Сынған айна
Ертеде бір он жасар жетім қыз өмір сүріпті. Оның лашық үйінен басқа ештеңесі жоқ екен.Тіпті ойнайтын ойыншығы да болмапты. Ол үйіне көзіне көрінген ескі-құсқыны жинай береді екен. Қызды аяған жұрт оған тамақ таситын болса керек. Алайда, қызды ата-анасын жалмап қойған жалмауыз санайтындары да табылыпты.
Қыз əр түн сайын аспандағы жұлдыздарды көруге шығады екен. Оларға көз салған сəтте ғана өзінің ешкімге керексіз өмірін ұмытатын болса керек.
- Не деген жылтыр, жарқырап тұр өздері. Ана жұлдызды оң жақ құлағыма сырғам етемін, əнебіреуісін сол жағыма. Əке -шешем болса, шіркін, олардан ештеңе талап етпес едім ғой... Сосын үнсіздік жəне еріксіз төгіле беретін көз жасы.
- Бірде жұлдыздарды көруге шыққан оның аяқ астында жатқан жарыққа көзі түседі. Еңкейіп қарап еді, айна екен. Сынбаған. Жаңа да емес. Ай сəулесіне шағылыса жарық шығарып жатыр екен. Үйіне əкеледі де, əдеттегіше дауыстап тілегін тілеп, ұйықтап қалады.
Ал оянғанда ол бейтаныс əйелдің өзін өбектеп, еркелетіп отырғанын көреді.
- Сіз кімсіз?
- Анаңмын,балапаным – ау, танымадың ба?
Анасын қатты құшақтаған ол, ешқандай түсіндірмені қажет етпеді. Əкесін де сұраған жоқ. Оған осы бейтаныс алақанның жылуы жеткілікті еді.
Далаға жүгіріп шыққанда үйінің əлдеқайда жақсарғанын байқайды.
- Менің анам оралды, енді мен жетім емеспін! - деп айғай салды. Мəн берген адам жоқ. Олар мұны қыздың ойыны, қиялы деп түсінді де жөнімен кете берді. Үйдің өзгергені адамдардың есінде жоқ екен. Ал үй ішінде тым əдемі келген келіншек боянып отырған-ды. Алайда бұл ғажайыптың соңы не боларын ешкім де сезбеген болатын.
Күндер жалғаса берді. Алайда бұл анасы кішкентай қызға қамқорлық көрсетпеді. Ол бір орыннан қозғалмайтын. Айнаға қарап мəз болатын. Бір күні қатты ашуланған қыз айнаны анасының қолынан лақтырып жіберді. Сол сəт анасымын деп келген əйел мен қоса сол бір лашық та, өзі де ғайып болды. Біреулер үйді жел ұшырып кеткен десе, енді біреулер бұл бұрыннан пенде болмаған қыз, ғайып болмаған да, не күтіп едіңдер?- десті.
Шын мəнісінде қызға анасымын деп келген əйел оның анасы емес, сыйқырлы айнаның күшімен пайда болған сағым бейне болатын. Айна қыздың санасындағы ең маңызды болған екі тілегін орындады. Бірақ барлығын балақайдың арманындағыдай ете алған жоқ. Айна көне замандағы сиқыршынікі еді. Ал үй мен қыздың жоғалуы айна сынығына байланысты болды. Айнаның жерге түскен сынығы үй мен қызды, өзінің бір сəттік ғажайыбының өтемі ретінде белгісіз əлемге алды да кетті. Содан бастап халық арасында айнаның сынығына жүзіңді көрсетпе, айнаның алдында ұзақ тұрма сияқты тиым сөздер пайда болыпты деседі.
-Кім біледі егер ғажайыпты адамдардың өздері орындаса мұндай олқылық, мейірімге мұқтаждық болмас па еді?! Қызды асырап алуға жүрегі мейірімге толы бір пенделер жетіспеген еді...