Көкейдегі кейбір күндер
Таңертеңгілік мезгіл. Жасы бестегі Сағыныш күшігі Ақылтекпен бірге қақпа алдына, көшеге шықты. Қарғыбауы ұзын итінің ізіне ерген жеткіншек көрінді, алпамсадай ит Ақылтекті көргеннен қайта-қайта өршеленіп ұмтылғаны, ақыры қарғыбауын жұлып әкетті. Енді болмаса күшігін талап тастайтыны анық-тұғын, жалма-жан күшігінің үстіне етпеттеп жатқан Сағыныштың тап жанында үлкен ит арсылдап тұр. Көрші үйден шыққан жас әйел айқайға басқан, әлгі жеткіншек шыр-пыр болғасын иті сабасына түсті. Таңқаларлығы сол, Сағыныш қорқынышты сезінген жоқ, бір қолына күшігін құшақтап тұрғанында үсті-басын қаққан көршінің әйелі мейірімді, қамқор сөздерін айтып жатты.
Көп ұзамай шешесі Айғанша дүкеннен нан сатып әкелу туралы тапсырма берді. Бірінші рет емес, талай атқарып жүрген шаруасы. Қолтықтасқан, қарсы келе жатқан жас жұбайлар бес-алты үй әрірек тұратын көршілері. Киген киімдері өздеріне құйып қойғандай жарасады, күйеуінің аты Ғибрат, келіншегінің аты Болғанай.
–Осындай бір күшігім болса жаныма ертіп жүргім келеді,-деп Ғибрат Сағынышты иегімен нұсқады.
–Үйленгеніміз күні кеше емес пе? Сабыр сақта,-деді келіншегі.
Бұрын-соңды жақын араласпағасын ерлі-зайыптылар Сағынышқа жұмбақ адамдардай көрінеді. Не туралы сөйлесетіндері де жұмбақ. Екі көзін айырмастан қарап келе жатқанында қатарласқан Ғибрат ойда жоқта:
–Қық!-деп қалғаны. Сағыныш селк ете түсті. Жарысып күлген жастар мәз-мәйрам.
Ылғи да осы. Кездескен сайын Ғибрат оқыс үн қатады да Сағыныш селк ете қалатын. Қорқытатынын біліп келе жатқанымен жеме-жемге келгенде Сағыныштың жүрегі зырқ ете түседі. Тағы бірде ерлі-зайыптыларды анадайда көргеннен-ақ көшенің қарсы бетіне шығып кетті. Жас жұбайлар жарысып шақырды, келіншегінің қолында кәмпит.
–Міне, ала ғой,-дегендей ымдап қояды. Ренжіп жүргенін білдіргендей жауап қатпаған Сағыныш дүкенде таңертең ыстық күйінде сатылатын нан алу үшін жүрісін жылдамдата түсті. Кәмпитіне алданбағаны дұрыс болған шығар, сол күннен бастап екеуі қорқытуды біржолата доғарған. Көшеде кездесіп қалса, жәй-жапсар сұрасқасын ықыласты, жақсы сөздерін айтатындары есінде, кейде Болғанай бетінен сүйеді.
* * *
Таңертең ұйқысынан оянысымен Сағыныштың әдеті көше беттегі ұзын отырғышта күншуаққа жылыну. Бүгін көрші үй абыр-сабыр, көшеде біраз жұрт жиналыпты. Жұрттың көңіл-күйі түнеріңкі. Жақындап барғанында тағы бір көршісінің қызы Айзада жолықты, Айзада бір-екі жас үлкенірек. Жылап-сықтаған әйелдер дауысы есітіліп тұр.
–Не болған?-деп сұрады.
–Сартқожа шал қайтыс болыпты,-деді Айзада.
–Қалай қайтыс болды?
Осы сұрағы тірі жүрген адам қалай қайтыс болатынына таң қалып тұрғанын білдірді.
–Сырқатынан өлді.
–Қандай сырқат?
–Қәртайған, қәртайсаң сен де өлесің,-деді Айзада тақылдап.
Сағыныш үйіне қайтты. Өмірінде тұңғыш рет кісі өліміне жиналған көпшілікті көрді, ажалдың көлеңкесінің өзі үрейлі.
Шәйға отырғандарында шешесі екеуі әңгімелесті. Шешесі Сартқожа ақсақалдың қазасына көңіл айтып шығыпты. Түнгі жұмысынан келсе әкесі де кіріп шығатын көрінеді.
–Кәртайғанда мен өлемін бе?-деп сұрады.
–Неге өлесің? Құдайдан өмір тіле.
–Айзада кәртайғасын сен де өлесің дейді.
–Айзада әлі бала, мектепке енді барады. Әкеңнен сұра, әкеңнің көрген-түйгені көп.
Сағыныш үндеген жоқ. Ой жүгіртсе түсініксіз нәрсе көп сияқты. Өлетін болған соң адам несіне өмірге келеді? Мұны әке-шешесі осы күнге дейін неге айтпағаны? Осындай сұрақтары кіршіксіз таза көңілін астан-кестен толқытты. Шәйін бір-екі ұрттап ішкен болды, әкесі білетін құпия бардай шешесінің сөздерін іштей қайталап отыр.
–Айзада бала, мектепке енді барады. Ал әкемнің көрген-түйгені көп.
2
Уақыт жүйрік. Әлдеқайда асыққан апталар мен айлар!.. Сағыныш ойын баласы, мектептің бірінші класына келесі жылы барады. Көше бетте, қақпаның бір қапталындағы ұзын отырғышта жайғасып отыр еді. Осы көшеде тұратын Алдаберген деген бала көрінді. Жүрісі суыт.
–Алдаберген қайда барасың?-деп сұрады.
–Қарындасым ұшынып ауырып қалды, тәуіп кемпірді шақыруым керек.
Тағы бір бала жүгіріп келе жатыр. Есімі Әбілғазы. Үйіне елден қонақтар келіпті, базарға кеткен шешесіне хабар жеткізу ойы.
Қақпа алдына шыққан шешесі де Сағынышқа жақын дүкеннен шәй-шекер әкелуді тапсырды. Шешесінің қадап айтқаны: «Бір аяғың анда, бір аяғың мұнда болсын!». Сағыныш тас дүкенге қарай зымырап бара жатты. Есінде қалған бала кезіндегі осы бір сәттен бастап қарбалас өмірі басталыпты. Әлі күнге дейін түрлі шаруаның ізінде жүгіріп жүргендей сезінеді өзін. Тыным жоқ. Құлағы қалқиған әрбір адам көз жұмған күні байыз табатындай, оған дейін өмір толқынында бір батып, бір шығып жүретіні Лаухулмахфузда*
жазулы тұратын сияқты.
*Бір Алла оқи алатын кітап
* * *
Жексенбі. Млитса әкесі Бегалы, шешесі Айғанша, екінші класс оқитын ағасы Сағындық төртеуі қалашық сыртындағы бақшасына жиналды. Мінгендері есек жеккен екі аяқты арба. Бетон мен темірден осы заманғы су торабы салынған Басықараға баратын тас жол астына қалың топырақ төсегесін жер бетінен биік. Осы биік жолдан арғыбетіндегі етекке екпіндетіп түскендерінде арба аударылып кеткені. Жазым деген аяқ астында, Құдай сақтады, әйтеуір!.. Әке-шешесі, ағасы, өзі де дін аман. Бақшаларына мотоциклмен бара жатқан екі жас жігіт арбаны тікейтіп қоюға көмектесті.
Көпшіліктің күнкөріс көзіндей бақшалық аумағы ат шаптырым. Шешесі тереңдігі екі күрек басы қазғасын сусын құйылған тобатайды сол шұңқырға қойды. Бетін шөп-шаламмен жапты. Қос іргесіндегі төртбұрышты атыздарға тұтастай егілген сәбіз, жас жуа күтім тілейді, оның жәй-жапсары шешесіне жақсы мәлім. Кетпенін алған әкесі бақшалық пен шабындыққа су жығу үшін бас арықтың Ақөзектегі сағасына кетті.
Сағыныш пен Сағындық картоптың жас сабақтары көктеп келе жатқан екі жүйектің арамшөптерін отап жүр. Ерте көктемде мұқият аударылған, тырмаланған жүйекте арамшөп көп емес. Қылтиып өскен жас шөптерді қолмен жұласың. Жабайы қалуаның сабақтарында өткір қылтанақтары бар, ұшар басында қанаттары қып-қызыл көбелек қонып отыр.
–Сәлеметсіз бе?-деді Сағыныш.
–Сәлем,-деп көбелек қуанып қалғандай болды.
–Мына қалуаны жұлуым керек.
– Жұлуға үлгіресің ғой, әңгіме айтайық. Әке-шешең ағаң екеуіңе бір-бір шалбар, бір-бір көйлек алып бермекші болып еді. Алды ма?
–Енді алатын шығар.
–Атым Қалдыгүл. Сенің атың Сағыныш емес пе?
–Ия, Сағыныш.
–Жасың нешеде?
–Алты жастамын.
–Ағаң Сағындық жақсы бала. Сәлем айт.
–Айтайын.
–Бұдан былай амандық-саулық сұрасып жүр, Сағыныш. Аманшылықта, жақсылықта жүздесейік.
Қалуада қонақтаған, қос қанатында аппақ ноқаттары бар қызыл көбелек ұшып кетті. Бос топыраққа оң қолын сұққан Сағыныш жас қалуаны түп-тамырымен жұлып алды. Ағасының қимылы қабағат, бір жүйекті тазалап болғасын келесі жүйекке түсті. Сағыныш ағасының жанына келгесін жаңалығын бөлісті.
–Қызыл көбелекпен сөйлестім, аты Қалдыгүл. Саған сәлем айтты.
–Саламат болсын.
–Сені жақсы бала дейді.
Ағасының әңгімелесуге құлқы жоқтай, бар назары жұмыста. Алаңдатқысы келмеген Сағыныш та жүйегіндегі күректің сабындай тұсында қалған арамшөптерді жұлуға кірісті. Әкелері күннің көзі шақырайып тұрғасын қостан алып шыққан екі жапырайған қалпақты балаларының бастарына кигізіп қойды.
Бақшалықтың қарауылы Өтенияз атын жетектеп алыпты, әке-шешесімен сөйлесіп жатты. Екі кесе салқын сусын ішті. Сағындық пен Сағыныш та бір-бір кеседен жүгері ашығанын сіміріп салды. Қарауылдың сөзіне қарағанда, бақташысы немесе қойшысы бар күтуге кейбір адамдар малдарын қоспайтын көрінеді. Қалашықтың сыртына айдап жібергесін малдың бейнебір өріске тұяқ іліктіргендей жетіп келетіні бақшалық.
–Баспақты немесе тоқтыны қу тақырға байлап қоямын. Артынан іздеп келгендері айыппұл салатын болғасын әке-көкелеп жалынады. Бақшаның бейнеті аз емес, көрінген мал орып кетсе, есіл еңбектің еш кеткені. Ертеңіне де қараусыз жүрген ұсақ жандық бақшалыққа өңмеңдеп келе жатқанын көресің. Бәрібір жамандыққа барысқың келмейді. Иелері сырттай болса да таныс-біліс адамдар, біреуінің көзі жақсы, біреуінің сөзі жақсы дегендей.
Өтенияз жамаағайындары.
–Әскердегі үлкен балаңыз хабарласып тұра ма? - деді әкелері.
–Елді сағынып жүр. Соңғы хатында ағайын-туыстың, көрші-қолаңның үлкен-кішісін түгел-тегіс сұрапты.
–Ұлың үйленсе, ырысың. Әскерден келсе бірден шаңырақ көтерсін.
–Өзімнің де ойым сол. Дарияның арғы бетінде бесік құдамыз тұрады. Былтыр қыс түскенде соғымдық әкеліп берді. Ізін суытпай араласып тұрамыз, тілегіміз балалардың үстінде.
Күзетші ерте көктемнен қара күзге дейін, бақшалық көтерілгенге дейін жұмысына ықтиятты. Бақшашылар дән разы, жасы үлкендері әрдайым батасын береді. Бақшалық пен шабындықты суғарған, жүйектерді түгел-тегіс арамшөптерден тазартқан Сағыныштың үй-іші қайтуға жиналды. Сәбіз, жуа, картоп, қызанақ, сіпсе, айғабақ, жүгері көкөскіндері – ажырық, шырмауық, шиін сияқты түрлі масыл шөптен арылғасын күн көзіне ұмтылатыны ғажап!.. Үшқұлақтанған қауын, қарбыз, қияр, асқабақтың алды пәлек жайысымен кейінірек түйнек пайда болатын сары, қызыл гүлдері бүршік жарады. Күтім-бабы келіскен бақша дақылдары жарысып өсетіні, естір құлаққа көңілді ауанмен сыбдырлап сөйлесетіні бала күнінен жадында қалыпты.
Сағыныш қостың қағажу желден ықпана бетіне жайғасты. Әкесі мен ағасы бақшалық арықтарының жиегінен сүйрік, шалғын сияқты шөп орып жүрген, ақайраны үшін ұстайтын қолдағы сиыры мен қой-ешкінің жас отқа ықыласы бөлек. Бағанағы қызыл көбелек, қанаттарында аппақ ноқаттары бар көбелек тізесіне қонды. Тәлім-тәрбиесі жақсы, үлкен-кішімен ізет сақтап сөйлесе білетін көбелек жарық дүниеде біреу-екеу болар.
–Бақытты болғың келе ме?-деп сұрады.
–Ия.
–Ендеше сөзіме құлақ қой.
Әңгімені әкесінің даусы бөліп жіберді, бақшалық жақта Сағынышты шақырып жатқандай атын дауыстап айтты.
–Ия, әке,-деді қостың тасасынан шығып.
–Ұйқыңнан тұр енді,-деп жатыр әкесі. –Тездетіп жуынып-шайын, бақшаға барамыз.
Оянса таң сібірлеп атыпты. Шаңырағында екі аяқты арба, есегі жоқ, бақшалары Басықараға баратын жолдың арғы бетінде емес, бергі бетінде. Бағанадан бері көріп жатқаны, көңілін толқытқаны түсі екен. Ағасы Сағындық ертерек тұрса керек, қолында жүгері сусыны құйылған үлкен тобатай, аяғына оратылып жүрген Ақылтекке әлдене айтып тұр. Сыртқы есік аузында, сәкідегі масаханада ағасы екеуі жататын Сағыныштың жан-дүниесі қоңылтақсып қалғандай, қызыл көбелектің әңгімесін аяғына дейін тыңдай алмағаны бақша басында жүргенінде күні бойы ойынан шықпай қойды.
3
Көкейдегі кейбір күндер ескі сандық ішіндегі қымбат жәдігерлер сияқты көзіңе ыстық көрінеді, сондай-ақ ұмытылмайды. Мамыр айы. Сағыныш екінші класс оқушысы. Күн ыстық болғанымен тұрпаты төртбұрышты тамының жайпақ төбесінде жүр. Тамының төбесінен бес-алты қадам жердегі сарайына секіргісі келеді. Сарайының биіктігі әлдеқайда төмен. Жүгіріңкіреп келіп қарғыса да сарайына жетпей жығылатындай қауіп ойлайды. Өзімен өзі серттесті. Егер сәтімен секірсе, тірлігінде жолы оңғарылмақшы. Жүзеге аспаса оның жайы белгілі. Ойына алғанын кейінгі уақытқа қалдырып жерге түсуге намысы жібермей, сондай-ақ бес-алты қадам аралықтан секіруге батылы жетпей екіұдай күйге түсті.
Үш жасар інісі Сағынтай тамының іргесіндегі көлеңкеде көршінің өзі құралыптас қызы Ләзизамен ойын қызығына түскенін бағана көрген. Көлеңкеге ескі әдиал төсеген екеуі үй-үй ойнап отырғандай. Оның мәнісі қыз әйелі, ұл күйеуі. Қуыршақ баласы жандарында. Ішіне бір қасық су сиятын ойыншық шәугімге шәй қайнатылады, жас баланың жұдырығындай ыдысқа қазы-қарта қосқан ет асылады. Үйдің бітпейтін шаруасы туралы ерлі-зайыптылардың әңгіме-дүкені бір бөлек.
Сағынышқа бір ой түсті. Тамынан сарайына секіргісі келсе, аяқкиімін кигені дұрыс, сонда өзіне сенімді болатындай. Адам көңілін жұбату үшін себеп-сылтау табылады. Аяқкиімін алып келгенін інісіне айтпақ ойменен тамының шетіне келсе, Ләзиза екеуі бір-бірінің беттерінен кезек-кезек сүйіп отыр басқа ойындары жоқтай. Тәртіптің аты тәртіп.
–Бұл не той?-деп Сағыныш айқайлап жіберді. Ұрлықтары ашылып қалған екеуі тамды айналып қашып кетті.
Көше бетте әлдекім атын атап бірнеше рет шақырды. Қайта айналып келсе, Чайковский көшесінде тұратын кептерші Байбол, қолында ұзын таяқтың басына бекітілген дәкі торшасы.
–Жайшылық па?-деп сұрады Сағыныш.
–Тамыңа кептерім қонды. Тамыңа қалай шығамын?-дейді.
Енді байқады. Мұржасына ақ кептер қонақтапты, көздері жалт-жұлт етеді.
–Аулаға кір, қабырғада зәңгі сүйеулі тұр.
Көп ұзамай Байбол көтерілді. Қанша сақтанып қимылдағанымен жақындаған бетте ұшып кеткен кептері сарайдың арғы шетіне қалықтап барып қонды. Бағанадан бері Сағыныш он ойланып, жүз толғанып отырса, Байбол жүгіріңкіреп келіп сарайына секіріп кетті. Ақыры қалтасынан шығарған қуырылған пісте дәндеріне кептері құныққан кезде бұқпантайлап жүріп торшасына түсірді.
Байболдың батыл іс-әрекеті жігерін жанығандай болғаны. Құстай ұшып келіп секіргенінде сарайының төбесіне топ ете түсті. Арғы басына дауысың да естілмейтіндей көрінетін дайраны жүзіп өткендей өзіне ризашылық сезімі оянды. Қажет болса, тағы да секіруге бейіл.
Сол арада төтенше оқиға орын алғанын айту керек. Шырқау көктен шаншылып түскен қырғи ауласында қыдырыстап жүрген тауықтың есейіңкіреп қалған бір шөжесін іліп әкетті. Қара тауық қыты-қыттап шыр-пыр болды да қалды, осы оқиғаға куә болған, шынжырлаулы тұрған иті де шабаланып үріп қоя берді. Сағыныш сарайынан секіріп түскенінде үйден шешесі шықты.
–Не болды?-деп сұрап жатыр. Мән-жайға қаныққасын қырғиды қарғап-сілеп жүріп қара тауық пен балапандарына жем шашты. Тауықтардың табадағы суын жаңартты.
Үш-төрт саз кесектер алған, қатты толқыған Сағыныш тамының төбесіне қайта шықты. Қырғидың қараулығы жанына батқасын екі көзі көк жүзінде.
4
Әкесі Бегалы немесе шешесі Айғанша түнгі ұйқы алдында ара-тұра ертегі айтады. Құймақұлақ балалары тыңдауға құмар. Үшінші класс оқып жүргенінде әкесі айтқан ертегі әлі күнге дейін көкірегінде жазулы. Бұл өзі ертегі емес, тағдырдың бір үзігі, өйткені сөз болатын үлкен-кіші әкесінің нағашы жұртындағы адамдар.
* * *
Күн жанып тұрған талтүс, көз ұшында бір қара көрінді, уақыт озған сайын қыбырлаған адам сұлбасы айқындала берді. Қаратаудың бұта-шілігі қалың етегінен жыңғыл шауып келе жатқан кемпір екен. Жыңғылдың көгерген өскіндері тұс-тұсынан төгіліп тұрғасын бір арқа отынының астына көміліп қалғандай. Жақындаған бетте тырп-тырп басқан көнетоз шәркейі ғана көзге түсіп тұрды.
–Уһ!..-деген кемпір жыңғылына арқасын сүйеген қалпы отыра кетті, ізі аздап қанаған, иығына батып кеткен жібін босатты. Кішкене тыныстап алғанды хош көретіндей. Табиғаты тұс-тұсына шапағатты шуақ шашқан жас адам пайда бола кетті, көрінбей кетсе іздейтін туысқаны сияқты.
–Армысыз!-деп амандасты ілтипәт білдіріп.
–Армысың, көкем!
–Отын-су келіннің қолы емес пе?
–Балам малдың соңында. Үйдің бүкіл шаруасына келін қарайды, емізулі кенжесі бар, басқа да кішкентайларына бас-көз болып отыр.
–Жасыңыз нешеде, кейуана? Ауырып-сырқап жүрген жоқсыз ба?
–Бес мүшелге толдым ғой. Кейде қарақұсым шаншып ауырғанда еңсемді көтертпей қояды, бәрібір, шүкір, денсаулығым жақсы. Тұңғыш немерем Гүлайым алты жаста, азды-көпті бой түзесе, шешесіне қолғанат болатындай зерек. Құдай сол кезде алса арман болмас еді.
–Бас ауруыңыз жазылып кетеді, өмір жасыңыз ұзақ болады, немере-шөберелеріңіздің қызығын көресіз әлі.
–Айтқаның келсін, қарағым! Бала мен келін, кішкентайлар аман-есен болсын.
Ойда жоқта ұшырасқан бейтаныс қоштасарда дем бергендей сөйледі.
– Ендігі жол қысқа көрінер, жүгіңіз жеңіл тартар.
Жарық дүниенің жұмбағы аз ба? Бойын тіктегенінде салмағы зілқара тастай көрінген отыны құстың қауырсынындай жеңіл тартып кетіпті. Артына бұрылып қараса, әлгі жас адам жоқ. Жас адам емес, тұрқы есік пен төрдей желмая мінген, үстіне зерлі шапан, басына сәлде тартқан қәрия көкжиекті бетке алып бара жатты. Кейуана күбірлеп сөйлеп тұрды.
–Ізгі сөздерің, ізгі тілектерің бойыма күш-қайрат бітірді, көңілімді жібітті. Кім болсаң да жолың оңғарылсын!..
Жас жігіт пен желмая мінген қәрия түрлі кейіпке еніп жүре беретін, хикмет пен ілім иесі Қыдыр әулиені еске түсіретін. Қыдырдың көңілі түссе, кез-келген адамның көзі шайдай ашылатыны ықылым заманнан бері айтылып жүр. Ия, Қыдырды кездестірген, тіл қатысқан пенде бақша-мұратына жететіні аян. Баяғы жас күніне оралғандай, ұмыт болған армандары қайта оянғандай кейуана үйіне желдей есіп жетті. Есімі Бибіхадиша. Самаурынға шәй қойып жатқан келіні алдынан шықты.
–Енежан-ай, шаршап қалдыңыз-ау,-деді жанашыр көңілін білдіріп.
–Шаршағаным жоқ, келін, қарағым. Бүгін көңіл-күйім жақсы.
Отын шабатын жүзі өткір кетпенді сарайға қойған келіні жыңғылды кептіру үшін күннің көзіне жайып жатыр, құмандағы суды жылытып қойғанын, әне-міне шәй да дайын болатынын айтты.
Уақыт емші. Бибіхадиша қарақұсы шаншитын ауруынан құлан-таза жазылып кетті. Қолдарындағы төрт түлік малдың ішінде құт қонғаны болғаны ғой, шаруалары дөңгеленіп жүре берді. Тұрмыстары түзелгесін, дәулет біткесін жалғыз баласы Аманат кішкентайларының оқуына алаңдайтындай мектебі бар елдімекенге көшкісі келетін ойын білдірген. Шешесі бәтуаға шақырғандай сөйледі.
–Жаныңа жан, малыңа мал қосылған жерден көшіп қайда барасың? Ата қонысың, бұйырғаны болса осы жерден жарылқар, жарылқап та жатыр. Ырысыңнан қашпа, айналайын!..
Баласы мен келіні бір сәттік көңіл-күйлерінен арылғандай кейуанадан кешірім сұрап жатты. Бибіхадиша жасы тоқсанның төртеуіне жеткенше бақуатты ғұмыр кешті. Шаңырақтың таусылмайтын шаруасына қолғабыс жасау күнделікті тірлігі, күнделікті қимылдап жүрсе тың, сергек сезінеді өзін. Үйдің іргесінде суы мол үлкен арық ағады. Кейінгі жылдары қаршадай кезінен жер еміп өскен әдетін қайта тапты. Көкнәр, күнбағыс, жүгері, көкөнісін таң атар-атпастан күтіп-баптап жүргені. Бақшаның көкөнісі, қауын-қарбызы бала-шағаның ала жаздай ермегі.
Кішкентай күнінде әжесінің жанына жататын, әңгімесін әжесіне құпиялап айтатын тұңғыш немересі, Гүлайымы бойжетті. Қатарына той жасап ұзатты, сіңлілері мен інілерін айналып-толғанып жүрген Гүлайым сүйікті әжесінің ақ батасын алып аттанды. Гүлайымнан кейін де бірқатар немерелері түтін түтетті. Бір күні бақиға аттанатын уақыты соққанын білгізді беймәлім құдырет кейуанаға. Таңертең шәй үстінде тың әңгіме қозғады.
–Жалғанда көп жүріп қалғандаймын. Ертең шығар… Шыбын жаным тыныштық тапқанын көңілім қалап отыр. Мені мына үйдің жанындағы шоқының төбесіне қойыңдар, жан-жағыма қарап жатайын,-деді баласы мен келініне. Көптен бері хабарласпаған немере қызы Гүлайымына бүгін хабаршы жіберуін, Гүлайымы келгенше қалқайып отыратынын айтты.
Су жылытқан келіні үлкен легенге енесін асықпастан ұзақ жуындырды, таза көйлек-көншегін кигізді. Ертеңіне Гүлайымы жетті кәмелет жасына толған бір ұлын ізіне ертіп, әжесін құшақтап жылап жатыр. Түскі дастарқан басында Бибіхадиша өзінен өзі селк ете түсті.
–Келді әлгі Әзірейілі, дүрс-дүрс басып үйді айналып жүр. Мен қайыр-хош әңгімемді айтайын,-деп жан-жағына көз салды. Шаңырақтың үлкен-кішісінің төрт көзі түгел еді.
–Өміріме разымын. Жаным қиналмай кетіп бара жатырмын. Ешкім жыламасын, қыз ұзатқандай той жасап жөнелтіңдер. Кейін басыма келетіндердің аяғы үзілмес. Сен өзің, балам, жататын тамымның шырақшысы бол. Гүлайым бала-шағасымен осында көшіп келсін. Гүлайым, есітіп отырсың ба?.. Бармақтай кезіңнен бастап дәмді ас-ауқаттың түр-түрін жасауға құмар едің. Күйеуіңмен бірге келім-кетім адамның ас-суын әзірлегендеріңді, қызмет көрсеткендеріңді жақсылыққа балап отырмын.
Ал енді мен бір жатқан төмпешікпін. Тілек тілеп келген адам бір Аллаға сыйынсын, мейірім-шапағат тілесін. Көзім жетпегенімен өздеріңді ынтымақ-бірлік ілгері жетелейтіндей көңілім тоқ. Үлкенді үлкен, кішіні кіші көріп сыйласып жүріңдер, аман болыңдар, қарақтарым!-деп сөзін тоқтатып қойды Бибіхадиша. Әлден уақытта:
–Әй, ана мысық қайда кетіп барады?-деді дауысын көтеріп. Бәрі жалт бұрылып қарағандарында осы шаңырақтың тұмсығы ақ қара мысығы ашық тұрған есіктен сыртқа шығып бара жатты. Сол арада басы кеудесіне түсіп кеткен әжелері үзіліп кетіпті. Немере қыздары мен келіндері әжелерін төрдегі салулы төсекке жатқызды. Сөйтіп, үлкен-кішісі салт-дәстүр бойынша қадірлі адамын мәңгілік сапарға жөнелтудің қам-қарекетіне кірісті. Ешкім дауыс көтерген жоқ, көзі тірісінде көлеңкесі сияқты ізінен қалмайтын шөбере қызы, әжесін де, өзін де мәңгі-бақи өлмейтіндей көретін бір жапырақ Зиядасы ғана бақшалықтағы қалың жүгері арасында үн-түнсіз жылап отырды.
Бибіхадишаның басынан, өзі айтқанындай, кейін кісі аяғы үзілген жоқ. Шоқының етегінде шағын мейманжай, асхана бой көтерді, көлеңкесі сая бақ бой түзеді. Елінің, отбасының тыныштығын тілегендер, ауру-сырқауына ем іздегендер, бала көтергісі келетіндер, басқа да түрлі себептермен келушілер Қыдырды көрген, Қыдырмен сұхбаттасқан кейуананың басына құран аяттарын оқытатын. Алыстан ат арытып келген меймандар мінәжат бөлмесінде өздерін алаңдатқан мән-жайды бір Алланың алдына жайып салады, қайыр-шапағатын сұрайды. Құдайдың көп сипатының бірі – ар-ұят, ар-ұяты таза адамдар осы жерден жұбаныш тапты, ертеңіне үміті оянғандай көңілдеріне қанат бітіп қайтты.
* * *
Ананың орны бөлек. Шешесі Айғаншаның тілегі құлыншақтарының амандығы. Балаларының бойында жас күнінен үміт отын жаққысы келетіндей, соның мысалы төмендегі қысқа қайрылатын бір әфсанасы.
* * *
–Жақсы сөзге үйір болыңдар, жаман сөзден, жаман ойдан сақтанып жүріңдер. Күндердің күнінде бәріңе аян беріледі.
–Аян деген не?-дейді ағасы.
–Аян келешекте айдан анық болатын нәрсе.
Әңгіме әрі қарай жалғасады.
–Төрт көзің түгел қасиетті жарыққа куәгер боласыңдар. Әлдекім түн ішінде ұйқыңнан оятып жібергендей болады да шаңырақтың төбесінде адамның алақанынан айнымайтын жарықты көресің. Бес саусағы бар алақан сияқты жарық.
Түн ішінде әлгі ғажайып жарық көзіңе түссе, «Бісміллә!» деп баста сөзіңді. Біресе әлсірейтін, біресе нұрланатын жарық жоғалып кетпей тұрғанында үш тілек айтып үлгіруің керек. Сондықтан ең үлкен тілектерің осы бастан ойларыңда жүрсін.
Бір күні түнде ағам оянып кетеді, бөлме іші сүттей жарық.
–Бісміллә!.. Әке-шешем аман-есен жүрсін,-деп алғашқы тілегін асығыс-үсігіс айта бастайды. Пеш жанында жатқан анам қабаттасып тіл қатқан көрінеді.
–Көшеде өтіп бара жатқан көлік жарығы. Ұйқта,-депті. Сондай-ақ шешесінің тағы бір сөзіне қарағанда, адам бала күнінен ата-ана ұлағатына зейін қойса, несібі мол адал еңбекті ұнатса бағы ашылмақшы.
5
Көршілері Көреген жасы үлкен адам, бір аяғы тізеден жоқ. Зейнетақы алады. Сегізбай Көрегеннің жақын туысқаны, немере інісі, бала-шағасы көп. Әйеліне ұзақ жылдар бойы бала бітпегесін Сегізбайдың бір қызын сәби кезінде Көреген асырап алыпты. Көзінің қарашығындай көретін жалғыз қызының тегі осындай, Сәбиласы биыл жетінші кластың оқушысы.
Әке-шешесінің ұлықсатын алғасын Сағыныш көршісі Көреген көкесімен бірге дариядан балық ауламақшы болды. Ертеңіне екі есекке мінгескен үшеуі таң атпай жолға шықты. Дарияның бір иіні қалашықтан бес-алты шақырым, күзде уылжып піскен жиде теру үшін Сағыныштың балалармен бірге талай жаяу-жалпы барған жері. Сегізбайдың есегіне теңдеп алған үлкен сүзекісі бар, ағалы-інілі екеуі де әуесқой балықшылар.
Көктемде жер дүние жайнап, жасарып сала береді. Таң қараңғысында шыққасын айнала енді ағараңдап келе жатты. Жолдың екі беті бақшалық. Бозторғай, бұлбұл, шымшық сияқты жарысып сайраған құстар. Басықараға апаратын биік тас жолдан асып түскесін арғыжағы көкжасыл дала. Ара-тұра күріш егілген көкпіңбек егістік алқаптары көзге түседі. Көреген мен Сегізбай әңгімелесіп келе жатыр. Көреген әңгімесін сұрақтан бастады
–Балық аулау науқаны басталған жоқ. Ұстап алса, ұятқа қалмаймыз ба?
–Сатуға емес, ара-тұра дәмін аңсайтын ас-ауқатқа аулаймыз. Айында-жылында аулағаннан дайрада балық азайып қалмас.
–Айыппұлы үлкен, менің зейнетақым жетпейді.
–Аудандық млитса бастығының орынбасары Пірімбет көршім, арамызда үй жоқ. Жамандығына бағып жатса, сол Пірімбетке айтармын,-деді Сегізбай. –Қызыңның оқуы қалай?
–Сабағы жақсы. Ара-тұра сұрағанда күнделігін көрсетеді. Ылғи төрт пен бес.
–Өмір жасы ұзақ болсын. Осы қыздарыңның рәтін көріңдер.
–Айтқаның келсін. Кемпірімнің қызы десе жаны жоқ.
–Көреген аға, осы кемпіріңмен қалай танысып жүрсің? Ілгеріде бір айтқан сияқты едің. Есімде қалмапты.
–Соғыстан Берлин түбінде бір аяқтан айрылып қайтқан кезім. Өзім жонып-жасқап қолдан жасаған ағаш аяғыммен шоңқаңдап жүремін. Зауыттан шыққан жасанды аяқты беретіні бертінде. Бозбала кезімде теміржол училищесін бітіргенім бар, вагон депосында мәстерлік жұмыс жүктелді. Тұрмысымыз, шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін. Бір күні көше беттегі ұзын отырғышта отырсам, жас қыз жаныма келгесін амандасып Әбділмәліктің үйін сұрады. Ондай адамды бұрын-соңды естімеппін. Сол арада қақпа алдына шешем шықты.
–Қай Әбділмәлік? Мұғалім Әбділмәлік пе?-деп сұрады.
–Ия,-деді әлгі қыз. Қыздың аты Күләш, дарияның арғы бетінен, елден жолаушылап келген беті екен. Іңір түскен уақыт, шешем үйге шақырды. Сол күні Күләш шәй-суанын ішіп алғасын шешемнің жанына қонып шықты. Екеуі түннің бір уағына дейін әңгіме соқты. Шешем мен туралы соғыста алған екі ордені мен медальдары бар, бойдақ, теміржолда бастық, жігіттің төресі деп айтыпты. Ертеңіне екі көше әрі тұратын Әбділмәліктің үйін індетіп жүріп әрең таптық. Жол-жөнекей сыпайы түрде жәй-жапсар сұрасу әдеп салты, әңгімеміз жарасатындай. Күләш жақын туысқаны Әбділмәліктің үйіне келген сайын хабарласып жүрді, келесі жылы мектебін бітіргесін жазда үйлендік қой.
–Жеңгеміз жас күнінде көрікті еді, әлі күнге сынын бермепті.
–Омай-ау, ағаң мен туралы неге айтпайсың? Күш-қайратым тасып тұрғанында мен де алмас қылыштай өткір едім ғой.
–Әйел жолы жіңішке, әйтпесе, Көреген ағама адам жете ме?
–Е, сөйтіп, таразының басын тең ұста. Мен де пендемін. Айтпақшы, бір шөлмек арақ алмақшы едің. Алдың ба?
–Келініңнің жеңсік асы жас балық. Балықшыға не қажеттің бәрін бес саусағындай біледі. Балық аулағанда бірге ала жүретін шүген, шәугім, ыдыс-аяққа дейін қамдады ғой, шөлмекті қол сүртетін сүлгіге бір бөлек орап салды.
–Күләш менің қоржыныма да азық-түлік салып жатқан. Барғасын мына баланы қазан-ошақтың басына қояйық. Балық сорпасын дайындауға мәтібимін, маған отын-суына қолғабыс жасаса болғаны.
–Елпілдеп тұрған бала көрінді, атың кім, айналайын?-деді Сегізбай. Азан шақырып қойған атын айтты Көрегеннің есегіне мінгескен Сағыныш.
Дарияның келген тұстары тік жарқабақ, жалғыз түп жиде ағашы өскен оты мол қолтық. Мініс көліктерінің ер-тұрманын сыпырған Сағыныш екі есекті көгі қалың шүйгінге арқандап қойды. Көреген көкесі баяғыдан бері осы жерден балық аулап жүрсе керек, көкесінің айтуымен Сағыныш бұрын қазылған жер ошақты тазалап жаңартты, отындық ағаш жиыстырды. Дарияның жағалауы тегіс жерінде толқын шайып шығарып тастаған ұсақ-түйек тақтай, бұтақ кездеседі, оның үстіне кепкен тезек, теретін қураған жыңғыл мол. Арғы бетте әлдеқайда асығыс бара жатқан тіркемесі бар «Беларусь» тракторы көзге түсті, жүргізушісі қалпағын бұлғап жатыр.
Жерге төсеген ер-тұрманға жайғасқан Көреген көкесі ақсақ аяғын созып тастапты. Жарқабақтан тастаған сүзекінің ұзын, жуан сабы қолында, сүзекінің шонтайына байлаған жіпті де шыжымдап ұстап отыр. Алғашқы тайдай тулаған тісті балық едәуір уақыт өткесін түсті. Сүзекі ауыр, ересек адам тартпаса, бала-шағаның қолы емес.
Көрегенді Сегізбай алмастырды. Сегізбайдың қолы жеңіл болғаны да. Сүзекіні тартқан сайын тұрқы жалпақ, әжептәуір ірі үш-төрт тыран балықтар шығады.
–Тыран жүріп жатыр екен, Құдай қаласа, осы сәттің нәпақасын жырғап қалайық,-дейді Сегізбай.
Сағыныш шүгенді толтырып су әкелді. Көреген көкесінің айтуымен картоп пен пиязды дөңгелентіп турап жатыр. Көкесі аршып-тазалаған, тағы бір рет суға шайған тістінің кесек еттері қазанға салынды. Жас балық сорпасы дайын болысымен мосыға сырты күйелеш шәугім ілінді. Үлкендер шәй ішпесе шөлдері қанбайтыны мәлім.
Жалғыз жиде түбінде тамақтанып отырғандарында Сегізбай бір әңгіме айтты. Жастық шағының баяны.
–Мектеп бітіргесін жол-құрылыс мекемесінде жұмыс істеп жүрген кезіміз. Бір күні Қазығұл бастаған бес-алты жігіт дарияға келдік. Көктемде дарияның үстінен қалтқыма жол салғанымызда пайдаланатын үлкен қайығымыз болатын. Қыс ерте түскесін әлгі қайығымыз мұзға қатып қалыпты. Көлікпен тартып жағалауға шығарып тастамаса, тұс-тұсынан құрсаулап қысқан мұз қайықты опырып жібереді. Қайықтың жан-жағындағы көк мұзды сүйменмен ойып жатырмыз. Жанымда тұрған Жағыпар сүйменін тағы бір рет құлаштап ұрғанында аяғының астындағы мұз ойылды да суға батып кетті. Ойықта күпәйкесінің бір шеті көрініп тұрды. Мен жалма-жан сол күпәйкесінен тартқылап, басқа балалар да көмектесіп, аман-есен шығарып алдық. Дарияның басында ішінде темір пеші бар вагонымыз болатын. Қазығұл ағамыз сол вагонда Жағыпарды тырдай жалаңаш шешіндіргесін жылы көрпешеге орап тастапты. Жарты стақан ақ арақ ішкізеді.
Кейінірек бір күні жексенбілік базарда Жағыпар кездесті. Арқа-жарқа амандасу салтымыз.
–Сен болмасаң сүйегім әлдеқашан қурап қалатын еді,-деп базардағы асханаға шақырды. Ойы ішімдік алып беру. Жанымда әйелім бар, ақылдасып сатып алатын бір шаруамыз бар еді десем де тыңдамайды. Асханадан бір шөлмек шарап ішкесін бәйбішем қолымнан сүйрелегендей болып алып кетті. Жағыпар жақсы адам, суға кетіп қала жаздаған жылы ата-анасы құда түсіп үйлендірді. Тойы жақсы өтті. Құдайға шүкір, қазір төрт-бес бала өсіріп отыр,-деп Сегізбай әңгімесін аяқтады.
Шоқ-шоқ күйінде жарысып өскен жас жыңғылдардың арасынан түлкінің сүйкімді баласы шыға келді. Аң-таң қалпы аңырып қарап тұр.
–Ау, сұлу түлкішек, аман-сау барсың ба? –деді Көреген көкесі көңілденіп. – Сені жетектеп әкелген ас-ауқаттың исі ғой. Қазір Сағыныш қарның бір тоятын тамақ апарып береді.
Сәске түске дейін Көреген көкесі мен Сегізбай өндіріп балық аулады. Тыран жүрген жерде тісті де жүреді, арасында жарты құлаш, қоңды тістілері бар.
Өмірге ажар-көрік бітіретін қайырымды, жақсы адамдар. Сол заманда кісілігі мол, иман-сауапты ойлайтын үлкендер көп сияқты болатын.
6
Жазғы каникулдың кезі. Шешелері Айғанша орталық базарға кетті. Сағыныш ағасы Сағындық екеуі екі сабы бар үлкен арамен отындық ағашты кесуде. Қыста ошаққа жағатындары көмір, тамызық ағаш болмаса көмір өздігінен жанбайды. Кеше әкелері жүк көлігінің қорабы толы отын түсірген, осы құрғақ ағашты аралауға, балталауға, отын сарайға қыздың жиған жүгіндей қалап қоюға кемі екі күн керек. Өздерінен кейінгі інілері Сағынтай әлі кішкентай, кейде ағаларына болысқысы келетіндей бір түйір жарылған ағашты көтеріп сарайға апара жатқанын көресің. Ағасы әкелерінің Сағынтайға қатысты бір әзілін қайталады.
–Сен көлеңкеде отыр. Күнұзақ көлеңкеде отыру да оңай шаруа емес.
Сағыныш байлаулы тұрған, қайта-қайта қыңсылаған Ақылтекті шынжырынан босатты. Кең аулада құмары қанғанша шапқылаған Ақылтек ақыры інілері Сағынтайдың жанына барып көсіліп жатты. Сағынтай жақсы көретін итімен сөйлесіп отыр. Ол қандай әңгіме? Жұмбақ. Өзінен сұрасаң ештеңе айтпайды.
Екі қолына екі шелек ұстаған Айбала су алуға келді. Көршінің қызы Айбала ағасымен қатар, бірақ мектептері басқа. Бір көзі болар-болмас қитарлау жаратылғанымен ай мен күндей ажарына жарасатын. Көрші-қолаңның көбісінің ауласында шегенделген құдықты жер беті деңгейінде күйдірілген қызыл кірпішпен биіктетеді. Кейбір үйлер құдықтарының қақпағына құлып салатыны белгілі. Айбала шаруасын айтып жатыр.
– Әжем Бегалы құдығының суы шөлімді қандырады. Күн ыстықта жарты кесе ішсең де тастай, дәмді. Самаурынды сол құдықтың суымен қайнатыңдар,-дейді.
Айбаламен әмпей-жәмпей ағасы қолдап-қолпаштап сөйледі.
–Әжем үшін жанпида, қанша алсаң да ал.
Қыздар қуақы, Айбала әзілдескенді жақсы көреді.
–Қалғанымызды көзіңе ілмейсің бе?
–Айбаладан аяғанды ит жесін,-деп жауап берді ағасы. Айбала жүзі жадырап күліп алды.
–Бір шелегін өзім алып жүремін, бір шелегін үйге дейін көтеріс,-деді назданып сөйлеп. Ағасы Сағындық Айбала не айтса да көнеді. Кейін көшедегі әрбір аулаға су құбыры тартылғасын қайран құдықтың қадірі кетті.
Шешесі Айғанша базардан келісімен екеуін жермай (керосин) сатып әкелуге жұмсады. Амантөре ақсақалдың жұмысы өгіз жеккен арбасымен көше-көшені аралап жермай сату. Қалашықтың бірқатар көшелеріне электр жарығы тартылмаған уақыт. Жұрт тамақ пісіретін керогазға, майшамға пайдаланатын жермайға қатысты тапсырмасын шешелері тағы пысықтады.
–Келесі көшенің басында сатып тұр. Тездетіп барыңдар.
Жермай сатушы келесі көшенің басында жоқ, мойны қашықтау тұсқа ұзап кетіпті. Арба жанында үлкен-кіші көп. Амантөре ақсақалдың бөшкесінен батырып алатын бақырашы тура бір литр шығады. Кезектері жеткенінде он литр жермай құйып берді. Аузы жабылатын қаңылтыр ыдыстың темір бауы бар. Сол бауына қысқа келтек өткізген ағайынды екеуі екі жағынан мықшыңдап көтеріп келе жатты.
Қалашықтың бір шетінен жер түбіндегі екінші шетіне дейін созылып жатқан Сейфуллин көшесі тал-терегі көп көшелердің бірі. Үйінің жанында отырған өздері құралпы бір бала келте ағаш емес, ұзындау таяқты пайдаланса жүктері жеңілдеу тартатынын айтты.
–Сәлдесі жоқ неғылған молдасың?-деді ағасы күліп. Ағасы бесінші класты, Сағыныш үшінші класты бітірген кездері.
–Ақымақтың ақылы түстен кейін кіреді,-деп мақалдап сөйледі әлгі бала.
Ашуына мінген ағасы жермай құйылған ыдысты жерге қойды, өзі қатарымен де, жасы үлкендеу балалармен де қорықпай төбелесе беретін.
–Сен осы жерде тұра тұр,-деп тілі ұзын жүгірмекке қарай кетті. Сағындық, сөз жоқ, сазайын тартқызатынына сенімді еді. Алайда жақындаған бетте орнынан ұшып тұрған жеткіншек құлақ шекесінен құлаштап тұрып ұрды. Мұндай құқайды күтпесе керек, ұнжырғасы түскен ағасы қайтып келді. Сағыныштың бойы ағасымен бірдей, кейде балалармен ойнап күрескендерінде ағасын жыққан баланың өзін жерге алып ұратын.
–Қазір жанын шығарамын,-деді қайратын шақырып. Үлкен балалардан үйренген әдетімен көйлегін шешіп тастады. Тас-түйін болып барғанында әлгі көкшешек кеудесінің талмау тұсынан оңдырмай соқты. Дем алуы қиындап кеткесін жүрелеп отыра кетті Сағыныш. Қайтып келсе есесі кеткендей болған ағасы бірге барып төбелескенді қалайтындай.
Екеуі жұптасып тағы барды. Арт жағынан келген Сағыныш тақыр бас баланың көйлегінен тартқылап жүр. Ағасы екеуі соққыласып жатты, ешқайсысы жеңген жоқ, жеңілген де жоқ.
–Осы тойғандарыңмен қайтыңдар,-деді түсін бермейтін бейтаныс бала.
Жолда екеуі ұзындау таяқ тауып алған, келте ағашқа қарағанда ұзындауы бағанағы бала айтқандай жермай құйылған ыдысты көтеруге қолайлы, оның үстіне жүрістері ширай түсті. Тағы да демалып тұрғандарында ағасы ішкі сырын бөлісті.
–Бойы біз қатарлы болғанымен ақылды бала сияқты. Аты кім екенін сұрауымыз керек еді,-деді.
Үйге жеткендерінде түскі тамаққа келген әкелерінің жұмысына мінетін үш аяқты мотоциклі көзге түспеді. Мотоциклі бұзылып қалғасын әкелерінің назары түсіңкі, әкелерінің көңіл-күйі болмағасын балалары жарқырап отыра алмайды. Шешесі шәй үстінде келеге шақырған сөздерін айтты.
–Әй, қарақтарым, жауар бұлттай түнермей отырыңдаршы осы. Темір тозса тозсын, өмірлерің тозбасын.
–Айғанша айтса, қара тас ериді,-деп әкелері езу тартты. Әкелерінің беті бері қарағасын балалар жадырап сала берді.
7
Көктем. Сағыныш төртінші класс, Сағындық алтыншы класс оқиды. Ағасы көшеден бір сом тауып алыпты. Тал түс. Теміржол перронындағы шағын дүкеннен екі балмұздақ, екі сусын сатып алды екеуі. Вокзалда әскерге шақырылған балаларын шығарып салып жүрген қара-құрым адам. Ағайынды қоңыр қаз вокзалға жақын үлкен бақтағы арқалығы бар ұзын отырғыштардың біріне жайғасты. Әкесінің жиі айтатын сөзі. «Сендерден басқа кімім бар? Жалғыз тілек Жаратқанға, аман-есен жүріңдерші». Ағасы алаң көңілмен сұрақ қойды.
–Әнеукүнгі екіңді жойдың ба? Әкеміз күнделігіңді көрсе ренжиді ғой.
–Одан кейін бір төрт алдым,-деді Сағыныш.
Үлкен бақтың іші көз тартады. Кісі бойынан биік шоқ-шоқ бөртегүлдің, гүлдеген жиде ағаштарының тынысыңды ашатын хош исі қандай!.. Құстар шықылықтап сайрап тұр. Ағасы тағы әңгімеге тартты.
–Құстарды жақсы көресің бе?
–Әрине, әсіресе қарлығашты.
–Әжем марқұм да қарлығашты жақсы көретін.
–Күзде қарлығаштар жылы жаққа ұшып кетеді. Бәрібір көктемде біздің стансаны адаспай тауып келетінін класс жетекші апайымыз өсіп-өнген жерін ұмытпайтындығынан дейді.
Едәуір жерде қалашықтың өздері тұратын тұсындағы көршілері Салқам сары көзге түсті. Жүрісі ширақ. Көктемде, күзде арқасы ұстайтын ауруы болғанымен ешкімге зияны жоқ, үлкен-кішімен сәлем-сауқаты түзу. Дауыстап сөйлеп келе жатыр. «Бар деген бағыңда жүрмін, қайт десең қайтамын. Айтқаныңды екі еткен жерім бар ма?».
–Ассалаумағалейкүм,-деп орындарынан тұрған балалар кезек-кезек амандасты. Сақал-мұрты жалбырап өсіп кеткен Салқам сарының бет әлпетінде бір алаңдаушылық бар сияқты.
–Құдайды көрдіңдер ме?-дейді.
–Құдайды неге сұрадыңыз?-деген ағасы жарты шөлмек сусынын ұсынды. Сусынды бір деммен ішкен зіңгіттей жігіт бос шөлмекті анадайда тұрған қоқыс салатын темір жәшікке тастағасын қайтып келді.
–Құдай бір періштесін жібермекші болып еді. Осы бақтың оңаша бір тұсында сол періштесі отырған шығар.
–Бәрі де мүмкін, аға.
–Құдай осы баққа барғанымды хош көрді. Міне, келдім.
–Құдайдың бітім-пошымы қандай болады?-деді Сағындық.
–Құдайды көргенім жоқ, бірақ дауысын есіттім. Бүгін жексенбі емес пе?
–Дұрыс айтып отырсыз, жексенбі.
–Жексенбі күні періштемен сөйлес деген, сөйлеспесем болмайды.
–Аға, езуіңізде түкірік тұр, сүртіп тастаңыз.
Қалтасынан орамалын шығарған Салқам сары еріндерін мұқият сүртті.
–Ә, міне, осы бөртегүлдерді айтқаны есімде,-деді аумағы киіз үйдің орнындай, шоқ-шоқ бөртегүл бұталарын сұқ саусағымен көрсетіп. Іле-шала қойтаң-қойтаң басып бұталардың арасына кіріп кетті.
Ізінен қарап қалған Сағындық пен Сағыныш үн-түнсіз. Әлден уақытта тұншыққан дауыс шықты.
–Жібер! Жіберші енді...
Бір қолымен мұрнын, бір қолымен құлағын көлегейлеген Салқам сары бөртегүл бұталарының арасынан шықты.
–Шайтан екен азғырып жүрген,-дейді. Бір құлағы мен мұрны қызарып кетіпті. Ештеңе болмағандай Салқам сары әңгіме ауанын өзгертті.
–Бүгін бір сомымды жоғалтып алдым.
–Қай жерде жоғалттың?
–Білмеймін.
Бір сомды осы жігіт тұратын үйдің жанынан тауып алған Сағындық өзінен өзі қуыстанғандай қалған тиынын Салқам сарының қолына ұстатты.
–Рахмет! Құдай ауруымнан жазылатынымды айтып еді. Тездетіп жазылғым келеді. Мен, ұлықсат болса, қайтайын.
–Өзіңіз біліңіз.
Салқам сары орнынан тұрды, Сағындық берген тиын-тебенді қайта-қайта санағасын өтініп тұрғандай сөйледі.
–Бір сомымды жоғалтып алғанымды әке-шешеме айтпаңдаршы.
Ақыры мойнына іліп алған қара сөмкесін қолына алғасын асығыс қайтып кетті. Киім-кешегі жұпыны, көйлегінің бір қолтығы сөгіліп кетіпті.
–Құдай аясын,-деді күбірлеп сөйлеген ағасы.
–Құдай бар ма?-деп сұрады Сағыныш.
–Бар.
–Оны қалай білдің?
–Шешеміз айтты.
Салқам сары Құдайды тапты ма? Таппады ма? Дұрысында елші сипатында жіберген періштесімен тілдесті ме? Тілдеспеді ме? Сағыныш, әрине, білмейді. Бірақ кейінірек Салқам сары көктемде құстар келгенде, күзде құстар қайтқанда ұстайтын ауруынан құлантаза жазылып кетті. Әке-шешесі, қарындасы мен екі інісі есі шығып қуанғандары күні кеше. Бір жыл өткесін күйеуі қайтыс болған жас келіншекке үйленді. Ізінен өрген бала-шағасымен ел қатарлы күн кешті.
–Құдайдың құдыреті күшті. Қиналсаң да, қуансаң да бір Алла қаперлеріңде жүрсін,-дейтін ата-аналары Бегалы мен Айғанша.
8
Жаз шығысымен бақшалық басына көшеді үй-іші. Екі масахана, көрпе-төсек, ыдыс-аяқтар күнделікті қажет, басқа ештеңе алмайды. Сағыныштар жалғыз емес, бірқатар үйлер қара күзге дейін бала-шағасымен бірге бақшалық басындағы қосында түтін түтетіп отыратын.
Жазда күн ыстық. Қостары кең болғанымен үп еткен желі жоқ жаз қапырық. Үш күннен бері ауырып жатқан інісі Сағынтайға шешесі қостың көлеңкесіне төсек салып берді. Інісінің тамаққа зауқы жоқ, ара-тұра ішетіні жүгері сусыны. Кейде жөтеледі. Басында жеңіл-желпі ауру санаған шығар, бір-екі күнде ойнап кететіндей көрген әке-шешесінің көңілі алаң. Түстен кейін Бегалы әкесі үш аяқты мотоциклімен аудандық емханаға алып кетті. Кезекші дәрігер сырқатының белгілерін егжей-тегжейлі сұрап білгесін Сағынтайды ауруханаға жатқызыпты.
Дені сау кезінде ойына алмағаны ғой, Сағыныш Сағынтайын айрықша жақсы көретініне көзі жетті. Ұйқтар алдында кішкентай інісінің тездетіп сауығып кетуіне тілек қосады, Құдайға іштей жалбарынып жатады.
Сағынтай былтыр бірінші класқа барды, сабақтары бірыңғай бес. Оқу озаты. Сағыныштың ағасы да, өзі де осы уақытқа дейін бірде-бір класты үздік оқымапты. Бірінші класты бітірген екі бала Мақтау грамотасын алады, соның біреуі Сағынтайлары. Оқу жылы соңындағы қорытынды жиналысына қатысып келген шешесі дән разы, көңілді.
–Осы құлыным ата-анасын асырайды,-деп әкесі де дастархан басында көңілін кеңге салып сөйлейді.
Сағынтай ауруханада екі күн жатты. Тәжірибелі, білікті дәрігердің қолына түспеді ме? Неден сырқаттанғаны белгісіз. Дәрігері ауруын құпия ұстауы да мүмкін. Бір рет көкөніс, ақайран апарған ағасы екеуі хал-жағдайын сұрады төтесінен.
–Қашан жазыласың?
–Ертең жазыламын,-дейді Сағынтай. Айыбы бардай төмен қарап тұрып тілдеседі, езуінен күлкісі кетпейді. Жазылғаны былай тұрсын, ауруы меңдеп бара жатқандай. Туған бауырдың орны бөлек, бір күні қоста жалғыз қалған Сағыныш інісін таусылып ойлағанда жер-көкке сыймай кетті.
Ақыры аудандық аурухана облысқа жолдама береді. Жұмысынан сұранған әкелері Бегалы Сағынтайды облыстық ауруханаға апарып тастап қайтты. Тағы бір апта өтті. Әкесі бір рет емдеуші дәрігерімен телефон арқылы сөйлеседі.
–Жағдайы бірқалыпты,-дейтін көрінеді дәрігері. Ашып ештеңе айтпайтындай. Ботасы дегенде шығарда жаны басқа шешесі әкесін тергеп-тексергендей болады.
–Тамаққа тәбеті қандай екен?
–Оны сұрау ойыма келмепті.
–Төсегінен тұра ма? Әлде сартап болып жата бере ме?
Дәрігерімен баланың дәрі-дәрмегі туралы әңгімелескен әкесінде үн жоқ. Бұрын дастархан басында бәрі ашық-жарқын отыратын еді. Үйдің ішін бір көңілсіздік басты, қайсысы да тақ-тұқ сөйлеседі. Иттері Ақылтек бірдеңені сезетіндей, бұрынғыдай еркелемейді, қостың көлеңкесінде екі бүктетілген күйі сұлқ түсіп жатады.
Жері тегіс үлкен шабындық бақшалыққа іргелес. Ара-тұра суғарып тұрғасын пішендік жайқалып өсті. Енді пішен басы шешек атып, қатайып кетпей тұрғанында орып алу керек. Балауса күйінде орылған шөп қолдағы малдың қыстайғы азығы.
Сағыныш ағасы Сағындық екеуі таң атпай тұрады. Күн ысып кеткенше пішенді екі орақпен жарысып орып жүр. Түстен кейін күннің ыстығы қайтқасын жұмыстарын жалғастырады. Шалғыны ұршықтай үйіретін әкесі кейде өндіріп шауып тастайтыны бар. Десте-десте күйінде орылған шөпті күн көзіне кептіруге, баулауға, шабындықтың тұс-тұсына қауқайтып жиыстырып қоюға екі апта уақыт кетті. Енді сәті түскен күні жүк көлігімен қалашықтағы үйлеріне тасып алулары керек.
Бақшалық басында түбі терең құдықтары суға мелмендеп тұратын. Күнделікті ас-ауқатқа пайдаланатындары құдықтың таза суы. Бір күні Сағыныш қауғамен су алып жатқанында құдықта жүзіп жүрген кішкентай балықты көреді. Ашық сары түсі, сары қанаттары жалт-жұлт етеді. Алтын балық секілді.
–Жерасты суымен келмесе, құдықта жүрген неғылған балық?-деп әкесі аң-таң қалып тұр. Әкесі, ағасы үшеуі құдық басына келгесін әлгі балықты жарты қауға суменен бірге тартып шығарды. Әкесі кесікті сөзін айтты.
–Ақөзекке апарсаңдар ортасын табар, жақсылық жерде қалмайды, бір-бір тілек қосыңдар суға жіберерде.
Ақөзектің суы тұп-тұнық. Су түбіндегі бақалшағына дейін жарқырып көрініп жатыр. Ара-тұра Сырдариядан су жыққанда Ақөзектің ағысы бой бермей сарылайланып шыға келеді.
–Тілегіңді қос!-деп ағасы Сағындық қауғадағы суды төге бастады.
–Ішімнен айттым,-деді Сағыныш. Су тереңінде әлдеқайда асығыс жүзіп ала жөнелген алтын балық шөп-шалаң арасында көзден ғайып болып кетті.
–Қандай тілек айттың?-деп сұрады Сағыныш ағасынан. Ағасы кішкентай Сағынтайдың аман-есен жазылып кетуін тілепті. Осындай өтінішті өзі де айтқан Сағыныштың орасан зор қуанышы бетіне ойнап шыға келді.
–Өмір жасы ұзақ болсын, ортақ тілек айтыппыз.
Шешелері екі күнде бір рет қиярларды, ерте пісетін әңгелек қауындарды әкесінің мотоциклімен базарға апарғасын алыпсатарларға көтерме бағасына өткізеді. Әжептәуір ақша. Шешесі келесі оқу жылына бірқатар оқулықтар, қалам-қағаз, тағы бірде балаларына жеңіл-желпі киім-кешек сатып алды. Орталық базар бастығы Құрманғали әкелерінің түйдес құрдасы, жақсы танысы. Млитса әкелері кешіректеу пісетін қара қарбызды, шытырлақ пен торламаны мезгілінде сол кісі айтқан саудагерге ара-тұра өткізеді. Үшеуінің де дәмі тіл үйіреді. Жаз бойы күнделікті ас-ауқаттары бақша өнімі үстінде. Екібастан қап-қап картоп, пияз және сәбіз қыстай нәпақа. Сондай-ақ ала жаздай көк қияр, қызанақ, қауын-қарбыз балалардың жеңсігі.
Әкесінің айтуынша, Сағынтайды емдейтін дәрігері кезекті еңбек демалысына шығыпты. Ештеңе білмейтін мейірбике қызы жөнді сөйлеспейтіндей. Ата-анасының, балалардың көңілдері пәс, неше түрлі ой келетіні түсінікті. Күндіз-түні тілейтіндері Сағынтайдың денсаулығы. Үш апта уақыт өткесін қызметінен тағы да сұранған әкесі облыс орталығына шұғыл аттанып кетті.
Әкесі сенбі күні қайтып келді. Аяғын асықпай басатын әкесінен Сағынтай озып кетіпті. Туып-өскен шаңырағын сағынса керек, інілері құстай ұшып келе жатыр. Бақшада піскен қауын-қарбызды жиыстырып жүрген Сағындық пен Сағыныш қуаныштары қойындарына сыймай алдынан жүгіріп шықты. Қатар шапқан Ақылтек бәрінен бұрын жетті, арсалаңдап еркелеуін қоятын емес. Екеуі кезек-кезек құшақтарынан босатпай інілерінің екі бетінен сүйді. Сағынтай аппақ, топ-толық, қабынып ауырған өкпесі жазылыпты. Қосқа келгесін Айғанша бауырына басты, кенжесін қатты уайымдап жүрген, кенжесін айналып-толғанып отырған шешесі көзіне жас алды.
9
Кезекті оқу жылы басталды. Сегізжылдық мектеп. Сағыныштың оқитыны жетінші класс. Сегізінші, жетінші класс балаларын қалашыққа жақын орналасқан ұжымшардың егінін жинастыруға апаратын болды. Оқушылар батпағы кеппегесін комбайн түсе алмайтын атыздарды, сондай-ақ дәндері ауыр басын көтере алмай сұлап жатқан күріштікті орады. Қолғабыс жасауға кететін уақыт кемінде бір ай. Жасы, жасамысы аралас ұстаздарымен бірге оқуын биыл бітіріп келген, орыс әдебиетінен сабақ беретін Балқараш ағайы да бармақшы. Балқараш класс жетекшісі.
Ұстаздары да, балалар да ұжымшар орталығындағы клубта жатты. Таңертең жұмыс басына алып кетеді үш-төрт көлікпен, кешкісін қайта алып келеді, түсте жұмыс басындағы қырманда ауқаттанады.
Бірде іңірде қайтатын көліктерін күтіп отырғандарында Балқараш ағайы балаларға Н.Гогольдің «Вий» атты әңгімесін айтып берді. Осы ғажайып әңгіме Сағыныштың жан-дүниесін қатты толқытты.
–Қайсысың кітапханаға жазылдыңдар?-деді ағайы.
Бес-алты бала қолдарын көтерді. Қыздар апайларымен бірге сәл әріректе отыр еді. Класс жетекшісі тағы бір сұрақ қойды.
–Қыз балалардың кітапқа ынтасы қандай?
–Кітапханаға баратындардың көпшілігі қыздар,-деп жауап берді Атакелді деген бала.
Сөздері ұстамды, киім киісі мәдениетті Балқараш ағайларының жан жылуы ерекше. Оқығаны-тоқығаны көп. Сағыныш мектеп кітапханасына жазылмағанына қатты ұялды.
Күнде таңертең жұмысқа бара жатқандарында көліктері жалғыз бейіттің жанынан өтеді. Бейіттің бір шеті опырылыпты, қорқынышыңды оятатындай үңірейіп тұр. Білмекке құмар балалардың сұрағы аз емес.
–Кешіріңіз, мына зиратта кім жатыр?
–Мен оның тарихын жергілікті ағайыннан естіп-білдім,-деді Балқараш ұстазы. –Кешкісін айтып берермін.
Орындықтарын жиыстырып тастағасын ауыл клубы кең. Клуб төрінде қыздар, орталарында оқытушылары, кірер ауызда ер балалар жатады. Апайлар жаңа түскен келін сияқты шымылдық құратын. Балқараш ағайы жетінші класс ұлдарымен бірге жайғасты, ұстаздарының бәрінің темір керуеттері бар.
–Өткен ғасырда бір бай өмір сүріпті,-деп бастады ағайлары әңгімесін. Ауыл-елге сыйлы, қайырымды кісі болған көрінеді. Есімі Баймаман. Балаларының бәрі жақсы тәлім-тәрбие алып өседі. Баймаманның соңғы үйленгені ұлты басқа кірме әйелдің жасөспірім қызы. Осы қыздан туған тұңғыштары Тілләкәрім әуейі. Жақсы ма? Жаман ба? Мән беріп жатпайды. Бала күнінде жас мысықты қойдың бас жібімен қылғындырып өлтіргесін әкесі мықтап тұрып сыбағасын береді. Аққолтық тоқалынан туған басқа ұл-қызы инабатты, ажарлы, елдің салт-дәстүрі қандарында. Тілләкәрімнің ойына не келсе, соны істеу әдеті, соған қарамастан есіл-дерті бақида жұмаққа бару. Сырт жұртта табаны күректей төрт жыл оқып-тоқығаннан кейін бұрынғыдан бетер өзгеріп келді. Күнделікті тірлігі басы ауған жаққа қаңғырып кету.
Бір күні төтенше әңгіме ду ете түсті. Тілләкәрімнің жын-перілерге табынатыны елдің жағасын ұстатады. Баймаман шақырып алып сөйлесті.
–Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды. Басыңа не күн туды?
Соқталдай жігіт баласы екі асығыс, бір қарбалаңда жүргендей құйрығын басып отыруды көп көргені шығар.
–Сіздің заманыңыз басқа, менің заманым басқа,-деп шығып жүре беріпті. Әдетте, мұндай шетін, елдің ынтымақ-бірлігіне сызат түсіретін мәселе ақсақалдар талқысына түседі. Ақсақалдар кеңесінің үкімі қайта қарауға жатпайтын, сондай-ақ бірбеткей қаталдығы басқаларына сабақ. Осыны есіткен Тілләкәрім әкесінің алдына келіп аяғына жығылады.
–Жаздым-жаңылдым. Хақтың жолын қайта тапқым келеді. Жат орта, жат тәрбие, жат білім азғырыпты,-деп кешірім сұрайды.
Ит те болса өз қаны, жамандыққа қимағасын әкесі осы сөздерін күнделікті іс-әрекетімен ақтауды үзілді-кесілді талап етіпті. Күндер өтіп жатты, Тілләкәрімнің беті бері қараған сыңайлы.
Батысқа немесе Шығысқа сауда-саттықпен жол тартқандар осы өңірді басып өтеді. Бір күні саудагерлер керуеніне ілескен баласы басы алыс елге сапарға шықты. Баймаман сәт-сапар тіледі, жиған-терген алтын-күмісінің біршама бөлігін қолына ұстатты. Үлкен-кіші шешелеріне, аға-апаларына, іні-қарындастарына қымбат базарлықтар әкелуді ықтияттап тапсырды. Баласы ұзақ жылдар хабар-ошарсыз кетті. Кейінірек жолаушылап келгендер сол жақта жүріп үйлі-баранды болғанын, әулекі ортасын, жын-шайтандарын қайта тапқанын, ел-жұртын ұмытқанын жеткізеді.
–Мен үшін балам өлген,-деп бойын ашу-ыза кернеген әкесі осы бейітті тұрғызыпты. Маңдайшасына: «Тілләкәрімнің моласы. Өзі жұмаққа барғысы келеді, бірақ күнәлары етегінен тартады» деген жазу түсірткізеді. Ол жазу бертінде жел мен жаңбыр-қарға шайылып кеткендей. Айдала, құладүз, бақсының моласындай жалғыз бейіт түрлі ой салады.
–Сендер өскесін шетелге кетесіңдер ме? Туып-өскен елің мен жеріңде, Қазақстанда өмір сүресіңдер ме?-деді Балқараш ағайлары.
–Қазақстанда өмір сүреміз,-деп балалар ұлардай шулап қоя берді.
10
Сағыныш сегізінші класты төрт пен бес сияқты жақсы бағалармен бітірді. Ол кезде сегізінші кластан кейін педагогикалық училище, медициналық училище, техникум сияқты оқу орындарына түсіп оқуға болатын. Бір жағынан жалпы орта мектептің бағдарламасын игересің, екінші жағынан белгілі бір мамандық иесі болып шығасың.
Оқып бітіргендері сегізжылдық мектеп. Жоғары кластарды Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте әрі қарай жалғастыратындары айтылды. Сәтбаев мектебі жаңадан салынған үш қабатты білім ошағы. Қалашықтағы мектептер екі қабатты, бір қабатты болып келеді. Жаңа мектептің сыртқы сәулеті алыстан көз тартады, волейбол, баскетбол алаңдары бар, жас тал-терек бой көтерген ауласы қандай!..
Староста Аршагүл сегізіншіні бітіргендерінде кластастарын туған күні тойына шақырды. Он беске толған құрбыcына кәдесый сатып алуға елу тиыннан ақша жинағандай ұмытпаса. Оқушы балалар бір бөлмеде, ішінде класс жетекшісі бар ағайлары мен апайлары келесі бір бөлмеде отырды. Алғашында домбырада күй тартылды. Әнші балалар ән айтты, ара-тұра қайырмасына бәрі қосылып кетеді. Түрлі ойындардың қызығына түсті. Қыздар пысық, ойын-сауықтан қашқақтайтын ұлдарды ырду-дырду ортаға қосады қоярда-қоймай. Аршагүлдің ата-анасы күйлі-қуатты тұратын адамдар болса керек, балалардың бәріне шағын сыйлықтар ұсынды. Сағынышқа сыртында қорабы бар автоқалам тиісті.
Құс етін қосқан ыстық палау тартылғанында бәрі дастархан басына қайта жайғасты. Ол кезде шарап, темекі балалардың бойына жат. Ыдыстарына тәтті сусын құйылған сайын Аршагүлге арнаған тілектері ағытылады. Ата-ана үмітін ақта, денің сау, қайырымды бол деген мағынада, бәрінің сөздері ұқсас. Қыздар ұл балалардың бөлектенгеніне қарсы, ұл мен қызды қатар отырғызып қою ортақ тәртіп. Бірін-бірі іштартатын Сағыныш пен Бибәтиманың ым-жымы бір, Бибәтима сырт көзге білдірместен Сағыныштың алақанын қысып қояды.
–Жағдайың жақсы ма?-дейтіндей. Сағыныш та үстөл жапқышы астында осындай әрекет жасайды.
–Жақсы. Өзіңнің жағдайың қалай?-деп сұрайтындай. Құпия ишара арқылы тіл қатысудың басқа да астары бар шығар, Сағыныш оның байыбына барған емес.
Үлкен үзіліске оқытушылар мен оқушы балалар қатар шықты. Тай қазанда бабымен пісіп жатқан қой етінің дәмді исі сезіліп тұр. Сондай-ақ күйтабақтағы жан жадыратар Шәмші әуені бойды балқытады. Кең ауласының жүзім жапырақтары көмкерген көлеңкесінде қыздар ағайларын биге шақырып жүр. Басқа бір мектептен былтыр оныншыны бітірген Балзира деген бойжеткен гимнастикадан сабақ беруші еді. Бет-әлпеті сүйкімді, спорттық үлгідегі жеңіл киім-кешегімен денешынықтыру залында жүргенінде бой-бітімі көз тартатындай көрікті. Кластағы қыздарымыздың аяқтары көкқұтан құстікіндей сыйдиған-сыйдиған, уақыт өте келе олар да толысып, толықсып бой түзейтіні ол кезде ойымызға кіріп шықпаған сияқты. Кластас баласы Өркен Балзирамен биге кірісіпті, екеуі екі рет биледі. Өркен жүрек жұтқан бала, сотқар. Лақап аты Бөрі. Танысқан-біліскен қатар-құрбысына мінезі ашық-жарқын, бауырмал, билеп жүріп Балзираға көңілін білдіріпті.
–Апай, Сізге үйленуге бола ма?-дейді.
–Оныншыны бітіріп ал, сосын сөйлесеміз,-депті Балзира. Кейін Өркен мектеп бітірген бойында екеуі шаңырақ көтерді. Ішіне қалай сыйып жүргенін бір Құдай білсін, осы әңгімесін Бөрі үйленгесін барып бір-ақ айтты.
Жақсы отырыс болды. Сыпайы қоштасқан балалар тұс-тұсына тарқасты. Кештетіп үйіне келсе елде тұратын, дарияның арғыбетіндегі «Сарыжазда» орта мектеп директоры, әкесінің немере інісі Имамиддин келіпті. Оқу жылының қорытындысына арналған аудандық жиналысқа қатыспақшы. Имамиддин көкесі ішімдік ішпейді, бірақ ара-тұра аңсары ауатыны сыра. Сағыныш екеуі вокзалдың бір қапталына орналасқан сән-салтанатты мейрамханаға жиналды.
Ағасы Сағындық өздері тұратын қалашықтағы әйгілі теміржол училищесінің шәкірті. Болашақта шойынжол көліктерінің жүргізушісі. Осы училищеде Ресейден, Украинадан келетін балалар да оқитын. Ағасы қазір Қостанай облысында өндірістік тәжірибе сынағынан өтіп жүр.
–Ағаңның жолын қуып училищеде немесе техникумда оқисың ба? Әлде мектептегі оқуыңды жалғастырасың ба?-деді Имамиддин көкесі жолда.
–Өзім де білмеймін,-деді Сағыныш.
–Әкең не дейді?
–Әлі ештеңе айтқан жоқ.
Мейрамханада адам көп, жаңа түскен сыра, Имамиддин көкесі ықыластанып екі саптыаяқ сыра ішті. Сатушы әйел Сағыныштың қолындағы үлкен тобатайды толтырып салқын сыра құйып берді.
Ертеңіне таңғы шәй үстінде әкесі баласының болашағына қатысты тоқетер сөзін айтты.
–Әрі қарай оқы, мектепті толық бітіріп шық. Маған да бақша мен шабындыққа қолғабыс жасайтын адам керек.
Ағасы Сағындықты әне-міне әскерге алып кетуі мүмкін. Ендігі сенетіні Сағыныш пен Сағынтай, қалғандары әлі кішкентай. Көп ұзамай әкесі жұмысына, Имамиддин көкесі жиналысына кетті.
Сағыныш көше беттегі ұзын отырғышта отыр. Сәл әрірек тұратын ерлі-зайыпты көршілері Ғибрат пен Болғанай көрінді, орталарында тұңғыштары Балжан. Сағыныш орнынан тұрып амандасты, қос қолын екеуіне де ұсынды.
–Сағыныш, биыл нешінші класты бітірдің?-деп сұрады Ғибрат ағасы.
–Сегізіншіні.
–Күні кеше ойын баласы едің. Міне, енді сен де жігіт болдың!-дегендей ойларын екеуі жарысып айтып жатыр.
Ғибрат пен Болғанайлар ұзаңқырап кеткесін Сағыныш түрлі ой қаузады. Тілек көп. Балқараш ағайы секілді білімді болу бір арманы. Әкесіне еліктегендей сабырлы, салмақты мінез қалыптастыру тағы бір көздегені. Оған енді шешесі айтпақшы, әйтеуір бір ісінде шалалығы көрініп қалатын. Көбінесе қамшы салдырмайтыны рас, бірақ кейде кейбір тапсырманы жақсы бастайды да аяғын сұйылтып жібереді.
Кім бай болып, бақша-мұратына жетеді? Осы сұрақтың да жауабы белгісіз. Ия, үлкен-кішіге қадірлі адам болу қиынның қиынындай.
Бірқыдыру жерде биыл мектебін бітірген Айзада келе жатты. Орталық базардан қайтса керек, қолдарында азық-түлік салынған екі торша. Сағыныш енді байқады, қақпасының алдына ескі-құсқы аяқкиімді сүйретіп шығыпты. Ілдәләмен жүргеніне Айзададан ұялатындай үйіне кіріп кетті.
* * *
Ертеңіне таң сібірлеп атқанында Сағыныштың ұйқысы шайдай ашылғаны. Аяғын ұшынан басып ауласына шықты. Осы аптада Қостанайда өндірістік тәжірибе сынағын өткізген ағасы Сағындық келмекші. Алты ай уақыт өтті, ағасын қатты сағыныпты. Ата-анасының сөзіне қарағанда, тағдырдың күнгейі мен көлеңкесі алма-кезек. Асылық айтса, Құдай кешірсін. Бірақ ағасы екеуі қол ұстасып тұратын болса, күтпеген қиындыққа да төтеп беретін сияқты.
Таң алдында көрген түсін есіне түсірді, ойын баласы кезінде түсіне енген, қанаттарында аппақ ноқаттары бар қызыл көбелек алақанына қонды.
–Сағыныш, жағдай қалай?-дейді.
–Жақсы.
– Ойың мен бойыңды таза ұста. Құдайдан ұзақ ғұмыр тіле. Мұңсыз-қамсыз өмір жоқ, бәрібір пәниде көретін жақсылықтарың көп болады.
–Рахмет, айтқаныңыз келсін.
–Басқа әңгіме жоқ. Қуаныш үстінде кездесейік. Аман-есен бол.
–Аман-есен болыңыз.
Әлдеқайдан жетіп келген Ақылтегі аяғына оратылып жүр. Қызылшырайланған күн аппақ түске енді. Көңілі ән салып тұр, қайыр-шапағаты көптей көрінетін жарық дүние қосылып әндетіп жатқандай.