АҚША ТҮСКІР АРТЫҢА ҚАРАТПАЙДЫ
Фельетон
Ойымды от қылып, танымды таба етіп, қиялымды қыздырып көрейін. Оған тағы миымды майонез, толғанысымды томат қылып қатайын. Не шығар екен? Дым болмағанда «Свежи салат» шықса, кешке айт дастарханына ала барармын.
Адал ас ішіп, адамдықты сақтаудың орнына арам ақшаны асап-асап, ар-ұяттан жұрдай, адамдықтан тырдай болған кезіміз. Ормандай ораған орыс та емес, қарақұрттай қаптаған қытай да емес, бізді иттер империясы отарлап алған. Төбеттер династиясының дәуірлеп тұрған тұсы.
Біріңді төбет бірің дос
Көрмесең істің бәрі бос.
Міне, ұраны осы. Көшеде келе жатсаң, әрбір билбордта осы сөздер. Лаулаған лауазымдарда Төбет тұқымдары ғана. Қарнымен жер сызған қанденді айтып аузымды ауыртпай-ақ қояйын, паңданған питбулің де, дөңайбат доберманың да, балпиған бульдогің де биліктің маңайына жолай алмайды. Оларды қойшы, кешегі әпшәркілер ашқан соғыс уағында мәжбүрлеп көшірілген келімсектер ғой. Осынау тұғырлы мекеннің төл тұрғыны тазы мен арсалаңдаған алабайды айтсаңшы. Сайын далада сандалып жүре берген. Билік кімде? Есте жоқ ескі заманнан өз әмірін жүргізіп келе жатқан төбеттерде. Сондықтан тазы мен алабай бірігіп «Иттік құндылықтар» атты партия құрып, оппозицияға кеткен. Бұл елдің тілі Еуразиялық үрулік топқа жатады, оның ішінде Алтай-Атырау тармағы.
Билеуші тұқымнан болмағанына өзге ит баласы өкінетін заман. Төбет болмай төбеге шықпайсың. Бірақ, сол асыл тұқымнан болудың түкке де керегі жоқ. Өйткені халықтың жағдайы жаман емес, әрбірінің ауласында бір-бір адам байлаулы, қорасын қориды. Өздері бізді дене-тұрқымызға қарай «алпауыт», «орта» және «тапал» деп пародаға бөліп тастаған. Нәсілімізге қарай «сары адам», «қара адам» деп жіктейтіні тағы бар.
Дәуір алмасса, сөз де өзгереді екен. Ендігі мақал-мәтелдің сиқы мынадай. «Адамға темір не керек», «адамның ішіне сары май жақпайды», «жақсы адам өлігін көрсетпейді», «адам да иесіне тартады», «адамды бөбегім десең, аузыңды жалайды», «адамның айғайласқаны – амандасқаны», «адам адамды жұмсайды, адам құйрығын жұмсайды», «ит туған жеріне, адам тойған жеріне», «қазаннан қақпақ кетсе, адамнан ұят кетеді», «адам не жесе, соны құсады», «адамның табаны қышыса, керуенге ереді», «аш адамның артын сұқ адам ...», қысқасы сондай-сондай. Итекеңдер бұдан ғибрат алып, ой түйіп жатады, ал адам байғұс сөз түсінуден қалған. Алдындағы табаққа құйған жуындыға мәз, жата қап аунай кетіп, иесіне жағынудан басқаға ақылы қалмаған. Аулаға бөгде үйдің адамы кіріп кетсе, өршелене айғайлап, қарғыбауын үзіп кете жаздайды. Ал сырттан кірген бөтен ит «мынау мені қауып алмас па екен» деп әлгі адамнан қорқып, үйге имене жақындайды. Мына бір үйдің адамымен бұрын жақсы араласқанбыз. Есімі Төлебек болатын, қазір Ақтабанның адамы, иесі оны «Толик» деп шақырады. Өзі сондай бір адамға ерекше қамқор ит, Толикке екі күнде бір донер-кебаб жегізіп тұрады. Ана-а-а бір үйдің адамы қабаған. Көрші тұратын иттің бәрі біледі оны. Ол үйге артық-ауыс бас сұқпайды. Оның аты Федотов, ол аулада одан өзге тағы екі адам бар, Әбілова және Ағаділов деген. Бұл үшеуі бодандыққа дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Павлодар облыстық инспекциясының шенеуніктері болған деседі. Адам адам боп тұрған кезде «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген қаражатты өзара бөліске салып, миллиондап жұтқан көрінеді. Содан қалған әдет болса керек, бұл күні де үшеуі жуындыға таласпай, тату-тәтті бөлісе ішіп жүріп жатыр.
Өзеуреп отырған өзім де ... Қой, құрысын, өз қиялымнан өзім шошып кеттім ғой. Десе де, жаңағы үшеуін-ай. Іс-сапарға бөлген болып, қаржыны қақыратқан. Миллион миға пайдалы деп ойлаған-ау? Тыныштығы талан-тараж болып, жұтқанын қайта қотаратынын білмеді десем, бұл сөзіме өзім де сенбеймін. Ақша артыңды ойлатпайтын шығар, алайда дәл осы қарқынмен шенеуніктеріміз жей берсе, не боламыз? Қойсаңдаршы! Тыныштық керек, айналайын. Итке бодан болмасақ та, иттен бетер біреуге құл болып қалсақ, сонда неңді жейсің, байғұс-ау?!