Адам қарады: 76 | Жарияланды: 2019-05-16 02:24:50

Ертегілер әлемінде

1. КЕСІРТКЕ мен ШЕГІРТКЕ

Қардың етегі қайырылып, жер қыза бастаған шамада ұясынан көтерілген Шегірткенің сайран шағы басталған уақыт болса керек. Айналада болса-болмаса балауса жетеді, бірінің сөлін сорса екіншісіне қонақтап әбден желіккен жәндік тойынғанын көтере алмас жағдайға жеткенде оған қапияда Кесіртке ұшыраса кетіпті. Тұрқы бір қарысқа жетер-жетпес, бояуы тақыр тектес ашаңдау жәндік ұзынша құйрығын бұлғаңдата Шегіртке отырған сояу шөптің түбіне жақындап:

- Уа, достым, қыстан қысылмай шықтың ба? – деп сұрапты аярлана жымиып.

- Не, қысылсам қырық жамау көрпемді жамап бермек пе едің? Ондай ойың болса қыста келмедің бе? – депті шегіртке ананың орынсыз сұңқылын жаратпай.

- Саған жаным ашығандықтан келер едім, бірақ сен қырық жамау көрпенің емес, қырық қабат тоңның астында жаттың ғой. Жарайды, өткенді қайтеміз, жазға іліктік қой, кел, ойнайық.

- Мен сенімен ойнамаймын.

- Неге? Мен соншама қорқыныштымын ба?

- Жоқ. Сен өтірікші сияқтысың.

- Қалайша?

- Қарның ашып тұрғанын жасырып тұрсың. Солай ма?

- Енді...

Кесіртке тұтығыңқырап қалғанда Шегіртке оны аяғандай сәл төменге түсе бастайды. Осыны пайдаланып қалмақ болған Кесіртке оған қарай жанталаса секіріп, жете алмағандықтан жерге домалаңдай құлағанда Шегіртке мырс етеді:

- Өзің бір шыдамсыз жәндік екенсің, сәл аялдасаң ауызыңа өзім барып топ ете түсер едім ғой.

Мынаны естігенде Кесіртке шынымен сеніп қалады.

- Онда мен көзімді жұмып тұрайын, сен түсе бер, жарай ма!

- Жақсы.

Кесірткенің шын ниетін енді білген Шегіртке қулыққа басады. Шөптің бойымен жоғары өрлей, қауіпсіз тұсқа жеткенде таңырқаған кейіпте ішегін тарта:

- Әй, мынау шынымен сұр жылан ба? Өзі неткен үлкен еді! – дейді дауыстай.

- Ә? Жылан дейсің бе? Қайда?! – дейді кесіртке апырақтай жан-жағына қарағыштап әрі үрейден дірілдей.

- Әне, ана бұтаның түбінен бері жылжып келеді.

- Өзі тым үлкен дедің бе?

- Иә, сені он орап алғандай екен.

- Онда мен жоғалайын!

Кесіртке жүгіре басып ұзай бергенде Шегіртке:

- Әй, дос, қайда қаштың, ойнамаймыз ба? – дейді соңынан айқайлап. Бірақ кесіртке мойнын да бұрмайды.

Шегіртке осы күннен бастап Кесірткеден бойын аулақ ұстауға тырысатын болыпты.

 

 

2. КӨЖЕК пен БЕЗЕК

Ін ауызынан басын қылтита жан-жағына қарағыштап, қауіптің жоғын байқағанда сыртқа қуана атып шыққан Безек* бұдан әріде жер шолуға ыңғайланғанында арт жағынан әлдене тысыр ете түсіп, содан шошынған жәндік әлгіндегі шыққан жеріне қайтадан зып етіп кіріп кетіпті. Сонсын іште сәл аялдай қорқынышын басып, құлағына басқа тосын дыбыс шалынбағаннан кейін жасқаншақтай қайтадан жоғарыға көтерілгенінде сонадайдан әлденеге елеңдеген Көжекті көреді. Ол да әлдекімнен қорыққанынан бүктетіле зытып ала жөнеліп, ақырында соңында қуғыншы жоғына көзі жеткенде ентік баспаққа аялдаған сыңайда екі иығынан дем алып тұр екен.

- Көжек, а, Көжек, сен не, бірдеңеден шошынып қалғансың ба? – деп сұрайды Безек өзінің әлгіндегі әлсіздігін жасыра дауыстап.

- Жо-о-ға, кімнен қорыққандаймын... Жәй, әншейін... кешкі табиғатты қызықтап тұрғаным да, - дейді Көжек сыр бермегенсіп.

- Табиғатты қызықтап?.. Оны күнде көріп жүрген жоқсың ба?

- Сен кешегі мен бүгінгіні салыстырма. Өзің қарашы, айнала керемет емес пе!?

Безек біресе оң жағына, біресе сол жағына секек-секек ете бұрылып барып тоқтайды. Шынында бүгін маңай өзгеше құбылып тұр екен.

- Онда табиғатты бірге тамашаласақ қайтеді, ә? – дейді мына көрініске таң-тамаша болған Безек.

- Әлбетте! «Жақсыны – көрмекке» деген бар ғой. Олай болса, сұлулыққа жалғыз-жарымдап емес, екеулеп тамсансақ несі айып.

Ауада үп еткен жел білінбейді. Күнұзынғы аңызақтан зәрезап болған жәндіктер енді-енді жасырынған жерлерінен шығып, нәпақаларын айыра бастапты. Әне, ана тұста бір дөңкиген қоңыз тезек қалдығын домалатып бара жатса, сәл қиысында құмырсқалар көші ерсілі-қарсылы сабылып жүр.

- Шынында ғажап көріністер! – деп таңырқайды Безек, - Егер ойланар болсаң – тіршілік дегенің бір сәт те дамылдауды көтермейтін қозғалыс екен-ау!

- Әрине, қозғалыс.

- Егер сәл кешіксең бәрінен құр қалғандайсың ғой. Солай емес пе?

- Оған таласым жоқ.

- Әлгінде, тысырдан шошынған қалпымда ін ішінде қалып қойсам мынаның бірін де көрмеуім мүмкін еді, ә...

Безек ақиқатты ашып қойғанын түсіне тілін тістей қалғанында Көжек күліп жібереді:

- Несін жасырайын, ойда-жоқта сусып кеткен құмнан секем ала мен де безіп ала жөнелгенмін. Сөйтсем, оным - секектеген сенің аяғыңнан сусыған құм екен-ау, білсемші...

Мынаны естігенде Безек жерге аунай сықылықтайды.

- Ой, ішегім-ай! Пай-пай-ой, батырлығымызға болайын! Сырт жағымнан тысыр еткен не дыбыс десем, менен қорқып зытқан сенің дүбірің екен ғой! Бәсе деймін-ау, бәсе, мына ен далада қапияда пайда болар қандай аждаһа бар еді...

Сол күннен басталған Көжек пен Безектің достығы өмір бойы жарастығын жоғалтпағанына сеніңіздер.

---------------------------------

*Безек – Қосаяқтың баласы.

 

 

3. АЛАБАЙ мен ДАЛАБАЙ

Ертеде шалғайда мал баққан бір малшының екі иті болыпты. Оның бірін – Алабай десе, екіншісін – Далабай деп атапты. Алабай – тұрқы ірі, мойны жуан, өзі өте күшті де, Далабай тәпелтек, сида, сыпсың ит екен. Олардың мінездері де дене бітімдеріне сай қалыптасқанға ұқсайды: Алабай салмақты әрі аңғал болса, Далабай сақ әрі жылпостау болып жетіліпті. Осынау айырмаға қарамастан бірінің кемшілігін екіншісі толықтырып, олар иесінің талабынан шығып отырғанға ұқсайды.

Негізінен Алабай қора маңынан көп ұзамай, анда-санда түздің ит-құсына сес қыла бір «Әуп» деп үріп қойып ұйықтағанды жақсы көрсе, Далабай жыра, сайларды қуалай ауылдан ұзап шығып даладағы тышқан, сарышұнақтарды аулай уақытын өткізуді әдетіне айналдырыпты. Иесінің оның атын Далабай деп қоюының сыры осында жатса керек.

Бірде, тағы да ұзап шыға, сарышұнақ інінің аузын бағып отырғанында, өзін үш қасқырдың қоршап алғанын ол байқамай да қалады. Тек аналар азу тістерін ақсита ырылдап, енді шабуға оқталғандарында мына құрсаудан құтылмасын сезе айлаға басуды қаперіне түйеді. Сондағы бар тапқаны, шалқасынан жата қалып «Ал, тойсаңдар жеңдер! Ал, тойсаңдар жеңдер!» деп айқайлай беру екен.

Ол заман мен бұл заманда опыр-топыр қарсыласпай, не жанталаса қашуға тырыспай беріле салар, «тойсаңдар жеңдер» деп өз еркімен сұлай кетерді көрмеген ана үш қасқыр әуелгіде абдырайды.

- Мынауың жарымес біреу шығар, - дейді бірі таңырқай.

- Дәу де болса – ауру, - дейді екіншісінің де көзі атыздай болып, - Әйтпесе «мені же» деп осылай ашылып-шашылып жатар ма еді...

Үшіншісі де гүр етеді:

- Қорқауға жем болудың қорқынышын білмеген иттің иттігі шығар мына жатысы. Бірақ, бәрібір жейтініміз анық.

Олар осылай тұрғандарында Далабай жерден басын көтере бере сұңқылдап ала жөнеледі:

- Неге етімнен ет жұлып алмай тұрсыңдар, ә? Әлде үшеуіңнің жұмырыңа жұқ болмайтынымды түсіндіңдер ме? Олай болса, мен сендерге отардан семіз бір қойды ертіп келейін. Екеуімізді қосып жәукемдесеңдер, бәлкім, тояттайтын шығарсыңдар. Солай ма?

Мына ұсыныс ұнаса керек үш қасқыр жарыса бастарын шұлғысады.

Әріде Далабай желе-жортып отырып Алабайға жетіп, жағдайды баяндайды және ананың өзімен еріп қасқырларға баруын өтінеді.

Мынаны естігенде Алабай:

- Сонда мені қой орнына құрбандыққа шалмақсың ба? Оның бола қоймас! – дейді ыр етіп, - «Кезеген аяқ боқ басар» деген сөзді саған талай айтқанмын. Ендеше, өзің шырмалдың, сол шырмаудан өзің шығуды амалда.

Ол қайтадан қалғуды ойлап көзін жұма бергенде Далабай күрсініп қалады.

- Жарайды, маңдайыма жазылғаны осы болса оны да көріп алайын. Тек, өкініштісі, күні бүгінге шейін азулымен дос болдым ба десем, жоқ, ұйқыдан өзгені білмейтін маубас әрі көлеңкесінен қорыққан боркемікпен қатар жүріппін-ау...

Кетуге бұрыла бергенде Алабай:

- Әй, тоқта! – деп шаңқ етеді, - Әй, бозөкпе, сен мені «көлеңкесінен қорыққан боркемік» дедің бе? Мен сені...

Тұтыға жатқан орнынан атып тұрады:

- Кәне, баста! Үшеу болмақ түгілі он үш болса да көрейін оларды!

Қулығының тағы да кәдеге асқанын көрген Далабай Алабайды бөрілер қалған жерге бастай жөнеліпті.

Екеуі межелі тұсқа жеткенде Далабай серігін бір бұтаның тасасына жасырып, өзі қасқырларды шақырады.

- Қасекелер, оу, Қасекелер, мені тоса-тоса тағаттарың таусылды ма? Кешігейін деп кешіккен жоқпын, мына қой дегенің нағыз қасақының өзі екен ғой. Сендерді сыйламағаны ма, табандап алға жылжымай әлегімді әбден шығарды, бәтшағарлар. Өздерің тезірек келіп осы жерде жәукемдей салыңдаршы, тәбеттерің ашылғырлар!

Мынаны естігенде күнұзын аш жүрген бөрілер бірін-бірі кимелей алға ұмтылысыпты. Дәл сонда алдарынан шыға келген Алабай оң жағынан жеткенді оңға, сол жағынан тақалғанын солға тістей лақтырып, айналаның шаңын қағыпты.

Сәл өткенде үш қасқыр жараларын жалай қыңсылап үш жаққа қашып бара жатады. Мұны көргенде Алабай:

- Ал, Далабай, бауыр, енді не дер екенсің!? – дейді мақтана.

Серіктесі жымысқылана жымияды:

- Не деуші едім? Аңқаулығың әлі қалмаған екен деймін де. Әйтпесе, сүйегі сүйегіне ілінген үш тырықты жеңдім деп айдалада күпінбес едің ғой...

- Мынау тағы не оттап тұр-ей?!

- Не естісең сол, серіктесім.

Алабай бассалмаққа ұмтылғанда Далабай жалт бұрылған бойы қаша жөнеледі. Бір жағынан ойнап, екінші жағынан ананың қуып жете алмайтынын білгендігінен қашқаны да...

 

 

4. ТОРҒАЙ мен ТОҚЫЛДАҚ

 

«Биіктерге самғаймын,

Қиырларды шарлаймын.

Тілін алам жақсының –

Мен ақылды Торғаймын».

Ертеңгілік ұясынан әндете ұшып шыққан Торғай көк бұйра тоғай шетіне іліккенде «тоқ-тоқ» еткен ерекше дыбысқа елеңдей құлағын түреді. Сөйтсе, жуан діңге жабысып алған бір құс ұзынша тұмсығымен ағаш қабығын дамылсыз шоқып отыр екен.

- Әй, мынауың не? Тұмсығыңды бұзып алсаң аштан қатуың мүмкін ғой, - дейді анаған жаны ашый, оның жанындағы бұтаққа қона беріп.

Бейтанысы шоқуын сәлге тоқтата бұған таңырқай қарайды.

- Мені танымайтын өзің қайдан келген керемет едің, ә?! Біле-білсең мені асырайтын осы кәсібім емес пе! Ендеше мазамды алмай жөніңе жүр, айналайын.

- Асырайтын деймісің? Сонда қатты діңнен не тапқандайсың? Одан да жұп-жұмсақ, тәп-тәтті құрт, құмырсқа ұстасаңшы.

Анау ащы мырс етеді.

- Ақылының түрін... Сол «жұп-жұмсақ, тәп-тәтті құрттарың» мына қабықтың астында жатқан жоқ па! Оның үстіне...

- «Оның үстіне» немене?

- Мен мына ағаштың сауабын аламын.

- Қайтіп?

- Уақытынан ерте шіруден арашалап. Мысалға, ағаш өзегіне құрт түссе түскен жерін кеміріп жеп қояды да дің солады. Ал, дің солса бұтақ, жапырақтары қурап, терек, қарағайлар тірлігінен айырылады. Ендеше, оларға неге қамқорлық жасамасқа. Солай емес пе?

Торғай таңырқайды.

- Оны білмеген едім.

- Енді біліп жүресің.

- Әрине білетін боламын. Басқаларға да айтамын.

- Міне, мұның енді ақыл.

Бейтанысы қайтадан жұмысына кірісуге ыңғайланғанында Торғай тоқтатады:

- Сонда сені басқаларға кім деп таныстырамын?

- Тоғайдағылар мені Тоқылдақ дейді.

- Мен Торғаймын.

- Бәрекелді! Ал, қайыр хош!

- Сәттілік!

Торғай енді бөгелмейді, Тоқылдақтың жақсы ісін жарнамалау үшін қанат қаға әндетіп бара жатады:

«Іс тындырған пайдалы,

Тоқылдақты таныңдар.

Тоғай түлеп жайнады,

Таза ауаға барыңдар».

 

 

Қазақ тілінде жазылған