Адам қарады: 388 | Жарияланды:

ҚАЛАМГЕР

 Бес көріністі драма

Қатысушылар:

Әбіш               - жазушы, Кекілбаев, 60-70 шамасында.

Клара  - зайыбы, өзі шамалас.

Назарбаев       - Қазақстан Республикасының президенті, өзі шамалас.

Әмірші           - кейіпкері, өзімен қатар.

Мәңгүрт         - ------------, жасы 40-тарда.

Еңсеп  - ------------- -----------------.

Ізбасары         - ақын, 20 жастай кіші.

 

                                                               1-көрініс

             Жазушының кабинеті. Әбіш жазу үстелінің жанындағы креслода отыр. Алдында кітаптар, қағаз, қолында қалам. Шұқшиып бірдеңе жазған болады, сәл ойланып, қайтадан жазады. Бір кезде орнынан тұрып, ерсілі-қарсылы жүре бастайды. Бір ойдың ұшығына шыға алмай жүр. Бір кезде күйінішпен сөйлеп кетеді.

 

ӘБІШ: Жаза алмай қойдым-ау! Қаламым қайраулы, қағазым дайын, бірақ шықпайды ештеңе! Не қиялымда, не қағазымда бірде-бір кейіпкер жоқ! Қайда кеткен бәрі?! Бұл қалай? Әлде бойымдағы барымды сығып беріп, мәйегім түгесіліп, сарқылып қалғаным ба?!

 

            Қабырғада ілулі тұрған биіктігі кісі бойындай шарайнаға жақындап, өзін-өзі қазір көргендей үңіліп біраз тұрады да басын шайқап қойып, қайтадан бөлмені кезіп кетеді.

            Сахнаның екінші шетінен жарық жанып, Клара төсегінен тұрады. Есікке жақындап, Әбішке сыртынан қарап тұр.

 

КЛАРА:          Тағы да жазу үстеліне отырды! Бір сағат ұйықтады ма, жоқ па?.. Өйтіп өзін-өзі қинағанша жазбай-ақ қойса қайтеді! Темір емес, ет пен сүйектен жаралған адам ғой, Құдай-ау! Күні бойы жұмыс істеп, түнімен жазу жазса несі қалады! Темір екеш темір де тозады!..

 

            Әбіштің қасына барсам ба дегендей бірер ұмтылып, өзін-өзі тоқтатады да қайтадан төсегіне келіп отырады. Әбіш оны байқамайды.

                       

ӘБІШ: Жоқ-жоқ, қайдағыны айтпа, сарқылғаны несі! Алпыс жасыңда сарқылсаң кім болғаның? Нағыз кемеліңе келіп, толысып-толған кезің!.. «Алпыс – дер шағың...» - дейді. Жазылбек атамыздың сөзі ғой, өзі тәрізді екі мәрте Еңбек Ері атағын алған әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевқа айтқаны.

 

«Жиырма – жыр шағың,

Отыз – өр шағың,

Қырық – қыр шағың,

Елу – ер шағың,

Алпыс – дер шағың,

Жетпіс – жер шағың,

Сексен – сір шағың,

Тоқсан – төр шағың,

Жүз – көр шағың», - деп еді-ау жарықтық. Қарапайым еңбек адамы, ғалым да, оқымысты да емес, бар өмірі қой бағумен өткен, қазақтың әр ауылынан табылатын кәдуілгі қара шал. Қой емес, ой баққан екен-ау! Көкірегі қазынаға толы қайран қарттарым-ай! Сол қасиеттерің бізге де жұғысты болса ғой!

 

            Қайтадан креслоға сылқ етіп отыра кетеді. Сәлден соң қаламын алып, жаза бастайды. Қайтадан ойланып отырып қалады, сосын қайтадан жазады. Біртіндеп таң атып, айналаға жарық түсе бастайды. Клара кіреді, келгенін білдіру үшін өтірік жөтелгенсіп қояды.

 

КЛАРА:          Әбіш... Ұйықтамағансың ба?

ӘБІШ: Неге? Ұйықтадым. Кешегі жазғанымды қарап тастайын деп қазір ғана отырғанмын.

КЛАРА:          Әәә... Қайдан білейін... Түнде ұйқыға жатқанымда шұқшиып отыр едің, таңертең оянсам әлі отырсың. Ұйықтамаған ба деп қалдым... Қазір жұмысқа барасың. Жүр, шай іш.

ӘБІШ: Қазір... (Клара бұрылып кете бергенде шақырып алады).  Клара!

КЛАРА:          Ия?

ӘБІШ: Бері келші. Отыршы.

 

            Клара үстелдің қасында тұрған диванға келіп отырады. Әбіш оған барлай қарап қалыпты.

 

КЛАРА:          Айта бер.

ӘБІШ: Әй, кемпірім-ай! Қырық жылдан бері бір-бірімізге әбден сыралғы болып кеттік, біліп тұрсың ғой бәрін. Біліп тұрғаныңды мен де білемін. Ұйықтадым-ау, бірақ өйтіп ұйықтағаны бар болсын, мазам қашып жүр. Не ойымдағыдай жаза алмай, не алаңсыз ұйықтай алмай, әуре-сарсаң бір тірлік. Мені ойлап сен де ұйықтамай жүрсің. Маған алаңдама деп қанша айттым!

КЛАРА:          Әбіш-ау... Қалай алаңдамайын!.. Әлде осы жұмысты тастағаның дұрыс па... Бар уақытың соған кетіп жатыр.

ӘБІШ: Өзім де бір шешімге келе алмай жүрмін, Клара. Әу баста осындай шешуші сәтте, еліміздің тізгіні бір жарым ғасырдан кейін қайтадан өз қолына тиген кезде азаматтың бір сыналар сәті осы, жас мемлекетіміздің бағытын белгілеп, мақсатын анықтап, сара жолға түсіріп жіберуге көмектесейін, жазу ешқайда қашпас, үстелге кейін оралармын деп едім, бүйтіп ұзақ жүріп қалатынымды білмеппін. Енді қош айтысайын десем орта жолдан тастап кеткендей боламын ба деп күмәнданамын...

КЛАРА:          Бір белестен өткен шығармыз. Қолыңнан келгенін істедің, аянып қалған жоқсың, енді ешкім өкпелемес. Халық сені саясатшы емес, жазушы деп біледі. Жаңа кітаптар күтеді. Өзіңді, өнеріңді ойлауың керек.

ӘБІШ:             Ойлап жүрмін, Клара, ойлап жүрмін... Осының бәрі қалай басталып еді өзі... Жазуымды жазып жүре бермей, саясатқа қалай келдім?..

 

            Сахна қараңғыланып, қайтадан жанғанда мінберде тұрған Әбішті көреміз. Қызулана сөзін жалғастырады.

 

ӘБІШ: Екі күннен бері қызыл кеңірдек болып дауласып жатырсыздар. Не үшін? «Даудың басы Дайрабайдын көк сиыры» емес қой. Әңгіме тіл туралы! Мұқым халықтың тілі. Тұтас елдің тілі. Осы жерді мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың басын қосып, біріктіріп отырған, осы елді құрайтын, түптеп келгенде жердің де, елдің де жалғыз егесі - қазақ дейтін халықтың тілі. Мен Жоғарғы Кеңестің депутаты емеспін, бірақ осы елдің азаматы ретінде, халқымның перзенті ретінде бұл мәселеге атсалыспай қала алмаймын. Қайта-қайта сөз сұрап, мінберге әрең шыққаным да сондықтан. Тіл - халықтың жаны! Онсыз да жетпіс жыл бойы шала-жансар күйге түскен тіліміз қашанғы өз елінде өгейлік көріп, жетім баладай босағадан сығалап жүре бермек?!  Кеше бастарыңызға не қилы зобалаң түсіп, ел ауып, жер ауып келгендеріңізде сіздерден ештеңесін аямаған қазақ халқына енді тіл екеш тілін де қимай, жылатып-сықтатып, жалынтып-жалбарынтқыларыңыз келіп тұр ма? Қазақ сіздердің түрлеріңізге, түстеріңізге, тілдеріңізге, діндеріңізге қарамап еді. Абай айтқандай, «адамзаттың бәрін бауырым деп сүйіп», құшағына басқан жоқ па! Ұмытып кеттіңіздер ме?! Мен - жазушымын. Жазушының құралы – тіл. Сіздер мені құралымнан айырмақсыздар. Әлде қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін берсек, басқа тілдер тұғырынан түсіп қалады деп ойлайсыздар ма? Қазір заман басқа, демек заң да басқа болуға тиіс! Ойланыңыздар, ағайын!..

 

            Сахнадағы жарық тағы да өшіп-жанады, Әбіш халыққа қарап тұр.

 

ӘБІШ: Ия, ол кезде Кеңес Одағы ыдыраудың сәл-ақ алдында тұрған. Бүкіл елді уысында ұстап, бәрін бір өзі билеп-төстеген коммунистік партияның Қазақстандағы басшысы Колбин кетіп, орнына Назарбаев сайланды. Енді көзіміз ашылады деп үміттеніп жүргенбіз. Көп ұзамай сол кісі шақырып алып ұсыныс жасады...

 

            Сахна қараңғыланып, қайта жанады. Үстел басында Назарбаев, қарсы алдында Әбіш отыр.

 

НАЗАРБАЕВ: Әбеке, сіз екеуміз бір-бірімізді бұрыннан білеміз, Үкімет басшысы болып тұрғанымда бірер рет жолығып, әңгімелестік. Өткен жолы Тіл туралы заң қабылданарда сөйлеген сөзіңіз де көңілімнен шықты.

ӘБІШ:             Рахмет.

НАЗАРБАЕВ: Жұмысқа шақырмақпын сізді, Әбеке. Ертең пленум өткіземіз, сонда жаңа бөлім ашамыз. Ұлт саясатымен шұғылданатын бөлім. Ал оны қазақ азаматы басқаруы керек. Соған өзіңізді лайық көріп отырмын. Не айтасыз?

ӘБІШ:             Не айтайын... Қолымнан келер ме екен? Бұрын саясатпен айналысып көрмеппін, өзім де сүрініп, сізді де ұятқа қалдырып жүрмейін...

НАЗАРБАЕВ: Бекер олай дейсіз, Әбеке. Ешкім саясатшы болып тумайды. Дәл қазір елімізге халқының болашағы үшін ештеңеден тайынбайтын, қажет болса отқа да, суға да түсуге дайын нағыз ұлтжанды азаматтар керек. Бұл - көзсіз батырлық емес, пайым-парасат сынға түсетін сәт. Бізге алды-артын бірдей байыптап, бағамдай білетін, өзінің де, өзгенің де артық-кем тұсын дөп басып тани алатын, кім-кімге де өз ойын ұғындырып, сөзін өткізуге алымы да, қарымы да жететін білікті адамдар керек. Мен сізді сондай адам деп білемін, Әбеке. Заманның ағымын көріп тұрсыз, алдымыздан небір өткелектер күтеді, сол қиындықтардан қорықпай, бұқпантайлап-бұлтақтамай, еліміздің туын бірге көтерер қайтпас-қайсар ер деп танимын сізді. Сондықтан өзіңізге тоқтадым. Бір шешімге келіңіз, Әбеке. Жауабын қашан бересіз?

ӘБІШ:             Қазір-ақ берейін. Ертең-арғы күні деп сізді күттіріп қойғаным ұят-ты, бұлданғандай болармын.             (Екеуі қарқылдап күліп алады).       Егер өзіңіз солай ұйғарсаңыз, келісемін, әрине. Тек сеніміңізді ақтай аламын ба деп күмәнданғаным ғой.

НАЗАРБАЕВ: Іске кіріспей тұрып күмәнданған дұрыс, Әбеке. Күмәнданған адам әр істі түгел зерттеп, зерделеп, анығына жетуге тырысады. Содан кейін барып ең оңтайлы жолға түседі... Ал іске кіріскен кезде ешқандай күдік-күмән болмауға тиіс, ондайды ұмыту керек. Әйтпесе тұсаулы тұлпардай жүрісің өнбейді, бауырыңды жазып шаба алмайтын болсаң, додаға қосылып нең бар! Дұрыс па, Әбеке?

ӘБІШ:             Әрине, дұрыс.

НАЗАРБАЕВ: Олай болса, іске сәт!

ӘБІШ:             Рахмет.

 

            Әуелі Назарбаев, сосын Әбіш орындарынан тұрып, қол алысады.

 

            2-көрініс

 

            Сол кабинет. Әбіш үстел басында жазып отыр. Кенет біреудің жөткірінген дауысы естіледі. Әбіш басын көтеріп жан-жағына қарайды да иығын қиқаң еткізіп, қайтадан жаза бастайды. Сәлден соң әлгі дауыс қайтадан естіледі. Бұл жолы ап-анық, әдейі естіртейін деген адамның дауысы. Әбіш басын көтеріп, айналасына қарап, орнынан тұрады да барып шам жағады. Сахнаның шет жағында үстіне көнетоз киім киген біреу тұр. Әбіш селк ете қалады.

 

ӘБІШ: Астапыралла! Бұл кім, ей?!

ЕҢСЕП:          Мен ғой...

ӘБІШ: Менің кім? Кімсің?

ЕҢСЕП:          Мен... Еңсеппін.

ӘБІШ: Кім?! Қандай Еңсеп?

ЕҢСЕП:          Сол... Сенің Еңсебіңмін...

ӘБІШ: Менің Еңсебім?! Әлде...

ЕҢСЕП:          Ия, сол... Сенің кейіпкерің.

ӘБІШ: Ал... Қайдан келдің?

ЕҢСЕП:          Ауылдан...

ӘБІШ: Ауылдан... Кім жіберді сені? Не шаруамен келдің?

ЕҢСЕП:          Өзіңе... жолығайын деп...

ӘБІШ: Кім жіберді деймін!

ЕҢСЕП:          Өзім келдім.

ӘБІШ: Ал... Бері жақындашы.

 

            Еңсеп бірер қадам аттайды да сахнаның ортасына шығуға батылы жетпей, кібіртіктеп тұрып қалады. Әбіштің өзі жақындап, айналып қарап жүр. Еңсеп басы салбырап тұра береді. Әбіш оны жетелеп әкеліп диванға отырғызады, өзі қайтадан креслосына жайғасады. Еңсеп атып тұрады.

 

ӘБІШ: Ау... Отырсаңшы.

ЕҢСЕП:          Үстім лас...

ӘБІШ: Қап... Астанаға келген екенсің, үстіңе тәуір киім кимедің бе?

ЕҢСЕП:          Бар киімім осы.

ӘБІШ: Соншама жұтап жүрсің бе?

ЕҢСЕП:          Енді қайтейін...

ӘБІШ: Ал, айта бер әңгімеңді. Қайдан келдің, қалай келдің, неғып жүрсің, немен айналысасың, мұнда келгендегі мақсатың не – айтып берші бәрін.

ЕҢСЕП:          Сол баяғы ауылдан келдім, өзіңе жолығу үшін. Мақсатым – көмек сұрау.

ӘБІШ: Қандай көмек? Айтпақшы, не істейсің өзің, немен айналысасың? Әлі құдық қазасың ба?

ЕҢСЕП:          Ия, құдықшымын... Бірақ қазіргі құдықтан су емес, мұнай шығады. Мұнай шығарамыз.

ӘБІШ: Мұнайшы екенсің ғой.

ЕҢСЕП:          Құдықшымын.

 

            Әбіш сәл аңтарылып отырады да қаламымен үстелді тықылдатып, қайтадан сұрақ қоя бастайды.

 

ӘБІШ: Елден келдім де... Елдің жағдайы қалай?

ЕҢСЕП:          Елдің жағдайы... Ол жағын менен гөрі өзің жақсырақ білетін шығарсың, сол елді басқарып жүрген әкім-қаралардың бірісің...

ӘБІШ: Мен Астанадамын, сен ауылдан келдің, менің білмейтінім болса айтасың ба деп едім.

ЕҢСЕП:          Бүкіл ел тұрмақ бөтен біреу туралы да ештеңе айта алмаймын. Ондайға шамам да, өрем де жетпейді. Өзім туралы айтайын.

ӘБІШ: Ал, айта ғой. Мейлі, өзің туралы айтшы?

ЕҢСЕП:          Айтсам... Өзің білесің, құдықшылықтан басқа кәсібім жоқ. Баяғы заманда да, сенің кітабыңдағы кезде де, қазіргі егемендік дәуірде де күн көрісімді сонымен айырып жүрмін...

ӘБІШ: Айта бер.

ЕҢСЕП:          Тапқаным тамағыма жетпейді, бала-шаға өсіп келеді, қызым мектеп бітірді...

ӘБІШ: Мұнайшылардың табысы мол емес пе?

ЕҢСЕП:          Қайдан мол болады!.. Мүмкін басқа жақтағылармен салыстырғанда көбірек шығар, бірақ біздегі қымбатшылық олардың өңі түгіл түсіне де кірмеген.

ӘБІШ: Апырмай, солай ма?.. 

ЕҢСЕП:          Солай... Әйтеуір қанша тапсам да келесі айлыққа дейін әрең жеткіземіз...

ӘБІШ: Мүмкін... Ақшаны ретімен, тиімді ұстай алмайтын шығарсың? Ақшаны кім ұстайды үйде? Өзің бе, келін бе?

ЕҢСЕП:          Келін дейсің... Кітабыңдағы кезді алсақ - ол саған жеңге немесе шеше болады, алғашқы өмір сүрген заманымды алсақ - сенің арғы әжең. Жалпы, құдықшының әйелі қайбір жетісуші еді, ол да маңдайының соры бес елі бейбақтың бірі...

 

            Кенет баяулата салған әуен естіліп, сахнаның төріндегі биіктен аппақ киімді қыз көрінеді. Мың бұрала билеп, керіліп, еркелеп, шаттанып, қуанып жүр. Әбіш қыз бен Еңсепке кезек-кезек қарап айран-асыр қалып отыр.

 

ӘБІШ: Мынау кім? Қызың ба?

ЕҢСЕП:          Кәне?  (Алақтап жан-жағына қарайды, қыз тұрған жаққа да қарағанымен, оны көріп тұрған жоқ).              Кімді айтасың?

 

            Кенет сахнаның бергі жағынан, анадай жерден жұпынылау киінген тағы бір қыз пайда болады, Еңсеп қуанып кетеді. Қызы мұңайып, басын төмен салған.

 

ЕҢСЕП:          Е, мұнда тұр екен ғой!.. Ия, жаңағы айтқан қызым осы.

ӘБІШ: Әәә, айналайын жақсы бала екен.    (Еңсептің қызын енді ғана көргенін білдірмеуге тырысады).            Жоғары оқу орнына баратын шығар?

ЕҢСЕП:          Жоқ, бармайды. Алтын белгіге іліккелі тұр еді, көрші сыныпта бастықтың баласы оқиды екен, соған беріпті.

ӘБІШ: Алтын белгі алмаса да жинаған баллы арқылы кез-келген оқуға түседі... Неге бармайды?

ЕҢСЕП:          Барғысы келмейді. Сағы сынып, тауы қайтып қалған... Бұл өмірде әділдік жоқ дейді.

ӘБІШ: Әділдік... Қайран қазағым-ай, әділдік деген аузыңнан ақ май ағызып қою, қайда барсаң да алдыңнан айқара ашылған есік, құшағын жайып қарсы алған қызметкер деп ойлауды қоймадыңдар-ау! Түсінсеңдерші, өмір деген – күрес!

ЕҢСЕП:          Кіммен күресеміз сонда?

ӘБІШ: Қиянатпен!

ЕҢСЕП:          Сол қиянатты жасап отырған өзіміздің әкім-қаралар. Бірақ, мен...  күрескер емеспін. Қарапайым құдықшымын.

ӘБІШ: Енді... Тіршілік ету керек қой, әрекет жасамасаң өмір бола ма, қиындықсыз, еңбексіз игілікке жеткен кім бар өзі?!

ЕҢСЕП:          Қиындықтан, еңбектен қашпаймыз... Бірақ...

ӘБІШ: Не «бірақ»?

ЕҢСЕП:          Сол бейнеттің зейнетін көре алмай жүрміз. Баяғыда...

ӘБІШ: Айта бер.

ЕҢСЕП:          Баяғыда солай болатын, ол өмірден өліп құтылып едім, «Шыңырау» деген кітап жазып, өзің тірілтіп алдың. Онда да аузым аққа, ауым атқа тиіп қарық болғаным шамалы. Сосын тағы да өлдім...

ӘБІШ: Білемін.

ЕҢСЕП:          Жаңа заман келді, тәуелсіздік алдық, өз алдымызға ел болдық, енді жағдайымыз жақсаратын шығар деп дәмеленіп қайтадан келіп едім, тағы да үмітім үзілгелі тұр.

ӘБІШ: (Орнынан тұрып кетіп қызулана сөйлейді)            Жоқ, сен үмітіңді үзбе. Өзің қара жұмыс пен ауыр еңбектен басқаны білмейсің, балаларыңды оқыт. Білім алсын, жетілсін, қазір мүмкіндік көп, шетелге шықсын, ол жақтың өмірін көрсін, жақсысын үйреніп, жаманынан жиреніп қайтсын. Бізге жас ұрпақтың жігерлі болғаны керек.

ЕҢСЕП:          Дұрыс қой, бірақ...

ӘБІШ: Тағы да «бірақ»!

ЕҢСЕП:          Біз сондай адамбыз...

ӘБІШ: Қандай?

ЕҢСЕП:          Алға ұмтылмаймыз, берген жұмысты істеп жүре береміз...

ӘБІШ: Онда не дейсің маған? Жүре бер сөйтіп!

ЕҢСЕП:          Мен жалғыз емеспін, мен сияқтылар көп...

ӘБІШ: Көп пе?!

ЕҢСЕП:          Ия... Біз де өмір сүруіміз керек, осыны ойласаңдаршы...

ӘБІШ: Өмір сүруі керек!.. Өмір сүрмей не істеп жүрсің қазір?

ЕҢСЕП:          Осы да өмір ме?.. Ел басқарып отырсың, ақылың көп, білімің шалқар, бір амалын тауып, жағдайымызды жақсарт. Мен сияқтылар қырылып өлсін демесең...

ӘБІШ: (Сылқ етіп отыра кетеді)   О, Құдай!..

 

            Екі қолымен басын сығымдап біраз отырады. Еңсеп сахнаның бір жағынан, қызы екінші жағынан шығып кетеді. Әсем әуен біртіндеп күшейе бастайды. Әбіш басын көтеріп қараса ақ киімді қыздың биі бәсеңдеп қалыпты, қимыл-қозғалысы да ауырлай түскен. Әбіш жан-жағына қарап, Еңсепті іздейді. Орнынан тұрып сахнаның әр жеріне үңіліп жүр.

 

ӘБІШ: Еңсеп!.. Әй, Еңсеп!.. Қайда жоғалып кетті?..

ӘМІРШІ:        Ол жоғалса біз бармыз!

 

            Әбіш селк ете қалады. Сахнаның төргі жағына түскен сәуленің жарығымен тақта отырған Әміршіні көреміз. Салтанатты, тәкаппар, жүзі сұсты, дауысы суық.

 

ӘБІШ: Апырмай... Сен кімсің?

ӘМІРШІ:        Танымай қалдың ба? Әлде әдейі танымағансып тұрмысың? Мен де сенің кейіпкеріңмін.

ӘБІШ: Ә-ә-ә... Әмірші... Алмас хан...

ӘМІРШІ:        Дәл өзі. Ал, амандаспаймыз ба?

ӘБІШ: Амандасайық...          (Әбіш кібіртіктеп, бірер аттап, жақындауға батпай, екі қолын алға ұмсынған күйі тұрып қалады).  Қалай амандассақ екен? Кітабымда айбарынан ай тұтылған, алыс-жақын елдердің бәрін тітіренткен құдіретті әмірші – Алмас хан едің... Қазір де сол кейпіңде келіп тұрсың. Демек... Армысың, әміршім!

ӘМІРШІ:        Бар бол, Жаратушым. 

ӘБІШ: Әәә?.. «Жаратушым» дейсің бе?.. Мен сені жаратқан жоқпын... Сен бұрыннан барсың...

ӘМІРШІ:        Әрине, бармын. Әлі де бола беремін... Ал сен ше? Пендешілікке салынып, бізді кітабыңа өз еркіңмен емес, Жаратқан иеміздің санаңдағы саңылауға сіңірген әмірімен енгізгеніңді ұғынуға өрең жетпей, Алла-Тағала фазылымен тарту еткен көкіректегі бірер түйір дәнекті көтере алмай талтаңдап, масайрап кеткен жоқсың ба? Жатырқамай, жатсынбай қабыл аласың ба, әлде сендерді дүниеге әкелген өзім, сондықтан маған бағынып, менің айтқанымды істейсіңдер деп кеудеңді қағып, кердеңдей бересің бе?

ӘБІШ: Қашан кердеңдеп едім?! Сосын... Біз дейсің... Тағы кім бар?

МӘҢГҮРТ: Мен бармын!    

           

Сахнаның бір шеті тасыр-тұсыр етіп, дүбірлеп, ортаға Мәңгүрт жүгіріп шығады. Мұртын басып, шоқшитып сақал қойған, үстінде ескілікті киім, онысы далба-дұлба. Беліне қылыш байлап, иығына садақ асыныпты. Адымдай басып, тайтаңдап, Әбіштің қасына жетіп келеді).   

 

ӘБІШ: Мәңгүрт?! Сенбісің?!

МӘҢГҮРТ: Енді кім деп едің?! Танымағансып, кердеңдеуін қара! Неге кердеңдейсің?! Ә?! Басыңды қағып алайын ба!  

 

Қылышын суырып алады. Әбіш қолын көтеріп, қорғаншақтап, кері қарай шегініп барады. Мәңгүрт оған ұмтылып-ұмтылып қояды.

 

ӘМІРШІ:        Жә, доғар! Тарт қылышыңды! Мәселені қылыштың жүзімен, жебенің ұшымен шешетін уақыт өткен... Ал, айта бер. Тағы кім керек саған? Қай кейіпкеріңді шақырайын? Әлде осы үшеуміздің арызымызды тыңдап, талабымызды орындасаң жете ме?

ӘБІШ: Арыз... Талап... Арыздарыңды тыңдайын, ал талаптарың... Әуелі қандай талап екенін біліп алуым керек.

ӘМІРШІ:        Білсең, әуелі Еңсептің талабын орында. Біз күте тұрамыз.

ӘБІШ: Еңсептің жағдайымды жақсарт дегенін орындау қиын шығар... Қызының алтын белгісіне қатысты мәселені тексертейін...

ӘМІРШІ:        «Жаратушы» емес пе едің? Бір өтірікті соға сал, кітабыңның жалғасын жаз, қайткенде де бақытты ет оны.

ӘБІШ: Өтірік жаза алмаймын.

ӘМІРШІ:        Жаза алмасаң – істе, қызына алтын белгісін алып бер. Бар!

 

            3-көрініс

 

            Сәнді кабинеттердің бірі. Үстелдің басында жылмиып киінген Бастық бейнесіндегі Мәңгүрт  отыр, қарсы бетінде Әбіш түрегеліп тұр. Бастық әр сөзін созып, баптанып, нығыздап, сеніммен айтады, бірақ дауысында зіл жоқ, керісінше, тартымды естіледі.

 

БАСТЫҚ:       Әбеке, ренжімеңіз, шешім шығып қойған, қайта қарай алмаймыз, ешкім түзете алмайды оны.

ӘБІШ: Ондай шешімді кім шығарып жүр?

БАСТЫҚ:       Жауапты адамдар.

ӘБІШ: Маңызды шешім шығаруға жауапты етіп кім қойған оларды? Ә?!

БАСТЫҚ:       Кім қойса да қойды ғой, енді соны тексеруіміз қалып па еді! Сіз де қызықсыз, Әбеке.

ӘБІШ: Өздерін жауапқа тарту керек!

БАСТЫҚ:       Кімді?

ӘБІШ: Қойған адамдарды.

БАСТЫҚ:       Қалай? Бұл мүмкін емес.

ӘБІШ: Неге мүмкін емес?

БАСТЫҚ:       Өз-өзімізді жауапқа тартамыз ба? Күлкілі ғой бұл!

ӘБІШ: Күлкіге қалудан қорқамын де. Ал қарғысқа ұшыраудан қорықпайсың ба?

БАСТЫҚ:       Қайдағы қарғыс! Байқаудан өте алмаған, бәйгеде сүрінген, жарыста ұтылған, сайыста жеңілген сорлылардың бәрі қарғай берсе, бұл әлемде адам қала ма!

ӘБІШ: Осы айтқан сынақтарың әділдікпен жүргізіліп, қатысушылар адал бәсекеге түссе ешкім қарғамас еді сені. Мен де алдыңа келмес едім!

БАСТЫҚ:       Пәлі, Әбеке, қатырдыңыз! Сынақтың бәрі әділдікке негізделген, әйтпесе өткізіп неміз бар! Ал мектеп бітірген түлектердің біліміне баға беру - мамандардың еншісіндегі жұмыс. Оған мен де, басқа да, әкім де, министр де араласа алмайды.

ӘБІШ: Сонда мен өтірік айтып тұрмын ба?

БАСТЫҚ:       Әбеке! Сізді өтірік айтты деген біреу бар ма? Мүмкін сізге біреулер өтірік айтқан шығар, ал сіздің өтірік айтуыңыз мүмкін емес!

ӘБІШ: Маған шағым айтқан адам да өтірікші емес.

БАСТЫҚ:       Әбеке, өтірікші болмаса өзінің шама-шарқын білмеуі мүмкін. Жарысқа түскен адамның бәрі бас жүлдеге өзім лайықтымын деп ойлайды. «Жеңілген адамның сөзі құрсын» деген мақал бар емес пе! 

ӘБІШ: Мақалды тапқан екенсің!

БАСТЫҚ:       Не болса да солай айтылып жүр, әйтеуір. Мен ойлап тапқан жоқпын, халықтың өзі шығарған.  

ӘБІШ: Сонымен, не істейміз енді?

БАСТЫҚ:       (Елп ете қалады).      Қаласаңыз, бәрін істейміз. Бір телефон шалсақ бітті, алтын белгі де сөз болып па! Тағы біреуін жасап бере салады.

ӘБІШ: Қалай?! Маған, саған, оған – қолында билігі бардың бәріне бір-бір алтын белгіден жасап бере ме?

БАСТЫҚ:       Қойыңызшы, Әбеке. Алтын белгі қазір маған да, оған да емес, сізге ғана керек. Ал сіз үшін тағы біреуін жасай салса мемлекеттің қазынасы ортайып қалмас. Бір белгіге татитын еңбегіңіз бар шығар?

ӘБІШ: Ау, сонда заң қайда қалады? Тәртіп бар емес пе, белгіленген нормалар қайда? Мүмкін менің балам алтын белгі түгіл қарапайым аттестат алуға лайық емес шығар?

БАСТЫҚ:       Оу, Әбеке, сіздің балаңыз ондай болмайды! Кім көрінгенге алтын белгі әперемін деп әуреге түспейтініңізді білеміз. Бүгін не көрінді сізге?

ӘБІШ: Қарағым, мен Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат төрағасымын. Жоғарғы заң шығару органының бастығымын. Сөйте тұра заңды өзім бастап бұзсам... Кім болдым сонда?

БАСТЫҚ:       Сіз заңды бұзғалы тұрған жоқсыз. Жай ғана өтініш білдірдіңіз, сіздің бір тілегіңізді орындамай не көрініпті!

ӘБІШ: Жоқ, мен, керісінше, заңның бұзылғанын айтып тұрмын, тексеріп, орнына келтіру керек деймін!

БАСТЫҚ:       Бұзылған ештеңе жоқ. Тексереміз, егер заң бұзушылыққа жол берілгені анықталса, шара қолданамыз. Жауапқа тартамыз.

ӘБІШ: Сонда... Қанша уақытта анықтайсыңдар?

БАСТЫҚ:       Жарты жылдың ішінде.

ӘБІШ: Жарты жыл... Оған дейін бала не істейді?

БАСТЫҚ:       Бала жүре тұрады. Тездетуге тырысамыз, әрине. Бірақ, бәрібір шамамен сол уақытқа созылады, Әбеке.

ӘБІШ: Енді қайттік?

БАСТЫҚ:       Бір амалын табармыз. Өзімнен хабар күтіңіз.

ӘБІШ: Тек өзің заң бұзып жүрмеші.

БАСТЫҚ:       Жоқ, бұзылмайды. Бәрі ойдағыдай болады.

ӘБІШ: Жарайды. Күтейін.

БАСТЫҚ:       Күтіңіз. Бәрін реттейміз.

 

            Әбіш баяу басып есікке қарай беттейді, ұнжырғасы түсіп кеткен. Кенет тоқтай қалады. Сахнадағы жарық өшіп, Әбішке ғана түсіп тұр.

 

ӘБІШ: Әлгіні бір жерден көрген сияқтымын... Қайдан көрдім екен?.. Е-е-е-е... Теледидардан көрген екенмін ғой! Бәсе...

 

            Сахнаның екінші шетінен жарық жанып, теледидардың ішінде отырған, тәуір киінген Мәңгүртті көреміз.

 

МӘҢГҮРТ: Сонымен, құрметті көрермендер, бұдан былай сіздердің назарларыңызға жаңа заманға лайық жаңа хабарлар сериясын ұсынбақпыз. Солардың кейбіреулері туралы құлаққағыс жасай кетейін.

            Бүгінгі таңда бүкіл дүние жүзінде салтанат құрып тұрған, бізде ғана кешеуілдеп жатқан аса маңызды әлеуметтік жетістіктердің бірі – гендерлік саясат. Қазақша айтқанда, әйел теңдігі. Бұл мәселені кезінде Совет өкіметі де көтерген, бірақ коммунистер қай істің үдесінен шығып еді, бәрін шала-шарпы істейді, бұл істі де бастауын бастағанмен, орта жолдан тастап кетті... Мәселенің мәні неде? Мыңдаған жылдар бойы әйелді еркектен төмен деп кемсітіп келген қоғамдағы түсінік сол күйі өзгермеуге тиіс пе? Ал егер өзгеретін болса оны өзгертуге не кедергі? Немесе кім?.. Біздің хабарларымыздан осы сұрақтарға жауап алып, гендерлік саясаттың қыр-сырына қанығатын боласыздар.

            Тәуелсіздік алғанымызбен, әлі де шешімін таппай жүрген тағы бір мәселе – баланың құқығын қорғау. Қазіргі тілмен айтқанда, ювеналдық саясат. Әрине, өткен заманды көксеуші керітартпалар мен әсіреұлтшылдар ондай саясат бізде баяғыдан бар, атам қазақ «он үште отау иесі» деген, баланы ешкім өзінен кем санамайды деп шыға келуі мүмкін. Бұл орайда олар шынайы құқық дегеннің не екенін түсінбей немесе әдейі түсінгісі келмей, өздері де адасып, өзгелерді де адастырып жүр...

 

            Тағы бір жерден жарық жанып, Әміршіге түседі.

 

ӘМІРШІ:        Жә, жетер!..    (Теледидар өшіп, Әміршінің қасында тұрған Мәңгүрт пайда болады, үстінде бұрынғы жалба-жұлба киімі).       

Теледидарда онсыз да оңып тұрған бағдарлама жоқ еді, әлгіндей хабарлар таратсаңдар, мүлдем жетістіреді екенсіңдер!

МӘҢГҮРТ: Әміршім! Бұл - заман талабы, біздің ойлап тапқанымыз емес.

ӘМІРШІ:        Доғар! Саған сөйлеп тұрған жоқпын... Бұған не айтасың? Жаңа заманның телехабарлары осындай бола ма?

ӘБІШ: «Көш жүре түзеледі» - дейді. Мемлекетімізді енді ғана құрдық, бәрін бірдей қамтуға үлгермей жатырмыз. Ата-бабамыз тірліктің алғышартын бір ауыз сөзбен бағалап, «ораза-намаз тоқтықта» деген. Біз де әуелі халықты тойындырып алу үшін бар күшті экономикаға салдық... Бағытты түзерміз...

ӘМІРШІ:        Бағыттарыңды түзегенше көштерің ұзап кетпей ме? Сосын «қайтадан кері бұрылып жүреміз бе, осы бағытты таңдаған бола салайық» - деп кежегелерің кері тартпасына кім кепіл?

ӘБІШ: Кепіл жоқ, әрине. Бірақ, ешкім өз халқына жамандық ойламайды. Басын бастап берейік, қалғанын кейінгі ұрпақ өзі-ақ жалғастырып әкетер деген үміт қой.

ӘМІРШІ:        Кім жалғастырады? Мыналар ма?               (Мәңгүртті меңзейді. Ол апыр-тұпыр қозғалып, бір орында тыпырлап, жер тебініп шыға келеді).

МӘҢГҮРТ: Жалғастырамыз! Жаңа қоғам орнатамыз! Мүлдем жаңа!..

 

            Лениннің мүсінінше бір қолын алға қарай созып тұра қалады. Оған  түсіп тұрған жарық өшіп, басқа жерден жанғанда сықиып киінген Мәңгүрттің мінберден сөйлеп тұрғанын көреміз.

 

МӘҢГҮРТ: Біз кеңестік дәуірде өмірге келіп, көп нәрседен кенже қалған ұрпақпыз. Жер шарының алтыдан бір бөлігін жайлаған Совет Одағы деп аталатын әйдік түрмеде отырып, дүниеде не болып жатқанын білмей келіппіз. Енді көзіміз ашылды, қол-аяғымызды матаған бұғауды сыпырып тастадық, социализм деген атың өшкір жалған қоғамның қапасынан құтылып, нарықтық экономиканың даңғыл жолына түстік. Құтты болсын, халайық!.. Ендігі мақсат не? Мақсатымыз – еңбек! Еңбек, еңбек, тағы да еңбек, мырзалар! Еркін еңбек! Жеке кәсібіңді аш та байы! Кәсіп ашуға шамаң келмесе, сондай кәсіпкерлерге еңбегіңді сат! Нарық деген – сауда, мырзалар! Нарықтық қоғамда бәрі де саудаға негізделген. Совет өкіметі зорлап таңған жалған мораль, жалған құндылықтар, отан алдындағы борыш, өткенге – қарыз, болашаққа - парыз деген сияқты алдамшы ұғымдарды біржола ұмытамыз! Тек адал еңбек пен әділ сауда ғана ұшпаққа шығарады! Әр нәрсенің парқын ойлаймыз деп бекерге бас қатырмай, ең алдымен нарқын білу керек! Нарық! Бізді тек нарық қана қарық қылады! Өмірдің тұғыры – нарық, осыны ұғыныңдар!..

ӘМІРШІ:        Жә, болды! Көп сөйлеп кеттің!..      (Жарық жалп етіп өшіп, Мәңгүрт бұрынғы қалпында орнына келіп тұра қалады).              Міне, бүгінгі ұран - адамгершілікті ұмыт, малыңды да, арыңды да базарға шығарып бұлдап-бұлдап сата бер дейді, тұтас халықты толайым саудагер қылып шығармақ! Бұған не айтасың? Әлде сенің ойың да осыған сая ма?   

ӘБІШ: Не нәрсенің де екі жағы болады емес пе, бұлардың тірлігі осы -  шешім қабылдап, құжаттарға қол қойып, мөр басатын жерлердің бәріне тұмсығын тығып алған, қай істі қолға алсақ та өңін айналдырып көрсетуге тырысады. Өздері ылғи саппас, айтқанды ұқпайды, қарсы дәлел дегенді мүлдем тыңдамайды. Шаршатты әбден!

МӘҢГҮРТ: Шаршасаң – демал! Орынды босат! Ылғи шал-шауқан аяққа оралғы болып біттіңдер ғой, түге! Не өздерің істемейсіңдер, не бізге істетпейсіңдер, айтасыңдар да қоясыңдар! Қолдарыңнан келмесе, шамаларың жетпесе бізге беріңдер! Біз-ақ істейік... Қорықпаңдар, сендерді де далаға тастамаймыз, құрметті демалысқа шығасыңдар, зейнетақыларыңды жақсылап төлейміз, қызығымызға қарап жүре беріңдер. Не керек енді?..

ӘБІШ: (Мәңгүрттің сөзіне де, өзіне де мән берместен).    О-о-о, Құдай-ай! Кейде  түсінбеймін, осылар шынымен мәңгүрттікпен істей ме, әлде біреулер  түртпектеп, айдап салып, ақыл үйретіп отыра ма?

МӘҢГҮРТ: Онда шатағың болмасын! Бәрібір ұқпайтының бар, несіне басыңды қатырасың?! Бұл сенің өрең жететін нәрсе емес. Ендігі шаруаны біз тындырамыз. Біз істейміз бәрін, сендер соған куә боласыңдар. Кімнің мәңгүрт екенін көреміз әлі!

ӘБІШ: О, тоба!.. «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты», - деп өкінген қайран әулие Абай! Өз кейіпкерім өстіп жағамнан алады деп ойламаппын-ау... 

ӘМІРШІ:        Жағаласып жүріп жаңа қоғам құрып жатырсыңдар, экономикаларың көтеріліп келеді, бірақ елдің рухани дүниесі жұтап барады. Бір кезде «малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деп жалған дүниенің өткінші қызығын тәрк еткен халық біртіндеп азғындап бара жатыр. Әлде байқамайсыңдар ма?

ӘБІШ: Экономиканы көтереміз деп жүріп біраз нәрсені назардан тыс қалдырғанымыз рас, «қазаннан қақпақ кетсе иттен ұят кетеді», еліміздің қоғамдық, әлеуметтік, рухани өмірінің кейбір салаларында былық-шылық орын алып отырғанын мойындаймыз. Уақытша құбылыс қой, Құдай қаласа, реттейміз бәрін.

ӘМІРШІ:        Уақытша құбылыс ұзаққа созылып кеткен жоқ па? Құдай дейсің... Құдай жолына түсеміз деп талай адам, әсіресе әлі ақылы толыса қоймаған жастар  алдамшы «ұстаздардың» жалған уағызына еріп, санасы сансырап, өздері тентіреп кетті, оны да көрмейсіңдер.

 

            Мәңгүрт тұрған жердегі жарық өшіп, басқа жерден жанады. Басына сәлде орап, балағы шолақ шалбар киген, уағыз айтып тұр. Экраннан жалған діншілдердің кесірінен болып жатқан келеңсіздіктер мен қантөгіс оқиғалардың көріністері беріледі.

 

МӘҢГҮРТ: Діннен безген құдайсыздар жетпіс жыл билік құрғанда халқымыздың санасын әбден улап тастаған. Онсыз да дүмшелікке ұрынып, тумысынан мешіт көрмей, шариғатты шала танитын қазақ сөйтіп түгелімен кәпірге айналып шыға келді. Енді міне, тәуелсіздік алдық деп дүрлігіп, хақ дінімізді бұрмалап, екі сөзінің бірінде Құдайға ширк қосып, жастарды адастырып жүр. Бүйтіп жүре берсек біржола құрып тынамыз, мұқтарам жамағат. Ең әуелі діннің өзін тазарту керек! Арамыздағы жалған діндәрларды аластап, шын мұсылмандарды ғана қалдырайық. Сонда ғана ұшпаққа шығамыз, ағайын. Дін тазалығы үшін қажет болса қолымызға қару алып күресуге дайын тұрайық! Бұл – жихад. Ислам дінінде ішкі жихад, сыртқы жихад деген ұғым бар. Ішкісі – өз бойыңдағы кемшіліктермен, кәпірлерден жұққан харам әдеттермен күресу. Ал сыртқы жихад – исламның дұшпандарына қарсы шайқас...

 

            Әмірші қолын сермеп, тоқтатып тастайды. Діндәрға түскен жарық өшіп, Мәңгүрт бұрынғы қалпына келіп, орнына тұра қалады.

 

ӘМІРШІ:        Халықты соғысқа шақыру, қан төгу, өзіне-өзі қол салу – қай дінде де құпталмайтын нәрсе. Осы мәселені неге шешпейсіңдер? Неге дұрыс жолға қоймайсыңдар? Халықтың қарнын тойғызғанмен барлық шаруа бітіп, бар мәселе шешіле қала ма? Елдің рухы, ұлттық намыс қайда? Рухы түсіп, адамгершілігі азайып, азғындық дендеген адамды алтынмен аптап, күміспен күптесең де оңбайды. Ал сендер тізгінді босатып жіберіпсіңдер. Тәртіп жоқ елде!

ӘБІШ: Тәртіп орнатамыз...

ӘМІРШІ:        Әй, қайдам... Кешігіп қалдыңдар ма деп қорқамын. Сен – жазушысың, бөтеннің көрмегенін көріп, сезбегенін сезесің, адам психологиясын, жан-дүниесінің қалтарыс-бұлтарыстарын түсінесің. Ішкі-сыртқы талаптар бәсеңдеп, қоғамдағы тәртіп қожыраған кезде адамның пенделік сипаты басымдық алып, жеңіл жолмен жүруге, арамнан жеуге, азғындыққа салынуға бейім тұратынын білесің ғой?

ӘБІШ: Әлбетте, білемін. Сонымен қатар, халқымның жан сырын, ішкі қуатын, асыл қасиеттерін де білемін. Білгендіктен асықпаймын. Уақыты келгенде бәрі орнына келеді, тәртіп те жолға қойылады. Ең бастысы, халқымыз аман болсын. Өз басым қазақ баласының ең бұзық, ең азғын, ең залымының да амандығын тілеймін, өйткені оның өзі жаман болса да өле қалса өзімен бірге қанша бала белінде кетерін, болашақ ұрпағынан қандай кемеңгер шығарын кім біліпті?.. Оның үстіне...

ӘМІРШІ:        Іркіліп қалдың ғой. Мүдірме, айта бер.

ӘБІШ: Сонау 1991 жылы, егемендік алғанымыз туралы алғаш рет жариялаған салтанатты жиында сөз сөйлегенмін. Сонда айтып едім...

ӘМІРШІ:        Не айттың?

ӘБІШ: «Бостандық – ұлтты бодандықтан да қатты сынайды», - дегем.

ӘМІРШІ:        Дұрыс айтқансың.

ӘБІШ: «Көрген түсті жақсылыққа жору керек», - деуші еді... Сол секілді болып кетпеді ме деп күмәнданамын...

ӘМІРШІ:        Бекер күмәнданасың. Бұл – көріпкелдік емес. Бұл – білім мен біліктен, пайым мен парасаттан бастау алатын кәдуілгі көрегендік. Тек сол өзің айтқан сынақтардан абыроймен өте білсең болғаны.

ӘБІШ: Тырысып-ақ жүрміз...

ӘМІРШІ:        Асығың үнемі алшысынан түсе бермес. Кейде бүк, кейде шік түсетін кездері де болады. Тек соны халықтан жасырмай, әрқашан ашығын айту керек. Халық сені сонда ғана қолдайды, сонда ғана қиындық атаулының бәріне бүкіл ел болып қарсы тұрасыңдар. Бәрің бірге жұдырықтай жұмылсаңдар сендер алмайтын асу, сендер шықпайтын биік қалмайды. Осыны ұмытпауға тырыс!..

                         

            4-көрініс

 

            Әбіш кабинетіндегі үстелінің жанында жазып отыр. Кенет дәл жанына жарық түсіп, тақта отырған Әмірші мен оның қасында тұрған Мәңгүртті көреміз.

 

ӘМІРШІ:        Әлі жазып отырсың ба? Қоя тұр шамалы.

МӘҢГҮРТ: Тоқтат жазуды! Тоқтат!  (Тепсініп жетіп барады. Әбіш қаламын қоя салып, бұрылып отырады).

ӘМІРШІ:        Еңсептің шаруасын тындырдың ба?

ӘБІШ: Оны тындыра алмайтынымды айттым ғой.

МӘҢГҮРТ: Неге тындыра алмайсың?! Не бітіріп отырсың онда?! Ә?!

ӘМІРШІ:        Әй, ақырын!.. Еңсеп секілді қарапайым еңбеккерлердің мұқтажын өтей алмасаң шынымен анадай қызметтің басында не бітіріп отырсың? Елдің тірегі еңбекшілер емес пе! Олардың жағдайын жасамасаң, кім асырайды сендерді?

ӘБІШ: Жағдайды жасадық. Ең алдымен, жұмыс тауып бердік. Еңбекақысын төлеп жатырмыз. Кеше ғана жұмыс таппай, жұмыс табылса ақысын ала алмай сенделгендерін ұмытқан ба? Айналаға қарамай ма, өз  елінде екі қолға бір күрек табылмай, осында жартымсыз тиын-тебенге бола арқа еті арша, борбай еті борша болып жүрген көршілерімізді көрмей ме?! Сұрай берсең – мұқтаж, жылай берсең – уайым таусыла ма? Бардың бағасын білейік.Шыдау керек.

ӘМІРШІ:        Нені күтіп шыдайды сонда?

ӘБІШ: Өйткені, қазір тағы да тар жерге келіп тұрмыз. Бұрын да ылғи жұмақта жүрмегеніміз белгілі, әрине. Талай жерде аштан өліп, көштен қалдық. Сонда да шыдап, сарыуайым сапырмай, сабыр сақтап едік. Оның қасында қазір көңілге медет бар емес пе? Енді еркіндік көреміз бе, жоқ па деп етектері тола еңіреп өткен бабалардың талай ұрпағының көз жасын Тәңірім бүгін көріп, ел қатарлы ес жиып, ел қатарлы ел болып кетуге қам жасауға мүмкіндік алып отырсақ, тарих пен тағдырдан бұдан артық тағы қандай тарту-таралғы дәмете аламыз? Бұл – бүгінгі ұрпақтың басына қонған айырықша абырой. Сондай баршамыздың басымызға орнап тұрған ортақ баққа қуанып, оны ақырына дейін іс қылып шығару жолында небір қиындыққа төзе білу – жеке алғанда, әрқайсымыздың адамгершілігіміз бен азаматтығымызға сын, жалпы алғанда, еліміздің елдігі сыналар жауапты іс...

ӘМІРШІ:        Солай де... Еңсептің қызына тиесілі  алтын белгі басқа біреуге бұйырды. Сен оны қайтадан тартып әпермексің. Сонда қалай, қолында билігі бар адам әлдеқашан қорытындысы шығып, жеңімпазы анықталған сынақтың нәтижесін қалағанынша өзгерте бере ме? Әділдік пе бұл?

ӘБІШ: Қателікті түзегенім болар.

ӘМІРШІ:        Жоқ!.. (Орнынан тұрып, ерсілі-қарсылы адымдап жүре бастайды).                Қателікті өйтіп түземейді. Қателескендерді жазалайды, оның жөні бөлек. Қателікке жол бермеу керек. Ал сен бір қателікті екіншісімен бүркемек боласың. Бұл – адамды аздырудың басы! Танысыңның баласына көмектесесің, ал танымайтын адамдардың балалары күл болмаса бүл болсын ба? Еліме, халқыма пайдамды тигіземін деп билік басына келгенде істеп жүргенің осы ма?

ӘБІШ: «Шамның жарығы түбіне түспейді» деген бейнелі сөз бар. Жалпы жұртқа жақсылық жасағанмен жақындарына қарайласпайды дегенді білдіреді. Ал мен жақындарыма да, жарығым түскендерге де жақсылық жасайын, халқымнан ештеңе аямайын деп ойлап едім... Ешкімді алалаған жоқпын. Рухы жаншылып, жаны жүдегендіктен емес, дәулеті кеміп, қоңы жұқарғандықтан көмек сұраған талай туысымды табалдырықтан қайтардым. Ал, Еңсеп болса... Жалпы, сендердің жөндерің бөлек...

ӘМІРШІ:        Мынаның да ма?                   (Қолымен Мәңгүртті нұсқайды. Ол елең ете қалып, тапыр-тұпыр қимылдай жөнеледі).  

ӘБІШ: Оның жөні мүлдем басқа. Еңсепке көмектессем, мұның жолын кесуге тырысамын. Бізді құртатын осы. Осылар!

МӘҢГҮРТ: Не деп тұрсың, ей?! Менің жолымды кеспексің бе? Дәмең зор екен! Қарай көр өзін! Сен менің емес, мен сенің жолыңды кесермін! Жолыңды ғана емес, басыңды кесемін әлі! Әміршімнің «жаратушым» дегенін малданып жүрсің бе? «Жаратушы» емес, қиялисың! Мүмкін сен мені емес, мен сені жаратқан шығармын? Ә?.. Ха-ха-ха-ха!..

ӘБІШ: Мен ешкімді жаратқан жоқпын. Жалпы, жазушы ешкімді, ештеңені ойынан шығармайды; болмыстың, ондағы адамдардың көркемдік сипатын қағазға түсіріп, өмірдегі өзі таныған, өзгелер әлі байыбына бара қоймаған жәйттерді - өмір шындығын көркем шындыққа айналдырып, жұртшылықтың назарына ұсынады. Ойын ортаға салады.  

МӘҢГҮРТ: Ой, білгішім-ай! Сайра! Сайрап қал! Осы сөзіңе өзге тұрмақ өзің де сенбейсің ғой, шыныңды айтшы?

ӘБІШ: Неге сенбеймін? Сенемін! Өзгелер де сенуге тиіс.

МӘҢГҮРТ: Ха-ха!.. Өзгелер... Ешкім сенбейді саған! Ең әуелі мына мен де сенбеймін.

ӘБІШ: Неге сенбейсің?

МӘҢГҮРТ: Өйткені сенің шындығыңның бәрі жартыкеш! Мысалы, менің мәңгі өлмейтінімді, адамзатпен бірге жасай беретінімді  білмедің бе? Әлде біліп тұрып әдейі жасырдың ба? Әйтеуір, өткен заманның еншісінде қалған, бүгінгіге еш қатысы жоқ архаикалық кейіпкер етіп көрсеттің. Осы ма шындығың?! Менің шын кейпімді, өміршеңдігімді көрсеткен – өзіңнің рұқсатыңмен мені кітабына енгізген Шыңғыс Айтматов! Сен емес.

ӘБІШ: Мен сені жағаласпай жайына жүрсін, ілуде бір кездесіп жатса ар мен ұяттан, білім-біліктен, пайым-парасаттан бой тасалап, бұға қалатын жасқаншақ болсын деп ойлағанмын. Бүйтіп жағамызға жармасып, қадам аттатпайтын дүлей болады деп күтпегенім рас. 

МӘҢГҮРТ: Ха!.. Дүлей дейді! Күлейін бе, жылайын ба? Ау, мен саған – өзімді баяғыда ұмытып кеткен адамдардың жадын жаңғыртып, тарихтың шаңына көміліп жатқан жерімнен қайтадан аршып алған, сөйтіп адамдардың арасына тағы да әкелген авторыма ғана дүлеймін. Өйткені, өкпелімін саған!

ӘБІШ: Мүмкін өкпелеудің орнына рахмет айтарсың?

МӘҢГҮРТ: Жоқ! Рахметтен дәмесі бар! Сен менің жан-жақтылығымды, кез-келген ортада жүре алатын көпшілдігімді, қандай қызметті де атқара алатын алғырлығымды қызғандың, көре алмадың. Енді айтпасам, атын атамасам болды, ешкім көрмейді де білмейді деп ойладың. Бірақ қателестің. Оңбай қателестің! Көзі барлар көреді, ақылы барлар ұғады. Сенсіз-ақ.

ӘМІРШІ:        Жә, жетер! Дауласпаңдар. Екеуіңнің таласыңнан басым қазандай болып кетті. Еңсепке де, Мәңгүртке де қатысты ойларыңды білдік. Ал мен туралы не айтасың?

ӘБІШ: Не айтайын?

ӘМІРШІ:        Әуелі «Махаббат мұнарасы», кейін «Аңыздың ақыры» деп атаған кітабыңда мені шексіз билік иесі, ғашықтарды екі айырған қатыгез әмірші, махаббатты табанына салып таптаған жендет қылып көрсеттің. Соның бәрін орта ғасырлық жабайылық деп заманға апарып жаба салдың. Ал қазіргі, жаңа замандағы махаббат, сүйіспеншілік қандай?

 

            Сахнаның екі жағынан жарқ етіп жарық жанып, жартылай жалаңаш, құтырына билеген, пилонда айналған, екі иығын жұлып жеген жас қыздар шыға келеді. Әмірші оларға сыздана көз жіберсе, Мәңгүрт есі кетіп еліре қарап тұр. Екі жағына кезек жалтақтаған Әбіш бетін басып, бүкшиіп тұрып қалады. Биіктен сыңсыған дауыс естіліп, шашын жайып жіберіп, жылап тұрған Аруды көреміз.

 

ӘМІРШІ:        Ал не айтасың? Бүгінгі махаббаттың жендеті кім? Ғашықтарды кім айырып жүр? Ресми үйленіп, шаңырақ көтерген жастардың тең жартысы не үшін ажырасып кетеді? Некесін қидырмастан бірге тұрып жатқандарды кім деп атайсыңдар? Алла-Тағаланың адамзатқа тарту еткен ең асыл сыйы, әлемдегі ең асқақ сезім – махаббаттың қадірін қашырып, аясын тарылтып, абыройын түсіріп, табан асты таптап жүрген кім?

ӘБІШ: Білмеймін... Айта алмаймын...

ӘМІРШІ:        Білесің. Айта алмайтын себебің - шындыққа тура қарауға дәтің бармайды, өйткені ар азабынан қорқасың. Ал халқың азып бара жатыр! Бүйтіп жүре берсеңдер енді бірер ұрпақтан кейін қазір ауыздарыңның суы құрығанша мақтап, көздерің талғанша телміріп жүрген батыс әлеміндегі адамның жанын аздырып, рухын тоздырған тозақылық сендерге де келеді.

МӘҢГҮРТ: Ура!.. Батыс!.. Батыс әлемі!.. Батыстың жағдайы неткен ғажап!.. Машиналары қандай! Жолдары қандай! Көшелері!.. Заңдары! Тәртібі!.. Ооо!.. Батыс!.. Қайран батыс!.. Батыс әлемі!.. Тезірек келсе екен!..

ӘМІРШІ:        Келсе қарық боларсың!.. Сырты жылтыр, іші тұлдыр, адамның қамын ойлаймыз деп Алла-Тағаланың пәлен мың жыл бойы бұлжымай сақталып келген, адам баласын алуан қилы өткелектерден аман-есен алып шыққан қасиетті қағидаларын аяққа таптап, адамгершілікті нәпсіқұмарлыққа жығып берген, ізгілік атаулыны мүләйімсіп, монтаны көрінетін зұлымдыққа итше талатып, адамзатты құрдымға кетірмей тынбауға бекінген Батысқа не үшін табынбақсың?! Келмей жатып алыстан жеткен лебінің өзі аждаханың деміндей күйдіріп, өртеп бара жатыр; ғасырлар бойы тірнектеп жинаған асылыңды, рухани мұраңды, жаныңның байлығын бір-ақ бүктеп қылғыта салады, болашақтан не күтпексің?!

ӘБІШ: Қылғытса қайта құстырамыз, соншалықты үміт үзіп, күдеріміз таусылатындай емес шығар... Батыс әлемін азғындық дендеп алғаны рас, бірақ біз де солардың жолын қуамыз деп ойламаймын... Халқымыздың ішкі қуаты, таным-түсінігі ақ пен қараны ажыратуға әбден жетеді.

ӘМІРШІ:        Дүние ақ пен қарадан ғана тұрмайды. Ашық күнде адасу үшін сәл қия бассаң жетіп жатыр... «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөз құдіретін бәрінен жоғары қоятын халқыңның әдебиеті қайда? Осыдан жиырма жыл бұрын кітап оқу жағынан әлемдегі бірінші ел емес пе едің? Қазіргі халық оқи ма кітапты? Жазушыларың қайда? Сол баяғы кеңестік дәуірде көзге көрініп қалған бірен-саран жазарманды қоспағанда кімді біледі қалың жұрт? Жазушы - халықтың жоғын жоқтайтын, халықтың ұранын көтеріп, туын ұстайтын дауылпаз емес пе? Қайда сол дауылпаздар? Неге үні шықпайды? Жазушының беделін төмендетіп, халықпен байланысын үзіп, арасын ажыратқан кім?

Өнеріңнің жағдайы нешік? Киноң анау – кейіпкерлері ылғи жарымжан, туған халқының қадір-қасиетін басқа теуіп тәрк еткен безбүйректер мен адамшылықтан жұрдай кәззаптар. Ауыз әдебиетінің арқасында сан ғасырлар бойы халықтың санасына сіңіп, түрі де, тұлғасы да әр ұрпақтың көкірегінде хатталып қалған тарихи тұлғаларыңды қазаққа не түрі, не ділі ұқсамайтын қайдағы бір қиыққұлақ, қысықкөздер сомдайды. Бұл қалай? Өзіңнің талантты перзенттерің жоқ па? Одан қалды, экранға қарауға бетіңнен басып, тұра қашарлықтай ұятсыз, масқара көріністер үйреншікті нәрсеге айналып барады... Бала-шағаңнан қысылмай, солармен бірге көретін, ұрпаққа үлгі, халыққа мерей, жалпақ жұртқа мақтаныш сыйлар мәнді де маңызды тақырыптар таусылып қалған ба?!

Театрыңда дені дұрыс қойылым жоқ, бәрі арзанқол скетчтің деңгейіне түсіп кеткен. Сахнада опыр-топыр дүрлігісіп, секіріп-секең қағып, бұлтың-бұлтың билеп, жүгіреді де жүреді; белден төменгіні тілге тиек қылып, бәдіктікке ұрынады немесе әйел жыныстының тәнін жалаңаштап, нәпсіқұмарлықты насихаттауға барып бір-ақ тіреледі. Елге керек, ұрпаққа үлгі берерлік, болашаққа бастар, армандарға шақырар жарқын да рухы биік шығармалар қалмаған ба бұл күнде? Әлде жазатын адам жоқ па?.. Бәлкім жазылғанды көрмей, ұсынғанды алмай, болмашы тиын-тебенді қызғанып, өзгенің тұлпарынан өзімнің тұғырым артық деп көрдемшелікке салынып жүрген шығарсың?..

Әншілерің анау, екі нотаның өзін көпсініп, бір нотамен-ақ ән салып, атағы аспандап тұр. Теледидарың мынау – ылғи шоу, ылғи думан, есірік әншілер мен ессіз қылжақбастар, масқарапаздар қаптап кеткен! Ырымға бір ойлы, өрелі хабар тапсаң кәнеки! Осыны қалай түсінуге болады - ендігі ұрпақты арзан күлкімен, әлжуаз әуенмен тәрбиелейсіңдер ме?! Елсіңдер ме өздерің, несіңдер?! Саналы халық бар ма мұнда, әлде ессіз тобыр ғана қалған ба?! Тәуелсіздікті не үшін алдыңдар?! Осындай жынойнақты, әзәзілдің арсыз күлкісін ту етіп көтеру үшін бе?!

 

            Әмірші осы сөзін айтып жатқанда сахнаның әр жерінен кинодағы ұятсыз көріністер, сахнадағы жасандылықтар, рэпмендер мен Эм-Си Сайлаубек секілді «өнерпаздар» жалт-жұлт етіп көрініп қалады.

 

ӘБІШ: Қатты айттың-ау, Алмас хан, қапелімде не уәж қайтарсам болады! Айтқаныңның бәрі рас, өзім де көріп-біліп жүрмін, кемшілік атаулының бәрін бірдей түзей қоюға қол жете бермейді. Қайтеміз енді, өтпелі кезең деген осы, біртіндеп ретке келтірерміз...

ӘМІРШІ:        Ондай ниет болса жақсы ғой, бірақ соған күмәнім бар. Бұл өмірде бәрі де Алланың қалауымен, адамның пейіліне қарай істеледі. Ал пейілді түзеу үшін әркімнің басты мұраты – адамгершілік болуға тиіс.

            Мәңгүрт қана емес, мен де өкпелімін саған. Кейіпкерің ретінде бір кезде берісі бүкіл Кеңес Одағы, әрісі Батыс пен Шығыстың бірқатар елдеріндегі оқырман мені махаббаттың жендеті деп таныды. Біраз адамның махаббатқа көзқарасы өзгеріп кетті. Сенің кесіріңнен!..  

 

Әмірші қалған сөзін залдағы халыққа арнап айтады.

 

Ал менің қандай кінәм бар еді? Өнерін бұлдап, ақ некелі жарымды әзәзілдей арбаған әулекіні жазалағаным рас. Бұл үшін ешкім жазғыра алмаса керек еді... Сүйді ме? Біреудің некелі жарын сүюге қандай хақысы бар? Мейлі, сезіміне ерік беріп, сүйіп қалды делік. Соның өзінде нәпсісіне ие болып, адамгершіліктен аттамауға тиіс еді. Ал сендер, әзәзілдің өзі бастап, әлемдегі бүкіл жаманшылық атаулы жабылса да кіршік түсіре алмайтын, адам мен Алланың арасын мәңгі жалғастырып тұрған ең нәзік, ең берік арқау – шынайы махаббатты еркек пен әйелдің арасындағы сүйіспеншілікпен шатастырдыңдар. Сөйтіп, әулетімнің абыройын, өзімнің еркектік намысымды қорғағаным үшін, Құдайдың алдында куәлік берілген неке тазалығын жақтағаным үшін айыптап шыға келдіңдер.

            Алдымен ненің не екенін анықтап алыңдар. Ең бірінші - он сегіз мың ғаламды, күллі болмыс пен құбылысты, ұғым мен түсінікті түгел жаратқан шексіз құдіретті Алла-Тағала, содан кейін – адам... Періштелер де Алланың әмірімен адамға тағзым еткен. Демек, есімінің өзі үлкен әріппен жазылуға тиіс Адамның дәрежесі періштенің дәрежесінен де биік... Біз соған - өзімізге лайықты, өзімізге тиесілі дәрежеге қайтадан ие болуымыз керек! Ал оған жетудің бір ғана жолы бар. Ол - Алла-Тағаланың ақ жолы - адамзатты Алладан адастырмайтын ізгілік пен адамгершілік. Адам баласы әзәзілдің азғыруы мен перінің арбауына елікпей, қызыл-жасыл жылтырақ пен әлем-жәлем әшекейге алданбай, осы жолға адалдықтан айнымауға тиіс. Оның жалғыз-ақ амалы – әр адамның жүрегіне Алла-Тағаланың берік орнығуы... Өзіңді де, саған өмір сыйлаған ата-анаңды да, ғұмырыңды жалғастыратын бала-шағаңды да Алла-Тағала жаратқан, сондықтан Жаратушы иемізге деген махаббат бәрінен биік тұрады... Отанға, ата-анаңа, бауыр етің - балаңа, сүйген жарыңа деген сүйіспеншілік сол махаббаттан туындайды, содан бастау алады. Шынайы махаббат – осы! Әлмисақта бәріміз нақ осылай ант бергенбіз... Діннің міндеті де осыны ұғындыру, рәсімдер мен салт-жоралар арқылы ізгі қасиеттерді сүйекке сіңіру.

            Халқымыздың адамгершілігі өлшеусіз биік, түпсіз терең, саф таза, кіршіксіз мөлдір емес пе еді!.. Қайда сол тазалық?! Неге іздемейсіңдер?! Неге баяғы қалпына, мөлдіреген пәк күйіне қайта оралмайсыңдар?! Әлде  тәуелсіздік дегенді әркімнің ойына келгенін істеуі деп түсінесіңдер ме?!

Келеңсіздік атаулыны түгелімен жетпіс жыл кеңестік билікке, одан қалды жүз елу жыл отаршылдық езгіге жапсыра саласыңдар. Тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде-ақ ежелгі әз қалпыңды, ғазиз күйіңді қайта табуыңа болатын еді. Таппадыңдар. Таба алмадыңдар. Тапқыларың келмеді...

Көркем шығармадағы кейіпкерлер мекені - рухани әлем. Жыл сайын қатарымыз толығып тұратын еді, соңғы жылдары сиреп барады. Адамзаттың мыңдаған жылдар бойы тірнектеп жинаған жан байлығы сақталатын сол әлем қаңырап бос қалып жүрмесін! Онда өздерің де ұзаққа бармайсыңдар... Халықтың рухы жұтаса, материалдық байлығының құны көк тиын! Осыны ұмытпаңдар!..

 

Қайтадан Әбішке бұрылады.

 

Қош бол, Әбіш. Өзіңмен жүздесіп, базынамызды айтуға келіп едік, жүз шайыспай қоштасайық. Алла-Тағаланың алдында жолығармыз.

            Кеттік, Мәңгүрт! Еңсеп дайын ба?

ЕҢСЕП:          Дайынмын!

 

            Тағы бір жарық жанып, сәулесі Еңсепке түседі. Үшеуі әуелі Әбішке, сосын залға қолдарын бұлғап қоштасып, шығып кетеді. Ару қыз жоғарыда әлдебір сағынышты әуенді ыңылдап тұр.

 

                        5-көрініс

 

            Әбіш пен Клара ас үйде шай ішіп отыр. Клара әлденеге алаңдаулы, Әбішке әлсін-әлсін қарап қояды.

 

КЛАРА:          Демалыс алсаң қайтеді, Әбіш? Мен де үйге сыймай жүрмін, ауылға ма, шипажайға ма – бір жаққа барып тынығып қайтсақ жақсы болар еді. Шұбат ішкім келеді.

ӘБІШ: Шұбат деген тұрған жоқ па міне? Іше бер.

КЛАРА:          Ой, ауылдың шұбатындай қайдан болсын! Құр аты ғана...

ӘБІШ: Тағы да өзіңді емес, мені ойлап отырсың. Таңертең жазу үстелінің басында ұйықтап қалғанымнан қорыққансың ғой, шамасы.

КЛАРА:          Жай ғана ұйықтап қалсаң бір сәрі... «Алмас хан, Еңсеп, Мәңгүрт», - деп күбірлейсің. Сандырақтай бастаған ба деп шошып кеттім.

 

            Есіктің қоңырауы ызыңдайды. Клара орнынан тұрып есік ашады да қайтып келіп, тағы бір шыныаяқ дайындай бастайды.

 

ӘБІШ: Кім екен? Көршілер ме?

КЛАРА:          Жоқ, інің ғой. Ауылдан келіпті.

ӘБІШ: (елегізіп, мерейленіп)            Қайсысы? Соңымнан ерген, көтерген туымды жықпай, қаламымды жоғалтпай, ісімді әрі қарай жалғастырар ізбасарым ба?

КЛАРА:          Ия. Сол.

 

            Әбіштің өзі өнердегі ізбасарым деп есептейтін рухани інісі келіп қол беріп амандасады да нұсқаған орындыққа отырады.

 

ІЗБАСАРЫ:    Ассалаумағалейкүм, Әбіш аға! Кеш жарық.

ӘБІШ:             Уағалайкүмсалам, інім. Кел, жоғары шық. Ал, есен-сау  келіп қалдың ба? Ауыл-ел, үй-іші, бала-шаға аман ба? Келіннің халі қалай? Сол баяғы жұмысында ма?

ІЗБАСАРЫ:    Бәрі бұрынғыша, аға. Аман-сау, шапқылап жүріп жатырмыз. Өздеріңіз амансыздар ғой? Денсаулығыңыз қалай?

ӘБІШ:             Жаман емес. Айта қоятындай ауруым жоқ, әйтеуір. Соған  шүкірлік етеміз.

ІЗБАСАРЫ:    Клара жеңгей, халіңіз қалай? Денсаулық жақсы ма?

КЛАРА:                      Шүкір, қайным. Денсаулық та жаман емес. Аздап ағаңа алаңдайтыным болмаса, үйде отырған адамда қандай уайым болсын.

ІЗБАСАРЫ:    Ағама неге алаңдайсыз? Тыныштық па, әйтеуір?

КЛАРА:                      Күндіз - жұмыс, түнде – кітап жазады, бір сағат көз шырымын ала ма, жоқ па... Демалыс ал десем тыңдамайды. Өзің айтып көрші, ағаңа бір өтсе сенің сөзің өтетін еді. 

ІЗБАСАРЫ:    Дұрыс айтасыз, ара-тұра демалу да керек.

КЛАРА:                      Соны түсіндірші ағаңа... Қайным, өздерің құйып іше беріңдер, күн кешкіріп барады, қазанға ет салайын.

ІЗБАСАРЫ:    Ә, ия, құямын ғой, бара беріңіз. Алаңдамаңыз... Әбіш аға, жеңгем бүйтіп жағдай айтпайтын еді, не болды? Не үшін алаңдап жүр?

ӘБІШ:             Мазам болмай жүргенін байқаған болар...

ІЗБАСАРЫ:    Ауырып қалған жоқсыз ба?

ӘБІШ:             Жоға... Менің бір ғана ауруым бар – қайтсек еліміздің мерейін асырып, бағын баянды етеміз деген мәңгілік сұраққа жауап іздеу. Күн сайынғы жұмысым сол, тапқаным бір тоғыз, таппағаным тоқсан тоғыз.

ІЗБАСАРЫ:    Оның үстіне, айтсаң сөз өтпейтін, ұрсаң таяқ батпайтын неше түрлі кесірлер мен қисық-қыңырлар бар. Айтқан сөзің мен істеген ісіңді толайым теріске шығарып, өңін айналдырып көрсетуді міндетім деп білетін керауыздар да толып жүр. Түк тындырмаса да өзінен-өзі бұтқа толып, терісіне сыймай, өзгенің бәрін қор, өзін ғана зор санайтын желбуаздар да жетіп артылады. Солардың бәрі етектен тартып тыным бермейтін шығар...

ӘБІШ:             Әрине. Сағыңды сындырып, жігеріңді құм қылатын солар ғой. Кейде көпшілік соларға еріп кетеді, соған қынжыламын. Тез арада жұмақ орнатып бермедің деп ренжиді...  Өңшең періштелерден тұратын қоғам кеше де, бұрнағы күні де болған жоқ. Абайды сабап жылатқандарды, Шоқанды сайламай құлатқандарды, қорадағы малын тартып алып, қатын-баланы бақадай шулатқандарды періштелер қоғамы еді деп қалай айта аламыз? Билік десе әкесін, байлық десе бабасын ұмытып кететіндермен бұрынғылар да күрескен, біз де күресеміз. Рухани құндылықтар жолында күресе жүріп, мақұлық емес - адам, тобыр емес – халық болуға тырысамыз.   

ІЗБАСАРЫ:    Ия, қазір демократияның заманы деп аузына келгенді айтып, қолынан келгенді істейтіндер толып жүр... Және олар азулы келеді, қарсы шықсаң түтіп жеуге дайын.

ӘБІШ:             Черчилльдің айтқаны рас екеніне, демократияның да оңып тұрмағанына, бірақ одан басқа жолдардың бұдан әрмен екендігіне біздің де көзіміз жете бастады... Демократияны тыңайып кетуіміздің құралы қылудың орнына әлсіреткеннің үстіне әлсірете түсу үшін пайдалануға құлықтылық та байқалып қалады... Бірақ бізде мемлекеттігіміз бен тәуелсіздігіміздің мызғымауына айырықша мүдделілік көрсетіп, еліміздегі саяси орнықтылыққа  айырықша ұйтқы бола алатын әлеуметтік күш бар. Ол – тағдырының осы кеңістіктегі ахуалға байланысты екенін жан-тәнімен ұғынатын қазақ халқы мен оның зиялы қауымы.

ІЗБАСАРЫ:    Зиялы қауым дейсіз, олар да сан қилы. Сыртынан күліп, ішінен күңіреніп жүргендер де жетерлік.

ӘБІШ:             Рас-рас. Бәрі де рас. Бірақ бұл тек біздің қазаққа ғана тән емес. Бруно мен Галилей қазақ болғандықтан инквизиция отына өртелген жоқ. Сократ қазақ болғандықтан қарғыс тасының астында қалған жоқ. Аристотель қазақ болғандықтан өмірінің соңында қашып-пысып күн кешкен жоқ. Ғайса пайғамбарым қазақ болғандықтан ашаға керілген жоқ. Мұхаммед пайғамбарым қазақ болғандықтан өз тайпаластарының талапайына ұшыраған жоқ. Демек, тоғышарлық сана үстемдік құрған жерде сара сана мен кемел парасаттың күні қашан да қараң болған...

            Күмілжігендерді, күмән айтқандарды, алды-артын салмақтап, саралап сөйлейтін сарабдалдықты кемшілік санайды. Тепсінгенді ерлік, қазымырлықты өрлік көреді. Қатыгездікті қастерлейді. Күші асқаннан қорқады, білігі асқанды жек көреді. Тоғышарлықтың бірден көзге ұрып тұратын сипаты осы.

ІЗБАСАРЫ:    Әбіш аға, біреулер сізді жазуды қойып, саясаттың етегінен ұстап кетті дейтінге ұқсайды. Дегенмен, жазып жүрген шығарсыз?

ӘБІШ:             Тағдыр маған егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің мәселелерімен айналысатын кезде мәртебе бұйыртқанына мың тәубе қыламын. Ондай саясаттың етегінен ұстап кетті десе, дей берсін. Оған еш ренжімеймін. Әйтеуір ондай саясаттың жағасына жармасып кетті демесе болды... Әрине, саясаттың талай нәрсеге көбірек көзіңді ашатыны рас. Оның әсері, жарық жетіп, жазуға қайта оралып жатсақ, өз көрінісін табар...Әзірше, мойындауым керек, жаза алмай жүрмін.

ІЗБАСАРЫ:    Жеңгем түнімен жазу үстелінде отырады дейді...

ӘБІШ:             Отыруын отырамын-ау, өндіріп жатқан ештеңем жоқ. Өйткені, көңілім алаң. Марқұм Жұмекен бір өлеңінде:

«...Көлеңкелер арбасқан,

Салушы еді маған мұң,

Айсыздығы түндердің,

Жайсыздығы ғаламның», - деп  еді.  Менің де алаңым көп... Еліме, халқыма хал-қадарымша қызмет етумен қатар, қара жерді мекен еткен күллі адамзаттың, әр пенденің мұң-шерін бөліскім келеді. Дүние жүзінде 7 миллиард халық болса елімізде соның 17 миллионы ғана тұрады. Теңіздегі бір тамшы су секілді. Теңіз толқыса не боламыз? Шарасынан асып төгілсе ше? Әлемдік экономика анау - тығырыққа тіреліп тұр, экология мынау - күн санап ушығып барады. Этика мәселесі мүлдем сын көтермейді... Қай-қайсысы да жарылғалы тұрған бомба тәрізді... Түн баласы соны ойлап, таңды көзіммен атырамын. Осы апаттардың алдын-алу үшін не істедік, не тындырдық, енді не істейміз? Елдің игілігі үшін тырбанып, Еңсеп секілді тыным таппай еңбек етіп жатырмыз, нәтижесі қандай?

 

Әрі қарай байыппен, торығып, мұңая сөйлейді.

 

Жаңсақ басып, жаңылыс кеткен тұстарым еске түссе ар-ұятым Алмас хан боп ақырып шыға келеді; кейде абайсызда, кейде амалсыздан жіберген қателік-кемшіліктерім Мәңгүрт болып мазақ қылады. Беттен алып, арпылдап, алдымды кес-кестейді. Осындай алмағайып сәтте исі адамзат, одан қалды – қазақ халқы Алла-Тағала бағдар етіп берген алтын діңгектен – адамгершілік мұраттардан ажырамаса, адаспаса екен деп Жаратқанға жалбарынамын.

ІЗБАСАРЫ:    Құдай ондайдың бетін аулақ қылсын, аға! Жекелеген желөкпелер желіккенімен жалпы халық адаса қоймас.

ӘБІШ:             Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын, әйтеуір. Халық аман болса, татар дәм-тұзымыз таусылмаса... жазармыз бір күні.

ІЗБАСАРЫ:    Құдай сол күнге тезірек жеткізсін, аға. Миллиондаған оқырманыңыз бар, бәрі сағынып жүр сізді. Сағына да береді...

 

            Сахнадағы жарық өшіп, қайта жанғанда үстіне ақ шапан жамылған, биік мінбердің үстінде тұрған Әбіш байыппен сөйлей бастайды.

 

ӘБІШ: Мен қиян шетте, қиын кезеңде дүниеге келіппін. Отызыншы жылдардың ойранынан ит сілікпесі шыққан қамырықты қауымның көңіл күйін жастайымнан естіп, көріп, біліп өстім. Оған дүниежүзілік қырғын соғыстың қияметтері қосылды. Одан кейінгі тауқыметтерді де өз басымыздан өткердік. Бұның бәрі сезімтал көкірекке қандай әсер қалдыратыны айтпаса да түсінікті. Оны басқалармен бөлісудің көркем әдебиетпен шұғылданудан басқа жолы жоқ еді. Біздің буынның әдебиетке қаптай ұмтылуының басты сыры осында ма деп қаламын. Соған қарағанда, өз басым қаламгерлікті әу бастан-ақ қауыммен ұдайы сұхбаттас жүргенді ұнататын қайраткерлік деп ұққан сияқтымын. Содан да болар, ол екеуін бір-біріне қарсы қойып, біреуіне басым, біреуіне бәсік маңыз беру маған тән емес.

            Жалпы, жазушылықты адамзат, қоғам, отан, ұрпақ, болашақ тағдырына енжар қарай алмайтын елгезектік пен ол жайында ой бөліспей отыра алмайтын сыршылдықтан өрбитін өнер ғой деп санаймын. Адамдардың әсер-түйсігіне, ой-сезіміне, парасат-құлқына, іс-әрекетіне ықпал ету арқылы тіршілікті де өзгерткісі келетіндер сөз құдіретіне жүгініп, қолына қалам алады ғой деп ойлаймын.

Алла-Тағала жазушының жанын нәзік, жүрегін сергек етіп жаратқан. Бірақ ол - кезінде советтік идеология қоқырайта атағандай «адам жанының инженері» емес, адамның жанын қолдан жасауға да, қосалқы бөлшектерден құрастыруға да шамасы жетпейді. Жазушы – бар болғаны адамның жан-дүниесін зерттеуші ғана. Ал қазір адам да, заман да, қоғам да мың құбылып, мың өзгеріп жатыр. Шынайы жазушыны шын қызықтыратын, түрен түспеген нағыз тың тақырып... Дәл осы өтпелі кезеңді зерттеп, сол туралы жазар ма еді!.. Амал не, Құдай маған бұл тақырыпқа қалам тартуды нәсіп етпепті... Келер күннен үміт ет, халайық, жал-құйрықсыз емеспіз, артымнан ерген қаламгер інілерім бар, мен жазбасам солар жазар. Құдайым бұл қазақты қаламнан қысып, таланттан тарықтырмасын!

Отыз жеті жасында дүниеден өткен ақын досым Меңдекеш Сатыбалдиевтің бейітіндегі құлпытасқа:«Араңда жүрдім азырақ, көңіліңде жүрсем көбірек» - деген екі жол өлеңі қашалған. Ал мен... араларыңда біраз жүріппін, көңілдеріңде де ұзағырақ сақталсам деп үміттенемін...

            Бақұл бол, халқым.

 

 

Ескерту:        Көлбеу жақшаның ішіндегі сөйлемдер Әбіш Кекілбайұлының 2011 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан 20 томдық толық жинағының 11-ші және 18-ші томдарынан алынған жазушының өз сөзі.

 

     Ақпан-наурыз, 2016 жыл.                                                     

 

 

 

 

 

 

 

 

                       

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған