Арқыраса тарпаң күреңім
Арқыраса тарпаң күреңім,
Бал-бұл да жанар түр-өңім.
Көнеден қалған көзімсің,
Күміс көмкерген жүгенім.
Өмілдірігім де дін аман.
Өң-бойын ою құраған.
Омырау тұсы шашақбау,
Астары – қызыл шұғадан.
Көшпенді елміз көшелі.
Маңдайбақ біткен бес елі.
Құйысқаным да – құйма алтын,
Өркениетім ғой кешегі.
Жаратып мінген күлігін,
Сайыпқыран Сақтың ұлымын!
Үзеңгімен-ақ үзгенбіз,
Қарсы шапқан қасқыр жұлынын.
Тақым қажамас таралғым,
Зерленген шеті – сары алтын.
Былғары-бекзат тоқымым,
Осы күнге аман оралдың.
Шөлдесем қымыз ішкенім.
Шипасы қандай күшті едің!
Ат терін адал сімірген,
Жабағыжүнді ішпегім.
Қайыңнан шапқан қапталым,
Жәдігерімдей сақтадым.
Іңірге тізгін қаңтарып,
Ізгінің күттім ақ таңын!
Қанжығам – құтты қайыстан.
Шыңдалғам көкпар-сайыстан.
Бес жастан шауып бәйгеге,
Жанарымнан жасыл жай ұшқан.
Қамшым да – қызыл тобылғы.
Соққызба, тағдыр, санымды.
Келер ғасырға аттандым,
Оңғарса Тәңір жолымды!