Адам қарады: 33 | Жарияланды: 2017-08-25 05:14:49

Ғасыр үні

Ол – бақытты  бола тұра, өзін

 «бақытсызбын» деп санайды. Неге?

 

Бірінші   тарау

Жыланды өзенінің бойын қуалай орналасқан ұзыннан-ұзақ екі  көшеден тұратын, Александровка елді-мекенінде еңгезердей қара торы жігіт – Медет Қонайұлының бас малдәрігері болып жұмыс істеп жатқанына бірнеше  айдың жүзі. Ол келердің аз-ақ алдында екі ұжымшар қосылып, жаңадан «Сольнечный» кеңшары ұйымдастырылған.

Үйренісе алмай жүрді. Халқының  көбі орыстар. Әр жерден келген байырғы тың игерушілер бұл күнде Ақмола өңірін жерсініп кеткен. Іштерінде сотталып,  уақытынан бұрын босап шыққандар көп. Екінің бірі солай. Әйел-еркектеріне дейін арақ ішіп, түні бойы көшені бастарына көтеріп, шуылдап жатады. Ал осындай ортада әр тұстан төбелері  шошайып,  бірен-саран қазақ көзге түсетін.

Жұмысшылардың малға салдыр-салақ қарағаны сонша, қорадағы шошқаның торайлары боққа белшесінен батып жатады. Еденнің тақтайларын бассаң, аяғың шылп-шылп нәжістен көргісіз, үстіңе шашырайды. Қара малдың жағдайы да оңып тұрған жоқ. Үсті-бастары қысы-жазы саталаған боқтан көрінбейді. Іргедегі  сүрлемді жылыдай қораға әкеліп берудің орнына, аязда далаға шашып береді. Күн суықта қатқан сүрлемнің құнары болмайтынын білмейді-ау, әсті. Бұл малға мұз жегенмен бірдей әсер етеді. Азығының құнары болмаған соң, жануар арықтап, саулықтар іш тастап жатыр. Ал қара малдың алдында жем-шөбі болғанмен, асты таза болмаған соң, қоңы келіспей тұр. Күтімі келіссе, терісі жылтырап, тез оңалып кетер еді.

Кеңшардың бас зоотехнигі Ескендір Байзақов деген кісілігі мол, момын жігіт. Оның  жуастығын пайдаланып, өңшең орыстар жиналыс сайын жерден алып, жерге  салып, күн көрсетпейді-ау, күн көрсетпейді. Айналасындағы жұрт әмпей-жәмпей ауыз жаласып, өз жұмыстарын жөнді атқара алмай жүрсе де, жеме-жемге келгенде, бар кемшілікті Ескендірге үйіп-төге салатыны қызық.

Ол − нағыз азамат. Нар түйедей ыңыранып, ләм-мим демей, бәрін көтереді. Бір қызығы, қарамағындағы Ковалев пен Семченконы бір шыбықпен айдап, шаруаға жегіп қоюдың орнына, бәтшағарлардың ұлтшылдыққа салынып, Ескендірді жүндей түтетініне қайран қаласың да. Көзі ашық, көкірегі ояу деген, партия ұйымының хатшысы Қалиев Кәкен олармен бірге арақ ішкеніне мәз. Малдың өлім-жітіміне көңіл бөлмей, тек қызығын көріп, шыжығын бас зоотехниктің мойнына іле салу – олар үшін қиын емес. Ауырдың үстіменен, жеңілдің астыменен жүруге дағдыланып алған, сабаздар.

Осы бір келеңсіз  көрініске көңілі толмай, күнде ертеңгісін малшылармен бірдей, қора аралайды. Мал фельдшері Иван Иванович екеуі көбіне жаңа бұзаулаған төлдердің ауырған-сырқағандарын қарап шығады.

И.И.Луцтің бір жылдық мал дәрігерлік курсты бітірген білімі  болғанмен, осы жүргендердің  бәрінен артық, оқыған-тоқығаны көп, еңбекқор азамат. Қашан да Медетпен бірге, жұмысты беріліп істейді. Малдың паразитарлық басқа да жұқпалы ауруларына қарсы алдын ала жоспарын жасауды және оны жоспарлауды Медет алғаш И.И.Луцтан үйренді. Оның бар  кемшілігі, кейде жұмысқа шықпай, екі-үш  күн арақ  ішіп, жатып қалатыны ғана...

Жас маман таңның атысы демей, күннің батысы демей, жұмысшылармен бірлесіп, малға жағдай жасаумен әуре. Жұмысын мінсіз атқарғысы келді. Теория жүзінде меңгерген білімін тәжірибе жүзінде қолданып, шаруашылықты табысқа жеткізуді көздеді. Осы мақсатпен Медет төлдерді піштіріп жатқанда, бөлімше меңгерушісі Ковалев пен партия ұйымының хатшысы Кәкен Қалиев келе қалмасы бар ма?!

Бұрынғы бас зоотехникке істеген қоқан-лоққы қылықтарын бұған да көрсеткісі келді ме, бөлімше меңгерушісі Ковалев, жұрттың көзінше Медетке шүйлігіп, кәкүр-шүкір нәрсеге бола, анау неге анандай, мынау неге мынандай деп көкшіл көздері ежірейіп, бас бармағын шошайтып, жекіре сөйлеген.

  • Бұл мәселені  партия жиналысында қарау  керек екен, – деп

Қалиев те қостады.

Оларды сабырлы тыңдап алған Медет:

– Мені жас деп тәрбиелегілеріңіз келсе, ең алдымен үйлеріңізге барып, тынығып  келгендеріңіз жөн  болар. Масаң күйде жұмыста жүргендеріңіз ұят емес пе? Сөйлеудің жөні осы екен деп, жұмысыма кедергі жасамаңдар, – деді байсалды қалпын бұзбай, жұмысын жалғастырып жатып.

Мұндай жауап күтпеген парторг:

– Ой-боо-ой, бауыры-ым-мм! Сен оныңды қой, – деді әбіржіп.

Медет айтарын айтса да, артынан өкінді. Үндемеуі керек еді. Не тапса да, тілінен табады. Кәкен Қалиевке жыны келді да. Қандасы. Ілуде бір кездесетін қазағын көріп, жаны жадырағаны жаңа. Жігітағасының төбесін көргенде, қуанып-ақ қалған еді. Әңгімелерінің сиқына қарап, көңлі су сепкендей басылды. Бәрін қойшы, жас кадр екенін біледі, аузынан шығатын бір ауыз жылы сөзін аяды.

  • Бәрекелді, жігітім!
  • Қораң малға толсын! – десе болмас па?!

Айдаладағы Журкович:

– Бұл совхоз саған қолайлы емес. Мына жұмысты  істей  алмайсың-ау, басқа ауылға бар. Шошқа дегенің, сен ойлағандай емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазақ деген мәдениеттен артта қалып, далада мал баққан, шошқаның сырын білмейтін ұлт емес пе? – деп креслоға шалқайған күйі, қабағын кіржиткен.

Совхоз директорының қабылдауына дипломмен келген жас маман, оны жанамалай, «Т» әрпі нобайымен орналасқан үстелдің төрінде – директор отыр.

Директор Медетті менсінбей, бұғағы салбыраған томпақ, бұжыр беті қызара бөртіп, кішкене көкшіл көзінің аласымен, оған немқұрайлы қарап қояды:

– Неге үндемейсің? – деді.

Журковичтің қисынсыз сөйлеген сөзі оның жанына жайсыз тисе де, шыдап-ақ бағып еді, мынауына шыдай алмады. Төрағаның өзінен едәуір жас үлкендігіне қарамастан, бірден қабағын түйіп:

  • Сергей Иванович, сіздің айтқан сөзіңізге қосыла алмаймын. Ауыр

жұмыстан қашатын адамыңыз мен емес. Және тағы айтарым, қазақты мәдениеттен артта қалған деген сөзіңіз тым артық. Қазақтың меймандостығын, ақ көңілділігін елемей тұрсыз,  –  деп маңдайы жиырыла қалды.

Мұндай жауап күтпеген директор жалпақ креслоға  сыймай, қозғалақтап, оң жақ бүйіріне қисая жайғасты. Семізше келген қоңыр кескіні бір сұрланып, бір бозарды.

Үн жоқ. Тым-тырыс. Біршама уақыт өтті.

– Мен ешқайда бармаймын, осында қаламын, – деп Медет  орнынан тұра бергенде:

– Кадр бөліміне бар, онда, – деп Журкович немқұрайлы қол сілтеген.

Тап қазір Қалиев пен Ковалевтің ызасынан, совхоз директоры Журковичтің сол айтқандары есіне түскенде, «айналайын» деп арқасынан қаққандай болды. Бір жағынан оның намысқа тырысып, бар ынтасын салып, жұмыстың ыстық-суығына мойымай жүргені, Журковичпен арадағы әңгіменің әсері.

Әнеугүні шаруашылыққа бүлдіршіндей жас қыз мал дәрігері болып келді. Жас маманның тәжірибесіздігінен бір пайыз купоростың орнына, он пайыз купорос қосып, он шақты қой заматта пышаққа ілінді. Сонда Медет қызды соттатқызбай, арашалап қалған болатын. Сол ісін Журкович аракідік бетіне басып жүр.

Медет өз жұмысын атқарып болған бойда, күн-түн демей, үсті-басы боқ, креолин аңқып, аяғындағы керзі етікпен нәжіс кешіп, басқалардың жұмысына көмектесіп, сіңбіруге уақыт таппай, мұрнынан шаншылып жүргенде, су жұқпас Семченко келіп:

– Сен қара жұмысқа ауыссайшы. «Еңбек ері» боласың, – деп мұқатқанымен қоймай, көзінен жас аққанша шиқылдап күледі-ей.

Әншейінде ол салмақты да, сабырлы еді. Сіркесі су көтермей, шаршап-шалдыққаннан шығар, Семченконың сөзі намысына тиіп кетті.

– Не дедің? Қайталап айт!

Қарлығыңқы жуан даусын көтеріп, Иван Ивановичтің жағасынан ұстаған күйі, сілкіп-сілкіп жіберді.

Семченко арағын ішіп, аузына не келсе соны айтып, бұлғаңдап үйренген адам. Бұлай істің насырға шабатынын білмей қалды. Не  істерін білмей, көздері жаутаң-жаутаң айналасына қарады да, қызықтап тұрған адамдарды  байқап:

– Қойдым, қойдым, – деп екі қолын көтеріп, ыржыңдап күле берді, қу неме.

– Қылжақтасатұғын, мен сенің құрдасың емеспін, біліп қой, оны, – деді Медет зілді үнмен.

Қарашы, бұларды. Оқымаған, қара жұмысшысына дейін басынады. Істесең тағы мұқатады, істемесең тағы мұқатады. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, қай-қайсымен болсын ортақ түсінісу – Медетті ойландырды. Бір жағынан осы қылықтарына үйрене алмай жүр.

Институтта оқығаны бар, жастайынан қой бағып, сиыр бағып, іштей ұғынып-түйінгені бар, Медет жұмыстағы көзімен көрген кемшіліктерді ретке келтіруге әрекет еткені соншалық, әр жұма сайын болатын директордың лездеме жиындарында, мамандардың шаруашылыққа атүсті қарап, жүгенсіз кеткендерінің аты-жөнін әшкереледі. Бірақ одан ешқандай нәтиже шығара алмады. Ковалев пен Семченколарды тәртіпке шақырудың орнына С.И.Журкович мойнын костюмінің ішіне тығып алып, бүлк етпей отыра берді.               

Намысқа тырысып, жұмысын тап-тұйнақтай атқарып жүр. Үлкен ыждағатпен, жас қозы, торайларға дейін өзі  тексеріп, іші-сыртын сипалап қарап, жұрттың көзінше актілеп, не себепті малдың шығын болғанын түсіндіріп, қолдарын қойғыздырады. Сондай бір сәтте, күтпеген оқиғаға тап болды.

Ескендірдің жуастығын пайдаланған Семченко сияқты қулар колхоздың совхоз болып қайта ұйымдасқанда, жүз елу шақты қойын есепке кіргізбей, Еміл деген шопанның отарына қосып бақтырыпты. Сол  ұрлықтарын ашып, кіріске кіргізді. Сүйтсе, атқа мінерлердің күнде ет жеп, арақ ішіп, мәре-сәре болып жүргендері осындай иен байлықтың арқасында екендігі көпке әшкере болды.

 

 

***

 

 

Уақыт жылжып өтіп жатыр. Медет жұмысқа алғаш келгенде жаз еді, сырғып күз өтті, қақап қыс өтті. Енді міне, көктем келе жатыр.

Көк көрпесін көсілте жайып, құлпыра түскен сәуір айындағы жылы леп, Медеттің еңсесін бір көтеріп тастады. Мал қорадан шыққан оны, далада құйқылжыған құстардың үні елітті. Әредікте, нәуірзек секең-секең етеді.

Осы мезгілде қырғауыл-қырғи атып келер еді, – қолы тимей жүр. Мал төлдеу науқаны қызған шақ. Қол қалт етсе, осы шаруаны аяқтап алып, бір демалысында құс аулап келмесе. Бірқалыпты жұмыстан жалығып кетті.

Кеше ол тау-кен институтын бітірген, Аманқұл мен Ораз деген  достарынан хат алды. Өскеменде жұмыс істеп жүрген олар:

 

Біз жүрміз қорғасын жеп, мырыш шайнап,                                               

         Тамақты, көмекейді шаңмен майлап,                                                       

         Медет-ау, сенен құйрық келер қашан,                                                       

         Жүрсің  ғой, бір қора мал алдыңда айдап, – деп өлеңдетіпті.

 

«Жеке меншігім болса, бір сәрі. «Бас мал дәрігері» деген дағарадай атағым болмаса, қорамда тігер тұяқ жоқ. Менің де сендерден асып  бара  жатқан жерім шамалы. Малдың боғына батып жүрген адамда қандай күй болмақ. Менде бір, малшы да бір», – деп миығынан күліп, көзіне түсіп кеткен ескі құлақшынын желкесіне қарай жәймен ысырды.

Содан өзі бақандай бес жыл оқыған қала көз алдына көлбеді. Қалжыңбас достары айтады-дағы. Қым-қуыт қаланы сағынды.

Күншуақта әрнені ойлап, мамыражай тұрғанында:

  • Келе жатыр, бастық келе жатыр! – деген дауыс жалт қаратқан.   

Құйындатып қос мәшине келеді. Біреуін таныды, совхоз директоры Журковичтің мініп жүрген көлігі. Оның алдында – аппақ волга.

Бос әңгімемен карта ойнап, темекі шегіп, топтанып отырған жұмысшылар өре түрегеліп, бір-бір күрек пен айырды ала сала, қораға зып берді. Ал, Медет қора сыртында тұрып, келе жатқан қонақтарды күтті.

 Ақ волга жеңіл сырғып кеп тоқтағанда, қапталдаса қалған вилистен Кәкен Қалиев асығыс түсіп, волганың тұтқасына жармасты. Оның жанында қалбалақтаған Журкович:

  • Шаршамай жеттіңіз бе, Андрей Иванович? – деді волгадан түскен

сұңғақ бойлы, түсі суық адамға ілтипатпен иіліп.

         Апырай, мыналардың Қалиев пен Журкович екені рас па? Рас болса, неменеге құрдай жорғалап жүр? Ілуде бір келгендерінде қабақтарынан қар жауып, терілеріне сыймай кетуші еді. Бүгін өздерінен лауазымы жоғары бастық келгенге ме, райлары басқаша ғой. Жайылып төсек, иіліп жастық бола қалғандарын қарашы.

  • Бала, сен неғып тұрсың? Кел, бері! – деп Кәкен мұны шақырды.
  • Андрей Иванович, бұл біздің жас маманымыз болады, – деді

Журкович көліктен түсе салысымен, таяғына сүйенген кісіге жылы жымиып.

         Қидың иісі сіңген үсті-басын қораш көріп, қастарына жақын баруға ыңғайсызданды да, бас изеп алыстан сәлемдесе салды.

  • Әй, мында кел! Бұл біздің аудандық партия комитетіндегі бірінші

хатшымыз Андрей Иванович Липетюк мырза болады! – деп Қалиев жалбаң қағып жатыр.

         Құжаттарды қарап, малдың жай-күйімен танысар, аңғал-саңғал қораны көзімен көрер, шаруашылықты өркендету жөнінде жұмысшыларды жинап, кеңес берер, кем-кетігімізді толықтырар деп ойлаған. Қайдағы?! Қораға қарай жәй ғана көз тастағаны  болмаса, аттап баспады.

         Кетерінде:

– Тамыз  айында  жылдық ет жоспарын орындаңдар, әйтпесе,  бюроға саламын, – деп директор мен партия ұйымының хатшысын қорқытып, екі аяғын бір етікке тығып кетті.

Журкович пен Қалиев:

  • Мақұл, Андрей Иванович, мақұл!
  • Күзге дейін малдың салмағын өсіріп, қоңын жақсартамыз, – деп

жүйелі сөз айта алмай, тек бас  шұлғумен болды.

Бұл жұмысты орындайтын Ескендір Байзақов демалыста жүргендіктен,  директор тікелей Медеттің өзіне тапсырма берді.

 

 

***

 

 

Әзірге екі нәрсенің заманы жүріп тұрғанын біледі. Бірі – қалтаңда парт билет болса, ақ дегенің – ақ, қара дегенің – қара. Беделің өсіп, абыройың артады. Айтқаның – заң. Сөзіңе ешкім  қарсы шықпайды. Жолың ашық. Жұмыссыз қалам деп ойламайсың.

Екіншісі – арақ. Бұның күшінде де шек жоқ. Ол –  шындық. Досты жау етем десең, түк емес. Дұшпаныңды дос қылам десең де, оп-оңай. Қысқасын айтқанда, қолынан келмейтіні  жоқ. Үйіңе келген қонаққа табақ тартпай, арақ берсең, бұ заманда сенен жақсы адам болмай, көңілі әуелеп, мақтауыңды жеткізеді. Жұмыста да сол, арақты  көрсе сілекейі шұбатылып, аңсары ауып, бар дүниені ұмытады. Медет те осы әдісті қолданып, бригадир мен малдәрігерлерін есін тандыра арақпен сыйлады. Әйтпесе, айтқанын орындағалы тұрған олар жоқ. Жалынып-жалпайып, малды жайылымнан алғыздырған. Келесі күні мал өлшеуге кіріскенде, малды бригадирдің  қасындағы мал дәрігері өлшеді. Қабылдап ала бастағанда, мас болып жатқан бригадир анда-санда басын көтеріп, өлшеп, жазып жатқан тізімге қарап:

– Сендер неге түзетулер жасайсыңдар? – дейді. Мас болса да, түбі осының бәріне өзі жауап беретінін білетін секілді. Медет ішкізіп қойып, өлердегі сөзін айтып, салмағын қосқызды. Сөйтіп малдың салмағын жүз тоқсан тоннаға әрең жеткізді.

Медет С.И.Журковичке мал өткізгенде болған жағдайды айтып түсіндірген еді. Ол рахмет айтудың орнына:

–  Тапсырған малдың салмағы аз! – деді. – Қосу керек!

Ішкен-жегенінен ауыстырып, қалтасының түбін қағып, бұрын көрмеген, танымайтын адамдарға болмысында бітпеген қулыққа барып, істеген еңбегі зая кеткеніне мұндай күйінбес. 

Осы Журковичтің жаратылысы жұмбақ... Жақсыны  жақсы  деп  қабылдаудың орнына, кере қарыс маңдайы жиырылып, қабағы тырысатынын, қайтерсің. Және оның жұмысқа деген тоңмойындығы мен, салғырт-салақтығы да түсініксіз. Әйтпесе, атқа мінерлерді шетінен бет-бетіне жібермей, жандарын көзіне көрсетіп, жүрмей жатқан  жұмысты  талап  етпес  пе еді?! Ол үйтпейді. Оларға сөз айтуға қорқатындай, жан-жағына қипақтап қарап, үндемейді. Әлде бұрын бригадирден асып, лауазымды  орынға отырып көрмегесін, жұртпен жаманатқа қалмайын дей ме екен? Олай ойлау да қисынсыз. Онда неге Медетке қарадан қарап, қатқыл даусы шығып, күжірейе қалады. Басқа себеп таппағаннан, қит етсе, малдәрігер болған қызды арашалап қалғанын қайталап айта береді.

 

 

***

 

 

Тас төбеден сығырайған ай сәулесі жер бетіне молынан түсіп тұр. Тыныш түн. Көшеде қыбыр еткен жан жоқ.

Көптен бері оңаша бас қоспаған директор мен атқамінерлер үлкен кабинеттің ішінде отыр. Араларында Медет жоқ. Бәрінің де көңілдері көтеріңкі. Іркілмей ойларын айтып, жарыса сөйлеп жатыр.

– Осылай істейміз. Осымен сөзді доғарайық, – деп Журкович орнынан  тұрды.

– Енді күшті болса, көрсетсін, күшін. Көрейік, – деп Ковалев миығынан күлді.

  • Оған сол керек, – деп су жұқпас Семченко балаша мәз болды.

«Бұның арты не болар екен?» − деп күмәнданған Қалиев қана сазарған күйі ләм-мим демей кете берді.

 

 

***

 

 

Адам деген қызық. Есіл-дерті жұмыспен кеткенде, өзіне бір мезгіл қараудан қалады. Қыс кетіп, көктем келіп, күн шуағын төксе де, оның  басында жапырайған елтірі құлақшын. Үстінде сары түсті  куфайка, аяғында керзі етік. Қалай болса солай, олпы-солпы киінген киіміне қарап, осы совхоздың білдей бастықтарының бірі деп, білмейтін адам айтпас еді. Бұрынғыдай емес, көктемнің  әсері ме, қара торы өңі жылтырап, кішкене қой көздері күлім қағады.  

Малшы қауым оны жақсы көріп кетті. Таза жүріп, таза тұрып, әділдікке жүгінгеннен кейін бе, ұжымда абыройы аса бастаған. Айналадағылардың  көбі оған қарсы сөз айтудан қаймықты. Малшы қауыммен бірлесе жұмыс істеп, өз қызметін беріле істегеннің арқасында, совхоздың мал шаруашылығы едәуір түзеліп, алға басты. Бірақ бөлімшелердің бастықтары әлі баяғыша, Қонайұлы Медетке оң қабақпен қарамайды. Бұлардың мұнысы несі деп, іштен тынғаннан басқа Медеттің амалы жоқ.

Жұмыста отырған жерінен аудандық прокурордың көмекшісі Төкен Нұрғалиев шақырып жатыр дегеннен кейін, кеңсесіне жетіп барды.

Төкенді бұрыннан танитын. Аулының жігіті. Бұл жолы қаһарын төгіп сызданып отыр.

Салған беттен:

– Оңдасынова Бибі деген қызды білесің бе? – деді.

– Білемін. Әкесі осы орталықта аға шопан болып істейді.

– Сенің сол қызбен көңілдес болғаның рас па?

         – Жоға. О не дегеніңіз?

– Сен анау-мынауды қой, болған жайды болды деп, мойында. Тез мойындасаң, айыбың жеңілденеді.   

– Нұрғалиев жолдас, ол қыз тым жас, оны қайтейін. Әйелім бар. Мына масқараны не деп айтып отырсыз? Әлде біреу арандату үшін, сізге қасақана айтқызып отыр ма?  

  • Директордың маған берген арызы  бар. Нанбасаң міне, оқы, – деп

бір парақ қағаз ұсынды ол.

Алып  оқып еді. Журкович  былай жазыпты: «Бізде  мал дәрігер  болып істейтін Медет Қонайұлы – Оңдасынова Бибі деген жас қызды зорлап, екі  қабат қылып қойды. Шара қолдануыңызды өтінемін».

– Ал, не айтасың? Қылмысыңды мойындамасаң, ауыр жазаға ілігетініңді енді сезген шығарсың? – деді  тергеуші зілді үнмен.    

  • Сіз қызық адам екенсіз, болмаған істі қалай болды деп айтамын.

Басқа біреуден болған екі қабат әйелді маған телігендерің, тірілей өлтіргендеріңмен тең ғой. Мен онда жер басып  қалай  жүрмекпін? – деп тергеушімен қарсыласты.

Тергеуші осы айтып отырғаны шын ба, өтірік пе деген екі  ойлы халде, Медетке тесіле қараған күйі отыр.

Жүре берсең, көре бересің деген осы. Медеттің соғыс кезінде аштықтан азап шеккені, иесіз далада мал баққаны, басынан өткізген ауыр күндері, мынаның қасында түк емес екен. Енді міне, мына оқиғаға шарасыз халде, еңсесі түсіп отыр.

Бөлмеге отыз бестер шамасындағы ақ сары орыс әйелі кірді.

Тергеуші Медетке:

– Мына әйелді танисың ба? – деді.

  • Жоқ. Бірінші рет көріп тұрмын.

Тергеуші таңданған кейіппен әйелге қарап:

  • Естідіңіз бе? Танымаймын деп тұр ғой. Бұны қалай түсінуге болады?

Әйел бірден басын қақшаңдатып:

  • Неге білмеймін дейсің? Білгенде қандай, білесің. Белоруссиядан

көшіп келгеннен бері, сол Бибі қыздың үйінде тұрамын. Сен түн ортасында келіп, Бибімен болып, таң ата кетіп жүрген жоқ па едің? Сол үйде талай бетпе-бет кезіккен жоқпыз ба? – деді бастырмалатып.

Әйелден мұндай зұлымдық күтпеген, оның тұла бойы түршікті.

Қай жағына шығарын білмей, ішінен тынып отырған тергеушінің өңі сұстанып:

– Енді түсінген шығарсың? Директорыңның  өтінішімен, мына  әйелдің айтуына қарағанда, сен бекер мойындамайсың. Бүрсігүні аудандық прокуратураға кел. Сонда бәрі анықталып, бұл қылмысқа соңғы нүкте қойылады. Қамауға алынасың. Бүгінге, осы тексеріс жеткілікті.

Папкасын ашып:

  • Міне, қолыңа шақырту қағаз, – деді жүзі сұстанған күйі Медетке:
  • Жүре  бер.

 

 

***

 

 

Медет бұрын мұндай құқайды көрген де, естіген де емес. Ұйқы жоқ, күлкі жоқ, дәл айтқан уақытында, аудандық прокуратураның албарына келді. Жан сарайына іштей үңіліп қараса, үрей, қорқу дегендер сап тыйылыпты. Кешегі басқа төнген қауіп-қатердің бірі жоқ. Жай, жеңіл-желпі мас  адамға ұқсайды. Осының бәрі ақылға сыйымсыз болып көрінеді, оған. Әкесінің шығарда жаны жоқ. Үрейленіп, теңселіп жүр.

Қайта-қайта айналып келіп, әкесінің одан сұрайтыны:

  • Осының рас па? Рас болса, басқа бір шарасын табайық, – дейді.

Ол қайталап айтып, кінәсіз екенін түсіндіріп, ант-су ішті. Біреулер жала жауып, әдейі ұйымдастырғанына әкесі сеніңкіремей жүр. Аң-таң. Түкке түсінбейді.

Бір уақытта прокурордың алдына жүк машинасы келіп тоқтады. Кабинадан парторг Кәкен Қалиев, ал машинаның үстінен әрең домалаңдап екіқабат Бибі түсті.  

Медеттің әкесі Кәкенді көргенде, оны жерден алып, жерге салып, қарғап-сілеп, ой бір боқтады.

  • Нан-тұзым атқыр жауыз! Не бетіңмен, еркек басыңмен, мына

екіқабат әйелді алдыма әкеліп тұрсың? – деді.

Ол жиналған жұрттың көзінше, мұндай ауыр сөз  естімеген шығар. Басын салбыратып, ештеңе айта алмай, шылымын сораптап, әрлі-берлі жүр.

Тергеуші екіқабат әйел мен Медетті кабинетке шақырды. Екеуіне дауыстап, тоқсан бесінші статьяны оқи бастады.

Шешуші кезең таянғанын сезген Медеттің жүрегі дүрсілдеп, көңілінде үміт пен күдік кезек сапырылысқан.

  • Осы статьяда көрсетілгендей, егер шындықтан ауытқып, жала, өтірік

айтатын болсаңдар, үш жылға бас бостандықтарыңнан айрыласыңдар, түсіндіңдер ме? – деді.

– Түсіндім, – деді Медет.

  • Онда кел, мына жерге қолыңды қой. Стол басына барып қағазға

қолын қойды. 

  • Ал, Ескендірова Бибі, сен ше? Сен жаңағы статьяны түсіндің бе?

Түсінсең, сен де кел, мына жерге қолыңды қой.

Бибі сол статьядан қорықты ма, әлде жеме-жемге келгенде ары жібермеді ме? Қара торы өңі құп-қу болып, тұрған орнында  қаққан қазықтай қақшиып  қалды.

– Мен сендерге шынымды айтайын. Ішімдегі бала − бұл жігіттен емес, – деп екі қолымен бетін басып, жылап жіберді. Әскерге биыл алынған жігіт. Атын айтпасам бола ма? – деді өксігін баса алмай.

  • Қалиев ағай мен өгей шешемнің: «Үйде отырып, оң жақта екі қабат

болған масқаралықтан құтқарамыз,» – деп азғырғанына көне салып едім. Егер баланы Медеттен десең, ол он бес жыл түрмеде отырмас үшін, әйелімен ажырасып, сенімен тұруға мәжбүр болады. Сонда сен жұрттың алдында масқара болмайсың. Мына мен Қалиев тұрғанда, сен ешкімнен, еш нәрседен қорықпа, – деп  ақыры осында өзі алып келді.

Медет қанша салмақты болса да, бұл әңгімені естігенде есеңгіреп қалып еді. Аяқ-қолы дірілдеп, қабырғаға сүйене берген. Прокурордың көмекшісі мен Нұрғалиев Төкен графиннен су бүркіп жүріп:

– Неге есіңнен танасың? Қайта қуан. Сен өзің еркек емес екенсің ғой. Одан да бүгін ұмытпай, мына жаладан құтылғаныңды жуатын бол, – деді қарқ-қарқ күліп.

Төкен бұрын өзімен талай дастархандас болған. Ауылға келгенде, үйіне қонақ болып кететін. Қолына өзі жайлы арыз түскенде, түк білмеген түр танытқаны таңырқарлық еді.

Енді міне, қас-қағымда елбелектеп, араларында ешқандай  түсінбестік болмағандай. Түс көргендей көздері бақырайып, Медеттің туыстары  кіре бастады. Әп-сәтте не болғанын түсінбей дал. Аң-таң. Бағанағы оң қабағын бермей жүрген Нұрғалиевтің зыр қағып, мәз болып жүргеніне қайран.

Нұрғалиев Төкен Медеттің әкесіне:

  • Үйге барып қой сойыңыз, кешке барамыз, – деп жымиған болды.

«Қуанған мен қорыққан бірдей. Медеттің әкесі ештеңе түсінбесе де, әйтеуір бір жақсылықтың болғанын іштей сезіп, ештеңе сұрамастан, еңіреп жылап жіберді:

  • Шешеңнен сүйінші сұрайын, ол да қан жылап отыр ғой, балам! –

деп  атының божысын қағып, ауылды бетке алды.

 

 

***

 

 

Медет прокуратураның табалдырығынан шыққан соң, ой қоршауынан шыға алмай, қамығып біраз жүрді. Алдағы тағдырын ойлап қиналған. Арызқойлардың осымен тынбайтынын сезді. «Бұл оқиғаның бастамасы екенін ұмытпағайсың. Атқа мінерлердің біздің қолымыздан бәрі келеді деп, жәй ғана үркітіп, сес көрсеткені деп біл. Шешінген судан тайынбас деген, сенен өш алу үшін, неге болса да барады... Өзің  ойлап көрші, дәніккеннен құныққан жаман демей ме, мол қазынадан айрылып, қалай тыныш жатады? Абыройды қолдан бергенде, ашу-ыза қайда кетеді? Намысқа тырысып  күреспей, аузын қу шүберекпен сүртіп жата берер деп пе едің?! Тегін олжа жатқыза ма? Өштескен соң, өш алмай қоймас? Сенен қалай құтылудың жолын іздеп, жанталасатыны айдан анық».

Міне, осылай жан қиналысында жүріп, жұмысқа деген ынтасын да жоғалтқан. Бекерден-бекер ашуланып шыға келетін, күйреуік күйге түсті. Көңіл-қошы  болмаған соң, малшылармен де әңгімесі жараспайтын болды. Олар да алақандай совхозда болып жатқан оқиғаға қанық еді. Қолдарынан келер  көмектері болмаған соң, іштерінен тынып жүр. Жұмысшылардың оған бауыр басып қалғаны сонша, қимасын жоғалтқаннан бетер, жандары ашығаннан  басқа, қолдарынан келер күш жоқ. Ананы істе, мынаны істе деп, қалтасына қолын салып шіреніп тұрмай, өздерімен бірге, білегін сыбанып, жұмыс істеп жатқан жастығына қызыға қарайтын. Сонан соң, қалай оған іш тартпасын?!

Артынан сол малшылар Медеттің, бәле-жаладан аман  құтылғанын естіп, әйелдердің ішіндегі белсендісі Ираның бастамасымен, дастархан жайып, әжептеуір тойлаған. Оны естіген Медеттің көңілі босап, жүрегі   елжіреді.

Медет қапыда қалмау үшін, арызқойлармен ашықтан-ашық күреспекші болып, қолына қалам алды. Орталық партия комитетінен бастап, облыстық партия комитетіне арыз жазып, куәлікке кісі аттарына дейін сілтеме жасап, қызды не мақсатта пайдаланғылары келгендіктеріне дейін, түгел хаттап, жазып бітірген кезде, сау етіп, балаларын жетектеген ерлі-зайыпты қонақтар Медет отырған бөлмеге кіріп келді.

Жұдырықтай арықша келген кісі – Фрунзе атындағы совхоздың директоры Тоққожин Райымбек еді. Қасында Бикен атты көрікті келген, сұңғақ бойлы, қараторы әйелі бар. Екеуін де қонаққа шақырған жерде көрген. 

Медет аман-саулық сұрасқан соң:

  • Жоғары шығыңыздар. Келгендеріңізге өте қуаныштымын, – деп

төрге көрпеше салып, жастық әкеліп қойды.

Райымбек көргенділігін байқатып әлек. Пар атпен жүріп, жолшыбай  суық өтіп, тоңазығасын, жылынып, әрі аттарын тынықтырып алмақшы болғанын айтып, мезгілсіз келгендеріне кешірім сұрады.

Шай ішіп, жылынып алғасын, көңілденген Райымбек Медеттен хал-жағдай сұраған.

Ішіндегі шерін айтатын адам таппай, іш құса болып жүргенде, көрген-білгені бар, ақылман адамның кезіккеніне ішінен қуанып, болған оқиғаның бәрін түгел, жасырмай айтып салды. Және оған жазып қойған арызына дейін көрсетті.

Райымбек кіртиген жанарына көзәйнегін киіп, асықпай біраз оқып отырды.

Сосын:

–  Қарағым Медет, жазғандарыңның бәрі дұрыс секілді. Жоғары жақ жауып тастамаса, қойған кінәларыңнан бұлтара алмас, – деп көзілдірігін алып, пиджагінің төс қалтасына салды да, алақанымен бетін сипалады.

Кішкене қоңыр көзімен Медетке қадала  қарап:

– Жеңерсің-ау, бірақ та уақыт оза келе, олардың саған жасағысы келген жамандығы ұмытылып, оларды құртқан Медет деп, келешекте соңыңа түсуі мүмкін ғой.

  • Сонда менің не істеуім керек? Менің қолымнан келер басқа амал

жоқ қой, – деді Медет көңлі түсіп.

Райымбек оның сөзіне мән бермеген болып:

  • Өмірде арам ойлылар біреуден болмаса, біреуден ертең-ақ,

сыбағасын алады. Жамандықтың, зұлымдықтың қақпанына өздері барып түседі. Қайтесің, ондай опасыздармен салғыласып. Қара күйедей, жамандықтан жұққыш нәрсе жоқ. Ниеті лас, ойы бұзықтар бізбен қатар өмір сүріп жүр. Күн мен түн секілді бұл да бір табиғи заңдылық. Менің тілімді алсаң, арызыңды қой да, ләм-мим демей, басқа кеңшарға ауысып кет. Жөні сол, – деді.

Ол жазықсыз жапа шеккеніне күйініп, арыз жазуға отырғанда, ренішінде шек жоқ еді. Райымбектің алдында көз майын тауысып жазған қағаздарын қимай, сипақтап біраз отырды. Оның тілін алып, арызды көзінше жыртты. Аппақ арына қара күйе жұққандай, араша іздеген пәк жүрегі – әділет іздеп пұшайман болғанда, бәле-жәледен құтқаратұғын жебеушідей сенім артқан, қағаз еді, бұл... Ақ қағаз лезде жанып кетті...

Осы қағазбен бірге, бәле-жәледен құтылғандай сезінді. Небәрі бір жарым жыл қызмет атқарып, нақақтан-нақақ сотталып кете жаздағасын, аудандық партия комитеті хатшысына барып, болған мән-жайды түсіндіріп айтып,  өзінің туған аулына жоғарыдан ауысып кетті.

Көшейін деп қамданып жатқанда, бас агроном И.К.Онищенко үйіне қонаққа шақырды. Қоштасарда Иван Константинович:

  • Сенің  жақсылығыңды совхоздың  адамдары ұмытпайды. Оны өзің

де білесің. Бұл жерден жаман оймен кетпе. Бар кінә, директор мен партия ұйымының хатшысында. Ана ауыл кеңесінің бастығы Шпаковтың істеген артық-кем ісі болса, көңіл бөлме. Оқымаған, сауатсыз адам. Аналардың ығымен жүр. Күн көрістің қамынан аса алмаған, сорлы ғой. Мен бәрін естіп, біліп жүрдім. Саған тіпті жаңа келген маман болсаң да, айлығыңа жатыстырып беруге, далада шашылып жатқан көмірді де аяды ғой. Бірде: «Медет Қонайұлы жұмысына берілген адал адам. Неге оның соңынан қалмайсыңдар?» – дедім Журковичке. Ол маған: «Сенің шаруаң болмасын! Қайдағы қазаққа сонша неге жаның аши қалды?» – деп бетін тыржитты.

         Қоштасарда:

  • Көңіліңе, азаматтығыңа рақмет, – деп Медет оған дән риза болды.

 

 

***

 

 

Осыдан кейін әйелінің алдында ыңғайсызданып қалды. Мал мен бала-шағаны асыраудың қамы еді, күндіз-түні күйттеп жүргені. Адалдықтың ақ туын жанынан жықпай-ақ жүр. Сонда да, айналасынан дұшпандар табылып қап жатқанын қарасаңшы!.. От болып жанып, жалаға нақақ күйіп кетемін бе, деген ойлар келген небір. Арамдық – айласын асыра алмады. Ақ пен қараны танып, шекесіне тиген соң, айналасындағы жамандардан аулақ, шеттеп жүретін әдет тапты.

Туған аулына жұмысқа орналасқан бойда, мерзімінде шешілмей, қат-қабат тұрған шаруалар күтіп тұр екен. Ауыр жұмыстар жас маманның басын айналдырды. «Осы бір мамандықты бекер-ақ таңдаған екенмін,» – деп өкінген. Бұл жерде де «Сольнечный» совхозына ұқсас көріністер жанына батты.

Жазғытұрымғы жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің  үзілер кезі. Сиырлар жаппай бұзаулауда. Жаңа туған бұзаулардың сау біреуі жоқ. Тышқақтап өліп жатыр. Шошқа фермасында зәр-нәжістің үстінде қырылып жатқан торайларды көргенде, аза бойы қаза болды. Ол аз дегендей, бес мыңнан астам шошқаның емшектері ілгері өсіп, мұрындары таңқиған үстіне таңқия түсіп, шетінен қан ағып жатыр. Бес мыңнан астам шошқаның саны бар, сапасы жоқ десе де болады. Жүндері өсіп, денесі сарғыш тартып, бүкшеңдеп қалған. Жұқпалы мұрын ауруының кесірінен, қоңданар түрлері көрінбейді. «Сольнечный» совхозында істеп, тәжірибе жинақтап қалғаны мұндай жақсы болар ма?!

Жұмысында не өзіне, не айналасындағы бірге қызмет атқарып жүрген азаматтарға тыныштық бермеді.

Бірде бұзаулай алмай жатқан сиырдың бұзауы теріс келіп, жарты күн қан-жын аралас нәжістің үстінде әлекке түсіп отырғанда, малшы Қаппас келіп:

  • Медетжан-ау, он бес жыл оқып, тапқаның  осы боқ болса, құрысын

таста. Одан да мал баққаның артық қой, – деді.

Жастықтың күшімен шаршағанын елемей, бұзаулар мен торайлардың күтімін жақсартам деп, қолдан келгенін істеп бақты. Оның ұтқаны – басқалар сияқты кердеңдеп жүрмей, білгенін үйретуден аянбайтын.

Сонда ғана жүрген орта өзімен тең, әрі кең дәрежеде түсіністік тауып, саналы түрде жұмыс атқаратынын іштей сезінген-ді. Соны іс жүзінде орындап, көңілі жайланған. Машақаты көп жұмыс істеп, еңбегіңнің жанбағанынан ауыр не бар? Таңның атысы, күннің батысы нәжіске батып, ақ тер-көк тер болып жүргендегі маңдай терлері өз жемісін бере бастады. Малдың өлім-жітімі күрт азайып, мал шаруашылығының өнімі өсе бастаған соң, олардың жалақылары да артты.

Малшы байғұстар жұмыстарын жақсы істеуге тырысып, артта қалмаулары үшін, өздерінің тарапынан жіберілген кемшіліктер жөнінде тиісті маманнан кеңес сұрады. Осылай өзін-өзі қажап, жанын жегідей жеп, әрі айналасындағыларды жұмысқа ынталандырып жүргенде, совхоздың  директоры Марьян Иосифович Оришевский орынымды алып қояды деп ойлады ма, әлде өзімен қызметтес «Сольнечный» совхозының директоры өзін жамандаған болар, әйтеуір, жиналыс болса, елеусіз бір нәрселерді  сылтауратып, Медетті сынға ала берді.

Алғашқыда келген жерінен, сөзге ілініп кеткені ойынан шықпай, ішінен тынып жүрді. Болмаған соң, өзі жөнінде енді сөз бастай бергенде, орнынан тұрып:

– Тек кеңседе отырып алып, бастық болдым екен деп, бос диірмен тартқаныңызша, ферманың басына келіп, істеп  жатқан жұмысымызды неге көрмейсіз? Ұнамаса, неге жөн көрсетпейсіз? Қиыншылықтар бастан асады, неге көмектеспейсіз? – деді.

  • Саған сөз берілген жоқ. Неге сөзімді бөлесің? – деп директор бет

орамалымен көзін сүртті де, Медетке сыздана қарап:

– Сөзімді бөлме, отыр орныңа! – деді зекіп.

Бірақ директордың сөзіне көңіл бөлген ол жоқ. Қара торы өңі күреңітіп, ашуға булыққан күйі:

– Бір емес, екі емес, жиналыс сайын  орынсыз тиіссеңіз, қалай отырам? –  Медет текетіресті.

  • Сөйлегіңіз келсе, кезек күтіңіз, Медет Конай! – деді әлгіндегідей

емес, екпіні басылып.

– Директормын деп, мені орынсыз кінәлауыңызды сіз де доғарыңыз. Бұдан былай, ойыңызға не келсе, соны айтуға жол бермеймін. Есіңізде болсын!

– Медет Конай, қоясың ба, жоқ па? Тәртіп сақтаңыз! –   Оришевский тұтығып зорға сөйледі.

  • Мен бұл жерде ешнәрсе бүлдірген жоқпын. Жөнсіз жала жауып,

намысыма тиісіп жатқан, Марьян Иосифович,  өзіңіз емес пе? Жөніммен қызметімді атқарып  жүрген маған неге тыныштық бермейсіз? Жазығым не, соны айтыңызшы? Малдың өлім-жітімін күрт азайтып, мал шаруашылығы өнімін көбейте бастағаным ба, жазығым? Одан сенің абыройың артып, беделің өспесе, басқа қандай зиян шектіңіз? Қайтсем жұмысты  жақсартам  деп,  демалуға  уақыт таппай, күні  бойы салпақтап, азып-тозып жүрген менің, істеп жатқан еңбектерімді неге жер қыласыз? Мына жұмысшылар айтсын, егер де мен бекер далақтап жүрсем. Менің бейнетімді көрмей, неге еңбегімді зая кетіргіңіз келеді?

Залда отырған кейбір қазақ азаматтарының зәре құты қалмай, әсіресе, ауыл кеңестің бастығы Тұрсынбай Әбілденов оған: «қой, қойлап», кәстөмінің жеңінен тартты. Оған құлақ аспай, іштегі жиналып қалған запыранын қопарып, түгел сыртқа шығарып тынышталды.

Марьян Иосифович Медетке сөзін тыңдатқыза алмай, беті бір қызарып, бір бозарып, басын көтеруге де шамасы келмей, мінбенің жақтауынан ұстаған күйі қозғалмай тұрды.

Осы жиналыстан соң, Медет Қонайұлы жұрт алдында қапы қалмай, айтарымды айтып, директордан өшімді алдым, енді маған артық ауыз сөз айтудан қаймығатын шығар деудің орнына, қалың ойға батып, іштей қамығып: «Құдай-ау, өз еліме, өз жеріме де сыймадым-ау, енді қайда барып күн көрмекпін, қайда барып жан сақтамақпын, –  деп біраз уақыт қиналып жүрді.

«Сольнечный» кеңшарындағы С.И.Журкович Медеттің басқа совхозға кететінін  естігенде, Кәкен Қалиевпен бірге қатты қуанып, жиырма бес шақырым жердегі «Ясный» совхозының  директоры Оришевскийдің үйіне барды. Бала кезінен тай құлындай тебісіп, бірге өскен екеуінің бір-бірінен жасырын сыры болмайтын. Қарапайым жұмысшы табынан, таныс-біліс жолдастарының арқасында жоғарыда отырғандардың ебін тауып, бригадирліктен, директордың креслосына бірден қонжиған. Есейген шақтан алдына қойған мақсаты болмағасын ба, бір ғана ішіп жеген құлқын тамағынан басқа ештеңені ойламай, жұмысқа да басын ауыртпай, шалқып жүргендері содан болатын. Журкович Медет жөнінде келгендегі шаруасын айтып, Оришевскийге түсіндіргенде, ойлары бір жерден шығып, одан қалай құтылудың жолын келешекте қарастыратын болып  келіскен. Бірақ соған жеткізбей, Оришевскийдің абыройы айрандай төгіліп, ойламаған жерде опық жеп, қатты күйінді.

 

 

***

 

 

Күндер өтіп жатты. Медет өз жұмысын сол баяғыдай, мұқият істеп  жүр. Ешнәрсе өзгерген емес. Директорда үн жоқ. Малшылардың  пікіріне көз жеткізді ме, Марьян Иосифович оны өзіне шақырып алып, өткенді ұмытқандай, шүйіркелесіп сөйлесті. Осы екеуара оңаша сұхбаттан кейін, Медет не айтса, соны орындауға  көмектесіп тұратын болды.

Марьян Иосифович Оришевский – Ақмоланың ауыл шаруашылығы институтын елу төрт жасында тәмәмдағанымен, экономиканы меңгерген қабілеті оқымыстылардың ауыздарын аштырды. Орта бойлы, шашын артқа қайырып жүретін, қалың қабақты, кең маңдайлы, шашы мен қасы бурыл тартқан, көк көзді адамға бір қарағаннан-ақ, оның бойындағы имандылық, кісілік, рақымшылық қасиеттер байқалады. Айналасына қатал болып көрінгенмен, шын мәнінде шындыққа жүгінеді. Жинаған тәжірибесімен, шаруашылықты бақандай жиырма алты жыл басқарыпты. Директор ақыры, жас маманның айтқандарына құлақ аса бастады. Қонайұлына бұл қанша қуаныш әкелгенін айтып жеткізудің өзі қиын. Бар ықыласын, білім-білігін мал шаруашылығына жұмсады.

Бірде Оришевскийдің алдына мал шаруашылығын өркендетудің жолдары жайлы жоспар апарған еді. Көз жүгіртіп оқып шыққан директордың бет-әлпетіне қан жүгіріп, күлімдеп сала берді:

– Мынауың жаңалық қой! – деп орнынан ұшып тұрып, Медеттің қолын қысты.

– Солайы солай ғой. Алдымен, іс жүзінде қолданып көз жеткізу керек, – деп директордың тарапынан мұндай қызығушылық күтпеген ол қапелімде сасып қалды.

Директор:

– Несі бар? Сен құсаған менде білім жоқ. Бұл жұмысқа партияның арқасында келдім. Айтайын дегенім, мына жоспарың маған ұнап тұр.

– Марьян Иосифович, жасалған жоспарды ұнатсаңыз, бекітіп беріңіз, – деді Медет жай ғана жымиып.

  • О, не дегенің! Бұны бекітіп қана қоймай, барлық мамандарды осы

жұмысқа жұмылдырып, орындалуын өзім қадағалап отырам, – деп шын ризашылығын білдірді.

Медеттің ойлағанындай болмай, Оришевский әділетті, адал адам болғанына көзін жеткізді. Уәде еткеніндей, ай сайын жоспарды өзі қадағалап, есеп айырысып отыратынды шығарды.

Медеттің жұмысы алға басты. Ісі жарқырап, көзге іліге бастаған. Совхозда мал шығыны азайды. Сүтті әрі сапалы, әрі артық тапсыратын, бұл өңірде бұларға теңесер совхоз болмады. Кеңшардың экономикалық жағдайы көтерілді. Бұл дегеніңіз, әрі үлкен абырой да, әрі үлкен табыс көзі еді.

Шошқаның торайлары нарттай қызарып, торсықтай болып, күн сайын өсіп, қараған жұртты сүйсіндірді. Әр мегежін жылына бір тонна ет берді. Соның арқасында ет жоспарын совхоз бойынша шошқаның етімен-ақ, орындайтын дәрежеге жетті.

Жоғары жетістіктерге жетіп, көңілі тоқ жүрген. Жас бұзауларды өсіруші Н.Табанникова түске қарай үйіне бір сәт барып, шай  ішіп келгенде, бірден он екі бұзаудың ауыздарынан көбігі ағып, серейіп жатқанының үстінен түсіпті. Айғай-шуды естіген бойда Медет келді. Өңшең бір айдан асқан бұзаулар. Дереу ішін сойып қарап еді, хлордың иісі бұрқ ете қалды. Екіншісін сойғанда тағы. Сонда барып, біреудің өзіне қастық жасағанын білді.

Өткенде іргедегі Шортанды астық өндіруді зерттеу институтының  шаруашылығы облыстық малдәрігерлік бактериологиялық лабораториясына бір шалажансар ауру бұзауды әкеліп: «Осындай аурумен қырылып жатыр, себебін анықтап, ашып беріңдер,» – деп тастап кеткен. Бұл жерге кездейсоқ келіп қалған Медет, шалажансар ауру бұзауды тірілтіп алуға болатынын сезіп, лабораторияның бас бактериологы Д.С.Гниломедовтан сұрап алып, бұзау өсіруші Медведева Юлия Григорьевнаға әкеліп берді. Әкелінген ауру бұзауды күтіп-бағып, екі-үш күнде аяғынан тік тұрғызды. Кейін басқа бұзаулармен бірге ойнақ салып жүргенін көріп, сол ғылыми-зерттеу институтының шаруашылығында қызмет істеп жүрген бас мал  дәрігері  З.И.Малышев жерге кіріп кетердей ұялып, үн-түнсіз кетіп қалған.

Бүкіл тың өлкесінің бес облысындағы қарапайым малшылары алты ай қыста жетпіс екі сом жалақы алып жүрсе, «Заря» кеңшарының бұзау, торай өсірушілерінің жалақысы бес жүз-алты жүз сом болып, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының жалақысымен теңесті.

«Заря» кеңшарындағы малшылардың еңбегі үкімет тарапынан әділ бағаланып, тиісінше наградалармен  марапатталды. Солардың ішінде Марьян Иосифович Оришевский «Ленин» орденімен наградталса, республика көлемінде мал дәрігерлердің ішінен бірінші болып, Медет Қонайұлы да «Ленин» орденін кеудесіне тақты. Қоғамда мал дәрігерлері онша құрмет-қошеметке іліге қоймаушы еді. Алланың  нұры жауып, егін бітік болса, орден де алатын, еңбек ері де аталатын агрономдар, одан қала берсе, инженерлер, директорлар, хатшылар ғана болатын.

 

 

***

 

 

Қаңтар айында шошқа өсірушілердің үлкен кеңесі өтті. Мінбеде бірінен соң, бірі сөйлеп жатқан өңкей шешендер. Бәрінің бөсетіндері –  малдың жайы.

«Шошқаны өсіру үшін үйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз дейді. Қолға алсаң, шошқа малы өсімтал. Түк те  қиыншылығы  жоқ. Ендігі жерде шошқаның етімен қарық қыламыз,» – дейді.

«Шошқаның торайларына қызыл топырақ беріп жатырмыз» деп, Балқаш ауданының ауыл шаруашылық басқармасының бастығы В.С.Просин айтқанда, отырғандар ду қол шапалақтады.

Шошқа өсірушілердің кеңесіне басынан аяғына дейін, тың өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Т.И.Соколов қатысып отырды. Он бес шақты адам сөйлегеннен  кейін, бір-бірін қайталап, бос сөйлегендеріне көңілі толмай, Медет сөз беруін өтініп, президиумға қағаз жіберді.

Он тоғызыншы болып, жалғыз қазаққа сөз тиді. Басқалар сияқты қағазға қарамай, мінберге шығып сөйледі.

  • Бүгінгі отырысымызда ақылдасып шешілер кеңес болса, шошқа

шаруашылығының дамымай, өркендемей жатқанын, неге ашып айтпасқа?!

Бәріңіз экономикамызды жылдам көтеретін, тез өсетін, тез ет өнімін беретін, шаруаға жайлы тұяқ дейсіздер. Мал басы көктен түспейді ғой. Менің алдымда сөйлегендердің айтқанына  шошқа малы өсе қояр ма екен? Өзі тез жетілетін жануар дедік. Енесінен бір келі болып туылса, екі ай өтпей жатып, он сегіз-жиырма есеге өседі. Шошқаның торайынан басқа, қай малдың төлі екі айдың ішінде осылай еселеп өсе алады? Шошқа малы қанша көп туғанымен, көңіл бөлінбегендіктен, өлім-жітім көп. Бұл дегеніңіз, торайларға соншама есе көңіл бөлу керек деген сөз. Менің алдымда Балқаш ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы В.С.Просин: «Торайларға қызыл топырақ беріп жатырмыз,» – дейді. Торай дегеніңіз бір келі болып туылады делік. Оған дұрыс өсу үшін, екі миллиграмдай темір қышқылы керек делік. Ендігі жерде ауыз толтырып жүрген қызыл топырағыңның бір килограмында, бір-екі миллиграмм темір қышқылы бола ма, болмай ма? Оның өзі неғайбыл. Лабораторияда зерттелмеген. Сонда торай – бір килограмм болып туылып, қалай бір килограмм топырақ жемек? Тіпті екі айлық торай да, ондай топырақ жей алмайды. Шошқа жерді тұмсығымен қопарғанымен, жердегі топырақты жемейді. Шөптің тамырын, әртүрлі органикалық заттарды, жауын құртын тауып жейді. Оны осында отырғандардың бәрі білсе керек, – деп өзі істеп жүрген кеңшардың әлеуметтік жағдайына қысқаша тоқталып, мал шаруашылығын дамыту жөнінде, біраз ой қозғап, сөзін бітірді.

Жарыссөз біткен соң, өзінің қорытынды сөзінде  Т.И.Соколов:

  • Медет Конайулы, біраз шаруаның басын ашып айтқысы келгенмен,

онша тереңнен мәселені қозғай алмады. Оған сөз бергенше, директорына  беру керек еді. Оны осы кеңеске шақырмағандарың дұрыс болмаған. Ол шошқа өсіру шаруашылығына егжей-тегжейлі тоқталып, көңіл толарлықтай мәлімет берер еді, – деп Медетті жақтырмай бір қарап қойды.

Соколовтың сөзі Медеттің  жанына қатты батқаны сонша, зәбір көрген баладан кем болмады. Адамдар қозғалақтап, бойларына жан кіргендей, залда күбір-күбір әңгімеге көшті.

Медет ішінен ашуға сыймай отырса да, өзін зорға тежеп, сабыр сақтаған болды. Былай қарасаң, ол – кім, мен – кім?

Т.И.Соколовтың қазақты жақтырмайтынын Медет еститін. Енді соған анық көзі жетті. Оның: «Қазақ – халық емес, оларды немістермен будандастыру керек!» – деп қазақтың ішінен шыққан кейбір бос белбеу «зиялы-сымақтарымызға» ой тастап жүрген. Артынша, ол сөзін іс жүзіне  асыра  бастады. Қостанайдағы бір қарындасымызға шошқа бақтырып, неміс жігітіне тұрмысқа шығарып, сол үшін «Социалистік Еңбек ері» атағын бергіздірген. Жұмысында ешқандай көзге көрінер жетістіктері болмаса да, қазақ қыздарына мынадан өнеге алыңдар дегендей, көзқаман болып бара жатқан комсомол жетекшілерін салып, газет-журналдарға жазғыздырып, шулатып қойғанын білетін.

Бұрында қазақ айтушы еді: «Ұл өсіріп отырып, болашақ жер иесін тәрбиелейміз; қыз өсіріп отырып, болашақ ұлтымызды тәрбиелейміз,» – деп. Сонда бұл нақыл сөзге зер салсақ, Т.И.Соколов сияқтылардың арам пиғылы ашыла түсіп, қазақ халқының тамырына балта сілтеп тұрғанын және де тәуір қызметке шала қазақтардың күнінің тууы, осы бір саясатқа байланысты екенін, ол түсінді.

Медет осындай келеңсіз көріністі тағы бірде көзімен көргені бар.

Желтоқсан айы. Күн үскірік аяз. Алматыға жол түсіп, аэропортта тұрған. Мәскеуден ұшып шыққан ұшақ әлі келіп қонған жоқ. Аэропортқа өңкей үлкен қызметте екендері көрініп тұр, тәуір киінген адамдар лек-легімен кіре  бастады. Ылғи құндыз бас киімді ығай мен сығайлар. Кірген  бетте  ұшақты  күтіп, залдың әр бұрышында топ-топ болып, әңгімелесіп тұр. Кештеу келгендердің біреуі ана тұрғандарға жақындай бере, жеңіл машинадан аэропортқа кіргенше, тоңази қалған алақандарын үйкелеп тұрып: «Ох, и сегодня бешбармака наедимся,» – деді. Бұлардың күтіп, қуанып қарсы алуға келіп тұрған адамы кім екен деп, көруге аңсары ауды. Бажайласа, осы рейспен Мәскеуден операция үстінде қайтқан Тың өлкелік атқару комитетінің хатшысы К.Ж.Жақыповтың сүйегін әкеле жатыр екен. Сұмдық-ай! «Жаңағы етке бүгін тоямыз,» – деп қуанып, алақандарын уқалап жүргендер, сол үлкен лауазымды мекеменің қызметкерлері болды. Ойдан қашқан, қырдан қашқан келімсектерге не айтуға болады? – деп сонда Медеттің жаны жабыққан.

Шіркін-ай, осындай үлкен лауазымды қызметке қойғанда, халқының атына кір келтірмейтін, жаны таза, ақылы кемел, азаматтарынан неге қоймайды екен?

Халықтар достығын берік ұстанамыз деп, тақиямызды аспанға атып қалбалақтап жүргенде, бір халықтан, бір халықтың артықшылығы жоғын іс жүзінде көрсете білмеген, бір-бірінің дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, менталитетін сыйлай білмегендерден қандай қоғам құрмақшы, осы?

Басқасын айтпағанның өзінде, жоғары жаққа жәбір көрген қорлықтарын қандастарымыз жылап жазса, оларды жалақор атандырды, жәбірледі. Көптігіне салып қуғындады.

Өткенде құлынды биесін жегіп, өз күнін өзі көріп, шөп шауып келе  жатқан Калинин атындағы совхозда тұратын қарияның бір арба шөбін, биесімен қоса өртеп жіберген, сол совхоздың директоры П.И.Еренковты жоғарыда отырғандар айыптаудың орнына, сылап-сипап, кейін Астрахань ауданы партия комитетінің бірінші  хатшысы  етіп  тағайындап жібергеніне қалай күйінбейсің?

Арақ ішіп, партбилетін жоғалтқан Ерейментау аудандық атқару комитетінің бастығы Н.С.Иванов «Өлеңті» кеңшарында мал бағып жүрген ақсақалды аттың үстінен жұлып алып, ұрып-соққаны үшін, қылмыстық іс қозғамақ түгілі, жай сөгіс те бермеді. Араққұмар, шовинистің билік басында сайран салғаны жергілікті ұлттың қабырғасына батты. Олардың өз елінде, өз жерінде қорғансыз қалуларын қалай түсінуге болады?!

Бір-біріне деген түсіністік екі жақта тең болғаны дұрыс қой. Тек қазақ қана қалбалақтап, басын шұлғып, иіле берсе, еңкейе берсе, ал «ұлы халықтың өкілдеріміз» деп жүргендер тек шалқая берсе, әділдік қайда? Солардың қас-қабағына қарап, мәңгүрттеніп кетеміз бе?! Дінімізден, тілімізден ғана емес, жерімізден де айрыламыз ба, қайтеміз?! Мына сиыққа қарағанда, біз олардың жерінде өмір сүріп жатқандаймыз.

Сәті түсіп, академик Комышник Леонид Дмитриевич деген досына, өз халқының тарихын сонау көне заманнан қопарған-ды:

  • Медет Конайулы, что ты говоришь, нас же ведь учили что нет

история Казахстана и казахов начался толко с тысячо девятьсоть семнадцатого года, – деді жайбарақат.

         Қарашы, бұларды?! Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, қазақтың тарихына да көз алартады. Өздерін ғана «ұлы» санайды. Не деген астамшылдық?!

Көне тарихымыз ес жия келе елге оралар. Ол үшін ортамызда еленбей, ел үшін еңіреп жүрген азаматтарымызды тауып, елеп-ескеріп қастерлесек, сонда тарихымыз түгенделер. Шынтуайтында тарихымызбен өсеміз, көркейеміз. Ел қамын ойлайтын, сол үшін  қауіпке басын тігетін, ер жүрек, ақылды, кемеңгер  ұлдарымызды еліміздің қай түкпірінен шықса да қолдасақ, бетін қайтармасақ, сағын сындырмасақ, олардың ортасынан қалғып-мүлгіп жүрген санамызды оятатын, еңкейіп, езіліп қалған еңсемізді көтеріп, халқымызды ерен ерлікке, тірлікке, ұлылыққа бастайтын азаматтар шығар.

 

 

***

 

 

Жаздың күні. Күн тас төбеге көтерілгенде, екі машина лық толы Медеттің жолдас-жоралары келе қалды. Іштерінде әлі үйленбеген, отызға келген сүрбойдақ Аманқұл бар.  Орталарындағы сүйкімді жас келіншекті бірінші көруі. Дастархан басында Аманқұлмен қатар отырып, әңгімесі де жараса қалыпты. Айтылған әзіл-қалжыңға сылқ-сылқ күледі. Жолдастардың ойы – ұяң өскен Аманқұл мен әлгі келіншекті табыстырып, қол ұстатып жіберу сияқты. Медеттің қолы бос, нақ сенбі болғандықтан, түні бойы солармен бірге сайран салып, таң ата кеш жатты.

Азанымен сүрбойдақ ұяңдығын серпіп тастап: «Тұрыңдар, суға түсейік! – деді желпініп. Түнгі ұйқыдан қағылған жолдастары оның бұйрығына селт етпеді. Күн сәскеге таман үздік-создық, керіліп-созылып ұйқыларынан тұрған олар, бір-бір шалшықты мойындарына іле-міле шұбырып, суға қарай беттеген.

Жағалауда шешініп, тізеден төмен түсетін, далақтаған ауы бар, салақтаған бауы бар, қара дамбалдармен суға қойып-қойып кетісті. Ең соңынан, әлгі Аманқұлға теліп жүрген әйел асықпай шешініп, іргемізге жанаса, денесіне құйып қойғандай, жарқыраған ақ дамбалымен, сымбатты денесін ойнақтата, кеудесін торситып, жігіттердің естерін тандырған қалпы:

  • Ой, какая прекрасная вода! – деді суға ақырын бойлап бара жатып.

Адамның да қарбыздай піскен, жетілген шағын осы әйелдің өн бойынан көргендей, сұлу мүсінге сүйсіне қараған жігіттердің көздері қарықты.

Үстіндегі шетелдің киімі екені көрініп тұр. Біздің елде денеге шап-шақ тігілген, суға түсерде киетін сәнді дүние тапшы кез. Өз мықынына жарасып, бит домалайтындай жылт-жылт етеді, шіркінің! Жігіттердің буыны босап, ауыздары ашылып қалыпты. Өзен ішінде су шашысып, күліп-ойнап, әлгі әйелге қатты қызыққан жігіттердің біреуі оны лақ көтерген құрлы көрмей, әдемі дамбалын бұтынан сыпырып ала қойды. Келіншек не жыларын, не күлерін  білмей, су ішінде байбаламдап тұр.

Аманқұл жан ұшырып, жігіттердің әр қайсына бір келіп, әйелдің дамбалын сұрай бастады. Олар су ішінен қолдарын көтеріп: «Міне, көріп тұрған жоқсың ба?» – дейді. Аманқұл олардың қулықтарына сеніп, дамбал суға кеткен екен деп ойлап, анадай жерде сүзгімен балық аулап жүрген балаларға қарай кетті.

Сол кезде Жұмағали қарқ-қарқ күліп, жайраңдаған қалпы сымдай тартылған мүсінін көрсете, ақ дамбал киіп, судан шыға келді. Бәріміз бірдей шулап, мәз болып, әлгі дамбал іздеп жүрген Аманқұлды мазақтап жатырмыз.

Ол келгенше, Медет  мынадай өлең шығарып қойды:

 

Жастықта көп қызық бар быжық-тыжық,

Айтайын өлеңменен үзіп-түзіп.

Аманқұл ертіп келген сұлу қыздың,

Есілмен ақ дамбалы кетті жүзіп.

 

Ақ дамбал әдемі еді жарқыраған,

Жібектен бауы шілтер алтындаған.

Базардан таптырмайды құны қымбат,

Он жылқы болып тұр ғой нарқы маған.

 

Толқынмен майда-майда асып-тасып,

Дамбал-ау, кеттің қайда қашып басып?

Жігітті кеткеніңше суға батып,

Ақ дамбал қойдың бекер, діңкәләтіп.

 

Ау салып, дамбал іздеп сансыраған,

Жігітің көзге түсер жарқыраған.

Дамбалсыз сұлу бикеш енді қайттің?

Балтыры су ішінде жалтылдаған.

 

Аманқұл ақ дамбалды табасың ба?

Асықтай осы қызды аласың ба?

Той болса, ұлан-асыр үйіңізде,

Бізді ертіп жаныңа барасың ба?!

 

Аманқұл далақтап, дамбал таба алмай орталарына қосыла бергенде, халық әніне салып, жаңағы өлеңді әндетіп қоя берді. Екеуі бірдей  қызарақтап, достарының тұрпайы қалжыңына кәдімгідей қысылды.

         Осы оқиға оларды етене жақындастырып, көп өтпей отау құрды.

Медет қым-қуыт шаруадан шаршап жүргенімен, достарының басы ілуде бір қосылып жатса, орталарынан табылуға бейіл. Бағына қарай, келіншегі Нұрсұлу – шаңырағының берекесі болып жолықты. Қара торы, салмақты келген келіншек күйеуінің бар-жоғын білдірмейді ылғи. Қазан-ошаққа епті. Дастарханы мол. Үйінен қонақ үзілмейді. Туыс-тума, дос-жаран Медеттің жұмысбастылығына әбден үйреніп кеткен. Таң атқаннан, түннің бір уағына шейін, фермалардың арасында малдың жай-күйімен тыным таппай жүретінін біледі. Баяғыда «Сольнечный» кеңшарындағы күйеуінің басынан өткен келеңсіз оқиға қосағына деген сенімін нығайтқан.

 

 

 

***

 

 

Өзі қатарлы жігіттер қызметке кірісер-кіріспестен партия қатарына өтіп жатыр. Бұл жағынан Медеттің көзқарасы тіптен бөлек. Айналасынан адалдық таба алмай, тіпті партияда барлардың көбінің, өзінен жоғарылар: «а» десе, «а» – деп, «да» десе, «да» – деп жүрген қуыс кеуде тірі жан болғандықтан, солардан аулақ жүргенді қалады.

Өзі танитын біраз коммунистердің ақыл-ой, парасаты шектеулі. В.И.Вернадскийдің жазған күнделігінде: «Крупные неудачи нашей власти-результат ославление ее культурности: средний уровень коммунистов и морально, и интеллектуально – ниже среднего уровня беспартийных, – дегені есінде. Партияға өткен коммунистердің өрескел әрекеттерін көргенде, оларды жақтыртпай, кежегесі кейін тартып тұрады.

Қазіргі шақта халықтың тұрмысы жақсара бастағанмен, үкімет казармалық социализмнен арыла алмады. Тіпті жұрттың саяжай салуына да, жоғарыдағылар қарсы болды. «Бір мың тоғыз жүз сексенінші жылдары Кеңес халқы коммунизмде өмір сүреді» деген асыра сілтеумен, жеке меншік болмасын, жұрт бос уақытын жеке шаруашылығына жұмсамай, тынықсын деп, халықтың иелігіндегі малды зорлықпен тартып алды. Осы дұрыс болды ма, бұрыс болды ма? Ұлан байтақ жер жатыр, далиып... Үй іргелік жер жатса, қу тақыр... Иен дала – иесіз. Бір үйлі жанның 15-20 соттық жерді игеруге шамасы бар. Қайта ел-жұрттың кәсіппен айналысып, шаруа қуғаны отан байлығын еселей түспейтін бе еді?! Үйдегі бала-шаға, шал-шауқанға ермек, әрі тәрбие. Бос уақыттарында түртінектеп, әркім еңбекпен айналысса жақсы емес пе?!

Жеке шаруашылықта мал ұстаған дұрыс. Халықтың әл-ауқаты жақсарады, үкіметтің мал басы өседі. Отбасылық бюджетті нығайтуға қосымша шаруашылықпен айналысқан, үкімет ойлағандай зиянды емес, керісінше, пайдалы. Қай жағынан да қолайлы.

Ауылда Балта деген сексеннен асқан қария кемпірімен тұрды. Өзі коммунист болғанмен, әліпті «таяқ» деп білмейді. Кемпірі екеуі жалғыз биесін сауып күнелтті. Екеуінің алатын зейнетақылары айтуға ұят, мардымсыз бірдеңе. Күнкөріске жетпейді. Өздері қаланың іргесінде тұрғасын, күйбеңдеп қымыз сатады, шай-қанттарын айырады. Бірде биесі іш түйнегімен ауырып, қан сорпаға түсіп, басын жерге соғып, қырылдап жатқанда, Балта шал биесінің басын құшақтап еңіреп жылады: «Сен өлсең,  ендігі күніміз не болмақ, қайтіп күн көрмекпіз, құдайым-ау? – деп дауыс салғанда, биесін емдеуге келген Медет тықыршып, жер-көкке сыймады.

Үкіметтің қолданған саясаты нәтижесіз болды.

 

 

                                         Екінші   тарау  

  

 

Биліктің шоқпары қашан да мықты. Кеңестік жүйенің темірдей тәртібі ешкімді ешқайда бұлтартпай отыр. Медет те партияға өтуге аса құлшынбай, қанша бұқпантайлағанмен, коммунист болудан қашып құтыла алмады.

− Еңбек озатымысың?

− Иә.

− Партияға өттің бе?

− Жоқ.

− Неге?

− ...

− Социализм саясатына қарсымысың?

− Жоға.

− Ендеше неге өтпейсің?

− ...

Айналасындағы жас мамандар әп-сәтте партияға өтіп жатыр. Дүрдей «коммунист»! Биліктің табанын жалап, қызметте де тасы өрге домалай жөнеледі. Ал Медет сол баяғы қатардағы мал дәрігері қызметімен өспей жүр. Өзінен кейінгі буынмен жеке басын салыстыра келе, білікті маман иесі екенін бағамдап, жастардың соңында қалғысы келмеді. Ауыл шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы саласын өркендетуге байланысты озық іс-тәжірибелерін жүзеге асыру үшін, шаруашылықтың басшысы қызметін атқаруға тиіс. Шаруашылықтың басшысы болу үшін, партияның мүшелігіне өтуге міндетті. Ойлаған перспективалық жобаларын кәдеге жарату жолында, партияға өтпесе болмайтын болды. Коммунист болса ғана, іскерлігі мен білімін көрсете алмақ.

Осы  мақсатпен мүшелікке өтуге арыз жазды. Басында партияға өтудің түк қиындығы жоқ деп ойлап еді, олай болмай шықты. Аудандық партия ұйымының отырысында, сөз сөйлейтін шешендердің көптігін ескермепті.

Аудандық тұтынушылар одағының төрағасы А.Ю.Зайцев:

  • Бұл бала − әлі жас. Шаруашылыққа енді араласа бастаған маман.

«Коммунист» болуына әлі ерте, − деді белсеніп.

         Тағы бірі:

− Партия кім көрінген өте беретін қадірсіз ұйым емес, жолдастар. Мал дәрігеріміз Медет Конайулы социализмнің негізін салған көсемдеріміз Карл Маркс пен Владимир Ильич Лениннің ілімдерімен таныс па, өзі? – деп ежірейді.

О, тоба! Мыналар шәуілдеп кетті ғой. Иттің итақайы өтіп жатқан партияға шаруашылықтың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген мен өтсем, сынын бұзады екем-ау. Күні кеше келген жас экономист С.Т.Юрьев, гидротехник А.И.Бондаренколар партияға өтеді, ал маған оның ауылы алыс. Осы әділетті ме?! Олар не бітіріпті сонша? Кеңседен шықпай, бір-бір кабинетте қонжиып отырғандарынан басқа өнерлерін көрген де емен, естіген де емен. Не де болса, кеңшардың бастауыш партия ұйымының хатшысы тоқетерін айтар деп, сабыр сақтады.

Күтпеген жерден сөзге Оришевский араласқанда барып, әңгіме ауаны басқа арнаға бұрылды:

− Медет Конайұлы жас та болса, бас болып, кеңшарымыздың республика бойынша танылуына қажыр-қайратын аямай жүрген маман. Мал шаруашылығы осы азаматтың арқасында уақыт өткен сайын өркендеп жатыр. Сондықтан, мен сіздердің айтқандарыңызға қарсымын. Медет Конайулы –  «коммунист» болуға бірден-бір лайықты адам.

Кеңшар төрағасының дәлелді уәжіне жаңағы шешендер қарсы келе  алмады. Оришевский Медеттің арқасында кеудесіне орден таққанын ұмытпаса керек. Көпшілік оның айтқан бір ауыз сөзін жерге тастамай, Медет Қонайұлының партия ұйымына қабылдануына амалсыз келісім берді.

Медеттің «коммунист» болғанын күтіп тұрғандай, тасы өрге домалап, бір мың тоғыз жүз алпыс бесінші жылдың наурыз айында, Целиноград ауданының бас малдәрігері, әрі малдәрігерлік станциясының бастығы болып тағайындалды. 

Оның келген ауданында, жиырмадан астам колхоз-совхоздар бар. Бұл жерде де сол баяғы шаруа. Малдың жаппай төлдеп жатқан науқанына тұс келді. Медеттің алдында Мәмбетова атындағы кеңшардың жас бұзаулары іш ауруына шалдығып, өлім-жітім көбейген соң, Алматыдан, Ақмоладан бір топ мал мамандары, оқымыстылар барып, ақыл-кеңестерін беріп кеткен екен. Бірақ тиянақты түрде екі-үш күн отырып, зерттеп, сауықтыру шараларын жүргізбеген. Цезарь айтқандай, жандары ашымастан: «Келдім, көрдім, жеңдім» дегені секілді, оны-мұныны шатып, жөндеріне кетіп қалыпты.

«Мына түрімен өле берсе, бұзаусыз, торайсыз қалармын,» – деп Иван Евдокимович Лазебный деген совхоздың директоры жан-жаққа Тың өлкесінің облыстық, аудандық, басшыларына жеделхаттарды жаудыртты.

Жаңа ғана жұмысқа орналасып, аудан көлеміндегі жағдаймен толық танысып үлгермеген Медетті ауданның ауылшаруашылығы басқармасы бастығының  бірінші орынбасары Иван Савельевич Рудь:

  • Жұрт мақтап, сені жер-көкке сыйғызбайды, қабілетіңді ал енді

көрсетші, – деп қарқылдап күліп, арқасынан қағып, кабинетінен шығарып салды.

Жазған құлда жазық бар ма? Көңліне күдік кірсе де, қалай бармаймын десін, аталмыш  шаруашылыққа сол күні аттанды.

Жолшыбай: «Бұл – қалай? Талай малдәрігерлері, оқымыстылар болса да, кеңшардағы мал өлімінің тоқтамағаны несі?» – деген уайыммен келді. Келген бойда, еш жерде аялдамай, мал қораларын аралап, әр қорадағы малдардың қоңын, санитарлық жағдайын егжей-тегжей тексеріп жүргенде, сол совхоздың бас зоотехнигі Ө.С.Маметов, бас мал дәрігері С.З.Боранбаев өз мамандықтары бойынша  қызмет атқарып, әрекет  жасаудың орнына, кеңшардың партия ұйымының хатшысы Добряк Семенның айтқанын екі етпей, зыр қағып жүргенін көрді.

Маметов: «Добряк үйдеді, Добряк бүйдеді,» – деп жер-көкке сыйғызбай, оны көзінше мадақтайды. Буаз сиырларға бүлініп кеткен сүрлемді бермеудің орнына, жем мен көк шөптің ауадай қажеттігін естен шығарып, оқығаны-тоқығандары қайда кеткені белгісіз, Добряк Семен не айтса, соны қолдап, қолтығына су бүркіп жүр. Маметовтың  мына  қылығын көріп, оны «мал маманы» деп айтуға аузы бармады. Әлгі Добряк мал дәрігерлік салада да өнерін  көрсетіп, іші тоқтамай, тышқақтап, көздері үңірейіп, өлейін деп жатқан жиырмадан астам бұзауға ем ретінде екі жүз грамнан тұз араластырып, арақ бергізген. Бастарын көтере алмай, қаусап жатқан бұзаулар арақ ішкен соң, бірден ереуілдеп, орындарынан түрегеле бастады. Оған қуанған Добряк мамандарына:

– Сендер кещесіңдер, әне көрдіңдер ме, бәрінің ойнақ салып, тұрып кеткендерін. Енді ананы олай, мынаны бұлай істеңдер, – деп әрі қарай түрлі нұсқаулар айтып бөседі.

  • Семен, осы нұсқауларыңды орындаймыз, жөндейміз, – деп Маметов

құрдай жорғалап жүр.

Одан әрі:

  • Сәлім, көрдің бе? Біздің Добряк нағыз малдың тәуібі, мына

бұзаулардан бір жарты қалып еді. Кел, біздің  бастықтың  денсаулығы үшін деп, – үшеуі әлгі жартыны қақ бөліп, қағып алып жөндеріне кетеді. Үйлерінде жатып, тынығып келсе, манағы арақ берген бұзаулар өліп қалған.

Бұл қылықтары М.Шолоховтың еңбегіндегі Щукарь атаның сығандардан ат сатып алғандағысындай болды. Осы істегендерінің үстінен шыққан Медет С.Добрякқа:

– Сіз ауру бұзауларға арақты не себеппен бердіңіз? – деп сұрады.

Сонда ол:

  • Қайдан білейін, өзімнің ішім өтіп ауырса болды, жүз елу грамм

араққа тұз қосып, тартып жіберсем, көзім шырадай жайнап, ештеңе болмағандай, айығып жүре беруші едім, – деді күлімсіреп.

Бір жұмадай осы кеңшарда болған Медет, үсті-үстіне бір толастамай туылып жатқан бұзауларды, торайларды емдеп, мамандарға зоотехникалық-малдәрігерлік тәсілдерді бұлжытпай орындатқызудың арқасында төл өлімі күрт тоқтады.

 

 

***

 

 

Шаруашылық басшысы Е.М.Золотарев:

  • Мына іргедегі «Бозай» аулының даладағы геологтар қазып кеткен

құдығына біреулер өлген бұзауларды толтырып, үйіп кетіпті. Сен барып, неден өлгенін, қай кеңшардың бұзаулары екенін зерттеп, анық-қанығын білші, – деп тапсырма берді.

Медет бастан асып жатқан жұмысын тастап барса, бір қырдың үстінде, геологтардың қазған құдығының іші қара-ала бұзаулардың өлексесіне лық толы. Сіресіп жатыр. Шығарып санағанында жүзден асты. Ешбір жан бұзаулардың неден өлгенін тексермеген. Әйтеуір, енесінен тірі туылған, үш-төрт күн өмір сүрген бұзаулар. Бәрі дерлік іш ауруынан көздері үңірейіп өлген.

 Жаңа ұйымдасқан кеңшардың төрағасы неміс жігіт Девивье:

  • Бұл бұзаулар біздікі емес және де мұндай  қара-ала тұқымды қара

мал атымен бізде жоқ, – деді.

Іргедегі «Октябрь» кеңшарынан басқаларда мұндай қара ала тұқымды мал жоқтығын естігесін, сол совхоздың директоры И.Т.Петуховқа телефон шалып, жағдайды айтып  еді, ыршып түсті.

– Олай болса, жолдас Петухов реніш болмасын, бұл бұзаулардың кімдікі екенін анықтауымызға тура келеді.

  • Шешіңіз, анықтаңыз. Еркіңіз білсін, ол бұзаулардың біздікі емес

екені айдан анық, – деп маңайлатпады.

Медет көп ойланып-толғанып, тексерісті сол «Октябрь» совхозының «Нұра» бөлімшесіндегі қара-ала сиырлардан бастады. Қаншасының таяуда бұзаулағандарын, қаншасының буаз, қанша сиырларының қысыр қалғанын ерінбей, жалықпай, бас-басына іштерін сипалап жүріп анықтады. Содан соң, жас бұзаулаған сауын сиырлардың төлін санағанда, жүзден артық бұзау жетпеді. Сол жерде, айғақтан бұлтартқызбау үшін, ауданнан комиссия шақыртып, малдарды қайтадан тексеріп, керекті құжаттарын дайындап, құдыққа тығып тастаған бұзауларды алғызып, жылы жерде оларды жібітіп, әрқайсысының ішін жарып, неден өлгендерін анықтап актіледі.

Ауданның бірінші хатшысы Ю.Н.Трофимовқа өзінің бастығы Е.М.Золотаревқа, Медет егжей-тегжей болған жағдайды баяндап, бүкіл құжат-қағаздарды табыс етті.

Ешкіммен сөйлеспейтін, ешкіммен жөндеп сәлемдеспейтін, қашан да сәнді киініп, көкке қарап жүретін тәкәппар И.Т.Петухов сол өзінің мәселесін қарайтын бюроға керзі етік киіп, куфайкамен кіргенде, көпшілік аузын ашып  таңырқады. Оның жоғарыда отырған таныстары, сыбайластары көп болса да, араша түсері болмады. Жұмыстан шығарылған соң, Ресей жағына көшіп кетті. 

 

 

***

 

 

Қонайұлы жұмысын адал істеп, аудандағы директорлардың арасында абырой-беделі өсіп, оның ісәжірибесін бөлісіп жүргенде, «Краснояр» кеңшарының төрағасы Д.В.Бурбах танауын шүйіріп, сәлемдеспестен, жанынан өтіп кетсе бола ма?!. Пендешілік дегенді қойсаңшы, бұл. Шаруа жайымен барған, баяғы...

Шошқа фермасы орталықтан жырақ, Жарлыкөлге орналасқан. Жауын-шашынға қарамай, малшылар орталықтан қатынап, міндеттерін жүрдім-бардым істеп кеткесін, орындалған жұмыста береке бола ма? Жаңа туылған торайлар тазалықтың жоқтығынан іш ауруына шалдығып, жүндері үрпиіп, құйрықтары салбырап, өлетін  жер іздеп жүр. Фермаларының іші лас, сасық – аммиак. Ірі шошқалары жемнің үстінде жатса да, жүндері  бұйраланып, сарғыштанып, аяқтарын әрең басып, мас адамша қиралаңдайды.

Шаруашылықтарының оңып тұрмағанын сезген Медет:

  • Фермаларыңда өлім-жітім көп па деймін, – деді кеңшардың бас мал

дәрігері В.Н.Концевенкоға.

Ол шімірікпестен:

– Көп емес, – деді.

  • Ендеше жүр, мал көметін жеріңе апар, – деп отырған жерінен

сүйрегендей ертіп шықты.

         Масқара! Үш жүз шақты торайдың тау боп үйіліп жатқанын көргенде, Медетпен бірге Концевенконың өзі де шошып кетті. Сүйтсе, бұл жерге оның бірінші келуі екен.

Ешкім ол торайлардың неден өлгенін анықтамаған, сойып көрмеген және лабораторияға  патмал жібермеген. Малшылардың бітірген бар жұмысы – өлген торайларды жинап, өлексе тастайтын жерге апарып, ауру-сауына қарамай, тез-тез қораны тазартып, үйлеріне тайып тұру. Шектеулі жалақы алған соң, малдың өлім-жітіміне бас қатырып жатсын ба?!

Ол қона жатып, ертеңіне жиналыстарына барғанда Д.В.Бурбах немісшесін сайрап отыр. Бас зоотехник орыс жігіт Г.Мальцев, бас мал дәрігері белорусь В.Н.Концевенко, бас экономист Т.Мальцева тағы басқа ұлттың өкілдері отырса да, көптігіне салды.

Қазақтарға өз тілінде сөйлеуге ұлықсат етпей жүргенде, бұнысы несі, – деп Медет естіген құлағына сенбей, таң-тамаша қалды. Елеусіз, кішкентай ғана мекенде тұрып жатқанына қарамай,  олардың ана тілін қадірлегеніне сүйсінді. Біз болсақ, елімізде, жерімізде жүріп, әдет-ғұрпымыздан жұрдай болып барамыз. Асылы, біздің бірлігіміз жоқ-ау. Әр адам ұлттық намысын таптатпай, ұлтының мүддесіне тиесілі мәселелерге осылай жанашырлық танытып жатса, құба-құп қой, – деп ойлады іштей.

Біраз отырған соң, Медет түсініксіз тілді тыңдаудан жалығып, ортақ тілде сөйлеуін  талап етті. Бурбах болса, міз бақпай, оның талабын естімеген сыңай танытты. Жиналыс біткен соң, мал мамандарын алып қалып, Бурбахқа жіберіп жатқан кемшіліктерін батыра айтты. Ол үнсіз скальпельмен тырнағын шұқылап, тыңдап отырды да:

– Сен – қазақсың, шошқа өсіруді мына біздер –  немістерден артық білмейсің. Кішігірім, өлім-жітімсіз мал шаруашылығы бола ма? – деп  білгішсінді.

– Менің айтып отырғанымды теріс десеңіз, Давид Вильгельмович, облыстан білгір маман шақыртамын, – деді бұл.

  • Сен кімді шақыртсаң, оны шақырт, – деп Бурбах орнынан тұрды да,

кабинеттен шығып кетті.

Ертесіне Медет қалаға барып, облыстық лабораторияның бас бактериологі профессор Р.А.Цион мен Д.С.Гниломедовты ертіп, шошқа фермасына келді де, қайта тексеріс жүргізіп, лабораторияға патматериал алды. Бәрі сол алдында айтылған кемшіліктер, қосып алары жоқ.

Ақыры қағазға түсірген соң, жазып берген мал шаруашылығындағы жіберген өрескел кемшіліктерін Бурбах мойындады. Елеп-екшеп, өзі бас болып, жоюға тырысуының арқасында атақ-даңққа ие болып, жақсы көрсеткіштермен «Социалистік Еңбек ері» атанды.

Бұл – кәсіби біліктілік пен мол іс-тәжірибенің және қажырлы еңбектің арқасы еді. Әсіресе, «Сольнечный» мен «Заря» атындағы совхоздарда қызмет жасағаны мұндай әбүйір болар ма, қай жерге, қай түкпірге, қайда барса да, кез келген маман біле бермейтін мал шаруашылығындағы табыс пен шығын бірден көзіне ұрып, шаруаның жай-күйін тез байқайтын дәрежеге жетті. Ауданның бар мал мамандары, колхоз-совхоз директорлары бәрі оны сыйлап, ізет көрсететін болды. Қай кеңшарға бармасын, мал шаруашылығын зейін қоя аралап, бұл салада жіберілген кемшіліктерін директордың кабинетінде бүкіл мамандарын жинап алып, бастан аяқ баяндап, қателіктерін айтып, қалай жоюға қатысты мәселелерді талқылауды әдетке айналдырды. Бір сөзбен айтқанда, жүрген жерінде ізгілікті із қалдыруға тырысты. Кемшіліктерді жоюдың нәтижесінде, көптеген шаруашылықтың экономикасы аяғынан тұрды. Дұрыс жүйеге бағытталған технология байлыққа жетелейтінін аудан басшылары әбден ұқты.

 

 

***

 

 

Әйткенмен, ауданда үш жыл күні-түні жүріп қызмет атқарып, мал шаруашылығының көрсеткіштері біршама көтерілгеніне қарамай, елдің ілтипатына іліксе де, бұл жұмыстан  кетпесе  болмайтын болды. Оған себеп арақ  еді. Бұл – заманның кесапаты. Бірінші  хатшыдан бастап, ішпейтін адам жоқ десең, асыра сілтегендік болмайтын. Әрі жұмыстан, әрі араққұмарлардың қылықтарынан жүйкесі тозып, шаршағандығы сонша, іздегендер таппасын деп, кешқұрым үйіне кілт салып, құлыптап, отбасын кісі көрмейтіндей бітеп,  қаланың шетіндегі «Депо» жағына шығып, көше кезіп жүрді. Әбден үйінің берекесі кетіп, азып-тозуға айналды.

Айналасындағылардың салынып ішкендері соншалық, ауданның ауыл  шаруашылық басқармасының бас бухгалтері өзін-өзі бауыздап, бас агрономы поездың астына түсіп өлді. Өлерін біліп, бас инженер тіпті басқа жаққа ауысып кетті.

Медет бір күні аудандық  аурухананың бас дәрігері, әрі десе досы Сағындық Темірболатовқа барып, жағдайын айтып, жұрттың көзіне қорқыныштылау көрінетіндей: «Медет Қонайұлын жұмыс бабымен жүргенде құтырған ит қапқандығы себепті, құтыру ауруына қарсы қарынан отыз рет егілді. Бір жылға дейін арақ ішуге тыйым салынады» – дегенді қызыл сиямен жазып, мөр басылған құжат алдырды. Арақ құмарлар оған ішкіземіз деп қыштағанда, бұл қызыл сиямен жазылған құжатты көрсете қойып, олар  мұрындарын  тыржитатын. Мұндай ортада бұдан әрі жұмыс істеу қиын бола бастағаны сонша, – жүйке тамырлары зақымданып, сыр бере бастады. Кейбір ауданның үлкен  қызметте жүрген азаматтары арақ  іше берген соң, бет-жүзіне қарамай, сөзге келетін жағдайға ұшырады. Кейде біздің кең қолтық ағайындарымыздың үйіне барып, арағы мен етін жеп, келемеж қылып кететініне де намыстанатұғын.

Көбіне Тайтөбеде тұратын Құдайберген Байзақов деген жетпістен асқан, бала-шағасы көп ақсақалдың үйіне барғыштап, отағасын сөйлетіп отырып, тегіннен-тегін етін, арағын ішіп-жеп кетуге әдеттенген. Ақсақалға ең болмаса, әркім алып жеп жатқан арзан бағасына соғым да алып бермейді. Құдайберген байғұстың үстінде іліп алар бір жөнді киімі жоқ. Бала-шағалары, әйелі қашан келсең де, ескі-құсқымен, алқам-салқам жүреді. Оны көрген қай азаматтың болсын, жанына бұл жай батса керек еді. Қарияның үйіне келіп, бастықтардың көбіне «айт та айт» деп жалына сұрайтындары Құдайбергеннің көп қатын алып тастай берген хикаясы туралы. Осы бір бастан  кешкен  оқиғасын  келгендер жүз тыңдаса да, мастықтың салдарынан ба, қайта-қайта тыңдаудан жалықпай, мәз  болып, көздерінен жас аққанша күледі.

Құдайберген ақсақал сөйлегенде, өмірі орысша дұрыс сөйлемейді. Орыстың сөздеріне қарсылығы бар ма, буынсыз жерге пышақ ұра, басын жарып, көзін шығара айтады.

– Бірде, – дейді ол. – Бюрода тұрмын. Қалалық  партия  комитетінің бюро мүшелері қаз-қатар отыр. Бір татар жігіті анадай жерде бөлек диванда қисайып, шынтақтап отырған бойда маған қарап:

  • Эй, Байзақов, что ты бугай? – деді.

Мен асықпай, саспай аналар әбден күліп болған сәтте мұртымды бір

шиырып қойып:

  • Тобарыш шлені бюро, я не кәстрат, если, если короб голәйт,

прегаем, – дедім.

Олар күлкіден қырылып қалған. Мен үндемей тұрмын. Бірге күлуге болмайды. Мұртымды бармағыммен бір сипап қоям, – деп айналасындағыларды қыран-топан күлкіге қарық  қылды.

− Кеңшарда шаруашылық жағын басқарған директордың орынбасары Борисенко деген болды, – дейді бірде Құдайберген. − Оның ажары тәуір, сәнді киінетін әйелі кеңшарда кассир болып істейді. Мен байғұстың мейман күтпей, қонақсыз жүрген күнім бар ма?! Бір жолы үйге бір ұятты  адам келіп,  жүгіріп барып, әлгі әйелден қарызға ақша сұрасам бермейді. Қатты көңлім қалды. Ыза болып, өзін бір кеміту үшін, бір күні кассаның алдында ығы-жығы кезекте тұрғандардың көзінше, терезеге келіп, әлгі кассир әйелге дауыстады:

– Әй, маржа, где поросенок? – дедім.

Әйел сасып: 

– Какой поросенок? – деді.

  • Хозяйственный директор! – дедім де қыран-топан жұртты күлдіріп,

кегімді алып жүре бердім.

Әлгіндей ішкіш қулар, елдің қонақжай адамдарын айналдырып, ішіп-жеп, әрі кабинеттерінде отырып, кім көрінгенмен ішіп, шаруашылықты былыққа батырды. Осындай азып-тозып бара жатқан ортадан кетпек болып, өз мамандығы бойынша, кез келген шаруашылыққа жіберулерін өтініп, Медет арыз берді.

Жаңадан тағайындалған ауданның бірінші хатшысы А.Қ.Жолмұқанбетов арызын аудара-төңкере отырып:

  • Жоқ, сені жай малдәрігері етіп жібере алмаймыз, шаруашылықтың

қыр-сырын, жүйесін білесің. Сен мына  жүдеп, тозып бара жатқан «Шалқар» совхозына   директор болып барасың, – деді. 

Барлық ауыл шаруашылық министрі орынбасарларының алдынан өтіп, ең соңында Орталық партия комитетінің хатшысы Г.А.Мельниктің қабылдауында болды. Орта бойлы, толық денелі, жалтыр бас, алды бар, арты жоқ, боқтампаз адам екен.

Оның Қонайұлына бар айтқаны:

  • Таза ақымақ болмасаң, бірге істеген Оришевскийден миыңда

бірдеңе қалған шығар, – деп бірден құжатқа қол қойып берді.

 

 

***

 

 

«Шалқар» совхозы – Нұра өзенінің бойындағы шабындық жері мол, жайылымы кең болғанмен, шаруасы шатқаяқтаған шаруашылық.  Келешегіне сеніп, совхоздың директоры болып кете барды.

  • Бұл Медет енді бас көтере алмайтын, өлетін жеріне барды. Енді ол

өңкей арызқой қазақтар тұрған елде құриды, – деп баяғы үйінен, айналасынан айналшықтап кетпейтін жолдас-сымақтары күрт сейіліп, одан алшақтай бастады.

Ол заманда Ахмет Байтұрсынұлын білген жоқ. Ахаңның:

 

                           Бұл күнде таза досты табу қиын,

                           Көбіне дос қылатын мал мен бұйым.

                           Досың  мен дұшпаныңнан бірдей сақтан,

                           Егер де, Ахмет, баста болса миың, –

 

нақыл өлеңдерін оқу түгілі естімеген, білмеген кез. Қайран Ақаң, қалай тауып айтқан?!

«Шалқар» совхозы алғаш 1929 жылы ұйымдастырылған. Көлемі жағынан бөліне-бөліне келсе де, қазірдің өзінде ең үлкен совхоздың біріне жатады. 1932 жылғы зұлматта жазылған бұйрық қағаздарын ақтарып отырғанда, оның таң-тамаша қалғаны директорсыз бір мәселе шешілмепті. Тіпті мұғалімдер, дәрігерлер, милиция қызметкерлеріне дейін, атқарған жұмыстарына көңілі толмай, директор сөгіс берген. Кеңшардың іргесіне жетіп, аштықтан қырылып жатқан қыр қазақтарына арам өлген малдың етін беріп, талан-таражға салғыздыңдар, көміп құртпадыңдар, оларға майдан айырылған сүтті тараттыңдар деп, қарамағындағы көптеген жұмысшыларды жазалаған. Арам өлген малдың құнын төлеттірген.

Совхозда 1932 жылғы, көкектің 14-і күнгі, 92-жарлығында директор К.Железняк: «Қандай да жұмысқа болсын, көбіне сырттан айдалып келгендерден алу керек,»  – деп қарамағындағы қызметкерлерге жазбаша түрде ескертеді. Сырттан келген – спецпереселенцы  дегені – Ресейдің ішінен қуылып келген бай-құлақтар болатын. Шарт бойынша жұмысқа алынған 240 адамның ішінде бір де бір қазақ болған жоқ. Олар аштан қырылып жатқан қазақтарды адам санатына жатқызбаған ғой.

Совхоздың бұрынғы директоры көп жылдар СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Есенжол Қамзебаев қайтыс болған соң, осы кеңшарда бала кезінен өсіп, бас  инженер болған Т.Г.Видман директор болып тағайындалған еді. Бірақ ол шаруашылықты игеріп әкете алмады. Ұлты – неміс болса да, иі жұмсақ болған ба, кеңшардың байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Видман басқарған үш жылдың ішінде шаруашылықта береке болмай, белшеден қарызға батты. Малдарды басқа совхоздарға су тегін үлестірді. Егін шаруашылығында да табыс болмай, егістік алқаптарын арамшөп басып қалды. Үш жыл ауданда қызмет атқарып жүргенінде, шаруашылықтағы кемшіліктерді жанәнімен қанша сезінгенімен, әлі де ол білмейтін көп нәрсе көзден таса тұрыпты. Өздерінің малдары жоқтай, әркімдер кеңшардың буаз сиырларын қыстан шыға үйді-үйге таратып, жаздай сауып, күзге қарай әлгі сиырлардың құр қарақан басын ғана апарып тапсырады. Жаз шыға, әрлі-берлі жосылып өтіп жатқан жүк машиналарына  көзің түссе, қасқа маңдай, жас бұзаулардың бастары қылтиып, құлақтары қалқиып, көздері жәудіреп кетіп бара жатады.

Мал емдейтін бөлек қораны аралап жүрген Медет:

– Алдыңғы күнгі еті қоңды, ақсақ, қасқа сиыр көрінбейді ғой? – деп белсеніп жүрген жұмысшы Хасенов Сағидолладан  сұрады.

Ол:

  • Қасқа сиырды сойып, сабын жасадық, – деді.

Дүкен сөрелерінде самсып тұрғанда, совхозға соншама сабынның

керегі не?

  • Қане, сабынды қалай жасадың, технологиясын айтшы? – деп сұраған

сұрағына ол міңгірлеп, ештеңе айта алмады.

Одан шығып, мал бордақылайтын  қораға кірді. Нән тайыншалардың ішінде борбайлары шидей, жас бұзаулар байлаулы тұр. Ет комбинатына  тапсырамыз деп жүрген тайыншалардың ішінен, ең тәуірін сойып алып, орнына жас бұзауларды қойған.

Сиырлардың жаппай бұзаулап жатқан кезі. Малдәрігер Тәкен Қарашөкеновке шуы түспей, жүдеп тұрған он шақты сиырды көрген жерде:

  • Мына сиырлардың шуын неге уақытында алмаған, – деп сұрады.

Тәкен қолындағы былғары қолғабын шешпей, директорға саусағын шошайтып айтқаны:

  • Қараптан қарап, ауру жұқтырып қайтем.

Өлген бұзауларда қисап жоқ. Ауыл иттерінің құдайы берген. Әр тұста өлекселерді тістелеп, жеп жатыр. Қойды да қотыр дендеген. Оларды емдеп, қарекет жасап жатқан жанды және көрмейсің, жайбарақат тірлік.

Совхоздың бас зоотехнигі И.Г.Шестопалов пен бас малдәрігері Ю.К.Шумиловтан, лездемеде шаруашылықты түзетудің шараларын сұрап, талап қойса болмас па еді? Әбден қазақтарды басынып алғаны сонша, әріптестерін көзінше жамандап отыр. Өздері жұмылып жұмыс істейтіндей, қимыл-әрекет көрсетпейді. Күндізгі он-он бірге дейін, кеңсе маңында жұмыс істеген болып, кіріп-шығып жүреді де, ұшты-күйлі келесі күнге дейін көрінбей кетеді. Олардың ешбір бөлімшеде қызмет атқарып жүргенін көрмейсің. Байқасаң, кең қолтық қазақтардың үйіне жиналып, машиналарын барған үйдің қораларына тығып қойып, арақ ішіп, ет жеп сайран салады екен. Күнде қайталанатын келеңсіз қылықтарынан жерініп, айылын тартайын деген сыңайлары жоқ. Қандарына сіңіп, дағдыланып кеткен. Бәрі бірігіп, әмпей-жәмпей, ауыз жаласып алған. Үкіметтің шаруасы қирап, күйреп жатса да, елең етер емес. Ішкен арақ пен жеген етке мәз. Қылықтары адам сенбейтіндей нойыс.

«Шалқар» совхозында көбіне қазақтар тұрады. 75 проценттен асса да, өз ұлтыңнан бір де бір бас маман жоқ. Бәрі өзге ұлттың өкілдері. Ал енді бөлімше басындағылар керісінше, түгелдей қазақтар. Бірақ бас мамандар мен орта буын аралары алшақ. «Маман» деп, орта буындағылар оларды елей де қоймайды, ат үстінде тыңдайды. Бөлімшелерде не істеп, не қойса да, бәрі қазақтардың іштерінде, сыртқа білдірмейді, сыр шашпайды.

«Шалқар» совхозына келгеніне бір ай болғанда, жетпістен асқан, бетінен қаны тамып тұрған жылтыр, бурыл  сақалды, көп жылдар бөлімше меңгерушісі қызметін атқарған Бопай Есіркепов есімді қарт келіп:

  • Менің балам Отарды үлкен қызметке көтер, жоғарылат. Бөлім

меңгерушісі болып істегеніне екі жылдай болды. Жетеді. Ананың көзін құрт, мынаны бүйт, әйтпесе, бұл жерде саған жұмыс істетпеймін, – деп әлімжеттік  көрсетті. Оның бетіне таңдана қарағанда, қымсыну, қымтырылу жоқ еді. Медеттің көзін бақырайтып қойып, шынын айтып, ақтарылып отыр. Бұл өңірге билігін, өктемдігін жүргізіп, сөзін өткізіп, тізесін батыратындығын ескертті. Осы елдің «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан аламын,» – деп қасқайып тұрған кәрі көкжалы екендігінде дау жоқ. Оның ойы Медеттің кеудесінен басып, еңсесін түсіріп, илеп, не айтса соны істеткізіп, қол бала ету.

Медеттің тағы бір байқағаны, жаңадан салынып біткен үйлерге рұқсатсыз кім көрінген бас жоқ, көз жоқ, кіріп алып жатыр. Көп балалы отбасылар назардан тыс, үйсіз-күйсіз отыр. Оларға жаны ашып жатқан ешкім жоқ.

Осындай келеңсіз оқиғаларды көріп-біліп отырған соң, қандай  шара қолданып, не істеу керек? Әлде қол қусырып, Есіркеповтердің айтқандарынан шықпай, ләппайға басып, жүре беруі керек пе? Алла тағала қайда жүрсем де ауыртпалықты менің ғана маңдайыма жазбаған шығар? Көріп жүрмін ғой, соқыр емеспін. Арамызда қаншама кісілер күліп-ойнап, тайраңдап, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен, «текені – жезде, ешкіні – апа» – деп жүріп жатыр. Бұл тәңіріме осыншама қинайтындай не жазып едім, – деп өзіне-өзі ренжігеннен, кейде ұйықтап жатып, түн ортасында атып тұратын, үйге сілелеп келсе де, түн баласы ұйқы көрмей, дөңбекшіп шығатын әдет тапты. Нағыз дозақта жүргенін іштей сезінді. Ойланып-толғана келе, ар ісінің азабы молдығын, ауыр да болса, сол адалдық пен шындықтың жолымен жүргенді қалайды. Себебі одан басқа жолды білмеді. Білгісі де келмеді. Ары мен ожданын аппақ қардай таза ұстаса, қандай жақсы!

Басқа да жол болды. Ол – қызметті тастап кету. Біраз қобалжумен жүріп, қатты қиналса да, жұмыстан кете алмады. «Қызметін атқара алмай кетті» деген сөз де  жаман. «Моласындай  бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным, – деп Абай айтқандай, жанындағылардың көбі қоғам алдындағы жауапкершілікті түсінбей жатса да, шаруа қуып, қорқытқандардан да қаймықпай, бәрін орын-орындарына қойып, айтқанын орындап, бәріне бірдей талап қоюы керек. Қылтың-сылтыңмен жүріп, жұмысты үстіртін істейтіндерді қызмет орындарынан қуу керек. Ал, тәкәппарсығандардың кейбіреулерінің жұмысын өзгертіп, ассенизатор етіп тағайындаған дұрыс шығар. Жұртқа күлкі қылып, нан піскен кеуделерін баспаса болмас. Совхоздағы мал басын түгендеймін. Сабын жасайтындардың өз меншігіндегі сиырларын орнына салғызам. Жас бұзаулардың, одан кейін бүкіл қара малдың құлақтарына ен салып, анадайдан оқылатындай етіп нөмірлеткізем...

 Қай бөлімшенің, қай малшының малы екенін, анадайдан, малдың құлағындағы еніне қарап тез айырар. Осындай тірліктерден кейін, еркінсіп қалғандар тік көтеріліп, арыз жазуды боратқаны соншалық, жұма сайын комиссия келіп, тексеріс жүргізіп, Медеттің басын қатырды.

Күн жылыда басына жұқа ақ кепке киетін. Кейбіреулер сонысын кекетіп, әсіресе, жергілікті белсенділер: «Мынау қайдан келген «ақ қалпақ»? Бұны да көрейік,» – деп қыр соңына түсіп, қастық жасады.

Ауылда өрт көбейді. Кітапхананың үйін өртеді. Одан салынып біткен, берілуге дайын тұрған сегіз пәтерлік екі қабатты үйді жағып жіберді. Ол аз дегендей, мал қораларды өртей бастады. «Жайлауды жау алды, қыстауды от шалды» деген осы болды. МҚК-нің адамдары келіп, араласа бастағасын әзер тыйылды.

Шілденің ыстық, қапырық күндерінің бірінде, отыз шақты малшы, механизаторларды ертіп, өзі бас болып, баяғы қарт Есіркепов кеңсеге кіріп келді. Бәрі үнсіз, екі жақ қабырғадағы орындықтарға отырыса-отырыса қалысты. Ол қарттың бір пәлені ұйымдастыра келгенін сезіп отыр. Есіркепов орнынан тұрып, отырғандардың бәрінен бір-бір парақ қағаздарды жинап алып, столдың үстіне қойды. Жиналғандардың бәрінің ым-жымдары бір, ішек-қарындары араласып кеткен жандар екені байқалып тұр. Арыздарын оқыса, науқанның қызып тұрған  шағында, жұмыстан босатуларын өтініпті. Бәрінің өтініші бір мазмұнда. Осының алдында біраз уақыт бұрын ақсақалдың ашық түрде қыр көрсеткені есінен шықпай жүр еді. Мына алдында қаз-қатар отырғандардың ішінде жақсы, адал жұмыс атқарып жүргендері де бар. Және де осы келіп, қысым жасап отырғандардың бәрі дерлік, өзінің руынан – темештер. Арғыннан шыққан, арғы атасы – Темеш ел аузындағы аңызға сенсек, ешкімнің ала жібін аттамаған, елін сүйген ұлы жүз ханының адал уәзірі болған, кейін Сарыарқаға келіп, қоныс тепкен. Сол ұрпақтары келе-келе азып, мінекей, Медеттің алдына келіп отыр. «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде,» – деген ұлы Абайдың айтқаны айна қатесіз.

Бұ жолы ашуы терісіне сыймай отырса да Медет:

– Қайда барғыларың, не істегілерің келеді? – деді салмақты сөйлеп.

– «Саналы» кеңшарына, ата қонысымызға бармақпыз, – деді олар.

Қол күші жетпей, осынау бір шаруашылық жұмыстарының қайнап жатқан қауырт шағында директор: «Кетпеңдер!» – деп жалынады. «Әке-көке» – деп, аяғымызға жығылады, содан кейін осы елге айтқанымызды істетеміз, билеп-төстейміз деп, шолақ тұжырымдаған болар. Бәрі үнсіз, нендей қарекет қылар екен деп, көздерінің астымен, директордың қимылын қалт жібермей бағып отыр.

Іштей толқып, осы бір ашық кеште тұманды күнгі адасқан жолаушылардай, ауып кете жаздап, қандай ауыртпашылық пен қиыншылықтарды басына жападай жапсырып, кигісі  келіп тұрғандарын  аңғарса да, амал не, шегінуге болмайды. Және де қолма қол, тап қазір, қас-қағым сәтте не олай, не бұлай шешілуі қажет. Отырысты созудың енді жөні жоқ екенін түсініп, сәл отырды да:

– Көлдей шөлге барғыларың келгені қайырлы болсын! Мына қарттың соңынан ерген екенсіңдер, айтпады  демеңдер, бұл кісі құдайдың жолымен, сендерді бастап бара жатқан жоқ. Түбі оңдырмайды. Бала-шағаларыңның алдындағы күнә өздеріңнің мойындарыңда болсын, – деді. «Кеңшардан шығарылсын,» – деп қол қойып беріп жатып.

– «Тұрған үйлеріңді тездетіп босатсаңдар, сол отгондағы «Саналы» кеңшарына ақысыз-пұлсыз сендерді түгел апарып тастауды өз міндетіме алам,» – деді.

Босаған үйлерге әр жерден, әсіресе, өзі  жұмыс  істеп  кеткен  кеңшарлардан, тепсе темір үзетін  жас жігіттерді  тез  жинап, көшіріп алды. Осылай жоқтан бар жасап, қиналып, жүйкесі тозып жүргенде, алдында ғана  «Ауыр жерге бара жатырсың, көмектесеміз,» – деп қолпаштап, арқасынан қағып, көпшік қойып, осы шаруашылыққа жіберген аудан басшылары И.С.Рудь, Н.С.Иванов, А.И.Жерлицын сияқтылар өздерінше қуанып, «түрт, шайтан түрт,» – деп мәз болып, сыртынан күліп, қит етсе сөгіс беріп отырды. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен аладының» керін келтіріп, көрмегенді көрсеткен. Басына жауапкершілігі қиын іс туған кезде, аудан басшылары арасынан оны қолдаған жалғыз ғана ауданның ауыл шаруашылық басқармасының бас бухгалтері Евдокия Ивановна Ларусова.

Евдокия Ивановна бірде:

  • Медет Қонайұлы, мен сізге қарсы осынша көп  дұшпан бар

деп, әсте ойламаған едім. Ешкімге зияныңыз болмаса да, мыналардың сізге істеп жүрген қастықтары масқара ғой. Сақтықта қорлық  жоқ, аңдап басып, нық жүріңіз, – деді сақтандырып.

Әбден шыдамы таусылған соң, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Қ.Жолмұқанбетовке аудан басшыларының өзіне істеген қиястықтарын өкпе-наз ретінде айтып еді, атүсті тыңдап, жаратпаған кейіппен И.С.Рудьқа телефон арқылы:

  • Медет Қонайұлының тәртібін коллегияда талқылаңдар, – деді

мойнына тас байлағандай. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын». Ол өзіне тұлып кигізіп, шырылдатқан күйі отқа тастағандай қылды.

Бұрын бірлі-жарымы болмаса, аудан, облыс басшыларын ең адал адамдар деп ойлайтын. Онысы бекер екен. Ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Рудь барлық орынбасарларын, бөлім басшыларын, бас  мамандарын  жинап, әбден дайындалып, бір күні Медетті  орталарына шақырып алды. Өздерінше тон пішіп, құлаққа ерсі сөздер айтып, аш бөрідей жабылды. М.И.Точилкина деген орынбасарына: «Бүгінгі болатын әңгімелердің бірін қалдырмай, протоколға жаз,» – деді. Бәрінің айтып жатқандары бос, алып қашпа сөз. Оған өштескендері соншама, ауыздарынан ақ ит кіріп, қара ит шығып жатыр. Жала, өсек, қиянат молынан айтылды. Ойларының, айтқан айыптарының тайыздығын, ақырына дейін тыңдағаннан кейін қарсылық білдірді.

  • Қиын сәтте, совхоздың экономикасы тұйыққа тіреліп тұрған

шағында, осында отырған сендердің біреуіңнің жәрдемдеріңнің тимегені, беттеріңмен лағып кеткендерің қалай? – деп әрбіріне жеке-жеке тоқталып, шаруашылыққа сіңірген еңбектері мен міндеттерін талдап және жұмысты үйлестірудегі кемшіліктері туралы айтты.

Адамның жауапкершілігі күшейген сайын, рухы таси ма қалай, батыл айтқанның әсері болар, бүкіл орынбасарлары мен бас мамандары қосылып, тұтқиылдан соққы жейміз деп ойламаған Рудь мырзаның қолы дірілдеп, бәрінің көзінше өз жарасын өзі жалап, бұлтартпай айтылған дәлелдеріне төтеп бере алмай, лаж жоқ кешірім сұрады.

Жиналыс өтіп, бәрі тарап кеткен соң, М.И.Точилкина ризашылығын айтып: «Бәрін қырып салдың, молодец,» – деп Медеттің қолын алды.

Оның ашықтан-ашық бәрімен сөйлесіп алғаны жақсы болды, бұлт сейіліп, күн шыққандай, ішкі дүниесі жеңілденген. Көптен түнеріп жүрген қабағы жадырап, көңілі орнықты.

Басқа кеңшардың директорларының астында қос-қос машина. Ал сол күні Медет су таситын мәшинемен жүрді.  

Медеттің бастығы Рудь:

  • Жаяу жүргеніңді білемін. Көптен бері шеше алмай жүргеніме

кешірім сұраймын, – деп «Октябрь» кеңшарының бас инженері мініп жүрген бес орындықты машинасын сол күні меншіктеп берді. Оған дейін, бұйырған көлікпен, кейде үш аяқты мотоцикльмен де шаруашылықты аралап жүрді. Кейін совхозының жағдайы түзеле бастаған шақта, облыстық атқару комитетінің бастығы Р.О.Шаяхметов: «Ірі кеңшардың төрағасына бұл жараспайды,» – деп обалы не керек, «Волга» бергіздірді.

 

 

***

 

 

Бірде кеңшардың партия ұйымының хатшысы Садовский ішіп алып, егістіктің ортасында:

  • Медет Конайулын тыңдамаңдар! Комбайндардың тесігін бітеп,

герматизация жасаудың қажеті жоқ, уақыт өткізбей, егіндеріңді ора беріңдер, ол өз мамандығы бойынша мал шаруашылығын жетістіріп алсын, – деп құйқылжып отырған үстінен шықты.

Кейін: «Директор  – партия ұйымының хатшысын егістіктің ішінен

қуып шықты деген, не деген сорақылық,» – деп облыстық партия комитетінен тексеруге келген комиссия  шақырғанда, өзіне жала жапты. Садовскийдің мас халде үйіне кеткені анықталса да, оған сөгіс берілмеді.

Олардың мақсаты Медетті аяқтан шалу еді.

         Ертеде Мәлік Ғабдуллин студенттерді:

  • Әй, сендер қызықсыңдар. Алдыңнан фашистер қысса, артыңнан бір

адым кейін шегіндірмей, НКВД-ның әскері қысса, қалай батыр болмассың?! – деп күлдірген екен.

Сол айтқандай, өмірінде қыспақты көп көріп өссе де, «ұлтшыл» бола алмады. Осы күнге дейін оның дос-жораларының көбі – орыс, кәріс, немістер. Ал енді ұлт жанды екенін жасыра алмайды. Өзінің қазақ болып туылғанына риза. «Ұлтшыл» атанып кетермін деп, ұяласын қайдағы біреулерге жазықсыз талатып, бозөкпелік қылып, кейін кеудесін керетін  әлдекімдердің қатарында жүруге арланады.

Өз ұлтын басқалардан артық көріп, дәріптегенде ғана, «ұлтшыл-шовинист» деген қарғыбау тағылуға тиіс. Қай ұлттың өкілі болмасын, қатар жүріп, этика сақтап, бір-бірінің  ұлттық қадір-қасиеттерін құрмет тұтса, оларды  «ұлтшыл» деу әбестік қой. Ұлы қазақ халқының сөздік қорында «ұлтшыл» деген сөз жоқ. «Ұлтжанды»  болған ата-бабамыз, сан ғасыр өзінің жерін, өзінің мекенін қорғап, тілі мен дінін сақтай білген. Тарихымыздағы аңыз, ертегі, қиссалардан осыны аңғарасың. «Ұлтжанды» деп, – ұлт мүддесі мен құндылықтарын аса жоғары бағалайтын адамды айтамыз. Сондай-ақ, бұл сөз естір құлаққа рух беретін, арлы халық екенімізді дәлелдейді.

 

 

***

 

 

Бұл совхозға келгеніне жыл өтпей жатып,  шаруашылығы  қаз тұрып, әл-ауқаты жақсарды. Қай саладан болмасын, экономика жүйесіндегі көрсеткіштер түзеліп, іргедегі кеңшармен, әсіресе, немістермен қатарласып, иық тіресетіндей халге жетті. Ендігі жерде совхоздағы коммунистер мен бас мамандардың заңға қайшы іс-әрекеттерін қолға алған. Берекесі кеткен елде, берекелі жиналыс өте ме, кейде таң атқанша созылады. Кейбіреулері партия жиналысына әдейі арақ ішіп, мас болып келетінді шығарған. Ондайларды әупірімдеп, жиналыстан әрең кетіреді. Тәртіп бұзушыларға шара қолданып алған соң, партия жиналысы жөнге келіп, екі-үш сағатта бітетін болды. Ендігі қалғаны бас мамандарды тәртіпке шақыру еді. Оның да өзінен-өзі сәті түсті.

Медеттің кабинетте оңаша отырған кезін пайдаланып кірген, кеңсенің күзетшісі, әрі қыста пеш жағушысы Н.Казаков:

  • Сіз қалаға кетсеңіз  болды, бұлар кеңсенің есігін тарс жауып

алып, түні бойы арақ ішеді. Қашан болсын, сіз жоқта істейтіндері осы. Ақшаны қайдан алады, арамдық жасап жүрген жоқ па, тексеріңізші? – деді.

Сол күннің ертесіне қалаға кеткен болып, қараңғы түсе,  Медет кеңсеге келді. Күзетшінің айтқанындай, бас бухгалтердің кабинетінің терезе пердесі жабылған, бірақ шам жанып тұр. Есікті күзетшіге ашқызып, ішке кірді. Барлық бас мамандар мәре-сәре болып, арақ ішіп, өлеңдетіп отыр екен. Орталарында – кассир  И.Н.Коломыченко. Мастарға сол жерде не айтсын, олар жым-жырт болып отырып қалса да, үн-түнсіз шығып кетті.

Таңертең бухгалтериядан үш-төрт айдың есебін алғызып, парақтап қарағанда, қаптап кеткен командировка құжаттарына көзі түсті. Құжат бойынша, бас мамандар ай сайын он-он екі күннен іссапарға барған. Жалма-жан бас бухгалтердегі мөрді алып, кадр бөліміне берді. Арақ ішетін «батырлардың» бәрін шақырып алып, ақшаларын төлеттірді. Жұмыстарына ұқыпты болып, әркім өз саласына жауапты екенін ұмытпауын, арақ ішуді  тоқтатуларын талап етті.

Артынша, бас мамандар жоғарғы жаққа қардай арыз боратты. Әсіресе, бас бухгалтер З.З.Волков пен бас инженер З.З.Еламанов: «Мына ұлтшыл пәледен құтқара көріңдер,» – деп жер-көкке байбалам салды. «Медет –  қылмыс  жасауға итермеледі» деген жала жапты.

Түскен арызды тексеруге келген Жолмұқанбетов бастаған аудандық партия комитетінің мүшелері кеңшарға келіп, партия ұйымының кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Қашан да  аузы көпіріп ішіп жүретін бас инженер Еламанов, бұл жолы да ішіп келіп, мәжілісте лағып сөйледі. Тіпті Медетті «ұлтшыл» деп те, неше түрлі, естір құлаққа түрпідей тиетін былапыт сөздерді көптің көзінше айтты.  

Жиналыстың соңын ала бере, Медет сөйледі. Бұлардың айтып жүрген жаласын жоққа шығарып, шеге қаққандай, әр маманның  істеп жүрген жүгенсіздігіне тоқтап, қылықтарын беттеріне басты.

  • Мен сендерден дұрыс жұмыс істеңдер деп талап еттім. Сонда қалай

ұлтшыл болмақпын? Қайсысыңды кемітіп, қазағымды артық қойдым. Қайта олар сорлап, сендерден кем болып жүр. Мен ұлтжанды қазақтың азаматымын. «Ұлтшыл мен ұлтжанды» деген сөздің мағынасын айыра білетін уақыт жеткен жоқ па? Сендер күнде арақ ішіп жүресіңдер, жұмыс сұрасам, байбалам саласыңдар. Бұны қалай түсінуге болады? Бұларды  қолынан іс келетін қазақ ұлтының өкілдерімен, намысы бар азаматтармен  ауыстырмаса, жұмысты әрі қарай алып кетеді деп, тіпті де айта алмаймын. Әбден дандайсып кеткен. Бұларға: «Әй!» дейтін әже, «қой!» дейтін қожа болмаған. Әрі беріден соң, бұларсыз да шаруашылық жүріп жатыр. Бұлардың ойынша, осылай совхоз халқының, әрі менің еңбегімді ішіп-жеп, бүтін жалақы алып, тәртіпке бағынбай, арақ ішіп жүре берулері керек пе? Мен өз  ағайындарымды осы уақытқа дейін қысып, тәртіпке келтіріп жатқанда, сендер ғой құр жамандағаннан әрі аса алмай жүрдіңдер. Олардың бәрі жұмысқа жұмылып, қызмет атқаруда. Осындайда сендерді орыс халқының өкілдері екен деп, тәртіпке шақырмай,  беттеріңмен жібере қойғаным дұрыс па? – деп баса айтты.

Қорытынды сөзінде А.Қ.Жолмұқанбетов мамандарға жылуарлы қарап, өзінше майда сөйлеп: «Жұмылып жұмыс істеңдер. Әлі жастықтың әсерімен кетіп жүрсіңдер. Қойыңдар, анау-мынау сөзді. Директорларыңды тыңдамасаңдар, кетесіңдер,» – деп ескертті.

Ал, адалмын деп, атойлап: «Маған мына директор жұмыс істетер емес, қылмысқа итермелейді,» – деп пәле жауып, байбаламдап жүрген бас бухгалтер Волков құрылысшыларды қорқытып, пайда тауып, жемсауын толтырамын деп жүргенде, ақыры ұсталып қалып, сотталып тынды. Сол Волковтың сотталған уақытына дейін, оған тиіспей жүрген себебі, басқан ізіңді санап, көлеңкеңді аңдып жүретін бір адамның керек екенін, ішінен қалаушы еді. Сонда қайда жүрсең де, не істесең де опық  жемейтіндей қызмет атқарып, өзіңе-өзің сын көзбен қарап, ақырын жүріп, анық басасың. Өмірде өтірік, қулық сақтап, зұлымдықпен қарақан басының қамы үшін, өзіне көпшік қойып, мақтап, мадақтағандарды маңайына жолатпауға тырысқан. Одан да ісіне сын көзбен қарайтындарды ұнатады. Көпіріп мақтағаннан, мен не табамын? Жалған мақтауға мәз болып, артынан далада қалғандар аз ба?!

Совхозда Медетпен бірге, шаршау-шалдығу дегенді білмей жұмыс атқарған Тәкен Мусин мен Жанұзақ Жаңатуғанов болды. Екеуі екі бөлімшені басқарғаннан-ақ, шаруашылықты дөңгелентіп әкетті. Малшылардың жалақы алу кестесін өткізілген мал өнімімен байланыстырып, әрі малшыларды қатыстырып, жүз сиырдан қырық бұзау алсаң қанша, сексен бес бұзау алсаң қанша жалақы болатынын, бірге есептеп шығаратын. Оның үстіне, озат көрсеткіштерге ие болғандарға «Мал шаруашылығының бірінші дәрежелі шебері» деген атақ беріліп, жалақыларын жиырма процентке өсіруді қолға алды. Бұл дәрежеге жету үшін, малшы қауымның арасында бәсекелестік күшейді. Бәсекелестік күшейе келіп, өз жұмыстарын терең білетін, нағыз маман дәрежесіне көтерілді. Малшы қауым жылына әр жүз сиырдан 87-88 бұзау алатын шамаға жетті. Оның өлім-жітімі, аурулары күрт азайды. Жұмысшылардың адал да, ерен еңбектерінің  арқасында, үкіметке  ет тапсыруды, қой, шошқа өсірмей-ақ, қара малмен орындайтын халге жетті.

Ендігі жерде қара малдың сапасын жақсарту керек болды. Білімі бар деген мықты мамандардың өздері, шеттен әкелінген асыл тұқымды малдарды күтіп-баптай алмады. Қағазбастылық көбейіп, шаруа шалқая берді. Содан небәрі төрт класс білімі бар, атақты малшы Жұмаш Оразалиновты зоотехник етіп тағайындағанда барып, шаруашылықтың етек-жеңі жинала  бастаған. Жұмаштың  бір керемет қасиеті алдындағы бес жүз ақ бас сиырдың түр-түсін, нөмірін жатқа біледі. Қай сиырдың, қай бұқадан қашқанын кино көргендей айта алатын, туа бітті зоотехник. Осы Оразалинов өтірік айта салған шығар деп, айтқан малды ұстап, нөміріне үңілгенде, дәл айтқаны болушы еді. Жаздың шілде айында сиырлар оқыра қуып, бір-бірімен сәйгелдеп кеткенде, малшылар өз сиырларын бұзауларымен бірге танып, айырып ала алмай, азан-қазан болатыны бар. Сондайда Жұмаш келіп, бәрін айырып,  түгендеп, малдарын алдарына салып береді. Ақыры, қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырын өсіруде біздің совхоз әлгі Оразалиновтың тәжірибесімен Кеңестер Одағы бойынша, ең жоғары көрсеткіштерге жетіп, жоқтан бар жасап, Бүкілодақтық жарыста үшінші орынға ие болып, «Москвич» көлігіне қоса, он мың сом ақшалай сыйлық иеленді.

Совхоздың механизаторлары да малшылардан кем түспеді. Қандай да болмасын, науқанды технологиялық процеске сәйкес, дер кезінде ынталанып істеді. Солардың ерен еңбектерінің арқасында, шөп шабу науқаны да уақытында аяқталып, жүздеген мая тұрғызылып, шөптің жоғары сапасы  сақталды.

Жаңа әдіспен, А.И.Бараевтың жер жырту, өңдеу, дәнді дақыл себу технологиясын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде, егін танабы құнарсыздау болғанмен, облыс көлемінде ешбір ауданнан кем егін өндірілмеді.

Бұл жерде бір айта кететін мәселе мынау: Алпысқа жетпей,

зейнеткерлікке шықса да, механизатордың ғұмыры малшылардың ғұмырымен салыстырғанда тым аз. Қайта малшы қауым өзінің пешенесіне жазылған, алла берген жасына біршама жетеді екен. Зерттейік. Механизаторлар қашан да үсті-басы қара майдан бір арылмайды. Ұзақты күні көздері ғана жылтырап, шаң жұтып жүргендерін көресің. Оның үстіне өздері де саулықтарын ойламай, шылым шегеді, ішкілік ішеді. Ғалымдардың зерттеуінше, денсаулықты сақтау үшін, оның елу төрт пайызы ауаға, отызы суға, он екі пайызы күнделікті тағамға байланысты дейді.

Таразылар болсақ, екі кәсіптің иелері мына өмірдің рахатын сезінбейтін жандар. Қамшының сабындай қысқа ғұмырлары мал мен темір тұлпардың ішінде өтетін олардың кәсіподақ ұйымынан сауықтыру мекемелеріне берілетін жолдамаларымен ісі жоқ. Малшы – көктемде мал төлдету науқанын өткізудің, жаз жайлаудың, күз күздеудің, қыс қыстаудың қамымен әбігер. Тракторист – көктемде егін науқаны дейді, жазда шөптің науқаны дейді, күзде қысқы дайындықты ойлайды, қыста қарап отырмай, жем-шөп, отын-су жеткізем дейді. Қар тазалау жұмыстары тағы бар. Қысқасы, еңбектен қол үзіп кете алмай, жыл он екі ай шаруабастылықпен жүргендерінде, қайдағы Қырым, қайдағы қала?! Есіл дағы путевкілердің қызығын шаруашылық басында отырған басшылар көріп, құтырып кетті. Ұялмай-қызармай, қастарына әйелін, немесе туыс-тумасын ертіп, жылына екі-үш рет курорт-санаторилетіп, жалғанды жалпағынан басып жүргендері. Байғұстардың шөл мен суықта кезерген еріндерін, мыж-мыж әжім торлаған бет-әлпеттерін көргенде, Медет оларды қатты аяйды.

 

 

***

 

 

1970 жылғы совхоздың жетістіктеріне сенер-сенбесін білмей, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Е.Кручин арнайы комиссия жіберіп, бір ай шаруашылықты егжей-тегжей тексертті, әрі зерттеді. Бәрі орнында, бәрі дұрыс болған соң барып, совхоздағы еңбек озаттарының есімдері әр жиналыстарда пленум, сессияларда мақталып жүрді. Осы жылы егін  шықпағанымен қоймай, малдың азығы да тапшы болды. Қыстап шығуға әзірленген жем-шөп, небәрі алпыс жеті процент қана. Мұндай қиын жағдайда қыстан қалай аман шығу керек? Сырттан келер көмек боса-болмаса да жоқ. Айтатындары: «Татарстаннан – сабан, сүрлем тасыңдар,» – дейді. Көбі ертең мал қырыла бастаса, қолымыздан келгенін істеп, шара қолданып, алыстан болса да сабан, сүрлем тасыдық деп,  жанын аман алып қалу үшін, жұмысшылары мен техникаларын поезға артып жөнелтті. Тіпті құнары жоқ, мұз болып қатып қалған сүрлем мен сабанның қымбат нарқымен санаспай, финанс жағын есептеп, үкіметке жаны ашып жатқан біреуі жоқ. Аудан жиналыстарында шаруашылық директорлары: «Үйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз,» – деп мұрындарынан шаншылған болып, үкіметтің ақшасын оңды-солды шашып, мінбеде басқаша көпіреді. Олардың тілін алып, малға құнарсыз, түк пайдасы жоқ сабан, сүрлем тасыса, бәрібір мал өледі, ірі шаруашылық екі жылға дейін тұралап, финанс жағынан көтеріле алмай, елдің тұрмысы ауырлауы мүмкін.

«Не істеу керек? Қой болмас, бір амалын жасау керек,» – деп малшыларды жинап алып, алдағы күтіп тұрған қиыншылық жағдайды жан-жақты жасырмай айтып, қыстан шығудың амалын ортаға салып, – ол жол біздің өте-мөте үнемдеп, қолдағы бар жем-шөбімізді қыстай жас малдардың тәулік салмағын өсіру үшін беріп, үш жарым мыңнан асатын буаз сиырларды қар жауғанша далада бағып, қоңы түсіп, жүдейді-ау деген шақта ғана жылы қораға әкеліп, күнделікті рациондарын қырық  процентке қысқарту. Былайша айтқанда, сиырлардың есебінен, қыстан аман-есен, шығынсыз, әрі жас малдардың қоңын өсіріп шығару. Бірақ бұл өте қауіпті шара. Әрқайсымыздың ұсынықты, әрі тынымсыз қызмет атқаруымызды талап етеді. Ақылға салып, жұмыла жұмыс істесек, ертең-ақ еңбегіміз жемісті болары айқын, – деп түсіндірді.

Оның бұл қадамға баруына малдың физиологиясын бақайшағына дейін білетіндігі себеп болды.

  • Ә, құдайым қолдай гөр, – деп сырттан еш көмек ала-алмай, мал

қыстатуға кіріскен. Көрсеткіш қыс бойы жақсы болды. Жас тайыншалардың тәуліктік салмақтары ойдағыдай өсті. Ал сиырлардың жағдайы ай өткен сайын, арықтай бастады. Наурыз айының аяғына жеткенде, қаңқалары арса-арса болып, тек жандары шықпай, қорада құр сүлделері тұрды. Медет күні-түні айналшықтап, мал қораларының ішінен шықпай, малдың жай-күйіне алаңдап, күдік пен үмітке жеңгізе алмай арпалысты. Малшылар да жағдайға түсіністікпен қарап, күндіз-түні жұмыс істеді.

Бірде директор Батырбек Мұқышевтің малының қоңы түсіп кеткенін көріп, келгіштей берген еді.

Батырбек:

  • Медет қарағым, қорықпа. Қыстан енді шығамыз. Аз қалды. Күннің

көзіне де жан бітті. Ертең-ақ, қарайған қыратқа шығарам, – деп екі-үш жылдың ар жағындағы сабанды қорасының төбесінен түсіріп жатты.

Сонымен сиырларды қинап, малшылардың  бәрі де тамтығы қалмай, жүдеп жүріп, сәуір айының ортасынан асқанда, малды көкке шығарды-ау. Сиырлар көтеремнің аз-ақ алдында қорадан теңселіп, аяқтарын әрең басып шықты. Алты ай аурудан тұрғандай, малдың сүйектері сақырлап қалды. Ауыздары көкке ілінгеннен соң, бір айдың ішінде мал қоң жинап, өңі кірді.

Осы қиын қыстау жыл, дала тағыларына да оңай тиген жоқ. Әсіресе, киіктер шығынға ұшырады. Қыстап жүрген жерлерінің  қары әрі қалың, қатты, оның үстіне аязды болып, жаздай бойларына жиған қоңдарын суық сорып, есепсіз қырылған.

Ол, ол ма, бұл аз дегендей, арып-ашып, жаз шыға терістікке титықтап жеткен киіктер ғасырлар бойы ағзасы қалыптасып, азықтанып үйренген табиғи шөп емес, екпелі көк шөпке тұмсықтары тиіп, қоректің  құнарлылығынан мерзімі жеткенде лақтай алмай, әсіресе, тұмшалары қырғынға ұшырап, кең дала өлекселерге толып қалған.

Оның үстіне биыл да қуаңшылық болды.

 

 

***

 

 

Көрші орналасқан шаруашылықтың басшысы Медетке:

  • Менімен бірге жүрші, жер танисың ғой, маған шабындық

керек еді. Кең даланы қарап, аралап келейік, мүмкін қырманға лайық орын  табармыз, – деді өтініп.

Екі-үш күн жүріп, бүкіл өңірді түгелдей шарлап, Теңіз көлінің түстік жағындағы жазық даламен Сынтасқа қарай, бір қырдан аса бере, алдындағы қалың қарағанның  ішінде қараңдаған бірдемелерді көзі шалды. Жанаса бере, қаптаған киіктердің тік тұрып қуарып қалған қаңқалары зәрелерін ұшырды.

Мұндай сұмдықты бұрын-соңды көрмеген олар, мелшиіп қалды.

Жанындағы серігіне тіл бітіп:

  • Құдай-ау, сонда бұларға не болған? – деді.  

Өздерінің санын байқаса отыз шақты. Беттері күн батысқа қарай, бір

бағытта қарағанның ішіне кірген де, сол қарағанға сүйенген күйі, орындарында сеспей қатқан. Іштерінде мүйізділері де, былтырғы лақтары да бар, аралас-құралас, іркес-тіркес жусап, қалғып тұрған тәрізді.

Бәрінің жидіген жүн-жұрқалары қарағанның ішінде шашылып жатыр. Кейбіреулерінің бас сүйектері төмен салбырап, ұзақ ойға шомып кеткендей. Кейбіреулерінің бастары қарағанға сүйеніп, енді бірі көкке қарап: «Не болса да, тік тұрып өлдік,» – дегендей. Сүйектерінің жерде шашылып жатқандары қаншама. Енді біреулерінің тұмсықтарында, желке жақтарында тері мен жүндерінің қобырсықтанған қалдықтары көрінеді. Бұлардың осы тұрған қалпы түйсігі бар жандардың төбе шашын тік тұрғызатын, түршіктіретін оқыс жәйт. Дәу де болса, қатарласып тізбек құрып тұрғандар осы өңірде жылда қыстайтын киіктер болды-ау, деген ой келді Медетке.

Қайран жануарлар, өткен қыстан қиыншылық көріп, тебіндей алмай, аяздарға шыдамай, көтерем болып, мына қалың қарағанның ішіне пана болар ма екен деп кіріп, ақырғы демдерін алған-ау, сірә. Қақаған суықта бейшараларға араша түсер адам табылмапты-ау?!

Киіктердің қырғынын көріп, сонау жылдары Голощекиннің заманында, геноцидке ұшыраған қазақ халқының өсіп-өнген жерін, мекенін тастап, басқа өңірге: Ресейге, Өзбекстанға, одан әрі Қытай асып, миллиондайы жер ауып кетіп, жандарын сақтап қалса, одан көбі: «Өлсек,  өз туған  жерімізде өлейік, құдайдың жазғаны сол болса, амал не?!» – деп кең-байтақ өңірде тарыдай шашылып, сай-салада, көмусіз қалғанын ойлады.

Момындық та жақсы емес-ау, қасиеттеріңнен айналайын, сұраусыз кеткен бауырлар! Малдан айрылып, жазықсыз аштан қырылып, сайын далада шашылып қалған бабалар үшін қабырғасы сөгіліп, мына жануарлардың қаңқаларын тастап кете алмай, сол төңіректі шиырлай берген.

 

 

***

 

 

Медет істеп жатқан совхозда әлі де болса, қордаланған мәселелер көп.

Әсіресе, малдан алынатын қыстайғы өнімнің тәулік салмағы көңілден шықпай, жұмсаған шығынды ақтай алмай жатыр. Қыстайғы орасан шығындар жаз ортасына қарай өтеліп, содан әрі таза пайдаға көшетін. Алты ай қыста малды қанша баптағанмен, байлаулы  тұрған  соң, көңілдегідей салмақ қоса алмайды. «Қара мал астынан жүдейді,» – деп үлкендердің айтуында мән бар. Еркек тайыншалардың астын құрғатам деп, сабанды қанша қалың салғанмен, үсті-басы саталаған боқтан арылмайды.

Көктемгі, жазғы, күзгі науқан кездерінде, ауыл ақсақалдары да қарап жатпады. Зейнет демалысында жүрсе де, егін оруға түгелдей жиналып, шама-шарықтарына қарай, қырман басында еңбек етіп, қолғабыстарын тигізді. Нұра өзенінен шабындыққа су қойғанда да, ауыл ақсақалдары «қара бура» салып, асау арнаның суын қылбұрау салғандай бұрысып, екі жұмадай бөгеп, тоғанды қайтадан бұзып, суды өзінің үйреншікті арнасына айдап, «Бар енді, жарықтық», – деп қоя береді. Мұндағы «қара бура» дегені, екі-үш тоннадай шөпті арқанмен шатып байлап, шар секілді буады да, ағып жатқан өзеннің арнасына салып, ағызып отырып, керекті жеріне тақағанда арқанмен тартып, өзеннің қатты ағынын тежейді, бәсеңдетеді. Соны «Қара бура» деп атайды.

Бір жылы іргедегі «Кең бидайық» кеңшарының тоғанын су жырып, бүкіл облыстың құрылысшылары екі жұма жабылып, бекіте алмады. Ескі комбайн, тракторларды жырылған жерге тастаса да, судың ағыны жұлып әкете берді. Темір-бетон тастаса, су жан-жағын опырып, жұлып кетті. Күні-түні тоғанның басында жатып, бекіте алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүрген соң, көмекке ауылдың қариялары келді. Мұрындарын шүйіре қараған облыстың нәндерінің көзінше, ақсақалдар келе-сала қара бураны суға салып жіберіп, межелі жерге жеткенде арқанмен тартып ұстап, шайыр шөп араластыра иленген саз балшықтарды жырылған жерге әкеліп, бульдозердің көмегімен неше апта  әлектенген жұмысты, небәрі екі күнде ғана істеп, тоғанды бекітті. Бас кезінде мына қаңғалақтаған шалдар не бітіреді деп, менсінбеген облыс бастықтары таң қалысып, риза болғандықтарынан жылқы сойғызып, сый-сияпат көрсетті.

Іштерінде Бекмағанбет деген жетпістен  асқан ақсақал бар. Совхоздан жазда жазғызып алғаны болмаса, басқалардай малына шөп сұрап көрген адам емес. Ылғи да өзі шалғымен керекті жерден, қажетті шөбін шауып, тасып алады. Шалғы орағымен, тоқтаусыз сілтеп бара жатқанда, шөп қатар-қатар, жон-жон болып, дестеге түсіп жатады. Қарап тұрып, айызың қанады. Көпке үлгілі қария.

Жұмыс ауыр. Әр сағат есепте болса да, екі айда бір рет ауыл ақсақалдарымен кездесу өткізіп, олардың хал-жағдайларын біліп, әрі оларды совхоздың тыныс-тіршілігімен құлақтандырып жүрмесе болмайды. Елді жақсылыққа, адалдыққа, еңбекқорлыққа жұмылдырған ақсақалдарға, елдің де айтар алғысы мол.

Қым-қуыт күндердің бірінде шаруашылықты аралап, кешқұрым кеңсеге шаршап жетіп еді, бір кемпір  есік қағып, биязы жүрісімен асықпай, орындыққа келіп отырды.

  • Ия, апа. Не бұйымтайыңыз бар, айта отырыңыз, – деді.

Апа кібіртіктеп, айта алмай, неден бастарын білмей ұялып, зорға  дегенде:

– Қарағым-ай, құлыным-ай, баламмен жасты көрінесің. Қалай ғана айтайын? – деп төмен қарады.

  • Осында сенің алдыңа зорға дегенде ұяла-ұяла келіп отырмын.

Мүмкін, келмес те едім. Ана үйдің иесі  Тоқсанбайды тірі, мал бағып жатыр деп естігенім болмаса, жаздай көргеніміз жоқ. Міне, күз де жақындап қалды. Әлі үйдің хал-жайын білуге бір келмеді. Үйімізде шай-қантымыз, таусылып қалды. Қабырғам қайысып, қиналсам да, лаж жоқ, саған айтайын деп келдім, құлыным. Бірақ ол кісіге мені айтты дей көрме. Өзіне қатты да ұрыспа, әйтпесе, ол шал мені өлтіреді, – деп көзінің жасын сығып алды.  

  • Жарайды, ол кісінің жанын көзіне көрсетіп, сілкіп-сілкіп алайын, –

деді Медет.

– Қатты ұрыса көрме, – деп оның бұл айтқанына кемпір шыр-пыр болды.

Ертеңінде мал аралауға шығып, Тоқсанбай ақсақалдың мал бағып жатқан күздеуіне түс әлетінде жетті.  Бірге отырып, отағасымен жайғасып шай ішті.

Медетке еріп, шай құйып отырған Сара апай. Бұл апай кезінде Қазақ ССР-ның Жоғарғы кеңесінің депутаты болған. Еңбек ардагері әлі де қоғамдық жұмысқа белсене араласумен қатар, озық іс-тәжірибелерді насихаттаудан шаршамай, баласындай Медетпен бірге шаруашылықтарды аралап жүр.

Әңгіме арасында, Медет Тоқсанбай ағадан үй-ішінің аман-саулығын сұрады. Жәй баппен кеседегі шайынан, ұрттап қойып, «аман» дегеннен әріге бармаған.

Әлден уақытта:

– Біреулер сізді өзінің отбасына қарамайды, жаздай үйіне ат басын бұрмады. Үй-іші қаңғып, көшеге шығуға аз ғана қалды, көршілерінен шай-қант сұрап, кемпірі айналасын мезі қылып бітті деп естідім, – деді елеусіз.

Тоқсанбай бұрылып, шайын баппен, асықпай ішіп отырды да, бір уақытта шыны аяғын төңкеріп:

  • Әй, Медет! Осыны саған менің кемпірім жеткізіп отырған жоқ па? –

деді.

Сара апайда үн жоқ. Демін ішінен алып отыр.

Медет:

– Аға-ау, ол кісі не бетімен маған келеді? Баласындай емеспін бе? Және де шақырып, үйіңізді көрсетіп пе едіңіз? Ол кісіні мен танымаймын  да, – деді басын алып қашып. Сонымен әңгіме бітті.

Арада айдан артық өтті білем, тағы да бірде кешқұрым кеңседе отырғанда, әлгі Тоқсанбайдың кемпірі есік тықылдатып жәймен кірді.  

– Ә, апа!? Келгіштей бердіңіз ғой, қалыңыз қалай? – деп күлді Медет.

  • Өй, құлыным-ау, көсегең көгерсін, бақытты бол! Құдай тілеуіңді

берсін. Атаң келіп, шаруамызды жайғастырып, үйімізді күзге қарамай сылатып, ағартып кетті, – орнынан тұрып: – «Құлыным!» – деп бетінен сүйді.

 

 

***

 

 

Енді совхоздың шаруашылығы күннен-күнге қарқындап өсе бастады. Баяғы теріс айналып кеткендер ештеңе болмағандай, Медеттің айналасына қайта жинала бастады. Ауданның бастықтары баяғыдай өркөкіректікке салынбай, ізет көрсететін болған.

Ақан серінің:

 

                            «Ер пайдасы тиеді сасқан жерде,

                            Ел жиналып, етегін басқан жерде.

                            Дәулетің барда досың толып жатыр,

                            Тауық көп, тары, бидай шашқан жерде» – деп айтқанындай.

 

 

***

 

 

Шілде айының басында, облыста малшылардың слеті болады деп, соған дайындалып жатқан кез еді. Таяуда ғана аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Е.М.Золотарев Медетке телефон шалып: 

  • Сен дайындал. Кручин бастаған облыстық партия комитетінің бюро

мүшелері сендердің қостарыңнан дәм татады, – деді.

Дереу жеке киіз үй тігіп, іші безендірілді. Келесі күні түс кезінде облыстық партия комитетінің бюро мүшелері келіп дәм татты. Н.Е.Кручинге жүз грамм коньяк құйып, қолына ұстатып, келгендеріне, біздің малшылардың еңбегіне ерекше көңіл бөлгендеріне рақметін айтып, осы отырған бәрінің денсаулықтары үшін тост көтерген Медетке Николай Ефимович:

  • Жоқ, сен ішпесең болмайды, – деп өзінің рюмкасындағы коньяктың

жартысын Медетке құйып:

  • Ал, сенің денсаулығың үшін, малшы қауымның денсаулығы үшін,

жетістіктерің үшін, еңбектеріңнің  жемісті бола беруі үшін! – деп өзі де оған алғызды. Қалай ішпесін?! Түсінік төмен заман. Ішпесе, малшылардың бәрі ауырып, шаруашылық шығынға бататындай-ақ, лауазымды адамның сөзін жерге тастамай, кішкене қырлы стақанды төңкеріп тастады.

Ертеңіне жұмсаған шығынды есептегенде, желінген, таратылған  етті санамағанның өзінде, мың жеті жүз сомдай ақша жұмсалыпты. Арақтың құны үш сом тұрмайтын кез. Бұл дегенің қыруар ақша. Сондағы Н.Е.Кручиннің ішкен коньягі небәрі елу-ақ грамм.

«Шалқар» совхозы енді облыс көлемінде ғана емес, атақ-даңқы, байлығы шалқып, дәулеті тасып, бүкіл Қазақстанға жайылды. Совхоз жұмысшылары Медетті Қазақ ССР-ның Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына ұсынды.

Бұл совхозда Медеттің төрт жыл арып-ашып істеген еңбегі зая кетпей, «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тақты. Институтта оқып жүрген кезінде, мал шаруашылығы жайында ғылыми жұмысты қолға алғысы келген. Сондағы алға қойған мақсатын жалғастырмақ ниетпен, мал қораның іргесінен бөлектеу орынға отыз екі  ұрғашы құнажынды байлап, ғылыми зерттеу жұмысын жүргізе бастады. Қара малдың жұқпалы трихомоноз бен вибриоз жыныс ауруларына оқымыстылардың назары ауған тұс.

Алматыға бір барғанда, осы аурулардың одақ бойынша білгірі, малдәрігерлік ғылымдардың докторы В.А.Голиковпен сөйлесіп, ғылыми жұмысына жетекші болуға келіскен. Ол кісі жасалып жатқан ғылыми жұмысын келіп-кетіп бақылап жүрді. Келген сайын Медеттің жұмысына көңлі толғаны соншалық, «кандидаттық» қорғап алған соң, істеген жұмысыңды орта жолда қалдырмай, әрі қарай тағы ізденіп, докторлықты қолға ал. Талаптансаң, ол күнге де жетесің, – деді.

 

 

***

 

 

1972 жылдың ақпан айының аяғында, оны облыстық партия комитетінің екінші хатшысы О.С.Қуанышев шақырды. Оны сыртынан Алматыда оқып жүргенде білетін. Өзінен жоғары курста оқыған жігіт. Футболға барғанда, оның сырт пошымы мыңдаған адамның ішінде ерекше көзге түсіп, анадайдан Американың атақты әншісіне ұқсататын. Онымен аралас-құралас жүрмесе де, Қазақстанның «Поль Росоны» деп, мәз болып жүруші еді. Енді міне, білдей облыстық партия комитетінің екінші  хатшысы қызметін атқарып отыр. Шақырту бойынша барып еді, бірден: «Астрахань ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып барасың,» – деді.

Не дерін білмей қобалжып, үнсіз отырды да, әлден уақытта елегендеріне рақмет айтып, ешқандай қызметке ауыса алмайтынын түсіндірді. Бастықтың танауы едірейіп: «Қайтсең де барасың,» – деп бұйырды. Бұл Оразбек Сұлтанұлынан қинамауын өтінді. Әрі-бері тартысып болмаған соң бастығы:

  • Ойланып, ертең кел, – дей салды.

 Ертеңіне де бармайтынын ашып айтқан. Содан оны облыстық атқару комитетінің төрағасы А.К.Жолмұқанбетовке жіберді. Ол кісі де: «Сендер істемегенде, мұндай қызметті кім істейді?» – деді. Оған да, сенім білдіргеніне, ықыласына ризашылығын айтып, совхоздан кеткісі келмейтіндігін жеткізді. Зерттеп жүрген ғылыми жұмысын сылтауратқан. Ғылыми жұмысым бар дегенге, тіпті өршеленіп, қыспаққа алды.

Үшінші күні облыстық партия комитетінің бірінші  хатшысы Кручин шақырды да:

  • Барғың келмейтін себептеріңнің бәрін білемін, бірақ оның қисынға

келмейді. Партияның айтқан жолымен жүресің. Сен бізге керексің. Керек болса, кандидаттығыңды қорғатпаймыз. Бұл қызметке бармасаң, боққа араластырып, құн-жұн қылып жіберу қолымнан келеді. Оған еш күмәнің болмасын, – деді  қызара бөртіп.

Осы әңгімеден кейін, жарты жыл уақыт беруін, содан кейін қайда жіберсе де баратынын, оған ғылыми жұмысын аяқтап алудың маңыздылығын айтты.

Кручиннің қыспаққа алғанына сасқаны соншалық, аузына сол ауданның бірінші хатшысы Князев түсе қалды.

Содан:

  • Астрахань аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы

Князевпен бірге жұмыс істей алмаймын. Ол кісі жұрттың айтуы бойынша, әр нәрсенің анық-қанығына жетпей, қызметкерлерінің мойнын қырқа беретін көрінеді. Әзірге мойным қымбат, – деді Медет күліп.

– Сен жұрттың сөзіне иланба. Князев ондай адам емес, ол нағыз адал коммунист, сенбесең, қазір сөйлесейік, – деді.

Бастықтармен сөйлесетін үш санды телефонмен, Князевқа шығып, Медет жайлы әңгімелесе келе, оның түнгі ауысымда шофер болып, астық тасығанына дейін мақтап айтып, соңында одан қауіптенетінін жеткізді. Екеуі  сөйлесіп  болғаннан кейін, телефонның құлағын Медетке ұсынды. Бұрын сөйлеспеген адамы болса да, ар жақтан саңқылдаған Н.Т.Князев:

  • Медет, сен қорықпа, жұмыс мұнда қызық. Бірге істейміз, жұрт айта

берсін. Сенің қабілетіңді сырттай білемін. Егін шаруашылығын өз мойныма алайын, маған мал маманы керек-ақ болып тұр. Сені сыртыңнан балықшы, аңшы деп естимін. Мұнда балық та, аң да жеткілікті. Бірге боламыз, қорықпа, тезірек кел, – деп сөз соңында күлді.

Бұлардың босағасында жүрген үш күнде, оның барлық жалтаратын қалтарыстарын түгел бітеп, Кручин мырза бұлтақтатпай көндіріп, жаңа қызметіне сәт сапар тіледі.

Оның ғылыммен айналысуға мүмкіндігі болмайтынына, енді көзі әбден жетті.

 

 

***

 

 

Туған ауылының маңайында ғана қызмет атқарып, алысқа шығып көрмегеннен қобалжып, наурыздың тоғызы күні, алай-дүлей боранда жат елге, жат жерге ырықсыз ұзатылып бара жатқан қыздай кете барған.

Бір қызығы, Астрахань ауданына кетер алдында, облыс басшылары Н.Е.Кручин мен А.К.Жолмұқанбетовке  «Шалқар» совхозының еңбеккерлері тұрақты түрде жақсы жұмыс істеп кетуіне, экономикасының дәуірлеуіне жалғыз мен ғана үлес қоспадым. Сол совхоздың партия ұйымының хатшысы Орынбай Молдыбаевтың зор еңбегін елемеу күнә, – деді. Сол ескертпенің арқасында, бір-екі ай өтпей жатып, оны «Широковский» кеңшарына төраға етіп тағайындады.

Медет Князевпен бірге жұмыс істескеннен кейін ғана, бұрындары  жұрттан естігендері алып-қашпа сөз екендігіне көзі жетті. Атқарып жүрген жұмысына тиянақты. Айналасында болып жатқан әр саладағы құбылыстарды дер кезінде байқап, түзеп отырды. Тепсе темір үзетін кезі. Кейбіреулердің айтқанындай, Николай Трифоновичтің ешкімнің басын жарып, көзін шығарып, терезенің косягі мойнында жүргендей есерлігі байқалмайды. Ұлтын жек көретін азамат жоқ шығар. Сонда да оны осы үлкен лауазымды қызметте жүріп, ұлтқа, жікке бөлмейтін, бәріне бірдей болуға тырысатын, бас бармағыңды көрсетіп, нағыздың өзі деп айтатын ұяты, ары бар ер-азамат деп бағалады. Және де қызметін беріліп істейді. Біреулердің жұмысынан кемшілік көрсе, оны орындамайынша бетің бар, жүзің бар деп, абырой-атағына қарамай, ұстарадай өткірлігіне салатын кісі.

Адал еңбекпен өзін көрсете білгендер ғана Князевке жағады. Сұрағанын беріп, үйіп төгеді. Қарамағындағылардан тек қана іскерлікті, біліктілікті, тазалықты талап етеді. Әр нәрсенің анық-қанығына көз жеткізіп жүреді. Екі сөйлемейді. Айтқанын орындайды, орындатады. Кейбіреулердей ішімдегіні тап деп, тымпиып отыру жат. Не ойы бар, бүге-шігесіне дейін жасырмай, ақтарылып отыратын адам. «Жылқы кісінескенше» демей ме, Князевпен тез жарасып кетті. Қайда, қай жұмыста жүрсе де, аңға, құсқа, балық аулауға шықса да, қонаққа барса да, екеуі бірге жүрді. 

Талай жердің дәмін татып,  көпті көргендіктерінен де  болар, Астрахань елінің беделді ақсақалдары көсемдік танытып, өздерінен  кейінгі буын, ел басқарып  жүрген ауыл азаматтарына:

  • Әй, сендер ана сырттан келген Медет деген азаматты шеттетпей,

орталарыңа алып жүріңдер. Біреу-міреу беталды көңілін қалдырып жүрмесін. Осал ел еместігімізді, тектілігімізді білдіріңдер, – деп ақыл беріп жүргендерін еміс-еміс естіп жүр. Соның арқасында, аз уақыттың ішінде орталарына құмдай сіңіп, дос-жоралар тауып, Медет сол елдің тумасындай болып кетті.

 

***

 

Сол аудандағы Николаев атындағы кеңшарға қарасты Жамбыл бөлімшесі, Есілдің ық жағында орналасқан  шабындықты, орман-тоғайлы, табиғаты сұлу жер. Тұрғындары ыңғи қазақтар. Өкінішке қарай, кім, қашан ауыздандырғандарын қайдам, осы ауылдың қатын-қалашына дейін, арақтан күні-түні бас алмайтындарын көріп, ішкі дүниесі құлазыды.

Жатып та, тұрып та, күн демей, түн демей ішеді. Жұмыс орындарына барса, әр бұрышта шашылып жатқан арақтың шишалары. Қораның қараңғы түкпіріндегі  сөреде, арақ ішкенде иіскеп ащылайтын, тұздалған алабұға. Төңкеріліп жатқан кір-кір стақандар. Аяқ астында кеуіп, көгеріп кеткен бөлке нандар. Көздері жылтылдап, жүгіріп жүрген қара тышқандар...

«Арақ – ақылдың қоры, ақшаның соры, жаманның атау кересі, төбелестің төресі» деген нақыл дәл осы ауыл азаматтарына арналып айтылғандай. Адам деген осылай да азып-тозады ма екен?!

Малдың жем-шөптерінің, бағып-қағуының, жоқтығынан көтерем болған тайыншалар. Қораға кірсең, мойнындағы шынжырларын салдырлата, өзіңе күрсіне қарап, жабыла мөңірейді. Бұзаулауға шамасы келмей, өліп жатқан сормаңдай қашарлар. Төбет иттер ауылда қаптап жүр. Қастарынан өтіп бара жатқан адамдарға: «Сау, түзу жүрген, бұлар кімдер-ай, өзі?!» – деп, құйрықтарын шиырып, одырая қарайды. Әр тұстан бұзаудың өліктерін сүйретіп, солар ғана тазалық орнатуда. Бөлімше меңгерушісі Байду Глашев деген азамат айналасындағы осы келеңсіз жайларға қарап тұрып, міңгірлеп, шаруашылығы жөнінде мардымды ештеңе айта алмады.

Кеңшардың төрағасы Н.Житлухин деген кісі жас та болса, орыстың ішіндегі ең бір бозөкпесі екенін аңғартты. Насыбай атқандай, ернін жымқырады да, батырып ешкімге сөз айтуға шама-шарқы жоқ. Бар болмысы, осы. Әрине, бұндай адам жұртқа не айтсын. Тіпті өзінің жанында  жатқан әйелі былтыр егін оруға көмекке келген бір офицерге еріп, шиеттей бала-шағасы мен күйеуін тастап кете барған. Жеке өмірінде өз басымен қайғы болып, мәңгіріп жүрген сормаңдай. Бұған не айтуға болады?

Уақыт өте келе, Медеттің арқасында, осы елдің азаматтары қатарға ілігіп, маңдай тер төге бастады. Шаруашылықтары бері қарады.

Аудандағы он бес шаруашылықтың етке тапсыратын  малдарын қалай болса, солай шашыратпай, бір жерге жинағанды жөн көрді. Оның үстіне малдың өнімінің өзіндік құнын төмендету мақсатымен, қай кеңшардың  жүгері сүрлемдері қыстан артылып, мол қалса, сол жерге мал бордақылау комплексін тұрғызып, оған айналадағы етке тапсыратын малдарды жинап, бір жерден күтім  жасап семіртті. Бұл тапқырлық бірден оң нәтижесін беріп, ет-сүттің жылдық жоспарын тамыз айының ортасында-ақ орындап тастап, келесі жылдың жоспарын орындауға кірісті.

Бұған, әрине, Князевке бүйрегі бұрылып, Астрахань ауданына ет пен сүт тапсырудың жоспарын уақытында кем беріп отырған, облыстық атқару комитетінің бірінші орынбасары, бұрын Медетпен қызметтес болған И.А.Шендриктің де қосқан үлесі шексіз.

Аудан көлемінде ғана емес, облыс көлемінде де алалау бар екен. Олардың көбі қазақтарды менсінбей, «экономикадан қақпайды» деп есептейтін болулары  керек. Бармақ басты, көз қысты жымқырмалары көзі ашық адамдарға бірден білінетін. Облыстағы басқарушы адамдар өздерінің кадрларына біркелкі қатынаста болмай, екіге бөліп, ертеден қазақтарды өгейсіткені рас. Кейін Краснознамен ауданына А.Г.Браун бірінші хатшы болып барғанда, оның сұрауы бойынша, оған да сол ауданнан өсіп жоғарылағанша, ет-сүт жоспарларын басқа аудандармен салыстырғанда аз берді. Тоқалдан туғандай болып, іштен тынып, айтса таяқ жеп, қазақтар жүрді.

Медет ауданға келгеннен кейін, мал  шаруашылығының көрсеткіштерін біршама тұрақтандырмақ болып, Н.Т.Князев екеуі бірігіп, жем-шөптің тапшылығын ескере отырып, минералды тыңайтқыш өндіре бастады. «Коммунизм жолы» кеңшарының төрағасы Жүніс Жүсіпұлы бастаманы қолдап, құнары көп «Экспарцет» шөбін өсіруді қолға алды. Кейін бұл бастама бүкіл республика шаруашылықтарына ұнап, кеңінен тарады.

Медеттің ұсынысымен, қыста сауын сиырлардан басқа малдарды, жартылай ашық қораларда ұстай бастады. Нәтижесі тәуір болды. Малдың тәуліктік салмақтары өсті. Малшы қауымның еңбектері жеңілдеп, көңілдері көтерілді.

Ендігі жерде бір шешілмей жүрген мәселе, биылғы туған жас төлдерді далада, жартылай ашық қорада ұстау еді. Себебі, ауданда ескі-құсқы мал қоралар көп болатын. Мұндай қораларда бұзаулар қыс бойы қотыр мен таздан арылмай, жүдеп шығады. Биылғы туылған жас бұзаулардың көбін қораның іргесіндегі далада ықтын жасап, жылы су бергізіп, бақтырып көрді. Қыстың ең суық қаңтар-ақпан айларында жем-шөпті жылы қорада тұрған бұзаулардан біршама артығырақ берді. Көгілдір экраннан сөйлеген мал мамандары, әсіресе, В.Гебель күмән келтірген. Қорадағы бұзаулар қотыр болып, жүн-жұрқалары түсіп, қыстан көтерем болып, әупірімдеп шыққанда, далада қыстаған бұзаулар еш қиындық көрмей, салмағына-салмақ қосып, қотыр да жоқ, күннің көзіне арқалары тиген сайын, ойнақтап сала берді. Көпті көрген ауыл ақсақалдары бұған таң қалған.

Қызмет бабында Медет бірінші хатшымен мал шаруашылығын аралап жүрген кезінде, облыстық партия комитетінің хатшысы Ф.Ғ.Халитова телефон арқылы «Новочеркаск» кеңшарынан іздеп тауып:

– Сенен, ертеңгі облыс орталығында болатын жастар жиналысына галстук тағып келуді сұранамыз. Аяғыңдағы  керзі етігіңді тастағайсың, – деп сылқ-сылқ күлді.

  • Жарайды, Фарида Ғабсадыққызы, – деді бұл.

Айтатынындай бар. Медет қызмет бабымен, шаруашылықтарды аралап

жүретін де, шақырған жиналыстарға жұмыс киімімен бара салатын. Хатшы соны біліп, ескерткендегісі ғой.

Астрахань ауданында жылдан аса жұмыс істеген оны, жаз шыға облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Е.Кручин шақырып алып, Ерейментау ауданының бірінші хатшылығы қызметіне тағайындады.

 

 

Үшінші тарау

 

 

Медет Қонайұлы Ерейментауға келер алдында, тікелей Алматыға барып, Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қабылдауында болды. Талдықорған облысынан, қызметке бекітілуге келген Ғалым Тұрғанбаев екеуі бірге кірді. Дінмұхамед аға жылы шыраймен қарсы алып, біраз әңгімелескен соң, партияның міндеті ауырлығын айтты.

Соңынан Ғ.Тұрғанбаевқа бұрылып:

  • Сен еліңнің ортасындасың, саған қызмет атқару, жұмыс істеу

қиынға соқпайды. Қиыншылық көретін, таяқты көп жейтін мына Медет қой, – деп екеуін арқаларынан қағып, табалдырыққа дейін шығарып салған.       

Медеттің алдында Ерейментау ауданының партия комитетінің бірінші хатшысы болған Зекен Рамазанұлы ел қатарлы тәуір қызмет атқарып  жүрген. Кең маңдайлы, өткір мінезді «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоққа» салып, айтатынын ешкімнің қызмет дәрежесіне қарамай, бетіне айтып, керекті жерінде сөзбен айтып салатын, бірбеткей азамат екен. Медет оған сырттай сүйсініп жүретұғын.

Зекендей тік сөйлейтін адам жоғарыда отырғандарға жаға ма, жақпай ма?! Бір жағынан кәсіби білімі жоқ. Ерейментау ауданының үш хатшысы да жай мұғалімдер. Олар отырып, шаруашылық мәселесін шешкенде, мұғалімдер кеңесіне айналып кеткен екен дейді. Басшылар шаруашылықтың ақсайтынын біліп тұрып, әуелде мұндай қызметке  неге тағайындаған? Облыс көлемінде мұғалімдік дипломмен ірі-ірі қызметте жүргендер қаншама! Олар басқа халықтың өкілдері .

Л.И.Брежнев қап-қап құны кеткен ордендер мен медальдарды кім көрінгенге оңды-солды кеуделеріне тағып беріп жатқан кез. Зекен Рамазанұлы кезекті демалысында жүргенде, «Новодолинка» кеңшарының басшылары өздерінше қулық жасап, көптеген мамандарын жай қарапайым жұмысшы ретінде көрсетіп, анкета толтырып, оларға ордендер бергізді. Сол себеп болып, «құланның қасынуына, шүріппенің басылуы» дәл келіп, іздеген пәлелері аяқ астынан табылып, Ерейментау аудандық партия комитетінің үш хатшысының үшеуі де жұмыстан шығарылды.

Жай жұмысшылар атынан марапатталған мамандар, газет бетіне  бұрынғыдай жарияланбаса, мүмкін онша шу да шықпас еді. Жұрт газеттерден өздерінің мамандары комбайн жүргізуші, бұзау өсіруші, жылқышы болып ордендер алғанына күліп, оларды мазақ қылды. Сондай сорақылыққа итермелегендер – кеңшар төрағасы А.И.Кехтерден бастап, әртүрлі айла-шарғымен, жауапқа да тартылмай, құтылып кетті де, «шелек жалағандар тұтылды». Мұндағы мақсат, әрине Зекен Рамазанұлын қайтсе де амалын тауып, қызметінен тайдыру. Дегендеріне жеткесін, Медет Қонайұлын Ерейментау аудандық партия комитетінің кезектен тыс пленумында Н.Е.Кручиннің өзі ұшақпен алып барып, бір ауыздан ауданның бірінші хатшылығына сайлады. Өзі оларға бір ауыздан сайлап, сенім білдіргеніне ризашылығын білдіріп, жұмысты аянбай атқаруға, адал, әділ болуға, алаламауға тырысатынын, аудан басшыларымен, жұмысшыларымен бірге жақсы-жаманды тең бөлісуге уәде берді.                                                                            

Ауданның алпыс мыңнан  артық  қара малы, жүз тоқсан мыңдай қойы, сегіз мыңдай жылқысы, он үш мыңдай шошқасы бар. Мал шаруашылығы  біршама дамыған аудан. Жер көлемі ұлан-асыр, бір миллион алты жүз гектардан асады. Оның сексен пайызы мал жайылымы да, қалғаны егін шаруашылығына бейімделген. Осыншама кең-байтақ жерді алып жатқанымен, жері құнарсыз.     

Кезінде Ресей жақтан арнайы қоныс аударылған қарашекпенділердің қысымымен, қазақтар тәуір жерлерден, құнарсыз, шеткері аудандарға қарай ығыстырылған.

Атақты Мұрат ақынның:

 

                         Еділді келіп алғаны,

                         Етекке қолды салғаны.

                         Жайықты келіп алғаны,

                         Жағаға қолды салғаны.

                         Ойылды келіп алғаны,

                         Ойдағысының болғаны.

                         Жайылымның бар ма қалғаны?!..

 

  • деп төгілте жырлағаны осы өңірді де, жергілікті халықтың тағдырын

да, тап  басып суреттейді.  

 

                          Сарыарқа сарқыраған суың қайда?

                          Түнде шық, күндіз мұнар буың қайда?

                           Найзағай жарқ-жұрқ етіп нөсерлеткен

                           Көк ала кемпір қосақ туың қайда?...

 

                          ... Қалмады, ей, Сарыарқа сенде қызық,

                          Сандалтау, Сарыөлкені алды мұжық.

                          Қолыңнан келері жоқ, өнер де жоқ,

                          Баласы  байғұс қазақ қалдың мыжып, –

 

деп Нарманбет ақын да уақытында халқымыздың трагедиясын, шарасыздығын айтып кеткен.

Содан  ба, қазақтар қоныстанған аудандардың ұлты қазақ басшыларын егіндері күтімсіз, еккен тұқымдары шықпаған, қысқы азығы жеткіліксіз дайындалған, мал басы өспеді, үйтпеді-бүйтпеді деп жекіріп, облыс орталығында өтіп жататын пленум, сессия, мәжілістерде жерден алып, жерге салып, шаңдарын аспанға қағады.

Құнарлы жерде жүрген аудан басшылары Г.Н.Коротенко, А.И.Погребной, П.А.Головач, В.П.Потапенко секілділер беттерімен кетіп, қазақтарға миығынан күле қарап жүргендері. Жергілікті халықтың шалғайда, ауа-райы қолайсыз, жері құнарсыз өңірде өлместің күнін кешіп жатқандығына іш тартып жүрген  облыс басшылары жоқ.  

Осындайда жұмысың жүрмей, қиналып жүргенде, Ахмет  Байтұрсынұлы айтқан, «өз ауылыңның иттерінің қапқаны ауыр тиеді, әрі ұмытылмайды. Билік басында отырған қазақтардың қаперінен ұлт мүддесі шығып кетіп, өз халқының атынан, өкіл ретінде отырғанын тарс ұмытады. Облыс көлемінде шаруашылықты алға бастыру, дамыту үшін, әр совхоз бен кеңшардың жер құнарлылығына байланысты, жоспар беру керектігін елемей, экономика заңына кереғар іс-әрекеттерін жоғарыдағылардың бірде-бірі ескермейді. Оларды отырған креслолары ақылдарынан аздырып, лауазымы  төмен шаруашылық басшыларының арасына іріткі салып, жергілікті халық өкілдерінің зығырданын қайнатты.                   

Оқымыстылардың ойы, тұжырымдары көбіне еленбеді. Әр кеңшардың ғылыми жүйедегі мүмкіндіктері  (оргхозпланы) ұмытылды, оның бәрін шаң басып, қағаз жүзінде қалды. Онда әр аудан шаруашылықтарының берер мүмкіндіктері жердің балбонитетіне, экономикалық заңдылығына байланысты анықталатын. Содан барып облыста сауатсыздық, жөн-жосықсыз централизм орын алды. Облысты ауыл  шаруашылық білімі жоқ, халықпен біте қайнасып, қызмет атқарып көрмеген, комсомолдан, кәкүр-шүкір қызметтен өскен И.И.Тимошенко, И.А.Шендрик дегендер басқарды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары ауысып жатса да, бұлар орындарынан мызғымай, «ақ» дегендері «алғыс», «қара» дегендері  «қарғыс» болды. Қашан да шаруашылықты қағаз жүзінде ақтара-төңкере қопарып, жыл басымен, өткен аймен, былтырғымен, ана бес жылдықпен, мына бес жылдықпен, көрші аудандармен, облыстармен дегендей, цифрларды сараптап-талдамай, бар білетіндері неше түрлі құжаттар дайындап, құр  өткенді сапырды. Әр ауданның, әр кеңшардың  тек өзіне ғана тән экономикалық заңдылығына зер салып, салиқалы  тұжырым айту дегеніңізді білмейді. Білуге құштарлығы жетпеді. Ылғи партия мектебін бітіргендер. Сөйлесе, сөздің түбін түсіреді. Көп біліп, аз сөйлеу дегенді білмейді. Абырой, атағын өсіру үшін, басқа жұмыстары жоқтай, неше түрлі ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті ұсақ  қосалқы бөлшектерді аудандарға, кеңшарға өздері отырып бөледі. Көңіл жақындарға молдау береді. Шаруашылыққа бірдей қарамай, ала-құлалыққа жол беріп, аудан, кеңшар басшылары біріне-бірі іш тартып, тамыр-таныстық орын алды.

Бірде Медет шөп буатын  сым ауадай қажет болып, Краснознамен ауданының басшылары А.Г.Браун, А.Оразалиндермен бірге тіркесіп, облыстық партия комитетінің бірінші орынбасары И.А.Шендрикке кірді. Амангелді Оразалин отырғандардың көзін бақырайтып  қойып:

  • Сіз болмасаңыз, облыстың ауыл шаруашылығы баяғыда қараң қалар

еді, біздің бағымызға, сізді құдайдың өзі осы орынға отырғызғандығына  мың да бір рахмет! – деп Шендрикті жер-көкке сыйғызбай, мақтамасы бар ма?!

Амангелдінің бізге көзін қысып қойып, бөсе мақтағанына Шендрик басын шұлғып, ризашылық білдіріп, «Хе-хе-хе» – деп, кәдімгідей жайраңдады. Сәлден соң: «Сөзің орынды,» – деп шөп буатын сымды Краснознамен ауданына молырақ беретінін айтты. Ал Медет болса, Амангелді сияқты жылпостыққа бармай, қолтығына кірмеді. Оған  ары жібермеді. Содан да болар, жаппай шөп дайындау науқаны жүріп жатқан кездерде шалғының сегменттерін (тістері), бөлшектерін керегінше ала алмай жүрді. Даланың тасты, таулы жерінің қауын қыратын қосалқы бөлшектерді тек екпе шөп қана шабатын Макин ауданына үш-төрт есе артық берді. Басқа басшылар тамыр-таныстықпен, Макин ауданынан, көрші облыстан сұрап, айырбастап әкеледі. Қосалқы бөлшектерді тарататын В.Е.Шляхтичке айтса, бармағын шошайтып, жоғарғы жақта отырғандарды нұсқайды. Сонда Макин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Г.Н.Коротенкодан Медеттің қай жері кем? Медет болса, жағдайы ауыр ауданда жүрген соң, жанталасып, күні-түні ұйқысыз-күлкісіз қызмет атқарады, ал ол болса, істейтін ісі жоқ, арақ ішуден күні-түні көз ашпайды. Жауыны уақытында жауып, бітік егіні шығып, жыл сайын марапат, мақтау естіп, басқаларға миығынан күліп, кейде ақыл да айтады.

Өзі сонысына қарамай, Орталық партия комитетінің ірі бөлім меңгерушісі лауазымына дейін көтерілді.

 

 

***

 

 

Қалалық, аудандық партия комитеттерінің бірінші  хатшылары шұғыл Н.Е.Кручиннің бөлмесіне жиналды. Макин аудандық партия  комитетінің  бірінші хатшысы Коротенко:

  • Олжас Сүлейменовты жақсы адам емес, ұлтшыл адам. Жазған

«Азия» атты кітабы халықтар достығының арасына жік салады. Ондай шығарманы күні бұрын тексермей, цензурадан өткізбей, неге шығарады? – деді.

Хатшылардың көбі Коротенконың ұлтынан болғандықтан, оның айтқандарына бас шұлғып, қолпаштап отырды.

Бұл сөзге шыдамаған Медет:

– Геннадий Николаевич, сіз сол кітапты оқыдыңыз ба? – деп қасына барып, бетіне тіке қарап сұрады.

– Жоқ, оқығаным жоқ. Бірақ та ол кітап туралы журнал-газеттерде жазылған көптеген оқымыстылардың, оның ішінде Д.Лихачевтың және басқа  орыс жазушыларының мақалаларын оқыдым.

  • Өзіңіз оны оқымасаңыз, әрі өзіңізді зиялы азаматтар қатарында

санасаңыз, Сүлейменовке қалай, не себепті кінә тағасыз? Біреудің болжамын, долбарын айтқаныңыз сізге лайықсыз ғой. Мына айтып тұрғаныңыз жалаға пара-пар. Ол кітапта Олжас бізге жеткен «Игорь жасағы туралы аңыз» түпнұсқа. Оригинал емес, көшірмесі ғана деп бұлтартпас дәлелдер келтіреді. Ол жөнінде тіл мамандары қарсы уәж  айта алмай  жүргендеріне  қаншама  уақыт өтті. Тағы бір жәйт, «Игорь жасағы туралы аңыздың» түпнұсқасы оригиналы, Троицкінің базарында, бір қазақ азаматының қолтығында кетті, делінген. Сізге ақиқатты бұрмалау жараспайды ғой, – деді бұлтартпай.

Хатшылардың бірде-біреуі ләм-мим демеді. Дауласуға беттері бармады. Коротенко қызарақтап, жалтыр басы терлеп, әрі қарай не айтарын білмей, анадай жерде тұрған стол басына барып, түнде сылқита ішкен бе, «Боржомиды» қолы қалтырап ашты.

 

 

***

 

 

Жері шұрайлы, табиғаты бай Балқашин, Макин, Маринов, Шортанды аудандарының шаруашылық басқаруында жіберілген басшылардың өрескел қателіктерін жоғарғы жақ ғылыми саралап, дифференциалды түрде экономикасын талдаудың орнына, әлеуметтік жағдайы ауыр өңірде жүрген қазақтарды жазықсыз қуғындап, өздері ұлтшылдыққа, жікке бөлінушілікке ұрынды.

«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын,» – деп Абай  айтқандай, олар арақ ішіп, бетімен жүрген өз ағайындарын тәртіпке шақырса, аудандардың көрсеткіштері артып, потенциалы нығаятыны шындық. Тәп-тәуір аудандардың табиғи байлығын, дәулетін орынсыз ысырап етіп, игере  алмай, шаруашылық көрсеткіштерін нашарлатып отырған біліксіз-білімсіз басшылар көп.

Медеттің осы ауданға келгендегі бір байқағаны «Өлеңті», «Торғай», «Ерейментау», Фрунзе тағы басқа кеңшарлар құрылыс жүргізуден тіпті артта қалып, керісінше, «Новодолинка», «Еркіншілік» кеңшарлары қандай құрылыс жүргізем десе де, үй салатын күйген қыштан мал қорасын салам десе де тыйым болмады. Бұл кеңшардың директорлары А.И.Кехтер мен А.А.Ример дегендер бір-бірімен бәсекелесіп, бақастанып алған. Ауданның бүкіл құрылысқа бөлінетін қаржыларын екеуі керегінше жұмсайды. Аудан басшыларын билеп-төстеп тұр. Аудандық банк – басқа кеңшарлар құрылыс жүргізе алмайды деген желеумен, оларға қаражат бөлмейді. Банк тек, «Еркіншілік» пен «Новодолинка» кеңшарларына ғана арнайы, ашық қызмет көрсетуге мүдделі сияқты. Ауданға келісімен, осы секілді өзекті  мәселелерді талқылап, қызметкерлерін еңбек тәртібін сақтауға шақырды.

Медет кеңшарлардың негізгі қаржыларын ауыл шаруашылық өнімдерімен сәйкестендіруге тырысты. Мысалыға, «Новодолинка» мен «Еркіншілік» кеңшарларының әрқайсысының қаржылай қоры жиырма бес миллион теңгеден тұрса, «Өлеңті», «Торғай», Фрунзе, «Горный» сияқты кеңшарларға бөлінетін бес-алты миллион теңгеден аспады. Ал сол негізгі қаражаттың үкіметке қайтарымы қандай? Оны облыс көлемінде ешкім қаперіне алып  жатпады. Шаруашылық өнімін экономика тілімен шотқа салып есептегенде, «Новодолинка» мен «Еркіншілік» кеңшарлары ең артта қалған тиімсіз шаруашылықтар болып табылады. Ал облыс басшылары бұл екі кеңшардың төрағаларын мақтаумен, мадақтаумен болды. Сонда бұл көзбояушылық па, әлде экономикадан мақұрым қалу ма?

«Еркіншілік» кеңшарының директоры А.А.Ример  жиналыстарда: «Бір мың бір жүз сиыр тұратын сүт комплексін он бір айда  салдым,» – деп мақтанды. Қыруар ақшаны төгіп,  комплекс салғанда не тапты? Сиырлардың барлығы бір шатырдың астында тұрғаны болмаса, далиған төрт қабырғасынан басқа ештеңе жоқ. Мұндайда комплекс бола ма? Едені кедір-бұдыр шойын, оған асыл тұқымды сиырлар жарақаттанып, жаппай етке тапсырылады. Орнына қыруар қаражат жұмсап, қайтадан сатып алады. Мыңнан асқан сиырлар мидай араласқан. Буаз-қысырын айырып болмайды.  Қажетті зоотехникалық-малдәрігерлік жұмыстарды жүргізу мүмкін емес. Бұл жағы тіпті де ескерілмеген, ойластырылмаған. «Комплекс» деген құр аты ғана.

Бұл мехнат аз дегендей, жоғарыда отырғандарға  комплекс салынды, енді сүт бұлақ болып ағуға тиіс деп, әсіресе, облыстық атқару комитетінің бірінші орынбасары И.А.Шендрик жылына бір мың тонна сүт тапсыруды  жоспарға  артық енгізді.

Н.Е.Кручин ауданға келген  бір сапарында, әңгімелесіп отырып:

– Біздер облыс бойынша мал өнімін еселейтін комплекстерді бұрынырақта салмай, он жылға артта қалдық. Оған облыстық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Шаяхметов кінәлі. Оның: «Тұра тұрайық, асықпайық, бұл аталған науқанның артын байқайық. Жіберіп жатқан кемшіліктерінен сабақ алайық», – дегеніне, мал маманы ғой деп құлақ асып едім, оным үлкен қате болыпты. Шаяхметовты ертерек тайдырғанымызда, облыс  бойынша ендігі  қыруар комплекстер салынар еді, – деп айтты.

Жүзі сұсты, қатал адамға жұрт көңілдегісін ашып айтуға қорқып, ығып жүруші еді. Алғашында кеңшар төрағасы көпті көрген, тәжірибелі маман А.А.Камышный:

  • Өзімнің малға жайлы, шаруаға қолайлы қораларымыз жеткілікті.

Қанша керек болса, сонша мал өнімін бере аламын. Маған қымбатқа түсетін комплекстің керегі жоқ, – деп бұлтақтап көріп еді. Оған басшылар зекіп, есін тандырды. Ол байғұс сасқанынан аузына валидол салды. Ақыры мал бордақылау комплексі бұл кеңшарда да бой көтерді. Сыртынан қарағанда, трактор заводындай болып көрінгенімен, түк өнім бермеді. Ішіндегі мал ауруға шалдығып, ақсап, қотыр болып, ақыры қаңырап бос қалды. Оның есесіне ауданда жаңа комплекс  салынды, ет өнімі көбеюге тиіс деп, ауданға бас жоқ, көз жоқ И.А.Шендрик қосымша тағы да бір мың тонна артық ет тапсыруды жоспарға енгізіп жіберді. Айтқан сөзді құлаққа ілмеді. Аудан артта қалды. «Жоспарларын орындай алмай жатыр»  деген байбаламды естімеу үшін, жыртығын жамап, жеке меншіктен ет-сүт сатып алуға мәжбүр болды. Бұл көзбояушылықты кейін, бүкіл облыс қолданысқа ендірді.

 

 

***

 

Медеттің бірінші хатшы болып қызмет атқарып жүргеніне үш ай болған. Егін орудың науқаны қарқын алған шақ. Жылдағы дағды бойынша,  облысқа Д.А.Қонаев ат басын бұрып, егіндіктерді аралап, диқандармен жүздесіп, облыс, аудан басшыларымен актив өткізетін болды. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы О.С.Қуанышев Медетті шақырып алып:

– Сен бүгін Димаш Ахметұлының алдында сөз сөйлейсің. Жас хатшысың. Өтетін активте «жоспардан тыс пәлен мың тонна астық тапсырамын» деп айт, – деді.

– Ондай астық бүкіл ауданда жоқ, − деп азарда-безер болғанына келіспей:

– Саспа, өз ауданыңдағы директорларды сен білмейсің. Олар ылғи да астықтарын жасырып үйренген, – деп, қайта-қайта кабинетіне шақырып, білгішсініп жүріп, Қонаевтың алдында межеде жоқ астықтың санын, ақыры қыштап айтқызды.

 

 

***

 

        

Күн ашық. «Степногорь» кеңшары да жұртпен қатар егінін  тәуір орып, озаттар сапында келе жатыр. Қыркүйек айының бірінші жартысы аяқталды. Екі-үш күн өтті, егін орағы жөнінде мәлімет келмей қалды. Кеңшар директоры А.И. Ноженкоға Медет телефон шалып:

– Екі күн болды, егін орағы жөнінде неге мәлімет бермейсіңдер? – деп сұрады. Ар жақтан түсініксіз бірдемелерді айтып, міңгірлеген дауыс шыққан соң, ауданның ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы С.С.Лабенскийден сұраған. Ол да мамандарымен бірге жарытып ештеңе айтпады. Бірінші хатшы салып отырып, «Степногорь» кеңшарының егіс алқабын түгелдей аралап шықты. Сүйтсе, комбайндары егіс бригадаларының басында қаз-қатар қаңтарылып тұр. Бастырылған егіс алқабы көрінбейді. Бас агроном  Кравченкодан мән-жайды сұрағанында, жас бала көзі бақырайып, меңіреу адамдай түк айтпады. Директор А.И.Ноженко шылымын сораптай-сораптай бұрқыратып:  

– Маған енді  дарға асылып өлу ғана қалды, –  деді. 

Тексере келгенде, бұлардың ешбірі көктемгі егін егу науқанында егіс танабының басы-қасында жүрмей, бригадирлері механизаторлармен қосылып арақ ішіп, бетімен жүргенде, үш жарым мың гектардай жердің егіні егілмей қалыпты. «Осындай да сорақылық болады екен-ау,» – деп Медет налып, кеңшардың кеңсесінде басы қатып отырғанда, бас зоотехник кіріп келді. Мал шаруашылығы жайлы одан егжей-тегжей сұрастырып, тиісті құжаттарды қарап шықты. Қыркүйек айының ортасынан жаңа ғана асса да, асыл тұқымды сиырлардың елу шақтысын соятынын сойып, тарататынын таратып жіберген. Өлген малда қисап жоқ. Олардың неден өлгенін зерттеп, шара қолданып жатпаған. Жайбарақат жүрген жандар. Бас бухгалтерінің есеп-қисабына үңілсе, кейбір атқамінер пысықтар кеңшардағы беделін салмақтап, арзан  бағаға мал сатып алып, ертеңінде қайтадан кеңшарға қымбат бағаға тапсырып отырған. Оңай олжа тапқыштардың ішінде партия ұйымының хатшысы да жүр. Ауданды қайтсем көркейтем деп, күні-түні мұрнынан шаншылып жүргенде, кеңшар басшыларының қылықтары мынау. Медетке бұлар ауыр соққы болып тигені сонша, үйіне келе ес-түсінен айрылып құлады.

Арада екі-үш күн өтпей жатып, жүректен инфаркт алып, ауданның  ауруханасында жатқанда, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Қуанышев ауданның басқа басшылары жоқтай телефон шалып:    

– Астық тапсырудың қарқыны неге төмен? − деп зіркілдеді.

Елу бес күн бас көтермей, бір жағынан қозғалмай жатып, аяқтары шидей болып, ауруханадан тәлтіректеп жұмысқа шыққанда, облыстық  партия  комитетінің бірінші хатшысы Кручин хабарласып:

–  Ты учти, что нам здоровый Медет нужен, больной не нужен, − деп көзін бақырайтты.

Осы мезет, қызмет атқарып жүргенде керек боп, кейін құрметті деп жүрген демалыстарына шыққандардың,  ешкімге  керек  болмай  қалатыны, ұмытылатыны көз алдына келді.

Медет науқасынан айыққан соң, жұмысына қайта кірісіп кетті. Қай малға болмасын, мұнда жыл сайын тұз жетіспейді. Соны білген соң, «Новодолинка» кеңшарының бас инженері А.И.Бок деген азаматты басшы қылып, бригада ұйымдастырып, Жамантұз көлінен тұз дайындатты. Соның арқасында, тұзбен өз ауданын қарқ қылып қана қоймай, көрші аудандардың  мал шаруашылықтарына да қол ұшын бергізді. Жас төлдерге тұзбен қоса, алуан түрлі организмдеріне жетіспейтін микро-макроэлементтер жасатты.

Ауданның ауыл шаруашылығы басқармасы  бастығының орынбасары Ғарифолла Амансүгіров кеткеннен кейін, ауыл шаруашылығы, әсіресе, мал шаруашылығы, біраз ақсаңқырап қалған екен. Білімді азамат, өзіне де, айналасындағыларға да талапшылдығымен көзге түскен. Қазақылығы мол, ұлтжанды болса да, ондай қасиеттерін ұмытсын деп, көрсоқырлар бұра тартып, ши жүгіртіп, қуғын-сүргінді көп көрсетіпті. Өз ауылының белсенділері бірге талағысы келсе де, айға шапқан арыстандай, надандармен күресіп жүріп, біраз жердің дәмін татқан.

Ұлтжанды, немесе ұлтшыл болу дегеніңіз, ерлікпен пара-пар. Бұл қылығы ұлтшылдық емес, ұлтының мерейін, жаншылып жүрген үстем ету жолындағы күрес еді. Тағы бір қасиеті – елінің арын ту қылып ұстанған тектілігінде болатын. Кең-байтақ жерінің текке ысырап болып, тозып бара жатқанына жанашырлық танытқан, қызғыштай қорыған, елінің келешегіне алаңдаған, бабалар аманатын болашақ ұрпаққа аман-сау жеткізуге ұмтылған ер-азаматымыз еді.

Сынға алына бергесін, шаруашылықты емін-еркін дамытудың орнына, әр түрлі құйтырқылыққа жол беріп, әсіресе, мал өнімінің қайнар көзі ұрғашы малдардың тұқымын құртуға бар күш-жігерлерін салады. Оғаш қылықтарының арқасында аудан, облыс бойынша шаруашылықтағы сиырлардың пайызы отыз-отыз бес саулықтан, қырық-қырық жеті пайыздан аспай тұр.

Өстіп  жүріп, қойдың санын елімізде елу  миллионға жеткіземіз деу әбес болды. Қой санын осынша басқа күрт өсіру мүмкін емес. Мәселе, қазір отыз миллионға жеткен қой басына жайылым жетпей, жер-жердегі өрісте от жоқ, тақырланып  қалғаннан, жаз бойы малға жайылымдық жер жоқ, өлім-жітімнен көз ашпайды. Отыз-қырық жыл қатарынан бір жерде мал жайылғандықтан, аз жайылымның өзі малдың құжынаған құрт ауруына ұшырады, жұқпалы ауруларының ошағына айналды. Қой басын өсіреміз деген желеумен, жоғарыда отырғандар төрт-бес жасқа келген кәртамыс ісек, қошқарларды тапсыртпады. Содан барып, саулықтың орташа пайызы қырық бес-қырық жеті пайыздан аспай тұрып алды. Көпті көрген қариялардың  айтуынша, әрі 1897 жылы Торғай облысының мал шаруашылығын жіті меңгеріп, кітап жазған мал маманы А.И.Добросмысловқа жүгінгенде, еліміз сонау патша заманының өзінде жетпіс-сексен пайыз саулық ұстаған екен. Уақытылы қойларды етке өткізіп отырса, қой шаруашылығы күрт өсіп, халықтың маңдай тері, еңбектері жанар еді. Оған бас ауыртып жатқан кім бар дейсің?! Есесіне шошқа бағуды қолға алды.

Талпақ танау, сал бөксе, қалқан құлақ жануарды ата-бабамыз әу бастан жақтыртпай, «доңыз» деген. Оның етінен «харам» деп, бір түйір дәм татпаған. Дәм татқанды «діннен безген» деп қабылдаған. Жергілікті ұлт шошқа бағуға әдеттенбеген тұста, шошқа базасында Мамытов Мұсабек сынды ағамыз бала-шағасымен 450 бас шошқаны күтіп бақты.

  • Жұмысыңыз қалай, аға? – деді бір күні Медет арнайы сәлем беріп.
  • Шүкір, шошқаларымыз өзіңіз көріп отырғандай, күйлі. Әйтеуір,

бәлен жыл оқуын оқып, бала оқытқан мұғалімдерден жоғары айлық аламыз. Шошқаның еті мен нанын жегеніме 18 жыл болыпты десем де, үйрене алмай-ақ қойдым, – деп ағынан жарылды. – Бірақ Медетжан, өзіміздің малымызды баққанға не жетсін?! Біздікі амалсыздың күні ғой... Әйтпесе, қазақ бағатын мал ма?! Осыдан құтылатын күн болса, шіркін?! – деді қиналып.

 

 

***

 

 

Айта берсең, ішің күйінетін жайлар көп. Соның бірі 1976 жылы «Новомарковка» кеңшарының «Тимофеевский» бөлімшесі мен «Еркіншілік» кеңшарының «Жолбасшы» бөлімшесі бірігіп, «Тимофеевский» деген атпен,  жаңа тағы бір кеңшар дүниеге келген. Осы кеңшардың атын «Құлагер» атауымен жергілікті басшылар қасақана атамады. Ал Тимофеевскийдің кім екенін, қандай адам болғанын, тұрғындардан ешкім білмеді. Ол түгілі, аудан көлемінде бір басшыны ауыстырып, орнына басқа кісі қою, тағайындау, қиынның қиыны болды. Әсіресе, қазақ ұлтының азаматтарын көтеру дегеніңіз, үлкен қиямет. Тіпті «Өлеңті» кеңшарында тоқсан пайыз қазақтар тұрса да, төрағасы – орыстан болды. Партия ұйымының хатшысы неге басқа ұлттан – орыс өкілінен болмау керек? – деп В.И.Жижин деген бөлім меңгерушісі қасарысты. Кадр мәселесіне келгенде, жүйкең жұқарады. Ілу де – шалу, бір тәуір қазақ азаматын партия қатарына алып қойсаң болды: «Сен немене, дербес ұлттық партия құрайын деп жүрсің бе? – дейді жабылып.

Көп ұзамай, бұрынғы облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөліміндегі меңгерушінің орынбасары, комсомолдан өскен, шаруашылықтан хабары жоқ В.Р.Рамут деген ауданға екінші хатшы болып сайланды. Үшінші хатшы болып, Д.М.Агафонов деген Алексеев аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығынан көтерілген, жел сөзге үйір, ерме жігіт сайланды. Шаруашылық жүйесінен мақұрым мылжыңдар мен ұрда-жықтар жиналды. Әдейі айналасына қолынан іс келмейтіндерді қойған сияқты. Мұндағы ысқаяқ қулар жоғарыда отырған облыс басшыларының психологиясын, олардың осал жерлерін біліп алған. Қажет етсе, ерінбей телефон соғып, ауданда болып жатқан жағдаяттарға өздерінше сараптама жасайды. Шаруашылықтағы жұмыстармен үйлестіре басқаруды үйренуге құлықтары жоқ. Рамут ашықтан-ашық қызметке, өзінің үй шаруасын түзеп алу үшін келіп отырғанын, жасырмай айтты да.

Д.М.Агафонов басқа жұмысы жоқтай, қызметін тәуір істеп жүрген қазақтардың соңынан қалмай: «Ананы жұмыстан шығару керек, мынаны оның орнына тағайындау керек, ана жұмыс орнын қысқартып, мынаған қосу керек,» − деп күні бойы бірінші хатшының миын шағады. Одан қала  берді идеология жүйесіндегі жұмысын ысырып тастап, кабинетін жауып алып, беталды әдеби кітаптар оқып отырғанын көресің. Кейін осындай келеңсіз көріністерді өзіне  айтқанында ол:

– Сіз маған жұмыс істеткіңіз келмейді, біздің кемшілігімізді жіпке тізіп жүретін секілдісіз, − Бізді ұнатпайсыз, − деді.

В.Р.Рамут – бұдан қулау. Бөлім меңгерушісінің орынбасары болып жүріп, Кручиннің нәзік тұсын біліп алған. Әсіресе, кім бұрын ақпарат берсе болды, соған сенеді. Ауданның түкпір-түкпірімен хабарласып, шаруашылық жүйесі жайлы ақылдасқысы келіп, Медет Кручинге телефон  шалса, сызданып, жөнді жауап бермей отырады. Қашан звондаса да, солай салқын  сөйлеседі. Облыста өтіп жататын пленум, сессия, жиналыстардан кейін, Кручинге жапырлап кіріп жататын хатшылармен де бірге кірмей, ауданға кетіп қалады.

– Қалаға келгенде, сен неге үлкен кісіге кіріп  шықпайсың? − деді бірде бөлім меңгерушісі В.И.Жижин.

– Ол кісінің өзі менсіз де аудандағы барлық болып жатқан шаруаны басқалар арқылы білген соң, несіне мазалаймын, уақытын шығын қылып, – деді тікесінен.

Бір жолы облыста өткен пленумнан келіп, біздің ауданды сынға алған жерлеріне тоқталып, оған кімдер кінәлі, не істеу керектігін айтып, әрі жиналып отырған аудан басшыларының көзінше Рамут пен Агафоновтың келеңсіз қылықтарын қатты сынға алғаны бар.

Келесі күні ертемен Жижин телефон шалып, облыстық партия комитетінің  жабық бюросына келуін талап етті.

Жабық бюро Кручиннің кабинетінде өтті. Шаруашылық жайын сұрау жоқ. Бәрін ысырып тастады. Осы алдында шіреніп отырған бюро мүшелерінің көбі шаруашылықты түсінбейтін, шетінен комсомолдан өскен қулар екені көрініп-ақ тұрды. Ауыз жаласып қойғандай, бірінің сөзін бірі жерге түсірмей іле қағып, оны араларында жүгірген допша қаққыштап, домалатып ала жөнелді. Айтпағандары жоқ, ауыздарынан ақ  ит кіріп, көк ит  шықты. Рамут пен Агафоновты кезекпен лепірте мақтап, жер-көкке сыйғызбай аспандатты. Біреулер оларға дұрыс көзқарасың жоқ, бар кінә сенде десе, енді біреулері сен партия жұмысына шала сауаттысың, шорқақсың, олардан қайта үйренуің керек деген ауыр сөздер айтып, аузын аштырмады. Бюро мүшелерінің шешімі: екеуінен де кешірім сұрасын деген шешім шығарды.

Жаланың ауырлығы жанына батып кетті. Бұлар адал жүрегін түйреп, ауыртып, сүйегіне жеткізді. Зордың астында жаншылып, құрып кете жаздады.

Ешкімге күні бұрын жар салмай, даурықтырмай, машинаға шай құйылған термосты салып алып, ауданның түкпір-түкпірін қалдырмай аралап, жіберіп жатқан кемшіліктерді жергілікті басшылардың көзін шұқып көрсетіп жүріп, қателерін жойғызуға тырысты. Кезегімен өтетін аудандық партия комитетінің пленумында шаруашылықтың өрескел кемшіліктерін жіберіп жүрген аудан, кеңшар басшыларын, совхоз директорларын, қатал сынға алып, жіберген кемшіліктерін, уақыт беріп түзеткізумен жүрсе, облыстың пленумдарында сол өзінің фактілерімен оның өзін аямай бюроға салды.

Қысылып, пленумнан терлеп-тепшіп шығады. Басқа аудандардың бәрі тап-тұйнақтай секілді. Көзге сүйел болып, бар пәле Ерейментаудан ғана шығып жатқандай. Шаруашылықты егжей-тегжей зерттеп, қателіктерін түзету шараларын тереңдетті.

Қасындағы екі хатшының біреуі де үндемейді. Себебін білсе де, тіс жармайды. Қайта саған сол керек деп отырғандай кейіп білдіреді. Сөйтсе, облыстық партия комитетінің баяндамасын жазатын, идеология бөлімінің меңгерушісі, әккі Д.Р.Бибиков аудандағы пленумдарда жасаған Медеттің баяндамаларынан көп тұсын көшіріп алып, өзіне қарсы қолданады екен.

Кейін ауданда өтетін пленумдарда өз адамдарын сынға алып, келеңсіз жайттарын беттеріне айтып, біраз жерге апарып алады да, баяндамаға енгізбей алып тастайтын болды. Өз ауданында айтатынын айтып алып, жоғарғы жаққа кететін материалға жәй мәймөңкелеп, көсемдердің сөздерінен сілтемелерді молайтып, «сылдыр суын» көбейтіп, желе жортып қана қоятын болды. Содан  көзі ашылды.

Осы ауданға келгендегі байқағаны, кеңшардың басшылары ресми жиналыстар болмаса, жүрген жерлерінде халықпен кездесіп, кемістік, не жетістіктерін ортаға салып, не істеу керектігін бірге отырып ақылдаспайды екен. Тек жұртқа жұмыс істеңдер деп зекуден, қуғындаудан лездеме жүргізуден әріге аспайды. Соның салдарынан, аудан көлемінде неше түрлі алып қашты өсек сөздер өрбіп, жұрт көп мәселелердің жауабын іздеп, әділдікке  жүгініп, жоғарыға шағымданатын болған.  

Медеттің әкесі айтатын: «Аттылыны аттан түсіріп барып сөйлеспесең, ақылы төбесінде тұрады,» − деп. Өз ауданының басшыларын «біссімілләға» келтіріп, құр шаңдатуды тоқтатып, ел-жұрттың алдында бетпе-бет есеп беруді ұйымдастырды. Сол үшін, үш ай сайын Мәдениет сарайында, халықтың алдына шығып, аудандағы әр сала басшыларының есебін, атқарған  жұмыстарын тыңдау жөнінде аудандық партия комитетінің шешімін қабылдады. Халықтың алдында есеп беретін болған соң, көптеген басшылық қызметте жүрген азаматтар айылын тартып, тәуір еңбек ете бастады. Жұрт айтатынын айтып, шерін тарқатқан соң, өзекті мәселелер оқиға орнында шешіліп, жоғарғы жаққа жіберілетін арыз-шағымдар сап тыйылды.

Әйткенмен, Медеттің бұл қылығы жоғарыда отырғандарға ұнамай, аудандық партия комитетінің тәуір қадамын, игілікті бастамасын құптамай қойғаны... Сөйтсе, жоғарғы партия органдары халықтың қалауы бойынша қимыл-қаракет жасағанын үзілді-кесілді жаратпайды екен. Облыстық конференцияда халықтың игілігі үшін атқарған іс-шараларын қатты сынға алды. Комсомолдар секілді шаруашылықты жеңіл-желпі басқару керек екен де, «демократиялық централизм» деген желеуді  өзі дамытам, көркейтем деп  жүрген органды адыра қалдырып, тығырыққа тірейтіндігі және түбінде жақсылыққа бастамайтындығын, сонда барып іштей сезді.

Толғағы жеткен күрделі мәселелер жергілікті жерде шешілмей: «Халық пен партия біртұтас» ұран-ұғымның сәйкессіздігі, кереғарлығы көзі ашық адамға аңғарылып, бос қиял болып қалды.

Дегенмен ауыл шаруашылық басқармасының бірінші орынбасары В.С.Сивухин бірде:

– Медет Қонайұлы, сіз өз халқыңызды жаныңыздай жақсы көресіз. Және де оныңызды ешкімге сездірмей, бар жәрдемді ұлтыңыздың мүддесіне  үйіп-төгесіз, − деген.

Оның айтқанына ләм-мим дей алмады.

Билік тізгіні қолына тигенде, Көкшетауда аз уақыт қызмет атқарды. Екі-үш ай сайын облыс, аудан басшыларын халықтың алдына салып, атқарып жүрген жұмыстарын, есептерін тыңдатты. Елдің көптеген проблемалық мәселелері шешімін тауып, халық біршама көтеріліп қалды. Жоғарыда отырғандардың көбі оны партия жұмысына шорқақсың дейтіні, не сөйлесе, сол мәселе туралы мұсылмандардың «бісмілләсіндей», орталық комитеттің шешімдері қажетсіз болса да, оңды-солды тілге тиек ету керек екен. Шаруашылық жүйесіндегі келеңсіздіктерді бетке айтып, сол жерде шешудің орнына, құр беталды сөзбұйдаға салып, мәймөңкелеу не керек? Оған Медеттің жаны қас. Мәселен, біреуді сынағысы келсе, Тамбов облыстық партия комитетін тыңдаған орталық комитеттің «Сын және өзара сынды дамыту» жөніндегі қарарына шолу керек екен. Комсомолдарды сынайтын болса, Қырғызстанның партия ұйымдарының орталық комитеттегі «Комсомолдардың жұмысы туралы» қарарын көлденең тарту керек екен. Қай мәселе болмасын, сол жөнінде орталық комитеттің шешім-қарары дайын тұр. Көзіңді жұмып, ағыза бер.

Бәрі кітапта жазылғандай, басқа бөтен ой болмауға тиіс. Айналадағы аудан хатшылары – Д.Габриель, Шабатов, Еренковтар оны «волнодумец» деп атап кетті. Қазақшаның өзін ежелеп оқитын, орысшасы да шамалы шаруаға қырсыз әлгі ағайындар: «У него не партийное  выступление», − деп оны біраз жерге апарып тастады. Олардың ойынша, мойныңды қажамайтын дайын қамытты ки де, мөңки бер. Қателеспейсің. Қой да аман, қасқыр да тоқ. Партия жұмысында осындай да далбасалық болады екен-ау деп, таң-тамаша.

 

 

***

 

 

Адамдар арасында ашкөздер көп қой. Мемлекет меншігін жымқырып отырмаса, көңілдері көншімейтін жемірлер жетерлік. «Новодолинка», «Еркіншілік» кеңшарларының директорлары – А.И.Кехтер мен А.А.Римердің ақша жымқырғысы келген жымысқы әрекеттері ашылды. Жеке-жеке екеуімен Медет сөйлескеннен соң, Ример түсініп, келеңсіз қылығын тоқтатты. Ал Кехтерге: «Маған ештеңенің керегі жоқ, керек болса, ет, анау-мынауды ақшасына сатып аламын, бірақ тегін беремін демеңіз,» − дегенін де түсінгісі келмеді. Оның ойынша, дүниеге қызықпайтын адам жоқ секілді. Аузы көпіріп, Атилла (Еділ), Әл-Фараби, Осман патша, Египет президенті Га маль, Әбу Насыр сияқты біраз адамдардың өмірдегі қадір-қасиеті туралы әңгімелеп берді. Адамға бақытты ғұмыр кешу үшін, ғұламалардың айтуынша, өзіңде артық, не кем болмағанын қарастырған жөн екенін, бір жалақының өзі отбасына молынан жететінін, тойымсыздық – дауасыз дерт екенін асықпай айтты.

Осы өмірінде екі рет ұрлық жасағанын да жасырмады. Он екі-он үштегі кезінде Юра, Коля, Тима деген балалармен ойнап жүріп, бірге қонып қалған. Ұйықтамай,  түн ортасына  дейін  әңгімелесіп жатқанда Юра:

         − Әй, тұрыңдар! Есімнен шығып бара жатыр екен ғой. Бүгін «Сырокваша» дегеннің үйінде той болып жатыр. Бақшасында екпегені жоқ. Олар той-тойлап жатқанда, қарбыздарын ұрлайық, − деген ұсыныс айтты.

Түн бұлтты. Қараңғы. Үйдің маңайы жап-жарық. Анық көрініп тұр. Ішіп, қызып, алған адамдар. Гармоннан төгілген көңілді әуенге, қолдарын ербеңдетіп билеп жүр.

Төртеуі барып, бау-бақшаның қоршалған сымдарының үстінен секіріп түсті. Бұқпантайлап, тіміскілеп жүріп, қарбыз ұрлады. Ішінде Медет қана ең үлкен екеуін алып шықты. Бәрі ентіге жүгіріп, таяу жердегі саман құйған шұқырға келіп жасырынды. Ұрлап әкелген қарбыздарын балалар ортаға үйіп қойды. Медет те екі қарбызын қоя бергенде, үшеуі бірге: 

  • Қазанбастың әкелгені қарбыз емес, асқабақ! − деп мазақтап, басынан

«мәути» алды. Қараса, қарбыз дегені шынында да – асқабақ.

Екінші рет түнде алма ұрлауға барып, жалғыз Медет қана ұсталып, күзетшіден оңбай таяқ жеді.

Енді бұл Кехтерге не істеу керек? Жаман ғадетін қоймаған соң, оны сескендіргісі келген раймен бірге ертіп жүріп, шаруашылықтағы кемшіліктерінен түк қоймай, түк қоймай, көзіне шұқылап көрсетіп:

  • Мына бастан асатын қыруар жұмысты неге ретке келтірмейсің? Әне,

мал қораларыңда ала жаздай мал жоқ болса да, күні-түні жанып тұрған шамдар неге сөндірілмеген? Цистернаңнан ағыл-тегіл ағып, айналасы көлшікке айналған соляркаң анау. Арам өліп, сасып жатқан малың анау. Бұлардың сұрауы қайда? – деп кеңшарындағы кемшіліктерді баса айтуы, Кехтерді есінен тандырды. Бухгалтерияға барып, бетімен жұмсайтын ақшаларын қай жерден алып, қайда тығатынына дейін, көзін бадырайта көрсетіп беріп, адал қызмет атқаруын талап етті. Шаруашылықты дұрыс білмей ме, әлде онымен ерегесті ме, қанша мүмкіндік берсе де, жұмысын істей алмады.

Оның есесіне, облыстық партия комитетінің кейбір хатшыларымен тәуір қатынаста болып, жылда солармен бірге демалып жүрді. Кімдермен жүргенімді аңғарарсың дегендей, бұған өзінше қыр көрсетеді. А.И.Кехтердің кабинетіне барсаң, қол созым жердегі сейфте мөрі тұрса да, қабылдау бөлмесінде отырған жас қызды әдейі шақырып алып, құжаттарға мөрін бастыртады. Алпыстан асса да, қос жанары ойнақтап, жем іздеген  құзғын сияқты, екі көзі жас қыздың балтыры мен мықынында. Отырғандарды тарс ұмытып кетеді. Ал қабылдауында болған адамдардың мәселесін атүсті шешіп, өтірік алдап жүре береді. Жұмысын жөндеп атқара алмай, тамыр-таныстыққа арқа сүйей берген соң, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы О.С.Қуанышевтің тікелей қатысуымен өткен аудандық партия  конференциясында Кехтерді қатты сынға алып, іле  құрметті демалысына  жіберді.

 

 

***

 

Күндер өтіп жатыр. Күндегідей жұмыста, шаруаға жіпсіз байланып отырған үстіне Өндіріс досы келіп:

  • Қамалып неге отырсыз, ертең күн сенбі, аңға шығайық, бой

жазыңыз. Байғұлының етегіндегі ағаштарда бір қасқыр жүр. Кеше көршімнің тебінде жатқан  бір байталын тартып кетіпті, − деді.

Мұндайда аңшылыққа құмар адам қалай байыз тапсын? Сол күні-ақ кешке желік бітіп, аңға шықты да, кештетіп Қазыбек деген қойшының үйіне  қонды. Сұранып болмаған соң, ауатком төрағасы  Ивановты да ала шыққан. Оның өз машинасы, мылтығы бар. Ерте тұрып, үшеуі із кесті.

Ереймен тауларының шығыс жақ шетіндегі шоқылардан асқанда, алдарынан тайдай бір қасқырдың ізі кез бола кетті. Соңындағы дыбысты  естіді ме, кең далада жортып бара жатып, кенеттен оң жағындағы қалың тоғайға жалт бұрылғанын Өндіріс байқап қалды.

Сол жерде аз ғана аялдап, кеңес құрды. Қасқырды жазыққа қашпас деген жорамалмен, Николай Степановичті жазық беткейге жіберді. Өйткені, ол қасқыр аулауға бірінші рет шығып тұрғандықтан, айрылып қалар деген қауіп бар еді. Қалған екеуі тоғай  ішіне кіріп, қасқыр үркітпекші.

Аңшылар тоғай ішінде самбырлап сөйлеп келе жатыр. Ақ қар бүркенген ағаштарда онша көз көлегейлерлік пана жоқ. Олар орта тұсқа  барғанда, арғы беттен айғай шықты.

  • Кетті, кетті!

Екеуі жан-дәрмен айғай шыққан жаққа жеткенде, Ивановтың дәл

иегінің астынан сытыла қашқан қасқыр едәуір жерге ұзап кетіпті. Оқ жетер жерден аман өткен арлан жалт беріп, бағанағы іргесінен өткен ағашқа бұрылды. Оның алдын кес-кестеуге үлгірмей, бұлар қапы қалды.

− Николай Степанович! Сізге не болған? Дәл қасыңыздан өткен  қасқырды атпағаныңыз не?

− Ойламаған жерден шыға қалғанда, сасқалақтап қалдым. Мылтығымды кезенгенше, өтіп кетті, − деді көрпеге құндақтап  алған мылтығын орауынан жазып жатып.

− Осы кісі жолға шықса, ылғи көрпеге «ТОЗ-34» мылтығын құшақтап алып жүреді. Сірә, мылтықты аса қадірлеп ұстайтын шығар. Бірақ алдын-ала дайындалмағанын айтамын-ау, − деді ішінен таң қалып Медет:

− Бұл мылтықты неге көрпеге орап ұстайсыз?

Ол:

− Шынын айтсам, − деп қарқылдап күлді де: − Жинауын  білмегендіктен, осылай тұтас күйінде ұстаймын. Бөлшектесем, қайта жинай алмаймын.

− Неге дайын тұрмадыңыз? Өзіміз қасқыр үшін шыққан жоқпыз ба?

− Жаңа өзің айттың ғой, бұл жақтан шыға қоймас, − деп.

  • Қап! Бәрібір дайын тұруың керек еді. Жарайды, өтіп кетсе де, неге

артынан қумаймыз?

Қашып кеткен қасқыр жеткізе ме? Және тоқтап  тұрғанда  ата  алмаған адам, жүріп бара жатқан машинаның үстінде тигізе алса жақсы.

  • Жарайды енді. Анау тұрған топ қарағайдың ішіне кірді, сонда

барайық, − деді Өндіріс сабырмен.

Бәрі ентелеп қарайған ағашқа жетті. Қасқыр соның ішінде, арғы жағына шыққан жоқ. Тағы да ақылдасты. Ивановты жазық дала жаққа қалдырды. Ақылды хайуан соңына қуғын түскенде, жазық далаға қашпаса керек еді. Қашса да, алдағы тауға, не қарайған ағашқа қарай беттейтін-ді.

Қуғыншылар қайыра орманға сүңгіп кетті. Олар орманның ортасына жақындаған сайын, Медеттер мылтықтарын дайындап, белгі күткен бәйге атындай елеңдей берді.

Бұл жолы да Иванов жақтан айғай шықты:

  • Кетті, кетті!

Ағашты айналып, жүгіріп жеткендерінде, қасқыр Ивановтың машинасының дәл артынан сумаң етіп, орман жақтағы қуғыншылар өткен тұмсықты айналып, тауға қарай зытты.

− Не болды? − деді Өндіріс қабағын кіржитіп.

  • Қап, ұят болды-ау! Анауың қу ғой! Енді менің машинамның артын

орап барады... – деді күмілжіп.

  • Жарайды. Тез жүріңдер, соңынан қалмайық, – деді Медет.

Қуғыншылар қасқырдың соңына түсті. Ол да бір жырынды неме екен. Асу асып кетті. Тау онша биік емес. Бұлар да шұбырып, таудан асты. Көкжал  арғы беткейдегі шоқ ағашты паналаған-ау, ізі сайрап жатыр.

Николай Степановичті жазыққа тағы тастап, Медеттің өзі Ивановты көрерліктей жерді таңдап алып, тау жаққа тұрды.

Қуғыншылар өз міндеттерін мұқият атқарып жүр. Ағаш ішіндегі қасқыр түгілі, қар астында жорғалаған тышқан да қашып, ініне тығылатындай-ақ дабылдатып жатты. Медет өз жағынан шығатынына сенімсіздеу еді. Ивановқа оқтын-оқтын қарап қояды. Бұрынғы тәжірибеге мына арланның айласы мүлде ұқсамайды. Өстіп мойын созып, еңсеріле қарап тұрғанында, қасқыр Ивановтың алдынан зымырап өте берді.

  • Кетті, кетті! − деген айғай қоса шықты. Бұлар оның даусынан

бұрын, қашқан қасқырдың алдын орай жүгірді. Жан дәрмен жүре көздеп, қасқырды ырқына қоймай сұлатты.

− Бұл жолы не болды? – деді Медет Ивановқа қасқыр қанжығаға байланып, көңлі жай тапқан соң.

  • Өмірі мылтық ұстап көрмеген едім, қасқырды көздеп болғанша, ол

қуың ұзап кетті ғой, − деді ол ыржия күліп.

Осылайша Медеттер тірі жаннан бетер сезімтал хайуанның тағы  бір таңдай қақтырар кереметін көрді. Таңдандырғаны − қасқырлар адамды алыстан-ақ айыра  біледі. Байқампаз. Бала мен әйелді,  қарулы еркекті айыра білу онша қиын бола бермес. Ал еңгезердей жігіттерді оның аңшы ма, әлде жай адам ба, болмаса бірінші рет қолына мылтық ұстаған адам ба, айна-қатесіз ажыратып, тап басып танитынына не дейсің?! Иісінен сезе ме, әлде  қолапайсыз түрінен тани ма, болмаса, телепатиялық интуициясы күшті ме, әйтеуір байқампаздық қасиеті бар. 

Осы Николай Степановичке байланысты бір жай есіне түсе кеткені. Бірде ол Коля деген жүргізушісімен «Горный» деген совхоздың Төре деген малшылар тұратын қыстауына таң азанымен бара жатып, жеті-сегіз  қасқырдың тау арасында бір биені жайратып жеп жатқандарының үстінен  шығыпты. Бұлар қуа жөнелгенде, әккі ғой, сегізі сегіз жаққа бытырай қашқан. Әйтеуір, он шақты рет атып, біреуіне тигізіпті.

Жараланған әлгі қасқыр машинаға тап береді. Шофері де, өзі де сасқалақтап, зәрелері қалмаған. Бір жақсысы – көліктің есігі жабық. Жаралы қасқыр бұларға қарсы шауып, машинаның алдыңғы шамының шынысын күтірлете шайнап жұта бастайды. Өңешін жыртқан сайын, қасқыр шыныларды одан сайын құшырлана жұтыпты. Аузынан терезенің әйнегіне кесек-кесек қан атқылайды. Не керек, машинаға осындай залал жасап, әлгі қасқыр өз қанына өзі тұншығып өліпті. Көліктің ішінде отырғандар біраздан кейін естерін жиып, есіктерін ашып, өліп жатқан қасқырды тіріліп кетердей, қорқа-қорқа алыпты.

Иванов байғұс осыны Медетке жыларман болып айтты. «Егер, − дейді ол, − Машинаның есігі ашық тұрғанда, мені суырып алып, дал-дал қылар ма еді, кім білсін?! Әйтеуір, құдай сақтап, есіктің жабық болғаны жанымды аман алып қалды».

Ол Медетке: «Мұны ешкімге айта көрме, − деп жалынды. − Және де мені қасқыр аулауға шақырмашы, алтын қасқыр болса да бармаймын. Сол қасқыр әлі көз алдымда, кейде есіме түскенде, ұйықтай алмай шығамын» −  деді шошынып.

Мұндай аңшыны кім көрген? Басында: «Аңға барам,» деп құлшынады, кейін: «Мені ертпеші,» − деп жалынады.

 

 

***

 

Жылдағыдай күзде Ерейментау ауданында саулықтарды қолдан ұрықтандыру науқаны басталды. Бұл істі сапалы, әрі тез жүргізу үшін, қой фермаларында кішігірім арнаулы лабораториялар ұйымдастырылып, оны тиісті аспаптармен жабдықтады. Аудан орталығының, оның ішінде шаруашылықтың әр саласында жүрген, қолдарынан іс келеді-ау деген мал мамандарын жинап, фермаларға жіберді. Солардың бірі болып, бірінші хатшы екеніне қарамастан, «Өлеңті» совхозының малшыларын аралап, саулықтарды қолдан ұрықтандыру, қошқар қосу, оның сапасын, жайын тексеріп, ұйымдастыру  жұмысының басы-қасында жүрді.

Бірде аудан орталығына қайтуға кештеу болған соң, атағы осы өңірге жайылған, ордені көп аға шопан Байғабыл Ыбыраев деген қарттың үйіне ат басын тіреп, шаңырағында қонды. Кешкі қонағасыдан кейін, тысқа шығып, үйдің іргесіндегі қой қорадағы саулықтардың  қоңын, күтімінің жайын өз көзімен көрді. Егер малдың күйі жақсы, әрі семіз болса, қолдан ұрықтандыру науқаны көңілдегідей өтеді.

Ішке ендік. Электр шамдары қораның әр бұрышында самаладай жанып тұр. Бырт-бырт күйіс қайырып, ыңыранып жатқан өңшең ірі саулықтар. Тұрғандары бірлі-жарым ғана. Күзгі жылы жауыннан кейін, құлпырған даланың алсыны мен қауына, көдесі мен бозына еркін жайылып, тойып келгені байқалады.

Байғабыл ақсақалдың ұзақ жылғы тынымсыз да адал еңбегіне, малының қоңдылығына іштей риза болып, «Шіркін, малшылардың бәрі осы кісідей жұмыс істесе, ауданымыздың шаруашылығы өрге басып, экономикасы нығая түсер еді», − деп ойлады.

Былтыр қыста да келгені бар. Сонда тебіннен қыстаққа қарай бытырай жайылып, құлап келе жатқан қойларын көріп, тоқмейілсіп қалған. Әбден отыққан саулықтардың еріне басып, балапанын ерткен қаздай, Байғабыл қарттың соңынан қалмауы сирек көрініс еді.

Өткен жылдың осы бір көрінісі көз алдына қайтадан елестеп, аз-кем тұрып қалса керек. Қораның түкпір-түкпірінен саулықтар қоймай маңырап, өздерін қоршай бастады. Арыз айтып, мұң шаққандай. Әне-міне дегенше, бұлар тырп ете алмай, отардың қоршауында қалды. Жайшылықта бұл жарықтықтар үркіп, дүркірей қашып, адамды өзіне жақындатпайды. Енді, міне, ентелей басып, адамдарды жатсынар емес. Қатары көбейіп кетті. Алдыңғы келгендері қышымасы бардай, сүйкеніп қояды.

− Байғабыл аға, мыналарға не болған? Осынша  топтанғаны несі? Ашыққанға ұқсамайды ғой, − деп осы совхоздың директоры Зияуидин ойындағысын жұрттан бұрын айтып салды.

Байғабыл:

  • Ой, тәңір-ай, білмей тұрсыңдар ма? «Қошқарларың қайда? Неге

жібермейсіңдер? Шынымен, биыл қысыр қаламыз ба?» деуге ұялып, әдеп сақтап тұрған жоқ па? – деді байыппен.

Директор жауап бере алмады. Мамандарының бұл отарда ұрықтандыру ісін жөнді  ұйымдастыра  алмағанына қызараңдап, не айтарын білмеді...

Ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, ғасырлар бойы дамып келе жатқан, малдың  жай-күйін, табиғатын, психологиясын танып-білу жөніндегі тапқырлық әдіс-тәсілдер мен болжамдар ұмыт болып барады. Бажайлап қарасаң, кейде өзің біле бермейтін көптеген проблемаларды, болмыс-құбылысты, табиғат пен  малдың өзі сездіреді.

Соңғы кезде шаруашылықта қолынан іс келмейтін, бос сөзге әуес, ой-өрісі тар адамдардың алдына, ешбір ойланбастан отар-отар қой, табын-табын сиыр салып беріп жатыр. Өз басына құнты жоқ адамдардың малды жетістіріп жүргендері шамалы. Ғылым мен тәжірибенің дәуірлеп тұрған бүгінгідей шағында саулықтардың қысыр қалып, топалаң тигендей қырылып жатуы да содан болар. Айтуға ұят, жаздың өзінде өрістегі мал оңалудың орнына жүдеп-жадап, көтерем болып, өлім-жітімге ұшырауы жиілеп кеткен.

Күйек алу кезінде білгір шопандар саулықтарды үркітпей, шошытпай, өз еріктеріне жіберіп, жайып бағатын. Шопандар айғай-шусыз, қуаламай, отарды алдынан қайырып, осы төңіректе машина мен трактордың гүрілдеген мазасыз үні естілмеуін қадағалаған. Жым-жырт дала, тып-тыныш өлкелер ежелден мал бағуға қолайлы болды.

Ұрықтандыру − мал түнейтін жерден техника атаулыны дарылдатпай, бір жарым-екі  шақырымдай аулақ, алыста жүргізілсе жақсы да. Тыныштықта ғана саулықтардың жатырына ұрық берік орнап, өне бастайды. Ал саулық шошынып, үріккендей болса, онда жатырындағы ұрық орнынан қозғалып, қойдың денесіне сіңіп, жайылып кетеді. Малдың өсімталдық қасиеті мен өзгешелігін  сезе  біліп, жоғарыда  айтқандай, жыл сайын егіз табатын саулықтардың  ұрғашы тоқтысын тұқымдыққа алып қалып, соңғы уақытта мал басын асылдандыру мен өсіруді құнттап жүр.

 

Төртінші тарау

 

Бір мың тоғыз жүз жетпіс төртінші жылы тың  игерудің жиырма жылдығы өтетін болып, делегаттар Алматыға жиналды. Салтанатты  жиналысқа бас хатшы Л.И.Брежнев келеді дейді. Орталық комитеттің аппаратындағы жігіттер мұрындарынан шаншылып, үргін-сүргін болып, дедектей шауып жүр. Ашылуына бір күн қалғанда, республика көлеміндегі аудандардың бүкіл бірінші хатшыларын, орталық партия комитетіндегі хатшысы Севрюков шақырды.

  • Сендерге ерекше тапсырма бергелі отырмын, Брежневтің

салтанатты жиналысқа  қатысып, сөз сөйлейтіндерін  білесіңдер. Осында келердің алдында Украинада болып, украиндықтар ол кісіге зор қошемет, құрмет көрсетіп, ол сөз сөйлегенде, тоқсан бес рет қол  шапалақтапты. Біздер олардан кем түспеуіміз керек. Брежнев болса-болмаса да, өзіміздің адам болып есептеледі. Бізден өсіп жетілген. Сол себепті қол шапалақтау мәселесін жүзден асыру қажетпіз. Ол үшін  әр облысқа «КПСС − жасасын!»,  «Кеңес  халқы − жасасын!», «Брежнев − жасасын!» деген  ұрандарды бөліп  береміз. Қолшапалақтау бәсеңси бастағанда, дауыстарың барларың орындықтан тұрып ұрандатасыңдар, – деді.

Келесі күні сағат онда салтанатты жиналыс басталып, сөз Л.И.Брежневке берілгенде, трибунаға жеткенше, мінбеге көтерілген соң да, оны таң-тамаша қалдырып, дүрілдеген ду қол шапалақтың астына алып, Мәдениет сарайын теңіз толқынындай тулатты. Брежневтің өзі көңілшек екен, көзіне жас алды. Сөйлей алмай, балпылдап, қазақтың атақты зиялы, ұлы тұлғаларының аттарын ежіктеп, оқи алмай жатқанына қарамастан, залдағылар қол шапалақтауын бәсеңдетпей, үдете түсіп, ақыры ол біздің шапалақтардың астында қалды. Отырғандар шартылдатып, қолдарын соға-соға, делебелері қозып кетті. Іле Леонид Ильич: «Өзін еш жерде дәл осылай жылы қарсы алмағанын,» − айтты.

 

 

***

 

 

1975 жылы бұл өңірде қуаңшылық болды. Егін шаруашылығы облыс бойынша ойлаған межеден аспады. Даланың қауын бірінші қар жауғанша орғанымызбен, мал азығын мардымды дайындай алмай, аудан бойынша жем-шөп, небәрі алпыс пайыз ғана орындалды. Екі-үш жұмадай отырып, келешегін ой елегінен өткізіп, әрі-бері есептеп, алдағы жылдың жоспарын ойдағыдай дұрыс шешудің қамымен, желтоқсан айында облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Қуанышевқа телефон соғып:

  • Сіздер бәрібір  біздің ауданға  пайдасы шамалы сабан мен

сүрлемнен басқа ешқандай көмек бере алмайсыздар. Оның өзі машақат екенін білеміз. Мұз болып қатып қалған сүрлемді малға бердің не, бермедің не, бәрібір. Олай болса, біздің ауданға қаңтар айында еркек тайыншасы бар, қысыр, кәрісі, аурулары бар, бес мыңдайын етке тапсыруға ұлықсат етіңіз. Сонда біз қыстан қиналмай шығамыз, − деді Медет. Келесі жылдың ет-сүт жоспары орындалып, әрі мал басының айтарлықтай өсетінін, оған еш күмәндәнбауларын жеткізді.

О.С.Қуанышев салған жерден байбалам салғаны: 

− Әне, саған сеніп мал тапсырсақ, сол малдың көзін құртып, қыстан

шығамыз дейсің. Саған бәрібір, сен буаз сиырларды  тапсырғың келеді. Оның дұрыс емес. Ең алдымен төлдетіп алу керек, – деді.

  • Мен мал маманы болған соң, сиырлардың қысыр, кәрі екеніне

кепілдік беремін. Көбін өз қолыммен тексеріп шықтым. Тіпті қаншама жыл қызмет атқарса да, сиырдың буаз-қысырын айыра алмайтын мал дәрігерлерін үйреттім. Менің айтып отырғаным шындыққа жанаспайтын болса, ертең-ақ ет комбинатында сөзім анықталар. Ол жағынан қам жемеңіз.

Содан біраз салғыласты. Оразбек Сұлтанұлы ашуға басып, телефонның құлағын тастап жіберді.

 

 

***

 

 

Жаңа жылға екі-үш күн  қалған. Аудан  бойынша етке тапсырамыз деп отырған малымызды тексеріп, сиырлардың буаз-қысырын айырып келіңдер  деген тапсырмамен, отыз шақты облыс басшыларынан құралған тексерушілер ауданға келіп түсті. Жаңа жылдың алдында қауырт келген облыс басшылары бұған: «Ну, Оразбек дает,» − деп таңырқады. Тексеруге келгендердің ішінде жартысынан көбінің мал шаруашылығына қатысы жоқ. Басқа саладағы азаматтар. Атүсті келген басшылардың берген мәлімдемелері бойынша, оны келесі айдың үшінші қаңтарында облыстық партия комитетінің  жабық бюросына салып талқылады.

«Шешінген судан тайынбас,» − деді Медет салғаннан:

– Ойларыңыз тағы да жүндей түту ме, шаруашылыққа неге терең бойламайсыздар? Мен қысылғанымнан, осылай деуге мәжбүр болып отырмын. Жаңа жылға екі-үш күн қалғанда елді соншама  дүрліктіретіндей, нендей қылмыс жасаппын? Мені тексеруге келген азаматтар өз қызметіне жетік болғандарымен, мал шаруашылығының қыр-сырын білмейтін адамдар. Олар түгілі, мал мамандарының көбі сиырдың буаз-қысырын айыра алмайды. Қалталарына қолын салып, ақ саусақ болып кеткен. Шешініп, сиырдың желінін сипауға арланады. Мені тұқыртқыларың келгендіктен, осындай сорақылыққа баруға  бола ма? Малдың бәрін де қыстан шығарамыз-ау, бірақ та аудан көлемінде жоспарланған мал өнімін тапсырмасақ, ертең кері кетіп, көбінің қоңы түсіп, ала жаздай уақыт өткізіп, текке әуреленеміз. Оның үстіне, өлім-жітім тағы бар. Менің осы айтып отырғанымды қостамасаңыздар, мың жарым тоннадай ет жоғалтамыз, әрі еттің өзіндік құны еселене қымбаттап кетеді, − деп жөн-жосығын әрі қарай талдап жатқанында, Н.Е.Кручин сөзін бөліп:

– Медет, сен демократиялық централизмнің не екенін  білемісің? – деді. 

– Николай Ефимович, білгенде қандай.

  • Білгенің дұрыс. Білсең, бүгіннен бастап, облыстық партия комитеті

хатшыларының саған айтқандарының бәрі заң болуға тиісті. Бар, жүре бер. Мал қыстатудың қамын ойла, − деді Кручин.

Айтқан сөздерінде тұрып, етке беруге дайын тұрған малдарды тапсыртпады. «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқтың» кері келді.

«Жұт жеті ағайынды» деген рас қой, қаңтар айында жаңбыр  жауып, қалың қарды тастай қатырып тастады. Осы тұйықтан шығудың амалын тауып, көк сүңгіні аршитын құрал-сайман ойластырылды. Сол ұйымшылдықтың, қиыннан қиыстыра білудің арқасында, мал қыстату  науқанында қандай ауыр күн туса да механизаторларымыз, қар аршитын тіркемелерімен қысқы жайылымға шыққанда, олардың соңынан қойлар жамырап бара жатты.

Қысылып-қымтырылып, жоқты жеткізіп дегендей, қыстан ілдәлдәлап шықты. Шыққаны құрысын, малдың қоңы кетіп қалды. Облыстың бір мәжілісінің аяғында Медет Золотаревке еріп, облыстың бірінші хатшысы Кручинге  кірді. Әлденеге ренжіп отырды ма, оның түсі суық болып көрінді.

Бұл жолы да Медетті қырына алып:

  • Қыстың күні сенің шірік доктринаңды тыңдамағанымыз мұндай

жақсы болар ма? Қазір малдың басы өсті. Жаз шықты. Енді ет-сүт болады, − деп қызара бөртіп, біраз жерге сөзбен илеп тастады.

Медет те қалыспай:

  • Николай Ефимович, доктрина деп тұрсыз. Доктрина болса болсын,

бірақ кімнің не ұтқанын қайдам, әлі уақыт көрсетер, ал біздің ауданның осы қыста жоғалтқаны шамамен мың тоннадан артық ет, − деді де тұнжыраған күйі кабинеттен шығып кетті.

Медетке еріп, Золотарев та ілесе шықты. Паркке қарай жүріп келеді. Золотарев оның қолтығынан ұстап:

  • Ренжіме, Медет. Ол кісі жаман адам емес. Бар кінәсі – өз мамандығы

бойынша қызмет атқармағанында. Комсомол жұмысында жүріп өскендігі, өзіне ауыр тиіп жүр. Көп нәрсені аңғара білмейді. Уақыт өте түсінер, біз де осы қыста көп ет жоғалттық. Бірақ ол кісіге не айтуға болады? − деп жұбатумен болды.

Осындай ит тартыспен жүргенде, сырғып ауыр жыл да өтті. Бұл 1976 жыл облыс тарихында болмаған ауыр экономикалық күйзеліспен есте қалды. Облыста жаздай мал басы өспей, өлім-жітім көбейді. Еттің де, сүттің де жоспары орындалмады. Мал басы кеміді. Егін шықпады. Бұл аз дегендей, облысты құдай қара бастырып, өнеркәсіп те, құрылыс та, сауда да тұрған орнында тұралап қалды.

 

 

***

 

 

Жаңа жыл келді. Қаңтар айының аяғы. Медет кезекті демалысқа шықпақ болып, Кручинге кірді.

Кабинетіне кіргеннен, қалбалақтап, асты-үстіне түсіп жатыр. Бұрын оған ондай ықылас көрсетіп көрген емес. Сірә, кінәсін кеш те болса түсінсе керек.

  • Медет, сен көпшілікпен бірге жоғарғы партия мектебіне түсіп, ең

болмаса, сырттай оқымайсың ба?

  • Николай Ефимович! Ол оқуға менің зауқым соқпайды, себебі аты

дағарадай оқу орны болғанымен, фундаментальды білім бермейді. Жұрттың қалай оқып, уақыт өткізіп жүргендерін біліп те, көріп те жүрмін. Маған ол оқудың қажеті қанша? Осы атқарып жүрген қызметіме менің білімім сай келмесе, басқа шаруашылық жұмысына ауыстырыңыз. Маған елімнің кез келген бір түкпірінде  қызмет атқарып  жүрсем болды, қарсы емеспін, тіпті де ренжімеймін, − деді.

  • Жарайды оқығың келмесе, зорлық жоқ. Мен де мына үлкен қызметті

сол оқуды бітірмей-ақ атқарып жатырмын. Ештеңе ойлама, жақсылап тұрып дем ал. Алда талай қиын жұмыстар бар. Денсаулықты жөндеп алғаның  дұрыс. Айтпақшы, Медет, біз былтыр оңбай ұтылдық. Биыл шаруашылықтың қай саласын болмасын, түзетіп алуға тиіспіз. Қажырлы еңбек ету үшін, әрине, денсаулық керек, – деп орнынан тұрып, кабинетінен шығарып салды.

Көп ұзамай, облыс шаруашылығын күрт құлдыратып алғанын кешіре алмай, Д.А.Қонаев ұрыспай-сөкпей, Кручинді лауазымы төмен жұмысқа ауыстырып жіберді. Орнына Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүрген, бойы еңгезердей дәу, өзі жуан, алып денелі Н.Е.Морозов сайланды. Кручиннің жақын кадрлары іштерінен тынып, сасқалақтап жүрді. Әсіресе, Шендрик пен Тимошенко абыржыды. Жұрттың көзінше, Морозов бір-екі рет жиналыстарда Тимошенконың айтып тұрған мәлімдемесін жақтырмай, білмейсің, үстірт кеткенсің деп, әрі қарай сөйлеткізбей қойған.

Аудан хатшыларының бәрі, оның ішінде Медет те, Морозовтың бұл қылығына іштей риза болып, енді көзіміз ашылар деп жүрді.

Өзі балықшы екен. Жаз бойы тоғанды көлдің сазаны мен алабұғасы ұнап, келгіштей берді. Сонысын сезген Тимошенко бірде Медетті шақырып алып:

– Медет Қонайұлы, сізден құдай үшін өтінемін, мені Морозовқа  жамандай көрмеңізші, өмірі ұмытпайын, − деп жалынғаны.

  • Сіз неге олай деп ойлайсыз? Менің  өсек  айтқан жерімді көрдіңіз

бе? Айтсам, кім болмасын бетіне айтам, өйтіп мені арзанға бағаламаңыз, − деп оған жиренішпен қарап шығып кетті.

Ақыры, «қотыр атқа соқыр ат үйір» дегендей, жымысқыланып жүріп, ебін тауып, Морозовтың оң қолына айналып шыға келді. Халықтың оны жақтырмайтынын өзі де білетін секілді. Бірінші келгеннен кейін, партия конференциясында тізіммен қол көтеріп, сайланып жатқан бюро мүшелері мен хатшыларына делегаттар қол соғып, қолпаштап жатқанда, хатшылыққа сайланған Тимошенкоға Жанайдаровтан басқа, бір де бір  адам қол соқпады.

Кейбір  ағайындар бақай есепке ұрынып, осы Медет Тимошенконың үстінен неге түспейді деп көлгірсиді. Ондайларға айтатыны, әркім өз  ғұмырында кім болғанын білуге тиісті. Арыламын, тазарамын десе, әлі де кеш емес, бірақ та, ар жазасынан ауыр жаза жоқтығын білген дұрыс. Тимошенко ел-жұрттан кешірім сұрасын. Өйткені, жиіркенішті іс атқарып келген адамға қарсы пікір айтқан жамандыққа жатпайды. Тимошенко қазақ жыласа жылап, қуанса қуанып, таяқ жесе бірге жеп, қашан тілеуін тілеп еді? Ыңғи өгейлігін істейді.

 

 

Бесінші тарау

 

 

«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында, Қанжығалы Бөгенбай батырдың қолы жоңғарлардан қорғап қалған, құтты мекені Ерейментаудың бөктерінде айнадай жарқырап, Қоржынкөл жатыр. Түстігіндегі тау баурайына таянғанда ғана, болмашы қамыс бар. Одан басқа түк те жоқ. Күні-түні кең айдында шалқып жатқан айдың күміс сәулесі мен күн нұрының шағылысып жатқанын көресің.

Осы алқаптағы көлдің түстік жағында ингуш жігіті Қосайдың отары орналасқан. Тәжірибелі шопан қой басын өркендетуге үлкен үлес қосып жүргендердің бірі. Және де өзі атақты шопан болумен қатар, әнші, әрі домбырашы. Осындайда өнеріне, таңдай  қаға отырып, оны «ингуш» деуге де аузың бармайды. Тұрмыс-тіршілігі, сөзі бір қазақтан кем емес. «Осы өңірде пәлен ақын былай деп, өлең шығарған екен,» − деп бас-басына бетін сипап, «жарықтық» дей келіп, домбырасын қағып-қағып, шырқай жөнелгенде дән-риза боласың. Бұрынғы өткен ел-азаматтарын аузынан тастамай жүргеніне  іштей тебіренесің.

Сол Қосай Әзиевтің отарына барғанында, таң қалдырған тамашаға куә болды.

  • Менің таңданып жүрген жағдайым бар, соны көре кетіңізші. Сізді

тәжірибелі аңшы деп естимін. Мүмкін,  осының бір сырын айтарсыз, – деді Медетке. Сөйтті де қорадан едәуір ұзап барып, бір селдірлеу шоқ ағаштың түбіне келіп тоқтады.

Жаздың аптап күні болатын. Сондықтан селдірлеу болса да, қызыл  қайыңның көлеңкесіне, көк майса шөптің үстіне жайғасып, жан рақатын сезіне бастаған едік.

Қосай тұрып:

  • Ал енді, әнебір сәл дөңестеу жердің етегіндегі қалың ағаштың

маңын қараңыз. Сонда қалай таң қалмас екенсің, – деді. – Сіз дүрбі пайдаланыңыз, − деп қосып қойды. Бұл не қызық екен деп, маңайды асыға шолып, Қосайдың нұсқаған жағына қарадым.

Әуелде таңданатындай ештеңе байқай алмадым. Жайылып  жүрген  бұзау, қозы, бірер қойды ғана көрдім.

Жанымдағы шопыр жігіт:

– Қасқыр! − деді өзге сөзден тиылып, жан-жағынан мылтық іздегендей қарманып.

  • Тоқтай тұр! − деп Қосай оның қолынан ұстап, басу айтты. Әлі де зер

салып, қарай тұрыңдар.

«Малының жанында қасқыр жүргенде, жайбарақат отырған неткен жан,» − деп ойлады ішінен Медет.

Енді аңғарды. Қасқырлар малмен бірге жүр. Бөлтіріктері бұзаудың алдында арсалаңдап, ойнаған баладай, жерге аунап қояды.

  • Сен біздерді таңдандыру үшін, көрсетіп тұрған боларсың. Мынау

өзің асыраған овчарка ит сияқты. Аналар соның күшіктері шығар, − деді Қосайға шопыр.

  • Сендерді алдап қайтейін. Шыны сол, анау қасқырдың қаншығы.

Овчаркадан айырмашылығы сол, көріп тұрсың ба, құйрығы шұбалып жерде жатыр. Иттің құйрығы ондай болмайды, қайрылып жоғары қарап тұрады. Қасындағы қалың шайыр болып  өскен  талда, апаны бар. Осылардан әуелде қатты қорғанып, зәрем ұшып еді. Күндіз-түні маза көрмей, қой күзетумен болғанмын. Ол жаққа мал шығармауға  тырыстық. Бірақ оған бола ма, бірде болмаса  бірде, сол  жаққа мал кетіп қалып жүрді. Әйтеуір, аман-есен айдап келеміз. Қасқырды атып тастайын деп те аңдыдым. Күшіктерін алу да ойымда болды. Бірақ өшіктіріп алып, пәле болар деген ой келді, бір ғаламаты  өздеріңіз көріп отырғандай, үй жануарына еш зияны жоқ. Қайта пайдасы тиіп жатыр. Өмірлеріңізде осындай «тату дұшпанды» көргендеріңіз бар ма?

– Япыр-ай! Мынау бір қызық екен.

  • Рас, оларды түгел құртып жібере алмасақ, малыңды шығындап өшін

алады. Әзірше, бақылай тұр. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ, онша сене бермегейсің, − деді.

Күзге қарай Қосайдан хабар жетті. «Тез келсін, күнде шығын, шыдатпай бара жатыр. Мына ұялы қасқыр малымызды құртып бітетін түрі бар. Көздерін жоймасақ,  масқара болармыз,» − деп сәлем айтыпты.

Сонда ғана бөрінің «тату көрші» болғандағы арам пиғылын білдік. Аман-есен бөлтіріктерін есейтіп, аяқтандырып алу үшін мүләйімсіп, маңайына моп-момақан көрінеді екен. Сонда бұл қасқыр дегеніңіздің, дәстүр ұстануға келгенде шыдамдылық көрсетіп, зымияндығын артына сақтап, бірге жүрсе де, қиянатын кейінге ірке білгеніне таңдандық. Айласын асырған хайуанның жаны сірі екен. Бөлтіріктері қарақұлақтанған, «енді қауіп-қатер жоқ» дегендей, апандарының түбіндегі дайын малға ауыздандырып үйретуін қарашы, бұл хайуанның.

Бөлтіріктері жортуға жарағаннан кейін, суыр жатқан кезде, маңайындағы малға шабуыл жасай бастапты. Бөрі дегеніңіз, кейбір жылдары суыр жатпай-ақ, малға шаба беретін. Мысалы, тамыз, қыркүйек айларында-ақ малға шабуылдайды. Нақ сол жылы қыркүйектің басында қар жауып, қыс ерте басталған.

 

        

***

 

 

«Балықшы балықшыны алыстан таниды» деген орыс халқының мәтелі бар. Сондай-ақ, аңшы да аңшыға үйірсек келеді. Ерейментау ауданына келісімен, Медет Өндіріс деген аңшы жігітпен танысты. Оның бір қызығы, қыс демейді, жаз демейді, үш аяқты мотоциклмен жүріп, қасқыр аулайды. Жоғары жылдамдықпен келе жатады да, рульді жалғыз қолымен басқара салып, оң қолымен қасқырды атып сұлату оған түк емес. Сосын тағы бір әдеті қанжығасына байлаған олжасын, бірінші кездескен адамға сыйлайтұғын жомарттығы және бар.

Реті келіп, сол аңшы жігітпен дос болып кетті. Оған бірінші ұнағаны жігіттің ақ көңіл мінезі және адалдығы болатын. Қазақта мырза, жомарт деген сөз бар. Осының екеуі де Өндірістің бойынан табылады. Сырт көзге бай адам сияқты. Үйінде көз тоқтатар жиһазы болмаса да, көңлінің кеңдігі мен жанының жомарттығы байлардан асып түседі. Миллиондап ақша  жинағандар тап мұндай мәрт емес. Ашық қолына ақша тұрмайды. Ал Өндіріс оның  қайсысынан да биік тұр. Сол мінезі, сол пейілі үй ішіндегі өзге жандарға да тән. Ертедегі нағыз аңшы-мергендер осы Өндірістей болған шығар.

Өзін облыс көлеміндегі аңшы біткеннің бәрі біледі. Солардың  қайсысы  болса да, осы төңірекке келсе, оны жолбасшылыққа алып жүреді. Бір қызығы: өзін арнайы іздеп келген  аңшылармен бірге шықса, қанша олжа тапса да одан үлес алмайды. Оның бәрін келген қонақтың несібесі деп, алудан бас тартады. Ал сол «достары» Өндірісті қанша әурелегенмен, оған болмашы жақсылық жасап көрген емес.

Қансонарда аң аулаудың қызығымен, жұмалап үйіне оралмайды. Оның қайда, неғып жүргенін ешкім білмейді. Үй-іштері де, туыстары да  соған  үйреніп алған. Іздемейді.

Кейде Медет:

– Ау, сен өзің не қылған ақымақ адамсың, анау шиеттей он  бес баланың  үстінде бір аңның терісінен тігілген киім жоқ, немесе өз үстіңнен де ондайды көрмейміз. Табысыңды жұртқа үлестіретінің не? Одан да қасқыр терісін тапсырып, ақшасын балаларыңа жаратпайсың ба? − деді. Мұндайда оның  қайтарар бір-ақ сөзі бар.

  • Ұрында, − дейді. Онысы «ерунда» деген орысша сөз.

Бір күні жүргізуші Григориймен Медет екеуі үйіне келсе, Өндіріс жоқ. Әйелі Жәмиладан сұрады:

– Өндіріс қайда?

  • Кеткеніне бір жұма болды. Сол  жігіт сіздер тұрмақ, өзіме де керек

болып отыр, қайтейін, − деді жымиып.

Әйелі де аңшының өзіне тартқан, кең пейіл бір жан. «Үйде ештеме жоқ-ау. Өндіріс ештеме әкелмеді-ау,» − деп тарылмайды.

Медет тағы бірде досының үйіне келсе, Жәмила перзентханаға кетіпті. Өзі болса, қаладан келген бір досымен, аң аулауға тартып отырыпты. Өте қызық адам. Алыстан әдейі іздеп келген досының көңлін қимай, үйіне де, босанғалы отырған әйеліне де қарамаған. Оның осындай аңғал мінезі Медетті таң қалдырып, қызықтырады. Өзінің бөрі көрсе болды, есі шығып кетеді. Еріндері жыбырлап:

− Машинаңды тез айда, бас газға, − деп жер апшысын қуыра жүйткіген  «УАЗ»-дың есігін ашып, төбесіне шығып бара жатқанын көресің. Мұндайда оны иығынан басып, мықтап ұстап отырмасаң, ет қызуымен мертігіп қалуы да ғажап емес. Оқ тиіп жараланған қасқырды еш қаймықпастан, құлақ шекесінен шап беріп  ұстап алып, тұмсығынан жерге қайта-қайта нұқып-нұқып, соққылап алған соң, жаңағы «безгегінен» әп-сәтте айығып, ештеңе болмағандай, сабырлы қалпына көшеді.

Тағы мінезді даланың тарланына кез қылған тағдырына мың да бір тәубе.

 

 

Алтыншы тарау

 

 

Ерейментау ауданында алты жылдай қызмет атқарған  Медетті Атбасар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады.

Ерейментауда  ұшы қиыры жоқ тау мен тас, боз дала болса, Атбасарда теңіз толқынындай тербеліп, жайқалып жатқан егістік алқаптар. Жері солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатыр. Егістіктің арам шөптері де көп. Солтүстік жағында көбіне қара сұлы шығып, диқан қауымы оны құртудың амалын іздестірсе, оңтүстік жағына тамырын жая өсетін жауқияқ қаптап, оларды «КПЭ-3,8» культиваторы терең қопсытып, әрі жер қыртысын сүзгілей тарап, тамырларын зақымдаумен болды.

Бұл жақтың шаруашылық басшылары қандай жиналыс, пленум, сессия болмасын, басталатын уақытынан  кешігіп келуді ғадет қылып алған. Жиналыс соңынан тәртіп бұзғандарды алып қалып, жеке-жеке сөйлессең де, онша құлақ аса қоймады. Қонаққа да маңғазданып, дәрежесіне қарай кешігіп келетін сияқты. Шетінен кеудесіне нан пісіп жүргендер. Жаман ғадеттерін  қоймаған  соң, бірде жиналған жұрттың көздерінше, ендігі жолы ұйықтап қалмаңдар деп, қоңыраулы сағаттың құлағын бұрап тұрып берді. Содан былай жиналыс уақытында өтіп, бірінің уақытын бірі ұрламайтын болды.

Ауданға келген кезінде ғұмыр бойы сол ауданның  атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарып, көпті көрген, енді  құрметті демалысында жүрген әйгілі Л.И.Брежневтің «Тың» кітабының кейіпкері Рахым Қайсарин деген осы елдің  беделді ақсақалына барып, арнайы сәлем берді. Ақсақалдың дымы қалмай, қауқылдап қуанып қалды. Әлі терең біле қоймаған аудан шаруашылығының жөн-жосығын өзімен ақылдасқанына, көңлі өсіп қалған. Балаша масаттанып, ақыл-кеңесін аямады.

Соңында:

  • Осы сен байқашы, сонау жетпіс алтыншы жылдары жем-шөптері

жетіспей, осылардың қойлары көп қырылды деп естіп едім, кейін ештеңе болмағандай, үн-түнсіз, айқай-шусыз басылып қалды. Жаңадан келіп жатырсың, осы жағына мұқият көңіл бөлерсің, − деді.

Артынан ауданның атқару комитетінің төрағасы Пашковқа, аудандағы бүкіл қой басын санап, түгендеп шығуды тапсырды. Бірер жұмадан кейін, бір қауырт шаруамен отырғанда, қойдың бәрі түгел деп, құлаққағыс қылды да, оның айтқанына сеніп жүре берді.

Өзімен бірге мал дәрігерлік институт бітірген досы Мадиярды ауданға бас малдәрігері қызметіне ауыстырып алған-ды. «Сұлу қыз-келіншектерге тынышсыздаумын. Тал бойымда мінім сол-ақ,» − деп Балуан Шолақ айтқандай, ептеген серілігі болмаса, әуелден еңбекқор, білімді, көп шаруаның басы-қасында өзі жүріп іскерлік танытатын. Ауданның мал шаруашылығын бірден реттеп, малдың өнімін өсіріп, көптеген жұқпалы аурулардың таралуын біршама тежеді.  

Бірде кешкісін Мадияр Медеттің үйіне келіп:

  • Менің  аңғаруымша, «Сочинский» кеңшарында қой басы

жетіспейтін секілді. Қағаздарын, әртүрлі құжаттарын аударып-төңкеріп тексерсем, бәрі дұрыс. Мал басы орнында. Ал даладағы отарларын санасам, күдік туғызады.

Ай сайын ауыл шаруашылық басқармасы директорынан бастап, мал мамандары, бухгалтері есеп береді. Сонда қалай болғаны деп, таң-тамаша қалып, ойланып отырғанда, баяғы Қайсарин ақсақалдың ескертпе жасағаны  есіне түсті.

Пашковтың өтірік айтып, алдағанына  ренжіген Медет, бірден ауданның милиция бөлімінің бастығы полковник Қайролла Жакудинге «Сочинский» кеңшарының бүкіл малдарын бір мезгілде, бір күнде ешкімге сенбей, өз қызметкерлерімен санап шығуын мұқият тапсырды.

Мадияр мен Рахым ақсақалдың айтқандары келді. Шамамен төрт  отар қойдың басы жетпейді. Директоры – Дубовский мен бас бухгалтері, мал мамандары бірігіп, жылдап кеңшарда тұрмайтын, жоқ адамдардың атына әлгі жетіспейтін қойларды қағаз жүзінде бар қылып бекітіп, айлық, жылдық есептеріне кіргізіп отырған. Сол баяғы 1976 жылдары жалғыз «Сочинский» кеңшары ғана емес, басқа да «Южный», «Красный маяк», «Атбасар» кеңшарларында да қой басы қырылып, жыл сайын жаңа туған жас төлдермен бірте-бірте жауып үлгерген. Бұл тұс баяғы Ерейментауда жүргенде Медетті бюроға салып, Кручиннің: «Сенің шірік доктринаңды»  тыңдамағанымыз жақсы болды, мал басы өсті,» − деп ұрысатын жылына тұс келеді.

«Сочинский» кеңшарының төрағасы, бас бухгалтері, бас зоотехнигі өздерінің кінәларын мойындарына алып, жауапқа тартылды да, ал оларды төбеде отырып, осындай қылмысқа итермелеген аудан басшыларының кейбіреулерінің лауазымы жоғарылап, алшаңдай басып кете берді.

«Сочинский» кеңшарының төрағасы Дубовскийдің анда-санда жұмалап, арақ ішіп жатып алатын кездері болатын. Түбі істеп жүрген қылмысым бірде болмаса,  бірде ашылар деп күйінгендіктен ішетін болған-ау?! Оның осынау пасық қылығын ол қайдан білсін, тәуір адам болып көрінген соң, милиция арқылы ішіп жатқан жерінен таптыртып алып, адам болып кетер деген үмітпен қамқорлық жасап, емдетті де.

Ауданның бас мал дәрігері Мадияр Бейсенов пен Медет екеуі, мал шаруашылығының әр саласына керекті мал өсіру технологиясын ғылыми жүйеде Атбасар өңіріне арнап, мамандардың іс-тәжірибелерін пайдалана отырып, арнайы кітапша шығарды. Аудан кеңшарларының мамандары, малшылар қауымы бұл еңбекті негізге алып, күнделікті шаруашылықтарында іске асырды. Мал шаруашылығын ойдағыдай игеру үшін, кеңшарларда жоғарының зорлығымен істеп жатқан кормоцехтардың жұмысын тоқтату керек болды. Себебі құнарсыз сүрлемді малға жылыдай беріп, пайдасын көрудің орнына, әлгіндей кормоцех арқылы сабан-жеммен араластырып, қақаған қыста мұзға айналдырып береді. Оған мал оңала ма? Қайта малдың қоңы төмендеп, ет пен сүттің өзіндік құны шарықтап өседі. Жанталасып сабанды ұнтақтап, каустика содасын қосып, сабанды буға пісіреді. Оған бәрібір сабанның құрамындағы клетчатканың мұрты да қисаймайды.

Қайта сабанды аудара төңкеріп, ұнтақтап, қайнатып, сапырылыстырып жатқаннан, тек оның өзіндік құнының өскенінен басқа берері жоқ. Клетчатканы мал қорыта алмайды.

Табанды іс-әрекеттің арқасында ауданда ет-сүт жоспарын орындау басқа аудандармен салыстырғанда, онша қиын проблемаға айналмады. Бұл технология аудан экономикасына көптеп пайдасын тигізді. Мысалыға, шошқа мегежіндерінің әр қайсысы он торайдан тапса, оның да аман-сау өсіп, тез жетіліп, жыл өтпей жатып, бір тонна ет бергенде, елдің көбін  таңдандырды. Малдың өлім-жітімі күрт кеміді. Осы тәжірибені тарату үшін, аудан мен облыста семинар өткізді.

  • Сендердің мына шаруашылықтарыңда істеп жатқандарыңнан артық

тәжірибені «Краснояр» кеңшарының төрағасы Бурбах әлдеқашан істеген, − деп Шендрик пен Тимошенко сол жолы Медетті өздерінше кеміткен болды. Бурбахтың уақытында шошқа өсіру бойынша жіберіп жүрген кемшіліктерін, оларды дер кезінде жою үшін, не істеу керектігі жөнінде, он алты жыл бұрын өзінің кеңес бергені еске түсті. Қағазға хаттап жазып, әрі өзіне айып та салып, сөгіс те бергізіп кеткенін, олар қайдан білсін!? Тимошенко мен Шендрикке басқа да айтар дәйектері көп болса да, құр бет алды сөйлеп, сөзін қор қылғысы келмеген Медет қасақана ештеңе айтпады.

Келесі жылы Атбасар өңірінде егін бітік шықты. Облыс бойынша −   бірінші, республика бойынша − екінші орын алып, аудан үш жүз қырық мың тоннадай астықты үкіметке тапсырды. Осынша егіннің шыққанына қуана жүріп, бейнетті де көп көрді. Егін ору кезінде ауа-райы жауын-шашынды болып, итқорлықпен жинады. Ауданда жұрттың ауыздарынан тастамай, жер-көкке сыйғызбай мақтап, мадақтап жүрген «Шуйский» кеңшарының  бригадирі, Социалистік Еңбек Ері Михаил Довжик және  «Новосел» кеңшарының төрағасы И.М.Изотов тағы басқа азаматтар бірінші хатшыға келіп:

− Шаршадық, диқандар да титықтады. Қалған  егін ештеңе етпес, келесі жылы жазда орармыз. Қоялық. Бұл  өтінішімізді көпшіліктің атынан айтып тұрмыз, − деп мәлімдеді.

  • Не айтып тұрсыңдар? Қардың астында қалып, келесі жылы орылған

астықтан не құн, қандай сапа қалады? Шелектеп берсең де, мал семіретін құнары, қасиеті жоқ қордадан не пайда? 1969 жылы облыс бойынша қардың астында орылмай қалған бір миллион гектар астықтан құн-жұн болып не шықты? Ол айтқандарыңа көнбеймін. Сіздер шаршадық деп отырсыздар ғой, қарсылық  жоқ, керекті жолдамаларыңды алдырып берейін, курортқа  дем алуға барыңдар. Мен сіздерсіз-ақ, өздеріңнің  механизаторларыңмен сөйлесіп, көндіріп, солармен бірге қалған егінді мына ауа-райының қолайсыздығына  қарамастан орып, жинап алатынымызға ешқандай  күмән болмайды, − деді бірінші хатшы. Солай болды да.

Ауыр азаппен жүріп жатқан егін орағы кезінде, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» кері келіп, облыстағы егін орағын штабта басқарып отырған Шендрик бірінші хатшыға, құр беталды, өзінен-өзі ерегесіп, тізе бүктіргісі келді ме, сырттан көмекке келген  астық  таситын машиналарын, басқа да техникаларын жеткіліксіз бөлді. Егіннің бітік шыққанын, көлемінің үлкен екенін елемеді. Облыстағы бірінші хатшы Морозов та мұны біле отырып, бұл шаруаға араласпады. Медеттің ескертпе сөзіне де құлақ аспады. Ал Шендрик болса, штабта отырып алып, көзіне шел бітіп, айтқан аргументтеріне керең адамша, міз бақпады, бәтшағар. Бұл ісінің астарында атбасарлықтар егіндерін жинап ала алмай, бар өнімді шірітіп алсын деген мысық тілеу жатты.

Мол өнімді аман сақтап қалуға, қала халқын да жұмылдырды. Сонда облыс басшыларының көмек беруге жарамағаны, оның ішін удай ашытты. Бұл, олардың үкімет пен халыққа жандары ашымағандығы, немқұрайлылығы деп ішінен булықты.

Осындай қызу жұмыспен, жұмысшылармен бірге болып, өзіне қарауға да қолы тимей жүргенде, жоғарыда отырған облыс басшылары мойнына  мініп алғылары келді. Өйткені, басқа  аудандардың  бірінші хатшылары бес жылда бір рет комплексті түрде тыңдаса, бұның жұмысының бір жерінен болмаса, бір жерінен олқылық тауып, бас аяғы екі жылдың ішінде бақандай бес рет облыстық партия комитетінің бюросына салып, жігерін құм қылған еді.

Тіпті Шортанды аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Л.А.Головачтың шаруашылықты дөңгелентіп әкеткен жайы жоқ, сонда да болса, он жыл бойына түрлі мәселелермен, бюрода бір де бір рет қаралмады. Әсіресе, мардымды дамып кете қоймаған қой шаруашылығының маңайынан кемшілік іздеп, Медетті бюроға қайта-қайта сала берді. Осы қой шаруашылығындағы кемшіліктерді Медеттің өзі тауып еді. Оны бюроға  салып «бюролатқанда» ылғи күрделі, көбіне тың мәселелермен қуғындады. Ауыл шаруашылығының әр саласындағы еңбек өнімділігі жөнінде, мал өнімдерінің өзіндік құнын арзандату жайы, толық шаруашылық есебін жүргізудің негізі, мамандандырылған шаруашылықтарды жүргізу тәсілі, негізгі қаржының берері туралы тағы басқа сол сияқты күрделі де қиын проблемалық өзекті мәселелер төңірегінде жауап алып, «отқа» салғысы келген. Оны тыңдағанда, ой алмасып отырса ғой, жоқ, бірінші хатшының көзіне көрініп қалу үшін, бәрі білімпаз, шетінен көріпкел, экономист болып, цифрларды шұбыртып, керекті-керексізіне қарамай, жарыса сөйлеп, басыңа жуынды құйғандай етіп, әңкі-тәңкіңді шығарады. Жүйесімен білімге сүйеніп, технологиялық мән-жайға тоқталып, одан шығар экономикалық түйін, әр жерге, әр нәрсеге болжам жасау жоқ. Көбінесе, «біреу қыз алып қашса, біреу босқа қашпадының» керін келтіріп, шаңдатып кетеді. Бар тапқандары тек қана жекіру, үркіту, қалпағыңды теріс кигізіп жіберуге тырысқандарына мәз.

Олардан артық біліп тұрсаң да, мұндайда қызыл кеңірдек болып, аузыңа валидол салып, таяқ жегенше, іштей «оттапсың» деп, сырттай білмегенсіп тұрғаның, көп артық. Арасында «бәленшекең дұрыс айтады,» − деп қойсаң болды, бетіне қан жүгіріп, кейбіреулерінің  қалпағы дағарадай болып, жан-жағына одырая қарап, «көрдіңдер ме, мені» дегендей қуанып қалады. Әйтпесе, басып-жаншуға үйренген «батырлар» буынсыз жерге пышақ салып жіберуден тайынбайтын жалаңдаған қасапшы дерсің. Салиқалы ой алмасу дегеніңіз, бұларда болмайды. Шетінен коммунизмнің шыңына шығып, айналасын біліп, көріп, шолып тұрған білгірлер. «Биіктеп кетсең − құлау бар, қуанып кетсең − жылау бар» екенін қаперіне алар жайлары жоқ. Өңкей бірбеткейлер, оқтау жұтқандар. Түптеп келгенде, «жазасын тартпайтын жамандық жоқтығын» мына отырыстарына қарағанда сезінер емес.

Содан аудандық атқару комитетінің төрағасы Г.Ф.Раковқа бетімен кете берген соң, әрі жұрт демалатын бақтың ішіне, рұқсатсыз өзіне арнап үй салып, орынсыз өтірік-өсекке себепші болғаны үшін, жайлап ұрысқан  еді. Медеттің бар ойы, пәле-жаладан оны аман сақтап қалу. Өзі ұрыншақ, есерсоқтау болып, әр жерде таяқ жеп жүрген оны Краснознамен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, әрі оның жылда бірге курортқа баратын досы Браун:

  • Сен ана  сорыңды ұрайын  Раковты, өзіңе  алып тәрбиелеші.

Әйтпесе, басын жұтады, − деп өлердегі сөзін айтқан соң, осы қызметке алғызған еді. Алдында Ерейментаудың ПМК-сының бастығы Никитинді таяқтап  кетіп, істі болған жерінен құтқарып жіберген болатын. Ондағы өзіміздің ағайындардың өтірік болса да, «ағатайлап» жүретіні ұнайтын. Енді «жауды аяған жаралы» болып, рахметінің орнына, ит неме, өзіне ауыз салғысы келетіндей. Қит етсе, жоғарғы  жақта отырғандарға  арқа сүйеп, телефон шалып, оны жамандаумен, байбалам салумен болды. «Маған Медет Қонайұлы күн көрсетер емес, жұмыс істетпейді, − Шендрикке бірде айтқан екен, оған керегі де сол, жалма-жан Морозовқа түрлендіре жеткізген сыңайлы, оны жабық бюроға салуға шешім қабылдап, ауданға комиссия жіберткізген. Жеті-сегіз адам келіп, он күндей жатып, ауданды ақтара-төңкере тіміскілемеген жерлері жоқ.

Тексерушілердің құрамындағы облыстық парткомиссия мүшесі Быковский аудандағы  тұтынушылар  одағының қойма қызметкеріне барып:

  • Бірінші хатшының әйелі қойма аралап келе ме? Келсе, нендей заттар

алады? – деген тексеріске дейін барған.

Он жылдан аса, ауданда бірінші хатшы болып жүргенде, басқа хатшылар жабық бюрода бір де бір қаралмаған болса, ол бақандай үш рет тәртіптік кеңеске салынды. Жабық бюрода талқылау деген сөз біле-білгенге халық алдында, партия алдында күнәһар деген сөзбен пара-пар. Морозовтың бөлмесіне бюро мүшелері кіріп бара жатқанда, обалы нешік, іс жүргізуші Мағауия Сейілқызы оған:

  • Сен қаймықпай, ойлы сөйле, − деп қалды.

Бірақ та бұл жолы да ешқандай кінә таға алмай, өздері абыржып қала

берді.

  • Қонайұлы Медетті не үшін тыңдап отырмыз? – деп өз басын

арашалағандай, бюро мүшелеріне одырая қараған сиық білдірді.

Медет:

− Осы отырған бюро мүшелерінің қарарын алып, актив өткізуім керек. Аудан басшылары елеңдеумен отыр, − деді.

− Ешқандай қаулы қабылдамаймыз, − деді Морозов.

  • Бүгінгі келеңсіз отырыстарыңызды ұйымдастырған Шендриктің ісі.
  • Осы кісі көп  дүниені бықсытып, білгішсініп өсек те айтады.

Осыным жала сөз десе, өзі міне, отыр ғой, айтсын.

Шендрик басын көтере алмай салбырап, аузына құм құйылып, отырып қалды. Раковтың жалаң өсек-аяң сөзіне еріп, соның салтақ кір қолымен Медетті мықтап сүріндірем деп жүріп, оңбай, абыройсыз ұятқа қалып, өзінің пасықтығын аңғартып, Шендрик бюро мүшелерінің алдында оңбай ұтылды.

Бюродан шыққанда, қабылдау бөлмесіндегі хатшы Нина Мананкова біреумен сөйлесіп жатыр екен. Әңгімелері өзі жайында ма? − деп  ойлағанынша болмай:

− Міне, өзі де шықты. Иә... Иә... Көңілі көтеріңкі сияқты, − деді бұған  жылмия қарап.

Өзі жайында сұрап жатқан бұ кім болды екен? Қорғалжын ауданының бірінші хатшысы Әділхан-ау, әсті. Өзі қашан да осылармен ауыз жаласып, әмпей-жәмпей жүргенін көретін. Әрине, есепсіз сүйіспейтіні белгілі, бірақ орыс көрсе, бас салып сүйіскісі келетін қылығын көргенде, бұл жиіркенетін.

Сол Әділхан бірде өзі бюродан таяқ жеп, жаны мұрнының ұшына  келгенде бар айтқаны:

  • Әй, інім-ай! Кейде сенің осыларға бой бермей жүрген қылықтарың

дұрыс па деп қаламын, − дегеннен әрі аса алмай, шылымын үсті-үстіне будақтата тартып, аяғын шалыс басып кете берген-ді.

Бюродан шығып, Раков пен Медет келе жатыр. Онда үн жоқ. Шықшыт еттері білеуленіп кеткен. Аузын  ашып, кешірім  сұрауға шама жоқ. Тексіздігі білініп, қарысып қалған. Тек оқта-текте тісі шықырлайды.

Бір кезде Медет:

  • Геннадий Филиппович, сенің мен туралы әр жерде адам секілді

жөнді сөз айтпай, қыңырайып жүргенің жағады. Қайда жүрсең де, осы қылығыңнан жаңылма. Себебі орыс-қазағы болсын, сенің де, менің де кім екенімізді ел жақсы біледі. Сол себепті ескерте айтатыным, сен өзіңді-өзің піштіріп, әтек болып қалатыныңды ұмытпағайсың, − деді.

Медеттің жабық бюрода қаралғаны, алдындағы комиссияның тексерістері оған салмақ салмай қойған жоқ. Қанша дегенмен, кеудесінде жаны бар адам ғой, ішін жегідей жеп жүрген күйік ақыры ұлтабарының жарасын ашып, ауруханаға түсті.

Енді бірде облыста болған  бір жиналыстан кейін бәрін алып қалып:

  • Әр ауданның бірінші хатшылары бүкіл аудан мекемелерінің штатын

бас-басына қарап шығыңдар да, пайдасы жоқ қызмет орындарын қысқартыңдар. Тимошенкоға қорытынды жасау үшін, осы атқарылған істерің жөнінде мәлімдеме беріңдер, − деді.

Ауданға келген бойда Медеттің өзі бас болып, штат қысқарту жөнінде  аудан бойынша тізімдерді заңға сәйкес қарап шығып, отыз шақты адамды қысқартты.

Басқа аудандардың көбі бұл мәселеге жөнді көңіл бөлмей, үстірт  кеткен. Осы мәселені дұрыс қорытып, кімнің дұрыс шешкенін айтудың орнына Тимошенко: «Атбасар ауданы басқалармен салыстырғанда штатты тым  көбейтіп, өсіріп жіберген,» − деп баяғы үйреншікті  жарапазанына қайта басты.

− Бұл мәселеге жеңіл-желпі қараған басқаларға ештеңе айтпай, аудандағы бүкіл мекеменің штаттарын өзім қарағаныма неге кінәлі болуым керек,  жолдас Тимошенко! – деді Медет кейіп.

Ол болса:

  • Сен менің қимылымды байқап, аңдып жүреді екенсің,  − деді бар

болғаны.

Тағы бірде Тимошенкомен ауданның шаруашылықтарын аралап  келе  жатты.

Сонда оның:

− Сен істі болып  жүрген арақ-шарап зауытының директоры Манаевпен жақсы қарым-қатынаста болған көрінесің. Оның досы көрінесің, − деп өктем сөйледі.

  • Ағам Н.Т.Қасанғалиев пен жолдасымның інісі Пактың айтуларына

қарағанда, озық ойлы, адал, парасатты, іскер азамат деген соң, Морозовқа барып  айтқаным рас. Онда тұрған не бар?! − деді Медет ойына дәнеңе алмаған қалпы.

Медет елдің жанашыр азаматы бола жүріп, кейде алқымына тығылған өлең жолдарын жазып қоятын әдет тапқан.

 

«Аяңыздар, қараңыздар түрімді,

Әжім басты, күн қақтады жүзімді.

Тілі үшін дүниені тәрк еткен,

Аясаңшы, азап шеккен ұлыңды.

 

 

Маңайымда бейнетімді білмейді,

Жан жадырап, қос жанарым күлмейді.

Жер бетінде ешбір пенде өртеніп,

Ана тілін мен сияқты сүймейді.

 

Бөтен ұлтқа өз тілімді үйреттім,

Қазақшаны білмегенді түйреппін.

Тасбақаша тырбаңдаған құмдақта,

Қоғам жүгін өрге қарай сүйреппін.»

 

Ол әр кез жоғарыда отырғандардың іс-әрекеттеріне көңлі толмай, іштей толғанып жүрді.

 

 

***

 

 

Бірінші хатшының хатшысы Есмағанбетова апай Медетке:

  • Осылардың бәрінің қыр соңыңнан қалмай жүргендегі мақсаты,

қайтсе де сені облыс басшыларының қатарына өсіртпеу, облыс орталығына жолатпау, − деді.

Коротенко, Щендрик, Тимошенконың көзінше:

  • Медет, сен Атбасарға қызметке ауыстың. Қайырлы болсын! Енді

тікелей жоғарылай беретін финишқа шықтың,» − дегені аналардың маңдайына шоқпармен соққандай әсер етті.

Сонда облыс басқарып жүрген «батырлар» мұрындарынан шаншылғандай болып танаулатса да, елдің, халықтың қамы үшін емес, өздерінің қарақан басының мүдделерін ойлап, орталарына қазақ өкілдерінен тек қана иі жұмсақ бас пайдаларынан аса алмайтындарды ғана іріктеп алған Шендриктің Медеттен кемшілік таба алмағанына шамданып, бүкіл бірінші хатшылардың көзінше:

− Сен неге ылғи да шүберек қалпақ киіп жүресің? – деп сұрады.

  • Ау, сонда сен киген қалпақты мен кимеуім керек пе? – деп Медет

оған қарсы қайта сауал қоюға мәжбүр болды.

 

 

***

 

 

Желтоқсан айы. Медет демалыстан келсе, мамандандырылған К.Маркс атындағы кеңшардың шошқалары қырылып, пышаққа ілініп  жатыр. Ауру дендеп кеткен. Мәскеуден, Алматыдан оқымыстылар келіп: «Бұл ауру некробациллездің ең асқынған ауыр патогендік түрі. Одақ бойынша талай шошқа комплекстері осы аурудан зардап шеккен. Бұл аурудың бір-ақ емі бар. Ол шошқаларды түгелдей ет комбинатына тапсырып, бір-екі ай қораларды бос ұстап, дезинфекция жасап барып, қайтадан  шошқа сатып  әкелу керек» деген қорытынды жасаған.

Расында да, ауру шошқаларға қарасаң, бас айналады. Денесінің еттері шіріп түсіп, сүйектері көрініп жүр. Кейбіреулерінің шеміршек кеңірдектері сойдиып ағараңдайды. Жиырма мың шошқаның бәрін етке тапсырса, екі-үш жыл кеңшардың, қала берді ауданның экономикасы тұраламақ. Әрі шошқа өсірушілер жұмыссыз қалады. Енді не істеулері керек? Кеңшар тек шошқа өсіруге мамандандырылған. Ауданның елу процент шошқасы осында. Келешектегі жағдайы қалай болмақ? Медет оңтайлы шешімін қалай табуға болады деп, бір күні арнайы барып, шошқа комплексіндегі бүкіл қораларды аралап шықты. Байқаса, едендерінің, клеткаларының, астауларының әр жерінде сойдиып шығып тұрған ұшы қайырылмаған шегелер көрінді. Оған шошқалар  сүйкенсе, тамаққа таласса, сол жарақат орны сызат алып, кейін әлгіндей ісікке, − абсцеске, флегмонияға айналып, шіріген дене тез арада жарылып, орны үңірейіп шыға келеді. Расында да, оқымыстылардың айтқанындай, микробтар тиген жерін опырып, малды шетінен шірітуде.

Ертеңіне кеңшар директоры Швецке келді.

  • Малды аман сақтап қалудың ең соңғы мүмкіндігі мынау: Әрбір

шошқа өсірушілердің қолдарына бір-бір балға беріп, еденнің, клеткалардың, астаулардың шығып тұрған шегелерін тақтайларға бойлата қағу.

Патматериал алып, бұл бацилла қандай антибиотикке осал екенін тездетіп, лаборатория арқылы анықтау қажет.

Ауданнан, облыстан бес-алты «ДУК»-дезинфекция жасайтын арнайы машина алғызу керек.

Бәрі ойдағыдай болса, жаз шыға, бүкіл шошқаларды далаға жайлауға шығару керек. Осының бәрін өзің қадағалап жүр, − деді Медет.

Директор Николай Трофимович:

  • Сіз, шошқалар аман қалады деп ойлайсыз ба? – деді оған.
  • Менің ойымша, бірдеме шығуға тиіс. Байқайық, бәрін етке тапсыру

ешқайда қашпас, − деді.

  • Онда сіздің жақсылығыңызды мен ғұмыр бойы ұмытпаспын, − деп

Швец іске кірісті. Он шақты күн өтпей жатып, жағдайлары түзеле бастады. Уақыт өте келе, шошқалардың денесіндегі жара күрт азайды да, ай өтпей жатып, қатерлі ауру басылды.

Сонымен мамандардың атқарған қыруар еңбектері ақталып, жиырма мың шошқаның басын аман алып қалды.

Мәскеуден келген оқымыстылар үстіртін қарап, одақ бойынша қаншама шошқа комплекстерін жойғаны белгісіз. Әрине, олардың несі кетіп барады? Келді, кетті.

 

 

***

 

 

Бүгін күн жаймашуақ. Масаның әлі жан шақырып, мазалар шаққа жетпеген кезі. Сондықтан да алаңсыз, сырт киімдерін шешіп, кеудеден жалаңаштанып алған.

Құс атаулы түгел осы жерде. Көлдің басы азан-қазан, неше түрлі рахат рауанын кешкен қуанышты дауыстар. Көкте құстар қалықтап, шықылықтайды бір. Шиқ-шиқ-шиқ... Қарқ-қарқ-қарқ... Саңқ-саңқ-саңқ... Дала симфониясы. Құйқылжыған құстар даусы құлаққа сондай жағымды. Тәтті әуенді тыңдап, көк майсаның үстін шалқалай, күнде жатсаң да шәниіп.

Осынау көлдің бүгінгі көрінісі ұлан-асыр шаттықтың сырын шертіп, шалқып жатқан тәрізді. Көл жиегіндегі қамыстарда  біресе  топ қыздың шолпысы сылдыр қаққандай, біресе жігіт сезімін қытықтап, сол топ қыз сылқ-сылқ күлгендей, біресе самал желмен ырғалып билегендей, немесе  саған қарай көздерін төңкере тастағандай болады. Бұл көріністерді көзіңмен көріп тұрып, жан дүниең түлемесіне қоймайды.

Осы әсермен тұрғанда, көкей көздің алдынан  Жаркөлдің тағы бір есте қалған суреті жарқ етті. Ол қыстағы оқиға болатын. Қасқыр қуып келе жатып, аппақ далада ақтүтек дауыл ұйтқыды. Жаркөлдегі қардың асты мұз құрсанып, үсті ақжалданып сырғыған ақ ирек көшкін еді. Сонда ғой, осы арада тіршілік салтанат құрар деген ой болмаған.

Ал енді қарап көр!

Құдай-ау, бұл не деген құбылмалы дүние! Қалай күрт өзгере қалады? Адамның өмірге деген тойымсыздығы да осындай ғаламат құбылысынан болар. Табиғат − мейірімді ана. Адамды таңдандырмай қоймайтын, бейкүнә балаға ұқсайды.

Жағаға бір мезгіл дамылдап, көлдің жиегіндегі салындыға телміре қарап қалған шақта, бір қызық көрініс кезікті. Қамыстың ішке қарай сұғынған тұсында, қасқалдақтың ұябасары ма, салындының үстіне  ұя салу қамымен, өзімен-өзі түртінектеніп, тынбай қимылдайды. Қамыстың шашақ басы ма, қоғаның ұлпасы ма, әйтеуір, әлденені таңдағыштап, тапқанын ұясына рет-ретімен қалап жатқан тәрізді. Оның қимылынан қарбалас шаруаның қамын сезгендейсің.

Аналықтың алаңсыз жұмыс істеуі үшін, өз мекен-жайын, отанын күзеткендей еркек қасқалдақ тұр. Шекара күзетіндегі солдаттай, салдың шетінде жан-жағына қарап қояды. Осынау қасқайып тұрған қалпын адамға теңесек, өз ошағының басын қорғап тұрған бір мақтаныш сезім бардай, немесе қосағы  үшін марқаятын сияқты.

Оның «қырағы күзеті» тегін емес екен. Жаңа «семьяның» тіршілік қаракетін қалтқысыз бағып отырған  «сұғанақ» көршісі бар болып шықты. Қамыстың арасымен, мойнын төмен салып жіберіп, ақырын білдірмей, жүзіп келе жатқан еркек қасқалдақ таяп кеп қалды. Оның бағыты әлгі ұя  салып, сипаңдап жүрген ұябасар. Күзетші байқап қалды. Ол өзінің бақталас көршісіне айбат шеге барқылдап, сал қамысты таяғымен тарс-тарс соға бастады. Оның  сартылдата соққан дыбысы құлаққа анық естілді.

Ұябасардың көршісі қанша жылпос болса да, кәдуілгідей тайсалып, жасқана кейін шегінді. Тағы бір қаскөй көрші басқа жағынан келіп қалмас па екен дегендей, қоқиланып, жан-жағына қарай бастап еді, көршісі қайтадан ілгері жылжыды. Ендігі айбат шегу бұрынғыдан бетер қайталанды. Бұл жолғысы боксерлердің қарсыласына шабуыл жасар алдындағы басын қылтыңдатар әдіс сынды. Өйткені еркек қасқалдақ та мойнын иіп, басын оңға-солға қылтыңдатып, айбат шекті. Қарсыласы тағы шегінуге мәжбүр болды.

Ниеті бұзылған тіршілік иесі не жеңбей  қоймайды, не жеңіліп кейін қайтпайды. Өлерменденіп алған. Жасқанып, кейін шегінгенмен, көрші ұябасарды айналдыру райынан қайтатын емес, иесі табанымен салды қанша сабалап тарсылдатса да, күдер үзіп кетіп қалмай, айналсоқтай берді.

Құстардың табиғатында да үлкен заңдылық бар. Олардың тоқсан екі пайызы мәңгіге бір-ақ жұптасады. Ал жұптасудың алдында, еркектері күш сынасады. Ұя салу қамы басталысымен, әр қосақ өзді-өзі ұрпақ өргізу қамына кірісіп, өзгені мүлдем ұмытады.

Әлгі қашып құтылған «сері» қасқалдақ, не жұбайын таба алмай қалған, немесе серігін бір мерген атып алған, әйтеуір, жалғыз қалған болуы ықтимал. Болмаса, табиғи заңдылықты бұзбаса керек еді. Десек те, қазақта «ұябұзар» деген сөз бар. Осы сөздің төркініне үңілелікші. Құстар арасындағы жаңағыдай әумесерлерін адамдар байқап барып, осы сөзді шығарды ма? Сондықтан да, анау сері қасқалдақ  айқасқа түспей, одан гөрі  қашқанды жөн көрген болуы мүмкін.

Адамның табиғаттан аңғарары көп. Соған  көздері жеткен сияқты. Әсіресе, совхоз директоры Аманжол мәз. Ол анау салды табанымен сартылдата ұрып, ұясын шыр-пыр қорғаған қасқалдақты қайталап, алақанымен жерді ұрып-ұрып қояды да, ішегі қата күледі.

− Мынау мықтың,  ұябасарына тірі  жанды жолататын емес қой.

− Сақ болмасаң, көрші қасқалдақ сияқтылар сенің де семьяңды бұзуы ықтимал-ау, − деді сүйсінген Анатолий Пашков.

Кейін Медет облыс орталығындағы үлкен бір жиында Анатолиймен кездесті. Жиналыста бір ыңғайласып отыра  қалған. Медеттің жанында тәп-тәуір қызмет атқарып жүрген көрші ауданның бір әйелі қатар жайғаса  қалды. Көршілес аудан болған соң, бәрі таныс. Екеуі хал-жағдайларын сұрасып, шүйіркелесе қалған еді. Кенет біреу орындықты сартылдата ұра бастады. Медет жалт қарап еді, Анатолий алақанымен тура Жаркөлдегі қасқалдаққа ұқсап, орындықты шапалақтап отыр. Медетке айбат шеге,  сұқ саусағын безеді. Екеуі де күлді. Содан бері, әйел затымен сөйлескен біреуін аңғарса, алақанымен орындықты ұра бастау әдетке айналған. Оған өздері де мәз болады.

 

 

***

 

                                                                                                                                                       Осындай отырыста Пашков Қонайұлының құлағына сыбырлап:

 − Ожидайте скоро в районе взорвется «бомбочка» − деді. Жұмбақтамай айтуын өтініп еді: «Естірсіз,» − деп  жалтарып сөзін басқаға аудара берді.

Бір күні ЦК КПСС-тың адамдары  ауданға сау ете қалды. Өздері орналасып, жайғасқан соң, жұмысты сылтауратып, бөлек-бөлек кабинеттер таңдап алды. Шешіліп ештеңе айтпайды. Тек қағаздарына үңіліп, аудандағы өздеріне керекті деген азаматтарды бірінен соң бірін шақыртып, әр нәрсені сұрап, сөз тартады. Іштерінде облыстық газеттің арнаулы тілшісі Кулев белсенділік көрсетіп жүр. Ақыры, анық-қанығы анықталып, олар осы ауданда ұзақ жылдар қызмет атқарып кеткен, Шайдаровтың үстінен түскен арыз-шағымды тексеруге келген адамдар болып шықты.

 Пашковтың «бомбочка» дегені осыған саяды. Шайдаровпен бірге осыншама көп жылдар қызметтес болған А.И.Пашковтың өзі жоғарылап, басқа жұмысқа ауысайын деп жүрген соң, бұл жерден тазарып, пәленің  бәрін біреуге жапқысы келген айласы шығар деп ойлады.

 Шын мәнінде солай болды.

 

Жетінші тарау

 

 

Жаңа жылдың басында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Морозов ойламаған жерде, Қонайұлын бірден облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне шақырды. 

Кабинетіне кірген бетте мыңғырлап сөйлеп, оған көңілсіз отырып айтқаны:

− Сені бақалшағыңа дейін, дымыңды қалдырмай тексерістен өткізіп, ешқандай, айтарлықтай жаман қылығыңды таба алмадық, − деп сәл мүдірді. − Я знал, что ты спиртными не балуешься, оказывается ты, к сожалению, и в карты не играешь, − деп не айтар екен дегендей Медеттен көзін алмай, тесіле қарады.

  • Енді осы қызметке бұлғақтауыңды қой, барасың. Басқаша айтар

сөзім жоқ, − деп таусыла кесіп айтты да, үлкен лауазымды адамдардың сөйлейтін «ВЧ» телефонын алып, нөмір тере бастады.

Амандық-саулықтан кейін, ар жағындағы кісіге:

  • Димаш Ахметулы, менің алдымда әнеугүні сіз сұраған Медет

Конайулы отыр. Өзіңіз сөйлесесіз бе? – деді.

Шамалы жауаптасқаннан кейін, Морозов тұтқаны Медетке ұстата қойды.

Димаш Ахметұлы есендік-саулықтан кейін:

  • Бұл үлкен жауапты қызметке сырттан сендерге ешкімді апармайтын

болып отырмыз. Өзіңнен басқа, осы қызметке ыңғайлы адам жоқ. Он екі жылдай екі ауданда бірінші хатшылық қызмет атқарып, шаруашылық жайын тәуір меңгердің. Халықпен тіл табысып, жұмыс істеуді білесің. Менің саған бір айтар тілегім, мына жаңа орныңда әрі қарай да табысты еңбек болсын! Сен, Медет, бізге келмей-ақ қой. Осындағылардың бәрі сені білетін көрінеді, сырттай қанық. Олай дейтінім, бір ауыздан ЦК-ның бюросында сенің кандидатураңды қолдады. Сен енді тіке Мәскеуге ұш, − деп аузын аштырмай, бәрін өзі кесіп-пішіп, одан ештеңе сұрамай, сауал да қоймай, сәтті сапар тіледі.

Димекеңмен телефон арқылы жаймашуақ сөйлесіп жатқанда, Морозов бір бүйірден:

  • Сен оған сенім білдіргеніне ризашылығыңды білдіріп, рахметіңді

айт, − деп құлағына сыбырлады.

Мәскеуге келісімен, ЦК КПСС-тың Қазақстан бойынша сектор бөлімінің меңгерушісі Н.Ф.Мищенконың кабинетіне кіріп, жөнін айтты. Өзі талдырмаш келген, нәзік денелі, селдір шашты, шегір көзімен кісіге едірейе қарап, мұрнының астымен сөйлейтін адам екен. Медетке тамсанып, әрлі-берлі көз сала, сынай қарап отырды да, атүсті ауыл өмірі, аудан шаруашылығы жайынан бірер сауалдар қойды. Тыңдар-тыңдамастан бөлмеден шығып кетті.

Оның шығып-кіріп жүргеніне қарайлаумен, арада екі-үш күн өтті. Зерікпесін дегені болар, ара-арасында бірдеңелерді сұраған болып, сауал қойып, көңілін сергітеді. Отыра қалып, ойланғандай бір нәрсені түрткен болады. Жалма-жан телефонның құлағын көтеріп, біреулермен шалқайып, шірене сөйлеседі. Өзін емін-еркін ұстап, оған көз әйнегінің үстінен бір қарап қойып, телефонның ар жағындағы адамнан әр нәрсені бір сұрап қояды. Бір сөзбен айтқанда, осы өңірде өзі би, өзі қожа. Үшінші күн дегенде, ЦК КПСС-тың ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары Могильниченкоға ертіп барды.  

Салған жерден:

  • Ну, давай, мы тебе хорошенько поиспытываем, − деп Медетті қарсы

отырғызып қойып, исі жұпар сигаретін бұрқ-бұрқ тартып, үсті-үстіне сұрақ жаудыртты. Арасында «так, так» деп ыңылдап, сұрайтын сұрақтарының көбін цифр келтіре отырып сөйлейтін, ауыл шаруашылығының экономикасы жөнінде болған соң, қағаздарына әлгі айтқан  цифрларды жазып қояды. Оны өзінше құйтырқыландырып, сынақтан өткізіп, оп-оңай пікір туғызғысы келіп отырғанын сезді де, ақымақты тапқан екенсің деп, ауданның  көрсеткішін облыспен салыстырып, жетістіктерін баса айтты. Сәлден соң, ол шылымын бұрқыратқан күйі бұған қарап, берген жауабына ырза болғандай жымиды.

Бұл кісіден шыққан соң, бұрын облыста қызмет атқарған, енді ЦК КПСС-тың бүкіл шаруашылығын басқаратын Кручинге арнайы кіріп сәлем берді. Ол орнынан ұшып тұрып, құшақтап қарсы алды. Кабинетінде шай ішіп, ол кісі ел жағдайын  сұрастырып  отырғанда, әлдекім оған телефон соқты.

Кручин жерлесіне жымия қарап қойып:

  • Саған айтқан жоқпын ба, ол  шаруашылықты  тәуір білетін  адам

деп. Енді оны қыспаққа алып, сынамасаңдар да болады ғой, − деді көтеріңкі дауыспен.

Сөйтсе, мына  тоталитарлық  орталық қазақтарды өздерінен кем, төмен санап, шовинизмнің буынан әлі арыла алмаған тұс екен. Атақ-даңқы дағарадай, бұл мекеменің ішіндегілер өркөкіректікке салынып, өздерінің артта қалып, надандыққа ұрынып бара жатқандарын да сезбеген.

Ал енді оның тағы бір байқағаны, осындай қызметке бекітілуге  түкпір-түкпірден келіп-кетіп жатқан өз ұлтының азаматтарына керісінше, оған көрсетілген әлгіндей сенімсіздік қылықтарын байқамады. Олармен өздері жайдары, тең дәрежелі, адам қатарлы сөйлесіп, өзара әзіл, сықақ айтысып, қарқылдай күлісіп дегендей, тез арада шаруасын бітіріп, бекітіліп, елдеріне қайтып жатты.

ЦК КПСС-тың бас хатшысы К.У.Черненконың не қабылдауында бола алмай, не қарсы емеспін деген қағазға қолын қойғыздыра алмай, тағы екі-үш күндей құр сандалумен жүрді. Ақыры күтіп жата бергеннен ештеңе өнбей, елге оралды. Бір жұма өткеннен кейін, ол құжатына қол қойыпты.

Черненконың өзі ғұмырында басшы болып, шаруашылық басқарып көрмеген, әркімнің қолтығына кіріп, қағаз тасумен жүрген адам. «Биік мансап − биік жартас» деген Абай атамыз. «Биіктің басына екпіндеп ұшып қыран да шығады, өрмелеп жылан да шығады», − дегенге саяды.

Сонымен Целиноград атқару комитетінің төрағасы қызметіне бір ауыздан сайланып, жұмысына кірісіп кетті.

 

 

***

 

 

Көшіп келер алдында, өзінің бөлім меңгерушісіне алдын-ала бір тәуір гарнитур ізде деп, айтып қойған болатын. Қайдан тапқаны белгісіз, бөлім меңгерушісі гарнитурды үйіп-төгіп кіргізіп жатыр. Қымбат дүниенің құнын  білгісі келіп сұраған еді:

  • Ештеңе тұрмайды, − деп жауап берді.

Дереу жұмыс орнына келіп, бас бухгалтер Коваленкодан:

  • Бұларың не? – деп сұрағанда ол:
  • Ештеңе  етпес, бәрі де солай істеген, − деді.

Мына қылықтарына қарадан қарап  күйініп, ендігі жерде  бірдеңе  істе

деп, тапсырма бермейтін болды. Облыстық атқару комитетінің бүкіл финанс бөлімін  басқаратын адам Шендрик пен Кручиннің облыстан кеткеніне сегіз жыл өтсе де, түкке тұрмайтын спорт формасы мен шағын радио қабылдағышты мойнына жазып қойғандары есіне түсті. Осында жүргенде өздерінің араларынан қыл өтпейтін тату еді ғой. Әлде  мойнында жүре тұрсын, түбі бір кәдеге жарап қалар  деген арам пиғылмен жасады ма?

Облыстық  атқару комитетінің қызметін жалпы басқарумен қатар,

жоспарлау, финанс, сот, милиция сықылды органдарды Шендриктің қарауынан, өзінің жетекшілігіне алды. Ендігі жерде өзінсіз бірде-бір мәселе шешпейтін болды. Шендрик баяғы үйреншікті билеп-төстеуіне салынып көріп еді, жазбаша түрде: «Бастығың тірі тұрғанда, бұл жөнсіздігіңе жол берілмейді,» − деп ескертпе жасағасын барып, ондай пысықайлығынан арылған. Сырттан келген қонақтарды қарсы алу үшін, Министрлер Советінің есепсіз беретін жылдағы он мың сомы бет алды жұмсалмайтын болды.

Облыстық атқару комитетінің төрағалық қызметін атқарып кеткен азаматтарды сыйламай, өзінше  жантая жатып, жөн айтатын Шендриктің дандайсыған мінезін әдейі басу үшін, бірде сол атқару комитетінің  мәжіліс алқасына салды. Қызметін атқарып жүріп, жіберген келеңсіз қылықтарын  бетіне басып, сын тезіне салып, екі сағаттай мінбеде ұстап, бетін қызартып, әрі газет бетіне жарияланып, мысы біршама басылды.

Ал ұяты бар, ар сақтағыш азаматтардың бұйымтайларын бар мүмкіндігінше шешуге тырысты. Бұл төраға алдына келгендерді бос қайтармайтынына қарағанда, өзінің де құлқынын ойлап, бірдеңе алып жүрген жоқ па екен? Браунның тапсырмасымен, сыртынан прокуратураның, милицияның жасырын түрде тексеріс жүргізгендерін кейін білді.     

Облыстық партия комитетінің жаман жері көп салалы шаруашылыққа  жауап беретін, іргесіндегі атқару комитетін ысырып тастап, бар мәселені партия органдары шешуге тиісті деген желеумен шешетіндерін шешіп, шеше алмай былықтырғандарын атқару комитетіне ысыра салады.

Кеңес үкіметі деген, шынында, қағаз жүзінде ғана формальды сияқты. Заңның бәрін партияның атымен хатшылар белінен басады. Облыстық партия комитеті қорқытып-үркітіп, заңсыз істерін істеп алып, ертең сөзге қалмас үшін, кеш те болса, қабылдатып,  заңға сәйкестендіріп, немесе бірлескен шешім қабылдатып, өрескел қылықтарын жуып шаяды.

Кадр мәселесін өздері билеп-төстеп, қызғыштай қорып, күрке тауықтай бауырына басып алған. Кімді қайда, не үшін шығарып, жатқандарын ешкім білмейді. Араларында облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметінде жүрген қазақ азаматын былай ысырып тастап, аты бар заты жоқ қылып, кадр мәселелерін шешуге көбіне қатыстырмайды. Бірінші хатшының  жақын, көңілі  сүйген  адамдары бар. Солармен ғана ақылдасып шешеді. Мұндайда Морозовтың сүйенері Тимошенко мен Шендрик.

Сондағы біріншінің  айтатыны:  «Кадр  не твой вопрос»  − деп кегжиеді. Бірде тым асыра сілтеп бара жатқан соң, Морозовқа Медет наразылық білдірді:

− Мен сізге алдымда қызмет еткен адамдардай емеспін, кадр мәселесі жөнінде неге ақылдаспайсыз? Елден неге зиялы қазақ азаматтары кетіп жатыр? Мен жақсы болайын, жаман болайын, осы қызметте сізден кейінгі екінші адам болып есептеліп отырған соң, санасуыңыз керек қой. Кадр мәселесінде сіздердің дұрыс шешпей  жүрген жерлеріңізді, осы елдің азаматы болған соң, ел-жұрт қазағы-орысы болсын, маған реніш білдіріп айтады. Морозов дұрыс түсініп, объективті түрде тәуір жауабын берудің орнына, дүниенің тұтқасы қолында тұрғандай:

  • Ештеңе етпейді, көп нәрсеге жүре көндігесің, үйренесің, түсінесің, −

деді.

Осы әңгімеден кейін, азын-аулақ шаруашылық мәселелерін  шеше  бастаса болды, менсіз неге шешесің деп, түймедей көзі шытынап, шыға келетін болды. Рухын сындырып, басқаларға істеген жиіркенішті қылығын Медетке көрсетіп, табанының астына басып аламын деген шірік ойын жасырмаған.

Облыстық партия комитетінің хатшылары оны орағыта өтіп, орынбасарларымен жұмыс атқарған болды. Тіпті Тимошенкоға дейін, оны қолбаласындай, анда бар, мұнда бар деп жұмсады.

 Медет Тимошенкоға:

− Немене, Морозовтың өзі айтса, жағы қарысып қалып па?  − дейді.

  • Мен  сол кісінің атынан Бурятияға ағаш дайындауға  барасыз деп

тұрмын, − деп шегір көзімен тіке қарап, ожарлыққа басады ол.

Морозовтың бар ой-мақсаты Қонайұлын тулақша илеп, бетін қайтару еді. Ол ойын ашықтан-ашық іске асыру үшін, Атбасар ауданында болған бір келеңсіз жайды пайдаланғысы келді.          

Медет қызметке ауыспақшы болып, ерсілі-қарсылы шауып жүргенде, Атбасар аудандық ауыл шаруашылық  басқармасының бастығы Ю.П.Дерягин ешкіммен ақылдаспастан, «Атбасар» кеңшарының ұрғашы асыл тұқымды тоқтыларын «Сочи» кеңшарына беру жөнінде бұйрық беріпті. Содан кейін, аудан бойынша қырық тонна етті есепке кіргізіп жіберген. Бірақ тоқтыларды уақытында алмаған. Осыны құлағы шалған Морозов Қонайұлының  сағын сындырып, тұқыртып алмаққа, «құдайым сәтін салды-ау» деген оймен оны өзіне шақырып алып:

− Осы шаруаны сен істедің бе, шыныңды айт?! Мойындасаң, бұл істі кәзір жабамын. Ал енді мойындамасаң, − аямаймын. Осы қылықтарың жөнінде қылмыстық іс қозғатамын, − деген.

  • Жоқ. Бұл жөнінде бейхабармын, − деді Медет.

Морозов даусын қатайтып:

  • Ал, мойындамадың, енді өз обалың өзіңе, − деді де тергеу ісін

қозғатып, өзі қадағалап, ақыры Дерягинді соттатып тынды. Іс қозғардың алдында бұған Қонайұлының қатыспауы мүмкін емес, − деп Морозовтың оң қолы Тимошенко жер-көкке жар салыпты-міш.

Әйткенмен де, өз қызметінде жаншылып жүргеніне қарамастан, еліне жақсылықтар жасауға тырысып бақты. Ал шаруашылығының өсіп-өркендеуі жөніндегі жобаларын дұрыс ғылыми жүйеге негіздеп, арнайы атқару комитетінің шешімін қабылдатты.

Н.Е.Морозовқа бір таң қалғаны, мұндағы жұмыс орнында кекірейіп жүргенімен, Алматыға жиналыс, пленумдарға бірге шыққанда, тәуір адам секілденіп, ананы-мынаны айтып, кішіпейілділік көрсетіп, өзіне елпілдеп қалады. Ал, енді кері, елге қайтар шақта ұшаққа мінбей жатып, күрт өзгеріп, сөйлескісі келмей паңданып, кеудесіне нан пісіп шыға келеді. Адам деген өмірдің аумалы-төкпелі тұстарында, қайғы мен қуанышта, жақсылы- жаманда, сын сағаттарда өзін бірсыдырғы, сабырлы ұстаса да. Жо-оқ, Морозовта олай емес. Әр кезде әрқалай. Әсіресе, алдындағы адамның лауазымына қарай, я құрдай жорғалауы мүмкін, я мұрнымен көк тіреуі ықтимал. Құбылмалы кесірткенің терісі сияқты. Қызық. Медет болса, қазақтың қанына біткен дағдымен, айналасынан көркем мінез іздейді.

 

 

***

 

 

Бүкіл облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылары Алматыға келген соң, өздерінің атқару комитеттеріндегі төрағалармен бірге кезекке тұрып, жұптарын бұзбай, Д.А.Қонаевтың қабылдауында болады. Кіре салып, бірінші хатшылар облыстарындағы болып жатқан жаңалықтарды, азын-аулақ жетістіктердің түймедейін  түйедей  етіп, бөсіңкіреп жеткізеді. Бір ғажабы, қай облыстың болмасын, бірінші хатшылары шаруашылықтағы болып жатқан кемістіктерді тіс жарып айтқан емес.

− Егін биыл онша болмайды деп, неге үлкен кісіге шыныңызды айтпайсыз десе:

  • Басқалар айтпағанда, мен неге айтуым керек? Оның алдында

опақтанып, көзіне түскім келмейді, − дейді ол.

Мейрамдар қарсаңында Морозов:

  • Біздер, орыс халқы − ұлы халықпыз. Сендерге аға халықпыз. Сендер

бізден пана тауып, адам қатарына қосылып, білімді бізден үйреніп, көздерің ашылған. Сендер іні халықсыңдар, − деп жарапазан айтқандай, ыңыранып ұзақ сөйлегенде, қазанның тұтқасын ұстап тұрып, маңдайына ожаумен қойып қалғандай қылды.

Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» сияқты еңбектерін орыс халқының оқуға тісі батпайды деп, тек өздерінің ақсүйектеріне арнап жазғанының өзі кеше емес пе еді? Бұлар неге өздерін жер-көкке сыйғызбай өзеурейді? «Өз көзіндегі дөңбекті аңғармай, өзгенің көзіндегі былшықты көре қоятын» мінездері қандай жек көрінішті, әрі таяз. Морозов секілділер өз қылықтарымен халықтар арасында дәнекер болып, бітістіріп-қиыстырып жүрудің орнына, әлгіндей оны-мұныны шатып, ел арасының жігін ашып, бір-бірінен алшақтата беретінін аңғарды.

Жиырма жетінші съездің қарсаңы болатын. Облыстық партия конференциясына дайындалып жатқан кез еді. Медет бұл конференцияда облыстың алдағы бесжылдықта халық шаруашылығының дамуы туралы баяндама  жасайтын болды. Баяндама дайын бола берген кезде, Морозов  мазасызданып оны сұратып алды. Содан жарты сағат өтер-өтпестен телефон шалып:

− Баяндамаң түкке тұрмайды. Мына шикі материалыңмен көптің алдында сөйлеуге болмайды. Баяндаманың кіріспесінде партияның жетекші ролі онша ашылмаған. Ауыл шаруашылығын өндірістен кейінгі екінші орынға қойыпсың, − деді.

− Оның несіне қабақ шытасыз? Одан да сіз ауыл шаруашылығы  жөнінде жазылған парақтарды алыңыз да, өндірістің алдына апарып қоя салыңыз...

Сол-ақ екен:

  • Енді мен сенің шалажансар баяндамаңмен  ұйқысыз түндерімді

өткізем бе? – деді ашуланып.

Содан бір жұмадан артық уақыт өткенде, баяндаманы көмекшісінен беріп жіберді. Қарап шықса, жөнді өзгерістер жасалынбаған. Тек қана баяндаманың басындағы бір парақтай партияны, Горбачевтың ұстанған бағытын қолдап, қолпаштап, ескі сарынмен кіріспе сөзбен, музыканттар тілімен  айтсақ, «уветюра» жазып қойған.

Ал енді Морозовтың өзінің жасаған баяндамасын оқып қараса, бос сылдыр сөздері көп. Енді тікесінен:

  • Баяндамаңыздың кейбір жерлерінде айтқыңыз келген мәселелерді

екі парақ қылып, көп сөзге бармай, екі-ақ сөйлеммен нақты неге айтпасқа, − деп бюрода отырғанда бетіне айтты.

Оның ескертпе түзетулерін естіген Морозовтың, шықшыты білеуленіп, кішкентай көздері шарасынан шығып кете жаздады.

Облыстан кеткеннен кейін, республика көлеміндегі бірінші хатшылардың ішінде жалғыз ғана Морозов актив, пленумдарда жасаған баяндамаларын газетке ылғи да толық, тұтас бастырып, гонорар алып отырғаны кейін, қызметінен босағасын әшкереленді.

Қу пендешілік-ай, десеңші!.. Осы Морозовты судан – ақ, сүттен – таза

дейтін кім бар?! Жұрттың бәрі оның пәреқорлығы мен сыбайластығынан мезі болған. Ашкөздігі басым адам. Мысал дейсіз бе? Мысал жетеді...

Бірде шаруашылық жөнімен, Морозовқа астық қабылдау және өңдеу

басқармасының бастығы Р.К.Какимов келеді. Кіре берісте отырған Л.Мананкова деген хатшы әйел бүгін оның туған күні екенін, құттықтай салуын есіне салды.

«Ойымда ештеңе жоқ, құжат толы қампиған папканы қолтығыма қыса кірген бойда, екі қолымды созып, иіліп сәлем беріп, әрі туған күнімен құттықтадым. Құттықтағаныма рахметін айтып, Морозов шіркін, қолтығымдағы папканы өзіне қарай, қос қолдап тартып жатыр.

Сасқанымнан:

  • Бұл сізге емес. Бұл өзімнің жұмыс папкам еді, − дедім.

−  Ол қып-қызыл болып, отырып қалды,» − деп еске алады Р.К.Какимов

мырза.

Міне, осыдан-ақ оның қандай адам екенін көруге болады. Кейін

Морозов жұмысынан босап, Мәскеуге көшіп кетісімен, ол кісінің оң қолы болып жүрген, көмекшісі Л.Мутовкин бұрынғы әріптесінің үстінен шағым жазып, оның тегін алған гарнитуралары мен тағы басқа дүниелерінің ақшасын төлеттірді. Семей жақтың азаматтарынан: «Морозов қазақтарды «мақтамен бауыздайды» − дегенді жиі еститін. Сонысы шындыққа саятындай. Тоғыз жыл бойы қызмет  атқарғанында, бірде бір қазақ ол кісінің үстінен ренжіп, шағым жазбады. Себебі қазақтарды арқасынан қағып, өтірік мақтап, қолпаштаса болды, құлақшынын шекесіне киіп, далақтап жүріп, жұмысынан қалай қуылғанын сезбей қалатын.  

 

 

***

 

 

Бір мың тоғыз жүз сексен бесінші жылы егін орағы басталар-басталмастан, облысқа Горбачев келеді деп, үргін-сүргін болып, келуіне әзірлік жасап жанталасты. Көшелердің шаңын аспанға шығарып, жылан жалағандай тазалап, көріксіз үйлердің сыртын ақтап сырлады. Горбачевтың алдында өзін көрсетіп алу үшін, Морозов үкіметтің қаржысын, дүниесін оңды-солды шашып төкті. Бүгін-ертең құлағалы тұрған үйлерді көрсетпеу үшін, сыртын ағаш тақтайлармен қоршаттырып, сырлап, сыртына «Коммунизм жасасын! КПСС жасасын!» деген ұрандар жазып, қаланың түкпір-түкпірін жайнатып  жіберді. Содан бір күні орталықтың қауіпсіздік комитетінің тоғызыншы бөлімінен кісілер келіп, ол келгенде тоқтап демалатын қаладағы резиденцияны ақтара-төңкере тексеріп, ішіндегі бар дүниенің жаңа екендігіне қарамастан, түгелдей  ауыстыру керек, − деп шешім қабылдады. Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы сөзге келмей, қайтадан жаңартты. Горбачев пен әйелі Раиса Максимовна бір күн жатып, демалып кетті. Жүрген жерлерінде осылай елдің астан-кестеңін шығарып,  есепсіз қаржы жұмсатып, ысырап етіп, халықтың қаражатын шашып  жатқанына іштері удай ашыған.

Бисмарк деген ғұлама бір үлкен іске дайындала бастағанда, бүкіл неміс халқын үнемділікке баули отырып, өзі бас болып, аз ауқаттанып, қаржы үнемдеген. Мұрат-мақсаты халқымен бірге болған Бисмарктай неге болмады екен? Әуел баста Ф.Д.Кулаков өлгеннен кейін, Горбачев ЦК КПСС-тың ауыл шаруашылық басқармасының хатшысы болып сайланғаннан-ақ, өмірдің ащы-тұщысын көрмей, бәтуасыз бос сөйлеп, комсомолдан өскен бұл «батыр» не жарытар деген ой Медеттің көңлінде жүрді. Кейін әйелі Райсаның «Я надеюсь» кітабында Горбачевтің алғаш университеттің заң факультетін бітіргеннен кейін, Ставропольенің өлкелік прокуратурасында небәрі жиырма бір күн ғана тергеуші болып атқарғаны айтылады. Сонда бірде-бір тергеу ісін аяқтамай, комсомол жұмысына кетіп, сатылап жоғарылай берген, өсе берген. Өмірдің тоқпағын, тәлкегін көрмей, алды бар, арты жоқ, мылжыңдаумен жоғарылаған бұл кісіден нендей зиялылық күтуге болады? Горбачев секілділер үкімет, партия басында болған соң, жер-жерде де шаруашылықты онша білмейтін жағымпаздардың бағы жанып, қызмет дәрежелері өсе түсті. Олардың ішінде «лай судан балық аулайтын» пенделер көбейе берді. Дені халықтың сорына партияның резерві комсомол деумен өсті. Осынау бір келеңсіз ұран, сонау Ұлы Отан соғысы қарсаңында да комсомолға өтеміз деп жасын ұлғайтқан аузынан уызы кетпеген, қаншама жастарды қырғынға ұшыратты.

Тағатсыз күткен уақыт жетіп, Қонаев Горбачевты Целиноградтың  аэропортынан қарсы алды. Келген бетте,  Горбачев Қонаевпен селқос, салқын амандасты да, шаруа жайын сұрамастан, қала ішіндегі өзіне деп арнайы дайындаған резиденциясына тартып отырды.

Қонаев пен Назарбаев Одақтың Министрлер кабинетінің орынбасарлары Нұриев, Архиповтармен бірге қаланың сыртындағы  резиденцияға жайғасты. Димаш Ахметұлының ұнжырғасы түсіп, ренішін жасырмай:

  • Осы қызметті жетпіс бес жасқа толған соң, қоятын шығармын, –

деді.

Зия Нұриев Қонаевқа:

  • Басыңды салбыратпа. Горбачев қорыққанын сыйлайтын  адам. Сен

біле білсең, ол әлі − бала. Қамшыны бас оған. Оның шаруашылықты онша білмейтінін ескере отырып, батыра айтсаң тайғақсиды. Сенен қаймығатын болады. Өзің  бізге әлі керексің, – деді.

Күні кешегі Кручин Мәскеуден бір-ақ шықты. Он бес одақтас республиканың ауыл шаруашылығын ұршықтай үйіріп отыр. Ал Қазақстаннан шыққан Соломенцев деген дәу Орталық комитеттің партия басшылығында. Тағы басқа ұсақ-түйектерін тізбелемей-ақ қояйық, бәрі Қонаевтың тәлімін алған, оң-солын танып, бұл күнде жетілген мамандар.

Димаш Ахметұлы жанында отырған серіктеріне сол Соломенцевтің қылығы жөнінде үлкен бір ренішті толқып айтқаны есінде:

  • Жақсылыққа жақсылық жасай алмайтын, тоңмойын, харам, ұлтшыл-

шовинист адам екен. Менің қарамағымда ЦК-ның екінші хатшысы болып жүргенде, үш күн қатарынан жұмысқа шықпай қалды. Содан бір күні ертемен кабинетіме салбырап келіп тұр. Қарасам бет-аузы көк-ала торғайдай, сау жері жоқ, жара. Өзінің айтуынша, емдеп жүрген дәрігер әйелмен төсектес болған жерінде, әлгі әйелдің күйеуі екеуін де ұстап, өлердей қылып сабаған.

Соломенцев:

– Димаш Ахметұлы, жақсылығыңызды ғұмыры ұмытпайын, көмектесіңіз, – деп балаша еңіреп, алдыма тізерлей кетті.

Сорлы немені аяп, өзінің көзінше Брежневке телефон шалып:

  • Менің қасымда Соломенцев отыр. Негізінде жаман адам емес еді.

Бір әйелге барам деп, абыройынан айрылып қалған көрінеді. Сіздің көмегіңіз керек болып тұр, – дедім.

Брежнев:

– Ол сарыауыз ойнастықты да жөндеп жасай алмай ма, не деген адам? Шынын айтшы, өзінің қолынан іс келетін, көмектесуге тұратын адам ба? – деп сұрады.

– Е, жарағанда қандай, әлеуметтік жағдайы ең ауыр Қарағанды облысында бірінші хатшы қызметін тәп-тәуір атқарған, – деп мақтадым.

  • Онда жарайды, ойластырып көрейін, – деді.

Екі-үш күн өтпей жатып, Ростов облыстық партия комитетінің бірінші

хатшысы қызметіне тағайындады. Енді міне, ЦК КПСС-тың партия комиссиясын басқарып отыр. Менің көрсеткен жақсылығымды тарс ұмытып, кадрларыма бүйідей тиісіп, маза бермейді. Оңбаған, надан адам болып шықты, – деп Димекең мұңайып қалды.

Кейін сол Соломенцов желтоқсан көтерілісі кезінде арнайы Алматыға келіп, шовинистік пиғылын ашықтан-ашық көрсетті. Алаңға шыққан қазақ жастарын  аяусыз соққының  астына алғызды.

 

 

***

 

 

Горбачев келген күннің ертеңінде Ленин ескерткішіне арнайы гүл шоқтарын қойып, хрестиандарша тәжім етіп, басын иді де, сол жерден онша алыс емес «Москва» қонақ  үйінің іргесінде тұрған қырық шақты адамның қасына арнайы барып сөйлесті. Хал-жағдайларын сұрады.

– Сізге рахмет, Михаил Сергеевич, жағдайымыз жақсы.

Медет қарап еді, сол шулап тұрғандардың бәрі дерлік қалалық партия  және  атқару комитетінің қызметкерлері екен.

Облыстық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Сейтқазиевтен:

– Бұларың не? – деп сұрағанда ол жымия күліп:

  • Солай болу керек қой, – деді.

Осыдан кейін Шортанды ауданындағы ауыл шаруашылық ғылыми

зерттеу институтының егіс бригадасында болды.

Егіс бригадасынан Горбачев нөкерлерімен шұбырып, Бүкілодақтық астық шаруашылығының ғылыми-зерттеу институтына келді. Бұл институттың директоры, академик А.И.Бараевты Бурабайда науқастанып, демалып жатқан жерінен шақыртты. Горбачев оған салған беттен мағынасыз бірдемелерді мыжыңдап, оны-мұныны шатып сұрап, ауру шалды есінен тандырған.

Тәлтіректеп жүргенінде, баяғыда Хрущевтан таяқ жегені есіне түсті ме, Горбачевқа жөндеп жауап бере алмай абыржыды. Көзі аларып, дал болып, маңдайынан тер шықты. Бұл келеңсіз әңгімеге Мехлис Сүлейменов қатысып, араларындағы түсінбестікті жуып-шайғандай әсер етті. Осынау пәтуасыз кездесулерінің ақыры ертеңіне қаралы күнге ұласып, Бараевтың өліміне себепкер болды.

Бір мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылдың ақпанының  аяғында  КПСС-тің жиырма жетінші съезі бүкіл әлемді даңғазалатып, өз жұмысын бастады. Көбінің съезде шығып алып айтқандары жаттанды сөздер.

Сонда Горбачев:

  • Кеңестер одағының халқын екі мыңыншы жылы тегіс баспанамен

қамтамасыз етеміз, – деп съездің қаулысына енгізу керек  десе, жоспарлаушы органдар барлық саладағы құрылысты тоқтатып, тек баспана салуға көшкенмен, ештеме өнбейді. Өйткені ондай күш пен қаражат бізде әлі жетіспейді, – деп дәлелдеді. Горбачев сол жерде: «Екі мыңыншы деп айтқан уақытта баспана мәселесі орындалмаса орындалмасын, не де болса, халыққа әйтеуір  бірдеме деуіміз керек қой,» – дегені оның ойынан көпке дейін кетпей, мынаның дені-сау, есі дұрыс адам ба деп, толқумен жүрді.

Бірде бізге:

  • Осы сендер, бізді жоғарыда отырып алып, түк бітірмейтін сорлы

көргілерің келеді. Бармағымызды бүгіп санайықшы, біз келешекте маңызы зор мынадай ірі-ірі қарарлар қабылдағалы жатырмыз. Мынадай шешім шығардық, анадай қызық документтер жарық көрді, – деп  саусақтарын бүгіп санай жөнелді. Оның лепіріп сөйлеп, өз сөзіне өзі риза болып, тамсаныңқырап тұрған кескініне қарап, көпшілік аузын ашып қарап қалды.

Құдай-ау, сол алынған қарар, шешімдерін елеп-ескеріп, соларды кім оқып, орындап жатыр екен. Жоғарыдан төмен қарай құлдилата, бір-біріне су жұқтырмай, сырғытпа бұрыштама соғып, сілтемелетіп, құрдымға жіберіп жатқанын, шынымен білмей отыр ма? Партия басшылығына қонжиюы мұң екен, мыңдаған жылдар қанына сіңісті «тәтті» суы – арақты тиямын деген желеумен, ел абыройын жауып тұрған бюджеттен де қағып, экономиканы тұралатты. Бұл дегеніңіз, жаппай шаруашылықтың көбесі сөгіліп, құлдырауға қарай аяқ басқан бетбұрыс болды.

Бірде ауыл шаруашылығы жиналысының аяғында сөйлеген  қорытынды сөзінде Горбачев:

  • Біз мысалға адамның денесін алайықшы, – деді. – Адамның басы –

жоғары жерде отырған біздерміз делік. Ал кеудесі – сіздер, облыс басшыларысыздар. Енді аяқ жағын – кеңшарлар деп  есептесек, тоқ етері бас-аяқтың не істеп, не қойып жатқанында шаруасы болмауы керек, − деп қойып қалды.

Осындайда түйсіксіз сөз болады екен-ау деп, үн-түнсіз ел басшысының ақымақтықпен айтқан сөзіне түңіле тарасқан ел-жұрт.

Тіпті мына ай жарық, күн ашықта бүкіл кеңестер елінде жаппай сабын тапшы болды дегенге кім сенеді?! Шаруашылықтың күйрей бастағаны осы емес пе? Бізбен бірге тұрмыс-тіршілік құрып жатқан немістер өмірі дүкеннен  сабын сатып алған емес. Ақша шығарып не қылсын, айналасында ас та төк, ит екеш  иттер де жемей жатқан май, әр ауылдың мал қорасында бөшкелеп  шашылып жатқан  каустика содасы, ал да керегіңше сабынды жасай бер.

Горбачевтың шаруашылыққа жеңіл-желпі, қарайтыны сол емес пе, кеңес халқын ет пен сүтке тез арада қарық ететін болып, ауыл шаруашылық министрлігінің атын өзгертіп, «ауыл шаруашылық өнеркәсібінің комплексі» атандырды. Өте күрделі бұл салада түбегейлі іс атқарудың орнына, министрліктің атының өзгергенімен, затының өзгермейтінін өзі сезінбеді. Бар мәселе ауыл шаруашылық өнімдерінің құнында болды. Сол министрліктің  атын өзгертпей-ақ, мысалыға сүттің құнын ең болмаса, бөтелкелеп сатып жатқан судың құнымен бірдей еткеннің өзінде, ауылды жердің шаруашылығы біршама оңға басар еді. Баяғы Хрущевтің асқақтап барып құрдымға кетуі − сол неше түрлі мекемелерді берекесіз сапырылыстыруының салдарынан еді.

Партияның съездеріне айналатын Орталық комитеттің мүшелері өз ішінен, келесі съезге дейін, саяси бюро тағайындағандарымен, бір ғажабы ол саяси бюро мүшелері, әсіресе, оның бірінші хатшылары бүкіл партияны жеке дара билеп-төстеп, көздері жұмылғанша, тақтан түспей отырып алады. Съездегі сайлау қашан да «бармақ басты, көз қысты» қағаз жүзінде жүргізілгендіктен, бұл қылықтары заңдылыққа айналды. «Көсемдер» о дүниелік болғанда ғана, аз уақытқа ілгері жылжу, прогресс байқалатын.

Бұларға қарсы әрекет қылар не бір ұйым, не бір бөлек партия болмады. Ондайларды әу баста қуғын-сүргінмен жойған. Жұрттың көбі іштен тынып, олардың іс әрекеттерін мысқыл анекдоттарға айналдырып айтып жүрді. Тек қана данышпан Мағжан Жұмабаев бастаған зиялылар:

 

                           Қалың елім, қалың қара ағашым,

                           Қайраты мол, айбынды ел Алашым!

                           Өзі-ақ құлар, сырын берме сабыр қыл,

                           Ақымақтар  байқамаған шамасын, – деп.

 

Елге оралған соң, аудан-ауданды аралап, съездің  қорытындысы мен ендігі жерде не істеп, не атқаруымыз  керектігі жөнінде актив өткізіп жүрген кезде, Морозов Қонайұлына ежірейе қарап:

– Сен, өзіңнің қарамағыңдағы жалпы жұмыс бөлімінің меңгерушісі Новиковты және Ахметовты жұмыстарынан босат, – деді.

  • Оларды жұмыстан қалай, не деп босатпақпын? Екеуі де елгезек,

айтқандарымды екі етпейді, зыр қағып жүгіріп жүреді, – деді Медет.

Ақыры болмаған соң, Г.Т.Новиков пен А.Ахметовты шақырып алып:

– Әй, сендерге не болған? Ана Морозов ағаларыңды неге ренжітесіңдер, сендерге көзқарасы дұрыс емес қой. Бұрын ауыз жаласып жүрмеуші ме едіңдер? – деді.

  • Ол кісінің неге ренжіп жүргенін білеміз. Новиков екеуміз жылда

отгоннан екі-екіден соғым әкеліп беруші едік. Николай Ефимович ол әкелген соғымның етінен дәм де татпай: «Семіз екен, молодец!» – деп арқамыздан қағып, түгелдей асханаға өткізіп, ақшасын алатын. Ал, сіз келгеннен бері, біз  ешқайда  шықпайтын болдық. Ол кісінің ойы «дәніккеннен құныққан жаман» деген ғой, соғымды сіз жалғыз жеп, тісі сарғайып жүр деген ойда шығар, – деді Адамкен Ахметов.

 

 

***

 

 

         Өмір – өзен. Буырқанып ағып жатыр. Сырғып күндер, зымырап айлар өтуде. Жылжыған жылдар кешегі жас маманның самайын ағартып, білімі мен білігін асырған салиқалы басшыға айналдырды. Беу, дүние-ай!..

         Жастығын аңсаған сағыныш кеудесінде күй болып күмбірледі. Қайран жастық қорадағы малдың қиына батып жүргенінде, өтті де кетті. Артына қайрылып бір қарауға мұршасын келтірмеді ғой. Арқа басты кеңге салып, жұрт сияқты ойнап-күлуге, ырду-дырду думанның ортасында отыруға шамасы болды ма? Ілуде бір ағайын арасындағы жиын-тойға барғанда, өнер мен мәдениеттен құр қалғанын іштей мойындап қайтатын. Жұрт сияқты жадырап күле алмайды, емін-еркін сөйлей алмайды, тіпті тойларда баз біреулер сияқты тайраңдап билей де алмайды. Жанында отырғандармен әңгімесі де жараспайды. Сосын сүлесоқ отырып алып, іштей жұмысын ойлайды.

Бәрі малдың кесірі. Көзін тырнап ашқаннан, ауылдағы қазақтың баласы мал көреді. Ұйықтап жатып, түсінде де көретіні – мал. Сол әуестікпен, малдың айналасындағы мамандықты таңдайды. Әйтпесе, анау «ұлы халықпыз" деп жүрген елдің балалары сияқты қағаз-қалам ұстап, шікірейіп пәпкі қолтықтайтын кәсіп таңдаса, қолынан келмес пе, еді?! Айналайын, ата кәсіп! Қанға сіңісті, көзге үйреншікті болғасын да ыстық қой!

   Малмен бірге мал сияқты жүре бергеніне налып, бір ауық қолына кітап ұстайтын болған. Ара-арасында қара домбырасын тыңқылдатып қояды. Бала күнінен құлағында жатталып қалған әуендер бір ауық ермегі.

         Ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында жүрсе де, қазақтың қолынан түспей келе жатқан қасиетті қара домбырадан артық қайғы-мұңымызды кім сезінер?! Кейде өксіп, кейде шаттанып, бірде қуанып, бірде құлазып, шанағындағы он сегіз пернесі бебеулеп-безектеп бергенде, санасы соқырдың да тұла бойын елітіп-ерітпеуі мүмкін емес. Сол домбыраның шанағынан, ғасырлар үні төгілетіндей. Құйқылжи, күмбірлей, елегізген жанын тебірентіп, толғатып, судай тасытып, енді бірде сарнап, зарлап ғасыр үні шыққандай болады. Тыңқ-тыңқ, тыңқ-тыңқ...  

Мысалы, Қорқыт күйлерінде жалпы халықтың қамын жеу, елге қызмет ету, мамыражай заманды аңсау сарынымен сұңқылдап, жан шымырлата зұлымдыққа қарсы күресті, адамның жан дүниесі мен сезімін ерекше құдіретпен жеткізсе, Медет күйзелгеннен үйде отырып, қоңыр  домбыраны тыңқылдатқанда, қоңыр баяу шыққан үніне елтіген сәт, жан дүниесінде тау қопарардай күш пайда болғанын сезеді. Енді осы жолы, соңынан  қалмай  қойған бюрошылардың қиянат істерінің қорытындысын домбыраның үнінен алған қуатқа қосыла отырып, есе қайтаруды  ұйғарды. Елімен бірге ойы да, майданы да, қиялы да бірігіп кеткендей. Кеудесін киелі, құдіретті күш кернеді.

Морозовтың пасық тәлкегіне қарсы шығу үшін, алдағы болар жабық бюроға әзірленіп, оның мойнын жан-жағына бұрылмайтындай, жалтара  алмайтындай етіп, неден бастау керектігін рет-ретімен  қағазға түсірді. Халыққа істеген әлімжеттігін бюрода сөйлеп тұрғанда ұмытып кетпеу үшін, жүрегі айныса да, жіпке тізгендей етіп, ой жүгірте пысықтады.

Осы уақытқа дейін аш бөрідей жабылып, рухын сындырмақ ниетпен, өзін үш рет жабық бюрода қарап қоймай, одан басқа соңғы бес жылда он рет жабық бюрода талқылап, соңына шырақ алып түскендерді ойлады. Өзіндей бірде-бір аудан басшылары бұл көрген тепкіні көрген емес. Отырса – опақ, тұрса – сопақ; сырты – бүтін, іші – түтін болып жүрген күндер қалай есінен шықсын? Олар адамгершілікті, әділдік таразысының екі басын тең ұстай алмады. Әбден мезі қылып, титығына  жеткізді.

Осылай күйзеліп жүргенде, қаладан Сағындық досы қасына інісін ертіп, «Сарыөзен» кеңшарының алыс бөлімшесіне түнделетіп жетті. Онда барып қонып, ертеңіне таң атпай, аңға шықты. Даланың таза ауасы, жұпар иісінің әсері де бар шығар, бәрінің де көңілдері көтеріңкі.

Машинаның есігі жартылай ашық. Денеңе таңғы қоңыржай ауаның лебі тигенде, өзіңді жеңіл сезінесің. Оның үстіне айналаға құмарта көз салған сайын, осы өңірді көптен көрмей, сағынып қалғандықтан ба, өзіне бұрынғыдан да жылы ұшырап, іштей рақатқа бөленді.

Міне, елең-алаң көріне бастады. Алдағы қыратты бойлай, біршама жер жүргеннен кейін, түнде жасаған жорамал бойынша, қыраттың етегін ораған сайға дөп түсіп, қасқырдың ізін кесті. Бұлардың жұптасып, қосақтаса кетіп бара жатқан жүрістеріне қарағанда, ұйығатын мезгілінің жеткенін білдіргендей, үйірлерінен оңаша шыққан. Бірде жұптаса, бірде екі бөлектеніп, қайта жанасып, қосақтасып кетіп барады. Әсіресе, ана кішіректеу із оңға қарай ұзап кетіп, қайта оралып, шыдамсызданып, әлденеге асыққандай, енді бірде мына баттиған үлкен ізбен қосылып кеткендей. Соңдарынан қуып келе жатып ойлады, бұлар аш па қалай, қоян ізін де қақпайлап, ара-арасында тоқтай қалып, қар астынан тышқан аулап кетіп барады.

Бет алыстары – алдында қырық шақырымдай жердегі Шоқпар тас тауы. Енді біраз жүргеннен кейін, қанға боялған қар үстінде толып жатқан қиқы-жиқы іздерге, шашырап жатқан жүндерге кезікті. Машинамен айналып өткенде, әлгі жерден жалғыз шыққан із көрінді. Әрі қарай бас қатырып жатпай, аңшыға тән құмарлықпен жаңағы ізге түсті. Екі-үш шақырымдай жер жүрмей-ақ, бәрі түсінікті болды: Шаршап, тыныс алып жатқан жерінен үріксе керек, көсіле шаба жөнелгенін ізінен байқап қалған. Қасқырдың қаншығы болып шықты.

Осы бойы машинаға тастай салса, исі мүңкіп, іші борсып кетер, терісін тез сойып алмақшы болды. Хирург досы қойсын ба, пышағын ала салып, қолы-қолына жұқпай, жылдамдата іске кірісті. Інісі Қали да қалыспады. Қасқырдың қампиған  қарнын жарып, ақтарып-төңкере бастады. Міне қызық, іші толған қасқырдың  еті мен жүні.

  • Бұл не сонда? – деп абыржып, аң-таң болып, тұла бойлары

шымырлап қоя берді. Қасындағы өзінің жан серігі, өмір серігі арланын, тірідей талап, жеп қойғаны ма? Бұл мақұлықтарда туысқандық, жанашырлық, аяушылық деген сезімнің әсте болмағаны ма? Әлде біз білмейтін  бұларда  табиғаттың басқа да бір құпиясы бар ма? – Сансыз  сұрақтар бірінен  соң  бірі ойына оралды.

Көп ойланып жатпай, жауабын тез іздеп табу үшін, сол ізбен кері  жүріп, бағанағы опыр-топыр болған жерге қайтып оралды. Машинадан түсе салысымен, олай-бұлай әр нәрсені қарап, қарға көміп тасталған өлігін тапты. Денесінде сау жері қалмаған, терісі етімен бірге жұлма-жұлма болып  жұлынған. Ішек-қарны ақтарылып жатыр. Өзі онша мұздай да қоймапты, қанжылым. Бұл хайуандарда жыртқыштық әрекеттердің (каннибализмнің)  бар екенін әуелден біліп жүрсе де, Медет тап осылай бұрындары ойлаған жоқ.  Қатарласып келе жатып, бірін-бірі оп-оңай құрта салуы, он ойласаң да ақылға сыйымсыз. Қоңдарына қарағанда, бұлар ашыққан да емес. Айнала ауыл, тебінде жатқан жылқылар анау. Басқа жемтік те жеткілікті. Сонда бұл қаншыққа не жетпейді?! Әлде арланның тең болмағаны ма? «Бұнымен шатысып, тұқымымды нашарлатып, уақтатып алып жүрермін,» – деп қауіптенгені ме? Менсінбегені ме? Ғасырлар бойы табиғат  заңына  бағынып,  ұрпақ қалдыру еншісі тек осы ұрғашыларына жүктелген бе? Жоқ, әлде ұйығатын уақыты жетіп, тап осы сәтте арланның жағдайы болмай, қаншығы қозғаннан күйініп, шыдамсыздықпен тасыған дүлей күш ықтиярсыз өз сыңарын өлтіртіп, тән құмарын қандыру мақсатымен, опыр-топырын шығарып, жайратып салды ма екен? Өлім деген түк емес, біз одан артықпыз, қайдан көрдіңдер, осал жерімізді? Жер бетінен жоғалып құруға тиіс емеспіз, дегісі келгендей. Осы бір қылықтары олардың мықтылығынан ба екен? «Қасқыр» деген жалғыз сөздің өзінен-ақ, олардың айлакерлігі, әккілігі, күштілігі, жыртқыштығы, яғни  барлық керемет қасиеттері  айқын аңғарылып тұрған жоқ па?! 

 

 

***

 

Облыстық партия комитетінде жабық бюро жүріп жатыр.

Жабық бюрода жалғыз мәселе – бір хатшының шағымы қаралып болған соң, Морозов бюро мәжілісі осымен аяқталды дей бергенде, Медет орнынан  тұрып:

  • Жоқ, мәжіліс әлі жалғасуға тиісті. Менің айтарым бар! – деп сөзін

шұғыл  бастап кетті.

Бюро мүшелері Морозовқа жалтақтап қарады.

  • Сіздің есіңізде болар, Николай Ефимович, менің бұл қызметке

келгеніме бір жылдан сәл асты. Сөйте тұра, менің тұйыққа тірелген жайым бар. Өз бетіммен, тіпті кішігірім мәселелердің өзін шеше алмайтын халге жеттім. Ал, орынбасарларым болса, мені орағытып өтіп, сіздің атыңыздан өз беттерімен кейде дұрыс, кейде бұрыс әрекет ете бастады. Сіздің бөлім  меңгерушіңіз маған келіп, тапсырмаңызды орындауымды өтінеді. Мәселен, облпартком хатшысы Тимошенко:

  • Сенің Бурятияға жүруің керек. Мен мұны саған Морозовтың атынан

айтып тұрмын, – деп маңғазданады. Айтыңызшы, сол мәселені өз аузыңыздан естіртсеңіз, беделіңіз төмендеп қала ма?

– Сіз тым қатты кетіп бара жатырсыз... – деп қалды облпарткомның екінші хатшысы С.Нұрпейісов.

Бірінші хатшының түрі күреңітіп, шөгіп бара  жатты.    

– Мен барлық партком төрағаларымен және  аудандардың бірінші хатшыларымен телефон арқылы хабарласып, сөйлесіп шықтым. Барлығы да өз проблемаларын айтып, соны шешетін жол іздеп жатыр. Мәселе қойып, маған көптеген ұсыныс жасады. Сізге кіріп, жағдайды баян етіп, не істеу керектігін айтсам, қабағыңыз кіржиіп, мені тыңдағыңыз да келмеді. Сөйтіп, жиырма жетінші съезде жалпылама болса да, айтылған дүниелердің сіздің құлағыңызға кірмейтініне менің көзім анық жетті. Сол себепті мен ар-ұятымның әмірі бойынша, осы жабық бюрода айтуға мәжбүр болып тұрмын.

Бұрынғы менің орнымда отырған Жолмұқанбетов пен Шайдаров секілді облатком төрағаларына жөнсіз әрекеттеріңізді маған да істегіңіз келеді. Мен оған көнбеймін. Өйткені мен де өз жұмысыма жауап берем. Сол себепті мен сіздің кейбір қылықтарыңызға наразымын.

«Олар жұмысты жаман істеген жоқ еді, ешқандай маған кедергі  жасамаушы еді,» – деген сияқты сөзді мен соңғы кездері өз аузыңыздан жиі естідім.

Облпарткомның бөлім меңгерушілері әңгіменің қатты басталып, насырға шауып  бара  жатқандығынан  секем  алып, орындарында  қозғала бастады.

  • Күрделі де ауыр, кадр мәселесі жөніне тоқталайын. Осы қызметке

беку үшін, Орталық комитетке барғанда К.Н.Могильниченко мен Н.Ф.Мищенко жолдастар: «Сен облыстың екінші басшысысың, сол себепті кадр саясаты бойынша, сенің де пікірің маңызды. Бұл мәселе негізінен партия органдарының игілігінде болғанымен, сенсіз шаруа шешілмеуі керек,» – деп осылай боларын алдын ала сезді ме екен, маған солай деп еді.

Ал сіз:

– Кадр мәселесінде шаруаң болмасын, – деп жауап бердіңіз. Міндетіңізді жеке меншігіңізге айналдырып, түрлі әділетсіздіктер мен заңға қайшы әрекеттеріңіз жұрт наразылығын туғызуда. Маған: «Осы елдің екінші басшысысың ғой, әрі осы жерде туып өскен азаматсың, шаруаға неге араласпайсың?» – деп бетіме айтып жүр. Ал, мен болсам дәрменсізбін. Орыс-қазағы бар, көптің сұранысын ескермей, басшы кадрларды дұрыс іріктеп, әділдікпен орналастырып отырған жоқсыздар.

Бірде өзіңіз байқамай:  «Біздің керексіз ғып, жұмыстан қуған адамдарымыз өзге облыстарға барып, дүрдей үлкен қызметкер болып шыға келеді,» – деп қалдыңыз. Олардың көбі өз туған еліне сыймай кеткен жергілікті қазақтар ғой. Ал енді сол адамдар бізде жүргенде, жалаға толы оңды-солды айтылып жатқан сыннан көз ашпайтын. Пленумда қисыны келсін-келмесін қазақ кадрларын соққылау, осында отырған хатшылардың үйреншікті әдетіне айналып кеткен-ді.

Облыстық партия конференциясының алдында ауданның бірінші хатшыларын қабылдадыңыз. Жағдайды бірге біліп, бірлесе шешім қабылдау үшін, сол жиынға менің де қатысқаным жөн емес пе еді? Бірақ қатыссаң да,  қатыспасаң да өзің біл, – деп менің болғанымды қалай қоймадыңыз.

Сіздің тағы бір жағымсыз жағыңыз бар. Ол бірді-бірге соғыстыру. Есіңізде болса, сіз бірде менің орныма Атбасар аупарткомының бірінші хатшысы болып сайланған Қ.Қарабаевқа қарап:

  • Сен, Медет Қонайға саусақ безеуіңді қой, – деп ескерттіңіз.

Ол сонда:

– Мен саусақ безегенім жоқ. Ондай әдет болған емес, – деді.

  • Онда іштей жек көресің, – дедіңіз. Ол болса, сасыңқырағанмен,

іштей де наразы емес екенін айтты. Сонда... Николай Ефимович, бұл қылығыңызды қалай түсінуге болады?

Облыстық партия конференциясында менің жазған баяндамамды, мен жаздым деп, жер-көкке сыймай, бүкіл елді шулаттыңыз. Сондағы бар жазғаныңыз бір парақ кіріспе сөз ғана. Оның өзін «Партийная жизнь» журналынан көшіріп алыпсыз. Осыншама шулатып, жұрт алдында менің беделімді түсіруге тырысу – бірінші хатшыға жараса ма?

Сіз, тізгінді жеке дара ұстағыңыз келеді. Мысалыға, мен құрылыс тресін басқарушы Кириленкоға не үшін қатты талап қойып жүрмін? Халық мүддесі үшін. Мен оған маңызды құрылыстарға трестің күш-қуатын жұмылдыруды талап еттім. Сол үшін ол беті бүлк етпестен, мені тілдеуге дейін барды. Жүгенсіз кеткен сондай адамды, жұрттың көзінше ашықтан-ашық қанатыңыздың астына алып, бюрода жеңіл-желпі талқылаумен ғана шектелдіңіз. Және оның бейбастақ қылығын құптағандай, облпарткомның мүшелігіне көтеріп, Қазақстан КП жиырма алтыншы съезіне делегат етіп жіберудің көрер көзге қаншалық қораштығын түсінсеңіз еді. 

Сіз менің тазалығыма күмән келтіргіңіз келеді. Сонау диплом алған мың тоғыз жүз елу сегізінші жылдан бері, үздіксіз жұмыс істеп келем. Содан бері адал еңбекпен, күн көріп жүрген адаммын. Басқа түгілі, айналамдағы бөгде адамдар да осы күнге дейін «Бұл періште ме?» –  деп таңырқайды. Мал дәрігері болып жүріп те, бір келі етті ақшасын төлемей, тегін алған емеспін. Осы жылдардың ішінде қолымда жинақталған квитанциялардың салмағы үш келіден асты.

Ешкімде үн жоқ. Бөлмеде шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнаған.

  • Мынаны да айтпай қала алмаймын, Николай Ефимович,

қарамағыңыздағы хатшылар мен менің орынбасарларыммен тарс-тұрс домино соғып отырғанда, Браунның Краснознамен ауданы, Калинин атындағы кеңшарында қой қорасы өртеніп, ішінде малды  құтқарамыз деп жүріп, қос бірдей жас азаматтардың тірідей жанып кеткені жөнінде хабар келді. Сол қаралы хабарды естіп отырып, қайғылы оқиғаға түк болмағандай:

  • Келесі жүріс кімдікі? – деп алақаныңыздағы доминоның тастарын

тықылдатып, ойынды жалғастыра бердіңіз. Қоғам малы үшін, құрбан болған сол адамдарға ең болмаса, ар тазалығы үшін, көңіл де айтпадыңыз.

Мүмкін қателесермін, себебі сіздің тарапыңыздан, әсіресе, облыстық партия комитетінің ұлттық құрамы дұрыс шешіліп жатқан жоқ. Мәселен, Балқашин аупарткомының хатшысы А.И.Пашков өзі маған жақын жолдас болған соң:

  • Мына Морозов қасындағыларды тыңдап, тізгінді тым бұра тартып

бара жатқан жоқ па? – деп екі мәрте құлақ қағыс жасады

Мені, егер білгіңіз келсе, бұл орынға пәленбай бір керемет еңбегім, шектен тыс қасиетім үшін емес, ең бастысы байырғы, жергілікті ұлттың өкілі, яғни қазақ болғаным үшін сайлаған.

Сізден халқыма қайырымдылық тілеп, жалынып, кішірейіп тұрғаным жоқ. Менің талап етіп отырғаным, біле білсеңіз – теңдікте. Сіз, тіпті Лениннің сөзімен айтсам, нағыз «ұлы державалық держимордаға» айналып бара жатырсыз. Мәселен, Балқашин, Вишнев, Макин, Ерейментау аудандарының  басшылығында, бірде-бір жергілікті ұлттың өкілдері жоқ. Қазақтарға келгенде жабылып қалатын есік, өзге ұлттарға, айқара ашылып кететінін түсінбеймін. Өз ұлтыңызды жоғары ұстап, біздің халқымызды  жаратылысыңыздан жек көресіз, – деді.

Әлден уақытта Морозов:

– Бұны айтып тұрған сен емессің, саған біреу айтқызып тұр, – деді.

  • Ау, Николай Ефимович, мені біреудің айтқанымен, айдауымен

жүретін дүмбілез деймісіз?! О не дегеніңіз?! Өмірімде сөзге ерген, өсек-аяң тыңдамаған адам болсам...

Осыдан кейін ешкім қарсы сөз айта алмады. Басы Морозовтың өзі болып, барлығы жабық бюродан томаға тұйық күйде тарап кетті.

 

 

***

 

 

Артынан Медетті жұрт тұс-тұстан құттықтап, далада да, көшеде де аяқ  бастырмады. Кейбір жолдастары  арнайы келіп, бетінен сүйіп: «Қапаланып күйіп жүруші едік, самал жел есті-ау. Жағдайымыз түзелер, құдайға шүкір,» – деп көздеріне жас алғандарын қайтерсің.

  • Өрескел кеткен Морозовқа қарсы шығар бір азаматтың

табылмағанына ызам келіп жүруші еді. Медет саған ризамын, рахмет! Әлдеқалай Мәскеуге сапарлап келе қалсаң, маған соқпай кетпе, – деп іле баяғы облпарткомның бірінші хатшысы Н.Е.Кручин телефон шалды.        Алматыдан жиналыс сайын кездескенде, бірге жүріп, жолдас болып кеткен, Шымкенттегі облыстық атқару комитетінің төрағасы С.А.Терещенко Морозовпен ара қатынасының шет жағасын білетін. Өзі қазақты жақсы көретіні соншалық, мақал-мәтел, есті сөздеріне елітіп, тамсана айтып жүретін. Ол да телефон шалып, қазақша: «Балдан тамады, бардан жұғады». Енді Морозовың ойланар, түзелер, – деп Медеттің онымен бюрода ашық сөйлескенін құптап, құттықтады. Бюро мүшесі, облыстық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал Ғ.Сейтқазиев та келіп, өңінде жылы шырай бар, қолын қысып тұрып:

  • Медет-ау, Морозовқа істеген қылығың ауыр болды-ау, – деп

жымиды. Көңіл-күйін, ішкі дүниесін ол кісі осылай білдірмесе, қалай білдіреді....

Сол жабық бюродан кейін, екінші күні Морозовты дәрігерлер носилкаға салып, ауруханаға алып кетті.

 

 

***

 

 

Көп ұзамай, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумына Медет барып, Қонаевтың қабылдауында болды. Димаш Ахметұлы бұрын оны «Медет» деп қарсы алып, арқасынан қағып, жылы ілтипат көрсететін. Бұл жолы салқын қарсы алған. Мына қарасына қарағанда, облыста өткен жабық бюродан бұл кісіге дұрыс мағлұмат жетпегенін білді:

– Димаш Ахметұлы, ең алдымен мені тыңдап алыңыз. Кейін кінәлі деп санасаңыз, еркіңіз білсін, − деді де баяғыдан жиналып қалған у, запыран жайдың бәрін жасырмай, түгел баян етті.

Біраз уақыт өткен соң, сөзін бөлмей, түгел тыңдап алып:

  • Медет, сенің бүгін маған кіргенің қандай жақсы болды. Мен көп

нәрселерден бейхабар екенмін ғой, –  деп алғашқы кірген беттегідей емес, көңілденіп, телефон арқылы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісіне:

  • Целиноград облысы, парткомындағы Тимошенко мен атқару

Комитетіндегі Шендриктердің шікірейгені шегіне жеткен жоқ па?... Соңғысын дереу пенсияға жіберіп, ананы  басқа жұмысқа ауыстыру керек, – деп табан астында нұсқау берді.

Ал, Морозов жөнінде ештеме айтпады.

 

 

Сегізінші  тарау

                             

                                                              

Медет: «Тегін білмеген тексіздікке апарады» деген  ұғымды есінен шығармайтын. Бірақ та рушылдықты, жүзге бөлінгендерді иттің етінен жек көрді. Қарға тамырлы қазақтың киелі қасиетінен айналайын! Ұлтымыздың атын көкке көтеріп, тектілік танытуға, өзгелерді бағалай білуге тырысты.

Сол себепті, бір-бірімізді руға бөлмей, кім болмасын, инабатты адал адам кездессе бауыр тартып, тұтас қазақ халқының көркеюі үшін, қызмет қылу қажет. Намыс қамшысын біртұтастыққа, іріткі салғысы келетіндерге қарсы аямай сілтеп, лағнет  айтуымыз керек. Қазақ ежелден сөзге тоқтаған халық. Атақты әділ билеріміздің сөздерін пір тұтамыз. Ал қазіргі ел басқарып жүрген көптеген лауазымды азаматтардың аузынан тәуір, жақсы сөздер айтылып, бұқараны соңынан ертсе, қане!

Билік басындағы ел ағаларының халыққа жаны ашитындай сиықтары жоқ. Бұл біздің кісі танымай, ел басқаруға өресі тар адамдарды қоюымыздан туындап отырған мәселе. Ұлттық кадр әзірлеу мәселесі ел қабырғасына батты.

Ертеде ер жігіттеріміз хандардан да қорықпаған, қаймықпаған. Тегі ұлы жүзден шыққан Балуаншолақ үрім-бұтағымен терістікте ғұмыр кешіп, патшаның отарлау саясатына, қара шекпенділердің қоқан-лоққысына наразылық білдіріп, керек жерінде тізесін батырып, кеудесін басып, кегін қайтарып, күшін көрсеткен, намысқой, сегіз қырлы бір сырлы жан еді. Осы өңірде еркелей жүріп, өзі халыққа қамқор болып, қолынан, әрі көмейінен бал тамған өнерімен халқын сүйсіндірген ғажайып тұлға. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз. Қай қазақтың баласы оған бас имес? Әнін тыңдамас. Оны жүзге, руға, бөлуге бола ма?

Осал ұлт емес екенімізді, басқа халықтармен тереземіз тең екенімізді, қысылтаяң заманның өзінде еңбегімен, тілімен, тұңғиық білімімен халқының асқан қасиеттерін бүкіл әлемге таныта білген данышпандарымыз − бәрімізге ортақ мақтаныш.

Біздің киелі топырағымыздан жаралған Әл-Фарабиден бастап, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейхан т.б. ғұламалар халықты жүзге, руға бөлмеген. Ұрпақтарының келешегін ойлап, бастары жастыққа тимей, көбі ел үшін, қуғын-сүргін заманда құрбан болды.

Адамзат өркениетіне қосқан үлесімізді, тіпті ғарышқа дейін шығандап кеткенін, кешегі дала цицерондарының ғажайып көріпкелдерін, олардың ұрпағына қалдырған шешендік сөздерін жатқа айтып, бүгінгі жас ұрпақты  ойландыратындай, мәдениет байлығымыз, ой-өрісіміз шалқып жатқан жоқ па?

Әрине, төрт аяқты ат та сүрінеді, оның қасында екі аяқты адам кем-кетіксіз болмайды. Бірақ қазіргі ең басты мәселе – өз елімізде, өз жерімізде өзіміз билік жүргізуге тиіспіз.

 

 

***

 

 

Жабық бюродағы тайталас көп ұзамай, өзінің нәтижесін бере бастады. Алдымен билікке әбден бауыр басып алған бірінші орынбасары Шендрик демалысына жіберілді.

– Тимошенконың пенсияға шығуына төрт-бес-ақ ай қалды, ренжімесең, істей тұрса қайтеді? – деп оған әлі де болса іш тартып, Морозов Медетке келіп рұқсат сұрады.

Арада біршама уақыт өткесін, КПСС-тың Орталық комитетінен арнайы келген адамдардың қатысуымен түстен кейін  болатын  жабық бюроның алдында Морозов елге, өзіне  көрсеткен келеңсіз қылықтары  жөнінде, кеш те болса, кешірім сұрап, оның алдына келді.

  • Николай Ефимович, мен сіздің қылықтарыңызды қалай кешірем?

Сіздің маған, елге қылған зорлық-зомбылықтарыңызды кешірсем, ел-жұрттың бетіне қалай қараймын? Менің орнымда өзіңіз болсаңыз, қалай қарар едіңіз? – деді.   

  • ...Түсінемін, түсінемін. Менің бір жіберген қателігім – сенің аңшы,

саятшы екендігіңді елемегендігім болды, – деді.

Тап осы тұста, Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов Медетке келіп:

  • Азуын айға білеген  облпарткомның бірінші хатшылары облатком

төрағаларын орындарынан қуып жатқанын естуші едік, ал, облатком төрағасы бірінші хатшыны қууы партия тарихында болмаған шаруа. Сірә, оны  бұлтара алмайтын дәйектермен соққансың ғой, – деп күлді.

Облыстың бірінші хатшысы болып сайланған А.Г.Браун мен Қонайұлы алғашқы күннен бастап, баяғы жабық бюрода болған проблемалар жөнінде әңгіме қозғап жүрді. Байырғы ұлт өкілдері қазақтардың бүгінгі хал-ахуалы жөнінде ашық сөйлесіп, көп мәселелердің басын ашты. Содан бастап көптеген аудандардағы екі басшының біреуі қазақ кадрынан қойыла бастады.

Алматыда идеология мәселесі бойынша өткен бір пленумда:

  • Біртұтас қазақ елінде де, немістің автономиясын құрып, жергілікті

халықтың берекесін қашырып, Ерейментауды орталығы қылу кімге керек еді?

Браунға Медет дәл осылай төбеден қойғандай, қағазға жазып беріп, пленумның мінбесінде өзіне айтқызды. Бүкіл қазақ интеллигенциясының ризашылығы, осы мәселелер төңірегінде әлеуметтік маңызға ие болып, оның бүйрегін қазақ халқына еріксіз бұрғызды.

1986 жылғы желтоқсанның орта кезінде ЦК-ның  ұйымдастыру пленумы болды. ЦК КПСС-тің хатшысы Г.П.Разумовский қатысты. Ол төрт-бес минуттың ішінде Дінмұхамед Ахметұлын қызметінен босату жөнінде саяси бюроның шешімін оқып, Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшылығына Колбинді сайлады.

Бұл қызметке жергілікті басшылардың  сайланбағанына қазақ азаматтары риза болмады. Жаңа хатшы жұртқа бірден  қораш көрінді.

Қазақстанды қырық төрт жылдан астам басқарған ел ағасы Д.А.Қонаевқа жарты сағат та көңіл бөлмеді. Өлшеусіз адал еңбегі әділ бағаланбады. Оның үстіне, осындай кең-байтақ елде Қонаевтың орнын басар ұл тумады, ондай дәрежеге лайық адам енді жоқ дегенге кім  сенер?! Республикадағы сегіз жүз мың коммунистердің ішінен бірде-бір азамат табылмады дегенге намыстанып, әрі ұлттық мәселелерді көтеріп, Орталық комитеттің алдындағы алаңға халық көтерілді.

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған