Адам қарады: 115 | Жарияланды:

ЖҰМА СӘЛЕМ

№32

 

Қарға келіп қарқ етіп,

Қалқып ішіп – ол кетті.

Көбелек кеп күмп етіп,

Көлкіп ішіп – ол кетті.

Сауысқан кеп саңқ етіп,

Сарқып ішіп – ол кетті.

                     (Ауыз әдебиетінен)

 

 

«Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқор-лыққа қарсы күресті күшейту керек».

(Нұрсұлтан Назарбаев)

 

Есейген ұлы әкесінен:

– Папа, – депті, – филиал деген не?

– Бала кезіңде отырған горшок есіңде ме?

– Иә, иә...

– Ендеше былай: сол горшок біздің үйдегі унитаздың филиалы.

(Қазіргі заманның қалжыңы)

 

Қарқылдаса бүгінде Қарғаларың,

Қол соғатын қауымға таң қаламын.

Бәйге алатын Сәйгүлік, Арғымақтар

Байбатшаның сүйреді арбаларын.

 

Көлдің суын көбелек тауысқанда,

«Зам» болып жүр Самұрық Сауысқанға.

«Әй!» дейтұғын әже жоқ,

Әмпейлерің

Жәмпейлердің орнына ауысқанда.

 

Қырнап жейді қазанды қаспағымен,

Қоса жұтар сиырды баспағымен.

Ым-жымы бір

Ындыны құрығандар

Пойызды да жалмайды «составымен».

 

Обыр, жемқор обалға қарасын ба,

Бармақ басты, көз қысты – санасында.

Менің елім мешкей боп бара жатыр

Унитаз бен горшоктың арасында. 

 

№34

ЖҰМА СӘЛЕМ

 

Еліміз егемендік алған жылдары бір ағамыз:

– Бар екен де,

Жоқ екен.

Аш екен де,

Тоқ екен! – деп ырғайлы далада ыңылдап келе жатса, тұзаққа түскен бейбақ қоян кезігіпті. «Бұ неғылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?!» деп тірі қоянды үйіне әкеледі де:

– Бәйбіше, – дейді қуанып, – бүгін аузымыз аққа титетін болды! Мә, мынаның терісін сыпыр да, ыстық сорпа жаса!

Әйелі:

– Тұз жоқ! – дейді.

– Ендеше қуыр.

– Май жоқ!

– Енді қайттік?

– Онда қоянды қорламай қоя берейік.

Бостандық алған боз қоян:

– Тәуелсіз Республика жасасын! – деп зыта жөнеліпті.

(Қазіргі заманның қалжыңы)

“Қайната бер қара су күнде мейлі,

Кекірте ме бір қоян кіл кедейді?”

Деп сұрап-ем көктегі көкелерден,

Аузын буған өгіздей үндемейді.

 

Мафияны жабылып жоя алмады,

Жоямын деп қоймайтын ноян ба әлгі?

Жинап алған секілді жоғарыға

“Жасасын!” деп қашатын қояндарды.

 

 

№36

 ЖҰМА СӘЛЕМ

 

Дәрігер бір кісіден:

– Сіз түс көргенде тісіңізді қайрайсыз ба?  – деп сұрапты.

– Жоқ!

– Шын айтасыз ба?

– Әрине!

– Шырт ұйқыда жатып оны қайдан білесіз?

– Қарағым-ау, мен түнде тісімді стақанға салып қоям.

(Қазіргі заманның қалжыңы)

 

Баласымын қаны бар байрақты елдің,

Сатираның «сартісін» қайрап келдім.

Стақанға салулы

Азу тісі

Біз жақтағы бірталай қайраткердің.

 

 

 

№37

 ЖҰМА СӘЛЕМ

 

Шекесіне шеге қақса кірмейтін бір шенеунік диссертация жазды. «Сегізді екіге бөлсең төрт болады» деген «жаңалық» ашып, «кандидат наук» атанды да, көп ұзамай докторлық қорғады. Тақырыбы – сол баяғы «Сегізді бөлу». Ашқан жаңалығы екеу:

1. Сегізді көлденеңінен қақ бөлсең, екі «нөл» шығады.

2. Егер сегізді тігінен бөлсең, екі «үш» шығады.

(Қазіргі заманның қалжыңы)

 

Шенеуніктер несіне жан қинапты?

Атақ қуып, ғылымды аңди қапты.

Әл-Фараби ашса да көп жаңалық,

Қорғаған жоқ ол бірақ кандидатты.

 

Бөкейханов бітірген көп тірлікті,

Көсемсөзден көреміз өткірлікті.

Атақ үшін алысса «Алашым!» деп,

Көздеген жоқ ол неге докторлықты?

 

Мынау күліп қараса, анау күліп,

Ғалымсымақ жандарда бар-ау былық?

Қайран ғылым,

Қашты ма қасиетің

Жыртығына жамаса ол жамау қылып?..

 

 

№44

 ЖҰМА СӘЛЕМ

 

Менің кемшіліктерімді кім көрсетсе, сол – менің ең сүйікті адамым.

                                                       

  (Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбармыздың сүйікті сахабаларының бірі халифа

Омардың айтқаны)

 

«Ұлтыңның болмасаң да ұйытқысы,

Билікте отырсың-ау, биік кісі!»

Деп біраз кемшілігін бетке бассам,

Мен оның бола алам ба сүйіктісі?

 

 

 

№59

ЖҰМА СӘЛЕМ

 

Осы бір «ъ» әріп тыңшыдан аумайды. Тіміс-кілеген немені кейбір жағдайларда керек демесеңіз, тіпті айналып өтуге де болады. Бірақ оның мұрнын тықпайтын жері жоқ.

(А.С Пушкин)

 

Түсіндірме: Пушкин заманында «ъ» әрпін көптеген орыс сөздерінің соңына тіркеп қою сән болған.

 

Осы әріптің ерекше есімі жоқ,

Кірмейтұғын әйтсе де тесігі жоқ.

Орысша аты – «Твердый знактың»

Аузының салымы бар, несібі көп.

 

Таразылап тарихым пысықтарды,

Пайдасы жоқ әріпті қысып та алды.

«Санктъ-Петербург» сапында болып еді,

Орын таппай ол жерден түсіп қалды.

 

Таразылап тарихым пысықтарды,

Пайдасы жоқ әріпті қысып та алды.

Барып еді «Ведомостъ» деген жерге,

Келе-келе одан да түсіп қалды.

 

«Подъезде» мен неге жүремін деп,

«Разъезге» ұмтылды кіремін деп.

Мансап қуып масқара-ай,

Осы қуың

Орын тапты «Съезден» Кремль кеп.

 

Қалмаса да қарайып ізі хатта,

Ілінген жоқ басбұзар бұзық атқа.

... Съездерді басқарған кей дөкейді

Ұқсатамын «Твердый знакқа».

 

 

 

№64

ЖҰМА СӘЛЕМ

 

Зиялы деп жүргенің

Мұжық болып шығады.

Биязы деп жүргенің

Бұзық болып шығады.

 

* * *

Пара алмайтын адам пара алатын орынға бара алмайды.

 

* * *

Судьяға біреумен барма, бірдеңемен бар

                                  (Қадыр Мырза-Әлі)

 

Заңдардың орындалмауы мемлекеттің қауқар-сыздығы мен қоғамның кеселдігін көрсетеді.

                                        (Расул Ғамзатов)

 

Атқа мінерлері көп елде заңнан ауытқу көп болады.

                               (Сүлеймен Пайғамбар)

 

Заңдар өрмекшінің торы сияқты: әлсізді шырмағанмен күшті түскенде сетінеп кетеді.

                               (Соломон данышпан)

Заңдар проблемаларды шешу үшін жасалмайды, соларды шатастырып оны әркім өз пайдасына жарату үшін жасалады.

                               (Пауло Коэльо)

 

Егер сен барлығында заң арқылы реттеуге болады деп санасаң, онда Афинаның барлық еркектері ат болып кетсін деген заң шығаршы.

                               (Сократ)

 

Мафияның білемін тайынбасын,

Шарадай боп барады шайыр басым.

Он жыл бұрын былайша зарлап едім,

Табасыз ба өзгерген айырмасын?

 

 

 

 

 

 

Айтсам дауысым

жетер ме?

 

Әй-әй, заман, әй, заман,

Мына заман қай заман?

Саббас кетсе Жаппас бар,

Сайтанға шайтан сай заман.

Бабалардың басынан

Өттң талай зар заман,

«Азулыға бар заман,

Азусыға тар заман».

«Әр патшаның тұсында

Бір сұрқылтай» дегендей,

Сұрқылтайын өзінің

Туғыза ма әр заман?

Қашқанын көріп қоянның

Түңілесің қалжадан.

Зар илетпей заманды

Бұғау салар бар мазаң?

 

Қопаңдатып құйрықты

Қорқытпайтын «түрме» деп,

Жердің дауы бір бөлек,

Жесір дауы бір бөлек.

«Ала жібін біреудің

Аттап кетіп жүрме!» деп,

Бабы күшті баяғы

Бабалардан қалған заң.

 

Бабы күшті баяғы

Бабалардан қалған заң.

Алаяқты аттатпай

Аяғынан шалған заң,

Кең көмейлі жемқорды,

Кеңірдектен алған заң.

Дүниеден өттің бе

Дүбірлетіп жалған заң?!

 

Көзі таймас көкемнің

Көзін дереу ойған заң.

Оя салып ойпыр-ай,

Орнына көзін қойған заң.

«Жемейтіндер шынында

Жер астында жүр екен,

Не қылсаң да о қыл!» деп

Өз заңын өзі жойған заң.

 

Заң туралы зар илеп

Айтсам даусым жетер ме?

Саңырауға айтқандай

Сарнадым ба бекерге?

Бір заңымды биле деп

Айтайын ба екі елге?

Көп заңымды көкпар ғып,

Әркім тартып кетер ме?

Шырмауықтай шырмалып

Бір-бірімен баттасқан,

Тоғыз қабат торғауыт

Мафияға өтпес заң.

Тон кигізіп сабайтын

Ештеңе де етпес заң.

Күннен күнге күшіктеп,

Көбейсе де жетпес заң!..

 

Артық-ауыз айтпа деп,

Аузымызды жапқан заң.

Еңіреп туған ерлерге

Қара күйе жаққан заң.

Қауқары жоқ қарттарға

«Әрі жүр!» деп айтқан заң.

Кінәсін дереу мойындап

Райынан қайтқан заң.

 

Сиыр ұрлап жегенді

Бір күн қамап баққан заң.

Бір кесе сүт ішкенді

Он жылға айдап жатқан заң.

Қыстыкүнгі қыраудай

Күн жылыса – аққан заң.

Айтып-айтпай не керек,

Мынауский қатқан заң!.. 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған