Адам қарады: 258 | Жарияланды:

ПЕРІШТЕ

киносценарий

 «Заңсыздық көбейіп, көптеген

 адамның бойында мейірім азаяды».

             Иса пайғамбар.

(Матфей жазған Інжіл. 24,12)

Күзгі уақыт. 1961 жылғы қараша айының бас кезі. Семей ядролық полигонындағы жарылыстың деректі көріністері. Даланың жарылыстан өртеніп жатқан көрінісі көркем суретке ұласып, Газ-53 машинасымен келе жатқан жас ата-ана экранға шығады. Қолындағы құндақтаулы балаға мейірлене қараған әйелдің жүзі нұрланып, қасындағы жігітке қуана қарап қояды.

 

-Сонымен, ұлымыздың атын кім деп қоятын болдық?

Жігіт те қуанып келеді. Келіншегіне күле қарап, масаттана тіл қатады. 

-Кім деп қойса да шал-кемпір біледі. Пошташы ағайдан ұлды болдық деп айтып жібергенмін. Ертең қырқынан шығарады, әкем азан шақырып, атын өзі қояды.

Әйел күйеуіне бір, қолындағы баласына бір қарап алып, қиялға берілгендей, өз ойын айтып келеді.

-Ал, мен жаңа заманға лайық әдемі ат қойсақ па деп ойлап едім.

Жігіт қулана күлімсірейді.

-Қандай? Биыл ғарышқа адам ұшты, соның құрметіне Гагарин деп қоямыз ба? Әлде Ғарышбек дейміз бе?

Әйел жорта бұртия қалады.

-Қойшы, сен. Сондай да ат бола ма екен!

Күйеуі сақылдап күліп алады.

Ойнап айтамын, соған да ренжіп қалдың ба!

Күйеуіне еркелей қараған әйелдің екі көзі кенеттен бақырая қалып, жүзінде үрей пайда болады. Басын еңкейтіп, баласын кеудесіне қысып, көкжиекке шошына қарап қалған. Тұншыға тіл қатады.

-Анау... Анау не пәле?!

Күйеуі мойнын бұрып қарап үлгереді, сол замат жалқын-сары боран ба, басқа ма – әйтеуір алапат қуатты сұрапыл күш машинаны домалатып әкетеді. Экранды сарғылт боран басып кеткен... Боранның арасында баласын бауырына басып, ышқына шыңғырған әйелдің, екеуін қоса құшақтамақ болған күйеуінің бейнелері алма-кезек ауысып, шыр айнала береді...

 

*          *          *  

            Аспаннан аппақ болып ағып түскен бір сәуле ақ қанатты періштеге айналып, сәбиді аялай көтеріп алады да Дегелең тауының бөктерінде отырған қойшының күзеуіне қарай ұша жөнеледі. Екі Уаз машинасымен келген адамдар кабинасының мыж-мыжы шыққан машинаны айналып қарап жүр, арасында әскери киімділер де бар. Солдаттар Уаз-ға тіркеген арқанмен машинаның есігін жұлып алады. Жас жұбайлардың бет-аузы қан-қан, өлі денелері қираған машинаның қаңқасының арасында жатыр. Совхоз директоры солдаттардың командиріне марқұмдардың кім екенін айтады.

-Біздің қойшының жалғыз ұлы. Қасындағы келіншегі шығар, жақында сәбилі болып еді. Әке-шешесіне бара жатқан ғой, шамасы.

Командир оған ашулы кескінмен алара қарайды.

-Адамдардың бәріне ескерттік дегеніңіз қайда? Тыйым салынған аймақпен неге жолға шығады?

-Үлгеремін деп ойлаған шығар, мен жұмсады дейсің бе оларды!

Кенет сәбидің әлсіз іңгәлаған дауысы естіледі, командир анасының құшағындағы баланы көріп таңданып қалған, еппен көтеріп алып, үңіліп қарайды.

-Бала тірі екен! Міне, қызық!..

Совхоз директоры оның қолындағы құндақтаулы баланы өзі көтеріп алады.

            -О, құдірет!.. Байғұс қойшыға Құдайдың қарасқаны болар. Жалғыз ұлынан тұяқ қалыпты, әйтеуір. Бұған да шүкір! Ақсақалға баласы мен келінінің қазасын қалай жеткіземін деп қиналып тұр едім...

            Командир оған кекете қарайды.

            -«Келін-балаң өліп қалды, есесіне немерең тірі» - деп қуантпақсыз ба енді?

            Директор қабағын шыта қалған.

            -Әй, інішек! Кімді табалап тұрсың?! «Орнында бар оңалар» деген. Қарттарға бұл үлкен медеу.

            Командир баланы директордың қолынан жұлып алады.

            -Тимеңіз балаға! Қазір тікұшақ шақыртып, орталыққа жөнелтеміз. Тексереді, емдейді.

            Енді директор оның қолындағы баланы күшпен тартып алады.

            -Сенің тікұшағың келіп, орталыққа апарамын деп жүргенде өліп қалмасына кім кепіл?! Шал-кемпір өздері-ақ бағып-қағады!

            Командир оған көзін сығырайта қарайды.

            -Ал, егер өлтіріп алса кім жауап береді? Баланың әке-шешесі сіздің қарамағыңыздағы адамдар болатын, сынақ жүргізілетінін ескертпегеніңіз үшін жауапқа тартыласыз.

            Директор да шүйліге қалыпты.

            -Олай болса, өзіңе сеніп тапсырылған аумақты дұрыс күзетпей, сынақ өткізілетін аумаққа адамдарды жіберіп қойғаның үшін сен де жауап бересің!

            -Олар жолсызбен жүрген!

            -Қар жаумай тұрғанда жолсыз да болса төте жолмен қыстауға тезірек жетпек болған. Ал, сен осы аумақты түгел күзетуге тиіссің!

            Командирдің арыны басылған сияқты. Қолын бір сілтеп, дауысын бәсеңдетеді.

            -Жарайды, мейлі. Баланы апара беріңіз. Ал, мәйіттерді қайтеміз?

            Директор да сабасына түседі.

            -Сөйтіп жөніңе көш. Егер жабулы қазан жабулы күйінде қалсын десең, бірер сағаттан кейін мәйіттерді соңымнан жеткіз. Сен келгенше шал-кемпірге басу айтып, тыныштандыра берейін.

            Машинасына отырып жөнеп береді. Командир соңынан қарап қалған...

 

*          *          *

            Шал қыстаудың қасынан тұрғызылған қотандағы қойларға шөп салып жүр. Кемпірі самауырынды тағы бір демдеп, қазанның астындағы отты көсеп-көсеп қояды. Кенет бір түсініксіз гүріл естіліп, көкжиек жалқын-сары түске боялып, шаңытып кетеді. Шал қолымен көзін көлегейлеп, аспанға қарайды. Кемпірі де сілейіп қалған, қолындағы көсеуі түсіп кетеді. Жүзінде үрей, «Астапыралла-астапыралла» - дей береді. Бойжеткен қыздың бейнесіндегі періште олардың төбесін айнала ұшып жүр, қолындағы балаға жымия қарайды. Бала да оған қарап талпынып-талпынып қояды, жүзінде күлкі...

 

*          *          *

            Көктемнің соңғы айы, жаздың басы. Сол періште аппақ қанатымен желпіп, Берікті оятпақ болып тұр. Көзін ашса - Сая екен, түсіндегі періштеден айнымайды, алақанымен терезеден түскен күн сәулесін көлегейлеп, қайтадан ашып, күлімсірей қарап тұр.

            -Түу, ұйқың неткен сергек, қасыңа отыра бергенім осы еді, оянып кеттің!

            Жігіт оған жымия қарайды.

            -Сая! Түсіме тағы да періште кірді. Бір қызығы, ол...

            Айтсам ба, айтпасам ба дегендей кідіріп қалады. Орнынан көтеріліп, төсекке отырады. Сая төсектің қасындағы орындықта отыр.

            -Ия, айта бер. Мүдіріп қалдың ғой.

            -Ол... саған ұқсайтын сияқты.

            Сая сыңғырлай күледі.

            -Әрине, ұқсайды. Мен сенің ақ періштең емеспін бе!

            Жігіт қызарақтап қалған. Мінезі ұяң екені байқалып тұр. Батылсыздау, күбірлей сөйлейді.

            -Шынымен солай болса ғой...

            -Шынымен солай. Ал, сен қалай ойлап жүрсің?

            Тағы да сыңғырлай күледі. Жігіт те жымиып, үміттене қарайды. Бөлмеге Жомарт кіреді.

            -Ау, өздерің мәзсіңдер ғой. Мына батырды қанша жұлқыласам да оята алмап едім, сиқыршы екенсің, Сая, мен жуынып келгенше оятып қойыпсың.

            Сая тағы да сыңғырлай күледі.

            -Жоқ, сиқыршы емес, періштемін!

            Жомарт та күліп жатыр.

            -Бәсе, түсімде ылғи періште көремін деуші еді, сол сен екенсің ғой! Ау, қасыңда жүрген адамды түсіңде көруің тегін емес. Шын ғашық сендей-ақ болсын!

            Жігіт қызарақтап басын төмен салады. Сая мен Жомарт сақ-сақ күліп, ойын-шыны аралас, бірін-бірі іліп әкетеді.

            -Ғашық болуға татымайсың демексің бе маған?

            Жомартқа еркелей қарайды. Жомарт батыл, еркін сөйлеп, еркін әзілдейді.

            -Татығанда қандай! Екеумізді бірдей өзіңе ғашық қылып қойдың, бұл әлемде сенен бақытты қыз жоқ!

            Сая сылқ-сылқ күледі.

            -Қойшы, әлемді қайтесің, осы интернатта десең де жетеді ғой.

            Жомарт қысылатын емес.

            - Берік екеуміз аудандағы ең үздік оқушы, ең мықты спортшы едік, енді әлемдегі ең мықты ғалым боламыз. Солай емес пе?!

            Берік күлімсірей жауап қайтарады.

            -Әуелі аттестат алайық, оқуға түсеміз бе, жоқ па - кім біледі...

            Жомарт асқақтай сөйлейді.

            -Аттестатың не?! Алтын медаль аламыз! Бүгінгі жиында аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі өз қолымен тапсыратын болыпты! Мәскеуге барып оқуға түсеміз!

            Берік досына тұнжырай қарайды.

            -Мәскеуде не бар, маған Алматының оқуы да жетер еді.

            Жомарт оған қыжырта сөйлейді.

            -Сен-ақ кері тартасың да тұрасың! Мәскеу деген – дүниежүзілік білім орталығы! Алматы деген не, тәйірі! Математикадан олимпиадаға барғанда көрдік қой, біздің Семейдің ары жақ-бері жағындағы қала. Оқығасын Мәскеуде оқу керек!

            -«Құласаң – таудан құла» - дейсің ғой.

            -Құламаймыз! Неге құлаймыз? Оқуға емтихансыз түсеміз, бітіреміз, сосын – аспирантура, ғылым қуамыз. Солай келіскен жоқ па едік?

            Екеуінің таласын Сая бөліп жібереді.

            -Ау, сендер бірің – Мәскеу, бірің – Алматы деп мені ұмытып кеттіңдер ғой. Мен қайда қаламын сонда? Әлде саған Семей де жетеді демексіңдер ме?

            Жомарт оған да жауабын беріп жатыр. Қысылу дегенді білмейді, бәрін көзімен көріп келгендей нақпа-нақ сөйлеп тұр.

            -Сен Алматыға барасың, қыздар институтына түсесің. Каникул сайын келіп тұрамыз саған. Әуелі Алматыға соғып, сосын үшеуміз ауылға бірге келеміз.

            Сая Берікке сұраулы жүзбен қарайды, ол томсарып қалған. Жомарт оған дүрсе қоя береді.

            -Ау, қабағың салбырап кетіпті ғой. Қуана ма десем, тұнжырап қалғаның не?

            Берік жастығының астында жатқан хатты алып, достарына көрсетті.

            -Атамның халі нашарлап кетіпті, екі жылдан бері төсек тартып жатыр еді, енді тілден де қалыпты.

            Достары селтиіп тұрып қалды. Жомарт тағы да тіл қатты, бірақ әлгіндегі екпіні басылған, ендігі әзіл орынсыз болатынын ол да түсінген.

            -Ал, енді не істейсің?

            -Үйге қайтамын. Ауылда жұмыс істеймін.

            Сол мезет жер сілкінгендей болып, еден солқ ете қалды. Үшеуі де қозғалақтап кетті.

            -Тағы да жарылыс жасады! – деді Жомар тістеніп.

Саяның мұрнынан қаны дірдектеп қоя берді, құлап түсе жаздап, төсектің басынан ұстап қалды. Жігіттер екі жағынан демеп, төсекке отырғызып жатыр. Қыздың екі көзі алайып, басы бір жағына сылқ ете түседі. Екеуі оны ептеп көтеріп, төсекке дұрыстап жатқызады, басының астына жастық қояды. Біреуі төсектің басында ілулі тұрған орамалмен мұрнын сүрткен болады, қаны тоқтар емес.

 

                                                           *          *          *

            Қоңыр күз. Екі дос жас қабірдің қасына бір-бір талдан гүл қойып жатыр. Қабірдің топырағынан бір шымшып алып, шашып жібереді.

            -Топырағың жеңіл болсын, Сая.

            -Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын.

            Екеуі аяңдап ауылға қайтып келе жатыр. Жомарттың қабағы қатулы, сұстанып, кіжіне сөйлейді.

            -Қаны ағарған!.. Неге ағарады ол?! Жап-жас емес пе, қарадан-қарап адамның қаны ағара ма?!

            -Менің атам да сол аурудан өлді.

            -Әне! Осының бәрі неден екенін білесің бе?

            Берік оған сұраулы жүзбен қарады.

            -Неден?

            -Жарылыстан! Қанша жылдан бері жарып келе жатыр, Хиросима мен Нагасаки тәрізді төбемізден тастамайды, бірақ ылғи жарады да жатады!

            Беріктің жүзінен қорқыныш байқалады.

            -Қой, айтпа ондайды! Біреу естіп қалар.

            -Кім естиді? Айдалада екеуміз ғана келе жатқан жоқпыз ба!

            -Сонда да айтпашы, әдет болып кетер. Бір күні басқалардың көзінше айтып қойсаң, кім біледі...

            Жомарт бір сәт үнсіз қалды, әлі де қабағы қатулы.

            -Әділет жоқ өмірде! Соны түсіндім.

            Берік досына аңтарыла қарайды.

            -Не айтып тұрсың?

            Жомарт досын иығынан құшақтап, анадай жердегі құлаған ағашқа қарай алып жүрді. Екеуі құйрық басып отырды.

-Мен тек жарылысты ғана айтып тұрған жоқпын. Оны түсінемін, еліміздің қорғаныс әлеуетін арттыру керек. Бірақ, сол сынақтарды неге біздің жерде жасайды? Елсіз аралдар, адам тұрмайтын құм далалар бар емес пе? Ә?

            Берік те ойланып қалыпты.

            -Мүмкін ол аймақтардағы жер қыртысының құрамы басқа, сынақ жүргізуге жарамсыз болар.

            -Жарайды. Мейлі. Ал, бізге неге алтын медаль бермеді, соны білесің бе?

            -Шет тілінен төрт алып қалдық.

            -Ал, Майра неге бес алды? Ол не, ағылшын тілін бізден жақсы оқып па?

            Берік иығын қиқаң еткізді.

            -Қайдан білейін.

            -Өйткені, ол совхоз директорының қызы, мұғалімдер бағасын көтеріп қойған. Барлық сабақтан одан көш ілгеріміз, бірақ бағамыз бірдей. Шет тіліне келгенде нашар болыппыз ба?!

            Берік үндемейді, басы салбырап кеткен.

            -Мәскеуге барамын деген арманым адыра қалды. Алматыға барып та оқуға түсе алмадым, неге?!

            -Жолың болмаған шығар.

            -Оттапсың!

            Берік бұл жолы досына сұраулы жүзбен қарады. Ол да артық кеткенін түсінген сияқты.

            -Кешір, аузымнан шығып кетті. Емтиханды жақсы тапсырдым, бірақ бес қоймайды, бес алу үшін сол жерде отырған комиссияның алдына барасың. Әлгі комиссияның құрамында үш адам болады екен, өмірі естімеген сұрақтарды қойып, итімді шығарды. Неге өйтеді?

            -Біліміңді тексеру үшін.

            Жомарт бұған алая қарады.

            -Қайдағы білім! Олар өз адамдарын түсірмек болған, түсініп тұрсың ба?!

            Берік аңтарыла қарап қалыпты.

            -Екі сабақтан ауызша тапсырғанда солай болды. Ал, ең бірінші жазбаша тапсырдық. Былтыр республикалық олимпиададан жүлде алып едім, ал, мұнда төрт қойып жіберді. Қандай қате жібергенімді айтайын ба?

            -Айта бер.

            -Шағым комиссиясы деген болады, бір күннің ішінде соған арыз жазып,  жұмысыңды тексерте аласың. Мен де жаздым.

            -Ал?

            -«Тең болады» деген таңбаны «қосу» қылып жазыпсың дейді! Екі сызық бір-біріне тиіп кетіпті, соны көрсетті. «Бұл – мемлекеттік құжат,  енді түзей алмайсың. Қалған сабақтарды беске тапсырсаң, түсесің» - деді.

            -Содан?

            -Қалған екі сабақ ауызша, олардан да төрт алдым, қазақ мектебінде оқығаның үшін шет тілінен емтихан тапсырмайды екенсің, үш қойып берді. Аттестатымның бағасы – бес, бәрін қосқанда жиырма балл жинадым. Ал, конкурстан тек жиырма екіден жоғары балл жинағандар өтті.

            -Бұл қалай?

            -Солай. Айтпақшы, онда «қазақ мектебі» демейді, «ұлттық мектеп» дейді. Орыс мектебінде оқығандар шет тілін біледі, біз - білмейміз! Басқа ұлттардың бәрі екінші сортты!.. Орыс болып тумағаным-ай!

            Берік селк ете қалды. Досына тесіле қарайды.

            -Не айтып тұрсың?!

            Жомарт басын төмен салды.

            -Өз елімде, өз жерімде жүріп екінші сортты болып шыққаныма күйнгеннен айтамын!

            Екеуі сәл үнсіз қалды. Берік әңгімені басқа арнаға бұрмақ болып, сұрап жатыр.

-Ал, Майра қайтті екен?

            -Қайтетін еді?

            -Оған да шет тілінен үш қойған шығар?

            -Үш емес, екі қойса да түседі ол, әкесінің арқасында. Түсті ғой. Ал, біз сияқтылар қой баққаннан басқаға жарамаймыз.

            -Қой, олай деме.

            -Совхоз директорының өзі айтты. Комсомол-жастардың шопандар бригадасын құрып жатырмыз, сонда бар деді. Әскерге бармайсың, екі жылдан кейін оқуға жолдама береміз, міндетті түрде түсесің дейді.

            -Сен не дедің?

            -Не дейін! Әскерге барғым келеді дедім. Бір ай қалды ғой, кетемін. Оқуға әскерден келген соң түсемін. Ондайларға жеңілдік беріледі. Бірақ, енді математикаға жоламаспын.

            -Неге?

            -Сол! Ұлттық мектепте оқығандардың да шет тілін білетінін дәлелдеймін. Шет тілдері институтына тапсырамын, сонда оқимын.

 

*          *          *

            Берік түсінде ыңырсып, дөңбекшіп жатыр. Түсінде неше түрлі жарылысты, Хиросиманы, Вьетнамдағы соғысты, Африка елдеріндегі аштықтан бұралған балаларды көреді. Өзі де солардың бірінен-біріне ауысып, жанұшыра жүгіріп келеді. Соңынан әлдебір құбыжық қуып жүр. Айнала біресе қып-қызыл, біресе сап-сары боран, гуілдеп мұны ұшырып әкетеді, бір қырғыннан екіншісіне әкеп түсіреді. Аспанда ақ періште қалықтайды, Саяға ұқсайтын сияқты. Жүзі мұңды, көзінен жас бұршақтап, басын шайқай береді. Берік қолын созып, соған жетуге ұмтылады. Жете алмай қиналып жатыр. «Періште, періште! Құтқаршы! Құтқаршы мені! Мына бейшара адамдарды құтқаршы!..» -деп құмыға сыбырлайды. Ауызғы үйде жатқан әжесі орнынан тұрып, немересінің қасына келіп, үңіле қарап біраз тұрады да көрпесін қымтап, қайтадан төсегіне беттейді.

            Періште кенет аспаннан шүйіле ұшып келіп, құздан құлап бара жатқан Жомартты қағып алып, қия жартастың беткейіндегі үй орнындай тепкішекке әкеп жатқызады. Жомарт жаралы, езу тартып жымиып қояды. Ол да «Періште, періште!» - деп сыбырлайды. Періште оған жымия қарап, қайтадан аспанға көтеріле береді. Жомарт көзін ашып алады. Айнала қырғын соғыс, Ауғанстан моджахедтері мен совет әскерлері шайқасып жатыр.

 

*          *          *

            Берік пен әжесі жозының қасында шай ішіп отыр. Үстелдің үсті жұпыны, нан, сары май, сүт қатқан шай ғана. Әжесі жер таянып, орнынан тұрмақ болады. Берік бәйек болып жатыр.

-Не алайын деп едің, әже? Мен алып берейін, айтсаңшы?

-Қазір, балам. Отыра бер, өзім аламын.

Орнынан тұрып, көнекөз шкафтан хат алып береді.

-Сен жұмыста жүргенде пошташы қыз әкеліп берді, өзі бір иман жүзді бала, ылғи халімді сұрайды, саған сәлем айтады.

-Бізден бір сынып төмен оқыған Ырысты ғой, саламат болсын.

-Кімнен келіпті?

Берік конверттің сыртын көре сала қуана дауыстап жібереді.

-Жомарттан ғой, әже. Біраздан бері хат келмеп еді, соңғы хатында басқа жаққа жібергелі жатыр, қай жер екенін білмейміз деген.

Конвертті жыртып, ішіндегі хатты оқи бастайды. Жомарттың дауысы.

            «Берік, бұрын түсімде періште көремін, Саяға ұқсайды дегеніңде жай ғана қиялың болар деп ойлайтынмын. Сол періште маған да көмектесті. Енді мен де сенемін оған. Хатқа жаза алмаймын, кейін кездескенде айтып берермін. Әзірше жауап жазбай-ақ қой, тағы да басқа жаққа ауысуымыз мүмкін. Өзім жазып тұрамын.  Аман-сау жолығайық, досым».

            Әжесі сұраулы жүзбен қарап қалыпты. Тамағын кенеп қояды.

            -Не жазыпты, балам? Тыныштық па?

            -Тыныш. Басқа бөлімге ауыстырғалы жатыр дейді.

            -Шайыңды іш, суып қалар. 

            -Ия, әже.

            Берік салқындап қалған шайын сіміре салып, әжесіне қарайды.

            -Әже, сенен бірдеңе сұрағым келіп еді.

            -Айта бер, балам.

            -Түсіңде періште көрсең не болады?

            Әжесі қою шайға мейірі қанып, маңдайынан шып-шып шыққан терін жаулығының шетімен сүртіп қойды.

            -Бұл жақсы түс, балам. Әр адамның сақтаушы періштесі болады, желеп-жебеп жүрген шығар.

            -Сонда ол адамның түсіне ғана кіре ме?

            -Періште адамның көзіне көрінбейді. Тек солай түсіңде аян беріп, алдыңда бір жақсылық күтіп тұрғанын, егер әлденеден қиналып жүрсең сол қиындықтан құтылатыныңды білдіреді.

            -Сонда ол шынымен бар ма?

            -Әрине, бар.

            -Қызық екен.

            -Ал, иманды адамның періштесі өзінің көкірегінде болады.

-Ол қандай адам?

-Иманды адамның ісі берекелі, сөзі өнегелі, бала-шағасы әдепті болады. Жалған айтпайды, арамнан жемейді, жамандыққа жоламайды, өзіне не тілесе, өзгеге де соны тілейтін ізгі ниетті жандарды иманды адам дейді, балам.

            Берік әжесіне қарап, ойланып қалған. Әжесі сөзін одан әрі сабақтай түседі.

            -Ал, иман – адамның жүрегінде болады. Әр нәрсені де ақылға салып, ойланып істеген жөн, әрине. Бірақ, соның бәрі жүрегіңнің қалауымен істелуге тиіс. Иман – жүректе. Иманның түп негізі – мейірім. Өзіңе де, өзгеге де, досыңа да, дұшпаныңа да мейіріммен қарау керек, балам.

            Берік ойланып отыр, қиялында тағы да ұшып жүрген періште...

 

*          *          *

            Қысқы кез. Берік қорадағы сиырға шөп салып жүр. Жинаулы тұрған маядан бір айыр шөпті опырып түсіреді де көтеріп алып, қоршаудың арғы жағында тұрған сиырдың астауына салады. Біреу тақылдатып ауланың есігін қағып тұр. Айырын қоршауға сүйей салып, есікті ашады. Пошташы қыз Ырысты кіреді. Киімі жұпыны, бірақ қонымды, жарасымды. Иығына сөмкесін асынып алған.

            -Сәлем, Берік. Халің қалай?

            -Жақсы. Өз халің ше?

            Ырысты күле жауап қатады.

            -Шынымен білгің келіп тұр ма, әлде рет бойынша сұрадың ба? Әшейінде көзге ілмейсің, үйіңе келген соң амалсыздан сұрайсың ғой, ә?

            Берік қызарақтап қалады.

            -Жоқ, неге олай дейсің! Шынымен сұрап тұрмын.

            -Шынымен халімді білгің келсе, кешке киноға шақыр, сонда айтамын.

            Берік сасқалақтап қалыпты.

            -А?.. Нені айтасың?

            Қыз ойнақылана жымияды.

            -Нені болсын! Халімнің қалай екенін.

            Жігіт шынымен абдырап қалған.

            -Әәә...

            Ырысты жігіттен көзін алмайды, бірақ ойнақылығы басылған.

            -Жай, әзілім ғой, Берік. Көңіліңе алма.

            -Жоқ-жоқ. Неге көңіліме алайын? Бірақ, әзілге шорқақпын.

            -Былтыр газет-журналды көп жаздырып едің, биыл аудандық газеттен басқаны алмайтын болыпсың. Неге?

            Берік ондай сұрақты күтпеген сияқты, не айтарын білмей тұрып қалды.

            -Жай. Оқығым келмейді. Оқуға уақыт та жоқ.

            -Мейлі. Жеделхат келді саған. Алғаныңды растап қол қойып бер.

            Жігіт таңданып қалған.

            -Жеделхат? Кімнен екен?

            -Жомарт досыңнан. Дайындық курсына түсіпті.

            Ырысты сөмкесінен жеделхат алып, Беріктің қолына ұстатады да түбіртек пен қаламын қоса ұсынады. Қаламның сиясы қатып қалған, жігіт үрлеп жылытпақ болады, бәрібір жазбайды. Қыз сақ-сақ күледі. Жігіт ыржаңдап не істерін білмей тұр. Қыз оны тағы да қағытып жатыр.

            -Үйіңде қалам бар ма еді? Жылы жерге барайық, көріп тұрсың ғой, аязда жазбайды, сиясы қатып қалған.

            Сол кезде үйден әжесі шығады, қолында бір табақ жем.

            -Берікжан, малдың жемін дайындап едім, алдына қоя салшы.

            -Сәлеметсіз бе, апа. Халіңіз қалай? Денсаулығыңыз жақсы ма?  

            -Е, Ырысты екенсің ғой. Амансың ба? Денсаулықтың несін сұрайсың, қарағым. Кәрі адамда денсаулық болатын ба еді. Ілде-алдалап жүріп жатырмыз, әйтеуір. Аязда неғып тұрсыңдар? Үйге кірсеңдерші. Әй, Берік, қонағыңды үйге шақырмайсың ба! Мә, мынаны сиырдың алдына қоя сал.

            Берік табақты алып, қораға кіріп кетеді.

            -Қонаққа келген жоқпын, апа. Берікке жеделхат келіпті, соны әкелдім.

            -Жеделхаты несі? Жүр, үйге кір. Сосын айтарсың.

            Екеуі үйге кіреді. Берік сиырдың алдына жемін қойып, қайтадан қоршауды жауып, айналсоқтап біраз жүреді де үйге кіреді.

 

*          *          *

            Екеуі ауылдың клубында кино көріп отыр. Залда он шақты адам. Экранда сол кездегі кинолардың бірі жүріп жатыр. Берік білдіртпей қызға қарап қояды. Ақырын қолынан ұстайды. Қыз оның қолын қысып қояды...

 

*          *          *

            1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Алаң ығы-жығы. Арасында Жомарт та бар. Аспанда періште ұшып жүр, шашы жайылып кеткен, жүзі мұңды, көзінде жас... Бір кезде солдаттармен төбелес басталып кетеді. Жомарт бір солдатпен төбелесіп жатқанда басынан бөркі ұшып кетеді. Екіншісі арт жағынан келіп сапер күрегімен басынан ұрып құлатады. Екеуі жабылып тепкілеп жатыр. Періште төмендеп келіп, Жомартты іліп ала жөнеледі. Еңкейіп, бетіне төніп келіп, жымия қарап тұрады да тік көтеріліп ұшып кетеді. Жомарт «Періште, періште!» - деп айғайлайды да көзін ашып алады. Ауруханада жатыр екен, қасында милицияның екі офицері отыр.

            -Міне, сенің періштең! – дейді бірі екіншісін нұсқап. – Ауғандық екеніңді танып қалып, осы құтқарды сені. Әйтпесе, қазір мұнда емес, түрмедегі камерада жатар едің.

            -Сен кімсің? – деп сұрады Жомарт. – Мені қайдан танисың?

            -Мен де Ауғанстанда соғысқанмын. Сені былтыр десантшылар күнінде көрдім. Қызыл Жұлдызың бар ғой?

            -Ия, бар.

            Алғашқысы орнынан тұрады.

-Өздерің сөйлесе беріңдер. Мен далада күтейін. Ал, батыр, Әлібектің айтқанын тыңда. Енді біздің қолымызға түспеуге тырыс.

Шығып кетеді.

 

*          *          *

            1989 жыл, 28 ақпан. Жазушылар Одағының балконынан Олжас Сүлейменов сөйлеп тұр. Алаң толы халық, көбі жастар.

            -Қырық жылдан бері елімізде атом жарылыстары жүргізіліп келеді. Бүгінгі біз құрып отырған «Невада-Семей» деп аталатын халықаралық қоғамдық ұйымның мақсаты – осы жарылыстарды тоқтатуға, Семей полигонын жабуға қол жеткізу. Бәріміз де осыны талап етеміз! Бұл – қазіргі ұрпақтың амандығы, келер ұрпақтың болашағы, жалпы адамзаттың татулығы жолындағы бейбітшілік жорығы. Осы жорыққа бәріміз бір адамдай атсалысайық, ағайын! Ядролық сынақтар тоқтатылсын!

            Халық іліп әкетеді.

            -Сынақтар тоқтатылсын!

            Олжас қайтадан жалғастырады.

            -Семей полигоны жабылсын!

            Халық тағы дүр ете қалады.

            -Полигон жабылсын!

            -Осы мәселені Кеңес Одағы басшыларының алдында көтеретін боламыз. Бәріміз бір адамдай жұмылып, қасиетті даламыздың тәніндегі қатерлі ісікті сылып тастайық – халқымыздың қадірменді перзенті, заманынан озып туған кемеңгер Абайдың, Шәкәрімнің туған жерін полигоннан тазартуды қолға алайық, халайық!

            -Қолға аламыз!

            -Полигон жабылсын!

            -Ядролық сынақтар тоқтатылсын!..

            Халық шуылдап жатыр. Бел ортасында Жомарт. Қызуланып, әлденелерді айтып тұр. Халықтың төбесін айналып періште қалықтап жүр...

 

*          *          *

            Қарауыл ауылындағы үлкен жиын. Халықтың алдында Олжас сөз сөйлеп тұр. Қасында бір ағылшын адамы, Жомарт оған аударма жасап тұр.

-Халқымыздың қырық жылдан бері көріп келе жатқан теперішіне соңғы нүкте қойылуға тиіс, қымбатты ағайын. Бұл тек осы аймақтың, бір ғана облыстың шаруасы емес, бізді республика азаматтары түгелге жуық қолдап отыр. Ядролық жарылыстарға қарсы халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының Семей полигонында ядролық сынақтар жүргізуді біржола тоқтату туралы талабына шетелдік ұйымдар да үн қосуда. Бүгін арамызда Америка Құрама Штаттарындағы ядролық полигон орналасқан Невада штатының өкілі О,Коннор мырза да бар. Адамзат қауымы ядролық жарылыстарды бүкіл әлем көлемінде тоқтатуды талап етеді. Осы бастама Семей жерінде, өздеріңіздің ауылдарыңызда көтеріліп отыр. Осының құрметіне бәріміз бір-бір тастан лақтырып, атом кесапатының келмеске кетуін талап етуімізді айғақтайтын төбе жасайық, халайық!

Халық шуылдап жатыр.

-Айтсын!

-Ұзағынан сүйіндірсін!

-Жарайсың, Олжас!

-Жасай бер, Олжас!

Ауыл ақсақалдары, шал-кемпірлер келіп, Олжасты бетінен сүйіп, батасын беріп жатыр. Халықтың қолымен үйілген Тас-төбенің деректі кадрлары араласа көрсетіледі. Кенет екі қолына екі үлкен тас ұстап бара жатқан Берікті көріп қалған Жомарт тұра жүгіреді. Екеуі құшақтасып, мәре-сәре болып жатыр.

-Ау, сен де келген екенсің ғой! – дейді Жомарт.

-Келдік қой, мұндай істен қалай шет қаларсың! Сені бірден көрдім, бірақ қасыңа баруға батпадым. Үлкен кісілердің қасында жүрсің.

-Қызықсың. Жақындап келіп, белгі бермедің бе. Өзім көріп қалмағанда сол күйі кете бермексің бе?

-Енді... Қазір малда жүрмін, кешке дейін қайтып баруым керек.

-Қай жердесің?

-Жақын, осы арадан он бес шақырымдай жер.

-Ал, үйіңе шақырмайсың ба? 

-Келе аласың ба? Қасыңда адамдар бар. Жүр...

-Адамдар бар ғой, бірақ достың жөні бөлек емес пе! Қазір... Кетіп қалма, осы жерде тұр.

Жүгіре басып, Олжастың қасына барып бірдеңе айтып жатыр. Берік қарап қалыпты. Сәлден соң Жомарт қайтып келіп, екеуі аяңдап кетіп барады.

 

*          *          *

            Беріктің киіз үйінде үшеуі шай ішіп отыр. Ырыстының қабағы түсіңкі, уһілей береді. Жомарт екеуіне кезек-кезек қарап қойып, басу айтып жатыр.

            -Ырысты, тойларыңа келе алмадым, қол тимейді, түсініңдер мені. Әжеміздің қайтыс болғанын естідім, жаны жәннатта болсын. Жалпы, әскерге кеткеннен бері бұл жаққа келіп отырғаным осы. Шал-кемпір Қостанайдағы ағамның қолына көшіп кеткен, мен Алматыдамын, жұмыс көп.

            -Үйлендің бе?

            Беріктің сұрағына Жомарт жалт қарады.

            -Не деп тұрсың! Үйленсем саған хабар бермеймін бе!

-Қайдан білейін.

-Үйлену қайда қашады дейсің. Қол да тимейді. Сырттай оқып жүрмін, экономист мамандығын игермекпін, алдағы көктемде диплом аламын. Жаңа заман басталып келеді, енді бәрі жаңаша болады. Жаңа талаптарға сай болуымыз керек.

 

*          *          *

            Ырысты үйдің ішін жинастырып жүр. Екеуі киіз үйдің сыртына алаша төсеп, соның үстіне салған төсектің үстінде жатыр.

-Ауғанстанда соғысып жүргенде дәл қасымыздан мина жарылып, құздан ұшып кеттім, өлдім деп ойлағаным есімде. Есімнен танып қалыппын, аспаннан ақ періште келіп, көтеріп ала жөнелді. Өзі шынымен Саяға ұқсайды. Сенесің бе, есім кірсе жартастың бір тепкішегіне ілініп қалыппын, тікұшақпен әрең түсіріп алды. Госпитальда үш ай жаттым, сол кезде көп ойландым. Періште шынымен болады екен.

-Әрине, болады. Бірақ...

-Не «бірақ»?

-Әжем марқұм айтушы еді, періште - адамның жүрегінде, оның аты  иман дейтін.

-Иман деген діни ұғым емес пе?

-Қайдам.

Екеуі сәл үнсіз қалады.

-Айтпақшы, Саяның басына барып тұрасың ба?

-Осы көктемде баламыз шетінеп кетті, соны жерлеген кезде барғанмын.

-Ол неден шетінеді?

-Қайдан білейін. Дәрігерлер ештеңе айта алмады.

-Бәрі полигонның кесірі!

-Мүмкін.

Екеуі тағы біраз уақыт үнсіз қалды. Бір кезде Жомарт қайтадан сөз бастады.

-Берік, саған бірдеңе айтайын деп едім.

-Айта бер.

-Айтқанда... Бұл аздап ыңғайсыздау. Госпитальда көп ойландым деп едім ғой, сонда басыма қызық ой келді.

-Қандай?

-Марқұм Саяны екеуміз де жақсы көрдік, солай ма?

-Солай шығар.

-«Шығар» емес, солай.

            -Ия, солай.

            - Саяның аруағы періштеге айналып кеткен. Бұрын сенің ғана түсіңе кіретін еді, кейін менің түсімнен шықпайтын болды. Мүмкін басқа қызға ғашық болғаныңды біліп, сенен күдер үзіп, біржола маған ауысқан болар. Бұған не айтасың?

            -Не айтайын?

            -Шынымен солай ма, жоқ па? 

            -Білмеймін. Періште мен аруақ екі басқа емес пе!

            -Ал, неге олай ойлайсың?

            -Анық айта алмаймын, мүмкін ол Саяның аруағы емес, соның кейпінде келіп жүрген періште шығар.

Соңғы рет қашан кірді түсіңе?

            -Жеті-сегіз жыл бұрын.

            -Көрдің бе! Жеті жыл бұрын маған алғаш рет аян берді, содан бері үнемі келіп тұрады. Сен Ырыстыға ғашық болғасын біржола маған ойысқан. Енді ол менікі, Берік, менің періштем. Таласың жоқ шығар?

            -Қойшы, енді періштеге таласуымыз қалып па еді!

            -Әйтеуір періштемді тартып алдың деп жүрмесең болды.

            -Сен де айтады екенсің.

            Екеуі қарқылдап күліп жатыр.

 

*          *          *

            АҚШ-тағы бейбітшіл күштер шеруі. Олжас пен Жомарт солардың арасында жүр...

Америка журналистерімен кездесу. Олжас, О,Коннор, Жомарт үшеуі баспасөз мәслихатын өткізіп жатыр. Олжастың сөзін Жомарт ағылшын тіліне аударып отыр.

-Өздеріңіз білесіздер, Кеңес Одағы 15 одақтас республикадан тұрады. Қазақстан солардың арасында жер көлемі мен табиғи байлығының молдығы тұрғысынан Ресей Федерациясынан кейін екінші орын алады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін екі ұлы держава да ядролық қаруды игеруге мейлінше күш салғаны белгілі. Сіздерде Невада штатында, бізде Қазақстанның Семей облысында ядролық сынақ полигоны салынды. 1949 жылдан бері біздің полигонда 468 сынақ өткізіліпті. Солардың 88-і ауада, 30-ы жер бетінде жүргізілген. Ойлап көріңіздерші!..

Фототілшілер жарқ-жұрқ еткізіп суретке түсіріп, телеоператорлар таспаға тартып жатыр. Бірінші қатарда отырған қара көзілдірікті адам Жомарттан көзін алмайды.

*          *          *

            Баспасөз мәслихатынан шығып, машинаға мінгелі жатқан үшеуінің қасына әлгі көзілдірікті адам келіп, Жомартқа танысу кәртішкесін ұсынады. Жомарт кәртішкені оқиды.

            -Мистер Нокс?

            -Ия. Қолыңыз тигенде хабарласыңыз.

 

*          *          *

            Нью-Йорктағы қонақүйлердің біріндегі люкс-бөлмеде Олжас пен Жомарт әңгімелесіп отыр.

            -Өздері визаңды ұзартып берсе, әзірше осында қалғаның дұрыс. Тілді білесің. Бұлардың да өмірін көр, біл, үйрен. Болашақ сендердікі. «Темір шымылдық» жойылды, енді бүкіл әлемді аралауға болады, жолдарың ашық.

            -Олжас аға, сізге көптен бері бір нәрсе айтқым келіп жүр еді. 

            -Ия, айта бер.

            -Менің шет тілі маманы болуға бекінген себебім өз жерімізде кемсітуге ұшырағанымызға күйініп, біздің де ешкімнен кем түспейтінімізді дәлелдеу болатын. Сол кезде сізді үлгі тұтқанмын, Олжеке.

            -Ал, мен ешқашан ешкімге ештеңені дәлелдеген емеспін, Жомарт. Тіл білудің мақсаты басқа.

            -Шығармаларыңыздың бәрін орыс тілінде жаздыңыз... Қазақ ақынының орыстардан асып түсе алатынын солай дәлелдеген жоқсыз ба?

            -Жоқ, Жомарт. Мен кім алғыр, кім қабілетті, кім мықты екенін дәлелдеуге емес, халқымыздың рупоры болуға ұмтылдым. Қазақтың даласы қандай кең болса, жан дүниесі одан да дарқан екенін паш етпек болдым. Тек өз қазанымызда қайнап, томаға-тұйық қала беруге болмайды.

            -Ал, мен әскерде жүргенде біреулермен дауласып едім.

            -Не туралы?

            -Қазіргі орыс ақындарының ең көрнектісі кім екені жайында.

            -Ал?

            -Сіз екеніңізді дәлелдеп шықтым.

            -Ха-ха-ха!.. Жоқ, мен орыс тілінде жазсам да қазақ ақынымын. Орыс ақыны деп ешкім айта алмайды мені. Өйткені, бүкіл шығармаларымда қазақтың атынан сөйлеймін. Ең бастысы – менің жырларымда халқымыздың рухы тұнып тұр. Сол рухты шама-шарқым жеткенше орыс тілінде бейнелеуге тырыстым.

            -Өте жақсы бейнеледіңіз.

            -Рахмет.

            Екеуі сәл үнсіз қалды. Олжас қабағын түйіп, сәл шаршаңқы кейіппен қайтадан жалғастырды.

            -Адам қай тілде сөйлесе де өз тамырынан ажырамай, халқының рухын бойына сіңіріп өсуге, оны мәңгі құрмет тұтуға тиіс. Ал, халықтың рухы – тілінде, әдебиетінде, ғұрып-дәстүрінде, өмір сүру салтында. Соның бәрін терең де жан-жақты білетін адам халқының шынайы перзенті болып қала береді.

-Ал, бізде ауылдан келгендерді «Мәмбет», қалада тұратындарды «Мәңгүрт» деп атайды, бірін-бірі жақтырмайды.

-Бұл дұрыс емес. Кезінде орыс тілін білу міндет болып саналды. Ал, тайыз ойлайтын кейбіреулер өз тілін ұмытып, басқаларға тұмсығын шүйіретінді шығарды. Бейшаралық қой!

-Бірақ, соның етек алып бара жатқаны қорқынышты.

-Әр адам өзінің қабілет-қарымын, күш-жігерін, талант-дарынын, алған білімін халқының игілігіне арнауға тиіс, Жомарт. Сонда ғана ұшпаққа шығамыз.

-Әрине.

 

*          *          *

Нью-Йорктегі Уолл-стрит көшесі. Биржадағы маклерлер қызу жұмыс істеп жатыр. Нокс пен Жомарт соларды бақылап тұр.

            -Міне, Жомарт, қаржы нарығы осылай жұмыс істейді. Талай адамның, мекемелердің, тіптен тұтас елдердің экономикасының тағдыры осы жерде шешіліп жатады.

            -Бұл жағынан аздап хабарым бар, мистер Нокс, диплом қорғар алдында осы жерде екі ай тәжірибе жинақтаудан өткенмін.

            -Биржада екі ай жұмыс істеу – есіктен сығалау ғана, Жомарт.

            -Ал, бізге соның өзі жетіп жатыр. Мені оқытқан профессорлар мен академиктер есіктен де сығалап көрмеген, мистер Нокс.

            -Ха-ха-ха! Өзің қалжыңбас екенсің.

            -Біздің елімізде нарық деген ешқашан болған емес, бұл жағынан оны шұрайы бұзылмаған тың даламен салыстыруға болады. Кім бірінші болып түрен салса, соның өнімі бітік шығары сөзсіз, мистер Нокс.    

 

*          *          *

Екеуі үстелдің басында ағылшын тілінде қызу әңгімелесіп отыр.

            -Мистер Нокс, біздің респбуликадан банктің филиалын ашсаңыз, оның директоры етіп мені тағайындамақсыз ба? Олай болса, өкілетімнің ауқымын анық көрсетіп беріңіз. Жылдық есеп берумен ғана шектелемін бе, әлде әр операцияны бақылап отырасыз ба? Заңды және жеке тұлғаларды өз бетіммен несиелендіре аламын ба, әлде сіздің рұқсатыңызды алуым керек пе? Бұл орайда жауапкершілік кімге жүктеледі – маған ба, әлде банктің басшыларына ма?

            -Жомарт, біздің жұмыста тәуекелсіз түк бітіре алмайсың, филиалдың жұмысына директор жауап береді. Несие лимиті бар, директор сол лимиттің шегінде әрекет етеді. Бас кезінде корпоративті несиеге жоламау керек.

            -Ал, несие алушының кепілдігі ше? Үкіметтік кепілдеме арқылы береміз бе, әлде заңды тұлғалардың кепілдігін де қарастырамыз ба?

            -Міне, мынауың жөн білетін адамның сұрағы. Мемлекеттік құзырлы органдардың кепілдемесімен ғана жұмыс істейміз.

            -Қай деңгейде?

            Америкалық риза кейіппен жымиып қояды.

            -Өте орынды сұрақ. Тек қана республикалық деңгейде, Жомарт, облыстық немесе қалалық деңгейге дейін төмендемеу керек. Заман мынау – жыл санап емес, күн санап өзгеріп барады, алдымызда не күтіп тұрғанын кім біледі? 

            -Ия, әрине. Ал, жылдық өсімді жоғарғы шекте ұстап отырамыз ба?

            -Қайткен күнде де өсім дәлізінен шығып кетуге болмайды, бірақ жоғарғы-төмен шектің қайсысын қай кезде ұстану керектігі несие алушының жағдайына байланысты шешіледі.

            -Ал, инфляцияны қайтеміз?

            -Сіздің елдің заңнамасын аздап білеміз, онда ешқандай инфляция ескерілмеген. Бұл, әрине, тез баюды көздеген алаяқтар үшін өте қолайлы. Бірақ, мүмкіндігінше ондайлардан аулақ болу керек.

            -Әрине.

            -Басқа сұрақтарың жоқ па?

-Әзірше осы ғана.

-Олай болса, енді мені тыңда. Жұмыс істеуге құлшынып тұрғаныңды түсіндім, Жомарт, бірақ албырттыққа салынуға болмайды. Сұрақ қойдың екен, әуелі соның жауабын күт.

            -Мәселен?

            -Мәселен, филиалдың директоры етіп мені тағайындайсыз ба деп сұрадың. Бірақ, жауабымды күтпестен басқа сұрақтарды қарша бораттың.

            -Әәә...

            -Мен сенің ойыңды бөлгім келмей, сұрақтарыңа жауап бердім.

            -Демек...

            -Ал, енді филиалдың директорымен таныстырайын.

            Алдындағы тетіктердің бірін басады. Әйелдің даусы естіледі.

            -Тыңдап тұрмын.

            -Кейт, кабинетке келші.

            -Жақсы, қазір.

            Сәлден соң жас қыз кіріп, амандасады. Нокс оған орындықты нұсқайды.

-Кел, отыр. Ал, танысып қойыңдар. Біздің банктің Қазақстандағы филиалының директоры, менің қызым – Кэтрин Нокс. Сыртыңнан біледі сені.

Жомарт орнынан тұрып, қолын ұсынады.

-Жомарт.

-Кейт.

-Сен оның бірінші орынбасары боласың.

 

*          *          *

            Ауыл сыртындағы зираттың шет жағында Берік пен Ырысты құран бағыштап отыр. Берік алда, Ырысты одан сәл кейін тізе бүккен. Алақандары жаюлы.

            -Сүбіхана раббика раббил ғиззати әмма ясифун. Уассаламун ғаләл мүрсәлин. Уәлхамду лиллаһи раббил ғаламин. Әмин. Осы оқылған қасиетті Құран сүрелерінен болған сауаптарды қазіреті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалйкүміссәламға, марқұм ата-бабаларымыздың аруағына, атам мен әжемнің, екі айлығында шетінеп кеткен ұлым Ерсайынның рухына, қырқына толмай шетінеп, аты да қойылмаған қызымның рухына бағыштадым. Жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын. Алла-тағала жандарын жәннаттан етсін. Әумин!

            Орнынан тұрып, бірі ескілеу, бірі жақында үйіліп, басына ағаштан қағылған қалағы бар кішкентай екі төмпешіктің бірінен соң біріне еңкейіп, бір шымшымнан топырақ алып, үгітіп шашып жібереді. Қалақтардың ескілеуіне «Берікұлы Ерсайын, 1989 жыл. Сәуір-мамыр», екіншісіне «Сәби. Ерсайынқызы. 1991 жыл» деп жазылыпты.

            -Топырағың жеңіл болсын.

            Ырыстының көзінен жасы парлап жүр. Ол да топырақтан шымшып алып, үгітіп шашып жібереді.

            -Топырағың жеңіл болсын, құлыным. Құлыншағым...

 

*          *          *

            1991 жылғы президент сайлауында жеңіске жеткен Н.Назарбаевтың инаугурациясы.

Президент үстел басында әлдебір құжатқа қол қойып жатыр.

 

ДИКТОР:        «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 29-шы тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы нөмірі 409-шы жарлыққа қол қойды».

            Салтанатты музыка ойнап, Жарлық бүкіл экранды алып тұрады да кішірейіп барып, сол құжаттағы мемлекеттік жалау көтеріле бастайды. Қазақстан Республикасының жалауын көтеріп алған періште Жер шарын айналып ұшып жүр. Жердің өзі де зырқырап айнала бастайды.

            1991 жыл. Иракқа АҚШ әскері басып кіреді.

Горбачевтің орнынан түскенін жариялауы. КСРО жалауы түсіріліп жатыр.

1992 жыл. Ауғанстанда, Пәкістанда жарылыс, дүрбелең.

ДИКТОР:        «Қазақстан Республикасы ядролық қарудың барлық түрінен өз еркімен арылуға міндеттеме қабылдады».

1993 жыл. Мәскеуде Парламент үйін атқылау. Көшедегі танктер.

1994 жыл. Чешенстандағы соғыс.

1995 жыл. Югославияны бөлшектеу.

ДИКТОР:        «Қазақстан Республикасы осыдан үш жыл бұрын қабылдаған ядролық қарудың барлық түрінен өз еркімен арылу туралы міндеттемесін толық орындап шықты».  

            Еденге төселген көрпенің үстінде теледидар қарап отырған Ырысты қасында ұйықтап жатқан баласына сүйсіне қарап, ақырын ғана маңдайынан иіскейді. Бала онып кетіп, жылап жібереді. Ырысты оны көтеріп алып, екі бетінен шөпілдетіп сүйіп жатыр. Баласы ДЦП-ға шалдыққан екен.

            Даладан Берік кіреді.

            -О, біздің Олжас батыр ояныпты ғой. Кәне, маған берші, көтерейін.

            Баласын көтеріп алып, екі бетінен, маңдайынан шөпілдетіп сүйіп қояды. Екеуі екі қолынан ұстап, жүргізбек болады. Баланың мойны әлсіз, былқ-сылқ етеді. Берік пен Ырысты соған да мәз.

 

*          *          *

            Семейдің орталық көшелерінің бірінде банктің жаңа ғимаратының ашылу рәсімі өткізіліп жатыр. Жомарт сөз сөйлеп тұр.

            -Ал, құрметті халайық, бүкіл әлемге танымал «Нокс банкінің» Қазақстан Республикасындағы кеңсесінің директоры Кэтрин Нокс бикеш екеуміз бүгін орталарыңызға келіп, Семей қаласындағы филиалын ашу құрметіне ие болғанымыз үшін өзімізді бақытты сезінетінімізді айтқым келеді. Бұл біз үшін үлкен мерей, зор қуаныш. Осы филиал еліміздің, халқымыздың игілігі үшін қалтқысыз қызмет етеріне сенім білдіремін. Ал, енді филиалды ресми ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.

            Жиналған жұртшылық ду қол шапалақтап жатыр. Жомарт пен Кейтке біреулер қайшы ұстатып, екеуі қызыл лентаны қияды. Тағы да ду қол шапалақтау.

 

*          *          *

            Күн еңкейіп қалған. Қара джип қаланың қиқы-жиқы, тар көшелерімен жүріп келеді. Кейт жан-жағына таңырқай қарап отыр. Жомарт шопырына бұрқылдап қояды.

            -Осындай жерде де адам тұра ма екен! Ең болмаса, көшесіне асфальт төсесе қайтеді! Қырсыздар өңшең!

            Шопыры оған қулана қарап қояды.

            -Жомарт аға, бұл сөзіңізді маған емес, басшыларға айтуыңыз керек.

            -Басшылар! Енді маған солардың не істеп, не қоятынын айту қалып па еді! Өздері білуі керек қой!

            -Білмейді олар, білгісі де келмейді.

            -Білмесе осылай жүре берсін! «Әр халық өздерінің басшысына лайық» деген сөз бар.

            -Халықты тыңдайтын бастық бола ма! Ал, сіз оларға несие бермей қоямын деп қорқытар едіңіз.

            Жомарт шопырына алая қарайды.

            -Несие бермесек өзімізді қуып шығар!

            Шопыры сылқ-сылқ күледі.

            -Сіз олардан қорқасыз, олар сізден ақша алады. Бір-біріңіздің көңіліңізді табуға тырысасыздар. Ал, халықтың көңілін кім табады?

            Жомарт тыжырына қалады.

            -Көп сөйлемей, машинаңды айда. Мына жолда аударылып қалармыз.

            -Айдап келе жатырмын, аға.

            -Табылатын үй ме өзі, жоқ па?! Қашан жетеміз?

            -Келіп қалдық, аға. Міне, келесі үй.

            -Бұл маңды біледі екенсің ғой?

            -Осы көшеде нағашым тұрады, талай келгенмін мұнда.

            -Талай амортизаторыңды құртқан шығарсың?

            -Құрттық қой.

            Тозығы жеткен ескі ауланың қасына тоқтап, дабыл береді. Іштен Берік шығып, бұлар кім екен дегендей машинаға үңіле қарап тұр. Жомарт пен Кейт машинадан түседі.

            -Міне, саған айтқан досым.

Кейт басын изеп жауап қатады.

-Жақсы, өте жақсы.

-Әй, мен ғой, танымай қалдың ба?

            Берік екі езуі екі құлағына жете ыржиып, жақындап келеді. Екеуі құшақтасып көріседі.

            -Бармысың, ей?!

            -Бармын, әрине. Ау, бүкіл Семейден үй таппағандай, қайдағы бір қиыр шетке көшіп келгенің не? Жарты сағат адастық!

            -Әйтеуір тауыпсың ғой. Ал, үйге кіріңдер... Мына кісі кім?

            -Менің бастығым. Қазір таныстырамын. Ырысты үйде ме?

            -Ия, үйде. Жүріңдер.

            Шопыр жігіт амандасып жатыр.

            -Ассалаумағалейкүм, аға.

            -Уағалайкүміссалам. Бұл қай жігіт?

            -Осы жердің қазағымын, аға. Бастығым бүгін Жомарт ағаны тасисың деп жіберді.

            -Е, дұрыс екен. Үйге кір.

            -Аға, айып етпеңіз, көшенің ана басында нағашым тұрады, көптен хабарласпап едім, сол кісінің үйіне барайын. Жомарт аға, нағашымның үйінің телефонын жазып берейін, керек болсам хабарласыңыз.

            -Мейлі, өзің біл.

            Жігіт қалтасынан қойын дәптерін алып, тез-тез жазады да Жомартқа ұстатады.

            Үшеуі ауланың бұрышындағы кіші үйге кіреді. Ортасын пешпен бөлген екі бөлменің іші тым жұпыны, кіре берісте киім ілгіш, қолжуғыш орнатылған, әртүрлі кәкір-шүкір. Төргі бөлмеде шифоньер, диван, жозы, сандықтың үстіне көрпе-төсек жиналыпты, үстелдің үстінде теледидар қосулы тұр. Еденге көнелеу палас төселген. Көрпенің үстінде баласын ойнатып отырған Ырысты баланы жатқыза салып, орнынан тұрып амандасады. Кейттен аздап ыңғайсызданып тұр.

            -Жомартпысың? Халің қалай?.. Сәлеметсіз бе.

            Кейт өз тілінде амандасып жатыр.

            -Халім жақсы, сұлу келіншек. Өздерің амансыңдар ма?

            -Шетелдің адамы ма?! Қап, үйімізде орындық жоқ еді. Көрпеге отыра алмайтын шығар?

-Отыра береді. Қысылма. Қазір түсіндіремін өзім.

Кейтке ағылшынша сөйлейді. Ол да басын изеп жауап беріп жатыр.

-Жалпы, қазақ халқы орындық дегенді білмеген. Бұл кісілер бұрынғы салтты ұстанады, көрпеге отырасың. Пикникте жүрген сияқты.

-Оқасы жоқ. Отырамын ғой. Қысылмасын...

Жомарт қайтадан Ырыстыға сөйлейді.

-Қалаға қашан көшіп келдіңдер?

-Екі жылдай болды. Баламызды үнемі дәрігерге көрсетіп тұру керек, сол үшін келдік. Әйтпесе, малда жүре бергеніміз жақсы еді, таза ауа.

            -Әй, қойшы, бұл жақта таза ауа қалды ма қазір! Қырық жыл бойғы жарылыстан уланып бітті ғой бәрі.

            Ырысты күлімсіреп, күмілжігендей болады.

            -Қайдам... Мен тамақ қамдайын, отыра беріңдер.

            Жүктің арасынан тазалау көрпе алып төсейді де ауыз үйге шығып кетеді. Берік досын төрге отырғызып, баласын қолына алады. Ырысты тоңазытқыштан ет шығарып жатыр.

            -Мынау біздің Еркебай деген батыр. Биыл беске толады.

            Жомарт оның сөзін Кейтке аударып береді. Өзі де сұрап жатыр.

-Нешінші балаң бұл?

            Берік сәл ойланып қалады.

            -Екі баламыз шетінеп кетті, Ырысты екі рет түсік тастады, жалпы, реттік саны бойынша бесінші. Қазіргі барымыз да, нарымыз да осы.

            Жомарт тағы да аударады. Кейт балаға барлай көз салып отыр.

            -Ал, дәрігерлер не дейді?

            -Не десін. Көрсетіп жүрміз, әйтеуір.

            Жомарт енді Кейттің сұрағын Жомартқа қояды.

            -Олигофрения ма?

            Берік алғаш рет Кейтке тіктеле қарады.

            -Білмеймін. Не болса да бәрібір маған. Әйтеуір аман болсын.

            -Алматыға әкел, онда мықты дәрігерлер бар, соларға көрсетейік.

            -Оған шама қайда.

            Жомарт басын шайқап қояды. Ырысты жозыны жақындатып, дастархан жасап жатыр. Қонағына күлімсірей қарайды.

            -Ет піскенше шай іше тұрайық. Ауылдың шайын сағынған шығарсың.

            -Қаланың шайына да үйреніп кеттік... Сағынатын не бар мұнда? Тек өздерің болмасаңдар. Жалпы, сендерге де Алматыға көшу керек. Баланы емдетесіңдер, өздерің де емделіңдер.

            Ырысты күрсініп, Берікке қарайды. Ол Жомартқа таңырқай қарап қалған. Кейт өз тілінде әлденелерді айтып жатыр.

            -Сенің сүт қатқан шайыңды мақтап отыр. Бауырсағың да дәмді дейді.

            Ырысты оған күле қарайды.

            -Алыңыз, алыңыз. Қазір ет піседі.

 

*          *          *                                                         

            Қазіргі заман. Берік пен Ырысты ауру баласын қоларбаға салып, екіншісін көтеріп «Алмагүл» ықшамауданындағы үйлеріне келе жатыр. Балалар алаңының бергі шетінде төрт-бес жастағы екі бала тұр. Бұлар жақындай бергенде үлкендеуі бірер қадам аттап, жақындауға батпай тұрып қалады. Берік одан сұрап жатыр.

            -Не керек, балалар? Бірдеңе айтайын деп пе едіңдер?

            Балалар қорқып қаша жөнеледі. Бұлар үйлеріне кіріп кетеді.

 

*          *          *

            Берік банктің бас кеңсесінің ішіндегі күзетші. Ішке бір мұртты кісі кіреді, жас шамасы өзімен қатар. Келушілерге арналған қабырғадағы жазбаларды біраз қарап тұрып, Берікке жақындайды.

            -Шаруаңызды айтыңыз.

            Жігіт бұған зерттей қарайды.

            -Шаруам бастықта.

            -Қай бастықты айтасыз?

            -Директордың бірінші орынбасарына келіп едім. Бүгін қабылдайтын күні екен.

            -Рұқсат қағазыңыз бар ма?

            -Жоқ. Оны қайдан алады?

            -Ана телефонға хабарласыңыз, солар түсіндіреді.

            Жігіт қайтадан қабырғадағы жазбаны қарап, телефонды жазып алып жатыр. Сол кезде қасында баспалдақтан Жомарт түседі, қасында күзетшісі бар. Берік орнынан тұрып, амандасып жатыр.

            -Саламат па.

            -Халің қалай, Берік?

            -Жақсы.

            -Ырыстының денсаулығы қалай? Кішкентай өсіп жатыр ма? Өзін көруге де қол тимейді, бізді менсінбей кетті деп ренжіп жүрген жоқсыңдар ма?

            -Жоға, уақытың жоқ екенін білеміз ғой.

            Әлгі мұртты жігіт бұларға жақындай бергенде Жомарттың күзетшісі қарсы алдына тұра қалады.

            -Не керек сізге?

            -Жомарт! 

            Жомарт оған тесіле қарап қалыпты.

            -Кім боласыз?

            -Танымай қалдың ба? Әлібекпін ғой. Ауғандық.

            -Есімде жоқ. Қабылдауға жазылыңыз.

            -Бір ауыз сөз айтайын деп едім. Жомарт! 

            -Қабылдауға жазылыңыз деймін!

            Күзетшісі мұрттыны итеріп тастап, екеуі шығып кетеді. Мұртты аңтарылып тұрып қалған...

 

*          *          *

            Ырысты кішкентай баласын көтеріп, есік алдындағы балалар алаңындағы орындықта отыр, Еркебайды арбаға салып алған, тербетіп қояды. Кенет әрнеугүнгі екі баланы тағы көреді. Олар бұған жалтақ-жалтақ қарап қояды. Ырысты орнынан тұрып, жақындамақ боды.

            -Неғып жүрсіңдер, балалар?

            Балалардың үлкені кішісін қолынан тартқылап, сүйрелей бастайды.

            -Жүр, Самат, кеттік! Қазір ұрсады!

            -Жоқ, ұрыспаймын. Бері келіңдер.

            Бұл жақындай бергенде балалар тағы да қаша жөнеледі. Кішісі сүрініп кетіп, құлап түседі. Ырысты баласын бір қолымен кеудесіне қысып, екінші қолымен әлгі баланы тұрғызып жатыр. Үлкені анадай жерде состиып тұр. Ырысты қараса тағы да әрірек барып тұрады. Кіші бала жылап қоя береді. Ырысты оны тұрғызып, үстін қағып жатыр.

            -Қой, жылама. Қайда тұрасыңдар? Әке-шешелерің қайда?

            Кіші бала мұрны қорсылдап, ақырын жылап тұр. Үлкені бұларға жалтақтап қарап қойып, кетіп бара жатыр.

            -Әй, бала, тоқта. Ініңді ертіп кетпейсің бе! Бері кел!

            Үлкені қаша жөнеледі. Ырысты кішісінен сұрап жатыр.

            -Атың кім сенің? Самат па? Жылама, Самат. Мамаң қайда? Қай үйде тұрасыңдар?

            Бала бұлардың үйін көрсетеді. Ырысты таңданып қалған.

            -Мына үйде ме? Қай пәтер?..

            Бала тағы да саусағын шошайтып көрсетеді.

            -Нешінші қабатта? Пәтерлеріңнің нөмірі қандай? Қай пәдез?

            Бала қорсылдап, қолымен нұсқай береді. Бірдеңе дегендей болады, бірақ түсініксіз.

            -Не дейсің? «Қоян»? Қояны несі?

            Бала тағы да міңгірлейді.

            -Менің қояным...

            -Жүр. Жүрші, көрсетші. Қай пәтер?

            Бір қолында баласы, екінші қолымен әлгі баланы ұстап алған, арбасында ыржаңдап отырған Еркебайға қарап қойып, үйге қарай жақындайды. Сол мезет үлкен баланы бір қолымен дедектетіп сүйреп келе жатқан жас әйел бұрыштан шыға келеді. Самат еңіреп қоя береді.

            -Мама!.. Мама!..

            -Самат! Бері кел!

            Жүгіріп келіп, аңтарылып тұрған Ырыстының қолынан Саматты жұлып алып, басынан шапалақпен ұрып-ұрып жібереді.

            -Бұл жаққа барма дегенім қайда саған?! Ә?! Неге қайта-қайта келе бересің?! Жүр, кәне! Сүмелек! Енді осы жаққа аяғыңды аттап көр, сирағыңды сындырайын! Оңбаған!

            Самат ойбайын салып бақырып барады.

            -Мама! Қояным! Қоянымды аламын! Қояным!..

            -Жоқ саған қоян! Ол сенің қояның емес! Басқалардікі! Қазір басқалар тұрады онда! Жүр! Жүр, бол!

            Баласын сүйрей жөнеледі. Ол артына бұрылып, бұлардың балконын нұсқап жылап бара жатыр.

            -Қояным! Менің қояным!..

            Шешесі тағы да басынан ұрып-ұрып жібереді.

            -Сенікі емес деймін! Әй, Қанат! Неге ертіп келесің мұнда?! Сені де оңдырмаймын!

            Ол шешесіне жақындауға қорқып, бес-алты қадам жерде еріп келеді.

            -Өзі ғой... Мен бармасам бәрібір жалғыз кетіп қалады!

            Шешесі оған айғайлап бара жатыр.

            -Сырттарыңнан қамап кетемін енді! Аулада ойнаңдар дегенім қайда?! Жүр бері! Бас аяғыңды, оңбаған!

            Бірін сүйрелеп, екіншісін соңынан ертіп бұрышты айналып кетеді. Ырысты соңдарынан қарап қалған, қолында баласы. Арбада отырған Еркебай қыңқылдай бастайды. Жүгіріп қасына барып, бір қолымен арбаны тербетеді. Балконның сыртында ағаштан қиып, бояп қойған қоянның суреті бекітулі тұр. 

 

*          *          *

            Берік балконда бекітулі тұрған қоянның суретін ағытып алып, пакетке салады да шығуға беттейді.

            -Базарға кірген соң оң жақтағы екінші дүкен дедің бе?

            -Ия. Сонда тамақ сатады екен.

            Берік далаға шығып, бұрышты айналады да көшенің бойында орналасқан шағын базарға беттейді. Дүкенге кіріп, біреуге кәмпит өлшеп беріп жатқан дүкеншіге қарап тұрып қалады. Ол әлгі кісімен есеп айырысып, Берікке тіл қатады.

            -560 теңге... Сіз не аласыз?

            -Мен... Сізге мынаны беруге келдім.

            Пакетінен қоянның суретін шығарып береді. Сатушы бұған бір, қолындағы суретке бір қарайды.

            -Мұны қайдан алдыңыз?

            -Біздің балконда бекітулі тұр екен. Сіздің балаңыз осы қоянды сұрапты, әйелім айтады.

            -Мұны қайтеді ол?! Оған қоян емес, пәтердің өзі керек! Соны сағынып жүр!

            -Бұрын... Сонда тұрып па едіңіздер?

            -Тұрғанбыз. Сіз кім боласыз? Қаншаға сатып алдыңыз оны?

            -Біз... Сатып алған жоқпыз. Мекемеміз берді.

            -Біреуден тартып алған пәтер сіздерге қайырлы болады деймісіз?!

            -Білген жоқпыз ғой... Кешіріңіз, күйеуіңізбен сөйлесуге бола ма?

            -Жоқ күйеуім!.. Сотталып кеткен.

            -Әәә...

            -Пәтерімізден қуып шыққан сот орындаушысының басын жарып, бес жылға сотталып кетті. Ал, мен екі баламен қаңғып жүрмін, пәтерден пәтер жалдап... Біреудің сатушысы болып!.. Алып кетіңіз мынаны!

            -Жоқ-жоқ, балаңызға апарып беріңіз.

            Шегіншектеп дүкеннен шығып кетеді. Әйел артынан айғайлап жатыр.

            -Алып кетіңіз деймін! Бекерге алаңдатпаңыз баланы!

            Әйел далаға лақтырып жіберген суретті Берік көтеріп алып, қайтадан пакетіне салып қояды.

 

*          *          *

            Кабинеттің есігін жұлқи ашқан мұртты жігіт аяғын тарс-тұс басып шығып кетеді. Хатшы қыз Берікке тіл қатады.

            -Кіре беріңіз.

            Берік кабинетке кіреді. Жомарттың қабағы қатулы. Бұған сәл жымиып амандасады.

            -Кел, Берік. Халің қалай?

            -Жақсы... Ашулысың ғой?

            -Әлгі біреу жыныма тиіп... Бұл қайырымдылық қоры емес, банк десем түсінгісі келмейді! Бір кезде Ауғанда болғанын алға тартпақ болады!.. Ал, өзің неғып жүрсің? Не шаруа?

            -Шаруа болғанда... Бір нәрсенің анығын білейін деп едім.

            -Ия, айта бер.

            -Біз тұрып жатқан пәтер... кімнің атында?

            -Кімнің атында болатын еді! Сенің атыңда.

            -Сонда...

            -Не? Сатайын деп пе едің?

            -Қайдағыны айтпашы!

            -Сатқың келсе – сат. Толық сенің атыңда, жекешелендірілген. Не істесең де өзің білесің.

            Екінші кабинат ашылып, Кейт кіреді. Берікті көріп, жылы ұшырай амандасады.

            -Сәлеметсіз бе!

            Одан әрі ағылшынша сөйлеп кетеді. Берік жымыңдап қояды. Жомарт та бірер ауыз ағылшынша сөйлеп, басын изеп, мақұлдағандай болады. Кейт бір қағаздарды алып, қайтадан өз кабинетіне кіреді. Есіктің алдында сәл тұрып, Берікке қарап басын шайқап қояды. Жомарт оның не айтқанын түсіндіріп жатыр.

            -Ырыстыны, балаларды сұрайды. Көптен бері көрген жоқпыз, қонаққа барайық дейді.

            -Е, келіңдер! Қай уақытта келсеңдер де дайынбыз.

            -Рас па? Онда бүгін кешке барамыз. Ырыстыға ескертіп қой.

            -Ия, әрине. Айтамын қазір. Ал, жақсы, жұмысқа барайын.

            -Тоқта. Қазір бірдеңе көрсетемін саған.

            Орнынан тұрып, қабырғаның жанындағы үлкен шкафты ашады. Ішінде биіктігі бір метрдей болатын мөлдір әйнектен жасалған ваза тұр.

            -Міне. Көріп тұрсың ба?

            Берік аң-таң.

            -Не ол?

            -Не болсын! Періште.

            -Кәне?

            Берік те орнынан тұрып, жақын келеді.

            -Міне. Мазамды ала бергесін осында қамап қойғанмын.

            -Түк көріп тұрған жоқпын.

            -Ой, сен де! Тұр ғой, міне. Қолымен бетін жауып алыпты.

            Мөлдір құмыраның ішінде тұрған періште Жомартқа көрінеді, бірақ Берік қарағанда ештеңе жоқ. Ол Жомартқа бақырайып қарап қалыпты.

            -Мынаның есі ауысқан ба деп тұрсың ғой! Әлде шынымен көрінбей ме? Ренжітіп қойғансың ғой оны, сондықтан саған көрінгісі келмейді.

            -Қойшы, Жомарт. Бүйтіп әзілдемеші.

            -Мейлі, жарайды. Ал, жақсы, кешке барамыз үйіңе.

            -Келіңдер.

            Берік шығып кетеді. Жомарт періштеге сұқ саусағын безеп, басын шайқайды. Періште ебіл-дебіл...

 

*          *          *

            Беріктің үйінде төртеуі шай ішіп отыр. Дастархан әжептәуір мол жайылған, Кейт қазыны сүйсіне жеп, өз тілінде әлденелерді айтып қояды. Жомарт оған ағылшынша, бұларға қазақша сөйлеп, тілмаштық етеді.

            -Қазақтың тағамдарын жақсы көремін, әсіресе Ырысты пісірген тамақ өте дәмді дейді. Балаң өссін, сосын сені өзімізге аспаз қылып аламыз.

            -Қазір-ақ бола салайын, күн сайын үш мезгіл осы үйден тамақ ішіп жүріңдер. Әрі бала бағамын, әрі жалақы аламын!

            -Бір оқпен екі қоянды атқың келеді, ә? Осы пысықтығың Берікке жұққанда ғой, ендігі бір банктің бастығы болып отыратын еді.

            -Маған не бар, сенің көлеңкеңде өстіп жүре берсем де жетеді.

            -Міне, үнемі кері тарта береді. Ылғи осы!

            -Неге? Шын айтып тұрмын.

            -Ау, сенің қабілетіңмен тау қопаруға болады! Әлі де оқып ал деп қанша айттым, тыңдағың келмейді!

            -Сен де айтасың-ау! Екі жылдан кейін жасым елуге келеді, енді студент болуым қалып па еді! Күзетші болып жүре бергенім дұрыс. Балалар аман болсын.

            Ырысты да күйеуін қостап жатыр.

            -Ия, осыған да шүкір. Осы құлындарымыз аман болса, сол жетеді бізге.

            -Аман болғанда... Кейт екеуміз осы туралы сөйлескіміз келіп еді.

            Кейтке бұрылып, ағылшынша бірдеңе айтады. Ол да қостап жатыр, басын изеп қояды. 

            -Ана кісілер ертең келеді дейсің бе? Анық қой?

            -Ия, бүгін ұшып шықты, ертең түске жақын осында болады. Түркия арқылы ұшады.

            Жомарт қазақша сөйлейді.

            -Жағдай былай. Сендерге жанымыз ашиды, қиналып жүрсіңдер, алдарыңда не күтіп тұрғанын кім біледі. Америкадан Кейттің бір таныстары келе жатыр, ерлі-зайыпты, балалары жоқ.

            Ырысты әлденеден күдіктене бастаған сияқты, Жомартқа кірпік қақпай қарап қалыпты. Берік те мына не айтқалы отыр дегендей еңсеріле бұрылған.

            -Ал?

            -Сол... Олардың балалары жоқ екен. Өздерің келіссеңдер, Еркебайды асырап алып, Америкаға апарып емдетеміз депті. Оларда бала туу қиын...

            -Не деп отырсың?!

            Ырысты шаңқ ете қалғанда Кейт селк ете түсті. Көзі бақырайып, бәріне кезек-кезек қарай береді. Беріктің де қабағы түйіліп кеткен.

            -Жомарт! Бұл не сөзің? Осындай да әзіл бола ма!

            -Жоқ, бұл әзіл емес. Баға алмайсыңдар оны. Кішкентайды алданыш қылыңдар, әлі де балалы боларсыңдар...

            -Шық үйден! Жауыз!..

            Әшейінде жүзінен ұяңдығы сезіліп тұратын, ешқашан қабақ шытуды білмейтін Ырыстының екі көзі шақырайып кетіпті. Берік орнынан атып тұрды. Ырысты бастырмалатып жатыр.

            -Жүрегімді жарып шыққан баламды... Біреуге ұстата салатындай мал деп пе едің?! Малды да бөтен адамға бермейді!

            Кенет үстелге басын қойып еңкілдеп жылап жіберді. Берік өзін-өзі әрең тежеп тұр. Даусы қырылдай шықты.

            -Барыңдар, Жомарт. Ертең сөйлесеміз.

            Жомарт пен Кейт үн-түнсіз шығып кетті. Ырысты долданып айғайлап жатыр.

            -Бүйтіп жақсылық жасамай-ақ қой бізге! Тасжүрек!..

            -Болды, Ырысты, тыныштал. Балалар қорқып кетті.

            Ырысты енді ғана есін жиған сияқты. Орнынан атып тұрып, арбасында отырған Еркебайды бетінен, маңдайынан шөпілдетіп сүйіп жатыр...

 

*          *          *

            Хатшы қыз Жомарттың кабинетіне кіріп, бір парақ қағаз ұсынады.

            -Бұл не?

            -Таңертең Берік қалдырып кетті.

            Жомарт қағазды алып көз жүгіртеді. Хатшы қыз шығып кетеді.

ДИКТОР:        «Арыз. Бүгіннен бастап жұмыстан шығаруыңызды өтінемін»...

            Жомарт қағазды үстелдің үстіне қоя салып, терезенің алдына барады. Ауа жетпегендей, терезені ашып тастайды, жақтау ағашқа сүйеніп далаға қарап біраз тұрады. Кенет артынан шалдыр еткен әйнектің дыбысы естіледі. Жалт бұрылып қараса – шкафтың есігі айқара ашылған, ішіндегі әйнек құмыраның күл-паршасы шығыпты. Періште бұған зілдене қарап, әуеге көтеріліп барады. Жомарт жүрегін ұстап шегіншектеп барып, диванның үстіне сылқ етіп отыра кетеді. Періште ашық тұрған терезеден қалықтай шығып, ұша жөнеледі...

 

*          *          *

            Берік пен Ырысты нотариус кеңсесінен шығып келеді, біреуі баланы көтеріп, екіншісі Еркебай отырған арбаны итерген. Қастарында екі баласын ерткен сатушы келіншек бар, көзінен жасы бұрқырап төгіліп тұр. Қыстығып әрең сөйлейді.

            -Мұндай да болады екен-ау!.. Кім ойлаған... Әлі сене алмай тұрмын...

            Берік оған пәтердің кілтін ұстатады.

            -Міне, кілтің. Барып есікті аша беріңдер. Заттарымызды жинап қойғанбыз, бірден алып шығып кетеміз.

            -Жоқ! Аға!.. Әпке!.. Шай беремін сіздерге. Осындай қуаныш!.. Құдай жарылқасын сіздерді... Жолдарыңызға тамақ пісіріп беремін. Шығарып саламын...

            -Жоқ, әуре болма. Пойыздан қалып қоярмыз. Барыңдар, балаларың да қуанып қалсын. Ештеңе түсінбейді ғой олар.

            -Ия. Қазір... Самат! Қанат! Жүріңдер, үйге барамыз. Өзіміздің үйге. Қояныңа барамыз, Самат...

            Келіншек Берікке сұраулы жүзбен қарайды. Бұл жымиып, басын изейді. Екі бала жүгіре жөнеледі. Келіншек те соңдарынан емпеңдеп барады. Ырысты оларға мұңая жымиып қарап қалған. Бұрышты айнала берген Самат балкондағы қоянды көріп, қуана айғайлап жібереді.

            -Қояным! Менің қояным!..

            Бәрі бірінің соңынан бірі үйге қарай жүреді. Биікте періште қалықтап жүр...

           

                                                                       Соңы.

 

Қазақ тілінде жазылған