Адам қарады: 225 | Жарияланды:

ШЫРАҚ

          (повесть)

         Алматы... Талай жандардың қуанышы мен қайғысына ортақ болған шаһар. Бәріміздің мұңымызды түсінеді бірге күрсінеді. Әйтсе де үнсіз... Осынау алып шаһардың құшағында жүрген жастар да арман жоқ шығар... Эх, Алматы, сүйікті қалам не деген суық едің... Мен сені сүйемін әрі өкпелеймін... Маңдайыңдағы әжімдерің – көшелерің де ғұмырыңды айғақтап тұрғандай. Өмір көшелерін де адасқандай мен сенің шимай-шатпақ көшелерің де жол таба алмай келемін. Менің көшем, жолым, бағытым қайда Алматы? Жан-жағыма қарасам адасқан адамдар осынау алып шаһардан өз жолдарын таба алмай жүр. Бұл көшелер – тағдырлар, бірі – ұзын, бірі – қысқа, бірі – жарық, бірі – күңгірт...

 

        О, Алматы түсіндірші маған неге сенің шырақтарыңда жылу жоқ? Неге біздер тоңамыз? Не деген сұлусың! Неткен суықсың, оу, Алматым!

       Күз... Шелектеп төгілген жаңбырлар, мөлдіреп құлаған сағыныштар. Қарашаның суығынан дірілдеп жаураған жапырақтар. Мұңайған қайыңдар, жылаған терезелер. Аспан күңгірт, қала жабырқау, шаршаған таксилер, жалыққан автобустар бағыты да белгісіз кетіп барады... Өз мұңына тұншығып келе жатқан адамдарды көліктен шыққан көк түтін қоса деміктіреді. Баршасы жауыннан қорғанып қолшатыр ұстап алған. Қап-қара асфальтқа қолшатыр мен кірпіктен тамшылар құлап жатыр. Алматы жылап жатыр... Алматының көз жасына әжім басқан көшелері жуынуда. Алматы жиі жылайды.

        Мен Абай көшесімен төменге қарай құлдилап келемін. Абайша ойланғым келеді. Қытай топлиымның өкшесі мүжілген, орыс шалбарымның тізесі шыққан, түрік көйлегімнің жейдесі кірлеген, америка пальтомның түймесі үзілген. Ал қазақ жүрегім сыздаған. Үсті-басым малмаңдай су. Жауыннан қорғанатындай қолшатырым жоқ. Болса да жаңбырда қолшатырмен жүрмес едім. Мен жауынды сүйемін. Жауа берсін, аспанның ақысыз жауынына шомылайын, жуынайын. Кірлеп қалған көңілім тазарсын. Жаңбырдан неге қорғанам, неге қашам? Жаңбырдың басты мақсаты жерді кірден, ластан жуып тазарту емес пе? Біз де жердеміз. Ендеше кірлеп қалған жүрегімізді жуайық.

        Үйге жаяу келдім. Таспен қаланған тоғыз қабатты ғимаратқа қарап тұрып терең күрсіндім. Сыртында да тастар, ішінде де тастар. Терезелерінен аспашамдары жарқырап тұр. Жылуы жоқ жарықтар. Бір-біріне бөтен жарықтар. Есікті домофон кілтімен ашып кірдім. Лифттің түймесін басып көрсем, еш дыбыс жоқ. «Қап әттеген-ай» дедім де баспалдақпен тоғызыншы қабатқа көтерілдім. Темір есігіме кілтімді сала беріп ем, есік сәл-пәл ашық тұр. Жүрегім зу ете қалды. Ойыма бірден ұрылар түсті. Есікті аштым да сақтық ретінде жан-жағыма жалт-жалт қарап жұдырығымды түйіп алдым. Қалтамда ешбір қаруым жоқ. Бір жыл боксқа барғанмын, аз-маз тәжірибем бар. Қалқаным – ақылым, шоқпарым – жұдырығым. Ым-жымсыз ас және қонақ бөлмелерді қарап шықтым. Еш сыбыс жоқ. Мүмкін дәретхана мен жуынатын бөлмеде шығар деп ойладым. Ойлағынмдай болмады, ол жерде де жоқ. Балконда да қарасы көрінбейді. Бірақ, төсектің көрпелері шашылған, шифанердің есігі ашық, киімдер лақтырылған, кілемдер түрілген. Қобдишаның суырмалары құлаған дегенмен, түк те таппағаны көрініп тұр. Не тапсын үйде бәрібір ештеме жоқ. Бір жақсысы тоңазытқыштың ішіндегі бал мен ірімшікке тиіспепті және де дастархандағы бөлке нанға да қол ұшын тигізбепті. Құдайға шүкір бүгін аш жатам ба деп қорқып едім. Бір жағынан ұрылар ренжіп қалған да шығар. Қайран ұрылар! Әйтеуір не керек, киіміммен, өзімнен басқасының бәрі бәрібір менікі емес. Айналамның бәрі ұрлықшы. Бәрі де менен бірдеңе ұрлағысы келеді, бірақ, ештеме таппайды. Бірі мінеки үйімді тонаса, «үйім» деймін-ау уақытша пәтершімін ғой, пәтерім де жоқ. Бірі қуанышымды ұрлағысы келеді пәлендей қуанышым да жоқ. Бірі көлігімді ұрлағысы келеді, оным да жоқ. Бірі ғашығымды, тағы бірі досымды ұрлағысы келеді олар да жоқ. Осы ұрлықшылар жоқ нәрсемді ұрлауға құмар-ақ екен.

       Су-су болған киімдерімді ауыстырып, шашылған үйді жинастырдым. Тоңып қалыппын. ,газға шәй қойдым, қайнаған соң ірімшік пен нанды жеп алдым да қызыл қою шәй іштім. Күндегі әдетім сол жұмыстан келген соң ұзақ отырып шәй ішу. Тоңған жүрегімді жылыту. Шәй ішсем болды ауылдағы қара шал мен сары кемпір есіме түседі. Менің жандарым-ай сағындым ғой сендерді. Жып-жылы құшақтарыңды аңсадым-ау. Жүректегі ашылған жарам қоза түссін дегендей жаңбырдың тоқтар түрі жоқ. Жауып жатыр, жауып жатыр... Жаңбырдың үнін тыңдасаң ешбір композитордің әуені жетпейтін ғажайып бір музыка. Үнсіз ғана отырасың да жалықпастан тыңдай бересің. Тереземнен жаңбыр тамшылары сырғанап барады. Анықтап қарасаң би билеп жүр. Бірі әуендетсе кейбірі вальс, тағысы балет билегендей. Терезе сахна іспетті, мен көрерменмін. Шапалақ ұрмайтын көрерменмін. Бір уақытта қанша кесе ішкенімді білмеймін әлі іше берер түрім бар. Шәй ма, шер ме, не ішіп отырғаным белгісіз!? Ойлар таусылар емес... Бір кезде қалтамдағы телефоным «дызз-дызз» ете қалды. Мені іздейтін жан бар екен-ау дедім де телефоныма қарасам «билайннан» келген түсініксіз хаттардың бірі екен. Телефонымның ішін ақтара бастадым. Достарымның нөмірлерінің тізіміне қарадым. Ешбірімен сөйлесуге ниетім болмай тұр. Айналамыздағы табиғатты неге осының экранынан көруіміз керек?! Қасымыздағы достармен амандасып, төс қағысып, қол алысып, хал білісіп сөйлесудің орнына осымен хат жазып, алыстан мың жақырымнан сөйлесуге құмармыз. Бәрі-бәрі осының ішінде. Бірақ бәрі де өтірік, бәрі де жалған. Мүмкін болашақта адамдар бір-бірімен көрісуді қойып тек қана осы бір роботтармен сөйлесіп, солардың арасында жалғыздан-жалғыз өмір сүретін шығар. Әрі қарай кесемдегі шәйімді сораптап іше бердім, ойлай бердім.  Санама неше түрлі ойлар мен қиялдар ұшып, қонады. Тереземнен қаланың барлық көшесінің, үйлерінің әлсіз шамдары менмұндалайды. Терезе шамдары біртіндеп сөне бастады. Осы бір терезе шамдарына қарап тұрсаң адамның ғұмыры секілді жанады сосын сөнеді. Шала жуылған тереземнен өмірге ұзақ қарадым...

        Таңертең күндегі әдетімше таңғы сағат 7-де ояндым. Жуынып-шайынып таңғы ас іштім. Үйімнен шығып аялдамаға келдім сосын 31-ші автобусқа отырдым. Автобус ішінде бір-бірін итерген, сығылысқан адамдар. Аяғыңды мыжып кетеді, бетіңді шынтағымен қағады. Ызаланасың, шыдайсың. Кейбір орыс қатындары шәңкілдеп жатады. Сөйтіп сығылысып жүріп терезе алдына ығысы кетесің. Мен жұмысқа жеткенше 9-10 шақты аялдама бар. Алматының кептелегімен 1 сағатта әзер жетесің. Айналама енді мән беріп қарай бастадым. Автобус іші алакөлеңке тердің, бензиннің, балшық исі мүңкиді. Автобуста ең көбі студенттер екен. Бәрі де керім, сәнді киінген. Бірақ түрлеріне қарасаң телефондарынан басын алмайды. Құдды бір балық аулап жатқан секілді. Өз-өздерімен күледі, біресе мұңаяды, әйтеуір өздерінің телефон деген планетасында өмір сүреді. Бір студент қыздың қолын бір қара бас киімдегі еркек байқамай қағып қалып еді қолындағы телефон түсіп қала жаздады. Сонда ғана айналасына ден қоя қарады. Әлгі еркек: «кешіріңіз» деіді де жүре берді. Әлгі қыз жат планетаға келгендей жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Фильмдердегі өзге планеталықтар көз алдыма елестеп кетті. Жоқ, расында бұлар «телефон» деген планетаның тұрғындары. Мен өз ойыма өзім күліп жібердім. Терезеге қарасам қала жабырқап тұр. Кешегі бұлттардың көлеңкесі әлі кете қоймаған. Күңіренген асппанның көз жасы қайта төгілетін секілді.  Мен терезеге қарап тұрып зулап бара жатқан өмірімді елестеттім. Ата-анам Тараз шаһарының тұрғындары. Ал ата-әжем Меркіде, туған жерімде тұрады. Мен бәрін де қатты сағындым. Сағынғаным соншалық мен қараған заттың барлығы сарғайып кеткендей. Әсіресе туған жерімнің топырағын, тасын, тікенін, жусанын сағындым. Балалық шағымды сағындым. Еріксіз күлдім. Бала кезімде мен басқа адам болған екенмін ғой. Бала кезде ертерек есейгім келсе, ал қазір бала болуға зар болып жүрмін. Менің ол кезде мақсатым, арманым, ойым, қиялым бәрі де басқаша болатын. Мен от болатынмын. Бірақ, басбұзар тентектігім де бар еді. Ештеңеден қорықпайтынмын, ал қазірше? Әрине, қорқақпын... Мен күрсіндім. Қазіргі өмірімді еске алдым. Күндегі күйбең тіршілік. Үй – жұмыс, жұмыс – үй. Аптасына бір рет демалыс оның өзін жетістірмеймін. Күндегі жұмыс: газеттің уайымы, газеттің өмірі. Мен бұл қоғамда кіммін? Кімге керекпін? Арманым не? Қайда барам? Жоооқ, расында да қажыған екенмін. Адамзаттың бәрі бөтен, бәрі бейтаныс. Шынында әлгі телефон планетасындағылар секілді әркімнің өз планетасы, өз әлемі бар екен. Бірінің планетасы – жұмысы, бірінікі – теледидар, бірінікі – үйі, кейбірінікі – кітап секілділер толып жатыр. Ал менің планетам қайда? Білмеймін, әйтеуір кеткім келді басым ауған жаққа. Айға кеткім келеді... Шіркін-ай, Айда өмір сүрсең ғой!.. Бәрінен алыста, барлығынан қашықта. Ешкім сені ренжітпейді, жеккөрмейді, сатпайды, кеудеңнен итермейді. Өзіңмен өзің өмір сүресің. Осылай қиялға шомып келе жатсам кондутор тәтей құлағымның қасынан барабаным жарылардай «баж» ете қалды. Құлағым шыңылдап кетті. Қарасам айхайлап келеді:          

-          Абай Гагарин көшесінен түсетін бар ма? Біреу:

-          Бар, - деді. Әлгі тәте:

-          Бар,бар, тоқта! – деді де есікті қап-қара жұдырығымен ұрғылай берді. Есік

ашылған соң, далаға шығып:

-          Әуезов театры, Балуан шолақ, Достық, - деп, айхайлап жатыр. Біреулер

келіп:  «Саяхатқа бара ма?» енді, бірі: «Көктөбеге» бара ма? – дейді. Осы кезде мен де тұрып тұрып сұрай кеткім келді:  «Тәте, Айға бара ма?» деп, миығымнан күлдім. Шіркін, осы келе жатқан жерімізден автобус Айға қарай ұшып кетсеші... Қарасам мен түсетін аялдамаға жақындаппыз. Автобус тоқтаған соң есіктен секіріп түстім де жұмысыма қарай жүгіре бердім. Басыма қайдан сап ете қалғанын қайдам, «жұмысыма бармай ауылыма кетіп қалсам қалай болар» деп ойладым. Түрлі-түсті ойлар санамды қаумалап барады. «Жұмысын да, қаласын да қойшы, тәйірі» деп, қолымды бір-ақ сермедім. Бұрылып алдым да «Сайран» автовакзалына қарай тартып кеттім. Бір-екі күнге барсам менсіз Алматы босап қалмас. Ауылды көруге асығып келемін. Ауылда сол баяғы қара шалым мен сары кемпірім бар. Қара ағам, ақ жеңгем, бірнеше боқмұрындар тағы бар. Мен вокзалдың қасындағы бір дүкеннен үйдегілерге базарлық алдым. Сосын көше бойынан такси ұстадым. Мінеки, ауылға қарай жөйткіп келеміз. Қуанышымда шек жоқ. Әйтсе де, бастық ұрсатын болды. Мүмкін, жұмыстан да қуар. Квартираның ақшасын да төлемедім. Бүгін үй иесі келетін күн еді. Бойымды үрей билей бастады. Көпке созылған жоқ. Туғаннан тәуекелге бел буып келемін. «Әліптің соңын бағармын» деп, алдыма қарадым да тәтті қиялға батып отыра бердім. Қалғып кетсем керек, оянсам ауылға жетіп қалыппыз. Бақыттан жүзім бал-бұл жанып кетті. Шопырға:

-          Анау, «Ақермен» деген жазуы бар бұрылысқа тоқтайсыз ғой, - дедім. Ол

үндеместен басын изеді де, айтқан мүйіске келіп тоқтады. Есіктен асыға түстім. Айналама, кең далама қарадым. Көкірегімді кере туған жердің саумал самалын жұттым. Арқамды кеңге жайып керілдім. Еркіндік деп осыны айт. Көкке қарасам, күн көзі бір ашылып, бір жабылады. Бұлттар теңіздегі сеңдей көк аспанда жүзіп барады. О, туған жердің аспаны не деген, жақын едің, таза едің, мөлдір едің. Қаланың аспанынан мүлдем өзгешесің. Қырғыз Алатауына қарадым, тау басына қар жауыпты. Шыңында әсел менмұндалап тұр. Мен тауға, тау маған қарайды. Уа, менің баба тауым мен саған өле өлгенше ғашықпын.

         Ауылыма бір жарым, екі шақырымдай әлі жүру керек. Қазір трассаның бойында қақшиып тұрған түрім бар. Ал не тұрыс, құшағымды айқара аштым да «аманбысың, туған жер!» деп, атамекеннің құшағына сіңіп кеттім. Жол шетіндегі шаң басқан сораппен аяңдап жүре бердім. Ауылға жеткенше көз алдыма бүкіл өмірім елестеді. Арасынан балалық шағым жүгіріп шықты. Мен қуып келем, ол ойнап қашып барады. Жеткізер түрі жоқ. Тәтті қиялға толы балалық шағыма саяхаттап кете бердім...

 

                                                   ІІ

                                     

        Көктем – мезгілдердің сұлтаны. Көктеменің соңы – мамыр айы. Аспан ап-ашық теңгедей бұлт жоқ. Нақ төбемнен құстар ән айтып ұшып барады. Әндері өте көңілді. Мен үйімнің маңындағы төбелердің бірінде көбелектер мен инеліктерді қуып жүрмін. Ұстатар емес, шөп үстіне қонса, енді ұстай бергенде ұшып кетеді. Тағы бірде, қолыммен ұстадым-ау десем, алақанымнан суырылып кетеді. Көбелектер ұшып-қонып меніменен «қуаласпақ» ойнап жүр. Менің қырсықтығым қалар емес, қалайда қуалап жетпей қоятын сыңай танытпаймын. Неше түрлі гүлдердің жұпар исі танауымды қытықтайды. Айналам толы: сарғалдақ, қызғалдақ, бақбақ толып жатыр. Әжемнің қызыл-ала сырмағында жүргендеймін. Бір уақытта көбелектерді қуа-қуа шаршадым ба, әлде ұстатпасын білдім бе, астымдағы шөп төселген көк кілемге құлай кеттім. Кеудемнің үстінен өрмекші, құмырысқалар паркте жүргендей серуен құрып жүр. Күс-күс болған кіп-кішкене саусақтарыммен қағып тастадым. Қайтадан шығып алады, қайта қағамын, не олар, не мен қоймаймын. Ақыры жеңілгенімді мойындап «шықса шыға берсін» деп жата бердім. Теңіздей мөп-мөлдір аспанда жүзіп бараа жаттым. Мен егерде қаз болсам ғой еш жерге қонбай самғай беретін едім. Аспанда еркелеп ұшатын ем, құлап бара жатып қанатымды жайып тастап қайта қалықтайтын едім. Ойлашы қанатың болса рахат қой Екон мен Пашаның құйрығынан бір тебесің де ұшып кетесің. Олар ашуланады, ызаланады, секіреді, көп болса шатырға шығар, бірақ жете алмайды. Хехе өз ойыма өзім мәз боп отырғанда оң аяғымдағы красопкамнің ішіне бірдеңе кіріп бара жатқандай болды. Башпайларым қышып барады. Қарасам красопкамның ұшындағы жыртығында құмырысқалар өріп жүр. Тесігінен үлкен бақайым басын шығарып тұр. Қап-қара, жарылып кеткен. Тырнақтарымның арасына бес батпан кір қатып қалған. Әлгі құмырысқаларды шығарайын деп саусағымды красопкамның жыртығына тықтым да тартқылап ала бердім. Бірнешеуі ары қарай сүңгіп кетті-ау деймін, табаным жыбырлай бастады. Амал жоқ, красопкамның бауын шешіп, аяғымнан суырып, төңкеріп жерге ұрғылап қақтым. Қарасам, құмырысқалар мен бірге майда тастар, шөптер, құм, жіп, кәмпиттің қағазы тағы да бірдеңелер түсіп жатыр. Қаққан сайын түсе береді, бітпейтін секілді. Қоя бердім де орнымнан атып тұрдым. Үстімді қағып шықтым. Тек басымды қақпаппын. Жұмыр басымдағы көк тақияны қолыма алып сілкідім. Тып-тықыр басымды сипап қойдым. Бағана әжем ұстарамен шашымды алғызбайын десемде «басың рахаттанып демалады, қауғадай ғып жүрмексің бе?» деп, қояр да қоймай тықырлатып тастады. Ай, әжем-ай сен білсең ғой тықырлағаннан менің басым демалмайтынын керісінше өткен, кеткендердің грушасы болады. Достарым «котовски» деп мазақтай түседі. Осыны ойлап тұрғанымда Бика ағамның сабақтан келе жатқан қарасы көрінді. Мені көре салып «Еу, Саршал, бері кел, бері!» деді. Қасарысып «бармаймын» дедім. Екі жағында екі досы бар, олардың бәрі басымнан шертіп шықса басым істемей қалатын шығар. Сосын келер жылы бірінші сыныпқа қалай бармақпын. «Саршал» деп қасындағы Бахалөк деген досы айхайлады. Қарасам қолында бірдеңе жылтырайды. «Не болды екен» деп, қызыға бастадым.

-          Мә, мынау саған, - деді, ыржыңдап.

-          Ол не? – дедім, ұмсына түсіп.

-          Сааағыыыз, - деді, сағызша созылып. Алдарына аяғым қалай жүгіріп

барғанын сезбей де қалдым. Бика көкемнің екінші досы Апося маған қарап:

-          О, Саршал шашыңды алыпсың ғой, әкел шалбан, - деп, кірпік қаққанша

болған жоқ басымнан шертіп қалды. Ауырған басымды уқалап жібердім. Анау екеуіде шертер ме екен деп артқа шегіне беріп едім, Бахалөк:

-          Саршал қорықпа шертпеймін, келші оданда боқташы. Сол кезде саған

«бекбабылды» берем, - деді, азғырып.

-          Қаншау? – дедім.

-          Бары осы біреу ғана, - деді.

-          Ендеше бір-ақ рет боқтаймын, - дедім. Ол мұртынан күліп:

-          Төрт рет боқтайсың, - деді қулана.

-          Екеу, - деп саудаласа бастадым.

-          Үшеу, - деді, - әйтпесе жоқ, - деп, қалтасына сала берді. Аузымда сілекейім

шұбырып:

-          Жарайды, - дедім.

-          Ал, баста, - деді. Бір-біріне қарап күліп қояды. «Аладамақ ойлары бар

шығар» деп топшыладым.

-          Бірінші маған сағызды беріңдер, сол кезде ғана боқтаймын, - дедім.

-          Қашып кетпейсің бе?

-          Қашпаймын.

-          Нан ұрсын, тұз ұрсын деші.

-          Өй, сенбейсіңдер ме? – дедім кетуге ыңғайланып.

-          Мә, ендеше! – деді. Мен қолынан жұлып алдым да артқа қарай шегіншектеп

қаша жөнелдім. Артыма қарасам ешбірі қуып келе жатқан жоқ. Мен сөзімде тұру үшін тоқтадым да, үшеуіне қарап:

-          Бика – сатқын, Бахалөк – сүмелек, Апося – кеңкелес! – деп қашып кеттім.

Артыма жүгіріп бара жатып қарасам үшеуі ішек-сілесі қата күліп жатыр. Мен оларды боқтасам, олар ашуланудың орнына мәз болып күліседі. «Бастарынан күн өткен шығар» деп ойладым. Бірақ Бика ағам үйге келген соң сабауы мүмкін, одан қорғануым үшін кешегі сабақтан қашқанын «әжеме айтамын» деп қорқытсам, таяқтаған былай тұрсын, саусағын тигізе алмас.

      Төбеден ылдиға қарай жүгіріп келемін. Үй жаққа көз тастасам айналасы қараң-күрең адамдар. Бір жигули, бір газел тұр. Әжем таң азанмен бауырсақ пісіріп бірдеңеге дайындалып жүрген, сөйтсем үйге қонақтар келеді екен. Қонақтың келгені қандай жақсы болды. Кәмпит пен пішнәға қарық боп қаласың. Көрші үйдің көк дарбазасы шиқылдап ашылды. Ар жағынан Бағдат жише мен досым Сырым шаңдатып келеді. Ол менің жан жорам. Біз ылғида бірге ойнаймыз. Кей-кезде ерегсіп, төбелесеміз. Кейде ол, кейде мен жеңемін. Артынан қалай татуласқанымызды байқамаймыз. Ол менен бір-ақ жас үлкен. Дегенмен, сегіз-тоғыз жастағы балалар секілді ірі денелі, ұзын бойлы. Атам «Сырымның бабасы батыр болған, қан тартады» дейді. Сырым дәу, шымыр болғанымен, өте аңқау әрі жалқау болатын. Ол мені күш пен жеңсе, мен оны айламен жеңетінмін. Бір кезде үй жақтан әжемнің қарлыққан даусы шықты:

-          Әй, Нүкабай жүгермек, қайдасың? – деді. Мен ауылдың қай бұрышында

жүрсем де әжем мені осылай шақыратын. Және дауысы жетпей қоймайтын. Мен үйге қарай жүгіріп келдім де, солдаттай қаз-қатар тізілген шитагеттердің сынық бірінің отрасынан аулаға кірдім. Мені қонақтар көре салысымен бетімнен, шекемнен, көзімнен шөлпілдетіп сүйіп жатыр. Менің ең жеккөретінім мені бөтен адамдардың сүйгені. Қаншалықты жақтырмай қашқақтасам да, соншалықты құшақтарынан босатар емес. Тақыр басымнан сипап «үлкен жігіт бол», «таудай бол», «адам бол» деп тілектерін айтып жатыр. Әзер дегенде сүйегеш қонақтардың алдынан сытылып шықсам, алдымнан Мәкенбай доғдырдың ұзын, сұсты денесі шыға қалды. Жүзіне бақырайып қарасам, ол маған бадырайып қарайды. «Сен бүгін үлкен жігіт боласың» деді көз қиығымен қарап, бір езуімен жымиып. Бұл сөзін ұқпадым, әйткенмен мен өзімді үлкен жігіт көремін. Бұл доғдырдан үрейім ұшады. Мен түгілі одан бүкіл ауылдың балалары қорқады. Ол маған сан мың рет укол салған. Сол үшін мен оны жеккөрем. Ол жүрген жердің бәрін де балалар әзәзіл көргендей шошиды. Ол жүрген жерде балалар үшін азап. Балалар тентек болып немесе жылай берсе әке-шешесі «Мәкенбай доғдыр келе жатыр, қоймасаң укол салады» дейді. Көз алдымнан әлі кетпейді ұзын инесі, дәу жүн-жүн қолы. Әйтеуір, осы Мәкенбай доғдырға көрінбесем екен дейтінмін. Енді, міне біздің үйге келіпті. Үйге кірсем жайылған дастарханнан көзім оттай жанып кетті. Кәмпит, шиколадтарды қалтама тыққылай бастадым. Чортигімнің қос қалтасы аузы, мұрнына толып кетті. Артқы қалтама салып жатыр едім Айман жеңгем кіріп қалды. Жүзіме бір, қалтама бір күліп қарап:

-          Нүкәбай, бұның не? – деді. Соңынан Бағдат жеңешем ілесе кіріпті. Өзі қатал.

Сұры сұсты. Сырымды күнде сабайды. Менің қалтама ашулана қарап:

-          Өй, сотқар неме! Қалтаңдағыны шығар бері! – деп дүрсе қойды. Оны

 тыңдайтын мен бармын ба. Қалтамнан бір тәттіні шығарып, дастарханға «мә» деп қойдымда. Қолының астынан жүгіріп қаштым. Артымнан қарғап-сілеп жатқан шәңкілдеген дауыстар бір жаңғырып, бір жұтылып естіледі.   

         Қонақтың келгені қандай тамаша! Неше түрлі өрік, мейізге қарық боп қаласың. Сондықтан «құдайы қонақтар күнде келе берсе екен» деп армандаймын. Екі қалтам томпайып шалбарым жыртылардай болып тұр. Жүруіме сәл-пәл ыңғайсыз. Тауық қора жақтан біреулер «фшуу, фшууу» ысқырып тұр. «Саршал» деп айхайлайды. Мен достарым екенін бірден білдім. Қайсысымыздың үйімізге қонақ келсе, кезектегі әдетіміз. Жетіп барсам Екон, Сырым, Пәшен үшеуі маған күле қарайды. Бірдеңе дәметіп тұр. Қалтамнан көздерін алмайды. Жарылып кеткен уыз еріндерін жалап қояды. Пәшен көкшиген көзімен қалтамды ішіп-жеп барады. Ол:

-          Берші Саршал, - деп қолын соза түсті. Мен «мә» дедім де науаттыі дәу

біреуін алақанын салып едім. Ол «ооо» деді, қос жанары үлкейіп. Сосын «өрік берші» деді. Біреуі «жаңғақ берші», «барбарис берші» деп жамырап кетті. Қолымды қалтама салып, қалағандарын алып беремін. Қалтам әжемнің кебежесі секілді. Тәттілердің түрлі-түрлісі шығып жатыр, бітер түрі жоқ. Төртеуміз мәзбіз. Бәрін соғып, асап алдық. Аузы мұрнымыз қап-қара шокалад. Сірне болған саусақтарымыз бір-біріне жабысып, әрең ашылады. Кір-кір саусағымызды жалаймыз кеп. Жалаған сайын тырнағымыздың арасындағы кірлерде біртіндеп кетіп жатыр. Тәттісін-ай деп қоямыз. Пашаның қарны тойса да көк көзі тоймағаны көрініп тұр. Қалтама, қолыма, үй жаққа жалтақ-жалтақ қарайды. Пәшен содыр, тентек, бұзық. Пәшеннің шын есімі Паша. Ағамның бір әңгімесінен естіп қалғанмын.  Біз оны қазақ деп ойласақ, сөйтсек орыс екен. Ол өзі орыс бола тұра орысша екі сөздің басын қоса алмайды. Кейде төбелесіп қалсақ «еу, орыс» деп мазақтасаң, намыстан жыларман болады. Әкесі Виталик, шешесі Несіпкүл, шын аты Настя. Өте жақсы кісілер. Виталик аға қойшы. Саусағынан өнер тамған талантты кісі. Домбыраны да күмбірлете төккенде аузыңды ашып қаласың. Үйдегі тоңазытқыш, теледидар бұзылса Виталик аға жөндеп кетеді. Ауылдағылардың техникасының күні сол кісіге қарап отыр. Ақы да сұрамайды. Берсе алады, бермесе ренжімейді. Несіпкүл жеңге сиырбазда сиыр сауады. Ірі-қаралардың жем, шөбін қамдайды. Мені көрген сайын құрт береді. Құрт өте жұмсақ әрі тәтті. Біздің ауылда жалғыз Пәшеннің үйі ғана емес, барша орыстар қазақшаға судай. Сөйлегенде өлеңдетіп, мақалдатып сөйлеседі. Өз басым орысшаны орыс тілі сабағында және теледидардан ғана естимін. Орыс тілі сабағының тең жартысы қазақ тілі. Пәшен бірдеңе жесе «пыссымылда» деп жейді. «Руым Дулат, елім Әлімжаныс» деп қояды.

-          Оны саған кім айтты? – десем.

-          Екон, - дейді. Еконға:

-          Сен қайдан білесің? – десем. Ол:

-          Апам, «Пәшенді «орыс» деп бөле бермеңдер» деп ұрысты. «Ол сенің

бауырың» деген соң, ендеше, бауыр болсақ руымыз да, еліміз де бір болу керек қой деп ойладым. Сосын ол білмегеннен кейін үйреттім. Ол тағы да жеті атасын біледі. – деді.

-          Ол да сенің жеті атаң шығар. – десем, ұялмай, қызармай, - жоқ, Пәшен екеміздің жеті атамыз - дейді.

    Екон қу әрі қорқақ, бірақ бәлсінгіш. Оған қолыңның ұшын тигізсең болды, аға-әкесіне ойбайлап баратын. Түймедейді түйедей ғып жеткізеді. Ол бізге қарағанда бақуатты еді. Оның әдемі көк «балдырған» велосипедіне қызығамыз. Кей-кезде кезектесіп мінеміз. Қырсықса, мінгізбей қоятын. Сосын мен оны ұрамын ол жылап, ағасына айтады. Ағасы мені ұрады, мен оны боқтап қашамын. Солай жалғаса беретін. Еконның шын аты Эльберт. Атасы қазақ, әжесі неміс. Бұны да ағамның аузынан естігенмін. Әкесі әкімшілікте атқамінер. Біз Еконның өзімен бірге өзінің үйінен алма ұрлайтынбыз. Әжесі ұрысқақ алма піскенше бермейді. Піссе де беріп жарытпайды. Бір алманы төртеумізге кесіп төртке бөліп береді. Бір жағынан төртеуміз «достық» деген шатырды көтеріп тұрған төрт қабырғамыз. Сырымның шешесі Бағдат жеңгенің дауысы шәңкілдеп айналаны жаңғырып жүр. Біз тауық қорадан шыға берген де, қарамызды байқап қалып шапшаң келе жатыр. Басына байлаған шәй орамал, кір-кір қызыл халаты бар. Аяғында қара шұлық пен қара галош. Қасымызға жетіп келді де:

-          Әй, сабалақтар! Сендерді іздемеген жерім жоқ. Түрлерін қарашы албастыдай

болған. Сырым, сен алдыма түс. Иттің баласы, жаныңды шығарамын. Ал, сендер құры жүре бермей пешке шыбық жинаңдар. – деп, бұрылып кете берді. Жеңгем Сырымды қай жаққа, не үшін алып барады деген ойда болдым. Шыбық жинап жүрсек Сырымның жан даусы шықты. Шошып кеттім, үйге қарай жүгіріп келсем есік алдында Бика ағам күзетіп тұр. Маған сұрлана қарап «бар ойна» - деді. Сырым бақырып жатыр. Шешесі құйрығынан шыбықпен сабап жүр немесе Мәкенбай доғдыр укол салып жатыр деп ойладым. Не де болса байғұстың құйрығына обал болды. Өз көзіммен көрмейінше жанымның тыным таппайтын әдеті, терезеден барып сығалауға бекідім. Терезеге бойым жетпегендіктен, қасындағы арбаға шығып қарасам бес шақты адам қол-аяғын ұстап алған. Сырым бақырып жатыр. Белден төмен жалаңаш. Мәкенбай доғдырдың қолында жүзі жылтыр бәкі бар. Тас төбемнен біреу ұрғандай зеңгіп қалдым. «Ойбай, кесіп жатыр» деп айқайлап жіберіппін. Терезенің арғы жағындағылар маған жалт қарады. Мәкенбай маған адырая қарады. Екі қас ортасындағы әжімінен самай тері ағып барады. Мен оның суық жүзінен жасқана арбадан жерге дүмп құлап түстім.Үстімді қағып «Бейбақ Сырым-ай, досыңды кешір, сені құтқарар мен де дәрмен жоқ» дедім ішімнен. «Ендігі кезек маған келіп жүрмесін, ертерек қашайын» деп тағы ойладым. Бірдеңе болса қариялар «кел бері, әкуіңді кесем» дейді. Сол сөздің мәнісін енді түсіндім. Жүгіріп барып арықтың ар жағындағы қара ағаштардың біріне жасырындым. Пеш қора жақтан Бика ағамның қарасы көріне бастады. Аузына бірдеңелерді тықпалап, қақалып жеп жатыр. Қасына атам келіп бірдеңе деп еді, ағам басын изеді. Атам кері кеткен соң аға шөміштегі суды сіміріп алды. Жан-жағына қарап «Нүкәбай, Нүкәнтай, бері келе қойшы» деді. «Армандапсың, алаяқ екенсің» дедім ішімнен. Жанында жүрген дәу ағамның қызы Нәдөк  қолын маған қарай шошайтып бірнәрсе айтып зыпылдап тұр. «Ай, Нәдөк! Жігіт болсаң көрер едім не істеріңді, сатқын» дедім шарасыз іштен тынып. Ағам алақ-жұлақ көз тастап мен жақа келеді. Маған жақындай берген де, зыта қаштым. Аяғымнан тәпішкем шешіліп кетті, сонда да жалаң аяқ қашып барамын. Табанымды тікен, тастар шақса да жүгіруімді бәсеңдетпедім. Жайлауға кететін шарбақтан енді секіре беріп едім, көкпарда серкені жұлып алғандай мені көтеріп алды. Қолында тыпырлап жатырмын, ағамның жіберетін түрі жоқ. Үйге қарай жөнеле түсті. Мен дәрменім қалмай, жан ұшыра «аға бермеші олардың қолына, өтінемін олар кеседі. Ендіге сенің тіліңді аламын, боқтамаймын. Сабақтан қашқаныңды апама айтпаймын» деп жалынсам да ағам қолын тас қып ұстап алған, босатар ниеті жоқ. Өзінше миығынан күліп «Қайта жігіт боласың, шыда» деді. Ағамның қолынан жылы сөзбен құтыла алмасымды білдім де басқа іске көштім. Қол-аяғыммен бас, шекесінен теуіп, ұрып жатырмын. Бетіне түкіріп те жібердім. Құйрығымнан бір-екі салып жіберді. Үйге жақындап қалдық. Басыма бір ой сап ете қалды. Жалаңаш білегінен бар күш жігерімді жинап азуыммен тістеп алдым.Ағам ойбайға басып бірден еріксіз босата салды. Жерге гүрс құладым. Аяғымның ауырғанына қарамастан қаша беріп едім, дәу ағам ұстап алды. Үйге алып кірді. Атамды көріп «ата, мені құтқаршы» дедім. Ол немерем қиналып жатыр-ау демейді өзінше мәз. Есіктің тұтқасынан ұстап алдым. Соғымға кеткелі жатқан ешкіше тыпырлай бердім. Біресе қолым, біресе басым қабырғаларға соғылып, әйтеуір деген де мені түкпір тамға алып кірді. Әлі оңай берілмеймін, күресіп жатырмын. Екі ағам, қонақтар бар қос қолым мен қос аяғымды қапсыра ұстап алған. Мәкенбай доғдыр қолыма укол салды. Жер, көкті басыма көтеріп боздап кеттім. Маған ананы бір, мынаны бір айтып алдап жатыр. Әйтеуір, тез арада бітті. Мені көтеріп төсекке жатқызды. Менің жылауым басылғанымен тынысым тарылып барады. Атам келіп маңдайымнан иіскеп «батырым» деді. Қолындағы қысқы тұмағын төмен жағыма қойып қойды. Расында да ол тұмақ әжептеуір қорған болды. Бөлмеде ауа тар. Қонақтар кіріп, шығып жүр. Бәрі зоопаркке келгендей маған бажырая қарайды. Сырым досымды іздесем ол мұнда жоқ, шамасы өз үйіне немесе түкпір тамда деп топшыладым. Дегенмен, мен өзімді сол күні өте бақытты сезіндім. Радиодан бір кездері құлағым шалып қалған болатын «бақытқа жету үшін, құрбандық керек» деген бір ауыз сөзді. Бұл сөздің түбіне енді бойлағандаймын. Келген қонақтар тәтті-пәттілердің, шокаладтардың, ойыншықтардың түр-түрін әкеліп қойныма салып жатыр. Ауруымнан басым айналса, мына ойыншықтардан екі есе айналды. Тұра сап жаңа ойыншықтарыммен ойнағым келді. Әттең, жазылғанша шыдау керек! Қолыма содан жастығымның астына жұрттар тиын-тебен тастап жатыр. Бір сәттің ішінде бай болып шыға келдім. Қонақтардың барлығы төргі тамға асқа отырған, бала-шағаның бәрі менің жаныма жиналған. Аналамды қоршаған ойыншық, тәттілерге қызыға қарайды. Менің тәбетім аса қатты бола қоймады. Жанымдағы достарымның жәутеңдеген жанарлары жүрегімді елжіретті ме, әлде мырзалығым ұстады ма тәттілерді үлестірдім. Әй, сонда да бітер емес! Қонақ достарым мәз. Ойыншықтарды да ойнауға рұқсат бердім, тек қайтып өз орнына қойыңдар деп ескерттім. Олар таласа, тармаса ойнай бастады. Қасыма әлгі сатқын Нәдөк келіп түк болмағандай бірдеңе дәметіп жүр.

-          Не? – деп едім.

-          Маған да берші, - деді. Сүмірейген жүзіне қарап жаным ашып кетті. Бірнеше

шоколадтарды бердім. Ол қуана алды да далаға қарай жүгіріп кетті. Ақшаларыма не алсам екен? Бәріне балмұздақ аламын. Жоқ, жартысына ғана балмұздақ аламын, ал қалған жартысына кітап аламын. Себебі, келесі жылы мектепке барамын. Осы ойымда қиялдап жатқанымда ұйықтап кетіппін.

        Арада бірнеше күн өтті. Әжем маған атамның жейдесін кигізіп қойды. «Жазылғанша осыны ки» деді. Атамның жейдесі бойыма қыздардың ұзын көйлегіндей боп қалды. Өзімді қыз секілді жаман сезіндім. Шешкім келсе де, амалсыз кидім. Киіп ап айнаға қарап тұрсам, тереземе біреу майда тас лақтырды. Қарасам Сырым досым ол да менікіндей көйлек киіп алыпты. Шамасы әкесінікі-ау. Маған ыржияды, бірдеңе айтқысы келетіні көзінде тұр. Мен де оған күле қарадым. Терезеге жақындап:

-          не болды?- дедім. Ол да мен секілді байлыққа қарық болған секілді.

-          Саршал, шаңқай түс боп қалды. Қазір Балмұздақ апа өтеді. (Балмұздақ

сататын Бәтима апаны біз «Балмұздақ апа» дейтінбіз). Кеттік, балмұздақ алайық. – деді.

-          Қазір, шығамын, - дедім, қуанып. Салафанға салынған тиындарымды алып

алдым. Далаға шықсам, атам тракторының багажын ашып тастап май-май болып бірдеңе істеп жүр. Бұл атамның күндегі әдеті. Сырым қасыма жетіп келіп:

-          Саршал, қанша ақша таптың?

-          Өте көп, сен ше?

-          Менде де. Бірақ ақша, ойыншық және тәттілерімді анам алып алды. «Аздан беріп тұрамын» деді. Сенікі ше?

-          Менің тәттілерімді үй ішімізбен жеп бітірдік. Ал қағаз ақшаларды апам алып,

тиынын маған берді.

     Екеуміз Балмұздақ апаны күту үшін үйдің қасындағы тал көлеңкесіне барып отырдық. Сырымның балмұздақ жегісі кеп өліп барады. Қайта-қайта тыпыршып жолға қарай береді. Менің де сілекейім шұбырып тұрса да білдіртпеуге тырысып бағамын. Біз үшін балмұздақ, тәтті, кәмпит, пішнәлар барлық қазынадан қымбат көрінеді. Аптасына балмұздақты бір,екі рет қана жейміз. Балмұздақ апа күн сайын арбасын ары-бері сүйретіп өткенде ізінен көз алмай отырамыз. Кей-кезде қорадан, шөп арасынан, ағаштардың бұрыш-бұрышынан жұмыртқа іздейміз. Таппасақ көрші үйлердің жұмыртқаларын жымқырамыз. Жұмыртқа өткізіп орнына балмұздақ аламыз. Мен Сырымға қарап:

-          Ақшамыз біткен соң, баю үшін тағы да бір рет кестірер едім. Жазылған соң кестірейік, - дедім.

-          Кестіре берсең, нең қалады? Былшылдама, - деп, тыйып тастады.

    Көшенің бас жағынан Балмұздақ апаның ашық даусы жер жаңғырта естілді: «Мәрөжни аламыз, мәрөжни». Мен кей-кезде армандаймын: «Балмұздақ апа менің екінші әжем болса ғой, күнде мәрөжниге қарық болар едім». Балмұздақ апаның алдына Сырым екеуміз жүгіріп шықтық. Балмұздақ апа бізге күле қарап:

-          Ой, айналайындарым! Үлкен жігіт болыпсыңдар, құтты болсын! – деп, біздің

маңдайымыздан сипады. – Балмұздақ жейсіңдер ма? – деп еді. Мен:

-          Әлбетте апа, - дедім де, қолымдағы салафандағы тиын-тебеннің бәрін ұсынып, - осының бәріне балмұздақ беріңізші, - дедім. Апа күліп жеберді.

-          Балам-ау, оның бәрін қайтпексің?

-          Өзім жеймін.

-          Қой, тамағың ауырады. Одангөрі бір, екеу алыңдар. Арғы күні келгенімде

тағы да аларсыңдар, - деді. Амал жоқ, Сырым екеумізге бір-бірден артық балмұздақ бермеді. Біз осығанда мәзбіз.

      Мен бір күні атама келіп «Сырым, Екон, Пәшен достарымның рәгаткасы бар, менікі жоқ» деп байбалалам салып едім, атам ағаштың бұтағынан шауып әдемі рәгаткі жасап берді. Мен атама не айтсамда, ол менің көңілімді қалдырған емес. Менің атам өзі қап-қара өңді болғанымен, жүрегі аппақ жан. Басынан көк тақия түскен емес, дәл сондай тақия менде де бар. Сары апам екеумізге өлшеп тігіп берген еді. Атам атақты тракторист. Алайда, киінгенін, сөйлегенін көрсең «әкім шығар» деп қаласың. Сары апам екеуі қыдырса немесе бір жаққа шықса, үстіне иіс суды құйып алады. Әйтсе де, атамның өмір қиындығын аз шекпегенін жүзіндегі бейнеттің табы сіңген тарам-тарам әжімдерінен-ақ білуге болады. Жүзіндегі қатпар-қатпар әжімдер су ағатын арық секілді. Маңдайдан аққан еңбек тері әжім арығын бірде бір рет қаңсытқан емес. Сондағы осынау шимай, қатпар әжімдерімен кімді суғарды десең, отбасын, елін суғарып келеді екен. Мен әрине есейгенде ғана бұны ұқтым. Қара шалдың қолынан трактор майының исі мүңкіп тұрады. Құшағына тығылсаң көкірегінен жусан исі аңқиды. Өзі не шаршамайды. Тырбаңдап ананы-мынаны істеп жүре береді. Атам кей-кезде бала секілді менімен ойнайды, күледі, керек десең ат, ешек болады. Кей-кезде «осы атам есеймей сол бала қалпында қалып қойған шығар» деп ойлаймын. Екі езуінен күлкі кетпейді. Сап-сары тістері көрінсе адамға қуаныш сыйлайды. Айлығын алса, басқа шалдармен кездессе үйге мас болып келетін жаман әдеті бар. Бірақ, мен сондай кезде қуанатынмын, ал сары апам керісінше ашуланатын. Қуанатын себебім атам мас боп келсе маған неше-түрлі дәмді бөлішке, шырын әкеледі. Айтқанымды істеп менімен асық ойнайды. Қалтасынан алып ақша береді. Бірақ бір жақпайтыны бетімнен шөлпілдетіп сүйе береді. Сүйгені былай тұрсын аузынан шыққан иістен тұншығып кете жаздайсың.

       Мен рәгаткіме мәз болып енді, достарыма мақтану ретін іздеп жүр едім. «Кімді айтсаң, сол келеді» демекші, үйіме қарай үш достарым құлдилап келеді. Мен олардың алдынан шықтым. Пәшен алыстан қолымдағыны байқап қалып:

-          О, Саршал рәгаткіңді берші, көрейін, - деді. Алыстан көк көзі көріп

қойғанына таңқалмаймын. Өйткені оның көзі қырағы еді. Олар жақындаған кезде, мен қолымдағыны созып:

-          Мінеки, көріңдер, атам жасап берді, - дедім. Олар:

-          Мәәәә, әдемі екен! – деп, бірінен-бірі алып, тас салып атып көріп жатыр.

Олар да мойындарына рагаткілерін іліп алыпты. Мен оларға қарап:

-          Енді, төртеумізде де рагаткі бар. Жүріңдер, торғай атайық дедім. Олар бірден

келісе кетті. Рагаткінің резеңкесіне кішкентай тастың ірілеуін салдым да талдың төбесіндегі торғайды атып қалдым. Тимей өтті. Төртеуміз байқұс құстарды атып жатырмыз тигізетін түрі жоқ. Амал жоқтан бөтелкені теріп, соны аттық. Бірде тигізсек, енді,бірде мүлт кетеміз. Одан соң асық ойнауға көштік. Олар асықты менімен көп ойнай бермейтін. Асық ойнасам арқаланып кететінмін. Өзімнің қорғасын құйылған сақам бар, сонымды аламында ұта беретінмін. Менің осы бір сақамды көп балалар сатып алғысы келді. Біреулер он тіпті жиырма асыққа дейін ұсынды. Мен айырбастамадым. Осы сақаммен ұтқан бір дорба асығым бар. Достарым жеңіле берген соң ызаланып кетіп қалды. Бұл біздің кей-кездегі әдетіміз. Мен «тығылмашақ ойнайық» десем де, көнбеген соң: «Ойнай алмасаңдар менің кінәм ба? Кете беріңдер» дедім. Ерегескенде асықтарымды тізіп қойып жалғыздан-жалғыз ойнай бердім. Көшеге қарасам көшенің бел ортасында атам тәлтіректеп келе жатыр. «Бүгін айлық түскен ғой» деп ойладым. Біресе оңға, біресе солға қисаяды. Сол баяу жүрісімен үйге де жақындап қалды. Қолында пакет, маған алып келе жатқан базарлығы шығар. Асықтарымды тастай салып «атааа» деп жүгіре жөнелдім. Атам «Ау құлыным, ботам, бұзығым» деп кең құшағын айқара ашып келеді. Жүгіріп барып ыстық құшағына кіре кеттім. Мені көтеріп алып беті, мені мұрнымнан сүйіп жатыр. Арақтың исінен беті, аузымды тыжырайтып алдым. Екеуміз бірге шайқалып келеміз. Атам алға бір, артқа бір, құлайын деп қайта түзеледі. Мені атам «құлатып алады-ау» деп қорықпаймын. Атама сенемін.

-          Ата асық ойнайықшы, - дедім.

-          Ойнасақ ойнайық, - деді. Мен атамды әлгі асықтарым қалған жерге ертіп

әкелдім. Екеуміз асық ойнадық. Мен атама таңқалдым өзі қисалаңдап әзер тұрса да асықты дәл көздейді. Екеуміз ойынға қыза кірістік. Атам «міне, балам былай атады» деп, асықты тоңқалаң асырады. Асық ойнап жатқанымызды апам көріп «О, алқаш, бар болғыр келдің бе!? Әй, Нүкәбай бар атаңды жатқыз» деді. Үйге қарай атамды сүйреп, түкпір тамға кіргізіп едім, атам едендегі кілемге жата кетті. «Көрпеге жат» десем тыңдамайды. Атамды көтеріп алатындай күшім жоқ. Есейгенде көтеріп төсекке жатқызармын. Ал әзірше төсектен жастықты алып басына жастадым. Жамылғыны үстіне жаптым. Басы қалай жастыққа тиді, солай өзінің тракторы секілді гүрілдеп қорылдай бастады. Далаға шықсам сары әжем әлі бұлданып жүр екен. Маған қарап «балам-ау осы атаң қашан арақты қояды» деді. Тосыннан келген сұраққа жауап болсын деп «күзде» дей салдым. Апам маған күліп қарады. «Айтақаның келсін балам. Баланың тілегі қабыл болады. Періштелердің құлағына шалынсын құлыным. Жүре ғой ауқат ішеміз» деді. Қамбаның сол жақ бетіндегі тапшанға келіп отырдым. Дөңгелек дастарханға қарадым. Әжем әдеттегідей кеспе көже пісіріпті. Әжемнің осы көжесіне жетер, жер бетінде көже жоқ шығар. Жананыма етті толтырып салған. Тамағымды тауысқан соң әжем шекемнен сүйді, еркелетті «апасының кімі екен, құдай бере салған балапан» деп қояды. Мен де еркелей бердім.

                                             

                                                 ІІІ

 

         Ауылдың төмен жағына жетіп те қалдым. Бақыттымын. Әнеу қараң-құраң үйлердің арасынан менің балалық шағымның бал күндері қалған ескі үйім менмұндалап тұр. Көзге оттай басылды. Кеудемдегі сағыныш, поэтикалық сезімдер өне-бойымның әрбір клеткасына жүгіріп өтті. Күннің нұрлы жүзін дымқыл мұнар басып тұр. Алатау жақтан қойшы жел айдап келе жатқан бұлт қойлар біздің аспанға төніп келеді. Уа, туған жерім, мен саған бұлт емес көкірек толы сағыныш әкелдім. Жазғырма мені. Мен сенің әз төсіңнен шер кеудемді емдемекпін. Құшағыңды аш далам. Сенің қойныңда менің іздерім бар. Аспаныңда қиялым бар. Құстарыңда арманым, гүлдерің де жырым, топырағыңда кіндігім бар. Самал танауыңмен маңдайымды иіске, күн ерніңмен шекемді сүй. Кең даламда «келші, балам» деп құшағын аша түскендей. Мен  де сорап жолдың шетіндегі көгалға аунай кеттім. Қалалық киімдерімнің кір болғанын байқадым. Ештеме етпес, мені топырақ былғамайды, мен топырақты былғамасам болғаны. Сол балалық шағымдай аспанға қарадым. Сол кездегі көк аспан қазір тұнжырап тұр. Жердің қоңыр шаштары қолымды, тамағымды қытықтайды. Мені еркелеткендей. Бұл даламның құстары көрінбейді. Жылы жаққа кеткен-ау... Үндістанға кеткен шығар. Бірақ, жер бетінде осы атыраптан асқан жылы жер бар ма екен? Мені көрсе құстарым таныр ма екен?! Таниды, танымағанда ше! Әсіресе менің көзімді таниды. Неге десең олардың қанатынан көз алмаған жанарымды олар біледі. Жерден бойыма сыз өткендей болды. Тоңа бастадым. Жоқ, жоқ, бұл сыз емес, бұл –жылу, от, нұр. Біз адамдар солай ойлаймыз. Тәнім рас, тоңып жатыр, ал жүрегім жып жылы көрпеде жатқандай... Сенің от кеудеңнен айналдым ана жер.

       Мен үйге кіріп келдім. Менің қара шалым мен сары кемпірім пеш түбінде қоңыр ала сол баяғы доңғалақ тастарханда шәй ішіп отыр. Бәрі де бұрынғыдай... Мен олардың ойға толы жанарынан сәл ұшқыны бар мұң көрдім. Мені көргенде бақыттан басы айналғандай далақтап қалды. Мен сол бала кезімдегідей жүгіріп барып атамның мойнына секіре жаздап дер кезінде тоқтадым. Өзімнің есейгенімді, атамның еңкейген бойынан байқадым. Әйтпесе, бой өсті демесең баладан еш жерім кем емес. Мен қуаты таусылған телефон секілді едім. Атам мен әжемнің мейірімге толы құшақтарынан ұзақ уақыт бойыма, жүрегіме, санама қуат алдым. Атамның жусан, адыраспан, шөп аңқыған кеудешесіне, апамның түтін мүңкіген орамалына жер бетінде жетер жұпар жоқ шығар... Кез-келген француздың әтірі салыстырсам қи сасып қалары маған мәлім. Әжем алып-ұшып самаурынды қайта қойып, қазанға ет салды. Бәрі де баяғыша. Баяғыдай үй, баяғы пеш, баяғы дастархан, баяғы шал мен кемпір. Сол баяғы терезе тек уақыт басқа... О, менің жомарт көңіл, ақ пейіл, құс жүрек кеуанам мен қариям. Мен сендерді ылғида Алматының бұлтынан бейнелеріңді көремін. Шаһардың шал, кемпірлерін көрсем, сендерді көргендей көңілім ғажап күйге енеді. Жер бетінде сендердің құшақтарыңның саясындай тыныш та, тымық жер жоқ шығар...

        Ет жеп, шәй іштік. Бой жылынып маужырай бастадым. Атам қаладағы жұмысымды, үйімді сұрады. Қалжыңдап «әжеңе келін керек, анау қара дәу Бика ағаң үйленетін ниеті жоқ» деді. «Алматының апортындай алма жүзді, ибалы бір келін әкел» деп қояды. Менің махаббатым осы ауылда қалғанын атам біле бермейді.  Мен де қалжыңға қалжың жауап болсын деп: «қаласаңыздар екеу әкелемін» деп қалдым. Ата, әжем «ааа» деп таңырқай қарады. «біреуін көкеме» деп едім бір күлісіп алдық. Менің Алматы, жұмыс жайында әңгіме қозғағым келмеді. Ата мен әжемнің күн қақтаған жүздеріне қарап отыра бергім келді. Кейде өмірде бір нәрсеге қарап жалықпай отыра беруге де болады екен-ау! Аспанға қарап тұра бергенді ұнатамын. Аспан қаншама бұлттардың жолы, жұлдыздардың терезесі. Қаншама ғасыр, эролардың келбеттері айна жүзіне жасырынған. Ал, атам мен әжемнің жүзіне қарасаң бірі алпыс жеті, бірі жетпіс жылдық сағыныш, мұң, бейнет, бақыт, уайым секілді түрлі сезімдерді өткерген мынау қатпарлы әжім дидарлары. Күллі ғұмырын осы қушық маңдайына жинап қойғандай. Шекелерінде асты-астына тізілген ұзын-қысқа сызықтар. Ғұмырының бір шумақ өлеңі жазылғандай. Соларды оқи бергің келеді. Мәнісін түсініп, тереңіне бойлағың келеді. Сендерге қарыздармын ғой қарияларым. Үміттеріңді қалайда ақтаймын. Естеріңде ме, мен сендерді «өскенде бағамын» деуші едім. Сендер «қалай бағасың?» дейсіңдер. Мен сонда «бір арба шөп беріп бағамын» деуші едім. Сендер ішек-сілелерің қата күлуші едіңдер.

         Шәй сораптап әңгіме қыза бастағанда төбеміздегі аспашам сөнді. Үй тас қараңғы болды да қалды. Атам «бірдеңе күйді немесе біреу моторын қосты» деді. Апам ауыз тамға кіріп бір майшам алып келді. Сіріңкемен тұтатты. Маған таныс майшам. Бала кезден бергі әдетім үйдегі шамның жарығы сөнсе мен қуанамын. Себебі осы майшамды жағатын. Осынау майшамның магниті бар секілді айналасына адамдардың бәрін тартып алады. Өзі ортада уағыз айтып отырған молда секілді бәріміз айналасына үймелеп алушы едік. Бір-бірімізді түсініп, өткен-кеткенді айтып әңгіме ішіне енетінбіз. Әсіресе маған ұнайтын әңгімелердің бірі атамның әжемді алып қашуы. Осы әңгімесін немерелер боп атаға айтқыза беруші едік. Қара шал да айтудан жалықпай «ол кезде атаң сері еді» деп бастайтын. «Апаң мені көрген де талып қалатын» десе апам, «ойпырмай, бөсуін қарашы» деп күлетін. Атам әңгімесін қыздыра «қара галошты киіп ап, жақсылап қара маймен майлап, шашты артқа қайырып, көк қасқаны мініп ап, апаңа Қостағанға шіреніп барушы едім» деп әзілдейтін.

      Майшам біздің жүрегімізді өзінің әлсіз сәулесімен жылытатын. Дәл сол баяғы майшам. Жанып тұрған отының айналасынан сәулелер шашырап ұшып бара жатты. Мен балалық шағымның әлеміне қайта оралдым...

 

                                                     IV

       ... Менің дәу ағамның үш қызы бар. Олар әлгі сатқын Нәдок, шын атым Нәдира және Нәкош, шын есімі Назира. Үшіншісі сары Иван, аты Ұлбира, ол бидай өңді орысқа ұқсайды. Нәдок арамыздағы ең үлкені. Өзі пысық, әрі сөзуар. Ал менен кіші қарындастарым Нәкош пен Сариван. Нәкош еркекшора, төбелескенді жақсы көреді. Сариван момын, сен тимесең мен тиме. Осы бауырларыммен күніне жүз қырылып, жүз татуласамыз. Солар сосын мен және үш досым бәріміз фудбол ойнаймыз. Біз ойнайтын алаң көбіне соқпақ жол мен біздің үй ортасындағы Мұқаш атаның талының маңында. Біз сол бір дәу қара ағашты солай атап кеткенбіз. Мұқаш біздің дәу атамыз. Яғни, атамыздың әкесі. Мен ол кісіні көрген емеспін. Мен туылардан бір жыл бұрын бақиға аттаныпты. Өзі кетсе де қара талды, қара тамды және менің атам қара шалды қалдырыпты. Атамнан естуімше Мұқаш атамның ғұмыры оңай болмаған көрінеді. Өмір бойы әділдік үшін күресіп өткен деседі. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып одан соң қалған ғұмырын халқына еңбек етуге арнапты. Мұқаш ата өте момын һәм мейірімді жан болған екен. Оның ұзын қара сақал, мұрты бар екен. Түскен суретін көрдім. Бойы ұзын, қабағы қатулы әйтсе де жанарындағы жылуды жасыра алмапты. Қара шал да дәу атама тартқан екен.  Екеуінің де түн түстес келбеті бар. Суретте ұзын шапан жамылыпты, аяғына қара пима киіпті. Қолында ұзын таяғы бар. Ол таяқ менің аянышымды оятты. Осы шал, кемпірлердің неге белдері бүкірейіп, сосын қолдарынан таяқ түспейді. Менің атам мен әжем әлі бүкірейе қойған жоқ. Егер де шау тартып бүкірейе қалса таяқ ұстатпаймын. Өзім екеуінің ортасына тұрып аламын да таяқ орнына сүйеу боламын. 

        «Мұқаш ата талын» біз сол дәу атамыздың көзіндей көретінбіз. Дәу атам бұл ағашты жас кезінде ексе керек, қазір ағашта қартайған қурап барады. Бірақ, сынатын ниеті жоқ. Әжем шыж-быж боп бізге ұрысады: «мінбеңдер ол ағашқа, бір күн болмаса, бір күні құлайсыңдар» деп ағашқа жолатпауға тырысады. Бізге қызықтың көкесі сол жерде. Саясында жүгіріп, секіріп ойнаймыз. Көлеңкесінде күресеміз. Талдың басына шығып алып ауылды биіктен қараймыз. Ең биігіне шығып алатынмын. Сондағы ұстап тұратыным саусақтай ғана шыбық. «Құлап қаламын-ау» деген қорықыныш болсашы. Қайта ұшып кетердей әзер тұрамын.

        Мұқаш атаның талы өзі дәу қара ағаш. Тамыры жер үстіне дейін шығып кеткен. Кең алаңдағы бір дөңбешіктің үстінде аспанға қолын созып тұр. Қартайғанына қарамастан «әлі де өсемін, биіктеймін» дейтін секілді. Қара ағаштың бел ортасы бүкірейген шал секілді еңкейіп тұр. Сонысы бізге шыққанға ыңғайлы. Мұқаш атаның талы Мұқаш атаның өзіндей. Қолдағы білек секілді бұтақтары жуан. Шыбықтары бес саусағындай жан-жаққа шашырап тұр. Ағаш басында шаш секілді жапырақтарды жел әлсін-әлсін тербейді. Мұқаш атаның талын қартайды демесең көктем сайын жасара түседі. Бұл ағашты ауылдың қай бұрышынан қарасаң да көрінеді. Кейде әжеммен базардан келе жатсаң қара үйден бұрын көзіңе ілінетіні осы қара ағаш. Мұқаш атамның өзі алдымыздан шығып «айналайындар, келіңдер»  деп құшағын ашып тұрғандай. Бүкірейген белі таяныш іздегендей. Бәлкім, сүйеніш болар маңынан жас терек іздейді ме екен?! Мен осынау қара ағаштың үстіне шығып алып тақпақ оқығанды жақсы көремін. Атам маған көп тақпақтар үйреткен. Атам қонақ келсе болды маған тақпақ, өлең оқытатын. Мені қонақтар мақтап, көрімдік берген сайын мен арқалана түсетінмін. Мен теледидардан Шаханов деген ақынды көріп қызықтым, еліктедім. Тақпағымды ұмытып қалсам ұйқассын, ұйқаспасын сөз қосып оқып жалғастыра беретінмін. Қонақтар ішек-сілесі қата күлетін.

       Мұқаш атаның талы күн сайын кешкі іңірде менің тақпақтарымды тыңдайды. Жоқ жаттынды емес кәдімгі өзім шығарған. Тақпақ деп айтсам ұят болар әңгіме десем дұрыс шығар. Қара ағаш  мен тақпақ оқысам, ән айтсам жапырақтарымен қошеметтегендей сыбдыр-сыбдыр ететін. Мұқаш атаның талы кей-кезде жылап та алатын. Қос бұтағы айырылысқан мүйісінде шайыр бар. Содан сары су ағатын. Сол дәу атамның жанарындай жылап тұратын. Ондай кезде мен ағашқа мінбей қоятынмын және достарымды да мінгізбейтінмін. Кей-кезде ашық-жарқын күндердің бірінде қара ағаш «кел, арқама отыр, мойныма мін» деп шақырып тұрғандай болады. Мен ондай күндері ұшындағы бұтаққа отырып аламын. Мұқаш атамның нақ өзі мойнына мінгестіріп алып мені биіктен көргісі келген шығар. Кейде ойлаймын адамдардың бәрі өлген соң ағашқа айналып кетер деп. Бәріміз өз үйіміздің жанындағы ағаштар шығармыз. Мұқаш атаның ағашының басында ән, ертегі айтамын, тақпақ оқимын. Төбесі менің сахнам секілді. Ағаштың әр тал бұтағындағы жапырақтар, құстар және жердегі гүлдер, шөптер менің көрмендерім. Олар мені түсінеді һәм тыңдайды.

         Қара ағаштың төбесінен маған Тараз, Алматы шаһарлары анық көрінеді. Әне, менің анашым Тараздағы бес қабатты үйдің үшінші қабатындағы терезесінде қолына құмған ұстап, құмырадағы гүлдерді суғарып жүр. О, менің қатал әрі ұрысқақ болса да жанымдай жақсы көретін ана жаным. Сізді сағындым...

         Бүгін мені әжем таң азанмен оятып алды. «Үй әктейміз, еден жуамыз, жұмыс көп. Тұр, жабыса бермей. Қорадағы қойларды қой кезекке шығарайық. Сосын ары айдап жібер, Сәрсенбай өзі айдап алады ары қарата. Сөйтте, Айман жишеңнен үй әктейтін шөткі алып кел» деп әжем күні бойғы жұмыстарымды бір демде тізіп шықты. Мен керіліп, созіліп далаға шықтым. Таңғы салқын лептің сұп-суық саусағы ашық денемнен шымшып алды. Төсекпен қимай қоштастым. Үстіме кеудешемді жамыла сап мал қораға аяңдадым. Әжем қой қораның есігін аша алмай әлек болып тұр. Бірдеңе деп қарғап-сілеп ұрсып қояды. Жақынырақ барып қарасам есіктің жібін біреу шимайлап байлап тастапты. Әжем сонымен әбігер екен. «Қараң өшкір, қай пәле мынаны тас қып түйіп тастаған. Байласам болды дей ме, өй өңшең жүгермектер» деп ашуын ақтарып жатыр. Қандай әже, келін, жеңге көрсем де, әйтеуір сөлемей жүре алмайды. Таң атысы, күн батысы екі жақтары тынбайды. Тіпті кей ағаларымнан естуімше кей келіншектер түстерінде де ұрысады екен. Дегенмен, мына есікті байлаған Бика ағам екенін мен жақсы білемін. Кеше мал жайғастырып жүргенін де Бахалөк досы шарбақ жақтан ысқырып ағамды шақырған. Ағам:

-          Е, не болды? – деп еді. Бахалөк:

-          Бүгін Ереманың үйінде вечыр. Тез бол, осында күтемін. – деді. Бика ағам

қойлардың жемін тез-тез төге сап, қой қораның аузын шимақтап байлай салды. Көзді ашып жұмғанша філәктағы суды үсті-басына құя салды. Басын жуып жатып «Саршал ормал әкел» деді. Зытып барып үйден орамал алып шықтым. Басын сүрткен соң сәнді киімін киді. Иіс суын сеппеді, соған шомылады. Иіс суын қолына алып басына,қолтығына, кеудесіне, екі аяғына септі. Қасында тұра алмай артқа шегіндім. Ауаны тәтті де болса жағымсыз иіс меңдеп кетті. Бика ағамның өз исі мен әтір исі қосылғанда мүлдем басқаша иіс мүңкіді. Ол сондай иіс еріксіз түшкіресің.

      Ағамның сол қылықтарын әжемнің қасында тұрып есіме алдым.

-          Әкел, әже мен шешейін, - дедім.

-          Мә, шеште қойларды шығара бер. Сөйтте жишеңе барып щетканы алып кел,

мен сүт пісіре берейін деді. Мен жіпті ары-бері бұрадым. Шешілетін түрі жоқ. Күрек тісім мен түйін болған жерлерін босатып алдым да жіпті ажыраттым-ау әйтеуір. Қойлар маңырағанда базарда жүргендей күй кешесің. Есікті көтеріп әрең аштым. Кішкентай бойым есіктің қақ ортасынан келеді. Қолыма шыбық алып басқа жамыраған қойларға қарай айдай жөнелдім. Қойларды қой кезекке қосқан соң ары қарай Айман жеңгемнің үйіне келдім. Шарбықтың есігін ашып үйге кіре беріп едім алдымнан Бобик жүгіріп шықты. Өзі кішкентай кәндек ит. Аяғымда олай да, бұлай да оралып жүргізбеді. «Ей, кет» десем де кетер ниеті жоқ. Тілі салақтап, көздері жәутеңдеп қарайды. Бірдеңе дәмететін секілді. Шортигімнің сол қалтасына қолымды салдым. Ұмытсам керек тесік екен. Оң қалтама қолымды тықсам, кешегі тістелген тоқаштың жартысы тұр екен, бір тістедімде «кучук, кучук» деп Бобикке бердім. Бобик қуанып кетіп, құйрығын бұлғаңдатып билей бастады. Жеп болған соң тағы «бар ма?» дегендей аяғыма оратыла берді. «Мен де басқа жоқ, кетші е, ары» деп, үйге қарай адымдай бердім. Есіктің алдына келіп «Жише, жише-е-е» деп айқайлай бастадым. Терезеден бұзық Нәкөштің бірінші мұрыны көрінді. Атам оның мұрнын өзіме тартқан дейді. Терезеге мұрын, шекесін тақап маған қарап тұр. Дәу мұрыны әйнекке мыжылып одан бетер үлкейіп кетті. Доп-домалақ мұрнының екі тесігі үлкен үңгір секілді. Сол үңгірдің ішіндегі қатпар тастар көзге бұрын түседі. Ар жағынан Сариван «кім ол» дегендей мойнын соза қарайды. Нәкөш бірдеңе деп айқайлап жатыр. Даусы терезенің әйнегіне ұрылып өзіне қайта қайтады. Маған тек жыбырлаған аузы көрініп тұр. Еркекшора мені боқтап тұрған сыңайлы. Жердегі тастардың бірін алып лақтырардай боп қолымды тез арада көтеріп қалып едім екеуінің басы терезеден көрінбейді. Алба-жұлба шаштары жақтаудың шетінде жалбырап тұр. Сосын үйдің есігі ашылды да «пысық» Нәдөк есіктен басын шығарып «Е, Саршал мамам қора жақта. Әкем келсін сені терезеге тас лақтырды деп айтып беремін» деді де, есікті гүрс жапты. «Ой, қыршаңқы әкең түгіл бүкіл ауылға айтсаңда маған бәрібір» дедім.  Қора жақа жүгіріп бардым. Жеңгем сиырын сауып болып қолында сүт толы бақыры бар бері қарай келеді. Ұзын қызыл халат киген. Басында гүлдің суреті бар алқызыл орамал. Жеңгемнің өзі де гүл оранған гүл ғой. Дәу ағам неткен бақытты, осындай келіншегі бар. Осы жеңгемнің мінезі жібек қой, шіркін! Маған жымиып «Нүкәнтай, қалай жағдай» деді де қолын халатының қалтасына салып еді қос көзім жайнап кетті. Қасымнан зу етіп Бобик өтті де енді жеңгемнің аяғына оратылды. Мен ішімнен «о, ынсапсыз, бұндайыңды білгенде әлгі тоқашымды өзім жейтін едім. Менің нәпақама таласып несі бар-ей» деп ойладым. Жишем Бобикқа мән де бермей екі дана барбаристі қолыма ұстатты. Мен қуанғанымнан алғыс айту есімнен шығып кетіпті. Біреуін қалтама салып, біреуін ашып аузыма салып алдым. Қағазын Бобикке «мә» деп лақтырып жібердім. Жеңгем «Нүкәнтай қоқысты жерге тастамайды, пешке тастай ғой. Ұят болады» деді. Басқа біреу айтса әсер етпеген, талай естіген бұл сөзден жүзім, құлағым ұяттан өртенеді деп ойламаппын. Бірден жердегі қағазды алып қалтама салып қойдым. Содан бері жер анамның құшағына қоқыс тастаған емеспін. Жишем:

-          Жүр үйге шәй ішеміз. Қыздар да тұрған болар. Сен кіре бер, мен қазанға

сүтті құйып барамын, - деді. Не үшін келгенімді енді есіме түсіріп:

-          Әжем «шөткі алып кел» деп жіберген сосын «тез кел» деді. – дедім.

-          Қазір, - деп, шатырдың астындағы жуан ағашқа қыстырылған шөткені алып берді. Соңынан, - апаңа сәлем айт, - деді. 

-          Жарайды, - дедім де үйге қарай зыта жөнелдім. Осы жеңешемнің даусы да,

өзі де не деген нәзік еді десеңші. Ол сөйлесе сөйлемейді, ән айтып жатқандай үні – музыка. Біздің ауылда, жоқ жер бетінде менің жеңгеме жетер жеңге бар ма, шіркін!?   

       Ауыл бұзықтары тағы да Мұқаш атаның талының саясына жиналдық. Үйдегілер «талға шықпаңдар» деп ұрысса да тыңдар біз жоқпыз. Тағы да «Әй, жүгермектер қураған ағашта нелерің бар? Бұтағы сынып кетіп жазым боп жүрсеңдер» деп кемпірлер зарқақсайды. Ал біз үшін талдың сынуы бос сөз көрінетін. Мен талдың басына шығып-ап аспанға қарағанды ұнатамын. Неше түрлі бұлттарды көремін. Біреуі кеме, біреуі қой, енді бірі шешеме ұқсайды. Неше түрлі әдемі құстар Мұқаш атамның талының бұтақтарына келіп қонады. Өз тілдерінде сөйлеседі. Олар мені ұшуға үйрететін шығар деп қасына жете берсем көкке ұшып кетеді. Ызақор әдетім бар еді. Ұшқанның көкесі олай емес, былай болады деп, мен де қалың бір бұтаққа қос қолымды жайып қайта-қайта сермеп секіре бердім. Ұшып кетермін деп ойлағам. Кірпік қаққанша болған жоқ бірдеңенің «ғырт» еткен даусын естідім. Өзімнің не құлап, не ұшып бара жатқанымды түсіндім. Есімді жисам үйде жатыр екенмін. Қарасам сол қолым гипс, оң аяғым гипс. Бет аузым ісіп тұрғандай, біртүрлі ауырад. Орнымнан әзер тұрып далаға шықтым. Қарасам кешкі іңір түсіпті. Батыста күн кесесінен қып-қызыл қою шәй төгілгендей айнала қызғылт күрең. Екіншіден маңырап қой келеді. Үйдегілер кешкі қарбаласта ананы-мынаны істеп жүр. Қол аяғымның сынғанына қарамастан Мұқаш атаның талына баруға бел байладым. Мүмкін, достарым сонда жүрген шығар. Ақсаңдап шарбаққа жете беріп едім, шитаның ара-арасынан Мұқаш ата талының қарасы көрінбейді. Аяғымды тез-тез басып шитаны ашып едім алғашқы ойым, үрейім рас боп шықты. Тек діңгегі ғана жотадағы мола секілді жалғыз қалыпты... Содан шыбықтар өсіп бүр күні Мұқаш атаның талы оралар... Қандай жағдай болмасын жылауды намыс көретін әдетім. Бұл жолы жыламауға қанша бекінсемде жанарымнан күміс моншақтар төгіліп кетті. Мұқаш атамның өмірден өткенін сонда ғана сезіндім. Үлкендерге деген өкпем уақыт өте келе басылып қалды. Баяғыда қара ағашқа бейуақта күрең нұрлар жапырақтарға сырға болып ілініп қалушы еді. Енді сырғалар үзіліп, құстар қонарға бұта, адамдар көлеңке таппай жүргендей. Мұқаш ата талының қалың құшағы бізді саясында жылытушы еді, енді отыны қыста үйімізді жылытатын болды.  Әттең, оралмасқа кеткен Мұқаш ата...

      

                                                     V

 

     6 жастамын. Дұрыс пен бұрысты толық ажырата алмасамда кей заттарды бала жүрегіммен жеккөретінмін. Мен үшін жер бетінде жаман адам жоқтай көрінетін. Себебі, айналамды қоршаған мейірімді, сыпайы, қамқор адамдар. Олардың кей дұрыс емес қылықтары дұрыс көрінетін. Мен үлкендерді кейде түсінбеймін. Олар бізге – балаларға жаман нәрсеге жоламаңдар деп айтады да, бірақ өздері соны істейді. Жақсы көрген адамзаттың ішінен бір адамды жеккөріп кеттім. Ол Жұмабай ата. Мен оны «Құдеке» деп атаймын. Біздің үйге қарама-қарсы көшеде тұрады. Олардың алма бақтары ауылдағы ең үлкен алма бақ. Алмасы алма емес – бал. Жесең құмарың қанбай жей бергің келеді. Бір күн үш досыммен бірге шитасынан секіріп бергі алма ағашының басына шығып-ап қалтамызды толтыра алма ұрладық. Ұрлығымызды білдірмеуге қанша тырыссақта бізді байқап қалса керек, есіктің тарс-гүрс етіп жабылған ашулы дыбысы шықты. Біреудің боқтаған зілді дауысы үрейіңді алады. Мен «ойбай, Құдекең келе жатыр, қаштық» дедім. Бәріміз ағаштан секіріп түстік. Қалтамызға, фудболкамыздың етегіне алма толтырып алғанбыз. Жүгірген сайын жерге төгіле берді. Шарбақтың тізбектелген ағаштарының арасы қысқа болатын. Тек бір жерінің ағашы сынған. Сол жерден кіріп шығамыз. Алма ұрлағанға ыңғайлы еді. Төртеуіміз асығыста сол бір жерге таласып қалдық. Бүйтіп тұрғанда Құдекең бәрімізді ұстап алар дедім де арасы аса алшақ емес бірақ өтуге болатын шитаға денемді сұға бердім. Құдекең жақындап келеді. Қолдағы шыбығымен достарыма қарай бара жатыр. Мен шитаның екі таяғының ортасынан кеудем қысылып, ауа тарылып денемді әзер өткіздім. Қарасам достарым қашып үлгеріпті. Құдекең шырт түкіріп боқтап алды. Енді маған қарай келе жатты. Мен бәрібір ұстатпайтыныма сенімді едім. Бұл шалың менің артымнан қуып көшеге жетем дегенше жарты күн өтер. Шитадан басымды шығару ғана қалды. О, тоба! Басымды шығарайын деп ары тарттым, бері тарттым шығатын емес. Біттім деген осы екен. Басым мұншалықты дәу екенін бұрын соңды білмеппін. Құдекең келіп құлағымнан шап беріп ұстап алды.

-          Қазанбас, ұсталдың ба, шық бері, - деді, жаны кіре құлағымнан бұрап.

-          Құдеке, Құдеке жіберші құлағым, - дедім, шыққан денемді қайта кіргізіп.

-          Шық бері, сендерге алма ұрлаған қандай болатынын көрсетейін.

-          Енді, ұрламаймын, жіберші, - дедім өтірік жыламсырап. Жаны ашып

босатама десем, жоқ атама, қолындағы көк шыбықпен құйрығымнан осып-осып жіберді. Өмірімде осыншалықты құйрығым ашымаған шығар. Бұл шалдың сараңдығына таңғалдым. Насыбай жеген сап-сары тістерінен ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр.

-          Боқмұрындар сендердің алма ұрлап жүргендеріңді білмей жүр деп

ойлайсыңдар ма? Әлде мені алжыған дейсіңдер ма? Енді көрейін әкулеріңді кесем, достарыңа айтып бар, - деді де босатып жіберді. Мен ызадан жарылардай бақшасынан шықтым. Ол ұстай алмайтындай жерге барып Құдекеге қарадым. Жердегі біздің қалтамыздан түскен алмаларды теріп жүр.

-          Құдеке, - деп айқайладым.

-          Мына бәле әлі кетпеген ба?

-          Біздің үйге келме. Мен сенімен енді құда болмаймын, - дедім де бұрылып

кеттім.

      Тараздан анам келе жатқанын естідім. Анам келсе ойыншыққа қарық болып қаламын. Анам неше түрлі көлік, доп, альбомдар алып келеді. Анамды жақсы көріп тұрсам да оған еркелеуді,  бетімнен сүйгізуді намыс көремін. Атам мен апамды сатқан емеспін. Қара шал мен сары кемпірдің баласы болғанмын һәм мәңгілік қала бермекпін. Бірақ анамнан бір сәуле, бір жылу тарап тұрады. Еріксіз бір магнит құшағына тартады. Анамды Нұрбол мен Бика ағаларым және мен үшеуіміз күтіп алуға бір шақырымдағы трассаға ат арбамен жолға шықтық.

       Ат арбамен анамды жол бойында күтіп тұрдық. Өтіп жатқан автобустардан, көліктерден жәутеңдеген жанарлар маған таныс адамдай қарайды. Шәй қайнатым уақыт өткенде үлкен әрі ұзын автобус келіп тоқтады. Алдыңғы шекесінде «Тараз» деген жазуы бар. Ішінен дәу бір сөмкесі бар дәу әйел түсті. Түндей қап-қара шашын жел тербетіп тұрды. Қос жанары сағынышқа, мейірімге толы. Даланың ыстық лебі «қош, келдің қызым» деп маңдайынан иіскеді. Маған анам әлемдегі ең ыстық әрі мамық құшағын ашып «балам» деді. Мен жүгіріп баруға аз қалдым да, шал мен кемпірдің баласы екенімді түсініп бөгеліп қалдым. Аман-саулықтан бұрын сыпайылықтан жұрдай болып «ботқадай болып кетіпсің ғой» демесім бар ма! Екі ағам ішек-сілесі қата күліп жіберді. Анаммен бет сүйісіп амандасып жатыр. Анам тентектігіме ашуланып қалды. Ат арбаға отырып үйге қарай келеміз. Анам құшақтайын десе де құшақтатпай шетке отырып алдым. Бір кезде анам әкелген ойыншықтарын көрсетті. Нәпсіме жақса да алмауға шыдадым. Үйге келгеннен соң әрқайсысына әкелген базарлықтарын үлестіріп жатты. Кешкі асқа отырған соң анам көз жасын сығып алды. Ата-апама қарап:

-          Қатты еркелетіп жібергенсіздер. Айтатыны былапыт, не сәлем, саулық жоқ.

Өзі дөрекі. Өскенде кім болады? Бетінен сүйейін десем, сүйгізбейді. Ұрайын десем, ұрғызбайсыздар. – деп, анам өксіп алды. Ал, мен ақымақ анам әкелген ойыншықтармен ойнап жүрдім. Анам әкелген осы жылтырақтарды мен көп болса үш, төрт күнге жеткіземін. Сынып қалады. Асық, рәгаткі, ләңгі ойнағанға жетпейді. Әсіресе қойға мінген ұнайды.               

      Таңертең ұйқыдан оянсам, терезем алтын нұрға жуынып тұр екен. Пердеден бетіме түскен шұғыла кірпігімді қытықтайды. Қаспақ қатып қалған көзімді уқалап жібердім. Сосын киініп далаға шықсам көзіме оттай басылғаны үш қарлығаш. Үшеуі бірін-бірі қуалап ұшып жүр. Қуаласпақ ойындарына мені де шақыратын секілді. Мүмкін осы үшеуі менің достарым емес пе екен?.. Ағамның дәу шлепкасын киіп ап шалп-шалп етіп пеш тамға қарай бардым. Мұржадан көтерілген түтіндер жоғарыға өрлеп барып бұлт болып қалыпты. Осынау бұлттардың барлығы ауылдағы пештерден шыққан түтіндер екенін мен ғана білетінмін. Пеш жақта жұмыс деген қызып жатыр. Апам бауырсақ пісіп, анам ет асып, Бика ағам самаурын қайнатып жатыр. Ар жақта атам ағаш жарып жүр. Үйде қолы бос мені мен мына қарлығаштар ғана екен. Аң-таң болған мен бүгін қандай мереке екенін таба алмай дағдарып қалдым. Әжем маған қарап «атаңды туған күнімен құттықтамайсың ба» деді. Мен бүгін көп қонақ келетінін, керемет дастархан жайылатынын, тәттінің көп болатынын оймен бір шолып шықтым. Қуанғанымнан «ата туған күніңмен» дедім дауыстап. Атам «рахмет балам, көп жаса» деді. Кеш батқанда дастархан молынан жайылды. Біздің үйде қонақ келсе бала-шағаны дастарханға жолатпайды. Ары-бері өтіп көзге түскен тәттілерді аңдумен боласың. Жылтыраған кәмпиттердің қағаздары мен мұндалап тұрады. Дастарханда не жоқ дейсің, бәрі бар ғой. Қонақтар неткен бақытты. «Біз қашан қонаққа барады екенбіз?» деп ойладым. Бірақ көзіме ерсі көрінетіні анау бөтелке. Соны жұрт ішсе болды масайып шыға келеді. Үлкендер соған неге құмар болды екен. Атам арақты күзде қоямын деген. Күзге бір-ақ ай қалды... Әнекей атамның достары келе жатыр. Әне мұрты үрпиіп Құдекеде келіпті. Қонақтар жайғасып күбір-күбір сөйлесіп әзілдесе бастады. Екі сағат күттім бе, күтпедім бе әйтеуір қонақтар тұрып бой жазып аула жақта әңгіме дүкен құрды. Мен дастарханға жүгіріп барып тәтті-пәтті, пішнәдан құмарым қанғанша жедім. Бір кезде стақандағы қызыл нәпитікті көрдім. Қасында ұзын бөтелке тұр. Стақанды алып ішіп қалып едім қышқыл дәм тамағыма жаға кетті. Тағы да екі стақан көтеріп жібердім. Бір кезде жер сілкініп жатқандай болды. Сөйтсем басым айналып тұр екен. Тапшан қайық секілді теңізде жүзіп келе жатқандай болды. Құсқым келіп тапшанның дәл түбіне лоқсып жібердім. Ақтөс итім көзі жәудіреп маған қарап тұр. Мені аяп тұрған болса керек не болмаса, бірдеңе жегісі кеп тұр ма екен. Қаншалықты құсқанымды білмеймін басымды көтерсем үлкендер мені қаумалап алған. Бірдеңе деп әзіл айтып, қалжыңдап маған карап күледі. Денеме батылдық бойлағандай болды. Құдекең көзіме түскені сол еді, оның мені сабағаны, құлағымды бұрағаны есіме түсіп кетті. Сол жерде тұрып Құдекені жеті атасынан боқтадым-ай кеп. Өзінің үйреткен сөзін өзіне қайтардым. Орнымнан тұрып келе жатсам Құдеке бетімнен сүймекші екен, қолын итеріп жібердім. Жүріп келемін, қайда бара жатқаным белгісіз. Бір дарбазаның алдында тұрмын қарасам Сырым досымның үйіне келіппін. Есігін ашып аулаға кірсем Сырымның әжесі Жадыра әже кір жуып отыр. Осы әже Сырым екеумізді қарғап-сілейтін, көрсе болды ұрсатын. Сырымды іздедім. Ол көрінбеген соң:

-          Еу, Жадыра, Сырым қайда? – дедім.

-          Мына шешек қайтеді-ей, - деді.

-          Еу, Жадыра өзің... – дей бергенімде құлақ шекемнен біреудің шапалағы

«шарт» етіп тиді. Маса шаққан құрлы көрмедім. Жалт қарасам анам екен. Айқайлап ұрсып үйге қарай сүйреп әкетті. Баж-баж еткен даусы жаңғырып естіледі:

-          Ит алқаш қазірден ішсең өссең кім болмақсың? – деп үйге жетектеп төр

тамға итеріп жіберіп, - жабыс, - деді.

Оянсам күннің сәулесінен сансыз тозаңдар ауада билеп жүр. Кеше не болғаны,

не істегенім есімде жоқ. Есік алдында көлеңкеде шәй ішіп отырған ата-әжем, көкем, анам маған қарап қайта-қайта күледі. Анам күлсе де ала көзімен атып тұр. Әжем «кел, шәй іш балам» деді. Аяқ астынан кешегі қылықтарым есіме түсіп кетті. Тұрған орным да қатып қалдым. Кірерге тесік таппай басымды салбыратып тұрдым. Содан бері араққа жоламастай болдым...

       Күз мезгілі... Атам арақты қойған ал, мен есейіп үлкен жігіт болдым. Бірінші сыныпқа барамын. Әжем маған пенсиясына әдемі костюм-шалбар алып берді. Соны шырттай боп киініп алдым. Өзімді әкім сезінем. Дәу көк сөмкем бар. Ішіне дәптер, қалам, өшіргіш салып алдым. Соны асынып мектепке кетіп барамыз. Қара шал мен сары кемпірдің қолынан ұстап орталарында келемін. Менің жүрегімді ерекше тебіреніс билеп кетті. Армандар көз алдымды орап алды. Көкте ұшқан құстармен бірге менің қиялдарым да самғап бара жатты. Мен үшін бәрі орындалатындай, бәрі мүмкін көрінді. Мен сендім... Мен өмірге, аспанға бәрі-бәріне ғашық болдым. Менің бәрін білгім, үйренгім келді. Тезірек есейіп анамды, ата-әжемді баққым келді. Күз мезгілі... Мен мектепке кетіп барамын. Болашаққа барамын. Мен үшін, біз үшін көктем еді. Бәрі де енді басталған еді...

       

                                                     VI

 

        Соның бәрін көз алдыма елестетіп, ғұмырымның альбомдарын парақтап шықтым. Мен мынау жалған өмірге сәби жүрегіммен еш қорықпастан күресуге, ұмтылуға аттанып кеткен едім. Ал, бүгін ше? Сол Саршал, сол бала қайда? Сол армандарым қайда? Мен неге өмір сүруден қорқамын? Мен бұл ауылға, туған жерге сонау бәленбай жыл бұрын қалдырып кеткен өзімді іздеуге келген едім. Іздегенімді таптым. Міне ауылдан үлкен шаһарға, үлкен әлемге, үлкен өмірге сол кіп-кішкене жүрегіммен күресуге кетіп барамын. Мен өзімді бала күндерім де, ең жарқын, жалын сәттерім де, қиялшыл армандар да қалдырыппын. Мен сонда екенмін ғой... Мен өзімді балалыққа тастап кетіппін... Қайран менің балалық, күнәсыз шақтарым...

      Алматы шаһары... Түн. Сансыз шашыраған жұлдыздар төбемде жымың қағады. Қалада көздің жауын алатын тағы да сансыз шырақтар. Осы шырақтардың ішіндегі бір шырақ – менің шырағым. Өшпейтін, сөнбейтін шырақ...     

 

         

                         

Қазақ тілінде жазылған