірі күйген нан дастархан басынан орын ала берді.

-Әй, кемпір, бір екі нанды күйдірмей пісірші, аузымыз қуырылатын болды,-дейді ол кезде Әбдіразақ қария.

-Әй, атасы, немерең үшін, күйген нан жейсің. Келіннің бетін қайтарма,-деп сөгетін Сарқыт сонда.

Бұлар бақыттың кілтін тапқан еді...

-Мені де алып кетші,-деді Иманай Ерліктің бір -екі күнде шығатын сапарына дайындық үстінде.

-Осы жолы барып жұмыстарымды бітірейін, сосын мына жүгермек үшеуіміз барамыз,-деп Ерлік Иманайдың домаланған ішін ұстайтын.

-Мен бәйтерекке барғым келеді, Есілдің жағасында терең тыныс алғым келеді, бар даусыммен Астанааа деп айқайлағым келеді, Астананы көргім келеді!

Ерлік үнсіз басын изеп,жымиған болды . Иманай мен Ерліктің алты ай бірге тұрған кезіндегі  бұл сәт соңғы қуаныш, соңғы аймаласу, соңғы ләззәт, соңғы әңгіме, өмірдің соңғысы екенін екеуі де білген жоқ еді.

Ерлік сол кеткеннен оралмады. Қазалы апатта Ерліктің тіпті денесі де ажыратылмай, сол көліктегі бес адаммен бірге көмілді. Жол жиегінде өртеніп, күлі ғана қалған көліктің ішінде Иманайдың өмірі де күйіп, күл болды.

-Күйген нан, күйген нан! Жоқ, жоқ, Ерлік,-деп еңіреп, Иманай ботадай боздағанда ауыл түңіліп, сай-саланы ащы дауыс аралап, жүректерді жылатты. Ата-ана баласынан айырылып, келіні жарының жоқтығына налып жатқанда, өзекті өртеген тағы бір өкінішті оқиға орын алды.

Дел-сал күй кешіп, өз ырқына өзі ерік бере алмай, базданған Иманай сұлқ құлап, жерге етпетінен түсті.

-Ойбай, сақта Құдай,-деп жүгірді қарттар.

-Ішім,-дегенді ғана айтуға шамасы келген Иманай, ес түссіз жерде жатты.

Баласынан айырылған ата-ананың қабырғасын қайыстырмауға бір үміт бар еді. Ерліктің жетісімен бірге баланы да жер қойнына тапсырғанда, көңілдері дімкәс қарттар, пәстеніп, «Қу жалған, қу жалған» деп өмірді сөкті. «Мені алсаң етті оданда!» деді Сарқыт. Өкінгенмен шара бар ма? Өлгендер қайтып оралмас еді.

-Жатырдан көп қан кетіп, анасының өмірін сақтап қалу үшін, жатырды алып тастауға тұра келді!

Айтылған бұл сөз, Иманайдың төбесінен жай түсіргендей болып,  тек күлумен болды. Қарқ-қарқ күлді. Қайтсін енді, жылағанмен Ерлік те, бала да, тіпті жатыры да қайта орына келе қоймас. Ыржалақтап, ішін сипап күле берген Иманай дәрінің көмегімен ғана бір аптадай үн-түнсіз ұйықтап жатты...

Сол күндерден кейін –ақ Иманай осы бір мінезін шығарып алды. Түске шейін ұйықтау, кейде өзінің ыңылына теңселіп билеу, артынша аймен, жұлдыздармен сырласып, кейде томаға тұйықталып жүру. Өздерінің де көңілдері жарты ата-ене енді келіннің де өмірінің құрдыма кетпеуін ойлап, ата-анасының  қолына жібергісі бар еді. Иманай келіспеді...

-Ойбай, өлді ғой,-деген дауыстар алыстан саңқ-саңқ естілгендей болып жатты.

-Имаш, қалқам, мұның не болды?

-О. Алла, сақтай көр!

-Тез, тез арқанды босат, тездетіңдер!

-Бақыт, көлігіңді айда!

Бұл сөздердің бірін естісе бірін естіген жоқ Иманай. Талқысып, арқанға асылып, тамағы қыр-қыр етіп,көзі алайып бара жатты. Одан кейінгісі есінде жоқ.... «Қош»

 

***

 

     Достарының алды болмаса да, арты болып жүрген Дидар түс ауа үйге қайту керек екенін біліп отыр. Шомылуға келген бұлар көлшік жағасындағы киімдерін қағып-сілки үстеріне іліп алды да, у-шуласып, бірін-бірі итерген күйде үйлеріне тараса бастады. Көл дейтіндей көл де емес, ауыл шетіндегі сазды жерлерден шығып жатқан бұлақтар жиылып, бір арнаға тоғысқан. Одан кішіірім көлшік пайда болып, ол жерде бақа барқылдап, уылдырық та шашып үлгенген. Жан жағының бәрі бақа шөп, суы да тұнық емес, ылай араласқан. Ал балалар шөпілдетіп сүңгіп кеткенде, тіпті лайланып, батпақты көлшік болады.  «Әй, үстеріңе жара шығады ғой, бармасаңдаршы» деген аналарына көнетін бұлар ма? Балалық шақтың қызығы сол ғой. «Батпақ лечебный» деп қояды өздерінше, үстілеріне тонна батпақты жағып алып.

Дидар күнге жайып қойған киімдерін қайта үстіне киіп, біраз ойланып тұрды.

«Үйге барсам ба, бармасам ба?» деді ішінен. «Барсам әкем ұрсады, бармасам анам тағы таяқ жейді». Дидар өз ойынан селт етті. Бағана бұл достарымен жүргенде, әкесінің көрші Жантастың көлігінің маторын салысып берем деп кеткен еді. Жантас оған ақы бермей, бір шөлмек құятынын білген еді. «Қап –ай, әкем анамды ұрып жатыр ма екен?» деген ой Дидарға сап ете қалды да, жалма-жан достарының артынан ілесе үйге қарай тартып кетті.

-Өй, сілімтік, тілің шыққан екен,-деген әкесінің тілін бұрап анасына ұмтылып жатқан жерінен түсті. –Көзіңе көк шыбын үймелетейінші бір.

Дидар анасы мен әкесінің арасына түсе түсе өзіне де таяқтың бір ұшы тиіп, мертігіп қалатын. Кейде мектепке көзі көгеріп, не қолдары көгеріп баратын. Ата-анасының елдің алды болмаса да, бір күнін бір күнге жалғап, өлместің күнін кешіп жүрген отбасы екенін біледі ұстаздар. Сонда да, Дидардың төбелеске жақын болып, тәрбиесіз өсіп келе жатыр деп, ата-анасын мектеп директорының алдына шақырумен болатын.  Ондай кезде, анасының да көзі көгергеннен үйден шыға алмай, әкесінің ішіп жүргенінен бата алмай, елеусіз қалатын. «Тәрбиесіз» деп сөгетін бұны.

«Әкем ішуін қойса ғой» деп арман етеді сол кезде Дидар. Үйдің үлкені бұл, артынан ерген інісі мен қарындасын да ойлайды. Анам мертігіп қалса, бұларға кім қарамақ. Сол үшін де, көбіне мектепке кеттім деген Дидар сабақ емес, үйін күзететін болған. Мектепке киетін киімін киген ол, сөмкесін көтеріп алып шығып кетеді де, бір көше жүріп, үй артына барып тығылады. Әкем ішіп келсе, анама көмек берер ешкім болмас деп ойлайды.

Екі күн ішпей қалған еді, көрші Жантас ағаның маторды салыс дегені сылтау болып, ішетінін түсінді. Бүгін тағы ұрыс болады.

-Әке, тимеші, мамама тимеші!,-деп есіктен алқына жүгіріп келген Дидардың сөзін місе де тұтпаған Болат кекірене баж етті:

-Өй, нақұрыс, сен не бітіріп жүрсің а? Өзіңдей балалар әкесіне қамқор болып, ақша да табады. Ал сен болсаң, әлі мамалап жүрсің!

-Балада нең бар, ойын баласы ғой. Ұрыспа оны,-деді Дидардың шешесі Амангүл.  Амангүл бетін бүркеген жерден Болаттың қатты тиген қолдарын ұқалай бастады.

-Өй, өңшең, шпаналар!,-деген Болат бұл жолы ішкен арағының буы тез кеткеннен бе, ары қарай ұрудың да мәні жоқтай, аяғын далақтатып, төсегіне құлай кетіп, қор ете түсті. Күйеуінің терең ұйқыға кеткенін көрген Амангүл, тұрған орынан басындағы қисайған орамалын түзелеп, сыртқа шығып бетін жуды. Анасының таяқ жеуден көзі арылмайтын түсінген Дидар, анасының жанына келіп, артынан құшақтады.

-Мама, неге әкем іше береді. Осы арақ дегенді кім шығарды екен. Неге әкем, анау Нұрсұлтанның әкесі сияқты тап-таза киініп, астына көлік алып, баласын ертіп жүре алмайды. Біздің олардан қай жеріміз кем?,-деді мұңайып.

Артынан кеп құшақтаған баласының сөзіне Амангүл тік тұрып, ойланып қалды. Баласы он бір жаста болса да, үлкендерше сөйлеп, анасының жанын түсініп тұрғанына іштей егілді. Жүрегі езілді. Бала кең жүректі болады деуші еді. Ал мына, бала әкесіне деген өкпені көріп өсіп келеді. Ертеңгі болашағы не болмақ екен. Отағасымен ажырасып та кете алмайды. Балаларын жетім деп өсіргенше, бұлар ер жеткенше Болаттын  таяғын жей тұрайын. Одан кейін ұлды ұяға, қызды қияға қондырудың кезі келгенде, бұл да ішуін қойып, беті бері қарар деп ойлаған. Әр соққыны жеген сайын, «Шыда, жаным, шыда, өле қоймаспын, балаларың үшін шыда» дейтін іштей. Бірді-екілі қорғанып көріп еді, болмады, одан сайын ерегістіріп алды. Мұндай ұрыс кезде, бастапқыда, көрші қолаңның үйіне қашып барушы еді. Артынан қуып келген Болат, көршілерді боқтап-бодырап, келіншегін алдына салып алып келетін. Кейін көршілер де, өз қотырларыңды өздерің қасыңдар дейтін болған. Бір екі рет басы жарылып, ауруханаға да түсті. Кіші ауылда бәрі бірін бірі танығандықтан, бұны есіркеп, аяған ешкім болмады. Болса да, Болаттың жындылығынан именді ме, тек жарасын таңып, дәрі егіп бергеннен арыға бармады. Учаскелік пунктің милициясы да Болатты бір күн, ары кетсе екі күн қамауға алып шаршады. Адам өлімі жоқ деп, істі қозғамай-ақ, қол алысып кете беретін. Енді көнбеске амал жоқ, қу жанның шығар шықпасын ойлаған Амангүл көнбеске амалы қалмады.

Ата-анасынан не бетін айтады? Осы «байым ұрды, ажырасамын» дей ме? Олай деген күннің өзінде «Өзіңнің тапқан байың, қара бет болып қай бетіңмен келесің? » дейді. Біраз жылдар бұрын Болаттын төкпешіне шыдай алмай, осы Дидар мен кіші баласын алып төркініне келгенде, әкесі «Кеткен қыз шиден тысқары, қайтып келген қыз жаман» деп үйіне қайта шығарып салған еді. Ол кезде қазіргі екі жасар қызы жоқ. Сол күннен кейін Болат та түзелгендей болып, екі қолға бір күрек табылып, көлік жөндейтін жерге кірген еді. Кейін ол жерден де осы бір бөтелке сасық суға бола шығып қалды. Енді міне, жүр, әр кімге бір жалданып, тапқанына ішімдік ішіп.

Кейде Болатты да түсінуге болады. Солай оны ақтап та алғысы келеді. Қайтсін енді, Болат та кезінде қыз қызығатын жігіт еді ғой. Болаттың ашық мінезі мен қайсарлығына қызыққан еді. Өзі де әрі келіскен сері еді. Ол кезде анда санда отырыстарда бір ұрттап қоятын әрекетіне онша мән де бермейтін. «Кім ішпей жатыр дейсің?»деп, Болатты ақтап алатын. Сол «Кім ішпей жатырдың » арты міне, ішкілікке салынған адамға айналды. Не бәрі қырыққа жетпеген Болат бүгінде,  белі бүгіліп, қолы дір-дір еткен, дәрісін ішпесе, әне-міне о дүниеге аттанып кетейін деп тұрған қаусаған адам секілді. Өз жанын аямаған азаматты кім аясын. Бұның еңбегін пайдаланып, пұл орнына бір шөлмек беріп, мәз етіп қояды. Кейбір адал жандар, ақшасын алып, Амангүлге әкеліп беретін. «Болат ішіп қоймасын деп, сізге әкелдім» дейтін. Ол кезде де, ақшамды тықтың деп, шу шығарып, арты жанжалға ұласатын.

Сол бүгінгі ұрыс та, осы ақшадан шықты-ау. Демалыс болған соң, бәрі өз үйінде, бірі монша жағып, бірі есік алдын сыпырып әлек. Анау көше жоғарысында тұратын ауыл әкімі Болатты есік алдындағы биылда құрап, бүршік атпай қалған алма ағашын кесіп, отын етіп беруін сұраған еді. Әу дегенде, бірді-екілі кісі болып, ағашты жыққан олар, әкімнің құйған бір шөлмегін тоймай, екіншісін де алдырған-мыс. Кейін келіскен ақшаның жартысын бермей, әкімнің әйелі жүгіре келіп. Амангүлге ұстатып кеткентұғын. Соны біліп қойған Болат, өз тапқан ақшасын сұрады.

-Бүгіндікке ішкенің жететін шығар, үйге ұн мен шәй алайын, нан да бітті,-дегені сол еді, «Ей, қатын» деп тап берді. Қу арақтың күші не істетпейді, алып жұдырық Амангүлдің қақ шекесінен бірақ шықты.

-Мама, мен өскенде саған зәулім үй тұрғызып, әкемді емдетіп беремін. Әкем ішпейтін болады,-деді Дидар анасын құшақтаған күйде.

Көзінен жасы тоқтамай, солқ-солқ жылаған анасы, көзінің жасын сүртіп тастап, баласына бұрылды.

-Білем, балам! Сол үшін де мен сабыр сақтап, күтіп жүрмын. Ертең сен өсіп, мына інің мен қарындасыңа көмек беретін боласың. Мен саған сенемін, балам. Ол үшін сабағыңды жақсылап оқып, білімді болуың қажет.

-Сені Астана қаласына алып кетемін. Біз Астанада тұратын боламыз! Мен сені алып бәйтерекке апарамын.

-Иә, балам, біз Астанада тұратын боламыз!

Ана мен баланың арасындағы жүрек тебірентер әңгіме осымен бітіп, Амангүл беті қолын жуып үйге қарай аяңдады. Дидар да, үйде ұйықтап жатқан інісі мен қарындасының жанына барды.

Бала-ата-ананың айнасы дейді екен. Ал, Дидар, дәл әкесіндей болғысы келмеді. Оның болашаққа деген көз қарасы, түрлі-түсті бояққа боялған, ғажайып әлем тәріздес. Бала жүрегі өмірдің өз қиындық сатысы бар екенін, ал ол сатыға тек сабырмен, біліммен ғана шыға алатынын түсінсе де, бала арманы алысқа жетелеп кетеді. Бала көңіліне түскен зілдің салмағын көтере береді де. Ал, ересек адамдар, сол зілді  өмір бойы жадында ұстап, кек, өштіктің кебін киеді. Үлкен адам үшін дүние табу мақсат болса, бала жүрегі дүние емес, ата-анасының қасында, солардың ыстық құшағын ғана қалайды. «Нан жоқ» дегенді де түсінбейді. «нан бер» деп тұрады. Бала жүрек дүниеде, қазіргі таңда,  мейірім, ықылас, сезім, махаббат емес, қу дүние мен ақша билейтін заман екенін қайдан білсін? Өмір ата-ананың құшағыда өтеді деп ойлайды екен!  Бала үшін наннық ұсағы. Нанның күйігі де тамақ. Не берсең соны жей береді.

Арада әкенің ішуімен ай өтті. Жаздың шіліңгір ыстығы мидан өтіп, теріні күйдіріп жібереді. Мұндайда әлгі сасық көлшікте балалардың қарасы көбейіп, қап-қара домалақтар, іш киімсіз, далақтап шауып жүреді. Ересек адам үшін көлшіктің суы ортаңғы жағынан барса белуарынан келеді, жағасы балалардын белден төмен жеріне барып тіреледі. Жағасында бақа барқылдап жатса да, қояр емес. Шолп етіп сұға кіріп кетіп, бірер минуттан кейін «уааа» деп суын шашырата атып шығады. Бүгінде сол әдеттерімен шомылып, тырқ-тырқ күліп жүрген Дидар да суға шомып кеткен еді.  

-Мама, ойбай, -деген Дидар судан атып шықты. –А, өлдім,-деді де жағаға қарай тұра ұмтылды. Жамыраған балалар, «Жылан шақты» дегендей, шулап-шулап Дидардың жанына келіп жетті.

-Не болды?

-Қай жерің?

-Аяғың ба?,-деген сұрақтар арты артынан жауылып Дидардың есін шығарып жатты.

-Мама,-деп еңіреп қоя берді Дидар. –Мама, өліп барам,-деді де, сылқ етіп отыра қалды.  Балалар Дидардың екі қолымен белден төменгі жерін ұстап алғанын көрді.  Балалардың бірі Дидардың анасын шақыруға жүгіре жөнелді.

Ауруханаға келіп түскен Дидардың хәлі нашар еді.

-Не нәрсе шаққанын білмейміз, сонда да қанында улы зат бар екені анықталды,-деді дәрігер Амангүлге.

-Дәрігер, баламды аман алып қалыңызшы,-деп еңіреген анаға «тек сабыр сақтап күтіңіз» деген жауап қана қайтарылды. Дидар ес-түссіз жатыр.

Сол күннен кейін сасық  көлшік адамсыз қалды. Тіпті балалар жағасына да аттап баспай, қорқып қалған. Тіпті, көлде жылан бар екен деген қауесет те тарады. Дидарды не шаққанын біле алмаған ауыл ауруханасы, Дидарды Астанаға жіберуді жөн санады.

-Ойпырмой, қалай барамын. Мына балаларды қайда тастаймын, кім қарайды бұларға, ол жақта туысым да жоқ, қайда бармақпын?,-деп кемсеңдеп жылаған Амангүлді ешкім түсіне қоймады. Ес түссіз жатқан баланы апармаса, айырылып қалулары да мүмкін.

-Әкесінің түрі анау, менің түрім мынау,-деп Амангүл өзімен ертіп жүрген екі құлыншағын нұсқап,-дәрігер, бір жолын тауып беріңізші, құлдығыңыз болайын.

-Амангүл, сізді түсініп тұрмын, бірақ менің қолымнан ештеңе өнер емес. Ауыл медицинасын қазір ешкім ойлап жатқан жоқ, адамдар қит етсе, Астана болмаса Алматыға кетіп, сол жақтан ем қабылдайды. Қазір бәрі ақшамен шешілетін заман, бірақ мен Астанадағы ауруханада бірге оқыған курстасым бар еді, соған бір ауыз айтып қана көре аламын, квота алып беремін. Қалғанын өзіңіз шешуіңізге тұра келеді.

Дәрігер осылай деген соң, Амангүлдің тек күтуі ғана қалды. Алдыңғы өмірін ойлауға мұршасы жоқ, бауыр етім балапаным оянса деген үміті ғана жанына демеу болды.

Ауыл - талай-талай ақын-жазушыларға жыр болып, талай-талай ұлық адамдар шыққан киелі мекен ғой. Ауыл- салты мөлдір, дәстүрі гауһар, санасы маржан іспеттес. Гүрілдеген көліктің даусы анда-санда естіліп, таң атпай қораздың шақыруымен оянатын ауыл, әрмен қарай өріске кеткен малдардың мөңіреп, маңырауы, иттердің әупілдеп-шәңкілдеуі, ара-тұра есектің еңіреп, жылқы кісінеуі, шырт-шырт етіп, келіндердің сиыр саууы, балалардың анасын тыңдамай, күнге күйіп, асық ойнауы – бәрі –бәрі, баға жетпес қазына.

Ауылда жұмыс жоқтың сылтауы, қазір, сол ауылдардың тоз-тозы шығып, ауылды көркейтетін жастардың қалаға кетіп, сол жақта тұрақтап қалуы. Әсте, осы ауыл, нағыз рухани байлық екенін түсінбейді-ау.

Амангүл ойға шомып кетіпті. Ауылда бір жерің ауыра қалса, сонау аудан орталығына баруың қажет болады. Ал, біз сияқты, қара –байыр, тиынын әрең тауып отырған адамға, ары бері жүру қиын. Өзіңше қазақи ем дом жасап, жазылуға тырысасың. Ал, Амангүлге сонау Астанаға бару керек деп отыр. Қалай, қайтіп бармақ. Шақшадай басы шарадай болған Амангүл, артынан келіп, иығынан шарт еткізген соққыдан оянды.

-Өй, қатын, не отырыыс, жанды ғой мынауың,-деді Болат, Амангүлдің алдында тұрған көмбені көсеумен түртіп.- Есің дұрыс па, өртеймісің?

Амангүл бағанадан бері шоқ астына тыққан көмбені ұмытып кетсе керек. Қалған ұннан бір –екі нан пісіре қояйын деген еді, Дидарды ойлаймын деп, көмілген көмбені ұмытса керек. Нан көмірдей болып күйіп кетіпті.

-Енді қайттім, енді қайттім,-деп Амангүл жылап жіберді. –Құдайым-ау, не жазып едім сонша, соңғы ұнды жинап, жасаған наным да күйіп кетті. Балдарыма енді не берем,-деп еңіреді, күйген нанды жеңімен сүрте-сүрте, нанның ағармасын білген соң.

-Ей, сенде бір, -деген Болат жұдырығын ала жүгірді де, -Тфу, сендей қатынды,-деп жерге бір түкірді де кете барды.

Амангүл егіліп, күлдің жанында біраз отырды.

-Күйген нан, күйген нан. Кім жейді енді?,-деп сандырақтады. –Шаршадым, шаршадым.

Күн ұясына кіріп, айнала қарауытып қалды. Ортаңғы баласын, көршіге нан сұратуға жіберді.

-Жаңа ғана, шешең нан пісіріп жатыр еді ғой, не жеп қойдыңдар ма?,-депті көрші келіншек. Бұны баласы айтып келді. Пісірілген көмбе наннын жартысын беріп жіберіпті. Оған да рахмет.

Жұлдыз жымың қағып, ай көтеріле, үйге Болат келді. Тағы ішіп алса керек, «Әгулетіп, әндетіп» қояды. Бүгінгі түн  тағы да тынышсыз өтетінін Амангүл жақсы білгендей болды....

***            

Қабырғада ілулі тұрған бірнеше картиналар да бұлардың сол баяғы жастық шақтарын көрсетіп, қиыла көз қырын салып, «бізге қараңдаршы, бақытты едік » дегендей, қимастықпен қарайтын секілді. Бөлмеде ары –бері теңселіп жүре түскен Аман жұдырығымен үстелді тағы бір ұрды да, баж ете түсті:

-Ажырасамыз, жетер осы, сендей әйелдің қажеті жоқ маған!,-деп алып, артынша қолын маңдайына апарып, ышқына тағы жұлқынды: - шаршадым, сенен!

Жаңадан бері күйеуінің мазасыздығына шыдап, оның ұрысын естіп, жұдырығынан қащқақтап отырған Айжан, бұл жолы отағасының ажырасамыз деген сөзіне күйіне түсті.  Ажырассақ ажырасайық, миым тыныш, бәлесінен аулақ дегендей, еңсесін көтере бұл да, сөз алды:

-Мейлің, ажырасайық. Жеткен жеріміз осы болса. Маған да керек едің. Бар, бар, ғашығыңа! Мен екі қызымды өсіремін аман болсам. Сенен бір тиында сұрамаймын. Бар, ұлды бол!,-деді теріс қарап, көзіне келген жасты сығып тастады.

-Келістік, ертең барып арыз тастайық. Ешқандай ұрыс керіссіз, өз шешіміміз делік.

-Құп, айтқаның болсын, отағасы..

Екеуі де зілді дауыстарымен жауап қатты бір біріне. Бірі сыртқа, бірі іште қалып, өз ойларымен әлек бола қалды.

Қабырғада ілулі тұрған суреттерге көзі түсті Айжанның. Жақынырақ келді де, тұра қарады. Мырс етті. Күлкісі келді.

-Мынандай адамға қалай шыққамын күйеуге, соқыр болыпсың ғой, Айжан?,-деп күмбірледі де, саусақтарымен өздеріннің жас кезіндегі бейнелерін сүртіп қойды. –Десе де, сұлу, сымбатты болыптық.

Айжанның ойына сол жастық шақ түсті. Шіркін, қалай кездесіп едік. Айжан жымия түсті. Қабырғадағы суреттерғе қарап тіл қатады. –Әй, бала болыпсыңдар ғой? Неге қарап қалғансыңдар маған? Иә, қазір қырыққа таядық. Ал, не шықты? Он бес жылдық отбасылық өміріміз, міне, шегіне жеткен секілді. Қалай ойлайсыңдар, сендер алғаш кездескенде, осылай боларын білдіңдер ме? Жоқ, жоқ, білмедіңдер. Махаббатымыз мәңгі жасап, өмірден өткенше біре боламыз деп серт бергендерің қайда? Жалған, сендер де жалғаншысыңдар. Өмір-жалған екен. Кім кінәлі? Сонда кім кінәлі, а? Қане айтыңдаршы? Біз бе, заман ба? Аман ба? Айжан ба? Менде не кінә бар? Ғашық болып жүрген Аман ғой. Ал мен қызғандым! Менің намысым тапталды емес пе? Айжанның күйеуі басқамен жүреді екен деп мына көршілер, туыстар айтса, намыстан жарылып кетпеймін бе? Ойбай-ау, мен әйел болмай қалдым ба? Менің қай жерім кем? Әжептеуір мектепте мұғаліммін. Қырыққа келіп, бірді-екілі әжім түскені болмаса, әлі жаспын. Әрине, екі қызымнан кейін кішкене толықсығаным болмаса, сүйкімдімін. Үй шаруасында пысықпын. Аманға одан басқа не керек? Одан ақша да сұрамаймын. Қайта астына көлік алуға менде үлесімді қосып, бар тапқанымды осы үйге жұмсап жатырған жоқпын ба? Мені қадірлемегені ме?,-деген Айжан жылап жіберді. –Ажырассам, ажырасам. Одан да жақсы ер азамат жолығар!...

... Сыртқа шығып кеткен Аман да өз ойына ерік беріп келеді. Көлігіне отыра салып, қайда барарын білмей, ұшып келеді. –Қате болды ма екен? Айжан неге сонша өзгеріп кеткен! Тіпті ажырасайық деген де де селт етпеді. Бәлкім, анау біреулердің айтуы бойынша, расында біреуі бар ма екен! Жә, көзім жетпей тұрып, кінә таға алмаймын.Бірақ, ол да маған кінә тағып отыр ғой. Мені әлгі, Раушанға ғашық болды дей ме? Өзі жесір, бір баласын әрең асырап жүрген әйелге бір-екі рет көмек беріп, үйіне көмір түсіріп бергенім болмаса, ол әйелден не аларым бар? Айжан өзі өзгерді емес пе? Бұрынғы Айжаным қайда? Маған еркелеп, жанымнан табылушы еді? Ал , қазір ше? Жұмыс. Жұмыс деп, маған көңіл де бөлмейді. Үйге келгенде бөтен секілді жүреді. Ашылып сөйлемейді! Мейлі, ажырассақ ажырасамыз. Маған да бір шүйке бас табылар!

Бұл екеуі де ажырасамыз деген тоқтамға келгенмен, іштей қимастық та бар. Б,ірақ ары қарай өмір сүру мүмкін емес екенін түсініп отыр. Айжан мен Аманның ойына, 12 мен 11 жасар қыздары еш түспеді. Бұлардың қатесі олардың өміріне қауіп қатер екенін түсінбек түгілі, ойламады да...

Күндегі ұрыс енді ес біліп, оң солын ажыратып келе жатқан Гүлім мен Гүлден үшін сол күнделікті тірлік секілді. Бар адамзаттың үйінде әке-шеше деген осылай ұрсысады деген ой қалыптастырып үлгерген. Анасы ұрсып баж ете қалғанда, әкесіне жүгіріп, әкесі тәйт дегенде анасының құшағына кіріп байыз тапқысы келеді. Қыз қашанда нәзік жаратылыс болған соң ба, бұл екеуі тым қорқақ. Ертең бойжетсек, бізде  осылай ұрсысамыз деген ойы да бар. Ал, үйдің кішісі Гүлденнің жан дүниесі тіптен де бөлек. Кейінгі кезде, тіптен де бөлектеніп алған-ды. Жаз болған соң ғой, екі қыз асыр салып, ойын ойнауға далаға шығып кетеді. Кішігірім аудан орталығы болған соң ба, Айжан бұлардың тым алысқа кетпейтінін біледі. Ал, Аман жұмысында.

-Жылама, жыласаң, мама ұрсады, әкем айғайлайды,-деді Гүлім Гүлден сіңілісін жұбатып.- Ешкімге айтпа, ұят болады! Есі кіріп келе жатқан Гүлім ұят, намыс, ар дегенді терең түсінбесе де, әйел мен еркектің бірге тұрып, қол ұстасуы ұят екенін білетін. Оны анасы теледидар көріп отырғанда, көзіңді жап, ұят болады дегеннен түсінетін.

Қорс-қорс жылап, танауын тартып тұрған Гүлден :

-Жарайды, мамама барамын,-деді. Бұл екеуі ойынын қоя салып, үйлеріне қарай тартып кетті.

-Әкемнен қорқамын, анам ұрыспайды ма?,-деп тағы тіл қатты Гүлден Гүлімге қорқақ көздерімен қарап, мұңая түсті.

-Әкеме де, анама да ештеңе айтпаймыз.

Түн өтті ау, әйтеуір.  Айжан сыртта ойнап келген қыздарына ас-ауқатын берді де, өз бөлмелеріне жіберді. Өзі де, Аманның әлі келмегеніне еш емеурін танытпай-ақ, ұйқыға кетпек болған еді, көз іле алмады. Ары-бері дөңбекшіп, қозғала берді. Астындағы жұп жұмсақ мамық төсек те тас едендей қатты болып көрінді. Белін ауыртқандай болып, жата алмады. Ал, мына жастық ше? Ол да, басын ауыртып, басын тасқа қойып жатқандай көрінді. Жастықты да алып, еденге лақтырып жіберді.

-Керек едіңдер!,-деген Айжан, белін көтере отырмақ болды.

-Ертең, біржола, азаттық алармын. Қыздарыммен бақытты өмір сүремін,-дейді өзінше ашуланып, кейіді. –Қыздарыммен бірге,-деп тағы қайталады. –Мейлі, ұлым болмай-ақ қойсын!

Ұлының болмағанына Айжан өзіне кінә артатын еді. Ұлды болсам, Аманның махаббатына бөленермін деп те ойлайтын. Санау тұңғыш қызы дүниеге келгенде екеуі қуанғанымен, екінші рет қызды болғанда Аман сәл ренжіген сыңай танытқан. Ұлды болғанын қалап еді. Екінші мәрте қызының дүниеге келуі бұлардың арасына сәл сызат түсіргендей, араларында бір түсініспеушіліктер орын алып жатты. Араларында немқұрайлық пайда болып, келесі бала да қыз болар деген қорқыныш тұрды. Сол жылдардан бері, қорқыныштарынан ба, әлде басқада себеп болды ма, Айжан құрсақ көтере алмады. Жұмыстан шаршап-шалдыққанда, қайта ана болып, сәби иісін аңсап кететін. Алайда, көп күткен жаңалық сол күйінде орындалмай, енді міне сол арманы тіптен де алысқа ұзап кеткендей көрінді... түн осылай өтті...

Ертеңінде, Аман таң азанымен үйге кіріп келді. Түнімен көлігінде ұйықтаса керек, аяқ қолын ұқалап, керілгендей болды. Үнсіз келіп, жуынып шайынған Аманға Айжан иегін көтере, басын шартқа қарай шұлғып жіберді де:

-Шәйіңді ішіп ал, бүгін бітірейік жұмыстарымызды,-деп ас бөлмесін нұсқады. Аман үндемеді. Аманның кейбір іске келіскендігі оның үндемей, жәй ғана бір қасын көтеріп, терең демалуы еді. Бұл жолы да әдеттегідей, өз ойын солай білдірді.

Екеуі шәйға отырғанда, өз бөлмелерінен екі қызы да шығып келді.

-Келіңдер, қызым. Қане отырыңдар,-деді Аман бұларға ашуын көрсеткісі келмей, баяу тіл қатып. –Ұйқыларың қанды ма?

Қыздар үндемей, тек бастарын изеді. Аман екі қызына терең үңілді. «Ойпырмай, не деген тәтті қыздар! Анасынан аумайды. Анасының жас кезіндегі сұлулығынан да асып түсіп тұр ғой. Менің қыздарым! Менің қаным! Бұларды енді көре алмай кетермін бе?» деген ойлар келіп, Айжанға сұсты көзімен тағы бір қарады. Нанның күйген жерін алып тастап, тұрап тұрған Айжан ештеңе болмағандай, өзімен өзі күмбірлеп тұр.

-Шіркіндер нанды да дұрыс пісірмейді. Күйген нанды беріп жіберген несі. Кеше көргенімде қайтіп апарып берер едім. Қайда қарап жүрген екен, нанның бетін күйдіріп,-деп қояды.

Аман нанға қараса, онша күйігі жоқ, тек беті қара қошқылданып кеткен. Оны кесіп алып тастауға да болады, жеседе болады.

-Бері әкел, мен-ақ жеймін,-деді Аман қатқыл үнмен.  Айжан да нан күйіктерін Аманға итере салды. Бұлардың өзара үнсіз ұрсысуын қыздары да байқап отыр. Қазір бір нәрсе айтса, ұрыс шығып кетеді деп күмәнданады. Кешегі Гүлімнің Гүлденге ештеңе айтпа, әкем ұрсады дегені де осындай жайттардың алдын алуы болатын.  Әкесі білсе, анасына қыздарға қарамадың деп ұрсып, таяқ астына алуы мүмкін. Одан да, жабулы қазан жабулы күйде қалсын. Гүлім Гүлденнің қорқынышыны өзіне жеңдіріп, ештеңе болмайтынын, барлық ер адамдар солай жасайтынын айтып, сендіріп қойды... бар ер адам, әйелдерді ұрсып, ұрып соғады дегенге сенді...

Түс ауа, анасы мен әкесі, бір-екі құжаттарды алып,  екі қызына есік алдында ойнаңдар деп ескертіп кетіп қалған еді. 

Екі қыз ойын баласы емес пе, үйдегі тыныштыққа қуанып, асыр салды. Секірді, домалады. Бірақ үйде де жалығып, Гүлімнің айтуымен сыртқа шығып –ақ кетті.

-Арыздарыңыз қабылданды. Сот үкімін күту үшін, бірнеше ай уақыт беріледі. Араларыңызда бала ортақ, дүние ортақ. Бұл бір мезетте шешіле салатын іс емес,-деген сот  орындаушысына, -Істі тезірек бітіріп берулеріңізді сұраймыз,-деп бұйымтай айтқан Аман мен Айжан, өздерінің оралғысы келмейтін, іші ашу мен ызаға толы ыстық ұяларына келді.

-Қыздар,-деп үн шығарды Айжан, аяқ киімін шешіп жатып. –Гүлім, қайдасыңдар. Мына сөмкені алыңдаршы!

Ешкім үн қатпады.

-Ойнап кеткен болды ғой,-деді Аман, еш қарсылықсыз, Айжанның қолындағы сөмкесіне қолын созып. –Маған бер.

Аманның жүзіне таңырқай қараған Айжан,  оның көздерінен еш ашу, өкпе байқағандай болмады. Бүгін бұлар ажырасуға арыз жазып келгенін де ұмытқандай. Бәз баяғы, жігіттік кездегі аман секілді көрініп тұр. Айжанның есіне бір қызық оқиға түсіп кетті. Ол кезде Аман мен мұндалап тұрған жігіт еді ғой. Айжанға көз қырын салып, қырыңдаған түрі емес пе, Айжанның сөмкесін көтеріп жүруші еді. Кездесуден қайтып бара жатқанда, өзі кіп-кішкене  сөмкенің несі ауыр, бәрібір, Аман қоярда қоймай, Айжанның нәзік саусақтарынан ұстап жүру үшін, қолындағы сөмкесінен босатып, өзі арқалап алатын. Иә, ол кезде ғашықтық, махаббат сезімі оттай лаулап, қырандай самғап, жүректерді ойнатып, сезімдерді тұлатушы еді.  Ол кезде бәрі басқаша еді. Бәрі басқаша.

Айжан мырс етті.

-Не күлдің?

-Жәй, есіме сенің менің қолымнан ұстау үшін, менің сөмкемді арқалап алатының есіме түсті. Өзіңше жігіт болып шіренген түрің-ау. Әйтпесе, ол сөмкені өзім ақ көтере аламын ғой. Оның ішінде опа-далаптан басқа ештеңе жоқ еді.

-Сен өзің емес пе, қолым талып кетті деп сүйір саусақтарыңды маған қарай лыпылдатып, ұста-ұста деп емеурін білдіретінсің.

-Өтірік. Олай дегенім жоқ.

-Дәл солай.

Бұл екеуі емін-еркін күліп алды. Бұлардың жарқын күлкісі, есік сыртына да шығып жатты.Бүгін ғана арыз жазып емес, қайтадан неке қию күәлігін алып келгендей, жас жұбайларша жарқын күлді. Бұлардың осы күлкілерін қыздары көргенде еді?

Кеш батты. Күннің шуағы қайтып, айнала қара кеуімденіп, аспанда жұлдыз жымыңдап, аппақ ай туып жатты. Гүлім мен Гүлден сол кеткеннен оралмады.

-Бұлар қайда жүр екен, ә?,-деп байыз таппады Айжан.-Қазір келсінші, аяқтарын сындырамын.  Әлгі, Гаухардың үйінде ме екен? Қоңырау шалу керек.

-Мен қоңырау шалып қойдым. Ол жаққа бармапты. Жеңістерге де соқтым. Қыздарды жібермей кеттің деп өкпелеп отыр,-деді Аман қабағын қатып.-Сен кінәлісің осыған. Қыздарға неге дұрыс қарамайсың. Әзірден бастап кештетіп  жүрсе, ертең өскенде не болмақ?,-деп дүрсе қоя берді.

-Өскенде кім болатынын өзім білетін боламын. Ол кезде сен өзіңнің басқа әйеліңмен басқа қыздарың, ұлың  болар! Ал қыздардың тәрбиесіне мойын бұрмай-ақ қой,-деді Айжан да қоймай, ысқырына түсіп.

-Мен қыздарымнан бас тарпаймын. Сенің осы қылықтарыңнан бас тартсам да, қыздарым менің гүлім. Оларды қаңғытып қоймаймын.

-Ие, көреміз, әлі...,-деп аузын аша бергенде үйге Гүлден кіріп келді.

-Мама, мама,-деп еңірейді. Қасында бір көше төмен тұратын ақсақал бар.

-қызым, не болды. Не болды? Гүлім қайда? Гүлім қайда деймін саған?,-деген Айжан кіші қызы Гүлденнің мына түрін көріп шошып кетті. Гүлденнің екіге буылған шашы алба-жұлба, киімі батпақ. Лайы кеуіп, айғыз-айғыз болған беті.

-Қызым, не болды? Гүлім қайда?,-дейді әкесі Аман.

Солқ-солқ еткен  Гүлден аузын ашар емес. Тек еңкілдеп жылайды.

-Бұл қызды, анау ауыл шетіндегі бұлақ жағасынан тауып алдым. Жылап жатыр екен. Не істеп жүргенін сұрасам айтпайды, тек анасына барғысы келетінін айтты. Содан кейін алып келдім. Бір нәрседен шошынып қалған ғой. Қолдары дір-дір етеді. Ештеңе айта алмайды.,-деді жаңағы Гүлденді ертіп келген ақсақал.

-Ойбай-ау, не болды қызыма. Гүлім қайда жүр екен. Ол қызға сіңіліңді қалдырма деп едім. Жаным ау, алтыным-ау, не болды екен сендерге,-деп Айжан да екі иығы бүлкілдеп , танауын тартқыншақтап көз жасына ерік берді.

Бұл түн тынышсыз өтті. Аман орталықтағы милиция бөлімшесіне кетті де, Айжан Гүлденді жұбатумен әлек болып жүр. Үлкен қызы Гүлімді де уайымдап, көз жасы көл болды. Гүлденнен бірнәрсе сұраса болды, жылап,кекештеніп бір ауыз сөзін жалғастыра алмай әлек- бәйек болды. Гүлденнің халі мүшкіл еді.

Үйге милициямен бірге еріп келген дәрігер де кірді.

Көрші-қолаң, айнала у-шу. Бәрі де аядай ғана отбасында болып жатқан шуды білгісі келіп, есік алдына жиналып қалған.

-Үлкен қыз жоғалыпты, кішісін жолда тауып алыпты, ұрлап кеткен болса керек,-деген қашпа әңгімелер күбір-күбір етіп жан жақтан шығып жатыр.

Гүлденді ертіп келген ақсақалды да, Айжан мен Аманды да тергеуге алып, сұрақ үстінен сұрақ тасталып, әбден ығырын шығарған милиция қызметкерлеріне Айжан айғай салды.

-Жетер, қызымды тауып беріңдер. Бұл жерге бізден емес, сырттан іздеңдер жауапты. Қызым жоғалды. Түсінесіңдер ме? Оны ұрлап кету де ғажап емес. Ал, сендер болсаңдар, бізді қинап, кішкене қызымды да жылатып отырсыңдар,-деді ышқына.

-Ханым, түсініңіз, қызды табу үшін де біраз ілік табуымыз керек. Мына ақсақал мына қызды қайдан тапты, артық ештеңе көрмеді ме білуіміз керек,-деді милиция қызметкері.

-Олай болса, қызымды үйден емес, сырттан іздеңдер. Қызым үйде болса, сендерді шақыртып неміз бар!

Ақсақал қойын айдап келе жатып, ауыл шетіндегі сайда ирелеңдеп ағып жатқан бұлақтан су ішкісі келгенін айтты. Одан кейін қыздың жылаған даусын естіп, сайға түсіпті. Келсе, осы қыз бала еңіреп жылап отыр. Өзі сондай қорқып қалса керек, бетін жауып, жылай беріпті.

-Сонда, сіз бұл қызды сайдан таптық дейсіз бе? Ол жақа бұл қыздар қалай барған?

-Білмеймін ғой, балам, мен тек ертіп алып келдім,-деп ақталды ақсақал.

-Артық ештеңе көрмедіңіз бе? Қыздың жанында ештеңе болмады ма?

-білмедім, балам, білмедім.

Ақсақал сөзін түйіндеп қойды.

Дәрігер Гүлденнің  барлық жерін тексеріп, жылаған қызға витамин беріп, дәрі екті.

-Шошынып қалған, жүрек қағысы тым жиі. Сөз айта алмайды. Біраз тыныштандыратын дәріден кейін, ұйықтап қалсын. Ұйқысы қанған соң, сөйлетуге әрекет етіп көрелік,-деді дәрігер де амалының жоқтығына сілтеп.

Аман көрші-қолаңдармен бірігіп қызын іздеуге шықты. Ақсақал айтқан сайға да барып, қызым деп айғай салды. Тым –тырыс.  Аспандағы жымың қаққан жұлдыздармен көмкерілген жер тұп-тұнық бұлағын айғыздатып, үнсіз жатыр. Анда-санда иттің үріп, байғыздың шақырғаны болмаса, «әке» деген қыздың үні естілмеді...

Зарланған ана бейнесіне кіріп кеткен Айжанның қазіргі кезде түрі солып, еңсесі бір жола түсіп, сыңарынан айырылған аққудай уайымын ішке түйп алған. Бір сөзін айта алмай, ежіктей беретін кіші қызына кейде өкпелеп, кейде ашумен қарап алады.

-Қайда, қайда кетті Гүлім?,-деп сұрақтың астына алады. Гүлім жоғалғаннан бері бірнеше күн өтіп, ауыл тынышталып,  әркім өз тірлігімен айналысып жүр. Тек Айжанның жаны күйзелуде. Өзімен бірге түнде шошып жылай беретін Гүлденді де күйзеліске ұшыратқандай.  Екеуі қосылып еңірейтінді шығарыпты. Қазір есіктен Гүлімі кіріп келіп, «мамалап» бұның мойнына асылып, еркелейтін тәрізді көрінеді. Әне кіреді, міне кіреді деп есікке телмірумен жүр.

-Әне, Гүлім келе жатыр,-деді Айжан отырған орнынан асыға тұра, сырт жақтан  аяқтың басқан дыбысы естілген бойда. –Қызым келді,-деп сыртқа атып шықты. Есігін айқара ашып қалып еді, сол баяғы қызды іздеуге салған милиция бөлімшесінің қызметкерлері екен. –Қызымды таптыңыздар ма?,-деп жымия тіл қатты Айжан. –Білген едім, бүгін Қызым осы есіктен кіріп келетінін сезгем, ана жүрегі алдамайды, қызым қайда, алып келдіңіздер ме?,-деп арты артынан сұрақ жаудырған Айжанға қызметкерлер үнсіз қарап, бір-біріне ыммен сен айт, сен айт дегендей, иектерін жыбырлатып қояды.

-Айжан ханым, қызыңыз табылды,-деді бірі. Артынша күмілжіп, басын сипағандай, көзін алдарқатып, тынышы кетті.

-Қызым табылды!,-деген Айжан қуана кетті де, айғайлап жіберді. –Гүлімім табылды!

-Кешірерсіз, ханым, бірақ.... Екінші қызметкер сөзін аяқтағысы келіп еді, Айжан дес бермеді.

-Қане, қызым қайда, алып келдіңдер ме? Жоқ бөлімшеге қалдырып кеттіңдер ме?

-Айжан ханым, қызыңыздың өлі денесі ғана та...

-не, не деп тұрсың. Не сандырақ бұл?

Айжанды шапалақпен бір ұрғандай,  түрі ашуға кенеліп кетті.

-Аузыңды ашпа, қызымды бөлімшеге тастап кеттіңдер ғой, алып келіңдер,-деді сұқ саусағын шошайтып.

-Кешіріңіз, қайғыңызға ортақпыз,-дегенді ғана айта алды әлгі милиция.

Айжан ойбайды салып, даусын зорайта еңірей жөнелді. –Өтірік. Өтірік, қызым, Гүлімім.

Айжанның зарына көрші қолаң да жиылып, бірер минутта есік алды лық адамға толды.

-Қайран қыз-ау, байғұс ай.

-Бала еді ғой.

-Е, Жаратқан ай,-деген дауыстар да шығып, Айжанның қайғысына ортақтасты.

Қыздың денесі қорланып, тұншықтырылып өлтіріліпті. Кіп-кішкене 12 жасар қыз, еркектің ойыншығына айналып, әбден зәбір көргенін, оның өлі денесінің әр жерінде көгеріп, қызарып, қан ағып кеткен жараларынан көруге болатын еді. Тамағын екі қолмен қысып, дем жеткізбей қойса керек, беті көгеріп, мойнында қызарған қолдың ізі қалыпты. Гүлімнің қазіргі таңда айтылып жүрген «ПЕДОФИЛ» деген адамның қолынан қаза тапқанын сараптама қорытындысы әшкерелеп берді... Бір ғұмыр, өмір сүрмей жатып солды...

 

***

Тоғысқан тағдырлар

Шіркін, қазақтың даласы қандай кең байтақ еді. Сонау ата-бабаларымның қасықтай қаны тамғанша, ерлік етіп, елін, жерін қорғап, бір аттам жерді де өзгеден қызғанып, арлы қызын өзгенің жетегіне жетектірмей, атыспай бекіспеген дана қазақ осы байтақ елді ұрпағына қалай қалдырған еді. Жан жақтан жерге көз тігіп, ауыздарынан айдаһарша от боратып, қылышын сермеп, қызына көзін алартып, баласының басын алғысы келген шығыста қара қытай, солтүстікте алпауытты Русь елі, жоңғар-ойраттармен де  теке тіресіп, қаншама зұлматтарды басынан өткізді десеңші. Тарихта аты қалған, сонау жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Аңырақай шайқасы, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама деген жаугершілік соғыстардың арқасында, осынау байтақ дала қазір қазақ елінің қолында қалып, тәуелсіз «Қазақ еліне» айналып отыр. Бейбіт заман, тыныш ғасыр. Ата-бабаның ерен еңбегінің бұлтарпас қанжығасы.

Осынау байтақ даланың өз елді мекені, үлкен үлкен облыстарының өз қалалары бар. Қазақстанның бір қаласынан бір қаласына жету үшін, сонау сайын даланы бетке алып, жазық, ойпат, үстірт пен таулы аймақты басып өтіп, елдің бар байлығын көз алдыңа алып келетін ирелеңдеген темір жолдар байланыстырады. Бір шеттен бір шетке көз тастап, сонау көкжиетің астында құшағын құлаш жайып, серпіліп жатқан Қазақстанға жететін ел бар ма шіркін!

Әне, тау тасты аралап, өзен кешіп, Балқаш көлінің көркемдігіне иіле сәлем салып, бір жүрдек пойыз келе жатыр. Бұдақтап шыққан түтіні, аспанға тарап, адам денесіндегі жол-жол болған қан тамырларындай, ирелеңдеп кетіп барады. Вагондарын арты артына ерткен пойыз, қиқулап, шиқылдап, түтіндетеді кеп.

Алматы-Астана бағытында кетіп бара жатқан бұл пойыздың ішінде, сол Алматының темір жол вокзалынан отырғалы бері, ойға беріліп, сәл қорқақтап, жат ел, жат жерге кетіп бара жатқан бір келіншек бар.  Қазақстанның астанасы Астана деп айқарадай ел шулап, сонау бәйтеректі тек теледидардан ғана көріп, аңсары ауып,  сүйіктісімен бір қол ұстасып сол бәйтерекке шығып, Есіл бойында өзеннің шуылын тыңдап, Астана түнінде жұлдыз санағысы келетін.

Купенің іші тым ыстық болып, ауа жетпей бара жатқандықтан жатқан жерінен тұрып, есікті ашып, аяғын сылтып басып сыртқа шықты. Көп купелердің есігі тарс жабылып тұрса да, дәлізінде ары-бері шауып ойнаған балаға толы екен. Бір купеден бір купеге кіріп, біреуі алма көтеріп шықса, енді бірі қалтасына кәмпитін толтырып шығады. Балаға әр күпені аралап, базарлық алып жүрген қызық. Бұл келіншекті қаға соға бір бала келесі вагонға қарай жүгіріп кетті.

-Әй, абайласаңшы, әпкеңді соғып кеттің ғой,-деген анасының даусына назар салмастан, келесі күпеге кіріп кеткен бала, күпенің есігінен бір сығалап, ыржалақтады да «кешіріңіз» деді де, ішке қарай кіріп кетті.

-Қандай жақсы бала!,-деді келіншек.

-Кешіріп қойыңыз, бала емес пе, Астанаға әкесіне бара жатырмыз. Соған мәз болып жүр,-деп жаңағы баланың анасы елпектеп қалды.

-Ештеңе етпейді, балалардың бұндай күлкісіне не жетсін!

Келіншек миығынан күлгендей сыңай танытты да, көзін алып қаша жөнелді. Пойыздың терезесіне қарап, сайын даланы артқа тастап, желі жазы-қысы зуылдап тұратын Қарқаралы даласына көз салды. Неткен кең дала!

-Балаңыз бар ма?,-деді жаңағы баланың анасы, бұның ойланып кеткен кейіпін оятпақ болып:- жүріңіз бірге шәй ішелік. Кешелі бері, төсегіңізден тұрмадыңыз. Астанаға емес, басқа жаққа бара жатқандайсыз ғой.

Келіншек үн қатпады. Көзі артта қалып жатқан жазыққа салынып, арманында кеткен сүйіктісін есіне түсірді. Ол тірі болса, бірге келер ме еді?

-Жүріңіз деймін,-деп әлгі келіншек тағы қайталады.

-Мейлің, жүрсек жүрейік. Астанаға жалғыз кетіп барамын. Еш танысым, тамырым жоқ. Енді сізбен танысайын онда,-деді келіншек көзіне келген жасты сүртіп тастап, жымия тіл қатты.

Екеуі бірігіп жаңағы баланың күпесіне кірді. Үстіңгі төсекте екі бала ұйықтап жатқан секілді ме, әлде телефон ойынына кіріп кеткен бе, бастарын жастықтан алар емес. Астыңғы жағы осы келіншек пен жаңағы кішкене балаға тиесілі.

-Балам, бар, ойна, біз мына әпкең екеуіміз шәй ішеміз,-деген анасы, баласын келесі күпеге жіберді.

-шәй әкелініп, сөмкеге салынған тәтті-пұттылар алынып, дастархан лезде жайнап кетті. Келесі күпеден өзінің жолға деп алған тамағын да ала келген екі келіншек жарқын-жарқын тіл қатысып, таныса жөнелді.

-Атыңыз кім?,-дейді баланың анасы.

-Иманай!

-Өте тамаша есім екен. менің есімім- Шолпан. Мына үш баланың анасымын. Әкеміз астанада жұмыс істейді. Сол «стройка» ғой. Жаз ғой, мектеп таяп қалған соң, мына балалар жаз бойы ешқайда шықпай қалмасын, мектеп киімдері де алынбады дегенім соң, әкесі жиған ақщасын айтып, шақыртты. Бірді екілі киімін алып беріп, Астанада қыдыртамын деген. Міне соған мәз болып бара жатырмыз,-аузы-аузына жұқпайтын Шолпан айтушы рөлін алып, Иманай тек тыңдаумен болды.

Иә, бұл келіншек-Иманай.  Ерлігінен бір айырылып,құрсағындағы шаранасы жатырымен бірге шығып, іш құсада қалған Иманай. Бар тауқымет тек өзінде ғана қалғандай, сол тауқыметтен құтылу жолы тек –өлім деп есептеген, байғұс Иманай. Белгіліден белгісізге жол тартып, жаңа өмірге қадам басып бара жатқандай. Жолға шығарында, енесі болған  Сарқыт та көзіне жас ала тұрып:

-Қызым, аман есен жазылып кел, әрқашан тілеушің болып жүргенімізді ұмытпа, алда жалда, біз бақилық болып жатсақ, есіңде болсын, рұқсат саған. Бақытыңды табуға рұқсат,-деген еді.

Иманай Астанаға жол тартқандығы бақыт іздеп емес, сол бір қайғылы оқиғадан кейінгі, өзінің кінәсі, денсаулығын емдету болатын. Бір аяғы істемей қалып, енді енді сылтып басып жүргендіктен, аяғына нық тұру үшін аяулы Астана төріне тартып кетті. Тағы бір себеп-Ерлігі апарамын деген ойын іске асырғысы келді...

...Ерлігінің ұзап кетіп бара жатқанын көріп, артынан жүгірген Иманай, діттегеніне жете алмай әлек еді. «Мені күтші» деп қояды, көзі жасқа толып. «Бар, кет әрі» дейді Ерлік қатулы үнмен. «Астанаға бар»... сөйтіп жатып әрең көзін ашты. Иманай, «қош » деп мойнына арқан салып кетпек болғанда, сол күндізгі арқанды әкеліп тастаған жігіт келіп қалып, алда-жалда төңірекке адамдар жиналып, бұны асылулы арқаннан шешіп алған екен. Ес түссіз қалған Иманай, сәл кешіккенде, Ерліктің соңынан ат терлетіп кете барар еді. «Ойбай, өлді-ау» «тезірек қимылдаңдар» «Сақта, Ием» деген дауыстар сол көрші қолаңнан шығып, бұлар Иманайды бақилық жолына түсірмей, дереу аурухана есігіне апарған-мыс. Сол күннен кейін ес-түссіз Иманай бірнеше күн жатты. Тамағы қысылып, өкпесіне ауа бармай тарыққаннан соң, өкпесі әрең демалып, беті бері қарай астады. Әсте, мойнындағы тамырға да тие кеткен арқан, Иманайдың қол аяғын икемге келтірмей, мүгедек еткізе жаздады.

-Неге өйттің, қарғам-ау, неге?,-деп енесі егіліп, «Өзіңе керек болмасаң да, ішімнен жарып шығарған, мына маған керексің» деп анасы жылады. Иманай жаза басқанын түсінгендей болды. Өмір расымен де тәтті екен ғой.Бұны Иманай сол мойыны қысылып, өкпесіне дем жетпей бара жатқанда түсінген еді. Жаратқаннын әр бір нығметі сол болса керек, өкпеге ауа бармаса, бар тіршілік те, дүние байлығы да бір тиынға татымай, бір сәтке, сол бір жұтым ауа үшін, бар байлығыңды да бермекші боласың. Бірақ, адамның таусылар ауасы болады екен. Ол кезде бұл ауа да қажет болмай қалады. Ол сәт-Өлім. Бұны Иманай сол кездің соңғы сәтінде түсініп, соңғы ауасын жұта алмай қиналғанда білген еді.

-Кешіріңдерші,-дегеннен басқаны айта алмай, Иманай көп жылады.

-Енді қайталама! Өміріңді өз қолыңмен қиып, жан берген Жаратқаныңның қахарына ұшырама,-деп атасы Әбдіразақ та сөз алған бұдан.

«Бір ай деген-бір күн» деп қазақ бекер айтпаса керек, бір айға жуық ауруханада жатқан Иманай, қол аяғы ретке келіп, тек бір аяғын сылтып баса, үйіне келген еді. Ата-енесінің үйіне. Ерлігінің отауына.

Сол аяқ икемге келе алмай, отырса, жиылмай, тұрса, тұра алмай, біраз әбігерге салып жүр. Күндер өтсе де, сол аяқ сол қалпында. Бір қыбыр етер белгісі жоқ. Десе де, Иманай, аяғын сылтып басуға үйретті. Өзіне де жеңіл көрініп, ақсақ болып жүріп ақ тірлік бітіруге болатынын байқаған. Күндер өтеді. Ұмытылады. Өсек, әңгіме артта қалып, әркім әр тіршілігін жасап, ел болған соң бір-бірінің мінін іздеп әйтеуір өмір сүріп жүр. Сол ақсақ Иманай, міне бүгін, ел жұртын, ата-ана, ата –енесін артқа тастап, әлемге белгілі болса да, өзіне белгісіз ажарлы қала Астанаға жол тартып барады. Өткен өмір, алдағы белгісіздік. Осы ортада тұрып қалып, не істерін білмейтін Иманай.

Аялы Астана! Аяулы –Астана! Ғасырларды артқа тастап, өркендеп келесің! Кіндігіңде қанша адам дүниеге келіп, қаншасы қоштасып кетті. Бірің бауырыңа тартып, қойныңа кіргізсең, екіншісін суығыңмен алыстатып, кері итересің. Сенің кейде жұмсақ, кейде қахарлы мінезіңе жүрек жұтқан, ер мінезділер ғана шыдас берер. Әй, Астана. Тайсалмайсың. Алыстан мен мұндалап шақырасың да, мінезіңді көрсетуден де ұялмайсың. Сенің құшағыңда бір-бірінің мауқын басқан ғашықтар қаншама, енді бірінің арасын алшақтатып, ажырасқандар қаншама. Сен, сонда да, өткенді артыңа қайырылмастай қалдырып, аяғыңды алшаң басып, болашаққа сапар шегіп келесің. Не деген, айбынды, айдарлы қала едің! Құшағыңда жатқан небір тағдырлар бар десеңші! Тағдырларды бір бірімен тоғыстырып, араластырып қойдың-ау, Астана!

Иманайдың ойы ара кідік үзіліп, кетіп, алдыңғы жағында шәймен бірге әңгімесін жалғастырып отырған Шолпанға бір, жолды артына тастап, арасында қиқулап кетіп бара жатқан пойыздың терезесінен сыртқа қарайды. «Келер тағдыр -Астанада» деп қояды іштей. «Астана-құшағыңды аш, мен келемін!».

Пойыз зулап келіп, біраз бәсеңдегендей болды. «Қарағанды, Қарағанды, түсушілер» деп айғай салған жолсеріктің сөзіне қарап, келесі аялдама «Қарағанды» екеніне көзі жетті.

Ығы-жығы адам, бірі түсіп, бірі мініп, соғып-қағып, бірнеше минутта үлгеріп қалғысы келгендердің саны да біршама. Бәрі д Астанаға асық сияқты. Иә, бірі жұмыс іздеп, күн көзін табуды ойлап бара жатса, бірі туған жер қайдасың дегендей-ақ ығыса, жығыса, асығып-үсігіп жүргендер. Бұлардың бәріне көз салып, әркімнің әр мінезіне таңырқап қарап отыр.  Әне, бірі мүгедек арбасында, артынан сүйреген анасы ма әлде әпкесі ме, әңгімелесіп келеді. Езуінде күлкі, өмірге құштар жанға ұқсайды. Мүгедекпін деп ойлап та отырған жоқ, кетіп бара жатып, жол жиегінде  қайыр тілеп отырған екі аяғы жоқ бір міскінге тиын тебен тастап кетті. Екі мүгедек кездесті. Бірі өмірге сондай құштар, мейірімді ал екіншісі, тек тамағын табу ішін ғана елден қайыр сұрап, өмірінен күдерін үзіп, салы суға кеткен жан. Бір-бірінің жоқ аяқтарына көз салып, іштей бір бірін түсінісіп тұрғандай еді.  Енді, әне, қызын жетектеген бір әйел келе жатыр. Ашулы болса керек, «жүрсеңші тез» деп діңкілдейді қызына. Қызының жасы не бәрі 11-12 жас болу керек. Анасының қолынан ұстаған күйі жылап келеді. Жыласы да қызық, тек үнсіз, даусын шығармай, еңкілдейді. Артына қарай-қарай, әлдекімді қимайтындай келеді. Көзінде қорқыныш, сағыныщ, қимастық сезімі ұялап алған сынды. «Біреу балаға жете алмайды, бірі қадірін білмейді-ау» дегендей Иманай да терең күрсінді. «Менің сондай бір қызым болғанда еді»... кенет, жаңағы жылап бара жатқан қыздың қолынан бір ер адам келіп ұстай қалды да, қызды құшақтай, көтеріп алды. Бетінен сүйіп жатыр.  «Бара ғой» дегендей басын иезеген күйде, теріс айналып кете берді. Кеткен еркектің артынан бірер минут қарап тұрған келіншек, кері бұрылды да вагонға кіріп кетті. Пойыз да бірнеше минут аялдаған соң, ақырын жүйткіи бастады. Есіктер жабылып, белгісіз адамардың легі көріне берді.

Жылжыған жүрдек  пойызы түтіндетіп Қарағандыны да артқа тастап кете берді. Шолпанның әңгімесінен де жалыға бастаған Иманай, кешірім сұрағандай болып, аяғын сылтып баса өзкүпесіне кіріп, жата кетті. Алдағы өмір-белгісіз. Белгісіздікке сапар шеккен Иманай ұйқыға кетті...

Иманайдың Астанаға тұрақтағанына бес-алты күн болып қалды. Жалдамалы пәтердің ақшасын төлеп, бірер азық-түлік алып қойды. Бұл кетерінде «Мына алтынды ал, бірер пайдаңа жаратарсың. Біздей кәрі құртаңға енді алтынның не керегі бар? оны жарқыратып қай жеріме тақпақпын. Ала ғой, қызым. Игілігіңе жұмса» деп енесі берген алтын сырға, жүзікті сатып ақша жасады. Одан қала берді, өз тума туысының да бірер жинап берген тиын-тебендерін қосқанда, бұл қалада екі-үш ай тұруға мүмкіндік бар. Иманайдың еміне деген ақша осы еді. Сұрастыра келе, өзі емделгісі келген емхананы да тауып алып, сол жердегі дәрігерге көрініп жүр.

-Рентген көшірмесі түзу аяқты көрсетіп тұр, тіпті не айтарымды да білмеймін. Қалайша аяғыңызды басып жүре алмайсыз?,-деген бұған дәрігер.

-Тағы бірер анализ тапсырып, анықтап алу үшін күтуі қажет,-деген сосын. Бүгін осы емханаға бесінші мәрте келіп тұрғаны. Аяғы ауырсынады. Басқызбайды, сылтып басуға әзір. Неге екенін өзі де түсіне алар емес.

Иманайдың дәрігерге жолығу уақытынан бірер сағат бұрын келіп алғаны оны қынжылтпады. Емхана айналасы әдемі үлкен ағаштармен көмкеріліп, саябақ секілді, адамдар демалатын етіп істелген екен. Бір жақ шеті аурухана, бір жақ шеті емхана. Ем алып жатқандар да, емделушінің көңілін сұраушылар да сол саябаққа келіп, аузын-аулақ әңгіме дүкен жасайды екен.

Иманайдың сол бір ағаштың түбіндегі орналсқан орындыққа жайғасқаны сол еді, артынан келіп түрткен біреуден сескеніп кеп қалды.

-Бұл кім ей,-деп селк еткен Иманай артына бұрылып қарап еді, жасы отыз-отыз бестер шамасында, ақ халат киген бір жігіт екен.

-Иманай ханым, сізді дәрігер шақырады. Терезеден көріп қалып еді,-деді әлгі жігіт өзінің жас келіншекті шошытып алдым ба дегендей, қысылып –қымтырылып. –Жүріңіз, менімен.

Иманай үнсіз мына жігіттің соңынан жүріп келеді. Екеуі де үнсіз. Алдыға түсіп кетіп бара жатқан дәрігер жігітте артына қарамайды, Иманайда оны тоқтатып әуресі жоқ. Барар есігін біледі. Сонда да, Иманайдың жүрегі әлденені сезгендей-ақ, тарс-тарс етіп, біресе қобалжып, біресе бәсеңдеп, еркінен тыс лүпілдеп кетті.

-Ойпырмай, не болды. Әлде, сараптама қорытындысы нашар  ма екен?,-деген де ой келді Иманайға. Иманай жүрегінің дүрсін-дүрсін соққанын өз ішіндегі көбелектер емес, сараптама қортындысының нәтижесінде деп болжады. Әсте, жүрегі сүйкімді жігітті көргенде қалай лүпілдегенін сезбеді-ақ .

Дәрігердің есігінен басы салбырап шықты.  Көзіндегі жасты сүрте, бүлкілдеген иығын басқандай болды. Ішкі өкініш, мұңы жүзін жуып, өмірден күдерін үзгендей күй кешеді бір.

-Өзім ғой, өзім,-деді іштей күйіне. –Енді мәңгі мүгедек болып қалу маңдайыма жазылыпты. Неткен сормаңдай едім. Ана да бола алмаймын. Еркіммен жүріп те тұра алмаймын,-деп жылады. Жүгіре емхана сыртына шыққан Иманай, жаңағы өзінің отырмақ болған орындығына отыра кетті. Көп жылады. Егілді. Бұны ешкім келіп жұбатпады. Жұбатар кімі бар дейсің? Жалғыздығы жанына батты. Күйінді, іші удай ашыды.

-Ханым, жыламаңыз!,-деген сөз құлағына келіп жетті. Жалма жан басын көтеріп еді, қарсы алдында бағанағы өзін шақырған жас дәргер жігіт тұр екен.

-Ханым, жыламаңыз. Мықты болыңыз. Сіз жазыласыз. Менің сізге көмектескім келеді, қарсы болмасаңыз,-деп сөзін жалғастырды.

-Не, мені мазақ етіп тұрмысыз, өзіңіз естідіңіз ғой. Бас дәрігеріңіздің айтқанын. Мен мүгедекпін. Жазылмас дерт, түсінесіз бе, жазылмайтын ауру,-деген Иманай еңкілдеп жылап жіберді.

-Жоқ, жазыласыз. Мен сізге сенемін. Сіз мықтысыз және маған сеніңіз. Мен сіздің жазылып, аяғыңыздан тік тұрып кеткеніңізді қалаймын.

-қалай?

-Маған сеніңіз, мен сізге көмек бергім келеді. Есімім, Жолдас! Өзім Интернатурада оқып жүрмін. Алла бұйыртса, мен де жақында білікті дәрігер боламын. Сіздей жандарға көмектесу менің борышым.

-???

-Түсінбей қалдыңыз-ау. Мен жақында бұл мекемеге тұрақты түрде өз жұмысымды бастап кірмекпін. Ал, қазір, сол, профессорлардың шәкірті ретінде, сол кісілердің білімімен сусындап жүрмін.

-Маған қалай көмек бермексің?

-Меніңше сізге тк қамқорлық, махаббат жетіспейді. Сіз тек түйсігіңіздегі қамқорлықты аяғыңызға артып қойып, дәрігерлерден көмек сұрап жүрсіз. Дәрігерлер сізге көмек қолын созып, сізді аяған кезде, бір қамқорлық сезінгендей боласыз. Бірақ бұл  қамқорлық тек уақытша ғана. Сол үшін сіздің аяғыңыз жазылар емес. Сіз сап –сау адамсыз. Сізге тек сүю қажет.

-Не сандырықтап тұрсыз. Сараптама қорытындысы көрсетті емес пе? Аяққа қан бармай қалғандықтан, істен шыққан. Қан барар тамырлар бітеліп кеткен дейме, сондай!

-Бұл сол себептін салдары ғой. Біз алдымен себебін анықтасақ, кейін салдарын емдей жатамыз.

-Түк түсінбеймін сізді. Сіз прфессордан озамын дегеніңіз бе? Мүмкіндік жоқ деген сөзді өзіңіз д естідіңіз ғой.

-Иә, естідім. Бірақ менің өз жорамалым бар.

-Онда неге, сол кезде профессор көзінше айтпадыңыз?

-Алдымен сізбен сөйлескім келген.

Иманай мен Жолдастың әңгімесі осымен таусылды. Иманай Жолдасқа сенбеді де. Оқуын әлі бітірмеген жас дәрігер профессордың сөзін жоққа шығарып, одан басып озамын деп тұр дегенге сенді.  «Жәрайды, жәрайды» дегеннен басқа ештеңе айта алмай, тек дәрігердің телефон нөмірін сұрап алып, өз пәтеріне тартып кетті.

Қазіргі кездегі Иманайдың бір ойы – Астанада қалып жұмыс істесем деген. Әрине, оңай жерге оңай қолмен кірмесі анық еді. Астананың мейіріміне кіре білсең, Астана саған құшағын кең ашып, қажырлы еңбегімен сусындатып қояды. Ал Астананың тамырын ұстай алмай қалғандар, жұмыс жоқ, суық, ызғар, әлде сол құшағындағы адамдардан мейірімсіздік көргендей, өз Отандарына оралып жатады. Иманайдың кеткісі жоқ. Қалуға да себеп жоқ. Бұл қалада оны демейтін ешкім тіпті ешнәрсе де жоқ.

Бір бөлмелі пәтер. Бір шыны аяқ. Жалғыздыққа арналған төсек. Адамның серігі адам ғана. Алла да «жалғыздық тек маған тән. Адамдарды жұп-жұбымен жараттым» деген еді. Ал, Иманай жалғыз. Жалғыз тұрған тіс щеткасына ұзақ қарады. Айнаға қарады. Аяғына қарады. Иманайдың көзіне іркіліп келген жас, бұның жүйкесін жұқартса керек. Құлағына естілген «Сізді емдеу болмай тұр» деген профессордың даусын естімеу үшін, құлағын екі алақанымен жапты. «Жоқ, жоқ мүмкін емес». Айғайлап келіп, айна алдында тұрған заттарды итеріп келіп, шашып жіберді. «Жалған, жалған бәрі».

Қабырғаға сүйене жерге отырып қалған Иманай сол жерінде көзін жұмған күйі біраз отырды. Жұмулы көздерінен жас емес, қан аққандай сезілді. Кенет, қалта телефонының шырылынан селке етті.

-Иә!

-Иманай ханым, бұл мен, Жолдас дәрігер.

-Иә, айта беріңіз.

-Ханым, айып болмаса, сізді шәйға шақырсам деп едім. Әрине, тек таныстық, достық ретінде және дәрігер ретінде. Мүмкін бе?

Иманай көп ойланған жоқ. Жалғызсырап отырғанда, бұл да бір белгі шығар. Тек шәй ішіп, ішіндегісін босатып алса, бұлай ұнжырғасы түспейтін еді.

-Жәрайды.

Иманай келісім берген соң, дәл бір сағаттан кейін, Есіл бойындағы «Тюрфанға» келмекші болды.

Есіл! Астананы қақ жарып, ирелеңдеген жылан секілді, бойыңа бар маңғаздықты жиып алып кетіп бара жатқандайсың! Қасыңа келген пендеге бір көзіңмен қарап қойып, өз жүрісіңді бұзбай, кете бересің. Жағаңа келген қанша жастар, махаббаттарының көз жасын төкті. Бірі қосылғандарына қуанып жатса да, Есіл, маңғиып, жүре бересің. Астанаға көрік беріп, қақ төріне жайғасып алсаң да, әй, Есіл, мөлдір тұнық суыңмен мастанып, келген қонақтарға, «Міне, қараңдар, мені» дегендей, көз жауын алып жатасың. Есіл...

Иманай мен Жолдастың таныстығы шәймен басталып, арты еркін күлкі мен сырлы әңгімеге ұласып кетті. Өзінен үш жас кіші жігіттің бұған қараған көз қарасы, қобырай келген толқынды қара шашы, қара торы келген жүзіне кішкене қоңқиған мұрны, күлген кезде, бадырайып көрінген тістері бұған ерекше әсер еткендей болды. Еркін сөйлеп, еркін күледі. Иманайға дәрігерлік жолындағы қызықтар мен шыжықтарды айтып, күлдіртіп, тіпті жылатып алды. Өзінің қарап жүрген бірнеше ауру балалары бар екенін, олар Жолдасты өте қатты жақсы көретінін айтып, жымитып қойды.

-Жалпы, әр науқас, мен үшін, жай ғана науқас емес, олар мен үшін, аға, бауыр, іні, қарындас. Мен оларға тек науқас деп қана қарамай, олардың жанын түсініп, оларға көп көңіл бөлемін. Адам ауырса неге көңіл сұрап бару керек. Міне, адам ауырғанда көңілшек келеді. Бала ауырса, анасы келіп, жаным, күнім деп еркелетс, бала да, жылап, қыңсылап кетеді ғой. Сол сияқты, әрбір жанын жеген науқасқа ең бірінші керегі көңіл. Көңіл бар жерде, ол дәрісін де уақтылы қабылдап, тез жазылуға әрекет жасайтын болады. Міне, көңілдің құдіреті. Көңіл тыныш болса, адам еш ауырмас еді. Ал, ауруды біз өзімізге өзіміз шақырамыз екен. Басым ауырды дейміз, бас не үшін ауырды? Олда сол көңіл кірінің нәтижесі демек,-деген Жолдас ұзақ әңгімеден кейін, Иманайды бір серпілтіп жібергендей болды. Артынша Иманайдан «Көңілді жүрем» деген уадесін алды.

Осылай күндер де өтіп жатты. Иманайдың көңілі көтеріліп қалғандай ма, сірә? Әлде, Жолдасқа деген бір көңіл пайда болды ма? Кейде өз өзін түсіне алмайды. Әр кездесудің соңы, Иманайдың жиылмаған күлкісімен аяқталады. Өңіне қуаныш жүзін ұялатқан Жолдасқа деген рахметі көп. Әр кездескен сайын, бір түйір раушан гүлін Иманайдың шашына қыстыру әдетке де айналғандай секілді. Сол гүлді иіскеп, Иманай біразға дейін ұйықтай алмай, ары-бері аунақшып, жастық құшақтап, дегбірі қашып жатады. Кейде Жолдасты көруге асығып, бір сұрақтармен деген сылтаумен қоңырау шалып та алады. Иманайдың көңілі толқып бара жатқандай...

***  

Дидардың  бұл ауруханада жатқанына да бірнеше апта болды. Анасы Амангүлдің еңіреуімен, әйтеуір, ауыл болып, Астанаға жөнелткен еді. Дидарды әкеле салып, үйде қалған бала шағасына асығып, Амангүл қайтып кетті. Дидар жалғыз қалған еді. Әлі ес түссіз жатқандықтан, Амангүлдің бұл жақта тұрақтап қалуына да жөн болмады. Тұрақтап қалатын, басында баспана мен қаражаты да жоқ. Тек дәрігерлерге аманаттап, үйдегі бір шөлмек үшін, өзін ұрып соғатын отағасына асығып кетті.  Жолдас дәрігер де, Дидарды күніне бір соғып кетпесе, жанына тыныштық жоқ еді. Ес түссіз жатқан Дидарға көңіл бөліп, онымен әңгіме айтады. Айтқан әңгімесіне жауап алмаса да, күліп қойып отырады. Ертегі оқиды. Қолын ұстап, бетін сүйеді, маңдайынан иіскейді. 

Дәрігерлердің айтуынша, улы бақа шаққан деп, ісіп тұрған еркектік мүшесінің бір тасын алып тастапты. Енді, оянған соң да, естияр болып, үйлене алады ма? Үлкен күмәнді еді. Десе де, Дидар оянатын түрі жоқ. Лүпілдеп соққан жүрегі ғана бар.

Жолдастың кіріп шығып, Дидармен сөйлесіп, маңдайынан сүйгенінен басқа ешбір жан бұл науқастың бөлмесіне бас сұқпайды. Бәрінің өз күйбеңі бар.

Осындайда, Жолдастың ойына  қоңырау шалған Иманай түсті. Иманайдың жұмыс іздеп жүргені анық. Әзірше оңтайлысы табылмағандықтан, сандалып жүр. Демек. Осы кішкене балаға мейірім беріп, қасында күтушісі іспетті болса... Жолдас дереу барып, аурухана басшылығымен сөйлесті. Иманайды тазалыққа қарайтын жұмысшы етіп алуға рұқсат алды. Жұмыс барысында, осы балаға да қарап тұрса... Жолдастың негізгі мақсаты осы еді.

-Алдыңғы жолы айтқан едім, ғой, бір бала бар, ес түссіз жатыр деп. Міне сол баламен танысатын уақытыңыз келген сияқты. Ол өте, жақсы бала. Әр айтқан сөзіңе қарсылық білдірмейді, ұйып тыңдайды. Кейде көздерінен жас ағып, жылап та алады. Оған мейірім, көңіл жетіспей жүр. Мүмкін сіз сол балаға көңіл бөліп тұрсаңыз... Бір жақсылықтың көлеңкесі деп білем..

-Әрине, әрине.

Иманай қуана жауап қатқанымен, ішкі сезімі бір қарсылық танытқандай болды. Өзім ана болып көрмегем, тіпті, ана бола да алмаймын. Мен қалайша, өзге балаға жіби алады екенмін.? Иманайдың санасы кері шегіншектегенімен, жүрегі дес бермеді. Бәлкім, Жолдасты да күн сайын көріп тұруға мүмкіндік болар? Осы ойдың құрсауында, Иманай, ауруханаға аяқ басын тіреді...

Өзі сондай қамқорсыз, тәп-тәтті ұйқыда жатыр. Тұрғысы келсе де, көзін ашуға ерінгендей, жанары тарс жұмулы. Ешкімді де, ешнәрсені де көргім жоқ, кетіңдер дейтін де секілді. Әлде, өмірге өкпелі, көзін ашса, сол өмірі қайта келетінін білгендей, тәтті түстерін қимай, еркелеп жатыр ма екен. Еркелейтіндей, ана-атасы да жоқ қасында. Кімге еркелейді бұ бала? Кімге? Халқына ма, дәрігерге ме? Өзі сондай періштедей, Жаратушысына еркелейді ме? Дидардың жатысы Иманайды мың толғандырды.

-Анаң, әкең де жоқ қасыңда? Сағындың ба?,-деп қояды. Иманай Дидардың қасында болған екі күнде, алғаш рет тіл қатты. Басында біртүрлі, өзімен өзі сөйлесіп отырғандай көрінді. Десе де, Дидардың аппақ мейірімді жүзіне қарап, еметайы езілгендей күй кешті.

-Дидар, есімің қандай әдемі. Дидар! Өзіңнің де дидарың сондай әдемі!

-...

-Менің есімім Иманай. Мен осы ауруханада тазалық жүргіземін . Сонымен бірге,-Иманай отырған орынан тұрып, ары бері қозғалғандай болды:- Мен сенің күтушің болғым келеді! Мені Жұмысқа қабылдайсың ғой, иә? Тек менің аяғымды көріп, қабылдамай қойма, олай болса, тіптен де ойнамай қоямын. Менің аяғым ақсақ болса да, жұмысты жақсы жасаймын. Мен тазалықты жақсы көрем!

Иманайдың айтқан сөздеріне жауап қатылмаса да, үнсіз жатқан бала бұған қарап күліп тұрғандай сезілді. Күні бойы Дидардың жанында болып, баланың маңдайынан  иіскеді де, Иманай үйіне қайтып кетті...

Жүрегіне бір жылулық ұялаған секілді! Үйіне жеткізіп салған Жолдасты да ойлап, жүрегі әлсін-әлсін лүп-лүп еткендей болды.  Беті біресе қызарып, біресе жүзіне күлкі үйірілгендей. Жолдасты кетерінде жібергісі келмей, қолынан ұстап қалмақшы болды. Бірақ ары жібермеді... Менен екі жас кіші, мен әйел емеспін! Иманай созған қолын тартып алды да,жәй ғана жымиып, қоштасты. Жолдастың да бұда көңілі бар сияқты көрінді. Олай болмаса, жұмыстан кейін күнде өз көлігімен үйіне әкеліп, есігіне шейін кіргізіп қояды. Ал, таңғысын, күле қарап, есік алдында бір тал раушан гүлімен күтіп тұрады.

-Сізді көрсем, раушан гүлі есіме түседі, сондай иісі әдемі, көздің жауын алады, бірақ... Жолдас сәл кібіртіктеп: -Бірақ, сіз секілді тікені бар,-деген еді. Бірақ сөз мәнісін Иманай қалжыңға балай салды. Десе де, ішіндегі от маза бермей, бетіне ойнақтап шығып алғаны бар.

-Неге, неге сонша сыздайсың түкті жүрегім! Сыздай тұрып, қуанасың. Қуана тұрып, жылайсың? Не керек еді, өзіңе? Мені сарсаңға салып, тағы махаббат қасіретіне итермекшісің бе? Бұл майданым да жетпеп пе еді? Әй, жүрегім, саған сүюге болса да, мына маған, оның түк те керегі жоқ, түсінемісің? Керегі жоқ. Сен сүйесің, ал азабын мен көремін. Жолдас болашақта біреудің некелі жары, әкесі болуға лайық. Ал мен, мына мен, оған қалай қиянат жасамақпын. Мен оған жүрегімді бергенмен, әйелдік ләззәт пен бала бере аламын ба? Жоқ! Міне, мен оған қиянат жасай алмаймын! Түсінемісің, әй, сорлы жүрек. Ғашық болмай, тыныш, тып-тыныш болшы!,-деген Иманай айнаға қараған өз жүзіне тіл қатып, жылап алды: -Мен әйел емеспін! Иманай аяғының қатты ауырып кеткенін сезгендей болды..

Ертеңгі күні Жолдас қолына бір тал гүлін ұстап, тағы тұр. Бұл жолы Иманай көңілсіз оның қасына келді де, үнсіз көлігіне отырды. Қолындағы гүліне де қол созбады. Жолдас та, бұның мәнісін түсінбей, артынша көлікке мініп, оталдыра бастады.

-Көңііл күйіңіз жақсы ма, Иманай?

Иманай үндемеді. Сыздап тұрған аяғын ұқалағандай, басын төмен салбыратып отыр.

-Мен сізді ренжіткен сияқтымын ғой?

-???

-Иманай,-Жолдастың үні қатқыл шыққандай болды.- Бір әу дегенге жарамай қалдық па? Не болды? Жол қысқарсын!

-Жолдас!,-деді Иманай қатқыл үнмен,-Бұдан былай жұмысыма өзім барып, өзім қайтпақпын. Мені шығарып, күтіп алудың қажет жоқ.

-Бір нәрсе болды ма?

-Ештеңе!

Екеуі үнсіз  қалды! «Иманай, мен  сені жақсы көрем» деген сөзді естігісі келді Иманайдың. Бірақ, Жолдас та үн қатпады. Тек түсіндім дегендей, басын изеп, үнсіз көлігін айдай берді.

Сол күні Жолдас Дидардың палатасына келген жоқ. Иманай оны тіпті дәлізден де кездестіре алмады! Кейде мойнын созып, сыртқа қарап та қояды. Бірақ, Жолдас еш жерден көрінбеді.

-Жолдас дәрігер бүгін саған келмеді! Дидаржан, сенің де жүрегің ауырады ма? Мына, менің де жүрегім сыздайды! Білесің бе? Менің балам болғаныңда ғой, мен сені сондай мәпелеп еркелетіп, бағар едім. Әттең, менде бала жоқ, тіпті болмайды да? Ал, сен, оянатын болсаң, маған бала боласың ба?,-деп көзіндегі жастарын сүрткен Иманай, Дидардың қолын алды. –Жоқ, сен өз әке-шешеңнің сүйікті баласы болып қаласың, оны уайымдама. Мен тек, сендей балам болса деп,- деген Иманай тағы жылап жіберді. –Айналайын, тезірек тұра ғой!

Иманай Дидаржанды қимай-қимай кетті. Дидардың жұмулы көзінен бір тамшы жастың үзіліп түскенін байқамады да...

***  

Айжанның Астанаға келгеніне біршама апталар болып қалған еді. Қызын жоғалтқан кезден бері, өз өзін түсінбеген ол, ат басын Астанаға тіреп, осы жақтан әділдікке жеткісі келді, білем. Бірақ, қызының жанын қиып кеткен адам әлі табылмады. Ал, жалғыз күәгер, кіші қызы сөйлей алмай қалған. Тек кекештене кетіп, жылай береді. Астанаға келгендегі себебі де осы қызы, ең құрығанда мықты дәрігерлерге көрсетіп, бір нәтижесін алармын деп ойлаған. Айжан бұл жақта тұрақтап, тіпті жұмыс та тауып алғысы бар. Аманнан да ажырасып тынды. Осы айлар ішінде, қыздарының өлімі бұларға ауыр соққы болып, екі жақ бірін-бірі кінәлап, арты дау-жанжалға айналып, екі айырылысқан еді. Азын аулақ кіші қызына алатын алиментімен күн көріп жүрген Айжан, бұ қалаға еш қорықпастан келді. Қызымның өлімін ексе салатын жер, елден аулақ деп, жарқын болашағы бар Астанаға шомып кеткен. Қазіргі бар мақсаты, өз біліктілігінің арқасында жақсы жұмыс тауып, қызы Гүлденді емдетутұғын. Қызының еміне әкесі дебей жай қарамай, азын-аулақ тапқан табысының бір бөлігін салып жіберіп тұрады. Өзіне де, қызына да жеткілікті қаражат болған соң ба, Айжан, Астананың көз тартар әдемілігіне қызығып, күнде кештетіп қыдыратынды шығарды. Жәй алданыш деп қояды ішінен. Көңілім алдансын. Өз өзімді жұбатайын дегендей, қызын ала салып, Есіл бойын жағалап кетеді. Қызыда мәз, өзі де!

Осы күндері Айжанның бір байқап жүргені, Есіл бойындағы жағажайда үнемі бір жігіт жүреді. Көзін алысқа тастап, аспанға қарап, терең тыныс  алатын секілді көрінеді. Қасына баруға да ыңғайсыз! Ұқыпты киінгенгеніне қарағанда білімді азамат екені бірден байқалады. Тіпті қолдарына көз тастап еді, тырнақтары да  алынған, қолдары ақ саусақ. Қолында бір раушан гүлі бар. Оны алады да, Есілге қызыл-қызыл гүл жапырақтарын біртіндеп үзіп алып, лақтырып отырады. Айжан бір ақсаусақ әкенің баласы болса керек, өкпелеп жүрген деп топшылап, қасына бармас еді, Гүлденнің жүгіріп барып, жігіттің қолындағы гүлді жұлып алғаны себеп болды. Қыздың көзі қызылда дегендей, үзіліп жатқан гүлге жаны ашыса керек, Гүлден жігіттің қолындағы гүлді сұрағандай тартып алды.

-Балақай, бұлай сұрамай алуға болмайды!,-деп жымиды әлгі жігіт қызға еңкейе келе. –Гүл керек болса, сұра, мен беремін!

-Кешіріңіз, кешіріңіз, -деген Айжан жұлқына қызына қарап :-Елдің затын рұқсатсыз алма деп қанша айтамын. Неге тәртіпсызсің?,-деп дүрсе қоя берді.

Оның бұ қылығына шамданып қалған жігіт:

-Қойыңыз, бұл бала ғой, сірә гүлге қызығып, жаны ашыса керек. Қыз болған соң, гүлге қызығады! Бұлай ұрсуға болмайды, солай ма, балақай? ,-деген жігіт Гүлденнің басын сипады.

-Есімің кім?-деді артынша.

Гүлден үндей алмай, тек «ГГГ» деп келе жылап жіберді. Қыздың бұл қылығына таң қалған жігіт, анасына көз тастады.

-Кешіріңіз, менің қызым қазір кішкене сырқаттанып жүр еді! Сөйлей алмай қалды! Емделуге келгенбіз,-деп Айжан ақталып кетті.

-Сырқаттанып, қай жері сырқат, мен сырқат қызды көріп тұрғаным жоқ.

Жігіт қыздың басынан сипап, шашын ұстап, қолын көрді.

-Сіз түсіне алмассыз,-деді Айжан.

-Неге түсіінбеске, бұл қыз сырқат емес!

-Сіз дәрігер емессіз, қайдан білесіз?,-деп Айжан шамданды.

-Міне, сіз білмейсіз, ал,мен дәрігермін. Есімім Жолдас болады! Қызыңыз сырқат емес!

Өзін дәрігермін деп таныстырған соң, Айжан кішкене сабырға келіп, жұмсара бастады. Дәрігержің айтқанын заң деп қабылдайтын адам болған соң, қызының психологиялық ауруға шалдыққанын  айта алмады. Десе, де сырқат емес деген дәрігерді бірінші рет көріп тұрғандай.

-Айта беріңіз,-деді Жолдас артынша, үнсіз қалған Айжанға. –Сізді бірнәрсе толғандыратын секілді, және сол мәселе мына қызға тікелей байланысты сияқты. Дәрігер ретінде көмек керек болса, мархабат!

Айжан жылап жіберді. Болған жайтты айтып, үлкен қызы педофил деген аты жаман адамның қолынан қаза тапқанын, сол кезден кейін-ақ осы қызының кекештеніп, сөйлей алмай, жылай беретін ауруға шалдыққанын,жақында ғана ажырасып, осы Астанаға қоныс аударғанын айтып берді. Келіншектің көз жасын қосылап, Есіл де толқындай түсіп, жауын құйып кетті. Жауынның астында қалмауды ойлаған Жолдас Айжан мен қызын өз көлігіне салып, үйіне апарып тастады. Кетерінде, өзінің ауруханасына келу керектігін және қызын жазып емдеу оңай екенін айтып, келіншекті үміттендіргендей болды. Оған қуанған Айжан, келер күні таң атысымен Жолдастың ауруханасына қызымен бірге тартып тұрды.

Жолдас Гүлденге бір құшақ раушан гүлін алып келіпті. Қыз мәз болғаны соншалық, Жолдастың бетінен сүйіп алды. солбір жағдайдан кейін еркек атаулысынан қорқып, еркек сөйлесе жылап қалатын Гүлден Жолдасты өзінің ағасы, не әкесіндей қабылдап, қуанды. Қызының нұрлы жүзіне зер салған Айжан да Жолдасқа разы еді...

Ауруханадан Жолдасты кездестіре алмаған Иманайдың мазасы кетті. Жаңа ғана, терезеден Жолдастың бір құшақ гүлмен кіріп кележатқанын көріп, қуанып қалған еді. «маған алып келе жатыр» деп ойлады іштей. Дидардың бөлмесіне барып, біраз отырды. «қазір, қазір бір құшақ гүлімен кіріп келеді» деп сендірді өзін. «Дидаржан Жолдас маған бір тал раушан гүлін беріп жүруші еді, бүгін бүр құшақ гүлмен келіпті. Қазір, келіп қалар. Маған гүлін беріп қалар? Қалай ойлайсың, мен әдемі болып тұрмын ба?» деген Иманай ары бері үстіне қара, тазалықшы киетін киімін түзелеп, шашын да артына қайыра, реттеп қойды. Қалтасынан айнасын алып, бетін тағы қарап, бетін сипап қояды. «қазір келіп қалар». Бірақ Жолдас келмеді. Екі күннен бері көрінбеген соң, оның отыратын кабинетіне де бармақшы болды. Бірақ, өзі айтарын айтып алып, енді баруын ұят санап, аяғын тартты. Жүрегі бар десе, аяғы мен ақылы барма, қиянат деп тиісті. Жүрегі мен ақылы дауласып, ақылы бәрібір жеңгендей болды. «Жүрек, сен сүйсең, оның бақытты болғанын қалар едің. Ал, ол сенімен не бақыт тапсын. Әйел емессің, ана да бола алмайсың, Жесірсің» деген ақыл бәрібір жеңіп, Иманайдың аяғын байлап тастағандай болды. «сорлы, жүрек, көн енді».  «Көңілім, сап, көңілім»

Иманайдың көңілі пәстеніп, оянып келе жатқан құштарлық сезімін әмәнда бір жүк басып алғандай, ортан жолда ол өліп, енді сезімсіз күй кешетіндей тасыды кеп. Есілдің толқындарындай аз да ғана болса сүйіспеншілікке үйреніп қалғандай, бір сәттік ыстық сезімді жібергісі келмеді.

«Есіл ағады, есіп ағады» деп іштей шырқаса да, сыртында  сол Есілдің толқындары ашуланып, оның үстінде қайығымен жүзіп бара жатқан қайықшыны төңкеріп жіберетіндей көрінеді. Ескегін жоғалтып, қайда барарын білмей, өзен ағысымен ғана сапар шегіп кеткен диуана секілді сезінді өзін.

Ертесі күні Иманай терезеден тағы бір құшақ гүлімен Жолдастың келе жатқанын  көрді. Бұл гүл маған болмаса, кімге әкеліп жүр?Иманай құлыққа көшкендей, не де болса өз көзіммен көргім келеді! Ғашығын,-дегендей жұмысын тастай салып, аяғының ізін білдіртпей, Жолдастың кабинетіне қарай беттеді. Есігі кішкене ашылып қалса керек, ақырын сығалағандай болды. Бір сұлу келіншектің қолында жаңағы өзі күткен гүлдер тұр.  оның қасыныда кішкене қыз ойнап отыр.

-Әйелі бар екен демек, қызы да бар!. Иманайдың жүрегі қарс айырыла, жүгіре жөнелді.

-Мені алдаған екен. Ей, сорлы, бұл күнде кімге сеніп, кімге сенбеу керек екенін ұмытыпсың. Сендей әйелге кім қызығушы еді? Арман қуып кеткенің не? Ей, сорлы жүрек. Ал, тапқаның осы ма еді? Міне, көр енді қасіретіңді. Жөні жоқ, ойсыз ғашық бола саласың, артыңды пайымдамайсың. Осы ма саған керегі,-деген Иманай  көз жасын сығып жіберіп, Дидардың қасына келді.

-Дидаржан, неге тұрмайсың. Сенің әпке деген сөзіңді болсын естігім келген еді. Енді сен де менің жүрегімді жараламашы. Тұршы орныңнан. Мені қуантшы. Сені сондай жақсы көріп кеттім,-деп қолын алып жылады. Көзінен аққан жастар Дидардың қолына тамып, төсегіне жайылып жатты. Дидардың қолын ұстап ұйықтап кетсе керек, кешқұрым болғанын байқамай қалыпты. Дереу, жұмыс уақыты біткен соң, үйін қарай жиналды.

-Дидаржан, мен бұл жұмыстан кетсем деймін. Маған оның асыл жары, кішкене қызын көріп жүру ауыр тиеді. Оны іздеген жүрегім онсызда жылап отыр. Мен кетсем, оны ұмытармын. Сол үшін, енді бәлкім көрісе алмаспыз, сол үшін ертерек оянып, ата-анаңның қолына бар. Жақсы ма? Мен саған сенемін!,-деген сәтте, Дидардың қолы бұның қолын қысып жіберді. Селк еткен Иманай қолына бір қарап, Дидарға бір қарады.

-Дидар, сен сезіп жатсың ба? Дидар, Дидар!,-Иманай орынан атып тұра, дәрігерге қарай жүгірді. Дәрігер келе салысымен, Дидарды қарап, көздерін ашып тексергендей болды. Бірақ еш тіршілік белгісі білінбегендей болды.

-Бұл тек бұлшық еттердің жиырылуы ғой, ондай -ондай болып тұрады. Сіңір тартылғанда, қол-аяқ қозғалып, кейде көзі де ашылып кетеді,-деген дәрігер кері бұрылып шыға берді.

-Жоқ, Дидар сезіп тұр. Дидар жазылып келеді, мен сенемін. Солай ғой, балақай, сен көзіңді ашып мені көргің келеді ғой, солай-ма, саған сенемін. Көзіңді аша ғой,-деп жұбанды. Екінші мәрте қолы қимылдағанын сезбеген Иманай үйіне қарай кетті. Енді бұл жаққа келмейтініне сенімді еді...

Жолдас Гүлден қызға тым үйір болып алған секілді. Қызды қуандыру үшін, гүл беріп, балмұздақ, тәттілер алып келеді. Гүлден де анасын ұмытып, Жолдас дәрігермен күнді өткізгенді қалайды. Бала емес пе, көңіл бөлсе, бәрі де бала...

Түнімен аяғы сыздап, бастырмай шыққан Иманай бүгін кеш оянды. Тыз-тыз еткен буындары есеңгіретіп жібергендей, дел-сал күйде көзін әрең ашты. Басы қақсап жатқан сияқты. Орнына сүйретіле тұрған ол ас үйдегі дәрілер қобдишасын ақтара жөнелді. Қандай дәрі ішкенін білмейді, әйтеуір ауруы басылса дегендей болды. Кенет көзі терезеге түсті. Есік алдында Жолдас тұр. Қолында бір құшақ гүлі де бар. иманай қуанып кеткендеей болды да, артынан терезе пердесін жаба салды. «Болмайды» дейді іштей. Сырттан «Иманай» деген дауыс естілді. Пердені қайта ашқан ол, сыртқа қарады. Бері шықшы дегендей, қолын бұлғаған Жолдас, күліп, жымияды. Иманайдың аяғының ауруы сәп тиылып, көңілін қуаныш кернегендей болды. Не болса да өз аузынан естиін деген Иманай, киініп сыртқа шығып кетті.

Гүлін беріп Жолдас тұр. Екеуі де үнсіз. Көздері табысып, жүректерімен сыр шертіскендей болады.  Үнсіз түсінісіп, бір-бірімен келіскендей бастарын изеп, жымияды. Сонда Иманай ішінен:

-Өзімнен несіне жасырынам? Бұлт астынан жарқ етіп шыға келгендей, сен, жолықтың. Түнерген өміріме күн беріп, құшағымды қуаныш гүліне толтырдың. Бұл жүректің лүпілі, махаббаттың лүпілі ме екен, білмей далмын,-дейді. Оған жауап ретінде Жолдас та іштей сыр алып жатқандай:

-Сені алғаш көргенімде жүзіңіздегі мұңды қуанышқа толтырғым келген еді. Сенің нәзік жүрегіңде үлкен жүрек жатқанын сезіп, жүрегіңнен орын алғым келді. Бір-бірімізге көз астымызбен қараған сәтте, мына нәзік жүрек менің жүрегіммен бірге соқса дейтінмін.

-Бір жүрегін жерге жіберіп, өлместің күнін көрген, әлсіз жүрегім, салиқалы санам «Сені сүюге болмайды» дейді. Оған себеп те бар, мен сені бақытты ете алмаймын. Менің пошымым осы.

-Сен менің бақытыма жаралғандайсың. Мейлі кім не десе де, сүйген жүрек бәрібір дегенін істетпей қоймайды екен. Мендік болсаң етті...

Үнсіз сырласқан екеудің әңгімесін көшедегі көліктің шуылы бұзып жіберді. Түнімен жауған жауынның жиылған суын бұлардың үстеріне шашып кеткен көлік жүргізушісі, «Жол ортасында не тұрыс» дегендей көзін аларта, жүре жөнелді. Шалшық суға малмаңдай су болған екеуі күліп жіберді. Беттері айғыз-айғыз, киімдері лас. Бір-бірінің бетіне қарап еріксіз ыржияды. Екеуі де жас балаларша, әбден күлді.

-Жолдас, түріңді қара, тұсауы кесілмеген бала сияқтысың,-дейді Иманай. Артынша үйіне шақырып, киімін жуып алуын сұрады. Жолдас та келісіп, екеуі үйіне кірді.

-Үйде еркектің киімі жоқ, сол үшін саған тек сүлгі ғана бере аламын. Ал мына киімді қазір дереу жуып, кептіріп беремін. Оған дейін ұйықтап алсаң болады. Мен тамақ пісіріп қояйын, бүгінгі құтты қонақ аш қалмасын,-деді Иманай ұяла, Жолдастан көзін төмен салып. Үйіне еркек кіргізіп көрмеген Иманай біресе ұялып, біресе зыр жүгіріп не істерін білмей қалды. Жастайынан қызға қырық үйден тиым деп үйренгеннен соң ба, бөтен еркектің ашық денесін көру бұған ұятты іс еді. Өзінің Ерлігінің ғана денесін көре алған Иманайға кіндіктен төмен сүлгімен орап алған Жолдасты көру өте қатты ұятты іс секілді болды. Оның қысылғанын Жолдас та байқап қалып, денесін екінші сүлгімен жауып алды.

Көз көңілдің сырын шертеді дегендей, екеуі де ұялып, қысылыңқырап тұрса да, жас дене, жас жүрек ыстық демді аңсап тұрғандай, көз астымен бір-біріне қарап, терең демалып, алыстан –ақ бір-бірінің демін сезгендей болады. Әйел үшін әйелдік сезімді сезіне алмау өмірдің ең сорақысы емес пе? Әйел үшін пұшпағының қанамағанынан қандай өкініш бар бұ тірлікте. Әйел үшін ана атану, осы өмірге қыз болып келгеннен соңғы нағыз бақыты. Әйел деген, еркектің екінші жартысы болып, оны тыныштандырып, бір-біріне демеу болатын жан емес пе? Әйел деген, еркектің құмарынан шығаратын сиқырлы күшке де ие емес пе? «Адамның адамға  сәжде етуін әмір етер болсам, әйелдің күйеуіне сәжде етуін әмір етер едім» деген ғой Мұхаммед Пайғамбар да.  Әйел деген ана, әже, қарындас, әпкең, қызың. Әйелдің бақыты еркекте емес пе? Әйелдің қосағымен қоса ағарып, ұрпақ өрбіткенге не жетсін! Иманай бұның бәрінен мақұрым...

Махаббат құдіретіне кім қарсы тұра алған еді. Сезім дәмін сезінген адам, «Қой, қой» дегенге көне ме? Тынысты тарылтып, делебеңді қоздырады. Ал, ерлі зайыпты болып, сүйгеніңмен жаныңды елжірете құшақтасып, сыбырласып, жалынды деміңмен бірге тыныстап, ыстық-ыстық сөздер мен маңдайдан иіскеуден артық не бар? Иманайдың есіне ай астындағы сүйген жарымен құшақ алмасқан сәті түсті. Қандай тәтті сезім еді бұл дегендей ішінен бір күрсініп алды да, тамағын әзірлеуге кірісіп кетті.

«Еркек болсаң, қолыңда тұрған келіншекті бір құшарма ең» деп шайтан да Жолдастың құлағына  сыбырлап қояр емес. «Талдырмаш денесі, аппақ білектері, қобдырап тұрған шашы, кең етекті көйлек кисе де, тұла бойы денесі мен мұндалап шақырып тұрғандай, сұлу мүсін, сымбатты арқа. Сұлулық деп осыны айт» дегендей Жолдас та Иманайды көз астымен сығалап, іштей жеп бара жатқан сияқты. «Менің жарым болса игі еді» дегендей, «қаласаң жарың болайын, сені күнде құшуға әзір» деп өз өздігінен сөйлеп, шайтанының арбауына түсіп бара жатқандай...

Еркек пен әйел оңаша қалса, үшіншісі шайтан болады деген емес пе шариғатта да. Сол шайтанының арбауына салынды білем, Жолдас Иманайдың артынан келіп қапсыра құшақтап алды. Селк еткен Иманай, сезім сиқырына беріліп, екеуінің  құшақтары айқаса кетті....

Бүгінгі күн қуанышқа толып, аяғының сыздағаны ұмытылып, кешкұрым төсектен тұрмаған екеу өмірде бұдан да өзге тіршілік бар екенін ұмытқандай еді. Айқасқан құшақ, ажырасқысы келмей, күнәхар пенде болса да, бүгінгі күнді ешкімге бергісіз еді. Өздерін күнәлі сезінсе де, бірінің жүрегін бірі толықтырған қос ғашық  ештеңеге дес бермейтіндей. Өмір тек осылардыкі. Махаббат пен сезім тек екеуінде. Күнәхар болсам болайын, жанымды жадыратқан осы дегені де осылардың жүзінен көрінгендей. «Ей, күнәхар, арыңды сатқаның ба?»дегендей де, Иманайдың жүрегінде қуаныш пен бірге бір мұң бар еді. Екеуі айқасқандай, жүрегі шоқпар мен қылыштың жарқылындай, зырқ-зырқ етеді. «Ей, күнәхар, зинаға барғаның не?» дейді қылыш қынабынан шыққан бойда, жарқылдап. Оған шоқпар да дес берер емес: «Ұнаттым, сүйдім, бақытты болғым келеді» дейді шоқпар.

-Сен Иманай деген атыңды ұмыттың ба? Есіміңді әкең Иманды, арлы қыз болсын деп қойды емес пе? Әкең, сен өскенше осы сөздерді қайталап кетті емес пе?

-Көп жыладым, меніңде бақытты балуға лайығым бар шығар. Екі сүйген жүрек болар!

-Ерлігіңді ұмыттың ба? Оған адал боламын дегенің қайда?

-Ұмытпаймын, есімде. Тірі тіршілігін істемек. Ата-енем батасын берген-ді...

-Аллаңнан қорық! Зинақорлық-жаман жол.

-Түсінер, кешірер!

Екі қарудың өзінше есебі бар. Өзінше жөні бар. Бір-бірін түсініп қояр емес. Бұл екеуара сыбдырлар Иманайдың жанын жеп, жүрегін сыздатқандай. Бәрі мүмкін, бәрі алда дегендей, терең тыныс алды.

 

*** 

Кейінгі кезде аяғының ауырғаны қойып, Иманай бақытты күндер кешіп жүр. Дидарға да келіп, оның жанында отырудан жалығар емес. Әр сөйлеген сайын, Дидардың қолын қимылдатуы, оның да жақсарып келе жатқаны секілді көрінді.

Ал, Айжан мен Гүлден ше? Оның жайын да Иманай Жолдастан сұраған еді. Жолдас бар мән-жайды айтып, Гүлденді өзінің қызындай, қамқорлық танытып, емдегісі келетінін жеткізген еді. Содан кейін-ақ, Иманай да айжанмен танысып, Гүлденге де көңіл бөлетінді шығарды. Иманай Айжанмен танысқанда сол өзі келе жатқан пойызда, Қарағанды бекетіндегі келіншек пе қыз есіне түсті. Иа, иә, осылар еді. Айжан жылап келе жатқан қызына жекіп, олардың артынан күйеуі келіп, қызын құшақтап, бетінен сүйіп шығарып салғысы келді. Демек, сол кезде бұлар ажырасып кеткен білем. Гүлденнің әкесін көрмей жүргені Иманайды қынжылтты. Бала үшін ата-анадан басқа не керек? Мейлі бай болсын, мейлі кедей болсын, бала үшін басты байлық оның ата-анасы. Ана-анасының бірге тұрып, бір отбасында болғаны. Ал, Гүлден мен Дидар? Екеуінің жағдайы екі бөлек болса да, тағдырлары ұқсас. Екеуі де отбасының болғанын қалайды, дидар алыстағы ата-анасына оралғысы келеді, Гүлден алыстағы әкесін көргісі келеді. Екеуіне де әке махаббаты жетіспейді. Дидардың анасы дәрігерлерге хабарласып, мән-жайды ұғып тұрғанмен, әкесі бір көрінген емес. Әкесінің көп ішетінін, үйінде көп ұрыс керіс болатынын білген соң, Иманай Дидарға тіптен де бауыр басып кетті. Жаны ашығаннан ба, әлде өзінің аналық махаббатынан ба, белгісіз, Иманай Дидарды қатты жақсы көрді.Тағдырлары тоғысқан  балаларға керегі жылулық, махаббат, аналық, әкелік махаббат. Ал, Иманай, өзі ана бола алмаса да, солжылулық пен махаббатты Дидар мен Гүлденге  бергісі келді... Беріп те жүр.

Өмірге адам болып келгеннен соң, басыңа не түссе де, көрмей кетпейсің. Әр адам- бір тағдыр. Ешкімнің тағдыры бір бірінен ұқсап, қайталанбайды. Тек тоғысады. Бір-бірімен тоғысып, ары қарай жалғасын табатын тағдырлар. Иманның шарттарының бірі- осы тағдырға сенім арту екен. Пешенеңе жазса, қайда барсаң да сол, Қорқыттың көрі демек. Тағдырға разы болмай, өмірге разы болып, бақытты күй кеше алмайды екенсің... Иманай мен Жолдас, Айжан мен Гүлден, Дидар мен ата-анасы, тағдырлары тоғысқан соң, енді бір ауада тыныстап, алдағы күнді бақытты өткізе ме жоқ па, тағы да сол тағдырына сенім артады...

***

Көңіл

Күз. Қоңыр-қара алпауыт бұдақ бұлттар, біраздан кейін Астананы малмаңдай су ететіндей болып тұр. Аспаннан мысыңды басатын қара-түнек жауып тұрса да, Астана тайсалушы ма еді. Жарқ-жарқ еткен светтерін жағып, адамдарға көз қуаныш сыйлап жүр. Асыққан-тосырқаған жұрт. Асығады, әйтеуір асығады. Жауынға да қарап жатқан жоқ. Қоғамдық көлікке бірі отырады, бірі түседі. Жаурағаннан жылы киініп алып, жаздағыдай ашық-жарқын келбет қайтқан. Барар жеріне жетіп, жаңбырдың астында қалмау ниеттері.

Жаңбыр құйып берді. Тырс-тырс деп тамып келе, артынша бұрщақтатқан жауын елді зыр жүгіртті. Бәрі жүгіре-жүгіре, бірі көклігіне тығылып, бірі дүңгіршектерге, бірі аялдамаға кетіп, жол бойы адамсыз тыныштанып қалды.

Тарсылдаған бұршақтың астында жаяулатып, Есіл бойында, асықпай, аптықпай, басы салбыраған күйде бір жан келеді. «Мен бәрібір бақыттымын! Мен-бақыттымын» дейді күмбірлеп. «Есімім Иманай екені рас болса, мен бақытты болуға лайықпын. Мен-бақыттымын Астана».

Иманай бетін жауынға тосты. Бетіне тиген бұршақтардан қалқаланбады да.

-Мен бақыттымын, естимісің, Астана, бақыттымын,-деген Иманай жерге отыра кетті.  Еңкілдеп жылайды да күледі. Қайта жылап, тағы күледі.

Жауын саябырсып, арты ақ жауынға айналған соң, жүрістері байқала бастаған жұрт жерде отырған қызға мән беріп қарамады да...

Иманай бір сәтке болсын бақыт құшағына еніп, өзіне махаббат сезімін ендірген болатын. Жолдаспен жолыққаннан бері, сол бір күннен кейін, арман-қиялға беріліп, қыздай сұлуланып, алма беті жанып, көздері оттай лаулай бастады. Өз өзін әлдилетіпп, аялап, маңғазданып кететін. Теңселіп билейтін. Ерліктің қайтқанынан кейін, осылай теңселіп билейтіні бар еді. Ол кезде қайғының биі болса, қазір, бақыт, қуаныштың биіне ұласқан. Жолдастың сыйлаған қып-қызыл көйлегін киіп алып, теңселіп кеп билейді бір. Өзінің ұнататын сазды ырғақты вальсін қосып, сонымен бірге ыңылдап билейді. Кейде Жолдас келсе... Жолдаспен бірге де билеп көрген...

Сондай бақытты кезі.

Иманай Дидардың көзін ашуын қатты күтті. Өзінің баласы секілді, жанынан бір елі ажырамайтын. Анасымен хабарласып, мән-жайды айтып, уайымдамау керек екенін жеткізетін. Дидардың жанында отырған кезінде, оның анасының қоңырауы бір сәтке әлемді қақ жарғандай болды.

-Келе алмайтын болдым, Дидардың әкесі қайтыс болды,-деп еңіреген Амангүлдің дауысы Дидар жатқан бөлмені алып кеткендей болды. –Ішіп алып, сазға түсіп кетіпті,-дейді тағы. Амангүл үшін күйеуі қанша ішіп келіп ұрып, далаға қуса да, ол-отағасы. Балалардың әкесі. Амангүл әкесінің Дидарды бір барып, көңілін сұрап қайтуға шамасы жетпегеніне налитын еді. Енді міне, ол да жоқ. Бәлкім Дидар да әкесінің көңілін қалап, ұйықтап жатқаны сол болар. Ата-анасын көп күтті жарықтық. Телефон тұтқасын қойған Иманай, көз жасына ерік бере, Дидардың қолынан ұстап, сүйе берді.

-Жаным, балақай, әкең де кетіпті. Анаң жалғыз қалды ғой. Енді анаңа қамқор керек,  сен жігіт болдың.  Тез аш көзіңді, -деп  жылады. Дидар Иманайдың қолын қысып жіберді. Селк еткен Имнай Дидардың жүзіне қарап еді, көздері жарқ еткен Дидар, бұған бадырайған көзімен қарап жатыр екен.  Қап-қара көздердің өзіне соншалықты ұрынып қарап тұрғанын көрген Иманай, артқа қарай шалына жаздап, отырған үстелінен құлап түсті. Бірақ, дереу есін жиды.

-Балақай, Дидаржан,-дейді аузына сөзі түспей.  Орнынан түре келе, Дидардың бас жағына қарай барып еді, баланың қап-қара көздері бұның әр қимылын қалт жібермей, ары бері жылжиды кеп.

-Дәрігер, Дәрігер,-деп кеткен Иманай Жолдасты ертіп келді.

-Дидар көзін  ашты,-дейді тағы елпектеп.

Жолдас Дидардың қолының тамырын ұстап, көзін тексеріп, жүрек қағысын тыңдап болған соң:

-Бәрекелді, жігіт, қош келдің,-деді. Артынша Дидардың маңдайынан сүйді. Бастапқыда мән-жайды ұға алмаған Дидар біраздан кейін тілге келіп, Иманайды танығандай болды. Оның қолынан ұстап, жібергісі жоқ. Иманай да Дидардың анасындай құшағына алып, бетінен сүйіп, әбектеп жүр.

-Мен Иманай,танысамыз ба?,-дейді Иманай. Дидар басын изеді. –Мен сенің күтушіңмін!. Дидар Иманайдың сөзіне таңырқай қарап қалды да, басын шайқады.

-Сіз менің әпкемсіз,  сіз солай айтқансыз.

Иманай қорқып кетті.

-Қашан айттым?

-Алма бағының ішінде. Маған алма алып беру үшін ағаштың сонау үстіне шықтыңыз, сосын маған қып-қызыл алма лақтырдыңыз. Кейін екеуіміз қызыл алмалардан жедік. Сол кезде сіз маған «Дидаржан, сенің анаң бола алмаймын, бірақ әпкең бола аламын. Мені қабылдайсың ғой?» дедіңіз. Мен «Иә» деп сіздің мойыныңызға асылдым. Бірақ, әкем келетін де, сізді қуып тастайтын .Сіз ертең келемін деп кетіп қалатынсыз. Әкеме өкпелеп, мен алма ағашының үстіне шығып алатынмын. Бірақ, әкем ол жаққа шыға алмайтын еді. Мен қорқып, сол жерде отыра беретінмін. Сіз келгенде түсетін едім,-деді Дидар бала көңілмен түсін айтып. Иманай көзіне жас алып, оны білдіртпеген бойда, Дидардың маңдайынан иіскеді.

Дидар әңгімесін тағы жалғастырды:

-Бағана, сіз екеуіміз алма жеп, күліп отырғанда, әкем келіп қалып, алманы тартып алды. Біздің тартып алған алманы жеп еді, уланып қалды ма, жерге құлап, жер екіге жарылып, әкем сол жаққа кіріп кетті. Мен әкемді қанша ішіп келіп ұратын болса да, жерге көмілгенін қаламадым. Бірақ,енді оның келіп, біздің мазамызды алмайтынын білдім. Қатты қорқып тұрып, көзімді ашсам, алдымда сіз отыр екенсіз. Алма бағы осы бөлмеге айналып кетіпті. Және сіз, бағанағы Иманайдан да әдемі екенсіз.

Иманайдың жүрегі ауырып кетті. Бала ес-түссіз жатса да, әкесінің өлімін көріп, әкесі кеткен соң ғана көзін ашқаны ма? Осы уақытқа дейін ұйықтап жатқаны, әкесіне деген өкпе-ренішінен болды ма? Балаға ата-ана тарапынан көңіл бөлінбей қалғанының кесірі ме?

Ал, Гүлден ше? Оның да жағдай дәл Дидардың көңіліндей емес пе? Ата-ананың көңілі түспей, қу тіршілік деп, балаларын өздеріне қарсы қойып алып жатқандар қаншама. Содан кейін, ертең, қарртар үйіне келіп түскенде барып, бастарын шайқап, бала іздейді. Балаға деген көңіл, қашанда биік болуы тиіс емес пе еді? Иманайдың  жүрегі ауырып кетті. Мен ана болсам еді....

Кейінгі кезде Гүлденнің де «мама» деп айтып, «әке» дегені естіліп жүр. Бірақ «әкесін» өз әкесіне емес, Жолдасқа айтатын секілді. Мейлі, кімге не айтса да, Гүлден қазір қуанышты, мейірімді көздерімен қарайды. Дидарды да «Дидо» деп қояды. Жолдастың күндегі гүлі Гүлденді құлпыртып, ойнақшытып жібереді. Әкесі мен анасы бұл қызға қашан сыйлық алып, қуантқаны есінде жоқ. Ал,балаға керегі күнделікті ата-ананың қуанышы емес пе? Оларға еркелеп, сұрағанын алдыртқысы келеді. Гүлден мен қаза болған Гүлімге Айжан мен Аманның қарауға мұршасы болмады, білем. Ата-аналық міндет деп танып, ішіп-жем, киім-кешек алып бергендеріне мәз болысатын. Ал, көңіл ше? Қыздардың өсіп келе жатқан кезіндегі көңіліне кім қарапты. Көңілді қайдан іздемек? Сырттан ба? Сол сырттан келген жау емес пе, Гүлімнің өмірін қиып кеткен. Айжан қанша өкінгенмен, үлкен қызын қайтып тірілтіп алып келе алмайтыны анық. Қазір көңілі осы Гүлденде. Қайтсем де, Гүлденді сөйлетіп, Гүлімнің қанішерін табу дейді мақсаты. Иманайға айтқан сөзінде: «Мен әділдікке жетпей қоймаймын. Бәлкім біздің ауылдағылар бұл істі жауып қоя салған шығар, ал, мен ұмытпадым. Өмір бойы ұмытпаймын. Қызымды сөйлетіп, қанішерді табамын» дейтін. Сонда, деп ойлаған Иманай, «Қанішерді табуүшін, Гүлденнің көңілін жасандылықпен табукерек пе еді?». Бұны Иманай Жолдасқа да айтқан. Жолдас бұны құптады. Гүлден мен Дидарды ертіп Иманай Есіл бойында көп қыдыратынды шығарды. Үшеуі мәз. Сірә, сырттан қараған пенде, бұл үшеуін бір жанұя деп есептеп қалады. Күн салқындап, сырт киім киіп жүрсе де, тәтті балмұздақ та бұларды жауратар емес. Кейде, дәмханаға кіріп, «кәуәптан» асап жеп алады. Тырқ-тырқ күледі. Түсінеді. Жақсы көреді. Сүйеді. Өмірді сүйеді. Бақытты.

-Мен анама барғым келеді, бірақ сізді қимаймын,-дейді Дидар Иманайға көңілі түсіп.

-Барасың, жаным, әзірге дәрігер қарауындасың. Содан кейін сені өзім алып барамын,-дейді сондай кезде Иманай. Сол кезде, Гүлден де, «Дидосын» жұбатып, басынан сипайды да:

-Мммеен, әккеме ббарам,-дейді. Ол кезде Иманай Гүлденді де жұбатып:-Анаң жұмыстан босасын, сосын барасыңдар, қалқаш,-деп жұбатады.

Сол кезде Гүлден жарқын-жарқын күледі. Кейін томсырайып, аузын бұртиады:

-Ол жақта жаман аға бар!

-Қандай жаман аға?

-Гггүлімді ааалып кеееткен!

-Гүлден, сен білесің бе? Ол жаман аға сендерге не істеді?

-Ооол менің кккккалготкиімді шшшешкен.

Иманайдың жүрегі зырқ етіп, көзінен жас шығып кетті.

-Қалай шешті, әпкеңнің де ме?

-Гггүлім ммаммааға ааййтпа, әәәккем ұұрсаадыы,деді,-деп ұнжырғасы түскен күйде, бұртиып отырып алды.

-Ол қандай жаман аға, атын білесің бе?

-Жжжооқ, оолл жаман аағғаа, Гүүүллім еккеміз ққашққанда, ұұсттап алды. жжыласаң, ммилицияға ааайтам, әәкеңе ааййтам деді.

Иманайдың көзінен парлаған жас, еріксіз үстел үстіндегі кәуапқа тамып жатты. Ойпырмай, кішкене қыздың қиналғанын ай. Сонша безбүйрек болармысың? Кім болсаң да? Милициямен, қатал әкесімен қорқытып, қыздарды уысына түсірген екен ғой. Әр үйде, ата-ана балаға қамқорлық танытып, қызғыштай қорғап, олардың сеніміне кіре алса еді, бәлкім, әкесінен қорықпай, анасынан ұялмай, сенімді, кешірімді болып өсер ме еді. Өз әкесін сенімді адам деп көрсе, әкесі мен анасы бұл қыздарға көңіл бөліп, жылулық сыйласа, алғаш қыздар қорыққан сәтте айтар ма еді. Кім білсін? Иманай жылап Гүлденді құшақтады. Маңдайынан иіскеді.

-Енді саған ешкім тиіспейді!

Сол күннен кейін, Гүлденнің айтуы бойынша іс қайта қозғалып, Айжан Астана қалалық әділет басқармасынан бір-ақ шықты.  Әділет бар жерде, әділдік бар. Гүлімнің қанішері табылады дегенге бәрі сенді...

 

***

Жолдас пен Иманайдың арасындағы тосын махаббат орнағалы бері, Иманайдың жүзінен күлкі кеткен емес. Өткен өмірі ұмыт қалып, он сегізге жаңа келген жас қыздай, бір қызарып, еркелеп, жүрегі лүп-лүп етіп, аққудай аспанда шалқып, толқынмен жүзеді. Жанары жайнап, көзі күлімдеп, күннің көзі жалғыз саған түсіп тұрғандай, нұрланып, өскен көңілің жайдарланып, асқақтата әнді салып алып, артынша ду қол шапалаққа мәртебесі өсіп тұрғандай, бір күйді кешіп жүр. Жолдастың жұмысы деп, диссертация дей ме, кейінгі кезде Иманайға гүл әкеліп, күтіп алуын қойса да, Иманай үшін бәрі таң-тамаша.  Жолдастың жұмысына кедергі болмайын деп, оның көп мазасын алмайды. Дәмді тамағын пісіріп беріп, түскі ас, кешкі асын дайындап, әкеліп береді. Құдды бір, әйелі мен күйеуі секілді. Оған да себеп бар. Жолдас бір сөзінде, диссертация қорғалатын күні, сонаау ауылынан ата -анасы келетінін және өзін солармен таныстыратынын айтып, марқайтып қойған.  Содан кейін ақ, Иманай аяғын тік басып, түзі жүретін болған. «Сенің ана бола алмайтының мен үшін түк емес» дейтін. «маған сенің көңілің керек»... осы сөзге марқайған Иманай өзінің жақын арада келін болып түсетін күнін ерекше күтті...

 

Диссертация күні де келіп жетті. Аурухана дәрігерлері, басқа елден келген прфессорлар, үлкенді кішілі қызметтегі адамдардың бәрі жиылыпты. Жолдасты құттықтап, Иманай да соңғы қатардан орын алған. Қолында бір шоқ раушан гүлі бар. Жолдастың жетістігі үшін мәз.

Бірді-екілі ән шырқалып болған соң, диссертация қорғау үшін Жолдас ортаға шықты.

-Сіз білесіздер ме?,-деп бастады диссертациясын Жолдас. Жолдастың түр сипатынан қобалжу, ұялу білінбеді. Өзін еркін ұстап, менде де дәлел бар дегендей, көкірегін кере, тік тұр.  Ақ көйлегі мен мойнына тағылған галстугін қолымен түзеп қойды да, сөзін ары қарай ала жөнелді:

-Сіз білесіздер! Көңіл дегеніміз не?Айта аласыздар ма?,-дегендей залға сұраулы көзбен қарады. Жауап күткендей бірді екілі профессорларға көзін салып, басын изегендей болды. Ешкім жауап қатқан жоқ.

-Көңіл дегенді білеміз, бәріміз. Көңіл айту бар, көңіл қалу бар, көңілден кету мен көңілден шығу бар. Ақ көңіл мен көңіл кірі бар. Қамкөңіл мен тоқкөңіл бар. айта берсең, көңілмен байланысты дана қазақта мыңдаған сөздер кездеседі екен,-Жолдас біршама көңіл туралы дәйектер мен болжамдарды, қазақ мақал-мәтелдері мен қара сөздерін келтіріп, оны медицинада қалай қолдану керектігін айтып жатты.

-Білесіздер, менің диссертациям, осы көңіл тұрғысында болатын. Науқастың  науқас болған салдарын емдемей, оның себебін табу деп айтатынмын. Мұныммен Профессор Жасыков  келіспеді.  Дәлелде деді. Сонымен алты айға созылған менің тәжірибем негізінде, мен сіздерге бүгін көңілдегі өз тәжірибемнің нәтижесін көрсетпекпін. Қазір алдарыңызға үш адамды шақырамын,-деген Жолдас залды бір шолып шықты да, терең демалып:

-Иманай, Гүлден, Дидар,-деп тіл қатты.

Иманайдың жүрегі селт етті. «Бұндай нәрсе болмауы тиіс еді. Жолдастың тәжірибесіне біздің не қатысымыз бар?»,-дегендей жан –жағына қарайлай берді. Орнында отыра берген соң, Жолдас Иманайды нұсқап, тағы шақырды. Едің бәрі бұған қарап тұрған соң, амалы жоқ, орынан тұрып, Жолдастың жанынакелуге тура келді.

-Кешір!,-деп құлағына сыбырлады Жолдас. Иманайдың жанына Дидар мен Гүлден де келді. Екеуі де әдемі болып киініп алған. Иманайдың  үстінде Жолдастың берген қып-қызыл көйлегі бар. «Осы көйлекті мен диссертация қорғағанда киетін бол» деген сонда Жолдас.

-Міне, менің тәжірибенен өткен осы үш адам!,-деді Жолдас. Иманайдың көзіне жас үйірілгендей болды.Іштей өзін жеп барады. «Біз тәжірибе нысаны болғанымыз ба, мен ше, Жолдас мен ше?. Иманайдың жан айқайын ешкім байқап та тұрған жоқ.

-Үшеуінің тағдыры әр түрлі. Бірақ осы ауруханада тағдырлары тоғысқан еді. Мен көңіл бөлетін адам іздеп әуре болмай-ақ, өздері келді. Мәселен, Дидар,-деп Дидардың қасына барды.

-Бұл баланы улы бақа шағып, еркектік қуатынан айырылған. Ал, жалпы ес түссіз бірнеше ай ауруханада, менің қарауымда болды. Бұл балаға көңіл бөліп, ертегі оқып, өзіне жақын  тартып, оятып алған мына келіншек Иманай. Бұл жігітке ата-анасынаң көңілі жетіспеген. Әкесі қайтыс болған күні, бұл жігіт оянды. Қазір қасымызда!

Ал, мына қыз Гүлден. Белгілі бір жағдайлардан кейін сөйлей алмай қалған еді. Күнделікті көңілін аулап, гүл беріп, қуандырып, қамқор болдым. Сол қамқорлығымның арқасында, бұл қыз сөйлеп кетті.

Иманай,-деді содан кейін Жолдас. Иманай жалт қарады.

-Бұл келіншек аяғын мертігіп басатын еді. Өз өзіне қол жұмсағысы келіп, арты осындай мүгедектікке алып келген,-дегенде Иманай от болып, ашулы көзбен Жолдасқа қарады. Жолдас Иманайға көзін бұрмастан сөзін жалғастыра берді:

-Бұл кісінің де ауыр тағдыры көңілді қажет етті. Ол көңілді тапты. Қазір құлан таза айықты...

Иманайдың жүрегі сыздап кетті. «Айт, менің көңіліме кірген өзің екенін айт, естісін бәрі.» дегендей Жолдасқа сұраулы көзбен қарады. Жолдастың бұған қарайтын шамасы жоқ. Өз дәлелдерін келтіріп жатыр. Зал ду қол шапалақпен орындарына тұрғанда ғана, Иманай есін жиып жан-жағына қарағандай болды. Жұрт өре түрегеліп, Жолдастың қолын алып жатыр. Бүгінгі қорғалған диссертацияның мәні ашылып, адамдар көңілді күйде қол соқты.

Бір орнында қатып тұрған Иманайды ешкім елеген жоқ. Дидар мен Гүлденде қасынан табылмай қалды. Қызыл көйлегінің етегін бұмаждап ұстап алып, дір-дір еткен Иманайдың көзі сонадай жерде тұрған Жолдасты шалды. Бұған қарамаған ол, профессорлардың қолын алумен әлек болып тұр. Иманайдың басы сыздап, қолдары қалтырағандай болды. Аяғы да сыр бергендей ме, дызылдап ала жөнелді. Кенет бұны қағып өтіп кеткен сүйкімді бір бала «кешіріңіз» деді де, «Әке» деп тіл қатты.  Баланы көрген Жолдас оны көтеріп алып, бетінен сүйді. Баланың артынан бір қария мен кемпірі келе жатты...

Тарсылдаған бұршақ жауынының астында, Есіл жағасын бойлай, күздің қара суығын елемей, ақсаңдап, қызыл көйлекті бір келіншек келеді..                 2018жыл

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған