ДЕЙМІСІҢ
Тұрмыстық пародия
(Ақтамберді жырауша)
Қай қоғамды алмаңыз,
Нарықсыз ғой деймісің?!
Базар мен жер атаулы,
Салықсыз ғой деймісің?!
Тауары үшін коммерсант,
Арын сатпас деймісің?!
Күні үшін бұл қазақ,
Малын сатпас деймісің?!
Доллар үшін қыз-қырқын,
Тәнін сатпас деймісің?!
Өтірікші, залымдар,
Жанын сатпас деймісің?!
Сауда жасап бұл халық,
Қарық болар деймісің?!
Білім қумай — болашақ,
Жарық болар деймісің?!
Ел басқарған басшылар,
Дана еді ғой деймісің?!
Жетім-жесір, халыққа,
Пана еді ғой деймісің?!
Билікті де әкімдер,
Сатып алмас деймісің?!
Шығып кеткен шығынды,
Қайтып алмас деймісің?!
Ұл-қызымыз оқуға,
Өзі түсер деймісің?!
Талантты ұлға ұстаздың
Көзі түсер деймісің?!
Кәмелетке толмаған,
Қыз тумайды деймісің?!
Үй едені қысты күн
Сыз болмайды деймісің.
Адал жүріп, тік тұрсам,
Ат мінгізер деймісің?!
Шындықты айтсам — кемшілік,
Сап түзелер деймісің?!
Осы сыннан қадірім,
Аса қояр деймісің?!
Газет-журнал таласып,
Баса қояр деймісің?!
***
Осыны ойлап қайтейін,
Суып кетед кейде ішім.
Тұрмыстық пародия