Адам қарады: 140 | Жарияланды:

АЙТСАМ ДАУЫСЫМ ЖЕТЕР МЕ?

Әй-әй, заман, әй, заман,

Мына заман қай заман?

Саббас кетсе Жаппас бар,

Сайтанға шайтан сай заман.

Бабалардың басынан

Өттң талай зар заман,

«Азулыға бар заман,

Азусыға тар заман».

 

«Әр патшаның тұсында

Бір сұрқылтай» дегендей,

Сұрқылтайын өзінің

Туғыза ма әр заман?

Қашқанын көріп қоянның

Түңілесің қалжадан.

Зар илетпей заманды

Бұғау салар бар мазаң?

 

Қопаңдатып құйрықты

Қорқытпайтын «түрме» деп,

Жердің дауы бір бөлек,

Жесір дауы бір бөлек.

«Ала жібін біреудің

Аттап кетіп жүрме!» деп,

Бабы күшті баяғы

Бабалардан қалған заң.

 

Бабы күшті баяғы

Бабалардан қалған заң.

Алаяқты аттатпай

Аяғынан шалған заң,

Кең көмейлі жемқорды,

Кеңірдектен алған заң.

Дүниеден өттің бе

Дүбірлетіп жалған заң?!

 

Көзі таймас көкемнің

Көзін дереу ойған заң.

Оя салып ойпыр-ай,

Орнына көзін қойған заң.

«Жемейтіндер шынында

Жер астында жүр екен,

Не қылсаң да о қыл!» деп

Өз заңын өзі жойған заң.

 

Заң туралы зар илеп

Айтсам даусым жетер ме?

Саңырауға айтқандай

Сарнадым ба бекерге?

Бір заңымды биле деп

Айтайын ба екі елге?

Көп заңымды көкпар ғып,

Әркім тартып кетер ме?

Шырмауықтай шырмалып

Бір-бірімен баттасқан,

Тоғыз қабат торғауыт

Мафияға өтпес заң.

Тон кигізіп сабайтын

Ештеңе де етпес заң.

Күннен күнге күшіктеп,

Көбейсе де жетпес заң!..

 

Артық-ауыз айтпа деп,

Аузымызды жапқан заң.

Еңіреп туған ерлерге

Қара күйе жаққан заң.

Қауқары жоқ қарттарға

«Әрі жүр!» деп айтқан заң.

Кінәсін дереу мойындап

Райынан қайтқан заң.

 

Сиыр ұрлап жегенді

Бір күн қамап баққан заң.

Бір кесе сүт ішкенді

Он жылға айдап жатқан заң.

Қыстыкүнгі қыраудай

Күн жылыса – аққан заң.

Айтып-айтпай не керек,

Мынауский қатқан заң!..  

Қазақ тілінде жазылған