Адам қарады: 25 | Жарияланды: 2017-07-03 02:22:35

Жұлдызға ұшқан ракета

         Қаланың шетіндегі қарапайым ғана бір ауыл. Тұрғындарының жандары жайсаң, көңілдері көктем. Әрбірінің өмірі әртүрлі өтіп жатқанымен, бір арнада ағып, бір қазанда қайнап жатыр. Алатаудың етегіне жайғасқан бұл пенделер, тау іспеттес – сабырлы, өр, табанды күйде ғұмыр кешіп жүр. Осынау шаңырақтардың бәрінде сан қилы тағдырды, сан түрлі мақсатты анау менмұндалап тұрған терезесіндегі әлсіз шамдар айтып тұрғандай. Сол білтешамдарды көлегейлеп тұрған көлеңкелер бірі тынымсыз қозғалыста болса, бірі ой үстінде байсалды түрде отырады. Көлеңкелер жайлаған терезелерге қарап, осы адамзат деген – көлеңке емес пе екен деп ойлап қаларлықтай. Ауылдың нақ ортасындағы еңкейген мына ескі үйде орта жасқа кеп қалған ері мен әйелі және кенжесі тұрады. Отағасы шоқша сақалды, қылау мұртты, маңдайына уақыт-қаламы салған шимай суреті бар. Жүзіне бір салқындық орнаған, ал қос жанары ой үстінде. Отанасының басында шағаланың қанатындай аппақ орамал, үстінде ала халаты бар. Көзінде ұшқындай ғана мұң бар. Сүт аңқыған құшағында ерке-кенжесі Жолшыбек отыр. Биыл үшінші сыныпты оқып жатыр. Шәй құйып отырған отанасы – Нәзиә, қожасы – Арымбайға қарап:

  • Шәйдан алыңыз, - деді. Арымбай ып-ыстық ойдан шығып, ып-ыстық

шәйға қолын соза түсті. Қою шәй жұмыстан шаршап келген отағасын тынықтыра бастады. Иығы тоңды ма, әлде шаншыды ма екен, күс-күс қолымен мыжып қойды да «пешке тағы да отын сал» дегендей келіншегіне бір, пешке бір қарап қойды. Нәзиә отыз алты жыл отасқан жарының көзімен сөйлейтін әдетін түсініп қыз-қыз жанып жатқан пешке тағы да барып көмір салды. Нәзиә қалада жүрген екі қыздарын ойлай-ойлай самайына ақ түсірді. Терезенің арғы жағындағы ағаштар да көктемді ме, жазды ма екен ойлай-ойлай шаштары ағарған екен. Алдындағы шәйден сіміріп, тоқашты сары майға жағып жеп отырған Жолшыбектің ойы мүлдем шалғайда. Ол терезенің жүзіне қона алмай тайып кетіп жатқан қарларға қарап отырды. Күндіз тонына жауған қарларды қағып қап еді, көзі бір сұлулықты байқап қалды. Майда-майда қар бүршігінің бәрі ою-өрнек екен. Таң қалып ойланып мынандай қорытындыға келді ішінен «осы бұлттардың төбесінде періштелер отырып алып, бұлыттан мақта үзіп-ап ою тігетін болса керек, сосын жерге қарай шашатын көрінеді» деп топшылады. Сол ойы қайта оралып мынау қар ұшқындарына қарап қиял әлеміне сүңгіді. Ас-ауқатын ішіп болғаннан соң шешесі төсек салып бәрі қисая кетті. Әкесі шаршаса керек, басы жастыққа тиісімен ұйықтады. Онысын трактордың гүріліндей қорылымен дәлелдеп тұр. Ал шешесі бір күрсініп, бір жөтеліп аунақшып жатты да ол да аздан соң ұйықтап кетті. Жолшыбек апасының неге сонша уайымшыл екенін ұғып болған жоқ. Ал әкесі сөзге сараң, іске ширақ кісі. Ашуы бар, дегенмен шығарған емес. Тек қаһарлы шатынаған жанарымен қараса болды ұғып қоясың. Бірақ, бұлардың күн өткен сайын еңкейіп, шау тартып бара жатқанына қарап Жолшыбек түсінбейді. Ол ойлаушы еді әке-шешем ешқашан қартаймайды-ау деп. Соңғы бір-екі жылда ата-анасы тез жүдеп кетті. Кейде өз ойын өзі иландырып, «менің мүмкін көзім солай көретін шығар, мүмкін олар сол баяғы жас, бәз қалпында қалған шығар» дейді. Сосын армандайды «Ер Төстік сияқты сағат сайын өсетін болсам ғой, әке-шешемді бақсам ғой» дейді. Осындай ойлармен тербеліп жатып Жолшыбек те ұйықтап кетті.

      Ол өмірді сүйеді. Оған бәрі де қызық, бәрін білгісі келеді. Адамдардың бәрін жақсы көреді, бәрімен танысып, сөйлесіп, ұғыссам дейді. Ол табиғаттың құшағында жүгіріп жүрген жан-жануарға, түлеп ұшқан құстарға, өніп шыққан ағаш біткеннің баршасына кіп-кішкентей жан жүрегімен ғашық. Осынау кіп-кішкене жүрекке соншама үлкен махаббат қалай сиып кеткен деп те таңқаларлықтай. Ол жазғытұрымда құмырысқаны басып кеткені үшін бір сағат бойы жылаған еді, кім біледі өмір бойы ұмыта алмайтын да шығар. Қой баққан күннің өзінде қойлардың арқасына шыбықты салыпта көрген емес. Бір күні көрші Базан ағасы үйіне кіріп кеткен бір ешкіні шитадан айдап шығам деп біраз әуре болған, сол сәтте ашу үстінде ірі тас лақтырып қалғанда ешкінің дәл құйқасына барып тиген еді. Әлгі ешкі тентіректеп әзер жүріп отарына қосылды. Кейіннен сол ешкі жынды болып, бірнеше күннен соң өліп қапты. Соны көрген Жолшыбек Базан ағасының бұл қылығына қатты ренжіген еді. Нәп-нәзік жүрегімен жәндік біткеннің барлығын аяп әрі аялап өсті. Бұзық достары көбелектердің қанатын жұлып жібере салушы еді, бұл оларға тоқтау салып та көрді. Кейде шымшық атқан, құмырысқа төбелестірген тентек достарымен сол үшін төбелесіпте қалушы еді, көбіне жеңілетін.     

      Қыс қаһары да аяқталып, шуақты көктем келді. Бұл мезгіл Жолшыбектің ең сүйікті мезгілі. Ол көктемге ұқсас ғаламға жан-болмысымен ғашық болды. Кейде отырып алып үн-түнсіз әлемді тыңдайтын. Күллі тіршілік тоқтаусыз өз тілінде сөйлеп жатады. Құстар сайрап, жылқылар кісінеп, сиырлар мөңіреп, иттер үріп, қойлар маңырап, шегірткелер шырылдап, бақалар бақылдап сөйлеседі. Әрқайсысының өз тілі, өз үні бар. Тіпті мынау ағаш екеш ағаштың өзі жапырақ тілдерімен сыбдырлап жатады. Жолшыбек соның бәріне құлақ түріп, шіркін-ай, осылардың барлығының тілін ұқсам ғой деп армандайды. Ол күндегідей мектепке барып қайтты. Мұғалима сабақ үстінде өзді-өзімен соғысқан халықтарды айтты. Адамдар мен адамдардың жауласқанын тілге тиек етті. Патшалардың ұлдары өз әкесін тақ үшін, қайдағы бір орындық үшін өлтіргенін айтты. Жолшыбек тек таңғалды әрі көкейін тесіп кетердей сан мың сұрақ санасын қаумалап алды. «Не үшін? Неге? Қалайша?» сияқты бітпейтін сұрақтар ұзын сонар пойыздың рельстеріндей бірінен соң бірі өтіп жатты. Үйіне қайтып келе жатып бәріне – жерге, аспанға, адамзатқа, жан-жануарға жалпы ғаламға сұрақ қойды: Адамдар неге бір-бірімен жауласады? Бәрі де бауыр емес пе? Ал, тілі мен тілін ұғатындар неге соғысады? Мен мынау тілі түсініксіз жан-жануарды ұққым келеді, бірақ мен оларды тілсіз-ақ ұғамын, сезінемін. Ал тілі мен түрі ұқсас адамдар неге ұғыса алмайды? Ол сұрағына жауап таба алмай үйіне келді...

        Шешесі ұлына қарап:

  • Құлыным-ау, ерте келдің ғой? Қарның ашты ма, кеспе көже жасап

қойдым. Әкең қазір келіп қалар, шыда, бәріміз бірге ішеміз, - деді.

  • Сабағым ерте бітті апа. Апа, апа, осы адамдар неге жан-жануардың

тілін ұқпайды. Мысалға біз мектепте шет тілдерін үйренеміз ғой, сол сияқты табиғаттың, жан-жануардың тілін үйрететін сабақ бар ма өзі жер бетінде.

  • Ботам-ау, оны қайдан шығарып жүрсің, - деп, біраз күліп алды.
  • Мысалға, апа қойшы қойдың тілін үйренсе, қойларының не айтқысы

келгенін ұғып. Тіпті ауырғанын емдеп, шөлдегеніне су беріп, қасқырдан да қорғап қалар еді. Ал иттің тілін ұғатын болсақ үйге кімнің келе жатқанын алдын ала білетін едік. Құстың тілін білсекші, онда тіпті керемет, әндерді колонко, телевизордан тыңдап әуре болмайсың. Далаға шығасың да сансыз әуендерге тербеліп отыра бересің. Табиғат пен адам бір-бірінің тілін ұғатын болса, өмірдегі көптеген жауыздықтар жойылар ма еді. Пенделер орманды өртеп, бөкендерді қырып, малдарды теуіп, оларға жауыздық көрсетпес пе еді?! Бір-бірін түсінсе жан-жануарға бүйтте-сөйт десе олар айтқанын істемес пе еді?!

  • Ақылдым-сол! Миыңнан сенің айналдым. Мектептеріңде табиғаттың

тілін үйрететін сабақ бар ма, жоқ па, қайдам! Бірақ, адам қаласа бәрінің тілін ұға алады. Сен табиғатты түсінгің келсе мына құлағыңмен емес, - деп басындағы екі қалқаң құлағын ұстады да, - мына құлағыңмен тыңдау керексің, - деп көкірегінен сипады. Жолшыбек таңғалып:

  •  Рас па? Менің көкірегімде де құлақ бар ма? – деді.
  • Бар, ол – жүрек, - деді апасы. Дәл сол сәтте қақпаның  «шииқ»  деп

ашылған дыбысы шықты. Аулаға кірер, кірмес Арынбай:

  • Әй, кемпір асың дайын ба? Мен тез кетуім керек. – деді әр сөзін нық-

нық айтып. Нәзиә шошып кетіп:

  • Ойбу, көтек, екеуміз әңгімелесеміз деп, тамақты ысытпаппын ғой.
  • қазір-қазір шал-ау дайын, тек ысыта салайын, бес минут, - деді асығыс

қамбаға қарай жүгіріп. Ал Жолшыбек көкірегіндегі құлағын ұстап ұзақ тұрды...

      Ол расында да бәрінің тілін, баршасының жүрегін ұққысы келді, әрі сол ойына да сенді. Жолшыбектің жанарындағы сан мың жұлдыз – сансыз арман күннен күнге жарқырай түсті. Ол бала жүрегімен табиғаттың тілін сезінді, ұқты. Адам мен табиғат арасындағы ең ұлы байланыс ол – мейірім. Жан-жануарға, аң-құсқа тамақ беріп, басынан сипап, ұрмасаң олар сені қожасындай көріп бауыр баса бастайды. Ал ағаш, гүл-өсімдіктерді үзбей суарып тұрсаң, күннен күнге ұлғая өсіп түбінде саясында тынығатын уақытта келеді. Ал бәріде керісінше болса, пенде мен табиғат арасындағы махаббат жоқ болса, бір-бірінің тілін ұқпаса, мейірім көрсетпесе тек қана құлдырау,  һәм құру қалады.

        Ауылдағы өзенді кесіп өтсең үлкенде емес, кішіде емес, орташа қоңыр аласа мешіт бар. Сол мешіттің екі күмбезі аспанға қарай ұшайын деп тұрған ракета іспеттес. Іңір түскен соң, ақшам ауа құптанда кіріп қапты. Сол екі күмбезден азанның дауысы барша ауылға тарап жатты. Жолшыбек кешкі асын ішіп болып есіктің жанындағы шита орындықта аспанға көз алмастан қарап тұр. Өне бойы арман мен мақсатқа толы. Азанның дауысы шыққанда мына жұлдыздар одан да бетер жарқырай бастады. Құдды бір үй шамдары әлсіз жанған сәтте, тоғы қайта күшейіп кеткендей. Кейде ойлап қояды қос күмбезден шығып жатқан осы жұлдыздар емес пе деп. Дыбыстар көрінетін болса жұлдыздардай болатынына Жолшыбектің күмәні жоқ. Ол жұма сайын әкесі екеуі мешітке барып тұрады. Сонда жаратушы Алладан тілемеген тілегі жоқ шығар. Омырауына толған арманның бәрін дұғамен ақтару қандай тамаша десеңші. Қысты күндері мешіттің ішінде көктем бар секілді сезінеді. Неге екенін өзіде білмейді. Адамның жан дүниесі  ең алып, һәм шешілмес жұмбақ болар. Кім біледі жаратқан оның ең маңызды дұғасын қабыл ететін шығар... Ол да соны күтіп жүргеніне көп болды. Табиғаттағы тал-ағаш, өсімдік біткеннің, аң-құс, жан-жануар, жәндіктердің, барлығының тілін ұғу, оның қайталана берген, үміті үзілмеген ең әдемі әрі ұлы дұғасы болатын...

        Жолшыбек әдеттегідей сабақтан келді. Бір ұрты томпайып тұр, аузында «чюпачупс». Арқасында қара-ала сөмкесі бар. Іші толған бестік болар. Үйіне кіріп, айранын ішіп алды. Шешесі басынан сипап біраз еркелетіпте алды. Қолына «Қазақ ертегілері»  деген кітабын алып, бақ ішіне серуенге кетті. Сол жерде енді кеш батқанша, я қарыны ашқанша жүретіні анық. Ол кітапты әсіресе ертегілерді көп оқитын. Қарағаштардың арасында кітабын қолтығына қысып алып қиял қуалап келеді. Талдардың қабықтарын сипап өтеді. Неге екенін өзі де білмейді. Оларды ұстаған сайын жүрегі елжірей түседі. Бір кезде бір ғажайып болды. Әңгіменің мекен-жайы өзіне бағытталған қыздардың дауысын құлағы шалды:

  • Қараңдаршы, қандай сүйкімді бала!
  • Не деген оқымысты!
  • Өзі тағы да мейірімді!
  • Тентектік атымен де жоқ.
  • Әдеттегіше бізге келе жатыр, - деді, іркіліп барып тоқтаған бір қыз. Осы сөздерді естіген Жолшыбек  гүлзарға қарай жүре берді. Ол жерде жүздеген раушан, лала, жауқазын гүлдері жайқалып тұрған-ды. Өз құлағына өзі сенбеген Жолшыбек құлағын саусағымен бір басып, бір шығарып қойды. Сонда да әлгі гүлдердің бұған қарап айтып жатқан сөздері тамамдалмады:
  • Бізге неге тесіле қарап тұр?
  • Бәлкім ғашық боп қалған шығар...
  • Қызғалдақ, қойшы қайдағыны айтпай сенде.
  • Жоқ, рас гүлдер. Оған назар салыңдаршы жүзі сұп-сұр боп кетті.
  • Раушан саған неге сонша сүзілді, расымен ол сені сүйеді.
  • Жоқ, ол бәрімізді сүйеді, - деді Раушан. Осы сәтте, Жолшыбек өрекпіп:
  • Сендер сөйлей аласыңдар ма? – деді. Самалға тербелген гүлдер бір-біріне таңдана қарап, жауап қатты:
  • Сен не бізді ұғасың ба? – деді. Бақыттан басы айналған Жолшыбектің

жанарынан тіпті, қос тамшы ытқып кетті. Қос моншақ үзіліп барып  раушан гүлдің кірпігіне тамып түсті. Қалт жібермей қараған Қызғалдақ:

  • Айттым саған Раушан, ол сені сүйеді деп, - деді де, күліп жіберді.

Жолшыбек мәңгірген күйі атырапқа қарап еді, бәрі сайрап жатты, сөйлеп жатты. Біреуі ән айтып жатса, бірісі өлең оқыды. Енді бірі жылап, тағысы күліп жатты. Кейбіреуінің әңгімесін Жолшыбек анық естіді. Қасынан екі қадам артта тұрған бір кәрі ағаш, екінші бір кәрі ағашқа:

  • Анандай немерем бар еді, кеше бір тентек сындырып алды да ат қылып мініп алды, - деді, үнінен запыран шығып.

        Жолшыбектің аяғының дәл астынан өтіп бара жатқан тасбақа ашулы сөйледі:

  • Мынау да бір тұрмайтын жерге тұрып, - деп еді, Жолшыбек:
  • Кешіріңіз, - деді артқа шегініп. Тасбақа бұған шалыс естідім ба

дегендей басын көтеріп үңіле қарады. Сосын басын қайта түсірді де асықпай жүре берді. Баратын жерін құдай білсін және қашан жетерін.

     Жолшыбек айқайлап жіберді:  «Бақ деген бәлкім осы шығар!» деп. Үркіп кеткен ағаштағы қарғалар «мә саған бақ» деп, дәл маңдайына саңғырып кетті. Жолшыбек баяғыдан осы қарғалар бұны жақтырмайтынын топшылайтын, алайда бұл оларды жеккөрген емен. Шекесіндегі саңғырықты жуайын деп өзенге барып қолын матыра беріп еді. Бір сазан «мынау не істейін деп тұр, суды былғап» деді. Бұны естіген Жолшыбек ойынан айнып қалтасындағы беторамалымен самайын сүртті. Үйшікте тұрған қос төбет бір-бірене қарап:

  • Мына бала бүгін ұшынып қалғаннан сау ма?
  • Бәрімізді енді көргендей!
  • Бәрін қойшы, Алабай бүгін қандай тамақ береді деп ойлайсың?
  • Нәзиә апаның көңіл күйіне байланысты Ақтөс, - деп өз әңгімелеріне

көшті. Осынау у-шудың арасында тұрған Жолшыбектің даусы дірлдеп, үні шықпай қалды. Мың сөздер мен сөйлемдердің арасынан әкесінің даусын әзер таныды «әй, жүгермек саған сөйлеп тұрмын, жем салатын бақырды қайда тыққансыңдар!?» - деді. Ол «Міне, келе жатырмын, әке!» - деді...

     Ол үш-төрт күннен бері шала ұйқыда жүрді. Түннің өзінде Табиғат пен жан-жануардың сыбысынан ұйықтай алмайтын болды. Бірақ, бүгін тәуір. Еті үйренген сыңайлы. Жолшыбек бала болса да арманы менмұндалап тұратын жұлдыздардан да көп еді. Ол басқа да балалар секілді «әлемді жамандықтан құтқарсам» дейтін. Аяқ астынан табиғат тілін ұғатын мынандай ғажайыптан соң өз-өзіне деген игі сенімі арта түсті. Және іскеде кірісіп кетті. Ол енді табиғаттың қамқоршысы, қорғаушысы болады. Өзін солай иландырды.

      Ол құлағын барлық тіршілікке түріп жүрді. Көрші досы Сардар оны әдеттегідей ойынға шақырды. Бірақ Сардар әлдеқайда тентек еді. Ол ешкімге де, ештеңеге де еліктемейтін. Тізесі жыртық шалбарымен, кір-кір сары жеңіл жейдесін үстінен тастамайды. Оған кір қожалақ боп жүрген әлдеқайда ұнайды. Тап-тақыр басын күнге шағылыстырып бірдеңе іздейді де жүреді. Қоқыс арасын, жиылған мая айналасын, құлағалы тұрған қара ағаштардың жан-жағын қарап, тексереді де жүреді. Қолына таяқ ұстап-ап әрнені ұрып, зерттеп көреді. «Не іздеп жүрсің?» деп сұрағандарға, қысқа ғана қайырып «құпия» дейді. Ол өзінің осы сырын ешкімге тіс жарған емес. Тіпті жақын досы һәм қомсысы Жолшыбекке де. Алайда Сардар мен Жолшыбектің айырмасы жер мен көктей. Жолшыбек байсалды болса, Сардар ұшқалақ. Алайда үш қайнаса сорпасы қосылмайтын екеуін қандай күш байлап қойғаны белгісіз.

       Әдеттегіше екеуі ауылдың сорабымен жүгіріп келеді. Мақсаттары ауылдың хақ ортасындағы алаңға барып асық ойнау. Сонда басқа да балалар қызығып жинала бастайды. Ал, Жолшыбек секілді асықты бұл аймақта ешкім ойнай алмайды. Жолшыбек қанша жеңсе де, Сардар екеуі теңдей бөліп алады. Жолшыбек арық та, әлжуаз бірақ өте ақылды. Ал Сардар батыл, жаужүрек. Ол үшін қорқыныш деген атымен жоқ. Тайға жайдақ мініп, асауларын үйретеді. Кез-келген тал немесе үй төбесіне шығып алып жүреді. Не құлаймын, не бір жерім сынады-ау деп ойлау жоқ. Қол, аяғы бір-екі рет сынып шыққан. Сардар Жолшыбекке мынандай келісім шарт жасаған: «Сен маған асық ұтып бересің және сабағымды жазып бересің, ал мен сені жаман балалардан қорғаймын, қысқаша айтқанда «крышаң» болам» деді. Ал Жолшыбек бұған амалсыз келісті себебі, ауылда не көп тентек көп. Бәрі де бір-бірнен өткен жынды. Олар үшін төбелесу, сыныпта, аулада атаман болу үлкен абырой. Кімнің көзі көгеріп, не жұдырығы жара боп жүрсе бәрі соны батыр көретін.          

      Сөйтіп екеуі келісімшартқа отырды. Ол үшін Сардар мынандай ұсыныс жасады: «Келісімшарт ол анттанда жоғары, сол үшін біз оны қағаз жүзінде бекітуіміз керек. Ол нақты әрі мәңгі болуы үшін ауылдағы ең биік қарағаштың ең төбесіндегі қабығын кесіп алып, ауылдағы ең дәу тас үстіне қойып, содан ауылда кімнің кесесі тым көне болса соны ұрлап алып, ішіне жарты литр сен, сосын жарты литр мен қолымызды кесіп қан құямыз және көз жасын төгеміз. Сосын оған ең биік ұшатын шағаланың қауырсынын құсқалам ғып аламыз да қан мен жасқа матырып осы уәдемізді жазамыз. Сосын бұл жазылған келісімшартты Қырғыз Алатауының ең биігіндегі үңгірге жасырамыз. Қалай ұнады ма ұсынысым?» деді, Сардар Жолшыбекке мәз қалпымен қарап. Ал, Жолшыбек «тамаша, әйтседе неге бізге парақты алып көк сиямен жазып үйдегі сандықтың ішіне сақтап қоймасқа» деді. «Сосын бір кесеге бір литр қан мен көз жасы сыймайды» деді. Сардар өзінің қателігін білседе, білдіртпей. «Сыймайтынын білем шарт солай бір литр болуы лазым, ал қалғаны төгілуі керек, сонда ғана келісімшарт мәңгі болады» деді. Жолшыбек оған тесіле қарап «сен бұның бәрін қайдан шығарып жүрсің?» деді. Сардар бет бақтырмастан «бір апта бойы сондай аян көрдім, дегенмен сен айтқандай бола салсын» деді. Жолшыбек Сардардың бұндай фантазиясына тойып болған. Сөйтіп, Сардар Жолшыбектің оққағары болды. Асық ойналды Жолшыбек ұтты. Сардар мәз болып екеуі қыр төбесіне шығып асықты теңдей бөлісті. Басқа балалар бұл екеуіне көздерінің аласымен қарап өтті де, еңсесі түскен қалыптарымен қой алдынан шығуға бет алды.

     Сардар мәз кейпімен:

  • Жолшыбек өстіп-өстіп асықты ауылдағы бүкіл балалардан ұтайық та

асықтан үй тұрғызайық. Сосын саған бір құпиямды айтам, тек ешкімге айтпаймын деп уәде бер.- деді.

  • Уәде беремін, шын сөзім.
  • Мен осы күнге шейін қоқыс, ағаш, мая айналасынан не іздеп жүр деп ойлайсың?
  • Бәлкім, доп немесе жоғалтып алған атаңның суретін немесе, сен жақсы

көретін көрші сыныптағы Аиданың жазған хатын ба?

  • Сен де айтасың ау, соларға бола мұнша басымды қатырмас едім. Мен

 айдаһардың жүрегін іздеп жүрмін. Сол жүректі тапқан соң асықтан салынған үйімізге қоямыз. Сосын ол жерді музей қыламыз. Ауыл адамдарын шоколад, құрт, рәгәткі, ағаш тапанша сияқтыларға кіргіземіз. Бірақ тегін емес.

  • Тоқта, тоқта айдаһардың жүрегі сен айтқан жерлерде екенін қайдан

білесің?

  • Түсімде көргем. Сен оны түсінбейсің...
  • Жарайды сен айдаһардың жүрегін тапқан соң көре жатармыз. Менің де

саған ашар құпиям бар. Тек ешкімге айтпаймын деп уәде бер.

  • Рас па? Ал, жарайды, уәде!
  • Мен табиғаттың, жан-жануардың, құрт-құмырысқаның тілін түсінемін,

сенесің бе? Тек шыныңды айтшы, мені ақымақ көрмейсің ғой?..

  • Сол-ақ па? Мен бір керемет айтатын шығар десем. Оның несі

ақымақтық. Тілін түсінеді екенсің, бопты да.

  • Ендеше, мен сол табиғат ананың құшағындағының барлығын, жаман

адамдардан құтқаруым керек. Соған маған сенің күшің керек. Әлемге жақсылықтың нұрын шашайық. Бұл біздің азаматтық борышымыз. Мұсылмандық парызымыз.

  • Дұрыс айтасың. Біз табиғатқа зияны тиетін жаман адамдардың бәрін

ұрып-соғып сосын байлап, атамнан қалған қамшымен сабап, терең ор қазып, соның ішіне мәңгілікке қалдыруымыз керек. Сонда біздің есіміміз бен суретіміз мектептегі ең үлгілі балалар қабырғасында ілулі тұратын болады. Қалай ойлайсың, тамаша иә?

  • Тамаша, оны сосын көре жатармыз. Бастысы табиғатты жаман

адамдардан қорғауымыз керек.

  • Тұра тұр... Мен де жаман адамдар қатарындамын ғой. Табиғатқа ең көп

залал тигізетін мына мен. Табиғат қорғаушысы болу үшін маған инелектің көзін ұстарамен кесуді, құстарды рәгаткімен атуды, құмырысқаларды төбелестіруді, қой үстіне мінуімді, итімнің мұрнына шыбық тығуымды қоюым керек екен.

  • Мәссаған сенің күнәң көп екен! Саған өзгеру қажет.
  • Дұрыс айтасың, мен тәубеме келемін. Мен өзгеремін. Дәл соны жаман

адамдарға жасаймын. Себебі мен табиғат қорғаушысымын. – деп быртық саусақтарын жүрегіне қойды.

  • Сен соларды ешкімге де жасама. Жәй ғана жаман адамдарға барып

айтамыз. Олар сенен қорқады, өйткені сенің үстіңде жара көп. Олар амалсыздан жамандықтарын тоқтататын болады. Сен таңдаулы адамсың, сен сыныптағы атамансың.

  • Төбелеспей, жәй ғана қорқытқан қызық емес. Сонда да келістім.
  • Ендеше кеттік, - деді. Екеуі маңырап келе жатқан қойлардың

алдынан шықты.

  • Ал мына келе жатқан қойлар қазір не деп келеді? -  деді, Сардар.

Жолшыбек құлағын түріп тыңдады. Ал қойлар маңырағаны соншалық бірінің сөзін бірі жұтып жатты. Тек аз естілгендерін құлағы шалып қалды. Сосын Жолшыбек:

  • Әне, алдында келе жатқан ала қойлар бүгін күннің ыстық болғанын

айтып келеді. Ал қасындағысы қораның таза емес, екенін иесінің жалқау екенін сөз қылуда.

  • Хахаха, тағы, тағы да, - деді, Сардар.
  • Әне, мына тоқты, о, жоқ. Ол айтады, бізден бір сынып жоғары оқитын

Рүстем бар ғой, сол күн сайын оның құйрығынан тебеді екен, ал екінші меринос тоқтыны біздің сыныптас Жәнібек көзін байлап, шыбықпен сабайды екен. Не деген масқара! Біз бұларға тоқтау салуымыз керек, Сардар батыр.

  • Сөз боп па? Ол екеуінің көзіне көк шыбын үймелетпесем, айдаһардың

жүрегін таппай қалайын.

  • Әне өздері де келе жатыр. – деді Жолшыбек. Ал анау екеуі қарқ-қарқ

күліп, шырт түкіріп бірнәрсені әңгіме қылып келеді. Алдындағы қой-ешкілердің аяғынан, арқасынан теуіп қояды. Алдарынан Сардар шығып еді екеуінің де өңі бұзылып кетті. Іштерінен «тағы да бізді жиырма бес өрмекші мен жиырма бес араны алып келуге жұмсайды» деп үрейленді. Сардар екеуіне оттай жанарымен жалын шаша қарады да, алдына көлденең тұра қалды.

  • Еу, екі қортық,- деді. Десе де, ол екеуінің бойы Сардардан ұзын еді, –

мен сендерге алдында алып кел деген анаконданың аяғы қайда? Анау екеуі сасқалақтап:

  • Таппадық, - деді.
  • Жарайды, неге қойды теуіп жүрсіңдер? Біз Жолшыбек екеуміз табиғат

сақшысымыз. Егер де тағы да жан-жануарға қол ұштарыңды тигізетін болсаңдар. Біз сендерді Ай толған түнде он орамды арқанға байлап, жүз сексен бес рет кілем ішінде домалатып, тоқсан сегіз жыл үңгірге қамап қоямыз. Ұқтыңдар ма? Екеуінің көзінен үрейдің лебі есіп:

  • Жақсы, жарайды. Енді қол ұшымызды тигізбейміз деді де, зыта

 жөнелді. Сардар мен Жолшыбек бүгінгі күніне риза болған қалпымен үйіне қарай қойларын айдап кете берді.

      Келесі күні Жолшыбек Сардарға келіп «ауылдағы жан-жануардың,

ағаш-өсімдіктердің арыз-шағымын тыңдап, кім зиянын тигізіп жүргенін біліп, соларға ескерту жасауымыз керек», – деді. Сардар «ләм-мим» деместен айтқанына қосылды. Екеуі тоғай ішін аралап шықты. Ол жақтағы тал-теректердің шағымына құлақ түрді. Ірі бір терек көзіне жас алып Жолшыбекке шерін ақтарды: «Сендердің әлгі есімін білмеймін көк көзді, қара шашты, алдыңғы екі тісі жоқ  жолдастарың менің шыбықтарымды сындырып біресе ат қылады, біресе қылыш қылады, енді бірде менің үстіме шишамен бір қыздың атын жазады. Сардар жақынырақ барып қараса «Аида» деп тұр екен. Сардардың қаны басына шауып «мен білем кім екенін, ол -  Ергентай» деді. Жолшыбек Терекке енді Ергентайдың қол ұшын тигізбейтінін айтып риза қылды. Терек екеуіне батасын беріп, көзіне жас алып қала берді. 

       Келесі кезекте гүл бақшасына барды. Ол жердегі жайқалған раушан

 гүлі мұңлы кейіпте қарсы алды. Жанарында бұлтық шер мөлдіреп тұр. Жолшыбек пен Сардардың есімі ауылдағы табиғат біткеннің бәріне танымал болып қалған. Өсекші қарғалар қойсын ба! Сонымен Раушан, Жолшыбектің бұған қарап тұрғанын байқап «сіз білсеңіз ғой, менің достарымды жұлып әкетті. Ендігі кезек менікі. Сержан деген бұзық. Бәрімізді қалдырмай жұлып жатыр. Жұлып алған соң анасына я әжесіне берсе бір жөні, қойға береді, одан қалса сөмкесіне толтырып салып алады. Костюмінің төсіндегі қалтасына тағып-ап жүреді», деді. Сардар раушанға қарап «Сержан енді бұл бақшадан екі шақырым ары жүретін болады, уайымдама» деді. Раушан бұларға алғысын жаудырды. Жүзі қызарған раушан Жолшыбекке қиыла ұзақ қарады. Ал Жолшыбек құмырысқа қалашығына бара жатқан еді. Бұларды көрген құмырысқа әскерлері айқайлай жөнелді: «Жау келеді, әскер дайындал, халықты қалаға кіргіз», деді. Бұны естіген Жолшыбек: «біз сендерге доспыз, керісінше біз сендерді жаудан құтқарамыз. Қандай жау сіздерге аттан салып жүргенін айтсаңыз, біз оны тоқтатамыз» деді. Қолбасшы қара дәу құмырысқа алдыға шығып «уа, Жолшыбек біз сізді естігенбіз. Бұл құрметіңізге рақмет. Үш бала: Сейсен, Аслан, Жақабай күнде сабақтан қайтып келе жатып, біздің қаланың әскерлерін бір-бірімен төбелестіреді, одан қалса шаһарымыздың ішіне су төгеді. Аяқтарымызды жұлып үйіп тастайды. Өлгенімізден, мүгедегіміздің саны көп. Мына қаламызда қираған үңгірлердің саны өте көп. Жөндеп болмай жатып, жаңасын қиратады» деді. Сардар «Енді алаңсыз болыңыздар, ол үшеуі құмырысқа көрсе, мектеп директорын көргендей үрейленетін болады. Уәде беремін» деді. Құмырысқалар сап түзеп алғыстарын жаудырып жатты. Екі батыр ағаштардағы үркек торғайларға жақындады. Олар бұларды бірден танып арыздарын ақтара бастады: «Біздерді Бақтияр мен Данияр күнде рәгәткісі мен атады, сосын отқа қақтайды» деді. Олардың еш алаңдамау керектігін Жолышбек түсіндіріп, қоштасып кете берді. Жолшыбектің көзіне жас келді. Бұзық балалардың табиғатты бүлдіріп жатқанына қарап, жүрегі ауырды. Сардар екеуі бүгіннен қалдырмай тізімдегі барлық балалармен көрісіп шықты. Жолшыбек түсіндірді, түсінбегендерінің сыбағасын Сардар берді. Енді ешқайсысы табиғатқа зиянын тигізбейтініне ант-су ішті. Егер антын бұзып жатса, үш жүз жыл көздерін байлап жүретін болады. Сардар солай деп ескертті. Екеуі кешке үйлеріне шаршап оралды. Алайда шаршаудың мұншалықты рахат боларын кім білген. Екеуінің жүректері мейірімге толғандай айналасына махаббатпен қарайды. Екеуі түн жарымға шейін қораның шатырында жұлдызды ғаламға қарап жатып болашаққа жоспар құрды. Екеуі енді алдарында күтіп тұрған жұмыстарының қиын һәм ұлы екенін түсінді. Жолшыбек Сардарға қарап:

  • Біздің ауылда жаман адамдар аз-ақ екен, енді әлемді құтқаратын

боламыз. Қалай ойлайсың әлемде жаман адамдар көп пе?

  • Әй, қайдам, ит біліп па!? Бір білерім мен табиғат ананы өле-өлгенше

қорғайтын болам.

  • Біз бірге қорғайтын боламыз...

      Алпамса жүректі қос батырлар не істейтіндерін, болашақ жоспарларын айтып, армандарымен бөлісіп болғанша таң атып қалыпты. Екі ракета іспетті мешіттің мұнарасынан азанның даусы ауылға тарап жатты. Бүгінгі таң басқаша атты. Себебі екі бала мақсаттарына шын кіріскен еді...        

        

                                 

   

Қазақ тілінде жазылған