НЕСІ БАР ДЕЙМІН-АУ!
Фельетон
Қызық-ей. Таңғалмайын десең, болмайды ғой. Адамы бірінің үстіне бірі шығып кете жаздап сығылысып, бір жағына қарай ауып кетуінен Құдайдың өзі сақтап, ырғалып келе жатқан автобусқа кіріп алады да, халықаралық рейс ұшағының «үлде мен бүлде» класына мінгендей, өзіне жағдай тілеп, жайлылық іздейді. Әсіресе, осы қылықты әйелден және әйел мінездес еркектен көп көрдім. Біреудің шынтағы тиіп кетсе, бүйі шаққандай баж ете қалатынын қайтерсің. Қызық екенсің, өйтетінің бар – мінбе қоғамдық көлікке! Жағдай тілейсің бе, таксимен жүр. Ал ақшаңды таксиден аядың ба, онда сол автобустың есігінен өткеніңе разы бол да, қысылысып-қымтырылып тұра бер.
Рас енді, қоңылтақсыған иіс мұрныңа ұрған кезде қоламта иісін аңсап кететінің бар. Маған неғыл дейсің, осында кірмей тұрып, білдің емес пе іште не болып жатқанын? Қоғамдық көлікпен күнде жүресің, бірінші рет емес, біле тұра жапа-тармағай жұртпен жағаласып жүріп, мініп алдың. Мына кісінің жасы үлкен екен, жол берейін дедің бе? Жо-оқ, бетің бүлк етпей алдын кесіп кеттің. Сенсіз де адамы топырлап жатқан жерге еніп аласың да, анау-мынау дейсің. Білесің, сол аптобыста не болып жатқанын. Мәселен, бір бойжеткен мен тура көк желкесінде пысылдап тұрған ағай арасында мынадай әңгіме жүреді:
– Желкеме үрлемеңізші!
– Қалай?
– Былай міні, «һуу» деп.
– Мен олай істеген жоқпын. «Үһ-һ-һ» дедім.
– А, онда кешіріңіз.
Басқа бір тұста да қыз бен жігіт тілдесіп қалды:
– Құлағыма сыбырламаңызшы!
– Мен өзіммен-өзім сөйлесіп тұрмын.
– Сөздеріңіз жаман ғой, өзіңізді-өзіңіз боқтап тұрсыз ба?
– Аузымның «настройкасы» кетіп қалыпты.
– Ол ғана емес, гигиенасы да кетіп қалған-ау. Аузыңызды терезе жаққа қаратып, «переустановка» жасаңызшы.
Артқы жақтан да бір әйелдің даусы шықты:
– Мынаны оятыңыздаршы, үстіме жатып алып...
– А, мен бе? Қалғып кетіппін.
– Бақандай бес аялдамадан өттік, тұратын түріңіз жоқ.
– Жұмысқа жеткенше көз іліп алайын деп... соңғы күндері ұйқым шала болып жүр.
– Түс көрмедіңіз бе?
– Иә, көрдім.
– Айтып беріңізші.
Сөйтіп жатқанда жүргізуші жақта тұрған келіншек баж ете қалды:
– Ойба-а-ай!
– Не боп қалды?
– Шопыр қайда? Бағанадан бері аптобысымыз шопырсыз жүріп келе ме?
Осы сәтте бойы бір метр, басында тұмсығы ұзын кепкісі бар бозбала құлағының тығындарын алып жатып:
– Ол бағана шәй ішем деп түсіп қалған, – деді марғау күйде.
– Соны көріп тұрып неге үндемедің енді?
– Ойыма келмепті.
– «Вот» топас. Мезетінде айтсаң ғой, біз де түсіп, шәй ішетін едік.
Осындайларға қайран қаламын. Тура мемлекеттің қызметіне жайғасып, мемлекетке қарсы жұмыс жасайтын жемқорларға ұқсап кетеді ше. Бүйтіп істі боп, ұсталады екен, жиған-тергені желге ұшады екен, өмір бойы сол салада тер төгіп, тәжірибе жинап несі бар деймін-ау. Анау, ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Өрлеу» ұлттық орталығы Алматы облыстық филиалы Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Х. Дүйсебаев ше? Ғимаратты заңсыз жалға беріп отырған. Бір емес, екі емес, жүйелі түрде. Жұрттың кіріп-шығып жүрген ғимаратын майшелпек қылып але-е-еп, сорып отырған ғой. Осылайша, кезекті бір рахатқа батайын деп, асхананы келісімшартсыз жалға беріп, 200 мың теңге пара алып жатқанда... Әттеген-ай! Түгел есептейтін болсақ, тәуелсіз еліміздегі жемқорлықтың дамуына қосқан үлесі миллионнан асатын шығар-ау. Жүйелі жұмыс істегіштің тағы бірі Алакөл аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Н. Артықбаев болып шықты. Ол параны жай алмай, қорқытып алады екен. Үшарал қаласынан біреуге жер әпермекші, алғаны 150 мың теңге. Ой, Тәңірім-ай! Жемқор, парақор болатынын, сөйтіп жүріп, құрыққа түсетінін жақсы ұғып, мемлекеттік қызметке неге барады екен? Сығылысып, жағдайының болмайтынын жақсы түсініп, қоғамдық көлікке неге мінеді екен? Ә-ә-әй, жұмырына жұқ болмайтын пенделер-ай!