Адам қарады: 176 | Жарияланды: 2017-05-02 03:00:59

Серт

  Киносценарий

1.   Кешкі сая бақ. Шыр көбелек айналған карусельдер мен тербетілген әткеншектер. Дәурен тағатсыз әлдекімді күтіп тұр. Асыға басып келе жатқан Айгүлді көргенде, қарсы ұмтылып, қолынан ұстай алды:

   --Айгүл, Айүлім менің! Сағындым ғой әбден. Осынша кешіккенің не?—Қапсыра құшақтай алып, кеудесіне қыса берді.

   --Мен де сағындым, Дәурен. Қанат байлап ұшып жеткенім осы болды.—Айгүл де Дәуреннің құшағына ене берді.

   --Жаным, Айгүлім, өзіңдей айнымас серік, сенімді дос тапқаныма бақыттымын. Ей, кең әлем, ей, көк аспан, естисіңдер ме, мен бақыттымын! Мен ең бақытты адаммын!

   --Жаным, Дәурен, мен де шын бақыттымын. Бірақ сен сияқты аспанға да, жерге де жар салып айғайламаймын. Тек саған, өзіңнің құлағыңа ғана сыбырлап айтамын. Құлағыңды әкелші. Дәурен, мен бақыттымын, естисің бе, бақыттымын! –Дәуреннің құлағына сыбырлағаны сол, Айгүл таңдана дауыстап жіберді.--Қара мең?! Дәурен осы уақытқа дейін қалай байқамағанмын, сенің құлағыңның түбінде қара мең бар екен ғой. Қандай әдемі. Жаным, рұқсат етші, әдемі меңіңнен бір сүйейін.           

  Еркелей ұмтыла берген Айгүлден Дәурен жорта қашқандай сыңай танытты.--О- о, сұлу бикеш, тоқтаңыз. «Асатпай жатып құлдық деп».. Бұл әдемі меңді сұлу қыздардан сіз ғана көрдіңіз. Ең соңғы көрген де сіз болып қаласыз. Сондықтан алдымен көрімдігін беріп қойыңыз. Сонан соң қанша сүйсеңіз де еркіңіз.

   --Қалағаныңды ал, Дәурен. Жанымды алсаң да разымын. Тек бір сүйіп барып өлсем болды.

   --Жаным-ау, сенің жаның менің жаным емес пе? Ал, біз бақытты да, ұзақ өмір кешуге жаралғанбыз. Сондықтан ақша бетіңнен, жо-жоқ, ерніңнен, ия, үлбіреген ерніңнен бір сүйгізсең, соған да разы болар едім.

   --Әй, қу-ай! Соған да разы болар едім деп мүләйімсиді ғой. Одан гөрі жанымды бергенім әлдеқайда жақсы еді ғой. Енді..

   Осы кезде Дәурен шалт қимылдап Айгүлдің ернінен сүйіп алды.

   --Ту-у, Дәурен, не болды сонша? Өзіңде ұят бар ма? Енді маған да кезек бермейсің бе? Кәні жаңағы әдемі мең? Қара ме-е-ең, қайдасың? О, міне, міне таптым.  Енді менен қашып құтыла алмайсың.—Айгүлдің де ыстық демі Дәуреннің құлағын шарпи берді.

   --Ту-у демің қандай ыстық еді. Күйдіріп жібердің ғой. Болды, болды. Бір-ақ рет сүйем деп едің..--Дәурен тағы да жорта басын алып қашты.

   --Кешір, Дәурен, енді бұлай етпеймін.—Айгүл тез бойын жиып алып шегіншектей берді.

   Бұлай болар-ау деп ойламаған Дәурен Айгүлді құшақтай алды.--Айгүл, Айгүл саған не болды? Менің әзілдеп айтқаныма өкпелеп қалдың ба? Сүйе бер,  қанша сүйсең,  сонша сүй...   Тек, тек ренжи көрмеші, жаным.

   --Жоқ, Дәурен, мен оған емес..Бұл тіптен басқа нәрсе... Мен... мен былай..—Айгүл көкірек жара күрсініп салды.

   --Айгүл, саған не болды? Неге күрсінесің? Манадан бері байқап тұрмын. Қанша білдірмеймін десең де, жүзіңде әлдебір толқу бар секілді. Қуаныш нұры ма, әлде реніш сызы ма, оны айыры алар емеспін. Жаным, жасырмай айтшы. Не болды саған? Сен үшін неге болса да дайынмын. Қандай қиын, қандай ауыр болса да көтеруге дайынмын.

   --Рахмет, Дәурен. Бірақ... бірақ, бұл өзім ғана көтеретін ауыр.

   --Жоқ, Айгүл, біз бұлай келіскен жоқпыз. Қандай ауыр болса да бірге көтеріп аламыз дегеніміз қайда? Мен де көтеруге тиіспін. Мен де ...

   --Көтеруге тиіспін дейсің бе? --Айгүл сықылықтай жөнелді.

  --Айгүл, мұның не сенің? Мен неге көтеруге тиіс емеспін? Түсіндірші... Түсіндіріп өлтірсеңші, жаным-ау...

   Одан сайын сықылықтаған Айгүл күлкісін әрең тежеді.--Жарайды, түсіндірейін. Әдемі меңі бар құлағыңды бері әкелші.--Әлденені сыбырлады да, қайта сықылықтай жөнелді.—Ал, сен болсаң, мен де көтеремін, мен де көтеремін деп қоймайсың кеп..

Ахахалап күле жөнелген Дәурен кенет кілт тоқтады.--Не дейсің, Айгүл? Сен шын айтып тұрсың ба? Жоқ, мүмкін емес. Олай болуы тіптен мүмкін емес. Бала, сәби... Жоқ, жоқ, Айгүл...

   --Дәурен, сен не?... Қуана ма десем ?... Түсінбедім ... Әлде сен баладан ... баладан..--Әлденеден секемденгендей Айгүл шегіншектей берді.

   --Айгүл, сен қалай түсінбейсің? Сонда алға қойған мақсатымыз қайда қалады? Сен де, мен де тұл жетімдерміз. Қорған, сүйеу болып қол ұшын берер ешкіміміз жоқ. Қалаған оқуымызды бітіріп, армандаған аспирантураға енді түстік пе дегенде... Өзің ойлашы, басшы боларлықтай білім алып шықпасақ, қалтасы тесік екі жетім кімге керекпіз? Өзіміздің қарнымыз тоймай жүріп, баланы... баланы қайтіп асырамақпыз? Айгүл, арманның ең биік шыңына да қол ұстасып бірге шығамыз дегеніміз қайда? Сол шыңға қол созым ғана қалғанда жолымыз  екіге айрылмақ па? Айгүл, жалынамын, жүрші менімен бірге. Ұсташы менің қолымнан. Шығайық армандаған биігімізге.  Өз нанымызды өзіміз тауып жеп, қосылайық елдің қатарына. Ал, бала... бала деген сонан кейін-ақ...

   --Жоқ, Дәурен. Сен не айтып тұрғаныңды білесің бе? Сонда...  сонда мансабымыз жолында өз туған баламызды құрбан етпекпіз бе? Әлі жарық дүниені көрмеген тіршілік иесінің не жазығы бар?

   --Айгүл, мені дұрыс түсінші. Менің айтайын дегенім, баладан бұрын өзімізді...

   Айгүл сөзді бөліп жіберді:--Дәурен, мен сені жақсы түсіндім. Түсінгенім сол, енді екеуміздің жолымыз ешқашан түйіспейді екен. Саған тағар титтей де кінәм жоқ. Бәріне де кінәлі бір өзім... Сенің аспирантураңды ойдағыдай бітіріп, дисертациялық жұмысыңды қорғап, атақты ғалым, дәрігер атануыңа, дәулеті асып-тасқан байлардың бірі болуыңа шын жүректен тілектеспін. Ал, баланы... баланы тірі тұрсам қалай да жарық дүниеге әкелемін және оны аналық махаббатыма бөлеп, мейірімді де қайырымды азамат етіп өсіремін деп серт беремін. Қош бол, Дәурен.—Жанарын ыстық жас жуған Айгүл тез-тез басып Дәуреннен алыстай берді.

   --Айгүл, кетпеші, жалынамын. Айгүл, кетпеші.—Айгүлдің соңынан жүгіре бере кілт тоқтай қалған Дәурен, көзі жасаурап  күбірлей берді:--Кетпеші, Айгүл, кетпеші. Мені тастамашы....

                                         

  2.   Саржанның үйі. 35-40-тар шамасындағы Саржан мен 25-30-дар шамасындағы Сәлима көңілді шүйіркелесіп, шай ішіп, тамақ жеп отыр.

   --Сәлен, кейінгі кезде тамақты тым аз ішетін болдың. Өзің әбден азып кеттің. Бұл болмайды ғой. Ана деген тамақты көбірек ішу керек. Өзі үшін де, бөпесі үшін де. Мүмкін, көкірегіңнен сүт шықпай  жүргені де содан шығар? Асап-асап жесейші. Кәні-кәні, ауп..—Саржан қасық толы тамақты Сәлиманың аузына сала берді.

   --Ауп..—Қос қолымен Саржанның қолынан ұстай алып, қасықты жұтып жіберердей сыңай танытқан Сәлима еркелей күліп тамақты жей бастады.—Жаным-ау, сен маған бүйтіп тамақ бере берсең, мен семіріп кетпеймін бе? Ал, семіріп кетсем, халықтың алдына қайтіп шығам? Ол жағын да ойлауымыз керек қой.

   --Сәлен, жаным-ау, осы елдің алдына шығып жүрген талай қыз-келіншектерді көріп жүрміз ғой. Олардың жанында сен деген тал-шыбықтай бұралып тұрған жоқсың ба? Бұрынғыдай желкілдеген қыз емессің. Баласы бар келіншек сәл-сәл толық болмаса, тағы жараспайды ғой. Енді, ешкім де сен екеумізге мін таға алмайды. Құдайға шүкір, сен аяулы ана, мен әке болдым. Ұлымыз бар.. Құдай қаласа, қырқынан шығарып..

   Осы кезде қума бөлмеден нәрестенің жылаған даусы естілді. Жаңа ғана шат-шадыман көңілді, күліп отырған Сәлима демде қанын ішіне тартып, сұрланып сала берді. Орнынан құлықсыз тұрып, Саржанға оқты көзін қадап біраз тұрды да, қума бөлмеге кіріп кетті. Саржан қолымен маңдайын тірей, мұңға бата ойланып отырып қалды.

   Сәлден соң жылаған нәрестенің үніне қоса Сәлиманың да шаңқылдаған айғайы естілді:--Өшір үніңді, үнің өшкір. Үнің қашан өшіп, қашан тыныш ұйықтар екенмін?

Нәресте жылағанын қояр емес.Қайта үдете түсті.

   --Әй, үнің өшкір. Өшіресің бе үніңді, жоқ па? Ал, ендеше. Ал, ендеше.. Өле қал.

   Соған дейін қос қолымен құлағын басып, іштен тынып отырған Саржан одан әрі шыдай алмай, қума бөлмеге кіріп барды. Бесікті қатты тербетіп отырған Сәлима Саржанды көріп, одан да қатты тербете бастады.

   --Сәлен, саған не болды? Кішкентай нәрестенің жүрегін ұшырдың ғой. Оның қандай кінасы бар?—Саржан Сәлиманы тоқтатпақ болып, қолынан ұстай берді.

   --Жоқ, сенің өтірігіңе де, бұған да әбден тойып біттім. Сен уәде бермегенде, мен мұны өмірге әкеліп, осынша азапқа түспес едім.—Сәлима қатты тербеткенде, бесік аударылып түсіп, нәресте шарылдай жөнелді.

   Саржан жанұшыра бесікті тұрғызып алды:--Сәлен, саған не болды? Не, есіңнен адастың ба?

   --Ия, есімнен адастым. Мен есімнен адастым, Саржан. Маған баланың керегі жоқ. Бала деп өз аяғымды өзім тұсай алмаймын. Мен өнер адамымын. Мен халықтың адамымын. Мен.. мен халықтың көз алдында болуға тиіспін. Мен уәдемде тұрып балаңды туып бердім. Ал, сен еркек бола тұра, уәдеңді орындай алмадың. Енді, балаңды не қылсаң, ол қыл. Маған уәде бергендей біреуге бақтырасың ба, бересің бе, жоқ әлде жетімханаға өткізесің бе, оны да өзің біл. Ажырасам десең де еркің. Мен бұдан әрі шыдай алмаймын, білдің бе, шыдай алмаймын.

   Тағы да бесікке ұмтыла берген Сәлиманы Саржан қапсыра құшақтай алды:--Жарайды, Сәлен, мен келістім. Бүгінге дейін уақыт өте келе нәрестеге бауыр басып, аналық мейірімі оянар деп үміттеніп келіп едім, олай болмай шықты. Амал қанша, ертең барып ауылдағы қарындасыммен сөйлесемін. Ол баланы алуға келіседі. Оған сенімдімін.— Саржан жанарына келіп қалған ыстық жасты көрсетпеу үшін басын төмен салып, бөлмеден шыға жөнелді.

   Айтылған сөзге сенер-сенбесін білмегендей қалт тұрып қалған Сәлиманың көзінде әлдебір қуаныш ұшқыны жылт ете қалғандай болды.

                                                           

3.       Сая бақ. Айгүл асыға басып, ағыл-тегіл жылап келеді, сөйлеп келеді:--Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес еді ғой. Өз жанымнан да артық көрген Дәуренім бұлай етер деп тіпті ойламап едім. Мен.. мен оны қуанатын шығар деп ойладым ғой. Ал, ол.. ол болса.. Ол болса, өз баласынан бас тартты. Енді не істеуім керек? Не істеуім керек? Өз басымды  асырай алмай жүріп, баланы.. баланы қайтіп бағып-қағып, өсірмекпін? Әлде.. әлде Дәурен айтқандай, баланы.. баланы.. Жоқ, жоқ, мен олай ете алмаймын. Мен.. мен баланы қалай да өмірге әкелуім керек. Солай, кішкентай бөбегім, мен сені жарық дүниеге әкелемін. Қалай да. Қиналармын, тарығармын, жылармын, бірақ, сен жарық дүниені көруге тиіссің, бөбегім. Өзім өліп кетсем де, сен жарық дүниеге аман-есен келуің керек, бөбегім.—Айгүл қол сөмкесінен беторамалын алып, көз жасын сүртті де, жүзі қатулана тез-тез басып жүріп кетті.

         

 4.     Ауылдағы Жамалдың үйі. Біраз тұрып демін басқан Саржан батылсыздау есікті қақты. Іштен шыққан 35-40-тар шамасындағы көрікті әйел Саржанды көріп таңданып қалды.:--Саржан?! Бұл сен бе? Қайдан жүрсің? Ал, кәні, үйге кір.

   --Жоқ, Жамал, асығыспын. Осы жерде-ақ.. Менің келген себебім.. келген себебім, мен ұлды болдым.

   --Ұлды болдым дейсің бе?—Жамал естен танғандай сілейіп қалды да, әлден соң барып тіл қатты:--Құтты болсын, Саржан. Аллаһ ұзағынан сүйіндірсін. Мен.. мен өте қуаныштымын.

   --Рахмет, Жамал. Айтқаның келсін. Бірақ.. бірақ бір мәселенің болып тұрғаны.. Жұбайым жастығы ма, тәжірибесіздігі ме, баласына ойдағыдай қарай алмай жатыр. Соны.. біраз уақыт.. Тым болмаса қырқынан шыққанға дейін..саған  әкеліп... Оған жұбайым да келісіп отыр.

   --Саржан, түсінбедім. Маған әкелгені қалай? Ол сендердің балаларың ғой. Мен.. мен оған тіпті бөтенмін. Сонан соң.. Сонан соң, өзің білесің, мен де бала сүйіп көрмеген әйелмін ғой. Жаңа туған, әлі қырқынан да шықпаған нәрестені бағып-қағу қолымнан келе қояр ма екен?

   --Келеді, келеді. Сенің қолыңнан келеді, Жамал. Әпкең ауырып қалғанда, оның жаңа туған нәрестесіне анасынан артық қарағаныңды жақсы білем ғой.

   --Ия, «Шын жыласаң, соқыр көзден де жас шығады» дегендей басқалай амалым қалмаған соң әйтеуір барымды салып.. Ал, бұл баланың жөні тіптен басқа ғой. Әкесі де, шешесі де бар айдаладағы бөтен бір баланы қалай қамқорыма алмақпын?

   --Жоқ, жоқ, Жамал, олай дей көрме. Ол бөтен бала емес, менің туған ұлым. Оның үстіне анасы да, әкесі мен де келісім беріп отырмыз ғой. Жалынамын, Жамал, Бас тарта көрме. Менің хәлім мүшкіл болса, баланың тағдыры қыл үстінде тұр. Өйткені.. өйткені шешесі одан бас тартып отыр.---Саржан Жамалдың алдында тізерлеп отыра кетті:--Жамал, мен сенің алдыңда кінәлі ғана емес, күнәлімін де. Сен қанша емдел десең де, бар кінәні өзіңе жауып, өзімді нағыз еркек етіп көрсетуге тырыстым. Сол кездері саған тектен-текке зәбір көрсеткеніме енді-енді ғана көзім анық жетті. Дәрменсіз, бейшара, ауру сен емес, мен өзім болып шықтым. Жасыратыны жоқ, ұзақ уақыт емделуіме тура келді. Сонан соң барып ұлды болдым. Кешір, Жамал, мендей бейбақты кешіре гөр.

   --Орныңнан тұр, Саржан. Жақсы бол, жаман бол, еркек деген атың бар емес пе?—Жамал Саржанды орнынан тұрғызды.—Ал, баланы.. баланы алайын. Тек, уақытша емес, біржолата берсең ғана алмын. Ақыры туған анасының өзі бас тартып отыр дедің ғой. Сондықтан орта жолдан тастап кетпей, жауапкершілігіме толық алғым келеді. Ал, оған келіспеймін десең, өзің біл.

   --Келісемін, келісемін. Мен келісемін. Сенің тәрбиеңде болғаны дұрыс.—Саржан мазасызданып, қозғалақтап кетті.—Тек, анда-санда келіп, бетінен сүйіп кетуіме қарсы бола көрме.

   --Туған балаң емес пе? Оған әбден хақың бар. Неге қарсы боламын?

   --Рахмет, Жамал, рахмет! Мені үлкен бір қиындықтан құтқарып қалдың. Сенің тәрбиеңді алса, ұлым жаман бола қоймас.—Саржан елпелектеп Жамалдың қолын алды.

   --Саған да рахмет, Саржан. Несін жасырайын, сенен бала сүйсем деп армандап едім. Бірақ, Алла Тағала ол тілегімді бермеді. Енді міне, өзім тумасам да, сенен туған ұлды Құдай қаласа, бауырыма басайын деп отырмын. Сенің балаң болған соң ба, тым бөтенсіп те отырғаным жоқ. Осы уақытқа дейін бермеген баланы жасым 40-қа келгенде нәсіп етіп отырған Аллаға шын ризамын.--Көңілі босап, кемсеңдеген Жамал да Саржанның қолынан ұстай алды.-- Аманат етіп тапсырған балаңды шама-шарқым жеткенше өз қатарынан кем қылмай, үлкен азамат етіп өсіремін деп Алланың атымен серт беремін.                                             

                                               

 5.      Балалар үйінің ойын бөлмесі. 4-5 жастар шамасындағы балалар бірі ойыншықпен ойнап, бірі сурет салып даудырап жатыр. Бір шетте беріле ананың суретін салып жатқан Қайсар жанына келіп қарап тұраған Серікті байқар емес.

   --Өй, сен суретті жақсы салады екенсің ғой, Қайсар. Бұл кімнің суреті? Бере тұршы, көрейін.—Серік суретке қол созды.

   --Бұл Хадиша апамның суреті.—Қайсар қомпаңдап қалды..

   --Хадиша апамның суреті дейсің бе? Неге апам дейсің? Ол сенің апаң емес қой.

   --Жоқ, Хадиша менің апам. Ол мені жақсы көреді.

   --Хадиша апа тек сені ғана емес, мені де жақсы көреді.

   --Жоқ, ол тек мені ғана жақсы көреді. Ол менің апам.

   --Сенің апаң емес.

   --Менің апам.

   --Сенің апаң емес.

   Қайсар мен Серік ұстасып қалып, алыса жөнелді. Екеуінің алысып жатқанын көрген басқа балалар да демде топталып, жиылып қалды

                                               

 6.    Ауылдық жердегі Жамалдың  жұпыны үйі.  Орта жастағы  Жамал  күйбеңдеп дастархан жайып, шай жасап жатыр. 4-5 жастағы Мұрат үйге жылап кірді.

   --Балам-ау, саған кім тиді? Неге жыладың?—Жамал асты-үстіне түсіп бәйек болып жатыр.

   Өксігін баса алмаған Мұрат әлден соң барып тілге келді:--Менің .. Менің..Әкем.. әкем  қайда?

Ол.. ол.. осы уақытқа дейін..неге..неге келмейді? Басқа балалардың бәрінің әкесі.. әкесі бар ғой.

   Жамал не айтарын білмей сасып қалды.--Әкең.. Сенің әкең.. Оны неге сұрадың? Біреу бірдеңе деді   ме?

   --Анау.. анау балалар ғой.. Сен Жамалдың баласы емессің. Сені асырап алған. Әкеңді қуып жіберген деп қайта-қайта айта береді, айта береді.

   --Жоқ, сен менің баламсың. Менің туған ұлымсың. Олардың айтқанына сенбе. Олар өтірік айтады.—     Жамал жаны шыға Мұратты құшақтай алды.

   --Ал, әкем.. әкем бар ма? Ол қайда?

   --Әкең бе?.. Әкең.. Әкең.. Ол кісі ертеректе қайтыс болып кеткен.

   --Өтірік. Өтірік айтасың.—Мұрат ыршып кетті.-- Менің әкем тірі. Тірі. Оны сен қуып жібергенсің. Мен.. Мен сені жек көремін. Мен.. мен..—Еңіреп үйден тысқа ата жөнелді.

   Есеңгіреп, сілейіп тұрып қалған Жамал жүзін жас жуып, күбірлей берді:--Көшу керек. Енді мұнда қалудың ешбір жөні жоқ. Балам, Мұратым үшін көшуім керек.                                                                                     

                         

    7.  Қалаға жақын орналасқан шағын ауылдың шетіндегі Жамалдың үш бөлмелі шағын жаңа үйі. Қартайыңқырап қалған Жамал мен есейіп қалған Мұрат дастархан басында. Масаңдау Мұрат Жамалға саусағын безеп, айғайлап жатыр:--Сен.. Сен барып тұрған оңбаған, жаман адамсың. Әкемді қуып жіберіп, мені жетім қалдырдың. Егер әкем.. әкем болса..

   --Балам-ау, неге жетіммін дейсің? Анаң- мен бар емеспін бе?

   --Анам болмай кет, сен. Сендей оңбаған, екіжүзді анам болғанша, болмай-ақ қойғаны жақсы еді. Сенің оңбағандығыңнан қатарыммен бірге жүре алмай, жерге қарап біттім. Саған ерегіскенде, әкемді іздеп табамын. Сенімен сол кезде сөйлесемін.

   --Балам, сабыр ет. Мақұл, әкеңді табарсың. Ал, сол әкең сен ойлағандай жақсы адам болып шықпаса қайтпексің?

   --Өшір үніңді. Әкеме тіл тигізбе, қаралама.—Мұрат алдындағы жатқан пышақты қалай алып, қалай Жамалға лақтырғанын білмей қалды. Пышақ Жамалдың білегін жаралап, қып-қызыл қан саулай жөнелді. Жамал үн қатпастан алдындағы қол сүрткішті білегіне орады да, пышақты алып есіктің үстіндегі қуысқа тастай салды. Көзі бақырайып қимылсыз қалған Мұратқа аянышты көзбен қарап тұрды да, жаулығының шетімен бетін басып, үйден шыға жөнелді. Мұрат естен танғандай бір нүктеге қадалып, сілейіп қатып қалған.                                                                   

  

  8.     Ақ түтек, ақ боран. Жамалдың үйі. Қатты қызу, аяғын тәлтіректей басқан Мұрат үйге жақындай берді. Сыртқы есікті сындырып жіберердей жұлқа ашып дәлізге, одан ішкі үйге кірді. Пешке қолын жақындатып, үстінде тұрған шәйнекті ұстап көрді. От жағылмаған. Шай қайнамаған. Пештің түбінде көрпені тарс бүркеніп, бір уыс болып Жамал жатыр. Үйді көшіріп жіберердей болып тарсылдатып, әр нәрсені бір ұстап, ашудан терісіне симай жүрген Мұратқа болар-болмас мойнын бұрып бір қарады да, үн қатпастан жата берді. Мұраттың бұлдыраған көзіне Жамал тілін шығарып мазақтап, күліп жатқандай болып көрінді.

   --Мен сонша жерден борандатып, арып-ашып, үйім бар деп келгенде, қос көрпеге оранып жатысын қарашы. Тым болмаса, қайнап тұрған бір шәйнек шай да жоқ. Жарайды, сенсіз де күнімді көрермін. Өлмеспін. Әлі-ақ әкемді тауып алармын. Сенімен сонан соң сөйлесермін.—Суықтан ба, әлде ашудан ба қалшылдап, күбір-күбір еткен Мұрат тәлтіректей басып үйден шықты да, ақ түтекке жұтылып кете барды. Ашық  қалған сыртқы есік те, ішкі есік те желмен бір ашылып, бір жабылып, сықыр-сықыр, тарс-тұрс етеді.   Жамал орнынан тұрмақ болып әуреленгенмен, әл-дірмәні жетпей құлап түсті.

  

  9.     Қыс мезгілі. Түнгі демалыс сая бағы. Түрлі әткеншектер шыркөбелек айналып, қызыл-жасыл шамдар көзді алады. Қыстың түнгі суығына қарамастан әрі-бері ағылған жұрт. Қол ұстасқан ғашықтар. Бақтың қараңғы түпкір жағында үш адамның сұлбасы байқалады. Қолдарын сермеп қандай да бір жоспар құрып жатқан секілді. Өздеріне қарай қолтықтасып келе жатқан қыз бен жігітті көріп, талдың тасасына жасырына бастады. Кыз бен жігіт жандарынан өте бергенде, екеуі жігітке, біреуі қызға қарай атылды. Демде апыр-топыр болды да кетті. Қараңғыдан ешнәрсе көрінер емес. Әлден соң барып, қолдары кісенделіп, бір-біріне маталған, Ішінде Мұрат та бар үшеуді баяғы қыз бен жігіт жарық жерге алып шықты. Қыз үстіндегі қалың тонын шешіп, басындағы жасанды шашын алып тастап еді, жап-жас жігітке-полиция қызметкеріне айналып шыға келді. Серігі де үстіндегі қымбат күртешесін шешіп тастап, иығындағы жұлдыздар жарыққа шағылысып, қолына рациясын ала берді.

 

 10.     Сот залы. Айыптаушы да, қорғаушы да, басқа қызметкерлер де, айыпкер орнындағы Мұрат пен екі жігіт те тікесінен тік тұр. Олардың арт жағына таман  қаруы бар екі күзетші де сіресіп, қатып қалған. Сот төрағасы шығарылған үкімді оқуда:--...Қоғамға үлкен зиян әкеліп, Қазақстан азаматына жат әрекеттерге барғаны үшін айыпты деп табылып...—Осы кезде күзетшілер үшеудің қолына кісен салып та үлгерді. Үкім оқылып тұр:

    --...Қылмыс саналы түрде жасалып, жоғарыда айтылған қылмыскерлер күніне төрт-бес, тіпті одан да көп адамдарды тонап, олардың қымбат киімдері мен бағалы бұйымдарын күшпен тартып алып отырған..

   Түрме күзетшісінің алдында қолында түрме киімі бар, жүзінен өкініштің ауыр табы білінген Мұрат аяғын баяу басып келеді.

   Үкім оқылып тұр:

   --..Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы әрі басшысы ретінде Саржанұлы Мұрат үш жылға бас бостандығынан айрылып...

   Түрме камерасының темір есігі баяу ашылып, Мұрат ішке кірген соң тарс жабылды.

                             

 11.    Айнала қарулы күзетшілер. Басқа  жазасын өтеушілермен бірге Мұрат та жан алып, жан бере жұмыс істеп жатыр.

 

12.     Түрме. Дабыл қағылып, жазасын өтеушілер камераларынан шыға бастады. Күзетшілер оларды түгендеп болған соң түрме ауласына шығарып, сапқа тұрғызды. Алдарына шыққан түрме бастығы қолын сілтеп, сөйлеп кетті. Түрме ауласы алыстан көрсетіліп, бірте-бірте жазасын өтеушілер мен түрме бастығы айқындала береді. Түрме бастығы сөйлеп тұр:

         --Өзін үлгілі жағынан көрсетіп, еңбек етуде белсенділік танытқаны үшін, үлкен сенім білдіріп Мұрат Саржанұлын топ жетекшісі етіп тағайындауды дұрыс деп таптық. Түрме бастығы қолын шапалақтап  еді, көпшілік те сатырлата қол соғып, дуылдап кетті. Мұңды жүзінен аздап қуаныш табы байқалған Мұрат көзі жасаурап, алысқа қарап тұрып қалды.

                                                  

  13.   Аудандық балалар үйі. Орта жастан асқан Хадиша өз кабинетінде столға шұқшиып, әлдене жазып отыр. Есік шалқасынан ашылып, 4-5 жасар бала ентіге кірді:--Хадиша апа, Қайсар.. Қайсар ағам келді.—Қалай асыға кірсе, солай асығыс шығып кетті. Орнынан асыға тұрған Хадиша да баланың соңынан жөнелді.

    --Маған, маған, Қайсар аға.

    --Маған ана машинаны беріңізші, Қайсар аға.

   Шуылдаған балаларға алып келген тәттілері мен ойыншықтарын таратып жатқан Қайсар Хадишаның кіргенін де, жанына келіп өзіне емірене қарап тұрғанын да байқар емес.

   --Маған ше, Қайсаржан? Маған ештеңе қалдырмадың ба?

   Хадишаны енді ғана байқаған Қайсар орнынан ұшып тұрып, қапсыра құшақтай алды.—Хадиша апай, амансыз ба? Мынау, балалардан шыға алмай...

   --Оқасы жоқ, балам. Осы бүлдіршіндер риза болса, мен риза.—Хадиша Қайсарды иығынан ұстап өзіне бұрды.—Тфә, тфә. Өзің көрікті, үлкен жігіт болып кетіпсің ғой. Баяғыда, кішкентай кезіңде маған келіншек әкеліп берем деп қоймаушы едің. Енді міне, сол уәдеңді орындайтын кезге де жетіпсің.

   --Апай, ол енді.. Ол кезде..—Қызарақтап қалған Қайсар тез қимылдап сөмкесінен оюлы мымша мен ақ орамал алды.—Апай, мынаны сізге арнайы алып едім.—Хадишаға мымшаны жауып, орамалды басына салды.

   --Рахмет, айналайын. Өркенің өссін.—Хадиша тағы да Қайсарды құшақтап, бетінен сүйді.--Бірақ осынша шабылудың керегі жоқ еді ғой. Алмаймын деп айтсам..

   --Жоқ, Хадиша апай, алыңыз.—Қайсар сөзді бөліп жіберді.—Ер жеткенде сізге осындай бір мымша мен орамал әперемін деп өзіме берген сертім бар еді. Соның орайы енді ғана келген секілді. Бұл  туған анамнан артық болған өзіңізге деген менің шынайы көңілімнің, балалық махаббатымның белгісі деп біліңіз.

   --Рахмет, айналайын, рахмет. Серт берген болсаң..—Көңілі босап, жанары жасқа толып, кемсеңдеген Хадиша Қайсарды тағы да құшақтай алды.      

    

 14.    Айналасы биік дуалмен қоршалған құрылыс материалдары қоймасы. Құрылыс заттарын артқан үлкен-үлкен жүк машиналарының бірі жүк артып келсе, бірі жүк артып кетіп жатыр. Басқа топпен бірге Мұраттың тобы да үлкен жүк көлігінен бөренелер түсіріп жатыр. Ауыр бөренені көтеріп әкеліп, қаланған бөренелердің үстіне қойған Мұрат пен серігі сәл тыныстап, темекілерін тұтатты. Бөрене көтерген тағы екі кісі жандарына тақай бергенде, алдындағы егделеуі сүрініп кетіп етбетінен құлады да, бөрене белінен басып қалды. Жас серігі болса, бөренені жылжытып, құтқарудың орнына, бас салып оны тепкілей бастады. Бұған шыдай алмаған Мұрат жас жігітті кейін серпіп жіберді де, бөренені көтеріп, астындағы кісіні босатып алды. Осы кезде құлап түскен жігіт жетіп келіп Мұратты ұрып-соға бастады. Мұрат та  қарап қалмай, оны бір-екі соғып жіберді. Көпшілік демде жиылып қалды. Қаттырақ соққы жеген әлгі жігіт қалтасынан пышаққа ұқсас темір алып Мұратқа ұмтыла бергені сол, «Жетер! Тоқтат!» деген дауыс саңқ ете қалды. Ентелеген топтың арасынан балуан денелі, жүзі  сұсты 55-60 жастар шамасындағы егде кісі шыға берді.—Сен не? Әкеңдей кісіні құрметтеудің орнына, оған көмектескен жігітті алып тастамақсың ба? Әлде, сен менің атыма кір келетінін білмедің бе? Сол-ақ екен, ісініп тұрған әлгі жігіт орнында тұра алмай қалтырап кетті.—Кешіре гөр, «әкей», кешіре гөр. Мен қатты қателестім. Басым міне.—Қолындағы пышаққа ұқсас затты беріп, басын ие берді. «Әкей» әлгі затты алып, үш жерінен сындырды да, лақтырып жіберді.—Менен емес, кешірімді анау екеуінен сұра. Олар кешірім берсе, кешірілдің.

   Бұдан кейінгі көрініс алыстан көрсетіледі. Кінәлі жігіт Мұрат пен егде кісінің алдына еңбектеп келіп кешірім сұрады. Олар кешірім беріп, Мұрат оны орнынан тұрғызды. «Әкей» риза кейіппен Мұраттың қолын қысып, жүзіне сүйсіне қарап тұрып қалды.

 

   15.   Балалар үйінің шағын бөлмесі. Қайсар жолға шықпақ болып жиналып жатыр. Сөмкесінің  сыдырмасын салып енді көтере бергенде, есік ашылып, Хадиша сөйлей кірді:-- Амансың ба, ұлым. Қайтуға жиналдың ба?  Маған айтпастан кете бермексің бе?

   --Сәләматсыз ба, Хадиша апай. Мен былай... Келіңіз, отырыңыз.—Сасқалақтап қалған Қайсар орындықты Хадишаға жақындатты.

   --Жоқ, балам, отырмаймын. Мен жай ғана.. Мына бір азын-аулақ  тиын-тебенді... Жолыңа жаратарсың..

   Сөмкесінен қағазға  оралған ақшаны ала берген Хадишаның қолынан Арман ұстай алды:

   --Жо-жоқ, Хадиша апай, кешіріңіз. Мен..мен енді ала алмаймын. Сіз маған онсыз да өте көп  жақсылық жасадыңыз. Туған анамдай болдыңыз. Кішкентай кезімде сізді өз туған  анам екен деп өзге балалардан қызғанушы едім. Есейгенде де басқа балаларға қарағанда мені неге мұнша артық көреді деген сұраққа жауап іздеумен болдым. Әлі күнге     дейін  іздеп  келемін. Бір  білерім, сіз тек менің ғана  емес, мен  секілді  жүрегі жаралы, кам  көңіл  барша балалардың анасы екенсіз. Мен өз анамның кім екенін де, кандай жан болғанын да білмеймін, бірақ, неге екенін қайдам, егер ол тірі болса, дәл сіз секілді болар еді деп ойлаймын. Туған анам болмасаңыз да, туған анамнан артық мейірім таныттыңыз. Аяулы Хадиша апай, мен сіздің  алдыңызда мәңгі қарыздармын.--Қатты толқыған Қайсар басын иіп, тізерлеп  отыра кетті.

   --Мұның не сенің?—Хадиша Қайсарды қолынан тартып тұрғызып, құшақтай алды.—Жоқ, балам, сен ешкімнің де алдында қарыз емессің. Егер сен тыңдар болсаң, бір әңгіме айтып берейін. Бір құрбымның ауыр тағдыры жайлы.--Қайсарды қүшақтаған күйі керуетке жайғасып, әңгімесін бастап кетті.-- Мен ол кезде жоғарғы оқу орнын бітіріп келіп, осы жетім балалар үйінде тәрбиеші болып қызмет етіп жатқам. Айгүл құрбыммен де сол кезде таныстым. Дәл сол кезде ол да орталық ауруханаға дәрігер болып орналасқан. Жұмыс бабымен біздің мекемеге жиі келіп тұратын. Бірте-бірте сөзіміз де, әзіліміз де жарасып, тез достасып кеттік. Өзі менімен түйдей құрдас еді. Жұмыстан бос уақытта сырымыз бен мұңымызды айтып, басымыз қосыла кетуші еді. Айгүлдің аяғы ауыр болатын. Сүйген жігіті аяғың ауыр деп тастап кетіпті. Бұл жайлы ел де құлақтана бастады. Сөз ете бастады. Бірақ, Айгүл мойымастан жұмысын істей берді. Уақыты келіп демалысқа шықты. Айы-күні жетіп, аналар босанатын үйде ем қабылдап жатқан, келіп кет деп маған телефон соқты. Әлде не боп қалды ма деген қорқынышпен тез жетіп бардым.

                                                                                                  

    16.      Жазасын өтеушілер кешкі тамағын ішіп жатыр. Тамақтанып болғандары ыдыстарын жууға кіріскен. Мұрат та ыдысын жумақ болып жатыр еді, бір жігіт тақап келіп күбір етті:--Сені «әкей» шақырады. Дәлізде.

   Мұрат «мынаны қайтем?» дегендей қолындағы ыдысына қарап еді, жігіт үн-түнсіз ыдыстарды алды да, өзі жуа берді. Мұрат сәл таңданып тұрды да, тез-тез басып дәлізге шықты. Дәліздің түпкірінде темекі шегіп, терең ойға батқан «әкей» жанына келген Мұратты байқар емес.

   --Мені шақырған екенсіз..—Мұрат жасқана тіл қатты.

   «Әкей» Мұратқа бар денесімен бұрылды.--Ә,ә, ия, шақырдым. Аты-жөнің Саржанұлы Мұрат екенін білдім. Енді, қайдан келгеніңді, неге түскеніңді, қай статьямен түскеніңді білгім келеді.—Терезе алдындағы қатар қойылған орындықтардың біріне отырды.—Отыр.—Мұрат та отырды.—Ал, енді сөйле. Тек шындықты айт. Бір ауыз өтірік қоссаң, бұл жердегі азапты күндеріңмен ертерек қоштасасың.

   Қорқыныштан ба, өкініштен бе, Мұраттың жасаураған көзі жыпылықтап, танауы қусырылып бара жатты.

 

       «Әкей» бәрін ұмытып, Мұратты беріле тыңдап отыр. Мұрат сөйлеп жатыр:--Сөйтіп қылмыстық топтың ұйымдастырушысы әрі басшысы деп айыптап үш жылға кесті. Одан бері де міне, екі жыл өте шықты. Өкінішімнің есесін еңбектен алып, жанымды аямай жұмыс істедім. Соны ескерді ме, басшылар өз тобыма жетекші етіп те тағайындады. Ең үлкен қуанышым-тиісті орындар мен туралы жақсы пікірлер білдіріп, мерзімінен бұрын босату мәселесін қарап жатыр екен. Бұл жерге де ең сенімді деп, менің тобымды жіберді. Мұнда бір аптадай боламыз. Сонан соң өзімізге қайтамыз. Ал, бостандыққа қалай шығам, солай әкемді іздеуді бастаймын. Қалай да табамын.

   Өзімен өзі болып қатты ойланып кеткен «әкей» әлден соң барып басын көтеріп, Мұратқа қадала қарады.—Ал, әлгі анаң.. анаң не болды? Жамалды айтам. Одан бері бір хабарын алдың ба?

   --Жоқ. Шынымды айтсам, ол кісіге деген көңілім әлі жылыған жоқ. Ол менің әкемді қуып жіберді..

   --Жетер!—Ашудан қалшылдап кеткен «әкей» орнынан ұшып тұрды.—Жетер! Сен жетесіздің ішіндегі нағыз жетесізі, қатыгездің ішіндегі нағыз қатыгезі екенсің. Сен.. Сен..—Жаңа ғана сұстанып тұрған балуан денелі «әкей» демде мыжырайған кәрі шалға айналып жүре берді. Ауыр мұң торлаған жанарына келіп қалған жасты көрсетпеу үшін тапырақтай басып үйден шыға жөнелді. Мұрат түкке түсінбестен аң-таң болып тұрып қалды.

                                                    

 17.  Таксиден түскен Хадиша тез-тез басып аурухана ауласына, сонан соң аналар босанатын үйге кірді. Кезекші медбикеден алған ақ халатты иығына іле сала, ұзын дәлізбен ілгері жүріп кетті. Өзі іздеген палатаны тауып ішке ене берді. Күтіп жатқан болу керек, Хадишаны көріп, Айгүл жастықтан басын көтерді.--Амансың ба, Хадиша. Келгенің жақсы болды. Мұнда отыр. Орындықты Хадишаға жақындатты.

    --Не боп қалды, Айгүл? Жай шақырдың ба?--Орындыққа отырған Хадиша  жауап күтті.

   --Жай  емес, Хадиша. Күлтілдетпей бірден айтайын. Сенің мойныңа үлкен аманат жүктегелі отырмын. Сенен басқа сенер де, сүйенер де адамым жоқ екенін өзің де жақсы білесің ғой...

   --Солайы солай ғой .. Дегенмен аманат дегенің бір түрлі салмақты да қорқынышты естіледі екен.  Аманаттың жүгі ауыр болушы еді... «Аманатқа қианат жоқ» дегенді  де естіп жүрміз.

   --Дұрыс айтасың, Хадиша. Сол себепті де мен саған тоқталдым емес пе. Егер қолымнан келмейді, бас тартам десең, қәзірден айт.

   --Сен не деп тұрсың, Айгүл? Мені сынағаның ба? Жарайды, қандай аманат жүктесең де, шамам келгенше орындауға сөз беремін.

   --Рахмет, саған, Хадиша. Өзім де сенің  дәл осылай  деріңді білген едім.-- Айгүл  риза  кейіппен Хадишаның қолынан ұстай алды. Кең жанары да жасқа шыланып шыға келді.--Хадиша, турасын айтсам, менің алдымда екі жол тұр. Не, баланы  босанып, өз жанымды құрбан етуім керек, не, өз жанымды аман алып қалу үшін баланы құрбан етуім керек. Әбден ойлана келе, мен бірінші жолды  таңдадым.

   --Айгүл, сен не деп тұрсың? Құрбан  еткені несі?  Әлі-ақ көрерсің, баланы да аман-есен босанасың, өзің де аман қаласың. Алдын-ала бұлай жаман ойлағаның дұрыс емес.

   Айгүлдің жүзіне әлде бір жұмбақ күлкі үйрілді.--Жаман ойлап қайтейін, Хадиша. Бірақ, солай болғалы тұрғанын да жасыра алмаймын. Сен түсіне бермейтін мұндай жайттар медицинада ара-кідік болса да кездесіп тұрады. Жоғары жақтың дәрігерлеріне де қаралдым. Олар да мұндай қиындықтың болуы мүмкін екенін растап, өз кеңестерін беріп отыр. Әрине, бәрі де бір Құдайдың еркінде ғой, дегенмен нәрестем аман-есен дүниеге келіп, мен ары-бері болып кетсем, оған қамқорлық жасап, бас-көз болуға уәде бер. Бала қылып асырайсың ба, әлде жетімханаға өткізесің бе, оны да өзің шеш. Тек, ол өз қатарынан кейін қалмай, дені сау азамат болып өссе болды. Анықтаушы аппаратқа түскенімде, ол құрсағымдағы баланың ұл екенін нақтылап берді. Ұл болар, қыз болар, атын да өзіңнің қойғаныңды қалаймын.

   --Олай демеші, Айгүл. «Жақсы сөз-жарым ырыс» деген. Әлі-ақ балаңды аман-есен босанып, атын да өзің қоясың. Өзің емізіп, өсіріп, ер жеткізесің.--Өз іші алай-түлей болып әрең отырса да, Хадиша Айгүлге қарсылық танытқан болды.

   Айгүл Хадишаның айтқанына мән бермегендей сөзін жалғай берді.--Тағы бір өтінішім: Оған әкесінің де, менің  де  есімімді айтпай-ақ қой. Біздің есіміміз оның емін-еркін жүріп, ойнап-күлуіне кедергі келтірері анық. Мендей сорлы мұңлықтың  кім екенін ол әбден есейіп, ер жеткенде айтсаң, айтарсың, ал, әкесінің есімін білмегені дұрыс деп ойлаймын. Алла нәсіп етіп, әкесі өзі іздеп тауып алып жатса, есімін де айтпай қалмас. Бірақ, қайдам... Дүние-байлықты, билік-мансапты жақсы көретін жан еді, іздей қоймайтын да шығар. Өзім де жетім өскен жетімек едім, бүкіл тұқымымыз құрып кетпесін, қыздан болса да бір тұяқ қалсын деп осындай шешімге келдім. Сені шақырған себебім де осы еді. Осы айтқандарымды орындай аласың ба? Орындаймын деп серт бере аласың ба? Тек, шыныңды айт, Хадиша.

   Айгүлді райынан қайтара алмасын анық сезген Хадиша көп ойланбастан жауап берді:

   --Айтқандарыңның бәрін де орындаймын деп Алланың атымен серт беремін. Оған шамам  жетеді деп ойлаймын.

   Айгүл отырған күйі Хадишаны қүшақтай алды.--Рахмет саған, Хадиша. Бұл дүниеде де, о дүниеде де ризамын  өзіңе, жаным. Енді мен үшін артыма қарайлап, уайымдап, алаңдайтындай ештеңе қалған жоқ. Құрсағыма кішкентай тіршілік иесін салған да, сен секілді жаны таза, адал досты кезіктірген де Аллаға мың-мың алғыс!

   Екі құрбы бірін-бірі тас қып құшақтай  алды. Бірінің жүзі қуаныштан бал-бұл жайнаса, бірінің  жүзін ауыр мұң торлағандай. Көп өтпей-ақ екеуінің де жанарын ыстық жас жуып, мөлдір моншақтар төмен сырғып бара жатты.                                                                                                                              

                                           

   18.   Барак. Жазасын өтеушілер түнгі тәтті ұйқыда. Екі қабат етіп қойылған керуеттің төменгі қабатына «әкей» мен Мұрат қатар жайғасыпты. «Әкей» тебірене сөйлеп отыр:-- Мен ол кезде ең бақытты жанның бірі едім. Жарымды шын сүйгендіктен, төрт құбылам сай, ешбір уайым-қайғым жоқ еді. Бірақ.. Бірақ кең сарайдай үйімізден іңгәлаған нәресте үні естілмеді. Күн өткен сайын менің жұбайыма деген үміт-сенімім жіңішкере берді, жіңішкере берді. Ішіп келіп қараптан-қарап оған тиісуді шығардым. Екі күннің бірінде іс сапар деп сылтауратып, қалаға тартып кетемін. Ол кезде жас едім, көрікті едім. «Әй, дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ», бірте-бірте азғындық жолға түсіп бара жатқанымды өзім де білмей қалдым. Сондай іс-сапардың бірінде көрікті бір қызға кезіктім. Мәдениет, өнер саласында жұмыс істейді екен. Бір-екі рет жолығып, тамырын басқаннан кейін, өзімнің бойдақ екенімді айтып, басын айналдыра бастадым. Жолым болып, ол да айтқаныма көне кетті. Қуанышым ішіме симай, сол күні-ақ ауылға тарттым. Барлық жайды жасырмастан жұбайыма айтып беріп, үйленетінімді, басыма бостандық беруін сұрадым. Ех, жұбайым қандай ғажап адам еді. Бір сөзге келместен ұлықсатын берді. Әйелдерге тән осалдық көрсетіп, жылап-сықтап, бажылдап жатпастан, керек-жарағымды буып-түйіп беріп, өзі шығарып салды. Мен автбусқа міне бергенде ғана көзіне жас алып, ішкі ойын білдірді:--Менің саған артар еш өкпем жоқ. Бәрі Құдайдан шығар. Бақытты болыңдар. «Әйел жолы жіңішке» деген. Күмәнға беріліп, оған да зәбір көрсетіп жүрме. Емделіп көр. Мүмкін арманыңа жетіп, бала да сүйерсің. Әрине, ол кезде мен сөзге де, басқаға да мән беріп жатпадым. Қашан қаладағы сұлуымның жанына жеткенше асығып, жұртты кимелей автобусқа міне бердім.

                                          

    19.   Балалар үйінің бөлмесі. Арманды құшақтаған Хадиша сөйлеп отыр:--Айгүлдің айтқаны рас болып шықты. Ең мықты деген дәрігерлердің өзі әзер дегенде нәрестені аман алып қалды. Ал, Айгүл... Айгүл іңгәлап жатқан  өз бөбегін бір көрместен, көре алмастан өмірден өтіп кете барды. Барлық ауыртпалық, салмақты маған артып  кете барды. Өмірлік серігім  ақ көңіл, мейірбан, адал жан еді, Айгүлдің нәрестесін қамқорлығыма алуға  келісімін берді. Сөйтіп, тез арада керекті құжаттарды дайындап, нәрестелі үй болып шыға келдік. Әуел баста бәрі де ойдағыдай еді.. Бірақ уақыт пен тағдыр шіркінге дауа жоқ екен. Өмірге өз тұңғыш перзентіміз қалай келді, солай айрандай ұйып отырған тірлігіміз іркіттей іріп жүре берді. Ақ көңіл, мейірбан деген өмірлік жарым өз туған қызын бауырына тарта түсіп, Айгүлдің ұлын бөтенсіп, сыртқа тебуді шығарды. Дүйсенбі болатын. Үйдің түскі асын дайындамақ болып жұмыстан сәл ертерек келдім

                                              

    20.     Аулаға кіре берген Хадиша күйеуінің әлдекімге айғайлап ұрсып жатқанын естіп, үйге асыға кірді.

   Бір қолымен кішкентай қызын көтеріп алған күйеуі екінші қолымен 3-4 жасар Қайсарды шапалақпен салып-салып жіберді.—Ей, сүмелек, менің қызымды жылататындай сен кім едің? Сорлы жетімек..

Тағы да ұрмақ болған күйеуінің қолын Хадиша ұстай алды.—Асан, саған не болды? Ақылыңнан алжастың ба? Әлі есін білмейтін кішкентай сәбиді ұрғаның не? Не бүлдірді ол сошалықты?

   --Сәби болмай құрып кетсін бұл. Мына кішкентай қызымды ұрып, жылатып қойды. Өзіне таяқ өтпейді. Бедірейуін қарашы, оңбағанның.—Асан жұдырығын түйіп, Қайсарға сес көрсетіп қойды.

   --Асан, сенің  өз қызыңа болысып, панасыз сәбиді ұрғаның бәрібір адамгершілікке жатпайды. Ол да адамның баласы ғой.

   --Қандай адамды айтып отырсың, Хадиша? Әкесі шынымен адам болса, осы уақытқа дейін бір іздеп, тауып алар еді ғой. Әкесі мұндай болғанда, одан туған бала ертең қандай болмақ?

   --Олай деме, Асан. Әкесіне бола бейкүнә сәбиді жазғырып, Құдайға күпір болма. Әлі-ақ көресің, бұл бала  қызымыздың туған ағасындай болып кетеді. Шынардың арқа сүйер ағасы әрі қорғаны болады

   --Сен не деп шатып тұрсың, Хадиша? Айдаладағы бір оңбағанның жетімегі менің қызыма аға  болмақ па? Бұдан былай мұндай сөзді естімейтін, ал, мына жетімекті көрмейтін болайын. Алтын асықтай қызым бар. Ертең оған аға болар  ұлым да болады.

   --Құдай деп сөйле, Асан. Ұл бере ме, қыз бере ме, тіпті бермей қоя ма, бір Құдай ғана біледі.

   --Жоқ, қыз берген Құдай ұл да береді. Әлі-ақ көресің, бір емес, бірнеше ұлымыз болады.

--Астапыралла! Астапыралла! Құдай берсе деп айт, Асан. Сосын.. Сосын мына балаға әбден бауыр басып қалдық қой..

--Жетер, Хадиша. Мен айтарымды айттым. Бітті. Бүгін болмаса, ертең өз ұлымыз болады. Ал, мына бедірейген пәлекеттің көзін жоғалт! Қысқасы, ертеңнен бастап бұл үйде не қызым, не ол тұратын болсын.—Ашуланған Асан қызын көтеріп үйден шығып кетті.

   Хадиша ешрәрсеге түсінбей, көзі жыпылықтап жылауға шақ тұрған сәбиді құшақтай алып, бауырына қысты. Көп өтпей-ақ өзінің де, сәбидің де жүзін ыстық жас жуып бара жатты.       

                                                        

21.    Барак. «Әкей» сөйлеп отыр:--Көп өтпей-ақ, сол сұлуымның ақылымен заңды некеге тұрып, ерлі-зайыпты болып шыға келдік. Осылай ерлі-зайыптыларға тән бақытты күндер жылжып өтіп жатты. Бірақ, менің көңілімді тағы да күдік жайлап, күні-түні мазамды қашыра бастады. Ешкімге білдірместен  өз еркіммен арнайы емдеу орталығында ем қабылдап жүрдім. Ақыры, ия, ақыры өзім асыға күткен арманымның бірте-бірте жақындап келе жатқанын байқап, қуаныштан жанымды  қоярға жер таппадым. Мен осылай асып-тасып, мәз болып жүрсем, аяғы ауыр келіншегім керісінше қамығып, томсырайумен жүрді. Күннен-күнге ухлеуі мен күрсінуі көбейіп кетті. Уайымдайтын шығар деп ойладым да қойдым. Бір күні, ия, бір күні біздің үйден де іңгәлаған нәрестенің үні естілді. Көптен күткен, зарыға күткен арманым орындалып ұлды болдым. Қуанышымды жасыра алмай, барымды төгіп-шашып той жасадым. Бірақ.. Бірақ той өте салысымен келіншегімнің ахлап-ухлеуі бұрынғыдан да күшейе түсті. Көп ұзамай-ақ, оның да себебі табыла кетті.

   Күн жексенбі болатын. Әп-әдемі-ақ шүйіркелесе әңгімелесіп отырған секілді едік, бір кезде ол қараптан-қарап долданып шыға келді:--Мен өнер адамымын. Мен халықтың көз алдында жүретін адаммын. Сен соны біле тұра аяғымды тұсадың. Бала деп өз бақытымды, сүйікті кәсібімді басқа тебе алмаймын. Баланы не қылсаң да өзің біл. Ажырасам десең де еркің—деп, бесіктегі нәрестені қайта-қайта төңкеріп тастайды. Мен не істерімді білмей, әбден састым. Небір ойларды да ойладым. Ажырасар болсам, өзіме үлкен қиындық келетінін білдім. Кішкене болса да сөзбен жібітермін деген ойымның да тас-талқаны шықты. Әбден долданып алған келіншегім ешбір сөзге көнер емес. Еш айлам қалмаған соң:---Ендеше, буыны бекігенше ауылдағы қарындасымның қолына апарып тастайық-дедім. Бұл ойым көңілінен шықты білем, келіншегім бірден сабасына түсе қалды.

   Ұятты белден басып бұрынғы әйелімнің  алдына сүмірейіп тағы келдім. Барлық жайды жасырмастан түгел айтып бердім. Өзімнің емделгенімді де, ұлды болғанымды да жасырмадым. Ол мені табалап та, кінәлап та жатпады. Сәл ойланып отырды да:--Егер, сеніп менің тәрбиеме берсең, біржолата бер. Қайтып алмайтын бол. Кішкентай нәрестенің обалына қалма—деді.

   Қанша жаным қиналып, іштей еңіреп отырсам да, амалсыздан уәдемді бердім. Бір нәрсе десем, айнып қала ма деп үрейлендім.

   Ертесіне-ақ, әлі қырқынан да шықпаған  ұлымды әкеліп сол кісінің қолына табыс еттім. Анда-санда келіп, ұлымның маңдайынан иіскеп кетіп жүрдім. Обалы не керек, ол келме деп көкірегімнен итермеді. Бірақ, бір келгенімде екеуінің де орнын сипап қалдым. Жұрттың айтуынша, өсек сөздерге шыдамай, оның үстіне есейіп қалған ұлының жанына жара түсіргісі келмей, ешкімге жөнін айтпастан, бір түнде көшіп кетіпті. Зыр қағып талай жерді, талай ауылды аралағаныммен, олар туралы ешбір дерек таба алмадым. Қалаға келген соң «Таз ашуын тырнадан алады» дегендей келіншегіме соқтыға бастадым. Арақ ішіп келіп, тыныштықтың шырқын бұзуды әдетке айналдырдым. Бірақ, бұғып қалар ол емес екен. Кейде ол, кейде мен жеңіп, әбден титықтап барып доғарамыз «соғысты». Бір-бірімізден көңіліміздің суынғаны соншалық, «сен барсың-ау, жоқсың-ау» деп алаңдауды да қойып, өз бетімізбен кеттік. Ақыры бір күні оның әбден ар-ұяттан безіп, бөтен бір еркекпен жатқанының үстінен түстім. Әжептеуір мас болсам да, еркектік намысым бой бермей, екеуін аямай соққылай бердім, соққылай бердім. Сұрқия келіншегім ретін тауып құтылып кетті де, әлгі сорлы еркек шеңгеліме мықтап түсті. Ұрдым. Соқтым. Допша тепкіледім. Сонда да жан ашуым басылмады. Өзіме-өзім ие бола алмай, қолыма іліккен қола мүсінмен басынан ұрғанымды байқамай қалдым. Ол сол жерде тіл тартпай өліп кетті. Мен адам өлтіргенімді айтып, ішкі істер бөліміне телефон соқтым. Ары қарата белгілі ғой. Сотталдым. Бірақ не үшін адам өлтіріп, қылмысқа барғаным туралы күні бүгінге дейін тіс жарған емеспін. Жалпы, ол қылмысымның жазасын әлдеқашан өтеп те қойғанмын. Бірақ, көріп отырсың, әлі күнге осындамын. Шынымды айтсам, бостандықтан гөрі бұл жерде өзімді жайлы әрі еркін сезінемін.

   Мұрат бұдан арыға шыдай алмады. Өрекпіген сезімін, еріген көңілін баса алмай, «әкейді» құшақтай алып, төсіне бетін басып еңіреп жылап жіберді. Осыны күткендей «әкей» де бауырына тығыла түскен Мұратты қапсыра құшақтап, бас-көз демей сүйе берді. Әкелі-баладай екеуі құшақтарын жазбай үнсіз ұзақ отырды. Үнсіздікті қуаныштан бал-бұл жанған Мұраттың даусы бұзды:--Әке, таң атып қалды. Енді демалайық.

 

 22.     Балалар үйінің бөлмесі. Хадиша сөйлеп отыр:--От басымыздың берекесі қашып бара жатқан соң, амал жоқ, аяғын енді ғана апыл-тапыл басып жүрген бейкүнә сәбиді өз қолыммен осында, жетім балалар үйіне тапсырдым.

   --Балалар үйіне дейсіз бе? Осында ма?—Қайсар таңдана орнынан ұшып тұрды.--Мен.. мен оны танимын ба? Ол... ол бала кім?                     

   Хадиша Қайсардың жүзін кеудесіне баса құшақтап, сыбырлай сөйледі:-- Ол бала сенсің, Қайсар. Сол нәресте сен болатынсың.

   Қайсар, көзі шарасынан шыға, шегіншектей берді.--Мен?! Жо-жоқ, мүмкін емес. Олай болуы тіптен мүмкін емес.--Хадишаның «ол бала сенсің» деген сөзі қатты жаңғырып, құлағын жарып барады. Есінен танғандай  қос алақанымен құлағын басып, күбірлей берді:-- Жо-жоқ, мүмкін емес..

   Хадиша өзіне мағынасыз қарап, күбірлеп тұрған Қайсарды құшақтап, өзіне тартты. --Сабыр, балам, сабыр.

   --Хадиша апай, бұл қалай болғаны? Сіз..Сіз менің анамды да, әкемді де, автомобиль апатынан.. автомобиль апатынан...

   --Ия, балам, мен саған солай деп айттым. Солай өтірік айтуыма тура келді. Сен уайым-қайғысыз, алаңдамай өмір сүрсін дедім. Қандай қиындық кездессе де, қайсарлықпен жеңе білсін деп есіміңді де Қайсар қойдым.

   --Ал, енді.. енді, дәл бүгін сол сұмдық шындықты неге айттыңыз? Неге? Неге? Мұндай өзі көріп-білмеген опасыз әкесі бар, өз анасын жұтып барып өмірге келген жебір, құбыжық шала жетім аталғанша, қиялындағы ардақты да мейірімді әке-шешесіне деген махаббаты, сағынышы бойына қуат беріп, алға қарай жетелеген, жетімхананың басшысын өз анасы санап, оны өзге балалардан қызғанып келген таза жетім, тас жетім боп жүргенім әлдеқайда артық емес пе еді?

   Жан-дүниесі астаң-кестең болып, жүзін ыстық жас жуып тұрған Қайсарды көргенде,  Хадишаның да жүрегі езіліп, жаулығының шетімен көзін  сүрте берді.-- Жыла, ұлым, жыла. Қысылма. Тек мені дұрыс түсін. Өзіңмен әр кездескен сайын өзімді екі жүзді қылмыскердей сезініп, ой азабына батумен келдім. Шындықты, ақиқатты айтпақ болып қанша рет оқталмадым. Айта алмадым. Күшім жетпеді. Енді міне, бар ақиқатты, шындықты алдыңа жайып салып отырмын. Ойыңмен емес, жүрегіңмен таразыла. Рас, алдап келгенім үшін алдыңда кінәлімін. Ал, сенің көңіліңе қарап ол шындықты айтпай, жасырып қалсам, Аллаһ алдында күнәһар болмаймын ба? Ия, ұлым, айтылар шындық айтылды. Енді мен туралы қалай ойласаң да еркің. Тек.. тек аналық өтінішім, ең алдымен жүрегіңе жүгін.--Бетін басқан күйі Хадиша орнынан тез тұрып, есікке қарай жүре берді.

   --Апа!! --Айтуын айтса да, Қайсар төмен қарап бүгежектеп тұрып қалды.

   Есіктің тұтқасына қол соза берген Хадиша жүзі нұрлана кілт бұрылды.-- Апа!?.. Сен мені апа дедің бе, ұлым?

   --Апа, кешіріңіз. Мендей оспадарсыз, ақымақты кешіре көріңіз.--Қайсар әлдебір мейірім, жылылық күткендей қос қолын алға соза берді.

   --Құлыным! Құлыным менің.—Хадиша да барлық аналық мейрімін төге, Қайсарды құшақтай алды.

   --Апа, бұдан былай сізді ренжітпей, туған ұлыңыздан артық ардақтап, аялап өтемін деп серт беремін,

   --Құлыным! Құлыным менің..--Жүзін ыстық жас жуған Хадиша жаулығының шетімен өзінің де, Қайсардың да көз жасын сүрте берді.

 

  23.    Азаматтық киімін киіп алған Мұрат полковник шеніндегі кісінің алдында отыр. Полковник алдындағы қобырап жатқан қағаздарды ысырып қойып, Мұратқа сынай қарады.—Ал, Мұрат Саржанұлы мырза. Мінеки, бүгін мерзімінен бұрын бостандыққа шығып отырсың. Енді не істемек ойың бар? Бостандықтың қәдірін, өмірдің мәнін енді жақсылап түсінген шығарсың? Бұл саған үлкен сабақ. Енді, адалдық жолынан таймай, жаңа, мәнді өмір бастауың керек. Өзіңнің Тәуелсіз Қазақстан азаматы екеніңді еш уақытта ұмытпа және мақтан тұт. Қазақстан азаматына тән игілікті істер істеп, сүйікті Отаныңа өз үлесіңді қос. Сенің сондай кең жүректі, ар-намысты азаматтың бірі болатыныңа кәміл сенемін.—Полковник Мұраттың қолын қысты.—Сау бол, ұлым. Жолың болсын.—Орнына отыра беріп, ойына әлдене түскендей суыртпаны ашып, ішінен желімделген конверт алды.—Балам, бұл әкеңнен. Өзі туралы айтпауымды өтініп еді, жолда оқырсың.

   --Әкем?І Әкемнен?!—Аң-таң болып сілейіп қалған Мұрат әлден соң барып өзіне келіп, полковниктің қолынан хатты алды. Рахмет айтуға да шамасы жетпей, жанарына келіп қалған жасты көрсетпеуге тырысып, сыртқа ата жөнелді. Сыртқа шыға салысымен саусақтары дірілдей, асыға конвертті ашып, ішіндегі хатты алып оқи бастады.

                                                                      «Жаным, балам!

   Сен бүгінге дейін әкемді тауып алсам деп армандаумен келіпсің. Әкемді тауып алып келемін деп серт беріпсің. Ал, сенің армандаған әкең-мына мен кім едім? Кім екенімді, кім болғанымды өзің де жобалап отырған шығарсың. Өзіңе айтқан әңгімемдегі Жамалға бауыр еті баласын өз қолымен апарып берген ар-намыссыз, жігерсіз, ез, бейшара жан мен екенімді, ал, ол бала өзің екеніңді де енді-енді ғана ұға бастаған боларсың.

   Балам, бұған дейін өте жаман адам болсам, болған шығармын, ал, дәл қәзір менен өткен бақытты әке жоқ.. Бір апта бойы өз қанымнан шыққан туған ұлым-өзіңмен құшақтасып бір төсекте жаттым. Бұдан артық маған қандай бақыт керек? Сенмен кездестірген тағдырға мың мәрте алғыс.»

                              

     24.    Тақтайдай тегіс асфальт жол. Көз ұшында көрінген кішкентай ноқат жақындай келе үлкен автобусқа айналып, зу етіп өте шықты. Автобустың алдыңғы терезесінен көрінген таспадай созылған жол іштегі жолаушыларды бақытқа, қуанышқа бастап бара жатқандай. Жолаушылардың кейбірі әңгімелесіп отырса, кейбірі қалғып-мүлгіп, кейбірі тәтті ұйқыға батқан. Арт жақтағы орындықтың бірінде жүзін мұң торлап, терең ойға батқан Мұрат отыр. Хат оқылып тұр:

     «Ұлым, өзің де байқап отырған шығарсың. Жамал мен сенің алдыңдағы кінәмді ешкім кешпес еді. Сондықтан кешірім сұрап жатпай-ақ қояйын. Ұлым, бірақ, мен де сенің Жамал анаң алдындағы кінәңді кешіре алмас едім. Қайран, Жамал! Мен білем ғой сырын. Енді, сен ондай ана таба алмайсың. Асыл жанды  Жамал анаңа тартпай, қатыгез, арсыз, екіжүзді маған тартып кетіп пе едің, қайтейін. Ұлым, мен айтпасам да, аяулы Жамал анаңның алдында кешірілместей үлкен күнәға батқаныңды өзің де  біліп отырған шығарсың. Айтарым ондай ғажап адам елеусіз, ескерусіз қалуға тиіс емес. Ондай адам.. Ондай ана.. Қалай деп айтсам екен?.. Ұлым, сенен өтінерім, көзі тірі болса, іздеп тап. Өлі  болса, бейітін тауып, басына құлыптас қой.»

   Мұраттың көз алдына өзінің қақаған қыста  ауырып жатқан Жамалды жалғыз тастап, тәлтіректеп үйден шығып бара жатқан сәті (8-көрініс) келді. Өкініштің оты ішін өртеп, ыстық жас жүзін жуып, «анашым, анашым» деп күбірлей берді.

   Хат оқылып тұр: «--Ұлым, өмірді көрдің, түсіндің. Енді дұрыс жолды дер кезінде таңдай біл. Мейірімді болуға тырыс. Тура, адал бол. Зұлымдық пен мейірімділікті, екіжүзділік пен туралықты, надандық пен адамдықты, қысқасы, жамандық пен жақсылықты таразылап көргің келсе, мына мені өзіңнің аяулы Жамал анаңмен салыстыра ғой. Сонда бәрі де айдан анық болып шыға келеді. Міне, ұлым, өмірде жақсылық пен жамандық қатар жүретінін есіңнен шығармағайсың.

   Ұлым, бұған дейін маған өмір тек аярлықтан, жамандықтан ғана тұратындай көрінуші еді. Өзгелерден биік, үстем  болу үшін өзімді күшті, тіпті қатыгез етіп көрсетуге тырысушы едім. Ал, өзіңе кездескелі бері бұл ойымнан бас тартып, қатты өзгердім. Өмірдің жылы шуақтан, ыстық мейірімнен, асып-тасқан қуаныш-шаттық, бақыттан тұратынына да көзім жетті. Осы уақытқа дейін түрме екінші үйіме айналып, одан шыққым келмеуші еді, енді бір сәт те тұрғым келмей, бостандықты аңсайтын болдым. Көп ұзамай-ақ бостандыққа шығарыма да өте сенімдімін. Өйткені, өзіңе айтқандай мені түрмеден шығармай отырған жоқ, майда-шүйде қылмыстар жасап, шықпай отырған өзім. Тірі тұрсам өзіңді қалай да іздеп табамын, ұлым. Табамын  деп  серт  беремін.                      Әкең Саржан»

                                                  

 25.    Кішкентай ғана ауылға бірте-бірте жақындай береміз. Аулды бастан-аяқ бір шолып шығып, шеткері тұрған  Жамалдың үйіне келіп тірелеміз. Үй әбден тозған. Шатырының жартысы опырылып, бір жақ қабырғасы жарылып, құзданып құлауға шақ тұр. Мұрат аяғын санап басып, үйге жақындап келеді. Кенет есік сықырлай ашылып, үйден Жамал шыға келді де, Мұратқа құшағын жая ұмтылды.—Құлыным! Мұратым! Келдің бе? Сағындым ғой.

   --Мен де сағындым, апа..—Мұрат та құшағын жая ұмтыла беріп кілт тоқтады. Ой-қиялға беріліп кеткенін біліп, есікті сықырлата ашып ішке ене берді. Үш бөлмелі шағын үйдің іші де әбден тозған. Сылағы түсіп, ойдым-ойдым болған төбесі мен қабырғалары көзге жап-жаман көрінеді. Мұрат әлдене іздегендей оң жағындағы бөлмеге тез бас сұғып шықты да, қарсы бөлмеге кірді. Көзі бұрыштағы жартылай бұзылған пешке түскенде, пеш түбінде бір уыс болып бүрісіп жатқан Жамалды (8-көрініс) көргендей болды. Жанарынан еріксіз ыстық жас ыршып кеткен Мұрат бөлменің ортасына келгенде, стол басында Жамалға пышақ лақтырғаны, Жамалдың үн-түнсіз қол сүрткішпен қан саулаған білегін орап алып, пышақты есіктің үстіңгі қуысына тастай салғаны (7-көрініс) көз алдына келді. Жүзін жас жуған Мұрат селт етіп, есіктің үстіңгі қуысын сипалап іздей бастағанда, баяғы пышақ жерге түсіп кетіп, еденге қадалды. Мұрат үрейлене кейін шегінді. Сәл ойланып тұрды да, пышақты алып, қолы дірілдей кеуде тұсына көтере берді. Осы сәтте әкесінің даусы естілгендей болды:

   «Ұлым, мен айтпасам да, аяулы Жамал анаңның алдында кешірілместей үлкен күнәға батқаныңды өзің де  біліп отырған шығарсың. Айтарым, ондай ғажап адам елеусіз, ескерусіз қалуға тиіс емес. Ондай адам.. Ондай ана.. Қалай деп айтсам екен?.. Ұлым, сенен өтінерім, көзі тірі болса, іздеп тап. Өлі болса, бейітін тауып, басына құлыптас қой.»

   Мұрат пышақты лақтырып жіберіп, етбетінен түсіп еденді маңдайымен, қос жұдырығымен тоқпақтап, өгіздей өкірді. Сәлден соң сүйретіле орнынан тұра берді.

                                                

 26.   Арада 20-25 жылдай уақыт өткен. Жиһазға бай Дәуреннің үйі. Шашы да, өсіңкі сақал-мұрты да, өзі де аппақ қудай болып азып кеткен  Дәурен таяққа сүйеніп, кең бөлмені әрі-бері кезіп жүр. Әлдекімді күткендей тоқтап, тысқа құлақ салып қояды. Электр ұстараны токка қосып, әндетіп қырына бастады. Көзі күлімдеп қүбір-күбір етеді:--Ата!-деп мойныма асыла кеткенде, тікенектей қадалып.. О-о, міне, енді жөнге келді. Тоқта! Тоқта! Мына бір талы қалай қалып кеткен-ей, тікірейіп. Қәзір, мен сені..—Ұстараны тағы да біраз жүгіртті.—Вот, теперь отлично!—Алақанымен бетін шапалақтап, иіс су сеуіп, ұстараны орнына қойып, ойланып тұрып қалды.—Бәсе, нені ұмыттым десем..—Едендегі төсеніштің үстіне тағы қабаттап төсеніш салды. Үстіне құлап, әрі-бері аунап көрді.—Ал, енді құласа да еш жері ауырмайтынына мен кепіл.—Орнынан тұрып сағатына қарады.—Ажар кешікті ғой.. Бұл жолы да әкелмесе ше?—Креслоға  отырып, таяғына маңдайын тіреп күбірлей берді:

   --Бұл қалай болғаны? Неліктен бұлай болды? Жетпек болған мақсатым қайда? Шықпақ болған биігім қайда қалды? Ғылым жолына түсіп, медицина саласына үлкен-үлкен жаңалықтар енгіземін деп едім. Сол үшін сүйгенімнен, Айгүлімнен, тіпті әлі ана құрсағынан шықпаған нәрестеден- өз баламнан бас тартқан жоқ па едім... Ал, енді ше? Ақыры не болды? Е, ғылым жоқ, е, ұлым жоқ, қураған қу бас болып отырғаным мынау. Рас, елден қалмай кәсіпкерлікпен айналыстым. Менмін деген дәулеттілердің қатарына да қосылдым. Өзгелер қызыға да қызғана қарайтындай, көркіне ақылы сай жұбайым да бар. Бірақ.... бірақ жиырма жылдан асты, балам, ізбасарым жоқ. Аллаһ Тағала дүние-байлықты үйіп-төгіп берсе де, бір...бір ғана шақалаққа зар ғып қойды. Бергенінде алмап едім, сұрағанға зар қылды. Әкеден жалғыз қалған жетім едім, енді өмірімді жалғастырар ұрпағым да  жоқ. Олай болса, осынша дүниені өліп-тіріліп кім үшін жинадым? Кім үшін?—Тыстан шыққан дыбысты естіп, жанарында үміт оты ойнап орнынан тұра берді.

   Асыға кірген Ажар біресе Дәуренге, біресе жердегі қабат-қабат төсенішке қарап тұрып қалды.—Дәурен, сенің сақалың қайда? Сосын, мынау төсенішің не?

   Дәурен үміттене Ажарға жақындай берді.—Не болды, Ажар? Бардың ба? Алатын болдың ба? Олар келісімін.. келісімін берді ме?

   --Дәурен, аздап сабыр етші. Саған бұлай қатты толқуға болмайды ғой.  Жүрегің..

   --Жүрегімді ит жесін.—Дәурен айғайлап жіберді:--Сен... сен не болғанын айт. Тап қазір айт.

   --Айтқанда... енді... былай бардым, сөйлестім. Әдепкіде келісімге келіп те қалғандай болып едік... Өтінішімді оқып шығып, әлдекіммен телефон арқылы сөйлескен соң-ақ... жүзі бірден қатуланып... өтінішімді өзіме қайтып берді....

   --Ажар, сен мұнымен не айтайын деп тұрсың? Сен... сен шынымен-ақ баланы... баланы..—Дәурен жүрегін басып  тұрып қалды.

   --Дәурен!

   Өзіне жақындай берген Ажарды таяғымен жасқап айғай салды:--Жоғал!—Ашу жеңіп, қалшылдап, стол үстінде тұрған қымбат вазаны таяғымен ұрып, быт-шыт қылды.--Жоғал! Бәрің де жоғалыңдар!

   Екі қолымен басын қорғаштаған Ажар көзі шарасынан шыға үрейленіп кейін шегіне берді.

   --Дәурен, менің қандай жазығым бар? Мен балалар үйінің басшысы емеспін ғой... Бермеген баланы қайтіп әкелемін?

   Дәурен алқына, таяғына қос қолдай сүйеніп тұрып қалды. --Әкелуің керек еді. Әкелуге тиіс едің, бірақ сен әкелмедің. Әкелгің келмеді. Ия, сен әдейі әкелмедің. Мен... мен сенің ойыңды білемін. Саған мен емес, менің дүние-байлығым керек. Әбден ауру меңдеген, дімкәс, шала-жансар менен тезірек құтылғың келіп жүргенін де білемін. Сол себепті маған бала тауып бергің келмейді. Тезірек менің көзімді құртып, барлық дүние-мүлікті бір өзің ғана иемденіп қалғың келеді. Бәлкім, сап-сау, жап-жас біреумен төсектес болып...

   --Тоқтат, Дәурен! –Дәуренді шапалақпен салып жіберген Ажар екі қолын көкке жая айғай салды:

   --О, құдіреті күшті Құдай! Осыншама қорлайтындай, осыншама қинайтындай не жаздым мен саған?  Ей, жаратқан Құдай, сен маған бала берсең, мен бас тартқан жоқ едім ғой... Жастық ғұмырымды тас-талқан етіп, өмір жасымды өксітпей бір... бір... тым болмаса бір ғана шаранаңды қия салсаң нең кетеді?—

   Еңіреген күйі етбетінен түсіп, қос жұдырығымен жерді тоқпақтай берді.

   Дәурен енді ғана өз оспадарлығын түсінгендей, креслоға сылқ етіп отыра кетті.Таяғын сығымдай ұстаған қос қолы дірілдеп, басы төмен салбырап бара жатты.

                                             

  27.      Мұрат ауыл шетіндегі бейітке жақын жерде бір қарияға жолықты. Қария сәл ойланып барып жауап қатты:--Жамал дейсің бе? Жамал.. Жамал.. Ия, ия, білемін. Сондай ибалы, кішіпейіл тамаша жан еді. Үйі шеткерілеу болса да, оны ауыл тегіс білетін, жақсы көретін. Байғұс, осыдан екі жылдай бұрын, қақаған қыстың ішінде жоқ болып кетті. Қайда кетті? Өлі ме? Тірі ме? Оны ешкім білмейді. Өзін лақтырып тастап кеткен кеудемсоқ ұлы бар еді, біреулер соны іздеп кетіпті дейді. Енді біреулер сол баласы келіп, ешкімге білдірместен өзімен бірге алып кетіпті дейді. Осылай қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін біле алмай дал боп жүргенімізде, ауылдың сырт жағынан бір әйелдің мәйіті табылды. Тұқымың жойылғыр қорқау қасқырлар талап, пәршектеп тастаған екен, дал-дұл болған киімінен, сонан соң өмірі қолынан тастамайтын таяғынан әрең таныдық. Мәйіт Жамалдікі болып шықты. Байғұстың дәм-тұзының таусылған жері екен. Ел болып, жұрт болып, ақ арулап  мәйітті осында жерледік. Сөйтіп Жамал байғұсқа топырақ осы жерден бұйырды. Марқұм, өте жақсы кісі еді. Шамам келгенше дұғамнан қалдырмауға тырысамын.

   --Ол.. ол кісіні қай жерге.. қай жерге жерледіңіздер? Қабірі.. Қабірі қай жерде екенін айтыңызшы, ата.—Мұрат қарияның қолынан қос қолдап ұстай алды. Сол-ақ екен, көзінен ыстық жас парлап қоя берді.

   Қарт кісі оны байқамаған секілді.

   --Қабірі дейсің бе, балам?—Көзін алақанымен көлегейлеп, бейіт жаққа ұзақ қарап тұрды.—Анау шығыс жағындағы биік күмбезді бейітті көрдің бе? Сол бейіттен сәл жоғары өрлеп көр. Одан бері де қаншама адам жерленді ғой.. Байғұстың кім екенін де, қайдан келгенін де білмегесін, басына Жамал деп атын ғана жаздық та қойдық. Е-е, қарағым-ай, өлмей кім қалады дейсің. Ерте ме, кеш пе, бәріміз де сонда барамыз—Қария аяғын тырпылдата басып ұзай берді.

   --Рахмет, ата, рахмет.—Мұрат кілт бұрылып, бейітке қарай жүгіре жөнелді.

                                                        

28.   Орталық саябақ. Арқалы ұзын орындықта отырған Дәурен қос қолдай ұстаған таяғына иегін тірей, терең ойға батып кеткен. Қай жақтан шыққаны белгісіз, 5-6 жастар шамасындағы Баян  жүгіріп шығып,  Дәуреннің жанына келді. Ентігін баса алмай, алқынып тұр:--Ата, ата, біз жасырынбақ ойнап жүр едік. Мені жасырыңызшы,  ататай...

   Ойы бөлініп кеткен Дәурен селт етіп басын көтеріп алды. Мұңды жүзінде мейірім шуағы ойнап шыға келді: --Ойбай-ау, сендей үлкен қыз менің қалтама сыймайды ғой...Енді не істесем екен, ә?.. Ә, таптым, таптым. Менің арқа жағыма тығыла ғой. Мен сені көрсетпей қалқалай тұрайын.

   --Ой, рахмет, ата. –Баян Дәуреннің арқа жағына жасырынды. Дәурен  костюмінің түймесін ағытып, оны қалқалап, бұрынғы қалпындағыдай отыра қалды.

   Сәлден соң жан-жағына алақтап әлдекімді іздеген Аян (Баянның сыңары) жүгіріп шықты. Ол да ентігін баса алмай алқынып тұр.--Ата, ата, бұл жерге бір кішкентай, міне, мынадай бір қыз келген жоқ па?—Қолымен иек тұсын көрсетті.-- Жасырынбақ ойнап жүр едік, таба алмай қалдым.

   --Жоқ, балам, көрмедім. Сенің көрсетуіңе қарағанда, ол өзі үлке-е-ен қыз болды ғой. Бойы сорайған ұзын, көзі көк, басы тап-тақыр, қап-қара қыз емес пе? –Дәурен жорта білмеген болып, балаға сынай қарады.

   Аян ренжігенін жасыра алмай бұртия қалды.--Жоқ, ата, тіптен ондай емес. Бойы міне, мынандай. Көзі қап-қара, шашы да қап-қара. Үлкен ақ бантик тағып алған аппақ, әдемі қыз. Ол... ол менің.. менің қарындасым.

   --О,о, қарындасың ба еді?.. Ондай әдемі қызды көргенге не жетсін. Бірақ, өкінішке қарай ондай қыз бұл жерге келген жоқ. –Дәурен күлкісін тежеп, төмен қарай берді.

   --Рахмет, ата, сау болыңыз.—Аян басы салбырап кете бергені сол, Дәуреннің тасасында жасырынып отырған Баян таңдана айғайлап ұшып тұрды:--Қара мең! Аян, қара мең! Атаның да сен секілді құлағында қара меңі бар екен.

   --Қара мең?—Дәурен ойына әлдене түскендей орнынан ұшып тұрып, өзіне тақай берген Аянды қолынан ұстай алды.-- Балам, Аян.. Сенің...сенің әкең... жо-жоқ әкеңнің әкесі- атаң мен әжең бар ма?

   --Атам мен әжем дейсіз бе? –Аян бір сәт бөгеліп қалды.-- Атам мен әжем мен туылмай тұрып  жол апатынан қайтыс болыпты.

   --Қайтыс болған дейсің бе? –Дәурен сылқ  етіп отыра кетті. –Ал, мен өзімше дәмеленіп.. Немерелерім бе деп...

   --Ата, сіз не деп жатырсыз? Түсінбедім...

   Ойға беріліп кеткен Дәурен селт етіп басын көтеріп алды:--А,а, айналайын не ғой...  Былай... әлгі... Сен  жаңа атаң мен әжеңді қайтыс болған дедің бе? Жоқ балам, бұл айтқаныңа қосылмаймын. Адам ұрпағымен ұзақ жасайды деген сөз бар. Сендердей өте зейінді, сүйкімді немерелері бар ондай атаның да, әженің де арманы жоқ. Ондай ата, әже ешқашан өлмейді. Өмірде Құдайдың қарғысына ұшырап, бір...бір шаранаға зар болып жүрген аталар да бар. Қалт-құлт етіп тірі жүргенмен, нағыз өлген аталар міне, солар. Ондай ... ондай аталарды тірі өліктер дейді

   --Ата, ата, сіздің немерелеріңіздің  де қара меңі бар ма? –Аян мен Баян да қосарлана сұрақ қойды.

   --Қара мең? А,а, қара мең дейсің бе? Жо, жоқ, айналайын, қара меңі жоқ. Өйткені, менің немерем... немерем... немерем түгіл туған ұлым да жоқ. Мен.. мен.. «Бергенінде алмай, енді сұрағанға зар болып» жүрген қураған қубас, қақбаспын.—Дәурен жүрегін басып, еңкейіп отырып қалды.

   Аян әлденеге жазықтыдай Дәуренге жақындады:--Ата, сізге не болды? Жүрегіңіз ауыра ма? Қатты ауыра ма?

   --Ия, балам, жүрегім... жүрегім ауырады. Қатты ауырады. –Дәурен жанарына келіп қалған ыстық жасты көрсетпеу үшін бұрынғыдан да төмен еңкейе берді.

   Осы кезде Аян, Баян деп шақырған Нұргүлдің  даусы естілді.

   --Бізді іздеп жатыр. Сау болыңыз, ата. –Аян Дәуреннен ұлықсат сұрағандай сәл тұрды да, Баянды қолынан жетектеп, жүгіре жөнелді.

   --Сау болыңдар, сау болыңдар... Сонда... сонда бұл...—Ойына әлдене түскендей Дәурен кенет орнынан ұшып  тұрды. Балалардың кетіп қалғанын көріп, өзін-өзі аямай жерлей жөнелді: --О, қураған қу бас сорлы. Атаң бар ма, әжең бар ма деп балпылдай бергенше, олардың аты-жөнін неге сұрамайсың? Аян-Баян! Қандай керемет балалар! Аян, Баян.. Аян, Баян...

   Сүріне-қабына жеткен Ажар келген бетте Дәуренге дүрсе қоя берді: --Дәурен мұның не сенің? Айтпастан шығып кетіпсің. Қатты қорқыттың ғой...

   Дәурен өзімен-өзі, әлі күбірлеп тұр:-- Аян, Баян... Аян, Баян...

   --Дәурен, саған не болды? Аян, Баян дегендерің кім? Не деп күбірлеп тұрсың көшенің қақ ортасында? –Кеудесін күдік кеулеген Ажар Дәуреннің қолынан ұстай алды.

   Дәурен енді ғана ұйқыдан оянғандай басын көтеріп алып, серпіле үн қатты:--Ажар, тап қазір балалар үйіне барамыз. Барамыз да таңдап та, талғап та жатпастан бір... бір... бір бүлдіршінді ... Ия, бір.. бір бүлдіршінді..

   Дәуреннің жүрегін ұстап тұрып қалғанын көріп, Ажардың жаны шығып кете жаздады. –Дәурен, мен түсіндім. Барамыз. Міндетті түрде барамыз. Тек, сен аздап демалып...

   --Жоқ, қажеті жоқ. Тап қазір баруымыз керек. Қалай да баруым керек. –Сәл аңтарылып қалған Ажар таяғын тықылдатып, қалтаңдай басып  бара жатқан Дәуренді қуып жетіп, қолтығынан демей берді.

   29.     Балалар үйі. Дәурен мен Ажар аулаға кіре бергені сол, алдарынан 4-5 жасар сүйкімді ұл бала жүгіріп шықты. Дәурен де баланы құшақтай көтеріп алып, бетінен сүйе берді. Бала әлдене дәметкендей, Дәуреннің қалталарына қарағыштай берді. Қалталарын түгел қарап шыққан Дәурен балаға беретін ешнәрсе таба алмай қатты састы.

   Әдемі қиялы кілт үзілген Дәурен аптыға айғай салды: --Тоқтат! Көлікті тоқтат!

   Оқыс, қатты шыққан дауыстан сасып қалған таксидің жүргізушісі тежегішті шірей басып, көлік кілт тоқтады. –Оу, ақсақал-ау, не боп қалды? Адамның жанын алдыңыз ғой..

   --Ия, шынында не боп қалды, Дәурен? Әлде, бармайтын боп шештің бе?–Ажар да Дәуренге аңтарыла қарады.

   --Шоколад! Кәмпит.. Әлгі тәтті.. Немене еді? Әлгі...—Дәурен тапырақтай көліктен түсе берді.

   --Шоколад? Кәмпит?..—Ешнәрсеге түсінбей, аң-таң болған Ажар да көліктен асыға түсіп, Дәуренді сүйемелдеді.—Дәурен, қандай кәмпит, шоколадты айтасың? Түсіндірші...

   --Ажар-ау, екеуміз де қандай ақылсыз едік. Алла нәсіп етіп, бір баланы ала қалсақ, оның қолына не ұстатпақпыз?

   --Е-е, сол ғана ма? –Көңілі енді ғана жай тапқан Ажар күліп жіберді. – Шалым-ау, сол шоколадты алу үшін дүкенге өзің бармақсың ба?

   --Енді, кемпірі ешнәрседен хабары жоқ ойсыз болса, байғұс шалы бармағанда қайтеді.

   --Жарайды, шалым, сыныңнан қорытынды шығаруға тырысармын. –Ажар тез-тез басып дүкенге жөнелді.

   Таяғына сүйенген Дәурен тағы да тәтті қиялдың жетегінде кетті.

Алдынан жүгіріп шыққан баланы  құшақтай көтеріп, бетінен сүйіп,  қалтасынан үлкен шоколад алып берді. Мәз-мәйрам болған бала шоколадты аузына сала берді.

   --Дәурен, мынадай әдемі қағазы бар үш шоколад алдым. Ұнай ма? –Ажардың даусы Дәуреннің тәтті қиялын үзіп жіберді.

   --Шоколад? А-а, шоколад па? Ұнайды, ұнайды. Жақсы екен. –Дәурен Ажар ұсынған үш қорап  шоколадты алып, костюмінің төс қалтасына сала берді. –Шынында ұнады, Ажар. Өзі шынында әдемі екен. Жүр, енді тезірек барайық.

   Ажар алдымен Дәуренді көлікке отырғызып, сонан соң өзі  де мінді. Көлік орнынан қозғала берді.

                                                         

    30.    Айнала темір тормен қоршалған сансыз бейіттер. Бірі ойылып, ішіне түсіп кетсе, енді бірінің үстіне салынған сарайға бергісіз сағананың күмбезі күн сәулесіне шағылып, айнадай жарқырайды. Мұрат бейіттерді аралап жүр. Әр бейітке бір үңіледі. Жүзінен де, жүрісінен де әбден шаршағаны байқалады. Жамал деп жазылған тасы бар бейітке жақындай бергенде, әлі кетіп, етбетінен құлап түсті де еңіреп жіберді:

   --Анашым, сені мына топырақтың астында жатыр дегенге жүрегім сене алар емес. Сен шынымен осы топырақтың астында жатырсың ба? Анашым, кешіре гөр мендей оспадарсыз, есерсоқ ұлыңды. Мен сенің алдыңда кешірілместей күнәға баттым. Мен.. мен сені балағаттадым. Әппақ арыңа қара күйе жақтым. Мен.. мен саған.. саған пышақ лақтырып, қолыңды ғана жаралап қоймай, жаныңды да аяусыз жараладым. Анашым, мен.. мен сенің алдыңа келіп кешірім сұрамақ түгіл, лас табаныммен топырағыңды басуға да хақым жоқ екенін білемін. Анашым, қалған өмірім өзіңді ойлаумен, аңсаумен, сағынумен өтеді. Анашым, өзіңе жасаған жамандығыма, көрсеткен зәбіріме өкінумен, сол үшін Аллаһтан өмір бойы кешірім сұраумен өтемін. Анашым, әрі-бері өткен жандар таңдана бұрылып қарайтындай қабіріңнің басына ғажайып құлыптас қоямын. Аяулы анашым, осы айтқандарымды орындаймын деп Аллаһтың атымен қәбірің басында серт беремін!

                                                

   31.     Балалар үйі. Алдына келіп тоқтаған таксиден асыға түскен Дәурен мен Айгүл тез-тез басып  үйге қарай беттеді. Кіре беріс есіктің тұтқасын ұстап аша берген Дәурен ойланып кідіріп қалды.

   --Ажар, сен осында күте тұр. Басшысына өзім жолығып көрейін. Сені көрсе, өткендегідей тағы да бермей қойып жүрер.

   --Жарайды Дәурен. Тек өзіңе абай бол. Сезімге тым беріліп кетіп жүрме.

   Дәурен жауап қатпастан асығыс ішке еніп кетті. Таяғын тықылдатып, ұзын дәлізді бойлай балалар үйі басшысының кабинетінің алдына келіп тоқтады. Есіктің тұтқасын ұстай бергені сол, екінші жақтан жүзін жас жуып, егіле жылаған 4-5 жастар шамасындағы Арман да есікке жақындай берді. Дәуренді байқап қалды да, апыл-ғұпыл көз жасын сүртіп, кібіртіктеп тұрып қалды.

   --Амансың ба, балам.—Дәурен жүзінен мейірім шаша қос қолын ұсынды.

   --Сә-сә.. сәламатсыз ба, ата.—Сасқалақтап қалған Арман да  қос қолын ұсына берді.

   Арманның кішкентай саусақтарын үлкен қолдарымен абайлай қысқан Дәурен оны әңгімеге тартты.

   --«Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деген, балам. Мен Дәурен деген атаң боламын. Ал, сенің атың кім?

   --Арман.

   --Өте жақсы есім екен. Ал, енді неге ренжігеніңді білуіме бола ма? Сендей алтын баланы өкпелетіп жүрген кім?

   Қызарақтап қалған Арман күмілжи жауап қатты:--Ол, ол.. әлгі Жарас деген бала ғой.. Салған суреттерімді жыртып, бояуларымды тартып алды.

   --Қап, бұл Жарас деген бала.. өзі бұзық екен-ау. Өзін не істесем екен, ә? Қой ондай бұзықтың құлағын кесіп алайын.—Дәурен Арманның қолын босатып, қалтасынан шаппасын алды.

   --Жо- жоқ, ата, ол... ол бұзық емес.. Ол.. ол.. жақсы бала...

   --Бұзық емес дейсің бе?—Дәурен шаппасын қалтасына салды.--Онда неге сенің салған суреттеріңді жыртып, бояуларыңды тартып алады? Сенің оған шамаң келмей ме?

   --Неге шамам келмейді? Күрескенде мен оны қалай болса солай жеңемін. Бірақ...--Әдепкіде ыстықтап, намыстанып қалған Арман бірден төменшіктей берді.--Бірақ оның.. оның енді атасы бар. Бір ата күнде кеп оны үйіне алып кетем деп жүр.

   --Ата болса қайтеді екен? Ол ата болса, мен де атамын. Жүр, оларды көріп алайық. Кеттік пе?--

   Дәурен өтірік-расы белгісіз, Арманға қолын соза берді.

   --Кеттік.—Қуана қолын соза берген Арман, қайтып тартып ала қойды.--Жоқ, қажеті жоқ.. Болмайды екен.

   --Ау, саған не болды, батыр? Неге тоқтап қалдың?

   --Болмайды екен. Қазір сіз кетіп қаласыз. Өйткені сіз... сіз менің атам емессіз. Ал, анау ата Жарасқа күнде-күнде келеді. Ол Жарасқа ата боламын деп жүр.

   --А-а солай ма?..—Дәурен қипақтап костюмінің алдын сипалай берді де, төс қалтасынан шоколадты алды.--Ойбу, қара басып ұмытып кетіппін ғой. Мә, ала ғой, айналайын. 

   --Рахмет, ата.—Арман  асығыс шоколадты аша бере, ойланып тұрып қалды.

   Бойын әлдебір сезім билеген Дәурен Арманның басынан сипап, иығына қолын салды.--Арман, айналайын, осы мен саған ата болсам, сен маған бала болар ма едің?

   Арман қуанышын жасыра алмай, жанары жарқ ете қалды.-- Болам. Әрине, болам. Сіз жақсы атасыз.

   --Онда... онда қазір бастық келген соң онымен сөйлесіп, сені үйге алып кетемін. Келістік пе? Кәні қолды әкел.

   --Келістік!—Арман қолын соза бере, тағы тоқталып қалды.-- Жоқ, болмайды екен. Кешіріңіз.

   --Тағы не болып қалды? Осы жаңа ғана келісімге келген жоқпыз ба?

   --Мен... мен кішкентай қарындасымды тастап кете алмаймын. Мен сізбен кетіп қалсам, оған кім қамқор болмақ?

   --Қарындасым дейсің бе? Ол кішкентай қарындасыңның есімі кім?

   --Анар. Өзі сондай сүйкімді, өте ақылды қыз. Көрсеңіз, ол сізге бірден ұнайды.—Тым еркінсіп кеткенін ұққан Арман  өзін-өзі тежей қойды.-- Жарайды ата, сау болыңыз. Мен кетейін..

   Дәурен Арманның қолынан ұстай алды.--Тоқта, Анар дедің бе? Қандай тамаша есім! Өзі сүйкімді, әрі ақылды дедің ғой ә...ым..м..м..—Дәурен сәл ойланғандай қалып танытты.--Олай болса... олай болса, саған да, оған да ата болсам қайтеді? Сені де Анарды да үйге алып кетсем... Бірің ұлым, бірің қызым боласың. Қалай, келісеміз бе? Кәні, қолды әкел.

   --Келісеміз.--Алақанын сарт еткізіп ұрған Арман, Дәуренді құшақтай алды.--Мен... мен Анарды тез барып ертіп келейін. Тек, сіз біз келгенше еш жаққа кетіп қалмаңыз.—Жүгіріп кеткені сол, қайта жүгіріп келді.--Ата, мына шоколадты Анарға сіз беріңіз. Сонда ол сізге тез бауыр басып кетеді.

   --Шоколадты Дәуренге беріп тағы да жүгіре жөнеледі. Мәз болып, айғайлап барады.--Алақай, атам бар. Енді біздің де атамыз бар.

   Қолындағы шоколадқа қарап терең ойда тұрған Дәурен жанына келген балалар үйінің басшысы Нұргүлді байқамай қалды.

   --Сәләмәтсыз ба. Маған келдіңіз бе?  Мен осы үйдің басшысы Нұргүл Асылбекқызы боламын.

   Дәурен басын көтеріп алды.--Ия, қарағым, сені тосып тұр едім. Бала... бала асырап алсам ба деп...

   --Өте жақсы. Біз бұған тек қана қуанамыз. Жүріңіз, кабинетке кірейік.—Нұргүл есікті аша берді.

   --Қарағым, былай ғой ... Мен әлгінде ғана бір балаға осы жерден қозғалмаймын деп уәде беріп қойып едім... Айып болмаса осы жерде-ақ сөйлесе берсек қайтеді?

   --О-о, үлкен адамға уәде берген екенсіз ғой.—Нұргүл езу тарта күліп қойды.—Дегенмен, кеңсе мәселесін кеңседе шешкеніміз жөн болар. Есікті де ашып қояйық. Сіз айтқан үлкен кісіге жауап беруді де өз мойныма алайын.—Нұргүл кабинетіне кіріп, өз орнына жайғасты.—Келіңіз, мұнда жайғасыңыз.—

   Дәурен жайғасқан соң, алдына қағаз-қаламын алып жазуға дайындалды.—Ал, енді, маған өзіңіз, жанұяңыз,  үй-жайыңыз, қызметіңіз, денсаулығыңыз туралы  бастан аяқ түк қалдырмай айтып беріңіз.

Әдепкіде «бұл неге керек?» дегендей дағдарып қалған Дәурен терең күрсініп алып сөйлеп кетті.

   --Өзім жайлы айтсам, жап-жақсы жиһазы бар үлкен үйде әйелім екеуміз ғана тұрамыз. Бәрі де бар. Ешнәрсеге мұқтаж емеспіз. Тек... тек бір... бір баланың жоғы жанды ауыртып... Балалы үй базар, баласыз үй- мазар деген сөз рас екен.

   --Олай демеңіз, көке. Құдай біреуге береді, біреуге бермейді дегендей..—Нұргүл алдындағы параққа тез-тез жаза  бастады.—Енді толық аты-жөніңізді, сосын мекен-жайыңызды айтып жіберіңіз.

   --Аты-жөнім:  Дәурен Асқаров. Денсаулығыма келсем, несін жасырам, аздап жүрегімнің ауыратыны бар. Ал, мекен-жайым...

   --Жүрегім ауырады дедіңіз бе?— Сөзді бөліп жіберген Нұргүл сәл ойланып қалды да, тез жайдары қалпына түсті.—Көке, өзіңіз де жақсы білесіз ғой... Сіздің көптеген құжат жинауыңызға тура келеді. Біз сонан соң ғана рәсімдеп бере аламыз. Оған да кем дегенде екі-үш апта кетіп қалады...

   --Екі-үш апта?! –Дәурен дызалақтай сөзді бөліп жіберді.--Қызым-ау, түсінсеңші, мен Арманға бүгін алып кетемін деп уәде беріп қойдым ғой...

   --Сіз де мені түсініңіз, көке. Мен сізге Арман мен Анарды бермеймін деп отырған жоқпын ғой. Сіздің алғаныңыз жақсы. Сіз секілді адамдар көбейіп, осындағы бар баланы асырап алып балалар үйі жабылып қалса, ол мен үшін тіптен қуаныш болар еді. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Өз қандастарымыздан гөрі мұхит асып келіп жетімдерімізді алып кетіп жатқан шет елдіктер көп. Ал сізге... мың-мың рахмет! Бірақ, ол балаларды керекті құжаттар жиналмай, сізге ертіп жібере алмаймын ғой. Оның үстіне, жүрегіңіз де ауырады екен..

   Әлі ұйқысын аша қоймаған Анарды қолынан жетектеп келген Арман ашық тұрған есіктен  Нұргүлді көрді де қалт тұрып қалды.

   --Кел, кел, Арман, келіңдер.—Нұргүл жүзінен мейірім төге орнынан тұра берді.

   Апайының өзі ұлықсат берген соң Арман ішке еркінсіп, сөйлей кірді:--Мен барсам, рахаттан-е-п ұйықтап жатыр. Әрең ояттым. Содан сізді кетіп қалды ма деп...

   --Мен неге кетіп қаламын. Саған уәде бердім емес пе?—Дәурен сәл тыжырына қозғалақтап қалды.

   --Анар, саған айтқан ата осы. Атамен амандас.—Арман Анарды Дәуренге қарай қақпақылдады.

   --Сәлә-ә-мәтсіз бе, ата.—Дәуреннің қолында ешнәрсе жоқ екенін байқаған Анар Арманға жалтақтай берді.-- Арман, жаңағы айтқан шәкәләд... шәкәләдің кәні?

   --Шоколад дейсің бе?..—Арман  Дәуренге жалтақтады.

   --Ә--ә, шоколад па? Міне, міне, айналайын.—Дәурен асыға-аптыға төс қалтасынан шоколадты алып, Анардың қолына ұстатты.

   --Рахмет, ата.—Анар ала сала шоколадты аша бастап еді, Арман естілер-естілмес күңк ете қалды:

   --Анар, бағана не дедім? Ана Жарасқа көрсетіп барып...

   Анар да шоколадты қайта орап, қалтасына сала  қойды.

   --Анар, қызым, жей бермедің бе? Мен ертең де, арғы күні де келемін. Тағы да кө-ө-п шоколад әкелемін.—Жүрегі елжіреген Дәурен Анардың басынан сипады.

   --Ата, сіз келесіз ғой? Алдап кетпейсіз ғой? Сізді тағы да келеді, бізді алып кетеді деп достарыма айта берейін бе? Алып кетемін деп серт бересіз бе?

   --Анар, үлкен атаға солай айта ма екен? Үлкен кісілер бар уақытта уәдесінде тұрады. Әрине, келеді. Бізді үйіне алып кетеді.—Арман үлкендерше Анарды тиып тастады.

   --Арман дұрыс айтады, Анаржан. Аталар алдамайды. Аталар сендей сүйкімді қыздың бетінен сүйеді. Кәні , тәп-тәтті бетіңнен бір сүйейінші.

   --Ата, мен әлі шәкәләд жеген жоқпын. Бетім әлі тәтті емес қой.—Анар  еркелей күліп, Дәуренге бетін тоса берді.

   Анардың бетінен емірене сүйген Дәурен өтірік-шыны белгісіз, тамсанып-тамсанып қойды:

   --Тәтті емеспін дегенің мынау болса, шоколад жегеннен кейін қандай болады екенсің ә?

   Соған дейін іштей күліп, қағаз толтырып отырған Нұргүл сөзге араласты:--Ал, балалар, өздерің де білесіңдер, біз үлкен мәселені шешіп жатыр едік. Әрине, ата сендерді үйіне қалай да алып кетеді. Бірақ, бүгін не ертең алып кетеді деп айта алмаймын. Өйткені анау Жарасқа келіп жүрген ата секілді бұл ата да өте көп құжаттар жинау керек. Ал, оған біраз уақыт кететінін өздерің де білесіңдер ғой...

   --Білеміз.

   --Нұргүл апа, ата таяққа сүйеніп жай жүреді ғой. Ал мен жүйрікпін. Атаға көмектессем бола ма? Сонда құжаттар тез жиналып, ата да бізді тезірек үйіне алып кетеді.

   Арманның сөзі Дәуреннің буынын босатып, жанын елжіретіп жіберді.--Ниетіңнен айналайын сенің.  Мынау менің жақсы көретін сағатым еді. Сен таға ғой. Атаңнан естелік болсын.—Арманның  қолына сағатын тағып, құшақтап бетінен сүйді.—Құжаттарды тез арада бітіріп, сендерді үйге алып кетем деп алдарыңда серт беремін.

   --Рахмет, ата.—Арман да Дәуренді мойнынан құшақтай алып, бетінен сүйді. –Рахмет, ата.—Бойы жетпегеніне қарамастан Анар да Дәуренді құшақтап сүймек болып жатыр.

   --Көмек берем дегенің дұрыс, Арман.—Нұргүл тағы сөзге араласты:--Бірақ әзір оған ұлықсат бере алмаймын. Өйткені, сен әлі кішкентайсың. Ертең атаның баласы болған күннен бастап сен де, Анар да атаның нағыз көмекшісіне айналасыңдар. Ал қазір екеуің де өз бөлмелеріңе бара қойыңдар. Біз ата екеуміз  әлі де ұзақ сөйлесуіміз керек. Келістік пе?

   --Келістік.—Қуаныштан жүздері бал-бұл жанған Арман мен Анар қосарлана жауап берді. Есіктен шыға сала қол ұстасып жүгіре жөнелді.

   --Тамаша балалар. От болып жанып тұр.—Нұргүл ризашылық сезімін жасыра алмады.

   --Иә, керемет балалар.--Есік жаққа қарап ойланып кеткен Дәурен селт ете қалды..--Қарағым, әлгі Арман айтқандай мен аяғымды сүйретіп, құжаттарымды жинай алмай жүргенімде, оларды аяқ-қолы сап-сау, жап-жас біреу қағып кетіп, орнын сипап қалып жүрмеймін бе?

   --Көке, уайымдамаңыз. Ешкім де алып кетпейді.. Мен бұған уәде беремін.

   --Рахмет, айналайын.  Рахмет.--Орнынан қалбалақтай тұрып Нұргүлдің қолын алған Дәурен  ойланып қалды.-- Қарағым, осы әлгі Арманнның қара меңі бар ма?

   --Қара мең? Жоқ. Оны неге сұрадыңыз?--Ойына әлдене түскендей Нұргүл аз-кем ойланып қалды. ---Сіз.. сіз жаңа аты-жөніңізді Дәурен Асқаров дедіңіз бе?.. Сосын.. сосын жүрегім де ауырады дедіңіз ғой?.. Мен қазір..—Нұргүл бір дәптерді алып, тез қарап шықты.--Көке, кешіріңіз. Сіздің баланы алуыңызға бір кедергінің болып тұрғаны..

   Дәурен орнынан ұшып тұрды.--Қызым-ау, ол қандай кедергі? Қалай да болдырам деп өзің уәде бермеп пе едің?

   --Көке, ол кедергі сіздің денсаулығыңызға байланысты болып тұр.

   --Менің денсаулығыма байланысты? Сонда қалай? Түсінбедім......

   --Иә, денсаулығыңыз толық түзелмей, ешбір баланы қамқорлығыңызға да, жауапкершілігіңізге де ала алмайды екенсіз. Жоғарғы жақ осындай талап қойып отыр.

   --Қарағым-ау, өзің айтқандай мен сырқат болсам сырқат шығармын. Дімкәс болсам дімкәс шығармын, бірақ, үйдегі жұбайымның дені-басы сау, аяқ-қолы бүтін ғой. Мен, өліп, өмірем  қапқан күнде де..

   --Көке, олай демеңіз. Сіз әлі-ақ жазылып кетесіз. Ал, жұбайыңызға келсек.. Ол кісіге бала асырап алу жауапкершілігі берілмейді екен. Сондықтан сізге айтарым, жақсылап тұрып емделіп келіңіз де, Арман мен Анарды алыңыз. Үлкен қуанышқа кенеліңіз.

   Дәуреннің көңілі босап кетті.--Рахмет, қызым, Аллаһ Тағала сол күнге жеткізсін. Бірақ.. бірақ ... менің сырқатым... Қаншама ауруханаға бардым ғой.. Әй, білмеймін...

   --Көке, үмітсіз тек шайтан деген. Үмітіңізді үзбеңіз. Оның үстіне кішкентай Арман мен Анарға серт беріп қойдыңыз. Оны да  ұмытпаңыз. Айтпақшы, көке, мен жақсы бір емхананы білемін. Астанада. Жүрек пен қан тамырлары ауруын анықтап, тікелей ем жүргізеді екен. Егер қажет десеңіз, мекен-жайын берейін.

   --Жүректі емдейді дейсің бе? Астанада дейсің бе?  Бұл туралы естімеген екенмін. Жалпы, Астанаға жолым әлі бір түспепті.—Сәл ойланып қалған Дәурен серпіле үн қатты:--Тәуекел!  Жүрегімнің арқасында Астананы да көріп қалайын. Кім біледі?..

    --Міне, енді мұныңыз өте дұрыс болды. Мен қазір...—Нұргүл бір параққа тез-тез жазды да, оны Дәуренге берді.--Жолға шығар алдында  маған ескерте салсаңыз дұрыс болар еді. Ол жақтағы кісілермен хабарласып, сіз туралы айтып қояр едім.

   --Қызым-ау, саған қандай алғыс айтарымды білмей тұрғаным. Бір көрген, танымайтын адамға осынша қамқорлық, жақсылық жасап жатырсың. Ал мен...мен... Шіркін-ай, жалғыз-ақ ұлым болып, өзіңдей аяулы жанды келін етіп түсіргенімде, мұндай аянышты, мүсәпір халге түсер ме едім?..-- Көңілі босап кеткен Дәурен  орнынан тұра берді.

   --Көке, өкіне бермеңіз. Әлі-ақ бәрі өз орнына келеді. Ұлыңыз да, келініңіз де, тіпті немерелеріңіз де болады.—Нұргүл өзін тез тежей  қойды.--Иә, жаңағы кішкентай Арманыңыз ертең-ақ ер жетіп, үй болып дегенім ғой.  Көрінген таудың алыстығы жоқ демейтін бе еді..

   --Қызым, аузыңа май. Айтқан сөзің періштенің құлағына шалынсын. Аллаһ аумин десін. Мен бейбақ осы уақытқа дейін жақсылық атаулының бәрінен үміт үзген тірі өлік едім. Бүгін қайта туып, қайта тірілгендей болдым. Маған осынша жақсылық жасап, осынша қуаныш сыйлаған сен адам емес, мүмкін ақ қанатты періштенің өзі шығарсың. Аталық бола ма, әкелік бола ма, ақ алғысымды білдіріп, ақ маңдайыңнан сүйейін қызым. Ұлықсат ет.—Дәурен аталық мейіріммен Нұргүлдің маңдайынан сүйді.--Сені таңдап сүйген жарыңның да, сені келін етіп жұмсап отырған ата- енеңнің де бұл жалғанда арманы бар ма екен, сірә? Қош-сау бол, қызым.

   Көзіне келіп қалған  ыстық жасты байқатпауға тырысып, тез-тез басып бөлмеден шығып кетті.

   --Сау болыңыз... Ата...—Нұргүлдің де мұң торлаған жүзін ыстық жас жуып бара жатты.                                

  

 32.     Үсті-басы шаң болып, әбден шаршаған Мұрат аяғын әрең басып бұрынғы үйге тағы келіп, есігін сықырлата ашып ішке кірді. Бұрынғы бөлмеге кіріп, лақтырып тастаған пышақты алып, ойланып қалды. Көз алдына қызыл қан саулаған білегін қол сүрткішпен орап жатқан Жамал (7-көрініс) келді. Мұрат дәл Жамалдың қаны тамған жерге тізерлей отырды да, үндістерше өз білегін өзі пышақпен кесіп серт берді:

   --Қалған өмірім ана, өзіңді ойлап, аңсаумен өтеді.. Ана біткенді тегіс ардақтап, аялап өтемін. Надандарға қатал, адамдарға мейірімді жанның бірі болуға тырысамын. Сене гөр анашым мендей бейшара ұлыңа. Осы айтқандарымды орындай алмасам, осы сертімде тұра алмасам,  ұл деген атым жойылсын. Жер басып, тірі жүрмей-ақ қояйын.

   Еденге тамған қызыл қан бірте-бірте жайыла берді.

                                                          

 33.  Қып-қызыл қан. Қып-қызыл қан қып-қызыл бояуға айналды. Мұрат балалар бақшасының ауласында әлдебір қалқан темірді ыдысқа құйылған қан-қызыл бояумен бояп жатыр. Жанына орта жастан асқан еден сыпырушы әйел келіп, қағазға оралған қомақты затты ұсынды:--Балам, өткенде алған қарызымды қайтарайын деп келіп едім. Өркенің өссін, айналайын.

   --Апай, мұныңыз не? Сізге айтып едім ғой, мен секілді жалғыз басты адамға тым көп ақша қажет бола бермейді деп. Балаңыздың бергені болсын. Қажетіңізге жарата беріңіз.

   --Жоқ, айналайын, олай деме. «Жарлы байымай ма, жалғыз бас екеу болмай ма?» деген. Жерде жатқан ақша жоқ. Өз маңдай терің. Қысылшаң кезде біздей жарлы-жақыбайларға жасаған осындай жақсылығыңның өзі неге тұрады?—Еден сыпырушы әйел ақшаны Мұратқа беріп жүре берді де, кері бұрылды:--Балам, жақсылығыңның өтеуі дегенім емес, жай ғана айтқаным. Осы бала бақшаға таяу жерде пәтер жалдайтын бір әйел бар. Бойжеткен қызы екеуі ғана тұрады. Үйлері өте үлкен, бөлмелері де көп. Сөйлесіп көріп ем, «мақұл» дегендей қылды. Айтуыңа қарағанда пәтерің тарлау секілді.. Барарсың, бармассың.. Менің жай айтып жатқаным ғой..

   --Рахмет, рахмет, апай. Шынында пәтерім тарлық қылып жүр еді. Мен қазір.. мекен-жайын..—

  Қуаныштан толқып кеткен Мұрат қалтасынан қойын кітапша мен қаламсабын ала берді.

 

  34.  Балалар үйінің демалыс-ойын бөлмесі. Арман мен Анардың қатарластары-Қайрат, Жарас тоғызқұмалақ ойнап, екі қыз және  Әсем теледидар көріп отыр. Қолында шоколады бар Анар кірді де «мені көрдіңдер ме» дегендей ортаға таман келіп тұрды.

   Бірінші қыз Анарды байқап, орнынан тұра берді:--Ой, Анарка, қолыңдағы шоколад па? Кім  берді?

  Анар мақтанышын жасыра алмады.--Бұл шокаладты маған атам берді. Енді, Арман екеуміздің де атамыз бар.

   --Атам ! ?

   --Атам дейсің бе, Анарка?  Енді сенің де атаң бар. Құттықтаймыз!--Әсем Анардың бетінен сүйді.

   --Құттықтаймыз, Анарка.-- Бірінші, екінші қыз да Анарды құттықтап, бетінен сүйді. 

   --Рахмет, мә, алыңдар.—Анар көңілдене Дәурен берген үш  шокалаттың  үшеуін де екі  қыз бен  Әсемге ұстата салды.

   --Анарка, өзіңе қалмады ғой . Мә, менің шокаладымның жартысын ал.

   --Жоқ, Әсем, өзің жей бер. Атам ертең де көп шоколад әкеледі. Бәрімізге жетеді.—Жегісі келіп, іштей тамсанып тұрса да, Анар өзін байсалды ұстады.—Маған сыртқы қағаздарын берсеңдер болды.

   Ойнап отырған Қайрат пен Жарас та  қыздар жаққа жақындады.

   --Анар, мен де Арман екеуіңді  аталарыңмен  құттықтаймын.—Қайрат  Анардың қолын қысып, шын көңілін білдірді.

   Осы кезде үнсіз тұрған Жарас  киліге кетті:--Қандай ата, Қайрат ? Өтірік. Өзінше айтып жатқаны ғой.

   Анар да берілер емес:-- Өзің өтірік. Атам бар, бар, бар!

   --Атаң жоқ , жоқ , жоқ!

   --Өзің жоқ , өзің жоқ , өзің жоқ!—Анар қолын ербеңдетіп Жарасқа ұмтылды.

   --Мына қыз жынды ма өзі?—Жарас не істерін білмей, екі қолымен басын қорғаштай берді.

   --Өзің жынды, өзің жынды.—Анар ызаланып  жылап жіберді.

   --Қап, мына қызды-ай, ә. Өзі таза жынды екен ғой.

   Сөзге Қайрат араласты:-- Жарас, саған не болды? Кішкентай қызбен айтысып. Одан да рас па, өтірік пе, Арманның өзінен сұрайық . Міне өзі де келді.

   Қолына таққан сағатын көрсеткенше асығып, көңілдене кірген Арман жылап тұрған Анарды көргенде, ашудан өзін-өзі ұстай алмай Жарасқа ұмтылды.--Жарас, тағы да  сен бе менің қарындасымды жылатқан?

Қайрат  Арманды ұстап қалды.--Арман, Анарға ешкім тиіскен жоқ. Тек, бір нәрсені анық біле алмай тұрмыз.

   Анарды босатқан Жарас та ақталып жатыр: --Ия, Арман, мына қыз кіп-кішкентай болып өтірік айтқан соң  мен де...

   Анар Арманның қолынан ұстай алды.--Арман, енді біздің атамыз бар ғой, ия? Бізді алып кетем деп серт берді ғой, иә? Атамыз бар десем мына Жарас сенбейді. Айтшы, Арман, атамыз бар деп айтшы..

   --Ия, Арман, таласып жатқан нәрсеміз осы ғана. Анар атам бар дейді, Жарас атаң жоқ дейді.--Қайрат өз сөзін тағы да нықтап жатыр.

   Арман күліп жіберді.--Е, е, сол ғана ма? Мен бірнәрсе болып қалған екен деп.. Сонда біздің атамыз бар екеніне сенбей тұрған тағы да Жарас па? Жарас, осы сенің Анар екеуіміз десе қандай жының бар? Біз саған ешқашан қарсы келіп көрген жоқпыз ғой. Сен ата тапқанда, Анар екеуіміз де қуанып, сені құттықтаған жоқ па едік. Ал, сен болсаң, кішкентай жетім қызды қуантудың орнына...

Жарас та оңайлықпен жеңілер емес:--Арман, сенің әдемі сөйлейтініңді білемін. Анау-мынау деп басты қатыра берме. Менің атамның бары рас екенін де, жақында үйіне алып кететінін де жақсы білесің. Ал, Анар екеуіңнің атаң жоқ екені өтірік емес қой.

   --Жарас, қандай қызғаншақ, ішің тар еді. Сонда ата тек сенде ғана болып, ал, басқада болмауы керек пе? Ішің күйсе, тұз жала, тарс етіп жарылып кет. Анар екеуміздің де енді атамыз бар. Анарға шокалад, маған мына сағатты берді. Міне, өз көзіңмен көр.—Арман қолына таққан сағатты Жарастың  көзіне дейін жақындатты.—Атамыз қазір керекті құжаттарды дайындап жүр. Жақында Анар екеумізді алып кетеді.

   --Құттықтаймын, Арман! Құтты болсын, Анарка!—Қайрат Арманды құшақтап, Анарды бетінен сүйді.

   --Өтірік, өтірік. Өтірік айтасың, Арман. Сендердің аталарың жоқ, ал, менің атам бар.--Жарас қызғаныштан, ісіп-кеуіп, жыларман болды.

   Арман е күлерін, е, ашуланарын білмеді:--Жарас саған не болды? Өзің көрдің ғой, жаңа сағатты. Атам ертең тағы келеді. Сол кезде сені жолықтырайын. Мүмкін, сонда ғана сенерсің.

   --Ия, сені атама өзім жолықтырамын. Мүмкін сол кезде сенерсің. Ә-ә..—Анар да Арманның сөзін қайталап, шоколадтың қағазымен Жарастың бетіне желпіп, мазақтап тілін шығарды.

   --Жоқ., жоқ , өтірік.—Шыдамы таусылған Жарас Анардың қолындағы қағазды жұлып алып, ортасынан қақ айырып тастады.

   Анар екі бөлінген қағазды бір-біріне жапсырмақ болып қанша әуреленгенмен, жапысыра алмай ызаланып жылап жіберді.

   --Жарас, сенің мұның не? Неге жыртасың?—Арман өзін ұстамақ болған Қайратты серпіп тастап, Жарасты жағадан алып, соға жөнеледі.--Мә, саған, мә саған. Мынау қағазды жыртқаның үшін, мынау Анарды жылатқаның үшін.

   --Арман, енді жетер.—Қайрат жерде жатқан Жарасты соққылап жатқан Арманды ажыратпақ болды.

   --Жоқ, Қайрат, осы уақытқа дейін шыдап келдім. Енді мұны аямаймын.—Арман Жарасты тағы ұрмақ болып  қолын көтере бергенде, Анар ұстай алды.-- Арман, енді ұрмашы, кешірші. Мен үшін кешірші..

   Бұлай болар-ау деп ойламаған Арман өзін-өзі әрең басып, жылауға шақ тұрған Анарды ағалық мейіріммен құшақтай алды.--Жарайды, Анар, сен үшін кешірдім. Әйтпесе... Анар, сен де мені  кешір. Мен бұзық бала емеспін. Тек шыдай алмай... Сен де кешір, Қайрат...

   --Жоқ, Арман, бұл жерде Жарастікі дұрыс емес. Қуанудың орнына іштарлық көрсетті.—Қайрат басы салбырап оқшау тұрған Жарасқа ренжи қарады.—Жарас, сен кінәңды мойындап, Арман мен Анардың алдында кешірім сұрауың керек. Біз сонда ғана дос боп қала аламыз. Бұл қолыңнан келе ме?

   --Келеді.

   --Міне, енді дұрыс болды. Олай болса, Арман мен Анардан кешірім сұрап, бетінен сүй. Анарканы енді өкпелетпеймін деп серт бер.

   --Кешір, Арман. Кешір, Анар. Анарка, енді сені еш уақытта өкпелетпеймін деп серт беремін.—

   Жарас  Арман мен Анарды құшақтап беттерінен сүйді.

   --Сен де кешір мені Жарас.—Көңілі босап кеткен Арман да Жарасты құшақтай алды. 

   Жарас тіпті көңілденіп сала берді.--Анарка, әлгі атаң берген шокаладтың қағазын берші. Желімдеп әкелейін.

   --Жарас аға, оны өзім-ақ....

   --Бер, Анарка. Аға деген қарындасына көмектескенді жақсы көреді.—Қайрат Жарасқа қарап көзін қысып қойды.

   Анар қағазды  Жарасқа ұстата берді.--Рахмет, Жарас аға.    

   --Қазір, Анарка, мен демнің арасында желімдеп әкелемін. Көресің, жыртылған жерін білмей де қаласың.—Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Жарас асығыс бөлмеден шыға жөнелді.

   --Қайрат, рахмет, саған. Сенің арқаңда бәрі де ойдағыдай аяқталды. Мен сенің алдыңда қарыздармын.—

   Арман риза көңілмен Қайраттың қолын құшырлана қысты.

   --Рахмет, Қайрат аға.—Анар да кішкентай қолымен Қайраттың қолын қысып жатыр.

   --Ой, сендер де.. сонша дардайтып.. Менің орнымда кім болса да осылай етеді. Біз достар  емеспіз бе?

                                                       

 35.    Қолындағы қойын кітапшаға үңіліп, ұзын көшені бойлап келе жатқан Мұрат шарбағы биік, ерекше салынған үлкен үйдің қақпасының алдына келіп тоқтады. Үсті-басын ретке келтіріп, қақпаның қоңырау түймесін басты. Есікті етжеңді келген, қызыл шырайлы, орта жастағы әйел ашып, Мұратқа таңдана қарап тұрып қалды.

   --Мен.. мен  бала бақшадағы  Үміткүл апайдың айтуымен келіп едім.. Пәтер іздеп..—Мұрат кібіртіктей берді.

   --Ә, ә, Үміт апайдың айтқан баласы сен бе едің?—Үй иесі Мұратты бастан-аяқ асықпай шолып шықты. Үстіндегі жұпыны киімдеріне көңілі толмады ма, қабағын шытып сәл ойланып қалды.--Балам, өзің де түсінесің. Үй үлкен. Бөлмелері кең. Ендеше пәтер ақысы да қымбаттау..

   --Апай, қанша десеңіз де келісемін. Қанша десеңіз де.—Мұрат дызалақтап, сөзді бөліп жіберді.

   --Олай болса, келістік. Тек әр айдың басында есептесіп тұрамыз. Бірінші айдыкін ертең беретін бол. Алдын ала барлық айдың төлемін төлеп қоямын десең, тіпті жақсы.

   --Жарайды, апай, келістім. 2-3 айдыкін бірден төлеймін.

   Үй иесі жылы қабақ танытып, жадырап шыға келді.—Дұрыс балам, дұрыс. Қазір не көп, пәтер іздегендер көп. Ал, сенің жолың болды. Өзің қалаған бос бөлмелердің біріне жайласа бер. Дегенмен, бір-бірімізді жақсылап танып алғанымыз дұрыс шығар. Мен Сәлима апайың боламын. Ал, өзің кім боласың? Кім болып істейсің? Қайдансың? Әке-шешең кім?

   --Атым Мұрат. Ал, әке-шешем..—Мұраттың жүзі сұрланып, кібіртіктеп қалды:--Әке-шешем жоқ. Суретшімін. Тапсырыспен сурет саламын. Безендіру жұмысымен де айналысамын.

   --Суретшімін дейсің бе? Сонда айына қанша табасың?

   --Енді.. былай.. істегеніме қарай.. Кейде, 1000, кейде 2000, кейде, 3000 доллардан да асыра табамын.

   --3000 доллар!?—Үй иесі таңдана дауыстап жіберді.—Бір айда 3000 доллар! Мұның керемет екен. Жүр, айналайын. Ішке кір. Мен тезірек жеңіл тамақ дайындап жіберейін.

   Алып-ұшып, асыға үйге кіріп кеткен үй иесінің соңынан Мұрат та ішке  ене берді.                                                                                                                   

    

 36.    Балалар үйі. Ойын бөлмесінде Арман, Анар, Қайрат, Әлия, басқа да балалар есікке қарап, қатты алаңдап отыр. Түрі бозарыңқырап кеткен Жарас кіріп келгенде, бәрі оған аңтарыла қарады. Бірінші болып Қайрат тіл қатты:

   --Жарас, не болды? Кететін болдың ба?

   --Ия, Қайрат, кететін болдым. Атам әкететін болды. Соған.. Сендермен қоштасып шығайын деп..—

   Жарастың көңілі босап сала берді

   --Жарас, сенің мұның қалай? Қайта қуанбайсың ба?—Жарасты құшақтай алған Арман көкірек жара күрсініп салды.—Ал, біздің атамыз.. біздің атамыз.. кешігіп жатыр..

   --Ия, Жарас аға. Сенің қуануың керек қой. Атаң алып кетейін деп жатыр. Ал, біздің атамыз.. біздің атамыз.. әлі келген жоқ.—Жыламсыраған Анар да Жарасты құшақтап жатыр.

 

37.    Сәлиманың үйі. Қума бөлменің түпкіргі бөлмесінде Мұрат қарындашпен ананың бейнесін салып отыр. Столдың үстінде бірнеше эскиздер мен  гипстен құйылған 2-3 мүсін тұр. Бәрінде де бір ғана бейне—ананың бейнесі. Жұмысқа қызу кірісіп кеткен Мұрат, әлдекімнің келіп тұрғанын есік үш-төрт рет қағылғанда барып байқады.—Кіріңіз.

   Есік ашылып, ішке келбетті  бойжеткен кірді.—Сәләмәтсіз ба, Мұрат аға. Танымадыңыз ба? Мен Самалмын ғой.—Күлімсірей нәзік саусақтарын Мұратқа ұсына берді.

   Мұрат аздап сасып қалды.—Неге танымайын, Самал қарындасым. Өз анамнан да жақын болып кеткен Сәлима апайдың жалғыз еркесін, жалғыз тал қызыл гүлін танымасам кім болғаным?—Орнынан тұрып,

   Самалдың нәзік саусақтарын аялай қысты.—Төрлет, Самал.

   --Кешіріңіз, Мұрат аға. Келгеніме екі сағаттан асып кетті. Сәлем берейін деп қанша тоссам да шығатын емессіз. Оның үстіне, жалғыздан-жалғыз ішім әбден пысып кетті.—Самал наздана күліп, шеткі тұрған орындыққа отырды.

   --Кешір, Самал. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал барып сәлем береді» деген нақылды білетін қазақпын ғой. Бірақ, мынау.. Бітіріп тастай қояйын деп..

   Самал стол үстінде жатқан эскиздің брін алып, ұзақ қарады:--Анаңыз ба? Аумай тартыпсыз.

   --Ия, анам..—Мұрат көкірек жара күрсініп салды.

   Мұратқа аңтарыла қарап қалған Самал сәлден соң ойына әлдене түскендей, орнынан ұшып тұрды:---Ойбу, Мұрат аға. Мен әңгімемен отыра беріппін ғой. Жүріңіз, шайды жасап, түскі тамақты дайындап қойдым.

 

 38.    Кіші залдағы үлкен столға дастархан жасалып қойыпты. Буы бұрқырап тамақ тұр. Стол басында Мұрат пен Самал. Үнсіз тамақ желініп, шай ішіліп жатыр. Үнсіздікті бұзып, Самал тіл қатты:

   --Анаңыз неткен көрікті жан еді. Бірақ, сіз салған суретте  де, мүсінде де ол кісінің жүзінен әлдебір мұң табы сезілетін секілді. Дегенмен, өзін қастер тұтқан сіздей тамаша ұлы бар анаңыз бақытты екен. Портреттері мен мүсіндері қандай керемет шыққан!

   --Бақытты екен дейсің бе? Мендей тамаша ұлы бар дейсің бе?—Мұрат тамағына  әлдене кептелгендей  түйіліп қалды да, мырс етіп күліп жіберді.—Самал, айып етпе. Өзің айтқан тамаша ұл өзінің бақытты анасы туралы айтып берсе тыңдар ма едің?

   Түкке түсінбей аң-таң болған Самал үнсіз басын изей берді.

 

   Мұрат әңгіме айтып, Самал беріле тыңдап отыр.

   Самалдың көзі жасаурап барады.

   Самалдың жүзін ыстық жас жуып, егіле жылап отыр.

   Әңгімесін аяқтаған Мұрат орнынан тұрып, кетпекке оңтайлана бергені сол, Самал да орнынан ұшып тұрды:--Мұрат аға, қандай қатыгез жан едіңіз. Енді.. енді.. ондай ана таба алам дейсіз бе? Енді.. енді.. күнәңізді тастан жасалған жансыз бейнемен жуамын дейсіз бе? Бекер, бекер. Бәрі бекер. Сіз.. сіз.. сіз барып тұрған..—Сөзінің соңын айта алмай, бетін басқан күйі үйден шыға жөнелді.

                                               

 39.   Балалар үйінің фойесі. Ауыр мұңға батып, алаңдаған Нұргүл фойенің терезесінің  алдында ойланып тұр. Үлкен тығырыққа тірелгендей мазасызданып күбір-күбір етеді:--Қазір келеді де алып кетеді. Ал мен.... мен.... өз қолыммен қалай бермекпін? Қалай? Мынау солар болар... алып  кетуге келген... Құдай-ай, енді қайттім?--Келе жатқан адамның Арман екенін көріп көңілі орнына түсті.

   --Арман, бұл сен бе? Не болды? Жай келдің бе?

   --Нұргүл апа, мен.. мен.. ата..атаның Астанадан келген- келмегенін білейін деп...

   --Айналайын, балам-ау, сен.. сен ата дейсің, ал мен.. мен... --Нұргүл Арманды құшақтап, жылап жіберді.

   Арман Нұргүлдің құшағынан ыршып шықты. --Нұргүл апа, неге жылайсыз? Әлде атама бірдеңе болды ма?

   --Жо-жоқ, балам. Атаң... атаң аман-есен. Жақын маңда келіп те қалады.

   --Ту-у,  қатты қорықтым ғой. Онда.. онда  неге жылайсыз?

   --Балам, бұл... бұл... Саған қалай айтсам екен? Жүр, мұнда отырайық.—Арманды құшақтай диванға жайғасты.--Арман, балам, мұны саған қалай айтып жеткізерімді білмей қиналып отырмын. Анар екеуіңді... Анар екеуіңді де енді... ата.. ата..

   Арман көзі бақырайып, орнынан ұшып тұрды.--Не, не? Ата... ата енді Анар екеумізді алмайтын болды ма?

   --Арман, сабыр, сабыр. Мәселе, атаның алған-алмағанында емес, басқада боп тұр ғой қарағым-ау. Қалай айтсам екен? Сендерді.. Анар екеуіңді ата емес, басқа біреу, Америкадан келген біреу алып кетуге келгенін аузым барып  айта алмай тұрған жоқпын ба, жарығым-ау.—Нұргүл Арманды құшақтай алып жылап жіберді.

   Арман тағы да орнынан тұрып кетті.--Не дейсіз, Нұргүл апа? Америкадан келген біреу дейсіз бе? Мұны.. бұл туралы  ата.. ата.. біле ме?

   --Балам, мұны саған қалай түсіндірсем екен? Бұл.. бұл жоғары жақтағы үлкен бастықтардың бұйрығы. Енді сендерді алып қалуға  өзге түгілі аналарыңдай болып кеткен менің де шамам келмейді. Рас, сендерді шетелге жібермеу үшін қолымнан келгеннің бәрін істеп бақтым. Құқық қорғау орындарымен де сөйлестім. Шетелге өз еркімен барғысы келетін балалардың да тізімін бердім. Жоқ, еш көнер емес. Тек екеуіңді ғана алып кетемін деп қатып қалды. Ақыры, жоғары жақтағылар да шешім шығарып, сендерді беретін болып келісті.

   --Апа, бірақ, менің ол жаққа тіпті барғым келмейді ғой. Анар да солай... Сонда, бізбен келіспестен күштеп алып кете бере ме?

   --Балам-ай, мені әбден қинадың-ау.. Қалай десем екен? Иә, алып кете береді... Себебі жоғары жақ оларға келісім беріп отыр. Ал... ал, қарсылық пікір білдіруге екеуіңнің де жастарың толмаған, әлі кішкентайсыңдар. Сондықтан амал жоқ...

   --Жоқ-жоқ, Нұргүл апа , менің онда барғым келмейді. Менің.. менің осы жерде қалғым келеді.

   --Балам, айтшы, ол жақтан неге сонша қашасың? Балалар түгіл, кейбір үлкен кісілердің өзі ол жаққа бір баруды армандап жүрген жоқ па? Ол жақта сенен басқа да біздің елден барған талай балалар өмір сүріп жатыр. Жиі-жиі хабарласып, дені-басы сау, тұрмыстық жағдайы өте жақсы екенін біліп отырамыз. Сендер де ол жаққа барсаңдар, жақсы тұрмыс..

   --Апа, сіз.. сіз сонда Анар екеумізден құтыла алмай ..—Көзіне жас келіп қалған Арман сөзін аяқтай алмай, фоеден шыға жөнелді.

   --Арман, тоқта!--Алға ұмтылып барып тоқтаған Нұргүл қайтып келіп диванға отыра кетті.--О жаратқан Құдай! Осынша жазалағанша, осынша жаралағанша жанымды ала салсаң нетті?

  Сәлден соң аяғын нық басып, Арман қайтып келді. Сөзі де байсалды әрі нық шықты:--Нұргүл Асылбекқызы, мен сізден Анар екеумізді шетелге жібермеуіңізді өтінемін.  Қандай жұмыс берсеңіз де орындаймыз. Көше сыпыртыңыз. Қи тазалатыңыз. Жер қаздырыңыз. Бәрін де орындаймыз. Тек.. тек өз елімізде қалсақ болды. Біз.. біз өз елімізді, өз Отанымызды, өз достарымызды, тіпті сізді де өте жақсы көреміз. Біз... өз елімізді тастап, өз жерімізді тастап, бөтен елге кеткіміз келмейді. Тіптен, біздің елімізден артық болса да.

   --О, Құдай! О, Жаратқан Құдай! Естиін дегенім осы ма еді?—Еденге тізерлей отырып, дірілдеген екі алақанын көкке жайған Нұргүл бір шетіне қисайып құлай берді.  

   --Апа, Нұргүл апа, сізге не болды? Нұргүл апа, көзіңізді ашыңызшы. Нұргүл апа, жарайды Анар екеуміз де барамыз. Тек, көзіңізді ашыңызшы.--Нұргүлдің мойнынан құшақтаған Арман қорыққанынан жылап жіберді.

   Нұргүл әлден соң барып есін жиып, орнынан тұрды..--Арман, маған не болды? Сен неге жылап отырсың?

   --Нұргүл апа, Нұргүл апа, сіз... сіз..—Арман енді қуаныштан жылап жіберді.

   --Арман мұның не не сенің? Үлкен жігіт жылай ма екен. Қой, ұят болады.—Нұргүл Арманды демеп, орнынан тұрғызды.-- Арман, айналайын, қазір олар сендерді алып кетуге келеді. Ал мен.. мен сендерге бәрін түсіндіріп, сақадай--сай жолға дайындап қоюым керек еді.—Жүре бере кілт тоқтады да, ширыға жалт бұрылды.—Жоқ, жетер! Осы азапқа түскенім де жетер. Ешкім де еш жаққа бармайды. Тірі тұрғанымда сендерді ешкімге де бермеймін. Сотталып кетсем де Анар екеуіңді еш жаққа жібермеймін. Өліп кетсем де....

   Іші елжіреп кеткен Арман Нұргүлді құшақтай алды.--Апа, мен бәрін... бәрін де  түсіндім. Сізді орынсыз қинағанымды да, азапқа салғанымды да түсіндім. Еш нәрсенің байыбына бармастан қателік жасаппын. Кешіріңіз, Нұргүл апа. Біз барамыз. Анар екеуміз де барамыз. Біз келістік. Бізді келісті деп айта беріңіз. Біз сізді өте жақсы көреміз, Нұргүл апа. Мен барып, Анарды киіндіре берейін. Тек, шетелге кететініміз туралы Анарға айта көрмеңіздер. Ол әлі күнге дейін атаны күтумен жүр. Оған кейінірек өзім түсіндіремін.

   --Арман, балам!—Арманның соңынан ұмтыла берген Нұргүл жоғары жақтан келген өкіл әйелмен соқтығысып қала жаздады.

   --Нұргүл Асылбековна, хабар бермедіңіз ғой. Істің жайы қалай болып жатыр?.--Өкіл әйел сөмкесінен қойын кітапшасы мен қаламсабын алып, жазуға оқталды.--Әлгі балалар... Арман, сосын... сосын Анар... Қа...қа... Қазақбаевтармен түсінік жүмысын жүргізіп, жолға дайындап қойған боларсыз деп үміттенемін.

   Нұргүл сазарып, үндемеді.

   --Нұргүл Асылбековна, мен сізден сұрап тұрмын ғой. Егер олай болмаған жағдайда заң алдында жауап беруіңізге тура келеді.

 

 40.    Мұңға батқан Арман мен көңілді Анар ұзын дәлізді бойлап келеді.

      --Ата келді ме? Бізді алып кете ме?

      --Иә, иә, ата үйіне келіпті. Бізді алып кел деп бір кісіні жіберіпті. Анар, сен ол жерге барған соң әр-нәрсені сұрап миды ашыта берме, жарай ма?

      --Жарайды. Алақай, атаға барамын... атаға!..           

 

 41.   Анарды ертіп ішке кірген Арман өкіл әйелмен амандасты:

    --Саламатсыз ба, апай. Біз дайынбыз, Нұргүл апа!

   Анар да амандасып жатыр:--Саламатсыз ба, Нұргүл апа. Саламатсыз ба апай. Менің атым –Анар. Ал мынау менің ағам  Арман. Апай, сізді ата жіберді ме? Сіз бізді атаға апарасыз ба?

   Өкіл әйел аң-таң қалды:--Атаға? Қандай атаға? Сен маған айтасың ба?

   Нұргүл Анарды құшақтай алып, өкіл әйелге айтпа дегендей ишара білдірді.--Әрине, атаға апарады. Саған ата болғанымен, бұл апайға ата емес қой. Бұл апайдың жасы да үлкен.

   Өкіл әйел иығын қиқаң еткізді.--Нұргүл Асылбековна, бізді сыртта тосып тұр. Тезірек шығайық.

Көңілі босап бара жатқан Нұргүл  Арман мен Анардың қолынан тас қып ұстай алды.--Ал, енді жүрейік.

   --Арман да Нұргүлдің қолынан ұстай алды.--Нұргүл апа, ренжіткен жерім болса, қателіктерім болса, кешіріңіз. Біз Анар екеуміз де сізді өте жақсы көреміз. Біз сізді еш уақытта ұмытпаймыз.

   --Нұргүл апа, мені  де кешіріңіз. Мен де сізді жақсы көремін.—Анар да құшақтап жатыр.

    Көз жасы бетін жуып, іштей егілген Нұргүл де екі қолымен екеуін  құшақтай алды.--Арманым, Анарым, менің! Жарық күндерім менің!

   --Нұргүл Асылбековна!?--Өкіл әйелдің даусы қатқыл шықты.

   Нұргүл  тез бойын жиып ала қойды.--Ой, балалар, сендердің бұларың не? Мен.. мен.. сендерді әлі шығарып салмаймын ба?

   --Нұргүл апа, шығарып салмай-ақ қойыңыз.—Арман қарсылық білдірді.--Сыртта бөтен адамдардың көзінше бір-бірімізді құшақтап, жылап тұрсақ ұят емес пе? Сіз осында қала беріңіз. Біз өзіміз-ақ. Жүр, Анар.--Түкке түсінбей Нұргүлге қарап аңқиып тұрған Анарды қолынан жұлқи жетектеп, тез шығып кетті.

   Нұргүлдің қолын алып, рахмет айтқан өкіл әйел де оладың соңынан емпеңдей жөнелді.  Нұргүл олардың шыққан жағына мағынасыз ұзақ қарап тұрды да, кабинетіне кіріп бетін басып диванға құлай кетті.

    Армандар мінген қымбат көлік есігі тарс жабылып орнынан жүріп кеткенде, Дәурен мен Ажар мінген такси де балалар үйінің алдына келіп тоқтады. Машинадан асыға түскен Дәурен мен Ажар бірін-бірі демей, тапырақтап ішке ене берді.

                                                       

 42.    Балалар үйінің ұзын дәлізі. Дәурен өте көңілді, тоқтаусыз сөйлеп келеді:--Міне, Ажар, келіп те қалдық. Кішкентай Арман мен Анарға  әне, ана жерде  кездескем.

   Ажар  алқынып тұр.--Ту-ух, Дәурен. Саған ілесем деп өкпем өшті ғой тегі.  Мұндай жүйрік болармысың. Ойпырмай, әлгі Арманың мен Анарыңды әбден сағынған екенсің. Астанадан-Алматы, Алматыдан– Шымкент келсең де шаршайтын түрің жоқ. Құжаттар қажет болмағанда, үйімізге де соқпас па едік, кім білсін..

   Дәурен тоқтар емес:--Ажар, сен қазір оларды көресің. Көресің де таң қаласың. Білесің бе, олар бала  емес, от. Жанып тұрған от.  Қазір.. қазір өз көзіңмен көресің. Сосын айтасың...

    Дауысты естіп кабинетінен шыққан Нұргүл Дәуренді көріп, сасқалақтап қалды.

   --Көке? Бұл.. бұл сіз бе? Сіз.. сіз келіп қалдыңыз ба? Денсаулығыңыз қалай? Жүрегіңіз.....

   Дәурен даудырап ала жөнелді:--Аман ба, қызым. Бәрі жақсы, қызым. Денсаулығым да, жүрегім де. Өзің айтқандай бар сырқатымнан құлан таза айығып келдім. Содан.. әлгі Арманым мен Анарымды бір көргенше асығып, шыдай алмай.. Әдейі жұбайымды да ертіп келдім. Олар анасының да бар екенін біліп, қуансын. Құжаттар да дайын. Ал, мынау менің жұбайым, Ажар.

   --Саламатсыз ба, апай.

   --Амансың ба, қызым. Поездан түскеніміз осы. Мына шал дедектетіп осында әкелді.

   --Қызым, сен Ажар апаңмен сөйлесе бер, мен Арман мен Анарға барып..—Тағатсызданған Дәурен кері бұрыла берді.

   --Жо-жоқ, көке, болмайды. Бөгде адамдарға ұлықсат берілмейді.—Нұргүлдің даусы қатқыл шықты.

   --Қызым-ау, бұл не дегенің? Сонда мен Арман мен Анарға бөгде болғаным ба? Мен... мен.. өзің  уәде берген соң..  қайдан білейін.. енді атасымын ғой деп.. Кешір, қызым..—Дәурен бірден сылқ түсті.

   --Ол енді.. былай ғой... Мен сізге түсіндірейін көке. Жүріңіздер, кабинетке кіріп сөйлесейік.

   Дәурен ренішін жасыра алмады:--Қызым, бұл жерге кабинеттің не қатысы бар? Мен Арманым мен Анарымды осы жерде көрсем деп ем. Әлде оған да ұлықсат жоқ па?

   --Ол, не дегеніңіз. әрине ұлықсат етіледі.

   --Е–е-е, бәсе, солай десеңші, қызым-ау. Әйтпесе қорыққаннан  тағы да жүрегім ұстап қала жаздады емес пе?—Дәурен көңілденіп сала берді.--Бұл әзілім ғой, қызым. Оларды бір көрмей, ажалға ерік бере қоймаспын. Қызым, менің үрей-күдіктен енді арылып, жаңа өмір бастауыма әуелі себепкер болған өзің едің. Анар мен Арманды қашан көргенше тағат таба алар емеспін. Мені түсінші, қызым.

   --Көке, мен сізді түсініп тұрмын. Бірақ.. бірақ олар жоқ қой.. Әлгі не еді, мұражай, иә, иә, мұражай аралауға кетті. Сонан  соң..  сонан соң хайуанаттар бағына барады. Тым кеш оралады. Дұрысы, сіздер қазір үйлеріңізге қайта беріңіздер. Ертең.. иә, ертең өзім хабарласамын.

   Қолында беті ашық қорабы бар, қатты әбіржіген Қайрат тез-тез басып жақындай берді.--Нұргүл апа, Арман мен Анарканы біреулердің шет елге алып кеткені рас па? Онда.. онда мына қорапты неге тастап кеткен?--Қораптан Дәурен берген шоколадтың қағазын алды.--Мына жылтырақ қағазды жыртқаны үшін ғана Арман Жарасты аямай соғып еді..

   --Шетелге алып кеткен?!  Арман мен Анарды шетелдіктер алып кетті ме?--Дәурен есінен танғандай Қайраттың қолынан қорапты жұлып алғанда, өзі берген сағат пен сурет салынған парақтар жерге түсті. Дәурен еденге тізерлей отырып, алдымен сағатты алды.—Менің  сағатым.. Арманға берген сағатым..—Жылтыраған әдемі қағазды алды.--Анарға берген шоколадтың қағазы.----Сурет салынған парақтарды алып, шетінен көре бастады.--Ал мұнда... мұнда менің.. менің бейнем салынған секілді. Бір қолыммен Арманды, бір қолыммен Анарды құшақтап тұрмын. Ал, мына суретте мен газет оқып жатырмын. Арман.. Арманым аяқ жағымда отыр. Жоқ, аяғымды уқалап жатқан секілді. Ал, Анар, Анаржан болса тамақ пісіріп жатыр..--Бір қолында сағат, бір қолында шоколадтың қағазы мен сурет салынған парақтары бар, кемсеңдеген Дәурен орнынан әрең тұрып, Нұргүлге жақындады.--Қызым, бұл қалай болғаны? Жаңағы баланың шетелге алып кетті дегені не сөз? Арман мен Анарды шетелдіктер  алып кетті ме? Қызым, бұл бала қате айтып тұр деші..  Қате деші...

   --Қайратжан, енді сен бөлмеңе бара бер.—Қайрат шығып кеткен соң барып Нұргүл жасқаншақтай Дәуренге бұрылды.--Көке, сөге көрмеңіз. Арман мен Анарды шет елдіктердің алып кеткені өкінішке орай шындық. Сізге өте қиын екенін түсінемін, бұл маған да оңай тиген жоқ. Бірақ.. бірақ менің қолымнан не келеді? Жоғары жақ келісімге отырып, бәрін шешіп қойыпты. Қанша бермеймін десем де, басқа балаларды ал десем де, еш көндіре алмадым. Арманды да, Анарды да Америкадан келген бір алпауыт сатып алды. Иә, ақша төлеп сатып алды. Арман «алып қал» деп әбден жалынды. Ал мен.. менің қолымнан ешнәрсе келмеді.

   Ыстық жас жүзін жуған Нұргүл болған жайды айтып жатыр, бірақ даусы естілмейді. Ажар мен Дәурен оны жұбатып, орындыққа отырғызды. Ажар стаканмен су ішкізді. Сәлден соң Нұргүл  Дәуреннен ұлықсат сұрап, кабинетіне кіріп кетті.

Дәурен қолындағы сағат пен қағаздарға қарап ойланып кеткен. Көз алдына Арманмен кездескен сәт келді. (31-көрініс)

    Арман: «--Жоқ, сіз қазір кетіп қаласыз? Өйткені, сіз менің атам емессіз. Ал, анау ата Жарасқа күнде- күнде келеді. Ол Жарасқа ата болам деп жүр.»

    Іші от болып жанған Дәурен көкірек жара күрсінді.--Ажар, бұл қалай болғаны? Неліктен бұлай болды? Кеше ғана мен олардың қолынан ұстап, беттерінен сүйген жоқ па едім? Енді қалай, қайтіп айырылып қалдым? Қалай?. Қалай? Мен оларға «ата болам» деп серт бердім ғой. Тіпті, оларға ата болу үшін жүрегіме операция да жасаттым. Мен соларға ата болу үшін ажалды да жеңіп тірі қалған жоқпын ба? Мен соларға ата болу үшін өмір сүруге құлшынбадым ба?  Енді..енді кімге ата болмақпын? Енді..мен кімге керекпін.Енді.. енді өмір сүруімнің қандай мәні бар?

   --Дәурен, таусыла бермеші. Арман, Анар секілді балалар көп емес пе? Тағы бірде...

   --Тоқтат! Көп емес! Көп емес! Ондай..... ондай.... балалар..--Қолынан сағаты түсіп кеткен Дәурен жүрегін басып, диванға отыра кетті.

   Ажар  Дәуренді сүйемелдей берді.--Нұргүл, Нұргүл ..Дәрігер..дәрігерді шақыр, тезірек..

Жүгіріп келген Нұргүлді көріп, Дәурен тез есін жиып алды.--Ажар, дәрігерге әуре болмай-ақ қойыңдар. Мен сәл ғана өзіммен -өзім болып..

   --Онда, апай екеуміз сәл әңгімелесіп алайық.--Нұргүл Ажарды ертіп кабинетіне кіріп кетті.

   Дәурен қолына қорапты алып тағы да ойға батты. Көз алдына Анармен кездескен сәті келді. (31-көрініс)

    Анар: «--Ата, сіз келесіз ғой? Алдап кетпейсіз ғой, ә? Сізді тағы да келеді деп, бізді алып кетеді деп достарыма айта берейін бе? Алып кетемін деп серт бересіз бе?»

   --Анар, Анаржаным менің. Кешір мендей өтірікші, алдамшы қақбасты. Сөзімде, сертімде тұра алмадым. Енді мен туралы не ойлар екенсің? Не ойлар екенсіңдер?Қолындағы қорапқа қарап кемсеңдей жөнелген Дәурен келе жатқан Ажар мен Нұргүлді байқап, асығыс орнынан тұра  берді.

   --Ажар, енді қайтайық.

   Ажар мәз-мәйрам.--Дәурен, сәл аялдай тұр. Нұргүлдің бізге айтатын өте қуанышты хабары бар екен.

   --Қандай қуанышты хабарды айтып тұрсың, Ажар? Енді, ол.. ол бізден алыстап кетпеді ме?

   Осы кезде Нұргүл де сөзге араласып кетті:--Көке, өмір деген тек қуаныш, шаттықтан ғана тұрмайды ғой. Бірде қуанышты  қайғы –мұң  жеңсе, енді бірде қайғы-мұңды қуаныш-шаттық жеңбейтін бе еді? Бүгін мұңға батсаңыз, ертең-ақ қуаныш-шаттықққа кенелмесіңізге кім кепіл. Сіз үшін Арман мен Анардың орны тіптен бөлек екенін білемін, дегенмен... өз туған ұлыңыз олардан да қымбат, олардан да жақын  болатыны ақиқаттың ақиқаты емес пе?

   --Туған ұлым?! Қызым-ау сен кімді айтасың? Менің... менің өз балам.. өз туған ұлым бар ма?

   Қатты таңданған Дәуреннің көз алдына сая бақтағы Айгүлмен кездескен сәті келді. (1-көрініс) 

  Айгүл: «--Дәурен, мен сені жақсы түсіндім. Түсінгенім сол, енді екеуміздің жолымыз ешқашан түйіспейді екен. Саған тағар титтей де кінәм жоқ. Бәріне де кінәлі бір өзім... Сенің аспирантураңды ойдағыдай бітіріп, дисертациялық жұмысыңды қорғап атақты ғалым, дәрігер атануыңа, дәулеті асып-тасқан байлардың бірі болуыңа шын жүректен тілектеспін. Ал, баланы... баланы  тірі тұрсам қалай да жарық дүниеге әкелемін және оны аналық махаббатыма бөлеп, мейірімді де қайырымды азамат етіп өсіремін деп серт беремін. Қош бол, Дәурен..»

   --Ия, көке, солай секілді. Өткенде, сіз осы жерге келген күннен бастап, біз ұлыңызды  іздестіре бастағанбыз.—Нұргүлдің сөзі сенімді әрі нық шықты.

   --Ия, ия, қызым, таптыңдар ма? Ол... ол да осындай балалар үйінде ме екен.—Дәурен тағатсызданып, бір орнында тұра алмай кетті.

   --Сабыр етіңіз, көке. Тапқан секілдіміз. Алыста екен. Енді жолығуға тырысып  жатырмыз. Қалай жолығамыз, солай сізге  хабар береміз. Тек, сіз оған дейін сабыр сақтап, өзіңізге-өзіңіз абай болыңыз. Ұлыңыз есікті ашып кіріп барғанда...

   --Есікті ашып кіріп барғанда!?..--Қатты қуанған Дәуреннің көзінен жас шығып кетті:--Құдай-ау, бұл өңім бе, әлде, түсім бе? Жаңа ғана Арманымнан айрылып «ах» ұрып тұр едім, енді... енді.. енді міне, өз туған ұлым бар. Шынымен-ақ өшкенім жанып, өлгенім тірілгені ме? Қызым, менің үлымның.. ұлымның аты кім екенін айтшы.

   Телефон шылдырын естіген Нұргүл сағатына қарады да, әбіржіп сала берді:--Кешіріңіздер. Тез арада департаментке баруым керек еді, аздап кешіккен секілдімін. Ал, ұлыңыздың есімін.. ұлыңыздың есімін.. Оны ұлыңыздың өзі айтады. Сау болыңыздар.

   --Сау бол, айналайын. Жақсылығың Құдайдан қайтсын.

   --Сау бол, қызым. Жақсылығыңды еш қашан ұмытпаспыз.

   --Сау болыңыздар!—Нұргүл асыға басып шығып кетті.

   Дәурен естен танғандай біраз сілейіп тұрды да, Ажарды құшақтай алды:--Ажар, айтшы. Мен.. мен түс... түс көріп тұрған жоқпын ба? Бұл... бұл менің түсім емес пе?

   Ажар да Дәуренді құшақтай алды.--Жоқ, Дәурен. Бұл тіптен де түсің емес. Бұл... бұл Жаратқанның саған, маған сыйлаған қуанышы, бақыты. Тек, ұзағынан сүйіндірсін деп тілейік.

   Дәуреннің қолындағы сағат, қағаздар салынған қорапты алып, еркелей күлімдеп, оның қолтығынан ұстай берді.                                                  

                                                           

 43.    Үлкен мектептің алды. Мұрат Самалды  күтіп тұр. Қоңырау соғылып, оқушылар сыртқа шыға бастады. Соңын ала Самал да шығып, жүгіріп келіп Мұратты құшақтай алды.—Ту-у, сабағы құрығыр бітпей, қоңырауы құрығыр соғылмай қойды ғой тіптен. Өзіңді қатты сағынып кеттім.

--Мен де сағындым, Самал. Маған да қоңырау өмірі соғылмайтындай көрінді.—Мұрат күліп, Самалды құшақтай өзіне тартты.

   --Оу, суретші ағай, осылай тұра береміз бе? Үйге қарай жылжымаймыз ба?—Самал еркелей Мұратты қолтықтап алды.

   --Самал, үйге сонша асыққаның не?—Мұрат әлденеге алаңдаулы секілді.

   --Мұрат, бірдеңе айтпақ па едің?

   --Айтқанда.. не ғой.. әлгі..—Мұрат кінәлі жандай қыбыжықтай берді.—Екеуміз осылай жүре береміз бе? Әдепкіде қарындасымдай жақын көріп едім, енді ең қымбат, ең аяулы, ең сүйікті адамыма айналдың. Өзіңді бір көрмесем тұра алмайтын күйге түстім. Бұдан артық шыдай алар емеспін. Сәлима апаймен сөйлесіп, барлық жайды ақтарып саламын. Сені сұраймын.

   Мұрат дәл осы жай туралы айтар деп ойламаған Самал алабұртып, қызарақтап қалды.—Мұрат, сен мені де ешнәрсе ойламастан, қарық-қалази болып жүр дейсің бе? Шынымды айтсам, менің де оңып жүргенім шамалы. Сен қайта маған келгің келсе, келе саласың, көргің келсе, көре саласың ғой. Ал, мен ше? Өзіңе қанша барғым кеп, көргім кеп тұрса да, «Қыздың жолы жіңішке» мен «Қырық үйден тиым» аяғымды тұсап, тек іштен тынып аласұрамын.

   --Самал, жаным, бақытым менің. Мен сені жанымнан да артық сүйемін. Өле-өлгенше сүйіп өтемін деп серт беремін.--Қатты толқып кеткен Мұрат Самалды қапсыра құшақтай алып, кеудесіне  қыса берді.

                                                      

  44.   Кешкі мезгіл. Қаланың шет жағындағы балалар үйінің алдына екпіндеп келіп «ЗИЛ» авто көлігі тоқтай қалды. Рульде отырған Қайсар мекеменің сыртқы қақпасынан көз алар емес. Көп өтпей қақпадан мекеме қызметкерлерінің алды шыға бастады. Қайсар маңдайшадағы айнаға қарап, өзін ретке келтіре бастады. Жұрттың соңынан шыққан карауыл қарт жан-жағын барлай қарап тұрды да, қайтып ішке кіріп, қақпаны тарс жапты. Нұргүл жоқ. Шыдамсыздық жеңген Қайсар жерге секіріп түсіп, қақпаға жақындай бергені сол, машинасының дабылын естіп, кілт бұрылды. Кабинада өзіне күлімсірей қарап Нұргүл отыр. Қайтадан жүгіріп келіп,  машинаға міне берген Қайсарға Нұргүл өкпелеген сыңай танытып, бұртиа қалды:--Сері жігіт, сізді қанша уақыт күтуге болады?

   --А-а, күткен қандай болады екен, сұлу ханша?—Қайсар шапшаң қимылдап, Нұргүлді құшақтай бетінен сүйіп алды.—Айтпақшы, қай кезде шығып кеттің? Кірпік қақпастан-ақ қарап тұрдым ғой. Әлде, әлгі ертегідегідей көрсетпей жіберетін қалпақ киіп алдың ба? Тоқта! Тоқта! Сен тағы да көрінбей бара жатырсың ғой..

   Тағы да өзіне ұмтыла берген Қайсарды Нұргүл ерке де назды қимылмен тойтарып тастады.—Қорықпа да аптықпа, сері жігіт. Ол сиқырлы қалпағым жолда түсіп қалыпты. Өзің жол сапарға қашан шығатын болдың?

   --Ертең, таң азаннан. Оған дейін басым бос. Нұргүл, кешке киноға барайықшы.

   --Қайсар!?..

   --Әлде.. Әлде кафеге барамыз ба?

   --Қайсар, кешір. Мен бара алмаймын.

   --Нұргүл, түсінбедім. Не үшін кешірім сұрайсың? Не себепті бара алмайсың?

   --Қайсар, бүгін қолым тимейін деп тұр. Ертең облыстық семинар-кеңес өтпекші. Мен өз тәжірибем туралы баяндама жасаймын. Түсінесің ғой.. Дұрыстап дайындалмасам, ұятқа қаламаймын ба?

   Жайды енді ғана түсінген Қайсар қуанышын жасыра алмай, Нұргүлдің қолынан ұстай алды:

   --Ух! Кешір, кешір деп зәре-құтымды алдың ғой. Мен бір жағдай болып қалған екен деп.. Олай болса.. Олай болса..

   Нұргүл екеуінің даусы бірдей шықты:--Ертең барайық.

   Бұл сәйкестікке екеуі де күліп жіберді.

 

 45.    Сәлиманың үйі. Мұрат пен Сәлима түскі шайларын ішіп отыр. Шайын ішіп болып, кесесін дастарқанға қойған Сәлиманың сөзі қатқылдау шықты:--Осы сендердің айтып жүргендерің не? Рас әңгіме ме өзі?

   --Нені айтасыз, апай? Түсінбедім..—Мұрат дағдарып қалды.

   --Түсінбей қалуларын қарашы бұлардың. Бірі қылқылдап жанымды қоймайды, ал, бірі түкке түсінбей қалады.—Сәлиманың жүзіне жұмбақ күлкі үйрілді.—Бір-біріңді шын қаласаңдар болыпты да. Мен несіне қарсы боламын. Бақыттарыңа жетіңдер.—Орнынан тұра беріп ойланып қалды:--Бірақ, менің қояр шартым бар. Той шығынын өздерің көтересіңдер. Сонан соң осы үйде-ақ тұра беріңдер. Ал, тойды осында өткізесіңдер ме, әлде басқа жерде ме, оны өздерің шешіңдер.

   Қуаныштан толқып кеткен Мұрат тіл қатам дегенше Сәлима асыға үйден шығып кетті.

                                                 

 46.    Сәске түс. Төңкерілген көк аспан. Биік көкте жалғыз қыран қалқып жүр. Төменде тау-қыраттар, өзен- көлдер, жолдар биіктен кішкентай сурет секілді болып қана көрінеді. Кең асфальт жолдың өзі жіңішке таспадай болып көрінсе, үстінде кетіп бара жатқан көліктер бейне бір қыбырлаған жәндіктер секілді. Сол көліктердің ішінен біреуі бірте-бірте жақындап, үлкейіп, Қайсардың «көкқасқасына» айналды да, жолдың шетіне шығып тоқтады. Кабинадан секіріп түскен Қайсар машинаның арт жағына жақындап, доңғалақтың бірінің жарылғанын көрді. Қапалана жарылған доңғалақты бір тепті де, ойланып тұрып қалды. Көз алдына  кабинадағы жорта өкпелеп, бұртия қалған Нұргүл келді. Қайтадан жарылған доңғалақты көрді. Бірде Нұргүлдің бейнесі, бірде жарылған доңғалақ. Біраз уақыт ойланып тұрды да, кілт бұрылып, кабинаның есігін ашып, ішке кірді. Сәл мазасызданып отырды да, кілтті бұрап, аяғымен педальді баса берді. Машина орнынан қозғалып, жүйтки жөнелді.

                                                

47.     Үлкен тойханада Мұрат пен Самалдың үйлену тойы өтіп жатыр. Сәлима ағыл-тегіл жылап, екі жасқа тілек айтып тұр.

48.    Таспадай созылған тегіс жолдың жиегінде 35-40 жас  шамасындағы шопан жігіт ыстық күннің астында тықыршып, машина күтіп тұр. Көз ұшынан қара ноқат болып көрініп, жақындай берген жеңіл авто көлік екі қолын ербеңдетіп алдынан жүгіріп шыққан шопанға тоқтамай өте шықты. Тағы бір жүк машина мен жеңіл көлік шопанды қағып кете жаздап ағып өтті. Қатты қапаланып, көзінен ыстық жас ыршып кеткен шопан жерге тізерлеп отыра кетті де, екі қолын көкке жайды:

   --О, Жаратқан, маған сабыр бере гөр. Жәрдем бере гөр. Құдыреті күшті Құдайым, қуанышты да, қайғыны да өзіңнен артық ешкім бере алмайды. Мендей шарасыз, әлсіз құлыңа қуанышыңды нәсіп ете гөр. Жаратушы Құдайым, жай-күйімді түсінетін иманды да қайырымды бір құлыңа кезіктіре гөр.

                                                         

49.       Мұрат өліп-талып бір мекемені безендіріп жатыр.

 

50.   Таспадай тегіс асфальт жолда «көкқасқа» жүйткіп келеді. Қайсар да бұрынғы мазасыздықтан арылғандай. Маңдайшаға ілінген Нұргүлдің суретіне қарап, қомпаң-қомпаң етіп әндетіп те қояды.

                                         --Ахау, Гүлдерайым, күн мен айым,

                                         Ұшарға қанатым жоқ, неғылайын..

   Сезімге беріліп, көзі күлімдеген Қайсар рульді сығымдай ұстап, педальді баса түсті.

 

 51.     Мұңға батып, басы салбырап отырған шопан жігіт тақап қалған жүк машинасын енді ғана байқап, екі қолын ербеңдетіп, алдынан шыға берді. Қағып кетуге сәл-ақ қалып, жолдың шетіне тоқтаған «көкқасқадан» секіріп түскен Қайсар шопанды жағасынан ала кетті:--Сіз.. сіз не? Өле алмай жүрсіз бе, әлде мені өлтіре алмай жүрсіз бе?

   Шопан жігіт кемсеңдеп қоя берді:--Інішек, мені түсін. Әйелім толғатып жатыр еді. Әл үстінде..

   Қайсар дағдарып қалды да шопанды босатты.—Түсінбедім. Сіз кімсіз? Әл үстінде жатқан кім? Асықпай, анықтап айтыңызшы.

   --Мен мал баққан шопанмын. Малым таңнан бері қорада қамаулы. Әйелім толғатып әл үстінде жатыр. Біресе осында келем, біресе әйеліме барам, әбден есім шықты. Бір машина тоқтасайшы. Бұл шопыр дегендердің бәрі тоңмойын, мейірімсіз болып кеткен бе, білмеймін. Жетім өскен жан едім. Соңымда тым болмаса бір тұяқ қалса деп армандаймын. Аллаһ Тағала бір ұл, бір қызын беріп еді, қайтып өзі алып қойды. Жүзің жылы  азамат екенсің, көмектесе гөр. Анау өмір мен өлімнің ортасында жатқан бейшара жанды ауруханаға жеткізе гөр. Жалынамын, інім. Құлдығың болайын.—Шопан жігіт тізерлей отырып, жылап жіберді.

   --Мұныңыз не? Тұрыңыз. Тезірек үйіңізге барайық.—Қайсар шопанды орнынан тұрғызып, машинаға мінгізді. Өзі де мініп, есікті тарс жапты. Машина біраз жер жүрді де, асфальт жолдан түсіп, жайдақ жолмен шаңғыта жөнелді. 

            

52.     Сәлиманың үйі. Мұрат Сәлимаға қомақты ақша берді. Сәл ыңғайсызданып қалған Сәлима Мұрат үйден шыға салысымен ақшаны санай бастады.

 

53.      Шопан жігіттің үйі мен қора-жайы. Таңнан бері өріске шықпаған қойлар есікке қарай анталасып, маңырап тұр. Көнелеу киіз үйдің ішінен шопан әйелінің қинала ыңырсыған дауысы шығады. Машинаның гүрілі естіліп, көп өтпей  Қайсардың «көкқасқасы» үйге тұмсығын тірей тоқтады. Машинадан секіріп түскен шопан мен Қайсар асыға үйге кіріп кетті де, сәлден соң қиналып, ыңырсыған ананы алып шығып, кабинаға отырғызды. Үйге кіріп екі жастық алып шығып ананың екі жақ қапталына қойған Қайсар біресе қора жаққа, біресе әйеліне қарап мазасызданып тұрған шопанның жайын бірден ұға қойды:--Аға, сіз бармай-ақ қойыңыз. Мал, қора-қопсы дегендей, өз тірлігіңізді істей беріңіз. Жеңгейді ауруханаға өзім-ақ жеткізермін. Уайымдамаңыз. Қалай да жеткіземін. Әлі-ақ көресіз.. Алла бұйыртса, сүйіншісін де өзім келіп аламын.

     --Аузыңа май, інім, аузыңа май. Сүйіншіңе осы бастан-ақ бір қылды құйрық атадым.—Шопан ризашылығын танытып, Қайсарды қапсыра құшақтап сүйіп алды.--Әуелі жалғыз Құдайға, сонан соң өзіңе тапсырдым.

   Машина орнынан қозғалып, шаңға көміліп көрінбей кеткенше көз алмай қарап тұрды да, екі қолын көкке жая тізерлеп отыра кетті:--Ия, құдыреті күшті Аллаһым. Осы бір шарана жарық дүниеге аман-есен келіп, іңгәлаған үнін естісем, жолыңа қос ақсарбас құрбан шалуға серт беремін. Қораның  есігі  ашылғаны сол, аштан қатып тұрған қойлар бірін-бірі баса-көктей сыртқа лап қойды.

                                                        

 

 54.        Сәлиманың үйі. Мұрат Сәлимаға тағы да көп ақша әкеп берді. Ақшаны алған Сәлима көңілі босап, Мұратты аналық мейіріммен құшағына қыса берді:--Ұлым, мен сені бүгіннен бастап өз перзентім деп санаймын. Туған анаң болмасам да, бар аналық мейірімімді, махаббатымды төгіп, туған ұлымдай аялап, әлпештеп өтемін деп серт беремін.

   --Рахмет, апа. Мен.. мен де бүгіннен бастап сізді туған анам деп санаймын. Туған ұлыңыз болмасам да, бар балалық махаббатыммен сізді туған анамдай қәдірлеп, қастерлеп өтемін деп серт беремін.

   Мұрат үйден шығып кете салысымен Сәлима басқа дүниенің бәрін ұмытып, асыға-аптыға ақшаны санауға кірісті.

                                                         

 55.    Сәлима берген ақшаны қолы-қолына жұқпай банкі қызметкері (жап-жас қыз) санап алып жатыр.

                

 56.     Даланың тастақ жолында «көкқасқа» шаңғытып жүйткіп келеді. Қайсар бір қолымен рульді қыса түсіп, екінші қолымен ыңырсып, дөңбекшіген ананның қапталындағы жастықтарды жөндеп қойып келеді. Кенет, шаңғытып келе жатқан машина бір жағына қарай шоңқиып, кілт тоқтады. Моторды өшіріп, жерге түскен Қайсар машинаның арт жағына келіп, сол жақтағы екі доңғалақтың да мыжырайып, «көкқасқаның» бір жамбасына шоңқиып қалғанын көрді. Қапалана ернін тістеп біраз тұрды да, қорапқа шығып қосалқы доңғалақ пен көтергішті жерге тастап, өзі де секіріп түсті.

   Кабинадағы ана жастықты умаждай қыса түсіп, ыңырана дөңбекшуде:--Ой, жаным-ай. Жаным қиналды-ау. Жаратқан Құдай, маған сабыр бере гөр. Жәрдем бере гөр..

   Қайсар қосалқы доңғалақты орнына салып, ең соңғы бұрандасын бұрап жатыр. Іштен ананың ыңыранғаны естілді.

   --Қазір, қазір. Болып қалдым.—Соңғы бұранданы қатырып, асыға көтергішті төмен түсіре бастады. Сол қолының саусақтары доңғалақтың астында қалып қойғанын байқар емес. Көтергіштің ішіндегі ауа пысылдап шыққаны сол, доңғалақ саусағын басты да қалды. Жан даусы шыққан Қайсар бір сәт қараңғы түнекке кіріп кеткендей болды. Сәлден соң есін жиып, доңғалақ басқан саусақтарын шығарып алмақ болып тартқылағанмен түк шықпады. Қанша әуреленсе де,  өзінен алыстау жерде жатқан көтергішті көтеретін темір мен құрал-саймандар салынған жәшікке қолы да, аяғы да жетер емес. Кабинадан ананың ыңырсыған даусы естілді. Сәл ойланған Қайсар қалтасынан шаппасын алып, тісімен ашты да, басылып қалған саусақтарына тақай берді. Бірақ ішкі ойы қарсылық танытқандай болды:--«Кесуін кесерсің-ау.. Ал, қансырап жолда қалсаң қайтпексің? Мойныңа аманат етіп алған ананың хәлі не болмақ?»

Қайсар тоқталып қалды да, әлде бір ойға батыл аяқ тірегендей, асыға-аптыға басылған саусағының айналасын шаппасымен үңгіп қаза бастады. Өлдім-талдым дегенде саусағын босатып, орнынан сүйретіле әрең тұрған Қайсар қызыл қан болып жаншылып, жансыз салбырап қалған сол қолын көйлегінің омырауына асып, қиналып тұрып қалды. Іштен ананың ыңырсыған даусы естілді.

   --Қазір, қазір, міне, болдым.—Қайсар саймандар салған жәшікті көтеріп, асыға кабинаға мінді. Машина орнынан қозғалып, бірте-бірте алыстай берді. Орнында қалғаны құлап жатқан көтергіш. Жарылған қос доңғалақ. Сонан соң  машинаның ізі...

                                                                   

 57.     Сәлиманың үйі. Мұрат шеберханасында жұмыс істеп отыр. Столдың үстінде ананың бейнесі салынған эскиздер мен гипстен құйылған ананың 2-3 мүсіні тұр Мұрат қолына бір мүсінді алды да, ойланып алдындағы қағазға сыза бастады. Мүсінді орнына қойып тағы да ойланып қалды. Кенет орнынан ұшып тұрды да, еденге тізерлеп отыра кетті.—Жоқ, анашым. Сенің аяулы бейнеңді асыл тастан қашаймын. Көрген жан таң қалатындай көркем мүсініңді жасап, кім екеніңді елге танытамын. Анашым, осы айтқандарымды орындаймын деп рухыңның алдында серт беремін.

 

 58.    «Көкқасқа» шаңғытып жүйткіп келеді. Жүзін қара тер жауып кеткен Қайсар көлікті бір қолымен ғана басқарып келеді. Анда-санда көзі жұмылып, басы төмен түсіп кетеді. Ана болса, түкті сезбей талып  ұйықтап кеткен. Талықсып кетіп, әрең дегенде бойын тіктеп алған Қайсар жалғыз қолымен рульді сығымдап тістене түсті:--Қалай да жетткізуім керек. Қалай да.. Тағы талықсып кетіп көзін ашқанда, алдынан бұлдырап аурухана көрінгендей болды.

   --Жеткіздім ғой, әйтеуір.. Ұл ма, қыз ба?.. Хабарын да беруім керек..—Күбірлеген Қайсар кілтті бұрап өшірді де, дабыл түймесін үсті-үстіне баса берді. Ауруханадан шығып жүгіріп келе жатқан ақ халатты дәрігерлер бұлдырап көрінді. Көзі жұмылып, талықсып кеткен Қайсар маңдайымен дабыл тетігін басқан күйі қимылсыз қалды. Үзбей дабыл беріп, қозғалмай тұрған «көкқасқа». Зембілдерін көтеріп, жанұшыра жүгіріп келе жатқан ақ халатты абзал жандар..

   

 59.     Мектептің алды. Мұрат Самалды күтіп тұр Үзіліске шыққан оқушылардың соңына таман кең көйлек киген аяғы ауыр Самал да көрінді. Мұрат алдынан шығып, қолынан ұстай алды:

   --Жаным, қалайсың? Шаршаған жоқсың ба?

   --Мен шаршауын шаршап жүрмін-ау, ал, мынаның шаршайтын түрі жоқ. Тынымсыз тепкілейді де жатады, тепкілейді де жатады.—Самал күліп өз құрсағын сипап қойды.

   --Өйткені, ол мына менің ұлым ғой. Ұл болған соң қайтіп тыныш жатсын.

   --Мұрат, сен ұл екенін қайдан біліп қойдың? Әлде, көріпкелдігің бар ма?

   --Жоқ, ондай ештеңем жоқ.

   --Онда, қалай біліп қойдың ұл екенін? Мүмкін, қыз шығар?

   --Жоқ, ұл.

   --Жарайды, ұл-ақ болсын. Бірақ айтшы. Оны қалай білдің—Самал еркелей, Мұраттың қолын өзінің құрсағына басты.

   --Өзің айтқан жоқсың ба, тынымсыз тепкілей береді деп. Ұл болған соң ғана тепкілейді ғой.—Мұрат күліп Самалды құшақтады.

   --Ой, жынды. Мен шынымен бірнәрсені біле ме десем..—Самал күліп жіберді.—Айтпақшы, ұмытып барады екенмін ғой. Келесі аптадан бастап декреттік демалысқа шығатын болдым. Енді сен жұмыстан келгенше, үйде сарғайып күтіп отыратын болдым.

   Жүзі нұрлана тәтті ойға батып кеткен Мұрат әлден соң барып көзі жасаурай тіл қатты:--Самал, жаным. Әке болатынымды ойласам, бақыттан басым айналып, көкке ұша жөнелгім келеді. Мен.. Мен  ең-ең бақытты әке боламын. Салиқалы, қайырымды, мейірімді, мен үшін жанын үзіп беруге даяр Сәлимадай анам барда, күні-түні жаныма шуақ құйып, ерке де жылы леппен желпіген, көңілімді көктем еткен Самалым, сендей аяулы, асыл жарым барда, менің өмірдегі ең бақытты әке болмасыма хақым жоқ.

   Мұрат жылап тұр. Қуаныш пен бақыттан жылап тұр.

 

  60.       Балалар үйі. Нұргүлдің кабинеті. Нұргүлдің алдында Ажар сөйлеп отыр.

   --Қызым, Құдай қаласа, Дәурен көкең де ауруханадан шығып қалады. Соған тағы да.. бір жақсы хабар болып қала ма деп..

   --Апай, біз барлық мүмкіндікті қарастырып жатырмыз. Қалай табамыз, солай сіздерге хабарлаймыз.

   --Дұрыс қой, қызым.. Дегенмен.. тым созбақталып кеткесін..

   --Апай, адамды іздеп, табу оңай деп ойлайсыз ба? Әлде.. маған сенбейсіз бе? Оның үстіне тым жиі  келесіз..

   --Ол не дегенің, қызым? Неге сенбейін. Еріккенімнен жиі келіп жүр дейсің бе мені. Анау шал ғой. Бардың ба? Тауыпты ма?- деп жанымды қоймайды. Құдай-ау, күніне он рет айтатын шығар. Өзіңе келместен-ақ, бардым, жолықтым дей  салсам да болар еді, бірақ жасым жер ортаға келгенде өз шалымды өзім қалай алдамақпын. Бәрін бір Құдай көріп тұр емес пе?

   Нұргүл Ажарға аяушылық көзбен қарап, терең ойға беріліп кетті.

 

 61.     Сәске түс. Қаланың қым-қуыт тіршілігі. Биік-биік зәулім үйлер. Теп-тегіс жолдар. Әрі-бері тынымсыз жүйткіген сан түрлі автокөліктер. Арасында төбесіндегі шамы жарқылдап, дабыл қағып жедел жәрдем көлігі де кетіп барады. Әне, ол үлкен аурухананың кең қақпасынан ішке ене берді. Ауладағы жүрген-тұрған, отырған науқастардың назары сонда ауды. Шеткері тұрған бастырма астында тоғызқұмалақ ойнап отырған  сол қолы гипстелген Қайсар мен бір аяғы гипстелген 20-25-тер шамасындағы  Мақсат та бір сәт сол жаққа қарап қалды.

   --Сонша айғайлатып, асығыс келгеніне қарағанда тегін болмады.—Қайсар қынжыла алдындағы тасқа қол созды.—Ия, сөйтіп, оқуымды, достарымды сағындым дейсің бе? Иә, солай.. Өмір осылай жалғаса береді. Міне, былай.. Мен қазір мына құмалақты сенің отауыңа түсіремін.—Тасты ұяшыққа түсіріп, Мақсатқа сынай қарады:--Достарым, оқуым деп күніне жүз рет айтасың. Пода-пода өлең жазасың. Ал, оны бізге көрсетпейсің.

   Мақсат қызарақтап қалды:--Ой, Қайсар аға, сіз де айтады екенсіз. Жай былай.. уақыт өтсін деп.. Сосын.. Сосын мен де қарыз болмай мына құмалақты сізге беріп қояйын.—Тасқа қолын соза бергені сол, дәл жандарынан  қаттырақ шыққан дауыс Қайсар екеуін де еріксіз өзіне қаратты.

   --Жоқ! Жоқ! Жоқ! Сені тыңдағым да келмейді.—Орындықта отырған 70-ті алқымдаған, зиялы жандарша киінген кісі алдында тұрған орта жастағы әйелге сұқ саусағын безей айғайлап жіберді.

   --Дәурен, сәл сабыр етші. Мен баруын барып, сұрауын сұрап жатырмын ғой. Маған не дейсің енді?—

   Әйел жасқаншақтай кейін шегіне берді.

   --Ия, Ажар, сен барып жатырсың. Сұрап жатырсың. Бірақ.. бірақ мен зарыға күткен қуанышты хабарды әлі әкелген жоқсың.

   --Дәурен, мен.. мен.. әкелмейін деп жүр дейсің бе? Болады, боладыдан басқа ешнәрсе айтпастан шығарып салады. Берген уәдең қайда деп төбелесейін бе енді?

   --Иә-ә, емделіп кел, емделіп кел деп алдап-сулап қаңғыртып жіберіп, Арманым мен Анарымды шет елге беріп жіберді. Енді, міне, туған ұлыңды тауып беремін деп уәде беріп алып, сағыздай созып әлі жүр. Әттең, мына жүрегі құрығыр.. Әйтпесе, өзім-ақ барып..—Дәурен қатулана таяғына сүйеніп, орнынан тұра берді. Ажар жаны шыға Дәуреннің қолынан ұстай алды:--Дәурен, Дәурен, тым ашулана бермеші. Саған қатты толқуға болмайды ғой. Жүрегің.. Жүрегің..

   --Ит жесін мұндай жүректі. Ит жесін.—Дәурен Ажардың қолын қағып жіберіп, таяғын тықылдатып ауруханаға қарай жүріп кетті. Аңтарылып қалған Ажар сәл тұрды да, Дәуренді қуып жетіп, қолтығынан демей берді.

                                                        

62.      Балабақша ауласы. Мұрат сатыға шығып, биіктегі қалқан темірге сурет салып жатыр. Іштен шыққан балабақшаның меңгерушісі, орта жастан  асқан әйел далбалақтап, асыға жетті:--Ал, Мұратжан, қуана бер. Өзің сарыла күтіп жүрген әлгі тас.. аты немене еді?. Сол келіпті. Жаңа ғана көркемсурет қорының бір қызметкері қоңырау шалып, өзің айтқан тастың келгенін айтып, ақшасын төлеп тез алып кетсін деді.

   --Не дейсіз? Келіпті дейсіз бе?—Қатты қуанған Мұрат өзінің сатыда тұрғанын ұмытып кетіп, құлауға шақ қалды.

   --Абайласаңшы, балам–ау.—Меңгеруші әйел алға ұмтылып барып тоқтады.—Сол бір тас деп өлесің бе, қайтесің?

   --Апай, ол тас.. ол тас.. Ол тас мен үшін шынында да қымбат, қадірлі болып тұр.—Сатыдан асыға түскен Мұрат  үстіндегі халатын сыпырып тастай салып, сыртқы қақпаға қарай жас балаша жүгіре жөнелді.

                                                            

63.     Сәлиманың үйі. Сәлима стол басында калькулятормен есептеп, әлденелерді дәптерге жазып отыр. Алып-ұшып асыға кірген Мұратты байқап, жылыұшырай тіл қатты:--Не болды, балам? Менде жұмысың бар ма еді?

   --Жұмысым болғанда.. жұмысым болғанда.. маған.. маған бір 60-70 мың теңгедей ақша керек еді..

   --70 мың теңге!?..—Сәлиманың көзі шарасынан шыға, жүзі сұрланып кетті.—Оны.. сонша ақшаны қайтпексің?

   --Апа, өзіңізге айтып едім ғой, мүсін жасайтын  қымбат тас сатып аламын деп. Сол тас бүгін келген екен. Соған.. Өзімнің қалтамда ақшам болмаған соң..

   Сәлима алқына, әрең тіл қатты:--Шырағым, оның тым нелеу емес пе? Сол жаны жоқ қара тасқа бола сонша ақша бермекпісің? Енді бұрынғыдай жалғыз басты емессің. Екеу болдыңдар. Ертең үшеу боласыңдар. Ертеңіңді де ойласаң етті.

   Бұдан әрі қарай көрініс дыбыссыз беріледі. Қатты түтігіп кеткен Мұрат екі қолын жайып «ақша менікі, алуға әбден хақым бар»  деп талап етіп жатқандай.

   Сәлден соң Сәлиманың даусы естілді:--Тастан мүсінін ойып, әлдеқашан сүйегі қурап қалған шешеңді жарылқағанша, тірілердің жайын неге ойламайсың? Алтын асықтай қызымды алып отырсың. Қызымның сол қара тас ғұрлы бағасы болмағаны ма? Қойныңда қызым, төбеңде баспанам, оны неге ойламайсың? «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» деген. Бәрін біле, көре тұра қызымды сендей тұлдыр жетімге берген өзім оңбаймын ғой. Ойбой, ойбой..—Сәлима жерге отыра қалып, өз маңдайын өзі тоқпақтап, ойбайға басты.

   Мұрат Салимны жаңа көргендей аң-таң болып сілейіп қалды. Көз алдына:

   --Ұлым, мен сені бүгіннен бастап өз перзентім деп санаймын. Туған анаң болмасам да, бар аналық мейірімімді, махаббатымды төгіп, туған ұлымдай аялап, әлпештеп өтемін деп серт беремін,-- деп өзін құшағына қысқан Сәлиманың бейнесі келді. (54-көрініс) Мұрат сәл  тұрды да, қос қолымен құлағын баса, жанарынан ыстық жас ағыла, үйден ата жөнелді

 

 64.       Мұрат бір досынан ақша сұрады. Ол ақшасы жоқ екенін айтып, басын шайқады.

 

 65.     Мұрат тағы бір танысынан ақша сұрады. Ол ақшасы жоқ екенін, бар болса, қалай да беретінін айтып шыр-пыры шығып жатыр. Жанарынан ыстық жас ыршып-ыршып кеткен Мұрат үн-түнсіз үйден шыға берді.

                                                                

 66.  Аялдамаға тоқтаған автобустан асыға  түскен Мұрат жолдың қақ ортасымен өтіп бара жатқан Сәлиманы  көріп қалды. Екі қолында үлкен-үлкен екі сөмкесі бар ол арт жағынан тақап қалған жеңіл машинаны тіпті байқар емес. Мұрат ойланбастан жүгіріп барып Сәлиманы бар күшімен жолдың шетіне қарай серпіп қалды да, өзі де шетке қарай ұмтылды. Бірақ, үлгере алмады. Жеңіл машина қағып өтіп, біраз жерге барып тоқтады. Бет-ауызы, үсті-басы қан-қан болып қимылсыз сұлық жатқан Мұратты демде жұрт қоршап алды. Жұртты кимелей алға шыққан Сәлима қан-қан болып жатқан Мұратқа біраз қарап тұрды да, жылыстап қаша жөнелді. Төбесіндегі шамы жарқылдап, айғайлата МАЙ қызметкерлері де жетті.

 

  67      Аурухана палатасы. Түскі тынығу сәті. Үш керуеттің бірінде Қайсар ұйықтап жатыр. Бірі бос. Бірінде Мақсат ойланып, өлең жазып отыр. Тыстан жедел жәрдем көлігінің ащы дабылы естіліп, Мақсат терезеден көз салды. Ақ халатты дәрігерлер жедел жәрдем көлігінен әлдекімді түсіріп жатыр. Зембілдің үстіне жабылған ақ мата түгелдей дерлік қызыл қанға боялыпты. Жаны түршігіп кеткен Мақсат көзін жұмып, керуетіне сылқ етіп отыра кетті. Жазбақ болып дәптерге шұқшиғанынан да ешнәрсе шықпады. Көз алдынан қызыл қанға боялған ақ мата жабылған зембіл кетпей қойды. Ақыры шыдай алмай қалам-дәптерін столға тастай салды да, дәлізге шықты. Аяғын абайлап басып, бөлім меңгерушісінің кабинетіне келіп, есікті қақты. Іштен «кіріңіз» деген дауыс естілді. Ішке кірген Мұрат столға шұқшиып әлдене жазып отырған Жұмат Сәрсеновты көріп, босағада тұрып қалды. Жұмат Сәрсенов басын көтеріп алды:

   --Кел, Мақсат. Жай келдің бе? Өзіңнің түрің қашып кетіпті ғой. Бір жерің ауырып тұр ма?

  --Жоқ, жоқ, Жұмеке, сап-саумын. Мен әншейін.. Ана кісі.. Әлгі қан-қан болып түскен кісі кім? Оған енді не істейсіздер?

   --Оның саған қандай қатысы бар? Мен саған айтқан жоқ па едім, Мақсат. Не болса, соған көңіл бөліп, үгіле берме деп.—Жаңа ғана жадырап отырған Жұмат Сәрсенов демде түнере қалды:--Ал, ол жігіттің  туған-туысқан, жақындары әлі келген жоқ. Төлқұжатында аты-жөні Саржанұлы Мұрат. Қандай жұмыс істейтінін біле алмадым. Өзі менімен түйдей құрдас екен. Оң жақ аяқ-қолының сүйегі сынған. Беті де қатты жарақаттанған. Қан керек болып жатыр.. Жан-жаққа хабар беріп, барлық мүмкіншілікті қарастырып жатырмыз. Қырсыққанда, қайдағы тбылмайтыны болып тұр. Міне, мынау..—Бір жапырақ қағазды Мақсатқа ұсынды..

   Қағазды  тез шолып шыққан Мақсат қуанышын жасыра алмай айғайлап жіберді:--Жұмат аға, менің қаным дәл осы топқа жатады. Менен алыңыз. Менің орнымда кім болса да осылай етері даусыз.

   Жұмат Сәрсенов мейірім толы жанарымен Мақсатқа елжірей қарап үнсіз отырып қалды.         

 68.      Сәлиманың үйі. Сәлима асыға үйдегі жүктерді буып-түйіп жатыр. Есікті жұлқа ашып, асыға кірген Самал аң-таң болып тұрып қалды да, әлден соң барып тіл қатты:--Мұрат қайда, апа? Көрінбейді ғой. Маған да бармады..

   --Көрінбей кетсін ол сүмелегің. Біржолата неге жоғалмайды, бүйтіп тірі жүргенше.—Сәлима бажылдап, айғайлай жөнелді. Біраздан соң сабасына түсіп, ухлеп отырып сөзін жалғады.—Қызым, қайтейін. Мен саған жамандық ойлайды дейсің бе? Бірақ, айтпасқа тағы амалым жоқ. Анаңмын ғой. Сабырмен тыңда. Ол сүмелектің ауылында қатын, бала-шағасы бар екен. Ал, ол сұмырай бұл жақта сені түсірді торына. Оған сен емес, байлығымыз керек болған секілді.. Енді, міне..

   --Жоқ, жоқ. Олай болуы мүмкін емес. Кетіп қалғанын қайдан білдіңіз? Мұрат.. Мұрат.. Жоқ, жоқ, сенбеймін.—Самал айғайлап, сөзді бөліп жіберді.

   --Қызым, ол дәл солай. Өз құлағыммен естідім.—Сәлима көкірек жара күрсініп салды.—Түске таман осында бір бейтаныс жігіт келді. Әлгі оңбағанды іздеп келіпті. Ол сүмелектің жанұясы бар екенін, көптен бері жоғалып кеткенін, ауыл болып іздеп, таба алмай жатқанын айтты. Мен әрине, оған пәлен-түген деп жатпадым. Оның осы үйде пәтер жалдап тұрып жатқанын ғана айттым да қойдым. Ол оны екі сағаттай күтіп, келмеген  соң қайтып кетті.

    --Жоқ, жоқ, мүмкін емес. Сенбеймін.—Самал еңіреген күйі сыртқа ата жөнелді.

    Сәлима Самалдың соңынан аянышты көзбен қарап біраз тұрды да, жұмысына кірісіп кетті.

 

 69.  Аурухана. Операция залы. Дәрәгерлер Мұратқа операция жасап жатыр.

 

 70.  Самал Мұрат безендіріп жатқан балабақша меңгерушісінің алдында отыр. Балабақша меңгерушісі  оған құжаттардың арасынан бір жапырақ қағаз алып берді:--Ия, оған 60 мың теңге аванс бергізгенім рас. Өзі сондай еңбекқор, адал жігіт. Өз ақшасын өзінен аяймын ба? Әлгі бір тас деп.. Аты қандай еді?..

Самал өзімен-өзі болып, күбірлеп Мұраттың өтінішін оқып отыр:--Жанұялық жағдайыма байланысты, еңбекақымның есебінен 60 мың теңге беруіңізді сұраймын...

   Өтінішті балабақша меңгерушісіне қайтарған Самал орнынан ұшып тұрып, асыға кабинеттен шыға жөнелді.

    

71.  Мұратқа операция жасалуда.

 

72.  Самал көшеде ағыл-тегіл жылап келеді, күбірлеп келеді:

   --60 мың теңгені ала сап, ауылдағы қатын-баласына тайып тұрған ғой..

   Көз алдына мектептегі Мұратпен кездескені, оның қуаныш пен бақыттан жылаған сәті келді. (59-көрініс) Сөмкесінен Мұрат екеуі түскен фотосуретті алып, қимастықпен біраз қарап тұрды да, жыртып-жыртып қоқыс салатын жәшікке тастай салды. Көз жасын сүртіп, қатайып алды да тез-тез басып жүріп кетті.

                                                              

 73.  Мұратқа операция жасалып бітіп, дәрігерлер бет қаптары мен қолғаптарын шешіп, енді бірі қолдарын жуып жатыр.

                                                            

 74.   Сәлиманың үйі. Аулада үстіне жүк артылған тіркемесі бар «КАМАЗ» автокөлігі тұр. 3-4 жігіт бірі жүк әперіп, бірі артып жатыр. Аулаға кірген Самал аңтарыла қарап біраз тұрды да, үйге кірді. Терлеп-тепшіп, білегін сыбана майда-шүйде заттарды қорапқа салып жатқан Сәлима Самалға қарап қимылсыз қатып қалды. Самал да Сәлимадан көз алмай қадала қарап тұрды да, үн-түнсіз тірлікке араласып кете барды.

                                                                 

 75.   Аурухана. Зембіл-арбаға жатқызылған көзі-басы таңулы Мұратты медбикелер ұзын дәлізбен алып бара жатыр.

                                                                 

 76.  Үлкен жолдың үстінде таудай жүк артқан тіркемесі бар «КАМАЗ» автокөлігі зулап келеді. Кабинада өзіне-өзі риза кейіптегі Сәлима мен ауыр мұңға, терең ойға батқан Самал отыр.

 77.   Аурухана палатасы. Түскі тынығу сәті. Мақсат шұқшиып өлең жазып, Қайсар керуетте шалқасынан ойланып жатыр. Көз алдына саусағын безей айғайлаған Дәурен мен жасқаншақтап шегіне берген Ажар келді. (61-көрініс) Әрі-бері дөңбекшіп жата алмаған Қайсар орнынан тұрып  Мақсаттың жанына келді:

   --Мақсат,  бір реттегі кісі ше?. Анау.. әйеліне айғайлаған Дәурен деген кісі ше?. Сол кеше ауруханадан шығып кетіпті.

   Мақсат таңдана басын көтеріп алды:--Шықса не бопты, Қайсар аға? Жазылғасын шығады да. Ол кісіні неге еске түсіріп жатырсыз?

   Осы кезде медбикелер зембіл-арбамен басы-көзі таңулы Мұратты әкеліп, бос керуетке жатқызды. Қайсар мен Мақсат оларға көмектесті.  Медбикелер шығып кетті. Қайсар Мұраттың жамылғысын жөндеп жауып жатқанда, Жамал тамақ әкелді.

   --Амансыңдар ма, айналайындар. Тағы бір науқас түскен бе? Ой, тоба-ай! Бұл өмір не болып барады?--Әкелген тамағын столға қойып, Қайсарды құшақтап, бетінен сүйіп, көзі-басы таңулы Мұратқа мейірлене қарады:--Байғұс бала-ай, қатты соғылыпты-ау. Бұл да біреудің аялап-әлпештеген баласы ғой.

   --Ия, апа, осы жаңа ғана әкеліп жатқызды. Сонша жерден әуре боп несіне келдіңіз? Әбден шаршаған шығарсыз? Отырсаңызшы.—Қайсар орындықты жақындатты.

   --Жоқ, балам, отырмаймын. Кетемін. Нұргүл келін сені ертең шығады деген соң, алдын-ала өзім келіп, бетіңнен бір сүйіп кетейін деп шыққаным ғой. Әйтеуір қолы құрығыр бір тимейді ғой..

   --Ия, апа, Құдай қаласа, ертең шығамын деп отырмын. Киім-кешек, ол-пұл заттарымды Нұргүлдің өзі әкелемін деген. Сіз әуре болмай-ақ балалардың қасында болыңыз.

   --Жарайды, балам. Тек, ана тентектер біз де барамыз деп қиғылық салмаса болды да. Ал, Мақсат балам, сен де Қайсар ағаң секілді тез жазылып шық.—Жамал Мұратқа жақындады:--Айналайын балам, сен де аман-есен тезірек жазылып кет. Ер жігіт өмірінде үш үй тігеді дейді. Бұл сенің ең соңғы тіккен үйің болсын, лайым. Саған Құдайдың өзі жәрдем берсін.—Жамал палатадан шығып кетті.

   Қатты күрсініп салған Мұрат баяу тіл қатты:--Қандай керемет кісі. Даусы маған өте жылы естілді. Тіпті, таныс дауыс секілді. Есімі кім екенін білсем ғой..

   --Ол менің анам. Есімі Жамал.

   --Жамал!?—Мұрат таңданғанын жасыра алмай қозғалақтап кетті.—Қандай сәйкестік. Аты да даусы да..

   --Сіз не туралы айтып жатырсыз?—Қайсар түсінбей қалды.

   --Ә-ә, жай.. Анаңыз қандай тамаша жан еді.

   --Ия, менің анам шынында керемет ана! Көрдіңіз бе, ертең шығатынымды білсе де, сонша жерден келгенін.

 

 78.   Сәске түс. Аурухана ауласы. Қайсар ауруханадан шығып жатыр. Көзі жасаураған Мақсат Қайсарды құшақтап алған:--Әбден бауыр басып кетіппін.  Ініңіздей көріп мені өзіңізге жақын тартып жүруші едіңіз, енді, міне, жалғыз өзім  қалғандаймын.

   --Оның не Мақсат? Жаныңда Мұрат ағаң бар, оған бас-көз бол. Ал, мен.. Мен жиі келіп тұруға тырысармын.—Көңілі босап, көзі жасаураған Қайсар да Мақсатты құшағына қыса түсті.

   Қолында үлкен сөмкесі бар, шеттеу тұрған Нұргүл күліп жіберді:--Оу, сендерге не болды? Бір-бірлеріңді енді көрмейтіндей сонша қамығып. Жан аман болса, әлі талай кездесерсіңдер.

   --Ия, ия, кездесеміз ғой, Мақсат бауырым.—Қайсар Мақсаттың қолын қысып, Нұргүлге қарай жүрді.

   --Қайсар аға, сау болыңыз. Нұргүл жеңге, ағамды сізге тапсырдым. Енді, аяқ-қолына абай болыңыз.—Мақсат қолын бұлғап күлген болды.

   --Сен де сау бол, қайным. Енді ағаңды қаталдау ұстауға уәде беремін.

 

 79.      Аурухана палатасы. Түскі ас уақыты. Бетіндегі таңғышы алынып, бір аяқ, бір қолы гипстелген Мұрат керуетте шалқасынан ойланып жатыр. Алдындағы үстелде буы бұрқырап, әлі қасық тимеген тамақ тұр. Палатаға кірген Мақсат тамақты көргенде, ренішін жасыра алмады:

   --Мұрат аға, бүгін де ішпегенсіз бе? Бүйтіп жата берсеңіз, қайтіп аяғыңыздан тұрасыз?

   Қалың қастары түйісіп кеткен Мұрат тырс етер емес. Төбеге қадалып қалған.

   --Мұрат аға, мен сізді түсінемін. Ешкім естімей жатқан шығар. Әйтпесе, біреуі келер еді ғой.

   Мұрат үн қатар емес. Шыдамы таусылған Мақсат өзін көптен бері мазалаған ойын айтып салды:

   --Мұрат аға, егер сіз үйдің тұрағын берсеңіз, мен мән-жайды біліп келер едім.

   Жүзіне аздап жылылық жүгірген Мұрат күлімсірей Мақсатқа  мойнын бұра берді.

 

 80.   Мақсат Жұмат Сәрсеновтың кабинетінде тұр. Жұмат Сәрсенов келісім бергендей Мақсаттың қолын қысты. Мақсат қуана кабинеттен шыға берді.

                                                             

 81.   Мақсат Сәлиманың үйіне келіп, қоңырау түймесін басты. Іштен ешкім шығар емес. Көрші үйден 60-ты алқымдаған кейуана шығып, Мақсаттың жанына келді.—Балам, кімді іздедің?

   --Амансыз ба, апа. Сәлима деген кісіні іздеп жүр едім. Самал деген қызы бар.

   --Сәлима дейсің бе? Сен оның кімі боласың?

   --Мен бе? Мен.. мен.. алыстағы туысы боламын.

   --Туысымын дейсің бе? Сен білмейді екенсің ғой, олардың көшіп кеткенін.

   --Көшіп кеткен?.. Қалайша?

   --Е-е, қарағым-ай. Қалай дерің бар ма? Бәрі ана бір оңбағанның кесірі. Сәлима қандай тамаша жан еді. Әлгі оңбағанға жалғыз қызын беріп, өз қаржысымен дүрілдетіп тойын да жасап берді. Ол ол ма, оны үйіне кіргізіп алды. Асты-үстіне түсіп, туған баласындай көруші еді. Ал, ол оңбаған болса, айы-күні жетіп отырған әйелін тастап, өзінің бұрынғы қатын-баласына тартып отырыпты. Мұндай масқараға Сәлима секілді жаны таза, ар-ұяты күшті әйел қалай шыдасын? Жүгін буып-түйіп, қызын алып, бір күнде көшті де кетті. Бәрі сол оңбаған күйеу баласының, аты кім еді, Мұрат па еді, ия, соның кесірі.

   Мынадай сұмдыққа сенер-сенбесін білмеген Мақсат  көзі шарасынан шыға сілейіп тұрып қалды.

                                                            

   82.    Аурухана палатасы. Мұрат керуетінде есікке қарап елеңдеп отыр. Есік ашылып, палатаға көңілсіз кірген Мақсат Мұратқа әкелген тамағын столдың үстіне қойды.

   --Мақсат, келдің бе? Біреу-міреуге жолыға алдың ба?—Мұрат Мақсатқа үміттене қарады.

   --Енді.. былай.. бардым. Бірақ.. Бірақ ешкімді көрмедім. Көршілердің айтуынша, бір жаққа қыдырып кеткен секілді.

   --Қыдырып кетіпті ме, әлде көшіп кетіпті ме?

   --Көшіп кетіпті?.. Оны қайдан біліп қойдыңыз? Жо, жоқ, тіпті олай емес. Олар.. Олар..—Мақсат не айтарын білмей, кібіртіктей берді.

   --Мақсат, сенің еш уақытта өтірік айта алмайтыныңды жақсы білемін. Өзіңді-өзің текке қинамай таза шындықты-ақ айта бер.

   --Шындықты айтсам.. Шындықты айтсам..—Кенет Мақсат табан астында тас-талқан болып, ашуланып шыға келді:--Ия, мен өтірік айта алмаймын. Сосын.. сосын.. өте сенгішпін. Сізге де өзімдей сеніп едім. Ал, сіз.. сіз болсаңыз, барып тұрған оңбаған, екі жүзді өтірікші екенсіз. Өзіңізді анаңыздан артық әлпештеген енеңізді, әні-міні ана болғалы отырған сүйген жарыңызды тастап бұрынғы әйеліңізге, бала-шағаңызға кетіп қалыпсыз.

   Мұрат мырс етіп күліп жіберді:--Мына мен солай етіппін бе?—Демде қалың қастары түйіліп,  жүзі түнеріп сала берді.—Ия, енді бәрі де түсінікті болды. Сол екенін анық танысам да, ол емес деп өзімді сендіріп келіп едім. Енді, оның сол екеніне көзім анық жетті. Тезірек құтылайын деген ғой, бәлеме қалмай..

   --Мұрат аға, не деп күбірлеп отырсыз? Кімді айтасыз?

   --Қоя бер, Мақсат інім. Бұл бір өткінші жаңбыр секілді тез ұмытылар жайт. Өзім де дәл осылай боларын білгем. Бірақ, менің арым да, жаным да таза. Сондықтан ешкімнің алдында да кінәлі емеспін.—Мұрат жанары ұшқын ата, алдындағы тамаққа қол соза берді.

83.     Ташкенттен келген автобустан түскен Самал сусын ішіп алды да жан-жағына қарап ойланып қалды.  

                                                               

 84.    Самал бұрынғы өзі сабақ берген мектептің жанынан тез-тез басып өтіп кетпек еді, Самал- деген таныс дауыс естілді. Жалт қараған ол өзіне қарай келе жатқан бұрынғы әріптес құрбысы Жаңылды көріп, қуанып қалды. Бұрынғы әдетімен құшақтап сүймек болып еді, Жаңыл түнерген күйі жанынан өтіп, жақын тұрған арқалы орындыққа отырды. Самал аң-таң болып біраз тұрды да, жасқана басып келіп қасына тізе бүкті.

   Жаңыл біраз түйіліп отырды да, амандық-саулық жоқ екпіндеп сөйлей жөнелді:--Қалай?.. Онда көңілдегідей тұрып жатқан шығарсыңдар, ә? Әрине, өзің айтқандай оның ақшасы ол жақта да бәріне жетіп-артылып жатқан шығар? Бұрын көл-көсір табыс тауып тұрғанда керек адам аяқ астынан неге керек болмай қалды, соны айтшы, Самал? Білем, білем. Оны өмір-бақи ғәріп, мүгедек болып қалады деп қаштыңдар ғой ә, үйден безіп. Жоқ, Самал, сендер қатты қателестіңдер. Ол.. ол.. тағы да табыс тауып жатыр. Шаш етектен. Мүмкін, ана ғұлама шешеңмен ақылдасып, қайтып келерсің үйіңе. Жоқ, әлде, ол жақтан да көп ақша табатын біреуді тауып алып, балаңды да соның атына жаздырып қойдың ба?

   Жанары жасқа толып, ернін тістелеп, иегі дірілдеп тұрған Самал одан арыға шыдай алмады:----Жаңыл, сен.. сен не деп отырсың? Мұрат.. Мұрат туралы айтып отырсың ба? Мұрат.. Мұратқа не болды? Жаңыл, айтшы тез. Мұратқа бірнәрсе болды ма?—Жаңылды құшақтай алып жылап жіберді.

    Одан ары көрініс дауыссыз беріледі. Самал ағыл-тегіл жылап басынан өткен оқиғасын айтып жатыр.

   Кенет, ашудан түтігіп кеткен Жаңыл орнынан ұшып тұрды:--Ах, Самал, көңіліңе келмесін. Шешең қандай зұлым, екі жүзді адам еді? Қалайша дәті барып саған, өз туған қызына жамандық ойлады екен?—Самалды құшақтай, жанына жайғасты.—Тым болмаса, ол жақтағы тұрақ-жайыңды да айтып кетпедің, келіп. Тұрақ-жайыңды білгенде, мүмкін, бәрі де басқаша болар ма еді? Сен кешір мені, Самал. Саған жаңа ашумен өтірік айтып едім. Мұрат әлі ауруханада. Бірақ, жақында шығып қалады. Ол сені әлі ұмыта алмай жүр. «Самалмен бір тілдессем көңілімдегі жұмбақ бір түйткіл жазылып та қалар ма еді» деп еді бір барғанымда. Ол түйткілдің не екенін енді ғана түсінген секілдімін. Самал, жаным, сен енді тұрма. Тезірек Мұратыңа жет. Қуант. Оның жүрегі үлкен жүрек. Оның сені бірден түсінетініне  сенімім кәміл.—Самалды бетінен сүйген Жаңыл мектепке қарай асыға басып жүріп кетті. Біраз жерге барған соң барып, артына бұрылып айғайлады:-- Ол орталық аурухананың хирургия бөлімінде. 9-шы палатада. Ұмытпа, 9-шы палата.                                                                                                                                                                                                                                                                      

                                                                

 85.   Аурухананың жанына келіп тоқтаған таксиден асыға түскен Самал тез-тез басып аурухана ауласына, одан ішке кірді. Ұзын дәлізбен келе жатып, кезекші медбикеден халат алып иығына іле сала тағы да ілгері жүріп кетті. «9»саны жазылған есікке келгенде, әлі құрығандай қабырғаға сүйеніп тұрып қалды. Сәлден соң өзіне-өзі келіп, есікті тықылдатты. Ар жақтан шыққан аяқтың дыбысы ма, әлде өз жүрегінің дүрсілі ме, айыра алар емес. Кенет, есік ашылып, іштен балдаққа сүйенген Мұрат шықты. Сол-ақ екен, әрең тұрған Самал буыны босап, бір жағына қисайып құлай берді. Мұрат сау қолымен оны құшақтап, сүйеп қалды.                     

 

86.    Аурухана ауласы. Арқалы орындықта Мұрат пен Самал әңгімелесіп отыр. Самал жүзін жас жуып, бастан кешкендерін айтып жатыр. Мұрат оның бәрін бұрыннан білетіндей өте селқос тыңдап, әлсін-әлсін Самалдың ішіне қарай береді. Оны Самал да байқап қалған секілді:

   --Мұрат, сен менің айтқанымның бәрін де бұрыннан білетін секілдісің ғой. Тіптен тыңдап та отырған жоқсың. Сосын.. Сосын менің ішіме қарай бересің, қарай бересің..

   Әлдебір ойдың жетегінен шыға алмай мазасызданып отырған Мұрат ұрлығы ашылып қалған баладай қызарақтап қалды:--Самал, рас. Бір ойдың жетегінен шыға алмай қатты мазасызданып отырмын. Соны өзіңнен қалай сұраудың да жөнін таба алмай қиналудамын.

   --Мұрат, ол не нәрсе? Маған да қатысты болса, оны екеуміздің де білгеніміз жөн емес пе?

   --Білгенде.. әлгі.. не ғой.. Сен екеуміз мектептен соңғы рет бірге қайтқан күніміз есіңде ме? Сонда сен.. сен  декреттік демалысқа шығатыныңды айтып едің ғой. Одан бері қаншама уақыт өтті..

   Самал сәл ойланып отырды да, күліп жіберді:-- Ә-ә, сол ма? Ой, Мұрат, сен де қызықсың. Бірден-ақ неге айтпайсың? Мен қазір..—Асыға сөмкесінен фотосурет алып берді.—Ол міне. Екі айлығында түскен суреті.

   Мұрат сурет ұстаған қолы дірілдеп, қалың қастары бір-біріне түйісе, суретке ұзақ қарап отырды. Жанарынан шыққан ыстық жас жүзін жуып бара жатқанын да байқайтын емес.

   --Мұрат, сен.. сен жылап отырсың ғой.—Самал Мұратты құшақтай алды.

   --Кешір, Самал, қуанғаннан ғой. Қарашы, маған аумай тартқан секілді. Атын кім қойдыңдар бұл неменің? 

   --Асқар, Асқар деп қойдық. Сүйенер асқар тауымыз болсын дедік.

   --Асқар дейсің бе?—Мұрат қалың қастары түйіле сәл ойланып қалды да, тебірене сөйлеп кетті:

   --Самал, мен саған сенгенмін. Шынымды айтсам, бүгінге дейін сені есімнен бірде-бір шығарып көрген емеспін. Бірақ, жасыратыны жоқ, осы қәзірге дейін артымда бір тұяқ қала ма, қалмай ма деп үрейлі күй кештім. Сөйтсем, оным бекер екен. Асқарым бар екен. Әкесінің жоқтығын білдірмей аман-есен өсіріп жатыр екенсің. Рахмет, Самал! Мың рахмет, саған!

   --Мұрат, тым көбірек мақтап жібердің ғой. Сенің алдыңда кінәм да көп екенін білемін..

   Мұрат естімеген сыңай танытты:--Айтпақшы ол жақта қалай тұрып жатырсыңдар? Сәлима апаның хәл-жайы қалай?

   Самал селт ете қалды да, тез жауап қатты:--Қазір Асқар екеуміз шешемнен бөлек тұрып жатырмыз. Әрине, оның өзі ұрықсат берген соң.

   Мұрат Самалға таңдана әрі күмәндана қарады:--Түсінбедім, Самал. Неге олай еттің? Ол сенің шешең емес пе? Жалғыз өзін қалай тастап  кеттің?

   Өтірігі ашылған баладай Самал қызарақтап қалды:--Ол кісі.. ол кісі ұзақ уақытқа алыстағы туыстарына кеткен. Сосын біз.. біз.. Асқар екеуміз..

 

87.    Ташкенттегі Сәлиманың жиһазды үлкен үйі. Бақытты әженің кейпіндегі Сәлима алдына Асқарды алып, ойнатып отыр. Оны құшақтай алып, аналық мейіріммен кеудесіне басып, иіскей бергенде, есік жұлқи ашылып,  қатты ашулы Самал кіріп келді. Келген бетте сөзге келместен Сәлиманың қолынан Асқарды жұлып алып, киіндіре бастады. Бір қолымен баланы көтеріп жүріп, оның киімдерін де, өзінің киімдерін де сөмкеге салды. Бір қолында баласы, бір қолында үлкен сөмке, Сәлимаға оқты көзімен жиіркене қарап тұрды да, есікті тарс жауып шыға жөнелді. Ешнәрсеге түсінбей аң-таң болған Сәлима бірдеңе айтпақ болып Самалдың соңынан ұмтыла берді де, бір жағына қисайып құлай берді.  

  

 88.      Аурухана ауласы. Сәске түс. Шеткері қалың талдың арасында, арқалы орындықта Мұрат майлы қарындашпен қатты қағазға Асқардың суретін салып отыр. Қолындағы тақтайшаның жоғарғы жағына Асқардың фотосуреті қыстырылып, форматқа салынған бейнесі де аяқталып қалған. Мұрат салғанына көңілі толғандай риза кейіппен шалқая қарап отырды да, майлы қаламын алып тағы да суретке шұқшиды. Кенет қағаздағы сурет бірте-бірте үлкейіп, шын Асқардың өзіне айналды. Басын көтерген Мұрат қарсы алдында дәл суреттегідей өзіне талпына, күле қарап тұрған Асқарды көріп, таң-тамаша қалды. Самал да қолындағы Асқарды тақтайшаны жанына қойып, орнынан тұра берген Мұратқа ұстата салды. Мұрат Асқарды қолына алып, біраз қарап тұрды да, мейірлене буырына қысты. Өзіне жақындай берген Самалды да екінші қолымен құшақтай алды.—Рахмет, Самал. Мен саған шын ризамын.--Жанары жасқа шыланып, Самал мен Асқарды құшақтаған күйі орындыққа жайғасты.—Ал, енді мән-жайды айтшы. Қалай кеп қалдыңдар?

   Ары қарай көрініс сырттан беріледі. Самал әңгіме айтып жатыр Мұрат бірде түнеріп, бірде көңілденіп тыңдап отыр. Ара-арасында Асқарды көкірегіне басып, иіскеп қояды.

   Самал әңгімесін аяқтай салысымен Мұрат сөйлеп кетті:--Әрине, Самал, бәлкім, сенің мұндай шешім қабылдағаның дұрыс та шығар. Ақыры, Сәлима апа ұзақ уақыт туыстарымен бірге тұратын болса, Асқар екеуіңнің ол үйде тұрғандарыңның да жөні жоқ секілді. Апаның өзі іздеп келіп жатса, есігіміз ашық. Ал, дәл қазіргі мәселе-сендерді осында, бір жерге орналастыру. Бәлкім.. бәлкім  Қайсар мен Нұргүлге қосып жіберермін. Қайтарда соғып кетеміз деген. Мен ауруханадан шыққанша, сонда тұра тұрғандарың жөн шығар. Оны Қайсармен ақылдасып көрермін. Ал, мына Асқардың.. Асқардың есімі.. Жарайды.. Енді, оның жөні жоқ секілді. Солай-ақ қала берсін..

   --Мұрат, сен не айтпақ болдың? Асқардың есімі деп қалдың ғой.. Әлде, бұл есім саған ұнамай ма?—Самалдың түрі бозарып сала берді.

   --Неге олай дейсің, Самал? Әрине, ұнайды. Жақсы есім. Дегенмен, менің қалауыма салғанда, ұлымның атын Мақсат қояр едім..

   --Мақсат дейсің бе? Өте жақсы есім екен. Несі бар? Қойсақ-қояйық, осы есімді. Құжаттарды қайта жасата салу қиын емес қой. Әйтсе де.. Мақсат деген кім? Менің де білуіме бола ма, Мұрат?

   --Әрине, болады, Самал, әрине.—Мұраттың жүзінде жарқыраған нұр ойнап шыға келді:

   --Мақсат.. Мақсат.. Ол бір керемет жігіт. Ол.. ол.. Ол нағыз азаматтың азаматы. Ол.. ол..

                                                             

89.    Аурухана палатасы. Түскі тынығу уақыты. Мақсат керуетінде кітап оқып жатыр. Мұрат өте көңілді. Стол басында ыңылдап сурет салып отыр.

   --Мұрат аға, бүгін өте көңілдісіз ғой. Асыл жарыңыз бен ұлыңызды көріп, бір жасап қалған шығарсыз?—Мақсат басын көтеріп, Мұратқа қулана қарады.--Тағы да көре алмай қалғанымды қарашы. Қалай?. Өзі былай.. өте сұлу шығар?

   --Сен де айтады екенсің, Мақсат. Бар болғаны екі айлық сәбиді сұлу, сұлу емес деп қалай айта аламын? Әйтеуір, адам. Дегенмен.. дегенмен өзіме қатты ұқсайтын секілді.

   --Ой, Мұрат аға, бәрін біліп тұрып, әңгімені басқаға бұрасыз-ау.. Менің кімді айтып отырғанымды ішіңіз сезіп отыр ғой. Ұлыңыз емес, жарыңызды, Самал жеңгемді айтамын. Нағыз сұлудың өзі шығар, ә?

   --Ә-ә, сен қу бала жеңгең туралы айтып отыр ма едің?—Мұрат күліп жіберді.—Енді.. былай.. басқаға қалай екенін білмеймін, ал, өзім үшін әрине, сұлу.

                                                               

 90.      Қайсардың үйі. Самал әңгіме айтып, Жамал беріле тыңдап отыр. Самал басынан өткен оқиғаны түгел айтып шыққанға ұқсайды.—Тағы бір нәрсені ұмытып барады екенмін, апа. Ана кішкентай Мақсаттың бұрынғы аты Асқар болатын. Мұрат ақылдасқандарыңда атын Мақсат деп қоятын едім деген соң, осы есіммен атап, соған құлағын үйретіп жатырмын. Әлгі Мақсат деген жігіт Мұратқа өз қанын беріп, тірі қалуына себепкер болыпты. Өзін көре алмадым. Бір жерге шығып кеткен екен.

   Самалдың әңгімесін үнсіз беріле тыңдап шыққан Жамал басын шайқай берді. Даусы да қамыға шықты:

   --Бекер олай еткенсің, қызым. Мұратты да бекер алдап келгенсің. Менің саған айтар үлкендік ақылым: Қайтадан шешеңмен табыс. Істерін істеп алып, артынан опық жегеннен артық ауыр азап жоқ адамға. Сенің шешең де ендігі өкініп, опық жеп жатқан шығар. Жақсы болсын, жаман болсын, ананың аты-ана. Ал, ана қателесіп, сол қатесін мойындар болса, ол тіпті қиын. Өзін-өзі жазым етуі де әбден мүмкін. Енді көп айналма, қызым. Тезірек жүріп кет. Енді кідірер болсаң, кеш қаласың..  

                                                          

 91.     Аурухана палатасы. Сәске түс. Мұрат қағазға қаламмен ананың суретін салып отыр. Столдың үстінде де ананың бейнесі салынған парақтар жатыр. Қатты беріліп кеткен Мұрат жанарынан аққан жасты да байқар емес. Аурухананың киімін тастап, өз киімін киген Мақсат  ішке көңілді кіргенмен, Мұратты көріп, керуетке сылқ етіп отыра кетті де, көкірек жара күрсініп салды.

   Мұрат қағаз-қаламын  қоя салып жалт қарады:--Мақсат, саған не болды? Неге күрсіндің?

   --Мұрат аға, мен былай.. жай..

   --Мақсат, неге күрсіндің?—Мұрат Мақсаттың екі қолынан ұстай алды.—Сенің күрсінгеніңді де естіді-ау, керең болғыр құлағым. Мына қапастан шығамын деп қуанудың орнына, неге қапа болдың? Неге күрсіндің? Әлде.. әлде сенің де ет жүрегіңді тілген қайғы бар ма еді? Олай болса бұл өмірдің атасына мың нәлет.—Мұрат көзінен ыстық жас ыршып, қос жұдырығын түйіп, қалшылдап кетті.

   --Мұрат аға, мұныңыз не?—Мақсат Мұратты демей жанына отырғызды.—Неге күрсінгенімді өзім де білмеймін. Сіз қалып, өзімнің шығып кететініме де бір түрлі.. өзімді кінәлі сезініп.. Бар болғаны сол ғана.

   Мұрат Мақсатты қапсыра құшақтай алды.—Апыр-ай, Мақсат бауырым-ай! Саған не десем екен? Жаның қандай мөлдір, таза еді? Жүрегің қандай кең, жұмсақ еді? Не десем екен саған? Інім болып неге тумадың екен? Онда.. Онда мен.. мен мұндай қайғы-қасыретке батпас едім ғой.—Кенет ол көз жасын қолының сыртымен сүртіп-сүртіп жіберіп, Мақсатқа сынай қарады:--Мақсат, шыныңды айтшы. Сенің анаңды бір рет болса да ренжіткен кезің болды ма?

   --Жоқ, Мұрат аға. Мен мұны сенімді түрде айта аламын. Өйткені.. өйткені.. мен.. мен әке-шешемнен тым ерте жетім қалдым. Екеуі де көлік апатынан қайтыс болыпты. Ренжітпек түгіл, түрін де көре алмай арманда қалдым.

   --Кешір мені, Мақсат, кешір. Мен.. мен бұлай деп тіпті ойламаппын. Сонда, сен.. сен де сен де..—Мұрат сөзін аяқтай алмай еңіреген күйі етбеттей өз керуетіне құлай кетті.—Ал, мен.. мен ше? Тірі анамның, асыл анамның қадір-қасиетін білдім бе? Айтқан сөздерін құлағыма ілдім бе?

   Жастықты құшақтай, еңіреп жатқан Мұратқа қарап тұрған Мақсат көзі жасаурап, асыға басып палатадан шыға берді.

 

92.    Кешкі мезгіл. Аурухана. Қолында қылқалам мен бояулар салынғн қалтасы бар Мақсат кезекші медбикемен сөйлесіп тұр:--Оу, жеңеше, демде бөтен болып қалдым ба? Азанда ғана емес пе еді, қайны-жеңге болып ойнап жүргеніміз. Кірем де шығам. Мына қалтаны беріп, қоштасам да шығамын.

   --Мақсат, басқаны жібермесе де, жеңгең сені жіберетінін өзің де жақсы білесің ғой. Бірақ, Мұрат ағаң сен қалай кеттің, солай қатты мазасызданып, қызуы көтеріліп, сандырақтап жатыр. Бас дәрігердің өзінен бастап, барлық дәрігерлер сонда. Сені жіберсем, сөгіс аламын ғой.. Ренжіме. Басқа бір кезде келгенің жөн шығар.

   --Түсіндім. Мен басқа бір кезде келермін. Сіз.. сіз мынаны Мұрат ағама бере салыңызшы. Өтінемін..—Қалтаны медбикеге берген Мақсат шапшаң кері бұрыла берді.    

 93.    Қайсардың үйі. Жамал ұршық иіріп отыр. Қайсар асығыс орнынан тұра бергенде, сыртқы есіктің қоңырауы шырылдап қоя берді. Сыртқы есікті ашқан Қайсар таңдана айғайлап жіберді:--Хадиша апа!? Бұл сіз бе?

   Кішкентай балаша арсалаңдап, өзін құшақтай алған Қайсарды Хадиша да бауырына қысып, бетінен сүйді:

   --О, о, үлкен кісі болыпсың ғой. Бәсе, мені неге ұмытып кетті десем..

   --Жоқ, Хадиша апа, сізді неге ұмытайын. Қолымды машина дөңгелегі басып қалып, біраз уақыт ауруханада жатып.. Содан енді ғана шығып..

   --Не дейді?—Хадиша шошып кетті.—Енді қалай? Жазылды ма? Естімегесін, білмегесін.. Кәні, көрейінші.—Қайсардың тартынғанына қарамай, төрт саусағы түбінен кесіліп, молақ болып біткен қолын көріп, кемсеңдеп қоя берді:--Балам-ау, мынауың не сұмдық. Бізге неге айтпадың?

   --Апа, тұрып қалдыңыз ғой. Үйге кіріңіз. Жамал апам қатты қуанатын болды—Қайсар үйге бастады.

   Жамал мен Хадиша бір-бірімен құшақтасып амандасты.

   --Амансың ба, Жамал.

   --Есенсің бе, Хадиша.

   Бәрі дастархан басына отырған соң, Хадиша сөз бастады:--Қайсаржан, есіңде ме? Мен саған әкеңнің барын айтып едім ғой. Рас, ол бүгінге дейін өз жасаған күнәсінің жазасын тартып келді. Кезінде Құдайдың өзі берген тірі жан иесін басқа тепсе, енді бір шаранаға зар болып, басын тау-тасқа ұрып жүр. Бала асырап аламыз деп бірде өзі, бірде әйелі келіп Нұргүлдің де әбден мазасын алып бітті. Осы уақытқа дейін анау деп, мынау деп Нұргүлге айтып оларға бала бергізбедім. Бірақ, қашанға дейін алдай бермекпін? Құдайдан қорықтым.  Жақында ғана менің ақылыммен Нұргүл оған өз туған баласы бар екенін білдірді. Бұрынғы бұрынғы ма, содан бері олар балалар үйінен, Нұргүлдің алдынан тіпті шықпайтын боп алды. Жасым болса, біразға кеп қалды. Өлім барда, қаза бар. Олай-былай болып кетсем, Құдайдың алдында кешірілмес күнәға батқаным ғой. Бұдан әрі оларды да, сені де, өзімді де алдағым келмейді. Көзім тіріде, сені өз туған әкең Дәуренмен табыстырып кетсем бе деп келдім.

   --Дәурен дейсіз бе?—Қайсардың есіне ауруханадағы саусағын Ажарға безеп айғайлаған Дәурен түсе кетті. (61 көрініс)

   --Иә-ә, емделіп кел, емделіп кел деп алдап-сулап қаңғыртып жіберіп, Арманым мен Анарымды шет елге беріп жіберді. Енді, міне, туған ұлыңды тауып беремін деп уәде беріп алып, сағыздай созып әлі жүр. Әттең, мына жүрегі құрығыр.. Әйтпесе, өзім-ақ барып..—Дәурен қатулана таяғына сүйеніп, орнынан тұра берді. Ажар жаны шыға Дәуреннің қолынан ұстай алды:--Дәурен, Дәурен, тым ашулана бермеші. Саған қатты толқуға болмайды ғой. Жүрегің.. Жүрегің..

   --Ит жесін мұндай жүректі. Ит жесін.—Дәурен Ажардың қолын қағып жіберіп, таяғын тықылдатып ауруханаға қарай жүріп кетті. Аңтарылып қалған Ажар сәл тұрды да, Дәуренді қуып жетіп, қолтығынан демей берді.

   --Жоқ, Хадиша апа, бұл ойыңызбен келісе алмаймын.—Қвайсар әлден соң барып тіл қатты.--Мені дұрыс түсініңіз. Сіздің ізгілікті іс жасағыңыз келетінін білемін, бірақ, мен.. мен өз туған әкемді таптым деп, туған анамнан артық болған Жамал апамды тастап кете алмаймын.

   --Қайсаржан, мен сені жақсы түсініп отырмын. Жамалды тастап біржолата әкеңе бар деп те отырған жоқпын. Олай етер болсаң, мен де саған риза болмас едім. Мен тек, әкеңмен жүздесіп қайт деп отырмын. Әрине, Жамал апаң ұлықсат берсе.. Ары қарата қалғанын өз ақылыңмен шешерсің.—Хадиша жасаураған көзін жаулығының шетімен сүртті.

   Үнсіз тыңдап отырған Жамал сөзге араласты:--Қайсаржан, балам, Құдайдың басқа салғанынан қашып құтылған ешкім жоқ. Менің де көнбеске амалым қайсы. Өлім хәлінде жатқан жерімнен аман алып қалдың. Анам бол дедің. Содан бері өзіңді ұлымдай, Нұргүлді келінімдей, Аян, Баянды немерелерімдей көріп, бір шаңырақтың астында тұрып келемін. Бірақ.. Бірақ мен сенің туған анаң емеспін ғой. Адамды алдағанмен, Алланы қалай алдамақпыз? Ал, ол.. ол сенің туған әкең. Бар, балам. Бара ғой. Қуант оларды.

   --Апа, мен.. мен сізді туған анамнан артық көремін. Ол туған әкем болғанмен..

   --Балам, тағы да айтам. Бұл адамның емес, құдыреті күшті Құдайдың басқа салғаны. Сондықтан бұған сенің де, менің де көнбеске шарамыз жоқ. Бар балам, бара ғой. Бармасаң мен ренжимін.—Жамал орнынан тұрып, тез үйден шығып кетті.

   Орындарынан ұшып-ұшып тұрған Хадиша мен Қайсар бір-біріне қарап қалды.

94.     Дәуреннің үйі. Асығыс үйден шыға берген Ажар спорт киімін киіп, жеңіл жаттығулар жасап жатқан Дәуренді көріп кідіріп қалды.--О,о, менің шалым бәрін қойып, енді спортқа  көшкен бе?

Ал, мен кеттім. Нұргүл бүгін қалай да бір хабарын берем деп еді. Алла жолымызды оңғарса, дәл осы жолы ұлымыз туралы бір жақсы хабар әкелермін-ау...

   --Айтқаның келсін, Ажар.—Дәурен ойланып қалды:--Дегенмен, анда кетіпті, мында кетіпті, әні келіп қалады, міні келіп қалады, бүгін кел, ертең кел деп осынша уақыт неліктен созбақтап келеді? Емделіп, сырқатыңнан айығып кел деді... Ал, сырқатымнан әбден айығып, құжаттарды тас-түйін түгендеп барғанымда, жағдай анау болды... Арман мен Анардың орнын сипап қалдым... Ал, енді... енді өз туған ұлымды көремін деп... Бәлкім, бүгін өз туған ұлыммен қауышып...

   Ажар қатты  толқып кеткен Дәуреннің қолынан ұстап, аздап қысып қойды:--Дәурен, тым толқи бермесеңші. Саған қатты қуануға да, ренжуге де болмайды деп ескерткен жоқ па еді  дәрігерлер.

   --Уайымдама, Ажар. Бәрі дұрыс. Туған ұлымды бір көріп, жүрегім қуаныштан жарылып кетсе, арманым болмас еді. Жарайды, сен енді тезірек бар. Нұргүл күтіп қалар. Бара салысымен хабарын бер. Мен телефонның басында боламын.

   --Ал, онда мен кеттім. Тек, өзіңе абай бол. Мен жоқта тағы да бірдеңеге...

   --Жарайды, жарайды, бар, бар. Ұлым келіп, маңдайынан бір иіскемей ештеңеге ұрынбаймын. Уәде берем.—Дәурен күліп қолын шекесіне апарды.

   --Жақсы, онда мен ұштым.—Ажар Дәуреннің бетінен сүйіп тез шығып кетті.

   Дәурен көңілді. Өзімен-өзі сөйлесіп тұр:--Ал, Дәуке, неғып тұрсың? Туған ұлыңды қарсы алудың қамына кіріспейсің бе? Ия, ия, шынымен-ақ есікті ашып кіріп келсе не істемексің? Былай, бетінен сүйесің.--Өзінің бетін сипап-сипап қойды.—Молодец! Таң атпай-ақ мұнтаздай боп қырынып алыпсың. Так что, бетінен еш ойланбастан сүйе бер. Ал сосын не істемексің? Сосын ба, сосын былай кеудеңе басып..—Қолын кеудесіне апара беріп ойланып қалды:--О, о, Дәуке, бүйткен басың бар болсын сенің. Ең алдымен шыттай боп киінбейсің бе? Костюм- шалбар, сосын... сосын галстук..--Ішкі бөлмеге кіріп кеткен Дәурен ыңылдап әндетіп жүріп көп өтпей-ақ шыттай киініп шыға келді.

   Осыны күткендей стол үстіндегі тұрған  телефон  шылдырай жөнелді. Көңілді, әндеткен қалпы

тұтқаны құлағына тоса берді:--Алло, тыңдап тұрмын. Ә-ә, бұл сен бе? Жоқ, мен... мен бара алмайын деп тұрмын. Бара алмаймын деймін. Бірнәрсе етіп өзің бітір. Отырып қаламыз?... Күйіп кетейін деп тұр?.. Күймесе жанып кетсін. Мен саған бара алмаймын дедім ғой. Ия, өмірімде қайтып қайталанбас бір бақытты сәтті күтіп отырмын. Әй, сен... сен бір істі тындыру қолыңнан келмесе несіне отырсың орынбасарым болып. Егер осы істі бітіре алмасаң өзіңе-өзің өкпеле..—Дәурен ашуланып тұтқаны орнына қоя салды.

   Қуаныштан тасынған Ажар сырттан сөйлей кірді:--Ал, шалым, сүйіншіңді дайындай бер. Құдай қаласа, көп өтпей-ақ ұлымыз осында  болады. Нұргүлдің өзі ертіп келетін болды. 

   --О, жаратқан Құдай, ризамын өзіңе..--.Дәурен  екі  қолын көкке жайып, күбірлей берді.—Құдыретті күшті Құдайым, ризамын өзіңе.

   Тыстан жақын келіп тоқтаған жеңіл машинаның үні естілді. Терезеден тысқа көз салған Ажар көліктен түсіп жатқан Хадиша, Қайсар, Нұргүл, Аян, Баянды көріп, көзі жасаурап Дәуренге бұрыла берді:--Дәурен, олар келді. Нұргүлдер келді.

   --Не дейсің?  Кім?  Кім келді?--Қатты толқып кеткен Дәурен есінен танғандай қимылсыз қатып қалыпты.

   --Дәурен, қонақтар келді деймін. Ұлың.. ұлың келді. Қарсы алсаңшы.

   Көп ұзамай есік қоңырауы қағылып, алдымен Хадиша, сонан соң Арман мен Нұргүл кірді.

   --Амансың ба, Дәурен.  Емделіп келгеніңді Нұргүлден естіп қуанып жатырмын. Сен мені танымайтын шығарсың... Мен Хадишамын. Кезінде Айгүл марқұммен сырлас-мұңдас болған бейбақпын.—Хадиша Дәуреннің қолын алып амандасты.

   Ажар да қонақтармен амандасып, шынайы көңілін білдіріп жатыр:--Жоғары, жоғары шығыңыздар.

   --Жоғары шығу қашпас. Тірі болсақ әлі талай жоғары шығармыз. Мен бүгін сендерді қуантуға келдім.-

Әдепкіде суықтау көрінген Хадишаның әжімді жүзінде ғажайып мейірім шуағы ойнап шыға келді.

--Бүгін бұл үйде ақ түйенің қарны жарылатын күн. Бүгін көптен бері бала асырап алуды армандап, әрбір күнін сағынышпен өткізген әкенің өз туған ұлымен қауышатын күні.

   Қайсардан көз алмай тұрған Дәурен күбір ете қалды:--Ұлым?! Менің ұлым?!

   --Ия, өзіңнің беліңнен шыққан туған ұлың.—Хадиша сәл ойға батып отырды да, сөзін жалғады.

   --Дәурен, мен бұл жерде өткенді, Айгүлдің әруағын қозғап, әріге бармай-ақ қояйын. Өткен өтті. Қайырып әкеле алмайсың. Бір ғана айтарым, ұлың Қайсармен таныстырсам ба екен, таныстырмасам ба екен деп ұзақ ойландым. Жасым болса келді. Жақсы болсын, жаман болсын, туған әкесі ғой, балаларға қиянат жасамайын деп ақыры осындай шешімге келдім. Көзім тіріде ұлың мен келініңді, немерелеріңді өз қолыммен өзіңе табыстап кетейін деп келдім. Мына тұрған өзіңнен аумайтын жігіт – ұлың Қайсар. Ал, жанындағы өзіңнің келінің Нұргүл.  Қайсар, Нұргүл, әкелеріңмен амандасыңдар.

   --Амансыз ба, әке.

   --Ұлым, Қайсар!--Өзімен салқын амандасқан Қайсарды құшағына қысқан Дәурен, қырындау тұрып сәлем салған Нұргүлді  байқар емес.

   --Дәурен, келінің саған ілтипат көрсетіп жатыр.—Хадиша Дәуреннің назарын Нұргүлге аудартты.

   --Нұргүл!?.. Қызым!?. .Сен.. сен.. менің.. менің келінім?!..—Қатты таңданған Дәурен Қайсарды құшағынан босатып, Нұргүлдің маңдайынан сүйді.--Өркенің өссін, көп жаса, айналайын.

   --Ал, Дәурен, ұлың мен келініңді құшағыңа алып, мауқыңды басқан шығарсың. Жаңа немерелерің де бар деп едім ғой.. Енді немерелеріңді қарсы алмайсың ба? Барлық қуанышты бірден айта салсам, жүрегің көтере алмас деп оларды әдейі сырта қалдырып кетіп едім.—Хадиша Нұргүлге иек қақты. Тез шығып кеткен Нұргүл  бір демде Аян мен Баянды ертіп келді.

   --Алла Тағала саған бір емес, қос немере, егіз немере сыйлады. Мынау Аян, ал мынау сүйкімді қыз Баян.—Хадиша Аян мен Баянды арқаларынан қақпайлап, Дәуренге жақындата берді.--Ал, кәні, балалар, аталарыңмен амандасыңдар.

   Аян, Баян қосарлана сәлем берді:--Сәләмәтсыз ба, ата. Біз сізді танимыз. Сіз қара меңі бар атасыз.

   --Аян! Баян!? Екеуі де менің немерелерім?!..—Таң-тамаша қалып, Аянға жақындап, құшақтай берген Дәурен ауырсына жүрегін қолымен баса берді.

   --Дәурен!—Ажар Дәуренге ұмтыла берді.

   --Дәурен!

   --Әке!

   --Ата!

   Хадиша, Қайсар, Нұргүл де үрйленіп қалды.

   –Ата, аташым!—Аян мен Баян қосарлана айғайлап жіберді де, екеуі екі жағынан Дәуренді қапсыра құшақтай алды.

   Дәурен тез өзіне-өзі келді:—Кешіріңіздер. Бұл қуаныштан ғой. Қуаныштан жүрегім жарылып кетуге шақ қалды. Егіз қозым екі қолтығымнан сүйеп тұрғанда, менің  ауруға, тіпті қабақ шытуға хақым жоқ. Мен.. мен.. мен  дүниедегі ең бақытты.. ең бақытты..—Дәурен сөзін аяқтай алмай кемсеңдеп, құшағындағы Аян мен Баянды кеудесіне қыса берді.

        

 95.    Қайсардың үйі. Жамал ағыл-тегіл жылап отыр. Кішкентай Мақсатты көтерген Самал сөйлей кірді:--Әже, біз келдік.—Жылап отырған Жамалды көріп, қалт тұрып қалды.—Апа, не болды? Неге жылап отырсыз?

   --Кетті. Бәрі кетіп қалды. Мені тастап кетті. Жұртта қалған бұралқы иттей ұлып жалғыз қалдым. Қайсарым Аянымды да, Баянымды да алып, өз туған әкесіне кетті.

   --Туған әкесі?! Жоқ, апа, олай болуы мүмкін емес. Қайсар.. Қайсардың сізді тастап кетуі мүмкін емес.

   --Қызым, білемін. Қайсаржан мені далаға тастамас. Бірақ, туған әкенің аты-туған әке ғой. Ерте ме, кеш пе, айналып кеп өз әкесін табады.—Жамал кенет, Самал мен Мақсатты қоса құшақтай алды:--Қызым, енді сендер кетпеңдерші. Мені жалғыз қалдыра көрмеңдерші. Ертең Мұратжан да келіп қалады деп отырсың. Екеуің де осы үйде-ақ тұра беріңдерші. Енді, тым болмаса, кішкентай Мақсатымнан айыра көрмеңдерші. Жалынамын.

   --Жарайды, апа, жарайды. Біз осында қаламыз. Сіздей аяулы ананы қалай жалғыз тастап кетпекпіз? Тек, жалына көрмеңізші.—Самал бір қолымен Жамалды құшақтап, жылап жіберді. Осы кезде тыстан «әже, әжетай» деген дауыс естіліп, Аян мен Баян кіріп келді де, аң-таң болып өздеріне ұмтыла берген Жамалды құшақтай алды:--Әже, әжетай, біз келдік. Сізді сағынып қалдық.

   Олардың артынша асыға кірген Қайсар мен Нұргүл де Жамалды құшақтай алды.

   Өз көзіне өзі сенер-сенбесін білмеген Жамал, аң-таң:-- Қайсар? Нұргүл?.. Сендер.. сендер  келдіңдер ме?

   --Ия, апа, біз келдік. Оларға жолықтық. Ол туған әкем болса, сіз менің туған анамнан да артық жансыз. Біз сізден бөлініп ешқайда да кетпейміз. Шама-шарқымыз жеткенше, өзіңізді ардақтап, қастерлеп өтеміз. Біз осылай шештік.—Қайсар Жамалдың бетінен сүйді.

   --Тәубе, тәубе! Мың қата шүкір, Жаратқан!—Жамал көкке қолын жайып, жылап жіберді:--Мұндай қуаныштан кейін өліп кетсем де арманым жоқ.

   --Апа, сізге осылай әр кез қуаныш сыйлап тұрсақ, біздің де арманымыз жоқ. Ертең Мұрат ауруханадан шығады. Бұл да үлкен қуаныш емес пе?—Қайсар кішкентай Мақсатты көтеріп алды:--Солай емес пе, Мақсат мырза? Сенің көкеңді жақсылап күтіп алуымыз керек қой.

   Кішкентай Мақсат биік көтергенге мәз болып, талпына түсуде.

 

 96.     Қайсардың үйі. Сәске түс. Самал асханада тамақ пісіріп жатыр. Жамал сөйлей кірді:--Қызым, осы мен қартайғам-ау, шамасы. Мұрат балама жемпір тоқытып жатыр ем, есіме енді түскені. Ол келгенше соны барып әкеле қояйын.  Жолай оны-пұны, көкөністерді де ала келейін.

   --Апа, олар қазір келіп те қалады. Жаңа ғана телефон соқты. Әуре болмай-ақ қойсаңызшы.

   --Жоқ, қызым. Бөтен үйге келгендей болмасын да. Арсалаңдап келгенде, анасындай болуға тырысайын.—Жамал тез шығып кетті. Самал тірлігіне кірісе беріп еді, Мақсаттың қыңқылдап, жылаған даусы естілді. Мақсатты көтеріп ала бергені сол, сыртқы есіктің қоңырауы шырылдап қоя берді. Самал Мақсатты көтерген  күйі барып есікті ашты. Келіп тұрған 60-65-тер шамасындағы балуан денелі, өңі жүдеулеу Саржан екен.—Қарағым, ұзақ жолдан келе жатыр едім. Күн де күйіп кетті. Бір жұтым мұздай су болса..

   --Үйге кірсеңізші. Сырттан қайтпақсыз ба? Шай да қайнап тұр.

   --Рахмет, айналайын. Мен осында-ақ.. Мұздай су болса..

   Самал әкеліп берген бір күрішке мұздай суды басына бір-ақ көтерген Саржан алғысын жаудырды:

   --Өркенің өссін. Бақытты бол, айналайын. Сен де дәу жігіт бол.—Мақсаттың да кішкентай қолын қысып, маңдайынан иіскеді.—Бұл батырдың аты кім, қызым?

   --Мақсат.

   --Мақсат.. Тамаша есім екен. Мақсат бала мақсатына жетсін. Мерейі үстем, мұраты асыл болсын.

   --Рахмет, көке. Айтқаныңыз келсін.

   Саржан жүре бере, кібіртіктеп бөгеліп қалды:--Қызым, жүзің жылы бала екенсің. Жүзі жылыдан түңілме деген. Тағы бір.. Тағы бір..

   --Көке, қысылмаңыз. Айтыңыз.

   --Айтсам.. маған аздап ақша.. ақша да қажет боп тұр еді. Бір..1000 теңгедей..

   --Көке, оның несіне қиналасыз? Мен қазір..—Самал ішке кіріп кетті де, Саржанға 2000 теңге әкеліп берді.

   --Қызым-ау, мынауың тым көптеу ғой. Маған бір 500-600 теңге..

   --Көке, оған алаң болмаңыз. Қайтарам деп те асықпай-ақ қойыңыз.

   --Қызым-ау, қандай мейірімді, кең пейіл жан едің. Танымайтын бөтен кісіні көкелеп, құрақ ұшып жатырсың. Сендей келінім, мына Мақсаттай немерем болса, бұл өмірден армансыз-ақ өтер едім-ау.—Көңілі босап, көзі жасаураған Саржан қалтасынан төлқұжатын алды.--Қарағым, мен тез арада ораламын. Оған дейін төлқұжатым сенде болсын.

   --Мұныңыз не? Сіз құдайы қонақ емессіз бе? Төлқұжат өзіңізге қажет болады.—Самал қарсылық білдірді.

   --Жо-жоқ, қызым. Бұл сені маған сенбей тұр дегенім емес. Бұл.. Бұл заңды құрметтеу.—Саржан төлқұжатын Самалға ұстатты да, асыға басып жүріп кетті.

   Мақсатты көтерген Самал қолындағы төлқұжатқа бір, кетіп бара жатқан Саржанға бір қарап біраз ойланып тұрды да, ішке кіріп, құжатты суыртпаға салды. Осы кезде тыстан машинаның гүрілі естілді. Қуанып кеткен Самал Мақсатты көтерген қалпы далаға жүгіріп шықты. Жеңіл көліктен Қайсар, Нұргүл, таяққа сүйенген Мұрат түсе берді.  Самалмен  сағына қауышқан Мұрат  Мақсатты да көтеріп алып, бетінен сүйді.

   Ішке кіріп жайғасқан соң да  Мұрат жан-жағына қарап, алаңдай берді:--Жамал апа көрінбейді ғой. Ол кісі бір жаққа кеткен бе? Ауруханада жүзін көрмесем де, мейірімге толы жұмсақ даусын естіп едім. Енді, өзін көргенше тағатым жетер емес.

   Осы кезде азаншының азан шақырған дауысы естілді.  Мұрат елеңдеп орнынан ұшып тұрды:--Азан шақырып жатқан секілді ғой? Мешіт  үйден тым алыс емес-ау  деймін? Барып ғибадат етіп қайтсам қалай болар екен? Ауруханадан шыққанда ниет етіп едім.

   --Енді.. барамын, Құдайға құлшылық етем деген жанға алыс емес. Апам келгенше барсақ барып қайтайық.  Мен де былай.. кейінгі кезде намазға жығылып дегендей..—Қайсар кінәлі жандай қызарақтап, орнынан тұра берді.

   --Міне, қызық. Менің де намаздың, сәжденің не екенін ұғынып, амал жасай бастағаныма тым көп бола қойған жоқ еді. Білмей істеген қателіктеріңді аспан мен жердей боса да  Аллаһ Тағала  кешіремін дейді ғой. Енді қателеспеуге мықтап күш салайық. –Мұрат күліп Қайсарға қолын соза берді.  

 

 97.   Аудан орталығындағы күмбезді мешіт. Намаздарын оқып біткен 4-5 кісі орындарынан тұрып, сыртқа шыға берді.  Жалғыз қалған Саржан басқа дүниенің бәрін ұмытып, қолын жайып, дұға жасап отыр:

   --Құдыреті күшті Жаратқан Ием. Мен бауыр еті-баласын өзгеге қиып берген мейірімсіз әрі кісі өлтірген қылмыскер едім. Одан кейін де бостандықтан гөрі ширек ғұмырымды жалмаған түрмені артық көріп, қалған өмірімді де сонда өткізуге бел байлап едім. Міне, сол кезде сен маған туған ұлымды жолықтырдың. Содан бастап менің мінез-құлқым да, ой-пікірім де өзгеріп, өмірге, бостандыққа деген құштарлығым артып сала берді. Өзімнің осы уақытқа дейін лағнет атқыр шайтанның жетегінде келгенімді біліп, тура жолға түсуге ниет еттім. Шамам келгенше іс-әрекет, амал жасай бастадым. Сәждеге бас қойып, бес уақыт намазымды оқып, бір өзіңе ғана құлшылық етіп, бір өзіңе ғана табынумен келемін. Аса рахымды да, мейірімді Жаратқан Ием, мен кешірілместей ауыр күнә жасағанымды мойындаймын. Сенің білмей жасалған болса, көк пен жердей күнәні де кешіретініңді  білемін. Қайырымды Жаратқан Ием, өзіңнен тілер бір ғана тілегім: Жамалдай аяулы, асыл жанды, Мұраттай бауыр етім-баламды мендей құлыңмен аман-есен қауыштыра гөр.--Аллаға барынша беріле дұға жасап, тілек тілеген Саржан жүзін жуған ыстық жастың иегіне дейін сырғып келіп, жайнамазға тамшылап жатқанын да байқар емес.

 

98.   Даудырасып келе жатқан  Мұрат пен Қайсар, іштен шығып, едәуір ұзап кеткен Саржанды  байқамастан мешітке кіріп, арнайы жәшікке садақаларын сала берді.

   Соңғы екі сәждені жасап, екі жағына сәлем беріп намазды аяқтап, орнынан тұра берген  Қайсар  екі қолын жайып, күбірлеп отырған Мұратты көріп қайтадан отыра кетіп қолын жая берді.

   Мұрат ешнәрсені де байқар емес. Жүзін ыстық жас жуып, екі қолын көкке жайып күбірлеп отыр:--Иа, құдреті күшті Аллаһым. Өзіңнен тілер бір-ақ тілегім бар. Жамалдай аяулы, асыл анамды тірі қыла гөр. Мендей жетесіз, күнәһар ұлымен оны аман-есен қауыштыра гөр. Аллаһым, Аллаһым, осы тілегімді ғана бере гөр..

 

 99.      Қайсардың үйі. Қайсар мен Мұрат дастархан басында отыр. Самал шай жасап жатыр.

    –Самал, Жамал апа әлі келмеген бе? Нұргүл де көрінбейді..—Мұрат Самалға жауап күте, қарады.

   --Апам жолай базарға соғып, оны-пұны көкөністер де ала келем деген, ал, Нұргүл жиналыста отырғанын айтып, жаңа ғана телефон соқты. Қайсар, Мұрат қанша дегенмен қонағың ғой. Сен шай құя бер. Мен тамақты көріп келейін.—Кесе-шәйнектерді Қайсарға жақындатқан Самал асыға үйден шығып кетті.

    Самал тысқа шығып кеткен соң  Қайсар көңілсіз отырған Мұратты әңгімеге тартты:

   --Мұрат, келе сала Жамал апаңды іздеп ең, әлі іздеп, алаңдаумен отырсың. Бұл.. мүмкін.. сенің анаң мен менің анамның аттас болуынан да шығар. Әлде.. әлде.. Жоқ, менің айтайын дегенім бұл емес еді.. Менің айтайын  дегенім.. Менің айтайын дегенім... бәлкім.. менің анам.. сенің анаң болып шығуы да...

   --Жоқ, Қайсар, олай болуы тіптен мүмкін емес.—Мұрат ызалана мырс ете қалды:--Өйткені.. Өйткені, ол кісі.. менің анам қайтыс болып кеткен. Оның өліміне мына мен себепкер болдым. Түсінесің бе, Қайсар? Анамның өліміне себепкер болған мына мен. Мен. Мен..—Мұраттың қалың қастары түйісіп, танауы қусырыла, көзінен ыстық жас ытып-ытып кетті.

 

  

 100.    Орта жастағы әйел әкеліп берген қолдан тоқылған жемпірді өзінің үстіне өлшеп көрген Жамал әйелге шын алғысын білдірді. Жемпірді қалтаға салып, асыға басып ауладан шыға берді.

 101.    Қайсардың үйі. Бірде көзі жасаурап, бірде қатулана тістенген Мұрат әңгіме айтып отыр. Қайсар да көзі жасаурап, беріле тыңдап қалған. Мұңды әуеннің фонында  Мұраттың  Жамалға пышақ лақтырған сәті мен ақ түтек боранда үйіне мас болып келіп, өлім хәлінде жатқан Жамалды жалғыз тастап  шығып бара жатқан сәті көрсетіледі. (7, 8-көрініс)

   Осы көрініс көрсетілгеннен  кейін әңгіме тыңдап отырған Қайсар есіне әлдене түскендей, көзі шарасынан шыға орнынан тұра берді.

    Ақ түтек ақ боран. Мұрат келіп кеткен Жамалдың үйі. Гүрілдеген машинаның даусы естіліп, көп өтпей ақ түтектің ішінен «ЗИЛ» автокөлігі шыға келіп, үйге тақап тоқтады. Ішінен секіріп түскен Қайсар асыға үйге кіріп, үсті-басын қағып, ашық тұрған есікке жақындады.—Ассаламуғалейкум. Кім бар екен?—Есікті тықылдатты.—Мұнда кім бар? Құдайы қонақ едім.—Ешбір жауап болмаған соң ішке кірді. Көрпенің бәрін ашып тастаған Жамал ес-түссіз сандырақтап жатыр. Қайсар Жамалдың маңдайына қолын тигізіп, тамырын ұстап көрді. Сонан соң Жамалды көтеріп алды да, жанұшыра  үйден шығып, ақ түтек боранның ішінен қарауытып көрінген «көкқасқасына» жақындай берді.                                              

   --Мүмкін емес. Мүмкін емес. Бұлай болуы тіптен мүмкін емес.—Қайсар естен танған жанша күбірлей берді.

   --Қайсар, саған не болды? Не деп күбірлеп тұрсың?—Мұрат Қайсарға аңтарыла қарап қалды.

   Осы кезде ішке кірген Самал екеуіне аң-таң қалып қарап тұрды да, күліп жіберді:--Оу, сен екеуіңе не болған, өзі?  Сендер тіпті, шай да ішпеген секілдісіңдер ғой?—Дереу кесе-шәйнектерді қолына алып шай құюға кірісті.—Ойбу, масқара-ай! Мынау шайға мұз қатып қалыпты ғой.. Тым болмаса, бір кесе шай да ішпепсіңдер..

   --Ия, Самал, біз.. біз.. сәл әңгімеге беріліп кетіп..—Қайсар өзінің түрегеп тұрғанын енді ғана байқап, тізесін бүге берді.

   --Шынына келсек, бұл жерде Қайсардың еш кінәсі жоқ. Көбірек сөйлеңкіреп  кеткен мен.—Мұрат та қысылып, қызарақтап қалды:--Самал, Жамал апа.. Жамал апа хабарласпады ма?

   Осы кезде сыртқы есіктің қоңырауы  шырылдай жөнелді.

   --Міне, Жамал апаның өзі де келді.—Самал тез барып, сыртқы есікті ашты.

    Келіп тұрған Саржан екен.—Төл құжатымды алуға келіп едім. Ал, мынау әлгі қарызым. Саған көп-көп рахмет, қызым.—Ақшаны Самалға беріп, тез кері бұрыла берді.

   --Көке, ішке кіріңіз. Қонақ болыңыз. Үлкен қуаныштың үстінен түстіңіз. Мақсаттың әкесі ауруханадан шығып, қатты қуанып жатырмыз.

   Іштен шыққан Қайсар Саржанды байқап, қос қолын қатар созды:--Ассаламуғалейкүм.

   --Уағалейкүмассалам, балам.

   --Самал, қонақты ішке кіргізбей неғып тұрсың?—Саржанды қарсылық танытқанына  қарамастан ішке қарай жетеледі.

   Бұлар ішке кіргенде, дауысқа елеңдеп отырған Мұрат Саржанды көріп, өз көзіне өзі сенбей орнынан ұшып тұрды:--Әке?!

   --Мұрат?!. Ұлым!?—Қатты таңданған Саржан  алдында тұрған өз ұлы Мұрат екеніне сенбегендей, жүзіне қадала қарап тұрды да, екі иығынан бүре ұстап өзіне жақындатты:

   --Балам. Анаң.. анаң.. анаңа..—Сөзінің соңын айта алмай, кемсеңдеп қоя берді.

   --Әке, мен.. мен үлгере алмадым. Ол кісі.. Жамал анам.. Жамал анам...--Мұраттың жанарынан ыстық жас ытып-ытып кетті.-Бар қолымнан келгені, бейітін тауып, басына құлыптас қойдым.

   --Жоқ, жоқ, балам, олай деме. Сен.. сен қатты қателесіп тұрсың. Сенің анаң тірі. Менің жүрегім сезеді. Жамал анаң тірі.—Саржан Мұратты құшақтай алып, еңкілдеп жылап жіберді.

   Қайсар түкке түсінбей аң-таң болып тұрғанда,  жеміс-жидектер салынған қалта көтерген Жамал даудырап сөйлей кірді:--Мен аяғымды сүйретіп жүргенде, Мұрат балам келіп те қойған ба? Кәні, өзі қайда?—Саржан мен Мұрат жалт қарағанда, қолындағы қалтасы жерге түсіп кетіп, жемістері шашылып, домалай жөнелді.—Мұрат!? Саржан!? Құдай-ау, бұл өңім бе әлде түсім бе?—Көзі шарасынан шыға, бір шетіне қисайып құлай берді.

   --Жамал!?

   --Апа!?

   Әдепкіде үрейленіп кейін шегіне берген Саржан мен Мұрат қатар ұмтылып, Жамалды құлатпай сүйеп қалды. Сәлден соң өзіне-өзі келген Жамал жақын тұрған диванға отырды. Таң-тамаша болған Нұргүл де, Самал да ауыздарын ашып қалыпты. Осылай боларын алдын-ала біліп қойғандай Қайсардың түрі қашып, қатты мазасызданып тұр. Бір сәтке өлі тыныштық орнады. Үнсіздікті Саржан бұзды:

   --О, жаратқан Аллаһым! Тілегімді қабыл алып, Жамалдай аяулы жанды аман-есен кезіктіргенің үшін өзіңе шын ризамын!  Жамал, мен сенің алдыңда кешірілместей кінәлімін әрі борыштармын. Мұратымды үлкен азамат етіп өсіріпсің. Сол үшін алдыңда басымды иемін.—Жамалдың алдында тізерлей басын иіп, еңкілдеп жылап жіберді.

   --Апа, алдыңызда мен де кешірілместей кінәлімін. Сізге адам төзгісіз қиянат жасадым. Мен.. мен секілді оңбаған, оспадарсыз, күнәһар ұлыңызды да кешіре алсаңыз, кешіре көріңіз.—Мұрат та өкіре жылап, Жамалдың аяғын құшақтай жығылды.

   Жамал тез орнынан тұрып, Саржан мен Мұратты да тұрғызып алды:--Бұларың қалай? Ер-азамат деген аттарың бар емес пе? Салпы етек бір әйелдің алдында осынша төменшіктегендерің тіптен орынсыз. Өткен өтті. Ол да бір Құдайдың маңдайға жазғаны шығар. Аллаға мың қата шүкір, тәубә! Сендерді менен қанша алыстатып әкетсе, Қайсар секілді аяулы ұлды сонша жақындата түсті. Қақаған қыста өлім хәлінде жатқан жерімнен ауруханаға жеткізіп, аман алып қалды. Өкпеме қатты суық тиген екен, Қайсарымның арқасында ауруханада ұзақ емделіп, құлан-таза айығып шықтым. Қайсаржан анам болыңыз дегенде, қуаныштан жүрегім жарылуға аз-ақ қалды. Міне, содан бері көйлегім көк, қарыным тоқ, уайым-қайғысыз бақытты ананың күйін кешіп келемін. Қайсарым, Нұргүлім, Аян-Баяным бар деп көңілім аспандап жүруші едім, Алла Тағала оларға Самалым мен кішкентай Мақсатымды әкеп қосты. Енді міне, жалғыз ұлым Мұратымды, оның әкесі Саржанды да аман-есен көруді нәсіп етіпті. Аллаға шын ризамын. Осы, дәл қәзір өліп кетсем де арманым жоқ.—Бір қолымен Саржанды, бір қолымен Мұратты құшақтаған Жамалдың әжімді жүзін қуаныш пен бақыттың ыстық жасы жуып бара жатты.

   Дәл осы кезде есік қоңырауы қағылды. Шығып кеткен Қайсарға лесіп  үйге бір бейтаныс жігіт кірді. Әлдекімді іздеп, қатты мазасызданып тұрғаны байқалады:--Ойда жоқта  мазаларыңызды алғаныма кешірім сұраймын. Самал деген кісіні іздеп келіп едім. Асқар атты ұлы бар.

   --Самал мен боламын. Тыныштық па? Неге іздедіңіз?—Самал бейтаныс жігітке аңтарыла қарады.

   --Сіз бе? Құдайға шүкір, таптым-ау, әйтеуір. Мектебіңізге барып.. осы мекен-жайды алып.. Мен Ташкент жақтан келдім. Шешеңіз, Сәлима әпшем хәл үстінде жатыр. Сізді, Асқарды көріп қалсам дейді. Бұл шешеңіздің аманаты. Мені сізге арнайы өзі жіберді.

   --Жоқ, жоқ, мен.. мен бара алмаймын.—Самал түрі бозарып, кейін шегіне берді.

   Жамал Самалға жақындап, қолынан ұстады: --Қызым, олай етуге болмайды. Бәріміз де ет пен сүйектен жаралған күнәһар пендеміз. Бәріміз де өлеміз. Бұл шешеңнің соңғы аманаты, соңғы тілегі болар, бәлкім. Аманатқа қиянат жүрмейді. Барамыз. Сен енді менің келінімсің. Мен де барамын. Саржан Мұраттың әкесі. Ол да барады. Балам, біз барамыз. Сен көлігіңді жолға қамдай бер.

 

 102.    Жеңіл машина жолда сырғып келеді. Жүргізуші жігіт те, Саржан, Жамал, Мұрат та, Мақсатты алдына алып отырған Самал да терең ойға батып кеткен. Көп өтпей-ақ  Самалдың жүзін ағыл-тегіл жас жуып бара жатты.

 

 103.    Ташкенттегі Сәлиманың үлкен үйі. Аулаға қара-құра адамдар жиналып қалыпты. Жақын келіп тоқтаған жеңіл көліктен Саржан, Мұрат, Жамал, баласын көтерген Самал түсті. Жүргізуші жігіт тез ішке кіріп шықты да, Самалдың жанына келді:--Самал әпше, Мұрат екеуіңізді шақырады. Ал, сіздерге жігіттер қызмет етеді.  Бала да әзірше осында қала тұрсын.—Жүргізуші жігіт Мұрат пен ұйықтап жатқан Мақсатты Жамалға ұстатқан Самалды ертіп үйге кірді. Төрдегі қалың төсекте арса-арса болып азып кеткен Сәлима көзін жұмып, сұлық жатыр. Жүргізуші жігіт жақындап, аузын құлағына тақап дауыстады:

   --Әпше, Самал мен Мұрат келді.

   --Амансыз ба, апа.--Өзіне қос қолын созып, жақындай берген Мұратты көрген Сәлима көзі шарасынан шыға басын көтере берді де, әлі келмей сылқ түсті. Сәлден соң барып алқына сөйлеп кетті:

   --Қызым, амансың ба деуге де жарамағаның ба, тым болмаса? Мүмкін, сенкі де жөн шығар.. Бірақ, ақыры өмрем қабасың ғой демей, дәл бүгін алдай салсаң нең кетеді. Сендерді бүгін келмейтін шығар деп қорқып едім. Ертеңге дейін жетпейтінімді білемін. Балам, мен сені аямай таспен ұрып ем, сен.. сен мені аспен ұрдың. Сол жолы өзіңнің кімді өлімнен алып қалғаныңды білдің бе? Ол.. ол мен екенімді білдің бе?

   --Білдім, апа, білдім. Ол өткен іс қой. Еске салып қайтесіз.—Мұрат жаралы аяғын қинала бүгіп, Сәлимаға жақындап отырды.

   --Сонда қалай болғаны? Сонда сізді өлімнен алып қалған Мұрат.. Мұрат болғаны ма? Сонда сіз.. сіз.. өзіңізді өлімнен аман алып қалған Мұратты қаралап.. Мені.. мені оған сендіріп...—Самал сөзін аяқтай алмай ызадан жылап жіберді.

   Самалдың сөзін естіді ме, естімеді ме, Сәлима біраз үнсіз жатты да, алқына сөйлеп кетті:--Ия, өлер сәтімде шындықты жасырып не қылайын. Ақша мен дүниеге құмарлау жан едім. Сенің тойдан кейін, одан кейін де әкеп берген ақшаларың тіптен басымды айналдырып жіберді. Күндіз күлкі, түнде ұйқы бермеді. Айрылып қалатындай үрейленумен болдым. Әлдекімдердің ақылымен екеуіңе де айтпастан өз атымнан банкіге салып барып жаным тыныш тапты. Сен менен әлгі бір тасқа ақша сұрап келгенде, шынында  менде бір тиын да ақша жоқ болатын. Банкіге салдым деп айта алмадым. Оның үстіне сол тасқа бола бүтінді бұзғым да келмеді. Бірақ, ақыры бұлай бітер деп ойлаппын ба? Несін жасырайын. Қан-қан болып жатқан сені анық таныдым, бірақ, басыңды сүйеудің орнына, жұрттың ара-арасымен жылыстап қаша жөнелдім. Өліп қалған шығар деп ойладым. Басым дауға қалмасын дедім. Содан банкідегі ақшаны да алып үлгердім, бұл жақтан осы үймен де сөйлесіп үлгердім. Үйге келген бойда әр саққа жүгіртіп қызымды азғырдым. Бұл сорлы да әдепкіде сенбей тулағанмен, кейіннен айтқаныма көніп, менімен бірге жүре берді

   --Тоқтат, екі жүзді оңбаған. Тоқтат!—Самал айғайлай орнынан ұшып тұрып, Жамалға тап бергенін білмей қалды.

   --Жетер, Самал!—Мұраттың қарулы қолы жерге кіргізіп жіберердей төмен басып қалғанда, сылқ етіп отыра кетті.

   --Айтып қал, айтып қал, қызым. Сенкі дұрыс та шығар? Қанша асырап, бақсаң да, қасқырдың бөлтірігі қасқырлығын жасайды. Жатырымнан шықпаған жат екеніңді білдірдің-ау.

   Мұндай сөзді күтпеген Самалдың көзі шарасынан шығып кетті:--Не дейсіз? Жат дедіңіз бе? Мен.. мен.. сіздің туған қызыңыз емеспін бе? Онда менің әкем кім? Шешем кім? Мен.. мен.. Мен кіммін? Қайдан шыққан құбыжықпын?

   --Самал, сабыр, сабыр ет.—Мұрат Самалды сабырға шақырды.

   --Мұрат, сен қандай сабырды айтып тұрсың? Мен.. мен бұл кісіні осы уақытқа дейін туған анам деп келдім ғой. Ал, енді.. енді кіммін? Кімге керекпін?—Самалдың жүзін ыстық жас жуып жүре берді.--Мұрат, кешір мені. Мен.. мен мұны білмедім. Рас айтам. Саған тұрмысқа шыққанда да білмедім. Өзімнің жерде қалған тастанды екенімді білсем, сендей аяулы,  асыл азаматқа қол созбақ түгіл, жаныңа жақындауға да дәтім  бармас еді ғой.

   Сөзге Сәлима араласты:--Қызым, соншалықты таусыла берме. Мен өзің айтқандай екіжүзді, алдамшы, оңбаған шығармын. Қалай балағаттасаң да  еркің. Бірақ, сен туралы, кім екеніңді Мұрат бұрыннан біледі. Біле тұра саған үйленді.

   --Мұрат?!—«Бұл рас па?» дегендей, Самал Мұратқа үміттене қарады.

   --Ол рас, Самал. Мен сені шын сүйген соң үйлендім. Бұрын асыл жарым болсаң, енді ұлымның анасысың. Өзіңдей өмірлік серік тапқаныма шын бақыттымын.—Мұрат қуаныштан ағыл-тегіл жылап тұрған Самалды құшақтап, өзіне тартты.

   Шалқасынан көзін жұмып, сұлық жатқан Сәлиманың да жүзінде қуаныш пен үміт ұшқыны жылт ете қалғандай болды:--Қызым, Мұраттай жарың бар, сен өте бақыттысың. Мен сен екеуіңнің алдыңда кешірім сұрап жатпай-ақ қояйын. Сендердің бәрібір кешірмейтіндеріңді білемін. Сендер кешіргенмен, о дүниеде Құдай кешірместей ауыр күнәға баттым. Ал, о дүниенің есігі мен үшін енді ашық тұр. Өлер алдында сендерден бір ғана тілегім бар.  Асқарымды көріп, бір иіскесем,  о дүниеге күліп аттанар едім. Сонан соң.. Сонан соң өз қолдарыңмен жерлеп, бір уыс топырақтарыңды салып кетіңдер.

   --Апа, Мақсатты...  Асқарды да алып келгенбіз. Мен қәзір..—Мұрат жүре бере кідіріп қалды:--Сосын апа, менің.. менің әке-шешем де келіп еді. Сыртта тосып тұр.

   --Әке-шешем дейсің бе? Сенің әке-шешең?!..—Сәлима  таңданғанын жасыра алмады:--Бұл да болса маған деген Жаратқанның сыйы шығар. Өлер алдында құдасы мен құдағиын  да көріп кетсін дегені шығар.

   Жүргізуші жігіт пен Самал шығып кетті де, сәлден соң Саржан, Жамал, Мақсатты көтерген Самал кірді.

   --Амансың ба, құдағи.—Саржан кірген бетте екі қолын соза Сәлимаға жақындай берді.—Мен Мұраттың әкесі Саржанмын.

   Сәлима селк етіп, таңдана көзін ашып алды:--Саржан?!

   Саржан да Сәлиманы тани кетті: -Сәлима?! Бұл сен бе?

   --О, Жаратқан Құдай! Құдыретің  неткен күшті еді. Сонда.. Мұрат.. Мұрат.. менің.. менің.. өз.. өз туған балам..--Сәлима сөзінің соңын айта алмай демігіп қалды.

   --Ия, Сәлима, бұл сол Мұрат. Туған анасы сен, туған әкесі мен.

   Мынадай сөзді естіп айран-асыр таң қалған Мұрат е, күлерін, е, жыларын білмей қалды:--Әке, сіз кімді айтып тұрсыз? Қандай туған анамды айтып тұрсыз? Менің бір ғана анам бар. Ол—Жамал. Ал, бұл кісі.. бұл кісі..

   --Балам, шындық ерте ме, кеш пе, түбі бір ашылады. Мен түрмеде өзіңе айтып берген әңгімемдегі әйел осы, Сәлима. Сенің туған анаң.

   --Жоқ, жоқ, бұл кісінің менің туған анам болуы тіптен мүмкін емес. Мен.. мен бір ғана әйелді туған анам деп есептеймін. Ол.. ол анашым Жамал. Ал, бұл.. бұл кісінің менің анам болуға еш хақысы жоқ.--Өзін-өзі баса алмай ызадан жылап жіберген Мұрат сыртқа ата жөнелді. Соңынан Мақсатты көтерген Самал да шығып кетті.

   Көзі жұмулы болса да бәрін естіп, сезіп жатқан Сәлима көкірек жара күрсініп алды да, баяу сөйлеп кетті:--Саржан, мен саған жасаған опасыздығым, зұлымдығым үшін сенен кешірім сұрап жатпай-ақ қояйын. Мүмкін, дәрігерге қаралсам айығып та кетер ме едім, бірақ, өзіме-өзім осындай үкім кестім. Аналық қадір-қасиетімнен жұрдай болып қалай жер басып тірі жүрмекпін? Дәл жанында жүріп Мұратымның өз туған ұлым екенін білмепін. Қу бас болып жалғыз қалудан қорқып, Самалды өзіме қыз қылып асырап алдым. Ал, Мұратымды, өз туған ұлымды ақша үшін өлімге де қиып жібердім. Оған туған анаңдай аялап, мәпелеп өтемін деп серт беріп едім, сертімде тұруға да жарамадым. Мені өлімнен құтқарып, машинаның астында  қызыл қан болып жатқанын көре тұра, жанына жақындаудан қорқып, жылыстап қаша жөнелдім. Енді міне, соның жазырын тартып жатырмын. Бұл құлы екенімді  ұмытып, адал адамдарға осышама зұлымдық жасаған маған Алла Тағланың қайтарған жауабы секілді.

   --Сабыр ет, Сәлима. Алла қаласа, бәрін де кешіреді. Ал, мен сені кешірдім.—Саржан әңгіме арнасын басқа жаққа бұрды:--Өзіңмен амандасайын деп Жамал да келіп отыр.

   --Амансың ба, Сәлима. Қалайсың?—Жамал Сәлимаға жақындап, қолынан ұстады.

   --Шүкір.—Күбір еткен Сәлима Жамалға риза көңілмен қарады:--Рахмет, сізге, Жамал апай.. Мұрат.. Мұрат сіздің ұлыңыз.. Сіздей асыл ананы Мұратыммен табыстырған Құдайға шын ризамын.

   --Жоқ, Сәлима, Мұрат сенің туған ұлың.  Адамды алдағанмен, Алланы алдай алмайсың.

   --Рахмет, сізге, Жамал апай. Мен сізге де, Саржанға да ризамын. Тек, өлер алдындағы ең соңғы тілегім, туған ұлым Мұратым мен немерем Асқарымды маңдайынан бір иіскеп кеткім келеді..--Екі көзінен жас парлаған Сәлима Саржан мен Жамалға үміттене қарады.

   Тез шығып кеткен Саржан Мұрат пен баласын көтерген Самалды ертіп келді.—Балам, анаң сенмен қоштаспақшы.

   Бір бозарып, бір сазарып тұрып қалған Мұратқа Жамал жақындап, иығына қолын салды:--Балам, бұл сенің перзенттік парызың. Өзіңді жарық дүниеге әкелген анаңның соңғы тілегін орында.

   Құлықсыз еңкейген Мұратты мойнынан құшақтап, бетінен сүйіп, маңдайынан иіскеген Сәлима  бара бер дегендей ишара  жасады да, иегі кемсеңдеп күбірлей берді:--Асқарым.. Асқарым..

   Мақсатты бауырына қыса түскен Самал түрі бұзылып шегіншектей берді.

   Жамал енді Самалдың жанына келді:--Қызым, айналайын. Тумаса да туған анаңдай бағып-қағып өсірді. Сен де анаңды ренжітуге тиіс емессің. Немересінің маңдайынан иіскет.

   Самал Мақсатты әрең-әрең дегенде Сәлимаға жақындата берді.

   --Асқарым, немерем. Кішкентай Асқарым, менің.—Сәлима Асқардың маңдайынан бір иіскеді де, жүзі нұрлана күлімсіреп дүние салып жүре берді.

   Саржан алақанымен Сәлиманың кірпігін төмен түсіріп, екі қолын жанына қойып, күбірлеп отырып қалды. Жамал дауыс шығарып, Самалды құшақтай алды да, Мұрат асыға-аптыға бөлмеден шыға жөнелді.

   Көп өтпей-ақ тыстан да жылап-сықтаған дауыс естіле бастады.

 

 104.    Мәйіт жерленіп, құран оқылуда. Құран оқылып бітіп, алақандарымен беттерін сипаған Саржан мен Мұрат та көпшілікпен бірге орындарынан тұра берді.

                                                            

 105.     Такси жолда сырғып келеді. Іште отырған Саржан да, Мұрат та, Жамал да, Мақсатты алдына алып Мұраттың иығына басын сүйеген Самал да мұңға батқан. Жамал әлсін-әлсін жаулығының шетімен көзін сүртіп, Самал ағыл-тегіл көз жасына ерік берген.

  

 106.    Жамалдың ауылы. Айнала темір тормен қоршалған сансыз бейіттер. Бірі ойылып ішіне түсіп кетсе, енді бірінің үстіне салынған сарайға бергісіз сағананың күмбезі күн көзіне шағылып, айнадай жарқырайды (30-көрініс). Саржан мен  Мұрат бейіттерді аралап келеді.

   --Әке, келіп те қалдық. Әне, ана биік күмбезді сағананың қатарында.—Мұрат адымдай басып, алға шыға берді. Қашап ойған ою-өрнектері мен Жамал деген жазуы бар керемет құлыптас қойылған бейітке жақындағанда, бұрынғы Мұратқа жолығатын  қарт кісі дұға жасап, бетін сипап орнынан тұра берді.

   --Ассаламуғалейкум, ақсақал.

   --Ассаламуғалейкум, ата.

   Саржан мен Мұрат қартпен қос қолдап амандасты.

   --Уағлейкүмассалам.  

   --Ақсақал, айып етпеңіз. Бұл кісі кіміңіз болады? Басына қойылған құлыптасы өте әдемі екен. Талы да жайқалып көлеңкеге жарап қалыпты. Тегін адам болмады-ау, сірә?—Саржан білмегенсіп қарияны әңгімеге тартты.

   --Е-е, балаларым-ай, тегін, тегін емесін бір Аллаһ қана біледі де. Ал, менің білерім, бұл жерде Жамал деген кейуана жатыр. Елге сыйлы, кең пейілді, ақ жүректі, ардақты жанның бірі еді. Иманды құлын Алла Тағала тірісінде нығыметіне бөлесе, ақыретте рахымына бөлейді дейді. Бір күні келсем, бейітінің басында тал шыбық көктеп тұр. Енді бір күні келсем, басында ешкімнің басында жоқ ғажайып ою-өрнекті құлыптас тұр. Әрине, олардың ғайыптан пайда болмағанын, талды еккен де, құлыптасты қойған да өзіміз секілді адамдар екенін білемін. Ол тіпті, осы ауылдың адамдары болуы да әбден мүмкін. Кім болса да, иманы тасыған, нағыз қайырымды жан екен. Ондай құлын ерте ме, кеш пе, Алла Тағала да бір сүйіншілері хақ.—Қария аяғын тырп-тырп басып ұзай берді.

   Саржан мен Мұрат қабірдің басына тізе бүгіп, дұға жасады.

   --Ал, балам, не қыламыз? Құлыптасты алып тастаймыз ба, әлде, осы күйінде қала бергені дұрыс па? Әлгі қарияның айтуына қарағанда, бұл құлыптас туралы ауыл адамдары да білетін секілді. Өзімізге қатысы жоқ  деп тұрған нәрсені алып тастасақ.. дұрыс бола қояр ма екен?—Саржан салмақты Мұратқа артты.

   --Әке, мен де осы жағын ойлап тұр едім. Рас, кезінде маңдай терімді төгіп, күн-түн демей тықылдатып осы құлыптасты қашап шықтым. Оны осында әкеп қойдым. Анам жатыр деп ойладым. Ал, енді келіп бұл жерде жатқан анам емес, бөтен екен деп  алып тастасам, адамдығым қайсы? Мұсылмандығым қайсы? Осы уақытқа дейін тұрған нәрсе аяқ астынан жоқ болып кетсе, ел де дүрлікпей ме? Меніңше, бұрынғыша тұра бергені дұрыс секілді. Тіпті, жазылған есімге де тиіспей-ақ қояйық. Бәлкім, бұл жерде жатқан кісінің аты да Жамал шығар?

   --Дұрыс айтасың, ұлым. Дәл менің ойымның үстінен түстің. Құлыптас тұрса, тұра берсін. Ең бастысы, Жамалдай асыл анаң бұл жерде жатқан жоқ қой. Соған тәубә дейік.—Саржан көзі жасаурап, өзіне мейірлене қарап қалған Мұратты қапсыра құшақтай алды.

   --Ия, әке, Жамалдай аяулы ананың аман-есен ортамызда жүргені қандай бақыт!

 

107.   Арада бір жылдан астам уақыт өткен. Мақсаттың үйі. Мақсат жазу бөлмесінде, терезеден тысқа көз салып тұр. Тағатсыздана әлдекімді күтетіндей. Столға отырып, қағаз-қаламын ала бергені сол, сырттан машинаның гүрілі естілді. Орнынан ұшып тұрып терезеден тысқа көз салған Мақсат шаттанып сала берді. Аулаға келіп тоқтаған жеңіл көліктен өнер адамына тән сақал-мұрт қойған, толқынды ұзын бурыл шашы да өзіне өте жарасымды Мұрат түсе берді. Үйден қуана жүгіріп шыққан Мақсат  келген бойда Мұратты құшақтай алды:--Мұрат аға, бұл.. бұл шынымен сіз бе? Өңім бе, түсім бе?

   --Амансың ба, Мақсат бауырым.—Мұрат та Мақсатты қапсыра құшатап, кеудесіне қыса  түсті.--

 Қолыңа қондырған бақыт құсың құтты болсын. Соған.. өзіңді құттықтап қайтайық деп..

   --Рахмет, Мұрат аға. Сізге де, Қайсар ағама да сол кезде хабар бергем. Екеуіңіз де іс-сапарға кетіп қалыпсыздар.

   --Ия, солай болды. Қызық болғанда, Қайсар да дәл сол кезде іс-сапарға кетіпті. Енді, сол айыбымызды жуайық деп.. Қайсар екеуміз жанұямызбен..

   Осыған дейін жандарына келіп, үнсіз тұрған Самал сөзді бөліп жіберді: --Оу, отағасы, бізге де бір кезек берсеңші. Өзін бір көре алмай арманда болып жүрген асыл қайныммен мен де амандасайын.

   --Кешір, Самал. Мен Мақсат бауырымды көрген соң, сені тіпті ұмытып та кетіппін ғой.—Мұрат күліп шетке таман шыға берді.

   --Амансың ба, асыл қайным. Өлім хәлінде жатқан Мұратыма ойланбастан қанын берген, төсекке таңылып жатқанда тамағын тасып, айтқанын істеп зыр жүгірген өзіңдей асыл азаматты бір көру арманым еді, Аллаға шүкір, көрдім. Көріп көңілім толды.—Самал Мақсатты құшақтай алып, жылап жіберді.

   --Жарайды, Самал, енді өзіңді бас. Қазір Қайсарлар келгенде де осылай құшақтасып, жылап-сықтап тұрмақсыңдар ма?—Мұрат та  босаған көңілін, жан толқуын білдіргісі келмей күлген болып жатыр.

   --Ал, ендеше. Ағаң қызғана бастады-ау деймін.—Самал қулана күліп, Мақсатты босатты.

   Қызарақтап қалған Мақсат тез алға шыға берді:--Ал, Мұрат аға, Самал жеңге, біздің үйге қош келіпсіздер!

   Осы кезде дәл жандарына келіп тоқтаған жеңіл көліктен Қайсар, Нұргүл, Аян, Баян түсе берді. Мақсат олармен  де құшақтасып амандасып, Аян, Баянды беттерінен сүйді. Мұрат пен Самал да Қайсар, Нұргүлмен құшақтасып амандасып, Аян, Баянды беттерінен сүйіп жатыр. Мауықтары басылған соң Мақсат бастап, бәрі үйге қарай жылжыды. Ойына әлдене түскен Мұрат кілт тұрып қалды да, күліп жіберді:--Самал, сен ештеңені ұмытқан жоқсың ба?

   --Нені ұмытам? Жоқ, ешнәрсе ұмытпаған секілдімін.—Самал аң-таң болып тұрып қалды.

   --Білмеймін ғой.. Үлкен Мақсатты таптым деп, кіші Мақсатты ұмытып кеткен жоқсың ба деп жатқаным ғой, әшейін..

   --Мақсат?..—Мақсат түкке түсінбей аңтарылып қалды.

   --Ойбу, масқара-ай!—Самал машинаға қарай жүгірді. Енді ғана оянып, қыңқылдай бастаған Мақсатты көтеріп алды да, аң-таң болып тұрған Мақсатқа жақындады:--Кәні, құлыным, Мақсат көкеңмен амандаса ғой.—Мақсаттың кішкентай қолын алға созды.

   Мақсат сәбидің кішкентай қолын абайлай қысып, бетінен сүйді:--Мақсат  дедіңіз бе?  Бұл батырдың аты да Мақсат па? Мен Асқар екен деп..

   Самал Мақсаттың таңданысын енді ғана түсінгендей болды:--Дұрыс айтасың, қайным. Бұл сол Асқарымыз. Әкесі сен жайлы айтқан соң, мен де осы есімді қостадым.

   --Рахмет, Мұрат аға. Рахмет, Самал жеңге. Бұл.. бұл мен үшін үлкен мақтаныш.—Толқыған көңілін жасыра алмаған Мақсат кішкентай Мақсатты көтеріп алып, тағы да бетінен сүйді:--Үлкен жігіт бол. Елдің азаматы бол, айналайын.

     

 108.    Үйдің үлкен залы. Кең жайылған дастарханның беті тағамнан көрінбейді. Қонақтар дастархан басына жайласып, алды түрлі тағамнан, сусындардан ала бастаған. Мақсат қымыз-қымыран  құйып, қызмет етіп жатыр. Кесе толы қымызды ала берген Мұрат мырс ете қалды:--Үйдің іші де, дастархан да жайнап тұр. Ал, келін.. Жас келін көрінбейді.

   Самал да сөзге араласа кетті:--Айтпақшы, қолыңа қондырған құсың құтты болсын, қайным. Біз өзі не үшін келгенімізді де ұмытып кетіппіз ғой. Шынында, жас келініміз қайда?

   --Жас келіннің алтын қолынан шай ішеміз бе деп алып-ұшып келсек..—Мұрат Мақсатқа қулана қарап қойды.--Әлде, келініміз өте сұлу ма?

   Мақсат та тез жауап қайтара қойды:--Енді, былай.. Самал жеңгемдей асқан сұлу деп айта алмаймын. Ал, өзім үшін одан өткен сұлу жоқ.

   Мұрат күліп жіберді:--Әй, қу бала-ай, өз сөзіммен өзімді аттың-ау.—Кесе толы қымызды сіміріп салып, Қайсарға бұрылды:--Сендер ше? Кіргелі бері бір рет ауыз ашпадыңдар. Әлде, келінді көріп, қолынан шай ішеміз деп келген Самал екеуміз ғана ма?

   --Ол не дегенің, Мұрат?  Біз де келінді көруге асық болып отырмыз. Оны көру үшін Мақсатқа көрімдік беруге де дайынбыз. Солай ғой, Нұргүл?—Қайсар Нұргүлге күле қарады.

   --Жо-жоқ, Қайсар аға. Мен сіздерден көрімдік ала алмаймын. Ал, Мұрат ағамдар беріп жатса, онда, әңгіме басқа.—Мақсат күліп кесеге қымыз құя бергені сол, тыстан машинаның гүрілі естілді  де, тез орнынан тұрып үйден шығып кетті.

   --Самал, жаңағы асыл қайның не деп кетті? Көрімдік беремін деп саусағын сытырлатып отырған Қайсардың алдында күйеу баласындай сызылып, көрімдігін алмаймын дейді. Ал, енді бергісі келмей тымырайып отырған менен аламын дейді. Бұл қалай болғаны?

   Сырттан Хадишаның жұмсақ даусы естілді:--Қайсаржан келіп қалған ба?—Даудырай кірген Хадиша Қайсарды құшақтап, бетінен сүйді

   --Амансыз ба, апа.—Нұргүл иіліп сәлем берді.

   --Өркенің өссін, айналайын.

   --Амансыз ба, апа. Сіз туралы Қайсардан естіп едім. Сізді көргеніме өте қуаныштымын. Мен Мұрат деген балаңызбын. Ал, мынау келініңіз Самал.

   --Есенсіз бе, апа.—Самал да иіліп сәлем берді.

   --Бақытты болыңдар айналайындар. Өркендерің өссін. Ішке кіре берген Мақсатқа иек қақты:---Балам-ау, жаңағы Шынар қайда? Ағаларымен неге амандаспайды?

   --Апа, ол қызыңыз ағасын көрген соң, кіруге ұялып тұрған секілді.—Мақсат тез шығып кетті.

   --Ұялғаны несі, ол қыздың? Ағаларынан да ұяла ма екен?—Хадиша аздап кейіс білдірді.

   --Шынар дейсіз бе? Шынар қарындасым да келді ме? Қап, мына Мақсаттың істегенін-ай, ә. Қарындасымды қойшы, сізді әуре қылып, шаршатқанын қараңызшы. Өзім-ақ барып, амандасып шығатын едім ғой..—Қайсар кінәлі жандай басын төмен сала берді.

   --Ол не дегенің, Қайсаржан. Мен неге шаршаймын? Ана деген өз перзентіне келуден шаршай ма екен? Қайта, Мақсат балама мың рахмет. Сендер келеді деп, өзі барып алып келді. 3-4 күндей болды-ау, қызымды көріп, шүйіркелесіп дегендей, бір жасап қалдым. Аллаға шүкір, тәубә. Алтын асықтай қызымды-Шынарымды алып отырған Мақсат та өз баламдай болып кетті. Ең бастысы, екеуінің бақытты болғаны ғой. Барлық ананың да ұл-қызына ең алдымен тілейтіні сол емес пе?

   Әлі де түкке түсінбеген Қайсар аң-таң:--Хадиша апа, мен түкке түсінер емеспін. Мақсаттың алғаны, үйленгені менің қарындасым Шынар ма, әлде басқа Шынар ма?  Іс-сапардан келдік те, Мұрат екеуміз осылай жүре бердік. Әйтеуір Мақсаттың келіншегінің аты Шынар екенін ғана білеміз..

   --Қайсаржан-ау, сен не деп отырсың? Бір барғанымда өзің Мақсат баламды әбден мақтаған жоқ па едің? Сосын мен де қызымның оған тұрмысқа шығуына қарсы болмадым. Мен сендерді біледі екен десем..

   Әңгіменің байыбына енді ғана толық жеткен Қайсар орныныан ұшып тұрды:--Ғажап! Міне, ғажап! Алланың құдыретінде тіпті шек жоқ екен-ау. Мақсаттай асыл азаматты інімнен де артық көруші едім, енді міне, қарындасымды алған күйеу балам болып шыға келді. Осындай адал жар тапқан қарындасыма шын ризамын. Өзі қайда? Қарындасым қайда? Маңдайынан сүйейін.

   --Ал, ендеше! Келінді болдық деп келсек, күйеу балалы болыппыз ғой, Қайсар. Ал, күйеу баламыз құтты болсын. Бәсе, сенің алдыңда өзінің сызылуы әлей еді.—Мұрат күліп, Қайсарды құшағына қысып, қолын алды.

   Осы кезде Мақсат пен орамал тартып алған Шынар кірді. Шынар төменшіктей, ұяла тіл қатты:

   --Сәләмәтсіздер ме. Қайсар аға, мені кешіріңіз.

   --Қарындасым, алтын қарындасым менің. Сенің Мақсат секілді азаматтың асылын тапқаныңа шын ризамын.—Шынарды құшағына қысып, маңдайынан сүйген Қайсар Мақсатты іздеді.—Мақсат.. Мақсат бауырым қайда? Оның да маңдайынан сүйейін. Алдына келген Мақсатты да құшағына қысып, маңдайынан сүйді:--Бақытты болыңдар айналайындар. Жұптарың жазылмай, жұмаққа да қол ұстасып барыңдар.

   Мұрат, Самал, Нұргүл де Мақсат пен Шынарды құттықтап, тілегін айтып, маңдайынан сүйіп жатыр.

   Барлығы дастархан басында. Хадиша сөйлеп тұр:--Мен сендерді Шынардың тұрмыс құрғанынан хабардар екен деп даудырап  жатсам.. Мақсатжан қалай айтпаған? Баламысың деген.. Ұялған ғой. Жарайды, енді толық хабардар болдыңдар. Ал, енді, ана деп сөз берген екенсіңдер, көпті көрген үлкендердің бірі ретінде айтар ақылым:  Бір Құдайға ғана сеніңдер. Құдай деп сөйлеңдер. Құдай деп іс қылыңдар. Құдайдан ғана рахым, жәрдем сұраңдар. Бір кездері Құдайдың өзі алдына әкеп берген ұлды бөтен деп басқа теуіп, қалай да өз ұлым болады деп астамсыған қосағым ұлды болмақ түгіл қаншама жылдан бері ғәріп болып төсек тартып жатыр. Міне, осының өзі адам тағдыры бір ғана Құдайдың қолында екенін көрсетіп тұрған жоқ па?  Аллаға мың қата шүкір. Құрсағыма ұл бермесе де, өз ұлымнан артық қылып Қайсаржанды берді. Қайсар балам мен Нұргүл келінімнің ең бақытты шақтарының куәсі болдым. Немерелерім Аян мен Баянымды құшағыма қысып, беттерінен сүйдім. Шынардай қызыл гүлімді өздерің айтқандай азаматтың азаматына беріп, олардың да бақыттан бал-бұл жанған жүздерін көрдім. Жаман кемпірге осыншама қуаныш, бақыт сыйлаған Аллаға шексіз ризамын. Сендерге ризамын. Бәрің де қосақтарыңмен қоса ағарып, бақытты болыңдар, айналайындар.—Көңілі босап кеткен Хадиша жаулығының шетімен көзін сүрте берді.

   Отырғандар ду қол шапалақтап, анаға деген құрметін білдіріп жатыр. Самал мен Нұргүл күбірлесіп отырды да, Самал өз ұсынысын білдірді:

   --Аяулы анамыздың құрметіне бәріміз қосылып бір жақсы ән шырқасақ.

   --Өте керемет ұсыныс. Шырқасақ, шырқайық.—Мұрат бірден қолдай кетті.—Сендер бастасаңдар, қостауға біз дайынбыз.

   Самал мен Нұргүл көп күттірместен қосылып шырқай жөнелді:

                                      --Әлемнің жарығын,

                                     Сыйладың сен маған.

                                     Даланың әр гүлін,

                                     Жинадың сен маған..

   Сәлден соң жігіттер жағы да әнге қосылды:

                                      --Сен берген құстарың,

                                      Қанатын самғаған.

                                      Балалық құштарым,

                                      Өзіңе арналған..

   Ән аяқталып, ду қол шапалақ соғылып жатыр. Риза кейіпте отырған Хадишаның әжімді жүзі мен жасаураған жанары жақындатылып, экраннан анық көрсетіледі.

   Мұрат сөйлеп тұр:--...Қалай десем екен. Мақсат бауырымның орны мен үшін тіптен ерекше. Өлім мен өмірдің ортасында жатқанда ол маған қан берді. Менің мынау жүрегім тынымсыз соғып тұрса, ол әуелі Алланың, сонан соң осы Мақсаттың арқасы. Бойымда ыстық қан үздіксіз айналып тұрса, оның да жартысы осы Мақсат бауырымның қаны. Менің Мақсатқа деген ризашылығым шексіз. Ол ешнәрсемен өлшенбейді. Сол секілді Мақсат бауырыма деген ақ тілегім де таусылмақ емес. Айналайын, Мақсат бауырым, Шынар қарындасым. Біле-білсеңдер, өмір қызықшылығымен қоса қиындығымен де қадірлі әрі қымбат. Егер, әрбір күнің түгелдей қызық, той-думан бола берсе, тіршіліктің мәні де болмас еді. Тәттіні тым көп жей берсең, жүрегің айнып, бір күні одан да жерінесің ғой.. Алла Тағала қызықшылығымен қоса қиындықтарын да беріп, пендесін оқтын-оқтын сынап отырады дейді. Сондықтан сендер де қиындық кездессе, жүнжіп, мойымаңдар. Сиқырымен көзді алдап, көңілді арбайтын қызыл-жасыл дүниеге де беріліп, ішіне түсіп кетпеңдер. Қиындығы мол ма, қызығы мол ма, бұл өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Тек сол өлшеп берілген өмірді мәнді де сәнді етіп өткізуге тырысыңдар. Өз басым тіршілік дегеніміз- жамандық атаулымен күрес, жақсылық атаулыға жақындай түсу, ал, бақыт дегеніміз-таза, адал, әділ, уайым-мұңсыз өмір сүру деп білемін. Адал, таза адамның ғана ұйқысы тыныш болмақ.  Сендердің де жұптарың жазылмай,  мәнді өмір сүрулеріңе шын жүректен тілектеспін. Ортамызда отырған ақ шашты, ақ жаулықты Хадишадай аяулы аналарымыз аман болсын. Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды дегендей...

   Мұраттың даусы естілмей кетіп, М.Омаровтың «Анашым» әні баяу басталып, бірте-бірте күшейе береді.                          

                                         Шет жүрсем, сағынарым.

                                         Жабықсам, шағынарым.

                                         Анашым, бір өзіңсің-табынарым..

   Әннің фонында Мұрат сөзін аяқтап, ду қол шапалақ соғылуда.

   Самал сөйлеп жатыр.

   Қайсар мен Нұргүл сөйлеп жатыр.

   Мақсат пен Шынар да сөз сөйлеп, өздерінің шын ризашылықтарын білдіріп жатыр.

   «Анашым» әні бұрынғыдан да шарықтай түскен.

  

   Таң атып, күн шығып келеді. Жазу бөлмесіне кірген Мақсат столға отырып, қол жазбаны алдына ала бергені сол, қолында қағаздар салынған қалтасы бар, Шынар аптыға, сөйлей кірді:---Мақсат, мынау суретші ағаның түнде бізге көрсеткен суреттері ғой. Жаңа абыр-сабыр болып жүргенде, алуды ұмытып кеткен секілді.

   Орнынан ұшып тұрған Мақсат асыға қалтаға жармасты. Ең бетінде тұрған бір жапырақ қағазды алып оқи бастады:          

                                                               Мақсат бауырым!

   Түндегі оқыған өлеңдеріңнің бәрі де маған ұнады. Әсіресе «Ананың ақ сүті» деген поэмаң жан-дүниемді қатты тебірентті. Бас кейіпкердің тадыры маған өте ұқсас екен. Нәресте мені асырап алып, кеудесіне басқанда, өмірі бала сүйіп көрмеген Жамал анамның алпыс екі тамыры иіп, көкірегін аналық ақ сүт кернепті. Мұндай керемет туралы бірінші рет Жамал анамның өз аузынан естісем, екінші рет сенің поэмаңнан оқып, осыншалық сәйкестікке таң қалсам, сенің терең ой-танымыңа одан бетер таң қалдым. Кітап шығармақ ойың бар екенін байқадым.  Қанымыз бір аға-іні, бауырмыз ғой. Келісім берсең, алғашқы кітабыңды шығаруды мен мойныма алайын. Бұл мен үшін үлкен құрмет болар еді. Шығармақ  болып отырған кітабыңның арқауы да, аты да ана екен, мына салғандарым бір қажетке жарап қалар деген үміттемін. Өле-өлгенше өзіңді туған інімдей көріп,  қуанышта да, қиындықта да жаныңнан табыламын деп серт беремін.  Ағаң  Мұрат.

 

      Мақсат қалтадан бірінші суретті алды. Ананың бейнесі.

   Тағы бір суретті алды. Тағы ананың бейнесі.

   Ананың бейнесі, ананың бейнесі, ананың бейнесі...

   (Әр суреттің бетіне қажетті титрлар жазылып отырады)                  

 

 

Қазақ тілінде жазылған