Адам қарады: 126 | Жарияланды:

ҚАТЫН-ҚАЛАШ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ

Менің Нәнәу деген досым бар. О баста Құдай оны тыңдау үшін емес, сөйлеу үшін жаратқан. Сондықтан ол отырған жерде әңгіме айтамын деп дәмеленбей-ақ қойыңыз. Оныңыз түбі жоқ шелекке су құйғанмен бірдей болып шығады. Соған қарап Жаратқан Жаббар Ием оған құлақты текке берген бе деп қаласыз. Оның білмейтіні– жеті қат көк пен жеті қат жер астында. Әсіресе әйелдер тақырыбына келгенде алдына жан салмайды.

Осы қасиетін елеп-ескеріп, оған «қатын-қалаш ғылымдарының докторы» деген атақты қорғатпай-ақ бере салу керек. Нәнәудің тағы бір жақсы қырын айтпай кетуге болмайды. Ол біреуге сауал қойса, оның жауабын сарыла күтіп тұрмайды. Оған оның уақыты да, төзімі де жетпейді. Бет-әлпетіңе, көзіңе бір қарайды да өзі жауап береді. Кеше көшеде Нәнәу жолығып қалды. Аман-саулық сұрап едім, ол оған көңіл аударған жоқ. Сосын екі құлағымды «іске қосып» тұра қалдым.

– Көңіл-күйің жоқ қой, бауырым. Түрің өрт сөндіргендей. Үйдегі құрдаспен «ырылдасып» қалғаннан саумысың? Айтпай-ақ қой, бәрін біліп тұрмын. Баяғыда ата-бабаларымыз: «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деуші еді. Қазір шашы да қысқартуға ілініп кетті ғой.

– Ж-о-о-қ, олай емес, – дей беріп едім, сөзіме құлақ аспастан ары қарай лағып кетті.

– «Үйленсең – өзің құрисың, үйленбесең – тұқымың құриды» деген рас сөз. Тұқымың үшін басыңды тауға да, тасқа да ұруға тура келеді. Бұл еркек байғұс бойдақ кезінде бойжеткеннің жүрегін жаулап алады да, сосын өмір бойы тәуелсіздік үшін күресіп өтеді. Баяғыда бір данышпан: «Қалайда үйлен, егер жақсы жар кездессе, бақытты боласың, ал жаман жар кездессе, философ боласың» деген екен жарықтық. Қазір бақыттан басы айналып жүрген еркек «Қызыл кітапқа» енген. Ал философ еркектерден аяқ алып жүре алмайсың. Бір тас лақтырсаң, екі «философтың» басы қанайды.

– Бауырым, мынауың... енді былай...

– Жоқ, сен қысылма. Мынау сен де, мен де, анау кетіп бара жатқан еркектердің бәрі де философ. Сен оған қапа болма.

– Ренжіме, мен кетемін...

– Кеткенде қайда барасың? Әйеліммен ажырассам, өмірім жұмаққа айналады деймісің. Бір «ұстаздан» кетсең, екіншісі бір философия «профессорына» жолығасың.

– Сен мені түсінбей тұрсың...

– Оның түсінетін несі бар?! Әйел – мейрамханадағы тағам сияқты. Мысалы, сен даяшыға бір тағамға тапсырыс  бересің. Ол тапсырыс берген тағамды алып келеді. Сен бір-екі рет ауыз тиіп көресің. Алғашқыда дәмі тіл үйіреді. Асқазанға «ел қонғаннан» кейін әлгі тағамды жемек түгіл, «бетіне» қарай алмай қаласың. Атам қазақ: «Тоқ адам қазанға жеркеніп қарайды» деп текке айтпаған. Сосын көршіңнің тағамына көзің түсіп, тәбетің тартады да отырады. Солай емес пе? Әлде мен өтірік айтып тұрмын ба?

Мен оны құптамай, құтылмасымды білдім.

– Солай..

– Міне, азамат! Осылай бір-бірімізді рухани жағынан демеп тұрмасақ болмайды. Әйтпесе еркек атаулы жүнжіп, екі қолын төбесіне қойып, безіп кетпей ме?! Айтпақшы, әйелің қыз кезінде қандай еді?

– Өте биязы болатын.

– «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» дегендей, әйелдердің бәрі қыз кезінде хор қызындай болады. Ең алғаш танысқан кезде үнін ести алмай қор боласың. Ал тұрмысқа шығып, бір-екі бала тапқаннан кейін оның дауысын Бетпақ далада жүріп еститін боласың. Ал жақсы, бауырым, сен оған қапа болма! Өмір солай, өмір солай, се ля ви. Мен асығып тұрмын. Қайным әйелімен қырық пышақ болып ұрсысып қалыпты. Бармасам, болар емес.

Қазақ тілінде жазылған